Читать книгу Қазіргі заман кезіндегі Азия мен Африка елдерінің тарихы (1918–1945). I бөлім - Рыскелді Мырзабекова - Страница 4

ШЫҒЫС ЕЛДЕРІ: ҚОҒАМДЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗГІ АҒЫМДАРЫ
§ 3. Азия мен Африканың қалаларында буржуазиялық қатынастардың дамуы

Оглавление

Шығыстың дәстүрлі өндірісіне Батыстың ықпалы. Батыс Еуропадағы өндірістік төңкеріс тоқыма өндірісінен басталған болатын. Батыстық арзан фабрикалық өнімдердің импорты шығыс елдеріндегі ұсақ қолөнершілердің мақта-мата өндірісінің көлемін қысқартты. Машинамен иірілген жіптің ағыны ең алдымен шығыс елдеріндегі жіп иіру өндірісінің бәсекеге төзе алмай құлдырауына алып келді. Шығыстағы шаруалар жіпті қолмен иіру кәсібін тастап, шаруашылықтың басқа түрлеріне бейімделу жолдарын іздестірді.

Сонымен қатар еуропалық өнімдердің шығыс қалаларындағы өндіріске ықпал ету нәтижесі дәстүрлі екі өнеркәсіп технологиясының синтезіне алып келді. Батыстық кәсіпкерлер біртіндеп шығыс өндірісін сол кездегі техниканың жетістіктеріне сүйенген кәсіпорындарға айналдыра бастады. Бұл үдеріс әсіресе, бірінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында қарқынды дамыды. Шығыстық ұсақ мата тоқушылары өздерінің кәсіптерінде капиталистік кәсіпорындарда (бастапқыда меторполияларда кейіннен жергілікті фабрикаларда) өндірілген жіпті кеңінен қолдана бастады. Бұл өз кезегінде қол тоқыма өндірісінің біртіндеп жойылуына алып келді. Жаңа үлгіде пайда болған жергілікті тоқыма фабрикалар ұсақ тоқыма-қолөнершілерді ығыстыра бастады. Бұның көрінісін Үндістаннан көруге болады. Бұл елде 1911 жылы мақта-мата өндірісінде жұмыс істеген адамдардың 8 %-ы фабрикаларда еңбек етті және бұл фабрикалар елде өндірілген өнімнің осы түрінің жартысынан астамын шығарды.

Сонымен қатар Шығыста өндіріс көлемінің және осы салада еңбек етіп жатқандар санының қысқаруына өндіріс капиталы қатты әсер етті. Сондай-ақ өндірістік капитал шығыс экономикасының дәстүрлі салалары болып табылатын қант қайнату, бояулар шығару, фарфор, қолшатыр, жөке тоқу, темірден жасалған бұйымдар, қолдан металл өңдеу көптеген саларды бәсекеге ұшыратты. Біртіндеп жергілікті феодалдық ақсүйектердің ерекше талғамы мен қажеттілік сұраныстарын қанағаттандыратын және тек қана бұйымтай бойынша жұмыс істейтін дәстүрлі кәсіп те

Отарларға капитал шығару. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде жергілікті өндірістің дамуына өндрістік капиталдың өзара тәуелділік жүйесі кедергі келтірді. Мысалы, Вьетнамда жергілікті француздық фабрикалар ұсақ тоқыма, мақта-мата, қант, шай, спирт, күріш тазалайтын және көптеген шикізаттарды сатып алуды және олармен жергілікті өндірушілерді қамтасамыз етуге монополия орнатуға талпынды. Бірқатар өндіріс салаларында (ең алдымен жібек тоқу) олар айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алған жоқ. Себебі, жергілікті өндірушілер өздері өндірген өнімдерін ескі арналарды пайдалана отырып, емін-еркін иеленгілері келді. Есесіне мата-мақта саласында импорттық шикізатпен жұмыс істейтін француздық жіп иірушілер жіппен тек вьетнамдық тоқымашыларды қамтамасыз етіп қоймай, өзге де шетелдік ірі мата-мақта мануфактураларды қамтамасыз етті. Отаршылдық капитал жергілікті буржуаны шикізат нарықтарынан аластата отырып, жергілікті мануфактураларды француздық фабрикалардың бір бөліміне айналдыруға тырысты. Бұл тенденция әсіресе, бірінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында және соғыс кезінде ерекше анық байқалды.

