Читать книгу Өмір – сынақ - Анар Мешимбаева - Страница 1

Оглавление

Бұл кітапты маған тілеулес

болған әр адамға арнаймын:

отбасыма, достарыма, әріптестеріме,

таныс, әрі бейтаныс

жандарға.

Сіздер маған күш-қуат бердіңіздер!

Рақмет!


Кітапқа арқау болған көптеген кейіпкердің

аты-жөні өзгертілген.


Халықаралық Астана әуежайы. 2009-жыл, 4-қазан, таңғы сағат: 05-00.

Шекаралық паспорт бақылауы.

Қызымды ертіп, бос терезеге жақындадым. Терезе алдына екі паспорт пен екі билетті қойдым. Форма киген жас шекарашы қыз компьютерге үңіліп отыр. Сосын ішкі телефонмен әлдекімге қоңырау шалды. Бірнеше минуттан соң жанымызға басқа бір шекарашы әйел келді. Оның жасы да үлкен, шені де жоғарылау көрінді.

– Өте бер, – деді ол менің қызыма. Қызым шекаралық сызықтан аттап өтті. Қызымның артынан бара жатыр ем, әлгі әйел мені тоқтатты:

– Сіз осы шетте тұра тұрыңыз.

– Не боп қалды? – деп сұрадым.

Маған:

– Күтіңіз, – деді.

– Қызымды қайтарыңызшы!

– Ол паспорттық бақылауды өтті, – деді шені жоғарылауы маған, шамасы әуежайдың кезекші офицері болса керек.

– Бірақ, ол менсіз ұша алмайды ғой! – деп мен қарсы шықтым.

Жауап жоқ. Үндемеді.

Мен мазасыздана бастадым:

– Өтінем сізден, басшыңызға қоңырау шалыңыз.

Жауабы:

Біз не істеу қажеттігін жақсы білеміз.

Қызым қарап тұр, не боп жатқанын түсінбейді. Қызым ол кезде небәрі 14 жаста. Біраздан соң оны маған қайтарды. Енді екеуміз күтіп тұрмыз. Шекара сызығынан екі метр жерде. Уақыт өтіп жатыр. Рейске отырғызылу басталды.

Терезеден телміріп:

– Отырғызылу басталды. Кешігетін болдық, – дедім.

– Бұл Мәскеуге ұшатын рейс, – деді терезенің арғы жағындағы қызметкер.

Біздікі келесі рейс – қазан айындағы соңғы чартер. Түркияға. Оқу жылының басында. Қызымның шабаданында негізгі пәндер бойынша сатып алған оқулықтары: математика, физика, химия, ағылшын тілі.

Қызым туғалы бері жазда бір аптаға теңізге, не көлге баруды әдетке айналдырғанбыз. Келесі жылға күш-қуат жинап қайтатынбыз. Демалыс үнемі 10 күнге созылатын. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Астананың 40º аязынан кейін жазғы демалыс көптен күткен мерекедей болушы еді. Алайда, осы жылы емес екен. Көктемді орталай бере жұмыстан кілтипан шығып, жағдай күн өткен сайын ушыға берді. Дәл қазір осындай жағдайда шетелге демалысқа шығуым – жоғарыдан келген пәрмен еді.

Бірнеше күн бұрын Қаржы полициясына шақыртты. Елден еркін шыға алатынымды анықтап айтты. Күн суытып кетті дегеніме Тергеу департаментінің директоры күлді.

– Алыстағы ыстық елдер бар ғой!..

Қазір бізді босатпаса не болмақ?


1-бөлім. Мемлекеттік қызмет

Мен аяқ астынан Қазақстан Президентінің пәрменімен елден кетпес бұрын он жыл мемлекеттік қызметте істедім.

Мен осыншама ұлан-ғайыр жері бар, дүниежүзі бойынша тоғызыншы орын алатын, асты-үсті қазба байлыққа толы, небары 16 миллион (2009-жылғы дерек бойынша) халқы бар Қазақстанды дәулетті етуге әбден болады дегенге бек сенімді едім.

Мен Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып, 1998-жылы Экономика факультетінде кандидаттық диссертациямды қорғадым. Мәскеуде қалғым келген. Бірақ, әкем мені, әсіресе немересін жылына бір-ақ рет көретіндігін алға тартып, елге алдыртты: «Сен елге өте қажетті білім алдың, енді соны Қазақстанды дамытуға арнағаның абзал», – деді.

Мені ешкім сүйреген жоқ. Ешкім қолдаған жоқ. 1999-жылдан бастап 2009-жылға дейін Стратегиялық жоспарлау агенттігі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Экономикалық зерттеулер институты, Президент әкімшілігі, Статистика агенттігі сияқты бірқатар мекемеде қызмет еттім. Ел-жұрт сыртымнан «өсетін адам» дейтін. Алайда, мен өсу үшін қызмет еткем жоқ. Мен үшін ең бастысы – адам мен процесс тиімділігі, жұмыс нәтижесі маңызды еді.

1999-жылы мемлекеттік қызметке орнығып, үш күннен кейін басшыларға мұнда жұмыс істей алмайтындығымды айттым. Жиналыс көп, іш пыстырарлық тірлік… Бастығым күлді де: «Үйреніп кетесің», – деді. Мен сол күйі үйренісе алмадым. Тағайындалған барлық жерімде жұмыс мазмұны мен стилін өзгертуге күш-жігерімді салдым.

Стратегиялық жоспарлау агенттігі

Стратегиялық жоспарлау агенттігінде (СЖА) халықтың ұзақмерзімді стратегиялық дамуы жоспарланатын. Алдымен «Қазақстан-2030», сосын «Қазақстан-2015» жоспарын жасадық. Президентке арналған сараптама жасалатын. Жұмыс бастан асады. Түнімен еңбек ету – қалыпты дүниеге айналды. Егер адам идеяға шын сенсе, ол тәулік бойы жұмыс істеуге дайын.

Ең алғашқы түнгі жұмысым 1999-жылы наурызда басталған еді. Кешкі жетіде кабинетке Төрағаның орынбасары келіп: «Бүгін таңға дейін жұмыс істейміз. Теңгенің девальвациясын санаймыз», – деп сыбырлап кетті.

Бір жылдан бері «Стратегия-2015»-ті жүзеге асырып жатқанбыз. Бір жылдан кейін – Электронды Үкімет бағдарламасына көштік.

СЖА жұмысы былай жүйеленетін: ақпаратты саралау, кеңес беруге қабілеті бар түрлі саланың мамандарын жинау, Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік саласын талдау, дамыған елдердің тәжірибесін сараптау, Президентке арнап сараптамалық хаттар жазу, ұзақмерзімді құжаттар мен стратегияларды жоспарлау. 1999, 2001, 2003-жылдары ұсынылған жоспардың көбі он жылдан соң жүзеге аса бастады, алайда біршама ұсыныс сол қағаз күйінде қап кетті.

Мысалы, 2001-жылы біз шаруа бір қап картопты алыстағы ауылдан қала базарына жеткізе алмайды деп жаздық. Ірі шаруа қожалықтарын құру керек дегенбіз. Ауылшаруашылық өнімдерін сақтау мен өңдеу саласын дамыту қажеттілігін айттық. Елдің жартысынан көбі ауылда өмір сүретінін, оларға да жұмыс қажет екеніне баса назар аударттым. Елдің өзгеше эксклюзивті таза өнім ұсынатын қауқары барын да көрсеттім: қазы (жылқының етінен жасалатын өнім), қымыз (бие сүтінен жасалады), шұбат (түйенің сүтінен жасалады), құрт (қатықтан жасалатын, ұзақ сақтауға лайықталған өнім), жент, қоспа (консервант қосылмай, ұзақ сақтауға лайықталған дәнді дақылдардан әзірленетін өнімдер). Осының бәрін қаптап, жарнамалап, шетелге экспортқа эксклюзив өнім етіп шығарсақ, экологиялық таза өнімге әрдайым сатып алушы табылады дегенді айттым. Егер Қазақстанның оңтүстігіне мемлекет қолдау көрсетсе, нитратсыз жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп, бүкіл өңірлерді қамтамасыз ете алатынын ескерттім.

