Читать книгу Шежірем сыр шертсе - Тажис Мынжасар - Страница 1
ОглавлениеБұл еңбегімді шежіремдей ғұмырлы болғай деп онымен
бір жылда дүниеге келген немерем Таиржанға арнаймын
Λ Ω+V
(Дойт)
Шежірем сыр шертсе
Сарықасқа Келменбет батыр ұрпақтары хақында
Шежіреміздің біраз жерінде есімі ауызға алынған, бұған дейін асқақ та әсем Алматы қаласында бой түзеген еңселі Жалаңтөс баһадүр мешітінің құрылысы мен тағы бір-екі құнды деген тарихи кітаптардың жарық көруіне демеушілік еткен Мырзабай баба ұрпағы Жүсіпбекұлы Айтмахан ағамызға зор алғысымызды айта отырып, бұл жасаған садақасын Аллаһ қабыл қылғай деп дұға етеміз. Сондай-ақ шежіремізді басып шығаруға басынан-аяғына дейін аянбай қызмет еткен Баис бауырымызға да үлкен рақмет, ілтипатымызды білдіреміз.
Аңдатпа
Автор шежіреден гөрі монография іспеттес етіп жазған бұл еңбегін жеті атадан бастап, оны көп шежірешілер жеткізе айта алмай келе жатқан шығу тегіміздің сонау бастау көзі "қазақ" мәселесін сараптаумен жалғастырады. Сөйтіп оқушы қауым мен тарих мамандарына оны әрі қарай тереңірек зерттеуге ой салады. Мұнымен қатар кіші жүздің қаракесек бірлестігіне қарайтын шөмекей-сарықасқа шежірелерінде бұрындары айтылы қоймаған "Шу хақан" тарихы сияқты кейбір тың мәселелердің басын қозғап, ашып жазуға ниеттенеді. Шөмекей атауының этимологиясы мен таңбаларын жан-жақты талдай келе, олардың шығу тарихына ғылыми тұрғыдан қарау керектігіне тоқталады. Шежіре соңын ата-бабаларына арналған естелік– эсселермен аяқтайды.
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді.
І.Жансүгіров
Автордан
Әулет шежіресін екі үлкен тарауға бөліп жаздық. Бірінші тарау кіріспе, жеті ата және қазақтар, қазақ хандығы мен жүздер сияқты шежіре, нәсіліміз бен шыққан тегіміз, мемлекеттілігіміз жайлы жалпы мағлұмат беретін бөлімдермен басталып, аты мен тарихы көп шежірелерден белгілі арғы бабамыз Келменбет батыр жайлы жазылған дастан, аңыздар мен одан тарайтын ұрпақтар кестесімен аяқталады. Бір айта кетер жайт, Бозғыл, Келменбет, Есбол, Метей, Өтебай, Құдайғұл баба тектерін өрбітерде негізінен Зайыр Сәдібековтың «Қазақ шежіресіне», Тұрлыбек Деменұлының «Келте тонды Келмембет» шежіресіне, Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресіне», Тынышбек Дайрабаевтың «Кете–Шөмекей шежіресіне», Мақсұт Неталиевтің «Кіші жүз шежіресіне», Жарылқап Бейсенбайұлының «Кіші жүз шежіресіне», «Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр шежіресіне» сүйенгеніміз анық. Бірнеше ондаған беттерге созылған ұзын-сонар ұрпақтар тізбегін өрбітерде адам аттарынан байқаусызда дәлсіздіктер мен қателіктер жіберіп алған болсақ, әрине, ол кісілерден, олардың ұрпақтарынан кешірім өтінеміз. Сонымен қатар кітабымыздың ішкі бетіне Қазақстан халық суретшісі, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Е.Сидоркин салған ұлы дала төсінде желмен жарыса жүйтки шапқан қазақ батырларының бейнесін бердік.
Ал екінші тарау біріміздің алтыншы, екіншілеріміздің жетінші, ал үшіншілеріміздің сегізінші атамыз болып келетін Жаңай батыр туралы баяндайтын ел аузынан жиналған хикаялармен ашылып, өзіміз сызған ата– бабалар кестесі мен олардан ұрпақ тарқатар мәтіндермен жалғасады. Сөйтіп күні кеше өмір кешкен, бірі әлі арамызда тірі жүрген әулеттің әлеуетті адамдары туралы жазылған өмірбаяндық материалдармен ұштасады.
Сонымен әңгімеміздің 1 тараудағы кіріспе бөлімінде оқырман қауымға алдымен шежіре жөнінде жалпы мағлұмат беріп, осы түсініктің тарихына аздылы-кемділі болсын тоқталып кеттік. Тарихымызда мазмұндылығымен елеулі із қалдырған ірі-ірі деген шежірелер мен олардың авторларын атап өттік. Шежіренің жеті атадан басталатындығы баршаға аян. Сондықтан осы аттас келесі бөлімде бірқатар зерттеушілеріміздің осы мәселе жөнінде түйген ой-пікірлерін ортаға салдық. Өйткені біраз жұрт осы жеті атаны қалай, кімнен бастап санап, тарқату, оларды қалай атау керектігін әлі күнге дейін жетік білмей, шатастырумен жүр. Соларға бір септігі тисін деп ойладық.
Қай ел, қай халықтың тарихы жайлы сөз қозғамайық, оның алтын қазық арқауы, аттап өтуге, айтпай кетуге болмайтын тақырыбы қашанда оның ныспы, атауы емес пе. Атаусыз халық та, жер де, су да, ну да жоқ. Сондықтан шежіремізді ә дегенде осы үлкен мәселеден қарға тамыр қазағымның «қазақ» деген атауы мен оның шығу тарихынан бастағанды жөн көрдік.
Қазақ этнонимінің шығу тарихына "Қазақтар кімдер, қайдан шыққан?" деген 2 бөлімде тоқталдық. Шындығын айту керек, бұл бүгіндері үлкеніміздің де кішіміздің де, кәріміздің де жасымыздың да басындағы жағдай. Анасының құрсағынан ән мен күй, сөз қадірін ұғып туатын от ауыз, орақ тілді, бесіктен белі босамай жатып, жеті атасы мен ру, жүзіне дейін сүрінбей, судыратып тұратын қазағым, «ал қазақ кім, ол қайдан шыққан?» деп сауал қоя қалсаң кібіртіктеп, тосылып, жауап бере алмай қалатыны бар.
Өзге ұлт өкілдерінің біразы, мәселен, мұхиттың арғы жағын мекен еткен мексикалықтар біздің эрамызға дейінгі көне ацтек өркениетінен өрбитіндіктерін, ал тұрақтары бергі еуропалық материкте жатқан испандықтар мен португалдықтар, француздар мен швейцарлықтар біздің эрамызға дейінгі 2–1 мыңжылдықтар арасында қалыптасқан әйгілі алпілік кельт нәсілінен бастау алып тарайтындықтарын, ал германдықтар 4 ғасырдағы жауынгер гот тайпаларының ұрпақтары екендіктерін тарих бетіне тасқа таңба басқандай етіп, әлдеқашан жазып, қалдырып кеткені аян.
Алысқа бармай-ақ қояйық, қасымыздағы «төсекте басы, төскейде малы қосылған» орыс көршіміз, мәселен, өздерін 6–10 ғасырларда жасаған, древлян, поляндар болып екіге бөлінетін көне ильмендік словен тайпаларының алғашқы бұтағынан тарқайтындығын айтып келеді. Ал қазақтар ше? Қазақтар да бір түнде туып, бір күнде «қазақ» аталмаған шығар. Қазақтар да өзгелер сияқты мыңжылдық тарихы бар ел екендігі күмәнсіз. Шығу тегімізді зерттейтін этногенез ғылымы да осы пікірді ұстанады. Сондықтан жеті атасын сараптай білетін қазағым үшін қазақ атауының қайдан шыққандығын да білу керек ғой деп, шаң басқан сөрелерден қазақтар кімдер, қайдан шыққан деген сауалдарға жауап іздеп, көне жазулардан оқып-білгендерімізді шама-шарқымызша саралап, ортаға салдық.
Сонымен қатар Елбасымыздың 2012 жылдың желтоқсанында, сондай-ақ Қазақстан халқына жасаған кейінгі жолдау сөздерінде еліміз даму бағдарламасы бойынша ендігі 2025 жылға дейінгі аралықта алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің тізімінде 50-ші орыннан 30-шы орынға дейін көтерілуі тиіс деп айтып кеткен, осыған орай «Қазақ елі» деп аталу мәселесін де көтерген сөздері бар. Егер бұйыртып «Қазақ елі» дел аталар болсақ, онда өркениетті еліміздің де, оны құрайтын титулды ұлт түлегі ретінде өзіміздің де неге «қазақ» аталғандығымыздың қыр-сырын білуіміз әбден-ақ керек шығар деп ойлаймыз.
Бұл орайда ғылыми құжаттармен қатар халқымыздың бай ауыз әдебиеті мен фольклорынан алынған үлгі үзінділеріне де сүйендік. Сөйтіп қазақ атауы тарихымызда Ұлы қоныс аудару заманынан кейін кеңірек белгілі бола бастағанын анықтадық. Бабаларымыз Алтай баурайынан ауа көшкен кездерінде-ақ ауыздарында қазақия атауы болған. Бұл деректер Қазақияның әлем аренасына шығу тарихын әрі қарай 5–6 ғасырларға қарай жылжыта түсті. Ал сол деректерден бағзы Қазақия мемлекетін құруға қатысқан көне алшын тайпалары атауларынан бүгінгі қазағымның құрамындағы өзімізге белгілі кіші жүздің белді руларының атын көріп отырмыз. Мұны қаймақсыз қара сөздермен емес, сүйекті, дәйекті дәлелдермен беруге тырыстық. Ғасырлар тереңіне қарай жылжуымызға орай Қазақия хақындағы мәліметтерімізді оқушы қауымға хронологиялық тәртіп бойынша жүйелеп бердік.
Тура биде туған жоқ демекші, қазағымның атауы мен тарихын ақ қаз бен қашақ ұғымдарына теңеп, көпе-көрнеу қате пікір айтқандар мен ұстанғандарды шындық үшін бетің бар, жүзің бар, атың бар, затың бар демей жаңсақ тұжырымдарын ащы да болса бетке басып, дәлелдеп айтуға тура келді. Осы ретте аты алты алашқа мәшһүр этнограф-ғалым Семёнов-Тяньшанскийдің (А.А.Семенов): «Бір жолғы көштен (actus) бір халық, оның ат-атауын тудыруға болмайды»,– деген аталы пікіріне қосыла отырып, бұл жайында толық болмаса да білгенімізше біраз дәйекті дәлелдер мен мәліметтер келтірдік.
Бұл қазақтың қалай қазақ болғандығын бір әулеттің шежіресімен айтып та, жазып та тауыса алмайтындығымыз екібастан түсінікті. Бұл бір емес, бірнеше ғылыми институттар мен зерттеу орындары, басалқалы үлкен ғалымдар бас қосқан мемлекеттік комиссия жұмысы деңгейінде шешілуі тиіс шара екендігі анық. Сондықтан ниетіміз тиісті орындарға тек ой салып, пікір тастау ғана болып отыр. Ал Қазақ хандығы жөнінде жазу себебіміз тарихымыздың 400 жылдық тай қазанында халқымызды ұлт қылып ұйытып, шымырдай шынықтырып, тау көтерген Толағайдай тәрбиелеп шығарған түрлі тарихи-әлеуметтік жайттар мен тар жол, тайғақ кештірген қилы-қилы оқиғалар, солардың басы-қасында болған тарихи тұлғалар жайлы жас ұрпақ шежіремізден қысқаша болса да мәлімет алуы керек ғой деп ойладық.
Қазақ хандығының құрылуы мен оның негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарға қатысты фактілерді көпшілік білетін жалаң деректер негізінде емес, белгілі ғалымдардың жан-жақты айтылған пікірлеріне сүйене отырып жаздық. Сөйтіп оның тарихи алғы шарттары мен әлеуметтік қыр-сырларын, ішкі психологиялық жай-жапсарларын ашып көрсетуге тырыстық. Мұны 3 бөлімде бердік. Жүз мәселесі мен оның құрамдары, қалыптасу барысы жайлы, ондағы ру-тайпалар таңбалары хақында жазғанда да осы қағиданы ұстандық. Сөйтіп жас ұрпаққа тарихтың келелі тұстары мен айтулы оқиғаларын ықшам болса да жүйелі түрде тездетіп, төтелетіп қабылдауына мүмкіндік жасадық. Бұл турасында "Жүздер қашан, қайдан шыққан?"деген 4 бөлімнің бас жағында баяндап өттік.
Ер жігіттің үш жұрты: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты бар болса, бұл үшеуі қазақтың үш жүзі мен жүздерге кірмейтін өзге топтарынан шығуы мүмкін екендігін ескере отырып, Ұлы, Орта, Кіші жүз аталары мен олардың құрамына кірмейтін, бірақ халқымыздың құрамдас бөліктері болып табылатын өзге рулық топтар туралы да 5, 6, 7 бөлімдерде қысқаша болса да мағлұматтар беріп кеттік.
Әлбетте, Кіші жүз тақырыбы мен оның рулар бірлестігіне 8 бөлімде біршама тереңірек тоқталдық. Оның ішінде өзіміз өрбитін Әлімұлы бірлестігі бойынша, сөз жоқ, бар білгенімізді ортаға салдық. Оның құрамына кіретін басты рулар мен аталарды түгел атап өттік, оларға қатысты жазылған тарихи деректер мен аңыз, уақиғаларды толық дерлік келтірдік. Әрқайсысының шығу тарихына, алып жатқан жағрафиялық орындарына, кезінде белгілі болған түтін сандарына, таңбаларына жеткілікті түрде тоқталып кеттік.
Басты проблеманың бірі – көп авторлар мұндағы Алты ата Әлім мен Әлімұлы бірлестігіне қатысты түсініктерді, олардың құрамына кіретін аталық атауларын еңбектерінде әлі күнге дейін жиі шатастырып жазып жүр. Осыған орай 9 бөлімде бұл мәселенің жігін ашып, тігісін жазып, дұрыс түсіндіріп, сараптап, сұрыптап жазып беруге тырыстық.
Ал әңгіме Алты ата Әлім мен Әлімұлы жайында болып отырғасын әулетіміз солардың сапынан шыққан аттары алты алашқа әйгілі болған өзінің айтулы ұлдарын білуі керек деп, төртқарадан өрбитін, Самарқанның жеке-дара билеушісі, атақты Жалаңтөс баһадүр мен оның ұрпағы кіші жүздің бас биі, Тәуке ханның бас кеңесшілерінің бірі болған Әйтеке би тарихына шежіреміздің 10 бөлімінде аз-кем болсын тоқталып өттік.
