Читать книгу Сұлушаш - Сəбит Мұқанов - Страница 1

СҰЛУШАШ

Оглавление

СƏБИТ МҰҚАНОВ

(1900–1973)

I бөлім

САЙРАН

I

Бай болған дəулеті мол Тілеуберді,

Байлықпенен меңгерген тамам елді.

Төрт түлік мал өргенде құрттай қайнап,

Құмырсқадай қыбырлап жапқан жерді.

Тор-қасқалы, қазмойын жылқыларын

Екі-үш мыңдап он шақты қосқа бөлді.

Түйелері түздерде бота тауып,

Қойы жүрген жерінен қозы терді.


…Жас кезінде қыз таңдап кезіп елді,

Өз бойына лайықты іздеп теңді,

Мың жылқыны біржола матап беріп,

Алтынай дейтін сұлуды алып еді.

Тоқсан нарға жүк артып безеп, жасап,

Алтынайға əкесі құл, күң берді.


Шұнақ деген жігіт пен Тезек атты

Бір жас қыз, құл, күңдермен ере келді.

Шұнақ пенен Тезек те қосты көңіл,

Құлдық, күндік болса да көрген өмір,

Өздерінше қызықты дəурен сүріп,

Тəтті өмір тəрізді болды о бір.

Шөккен түйе, көгенді қозы арасы, –

Жата-тұғын мекені күл мен көмір.

Сөйтіп Шұнақ Тезекпен осы өмірде

Тірі жанға сездірмей жүрді үш-төрт жыл.

Содан кейін құрсақты болып Тезек,

Торсық шеге, ақ сазан тапты бір ұл.


Ұл туды деп шашулар шашылған жок,

Қатын жиып қалжа да асылған жоқ.

Жөргегі жоқ, қап-қара құрымға орап

Алса да, жанның жаны ашыған жоқ.

Алтай деп əлдеқалай атын қойды.

«Азанменен» құлағы ашылған жоқ.

Шұнақтың ақжүрегі қуанғаннан

Көпке шейін дүрсілдеп басылған жоқ.


…Күн-күн санап толқыды туған айдай,

Қап-қара көз, қыр мұрын, қасқа маңдай,

Қаз мойынды, кең иық, сұлу тұлға

Тіп-тік боп тауда өскен қарағайдай.

Кір-қожалақ табанын тас тілсе де,

Жүдемеді, үдеді гүл боп жайнай.


Қозы бақты, қой бақты, отын жақты,

Ерте тұрып үнемі кешке жатты.

Құлдан туған неме деп көзге шұқып,

Кім корінген бір сабап шырылдатты.

Итке төгер іркітін оған беріп,

Бай да жастан ұстады қысып қатты.

Сол бейнеттің бəрін де көргенімен,

Болып өсті ер Алтай ер сымбатты.


Бір доғал, жасынан бір бетті болды.

Кекшіл қасқыр сықылды кекті болды.

Аузынан шыққын сөзден қайтпай-тұғын,

Сөз ұстағыш қажырлы, сертті болды.

Сол бірбеткей бетінен қайтпаймын деп,

Жасында талайлардан тепкі көрді,

Бала күннен əлдінің қылығы өтіп,

Жас күнінен өзегі өртті болды.


II

Екі-үш жылдай отасып Тілеуберді,

Түнғышы, Алтынайдан бір қыз көрді,

Сұлушаш қойып атын, ұлан-асыр

Той жасап дүрілдетті бүкіл елді.


Ай мен күндей нұры бар жалғыз ару,

Бесіктен-ақ бал болып мəпеленді.

Ержеткенде күн түсіп бұғағынан,

Таң қылды сұлулығы көргендерді.

Он алтыға келгенде қыздың жасы,

Төгіліп тізесіне түсті шашы,

Қаламмен жалғыз сызық тартқандай боп,

Қиылды қап-кара боп қиғаш қасы,

Қарақат көз, қыр мұрын, ұзын кірпік,

Тістері меруеттің тізген тасы.

Бетінен нұры бөртіп, қаны тамған,

Толқыған сұлу айдай кесер басы.

