Читать книгу Базар жырау - Мағжан Жұмабаев - Страница 1

БАЗАР ЖЫРАУ

Оглавление

Өткен дәуірдегі теңіздей тұңғиық әдебиетіміздің бізге бұл күнде адасқан ұшқындары, тентіреген тамшылары ғана жетіп отыр. Көбі, көбі болғанда ең сұлулары ұмытылған, желдей ескен жыраулармен бірге топыраққа айналған. Баяғыда отыз күн, отыз түн айтылатын Қобыландылардың ауызда адасып азғантайы ғана қалған. Талай түндерге созылған ертегілердің басы қайырылып, аяғына жетіп, шоп-шолақ болып қалған. Талай жүйріктердің тұңғиық таза толғаулары – араб, парсы, сарт-сауанның сөздері араласып, балдыр-батпаққа айналған…

Бірақ, талайлар ұмытылып қалды деп қанша өкінгенмен, әлде болса да ауызда аман қалған әдебиетіміз талай елдердің ауыз әдебиетінен бай. Әлде болса да ауыз әдебиетіміз бір елдің жазба әдебиетіне негіз болуға жарарлық. Өзінің ауыз әдебиетін негіз қылмай ешбір елдің жазба әдебиеті өркендемек емес. Біздің де жазба әдебиетіміз ауыз әдебиетін негіз қылуға міндетті. Алдымен сабақты шеттен емес, өзінен алуға міндетті. Жазба әдебиетімізге қайтуға міндетті. Мағына аз десе де, түр аз десе де. (Бұл туралы толық пікірді екінші бір уақытқа қалдырдық.)

Осы күні біздің оқушыларымыз қазақ әдебиеті десе, Абай дан бергі әдебиетті ғана ойлайды, қазақ ақындары де се, Абайдан бергі ақындарды ғана көреді. Әдебиетті білсе де, ақындарды білмейді. Білсе де, білгісі келмейді. Ақындардың қатарына қосқысы келмейді. Ауызға алынбайтын олардың жазасы не? Жазалары – шығарған нәрселерін Қазандағы Каримовтерге, Орынбордағы Хұсайыновтарға, яки осы күнгі Госиздаттарға бастырмағандықтары ма? Бұл ауыр жаза емес қой. Шынында, сол өткен ақындардың көбінен жаңа ақындар әлі озып кете алды ма? Өзгені қоя тұрайық, жұрт келемеж қылатын Шайхысламұлы Жүсіпбектің «Қыз Жібегіндей» кім не нәрсе жазды? Ол ойланатын әңгіме.

Сол «бейкүнә» ұмытылып бара жатқан ақындардың біреуі – менің бір-екі сөзбен таныстырайын деп отырғаным Базар жырау. Базардың дәл қанша терең ақын екендігі туралы мен бұл жерде толық пікір айта алмаймын. Қолымда Базардың 4-5-ақ өлеңі бар. Мұндай өлеңмен ақынды өлшеуге болмайды ғой. Бірақ осы төрт-бес өлеңінде-ақ Базардың сөзге жүйрік, ойлы ақын екендігі сезілетін сықылды.


Конец ознакомительного фрагмента. Купить книгу
Базар жырау

Подняться наверх