Читать книгу Қазіргі заман кезіндегі Азия мен Африка елдерінің тарихы (1945–2012). II бөлім - Рыскелді Мырзабекова - Страница 4

XX ҒАСЫРДЫҢ 40 ЖЫЛДАРЫ МЕН XX ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ҚИЫР ШЫҒЫС ЕЛДЕРІ
§ 2. Оңтүстік Корея

Оглавление

Корей түбегінде екі мемлекеттің құрылуы. 1945 жылдың екінші жартысында қырық жылдық отаршылдық басқарудан кейін Корея экономикалық маманданған аймақтарға бөлінді. Тау-кен және ауыр индустрия кәсіпорындарының басым бөлігі елдің солтүстігінде орналасты және олар әскери қимылдар барысында айтарлықтай зақымданған болатын. Пайдалы қазбаларға кедей кореяның оңтүстік бөлігінде ауылшаруашылығы өнімдері мен жеңіл өнеркәсіп тауарларын шығаратын негізгі аудандар орналасты. Осыған байланысты елдің оңтүстік бөлігінде халықтың басым бөлігі қоныс тепті. 1945 жылы басталған корей түбегін бөлу нәтижесінде екі мемлекеттің пайда болуы дәстүрлі шаруашылық байланыстардың үзілуіне алып келді.

Алғашында кореяның 38-ші параллель бойынша бөлінуі уақытша шара ретінде қабылданған болатын. Бірақ АҚШ пен кСРО-ның соғыстан кейінгі әлемдік тәртіпке қатысты көзқарастарының қарама-қарсы болуы және «қырғи-қабақ» соғыстың басталуы және «қырғи-қабақ» соғыстың алып мемлекеттер арасында шиеленіске алып келуі корей түбегін ұзақ жылдарға екі әлеуметтік лагерьдің бәсекелестік аренасына айналдырды.

кореяны азат ете салысымен Солтүстік кореяда коммунистер мейлінше белсенділік танытты. 1945 жылдың қазанында олар корей Еңбекші партиясына (кЕП) бірікті. 1946 жылды кореяның солтүстігінде жер реформасы туралы заң жүзеге асырылды. Өнеркәсіп, транспорт, байланыс мекемелері, банкілер, сыртқы сауда – мемлекет меншігіне айналдырылып, әйелдер теңдігі және елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына қажетті заңдар қабылданды. Солтүстік Кореяда жүзеге асырылып жатқан шаралар басқарудың барлық жүйесі Американдық әскери әкімшіліктің (АӘӘ) құзырында болған Оңтүстік Кореяның тұрғындарына қатты әсер етті. Америка әскери әкімшілігі қызметінің бастапқы кезеңінде үлкен қателіктерге жол берді. Бұл халықтың басым бөлігінің американ әкімшілігінен алшақтауына алып келді. Халықтың ілтипаты мен қызығушылығы біртіндеп Солтүстік Кореядағы реформалар мен қабылданған заңдарға ауды. Нәтижесінде кореяның оңтүстігіндегі жағдай ішкі әлеуметтік-саяси күштердің, американдық әкімшілікке арқа сүйеген ірі буржуазия мен жұмысшы-шаруалардың қарсыласуына және қарулы күшпен басыпжанышталған жаппай антиамерикандық толқуларға әкеліп соқты.

1948 жылдың мамырында Оңтүстік Кореяда – Корея Республикасы деген мемлекеттің атын жария еткен Ұлттық жиналысқа сайлау өткізілді. Ұлттық жиналыс Корей Республикасының конституциясын қабылдап, елдің президентін сайлады. Сайлау нәтижесінде Корей Республикасының президенті болып Ли Сын Ман сайланды. Республика астанасы Сеул қаласында орналасты.