Мойыны иірілген аққу-сынды,

Тамағы торғындай боп тартты күнді.

Қып-қызыл жұқа ерін, оймақ ауыз,

Қиылып құмырсқадай белі үзілді.

Сүйрік саусақ, жұп-жұмыр жұмсақ білек,

Орта бойлы- шалқақтау ер пішінді.

Көз қарасы көргенді күндей ертіп,

Ішпей-жемей мас болып көзін жұмды.

Есіркеп, əлдеқалай құты түсіп,

Не керек, бай табиғат берген нұрды!..

Басына бəт-құндыздан киді бөрік,

Тізеден қара шашты жіберді өріп,

Шеберге шашын ылғи маржандатты.

Бір рет өргеніне бір ат беріп,

Бірі күтіп, біреуі нөкер болып,

Соңынан сұлу қыздар жүрді еріп.

Өз алдына оңаша бір ауыл боп,

Алты отауды ақ күмбез тікті бөліп.

Өңшең торы қасқалы жорғаларды,

Тұрмандатты шұп-шұбар күміс көміп,

Қай уақытта серуенге шығам десе,

Бəрі даяр керегі, өзінде ерік.

Сандалды ел мырзасы болып ғашық,

Талай жорға, ішікті төкті шашып,

Бетпе-бетте бір ауыз сөз қата алмай,

Сұлудың маңайынан жүрді қашып,

Бетіне сұлу жанды қаратпады,

Сөзге шешен, ақ жарқын, мінезі ашық.

Толған айдай толықсып гүлдей жайнап,

Күннен-күнге сұлулық өрледі асып.


III

Сұлушаш бала еді аз жыл бұрын,

Балалық өмірдің жəй терген гүлін,

Не дегенін істетіп, еркелетіп,

Тілеуберді «қыз» демей, деді – «ұлым»…

Неше түрлі қуыршақ істеп сұлу,

Отауда отыратын жиып «жүгін…»

Сол кезде қозы баққан Алтай бала,

(Сауыс боп үсті-басы қарақұрым),

Соқтығып ойнаған боп қағып кетіп,

Көретін Сұлушаштың тартып сырын.

Сұлушаш сол мезетте күлімсіреп,

Алтайға аударатын көздің қырын.

Өйтетіні, Алтайға біткен тұлға

Байланбаған мүшелі сұлу құлын.

Ол кезде екеуі де құлын еді,

Құлындай ойнап у болуы

Оларға бала кезде білінбеді.

Қызарып шыға қалған қос қызғалдақ,

Суық желді өмірмен үрілмеді.

Неге екенін сезбеді өздері де,

Қарасса жүректері дірілдеді.

Ойнақшып қара көздер жаутаңдасып,

Қып-қызыл еріндері күбірледі.

Жастық-мастық, балалық бəрін жеңіп,

Өмірдің шын пердесі түрілмеді…


IV

Басқаны Сұлушаштың сүйері жоқ,

Алтайдан басқа көңілі иері жоқ,

Кездескен қай мырзаға кез салса да,

Ішінде тап Алтайдай біреуі жоқ.

Алтайдың тілі оған бұлбұлға ұқсас,

Сөйлесе майдай майда, сүйегі жоқ.

Тəңірісі табынатын жалғыз Алтай,

Өзінше одан артық киелі жоқ.

Алтайды көрмегелі көптен бері,

Жүрекке сағыныштың толды шері,

Отарға жылқы айдап кеткен Алтай

Жыл болды міне елге келмегелі.

Алтайдың қосы жүрді Нұраны өрлеп,

Жылқыны салған қысқа, жайлы жер деп,

Сол бет алған жағынан жазғытұрым

Қос көшіп Құланөтпес жаққа келмек.

Сəуір туып, қар беті қабыршыққа

Айналғанша, көшті ол қосын теңдеп,

Бұл бет алған маңайда, ат жететін

Орында, қатынасар ешбір ел жоқ.

Қыс маужырап, жылқыны қысып кетпей,

Қыс тентегі – боран да зəрін төкпей,

Жылқышылар жайланды рақатта,

Бір адамға батыра суық өтпей!

