Читать книгу Педагогика - Мағжан Жұмабаев - Страница 1
ПЕДАГОГИКА
ОглавлениеТарту
Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім.
Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғағімдердікі.
Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолымыз бір қазақ мұғалімдері!
Колымнан келген осы еңбегімді сендерге тарту қылам.
Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар.
Мағжан Жұмабаев
СӨЗ АЛДЫ
Бұл кітап 2–3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден түзілген еді. Бұл күнге шейін басылып шығып жарық көре алмады. Бұл айып менікі емес, бүлінген замандікі.
Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұрылмастан желе бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ қанына қабыстыруға тырыстым. (Көп пайдаланылған Рубинштейн, Скворцов, Смирновтардың педагогика туралы еңбектері).
Бізде бұрын жасалған пән тілі болмағандықтан, түрлі тер миндерге тап басқандай қазақша сөз табу көп күшке ти ді. Қалайда курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза орыс сөздері қазақшаға айналдырылды. Ал енді жиһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударам деп азаптану ды тиісті таппадым.
Мен педагогика майданында бәйгі алып жүрген жүйрік емеспін. Кітаптың құрылысында, тілінде, түрлі ат қоюда, хатта, кітаптың жалпы негізінде көп кемшіліктер болуға мүмкін. Мұғалімдер тексеріп оқып, қате жерлерін көрсетсе, сансыз рақмет айтар едім.
Мағжан Жұмабаев,
1922 жыл, 15 сентябрь, Қызылжар.
ЖАЛПЫ ПЕДАГОГИКА
Жетекші сөз
Тәрбие деген не?
Тәрбие, кең мағынасымен алғанда, қандайда болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді, адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын кәміл жасқа толып, өзінеөзі қожа болған ша тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі.
(Адамзат дене һәм жан аталған екі бөлімнен тұрғандықтан, бұл екі бөлімнің соңғысы, яғни жан, адамзат үшін аса қадірлі болғандықтан, дұрысын айтқанда, адамға шын мағынасымен «адам» деген атты осы жан ғана беретіндікт ен, адам баласын тәрбие қылу дегенде, әрине, адам ба ла сының әсіресе жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек).
Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда, адам баласы туғанда өте әлсіз, зағып, осал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Ал адам баласы – туғанда іңгәлаған айғайы мол бір кесек ет. Ақылы, есі жоқ. Денесі тым әлсіз. Өсуі, ұлғаюы тым сараң, тым шабан. Мінеки, адам баласы осылай өте әлсіз боп туып, аса сараң өсетіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды.
Тәрбие бөлімдері
Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егерде ол жөпшенді ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын көріністерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын дұрыс ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып, жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса, міне, осындай болғанда адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын. Бала аурулы, зағып болса, баладан емес, тәрбиешіден. Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мақау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі – шын дұрыс мәтел.
Тәрбиеден мақсұт
Тәрбиеден мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару.
Педагогика қандай пән?
Біз жоғарыда адам баласының тәрбиеге мұқтаж екендігін, оған қандай тәрбие беру керектігін һәм ол тәрбиені не үшін беру керек екендігін айттық. Жә, тәрбие керек. Бірақ балаға дұрыс тәрбиені әрбір тәрбиеші (ата-ана, мұғалім) тәрбие жолын ешкімнен үйренбей-ақ, ешнәрсені оқыпбілмей-ақ өз бетімен бере ала ма? Әркім өзі-ақ жол тауып кеткендей бала тәрбиесі соншама бір жеңіл нәрсе ме? Жоқ, бұлай емес. Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек. Сол басқа адамдардың майданындағы тәжірибелерін көрсеткен жеке бір пәнмен, яғни тәрбие пәнімен таныс болу керек. Тәрбие пәні педагогика деп аталады.
Педагогика – грек елінің сөзі. Пед – бала, агоги – жетектеу деген екі сөзден құралған. Баяғы Грецияда балаларды бағып, мектепке алып келіп жүретін кәрі құлдар педагог деп аталған. Педагог деген аттың бұрын мақтаулы болмағандығы осыдан көрінеді. Бірақ соңғы заманда пән, ғылым өсіп, адамзат өнерленген сайын педагог деген ат қадірлі, қасиетті болып барады.
Педагогикамен жақсы таныс болудың керектігі
Бала тәрбие қылғанда әрбір тәрбиешінің алдымен қолданатын жолы – өз тәжірибесі. Яғни бала күнде өзі қандай тәрбие алған һәм баланы бұрын өзі қалай тәрбие қылған. Міне, осы жолмен жүреді. Әрине, бұл жолды тіпті қисық жол деуге болмайды. Қисық болу былай тұрсын, тәрбие туралы әрбір тәрбиешінің өз тәрбиесі аса қымбат нәрсе. Адамның өз тәжірибесі – жүріп кеткен жолы. Ол жолдың жақсы-жаман жағы көз алдында сайрап тұр. Естігеннен – көрген анық. Көргеннен – бастан кешкен анық. Бірақ бұл әркімнің өз тәжірибесі қанша қымбат болғанмен, қатесіз жол деуге болмайды. Бір адамның тәжірибесі – тым тар, тым бірбеткей тәжірибе. Тәрбиешінің өзіне қолайлы болған жол тәрбие қылатын балаға қолайлы болмасқа мүмкін. Тәрбиеден мақсұт – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес. Келешек өз заманына лайық қылып шығару ғой. «Бал аңды өзімдей бол деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет!» деген Әзірет Әлінің сөзінде көп шындық бар. Бұл – бір.
Екінші, әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылуы туралы ескіден қалып келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасыңда, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті. Бірақ ұлт тәрбиесін, ұлттың тәрбие жолында ұстаған жолын түгелімен дұрыс деуге болмайды. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп болған сықылды, жамандық жағы да көп. Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр. Баяғыдан бергі ұлт тәрбиесінің ішінде ұнамсыз, зиянды әдет, жол-жоралар толып жатқан ұлттың біреуі – біздің қазақ. Қысқасы, ұлт тәрбиесі қанша қадірлі, керек жол болғанмен, адастырмайтын дұрыс жол деуге бола бермейді.
Жоғарыда айтқаннан көрінеді, балаға шын дұрыс тәрбие беру үшін тәрбиешінің өз тәжірибесі һәм ұлт тәрбиесімен таныс болуы жетпейді екен. Бұлар – бірбеткей шикі тәжірибелер. Бұлар сыннан өткізіліп, пісірілмеген күйде берік негіз бола алмайды. Бұлардың арасынан жақсы-жаманын, алтын мен мысын тізіп ала білу үшін тәрбие майданында шынығып ысылған тарландардың тәжірибелерімен, түрлі ұлттан түрлі заманда шыққан тәрбие ғалымдарының ойларымен, қысқасы, тәрбие туралы дұрыс жолға түсіретін шын тәрбие дәнімен, яғни педагогикамен жақсы таныс болу керек.
Педагогикаға жәрдемші пәндер
Педагогика адамның денесін һәм жанын дұрыс тәрбие қылу жолдарын ізденетін пән болғаңдықтан, педагогика пәнімен дұрыс пайдалана білу үшін, екінші түрлі айтқанда, адамды дұрыс тәрбие қыла білу үшін адамның денесі һәм жанының жайын кеңес қылатын басқа пәндермен таныс болуға тиісті. Бұл пәндер төмендегілер.
Д е н е т у р а л ы п ә н д е р:
А н а т о м и я. Адам денесінің құрылысын баяндайды. (Денеде қандай мүше бар, жаралысы қандай?)
Ф и з и о л о г и я. Адам денесінде болатын көріністерді баяндайды (тұру, жүру, демалу сықылды).
Г и г и е н а. Саулықты сақтау пәні.