1948 жылдың тамызында оңтүстіктегі шараларға жауап ретінде елдің солтүстігінде Кореяның Жоғары халық кеңесіне (КЖХК) сайлау өткізілді. Жоғары халық кеңесіне Оңтүстік Кореяның бірқатар өкілдерін қатыстыру арқылы бүкіл корейлік сипат берілді. КЖХК-ның бірінші сессиясы 1948 жылдың 8 қыркүйегінде Корей Халық-Демократиялық Республикасының (КХДР) құрылғандығын жария етті. Жаңа мемлекеттің астанасы Пхеньян қаласы болды. КХДР-дың жаңадан құрылған үкіметінің өтініші бойынша Кеңестер Одағы бұл мемлекеттің территориясынан әскерлерін шығарды.

Бірден-бір заңды деп жарияланған және бүкіл Кореяның территориясына үміткер ретінде талаптанған екі корей республикасының пайда болуы олардың арасында қақтығыстардың орын алуына объективті алғышарттар қалыптастырып берді. Екі корей мемлекетінің арасында шекаралық шектеу межесі ретінде белгіленген 38-ші параллель ұдайы қарулы қақтығыстар орнына айналды. 1949 жылы 1836 қақтығыс орын алып, оған екі жақтан ірі әскери құрамалар тартылды.

Күннен-күнге арта түскен тайталасу жағдайында 1950 жылдың 25 маусымында Солтүстік пен Оңтүстік арасында қарулы қақтығыс басталды. Алғашында әскери қимылдар ауыспалы табыстармен жүрді. Оңтүстік Корея жағында әскери қимылдарға АҚШ-тың ірі десанттық күштері араласса, КСРО Солтүстік Корея армиясын қолдау үшін өзінің әскери мамандары мен ұшқыштарын жіберді. 1950 жылдың қазанында қытайлық «халық еріктілерінің» ірі отрядтары (деректеге сәйкес 100 мың адам) КХДР-ға көмекке келді. 1950 жылдың соңына таман американ-оңтүстік корей, сол сияқты солтүстік корей армиялары 38-ші параллельдің өн бойына шоғырланды. Соғыс созылмалы қорғаныстық сипат алды. 1953 жылдың 27 қазанында үш жылға созылған соғыс аяқталды. Соғыс аяқталған соң Корей түбегінде қытай және американ әскерлері қалып қойды. 1950-1953 жж. корей соғысы алып мемлекеттердің саясатының тікелей салдары болды. Іс жүзінде бұл соғыс әлеуметтік-саяси екі жүйенің қарама-қайшылығының деңгейін көрсетіп берді. корей халқы осы кезге дейін екіге бөлініп өмір сүруде.

Оңтүстік Кореяның ХХ ғасырдың 50-60 жылдарындагы әлеуметтік-саяси дамуы. Ли Сын Ман 1952 жылдың тамызында корей Республикасының президенттігіне тағы сайланды. 1954 жылдың қарашасында ол конституцияға жаңадан түзетулер енгізу жөнінде бастама көтерді. конституцияға енгізілген жаңа түзетулер нәтижесінде Ли Сын Манға президент ретінде шектеусіз құқықтар берілді. Сонымен қатар мемлекет қауіпсіздігі, саяси партияларды тіркеу, баспасөз құралдарын реттеу, демонстрациялар өткізуді бақылау сияқты заңдардың қабылдануы елдің ішінде саяси озбырлыққа жол берді. Бұл шаралар елдегі тамыры тереңге кеткен экономикалық дағдарыс астарында жүзеге асырылды. Шындығында Ли Сын Манның үкіметі 1950 жылы жер реформасын жүзеге асыруға кіріскен болатын. Атап айтқанда, үкімет ірі помещиктерден басы артық жерлерді сатып алып (3 мың га) шаруаларға үлестіріп берді. Осы шараның нәтижесінде 900 мыңға жуық шаруа қожалықтарының жерге қолдары жетті. Сонымен қатар ірі помещиктер мен бай шаруалардың капиталын өнеркәсіптік өндіріс саласына тарту ісі ынталандырылды. Бірақ бұл шараларға қарамастан өндірістік өнеркәсіптің көлемі құлдырап кетті. Мысалы, 1954 жылғы өнеркәсіп 1945 жылғы деңгейдің 20 % ғана құрады. Қалаларда жаппай жұмыссыздық орын алды. Инфляцияның деңгейі жоғары болды. Ауыл шаруашылығы халықты азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайтын жағдайға жетті. Елдегі ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдай халық бұқарасының наразылығын тудырды. Осындай жағдайда ел ішінде оппозициялық күштер жұмыстарын белсенді жүргізуге кірісті.