Жер отты, қыс та жайлы болғандықтан,

Семіздің басы жерге қалды жетпей.

Быртиып жылқышылар семіріп ап,

Беттері қара-күрең болды өрттей.

Алтай да осылардың арасында,

Жапанның ақ кебіндей даласында.

Ойынан жатса-тұрса шықпай сұлу,

Көңілсіз, қосылып жүр қарасынға.

Түн болса «күзетке» деп қосқа келмей,

Кетеді екі іңірдің шамасында.

Жүреді түні бойы жұлдыз санап,

Ғашығын іздеп, көзін көкке қадап,

Ермегі сүмбі-сынды Торытөбел

Оқтаудай ішін тартып қатқан жарап.

Есіне сұлу түсіп кеткен кезде,

Екпінмен шырқап тұрып əнге салад…

Бір күні жүргенінде жылдай болып,

Жаз жақындап, жылыды қар да еріп.

Қыстай көшкен қос та енді кейін қарай

Бетін бұрды ел жаққа бейімделіп,

«Сұлуыма бір табан жақындадым» –

Деген жанша, Алтайға ажар еніп,

Күндіз-түні ат үстін босатпастан,

Жүре берді қуанып, көңілденіп,

Қос сол көшкен бойымен жер қарая,

Құланөтпес түбіне қарай келіп,

Тігілді де, жылқыны тоқыратты,

«Келдік» деп иесіне хабар беріп.

Түс еді, жылқы біткен жусап жатқан,

Алтай мен бір жолдасы жылқы баққан,

Аттарын қаңтарысып отыр еді,

Көрінді бір салт атты ауыл жақтан.

Алыстан аттың түсі қылаңданып,

Қара құйрық желпеңдеп бұлаң қаққан.

«Бұл кім!» деп көз тігісіп отырғанда,

Бір жігіт келе қалды жорғалатқан.

Терлеген боз жорғасы бүлкіл қағып,

Толқыған толқындай боп ырғаланып,

Аузынан ақ көбігі бұрқ-бұрқ етіп,

Тайпаңдап «ə» дегенше келе қалып.

Қараса Сейіл дейтін жігіт екен,

Атынан түсірісті бұлар танып.

Жайласып, амандыққа келгеннен соң,

Алтайды шықты Сейіл оңаша алып.

– «Келіп ем – деді Сейіл, –  əдейі саған,

Тапсырды бір аманат сұлу маған».

«Алдымнан жұма күні қарсы шықсын,

Алтайды сай басында тосып алам» –

Деп мені хабаршыға салып отыр,

Сөзімде жалған бар деп болма алаң.

Сенімен осы арада уəделесіп,

Ауылға көп кідірмей қайта барам.

Алтайдың тұла бойы шымырлады,

Жүрегі дүрс-дүрс соғып жыбырлады.

Жалғыз-ақ сыр сақтағыш сұрша беті,

Білдірмей сасқандығын құбылмады.

Бұл хабардың не хабар екендігі,

Əрі ойлап, бері ойланып ұғылмады,

Ой келді: «бұл сұлуға не боп кетті,

Бұл қалай тым ыстықтай сұғынғаны?» –

Ер Алтай шіміркеніп қабақ қатты,

Шыжытқан ыстық, күннен тер де ақты.

Кенеттен келген хабар, түсініксіз…

Ішіне қосымша ғып тағы от жақты.

Əрі ойлап, бері ойлап келгенінде,

Шығып қарсы алуды мақұл тапты.

Сейілге жауап күтіп жаутаңдаған,

«Жарайды… Барайын!» – деп сөз ұстатты.

Қайсарды бүгін Алтай қасына ерткен,

Ол оған тату құрбы болған көптен.

Сейілдің сөзін айтып Қайсарға Алтай,

Ақтарды сырын түгел судай төккен:

– «Сұлушаш жанған жұлдыз маған бола,

Көрсетіп жарқын нұрын əуре еткен.

Жасырып сенен сырды не қылайын.

Сұлуды аламын деп мен ант еткем.