Г и м н а с т и к а. Саулықты бекіту үшін түрлі дене қозғалысы туралы пән.
Ж а н т у р а л ы п ә н д е р:
П с и х о л о г и я. Адамның жанының жайын, жан тұрмысын, жан көріністерін, жан күштерін, ақыл-ойдың жайын баяндайтын пән.
Л о г и к а. Дұрыс ойлау жолдарын көрсететін пән.
Э т и к а. Құлық туралы пән. Яғни адамшылық не? Осыны баяндайды.
П е д а г о г и к а ғ а т а ғ ы б і р к е р е к т і п ә н
Педагогика тарихы. Түрлі заманда түрлі тәрбиеге адамзат қалай қараған, қандай жолдармен жүрген, тәрбие дүниесінде қандай білімпаздар өткен, олар қандай жаңа жолдар тапқан? Міне, педагогика тарихы – осыларды баяндайды.
Педагогика бөлімдері
Педагогика пәні беске бөлінеді:
1) Ж а л п ы п е д а г о г и к а. Адамның дене һәм жан күштерін, тәрбие жолдарын көрсетеді.
2) Д и д а к т и к а. Оқытудың негізгі жолдарын көрсетеді. 3) М е т о д и к а. Оқытудың негізгі жолдарына негіздеп, белгілі бір пәнді қалай оқыту жолын көрсетеді. Мысалы, мектепте қазақ тілін қай жолмен оқыту керек екендігін үйрететін пән «қазақ тілінің методикасы» деп аталады.
4) М е к т е п т і б а с қ а р у. Бұл пән мектеп қалай салыну ға, қалай ұсталуға тиісті, кластарға шәкірттерді қалай бөлу керек, оқу пәнін қалай белгілеу керек, міне, осылар сықылды мектеп құрылысы жұмыстарын көрсетеді.
5) П е д а г о г и к а т а р и х ы. Бұл пәннің не нәрсені кеңес қылатындығы жоғарыда айтылды.
Жалпы педагогика
Жалпы педагогика екі нәрсе жайынан сөйлейді: 1) дене тәрбиесі, 2) жан тәрбиесі жайынан.
Дене тәрбиесі
Жаңа туған бала бір кесек ет қана деуге болады. Оның жан тұрмысы әлі білінбейді. Сондықтан ата-ана жас баланы тәрбие қылғанда күшінің көбін баланың дене тәрбиесіне жұмсауға міндетті. Дене тәрбиесіне жеңіл қарауға болмайды. Жан дұрыс тәрбие қылынса болады, дененің қанша керегі бар деп ойлау дұрыс емес. Дене – жанның қабы. Қап берік болса, ішіндегі зат та берік болмақ. Дене – жанның құралы. Құрал мықты болса, иесі де мықты. «Сау жан сау денеде ғана болады» деген адамзат дүниесінің ескі мәтелі – шын дұрыс мәтел.
Жаңа туған баланы тәрбие қылуға кіріскенде тәрбиеші төмендегі нәрселерді білуге һәм істеуге тиіс.
Ө л ш е у. Егерде сау болса, жаңа туған баланың салмағы 8 қадақ шамасында болады. Нашар, аурулы бала 6 қадақ шамасында, нағыз сау, таза бала 10–11 қадақ шамасында салмақты болады. Бастапқы 2–4 күн ішінде түрлі себептерден баланың туғандағы салмағынан 1/2 –3/4 қадақ шамасында кемиді. Мұнан соң бірте-бірте салмағы арта бастайды. 7–10 күнде туғандағы салмағына қайта түседі. Айдың аяғыңда туғандағы салмағынан 1/3 артады. Мұнан соң салмақ арту шабаңдай береді. Екінші жыл бойына бастапқы салмағының 1/5, үшінші жыл бойына 1/10, ал енді төрт жастан онға шейін жылына 4–5 қадақтан артып отырады.
Бала сау болып туды ма, аурулы болып туды ма, сау болып өсіп келе ме, жоқ ауруға айналды ма – осыларды дұрыс біліп отыру үшін жоғарғы мөлшер бойынша баланы өлшеп отыру керек. Бастапқы айда күн сайын, мұнан соң жыл толғанша жетіде екі-үш рет, екінші жылда жетіде бір, үшінші жылда айында бір өлшеп отыру мақұл.
«Баламды безбенге сал» деп айттың деп қазақтың ыршып кетуінде сөз бар ма? Тәрбиенің басқа түрлерін ести келе, адуын әжелер ыршымақ түгіл ұрсып, сөгіп тастар. Әйткенм ен, амал қанша, көтереміз. Мойнымыз жуан болғанмен, өзіміз жуаспыз. Біздің бар тілегіміз ырши-ырши, бізді ұрса-ұрса, айтқанымызды істесе екен. Қайткенменде біреу болмаса біреу, жүзден біреу болмаса мыңнан біреу осы педагогика көрсеткен жолмен жүрер деп сенеміз. Біз өзімізді ақынның:
Сөзімді біреу алмас, біреу алар,
Құлағын біреу салмас, біреу салар.
Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар,
Солардан аз да болса белгі қалар,–
деген сөзімен жұбатамыз.
Жылылық. Баланың да, жеткен адамның да өлшеулі жылылығы (Цельсий бойынша) 37–37, 5 градус болады. Бірақ жаңа туған баланың денесінің жылылығы бастапқы күндерде түрлі себептермен мынау өлшеуден 2–3 градус кем болады. Әйткенменде ұзамайды, бұрынғы қалпына түседі. Және баланың да, жеткен1 адамның да жылылығы бір тәуліктің ішіңде бір қалыпта тұрмайды. Біресе өлшеуден асып кетеді, біресе төмен түседі. Жылылықтың төмендейтін уақыты – таңертең. Жоғарылайтың уақыты – кеш. Дене жылылығы «термометр» деген бір құралмен өлшенеді. Осы құралмен баланың денесін күн сайын өлшеп тұру керек. Жылылық белгілі өлшеуде тұрса, баланың сау болғаны, не жоғарылап, не төмендеп кеткен болса, баланың ауру болғаны. Жылылық өлшеніп отырса, келе жатқан науқаст ың алдын алуға болады. Болмаса науқас билеп алып, баланы қолды-аяққа тұрғызбай шыңғыртқанда, оның науқас екенін білу, көбінесе пайдасыз білу болып шығады ғой.
Дем алу. Жаңа туған бала бір минутта 40–44 рет дем алады. Мұнан соң бірінші жыл бойына – 35–40 рет, екінші жылда – 28, үшінші жылда – 26 рет. Сөйтіп, кеми-кеми 15 жаста бір минутта 17–20 рет дем алатын болады. Міне, дем алудың осы мөлшерден артық, яки кем болуы баланың сау болмауын көрсетеді. Баланың дем алуын ояу отырғанда санау қиын. Ойнап қозғалып отырғанда дем алуды мөлшерден арттырып жібереді. Дұрысы – ұйқтап жатқанда санау.
Тамыр соғу. Жаңа туған баланың тамыры бір минутта 150 рет соғады. Екі жасар баланың тамыры 120-ға шейін соғады. Жеткен адамның тамырының соғуы бір минутта 65–70-тен аспайды. Бала ояу отырғанда, әсіресе жылағанда тамыр соғуы жиіленіп кетеді. Мұндайда мөлшерлі соғудан 20–25 артық соғады. Баланың тамырын бала ұйқтап жатқанда байқау керек. Сонда белгілі мөлшерден тамыры артық я кем соқса, баланың сау болмағаны. Тамырын ұстаумен бір адамның ауру, сау екені білінетін болса, тамыршылық деген әулиелік емес екені өз-өзінен көрініп тұр.
Бірақ надандыққа не шара, біздің надан еліміз тамыршыны жынымен сөйлесіп, күбірлесіп, тәңірімен тілдесіп отыр деп біледі.
