Читать книгу Адасқан өмір - Сұлтанмахмұт Торайғыров - Страница 1

АДАСҚАН ӨМІР

Оглавление

СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ

(1893–1920)

Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма?

Оны жасырар адамның күші бар ма?

Біреу күй, біреу пішін, біреу сөзбен,

Көрсетпейтін жүректің іші бар ма?


I

Мен бала

Мен сəби мейірімді ана құшағында,

Ақ мамасын сүйемін, құшамын да:

Алтын ана жек көрер шамасы жоқ;

Былғанам ба, мейлі құсамын ба.


Мен ұжмақ періштесі, көңілім таза,

Қандай нəрсе білмеймін: бəле, қаза.

Еркімнің ұйғарғанын істеуіме,

Ұғынбаймын ешкімнен бар деп жаза.


Қастық деген не нəрсе: көрінген дос;

Қайғы деген не нəрсе: көңілім хош;

Алдау, күндеу, айла не, мен білмеймін,

Жүрегімде түкпір жоқ сүюден бос.


Мен білмеймін: жалыну, жағынуды,

Ресім, ұлық, Құдай деп табынуды,

Өз еркімнің қылығы өзіме жөн,

Айтшы маған не нəрсе жаңылуды?


Кəпір жоқ, мұсылман жоқ, мал мен адам

Бəрі де айырмасыз бауыр маған.

Пайда, зиян, ұят не, – мен білмеймін

Менің үшін сөз һəм жоқ деген жаман.


Менде жоқ: мынау орыс, мынау қазақ,

Не мақтау, не кемсіту, қорлау, мазақ.

Бай, кедей, сау, кем-кетік бəрібір бас,

Не нəрсе айтшы: кəрілік, ауру, азап?


Мен білмеймін: не нəрсе өлім деген,

Қорқу деген, көму деген, көрің деген.

Тамағыма пышақ таяп тұрған жан да,

Күлуден басқа жауап алмас менен.


Күн сайын жазғытұрым шыққан гүлдей,

Жақсы түрге кіремін өзім білмей.

Сондықтан көңілім шат, жүзім нұрлы,

Күліп сəуле шашамын жазғы күндей.


Жас тəнім ажарланып күннен-күнге,

Бəйшешектей құлпырар түрден-түрге.

Талпынам асыққандай жігіттікке,

Ұқсайтын жүзім гүлге, шаш сүмбілге.


Жас тəн мен сезім, білім қабат өсіп,

Барамын кəмілдікке таман көшіп.

Өңім тұрсын, түсіме елестемес:

Бір күн топырақ болам деп, үнім өшіп.


Сыртым сондай, ішім бос жамандықтан,

Мен періште ұжмақтан жаңа шыққан.

Сондықтан əркімге де мен сүйкімді,

Күнəсіз екенімді бір көрсе ұққан.


Ақтайтындай дүниеге келісімді,

Асыққандай беруге жемісімді,

Күн сайын өсіп барам, толып барам,

Ақтасан, дүние, осы сен ісімді.


Мен, сыйлар деп дүние, келдім міне!

«Бір жас» деп есігіңнен ендім міне!

Мен азатпын, мен ақпын, мен өсемін,

Не қылсаң да басымды бердім міне!


Кім біледі қоярсың еркімді алып,

Кім біледі қоярсың көркімді алып,

Кім біледі бүл ерік, бұл көріктің –

Жоғалғанын білмеспін қайда қалып.


Əлде дерсің: «пəлен бар, көрмесем де,

Соған табын, солайша жəне нанып.

Соны қылып, сондайдан тыйылмасаң,

Миллион-миллион жыл қинар отқа жағып»


Əлде дерсің: «Ұлық бар, ел ғұрпы бар,

Жазалысың, қоймасаң оны танып».

Əлде дерсің: «Царь, құдай, алтын деген,

Соны сүй, соған табын, шұлғы барып».