Адам болып өмірде жасау қиын,

Таятын болсам егер осы серттен.

Қане, Қайсар, айтатын ақылың не?

Жəрдем тілеп, алдына жолым шеккен»

– «Мұныңның бəрі мақұл – деді Қайсар, –

Бірақ, іске аптықпай кіріс еппен!»


V

Кеш болды көктің жүзін бұлт жапты,

Баяу жел біраздан соң дауылдатты,

Ымыртта атын ерттеп мініп Қайсар,

Əкелді жарап жүрген екі атты.

Қос алдында жалындар жалп-жалп жанып,

Бақырда ет бұрқылдап қайнап жатты…

Ет жеді жылқышылар майлап мұртты,

Ақ майға томпаңдатып толтырды ұртты.

Алтай еттен дəм татпай отырып қап,

Сіміріп жалғыз аяқ қымыз жұтты.

Алдағы өмірлерін елестетіп,

Көзімен шолып отыр көрген сыртты.


…Бір кезде Алтай, Қайсар атқа мінді,

Қаруға қарларына сойыл ілді.

«Күзетке барамыз» деп сұрағанға,

Перде ғып аттанысты қара түнді.

Бұлардың қандай жаққа баратынын

Серік боп ілесетін жел-ақ білді.


Төбеден қап-қара боп бұлт көшті.

Ысқыртып аттың жалын жел де есті.

Қараңдап қарақурай төңіректе,

Бұларға «жол болсын» деп есендесті.

Қыл-ұшы құйрығының ағараңдап,

Жолшыбай қосаяқтар алдын кесті.


Сарлатып қос Тортөбел тартты желіп,

Тер шығып бойларына кірді желік.

Аузымен ауыздықты сүзе шайнап,

Ойнады үстерінде аппақ көбік,

Танаудан будақ-будақ дем шығарып,

Желпілдеп желбезегі делеуленіп,

Түйілтіп қайшылатып құлақтарын,

Келатқандай хауыпты көзі көріп.

Пысқырып анда-санда бас изейді,

Шаршамай келемін деп дыбыс беріп.


Сарлатып талай-талай жерден өтті,

Жазық дала, белесті өрден өтті.

Жарысқан желмен бірге отты жүрек,

Алтайды əлденеге дірілдетті.

Қара түн қап-қара боп маужырап тұр,

Түнеріп төрт құбыладан төңіректі,

Сар желіп сол ағызған бойыменен,

Екеуі уəде қылған жерге жетті.

Таң атып келе жатыр түнді қулап,

Жер жүзін шық басқан қалың булап,

Бет алып күн шығыстан күн батысқа,

Бұлттар көшіп жатыр будақ-будақ.

Өзеннің қошеметшіл көп құстары,

«Хош келдің, жолың болсын!» десті шулап,

Өзен де жар астында сар-сар ағып,

Көпіршіп əлденеге жатыр тулап.


Құлақ, түрді, еш дыбыс білінбеді,

Шыдамай шерлі жүрек дірілдеді

«Асықпа, кешікпейді, келеді» деп,

Майда жел құлағына күбірледі.

«Екі жас ұяларсың, мен кетейін» –

Деп шолпан езу тартып күлімдеді.

Қоңыр қаз долы өзеннің жағасында,

«Мұншама ерте жүрген бұл кім?!» деді.

Жан-жаққа Алтай көзін сап тұрғанда,

Оң жақтан естілді аттың дүбірлері.

Дүбірге Алтай, Қайсар құлақ салды.

Со жақтан аттыларды көзі шалды.

Таң еркін бозармаған, ала сəуле,

Əуелі анықталмай, бұлдырланды.

Уқалап көзін тағы қарап еді,

Боз жорға көз алдында оттай жанды.

Үстінде Сұлушаштың ақ үкісі

Теңселіп самал желге бұлғаланды.


Екеуі Сұлушашты енді білді,

Мінісіп аттарына қарсы жүрді,

Сұлушаш жақын келіп аттан түсіп,

Алдына Алтайының тəжім қылды.

Құшақтап екеуінің көріскенін,

Өзен, таң, Қайсар, қыздар көріп тұрды.

