Читать книгу Төкетай мен Мəнікер - Кенен Əзірбаев - Страница 1
ТӨКЕТАЙ МЕН МƏНІКЕР
ОглавлениеКЕНЕН ƏЗІРБАЕВ
(1884–1976)
Бұрынғы өткен дəуірде
Халықтың мұңы мал болған.
Малсызда ақыл дал болған.
Манас батыр тұсында
Көкетай деген хан болған.
Көкетайдың тұсында
Көрнекті талай дəу болған.
Аброй, бедел түзден боп,
Берекесі үйден боп,
Ер Қосай деген шал болған
Көкше батыр Əлмембет,
Күрең сақал Келмембет,
Күнбатыста Ақжелек,
Күншығыста Көкжелек,
Атақты талай жан болған.
Елеместің еркесі,
Отыз ұлдың кенжесі
Ер Төстік деген нəн болған.
Осы дəулер тұсында
Көкетай деген хан екен.
Өз шағында халыққа
Кəдірі бар жан екен.
Əділетті, қайырлы
Əлінше көпке нақ екен.
Өзіне тете інісі
Төкетай деген сал екен.
Екеуінен жалғыздан
Екі ұл бала бар екен.
Аман болса ботамыз,
Қолға ұстаған сақамыз,
Есен болса баламыз,
Елден сұлу аламыз.
Жер-жерден сұлу қыз іздеп,
Жол тартады Төкетай.
Қырғыз бенен қазақты
Аралады Төкетай.
Хан ұлына қызығар
Қалың малға талай бай.
Ел аралап, ел кезіп,
Жер аралап, жер кезіп
Талай асқар бел кезіп,
Талай шалқар көл кезіп,
Талай жерді арылтты.
Астына мінген Мəнікер
Жер танабын тарылтты.
Алты күнде аралап,
Алты айлың жерді шалыпты.
Қасындағы қырық жолдас
Ілесе алмай қалыпты.
Мəнікер ат майыспай,
Мініп шапса қайыстай,
Желсе жел де жетпейді.
Құс құтылып кетпейді
Алдынан қашқан киіктер
Əудем жерден өтпейді,
Үш Қосай мен Манастан
Аспара, Мерке, Таластан
Аралап өтіп барады.
Алатау асқар жартастан
Ел қоймай кетіп барады.
Алты рулы алаштан.
Сырдан өтіп сырғытып,
Шудан өрлеп шүйілтіп,
Іледен өтіп ырғытып,
Ылди-өрден орғытып,
Қара талдан қарғытып.
Ақсудан өтті аттатып,
Көк судан өтті көсілтіп,
Ертістен өтті есілтіп.
Есіл менен Нұрадан
Іңірде өтті ыршытып.
Сарыарқаны аралап,
Сан сұлуды саралап,
Көкшетауды көктеді,
Көз жұмғанша өткені,
Қарқаралы, Қазаннан,
Қарап өтті азаннан,
Тобыл менен Торғайдан,
Ойнап өтті тоғайдан.
Мəнікер атпен Төкетай
Жүзіп өтті балықтай.
Күн-түн жүрді жалықпай,
Еділ бойын өрледі,
Орынбормен желгені
Өзіне жағар сұлуды
Төкетай ер көрмеді,
Өршеленіп Мəнікер
Омырауы терледі,
Ауыздығы қаршылдап,
Адымдап аяқ сермеді,
Қос құлағын қайшылап,
Жаңбырдай тері тамшылап,
Қолға ерік бермеді.
Оңтүстікке қасқарды,
Арал менен Атырау,
Қалқи жүзіп кештірді.
Қалың балық, жайынды,
Қарсы келген тептірді.
Қазыбек пеи Қаптауда
Аттың терін кептірді.
Атыи суға жүздірді
Қайыстай қылып тілдірді,
Ат өнерін білдірді.
Батыстағы Ақжелек
Ауылына бет бұрды.
Қырымнан қыз қарауға
Мəнікерді соқтырды.
Алты батпан алтыны
Атқа артқан балқыды.
Ақжелектің аулына,
Азанымен кеп тұрды.
Басылмай аттың қарқыны,
– Ассалаумағалайкүм,
Амансыз ба, Ақжелек,
Ел-жұртына нақ Желек,
Əдейі келдім аулыңа
Керегімді тап, Желек.
Іздеп келдім алыстап.
Астымдағы тұлпарым
Ұшқан құспен жарысқан.
Күнбатыста Ақжелек,
Сен бір жатқан арыстан.
Көпті көрген ділмəр деп,
Көргелі келдім, ағажан.
