Читать книгу Күй - Ілияс Жансүгіров - Страница 1
КҮЙ
ОглавлениеІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ
(1984–1938)
I
Қобызшы – Молықбай шал Матайдағы,
Матайда – Кенже, Тұңғат Сақайдағы.
Қазақта қобызшының қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы.
Жар қабақ, сида, арсақай, cap шұбар шал,
Жарықшақ, үні тозған, қансыған шал.
Іріңдеп екі көзі, қол дірілдеп,
Аузынан азу тісін аршыған шал.
Еңкейіп екіндідей күні кеткен,
Жұқарып, нашарланып күйі кеткен.
Қобызшы ол – «Ақ көбікті» аңыратқан,
Боздатып «Боз інгенді» күңіренткен.
Қобызшы ол – «Көк көбекті» күрілдеткен,
«Дүлдүлін Ер Əлінің» дүрілдеткен.
«Онсан мен Ормамбеттің айырылғанын»,
«Жыласқан ноғай-қазақ» күйін шерткен.
Қобызшы ол – «Қорамжанның» күйін тартқан,
Зарлы қыл қыр қиялын қиындатқан.
Қалыпты қолда қоңыр көне қобыз,
О баста сырмайлатқан, күміс шапқан.
Жайлауда ала қарлы, Амантекше,
Қарлатып, жаңбырлатып нөсер төксе,
Тоқсыртып кəрі аршаны, от маздатқан
Шал үйін сағынушы ек біз ерекше.
Құмар ек қобызшыны қолқалауға,
Жақсы едік жалынуға, аталауға.
Қобыздан құздың күйін, мұздың күйін,
Құмартып келуші едік біз тыңдауға.
Бұлттанса, құрыстанса мұз бенен күз,
Mac етіп, маужыратқан ішкен қымыз.
Тасқындап, көңілі өрбіп, күйі буып,
Дей-тұғын: «Кəне балам, əпер қобыз!..»
Бес бұрап, төрт түкіріп, толғап тоғыз,
Қозғалар «құлақ күйден» жосып қобыз.
Көтерген көк түндігін күй өрнегі
Құлатып асқарда ағын, мəңгіде мұз.
Ызғыған ызғырық күн, құлдырап қыл,
Алатау, əсем бұлақ сылдырап тұр.
Қиқылдап қырда қызғыш, көлде қаз-қу,
Қаңқылдап таңдай қаққан талда бұлбұл.
Желдеткен, желде кеткен желмаясы,
Желге не? Алақандай жер аясы.
Ақырып Алатаудан өзен құлап,
Саңқылдап самалданған сай-саласы.
Жау тиген, айқай-ұйқай, үріккен жылқы,
Долданған дуанасы шайқы-бұрқы.
Толқытқан тұңғиықты долы дауыл,
Дүлейі көл Балқаштың ұйқы-тұйқы.
Іңірде баяулаған дауыл бəсең,
Боздатқан бұлбұл күйін бабыңда əсем.
Асықтар алқымдасқан, мауқын басқан,
Сырласқан: «жарым да сен, жаным да сен!»
Əдемі үн айтақтаған, қой күзеткен,
Адамды – адам күткен, уһлеткен.
Самалдай сайдан соққан саңқылдатқан,
Əлдилеп қоңыр түнді қос бойжеткен.
Кейде күй талмаураған, талықсыған,
Кейде өжет, кейде долы, албыртсынған.
Кейде паң, кейде дарқан, кейде сергек,
Шаршы өрге кейде шапшып шауып тынған.
А, деген, асқақтатқан, əнін қосқан,
Үн қайтса қосылуға қобыз тосқан.
Кəрі саусақ қылтылдаған қаздаң қағып,
Ойнақтап, үркіп билеп қылда босқан.
Қыңқылдап қыл күшігі қыңсылады,
Жə, əлде танысқан қыз сыңсығаны.
Жүректің қылмен қабат шегін шерткен
Саусақтың ыршығаны, шымшығаны.
Қайырған, текектеткен, жорғалатқан,
Сарқыған, екшеп қағып, сорғалатқан.
Талмаурап самайдан тер сыпырғанда
Тартуын «Боз інгенді» қолқалатқан.
Қозғалған қайта қобыз, қымти бұрап,
Қозғалтқан «кұлақ күйді» тартыңқырап.
Боздатқан «Боз інгенін» ыңырантып,
Күңіренткен бірде боздап, бірде жылап.
Тоңқалаң топ басынан асқан тұмақ,
«Бəлі» деп бас тұқырған төмен құлап.
Бой балқып, ой өрістеп, жаның жусап,
Күзетте қалған жалғыз сергек құлақ.
Ескіге, ертегіге ертер үшін,
Тамырын тартып шердің шертер үшін.
Қолқалап «Боз інгенді» сұрағанда,
Былайша бастайтын шал ертегісін.
II
«Баяғы, дін мұсылман аманында,
Бай бопты Бағлан деген, заманында.
Арқа оттап, асқар жайлап, құм күзеген,
Қыстауы Амудария аяғында.
Құм қоныс, мал суаты Сырдың суы,
Боз дала – тұяқ басты малдың шуы.
Көкпекті көгертпеген көктен нөсер,
Жарқылдап жай жарқырап жасыл туы.
Түйесі сары қоңыз маусымдағы,
Маясы, нары, үлегі, қаусырмалы.
Қалмайтын қайымаған бір тайлағы,
Келесін ие баққан Қаусылғазы.