Əлде дерсің: «Қап салып тілену бар,

Алтынның қызметінен қалсаң арып».

Əлде дерсің: «Құтылмас кедейлік бар,

Маңдай термен болмайтын асқа жарып».


Əлде дерсің: «Мейірімсіз ғашығың бар,

Түкіруге қорланар күйсең жанып».

Əлде дерсің: «Достық бар сау кезіңде,

Қараңды да көрмейтін солсаң кəріп».


Əлде дерсің: «Ауру бар қинай-тұғын,

Тынышың кетіп, тамағың, ұйқың қалып».

Əлде дерсің: «Беле бар кем-қор қылып,

Елден ет жиғызатын дорба салып».

Əлде дерсің: «Қайғы бар жылай-тұғын,

Гүл бетіңді сарғайтып жасқа малып».


Əлде дерсің: «Кəрілік бар тəнің тозып,

Қуартар, əлсіз қылар көркіңді алып».

Əлде дерсің: «Құтқармас қараңғы көр,

Топырақ болып, ұйықтарсың сонда барып».


Миллион жыл, миллионымен өтсе-дағы,

Тұруды бір білмессің ұйқың қанып.

Сен ұмыт, сен деген бір саңырау көр,

Бар-жоғыңды артқылар қылмас парық».


II

Мен жігіт

Мен жігіт, он бес – отыз арасында,

Бұл жаста көп: бересі-аласым да.

Алдымда толған мақсат, толған таңдау,

Алайын мынасын ба, анасын ба?


Жазғы гүлдей түрленіп толған түсім,

Көзім нұрлы, ақ меруерт – бүтін тісім.

Шашым қара сүмбілдей, бойым түзу,

Сəуле шашып тұрады жастық пішін.


Жалыны бойға сыймай сырттан көрініп,

Күн сайын тұрады артып қайрат, күшім.

Əр үміттің қиялы сəулеленіп,

Түн бойы ұйқы бермес, толқып ішім.


Жүрегім жұлқынады əлдеқайда:

Сақтауға күші келмей іштегісін

Лепіріп, бақ іздейді, жар іздейді! –

Ол ғашық көрмесе де жардың түсін.


Тəніме жаным сыймас іздеп кімді?

Кеудем қызып құриды əбден мысым.

Іздеймін, түсін əлі бір көргем жоқ,

Кандай түрде, қай жерде білемісің?


«Басқа бақыт табылмас» деп ұқпаймын,

Соны табу: ең менің керек ісім.

Бір табармын басқа бар қандай бақыт,

Таңдаймын, салыстырып, əрбір ісін.


Ұқпаймын қол жетпейтін бақыт бар деп,

Дүние жаралғандай менің үшін.

Үміттімін, алдар деп жəне ұқпаймын,

Қайғы алған жоқ жүректің бір бұрышын.


Сол түрде тұратындай мəңгі өмірім

Бақыттан бақыт таңдар жас көңілім.

Жетпеймін деп білмеймін еш біріне,

Мен үшін жоқ секілді кəрілік, өлім.


«Асығыс жоқ, мен əлі жетем» деймін, –

«Дəл бүгін жетпедім деу бекер» деймін.

«Сондай бақыт табуға мен əуелі –

Сондай бейнет һəм еңбек етем» деймін.


Еңбек қып мен іздейтін бақыт қандай?

Бүгін мен ұйықтағам жоқ таңдай-таңдай:

Бай болу, əкім болу, алғыс, атақ –

Ойланылды бəрі де бірі қалмай.


Ғашық болу, ақ ерке сұлу тауып,

Еріп тұрған «бір мен» деп жүрегі ауып.

Жанына жаным қосып өмір сүріп,

Айды күндей өткізу құрып сауық…


***

Ең басында көрінді байлық оңды:

Басқасына даярлық жолды.

Əкімшілік, сұлу жар, алғыс, атақ –

Бəрі сатылар, тек байлық болса болды.