Кете руының тақырыбы 11 бөлімде кеңінен әңгімеленді. Әлімұлына кіретін шөмекей руы, әлбетте, әңгімеміздің басты тақырыбының бірі болғасын шығу тарихына терең де жан-жақты талдау жасай отырып, оны 12 бөлімде етек-жеңін кең етіп бердік. Осы орайда көне де, жаңа да дерек көздерінен мәліметтер келтірдік. Оларды саралап, салыстыра қарау барысында оқырманға ой саларлық, қызғылықты, тың қорытындылар келтірдік. Солардың бірі – шөмекейдің атышулы көне ғұн тайпаларының ұрпағы екендігін дәлелдейтін оның таңбасы шекіліп салынған археологиялық артефактілер, ал екіншісі – Шу өзенінің атауына байланысты жазылған тарихи ақпараттар. Мұнда б.з.б. өмір сүрген Шу хақан мен екі мүйізі қарағайдай әлемнің жарты бөлігін жаулап алушы әйгілі Ескендір Зұлқарнайын арасындағы жорық қимылдары баяндалады. Шу хақан хикаясы шөмекей тарихымен байланысты қарастырылады. Мұның шөмекей тегін одан әріге, сонау ықылым замандағы тарих қойнауларына ысырып тастайтындығына ұстамды дәлелдер келтірдік.
Әлбетте, шөмекей жайында келтірген бұл деректеріміз бұрын-соңды еш жерде айтыла да, жариялана да қоймаған соны тұжырым, байламдар екендігі анық. Осы ретте шежіреші тек өткен-кеткенді теріп жазушы жай жылнамашы ғана емес, деректер мен мәліметтерді саралай, салыстыра келе тың шындық бетін аша алар зерттеуші де екендігін ескертіп, есіңізге сала кеткіміз келеді. Төрт таңбалы шөмекей тамғасына талдау жасаған кезімізде де осылайша оны саралап, ой елегінен өткіздік. Оны оқушы қауым шежіреміздің "Тамға" тақырыбына жеткенде өзі-ақ жете оқып, зейіндей жатады.
Осылай жалпыдан жалқыға қарай жылжи отырып, шөмекейден берідегі аталарымыз жайлы баяндайтын деректер тұсына да жетеміз. Шөмекейден өрбитін 4 ата–Аспан, Бозғыл, Тоқа, Көнек ұрпақтарын білгенімізше толық тарқаттық. Бозғыл ұрпақтарын Келдібай бабамыздан бастап, аты әйгілі сарықасқа Келменбет бабамызға жеткенше ірі аталардан ешқайсысын қалдырмай түгел келтіруге тырыстық. Өйткені ағайын, туысқандай болып жақын араласып жүрген дос-жарандар баршылық ғой, сұрай қалса солармен ара қашықтығымызды жаңылмай дұрыс ажырата, айта білуіміз үшін керек ғой деп санадық.
Жеті ата тақырыбында атап кеткен тек пен түп ата, түп бабаларымыз жайлы баяндарда деректерімізді неліктен көбіне олардың отан қорғау жолындағы батырлық істері мен шешендік, даналық сөздерін насихаттауға құрғанымыз бәрімізге түсінікті ғой ойлаймыз. Мұндағы мақсатымыз – олардың жалынды патриоттық істері мен жеке бастарына тән бірегей қасиеттерін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие ретінде қалдырғымыз келгендігі. Келменбет бабамыз жайлы хикаяларымыз солардың бірі. Оны да өз алдына дербес, 13 бөлімде баяндап бердік.
Бұл үшін бабамыз туралы жазған Тұрлыбек Деменұлының «Келте тонды Келмембет» шежіресін тауып оқып, пайдаландық. Ол кісіге бұл үшін рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Ал өз шежіремізді жазарда жатпай-тұрмай іздегеніміз осы Келменбет батыр жайлы көп бұрындары жазылған жыр-дастан еді. Таба алмай көп қиналдық. Мұның басты себебі – авторын, қай жылы, қандай атау, тақырыппен жазылғандығын біз ғана емес, сұраған өзге кісілер де білмейтін болып шықты.
Бірақ сұрай-сұрай Меккеге де жетесің дейді ғой халық. Сырдың Рашид деген сарықасқа жігіті өтінішіміз бойынша осы дастаны бар шежіреші кісіні ақыры табады. Хабарын күтіп, қуанып қалғанбыз.Бірақ өкініштісі әлгі адам сөйлесе келе дастанның көшірмесін түсіріп алу үшін алдына қиын шарт қояды. Ол бұған кезінде қордаланып, өтпей қалған, дастан жазылған басы артық шежірелерін түгел сатып алуды ұсынады. Шежіресінің біреуін, мейлі екеуін, мейлі үшеуін сатып алуға болар еді, бірақ бәрін емес ғой. Әу, бабамыз жайлы жазылған дастанымен тегін бөлісудің орнына оны қып-қызыл саудаға салып, әкесінің құнын сұраған мұндай да жан болады екен ғой деп әлгі бауырымыз қатты ренжіп, онымен әрі қарай сөйлесуден бас тартады. Бірақ абырой болғанда, атын, авторын білмесек те ғаламтор мұрағатын соқыр адамша күні-түні түрткілеп іздеп жүріп, ақыры құдайға шүкір, әлгі дастанды бір шежірешінің жинағынан кездейсоқ болсын әйтеуір таптық-ау. Аруағы разы болсын, оны 1946 жылы марқұм метей сарықасқа Молдахмет Дабылұлы деген ақын кісі жазыпты. Бұл туралы шежіремізде мағлұматтар келтірдік.
Дастан жазулары кей жері ескіріп, өше бастаған екен. Қайта теріп, өздеріңізге ұсынып отырмыз. Осы жырда және бірқатар шежірешілердің жазба, мәтіндерінде Сарықасқа сөзі «ы» әрпі түсіріліп Сарқасқа деп жазылған. Одан бұл атаудың мән-мазмұны пәлендей өзгеріп кетіп жатқан жоқ. Сондықтан біз жазушылардың авторлық құқын сақтау мақсатында оны шежіремізге сол күйінде өзгертпей енгіздік.
Ендігі бір айтпақ әңгімеміз–ол біреулерімізге алтыншы, екіншілерімізге жетінші, ал үшіншілерімізге сегізінші ата болып келетін Жаңай батыр мен әулие Ораз ахун жөніндегі аңыздар, Жаңай батырдың қолынан қаза тапқан көшбасшы жігіт жөнінде түйген ой, түсініктеріміз. Бұларды шежіреміздің 14,15,16 бөлімдерінде бердік. Осы Жаңай атамыз бен Ораз ахунға дейінгі буындар Деменұлы сияқты өзге шежірешілер қалдырған жазу-сызуларда ұшырасқанымен, бірақ олардан тарқайтын бергі ұрпақтар жайлы еш жерде мардымды ештеңе айтылмайды. Сондықтан осы Жаңай атамыздың Зәуір, Әділ, Сабыры мен солардан өрбитін толып жатқан буындар турасындағы деректерді шежіре білетін кісілер аузынан өзіміз теріп алып жаздық.
Оларды әңгімеміздің 17, ал Қалабай бабамыз жайлы 18, ал әулетіміздің бергі, Әлібек атамыздан басталар көз көрген адамдары жайлы айтылар тұстарын, "сүйегі сіздікі, еті біздікі" дегендей, жады тасқа таңба басқандай әлі күнге дейін қуатты, бүгіндері тоқсанның төртеуінен асып бара жатқан Үрия әпкеміздің айтуымен, бірақ біздің сиямызбен шежіреміздің 19–37 бөлімдерінде қағазға түсірдік.
Шежіреміз жазылып бітіп, баспағаға берілгелі жатқанда бірқатар деректер Әлмахан көкемізде де болған деген сөзді естіп, тез кенже ұлы Ермек інімізге сұрау салдырдық. Рас екен. Кештеу болса да оларды қолға түсірдік. Ашып қарағанда таңғалғанымыз–парақтары сарғайып кеткен қалыңдау дәптер бетіне шежіре мәтіні үш түрлі қолтаңбамен түсіріліпті. Бірі 30 жылдардағы қазақ тілі грамматикасына ыңғайланып, көне кириллица қаріптерімен ұсақтау, екіншісі бүгінгі қаріптермен ірі, түсінікті етіліп, ал үшіншісі сол күйінде қалдыра берсеңіз де болатындай қызыл сиямен құдды жіпке тізген моншақ-маржандай әдемі өрнектеліп жазылыпты. Ермек әкесінің қолтаңбасын таниды ғой, екіншісі сонікі, ал былайғы екеуін білмеймін деді.
Естуімізше, Рашид ағамызда да мұндай шежіре болған. Кішкентай болсам да бірде ол кісінің дастарқан басында үлкендерге "Үркетай", "Садақбай" деп бүгінгі біздерге таныс есімдерді айтып отырғанын өз құлағыммен естігенмін. Әрине ол кезде аты аталған бұл кісілердің кім екендігін білмесем де құдайдың құдіретімен аттары жадымда жақсы сақталып қалыпты. Сондықтан Рашид ағамыздай кісіде мұндай шежіренің болмауы мүмкін емес деп санаймыз. Болған, оны дүниеден озар алдында қағазға әдемілеп түсіру үшін көкемізге табыстап кетті деп ойлаймыз. Көпшілік арасында кезінде мұндай әңгіменің болғаны рас. Әйтпесе көкеміз әрідегі аталардың атын атап, түсін түстеп тарқатып берер ондай шежірені кімнен, қайдан алмақ. Сондықтан майда жазуды сауатын көне кириллица, кейін латиницалармен ашқан Рашид ағамыздың қолы, ал құсни (каллиграфиялық) әдіпті қолтаңбаны көкеміз өрнектетіп жаздырған оның көп оқушыларының бірінікі деп пайымдаймыз. Шежіре мәнері, жоғарыда айтпақшы, аталарды бір-бірінен тарқату үлгісімен ғана жазылған.
Егер бәрі осылай болса, онда қайран Рашид аға өзінен кейінгі жас толқын шыққан тектерін білмей кетпесін деп істеп жүрген өзге тірліктерімен қатар рухани азық боларлық өмірдің бұл жағын да ұмытпай қағазға түсіріп кеткісі келген екен ғой деп ойлаймыз. Аллаһ-тағала пешенеге жазса, қандай іс болмасын түбі болмай қоймайды ғой. Ағамыз бен көкеміздің әулет шежіресін кітап құсатып қалдырғысы келген сол кездегі үкілі үміттерін, әлхамду лиллах, құдай қаласа бүгіндері біз шындыққа айналдырып, жүзеге асырсақ деп отырмыз.
Ақиқат қашанда біреу емес пе, жазбаларын өз шежіремізбен салыстыра қараған кезімізде пәлендей бір үлкен айырмашылық таба алмадық. Дегенмен, біз үшін оның құндылығы жоқ емес. Мәселен, Сабыр ата ұрпақтарын біршама кеңірек таратыпты. Ал Дабыл ата жөнінде де аздап болса да мәліметтер береді. Сосын арамызда жүрген ұрпақтары кезінде жас болғасын ба жадыларынан шығарып алған кейбір аталарымыз мен олардың азан шақырып қойған есімдерін беріп кетеді. Біз оларды қайта жаңғыртып, түлетіп, қағазға түсірдік. Мысалы, Мәниден тарайтын Сәдуақас атамыздың Сахи есімді інісі болғандығы туралы Үрия әпкеміздің әңгімесінен талай құлаққағыс естісек те, онымызды Сапарбек ағамыз пәлендей мақұлдай қоймағасын қойғанбыз. Бірақ қолымызға түскен осы, соңғы шежіреден оның тасқа таңба басқандай етіліп, өрнектеліп жазылған атын тауып алдық. Сонымен қатар, одан Сәдуақас атамыздың Сахидан бөлек Сәби, Әлиакбар деген ағалары болғандығын да зерделеп отырмыз. Сол сияқты Шәдек ағамыздың азан шақырып қойған есімі Шадықұл екендігін де енді оқып, білдік. Әйтпесе "Шәдек" сөзінің қай тілден алынғанын қанша сарқыла сараптасақ та анықтай алмағанбыз. Шәдек, Сапарбек ағаларымыз Сәдуақастан туылса, Садық пен Мәлік ағаларымыз Сәби атамыздан өрбитін ұландар екендігін де осыннан оқып, зейіндедік.
Ал шежіреміздің 19,20,21 бөлімдерінде қазақ халқының тең жартысына жуығын алып кеткен, ел тарихының қайғы-қасіретке толы қаралы беттері деп саналатын 1928–1932 жылдары орын алған кәмпеске мен ашаршылық жайлы қилы-қилы оқиғалар мен олардың жұрт өміріне салып кеткен қанды іздері туралы әулет өмірімен сабақтастыра баяндадық. Бұлардың көбін Үрия әпкеміздің аузынан жазып алдық. Сонымен шежіреміз 2 тарау, 37 бөлімнен тұрады. 1 тарау бөлімдері, көріп отырсыздар, негізінен шежіренің теориялық жағын қамтыса, ал 2 тарау бөлімдері бабалар өмірінен алынған естелік-эссе түрінде жазылды. Аталықтар мен ұрпақтарды тарқату кестелерін әңгіме барысына орай екі тарауға бөліп емес, топтап беруге тура келді.
Үрия әпкемізден өзге әулет тарихын жетік білетін жан қазір арамызда қалған жоқ. Ал әулет тарихы қағазға түспегесін бүгінгі біздер үшін ғана емес, келер ұрпақ үшін де ұмыт қалар дүние екендігі анық. Содан болар осындағы бірді-екілі бауырларымыз: "Тәке, білгеніңізді жазып қалдырып кету сіз үшін әрі парыз, әрі қарыз іс. Егер оны бүгін сіз жазып қалдырмасаңыз, ертеңгі ұрпақ оны кімнен естіп, кімнен сұрап, біліп жатпақ",– деп әбігерлері кеткені рас.