2000-жылы қысқамерзімді «Қазақстан-2010» стратегиясын жазу тапсырылды. Мен ол кезде салалық даму бөлімінің басшысы едім. Департамент директорына ғаламтордағы ақпарат пен статистикалық цифрларға сүйене отырып салалық даму стратегиясын жазуға болмайтынын айттым. Одан гөрі әр саланың мықты мамандарының тізімін жасап, әрбірімен жеке сұқбаттасу қажет екенін тілге тиек еттім. Департамент директоры – өзі кәсіби энергетик еді, әдеттегідей жылдам жауап берді: «Бәрін таста. Төрағаға қызметтік хат жаз», – деді.

Дәл осындай экономика секторын мықты білетін тәжірибелі мамандар мемлекеттік саясатқа өз үлесін қосады. Осындай жандармен ұжымдас болу мемлекеттік қызметте қалуыма көп әсер етті. Әбден шаршап, көңілім қалған кезде: «Нағыз кәсіби-реформаторлар қатары көбейген кезде елдегі жағдай өздігінен өзгереді», – деген сөздерді естуші ем.

Нағыз кәсіби мамандар былай таңдалды. Өз саласын бес саусағындай білетін жанашыр мамандарды танысам, соларға өзім хабарласып, сұқбатқа шақыра бастадым. Немесе сондай маманды білетін адамға хабарласатынмын. Сосын кездесуге барып, сол саланың ахуалын, проблемасын, қалай дамытуға болатынын сұрайтынмын.

Бірде сондай бір кездесуге егде кісі келді. Бұған дейін ол кісіні танымайтынмын. Бірнеше минут сөйлескеннен кейін үлкен кісі бетіме қарап: «Қызым-ау, саған мұның бәрі не керек? Сен отбасыңмен айналыссаңшы», – деді. Бірақ, менің табандылығымды көріп, өз саласы туралы әңгімелеп берді.

2001-жылы жаңадан тағайындалған, үшінші СЖА төрағасымен электронды үкімет моделін жасадық. Мен сонда да елдің дамуы үшін ең маңыздысы – салаларға керек инвестиция екеніне басымдық бердім. Кәсіби практиктермен жасалған сараптамаларды қайта тапқызып, қайта қарастырдық. Сол сараптамаларды графиктерге айналдырдық. Электронды үкіметтің Президентке жасайтын демонстрациясына қолдандық. Демонстрация кезінде менің блогымды көрсетпей тастады. Бірақ, оған бола алаңдамадым. Ең бастысы – жүзеге асыру деп ойладым.

Алайда қайтадан реорганизация басталып кетті.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі

Біздің елде мемлекеттік органдардың реформасы үздіксіз жүріп жатады. Мемлекеттік органдар жасақталады, сосын таратыла бастайды. 2001-жылдың күзінде кезекті реформа болды. Стратегиялық жоспарлау агенттігін жойды. Ел үшін жеткілікті стратегия жасалды деп есептесе керек.

Экономикалық жоспарлау мен бюджеттік жоспарлауды біріктірді. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігін құрды. Екі министрліктің қызметін бір ізге түсіру үшін бір жыл уақыт кетті.

Экономикалық жоспарлау қызметі мен мемлекеттік қаржыландыру қызметтерін біріктіруге тырысты. Бюджеттік жоспарлауды үш жылдық жылжымалы графикке көшірді. Бір жағынан экономикалық жоспар мен бюджетті бір министрлікте есептеген логикалық тұрғыда дұрыс сияқты. Бірақ, онда салалық министрліктерді қайтпек – Өндіріс, Энергетика, Ауылшаруашылық, Еңбек министрліктері не болмақ?

Мен Министрлікте Өңірлік саясат пен бюджетаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары болдым. Сол жылдағы басты міндеттің бірі – Азия даму банкімен әлеуметтік салаға қатысты келісімге дайындық жасау еді. Біздің департаментте осы келісімді дайындау жұмысына менімен бірге өте білімді, елгезек жас қыз атсалысты, ол да баяғы мен секілді мемлекеттік қызметті ішпыстырарлық жұмыс деп ойлайтын. Бір жылдан кейін ол өз жұмысы туралы: «Жұмыста тек сол бір Келісім ғана қызықты болған еді», – деді.

Экономикалық зерттеулер институты

Министрлікте бір жыл істедім. Сосын мені Алматыдағы Экономикалық зерттеулер институтына ауыстырды. Кеңес заманында бұл Мемжоспарлау институты болған. Қазақ КСРО-ның басты экономикалық институты еді.

Мен Алматыға келгенде институт орналасқан сұр ғимарат жарым-жартылай бос тұрды. Институт Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің сараптамалық тапсырыстарын орындайтын (баяғы замандағы Мемжоспарлаудың тапсырыстарын жүзеге асырғандай).

Жыл аяқталып қалған. Үш күн ішінде 120 қызметкермен сұқбаттасып үлгеруім керек болды. Келесі жылғы жұмыс аясында қызметкердің не бітіретінін, қандай лауазымға лайық екенін білуім қажет еді. Менің он жыл мемлекеттік қызметтегі ең ауыр үш күнім болды. Әрбірімен жекелей сөйлестім. Бірімен келісім шартты создық. Кейбірімен қоштастық. Себебі, ол қызметкерлердің институт жұмысына еш пайдасы болмады. Әншейін уақыт жоғалту үшін келіп-кетіп жүргендерден құтылдық. Қызметкерлер саны екі есеге азайды.

Жыл соңына қарай қызметкерлердің бір жылдық келісім шарты тоқтайтын. Жұмыс ары қарай үздіксіз жүруі үшін салалық орталықтар бойынша құрылым жасап, осы орталықтарға сол саланы жетік білетін әрі мықты сарапшы бола алатын адамдарды тағайындамақшы болдым. Бөлім басшылары (ескі құрылымда) негізінен зейнеттегі кісілер екен. Олардың білімі мен тәжірибесін ескере отырып, әрбіріне институтта өз саласы бойынша сарапшы болып қала беруді ұсындым. Бөлім басшылары ұсынысыма түрліше жауап қатты.

Бір бөлім басшысы: «Жоқ. Рақмет. Мен кетемін», – деді. Екіншісі – ақжарқын, ақкөңіл адам, ол жұмысқа шын көңілмен берілген, білгенімен бөлісіп отыратын, хас майданда жүрген жастарға ақыл айтатын, қолдау білдіретін, өзі де экономикалық сараптаманың бүге-шігесіне дейін қанық адам еді. Сол кісі: «Әрине, мен сарапшы болып қала беремін. Анар Ертөлеуқызы, сізді жақсы көремін, жастарды да жақсы көремін», – дегені. Жанға медет болған сөздер еді.

Тағы бір бөлім басшысы тым күйгелек екен. Ол орнынан атып тұрып: «Мен өмірбақи осында жұмыс істедім…», – деп ұзынсонар ренішін айтты. Артынша есікті тарс жауып шығып кетті. Кабинетіне жеткенше дәліз бойы мені боқтап барды. Шаруашылық басшысы есі шығып, жетіп келіп, мына бөлім басшысынан мені қорғау керек дегенді айтып еді. Мен түк етпейді десем де, ол үш күн бойы мені көлікке дейін жеткізіп салып отырды. Ол жерде маған қауіп төнді деп ойламаймын. Бірақ, мені шығарып салуы ұжымның татулығын көрсетті деп есептедім.