Жергілікті француздық фабрикалар мен вьетнамдық мануфактуралар арасындағы байланыстар тікелей сипатқа ие болған жоқ. Олардың арасындағы делдал рөлін қытайлық сауда кәсіпкерлері атқарды. Олар жергілікті ұсақ тауар өндірушілерге жүйелі түрде шикізатты таратып беріп отырды. Бұндай жағдайда жергілікті буржуазияға ұсақ кәсіпкер рөлін атқаруға тура келді. Бұл жүйенің ішінде олар француз капиталымен емес, қытай капиталымен қақтығысқа түсті. Мұндай жағдай оның компрадорлық бағытын күшейтіп, жергілікті буржуаның метрополиядан тәуелділігін арттыра түсті.

Көп құрылымды экономиканың Шығыс елдерінде қалыптасуы. Отар елдерде шетелдік экономика секторының пайда болуы және дамуы шетелдік капиталдың қатысуымен қарқынды жүре бастады. Шетелдік капитал әсіресе, тау-кен, көлік коммуникациялары, банк, коммуналды мекемелерде үстемдік етті. Түптеп келгенде бұл отарларда отарлық-капитализмнің орнағандығын білдірді. Бейнелеп айтқанда, шығыстың нәрлі топырағына дамыған капиталистік қатынастарды отырғызу, машиналы индустрияға арқа сүйеді. Сондай-ақ отарлардағы капитализм дәстүрлі әлеуметтік және экономикалық құрылымдардың айтарлықтай деңгейдегі ықпалын сезінді. Сонымен бір мезетте еуропалық капитализм отарларға үлкен өзгерістік ықпал жасады. Бұл ең алдымен сыртқы сауда мен экспортты жер өңдеу салаларында нақты өзгерістерге алып келді. Бұндай қатынастар ұлттық және жеке өндірістік кәсіпкерліктің өсуін қатты ынталандырды. Шығыста капитализмге дейінгі құрылымның орнына көп құрылысты жүйе: саны жағынан әлдеқайда басым дәстүрлі өндіріс тәсілімен қатар екі өзге түр болып табылатын сол заманғы машиналы (сол заманғы капитализм) және ұлттық (бастапқыда негізінен таратушы-мануфактуралық капитализм) капиталистік тәртіптің элементтері пайда болды.

Сол заманғы капиталистік және жергілікті дәстүрлі әлеуметтік-экономикалық жаңартулар арасында үдемелі байланыстар орнады. Нәтижесінде отарлар еуропалық капитализмнің өндіріс, әлеуметтік-саяси өмір салаларындағы жаңалықтарын қабылдай бастады. Бұл үрдіс әсіресе өндірістік және банктік капиталдың отарларға шығарылуы кезінде қарқынды дамыды. ХХ ғасырда өндіріс пен шаруашылықтың өзге де салаларындағы синтез отар елдерді отаршылдық-капиталистік даму мен тәуелділік дамудың жолына түсірді, отар елдер мен метрополиялар арасындағы қатынастардың жетекші бағытына айналды.

Өндіріс пен шаруашылықтың жаңа түрлерін машинамен жабдықтау үрдісі шығыс елдерінде баяу жүрді. Шығыс елдері машинаны ең алдымен көлік саласында қолданды (ал Батыс Еуропа, Солтүстік Америкада машиналар жүйесі алғашында өндірісте қолданылды). Оның себебі, метрополиялар өз отарларының және жартылай отарларда бекінген шетелдік капитал шикізат пен ауылшаруашылығы өнімдерін көп көлемде тасымалдауға мүдделі болды. Сондықтан Азия мен Африка елдерінде бумен жүретін кемелер, темір жолдар мен телеграф желелілерін салуда шетелдік капитал бесенділік танытты. Сондай-ақ машиналы өндіріс жүйесінің бұндай ретпен енгізілуі, отарлардың даму ерекшелігіне және метрополиялардың әскери-саяси сұраныстарына да байланысты болды.

