Читать книгу Ертегі - Мағжан Жұмабаев - Страница 1

ЕРТЕГІ

Оглавление

Бүгін жаным өртке оранған жанға ұсап,

Бүгін жаным тым аңсады от құшақ.

Жынды жүрек тығылады аузыма,

Тілім-тілім тілсе келіп у пышақ…


Бүгін жүрек отты қарақ іздейді,

Бүгін жүрек күшті арақ іздейді.

Құшар едім… ішер едім… жылар ем…

«Сен» деуші жоқ, Бәрі де шет: «Сіз» дейді…


Аласұрад, жынданады жас жүрек,

Қарақ керек. Арақ керек! Не керек!

Бәрі де жоқ, жалғыз жолдас – қиялым,

Жұбатады айтып маған тәтті ертек…


Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен,

Ерте күнде ешкі жүні бөрте екен…

Хан Абылай немересі Кене хан

Аспанға өрлеп заулап жанған өрт екен.


Ертедегі адамдардың бәрі де ер,

Түн жағында ел бар екен орыс дер.

Орыс елі Арқаға қол салған соң,

Жас Кененің жүрегінде қалың шер.


Елім дейді, жерім дейді, жанады,

Жеткіншегі Ер Наурызбай баланы

ертіп алып, қорғамақ боп қазағын,

Абылайдың ала туын алады.


Ту алады, орыс елін шабады,

Ер талмайды, аста тұлпар талады.

Ел-жұрт іздеп Алатауға барғанда

Өз бауыры қырғыздан қаза табады…


Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен,

Есіл Кене заулап жанған өрт екен.

Жас бөріден, сол ерінен айрылып,

Алты алаштың жүрегінде дерт екен.


Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен,

Хан Кене өлді, Науан да өлді ақбөкен.

Тұлпар өлсе, қалмай ма оның тұяғы,

Тартып туған артында ұлы жоқ па екен?!


Кене артында жас арыстан Сыздық бар,

Төс үстінде желкілдеген қара жал.

Ерден туған ердің жолын қуады:

Ер иманы – ел, айнымайтын елім – жар.


Жап-жас Сыздық қорғамақ боп қазағын,

Ту көтеріп, қарға ілді садағын.

Балаусасың қанды майдан көрмеген,

Құтты қадам болғай еді, қарағым!


Сыздық батыр тұлпар атын ерттеген,

«Алты алашым, енді маған ер!» – деген.

Көп соққы жеп, сүле болған сорлы алаш,

Алты алаштан алты адам да ермеген.


Алты алаштан алты адам да ермеген…

Алаш сорлы келешегін көрмеген.

Орыс алды, қимылдаған қазақ жоқ,

Қайран Сыздық құса болды шерменен.


Қайран Сыздық елден үміт үзеді,

Жап-жас Сыздық елден, үйден безеді.

Жатып өлмей, жортып жүріп өлем деп,

Түркістанның бетпақ шөлін кезеді…


Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен,

Сыздық ердің жүрегі шер, дерт екен…

Арып-ашып бір қопаның бойына

Келген кезде – қас қарайған, ымырт екен.


Қараңғы түн жерге кебін төседі,

Қонайын деп Сыздық аттан түседі.

Қоректенбек болып жатар алдында,

Қанжығадан қос қоржынын шешеді.


Қоржын іші бөлек-бөлек қалта бар,

Қалта толған мейіздейін малта бар.

«Шөл далада жалғыз отыр ер балаң,

Жел-ау, жел-ау, алты алашқа айта бар!»


Мойынға алса, адам көнбек қиынға,

Жалғыз өзі қалың қопа бойында

шақпақ шағып, от тұтатып Сыздық ер

Отыр еді, ешнәрсе жоқ ойында.


Түкті қабақ жауып түскен кезіне,

Ұшқын шашып, от ойнап тұр көзінде.

Қырлы мұрын, қырмызы ерін, қап-қара

Тікенектей түк шығып тұр жүзіне.


Конец ознакомительного фрагмента. Купить книгу
Ертегі

Подняться наверх