Шөп етіп Алтай беттен сүйіп алды,

Сұлушаш езу тартып қана күлді.

Көп тұрсақ көзге ұшырап қалармыз деп,

Қайтадан бəрі тағы атқа мінді.


Жолшыбай мəз-мейрам боп қарқ-қарқ күліп,

Қайсар да нөкерлерді сөзбен іліп,

Сұлушаш Алтаймен ат үстінде,

Келеді құшақтасып сайда жүріп.

Жол ашты шық басқан жасыл шөптер,

Майысып басын иіп, тəжім қылып.

Шуылдап өзен үсті əнге толды,

Бүгінгі шат көңілді құс та білді,

Бөлмеуге екі жастың əңгімесін,

Басылып жел жадырап болды тымық,

Жарыса аққан өзен мөлдірленіп,

Сыр бермей күп-күрең боп қалды тұнып.


Сөйлесе Қайсар қандай тілге шебер:

– «Арулар, сөзім мақұл көрінсе егер,

Сұлу менен Алтайды оңашаға

Жіберейік, кешіксек біреу көрер.

Ойнап-күліп бір жерде думан қылып,

Бұл ара емес отырып орын тебер».


Арулар айтқан сөзді қабыл алды,

Бөлініп бір тасалы жерге барды.

Қайсар да оларменен бірге кетіп,

Сұлушаш Алтайменен жеке қалды.

Екеуі сол арада құшақтасты,

Жамылып үстеріне жасыл талды.

Үстінен қошаметтеп ұшты аққу,

«Қайырлы болсын» – айтып шырқап əнді.


Сығалап сұлу күн де күлімдеді,

Жел сыбырлап құлаққа күбірледі,

Қосылған жас жүрекпен қоса қабат,

Талдардың жапырағы дірілдеді.

Өзеннің қабағында қоңыр қаздар.

«Мұншама құмарланған бұл кім?!» деді.


Қарақат төне қарап мөлдіреді,

Жасыл жапырақ перде боп желбіреді.

Тал ішінде қызарып шыққан гүлдер

Шайқалып нарттай жанып үлбіреді.


Шықтар күмістей боп, жарқ-жарқ тамып,

Əр жерде бір мөлтілдеп селдіреді.

Бұтаққа қонып алып бұлбұл сайрап,

Ұзақ болсын қуаныш, сүю деді.

Бұлардан басқа, сүйген қос жүректі

Жалғыз-ак, қиядағы күн біледі.

Жүректің жалындарын басып енді,

Екеуі құшақтасып түрегелді.

Көптен бері жүректе топ боп жүрген,

Ақтарды іштерінен қалың шерді.

Сұлудан көзін алмай тесе қарап,

Ер Алтай «уһ», «Ойпырмай, уһ» – дей берді.

Қайғысы ер Алтайдың бақ па, мал ма?

Не нəрсе күйінгендей батты жанға?

Болмаса өткен өмір уландырған,

Кəрілік келіп жеткен өлер шал ма?

Немесе мынау сұлу табиғаттың

Алтайға ұнамаған жері бар ма?–


Жоқ! Оған бақ пен малдың керегі жоқ,

Қайғысы, – алды-артына сенері жоқ.

Өлетін халге-жетсе жаны ашып,

Аузына əкеп сусын берері жоқ.

Алдында күндей күлген мынау сұлу,

Жандыра жүрегіне түскен бір шоқ.

Сол шоқты сөндірем деп жүргенінде,

Рақымсыз қандай күнге болады соқ.

Бəрін айт, бірін айт та, ит жоқшылық

Жүректі айнытады құсықтай боп.


«Алтайжан, – деді Сұлу оған қарап, –

Қарақат қара көзін тура қадап, –

Қыздың көрген қызығы бес-ақ күндік,

Мұндай дəурен басымнан өтеді əлі-ақ.

Міне мен он жетіге аяқ бастым,

Бұл өмір жиырмаға жетсе сол-ақ.

Өз алтын босағаңды аттаған соң,

Өмірге болғаның жай күйсіз қонақ.