Бала бөлмесі. Мынау сөзді оқығанда «атыңның басы тиіп, жорғасы қалып па?» дегендей, қазақтың өзіне үй бітіп, баласының бөлмесі қалып па деп күліп кекетуші де болар. Шынын айтқанда, қазақта үй дерлік үй бар ма? Жоқ. Өнерлі елдің адамы түгіл малы жатпайтын бір былық қора.
Қазақтың қысқы үйінің көбі – жермен-жексен болып жатқан шымнан жасалған бір қуыс. Терезе деген тышқанның көзіндей бір тесік. Есіктен, тесіктен, астан, үстен аңырап тұрған суық. Желдің жыбыр-жыбыр сөйлегенін, дауыл боранның адасқан аңдай ұлығанын естігің келсе, сорлы қазақтың қысқы үйіне кір. Шым қабырғадан, төбедегі сирек салынған сырғауылдың арасынан сорғалаған су. Жер әбден саз. Босағада қатар-қатар малдың төлі. Иіс, қоқыс, түтін. Егер қазақ жаз шығысымен мынау сасық үңгір заңдемін тастап киіз үйге шықпаса, сөз жоқ, бірнеше жылдың ішінде қырылып бітер еді. Мінеки, жыл он екі ай ішінде сегіз, тоғыз ай қазақ тұратын үйдің түрі осы. Әрине, мұндай үйде тұрған қазаққа бала бөлмесі пәлендей болсын деп айту тіпті орынсыз болар еді. Бірақ біздің үмітіміз келешекте сорлы қазақ мәңгіге сасық үңгірде құрттап, шіріп жата бермес, тұрмысын, үйін, күйін түзетер деп сенеміз. Бізді жұбататын ақынның әлгі өлеңі.
Сөзге келейік.
Бала бөлмесінің ішінде бес-алты куб сажын ауа болсын. Және жиі-жиі ауа жаңартылып тұрсын. Бала жататын үйде кір жуу, кір кептіру, кірлеген киімді тастау жарамайды. Себебі кірдің кірі бу болып, ауа болып баланың ішіне кіріп, саулығына зиян келтіреді. Бала бөлмесінің жайлылығын да бақылап тұру керек. Жаңа туған бала жататын бөлменің жылылығы Рьюмер бойынша 17–18 градус, бір жеті мен алты жеті арасында 16–17 градус, сонан соң 15–16 градус болу тиіс. Қандай үйдің болса да жарық болуы керек болатын болса, бала бөлмесінің жарық болуы тым керек. Қараңғы үйде тәрбиеленген баланың өсуі шабан болады. Тамағы қанша жақсы болса да, зағып, нашар болып өседі. Сондықтан бала жататын бөлменің жарығы мол болу керек. Бөлменің жарығы мол болу үшін оның терезелері не аузы түстік-күн шығысқа, не оңтүстік-күн батысқа қарауы шарт.
Терезелер тура оңтүстікке қараған бөлме қыстыгүні жарық, жылы болғанмен, жаздыгүні ыстық, қапа болады. Ал енді терезелері солтүстікке – түн жаққа қараған бөлме қашанда болса һәм қай жақтан болса да қолайсыз. Сөз аяғында қазақтың киіз үйде бала өсіруі, асырауы туралы бір-екі сөз айтып өтейік.
Бала тәрбиелеу үшін киіз үйді аса қолайлы деуге болмайды. Аңғал-саңғал, ашық-тесік киіз үй баланың жел тиіп, суық-тиіп ауру болуына көп себепші. Бірақ баланы киіз үйден бір жола бездіріп алып кетуге орын жоқ. Киіз үйдің зиянды жағы болған сықылды, пайдалы жағы да бар. Әңгіме сол киіз үйдің ішіңде баланы ұстай білуде. Шын таза ауа сол киіз үйде болмағанда қайда болады? Тегінде жаратылыспен бауырласып құшақтасқан, алдындағы малымен бірге жүріп, бірге өскен қазақ баласын аса нәзік қылып үлбіретіп тәрбие қылмағаны дұрыс болар еді. Бұл сөзбен мен балаңды баяғыдай «шалбардың ішіне салып асыра» деп отырғаным жоқ. Ол заман озды ғой. Әйткенменде қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл.
Баланың тамағы. Баланың жақсы өсуі үшін оның тамағы жақсы болуға тиіс. Тамақ баланың өсуіне қарай өзгеріп отыру кереқ. Бастапқы кезде балаға ең дұрыс тамақ – ананың сүті. Сүттің ішінде денеге керек тамақ заттарының бәрі бар. Ана сүті бала өскен сайын өзгеріп отырады. Ана бір себептерден баласын емізе алмайтын болса, әрине, қолдан асырауға тура келеді.
Бірақ емізуге мүмкін болғанда абзалы – ананың өзі емізуі. Статистика – санақ пәнінің көрсетуі бойынша ана сүтін емген 100 баладан бір жылда 15–20-сы ғана өледі. Ал қолдан асыраған 100 баладан бір жылда 65 шамалы өледі.
Қолдан асырау. Қолдан асыралғанда балаға лайықты тамақ – есек сүті мен ешкі сүті, Бұл екеуінің бірі болмаған күнде сиыр сүті. Бірақ сиыр сүтінде ақ (белковина) пен май көп, қант аз. Сондықтан сиыр сүтін сұйылту һәм тәттілеу керек. Жаңа туған балаға берілетін сиыр сүтіне үш есе су қосу керек. Мұнан соң 2–3 айға шейін бір бөлім сүт, екі бөлім су, 3 айдан 6 айға шейін екеуін де бірдей, ал тоғыз айдан былай таза сүттің өзін беріп отыру керек. Бір ішкізгеннен қалған сүтті екінші рет беруге жарамайды. Балаға беретін сүттің жылылығы адам денесінің жылылығындай болу керек (Цельсий бойынша – 35–37°, Рьюмер бойынша – 26–28°).
Сүтті тәттілеу үшін сүтке кәдімгі қант салу керек. Бір стакан сүтке бір бал қасық қант жетеді. Балаға берілетін сүт сау сиырдың жаңа сауылған сүті болсын. Әр сиырдың сүтін бір бергеннен бір ғана сиырдың сүтін берген дұрыс. Сүт, ыдысы таза болсын һәм берілетін сүт қайнатылуға тиісті.
Емізік. Қолдан асырағанда балаға тамақ беру үшін қолайлы әдіс – емізік. Көбінесе емізіктің емшегі желімнен жасалған болады. Болмаса сиыр емшегі кигізіледі. Ішіндегі сүтін еміп болған соң құр емізікті балаға сорғызып қою тіпті дұрыс емес. Бірінші, баланың іші желге толып аурулы болуға себеп болады. Екінші, желімнен жасалған емшек баланың денесіне зиян келтіреді. Баласына құр емізікті сорғызып қойып, қол қусырып өсек аңду анаға лайық іс емес. Баланы таба білсең, ерінбей дұрыс баға біл.
Аралас тамақтандыру. Анасы емізген бала біраз өскен соң анасының сүтінен басқа тамақ та тілей бастайды, Ол уақытта ана сүтінен басқа тамақ бере бастауға мүмкін. Балаға жай тамақты алты айсыз бере бастау дұрыс емес. Жай тамақ бергенде әуелі жеңілінен бастап, бірте-бірте ауырына көшу керек. Мысалы, былай: сиыр сүті, бал қаймақ, ақ ірімшік, қатық (ащы қылып ұйытпау шартымен), қаймақ, жұмыртқа һәм сорпа.