Түрлі мекемеде жұмыс істеп көрдім, әркез көзім жеткен бір шындық бар: егер бір командада тілеулес, ниеттес, жағдайды сараптай алатын алғыр, тапқыр адамдар жұдырықтай жұмылса, сонда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.

Институттағы қол жеткізген негізгі жетістігім – Қазақстанның Өңірлік даму бағдарламасы болды. Қай өңірде экономиканың салаларын дамыту қажет, тұрғындардың ел ішіндегі көшін қалай жоспарлау қажет, қандай экологиялық қауіпті аймақтарда адамдарға тұруға болмайды, соның бәрін зерделедік.

Картада қызыл белгімен белгіленген өңірлерде адамға тұруға болмайды, себебі, өмірі мен денсаулығына зияны бар. Бұл картаны бізге дейін Экология министрлігі құрастырған. Бірақ, ешкім қолданбапты. Біз соны кездейсоқ тауып алып, Өңірлік даму бағдарламасына кіріктірдік. Презентация кезінде қызыл белгі соғылған жерлерде адамға тұруға болмайды дегенді қадап айттым.

Үкімет бағдарламаны қабылдады. Алайда, толық орындамады. Сондықтан, оған жүктелген міндет толық ақталмады. Бұл – жалпы Үкімет қабылдап, Парламент мақұлдап, бірақ орта жолда тастаған көп бағдарламаның бірі еді.

Біздің елде бағдарламалар тиімсіз. Бірінен кейін бірін қабылдап жатты. Бюджетсіз немесе жарым-жартылай бюджеті бар, алайда аяғына дейін жүзеге асырылмай, жаңаларын қабылдап жатады.

Бағдарлама – анық, әрі түсінікті болу керек. Үкімет сайтында жариялануы тиіс болатын. Мақсаты – міндеті – іс-шаралары – қайда және кім жауапты (тікелей) – мерзімі. Үздіксіз есеп беру. Мерзімі өзгерсе, не бюджет өзгерсе – соның бәрі сайтта түсініктемесімен жариялануы тиіс еді. Кейін соттасып отырмау үшін.

Президент әкімшілігіне қарасты Жүйелі зерттеу орталығы

2005-жылы мені ҚР Президенті әкімшілігіне қарасты Жүйелі зерттеулер орталығының меңгерушісі етіп тағайындады.

2005-жылдың ақпаны. Мен Президентпен сұқбаттасуға ұшып келдім. Президент резиденциясы – Ақорда маңында адамды ұшырып кетердей жел ұйытқи соғып тұр. Әркез құска ұқсап ұшқым келетін. Бірақ, жел ұшырып кетіп, сұқбаттан қап кеткенім жөн болмас еді…

Президентке кірмес бұрын Әкімшілік басшысының орынбасары қобалжып, артық нәрсе айтып қоймас па екен деп әбігерленіп тұрғанын ескертті. «Артық нәрсе» дегеннің не екенін өзім онша түсіне қоймадым. Президенттің барлық сұрағына нақты жауап бердім.

Кабинетіне кіргенімде ол кісі үстел басында отыр екен. Қатты шаршаған, қабағы қатулы. Амандасты да: «Отыр!» – деді. Қайдан келгенімді, қандай білім алғанымды сұрады. Сосын елдің жағдайын талқылауды бастап кеттік. Жүйелі зерттеу орталығының міндеттерін әңгімеледік. Сұқбатымыз қырық минутқа созылды. Кездесудің аяғына таман көңіл күйі көтеріліп, маған сәттілік тіледі.

Жүйелі зерттеу орталығында бар болғаны 10 адам істейді. Әрбірі – өз саласының маманы. Міндетіміз – өзге елдердің тәжірибесін зерттеу, елдегі жағдайды сараптау, ұсыныстар даярлау.

Сол кездегі ұсыныстың бірі – тұрмысы нашар және жас отбасылар үшін арендалық баспана салу болған. Арендалық төлемі арзан, 10 жылдан кейін әр отбасының атына аударылатын жүйе еді. Бұны бүкіл өңірлерге енгізуді ұсындық. Мұндай ұсыныстарды ел ішінде жүзеге асыратын міндетті құрылымдар жеткілікті еді. Бір әттеген-айы ұсыныстарға көп мән берілмейтін, мән берілгендері толыққанды орындала бермейтін.

Ел ішіндегі экономикалық саясатты дамыған елдермен салыстырып талдау жасаса, міндетті түрде мүдделер қақтығысы туындайды. Себебі, салыстырмалы сараптама өз мүдделерін ақтамаса, Үкіметтің тең жартысы оны ауыр қабылдайды. Сараптама олардың дұрыс жұмыс істемей жатқанын көрсететіндей қабылданады. Ертеде жаман хабар әкелетін жаушының басын алатындай, Үкімет басшысы кімнің басын алсам деп іздестіретін. 2005-жылы Үкімет басшысы – Ахметов Даниял Кенжетайұлы болды. Өте қағылез, тым өктем адам. Сондықтан, Президентке жазылатын әрбір сараптамалық хатымыздан соң ол министрлерін жинап алып, дүрсе қоя беріп, қатаң жазалайтын.

Бір күні айтарлықтай оқиға болды. 2005-жылы барлық ұлттық компанияларды – шикізаттық, коммуникациялық және жалпы Қазақстанның экономикасының іргетасы саналатын біріктірілген холдингтер құрылды. Холдингтер басшысының бірі ұлттық компанияны басқарып тұрған басшының жалақысы тым қомақты екенін анықтайды. Соны Президент әкімшілігіне хабарлайды. Әкімшілік басшысы Жақсыбеков Әділбек Рыскелдіұлы – ұлттық компания басшыларының жалақысы жөніндегі көрсеткіштерді сұратты. Мен ол кезде Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің меңгерушісі едім. Біз барлық компанияларға сұрау салдық. Бәрін бір кестеге жинақтадық та, Ақордаға жібердік. Бір аптадан кейін Қауіпсіздік кеңесінің жиыны болатыны ескертілді. Менің үстімнен қарайтын басшылардың барлығы сол сәтте орнында болмай шықты – әдейі кетіп қалды ма, әлде жағдай солай болды ма, білмеймін. Олар ұлттық компания басшыларының жалақысы туралы есеп берулері керек еді. Бір күн бұрын Қауіпсіздік кеңесінің қызметкері хабарласып, баяндаманы оқитын адам жоқ, соны сіз оқисыз деп айтты. Мен қызмет лауазымым бойынша Қауіпсіздік кеңесінде баяндама жасауға тиісті емес едім. Бірақ, басқа амалым болмады. Ертең қандай шу боларын ойлап, жалақы кестесі мен халықаралық тәжірибе бойынша шетелде мемлекеттік компаниялардың жалақысы қалай жасақталатыны туралы бір парақты ала салдым.

Біздің сауал екінші кезекте тұрған. Мен есіктің сыртында күтіп тұрдым. Бір сағаттан кейін Қауіпсіздік кеңесінің мәжіліс залынан Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері шықты. Оңтүстік Қазақстан облысындағы СПИД-тің таралуына байланысты министрді орнынан алды. Сол сәтте жаңасын тағайындады.

Біздің сауал менің баяндама жасауымнан басталды. Мен жалпы ұзынсонар баяндама жасамайтын адам едім. Ал, бұл сауал баяндамасыз да түсінікті болған. Ұлттық компания басшыларының бір айлық жалақысы туралы кестені оқып бердім. Фамилияларын атамадым. Онсыз да жүйкелері тозып отырған қатысушылардың қитығына тигім келмеді.

Сараптамада не дедім? Жалақы тым жоғары. Ұлттық компаниялардың жалақысын реттейтін нормалар жоқ. Дамыған елдерде жалақыны заңмен реттеп, директорлар кеңесі тағайындайды.