Бұлай дейтіндері орынды-ақ. Күнделікті араласып жүрген ағайындардың қайсысының кімнен тарайтындығын, олармен ара қашықтығымыздың алыс, жақындығын дұрыс айыра білгіміз келген қарабайыр қарақан басымыздың жайын ойлап ғана емес, бүгін болмаса да ертең арамызға келер әулет тарихын әу басынан жете оқып, зерттеп білгісі келер көзі қарақты, білімгер немере, шөбере, шөпшектер тұрқын ойлап жазып отырмыз. Өйткені араларынан: "Аталарымыз кілең оқыған, сауатты адамдар болғанымен қайдан өрбіп, қалай тарқап, тарайтындығымыз жөнінде жетемізге жетердей жеткізе айтып, ештеңе жазып кетпегендері несі?",– дейтіндері табылып жатса бізге серт емес пе? Білгілері келгенін біле алмаған олар үшін мұның арты өзекті өртер өкінішті жайға әкелері ақиқат. Сондықтан мұның бәрін жазып, қалдырып кету үшін Аллаһ ниетімізге қарай Үриядай әпке беріп, оның өмір жасын ұзақ қылып қойғандығына шүкір дейміз.
Бұларды келер ұрпақ үшін дейміз ғой, ал бүгінгі ұрпақ үшін дер болсақ, тым аз болмаса да, тым мол болмаса да, бірақ біраз айтар дүниесі бар түпнұсқалар мен тарихи, шежіре кітаптарды олар қай кітапхананың қай есігін ашып, оның қай сөрелерінен уақыттарын сарп етіп іздеп жатпақ? Одан да алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап, іздегендерін осы кітап ішінен беттерін әрлі-берлі аударыстырып отырып-ақ оп-оңай тауып алмай ма дегеніміз ғой.
Сосын құдайға шүкір, немере, жиендер қазір бәрмізде баршылық ғой, кездесе қалғанда бұлар кімдер, қайсысы кімнен өрбіп, қалай тарайды деп жатпай аттарын сұрап-біліп алсақ болғаны, қалғанын осы кітаптан-ақ ақтарыстырып, тауып алуымызға болады. Өйткені соларға қатысты деректерді де қамти жазуға тырыстық.
Ал шежіремізді әрі қарай тереңірек, кеңірек оқып, білем деушілер шығып жатса, олар үшін деректерімізді қай жерден, қай құжаттардан, оның қай беттерінен алғандығымызға сілтеме жасай отырып бердік.
Шежіреңді өз атыңнан емес көпшіліктің атынан жазыпсың деп жатқандар да бар. Егер оны Рашид, Шаймахан, Әлмахан, Шәдек, көзі тірі арамызда жүрген Үрия, Айтмахан сияқты аға, әке, көке, әпкелеріміздің аузынан, қалдырып кеткен жазу-сызуларынан алып, күнделікті қасымда жүрген өзге де бауырларымның айтуымен қағазға түсіріп жатсам неге ол тек менікі ғана болуы керек, көпшіліктікі емес пе дегім келеді.
Бүгіндері өзгелер шежірелерін басқаша стиль, жолмен жазып жүрген шығар, бірақ мен еңбегімді оқырманыма көпшіліктің атынан осылайша әрі шежіре, әрі төте оқу құралы, әрі қысқа, мәліметтері бір жерден табылатындай әмбебап анықтама сыпатында ұсынуды ниет еттім. Келер ұрпақ біз құсап баба, аталарымыз бен әже, апаларымыздың түр, кескіндері қандай болды екен демес үшін фотосуреттерді де табылғанынша мол етіп бердім.
Кейінгі ұрпақ шежіремізді осы тоқтаған жерімізден әрі қарай өздері жалғастырып әкетер, жазар деп ойлаймын. Біздікі–білгенімізше әулетіміздің бастау алар мұнар басын оларға мәлімет үшін ұмыт қалдырмай бастап беру, қағазға түсіріп кету болды.
СССР журналистер одағының, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тажис Мыңжасар
07.03.2015 ж.
КІРІСПЕ
Алла-тағала сонау ықылым заманда әлемді бір тарының қауызына сиып кетердей жоқтан бар етіп жаратқанда оған алдымен берген асыл қасиеттерінің бірі кешегісі бүгінгісіне, ал бүгінгісі ертеңгісіне ауысып отыратын уақыт өлшемі болыпты. Содан бері төрткіл дүниеміз осы уақыт өлшеміне тәуелді болып келе жатқаны хақ. «Кешегімді білмей бүгінімді қалай түсінем, бүгінімді білмей ертеңіме қалай қол созам»,-деп көне көз қария, шешендеріміз тегіннен тегін тебірене жырламаса керек.
Сол айтпақшы, өткен дүниенің парқын білмей, өтіп жатқан дүниенің нарқын түсіну, кешегі тарихымызды жете білмей, бүгінгі өмірімізді жеткілікті түсіну біздіңше мүмкін емес. Бұларсыз көмескі келешегімізге қорықпай көз тігу де, қомсынбай қол созу да, жатсынбай қадам басу да қиын. Бұл ретте бізді табан жолымыздан жаңылдырмай, темірқазық жұлдыздай жетелеп алға алып жүрер жалғыз жолбасшымыз тарих-шежіреміз екені анық. Ендеше, әңгіме арқауы сол тарих-шежіреміз жайлы болмақ.
Юнесконың соңғы деректері бойынша әлемде 1500 ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүреді екен. Мәселен, солардың бірде-біреуін шежіресіз деп айта алмайсыз. Бәрінің шыққан тектерін, басынан-кешкендерін ұрпаққа жыр етіп баяндап берер өзіндік қисса-дастандары мен жыр-аңыздары бар. Шежіре дегеннен шығады. Шежіре Қазақ Совет энциклопедиясында арабтың шаджарат–бұтақ, тармақ деген сөзінен шығатындығы, халықтың шығу тегі мен таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы екендігі айтылады (12 т. 231 б.).
Айтпағымыз, қазағымыз тегін білмейтін жетім ел емес. Жеті атасынан бастап, түптұқиянына дейін тарқатып, таратып бере алар шежіресі бар жетіскен ел. Өзге жұрттар қазақты жаһан халықтарының ішіндегі ең бір шежіре-жазбаларға бай ел дейтін көрінеді. Солай десе солай да шығар. Себебі халқымыздың өмірінен сыр шертетін жылнама іспеттес тарихи жыр-дастандарды былай қойғанда жүздер шежіресі, жүздер шежіресін қоя тұрғанда, бізде не көп әулеттер шежіресін саусақпен санап болмайды.
Әрбір әулет бабаларын, олар өмір сүрген орта тарихын, солардың басынан кешкен уақиғаларын өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі, тағлым етіп тарту үшін аянып қалған ба. Олардың ерлік істері мен көшелі тірліктерін барын салып, көсем сөзбен кестелеп жеткізіп беріп отырған жоқ па. Ондағы мақсаты–оларды бабалар тірлігімен, аталар ірілігімен рухтандырып, бойкүйезділікке салынбас, өмірдің келеңсіз жайларына бой алдырмас жігерлі жан етіп өсіріп, үлкенді сыйлар, кішіні құрметтер, ата-анасы мен жақын туыстарына қорғаушы, сұраушы болар намысты азамат етіп, тәрбиелеп шығару еді.
Шежіреге бай елміз деп отырмыз ғой. Олай болса, алдымен сол шежірелердің ірі, мазмұндыларын іріктеп алып, атын атап, түсін түстеп кеткен жөн сияқты. Шежірелердің ең үлкені, құндысы Рашид ад-Диннің «Түрік-моңғол шежіресі», Жамал Қаршидың «Оғыз-қыпшақ шежіресі», «Қарахан шежіресі», Ұлықбектің «Шад-жарат әл-атрак шежіресі», Әбілғазының «Шежіре-и түркі», «Шежіре-и тарахимесі», қазақ хандығы құрылған жылдары көп қолданылған «Насаб-наме Шыңғыс», «Насабнаме қазақ», Бейбарыс пен Ибн Халдун жазған «Қыпшақ шежіресі», «Жаһаннаме», ел арасына кең тараған «Абылай шежіресі» мен «Әбілхайыр шежіресі», кейіңгі қазақ оқымыстылары мен ойшылдары топтастырып жазған Мұхаммед Хайдар Дулатидің, Қыдырғали Қосынұлы Жалаиридің «Көшен–Қарауыл шежіресі», «Жәңгірхан шежіресі», Ш.Уәлихановтың «Ұлы жүз шежіресі», Абдулла Ниязовтың «Үш жүз шежіресі», Мұса Шорманұлының «Шежіресі», Өтеу Бөжейұлының «Қазақ жұрты шежіресі», Қорғанбек Бірімжанұлының бастауымен жинақталған «Орта жүз және кіші жүз шежіресі», Ақмолданың «Ғажайып шежіресі», «Насаб Шыңғыс», «Шыңғыснама» шежірелері», Ш.Құдайбердіұлының «Қазақ шежіресі», Халиди Құрбанғалидың «Қазақ шежіресі», Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі», «Бұл қазақ қай кезде «Үш жүз» аталған шежіресі», Нұржан Наушабайұлының «Қазақ пен түрікмен шежіресі», сыр бойынан Торғай би жинаған «Үш жүз шежіресі», Диханбай батырдың «Ұлы жүз шежіресі», Қазыбек Тауасарұлының «Өзімнен түптұқияныма дейін» шежіресі, Зайыр Сәдібековтың «Қазақ шежіресі», Тұрлыбек Деменұлының «Келте тонды Келмембет» шежіресі, Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресі», Тынышбек Дайрабаевтың «Кете–Шөмекей шежіресі», «Қаратамыр шежіресі», Мақсұт Неталиевтің «Кіші жүз шежіресі», Жарылқап Бейсенбайұлының «Кіші жүз шежіресі», «Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр шежіресі».
Өткен өміріміз мен тегіміз жайлы, ел бастаған биіміз бен қан майданда қаһарымен жауын қашырған батыр бабаларымыз туралы шымырлаған шындықты шынайы, бүкпесіз жеткізіп бере алатын тек осы шежірелер. Еліміз бен жеріміздің сол кездегі жағрафиясынан да, тарихынан да, ел басқару ісіндегі ерекшеліктерінен де, салт-сана, дәстүрлерінен де, тіпті тұрғын жұртының түтін саны мен талшық етер тамағы мен мал азығының түр, шамасынан да ақпарат берер осы шежірелер.
Қазақтың сол заманда өмір сүрген көкірегі ояу, көзі қарақты азаматтары үшін оқыр ілімі де, зерттеп, ойына тоқыр білімі де, ақ қағаз, көк сиямен жалықпай жазып, ұрпаққа аманат етіп қалдырып кетер жазу-сызулары да негізінен осы шежілер болды.
Ардақтап "шежірем, алтын тұғырым" дейтініміз де, оны тәбәрік тұтып, жоғары ұстайтынымыз да осыдан. Құдайға шүкір, қазақ деген әулетіміз бар, сол әулеттің ешкімнен кем түспейтін әлеуетті шежірелері де бар екенін тағы айтып кетпекпіз. Солардан теріп алып жазарымыз жұқа болса да жұтаң емес, жұрнақты болар деп үміттенеміз. Кейінгі толқын буынға одан шама-шарқымызша сыралғылатып сыр қозғап көрмекпіз.
1 тарау
1 бөлім
ЖЕТІ АТАМ МЕН ЖЕТІ БУЫНЫМА ДЕЙІН
Қазақ шежіресі «әу» дегенде жеті атасынан басталады. Жеті атамызды білмейтін шежіре жетімсіреп тұратыны анық. Жеті атамызды білу үшін әкемізден бастап, жетінші буынға дейінгі тегімізді: әкемізді, атамызды, арғы атамызды, бабамызды, арғы бабамызды, түп атамызды, тек атамызды білуіміз шарт. Кері қарай санайтын болсақ бұл енді ата емес, ұрпақ санын білдіреді. Демек: әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жүрежат (жүре келе жат) болып келеді де, сегізінші ұрпаққа жеткенде туажат деп аталады. Мағынасы: ол кім, мен оны білмеймін, ол маған қандас туыс емес, туғалы жат жан дегенді аңғартады. Сондықтан осы «туажатқа» дейін біздер қыз алыспайтын туысқан, бауырмыз. Қазақ бұл дәстүрді ұрпақ қанын бұзбай, оның ағза мен жан тазалығын сақтау мақсатында ұстанғаны белгілі.
Жақын адамдар қан араластырса бойларында белең алған ауру-сырқау, тағы басқа ағза кемшіліктері келесі ұрпаққа тұқым қуалап, күшейіп жетерін бүгінгі медицина мен биология ғылымдары әлдеқашан дәлелдеп берген. Ата, ұрпақ түсініктерімен қатар оларға туыс буын деген де ұғым бар. Бірақ бұларды бір-бірімен шатастырып алмауымыз керек. Буын сөзі ата мен ұрпақ түсініктеріне олардың реттік сандарын анықтарда қосылып айтылар ортақ атау. Мәселен, 13-ата немесе 5-ұрпақ деп емес, 13 буындағы атасы, 5 буындағы ұрпағы деуіміз дұрыс естілмек. Сонымен Ата дегеніміз атынан-ақ көрініп тұр, шаңырақ құрған, артында ұрпақ қалдырған буын. Ал артында ұрпақ қалдыра алмаған буынды ешкім ата дей алмайтындығы бесенеден белгілі. Ол тек буын күйінде қала бермек.
Буынды ортақ атау дейтін себебіміз – өмірде бір әке, бір шешеден бір-ақ бала тумайды ғой, олардың бірнешеу болып келетіндігі әбден мүмкін. Бірақ осындай біртуған, біртуған болмаса да құрсақтас, құрсақтас болмаса да кіндіктес, кіндіктес болмаса да ағайын болып келетін аталар мен ұрпақтар саны қаншау болмасын реттік санын өзгертпей бір буын болып саналатындығы екібастан белгілі.
Бәз біреулер жеті атасын өзінен бастап тарқатады. Бұл дұрыс емес. Қандай ұрпақ болмасын жеті атасын әкесінен бастап санауы тиіс. Егер туыс буындардың жетінші аталары бір адам болса олар әлі де болса қыз алыспайтын жақын туысқандар. Себебі тұқым қуалайтын қандық белгілер биологиялық деректер бойынша жетінші буыннан кейін ғана әлсіреп, өше бастайтын көрінеді. Әлбетте, жеті ата дәстүрін тек бұл мақсат үшін ғана ұстанбаймыз. Бастысы–тегімізді білу үшін қолданамыз. «Тегін білмеген–тентек, жеті атасын білмеген–жетесіз»,-деп көне көз қариялар бекер айтпаса керек. Тексіз деген ауыр сөз. Тексіз болу қиын. Тегі мен жеті атасын қу жетімдер ғана білмеген. Кімнен туып, кіммен туыс екендігін білу әркімге шарт. Басы ауырып, балтыры сыздай қалғанда жанашыр болып кеңес берер, арқа сүйер жақыны жоқ жалғызіліктік кімге болса да ауыр сын екені анық. Жалғыздық Аллаһқа ғана жарасқан дейді халық. Төле би бабамыз: «Балығы жоқ көл жетім, құрағы жоқ жер жетім, бұлағы жоқ тау жетім, шежіресі жоқ ел жетім. Тегін білмеген ел жетім, жеті атасын білмеген ер жетім»,-деп бекер күңіреніп, тебіренбесе керек.