Билігінен айрылып қалудан қауіптенген Ли Сын Ман оппозицияның іс-шаралары мен бой көрсетулеріне төзімсіздікпен қарады. Сондықтан 1960 жылдың наурызындағы сайлау нәтижелерін дөрекі түрде бұрмалаудан кейін Ли Сын Ман тағы да президент болып жарияланды. Бұл жағдай халықтың орасан-зор наразылығын тудырып, ел ішінде наразылық ереуілдер орын алды. Мысалы, 1960 жылдың 19 сәуірінде Сеул қаласында сайлау нәтижелерін қайта қарауды талап еткен ұран көтерген демонстрациялар болып өтті. Бұл бұқаралық шерулердің негізгі қатысушылары студент-жастар еді. Ли Сын Ман шерулерді басу үшін Сеулге әскер кіргізді. Нәтижесінде қарулы әскер шерушілерді оқтың астына алды. Үкімет тарапынан болған бұл шара наразылық көңілкүйді одан ары күшейтіп жіберді. Нәтижесінде елдің барлық ірі қалаларында наразылық шерулері орын алды. Бұл жолғы наразылық шеруіне қарсы армия күш қолданудан бас тартты. Оңтүстік корей парламентінің төтенше мәжілісінде президенттің орынан түсіріп, жаңа сайлаулар өткізу жөнінде қарар қабылданды. 1960 жылдың 27 сәуірінде Ли Сын Ман биліктен бас тартқандығы туралы ресми мәлімдеме жасап елден кетуге мәжбүр болды. корей Республикасының тарихына бұл оқиғалар «сәуір революциясы» деген атпен енді.

Екінші және Төртінші республикалар тұсындағы Оңтүстік Кореяның дамуы (1960-1972). «Сәуір революциясы» нәтижесінде өтпелі үкімет құрылды. 1960 жылдың маусымында парламент конституцияға түзетулер енгізіп оны бекітті. Түзетулер нәтижесінде ел президентін екі палаталы парламент сайлайтын болды. Екі палаталы парламент президент сайлау процедурасын заңға сай жүзеге асыруға міндетті болды. Парламентке елбасының функциялары берілгенімен оның атқарушы билігі болмады. 1960 жылғы парламенттік сайлауларда 1955 жылы құрылған оппозициялық-демократиялық Минчжудан партиясы жеңіске жетті. Ел президенті болып байырғы оппозицияның көрнекті қайраткері Юн Бо Сон сайланса, премьер-министр ретінде Чжан Мен тағайындалды. 1960 жылдың 1 қарашасында Екінші республика жарияланды.

Алайда Минчжудан партиясы билікке келе салысымен өзінің беделі мен ықпалын жоғалта бастады. Оған себеп болған алдыңғы Ли Сын Ман режимінен мұраға қалған ел ішіндегі ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдай болатын. Минчжудан билікке келген соң ел экономикасы дағдарысты жағдайды басынан кешіруді жалғастыра берді және жұмыссыздық деңгейі төмендеген жоқ. Сонымен бір мезгілде Солтүстік пен Оңтүстік корея арасында байланыстарды ұлғайту мүмкіндігі ел ішінде орасан-зор құлшыныс тудырды. Бұл жағдай әсіре оңшыл күштерді, әсіресе корей соғысының «итжығыстық» нәтижесіне көңілдері толмаған офицерлердің мазасын алды. Үкіметтің қарулы күштерге жұмсалатын шығындарды қысқарту туралы қабылдаған шешімі армияда үкіметке қарсы наразылықтың одан ары күшеюіне алып келді.