Ал енді жас балаға (бір жасқа толмаған) май, нан, ет беру тіпті дұрыс емес. Қызыл иегімен қажалатқызып балаға нан беріп, ет беріп, сорғалатып май беріп қойған ана – баланың досы емес, қасы. Маған майлы бауырсақ, не болмаса қазықарта шайнап бере гөр дегендей баласына ет, нан шайнап беретін ана – ананың нағыз оңбағаны. Барлық денесі, асқазаны тіпті нәзік баланың нан, май, ет жеп көтеретін қанша күші бар? Қазақ баласының ауру болуы, көбінесе осы талғамай тамақ жегеннен болады. «Ауру – астан» деген қазақ мақалынан айналып кетсең болмай ма?!
Тамақтандыру тәртібі. Баланы ананың өзі емізсе де, яки қолдан асыраса да, баланы белгілі бір тәртіппен тамақтанды ру керек. Баланы ана емізген күнде емізу тәртібі былай: жаңа туған баланы күндіз 2–3 сағатта бір, түнде 3–4 сағатта бір емізу тиіс. Ал енді бала өскен сайын емізуді сиректете беру керек. Былайша бірінші айда тәулікте – 8–9 рет, 4 айға шейін – 7–8 рет, жарты жасқа шейін – 7 рет, 9 айға шейін – 6 рет.
Түн – ұйқы уақыты. Сондықтан баланы түнде сирек емізуге әдеттендіру керек. Мысалы, 5 айлық баланы түнде бір емізу жетеді. Баланы қолдан тамақтандырғанда да тамақтандыру тәртібі – осы. Бірақ қолдан тамақтандырған да тамақ белгілі бір мөлшермен беріліп отыруға тиісті. Бала тамағының мөлшері баланың асқазанының зорлығына байлаулы. Жаңа туған баланың асқазанына бастапқы жетіде 3 қасық ас сыяды. екінші жетіде – 6 қасық, екінші айда – 9–10 қасық. Міне, осы асқазанның зораюына қарай балаға берілетін тамақ мөлшері де зорайып отыруға тиісті.
Балаға тамақты тәртіппен беру оның дұрыс өсуіне, ауру лы болмауына, хатта, мінезінің дұрыс болуына да көп пайдасы бар. Балаға тамақ тәртіпсіз, ретсіз, былапыт берілсе, бала аурулы болады. Асқазаны бұзылады. Ішкен, жеген тамағын сіңіре алмайды. Ит тию сықылды бала аурулары сол тәртіпсіз тамақ беруден. Жер жүзінде балаға тәртіпсіз тамақ беретін әйел екеу болса, біреуі – қазақ әйелі. Бала ұйқысы қанып оянса да, бір жері ауырып, яки төсегі тынышсыз болып жыласа да, оны шешіп алып қарау жоқ, емшегін алып барып баланың аузына сала қояды. Бала түнде ың етсе, бесікті албастыдай басып отырып алады. Емшек балада, ана ұйқыда. Жазаласа баласын басып өлтіріп те тастайды. Баланың аузынан емше гін алса, баланың қолына басқа бір тамақ ұстатады. Сорлы баланы бір минут тамақтан босату жоқ, яки мынадай іс те болады:
Шеше не бір жұмыспен, не жай қыдырып кезіп кетеді. Мана кеткен шеше әлі жоқ.
Ерте күн түс болды. Түс кеш болды. Бала аштан аш жатыр. Қарны ашады. Шырқырап ішегі қатып жылайды. Бейшара бала жылап-жылап әлсіреп талып барып ұйқтайды. Кешке келіп ұйқылы-ояу талып жатқан баланы көріп, «құлынымның тамақ іздемей, жыламай тәтті ғана ұйқтап жатқанын қарашы» дейтін шешеге не дерсің?
Қазақ қатыны! Өзіңде өзіңнің қастығың болмаса, баланың аузын астан алмай, аспен ұрып жығып, болмаса тамақ бермей, аштан қатырып, талдырып ұйқтатып бала асырауыңды қой. Тамақты беріп-беріп, балаңды қарнын қабақтай, бұтын таяқтай көк қарын, ши борбай қылма. Балаңды аурулы қылма. Асты мезгіл-мезгіл беріп, тәртіпке үйрет. Тамақты тәртіппен берсең, балаңның дені сау болады. Құр ас иесі қомағай болмайды. Аузынан ас алмайтын мешкей болмайды. Тамақты тәртіппен ішіп үйренген баланың мінезі де дұрыс болады.
Емшектен айыру. Бала аурулы болмаса, бір жасқа толғанда ана сүтінен басқа ас ішіп, біраз тісі (8–12) шыққан болады. Міне, осы уақытта баланы емшектен айыру керек. Айырғанда күл, көмір, насыбай жағып әурелемей-ақ емізуді сиректетіп, баланы бірте-бірте бездіру керек (3–6 жеті ішінде). Ал енді кейбір қатындардың еркелеткеннің жөні осы екен деп 5–6 жасар баласын арда емізіп қоюлары – тым-ақ ұнамсыз іс. Ұнамсыз ғана емес, балаға да, анаға да зиянды іс.
Екі жасар һәм үш жасар баланың тамағы. Екі жасар ба ланың денесі әжептәуір берік болады. Сондықтан бұл жаста балаға бірте-бірте ет, нан сықылды күшті ас беруге мүмкін. Ет бергенде жеңілінен бастау керек. Ешкі, қой, сиыр еті. Жыл қы еті ауыр. Оны 2–3 жасар балаға бермеген дұрыс болар.
Баланың асқазанына лайық нан – бидай ұнынан пі сірілген нан. Балаға май ішкізу дұрыс емес. Кәмпит, пряник, өрік, мейіз сықылды тәтті беруге де жарамайды. Бір жасқа толмаған жас бала түгіл 2–3 жасар балаға да қымыз ішкізу мақұл емес. Қымыз баланың тынышын алып, мең-зең бейшара қылады. Екі-үш жасар балаға тәулікте төрт рет тамақ беру керек. Түнде емес, күндіз, төрт сағатта бір. Балаға тамақты бөлек үйде беру артық. Үлкен кісілермен бірге ішіп, бірге жесе, үлкендерді иектеп мөлшерден артық ас ішеді. Мұның зиян екендігі белгілі.
Баланы шомылдыру. Баланы шомылдыру оны кірден арылтады. Бойын жеңілдетеді, еңсесін көтереді.
Жаңа туған баланы шомылдыратын судың жылылығы үш айға шейін Рьюмер бойынша – 29°. Үшінші айдан жыл аяғына шейін – 28°, екінші жылда – 27°, мұнан соңғы жыл төмендегенде 22°-тан кем болмасқа тиісті. Жаңа туған баланы су ішінде – 5 минут, ай жарымдық баланы 8 минут ұстау керек. Бұдан артық ұстауға жарамайды. Бала әлсіреп қалады.
Әуелгі 9 күн ішінде тәулікте екі рет, ай жарымға шейін бір рет, алты айға шейін күн ара, екі жасқа шейін жетіде 2–3 рет, екі жастан соң жетіде бір шомылдырып отыру керек. Баланы тамақ берердің, ұйқтардың алдында шомылдыру артық. Баланы шомылдыратын үйдің жылылығы 17–18°тан жоғарырақ болсын.
Баланы шомылдырып болған соң оның бар денесін, әсіресе қолтықтарын, мойнын, шабын жақсылап қарау кереқ. Көзін, құлағын, басын таза ұстау керек. Былық қолыңмен баланың көзін тазартушы болма. Неше түрлі көз ауруы осыдан болады. Тамақ бергеннен кейін баланың аузын тазартып отыру керек. Таза шүберекті қайнаған суға малып, шыныаяққа орап тазарт. Есін білген баланы ас ішкеннен кейін аузын шайқауға үйрету керек. Аузы иісті болмайды, тісі бұзылмайды. Қазақ қатынының баланы тұзды сумен шомылдыруын теріс деуге болмайды. Еттің пісуіне, шынығуына тұзды судың пайдасы бар. Ал енді баланы маймен сылау тіпті дұрыс емес. Май терінің тесіктерін бітеп тастайды. Еңсені көтертпейді, ауру етеді, кірлетеді, терлетеді. Баланы «өс, өс, өс» деп денесінің құрысын, тырысын жазу аса теріс болмас. Бірақ еп керек. «Өс, өс, өс!» – деп баланың бір жерін шығарып алып жүрме.