Сонымен қатар тау-кен, алтын, алмаз кеніштерін үдемелі игеру және бұл салаларға салынатын жеке капиталдың келуі, отарларда банктік жүйенің дамуына және банк капиталының қалыптасуына ықпал жасады. Сондай-ақ банктерден ірі және орта шаруалар несиелер ала бастады. Осылайша шығыс елдерінде қуатты банк жүйесі қалыптасты. Отарлар мен жартылай отарлар дамыған капитализмнің элементтерін интенсивті түрде қабылдай бастады.

Осымен бір мезетте метрополиялар өз экономикасының жаңа салаларын, атап айтқанда, металлургия және металл өңдеу, машина жасау сияқты салаларды дамыта түсті. Аталған салаларда қол жеткен ғылыми-техникалық жетістіктерді отарлардағы өндіріске енгізуді жүзеге асыруға (технологияны көшіруге) кірісті. Бұл өз кезегінде отарлардың әлеуметтік-экономикалық сипатын өзгертіп, олардың стратегиялық маңызын арттырды. Бірақ көптеген жағдайларда шығыс елдеріндегі дәстүрлі ерте мануфактуралық өндіріс шетелдік өндірістік және техникалық жаңалықтарды қабылдауға даяр болған жоқ. Сондықтан кейбір шығыс елдері бұл өзгерістер мен жаңалықтардан кешеуілдеп кенже қалды. Бұндай жағдай Азия мен Африка елдерінің бірқатарында осы күнге дейін байқалып отыр. Оның себебі Шығыстағы машиналы өндіріс Батыстағы сияқты өзіндік ішкі және дәйекті дамудың өнімі болған жоқ. Шығыстың өндірістік жүйесіне өндірістің фабрикалық және зауыттық түрлердің дайын күйінде сырттан әкелініп енгізілуі, оның кенже дамуының тағы бір себебі болып табылады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде машиналы өнеркәсіп ең алдымен Үндістан, Қытай, Египет сияқты елдерге біртіндеп енгізілсе, Вьетнам, Бирма, Малазия сияқты елдерге оны енгізу көптеген қиындықтармен жүзеге асырылды.

Батыстық өндіріс құралдарының жергілікті өндіріске ендірілуінің ерекшеліктері мен рөлі. Отаршылдық кезеңнің ХІХ ғасырының соңы мен ХХ ғасырының бас кезі Шығыс елдеріндегі өндіріс орындарына батыстық өндіріс құралдарын айтарлықтай көлемде енгізумен ерекшеленеді. Батыс елдерінде жетілдірілген механикалық қондырғылар ең алдымен мақта-мата, джут, қант, ұн тарту, жүн иіру, жібек тоқу сияқты өндіріс салаларына ендірілді, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында ғана электротехника, металлургия, химия, цемент және тағы да басқа өндіріс салаларына енгізілді. Бірақ отарларда машина жасау мен станок жасау ісі болған жоқ. Бұл салалар метрополиялардың еншісінде болды. Отарлық жергілікті өндіріс орындары үшін құрал-жабдықтар метрополиялар мен өзге де индустриалды дамыған елдерден әкелінді.

Метрополия мен отарлар арасындағы өндірістік синтез ХХ ғасырдың бірінші жартысына дейін, кейбір жерлерде екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақытта да сақталынып қалды. Бұрынғы отарларда өндірісті индустрияландыру ісі тек тәуелсіздік алғаннан кейін қарқынды түрде қолға алына бастады. Шығыс елдерінде ХХ ғасырдың бас кезі мен орта шенінде өндірісті машиналандыру жүйесі мен шетелдік капиталдың кең көлемде енуі кәсіпорындардың сол кездегі заманауи түрінің қалыптасуына және өндірісте сауда мен несиелеу жүйесінде қатынастардың жаңа формасының пайда боуына әсер етті.

ХІХ ғасырдың соңында батыстық ғылыми-техникалық кадрлар мен мамандардың қатысуымен минералды шикізат пен ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін салаларда жаңа зауыттар мен фабрикалар пайда болса, ХХ ғасырдың бас кезінен электробекеттер, болат қорыту және цемент шығаратын зауыттар пайда болды. Негізінен бұндай өнеркәсіпте ірі капиталистік кәсіпорындардың саны басым еді. Сонымен қатар батыстық мемлекеттер әлемдік нарықтың сұранысына сай, шығыс елдері экономикасының дәстүрлі салаларында шағын зауыттар мен фабрикаларды ашты.