Осындай жағдайда генерал-майор Пак Чжон хи бастаған офицерлер тобы әскери төңкеріс жоспарын жасады. Бұл жоспар президент Юн Бо Сон мен АҚШ өкілдерінің қол қусырып отыруымен және бірқатар бай кәсіпкерлердің қаржылай қолдауымен даярланды. Әскери төңкеріс 1961 жылдың 15 мамырынан 16 мамырға қараған түні жүзеге асырылды. Үкіметтік әскер бүлікшілерге ешқандай қарсылық көрсеткен жоқ. Әскери төңкерістен кейін елде Мемлекеттік қайта жаңарту Жоғары кеңесі (МҚЖк) құрылды. МҚЖк елде әскери жағдай енгізіп, Ұлттық жиналысты, партиялар мен қоғамдық ұйымдарды тарқатып, митингілер мен демонстрациялар өткізуге тыйым салды және көптеген баспасөз құралдарын жауып тастады. Премьер-министр Чан Мен ресми түрде биліктен бас тарқандағы жөнінде мәлімдеме жасады.

1962 жылдың наурызында әскери режим бұрындары өмір сүрген саяси партиялар мен ұйымдардың мүшелеріне саясатпен айналысуға тыйым салатын заң шығарды. 1962 жылдың қарашасында жаңа конституция бойынша референдум өткізілді. Жаңа конституция ел президентінің жеке құқықтарын мейлінше күшейтті. Президенттің өкілеттігі барынша кеңейтілді. Атап айқанда, президент кабинет пен премьер-министрді тағайындауға, келісім жасауға және оларды ратификациялауға, соғыс жариялауға, бейбітшілік келісімдерге қол қоюға, қарулы-күштердің бас қолбасшысы болуға құқылы болды.

Сайлауға қатысу үшін әскерилер 1963 жылдың ақпанында Демократиялық республикалық партия (ДРП) құрды. Бұл партия өзінің жетекшісі ретінде 1963 жылдың тамызында ғана әскери қызметтен кеткен Пак Чжон Хидің есімін атады. Жаңадан құрылған Демократиялық басқару партиясы (ДБП) өзінің сайлаулардағы үміткері ретінде Юн Бо Сонды бекітті. 1963 жылдың қазанындағы сайлауда аталған партиялар арасында негізгі күрес жүрді. Сайлаудың қорытындысы бойынша Пак Чжон Хи болмашы артық дауыспен жеңіске жетті. 1963 жылдың қарашасындағы Ұлттық жиналыс үшін болған сайлауда басқарушы Демократиялық республикалық партия басым көпшілік орынды иемденді. 1963 жылдың 17 желтоқсанында Үшінші республиканы салтанатты түрде жариялау рәсімі өтті және елді конституциялық басқару формасына қайта алып келді.

Бастапқада мемлекет басты назарды аграрлық секторға бөлді. Шаруа қожалықтарына төменгі пайызды несиелер беріп, шаруа борышының бір бөлігін мемлекет өз мойнына алды. Осы шаралардан кейін ішкі ресурстар есебінен индустрияны дамытуға және АҚШ-тан қаржылай көмек алуға талпыныс жасалынды. Бірақ үкіметтің бұл қадамы сәтсіз аяқталды. Тек 1960 жылдардың орта шенінде корей Республикасының үкіметі өзіне табыстар алып келген «экспорт арқылы индустриализациялау» саясатына көшті. Бұл саясатты жүзеге асыру барысында үкімет елдің экспорттық мүмкіндіктерін дамытуға қажетті арнайы шараларды қабылдады, ел экономикасына шетелдік капиталды коммерциялық несиелер және инвестициялар түрінде тартты, бұл қаржының пәрменді пайдаланылуына мемлекет тарапынан бақылау орнатты.