Арқалық қаласының тұрғыны жазушы, мәдениеттанушы, этнограф Сейіт Кенжеахметұлының 2010 жылы "Ана тілі" газетінің 4 бетінде басылған "Жеті атаны білуіміз керек" деген мақаласында:"Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын білер. Жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер",-деген жүйелі сөз қөп мағынаны білдіреді. Сондықтан да біздің атабабаларымыз өз ұрпақтарына жеті атасының аты-жөнін, ата мекенін, өз руынан шыққан белгілі батыр, би, жақсылардың есімін айтып, үйретіп отырған. Бұл жолды қазақтың аяулы әрі білімдар перзенті Дінмұхамед Қонаев та ұстанған. Өзінің "Ақиқаттан аттауға болмайды" атты кітабында ("Санат" баспасы, 1994 ж.) былай деген:"Ал енді өзіме дейінгі жеті атамды қуалап айтсам былай: Жолын–Нұрмамбет–Азынабай–Қонай–Жетібай–Жұмабай–Меңліахмет–Дінмұхамед" (13–14 бет). Басқа білетіндер де, мысалы Сәбит Мұқанов та осылай таратқан, осыған тоқтаған. Ал бұған біз неге тоқтамай жүрміз?
Ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қан араластырмайды, туыстық қалыпты бұзбайды. Сегізінші атадан бастап жаңа ру атын белгілейді. Бұл үшін сол атаның ақсақалдары мен билері, ел ағалары ру мүшелерін шақырып, боз бие сойып баталасып, осымен жеті атаға толып, бұдан былай қыз алысып, қыз берісетін құдалыққа рұқсат ететін жол ашады. Бұл дәстүр– текті, дені сау, таза ұрпақ өсуінің кепілі. Осындай текті ұрпақ өсіру тәрбиесін бұрынғылар ертеден-ақ білген және оны қатты қадағалап отырған",-деп орынды айтады.
Сонымен қатар зерттеуші қыздан тарайтын ұрпақтарды: жиен, жиеншар дейтінімізді, ал одан кейінгілерін көгеншар, дегеншар деп атайтындығымыз ұмытылып бара жатқандығын тілге тиек етеді. Таңқалмасқа болмайды, арамызда жеті атасын қарапайым әдіспен–бармақ басып санай алмайтындар да бар. Қосылып-ақ санайсыз ғой, бірақ санай келе, мәселен, атасы не үшінші, не төртінші болса, түлен түрткендей «жоқ, олай емес, ол бесінші не алтыншы атам» деп жөн-жосықсыз табан астында айнитындар да табылып жатыр, оған не дерсіз. Біздіңше, жеті атаны жоғарыдағы мақаласында ғалым-этнограф, жазушы, С.Кенжеахметұлы тілге тиек етіп кеткен халқымыздың тарихы пен шежіресін бір кісідей жете білетін аяулы азаматтары–кезінде бірі еліміздің көрнекті мемлекет қайраткері, патшасы, ал екіншісі қоғам қайраткері, айтулы классик жазушысы болған Д.А.Қонаев пен С.Мұқановтан артық кім бөле-жара дұрыс, жеткізе санай алмақ дегіміз келеді. Осы ретте бүйректен сирақ шығарып, «велосипедті» қайта ойлап табуға ниеттенбей, кезінде білетіндер салып кеткен сүрлеу, соқпақ жолмен неге жүре бермеске деп ойлайсыз?!
Мысалы, шежіремнің ұрпақ тарқату кестесінде көрсетілгендей, менің 5-атам Сұңқар болса, менімен туыс, құрдасым Шүкірбек бауырымның да 5-атасы Сұңқар. Демек біз онымен бесінші буыннан қосылатын ағайынбыз. Қарапайым арифметика емес пе, екеумізге ортақ осы Сұңқар баба кейінгі ұрпақтарымыздың 7-аталарына айналған шаққа дейін олар өзара туысқан жандар болып қала бермек. Туыстық ара-жіктері 8-атаға өтерде ғана ажырайды. Қалабай баба Айтмахан ағамыз бен әкеміздің 3-атасы болса, ал менің 4-атам. Ендеше мен Айтмаханмен төртінші атадан қосылатын туыспын. Әлібек баба–Қылышбайдың да, менің де үшінші атамыз. Сондықтан біз 3-атадан қосылатын туысқанбыз. Ал мен Асанмен әкелеріміз біртуған ағайынды адамдар болғандықтан 2-атадан, Мыңжасардан қосыламын. Демек ол менің, жұрт аузында жиі айтылып жүретін екі туып, бір қалған жақын бауырым. Сонымен осы аталған ағайындар арасындағы қыз алыспас туыстық қатынастар қашан да болсын жаңағы біз айтып кеткен тәртіп бойынша есептеліп, шығарылады.
Жеті атаны тарқатып, санаудың көнеден келе жатқан бұдан басқа жолы жоқ. Осы ретте айта кететін тағы бір жайт – көп әулеттер ағайындық қарым-қатынастарын тек жеті атасымен ғана шектеп қоймайды. Ақсақалдары жиылып, арнайы шешім шығармайынша олардың туысқандық қатынастары жетеуден асып, әрі қарай оныншы, он екінші аталарға да ауысып, жалғаса беретіндігі бар. Бұл әулет адамдары арасында қалыптасып, кең таралған аса бір үлкен бауырмашылдық белгісі екендігі анық. Жаһан халықтары арасында түрлі әзіл-күлкілі әңгімелерге арқау болған, туысқанға ең бай халық қазақ екендігі де содан ба дейміз.
Құлаққағыс ете кететін тағы бір мәселе–жөн сұраса келгенде арамыз 2 ата немесе 3 ата, 4 ата деп емес, 2– немесе 3-, 4– атадан қосыламыз деп айту дұрыстау сияқты. Өйткені туыстық ара-қатынастарды түсіндіру үшін бұл жеңіл тәсіл. Сонымен жеті ата жөнінде айтқымыз келгені негізінен осылар. Кезек күттіріп тұрған өзге де тақырыптар бар болғандықтан осымен жеті ата жайлы әңгімемізді тамамдаймыз. Келесі тілге тиек етіп айтарымыз–қазақ атауы. Енді соған көшейік.
Қай ел, қай халықтың тарихы жайлы сөз қозғамайық, оның алтын қазық арқауы, аттап өтуге, айтпай кетуге болмайтын тақырыбы–қашанда қарға тамыр қазағымның осы «қазақ» деген атауы. Сондықтан біз де шежіремізді әрі қарай осы айтып отырған «қазақ» атауы тарихымен сабақтастыра жазғанды жөн деп санадық. Ендеше, жеті атадан басталар шежіреміз кешелері күн кешкен қазағым мен оның көне тарихы жайлы не дер екен, енді соны бағамдап көрейік.
2 бөлім
ҚАЗАҚТАР КІМДЕР, ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?
Ана құрсағынан ән-күй мен сөз қадірін біліп туар от ауыз, орақ тілді қазағым үшін бұл керек-ақ нәрсе деп ойлаймыз. Өйткені бесіктен белі босамай жатып, жеті ата мен ру, жүзіне дейін сүрінбей, судыратып тұратын ол, ал «қазақ кім, ол қайдан шыққан?» деп тікесінен сауал қоя қалсаң тілін жұтып қойғандай кібіртіктеп, тосылып, жауап бере алмай қалатыны бар.
Қысылмай мойындауымыз керек, тегіміздің "қазақ" деген атауынан арғы жағын білмейміз. Бұл бүгіндері үлкеніміздің де, кішіміздің де, кәріміздің де, жасымыздың да басындағы кемшілік. Өзге ұлт өкілдерінің біразында бұлай емес. Мәселен, мұхиттың арғы жағын мекендейтін мексикалықтар біздің эрамызға дейінгі көне ацтек өркениетінен өрбитіндіктерін, ал тұрақтары беріде, еуропалық материкте жатқан испандықтар мен португалдықтар, француздар мен швейцарлықтар біздің эрамызға дейінгі 2–1 мыңжылдықтар арасында қалыптасқан әйгілі алпілік кельт нәсілінен бастау алып тарайтындықтарын, ал германдықтар 4 ғасырдағы жауынгер гот тайпаларының ұрпақтары екендіктерін тарих бетіне тасқа таңба басқандай етіп әлдеқашан жазып, қалдырып кеткендіктері белгілі.
Алысқа бармай-ақ қояйық, қасымыздағы «төсекте басы, төскейде малы қосылған» орыс көршіміз, мәселен, өздерін 6 –10 ғасырларда жасаған, древлян, поляндар болып екіге бөлінетін көне ильмендік словен тайпаларының алғашқы бұтағынан екендігін айтып келеді.
Ал қазақтар ше? Қазақтың да бір түнде туып, бір күнде «қазақ» аталмағаны бесенеден белгілі. Шығу тегімізді зерттер этногенез ғылымы біздің бұл пікірімізді толығымен құптайды. Қазақтар да өзгелер сияқты мыңжылдық тарихы бар, Елбасымыз айтпақшы, мәңгілік ел екендігі баршаға аян. Біреу бізге есіміңді білмейсің десе, есі дұрыс па осының деп жатып ашуланар едік. Ал «Қазақ» та біздің есім, ныспымыз емес пе? Оны неге білмеуге тиіспіз?
Сосын Елбасымыз 2012 жылдың желтоқсанында, сондай-ақ Қазақстан халқына жасаған сол жылғы жолдау сөздерінде еліміз даму бағдарламасы бойынша ендігі 2025 жылға дейінгі аралықта алдыңғы қатарлы өркениетті елдер тізімінде 50-ші орыннан 30-шы орынға дейін көтерілуі тиіс деп, «Қазақ елі» деп аталу мәселесін көтеріп отырған жағдайда, осыған орай егер бұйыртып «Қазақ елі» деп аталар болсақ, онда өркениетті еліміздің де, оны құрайтын титулды ұлт түлегі ретінде өзіміздің де неге «қазақ» аталып жүргендігіміздің қыр-сырын білу өзекті мәселеге айналары анық.
«Қазақ» атауының шығу тегінен бейхабарлығымыз әсте де біздің білмейтін білімсіздігімізден емес. Қазақтың білімпаз, білгір, намысқой халық екендігі баршаға аян. Бұл жөнінде бізге ешкім пәлен деп кінә таға алмаса керек. Кезінде бабаларымыз қазақтар туралы білді де, көл-көсір шежіре етіп жазып та қалдырып кетті. Сол деректердің негізінде бұл тақырыпқа кейін қалам тартқан ғалым, зерттеушілеріміз де жоқ емес, бар. Бірақ, бірақ демекші, мәселе сол материалдар жөнінде күні бүгінге дейін ресми ақпарат беттерінде мардымды ештеңе жарыта жазылмай келе жатқандығында.
Кезінде басқаша қимылдауымызға космополиттік ұлт саясатын ұстанған Кеңестік қызыл империя қолбайлау болып, кесірін тигізгені белгілі. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Ол дініміз бен ділімізді ғана емес, тіліміз бен тегімізді де ұмытуға итермелегені рас. Себебі бұратана, аз жұрт өз ұлтынан гөрі космополиттік кеңес ұлтының күйін көбірек күйттеуге мүдделі еді. Өйткені ғалым, мамандарымыз күнде жүретін табан жолы мен күнде жейтін үзім нанын таппай қалмауы үшін өз ұлтының тарихын зерттеуден гөрі кеңес өкіметінің тарихын жазуға ұмтылды. Сондықтан Қазақ кім, оның қайдан шығып, қалай өрбитіндігі осы кезге дейін тарихымызда ғылыми тұрғыдан анықталып, арнайы рәсімделіп, бекітілмеген ақтаңғақ. Соның салдарынан болар, басым көпшілігіміз қазірге дейін қазақ сөзінің қайдан алынып, қалай шыққандығынан бейхабармыз.
Бірақ бүгін өз қолымыз өз аузымызға жетіп отырған тәуелсіз мемлекетпіз. Онымызға да аттай 20 жылдан асып бара жатыр. Тау көтерген Толағайдай толып жатқан әлемге танымал ғалым, мамандарымыз да бар. Құдайға шүкір, жоғарыда айтып кеткендей, бұл туралы зерттеушілеріміз инемен құдық қазғандай еңбектеніп, бал арасындай тірнектеп жинап, қалдырып кеткен мәліметтер мен деректер де жоқ емес, сықырлаған көне сөрелерде шаң басып жатса да бар. Жақсылап іздесек ондай деректер табылары анық. Сондықтан тегіміздің тарихын түптұқианынан бүгініне дейін асықпай ақтарып, жазып шығуға енді шамамыз жетпейді емес, жетеді. Бұл туралы қазір білмесек, енді қашан білмекпіз, ендігі үндемегенімізге не жорық дейміз?
Әлбетте, тарихымызды әріден, тереңінен зерттеп білер кезіміз жеткенімен мұны біз бір әулеттің шежіресімен айтып та, жазып та бітіре алмайтындығымыз айқын. Қазақтығымызға қатысты мәліметтерді отандық дерек көздерінен ғана емес, Қазақ хандығы құрылмастан бұрынғы көне араб, қытай тіліндегі тарихи құжаттардан да іздестіріп, қарай отырып, табылған материалдардың басын құрап, іріктеп, аударып, жинақтап, ғылыми тұрғыдан жан-жақты негіздеп, тереңдетіп жазып шығу бір емес, бірнеше ғылыми институттар мен басалқалы ғалымдар және үлкен ғылыми кеңестер бас қосқан мемлекеттік комиссия жұмысымен шешілуі тиіс шара екендігі анық. Ал біздің қолымыздан келері – бар тапқан-таянған мағлұматтарымызға сүйене отырып, көпшілікке, мінберге мінген билік пен ресми ғылыми орындарға тек ой салып, түрткі болу.
Тексіз болғысы келмей кезінде осы тақырыпқа қалам сүйкеуге ұмтылғандардың бірі өзіміздің көпшілікке танымал үлкен ақын, жазушымыз, лингвист-зерттеушіміз Олжас Сүлейменов. Бірақ «Аз и Я» сияқты терең мазмұнды, жаһан елдері мен түркі әлемін дүр сілкіндірген тарихи-лингвистикалық сараптама, зерттеу еңбегімен әйгілі болған дарынды ақын, жазушымыздың «қазақ» сөзіне байланысты асығыс, үстірт айтылған пікірлері мен байламдары таңқалдырады.
