Читать книгу Деген екен - Баянғали Әлімжанов - Страница 10

Баян – сапар

Оглавление

1987 жылы анасы Бәтима қатты ауырып, Баянғали амалсыз Алматыдан ауылға көшетiн болыпты. Анасына қарау керек, ертең бiр жағдай болып кетсе, жалғыз қалған әкенiң халi не болмақ? Астанадан аттанарда барлық ақын, жазушы ағалары, жолдастары жылы сөздерiн айтып, қимай-қимай шығарып салыпты. Өзi қызмет iстейтiн «Жұлдыз» журналының коллективi жақсы тiлектерiн бiлдiрiп, естелiк сыйлапты. Жолдастарының атынан Серiк

Тұрғынбеков өлең жазыпты.

Жүректiң табар дауасын,

Табиғат деген ең шебер,

Туған жер жұпар ауасын

Жұтып бiр қайтқың келсе егер.


Жол болсын деймiз Баянжан

Жырларың жатсын жосылып,

Даусыңнан сенiң оянған

Қазақ пен қырғыз қосылып.


Қызметке адам қонақ қой,

Көңілiң көлдей, мәрт жаның,

Қырғызға кетпей, жөн-ақ қой,

Көкшеге қарай тартқаның!


Емессiң көңiл қалдырған,

Жерiңдей туған дархансың,

Сексен көл сенiң алдыңнан

Сексен қыз болып қарсы алсын.


Көкшенiң биiк құздары,

Сол құздай бiз де қайсармыз,

Сағынған кезде бiз дағы,

Көкшеге барып қайтармыз.


Тiлектес iнi, жақсы аға,

Жемiсiн жырдың терерсiң,

Сағынтқан кезде астана,

Өзің де жетiп келерсiң!


Ақын ағасы Ғафу Қайырбеков «Жұлдыздың» атынан, бүкiл ақын-жазушылардың, Алматының атынан арнаған өлеңiн оқып берiптi:

Баян – сапар
(Iнiм Б.Әлiмжановқа)

«Жұлдыздың» кенжетайы, сүйкімдісі,

Мың күнге азық болған бір күнгі ісі,

Жан-жағын дауылдатқан, дабыл қаққан

Келгенде қыранға ұқсап сілкінгісі.


Шабыттың шын перзенті, қол баласы,

Ежелгі жүйріктердің олжаласы,

Қызметке туған жерге шектің сапар

Қолдасын жолдың пірі, жол данасы.


Көзіңде жарқыраған болашағың,

Алдыңда болар шағың,толар шағың,

Қалықта аспан жердің арасында

Тұрмыста саз кешпесін толарсағың!


Рахмет «Жұлдызға» еткен еңбегіңе,

Жұлдыздай шыға бер сен ел көгіне,

Оранып мауқыңды бас бала қыран

Көк майса Көкшетаудың жөргегіне!

Даланың данышпаны, ол да ағасы,

Қазақтың ортасында мол бағасы,

Көкшеге қанат болып алып ұшсын

«Жұлдыздың» жырмен жазған жолдамасы!


Әрине, сендей жанды көз қия ма

Ұқсаған бойы биік боз қияға,

Махаббат, шапағатты қатар жинап

Қайтарсың аман-есен өз ұяңа!


– Ойбай-ау, Ғафеке-ау, мынадай өлең арнасаңыз, біз де ауылға көшіп кетер едік! – деп жіберіпті бір қаламдастар әзіл-шыны аралас.

Сонда Баянғалиды қолтықтап кетіп бара жатқан Ғафекең:

– Айналып кетейін Баяшка, сен менің балам сияқтысың ғой, мен сені Бақытымнан кем көрмеймін ғой! Өлең деген жүректен туады, әйтпесе, әне біреулер көшіп жатса, мұндай өлең қайда-а! – деген екен!

Кейiн Ғафекең бұл өлеңін «Шұбалаң» атты кiтабына енгiзiптi.

Деген екен

Подняться наверх