ХХ ғасырдың 60-жылдарының орта шенінде корей Республикасы экономикалық дамуында секіріс жасады. Бұл жеңіл және ауыр индустрияны дамыту есебінен мүмкін болды. Үкімет жаңа технологияларды өндіріс саласына енгізуді барынша қолдады, қызмет көрсету саласы мен сауданы жетілдіру шараларын жүзеге асырды. Ірілі-ұсақты қалаларда жаңа жұмыс орындарының ашылуы ауыл тұрғындарын біртіндеп қалаға ойысуына алып келді. Нәтижесінде елдің әлеуметтік құрылымында үлкен өзгерістер болды. корей Республикасы ауылшаруашылығы дамыған ел болумен қатар индустриалды елге айналды. Өсіп келе жатқан өндірістің ықпалымен орта және жоғары білім жүйесі жетілдірілді.

хх ғасырдың 60-жылдарының соңына қарай Пак Чжон хидің қызметінде көсемшілдік сипаты көрініс бере бастады. Оның идеологиялық талғампаздығы корей қоғамында қолдауға ие болған жоқ. Оның үстіне хх ғасырдың 70-жылдары орын алған әлемдік экономикалық дағдарыс халықаралық шаруашылық жүйеге терең интеграцияланған Оңтүстік кореяда ауыр із қалдырды. дағдарыстың ауыр түрде өтуі халық бұқарасының наразылығын тудырды. Үкіметке қарсы көңіл-күйдің қарқынын бәсеңдету үшін Пак Чжон хи халық арасында кең тараған кхдР-мен байланыстарды қайтадан қалпына келтіру идеясына бет бұрды. 1971 жылдың тамызында Солтүстік кореямен басталған келіссөздерді Пак Чжон хи «ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» деген желеумен елде кезекті төтенше жағдай енгізу үшін пайдаланды. Төтенше жағдай 1971 жылдың желтоқсанында енгізілді. Сонымен бір мезгілде аса құпия жағдайда Пак Чжон хидің артып келе жатқан жеке сұраныстарын қанағаттандыратын конституцияға түзетулер енгізу дайындығы жүргізілді. 1972 жылдың 17 қазанында Сеул көшелеріне тұтқиылдан танкілер мен әскерлер кіргізілді. Пак Чжон хи радио арқылы халыққа арнап сөз сөйлеп, Ұлттық жиналыстың таратылғандығын, саяси партиялар қызметіне тыйым салынғандығын, конституция әрекетінің уақытша тоқтатылғандығын, ал президенттің жаңа конституцияны дайындауда жауапкершілікті өз мойнына алатындығын және жаңа конституцияны ұлттық референдум мақұлдайтындығы жөнінде мәлімдеме жасады.

Оңтүстік Кореядағы Төртінші республика (1972-1981). Пак Чжо хи халыққа жария еткен конституция туралы референдум іс жүзінде бос уәде күйінде қалды. Референдум көптеген бұрмалаушылық пен ережелерді бұзу арқылы өткізілді. Жаңа конституция ашықтан-ашық халық мүддесіне жат сипатта болды. Атап айтқанда, оған азаматтардың бостандығын шектеуге мүмкіндіктер беретін бірқатар ережелер енгізілді. Ендігі жерде алты жылға сайланатын президент іс жүзінде шектеусіз өкілеттіліктерді иемденді. 1972 жылдың 23 желтоқсанында ел президенттігіне басқа үміткерлердің болмауы жағдайында Пак Чжон хи Оңтүстік корея президенті лауазымын иемденді. Оның осыдан кейінгі басқаруы ашық авторитарлы сипат алды. Бұл өз кезегінде елде оппозициялық күштер өз құрамына саясаткерлер, кәсіпкерлер, діни қызметкерлер және зиялы қауым мен студенттердің бір бөлігін қосу арқылы кең көлемде одақ құра бастады. Елде ашық дағдарысты жағдай пісіп-жетіліп келе жатты. Бірақ 1979 жылдың 26 қазанында Пак Чжон хи өз айналасындағылар қатарынан шыққан қастандық жасаушының қолынан қаза тапты.