Мәжіліс залында қырық адам отырған: Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері мен ұлттық компания басшылары. Баяндама соңында екі бет қағазымды бекіткен канцеляриялық түйреуіш жерге түсіп қалғанда зал іші шыбын ызыңы естілердей мүлгіген тыныштыққа оранды. Өз орныма қалай жеткенімді білмеймін. Мен жүріп келе жатқанымды ұрыс-керіс басталып кеткен еді. Президент әрбірін орнынан кезек-кезек тұрғызды. Кейбірін бірден орнынан алып тастады. Мәжіліс залынан бәріміз моншадан шыққандай малмандай су болып шықтық. Мәжіліс залынан шыға салысымен журналистерге арналған брифингке де мен қатысуым қажет екені айтылды. Журналистер холлда камералары мен микрофондарымен дөңгелене тұра қапты. Кешке үйге жеткенімде мұндай жиынға қатысқаннан бір қора тасты аударыстырған оңай ма деп ойладым.

Қауіпсіздік кеңесінің жиыны сияқты жиналыстар өте көп болды. Президент жұмыс істеуге, тапсырылған министрлікті дамытуға шақыратын. Одан кейін сондай ұрысқа беріс керісті Премьер-министрлер жасайтын.

Ендеше не себепті елде тиімді мемлекеттік басқару қалыптаспады? Себебі, бәрі бір адамның ырқына тәуелді еді. Тек соның ықтиярымен, не соның сенімді адамдарының қолдауымен ресурстарға қол жеткізуге болатынын жұрттың бәрі білді.

Бірде Үкімет мүшелері мен ірі бизнес өкілдерін қабылдап отырған үлкен бір жиында Президенттің: «Әрбіріңді түрмеге отырғыза аламын», – деген сөзі бар. Яғни, мемлекет адамдарды заңды өзі бұзуға итермелейді, сосын сол адамдарды қармаққа іліп ап, өзіне қалай ыңғайлы болса, солай манипуляция жасайды.

Президент әкімшілігіндегі жұмысыма Президент көмекшісі – Мәсімов Кәрім Кәкімжанұлы жетекшілік ететін. Ол маған толықтай сенетін. Оған менің сараптама жасай алуым, мәселе туралы қысқа жазып, нақты түсіндіретінім ұнайтын. Алайда, Президентке арнап жазатын қызметтік, сараптамалық хаттарымды мұқият оқитын. Мұндай хаттар тапсырылған және өзім біліп жазылған болып екіге бөлінетін. Кәрім Кәкімжанұлы құжатқа келгенде өте мұқият еді, сөйлескенде де ылғи сабырлы, салмақты қалпынан айнымайтын.

Ешқашан оның ескерту жасағанын естімеппін. Бір күні қызыммен саябақта қыдырып жүрген едім. Қоңырау шалды. Дауысы қаттырақ шықты: «Анара, мұның не? Не жазғансың? Мынаны алып тастау керек», – деді. Президентке арнап өзімнің бастамаммен жазылған хат еді. Хатта Президент пен Премьер-министр аппараттарының қызметі қайталанатынын жазғанмын. Барлық тапсырма Үкіметке Президенттен баратынын, екі аппаратты біріктіріп, Вице-президент лауазымын енгізуді ұсынғанмын. Мұндай хатты жазуға болмайтынын дүйсенбі күні айтса да болар еді. Жалпы хатты беру-бермеу өз қолындағы шаруа ғой. Бірақ, хаттың мазмұны тым қауіпті көрінген соң маған дереу хабарласқан сияқтанды.

2006-жылы оны Вице-премьер етіп тағайындады. Кешқұрым үйге қайтып бара жатқанмын. Ол қоңырау шалып, қайтып келуімді өтінді. Мен қайтып келдім. Кабинетіне кірдім. «Маған кеңесші болып кел», – деді ол мен табалдырықты аттай сала. Мен келістім. Президент әкімшілігінде жұмыс істей бергім келмеген еді. Келесі күні жұмыстарымды өткізіп кетуге әзірлендім. Түстен кейін ол қайтадан мені өзіне шақырды. «Президент жиналыс өткізді. Сені кеңесші етіп алайын деп сұрап едім, бірақ ол Әкімшілікте қаласың деп тұр», – деді.

2007-жылы ол Премьер-министр болды. Ақпанның соңғы күндері мені шақыртып алды да, жартылай салтанатты түрде: «Сені Статистика агенттігінің төрайымы етіп тағайындаймын. Қарсы емессің бе?» – деп дауысы жарқын шықты.

Кабинетіме оралдым. Телефон шырылдады. Президент:

– Анара, Статистика агенттігіне барғың келе ме?

– Премьер: «Бару керек», – деді.

– Премьер не дегенін өзім де білем. Статистикаға реформа жасау керек. Бірақ, барғың келмесе, Әкімшілікте қала бер.

Содан соң тура осы сұрақты қойып, өзіне Президент әкімшілігінің басшысы шақыртты. Оған Президент тапсырса керек. Себебі, Президент әкімшілігінің басшысы кеткеніме қуанбаса, ренжімейтінін өзім анық білетінмін. Алдыңғы Премьер кезінде қызметтік хаттарымның кесірінен Президент Үкіметті сілкіп алатын. Сондай сәттерде басшылық: «Кім кінәлі?» – деп мәселе көтермейтін.

Осылайша мен ең соңғы мемлекеттік қызметіме келген едім.

Мәскеуде оқып жүргенімде Ресей ғылым академиясына қарасты Экономика институтының Макроэкономикалық стратегиялар орталығында жұмыс істедім. Орталық басшысы еркін ойлауды қолдап отыратын. Егер жаңа идеясы туа қалса, ол дәлізде өтіп бара жатқан адамды тоқтатып алып, кабинетіне кіргізіп талқылайтын. Оның есігі әрдайым ашық тұратын. Ол кез келген қызықты тақырыпты талқылауға дайын болушы еді. Мен – студент, ол – ғылым докторы, артынша академик бола тұра талқылауға, пікір алмасуға да қарсы емес еді.

Шынымды айтсам, есігі ашық тұрған Владимир Иванович Маевскийдің кабинетіне бас сұқпай өтіп кеткенім, ал оның «Ресейді қалай дамытамыз?» деген классикалық тақырыптағы жаңа идеясының болмай қалған кезі жоқ. Тек 1990-жылдары бұл сұрақ: «Анара, инвестицияны қайтеміз? Түсіп барады. Инвестициялық банктерді дамыту керек», – деген сыңайда болатын. Келесі жолы: «Анара, отын-энергетикалық стратегияны жасайық. Газға көшеміз бе? Әлде бұл жай ғана газды үзіліс пе?» – дейтін. Осылай әркез Университет бітіріп, сосын аспирантураны тәмамдап, Астанаға кеткенше жалғасты. Ол сапалы, әрі креативті ойлай алатын. Бізге де соны үйретті.

Мәскеу мемлекеттік университетінің Экономика факультеті – еркін шығармашылық патшалығы еді. Екінші курс студенттеріне Ресейді дамытудың стратегиясын жасауды тапсырды – бұл тапсырма тек миды дамытып қоймай, ол сені өмір бойы еркін ойлы болуға бейімдейді.

Бірінші курста біз әлі СССР-да оқыдық. КПСС тарихын оқыдық. КПСС өзінің көшбасшылық қалыбынан ажырап, советтік құрылым құлап, артынша күллі СССР күйрегенде мен екінші курста оқып жатқанмын.

