Читать книгу Дариға-жүрек («Өмірдастан» поэмасынан) - Мұқағали Мақатаев - Страница 1
ДАРИҒА-ЖҮРЕК
(«Өмірдастан» поэмасынан)
ОглавлениеМҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ
(1931–1976)
1. Аққудай еді
Болған-ды менде бір жеңге,
Жылайтын еді бір демде,
Күлетін еді бір демде;
Күлетін еді күллі əлем,
Дариға жеңгем күлгенде;
Жас тамып жасыл бүрлерден:
Қарағай, терек, бүргеннен;
Жылайтын еді гүлдер де,
Дариға жылап жүргенде;
Ауыра қалып бір демде,
Айығушы еді бір демде.
«Аққудай еді көлдегі,
Сұңқардай еді жердегі».
Айта да жүріп осы əнді,
Дариға-жүрек шөлдеді.
Санаттан жары келмеді.
Саятқа көңілін бөлмеді,
Сабырға сайтан ермеді;
Сайтанға ерік бермеді;
Дариға-жүрек шөлдеді,
Шөлдеді, бірақ өлмеді;
«Сұңқардай еді жердегі,
Аққудай еді көлдегі».
Аққудай еді көлдегі…
Жолбарыс бақай-білегі,
Құлан жон жанның бірі еді;
Құлпыра соқса реңі,
Құтыра соқса жүрегі,
Қыранды құрдай іледі;
Қос уыс бұрым арқада,
Қос жылан болып жүреді;
Егіз шың тұрған кеудеде,
Еңістің жатыр сілемі;
Қос жанар бірден жалт етсе,
Жарқ етіп шыққан күн еді;
Дариға-жүрек кім еді?..
Даланың жалғыз гүлі еді,
Екеуі болса, бірі еді,
Біреуі болса, өзі еді;
Оны өзі де сезеді.
Дариға-жүрек кім еді?
Тасылмай қалған өзені,
Ашылмай қалған өзегі,
Келмей бір кеткен кезегі,
Керемет жанның өзі еді;
Айтылмай қалған сөз еді;
Ашылмай жүрген сыр еді,
Басылмай жүрген жыр еді;
Дариға-жүрек кім еді?
Дариға-жүрек мендегі!
«Сұңқардай еді жердегі,
Аққудай еді көлдегі»;
Дариға-жүрек шөлдеді.
Сап-салқын қоңыр кештерде,
Сайлардан самал ескенде,
Алыстан Ай кеп, шыңдардың,
Ақ сəлдесін шешкенде,
Керуен-бұлттар көшкенде,
Көңілден оттар өшкенде,
Аршалар күбірлескенде.
Жан салар соның бəріне,
Əн салар сонда бір үн бар;
Тұрыңдар бəрің, тұрыңдар!
Əнменен туып, бірге өлген,
Атаңнан қалған ырым бар;
Тұрыңдар, түгел тұрыңдар!
Əуезге құлақ бұрыңдар,
Əуелі сыртқа шығыңдар;
Шығыңдар да, тыныңдар,
Талықсып жеткен сол үнге
Талықсып біраз тұныңдар.
Аясында анау аршаның,
Дариға отыр əн салып;
Білдірмей өксігі, бір шалың,
Бір шалың отыр тамсанып…
Дариға отыр əн салып;
Жер түбі кеткен жарларын,
Жесірлер тұрсын қарсы алып
Жетімдер ұшсын жар салып
Дариға отыр əн салып.
Өлі бір кешке жан салып;
«Сұңқардай едім жердегі,
Аққудай едім көлдегі…»
Дариға-жүрек шөлдеді,
Дариға-жүрек шөлдеді,
Сапардан жары келмеді…
Дариға отыр əн салып.
Дариға солай отырсын,
Жалғаннан жарын шақырсын.
Керенау, дел-сал, ей, таулар,
Күрсінбей неге жатырсың?!
Кейімей тұрсың, кең жайлау,
Кең жайлау емес, татырсың!
Кеуіп бір қалған тақырсың!
Кейімей тұрсың Ай да, сен,
Ай емес, кара бақырсың!
Қараңды суға батырсын!
Күңірен, таулар, күңірен,
Күңірен, жайлау, күңірен,
Кеудеңнен жалын атылсын!
Кірпігінді қақшы, Айым,
Көзіңнен жасың шашылсын.
Дариға-жүрек басылсын,
Көңілдің кірі ашылсын,
Жасырсын, бəрін жасырсын.
Шақырды жарын, келмеді,
Белгісіз тірі, өлгені;