Осы оқиғадан соң төтенше жағдай енгізіліп елдегі жағдайды бұрын-соңды қоғамға белгісіз генерал-майор Чон ду хван бақылауына алды. Оның жақын үзеңгілесі генерал-майор Ро дэ У еді. 1979 жылдың желтоқсанынан 1981 жылдың ақпанына дейін созылған өтпелі кезеңде Чон ду хван Ұлттық Қауіпсіздік комитетін басқарды. Елді басқарудағы барлық іс Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің құзырына берілді. 1981 жылдың ақпанында Чон ду хван ешқандай қиындықсыз президенттік сайлауларда жеңіске жетті. Парламенттегі жетекші орынды сол жылдың қаңтарында құрылған үкіметтік демократиялық Әділет партиясы (дӘП) иемденді. Осы кезден Оңтүстік кореяда Бесінші Республика деген атпен белгілі режимнің басқару кезеңі басталды.

Оңтүстік Кореядағы Бесінші Республика түсындагы әлеуметтік-экономитльщ және саяси ңүрылымдагы өзгерістер (1981-1987). Чон Ду Хванның президенттік кезеңінде Корей республикасының экономикалық даму қарқыны жоғары болды. Өндіріс пен сыртқы саудадағы маңызды құрылымдық өзгерістер қабаттаса жүрді. 1983 жылға таман ұлттық жиынтық өнім көлемі (ҰЖӨ) 75 млрд. АҚШ долларын құрап, жанбасына шаққанда – 1875 доллардан келді. Өндірістің орташа жылдық өсуі 8,5 % құрады. Экспорт 23,2 млрд. долл. асты. Тауарды сыртқа шығаруда күрделі техникалық бұйымдардың, негізінен ауыр индустрия өнімдерінің үлесі артты. Отүстік Корея үлкен кемелерді, электроника мен электротехниканы, қару-жарақ, автомобильді әлемдік нарыққа экспорттаудан танымал елге айналды, көптеген көрсеткіштер бойынша Азияда Жапониядан кейінгі екінші орынды иемденді. Осы кезде Оңтүстік Кореяны «кіші Жапония», төрт «жаңа индустриалды елдердің» айдаһарларының бірі деп атай бастады. Бұл атақ Оңтүстік Кореяда ішкі инфрақұрылымның, ғылымның, мәдениеттің, денсаулық сақтаудың дамуымен нығая түсті. Экономиканың қарқынды дамуына және ҰЖӨ-нің еселеп өсуіне қарамастан өндірістің өсуіне айтарлықтай дәрежеде жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақысын өсірмеу есебінен қол жеткізілді және жұмысшылар, инженерлік-техникалық қызметкерлер (ИТҚ), мемлекеттік аппарат қызметкерлеріне іс жүзінде өз құқықтары үшін күрес жүргізуге тыйым салынды. Мемлекеттің реттеуші ретіндегі рөлі кәсіпкерлерді әлеуметтік салаға белгілі бір көлемде қаржы аударуға мәжбүр етті. Бұл шара белгілі бір деңгейде қоғамдағы орын алуы ықтимал қақтығысты жағдайдың алдын-алуға мүмкіндік берді.

Елді біртіндеп демократияландыру үрдісі басқарушы лагерь мен оппозицияның 1986 жылдың мамырында конституцияға түзетулер енгізу және осы мақсатқа жетудің шешімді жолдарын бірлесе іздестіру жөнінде іс жүзінде келісімге келуінен көрініс берді. Сонда да болса тараптар арасында бірқатар әлеуметтік және саяси сипаты бар алауыздық сақталып қалды. Қоғамдағы өзгерістерді асыға күткен халық үшін Чон Ду Хванның 1987 жылдың 13 сәуіріндегі конституцияға өзгерістер тек Олимпиада ойындары өткен соң ғана енгізіледі деген мәлімдемесі күтпеген жағдай болды. Елде наразылық көңіл-күй күшейе түсті. Бұндай шиеленісті жағдайдың қызуын ДӘП төрағасы Ро Дэ Удың (ол осы уақытқа дейін әскери қызметтен кеткен болатын) 29 шілдедегі қогамды демократияландыру туралы декларациясы біршама бәсеңдетті. Аталмыш декларация тікелей президенттік сайлауларды ұйымдастыру үшін конституцияны таяу арада қайта қарауға, сондай-ақ сайлаулардың әділ өткізілуін қамтамасыз ету үшін сайлау туралы заңға өзгерістер енгізуге шақырды.