Экономика факультетінің кітапханасындағы Пол Самуэльсонның «Экономикс» кітабының жалғыз данасына ұзын-сонар кезек болатын. Өндірістің нарықтық экономикасын газеттерден оқыдық. Біздің факультетте оқыған, ыдыраған республикадан келген жігіттердің бәрі дерлік келешекте өз елінің Президенті болатындығына сенімді еді. Еркіндік пен үміттің туған сәті. Әзірге олар өз елінің Президенті болған жоқ. Бірақ, біразы компания президенті болыпты.

Мен мұны сол кезде анық түсінгенмін: ауқымды міндет қойып, қызметкер мен шәкірттерге сенім арту қажет. Сол кезде олар тау қопарып, мүмкін еместі мүмкін етеді.

Дәл осындай принциптермен жұмысымды үйлестіретінмін. Басшылыққа келгенде де – ауқымды, тиянақты міндеттер қойып, мүлтіксіз сенім білдіретінмін.

Екі жыл сайын мені жаңа жұмысқа ауыстырып отырды. Әркез бір саты жоғары, әрі неғұрлым жауапты жұмысқа ауыстыратын. Әркез жаңа басшылыққа тап болатынмын. Басшылардың бәрі мен туралы ойларын жұмысыма қарап түйіндейтін. Стратегиялық жоспарлау агенттігі, Экономика мен бюджеттік жоспарлау министрлігі, Экономикалық зерттеулер институты, Президент әкімшілігі, Статистика агенттігі. Әр тағайындау – «бару қажет» деген сөзден басталатын. Модернизация жасау қажет, реформа жасау қажет, жаңарту қажет…

Он жылым мемлекеттік қызметте өтті. Маған бәрі сенім артатын. Ел басшылары бәрін дұрыс істейтініме сенетін. Қиындықтың бәрін еңсеретініме сенімді еді. Он жыл ішінде Президент те, Премьер-министр де бірде бір рет маған дауыс көтеріп, жекіген жоқ, ескерту де айтқан емес. Он жылдан кейін Қаржы полициясы мен ҰҚК артыма түседі деп кім ойлаған? Мен қорған іздемедім. Уайымдамадым да. Бәрін дұрыс істегеніме сенімді едім. Бұл жай ғана жоспарлы тексеріс деп қабылдадым.

ҰҚК мен Қаржы полициясы

2009-жылдың сәуірінде шекарада тоқтатқаннан жарты жыл бұрын біздің мекемеге Қаржы полициясы келген. Маған Бюджет департаментінің директоры Бинұр кіріп, Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері келіп, Халық санағы бойынша құжаттарды көрсетуді талап етіп жатыр деді. Ойымда ештеңе жоқ, еш күдік тумады. «Сұрағанын көрсет. Бұл қалыпты жағдай. Үлкен іс-шара өтті. Тексергендері дұрыс», – дедім.

Тағы екі аптадан соң Бинұр кіріп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері келіп, сол құжаттарды сұрап жатыр деді. Ал, құжаттар жоқ. Бәрін Қаржы полициясы алып кеткен деді. Бұл жолы да көңіліме күдік ұяламады: «Қалған құжаттарды беріңдер. Іздегендерін Қаржы полициясынан алсын», – дедім.

Қаржы полициясы агенттігі елімізде 1994-жылдан бері бар. Бірақ, бұл органның белсенді түрде қызмет етуі 2005-жылдан басталды. Ал, 2009-жылдың көктемінде елде түрлі деңгейдегі органдар мен компаниялардың басшыларын ұстау белең алды.

Әрине, жемқорлық дүниежүзінің әр түкпірінде түрлі санатта көрініс береді. Бірақ, билік бұтақтары дұрыс бөлінбесе, шешім қабылдау құрылымы айқын болмаса, жемқорлық жүйелі проблемаға айналмақ. Бұл Қазақстан Республикасына да қатысты.

Қазір тұрмыстық, кәсіби, саяси жемқорлық жүйесіне бүкіл ел белшесінен батқан. Бұл адамның нашарлығынан емес, ойынның ережесі сондай болғандықтан.

Параны кім алады? Кімнің рұқсат беретін, бөлетін, құқық қорғайтын, жазалайтын қызметі бар болса, бұлардың бәрі пара алуға бейімделеді. Қазақстанның әр отбасында түрлі саланың адамдары тоғысады: мемлекеттік қызметкер, полицей, дәрігер, мұғалім және т.б. лар.

Бәрі айқын, таза жүретін елдерде тұрғындар өз өміріне, Үкіметіне риза. Оларда пара да, жемқорлық та жоқ. Қазақстанда табыс біркелкі бөлінбеген, сапалы, әрі қолжетімді білім және денсаулық әр адамға бұйырмаған. Даңғой байлық пен сіңірі шыққан кедейлік әр жерден менмұндалайды. Тіпті мектептегі мұғалімнің қызметін саудаға сап жіберген.

Құқық қорғау органдары мен соттың да жағдайы мәз емес, өздері тексеріп, қудалайтын құрылымдардағыдай оларда да жемқорлық белең алған.

Жемқорлыққа белшесінен батқан мемлекетте жемқорлықпен күресу мүмкін емес. Әсіресе, жемқорлықпен күресетін мемлекеттік органдар қоғам мен парламентке емес, шенеуніктерге тәуелді болса. Парламент саяси бәсекелесі жоқ жағдайда сайланса. Ал, тәуелсіз БАҚ ешқандай рөл ойнамаса. Ең бастысы тәуелсіз сот болмаса, онда мүлде сот жоқ деген сөз.

Мұның барлығы ақырында кінәсіз адамдарды жаппай репрессияға ұшыратуға ұласады – есеп беру үшін, кінәні «құрбандыққа» іле салады. Соның арқасында шын қылмыскерді жауапкершіліктен құтқарады. Сол сәтте мемлекеттік машина қылмыс жасамаған кінәсіз азаматтарды тұтқындап, еркі мен мүлкінен айырады. Кейде отбасынан айырады, тіпті өмірін де қиып жібереді.

ТМД аумағында тәуелсіз сот ешбір жерде жоқ. Тек Балтық елдерінде бар. Салыстырмалы түрде Грузия, Молдова, Украинада тәуелсіз соттар ашылып жатыр. Басқа ТМД елдерінде құқық қорғау органдары СССР кезіндегі ГУЛАГ-тан көп өзгере қоймаған. Мұндай жүйеде сот тек тергеу мен прокуратура дайындаған құжаттарға үкім жазып береді.

Бұл көпшілікке таныс советтік жүйе. Ол туралы оқулықтарда жазылмайды. Дауыстап айтуға тыйым салынған. Ересектер үшін бұл айтпаса да түсінікті шындық. Ал, балаларды дәстүрлі түрде артық жаманаттан үндемей сақтауға тырысқан. Айтпаса да түсінікті шындықты білмей өскендерге оны түсіну қымбатқа түседі. Сол қарапайым ақиқатты түсіну үшін мен өте қымбат ақы төледім.

Мұндай жүйеде өмір сүріп, бірақ жемқорлықпен айналыспау мүмкін емес, оған талай мысал келтіруге болады. Барлық жағдайда басшының жеке позициясы рөл ойнайды. Біздің Агенттікті мен басқарғанда жемқорлық мүлде болмады, ешбір қызметкер мұндай схемаларға араласпады. Жемқорлықпен күресті тек қуана құптар едім.

Мен сол кездері, 2009-жылы шенеунік бола тұра, кәсіби маман бола тұра, адамдарды тиімді жұмыс істеуге бағыттай отырып, тергеу органдары да, сот та мемлекет мүддесін қорғап, кәсіби тұрғыда мүлтіксіз жұмыс істейді деп сеніп едім. Сондықтан, өзім жақын танитын адамдарды тұтқындап жатқанда, олардың кінәсіздігіне сеніп, әр істе қателік боп тұрады деп ойлағанмын. Жауапты органдар аражігін айырып, оларды босатады деп сенгенмін. Бірақ, уақыт өтіп жатты. Тұтқындалғандардың бәрі де сотталып кетіп жатты.