Ол «Қазақ» атауын халқымыздың көне жыр-дастандарында, тұрмыс-тіршілігінде, ауыз-екі сөз саптауында жиі айтылып жүрген «қоңыр қазым», «қаз дауыстым», «қаңқылдаған алты қазым» сияқты эпитет, метафора, теңеулермен байланыстыра қарайды. Сөйте келе, бұл сөздердің тілімізде жиі қолданылуы тегін емес, «қазақ» сөзінің этимологиясы осындағы «қаз» сөзінің астарында жатыр дегенге бірақ апарады.
Осы ойын әрлі-берлі екшей келе, «Қазақ» атауы «қаз ақ» яғни «ақ қаз» деген сөз тіркесінен шығуы әбден мүмкін деп кесіп салады. Әрине бұған келісе алмаймыз. Себебі тілімізде осы «қаз» сөзінен кем-кетік жері жоқ «қарғам», «құлыным», «ботам», «арыстаным» дейтін өзге сөз тіркестері де толып жатыр емес пе. Оларды қайтеміз? Мәселен, алғашқысын алайық. Оны «қарғам келе жатыр», «қарға адым жерде жатыр», «қарға тамыр қазақпыз» деп түрліше түрлендіріп, ойнатып қолданып жүрген жоқпыз ба?
Халқымыз қадір тұтқан атақты ақын, биінің бірін де осы сөзбен қастерлеп, қарға бойлы Қазтуғаным деп атап кеткен жоқ па? Тілімізде "қаз"түбіріне негізделген бұдан басқа Қазбек, Қазкен деген есімдер, сондай-ақ Қаршыға, Бүркіт, Құралай сияқты тағы басқа қаншама адам аттары бар. Сұңқарым, арыстаным, қарлығашым атаулары да осы сияқты тілімізде өте жиі қолданылып жүрген сөз тіркестері. Оларды қаз сөзімен салыстыра қарасақ, одан артық болмаса, олқы түсіп жатқан тұстарын көрмейміз. Ендеше, халқымыздың ныспысын кезінде қаз сөзі секілді осы сөздердің бірімен де атай салуымыз мүмкін еді ғой деген түрткіл ой бастан шықпайды.
Өзіңіз ойлап көріңізші, елімізді «қазақстан» емес, «арыстанстан», «сұңқарстан» деп атасақ қалай болар еді, ақылға сияр, көңілге қонар ма еді? Әлбетте, жоқ. Бұдан шығар қорытынды біреу-ақ. Кезінде тылсым табиғатпен біте қайнап, тілдесе, сырласа өскен көшпелі халқымыз ардақтылары мен құрметтілерін, сүйіктілері мен сыйлыларын күнде көріп жүрген сырттан жануар, құстар атымен асқақтатып, бейнелеп атаған. Бірақ ұлыс пен ұлт болып тарихи тұрғыдан топтасар шақта, олар өз атауын құс-жануар аты емес, өзгелер сияқты оны құраушы белді де беделді ру-тайпалар немесе солар бірлескен ортақ ұлыс атауынан алары анық. Ұлт болып қалыптасар кезде қай елдің болмасын осы жолдан өтерін ғылым мен тарих бізге дәлелдеп беріп келеді.
Ал ендігі бір зерттеушілеріміз бұл терминді 15 ғасырдың екінші жартысында, дәлірек айтар болсақ, 1456 жылы Әбілхайыр хан билеген көшпелі өзбектердің «Көк ордасынан» өз алдына хандық құру үшін бір түнде үдере көшіп, бөлініп кеткен Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ру-тайпалар атауының ел аузында «қашақтар» деп аталып кетуімен байланыстырғысы келеді. Бұл да аса қисынға келмейтін тұжырым. Себебі жеке хандық құрып, іргелі ел болуды аңсаған жұрт өз мемлекетін біреулердің аузынан кездейсоқ шыққан алып-қашпа, жел сөзбен орайластыра «қашақ» деп атай салуы ешбір сын көтермейтін жайт.
Осы ретте, қазақ тарихын алғаш болып зерделеген зерттеушілердің бірі, орыстың аты алты алашқа мәшһүр этнограф-ғалымы Семёнов-Тяньшанскийдің (А.А.Семенов): «Бір жолғы көштен (actus) бір халық, оның ат-атауын тудыруға болмайды»,– деген аталы пікіріне қосылмасқа болмайды.
Тарих та, этностардың туып, қалыптасу барысын сараптап, саралаушы этногенез ілімі де: ру-тайпалар атауы олардың көсемдері мен жұрты ойлап табар немесе жеребе тастап қоя салар ат емес, бұл даму барысында оларды ділдік, тілдік, жер-жапсар, тұрмыс-салт, экономикалық өмір сүру ерекшеліктеріне орай топтастырар, сөйтіп жұртты әрі қарай да туыстық қарым-қатынастарға жұмылдырып, ұстап тұрар, тарих тереңінен қайнар бұлақ суындай өздері жөн тауып жарып шығар этногенездік күші бар атау екендігін айтады. Бұдан ат қою мәселесі, кейбіреулер ойлайтындай, еріккеннің ермегі, оңай іс емес екендігін байқайсыз.
Біздіңше, ел арасында қаншама беделді болғандарымен қос сұлтанға мың сан жұртты үлкен ордадан бір түнде тез бөліп әкету әсте оңай іс емес екендігі анық. Тек "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара" жұмыла әрекет етуге үйренген топты ғана осылайша жылдам бөліп әкетуге болатындығы белгілі. Сондықтан қос сұлтанға ілесіп, үдере көшкен ру-тайпалар, жоғарыдағыша, тілімен, ділімен, дінімен, күнделікті ұстанған өмір салты, тіршілігімен, мақсат-мүдде күшімен ортақтасып, ұйыған, бұрыннан-ақ ұрандатып ұйымдасқан ортақ атаулары бар топ екендігі күмән туғызбайды.
Өмір сүру идеологиясы қан мен текке негізделген ру-тайпалық құрылымда тұрмыс кешкен халқымыздың о заманда басқаша топтасып, ұйымдасар жолы болмағандығы бесенеден белгілі. Сол себепті, айтпағымыз, аттары бар болғасын жеке отау боп бөлінгеннен кейін олар хандықтарына жаңа атау іздеп әсте әбігерге түскен жоқ. Бір кездері өмір кешкен, ерлік дәстүрлері ертеден-ақ бәрінің аузында, жыр-дастандарында айтылып келе жатқан, бәріне ыстық, ортақ, бәрін ұйытып, осы күреске бір кісідей жұмылдыра білген бабалары құрған ертедегі «Қазақ ұлысы» атымен «Қазақ хандығы» деп, ал өздерін солардың ұрпағы қазақтармыз деп атамағандықтарына кім кепіл дегіміз келеді.
Ал елді осы күреске бастап шыққан қос сұлтанның іс-тірлігіне келер болсақ, жұртты төңірегіне бұлайша топтастырып, бөліп әкету тек бір олардың тілек пен жігер күшінен тумағандығы мәлім. Оларды бұлай істеуге итермелеп, мәжбүрлеген қоластындағы ру-тайпалар жұртының түрлі тарихи себептерге байланысты бір кездері ыдырап, жойылып кеткен құзырлы ұлыстарын қайта жаңғыртып, құрғысы келген ғасырлар бойғы тілегі мен арман күші еді дегіміз келеді.
Сондықтан оларды бүлікшіл сұлтандар емес, Әбілхайыр ханның езгісінен жәбір көріп, оның билігіне енді төзіп, көңгісі келмеген ру-тайпалар мүддесін өз мүдделерімен тиімді ұштастыра білген қозғалыс серкелері, көсемдері десек ақылға қонымды, сыйымды сияқты.
Егер сол кездері соңдарында рухы, тіршілігі, салт-дәстүрі бір, отырықшылықтан гөрі, көшпелі мал шаруашылығымен айналысуды көбірек мансұқ еткен, ортақ атпен ұрандатып ұйымдасқан, хан сескенердей тас-түйін бекініп топтасқан туысқан ру-тайпалар жұрты тұрмаса қос сұлтанға өз дегендеріне жету, Әбілхайыр ханның қанды құрығынан құтылып кету әсте қиын еді. Тарихтың қоғаушы күші қашанда халық дегенімізде осыны айтпақпыз.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Әбусейітованың "У истоков государства казахов"атты мақаласында келтірген: "Конечно, образование Казахского ханства не было связано только с откочёвкой Гирея и Джанибека. Процесс развития казахской государственности был обусловлен всем хозяйственным, социальным, политическим развитием средневекового Казахстана и особенностями этнической истории казахов. Откочёвка явилась лишь событийным отражением одного из важных этапов становления казахской государственности",– дейтін тұжырымдары мұның растығын дәлелдей түседі ("Казахстанская правда". 22.06.2012 г.).
Біздің бұл байламдарымыз сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, профессор Қуандық Есенғазының 2014 жылы 11 қарашада "Жас алаш" газетінің 89 нөмірінде шыққан "Өз ұлтыңның тарихын бұрмалау–өз әкеңді өзің ұрып өлтіргенмен бірдей" деген мақаласында келтірген:"Аласапыран соғыстар мен феодалдық бытыраңқылық салдарынан Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан мал жайылымын пайдаланудың дағдылы көшіп қону тәртіптері бұзылды, көшпенді тайпалар мезгілінде жайлау-қыстауларына бара алмайтын болды. Бұл көшпенді мал шаруашылығына ауыр зардабын тигізді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілқайырдың әділетсіз үстемдігінен құтылып, өз алдына тіршілік етуді арман етті", – деген пікірлерімен де жақын қабысып жатыр.
Сөзіміз тұздықты болуы үшін осы орайда елімізге ғана емес, сырт елдерге де кең танымал, кезінде Елбасы ғылыми кеңесінің белді мүшесі, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры болған, Қазақ Совет Энциклопедиясы Бас редакциясын басқарып жүрген кезінде өзіміз қоластында істеген академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың "Тарих-и-Раши-ди"– тарихымыз бен мәдениетіміздің аса келелі жазба ескерткіші" деген көлемді мақаласынан үзінділер келтіріп кеткім келеді. Онда ол Керей мен Жәнібек сұлтандар уақиғасы жөнінде былай дейді: "Продолжая эту дискускуссию, смею высказать своё мнение по этому вопросу:
1.Никоем образом нельзя связывать образование Казахского государства с одним "бегством" или откочевкой Керей-хана и Джанибек-хана, хотя процесс откочевки выражал суть раскола и продолжался десятилетиями.
2.Они, как Абулхаир и другие ханы Ак-Орды, были законными наследниками власти.
3.На рубеже X1V–XV веков происходил распад суперэтноса кипчак, на его основе происходила консолидация тюркских и тюркизированных племён Дашт-и Кипчака и Семиречья в казахскую народность.
4.Гирей (Керей)-хан и Джанибек-хан были вождями тех родов и племён Дашт-и Кипчака, выступившими объединителями близких по языку, культурным традициям, образу жизни родоплемённых групп из центрального и южного Казахстана.
5.Гирей-хан и Джанибек-хан, предводители казахов, не откочевали, а откололись, разъединились, объявили о своей независимости, точнее, если говорить современной терминологией, самоопределились. В данном случае "откочёвка" стала одной из форм выражения самоопределения, отчуждения.
Нет сомнения в том, что вожди казахов оказались великолепными прогнозистами, деятелями высокого класса. Они учли особенности исторического процесса не только внутри своих улусов, а в масштабе всего региона. Об этом свидетельствует и автор "Тарих-и-Рашиди" следующим образом:"В восемьсот пятьдесят пятом году в юрте Джучи-хана, сына Чингиз-хана, или, что, то же самое, в Дашт-и Кипчаке был государём Абул-Хайр, из потомков Джучи. В те времена в этой юрте не было правителя могущественнее его. После его смерти его подданные пришли в состояние замешательства и разброда. Большое число людей присоединились к Кирей-хану и Джаныбек-хану. Казахам, о которых уже упоминалось".
6.
…в)К.А.Пищулина, ссылаясь на многочисленные другие источники, написанные на два-три десятилетия раньше "Тарих-и-Рашиди", отмечает, что в них Джаныбек и Гирей упоминаются как ханы. Иначе говоря, процесс становления Казахского ханства шел не один год. Автор "Бахр ал-асрар", пишет К.А.Пищулина, говоря о начальном периоде пребывания в Моголистане, что "в то время Кирей-хан был назван государём".
…Принципиально важно, во-первых, установить, что в изучаемый период от общетюркской общности происходит процесс отпочкования народностей и создание национальных государств, в т.ч. казахов. Во-вторых, на основе ранее существующих государственных образований на территории Центральной Азии, в т.ч. Казахстана, выковались государственность и великодержавие Казахского ханства; в третьих, важно проследить, как тюркские племена оправились после монгольского завоевания, как часть населения государственного образования уже на новой основе, вышли за рамки родоплемённой ограниченности, вновь как это было в период господства кипчаков, стали подниматься по ступени уже народного самосознания. Оберегая свои обычаи, религию, язык, тюркская общность пройдя испытания монгольского ига , как феникс из пепла, возродилась в жизни.
…Не подлежит сомнению то, что казахский народ был одним из народов Востока, давший цивилизации опыт государственности, державности, образования и культуры. Труд историка Мирзы Мухаммед Хайдар Дуглат "Тарих-и-Рашиди" тому ещё одно яркое свидетельство.
…Хотелось бы особо отметить ещё одно достойнство первого историка, основателя исторической школы казахов Мирзы Мухаммед Хайдар Дуглат. Он утверждает, что к Керей-хану и Джаныбек-хану откочевало большая часть (его подданных) и их число составило около двухсот тысяч человек. Касым-хан, сын Джанибек-хана, "распостранил свою власть над Дашт-и Кипчаком. В его армии (лашкар) было более миллиона человек" (Знамя труда" газеті. №23. 19.03.1997 ж.).
Осы жерде еске мынау нәрсе түседі. Егер қорында мың сан кітабы бар, Азия жерінде теңдессіз деп саналған атақты Отырар кітапханасы шамасына қарамай осыған дейін жарты әлемді жаулап алған, әскері сан жетпес қарақұрым, алапат күшті, тоқтау дегенді білмейтін Шыңғыс әскеріне тосқауыл болам деп орынсыз менмендік танытып, жұртын қырып, қаласын жермен жексен етіп күйретіп алған, Қайырхан деген атына заты сай емес, сол бір қайрымсыз ханның тірлігіне бола жанып, жоғалып кетпегенде, бәлкім біз неге қазақ деп аталып келе жатқандығымызды бүгіндері осылайша тер төгіп іздемес пе едік, тегімізге қатысты мұндай этнолингвистикалық тарихи проблеманы шешеміз деп осыншама әлекке түспес пе едік кім білсін.