Сүйіктің еркін басын ноқтаға ілді.

Құда түсіп айттырды бір жер дүмді,

Атастырған адамның теңі емеспін,

Сұрастырып ғашығың жаңа білді.

Өмірімде жар емес, жалын құшып.

Өткізбекпін құсамен көрер күнді,

Соны саған естіртпек болып бүгін,

Əдей келдім, төккелі іште мұңды!..»

Есіне түсіп барлық дос пен қасы,

Сұлудың мөлтілтеді көзде жасы.

Қыбырлап қызыл ерні тоңғандай боп,

Қабақта қимылдады қара қасы.

Əке де, шеше де жау, туған да жау,

Бар сенгені Алтайдың қара басы.


Неге екенін білмейді өзі-дағы,

Əйтеуір ауды соған ықыласы.

«Алтайжан, қайтемін!» – деп құшақтады,

Оралып мойынына жібек шашы.

Алтайдың мына сөзге мұздап іші,

Құбылып қырық түрленіп сұрша түсі,

Аузына айта-тұғын түк сөз түспей,

Дей берді:

– «Құда болған қандай кісі?»

– «Ол атақты Байбосын, ұлы жүзде

Билік құрып аюдай батқан тісі.

Оған жесір бермеуге, теңгермеуге

Үш жүзде де келмейді жанның күші.

Байбосынның жұмсары кектескенге, –

Шоқпарлы қол, сүйреген найза ұшы!»


– «Енді білдім, Сұлушаш, енді білдім!..

Қармағына түсіпсің мықты дүрдің.

Ол қармақтан құтқарып алу үшін

Қолынан не келеді мендей «құлдың!»

Мен жанымды қиямын құтқаруға,

Дерлік болсаң егерде «көзді жұмдым!»


Əкеңнің төрт құбыласы түгел дерлік,

Тізесін дəу-перінің бүгер дерлік,

Тік тұрса төбесімен көкті сүйеп,

Қолымен қос бүйірін тірер дерлік.

Сені берген қайының Байбосын да,

Үйретіп жолбарысты шідерлерлік.

Азуы алты қарыс өңшең аю,

Оңайлықпен бере ме бізге теңдік.

Мұндай іске бел байлап, көз жұмғанда,

Қайратыңнан тысқары керек ерлік.


Ойласақ малда ғана күш пенен бақ,

Кім-кімде малы болса мықты болмақ.

Кім ат пенен ас берсе, елдің бəрі

Сойылын соғып соның, тілін алмақ.

Бір мені күл ғып көкке ұшырады,

Жағынған екі байға өңшең жалдап.

Қаптаған қалың аран іштерінен,

Əкету тағы қиын көзін алдап.

Мұндай бəле басқа кеп орнағанда

Құтылмақ талмай-тұғын жүйрік саңлақ».


– «Алтайжан! –  деді сұлу бір заманда, –

Нелер мұңды еткен жоқ бұл жалғанда!

Өкінгенмен өткен іс бұзылмайды,

Оған кейіп қажыма, назаланба!

Кеше-тұғын өткел көп екені рас,

Талай əлі қиындық жатыр алда.

Мен сендік!.. Сенер болсаң сырым осы,

Қосылмасам санама тірі жанға.


Құр қажудан, қажырлы арық қайрат

Ұнатсаң мен бір амал жүрмін ойлап,

Ұрын келсін деп əдейі атасқан-ды,

Шақыртуға белімді будым байлап.

Жамандығы шын болса жасқаншақтап,

Сенсе өзіне əлемге келер жайнап.

Менсінбеймін десем ол не қылады,

Азар болса бармағын кетер шайнап.

Жамандығын көзімен көрсе өзі,

Əкем-дағы уəдесін бұзып, таймақ.


Менің əкем тек сонда бүлінеді,

Уəдеден жəне де шегінеді.

Байбосын көнсе егер Құдай иіп,

Малдары қайырылып беріледі.

Жау жағы тулағанмен не қылады,

Азар болса біраз мал төгіледі,

Баласы жаман болып көзге түссе,


Сұлушаш

Подняться наверх