Статистика агенттігі

Сол кездері жасым – 38-де еді. Статистика агенттігін басқарғаныма – 2,5 жыл болған-ды. Екі жарым жылда агенттікті Алматыдан Астанаға (ел астанасы ауысқан соң тек екі мемлекеттік орган Алматыда қап кеткен – Статистика агенттігі мен Ұлттық банк) көшірдім. Агенттікте модернизация жасадым. Барлық қызметкерді қайта оқытып шықтық. Сол кездегі командамызбен бір туғандай боп кеткен агенттігімізбен көп нәрсеге қол жеткізген едік.

Бәрін оңтайландыру – менің мінезімнің бір парасы. Бұл жұмысқа да қатысты. Агенттікте ең алдымен статистикалық есептердің формасын қарап шықтық. Есеп беру формаларын қысқарттық. Қалған формаларда пункттер санын минимизация жасадық, нақтыландырдық. Параллельді тұрғыда формаларды электронды форматқа көшірдік. Біздің агенттікте оңтайландыруға мүмкін нәрсенің бәрі оңтайландырылды. Менен бастап.

Менде көмекші болған жоқ. Маған көмекші қажет емес деп шештім. Үкіметтің жиналысына папкамды өзім көтеріп апаратынмын. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы канцеляриядан құжаттар қабылдайтын. Қажет адамға қоңырау шалатын. Хабарласқандарға жауап беретін. Келген адамдарды департаменттерге бағыттайтын.

Уақытты үнемдеу үшін қабылдау бөлмесі мен кабинетімнің арасына сөре қақтырдық. Хатшы сол сөреге күніне екі рет құжаттар қалдыратын. Мен құжаттарды сол жерден алып кететінмін. Қолымды қойып, тапсырмаларды тиянақтап, бәрін сөреге қайтаратынмын. Хатшы ары қарай тапсырмаларды орындаушыларға тарататын.

Әр министр кабинетінің түкпірінде демалыс бөлмесі болады. Ол бөлмеде диван, үстел, теледидар (маңызды делінген мемлекеттік не әлемдік жаңалықтарды көру үшін) тұрады. Мен жұмыс істеген кезімде теледидарды бірде бір рет қоспадым. Себебі, Үкімет жиындарына өзім баратынмын. Әлемдік жаңалықтарды кешке таман үйде көретінмін. Әдетте хатшының міндетіне министрге шай қойып беру кіреді. Уақытты оңтайландыру үшін осы бөлмеге бір шәугім қойдық. Шайымды өзім қойып ішетінмін. Хатшы қыз бұл міндетінен босатылды.

Жүргізушіден де бас тартып, көлікті өзім айдасам ба деген ойым болды. Бірақ, көлік айдап үйреніп үлгермедім. Жүргізуші болғанының үлкен пайдасы бар – жол-жөнекей көптеген құжатты оқып тастайсың.

Мен басқарған бірінші жылы көптеген жаңалық енгіздік. Приоритетте – статистикалық формаларды қайта қарап шығу, соларды электронды форматқа көшіру, статистиканы жасаушылар мен қолданушыларды оқыту, департамент директорларын жиі шақырып, осы тақырыптарды талқылайтынбыз. Жұмысты қалай істеу қажетін бәрі түсінген соң тапсырма беру үшін оны электронды желіге жазатынмын немесе департамент директорлары және мәселеге қатысты қызметкерлерді шақыратынмын. Қызметкерлер кабинетіме кіргенде отырмайтын – мен дереу не істеу қажетін түсіндірем, сұрақтарыңыз болса сұраңыздар деймін, сосын олар жұмыстарына қайтып оралатын.

Уақыт зымырап жатқандай еді. Модернизация күшіне енген кез. Халық санағын өңдеп бітірсек, мемлекеттік қызметтен кете берсем болады деп ойлап едім. Мен әркез басшыларымнан мемлекеттік қызметтен кетуді өтінетінмін, олар маған: «Мынаны реформалап тастайық, сосын кете берсең болады. Сосын, міне, мынаны реформалайық, сосын болады», – деуші еді. Солай он жыл өтті.

Агенттікте бір жыл істеген соң маған Үкіметтен бір адам келді. Өз мәселесін айта отырып, сөз арасында: «Сізді Парламентке депутат болып ауысайын деп жатыр дейді ғой», – дегенді қыстыра кетті.

Мен таң қалдым.

– Қайда? Жоқ, мен ешқайда ауыспаймын. Парламентке мүлде бармаймын. Мұндай жаңалықты кімнен естідіңіз?

– Ел айтып жүр…

Яғни, бір жыл өткен соң біреу менен құтылғысы келген. Статистикалық есептің бәрін электронды форматқа көшіру, ведомстволық статистиканы біріктіру, салық есебін қоса есептеу реформалары біреуге жақпаған.

Қазір ғой, 2009-жылдың наурызы, Агенттік он жылда бір өтетін үлкен іс-шараны – Халық санағы мен тұрғын үй қорын есептеуді – 27-ақпан мен 6-наурыз аралығында өткізіп жатқанына мәре-сәре еді. Өңірлерде санақ бланктерін заманауи сканерлермен өңдеу басталған. Дәл сол бланктер – жеті түсті, әдемі, қалың қағазға, үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылған, реттік нөмірі мен қорғалатын штрих коды бар бланктер Агенттіктің тұтас басшыларының түрмеге түсуіне себепші болады деп кім ойлаған?


Халық санағы

Адамдар дүниеге келеді, оқиды, жұмыс істейді, отбасын құрады, тұратын жерін өзгертеді. Баспананы жалдайды, сатып алады. Зейнетке шығады, белгілі бір жаста қайтыс болады. Әр елдің статистикалық қызметтері осындай және басқа да көрсеткіштерді әлеуметтік-экономикалық даму үшін есептеп отырады.

Миграция – экономикалық және мәжбүрлі – дәл көші-қон кезінде есептелмеуі мүмкін, білім мен әлеуметтік жағдайдың да өзгеруі қалыпты.

БҰҰ әр он жыл сайын халық санағы мен тұрғынүй қорын есептеу бойынша жаңа раунд бастайды. Кейбір дамыған елдер санақ көрсеткіштерін электронды есептеуге көшкен. Бұл мәліметтер ай сайын түрлі тіркеу орындарынан енгізіліп отырады. Сондықтан Дания, Финляндия, Австрия және басқа да бірқатар елдерде халық санағы деген ұғым атымен жоқ. Дегенмен басқа елдерде санақ жүргізушілер әр үйге бас сұғып, әрбір тұрғын мен қонақтың санақ құжаттарын толтырып шығады.

БҰҰ Статистикалық комитеті халық санағы бойынша әдістемені жасап, соны барлық елге ұсынады. Әр ел өзінің сауалдарын анықтап, санақ бланктерін даярлайды. Мәліметтерді жинау бойынша ұйымдастыру мен ақпараттандыру жұмысын жүргізеді. Сосын оларды өңдеп, БҰҰ мен басқа да қолданушыларға қорытынды цифрларды ұсынады.

Әдетте санаққа дайындық екі жыл бұрын басталады. Оған арнайы институттар қатысады. Біздің жағдайда Статистика агенттігінің Алматыдан Астанаға көшуіне байланысты санақты жарым-жартылай жасақталған Халық санағы департаменті әзірледі. 2008-жылы оңтүстіктегі бір қалада пилоттық санақ жүргізіп көрдік. Мен ол кезде Агенттіктің модернизациясымен басым қатып жүрген. Сондықтан пилоттық санақ сол өңірдің тәжірибесіне сүйеніп өткізілді.