Киім. Баланың дұрыс өсуінің негізгі бір шарты киімнің дұрыс болуы. Баланы желге, күнге тигізбеймін деп орап, шымқап, үлбіретіп өсіруде қасиет жок. Бұлай өсірген бала ауырымпаз келеді. Шынықтырамын, денесін берік қыламын деп жалаңаш-жалпы ұстау да жарамайды. Шынықтыра мын деп жүріп ауруға шалдықтырып, жазаласа өлтіріп алуға да мүмкін. Киім дененің жылылығын сыртқа, сырттың суығын денеге жібермейтін болсын, сондықтан бала киімі жұмсақ, жеңіл нәрседен тігілу керек.
Бала киімін үлкен кісілер киімімен бірге жууға жарамайды. Үлкен кісі киімінен бала киіміне бір нәрсе жұғуға мүмкін. Жеткен адам денесіне зиян келтірмеген нәрсе жас баланың денесіне зиян келтіруі оп-оңай. Баланың киімі қолпылдаған кең, денені қысып тұрғандай тар да болмасын, шақ болсын. Балаға биік өкшелі етік кигізу, белін белбеумен қысып тастау жарамайды. Жалпы айтқанда, бала киімі әдемі болсын деп емес, ыңғайлы болсын деп білу керек.
Бөлеу һәм бесік. Педагогика ғалымдары бала бөлеуге атымен қарсы. Баланың дұрыс өсуіне, қаны жүруіне, асы сіңуіне кесел деп көп дәлелдер көрсетеді. Бұл дәлелдердің салмақты екендігіне талас жоқ. Бірақ қазақ тұрмысы көзінен қарағанда бөлеуден безуге бола қоймас. Көшпелі абыр-сабыр тұрмыста бөлеудің пайдасы да болып шығар. Әңгіме бөлей білуде. Тас қылып бөлеп тастасаң, қанын тоқтатпақ түгіл, жанын да шығарып аларсың. Саулығына зиян келтірмей бөлеу туралы ой жүгірту үшін бесік хақында сөз қозғамай болмайды.
Қазақ бесігі – аса ұсталықпен жасалған нәрсе. Жөргегі, тартпалары, астындағы тесігі, шүмегі, түбегімен баланың таза, жинақ жатуына көп себепші. Бірақ әңгіме мұнда, осы бесікке баланы қалай бөлеу керек. Қазақ қатыны баланы жөргекке орап, бесікке екі жерден кеудеден бір, аяқ үстінен бір тас қылып таңып тастайды. Бұлай таңып тастау, әрине, балаға зиянды. Баланы бесікке бөлейтін болсақ, осы зияннан қалай құтыламыз?
Маған мынадай бір ой келеді, баланы екі жерден қысып, қан жүруіне кесел қылмас үшін тартпаны кеңейту жолын қарастыру кереқ. Менің ойымша тартпаны екеу қылмай, біреу қылсақ. Біреу қылғанда, баланың мойнынан аяғына жететіндей қылсақ. Енді тартпа демей-ақ, жабу дейік. Жабу бесіктің бір жағына, айталық, 6–7 баумен байланған болса, баланы жөргегімен орап, төсегіне салып, әлгі жабуды жаппай жауып, бесіктің екінші жағынан алып келіп, тағы 6–7 баумен байласақ. Міне, осындай жабумен таңылса, қысу бар денеге тегіс түскендіктен, аса зиянды болмас еді. Бұл бір – тәжірибе көрмеген ой. Мүмкін, қате болуға. Мен үшін емес, баласын дұрыс тәрбие қылу үшін ата-ана осы ойды бір тәжірибе қылып көрсе, игі болар еді.
Жә, баланы бесікке бөлеуді мақұлдадық. Қалай бөлеу туралы да ой жүгірттік. Еңді тербетуге келейік.
Күн батып барады. Үй іші қара көлеңке. Қыс болса, сасық үңгірдің ішінде терезе аталған тесіктерден суық жел азынап кіріп, аш аңдай ұлып тұр. Жаз болса, туырлықтың етегінен, шидің арасынан жыландай жүз бұралып, қоңыр жел кіріп, жолдасын жоғалтқан жандай мұңды, зарлы қоңыр бір әнге басады. Үйдің бір босағасында бесік тұр. Ішінде бөлеулі бала жатыр. Жылап-жылап шаршаған. Енді айғай салып жылауға шамасы жоқ. Әлсіз ғана ыңыранады. Бесік жанында баланың анасы жоқ. Әлдеқайда кеткен. Мал жайлап, шаруа қылып жүр ме? Әлде көрші үйдің қатынымен басын шұлғи-шұлғи бір қысыр кеңесте отыр ма? Кім білсін, бесік жанында көзі көрдей сұп-сұр бір кемпір отыр. Құрысқан қолы бесіктің арқалығында. Салмақпен бесікті тербетеді. Бала ыңыранады, жел күңіренеді, кемпір де күңіренеді.
Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем…
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқұтанның құйрығын,
Жіпке тағып берейін…
Әлди-әлди, әлди-ай…–
деп күңіренеді кемпір. Кемпірде талу жоқ. Тербетеді, күңіренеді, тербетеді.
Баланың ыңылы баяулап келеді. Басылды. Бала ұйқтады. Кемпір күңіренеді. Болмаса сол кеште, бос үйде бесіктің жанына жас баланың жеті жасар апасын отырғыз. Жел жылайды, бесіктегі бір жасар да жылайды. Жанында отырған жеті жасар да жылайды. Бос үйде дауыс шығарып, қорқуын азайту үшін бесікті тарсылдатып тұрып тербетеді. Әлде не уақытта бала ұйқтайды. Бесік жанында өксігін баса алмай апасы әлі отыр.
Не болмаса, мынадай картинаны көз алдыңа алып кел. Түн. Бала бесікте бөлеулі жатыр. Жанындағы төсектегі шешесі қалың көрпені жамылып шырт ұйқыда. Қарны ашты ма, тоңды ма, төсегі тынышсыз болды ма, бір мезгілде бала оянып жылайды. Бастап ақырын жылайды. Елең де қылған ана жоқ. Дауысты молайтыңқырайды, оянған ана жоқ. Шыр-пыры шығып, пырылдап, ішегі түйіліп жылайды. Ыңырана түсіп шеше оянады. Бастап тербетіп ақырын қозғайды. Оған бала уанбайды, «тұрмадың» деп ашуланғандай айқайын үде те түседі. Үй ішінде жел долданады, шеше де долданады. «Өй, көгала келсін, шешек шықсын», – дейді шеше. Тарс-тұрс, тарс-тұрс тербетеді. Баланың айғайын бесіктің тарсылы жеңеді. Әлде не уақытта бала ұйқтайды. Баласын күбірлеп қарғай-қарғай қорылдап ұйқыға кетеді шеше. (Әрине, қазақ қатынының көбі мұндай емес қой. Бірақ көбі осындай десек, аса адаспаймыз. Пысық, сергек, бала қадірін білетін аналардан мына сөзіме кешірім сұраймын.)
Жә, күңірене-күңірене баланың әжесі ұйқтайды. Жылай-жылай бала ұйқтайды. Қарғай-қарғай баланы, ана ұйқтатады. Баланың осы ұйқысы сау ұйқы ма? Шын ұйқы ма? Жоқ.