Жоқ, əкім болу неге ақы беріп,

Бермеген күні кетсе халық жеріп.

Ақыл иесі, жан иесі бола тұра,

Жансыздың арқасымен күтім көріп.


Крыловтың баснядағы есегіндей,

Үстімде алтын болғанды қылып желік.

«Данышпан ел көркейтер ерім осы», –

Деп таңдап қоймаған соң халық сеніп.


Қандай байлық шыдайды тойғызуға,

Анау топты тімтінген күнде келіп.

Кісі деп, ақылды айтпас, есек демей,

Жүргенді құр байлықпен қатарға еніп.


«Ит едім, байлық мені кісі қыл» деп,

Адамның несі адам болған жерік?

Мен адам болғандықтан өзі қызығып,

Бақыт, дəулет жүрмеген соң соңыма еріп.


Несі бақыт: сүймейтін бір сұлуды,

Сатып алып, өзімді жүрсем теліп.

«Құшақта, сүй!» деп зорлау, көріп отырып

Ататындай көздерін берілсе ерік.

Несі бақыт: сол байлық қылмаған соң,

Сұлу бір сүйетіндей жүрегі еріп,


Байлықпен медресе, школ салсам,

Нашарларды оқытып, алғыс алсам;

«Жақсы» деген атағым жұртқа шығар,

Жиһан кезсем, кəрілікте қажыға барсам.


Жоқ, байымас бұл күнде адал еңбек:

Біреу байыса, біреулер кедейленбек.

Кімде-кім тез байыса қолына ағып,

Кім кедей болса, соның малы келмек.


Несі бақыт: алдап ап, тартып алып,

Өз малын қайта өзіне қайтып бермек.

Көз жасы, бейшараның маңдай тері,

Жиылып, байытпай-ақ қойсын мені.

Мал біте ме адамды малдай қылмай,

Малдан басқа көрмейтін дəнеңені.


Бейне бір жаралғандай мал жимаққа,

Адалдықтан, ардан без, дамыл таппа.

Мал сен үшін жаралмай, сен мал үшін,

Жасағандай өмір сүр, осы бақ па?

Құл болмаған бай бар ма осы күнде?

Малды жиып, мақсатын ұмытпаққа.


Өгіздей ең маяда шөпке тойып,

Тамақ көп деп қайғының бəрін жойып.

Артық жеп, артық семіріп, бақыт сол деп,

Жүрейін бе басқа ойдың бəрін қойып?


Несі қызық байлықтың, несі бақыт?!

Байлықпен алмаған соң бақыт сатып.

Бақыт тауып беретін істі қумай,

Неге мен өткізейін оған уақыт?


Өйткені мен қалмаспын аштан өліп,

Суыр да жүр ін қазып, күнін көріп.

Қарын тоққа қанағат қыла-тұғын,

Мен емес, тəнім тірі, жаным өлік.

Ірі мақсат болмаса, ұсақ іске,

Неге мен алданайын уақыт бөліп.


Мұны ойлап, байлық жақтан көңілім безді,

Онан бақыт таппасын жүрек сезді.

«Əкімшілік бақыт» деп жұрт айтады,

Осы қалай екен деп ойым кезді.


***

Адам тобын еркіме жүргізуге,

Бəріне өкімдігім білгізуге.

Мен өзіңдей сүйгізіп бəріне де

Бір мен үшін жылатып, күлгізуге.


Мақсаты бір-біріне қайшы топты –

Бауыр ғып, тату өмір сүргізуге.

Зорлаусыз əр ойдағы сонша жанға,

Не бұйрық қылсам соны сүйгізуге.


Бүйтуге əкім болсам келе ме əлім?

Ешбір əл бүйте алмасы көптен мəлім:

Басқадан өзін артық сүймей-тұғын,

Еш біреу жоқ, байқасам жанның бəрін.


Адасқан өмір

Подняться наверх