Санаққа бір жыл қалғанда Санақ департаменті директорының, Санақ бойынша орынбасардың да менің кабинетіме келістері жиіледі. Жарнама үшкезеңдік болуы тиіс, ол бәрін қамтуы керек; санақ бланктеріндегі сауалдар тізімі қызықты, нақты, жылдам толтыратындай болуы керек; санақ жүргізушілер мен қызметкерлерін бланктерді өңдейтін сканермен жұмыс істеуге үйрету керек. «Керек» деген ұзақ тізім – Санақ департаментінде онсыз да адам саны аз еді…

Ақырында бланктерге жазылатын сұрақтар тізімін жасауға, нұсқаушылар мен санақ жүргізушілерге арналған нұсқаулықты оңтайландыруға өзім атсалыстым. Санақтың логотипі, «Әркім маңызды» слоганы таңдалып, жарнаманың барлық бөліктері мұқият әзірленді.

«Әркім маңызды» слоганын мен ойлап таптым. Артынан әлемдік санақ үшін де дәл осындай слоган таңдалғаны белгілі болды. Бірақ, ағылшын тілінде. Мен елім үшін марқайып қалдым.

Санақ бюджеті 2007-жылы бекітілген. Ол кезде Агенттікке енді келгем. Статистика жүргізушілер жұмысының бүге-шігесін әлі білмейтінмін. Сондықтан, біздің алдымыздағы Агенттік қызметкерлері жасаған бюджетпен жұмыс істедік. Бланктер бағасы – 15 теңге, бұны Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі ұсынып, бекітіп берді. Егер Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі белгілі бір тауар не қызметке баға ұсынса, мемлекеттік органдар мүлтіксіз келісетін. Әйтпесе, министрлік бюджетіңізге қол қоймайды. Санақ сауалдары бұл кезде әлі жасақталмаған еді. Агенттік мысал болатын бланктің түрін ұсына алмады. Себебі, қызметкерлердің өзі бланкті қалай жасауды білмеді. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мысал ретінде Орталық сайлау комиссиясы бланктерінің бағасын алды – ақ-қара түсті, жұқа қағазда, мәтіні жарты бет – 18 теңге. Министрлік біздің бюджет қызметкерлеріне 15 теңгенің ішіне тасымал және басқасы кірмейтінін айтқан. Келесі жылы үстіне қосамыз дейді. Келесі жылы бюджетке санақтың жарнамасына деп тек бір телевизиялық роликке жететін сома қосылған.

Маусым… Шілде… Тамыз… 2008-жылы – бланктерге, басқа да санақ құралдарына байқау жариялау керек. Сауалдар тізімі дайын емес. Агенттік ішінде талас-тартыс жүріп жатты, біресе салалық министрліктерден тізімге қосымша ұсыныстар түседі.

Қыркүйек. Тізім дайын. Байқау жариялауға болады.

Үшеуі бірден кірді – Санақ департаменті директоры және менің екі орынбасарым. «Бланктерді басып шығару үшін алты вагон қағаз керек, біздің елде мұндай қағаз жоқ. Елде бланктерді жылдың соңына дейін толық басып шығаратын типография жоқ». Үшеуі де абдырап қалған.

Не істейміз? Модернизация жасаймыз деп Санақ дейтін ауқымды іске қанша уақыт пен ресурс кететінін алдын ала есептемегенбіз. Мен Үкіметке барып көмек сұрауым керек дегенді ойламаппын. Мен басшы болғандықтан, проблеманың бәрін өзім шешуім қажет деп ойладым.

Қызметкерлерімнің Қазақстанда бланк әзірлейтін мүмкіндігі жоғын тағы бір пысықтап алып, сол кезде Ресей Федерациясы Президентінің байланыс пен бизнес бойынша кеңесшісі болып жұмыс істейтін досыма хабарластым. Ол бір аптадан кейін хабарласты. Екі ірі типография бар деді. Бірі – Мәскеуде, біреуі – Санкт-Петербургте. Мәскеудегісі бос емес. Санкт-Петербургтегі басып беруге дайын деді.

Тендер жарияланды. Бюджеттік департаменттің принципшіл директоры Санкт-Петербургтің «Полет» типографиясын өткізбей тастады. Себебі, тендерге қатысу үшін типографияның жұмыс өтілі үш жыл болуы тиіс екен. Ал, «Полет» небәрі екі жыл он ай ғана жұмыс істеп жатыр екен. Тендерді «Таик» деген типография жеңіп алады. Бұл типографияның байқау құжаттары дұрыс рәсімделген. Бірақ, «Таиктың» осынша бланкті басып шығаруға өз қауқары жеткіліксіз. Қаржы полициясы 2009-жылдың сәуіріне дейін тергеуді бастағанша біз «Таик» тендерді ұтып ап, «Полетті» субмердігерлікке алды деп ойлағанбыз.

Жұмыс күн сайын қызып жатыр – 100 мың бланк басылды… С1 бланктерін басу аяқталды. С6 бланктері дайын. Санақ бойынша орынбасарым «Полет» типографиясымен жұмыс істеп жүр. Оның міндеті – бланктердің басып шығарылуын қадағалау. Бір жылдан кейін Қаржы полициясының ықтиярымен оның міндеті өзіне «қылмыс» болып таңылды.

Желтоқсан айын орталап қалғанбыз.

– Машиналар кеденде тұрып қалды.

Қазақстан мен Ресей Кедендік одаққа біріккен. Бірақ, екі ел арасындағы кедендік тазалық сол күйі сақталған. Бұл Одақтан тыс елдерге қарағанда жылдам әрі қарапайым жүргізіледі. Бірақ, бәрібір уақыт пен күш-қайратыңды жеп қояды. Кейде жағдай ушығып жатады.

– Мен кеденге қоңырау шалайын.

– Қажет емес. Өзіміз шешеміз.

2009-жылы қыста қарлы боран көп болды. Жолдың бәрін қар басып қалып жатты. Жүк тасымалы кешікті. Оның ішінде Ресейден де кешіктірілді.

Санақ бойынша орынбасарым есеп береді: бланктердің негізгі партиясы жеткізілді. Азғантайы қалды, олар дайын, буып-түйілген. Қаңтарда жеткізіп береді.

Біздер қабылдау-жеткізу актілеріне қол қойдық. Бланктер жеткізілді. Сапасы тамаша. Жарнамалық өнімдер әр қалаға таратылды – баннер, билбордтар елдің көзіне түсетін жерге ілінді. Жарнамалық роликтер теледидардан көрсетіліп жатыр. Парақшалар – ұшақ қалталарына салынды, логотипі бар жарқын түсті жапсырма қағаздар автобустарға жапсырылды.

Қаңтар… Ақпан… 2009-жылы өңірлерде оқыту басталды… Мен телевидениеге жиі барам – бұл да жарнаманың бір бөлігі. Жан-жақты жарнамалық кампания өз ісін істеп жатыр. Қызметкерлер таныстарынан естігенін айтып келеді: жарнама елдің бәріне жетті: естімеген көрді, көрмеген естіді. Басқа министрліктерден келіп жарнамалық кампания тамаша жүріп жатқанын айтып, тәжірибемен бөлісуді сұрайды. Әрине, біздің мақсатымыз тек жарнама емес, оның нәтижесі – елдің Санаққа қатысуы. Дегенмен, көңіл тоқ.

2009-жылдың 27-ақпаны – Санақ басталды. Санақ бойынша учаскелер ел ішін қамтыды. Жалданған санақ жүргізушілер – негізінен студенттер, көк мойынорамал тағып, санақтың логотипі бар көк сөмкелерін асынып, көше-көшеде жұмыс істеп жатыр.

Кей министрлер «арызданып» жатты. Уақыттары жоқ, ал санақ жүргізушілер бланк толтыр деген «шабуылын» бастап кетті дейді.