Мұндайда бабаларымыз ұрандатып, ту ғып ұстап, көтерген қазақ атауы этимологиясын «бармақтан сорып» «қаз» деп құстың атынан немесе кездейсоқ тілге оралған «қашақ» сөзінен іздеп әуре болмай, не де болса оны тарихымыздың әрірегінен, тереңінен орын алған көне тарихи деректерден асықпай іздеп тауып алар едік ойлаймыз.
Әйткенмен түк жоқ емес, қазақ атауы мен тегімізге қатысты әржер-бержерде аздылы-көптілі, там-тұмдап болсын мұндай деректемелердің сақталып қалғандығы белгілі. Бұл жөнінде біз әңгімеміздің басында айтып кеткенбіз. Ендеше, қазақ атауы мен тегіміз жөнінде солар не дейді екен енді соны бағамдақ көрейік.
Солардың бірі халқымыздың біртуар атақты ғалымы, академик Әлкей Марғұланның: «Қазақтар арабтар келмей тұрып Арал, Каспий теңізінің төңірегіндегі хазарлармен байланысты болған, Н.Я.Марр мен Б.Грозный келтірген «қаз», «хаз» сөзі екеуіне бірдей»; «Солтүстік Кавказдағы осетиндер кабарды мен балқарларды осы күнге дейін «қасақ», «кесек» деп атайды… Бұл атты кабарды мен балқарлар… ерте дәуірден не қыпшақтар заманынан (Х–ХV) сақтаған болу керек»,- деген тұжырым-байламдары (Тамғалы тас жазуы». «Жұлдыз». 1984. №1).
Қазақия ұлысының көне жұрты жөнінде кезінде патшалық Ресейдің 2-мемлекеттік Думасының депутаты болған, сыртқа да, елімізге де кең танымал, ғалым-тарихшымыз Мұхамеджан Тынышпаев та өзінің «Қазақ руларының генологиясы» ("Генеалогия казахских родов") деген белгілі еңбегінде айтып кетеді. Ол онда орыстың ұлы тарихшысы Н.М. Карамзин де, атақты шығыс зерттеуші ғалымы Семёнов-Тяньшанский де өз заманында осетиндер черкестерді қазақтар деп атағандығын, ал Карамзин сонымен қатар олардың Х ғасырларда Қара теңіз бен Каспий теңізі аралығын мекендеген торктар мен беренділерді де черкестерге яғни қазақтарға жатқызғандығын айтады («Рух» газеті. № 6. 2001 ж.).
Сондай-ақ белгілі шығыстанушы ғалым В.С. Смирнов 1232 жылы шыққан жылнаманы зерделей келе, орыс князі Владимир Монамахтың 1095 жылы қолға түскен Берш руынан шыққан косогтар Ығлар, Қытан, Ақланды өлтіргенін хабарлайды ( бұл да сонда).
Қазақтар жөнінде өз еңбегінде әйгілі шығыстанушы ғалым В.В.Бартольд те Х ғасырда Кавказ черкестері «косог» деп аталған деп хабарлайды (Шығармалар, 2 т. 848 б. М., 1963–1968 жылдар). Бұл деректер мәтінінен қазақтар қауымдастығының біз пайымдағандай ертеректе, X–XI ғасырлардан бастап-ақ жұртқа белгілі ұлыс болғандығын аңғарамыз.
Ұлыс пен оның құрамына кірген ру-тайпалар туралы зерттеуші Жарылқап Бейсенбайұлы да төмендегідей қызғылықты деректер келтіріледі: «…оныншы ғасырдағы Византия императоры Константин Порфирородный Кубаннан шығысқа қарайғы жерлерде «Касахия» деген жұрт жатыр»; «…орыс жылнамаларындағы «касог», грек тақуасы Епифани (VIII–IX ғ.ғ.) жазбаларындағы Кавказ төңірегінде мекендейтін «касогдиане» елдері туралы мәліметтер «қазақ» атауының осы төңіректе әуелден-ақ көрініс бергенін байқатады»; «Тарих осы замандарда Қазақия құрамында қазіргі қыпшақ тектес қарашай, балқар, құмықтардың арғы бабаларының да болғанын, бәрінің қазақ атымен қауымдасқанын ортаға тартады. Олар ғана емес, кабарды, черкес атты тілі бөлек жұрттар да қазақ атымен танылған.
XIII ғасырдағы моңғол жорығы Дешті Қыпшақтың батысындағы Қазақияны да шайқап өтті. Сол аласапыран кездері өзара тектес черкес, кабарды, қарашайлар, абазиндер черкес бас болып қазақтан ірге айырған сияқты. Дегенмен, талай уақыт аралас-құралас боп келген жұрттардың этникалық қарым-қатынасының іздерін осы күндері байқауға да болады. Жазушы Әнес Сараев Байұлы құрамындағы Шеркеш руы «Қазақия қазақ, черкес боп екіге бөлінгенде» қазақтар құрамында қалған ел болуы мүмкін дегенді айтады. Қазақ шеркештерінің ұраны–«Шағырай». Ал черкестерде «чахаркас» деген ата кездеседі абазиндер арасында әлі күнге дейін шегірей руы бар» («Кіші жүз шежіресі». «Ана тілі» газеті. 1992 мешін жылы. 4 наурыз). Бұл мәліметтер қазақтар құрамына кірген түркі рулары туралы ақпар бере отырып, ұлыс тарихын енді X–XI ғасырлардан асырып, VIII–IX ғасырларға жеткізіп тастайды.
Ғалым-тарихшымыз Мұхамеджан Тынышпаев та өзінің жоғарыда аталған «Қазақ руларының генологиясы» атты зерттеу еңбегінде Қара теңіз бен Каспий теңіздері аралығындағы құйқалы жерді қоныстанған, құрамында беріш, черкес жұрттары бар Қазақия ұлысы болған деген деректерін келтіреді. Мәселен ол Қытайдың VII ғасырға жататын деректемелерінде («Тан патшалығының жаңа тарихы») Арал мен Хазарлық Каспий теңізінің аралығын мекендеген жұрттың «хаса», «кас–пилер» деп аталғанын әңгімелейді. Бұл, көріп отырсыздар, ұлыс тарихын енді VII ғасырларға апарып тірейді.
Қазақстандық ғалым-тарихшы Е.П.Алексеева да өзінің 1971 жылы жарық көрген «Көне және ортағасырлық Қарашай-Черкес тарихы» деген еңбегінде ертеректе құрылып, өркендеген Қазақия мемлекеті жөнінде айтып кетеді. Ол оның даму, қалыптасу кезеңдерін: VI–VII ғасырларда Батыс-Түрік қағанатының осы өңірді қамтуына, IX–X ғасырларда Сыр бойындағы қаңлы бірлестігіне қарайтын бешенектердің батысындағы осы аймаққа жылжуына және XI ғасырларда бұл мекенге қыпшақтардың лек-лек болып қоныс аударуына байланысты үшке бөліп қарап, оның о бастан түркі өркениетінің төл түлегі болғандығы туралы жазады. Демек Е.П.Алексеева қазақтар тарихын енді VI ғасырлардан бастайды.
«Қазақ» сөзінің этимологиясы, яғни шығу төркіні жөнінде әңгімелегенімізде оның түркі тобына жататын Сағай, Қойбол (В. Радлов. «Опыт словаря тюркских наречий. ІІ т. І бөлім. 629 б.) және Хакас («Хак.-рус. словарь». 1953 ж. 284 б.) тілдеріндегі мағынасы «қосу, үстеу, қосымшалау» дегенді білдіретін «козак» және «хозак» сөздерімен дыбысталуы өте ұқсас екендігін айта кету керек. Ал егер тіліміздегі «бірігу, одақтасу, ұлыстасу» сияқты сөздер олардың синонимі болса, онда түрлі ру-тайпалар бірлестігінен, одағынан, ұлысынан тұратын Қазақия тек дыбысталуы жағынан ғана емес ішкі мазмұны, мағынасы бойынша да жоғарыда келтірілген қос сөздің баламасы дерлік. Ендеше, Сағай, Қойбол, Хакас тілдері кезінде Қазақия болып біріккен көне ру-тайпалардың ортақ тілі болуы да ғажап емес. Демек, бұл тайпалар жұртын да түрлі тарихи себептерге байланысты бөлініп кеткен, тілі мен тілегі бір бұрынғы Қазақия ұлысының сынықтары деп топшылауға әбден болады.
Облысымызға ғана емес елімізге кең танымал этнограф, тарихшы ғалым, жазушы, журналист, тараздық жерлесіміз, марқұм Амантай Айзахметов те осы тақырыпты аша түсу үшін көп еңбектенген жан. Ол елбасына ұсынған «Колыбель царей человечества» атты зертеу еңбегінде «Қазақ» этнонимінің қайдан, қалай шыққандығы туралы деректерді осы ұлыстың тарих аренасынан алғаш көріну фактілермен ұтымды ұштастыра отырып, бізге қызғылықты түрде әңгімелеп береді. Ол не дейді екен, енді соған жүгініп көрейік.
Кітабының «О зарождении этнонима «Казах» деген бөлімінде тарихи деректерге сүйене отырып: «Карамзин, основываясь на русских летописцев, утверждает, что Святослав в 968 году где-то к северу от реки Кубани разбил косогов. Писатель Х века, византийский император Константин Порфирородный, местность на востоке от Таматарахи (Тмутаракань), бассейна реки Кубани называет «Казахией». Г.Эверс пологает, что арабский писатель Масуди (умерший в 965 году) именно эту страну называл «Кашеком», купцы коей посещали Трапезунд; и что народ «кашек», упоминаемый и другим арабским писателем Ибн-аль Варди, не что иное как «косоги» или «казахи». Левшин утверждает, что знаменитый персидский поэт Фирдоуси, живший около 1020 года, в своей поэме Рустем упоминает о «казаках и казакских ханах». Русский князь Мстислав Владиморович в 1022 году покорил Тмутарканскому княжеству «косогов», которые еще в 1065 году платили ему дань; Карамзин к этому добавляет, что «убитый Мстиславом в единеборстве богатырь Редега был косожский князь». По Никоновской летописи, монголы при первом нашествии в 1223 году, пришли со стороны Кавказских гор, пройдя через землю «касахов», разбили кыпчаков и южнорусских князей на р. Калке и ушли на восток (Стр.110), – дей келіп, Тарихтағы Қазақия ұлысының қалыптасу кезеңінің қаншалықты көне екендігі туралы мәліметтер береді.
Бұл жерде А.Айзахметов тарихшы А. Левшинге сілтеме жасағанда оның: «Описание киргиз-кайсакских или киргиз-казачих орд и степей» атты еңбегінің 40-бетіндегі: «Достоверно то, что Фирдевси или Фердуси, живший около 1020 года, то есть за два столетия до появления монголо-татар на Западе, в истории Рустема, упоминает о народе казахах и ханах казахских»,-деген тұжырымдары туралы айтып отыр.
Тараздық тарихшы бұдан кейін: «Когда с севера пришли варяги и образовали на берегу Днепра русское княжество, то южнее его уже стояло Тмутороканьское княжество, именуемое Казахией», – деп жоғарыда айтылған ойын әрі қарай сабақтайды. «Азак–это военно-административная единица асов–царей, или другими словами, их военная гвардия. По поему мнению, военно-административная единица «ас ок» стала современем самостоятельным и не зависимым от асов–царей племенем и термин «ас ок» трансформировался в «азак», а затем и в общеизвестный термин– «сак». А термин «казак», то есть «кайсак»–это племенной союз царственных каи и военно-административных единиц асов–царей, ставшими к этому времени самостоятельными племенами и уже носившими название «сак». Этот племенной союз получил название «каисак», который и положил начало этнониму «казак»,-деп «қазақ» сөзінің тіптен әріден, сақтар заманынан бастау алатындығын айтып, осы атауды алғаш иеленген тайпалар одағының атын атап, түсін түстеп түсіндіріп береді. «…союз каи и саков (каисак) среди всех других племен и племенных союзов, входивших в эту конфедерацию, играл главенствующую роль и был преобладающим в численном отношении, то поэтому, я думаю, эта земля и называлась Казахией»,- деп ойын әрі қарай ширата түседі. Ал ендігі бір сөзінде: «Я считаю, что этноним «казах» зародился намного раньше эпохи возкникновения Казахского ханства Джанибека и Гирея,о чем свидетельствуют византийские, мусульманские и древнерусские источники»,– деп біздің әңгіме басында Керей мен Жәнібек сұлтандар және қазақ атауы жөнінде айтып кеткен жорамал-пікіріміздің шындықтың ауылынан аса алыс кетпегендігін деректерімен растап береді («Колыбель царей человечества». О зарождении этнонима "Казах". Тараз. "Сенім" баспасы. 2001 ж. 98–103 б.б.).
Сол айтпақшы, бұл тұжырымдар филология ғылымдарының докторы Әбілбек Нұрмағанбетовтің 1993 жылы 13 мамырдағы «Ана тілі» газетінің 5-бетінде жариялаған «Қазақ ру, тайпалары атауының төркіні» атты мақаласында келтіретін деректерімен де сабақтасып, жақын қабысып жатыр. «Тағы бір тарихи дерек–1979 жылы Өлгейде «Моңғолдың құпия шежіресі» бірінші рет қазақ тіліне аударылып басылып шықты. Бұл «Шежіренің» жазылып біткен жылы–1240 жыл. Демек, қазақ халқы қалыптасыпты-мыс деген мерзімнен екі ғасыр әрі. Осы аударманың ішінен біз «қазақ күймесі»(31–141-беттер) және «қазақ арба»(141-бет) тіркестерін кездестірдік… Егер де сол кездерде «қазақ» деген халықтың аты болмаса, арбаға қалай қосақталмақ?»,-дейді ол. Ал 1940 жылы Ташкентте басылып шыққан «Древние авторы о Средней Азии (VІ в. до н.э.–ІІІ в.н.э.) деген кітаптан: «Нахширустанские надгробные надписи на могиле Дария Гистаспа. Говорит царь Дарий: «Вот области, которые я покорил за границами Персии… коссаки» (34-б.), «Коссаки–вероятно северо-персидское племя»(153-б.), «Дарий І Гистасп царствовал 521–485 г.г. до нашей эры» (169-б.),-деген үзінділер келтіре отырып, «Бұл деректің мәліметі өзінен 4 мың жыл бұрынғы тарихты дастанға кіргізген Фирдауси хабарымен сәйкес келмейді деп кім айта алады. Шындап ден қойған жан Дарий айтқан «коссок» Фирдаусидағы «қазақпен» шендесіп жатқанын байқамасқа лажы жоқ. Дарий І бағындырдым деп отырған Персияның солтүстігіндегі «коссоктар» түрк тектес тайпалар екендігін анықтай түсерлік деректерден де құралақан емеспіз»,-дейді. Сөйтіп тарихшы Н.П.Толльдің: «Впрочем, часть ученых и до сих пор находит некоторые основания утверждать, что скифи были турками. Саками, по словам Геродота, персы называют скифов» деген байламдарын дәлел ретінде ұсынады («Скифы и гунны». Прага.1928 ж. 9 бет).