Ро дэ Удың ұсынысын қоғамдағы әлеуметтік тыныштық үшін өзінің бұрынғы ниетінен бас тартқан Чон ду хван қолдады. Жаңа конституция 1987 жылдың 27 қазанындағы ұлттық референдумда қабылданды. Бұл конституция осы кезге дейін әрекет жасауда. Жаңа конституцияға сай президенттік мерзім бес жылға қысқартылып, оның төтенше шараларды қолдану құқығы тарылды. Ұлттық жиналыстың өкілеттігі күшейтілді және сот төрешілерінің мәртебесі нығайтылып, олардың билік институттарынан тәуелсіздігі бекітілді. 1987 жылдың 16 желтоқсанында өткен президенттік сайлауларда Ро дэ У басымдықпен жеңіске жетті. Алғаш рет корея Республикасының тарихында билікті тапсыру бейбіт жолмен жүзеге асты. Елде Алтыншы Республиканың билігі басталды.

ХХ ғасырдың 80 жылдарының соңы мен ХХІ ғасырдың бас кезіндегі Оңтүстік Кореяның әлеуметтік-экономикалық дамуы. Ро дэ У президент ретінде қоғамды тұрақтандыру мен демократияландыру үшін айтарлықтай күш салды. Ол бұл мақсатқа жету үшін ең алдымен әскерилердің саясатқа ықпалын шектеп, елдің халықаралық беделін көтеруге талпынды. Атап айтқанда, Шығыс Еуропа, кСРО, Қытай және Вьетнаммен (1990-1992) дипломатиялық қатынастар орнатылды. Сеулды социалистік елдердің мойындауы оған БҰҰ-ға жол ашып берді. Бұл ұйымға корея Республикасы Солтүстік кореямен қатар 1990 жылдың қыркүйегінде қабылданды. Ро дэ У 1989-1990 жылдар аралығында елде бұрындары енгізілген бірқатар саяси шектеулерді жойды. Осының нәтижесінде жалдамалы жұмысшылар мен қызметкерлер өз құқықтары үшін күресуге мүмкіндіктер алды. Олар ең алдымен үкіметтен жалақыны өсіруді талап етті. Нәтижесінде халықтың айтарлықтай бөлігінің табысы өсті. корей Республикасының сыртқы және ішкі саясатындағы табыстар ел ішіндегі әрүрлі саяси күштердің арасындағы қарама-қайшылықтардың ауқымын тарылтты. Ел ішіндегі саяси ахуалдың тұрақтануы демократтық-либеральды партияның (дЛП) құрылуына тиімді жағдай қалыптастырып берді. Аталмыш партияның құрамына фракциялық блок ретінде демократиялық әділет партиясынан өзге (дӘП) ірі екі оппозициялық партия кірді. дЛП парламентте басым көпшілік орынды иемденіп іс жүзінде үкімет пен президенттің бағытын еш кедергісіз жүргізді.

хх ғасырдың 90 жылдары жаңа индустиалды елдер қатарында Оңтүстік корея жетекші орында болды. Бұған экономиканың қарқынды дамуы ықпал етті. Қалыптасқан бұл көрсеткіш 20 жылға жуық үздіксіз жалғасты. Экономиканың жылдық орташа даму қарқыны 8 % асты. Бірақ 1997 жылы бүкіл Азия Тынық мұхиты аймағын шарпып өткен экономикалық дағдарыс корей Республикасы экономикасының іргесін шайқалтты.