Бұл дұрыс ұйқы емес. Бұл ұйқтау емес, шайқап-шайқап баланың басын айналдыру, басын айналдырып, естен тандыру.
Тербетіп ұйқтату – баланы талдырып ұйқтату деген сөз. Тербетіп ұйқтатылған бала ұйқтап жатқан жоқ. Талып жатыр. Өзіңді бір нәрсеге тас қылып таңып тұрып, ерсілкарсыл шайқап-шайқап тербетіп-тербетіп талдырып тастаса, жақсы болар ма? Қазақ әйелі! Балаңда қасың болмаса, тербетпе баланы. Бесік – баланың жататын орны. Естен тандырып, талдыратын орны емес. Осыны ұғыну керек, ұғу керек.
Ұйқы. Ұйқысы тыныш болу үшін баланы көзді шағылыстыратын жарығы жоқ, құлақты жаратын айғайы жоқ жерде ұйқтату керек. Әсіресе кенет айқай болмасын. Баланың тыныш ұйқтауына себеп болатын бір нәрсе – баланы белгілі бір уақытта ұйқтату. Және баланы жара тылыстың өзі ұйқы үшін белгілеген уақытында яғни түнде ұйқтату керек. Баланы түнде ұзақ ояу отырғызу дұрыс емес. Баланы тамақ берісімен ұйқтату тіпті жөнге келмейді. Ұйқысы тынышсыз болады, һәм саулыққа зиян. Тамаққа тоя сала ұйқтату – біздің жалпы зиянды әдетіміз. Ұйқта ғанда дененің, мүшенің бәрі демалатын, тыншығатын уақытта, асқазанға сен тынықпа, мынау жепішкеніңнің бәрін сен қайнатып денеңе сіңіріп қой деу тіпті жөнге келмейтін бір зорлық емес пе? Ол сорлы қайтсін, бұл қызметті атқара алмайды. Міне, осындайдан асқазан бұзылып, адамда неше түрлі аурулар пайда болады.
Жас бала тіпті көп ұйқтайды. Жаңа туған бала ұйқыдан тамақ үшін ғана оянады. 24 сағат бір тәуліктің 20 сағатын ұйқымен оздырады.
Бала жарты жас шамасында әжептәуір уақыт ояу отырады. Әйткенмен де екі жасқа қарағанша ояуынан ұйқысы көп болады. 2–3 жасар бала күндіз 1–3 сағат, түнде 9–12 сағат, 4–5 жасар бала күндіз сирек ұйқтағанымен, түнде 10–11 сағат ұйқтайды. 6–7 жасар бала 8–10 сағат, 12–13 жасар бала 8–9 сағат ұйқтайды. Жеткен адамға 6–7 сағаттан артық ұйқы дұрыс емес.
Қозғалуы. Адам денесі қозғалуды тілейді. Адам неғұрым жас болса, солғұрлы қозғалуды көп тілейді. Екі жасар дені сау бала бір минут тыныш отыра алмайды. Күні бойы шаршау білмей, ойнайды да жүгіреді. Бала жүре бастамаған күнде де тек отырмай, аяқ-қолын шолтаңдатып отырады. Бірақ бастапқы кездегі баланың қозғалуы оймен, тілеумен қозғалу емес, «рефлекс» бойынша соқыр қозғалу. 5–6 айдан былай бала маңайындағы нәрселерді ұстауға, қолына алып ойнауға өзі тілей бастайды. Міне, бала қозғалуды өзі тілей бастаған кезд е ана оған түрлі жеңіл ойын көрсетіп, көмекші болу керек.
Бірақ көмекші боламын деп қозғалуға шамасы жоқ баланы зорлықпен қозғалуға үйрету дұрыс емес. Жаңа туған бала басын һәм барлық денесін билей алмайды, оның шамасының келетіні – жату. Бала төрт ай толмай басын билей алмайды, жеті-сегіз ай толмай еркін отыра алмайды. Сондықтан 4 айға толмаған баланы жатқан орнынан көп қозғай беру жарамайды.
Тегінде, баланы өзінің отыруға шамасы келмейтін кезде еріксіз отырғызу қате. Бала бүкір болып калуға ықтимал. Жас баланы көтеру де дұрыс емес. Денесіне зиян келеді, бұл – бір. Екінші, көтеріп үйрету ата-анаға бір пәле ғой. Аяғы бар, тілі бар дардай баланың «Апа, көтер, әке, көтер» деп мазаны алуы ұнамды ма?..
Жас баланы арбаға салып сүйреу – қазақтың бір қате жұмысы. Тақтай арбаның ішіне жаман көрпеге оратқызып, баланы салып алып, 6–7 жасар балалар: «Мен ағамның қара кер атынша шабамын» деп тұрып арбаны дүрілдеткенде баланың не жаны қалады? Үлбіреген жас денеге зиян келетін болған соң, аман жаннан не пайда? Баланы еңбектеуден тыюға дұрыс емес. Еңбектесін, қозғал сын, жас күшін жұмсай берсін. Бірақ бала еңбектейтін жер таза, тегіс болсын, мүмкін болғанда тегіс жерге кілем төселген болсын. Қазақтың еңбектеген баласының күні қараң ғой. Ол баланы қараушы болмайды. Бала еңбектеп от орнына барып күйіп қала ма, күл, көмір жей ме, нәжіске былғана ма, сызға, сазға отыра ма, оны бақылаушы жоқ. Үсті-басы күл, топырақ, үрпиіп ылғи сызда, сазда отырады. Баланың неше түрлі ауру болатындығы осы сыз өтуден. Сызда, былық жерде асыралса, мал баласы да оңбайды ғой. Адам баласы мал баласы емес, баланы жақсылап бағу керек. Баланы қолынан ұстап тәй-тәй қылуды дұрыс деуге болмайды. Денесінің бір жеріне зиян келтіруге мүмкін. Кейбір ата-ана баланың тәй-тәй болғанын қызық көріп, тәй-тәй болғысы келмей орнынан тұрмай отырған баланы еріксіз тұрғызып тәй-тәй қылады. Бұл істері, әрине, қате. Балаға итарба жасап беру дұрыс емес демейміз. Бірақ итарбамен зорлап жүргізбе дейміз. Жағалағысы келгенде үстелді бала өзі-ақ жағалайды ғой. Итарба да баланың жанында жай тұрсын. Жүргісі келсе бала өзі де жүреді. Шеше бірақ байқап отырып, баланы арбаға дұрыс ұстатқызып жіберсін. Тоғыз ай мен он алты ай арасында бала жүруге үйренеді. Есте болу керек, баланың мешел болуы тәй-тәй кеш болғандықтан, итарбасы болмағандықтан емес, аурулы болғандықтан. Балам мешел болмасын десең, балаңды дұрыс күт…
Серуен. Ылғи үйде, нашар ауада бала құп-қу, нашар, меңіреу болады. Сондықтан баланы күн сайын таза ауаға серуенге шығарып тұру керек. Киіз үй ашық ауамен бірдей. Киіз үйдегі баланы шығарсаң да бір, шығармасаң да бір. Ал еңді қазақтың «қысқы үй» деп аталған үңгіріндегі баланы әлсін-әлсін серуенге шығарып тұрмай болмайды.
Үй саулыққа дұрыс салынған болса да, баланы серуенге шығарып тұру керек. Себебі үйдің ауасы бұзылып отырады. Алты ай толмаған баланы қыстыгүні серуенге шығару жарамайды. Баланың саулығы нашар болса, доқтырлар бір жасқа толмай қыстыгүні шығаруға қоспайды. Күзгі, жазғы 2 градустық салқында бір жылдық баланы күн сайын 15–20 минут серуенге шығаруға болады. Ал енді 2 жастан былай баланы күн сайын кем дегенде 15–20 минут серуенге шығарып отыру керек. Жаңа оянған яки шомылдырылған баланы су жаялықпен серуенге шығару дұрыс емес, серуенге шығаруға нағыз қолайлы уақыт – түстен кейінгі 2–4 сағат арасы.