Қазақтың белгілі ғалымдары Т.И.Сұлтанов пен С.Г.Кляшторный да өздері жазған «Қазақстан: үшмыңжылдық деректемесі» атты кітабында Қазақ тарихын сонау ықылым заманғы сақтар дәуірінен бастап, Қазақ хандығы құрылған кезеңге дейін жеткізе отырып, қазақтың байырғы халқын орыстілді әдебиеттер күні кешегі кеңес дәуірінің 30 жылдарына дейін қайсақтар, қырғыз-қайсақтар деп тегіннен-тегін атамағанын айтып кетеді.
А.Айзахметов сөзінің соңында бүгінгі үлкен бір ұлт атауына айналған «қазақ» этнонимінің этимологиялық сыры дәл осы «қайсақ», «қырғыз-қайсақ», «Қырғыз-Қайсақ ордасы» атауларының астарында жатқаны ешбір талас тудырмайды дейді. Сөз жоқ, орыс үкіметі мен шенеуніктері бұл атауларды қазақтарға кезінде бекерден бекер таңбағаны белгілі. Ол үшін, әлбетте, көне қазақ тарихына қатысты өздерінде бар бұлтартпас ғылыми деректерге, мамандарының пікіріне сүйене отырып, осындай шешім шығарғаны анық. Осы орайда, тек 1925 жылы сәуірдің 15–19 аралығында өткен ҚАССР Советтерінің 5-съезі ғана қазақ халқының қырғыз-қайсақ атауын–қазақтар деп дұрыс өзгерткенін айтып кету керек сияқты. «Съезд шешімдерінің орысша текстінде «казаки», «Казакстан» деп жазылғандықтан, кейінірек, ҚАССР Орталық Атқару комитеті Президиумының 1936 ж. 9 февральдағы қаулысы бойынша, орыс тілі үшін неғұрлым дәлірек «казахи», «Казахстан» деген атау қабылданды»,-дейді бұл жөнінде Қазақ Совет энциклопедиясы (Алматы. 1975 ж. 7 т. 109 б.).
Бұл ғылыми деректер Қазақ ұлысының қияли емес, белгілі тарих кезеңдерінде өз ру-тайпалары бар нақтылы мемлекеттік құрылым болғандығын дәлелдейтін құнды мәліметтер. Бұл дереккөздерінде келтірілген көне ру-тайпалар атауларының бүгінгі қазақ рулары атымен толық сай келетіндігіне көңіл бөлмеске болмайды. Мысалы, беріш, шеркеш, шағырай руларын алайық. Бұл ру атауларының бүгінгі қазақ рулары атымен ұқсастығы кездейсоқтық емес, олардың туысқан бір ру екендігін көрсеткендей. Егер бұл байлам басқа да дерек көздерімен қуатталып, дәлелденер болса, онда біз тілге тиек тіп отырған көне Казахия ұлысы бөтен емес, өз мемлекетіміздің байырғы бастау бұлағы екендігінде күмән қалмайды.
Міне, бұл мәселені бізге жоғарыда аты ауызға алынған үлкен ғалымымыз Мұхамеджан Тынышпаев өзінің «Қазақ руларының генологиясы» ("Генеалогия казахских родов") атты белгілі, зерттеу еңбегінде шешіп береді. Ол мұнда қазақтар деп аталған черкестер мен кіші жүздің он екі ата байұлына қарайтын тағы бірқатар ру-тайпалары тарихын Алтай баурайынан басталған Ұлы қоныс аудару заманынмен (IV–VII ғ.ғ.) сабақтастыра баяндайды. Ол бұл деректерімен қазақтар мен оның құрамына кірген ру-тайпалар тарихын енді IV ғасырларға бірақ апарып тастайды. Енді сол деректерге көңіл бөліп көрейік.
ҚАЗАҚТАР ҰЛЫ ҚОНЫС АУДАРУ ЗАМАНЫНАН КЕЙІН
Ұлы қоныс аудару заманы жайлы айтып қалғасын, ол жөнінде қысқаша болса да мағлұмат бере кеткеніміз жөн сияқты. Халықтардың бұл тарихи көшіп-қону процесі IV–VII ғасырларда Түрік қағанды ыдырап, Алтайдан Орта Азия мен Жетісу жеріне баса көктеп кірген батыс түрік тайпаларының соғыс қимылдарымен байланысты. Әділ (Атилла) батыр бастаған ғұндар мен оларға ілескен қарақұрым өзге тайпалар Сырдария, Арал маңы алқаптары мен Орталық және Батыс Қазақстан жерлерін басып өтіп, Дунай өзеніне дейін жетті. Мадиярларды бағындырып, еуропа елдеріне аяқ басты. Сөйтіп ақыры Ұлы Рим империясының соңғы тірегі Византия мемлекетінің құлауына әкеліп соқты. Әлбетте, осы әрекеттер барысында тұтас бір халықтардың ығысып, қоныс аударуына, ал олардың орнына көші-қонымен екіншілерінің жайғасуына тура келгендігі мәлім.
Осыған орай, Оба өзеніне құятын Катын өзенінің оң жақ жағалауының Черкиш аталуы, сондай-ақ сол маңды мекендеген сақа (якут) жұртына қарасты Татти ұлысының құрамында «сергеччи» руының сақталып қалуы да тегін емес деп ойлаймыз (Э.К.Пекарский. «Словарь якутского языка». 2 т. 274 б.). Бұл деректер Черкестердің Алтайдан бастау алып, жылжыған көш ізінің жұрнақ-белгілері емес пе екен дегіміз келеді.
Мұнымызды кезінде түркі ру-тайпалары тарихын зерттеуге зор үлес қосқан орыстың атақты ғалымы Н.А.Аристовтың: «…черкес атауының өзі Кавказ баурайына түркі руларының сол аттас қауымының атымен жеткен секілді», – деп жазып кеткен тұжырымдары да растай түседі («Заметки об этническом составе тюркских племён и народностей и сведения об их численности». Спб. 1897 ж. 37 б.).
Сонымен Мұхамеджан Тынышпаев айтып отырған Қазахияның Алтайдан көшкен ру-тайпалары тарихына кеңірек тоқталар болсақ, ғалым жоғарыда аты аталған зерттеуінде: «Геродот (в 5 веке до Р.Х.) упоминает об одном народе под именем Алазон, живущем к западу от Днепра, т.е. в тех же местах; об Алазонах говорит и Страбон (1в. Р.Х.)… Алтайские ачын или алчин несколько приближаются к алазонам и все они напоминают наш алчын. Нужно ещё принять во внимание то, что как и в греческом, так и в других древних языках нет буквы «ч», которые могло или выпасть (тогда будет алын, или должно перейти в «с», которое между двумя гласными читается, как «з»). Так как названия берш, черкеш одинаково встречаются на Алтае и в южно-русских степях, надо думать, что–это родственные племена; и у киргиз (казахов) они состоят в одной подгруппе–байулы»,– дейді.
Ол бұл пікірін аталмыш мақаласында әрі қарай дамыта келіп, бүгінгі Алшын атауымен аталатын Кіші жүз руларының дені өз бастауын Алтай баурайынан алатындығына тың деректер келтіреді. Олары екіұшты ойлауға келтірмейтін, күні бүгінге дейін сақталып келген жағрафиялық топонимдерге негізделген бұлтартпас дәлелдер. Мәселен, Оба өзеніне шығысынан Шұлым, ал батысынан Том өзеншелері құятын болса, сол Шұлымға құятын саланың бірі әлімсақтан Берш деп, ал оның батысынан 40 шақырымдай жердегі көл Бершікөл деп аталады. Бұлардан 70-80 шақырымдай қашықтықтағы Том өзеніндегі кеме, қайықтардың жүзуіне қауіпті тастақты келген суасты қайраңдары Бүріш деген атпен белгілі.
Ал, жоғарыда айтпақшы, Обаға құятын Катын өзенінің оң жақ саласы қартаға Черкиш деген атаумен түсірілген. Оның солтүстігінде, 100 шақырымдай қашықтықта орналасқан Ачинск қаласының тұсынан бастау алатын қос өзен Үлкен Кет және Кіші Кет деп аталады. Бұларды Кіші жүздің Әлім одағындағы кетелердің үлкен, кіші болып бөлінген жұрты мекендеген өзен алқаптары деуге болады.
Ежелден осы аталған өзен, көл алқаптарын мекендеген түркілік Қызыл деп аталатын тайпалар одағының құрамында Үлкен ачын және Кіші ачын рулары бар. Бұлардың да Кіші жүздің үлкен, кіші болып сараланған алшындары екендігі дау туғызбайды. Бұлай дейтін себебіміз, М.Тынышпаев Ачинск қаласының атауы осы рулардың атынан туындаған деген пікірді айта келіп, былай дейді: «Наименование Берш, Берчикуль, Буриш напоминают название многочисленного рода берш в составе нашего алчын; роды большой и малой ачин тоже напоминают наш алчын с пропуском буквы «л». Такие пропуски замечаются и в киргизском языке, например, говорят «ачы» вместо «алчы» (возьми), «аккель» вместо «алып кель» (принеси) и т.д… Черкеш напоминает род черкеш в составе нашего алчына. Кеть напоминает род кете–тоже в составе алчын.
В указанных районах несколько раз встречается слово алтын, которые возможно переводить «золото»; но так как несколько географических названий напоминают наши роды, то и тут можно бы отождествить с алчинским родом алтын. Замечательно ещё то, что в этих местах названий, напоминающих роды Большой и Средней Орды (кроме одного аргына), совсем нет, тогда как все перечисленные названия сходы с родами одной только Малой орды». Айтқандарының бәрі көңілге қонымды, ойға сиымды. Ғалым Алтайдан қоныс аударғандар қазақтың өзге ру-тайпалары емес, арғындарды қоспағанда дені бүгінгі алшын–кіші жүз ру-тайпалары екендігін тағы баса айтып кетіп отыр.
Сондай-ақ, Тула қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан уездік Одоев және Харьков–Пенза темір жолы бойындағы уездік Бирюч қалалары, Азов теңізі мен Азов қаласының кезінде Тана деп аталуы, 14 ғасырға дейін Дон өзенінің атауы да Танаис (бұл жерде «ис» грек тілінен қосылған жалғау) болуы, теңізге Кубань өзені құятын жердегі түбектің Тамань аталуы, Киев–Полтава темір жолы бойындағы қалаға Ромодан, осы темір жолы бойындағы Сула өзенінің бір саласына Ұдай деп, ал Пенза губерниясының шекарасындағы қалаға тағы Рамадан деп ат тағылуы және басқа да осы сияқты көптеген жағрафиялық деректер Алшын руларының Ұлы қоныс аудару заманында (IV–VІI ғ.ғ.). Алтай баурайынан шығып, бүгінгі қоныс тепкен мекендеріне жол-жөнекей орыс жерін басып өтіп жеткендіктерін көрсетсе керек. Жоғарыда аталған атаулар Алшынның бүгінгі Байұлы құрамындағы Адай, Беріш, Тана, Жетіру құрамындағы Тама, Рамадан руларынан қалған жұрнақ атаулар екендігі күмән туғызбайды.
Саратов қаласының оңтүстік-батысындағы таудың Алтынтау (орыстардың түркі тіліндегі «у» дыбысын «в» деп оқитынын ескерсек, Саратовтың өзі Сарытау сөзінен туындайтын термин екендігі шүбәсіз), мағынасы тіліміздегі сұра, бер ұғымдарына сай келетін Симбирск губерниясындағы Сура (Сұра) және оған құятын Барыш (Беріш) өзендерінің, кейінгісін басып өтетін жердегі Барыш теміржол стансасының атаулары, ұлы Еділ өзенінің бойынан менмұндалап көрінетін Алтынтөбе қыраты, өзеннің Астрахан аймағына қарама-қарсы оң жақ жағалауында жатқан Төріалтын шатқал-сайының атаулары да, профессор Хвольсон айтпақшы, көне Хозар елінде болған Бараиш қаласы жөніндегі және де басқа осындай толып жатқан көне деректер ертеректе бұл өңірді қалың алшын жұрты басып өтіп, тұрақтағандарының тағы бір дәлелі. Алшындармен қоянқолтық көрші тұрған славян тайпалары олар қойған жер, су, қала аттарын тілдері келгенше бұрап сөйлегендерімен, құдайға шүкір, оларды түпкілікті өзгертпегендерін көріп отырмыз. Осы орайда ғалым: «Если есть некоторая разница в произношении имён на наших подродов и перечисленных наименований, то известно, что тюркские слова точно передовать невозможно и особенно в летописах: так, например, пишется бусурман или даже бесерян вместо мусульман. Авзяк или Изябяк–узбек; Джелебек, Зенебек–Джаныбек; Зеледин–Джалалэдин; Ючи–Джочы; Бахмет–Махмуд; Бузулук–Бузаулык, Саратов–Сарытау, Еруслан–Янарслан и т.д.»,-дейді.
Ғалым кавказдық Черкештерде Қылыш атасының бар екендігін және олардың өздерін алшындармыз яғни қазақпыз деп атайтындығын, сол сияқты қазақтың Байұлы тайпалар бірлестігінде де осыған ұқсас Шеркеш руының және оның Қылыш аталығының бар екендігіне тоқтала келіп, мұның әсте кездейсоқтық емес екендігін айтады.