1990 жылдары елдің жоғары билігінде өзгерістер болды. Бірақ бұл өзгерістер әлеуметтік-саяси жағдайға байланысты болған жоқ. Ро дэ У мен оның жақын үзеңгілестеріне сыбайлас жемқорлықтар үшін айып тағылды. Нәтижесінде 1993 жылғы президенттік сайлауларда Ро дэ У өзінің қарсыласы ким Ен Самнан жеңіліп қалды. 1995 жылы ел ішінде жаңа оппозициялық партиялар құрылды. Бұл ким Ен Самды президенттік партияны нығайтуға мәжбүр етті. Бірқатар ішкі партиялық шаралар жүзеге асырлған соң басқарушы партия 1996 жылы «Жаңа кореяның партиясы» деп аталды. ким Ен Сам 1996 жылғы президенттік сайлауда оппозицияның көшбасшысы ким дэ Чжуннан жеңіліп қалды. Оның сайлауда жеңілуінің басты себебі елдегі экономикалық дағдарысты жағдайды толығымен еңсере алмауы болды. Оңтүстік корея президентінің жаңа әкімшілігінің бағдарламасы өндірісте құрылымдық өзгертулерді іске асыру, салықтық жеңілдіктер беру және «еркін экономикалық аймақтар» құру арқылы шетелдік инвестицияларды экономиканың жетекші салаларына тарту, сондай-ақ отандық өнімді әлемдік нарыққа кең көлемде шығару болды.

Сыртқы саясатта ким дэ Чжунның қол жеткізген алғашқы табыстарының бірі кхдР-ға қатысты «күннің жылуы» саясатын жариялауы болды. Сондай-ақ ол корей түбегіндегі мәселелерді реттеуге Ресейдің қатысуын қолдады. 2000 жылдың 13 маусымында ким дэ Чжунның Солтүстік кореяның басшысы ким Чен Ирмен кездесуі болды.

Оңтүстік кореяда 2003 жылға қарай дағдарысты біртіндеп жеңудің көріністері байқалды. Бұған корей үкіметінің Әлемдік Валюта Қорымен (ӘВҚ) жасаған келісімдерін орындауы және елде басталған реформаларды табанды түрде жалғастыра беруі мен сыртқы қарыздарды реструктуризациялау үшін несие-беруші банктермен табысты келіссөздер жүргізуі болды. Жүзеге асырылған осындай қажырлы шаралардың арқасында 2003 жылдың соңына таман Оңтүстік корея экономикасы біртіндеп көтеріле бастады. Бағасы қымбат емес, бірақ сапасы жақсы корей тауарларының әлемдік нарыққа көптеп шығарыла бастауы, ел ішінде жұмыс күшіне деген сұранысты арттырды. Бұл өз кезегінде экономиканың жандана түсуіне әсер етті. Елдің ұлттық жиынтық өнімі өсе түсті. 2004 жылы өсімі 5,3 % жоспарланған, ҰЖӨ 6 % құрады. Бірақ 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы ел экономикасын тағы да ауыр жағдайда қалдырды.

Өзіндік бақылау сұрақтары:

1. Солтүстік кореяда 1946 жылы жүзеге асырылған қандай шаралар Оңтүстік кореяның тұрғындарына қатты әсер етті ?

2. Ли Сын Манның үкіметінің 1950 жылы жүзеге асырған жер реформасының нәтижесін атап беріңіз.

Пак Чжон Хидің «ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» деген желеумен елде кезекті төтенше жаңдай енгізуіне нендей жағдай себеп болды ?

3. Оңтүстік Кореяны «кіші Жапония», төрт «жаңа индустриалды елдердің» айдаһарларының бірі деп аталуына себеп болған жағдайларды атаңыз.

4. Оңтүстік Кореяда Демократтық-либеральды партияның (ДЛП) құрылуына тиімді ісер еткен жағдайларды атаңыз.

Қазіргі заман кезіндегі Азия мен Африка елдерінің тарихы (1945–2012). II бөлім

Подняться наверх