Тісеу. Тісеу – баланың дене тұрмысында зор өзгеріс. Жас иекті жарып бірінші тісі 6–8 ай арасында шығады. Иекте тамыр көп болғандықтан, тісей бастағанда бала әжептәуір ауырады. Ұйқысы тынышсыз, бас-аяғы ыстық болады. Аузынан сілекей шұбырады. Бала әлсін-әлсін қолын аузына сала береді. Мұндай уақытта баланы таза ауа, серуенге жиі шығару керек. Жылы суға жиі-жиі шомылдыру керек. Балаға тісі төмендегі ретпен шығады. Тісі төрт түрге бөлінеді.
Бірінші түр – күрек тіс. Саны 8 болады. 5–12 ай арасында шығады. Екінші түр – ит азу. Саны – төрт. 12–16 ай арасында шығады. Үшінші түр – ас азу. Саны – 4, 17–20 ай арасында шығады. Төртінші түр –түпкі азу. Саны – 4, 20–24 ай арасында шығады. Міне, осымен баланың 20 сүт тісі болған болды. 7 жаста бұл сүт тісі түсе бастап, 7–11 жас арасында балаға дәйімгі тісі шығады. Яғни жаңағы айтылған – 20 тісі түсіп қайта шығып, олардың үстіне тағы азу қосылады. 12 жаста тағы төрт азу шығады. Сөйтіп, дәйімгі тістің саны 28-ге толады. 22–25 жас арасында төрт азу шығады. Мұны ақыл азуы дейді.
Баланың сүт тісі өте нәзік болады. Ыстық та, суық та жарамайды. Қатты асты шайнай алмайды һәм бұзылымпаз келеді. Сондықтан баланың тістерін таза ұстау керек. 3 жастан былай тамақ берген сайын баланың аузын жуып отыру керек. Тісті жаман бұзатын нәрсе – тәтті. Жас балаға тәтті беруге жарамайды. Біраз өскен соң беруге мүмкін, бірақ аз һәм сирек беру керек.
Жан тәрбиесі
Бастапқы кезде жөпшенді білінбейтін баланың жан тұрмысы бала өскен сайын бірте-бірте біліне бастайды. Сондықтан баланың дене тәрбиесі мен жан тәрбиесін қатар алып бару керек. Қатар алып бару емес, бала өскен сайын тәрбиеші күшінің көбін баланың жан тәрбиесіне жұмсай беруге міндетті. Тегінде берік ұғу керек: адамның қымбат нәрсесі де, жұмбақ нәрсесі де сол – жан. Қиын тәрбие тілейтін де сол – жан. Жанды дұрыс тәрбие қыла білу үшін жанның жайын баяндайтын ғылыммен таныс болу керек.
Психология
(Жан тілі)
Психология – ескі пән. Бұл пәнді пән қылып дүниеге шығарушы – Айса пайғамбардан бұрын болған грек ұлтынан шыққан Александр Македонский (Ескендір Зұлхарнайын) патшаның тәрбиешісі Аристотель данышпан. Психология деген сөз грекше екі сөзден құралған. Психо – жан, логос – сөз деген мағынада. Яғни жан туралы сөз, жан туралы пән деген сөз болып шығады.
Жанды ешкім көрмесе де, жанның барлығында дау жоқ. Бірақ бұл жан деген не нәрсе? Жанның не нәрсе екендігі туралы үш пікір бар. Үшеуі үш түрлі философия пікіріне негізделген. Біріншісі, жан денеден бөлек өз алдына бір нәрсе дейді. Бұл – баяғыдан бері келе жатқан пікір. Қазақтың жан шыбын сықылды бір зат, өлгенде ауыздан ұшып шығып кетеді, ұйқтағанда мұрнынан шығып серуендеп жүреді-мыс деген ертегісі – осы пікірдің бір сәулесі.
Бұл жан денеден тіпті бөлек, өз алдына қандайда болса бір зат деген пікір «спиритуализм яки идеализм» деп аталады. Екінші пікір – жан деген дене іскерлігінің әсіресе нерв системасы мен ми іскерлігінің бір түрі дейді. Яғни жан деген жеке зат жоқ, жан деген – дененің бірлігі деген сөз. Бұл пікір «материализм» деп аталады.
Үшінші пікір – жан деген жан көріністерінің жиынтығы дейді. Яғни жан деген ойлау, сезу һәм барлық жан көрі ністерінің жалпы аты дейді. Бұл пікір «феноменализм» яғни эмпиризм деп аталады. Қайткенмен де адамзат бұл күнге шейін жанның не зат екенін біле алған жоқ. Жанның не зат екені білінбеуінен жанның барлығына қүмән қылуға болмайды. Жан бар. Барлығы сол – оның істері, көріністері бар. Ақша қарда жосылып жатқан айқын ізге түссек, алдымызда аңның барлығына күмән қыламыз ба? Бұ да сол сықылды, жалғыз-ақ айырма мынау – ізіне түсіп зерттеп отырып адамзат аңды баяғыдан бері соғып келсе де, жанға жете алған жоқ. Яғни істері, көріністері бойынша жанның не зат екенін қанша білмекші болса да, әлі күнге біле алғаны жоқ. Бірақ бұдан бала тәрбиесі ақсамайды. Баланың жанын жақсы тәрбие қылу үшін жанды көзбен көріп, қолмен ұстамай-ақ, оның істерін, көріністерін жақсы тексеру жетеді.
Жан көріністерінің дене көріністерінен айырмасы
Жан көріністері мен дене көріністерінің арасында көп айырма бар:
1) сыртқы дүние заттарының бәрі, мысалы, қазан, дөңбек, құдық белгілі бір орын алып тұрады. Қандай зат болса да, оның орын алатыны бізге белгілі. Егерде бір заттың алып тұрған орнын өлшеген болсақ, пәлендей орын алып тұр дейміз. Өлшемеген болсақ, пәлен зат зор, не болмаса кіші, яки пәлен зат пәлен заттың не оң жағында, не сол жағында тұр дейміз. Сыртқы дүниедегі заттың өзі түгіл ол заттың ісі де белгілі бір орын алады, яғни белгілі бір орында болады. Мысалы, жүру – адамның ісі. Осы іс белгілі орында болмай ма? Әрине. Ал еңді жан көріністері белгілі орын иелемейді. Мысалы, біз бір ойымызды пәлендей орын иелеп тұр, яки пәлен ой пәлен ойдың оң жақ, яки сол жағында тұр деп айта алмаймыз. Жан көріністері жалғыз уақытпен ғана өлшенеді. Біз жан көріністері туралы, ой туралы пәлен уақытта болды, яки қазір ғана болып тұр дей ғана аламыз. Бұл – бір айырма.