Ақжелек сонда бүйдеді:
– О, балам-ау, балам-ау,
Алыс жолдан келіпсің,
Мəнікер тұлпар мініпсің,
Бадана тон киіпсің,
Алмас қылыш іліпсің.
Келбетіңе қарасам,
Келісіп туған жнітсің
Бұл алаптан көрмеген.
Жол болсын,
қайдан жүріпсің?
Астыңа алтын салыпсың,
Атыңды суға малыпсың.
Ат-жөніңді айтшы енді,
Аршындап жүрген алыпсың.
Бұл өлкеден көрмеген,
Бұл ауылдың үстінен,
Бұлдырық ұшпас көлденең,
Бұл жаққа келдің қай елден?
Батыста ма ауылың,
Шығыста ма ауылың,
Оң жақта ма ауылың,
Сол жақта ма ауылың,
Келген бетің қай жерден?
Төкетайдың сөзі:
Əуелде шықтым елімнен,
Аспара, Мерке жерімнен
Тарбағатай, Тянь-Шань,
Алатау асқар белімнен.
Аралап келдім шығыстан,
Жетісу өзен, көлімнен.
Ер Қосай мен Манастай
Рұқсат алып ерімнен.
Қара құжыр,
көк ойрақ
Қазақ, қырғыз елімнен.
Алатау болад жеріміз,
Мұсылман болад еліміз.
Көкетай деген ханымыз,
Көпке бірдей шамымыз.
Күншығыста Көкжелек
Өзіңе аттас дəуіміз.
Ауылдан шықса Ақжолтай,
Көкжал, Барақ, Көбікті
Маңдайдағы барымыз.
Қатынын берген қайырға
Қанкелді деген нарымыз.
Жолды Қосай басшымыз,
Ақыл берген шалымыз.
Ел иесі осылар
Қолында мал-жанымыз.
Əуелі шықтым ауылдан,
Дін мұсылман қауымнан.
Шығысқа қарай бет алдым
Алатаудың бауырынан.
Ардақтаған атымның
Алтын артып сауырынан.
Үйден шықтым қыз іздеп,
Ер Қосай мен Манастан,
Үшбурыл мен Таластан,
Атты, тонды адамға,
Алыс жол жүрсе жарасқан.
Жақсы менен жаманның
Арасы болар жер-аспан.
Ағайынның жақсысы,
Бір-біріне қарасқан.
Ақымақтың белгісі
Ата салттан адасқан.
Қырғыз елін қыдырдым,
Қыз жақтырмай түңілдім.
Сыр бойынан сырғыттым,
Шу бойынан шүйілттім.
Жетісудан желдірттім,
Іледен ат ырғыттым,
Көксудан келін көсілттім.
Ақсудан ат аттаттым.
Күншығыста Көкжелек
Күндіз барып жолықтым,
Елінен қыз жақтырмай
Енді бұдан торықтым.
Ертістен ат есілттім,
Көкжалға келіп жолықтым.
Көксеген қыз таба алмай,
Күдер үзіп торықтым.
Əрі қарай жөнедім,
Есіл менен Нұраға.
Ертеңменен кеп едім.
Осы жерде кездестім,
Кісі алатын бураға.
Бура қуды, мен қаштым
Бұрылыс сай-жыраға.
Адастырдым əреңмен
Күдірден-күдір, қырқаға.
Таң ата жүріп сол жерден
Күнбатысқа өктедім.
Күн шашырап түскенше
Атырапта Ақжелек,
Алдыңызға жеткенім.
Аруақты өрден ат үркер
Алтын жырды төккенім.
Ағаның аты Көкетай,
Аулыңа келген Төкетай
Ақжелек ата, саумысың,
Ата, жөнім осылай,
Қызы сұлу Қырым деп
Қызыққаннан мен келдім.
Ұл сұлуы үрім деп,
Ұзақ жолдан мен келдім.
Рудан мойны озған деп.
Өзіңді іздеп мен келдім.
Көкетай ханның інісі
Төкетай сал мен едім.
Екеумізде екі ұл бар
Арттан ерген өренім.
Елден асқан сұлу қыз
Əперейін деп едім.
Шығыс жақты аралай,
Əлемнен қыз саралап,
Ақжелек, саған кеп едім.
Ақжелек батыр алқынды,
Ағындай сөзі қарқынды.
– Алыстан аңсап келіпсің.
Ардақтап менің атымды.
Ауылға байлап атыңды
Ақ үй тігіп басыңа,
Аралатам халқымды.
Азаматтығын көріп кет
Ауылымдағы батырдың,
Ақ ордаға жата бер
Алғалы келсең ақылды.
Боз биені сойдырып,