Шығыс елдерінде өндірістік төңкерістің аяқталмауы мен қалалық өндірістің капитализмге дейінгі формаларының сақталынып қалуының салдарлары. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Шығыс елдерінде өндірістің капиталистік түрінің қалыптасуына қарамастан, өндірістің не әлеуметтік-экономикалық не техникалық аспектілерінде өндірістік төңкеріс аяқталмай қалды. Жергілікті капиталистік кәсіпорындар өзінің дамуында ұзақ уақытты (жергілікті жағдайларға байланысты) басынан кешіргенімен, жұмысшыларды жұмыспен қамтуда не болмаса өндірілген өнімнің көлемі жағынан үстемдік жағдайды иелене алмады. Сонымен қатар жергілікті өндіріс саласы толығымен механикаландырылғандығына қарамастан, өндірістің төменгі салаларындағы кәсіпорындарды жеңе алмады және ішкі нарықта шешуші позицияларды басып алуға дәрменсіз болды. Бұның басты себебі, Шығыс елдері машина құрал-жабдықтары бойынша толығымен импортқа тәуелді болды. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпорындар өндіріс құралдарына, тұтынуға қажетті тауарларға да тәуелді болды.

Сол кездегі заманауи фабрика-зауыттық өндіріс, қаржы несие мекемелері, банктер, сауда фирмалары толығымен шетелдік капиталдың (жеке және акционерлік) иелігінде болды. Жергілікті буржуазия мен сол кездегі заманауи ұлттық өндірістік кәсіпорындардың қалыптасу үдерісі баяу жүрді. Бұл үдеріс жергілікті капиталистік кәсіпкерлікке компрадорларды, саудагерлерді, өсімқорларды, төрешілдерді, буржуазияланған жериеленушілерді тарту есебінен жүрді. Капитализмнің демократиялық «төменнен» даму жолы тоқтап қалды. Оның дамуына бір жағынан метрополиялардың отарлардағы өндірістік үстемдігі және сыртқы саудаға бақылау орнату әрекеті кедергі келтірсе, екінші жағынан, жергілікті әлеуметтік жіктердің шетелдік кәсіпкерлігі кедергі келтірді. Әдетте, бұндай кәсіпкерлер өзгеріп жатқан жағдайға байланысты шетелдік капиталмен ынтымақтастық қатынастар орнатып, компрадорлық институттарын құрды. Бүл үдеріс барысында жаңадан қалыптасып келе жатқан жергілікті буржуазия өзінің бұрынғы дәстүрлі дүниетанымын, мінез-құлқын, білімін, өмір сүру салтын өзгерте отырып, батыстана (вестернизациялану) бастады.

Сол уақыттағы заманауи және дәстүрлі өндіріс аграрлық салада қатарласа қалыптасты. Бұл үдеріс біртіндеп табиғи даму жолымен емес, керісінше, отарлардағы өндіріс салаларын капиталистік әлемдік шаруашылық жүйеге күштеп қосу, сондай-ақ, отарларда заманауи фабрика-зауыттық өндірісті, көлік саласындағы құрылысты, басқарудың капиталистік тәсілдерін, буржуазиялық басқару жүйесін «жоғарыдан» еріктен тыс енгізу арқылы жүрді. Бұл өз кезегінде заманауи және дәстүрлі өндіріс түрлерінің өзара әрекеттесуінде және кейіннен синтезденуінде көптеген проблемаларды тудырды.

Батыстық мемлекеттер Шығыс елдеріндегі партиоттық күштердің экономикалық және әлеуметтік дамуға бағытталған күресін, орындалуы батыстың несиесі мен субсидиясы және батыстың мамандарынан, тәуелді тар ауқымда жасалған (батыстық елдердің үкіметтері жасаған) бағдарламаларды ұсыну арқылы шектеуге әрекет жасады. Сонымен қатар батыстық елдер үкіметтерінің жоспарлары ұзақ мерзімге, 10-12 жылға есептелді. Осы уақыт аралығында бұрынғы метрополиялар өздерінің Шығыс елдеріндегі ықпалын күшейтуге, тіпті, болмаған жағдайда сақтап қалуға бар күшін салды.