2) Сыртқы дүние заттары һәм көріністері сезім мүшелері арқылы білінеді. Мысалы, бір малды көріп, бір иісті иіскеп, жылылықты сипап білеміз. Ал енді жан көріністерін сыртқы сезімдермен білуге болмайды. Мысалы, ұялу деп аталған жан көрінісін не көріп, не татып, қысқасы сезім мүшелерінің біреуімен біліп бола ма? Әрине, жоқ. Біз екінші адамда болып тұрған жан көрінісін өзіміздіөзіміз сынаумен ғана білеміз. Мысал үшін ұялу деген жан көрінісін алайық, қасымызда бір кісі бір орасан істі істеді де, қызарып кетті, біз осы кісіде ұялу жан көрінісінің болғанын біле қоямыз. Мұны қалай білдік. Ұят деген бір зат болып көзімізге көрінді ме? Яки иіс болып мұрнымызға келді ме? Жоқ, бірі де болған жоқ. Біз жалғыз-ақ қарсыда отырған кісінің бетінде кенет қызылдық көрдік, басқа еш нәрсе сезгеніміз жоқ. Олай болса жаңа қарсыдағы адамда ұялу жан көрінісі болды деген білім бізге қайдан келді? Мұның мәнісі мынау: күндерде бір күн біз де орасан бір іс істеп, жанымыз қысылып қалған, яки ұялған, жанымызда осы ұялу көрінісі болып қалған уақытта бетіміз дуылдап, қып-қызыл болып кеткен, сонда біз біліп қойғамыз: «Ә-ә-ә… жанда ұялу көрінісі болғанда бет қызарады екен» деп. Жаңа қарсымыздағы адам қызарғанда біздің оны ұялды дегеніміз осы. Яғни ана адамның бетінде қызылдықты көргенде, біздің өз басымыздан кешкен іс есімізге түсе қалды, яғни біз өзі мізді-өзіміз сынай қойдық. Қысқасы, жан көріністерін адам сыртқы сезімдерімен біле алмайды, өзін сынап қана біледі.
3) Сыртқы дүниеде бірнеше заттар, яки көріністер бір уақытта бола береді. Мысалы, денеде қан жүру, дем алу сықылды дене көріністері бір уақытта болып жатады, біріне-бірінің бөгеті жоқ. Ал енді жан көріністері бір уақытта болмайды. Олар бірінің артынан бірі болады. Мысалы, біз бір уақытта екі ой ойлай аламыз ба? Жоқ. Дұрыс, кей уақытта ойлар бірінің артынан бірі нажағайдың жарқылындай тез-тез келгенде, бізге осы ойлар бір-ақ уақытта болған сықылды көрінеді. Бірақ бұл көрінуі ғана, шынында әрқайсысы әр уақытта, яғни бірінің артынан бірі келіп-кетіп жатыр.
Жан көріністері мен дене көріністері арасындағы байлам
Жан көріністері мен дене көріністері арасында қанша айырма болғанымен, араларында тіпті жақындық жоқ емес, қайта бірлік, байлам бар. Дене жанға, жан денеге байлаулы, біреуінің біреуінсіз күні қараң.
Өзімізге мәлім: денеміз сау болса, жанымыздың ісі де сау, жақсы болады. Яғни ақылымыэ түзу, сезіміміз дұрыс, қайратымыз берік болады. Егерде денеміз ауру болса, яки жұмыс қылып шаршаса, жанымыз да ауру, жанымыз да шаршайды. Басқа ауру, мидың ауруы жан ісіне жаман әсер қылады. Нашар ауа басты айналдырып, қанды дұрыс жүргізбей, денеге әсер қылады да, жанға барып қол салады. Яғни жанның ісі шабандайды, бұзылады. Ой күңгірт тартады, сезім топастанады. Қайрат жасиды. Денең салбырап ауырған кезде ыстық қою шайды ішіп жіберсең, денең жадырап кетеді. Денең жадырап кеткен соң, жаның жадырап кетеді. Бұл мысалдармен біз жанның денеге байлаулы екенін көрсеттік. Ал еңді дене де жанға байлаулы, жан көріністері денеге қатты әсер береді. Адамның көзқарасы, дауысы, аяқ басуынан жанның қандай күйде екені көрініпақ тұрады. Қайғы һәм ойлау денені жабықтырады, қуаныш адамды күлдіреді. Бетке қан жүгіртеді. Ақынның «бетке шықпай қала ма жүрек ізі» дегені жанның жайын білетіндігі ғой. Қорыққанда дене дірілдеп, қан қашып кетеді. Аса қатты қорыққаннан, яки аса күшті қайғыдан бірнеше сағатта шаштары аппақ болып қалғандар да болған. Міне, жан көрінісінің денеге әсер беруі қандай дәрежеге жетеді.
Жан көріністерін үйрену жолдары
Әр нәрсені үйренудің белгілі түзу жолдары бар. Жан көріністерін үйренудің жеке жолдары бар.
Өзін бақылау жолы
Жан көріністерін үйренудің жолы, бірінші – өзін бақ ылау. Адам өз жанының көріністерін өзі бақыламаса, жан кө ріністерімен таныс бола алмайды. Мысалы, ашу, қуаныш сықылды жанымыздың көріністерін бақыласақ қана біз олардың қандай мінезде екенін һәм араларында қандай айырма бар екенін біле аламыз. Бірақ бір жан көрінісін сол көрініс болып тұрғанда бақылау оңай емес. Себебі өзін бақылау деген сөз адамның яғни жанның бір уақытта екі іс істеуі, әрі бақ ылаушы, әрі бақыланатын зат болуы деген болып шығады. Бұл істе мүмкіндік аз. Бұған мысал алайық. Менде ашу деген жан көрінісі болып тұр, яғни мен ашуланып тұрмын. Егерде мен осы ашуланып тұрғанымда осы ашу көрінісін бақылай бастасам, яғни ашудың тууына не себеп болды, ашу деген қандай нәрсе екен деп ойлай бастасам, сол ашу бұрынғы күйінде тұра ма? Әрине, тұрмайды. Мұндай ойға кірісумен ашудың күші кеми бастайды. Осы мен неге ашуланам деп ойлай бастасаң, ашуың біте қалады. Міне, өзін бақылаудың оңай емес екендігі осыдан көрінеді.
Әйткенмен де, жан көрінісі артық күшті болмаса, өзін бақылауға болады. Мысалы, жеңіл ашуланып отырған адам сол ашуының себебін тексеріп отыруға мүмкін.
Бірақ өзін бақылау деген сөздің шын мағынасы – өткенді еске түсіру деген сөз. Мысалы, ашу деген жан көрінісін бақылау үшін біз бұрын өткен бір ашуымызды, яғни бұрынғы бір ашуымыздың не себептен туғанын, қалай күшейгенін, қандай мінезді болғанын һәм қалай басылған ын еске түсірсек, сол уақытта біз ашу деген жан көрінісін өзін бақылаған жолмен бақылаған боламыз. Өзін бақылау деген сөз – бұл мағынада бұрын болып озған жан көріністерін еске түсіріп тексеру деген сөз болып шығады. Адамға өзін-өзі тексеру, өзіне-өзі есеп беру деген оңай нәрселер емес. Өзінөзі тексеріп, қаталарын көруге адамның менмендігі бөгет болады. Әйткенмен де, бұл адамның өзін-өзі тексеруі – оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне бірінші шарт. Өз қатасын көре білген адам келешекте сол қатаны істемеуге ұмтылады Адамның өзін-өзі яғни өз қатасын өзі көре білуі оның жанының идеалға, қасиетті қияға ұмтылатын мінезі барлығын көрсетеді.
Міне, осы себептен зор жазушылардың өздері жазған әсерлеріне көңілі толмайды. Қайта-қайта түзейді. Жазаласа, өртеп, жыртып та жібереді. Жалба-жұлба киім киіп, ашжалаңаш жүретін бұзақылық, күнә деген нәрсені білмейтін дуаналардың өз кеуделерін өзі жұдырықтап:
Кешіре гөр, құдайым,
Көп қой менің күнәйім,–
деп зарлаулары өздерін тым тексеріп, кішкене қаталарын тым зор көріп жіберулерінен, жандары ұмтылатын қияның тым биік болуынан ғой. Дұрыс, адамның бәрі дуана болмағанмен, өзін тексермесе, адам ілгері баса алмайды. Өзінен ешбір кемшілік көрмей, қата таппай, өзіне-өзі риза болып, мәз болып жүретін адам зор адам емес, шөбір адам болады. Жаны жабайы, ауданы тар болады.
Конец ознакомительного фрагмента. Купить книгу
1
Жеткен – ержеткен, ересек деген мағынада.