Черкештер Кавказдың ежелгі тұрғындары емес, оған өте ертеде Алтайдан қоныс аударған ру-тайпалар қауымдастығы екендігі жөнінде өз еңбектерінде тіл ғылымын зерттеуші С.Аманжолов та («Қазақ тіліндегі диалектология және тарих мәселелері». 41 б. Алматы. 1959 ж.), тарихшы И.Е.Фишер де («Сібірдің ашылуынан бастап бұл жерді орыс қаруымен жаулап алғанға дейінгі орыс тарихы», Спб. 1774 ж. 57–58 б.б.) егжей-тегжей айтып кетеді. Өзіміздің кешегі өткен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы, кең танымал ақын, жазушымыз Сәкен Сейфуллин де шығармаларында черкестер тақырыбын қозғап, олар өздерін «қазақпыз» деп атағанын баяндайды (Шығармалар. VI том 19 б. Алматы. 1964 ж.). Қазақ Совет энциклопедиясында құрамына черкештер де кіретін алшындықтарға мынадай анықтама беріледі: «Алшын–Кіші жүз құрамындағы Байұлы, Жетіру, Әлімұлы сияқты үлкен рулардың негізі болған тайпа. Алшын туралы деректер ертеден бар. Ежелгі мекені–Алтай. 10 ғ-да А-дардың бір бөлігі қыпшақтармен бірге (Қаңлы құрамында) батысқа қарай аттанып, Египетке дейін барған; онда Мысыр билеушілерінің қызметінде болып, мамлюктер әулетінің үстемдігін орнатуда айтарлықтай роль атқарған. 10–12 ғ-да Қырымдағы қыпшақ, комон, печенег арасында А-дар көп болған. 12–14 ғ-да А-ның кейбір рулары Ноғай ордасының негізін қаласқан. Кейініректе олар қазақ халқының негізгі құрамы есебінде белгілі болған. А.Ұрпақтары татар, башқұрт және Орта Азия халықтарының құрамында да бар» (Қазақ Совет энциклопедиясы. 1 т. 311 б. Алматы. 1972 ж.). Бұл дегеніңіз, алшындарға қатысты жоғарыда келтірген деректемелеріміздің растығын қуаттайтын энциклопедиялық ғылыми тұжырымдама.
Шежіре зерттеуші Алшын Серік өзінің «Ұланақ» атты Кіші жүз қаракесектері шежіресінде «Алшын» атауының шығу тегін төмендегіше түсіндіреді: «Жолайы «Алшын» атауына келсек, ол «Алтай» сөзінің диалекті түріндегі синонимдік нұсқасы болуы ғажап емес. Алтай–Алтау, қазіргіше Ал тауы деген тіркес екенін ескерсек, Алшын–Ал шыңы–Алтай екені ешбір қарсылықсыз мойындатар шындық. Негізін топонимнен алатын бұл этномин, Алшын тайпасына бірігіп жүрген (Жетіру тайпасы кірмейтінін ескерген жөн) қазіргі Кіші жүздік рулар бір кездері Алтайдан ауған рулар екенін әйгілеп-ақ тұр.
Бұған М.Тынышпаевтың «История казахского народа» еңбегінің (1993 жыл. Қазақ университеті) «Материалы к истории киргиз-казахского народа» мақаласының «В. «Младшая Орда» тарауының «10. Алчыны» бөліміндегі топонимикалық мысалдар толық дәлел. Біздің ойымызша алшындардың ауу мезгілі–Түркі қағанатының құлауымен тұс па тұс уақыт. Ал, әңгімені тереңдетсек «л-ға» тілі келмейтін Қытайдың «ашын» («аш-ин») деп жүрген жұрты да осы Алшындар–Алтайды мекендеген жұрттар–Алшындар болатын» (Ақтөбе. «Арсенал» баспа үйі. 1990 ж. «Рух» газеті. «Рушежіре»). Олай болса жоғарыда келтіріп отырған деректеріміз құрамында кіші жүз ру-тайпалары бар қазақтар тарихының IV ғасырға жататындығын тағы бір растап кетеді. Сондықтан черкештердің таулықтар емес, біздің он екі ата байұлына кіретін шеркештермен туыс, түбі түркі қандас бауырларымыз екендігін баса айтып кеткіміз келеді. Әйтпесе, олармен қоғамдық тіршілігі, салт-дәстүрі ортақ Қазақия қауымдастығында кезінде бірлесе өмір сүруіміз неғыйбыл емес пе еді.
Сөздің реті келіп тұрғасын айтқымыз келеді, атақты Бейбарс өзі мен Ибн Халдун жазған «Қыпшақтар шежіресінде», мәселен, өзін қыпшақтың брж-оғлы руынан шыққанмын дейді. Араб зерттеушісі Аль-Айни де өз жазбаларында осыны құптайды. М. Тынышпаев жоғарыда аталған мақаласында зерттеуші Л.Будаговтың «берж»(«брж») сөзі тобыл татарларының тілінде қайыспас, берік деген мағынаны, ал «бурудж» сөзі «қорған» деген ұғымды береді дейтінін, ал қазақ тілінде «берш» деп дененің қатқылданған жерін айтатынымызды жазады. Ғалым зерттеуші Леп-Пуль-Стенлидің египеттік мәмлүк сұлтандарының екі әулеті болды, 1250–1390 жылдар аралығында «бах-ри»(«өзен»әулеті) және 1390–1517 жылдар аралығында «бурджи»(«қорған» әулеті) әулеттері билік жүргізді деген деректеріне сүйене отырып, «Выше мы видели, что подводная скала на р. Томи названа «буриш». Кстати заметим, буква «ш» в словах восточных тюрок обычно переходит в «дж» у западных тюрок (например, у осмнлисов). Из сопоставления указанных слов надо думать, что наименование династии «буруджи» произошло не от слова «башня», а от рода «бердж» или «берш». Это вполне потверждается вышеуказанным показанием султана, что он «происходит от «брж» или «берш», тюркского народа», -дейді. Ұзын сөздің қысқасы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні–аты аңызға айналған әйгілі мәмлүктік Мысыр билеушісі Бейбарстың (1223–1277ж.ж.) да осы Алтайдан қоныс аударған аты алты алашқа мәшһүр болған атақты алшынның тілге тиек етіп отырған беріш руынан екендігін еске сала кету.
Шежіре зерттеушісі Жарылқап Бейсенбайұлы жоғарыда аталып кеткен өз шежіресінде араб жазушысы Аль-Айнидің деректеріне сүйене отырып, жасы 57-ге келген Бейбарсты улап өлтірген Қалауын сұлтанның да қыпшақтардың Берж руынан екендігін айтып кетеді. «Зерттеушілердің айтуынша Бейбарстың ата-тегі де сол Қазақия өңіріндегі Дербент маңынан, Үстірт, Еділ, Қаратеңіз аралығын жайлаған қыпшақтардан. Ол он жасқа келгенде елі шапқыншылыққа ұшырап, өзін моңғолдар итальян көпестеріне сатыпты, олар оны әрі қарай Мысырға жөнелткен. Сол жерде мәмлүктер жасағында тәрбиеленіп, өзінің әскери дарыны, қолбасшылық қабілеті арқасында мемлекет әміршісіне дейін өседі. Осы ретте Берж әулетінің билігінен кейін Египетті олармен туыс черкестерден (шеркештерден) шыққан мәмлүктер биледі),-дейді ол әрі қарай. Бұл Бейбарстың: «Мен қыпшақтың Брж-оғлы (берш-ұлы) руынанмын»,– деген жоғарыда айтылған дерегіне сай келеді. «Осы орайда алшындар, оның ішінде беріш атасы Қыпшақтың бір сынығы деген дәйектердің де түп-төркіні қылаң бергендей болады»,– дейді шежіреші, жазушы. Егер Алтай айналасы мен Дешті Қыпшақ жерінің бір шеті кезінде Еділ, Жайық, Қара теңіз аралығын жайлаған бұрынғы Қазақияның құрамына қараған болса, алшынның беріші қыпшақ жұртының ортасына қалыңырақ, тереңірек еніп, қоныс аударғанда өздерін олардың бірі деп санап кетуі, біздіңше, таңқаларлық жайт емес, заңды құбылыс. Көп қашанда көптігін жасаған да, ал азшылық өзін олардың құрамында әрқашан солардың бірі деп санап отырған.
Қазақия мен оның құрамына кірген ру-тайпалар жөніндегі деректерді ауыз әдебиеті үлгілерінен де табуға болады. Мәселен, халқымыздың Қазтуған, Доспамбет, Шәлгез сынды айтулы жампоз ақын-жырауларының аузынан төгілген төмендегі жыр жолдары соның айқын айғағы дерлік.
«Тегінде ноғай-қазақ түбіміз бір,
Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір» , – деген, сондай-ақ,
«Алаштан қазақ тараған,
Ноғайлыға қараған.
Жауға алдырмай ноғайлар
Бір-біріне жараған.
Ноғайдан қазақ бөлініп,
Үш жүз болып тараған»,– деген
өлең тармақтары қазақ пен ноғайлының кезінде бір одаққа бірігіп, бір қауымдастықта болғанын, бірақ түрлі себептермен бұл одақтың кейін ыдыраған кезін сипаттайды. Осы орайда, шежіре зерттеушісі Жарылқап Бейсенбайұлының кіші жүздің ішінде сақталып қалған «Ноғайлы-қазақ» («Ноғайты») руы сол Ноғайлы мен қазақ ұлыстары ажыраған шақта қазақтардың арасында қалып қойған ноғайлының бір атасы деген болжам, байламымен де келіспеске болмайды.
Сондай-ақ Әбілбек Нұрмағанбетовтің жоғарыда аталған мақаласында 1963 жылы Мәскеуде шыққан «Ноғай-орыс сөздігіне» сүйене отырып берген, қазақ атты ру-тайпаның ноғайларда да бар екендігін растайтын мәліметтері олардың шындығында да Қазақияның құрамында болып, бір кездері қазақ деп аталғанын дәлелдей түскендей. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Рахманқұл Бердібаев өзінің зерттеу еңбегінде:«Қазақ пен ноғай ауыз әдебиетіндегі ортақ сарындас тарихи-генетикалық заңдылыққа жатады. Бұл екі халықтың фольклорындағы ұқсастық сол байлықты жаратушылар мен айтып таратушылардың әуел баста бір түбірден шыққан туыстығына байланысты»,-деп бұл екі халықты тонның ішкі бауындай тіпті жақын туысқан қылып қояды («Қарайдар мен Қызылгүл». 7 б. Алматы. Жалын. 1989 ж.).
Сондай-ақ, оқысаңыз да болады, белгілі ақын, жазушымыз Байбота Серікбайұлының «Шежіре шерткен сыр» («Ана тілі» газеті. 1992 мешін жылы, 7 қаңтар) деген еңбегінде Қоңырат пен Ноғай, ал жоғарыда аталған ғалым Әбілбек Нұрмағанбетовтің сілтеме жасай отырып («Ног.-рус.сл.». М. 1963 ж. 491 б.) жариялаған аталмыш еңбегіндегі Ноғайлар мен Қаңлы жұрттарының арасындағы туыстық қатынастарды ашып берер мәліметтер–түптеп келгенде бәріміздің түбі бір туысқан тайпалар екендігімізді, бәріміздің тілге тиек етіп отырған көне Қазақияның құрамында кезінде бірге болғандығымызды, өткен тарихымыздың тікелей осы ұлыспен байланысты екендігін дәлелдейтін деректер.
Тарихшы, зерттеушілеріміз айтпақшы, Ноғайлының құрамында жоғарыда аты аталған ру, тайпалардан басқа алшын, қыпшақ, үйсін руларынан тарайтын тағы да басқа аталардың бар екендігін ескерер болсақ, төскейде малы, төсекте басы қосылған, жақын, көрші қоныстанған бұл екі жұрттың (ноғайты мен қазақ рулары) тұрмыс-тіршіліктерінде қыз беріп, қыз алысып, құдандал, жекжат болып, қаншалықты туыстасып кірігіп, бірігіп кеткендіктерін көрер едік. Сондықтан да, біздің пайымдауымызша, бұлар бірі бөлініп көшкенде екіншісі олармен жақындығын білдіріп, бірге ірге ауыстырған жұрттар. Жоғарыдағы жыраулардың:
«Ей, байтағым, байтағым,
Бастырып сені алдырдым.
Ал, аман бол, менен соң,
Байтағымның ішінде
сан елім ноғайлым,
Сені тағы да алдырдым.
Он сан ноғай ішінде
Үш алпыс отау қазағым,
Сені тағы алдырдым», -деген
қасіретті жыр шумақтары да ақ патшаның отарлау саясаты мен басқыншылық әрекетінің нәтижесінде бір халық боп қалыптасудың аз-ақ алдында тұрған ноғайлы–қазақ ру-тайпалары одағының қайта күйреген кезеңі туралы баяндайды (Жарылқап Бейсенбайұлы. «Кіші жүз. Жанарыс» «Ана тілі» газеті. 1992 мешін жылы, 4 наурыз, 4 б.).
Жазушы Әнес Сарай 2010 жылы «Ана тілі» газетінің бірнеше нөмірінде жариялаған «Ноғайлы» атты көлемді зерттеу еңбегінде ноғай елі Ш.Уәлихановтың айтуы бойынша Моғол ханы Тұғлық Темір кезінде Сырдария мен Шу, Ыстықкөл мен Жетісу жерінде болғандығын хабарлайды (Валиханов Ч. Собр. Сочинения. І том. Алма-Ата, 1961, 358–359 стр.). Бұл турасында тағы мынандай мәліметтер береді: «Муин ад-дин Натанзи олардың қонысын «Ұлытау, Сеңгірағаш, Қаратал, Жент, Баршын кент» деп, ноғайлының осы тарапта жасаған бір кезеңінен хабар береді (Трепавлов В.В. 56-б.).
Бұл орайда сан-саққа салған әңгіме жеткілікті. Ноғайлы шекарасы әр кезде әртүрлі болған: бірде кеңіп, бірде тарылып отырған. Олардың өзгермеген тиянақты аш өзек, алтын діңгегі–Жайық өзенінің ұзына бойы…
Ноғайлы жұртына алғашқы тиянақты ғылыми барлау жасаған М.Г.Сафаргалиев оның ұйытқы тобы деп 18 тайпаны атаған. Олар: алшын, ас, байғұр, борган, борлақ, гублаг, канглы, кенегес, керей, қыпшақ, қытай, қият, колгин, қоңырат, маңғыт, найман, тайджут,тангучин, түрікмен (Сафаргалиев, 1960, 230-б.)…
Р.Х.Керейтов Ноғайлының ұйытқы тобына бай, қаңлы, қатаған, керейт, қыпшақ, қоңырат, мажар, маңғыт, найман, сильджджгут, үйсін тайпаларын жатқызады (Керейтов Р.Х. Ногайская Орда и вопросы ее этнического состава //ИТАРНО,19–28 стр.). Ірге көтеріп, дәуірлеген XV ғасырда Ноғайлы 64 тайпадан құралып, ал XVI–XVII ғасырларда олар өздерін «140 таңбалы ноғай» атаған (Трепалов В.В., 440-б.). Түрік саяхатшысы Эвил Челеби де «140 рулы ноғай жұрты» деп көрсетеді.