Жоспарларды қаржыландырудың шамамен жартысынан астамы ұлттық қаржы көздерінен, негізінен жергілікті бюджет және әртүрлі орталықтандырылған қорлардың қаржысы арқылы жүзеге асырылды. Отарлық әкімгершіліктің қолына қаржы құралдарының шоғырлануы, отар елдердің экономикасына мемлекеттікмонополистік ықпал етудің бір формасы іспеттес бола отырып, бұл елдердің ұлттық капиталының ұлғаю деңгейін тежеді. Сондай-ақ, орталықтандырылған қорлар капитал салымдарын ірі құрылыс нысандары төңірегінде шоғырландыруға мүмкіндіктер туғызды және ағылшын билігінің тек қана әкімшілік емес, сонымен қатар шаруашылықты ұйымдастырушы ретіндегі рөлін жоғарылата түсті.

Шығыстағы Батыс Еуропа елдері саясатының соғыстан кейінгі алғашқы он жылдығының елеулі кезеңі жергілікті басқару жүйесін реформалау болды. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін батыс елдері отарларының басым бөлігі үшін басқарудың жанама жүйесі тән болды. Жергілікті тайпа көсемдері отарлық әкімшіліктің саясатын жүзеге асырушылар ретінде пайдаланылып, іс жүзінде отарлық әкімшіліктен жалақы алатын шенеуніктерге айналдырылды.

Соғыстан кейінгі кезеңде де жергілікті ақсүйектердің көсемдері отарлық әкімшіліктің отарлардағы сенімді одақтастары болып қала берді. Бірақ, Шығыстағы қоғамдық қатынастардың дамуы, жаңа әлеуметтік күш жергілікті буржуазияны өмірге келтірді. Жергілікті тайпалық институттар бірте-бірте нашарлай бастаған шақта еуропалық отарлық әкімшілік өзіне одақтасты осы жаңа шығыстық буржуазиядан табуға әрекет жасады. Басқару жүйесінде реформаларды жүзеге асыра отырып, еуропалық отаршыл мемлекеттердің үкіметтері жергілікті халықтар көсемдерінің билігін біртіндеп сайланған кеңесші және атқарушы органдар арқылы шектеуге ұмтылды. Бұл батыстық мемлекеттер үкіметтерінің ықпалы күн санап өсіп келе жатқан жаңа жергілікті буржуазия алдындағы көнбістік танытқан белгісі болды.

Батыстық мемлекеттер үкіметтерінің жаңа ұлттық буржуазияға бет бұруы, бірқатар экономикалық қайта құрулар және жеңілдіктер мен жерге жеке меншік құқығын енгізу жолдары арқылы, жергілікті дәстүрлі қауымдық басқару құрылымын ыдыратудан көрініс берді.

Батыстық мемлекеттер үкіметтерінің жүргізген баяу көнбістік саясаты ұлт-азаттық күрестің дамуын тежеп, ұлттық күштердің назарын ұсақ және жеке реформаларға аударды. Отаршыл мемлекеттердің үкіметі ұсынған конституциялар жобасы мен экономикалық даму жоспарлары қызу пікірталастар және қайшылықтар тудырды. Бұл жағдайды отаршылдар ұлттық күштерді бөлшектеп, әлсірету мақсатында пайдалана білді.

Батыстық мемлекеттер үкіметінің Шығыс елдеріне қатысты жүргізген ептілік пен ымыралық саясаты қажет болған жағдайда тікелей күш қолдану мүмкіндіктерін де тыс қалдырмады. Бірқатар жағдайларда өзінің еркін күштеп таңу үшін батыстық елдер ұлт-азаттық қозғалыстарды қарудың күшімен және саяси террор арқылы басып-жаншуға иек артты.

Білімін тексеруге арналған сұрақтар:

1. Шығыстың дәстүрлі өндірісіне Батыстың ықпалы?

2. Отарларға капитал шығару?

3. Шығыс елдерінде өндірістік төңкерістің аяқталмауына қандай жағдайлар ықпал етті?

Қазіргі заман кезіндегі Азия мен Африка елдерінің тарихы (1918–1945). I бөлім

Подняться наверх