Санақ жүргізушілермен болған хикаяларды жергілікті және орталық газеттер басып жатты. Біреу санақ кезінде атасын тауып алыпты. Біреулер қараусыз қалған, әлеуметтік тұрғыда қамтылмаған қарияларды тауыпты. Санақ жүргізуші қыз түнделетіп үй-үйді аралайды. Санаққа қатысқан жігіт оны шығарып салады. Сөйтіп, үйленеді. «Санақ – менің өмірімдегі тамаша оқиға болды», – дейді санақ жүргізуші қалыңдық.

6-наурыз – Санақ бітті.

Менің Статистика агенттігіне келген 2007-жылғы 28-ақпаннан бастап Санақ біткенге дейінгі, яғни 2009-жылғы 6-наурызға дейінгі мезетті бүкіл команда, күллі Агенттік – тек бір деммен өткердік. Бәрі модернизацияға қатысты. Ортақ іске әрбірі өзінше үлес қосқанын сезінді.

Басты цифрды санаудың бірінші есебі – елдегі тұрғындар санын анықтау, Санаққа параллельді түрде жүрді. Бірінші цифрлар бар. Ух дедік. Ол кезде проблеманың бәрі алда күтіп тұрғанын білмедік…

Тергеу

2009-жылдың сәуір айын орталай Санаққа қатысы бар жандарды Қаржы полициясына шақырта бастады. Мен, менің екі орынбасарым, Санақ департаменті мен Бюджеттік жоспарлау қызметкерлері, заңгерлер. Мен Қаржы полициясы тиісті сұрақтарын қойып, сонымен бәрі бітеді деп ойлап едім. Бірақ, қысым үдей берді.

Сол сәтте ұжымдық үрей деген қандай болатынын көрдім. Басында қызметкерлер Қаржы полициясына барып келген соң маған кіріп, не сұрағанын, не деп айтқанын тәптіштеп баяндайтын. Сұрақтары кәдуілгі сұрақтар болып көрінді. Сосын қызметкерлер маған кірмейтін болды. Шамасы, тергеушілер жағдайды ушықтыруға тырысты. Қорқытып, үркітіп, басшылық қылмыс жасады, ал түрмеге сендерді отырғызады деп қоқан-лоққы жасап, басшылықпен араласпа дегенді айтса керек.

Қазақстанда әрбір мемлекеттік органның бірінші басшысына режимнің қосымша көмекшісі беріледі, яғни ҰҚК қызметкері бекітіледі. Сәуірде менің көмекшімді өзгертті. Жаңа көмекші танысуға келді. Жағдайды шешеміз деп маған қолдау білдірді. Оның қолдауы немен тынғанын тұтқынға түскеннен кейін істі қарағанда білдім. Ол Бюджеттік жоспарлау департаментін шақырып алып, менің үстімнен Қаржы полициясына ұжымдық арыз жазуға көндірген. Бірақ, департаменттің бес қызметкері соған қол қойған екен. Алайда, арызы жалған еді. Бюджеттік жоспарлау департаменті бәрінен қатты қорыққан. Себебі, тендер мен төлем үшін солар жауап береді. Бюджеттік департаментте істеген бір ғана жас қызметкердің жалған арызға қол қоймаймын деуге батылы жетіпті.

Екінші айдың соңына таман Қаржы полициясының сұрақтары қайдан шығып жатқанын түсіндік. Санақ бойынша орынбасарым тергеуден келе сала маған кірді. «Сізден ақшаны қолма қол ауыстырған делдал компаниялар туралы сұрады ма?» – деді ақырын. Осылайша мен тендерге қатыспаған, бірақ ақшаны қолма қолға ауыстырып отырған компаниялар туралы білдім. Қылмыстық істің мәнісі енді түсінікті бола бастады. Мен орынбасарыма бәрі дұрыс, біздің оларға еш қатысымыз жоқ екенін айтып сендірдім.

Менің екі орынбасарымның да отбасы, бала-шағасы бар. Бірінші орынбасарымның екі ұлы бар, 2009-жылы мамырда дүниеге қызы келді. Олар да өз отбасы үшін қатты қорықты. Бірақ, олар жұмысқа келуін тоқтатпады. Тергеуге де шақырған сайын барды. Бірақ, үстімнен арыз жазбады. Екеуіне де үкім кесілді, түрмеге отырды. Санақ бойынша орынбасар – алты жыл отырды. Бірінші орынбасар – бес жылға кесілді. Бірінші орынбасар санаққа мүлде жауапты емес еді. Ол тек негізгі атқарушылар үлгермеген кезде көмектесті. Екеуі де тағылған айыпты мойындамады.

Жалған арызданғандар істі өзгертпеді. Қаржы полициясы оларсыз да мақсатына жетер еді. Бірақ, сол адамдарды аяймын. Біреу үшін жалған куәлік етуге тура келгендеріне ішім ашиды. Тағдыр сондай таңдау жасатқаны өкінішті. Оларға жасалған қоқан-лоқының рас-өтірік екенін олар да, мен де білмейміз ғой. Ешкімді айыптай алмаймын. Өтірік айтудан бас тартқан, жалған арызға қол қоймаған, түрмеге түсесің деген қысымға шыдаған жандарға құрметім шексіз.

Құқық қорғау органдары бәрінен жоғары

Санақ басталмай тұрып Үкіметте кәдуілгі статистика мен құқықтық статистиканы біріктіру керек пе деген мәселе қарастырылды. Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) өз Статистика комитеті бар еді. Комитет мәртебесі бойынша Агенттіктен төмен. Сондықтан біріктірсе, ол Статистика агенттігінің құрамына кірер еді. Бірақ, біздің мәлімет жинақтау тәсілдеріміз әртүрлі. Әдістемелеріміз де сәйкеспейтін. Сондықтан мен де, ІІМ басшылығы да бірігуге қарсы болдық. Ортақ жиналыс өтпей тұрып, мен Құқықтық статистика комитеті басшысының жұмыс телефонына қоңырау шалдым. Осы тақырыпты талқыламақ едім. Телефонды көмекшісі көтерді. Дауысын зорайтып: «Бұл кім? Не мәселемен?» – деп сұрады. Мен екенімді білгенде ол қатты ашуланды. «Азаматтық басшының генералға қоңырау шалуға қандай құқығы бар? Әлде полковникке?» – деді. Атағы нақты есімде қалмапты.

Тұтқаны қойдым да, оның ашуланғанына өзім де біраз есеңгіреп отырып қалдым. Погон таққан адаммен бетпе-бет келген алғашқы сәтім осы еді.

Бұл мәселеге қатысты жиналыс Президент әкімшілігі басшысы орынбасарының кабинетінде Қаржы полициясындағы тергеу басталып, екі орынбасарым тұтқындалған соң бірнеше айдан кейін өтті. Мен жиналыстарға кешіксем, ешкім себебін сұрамайтын. Елдің бәрі Қаржы полициясына тергеуге барып жүргенімді біліп алған. Ал, Қаржы полициясындағы тергеу кез келген жиналыстан маңызды еді! Мен емін-еркін кірдім де, бос орынға отыра кеттім. Үстел өте кең еді. Басымды көтерсем… қарсы беттен маған – Қаржы полициясы агенттігінің төрағасы қарап отыр. Ол қызарып кетті. Әрине, ұялғаннан емес. Ол ашулы еді. «Айыпталушы» онымен бір үстел басында, бір жиналыста не деп отырады? Президент әкімшілігі басшысының орынбасары менің атымды атап, пікірімді сұрағанда, ол орнынан тұрып кете жаздады…

Екі статистика қосылмады. 2009-жылғы Статистика агенттігіне қатысты жағдайды бағалау да бірдей болмады, менің бағалауым бөлек, әркімді айыптау басты міндеті саналатын Қаржы полициясы агенттігі төрағасының ойы бөлек боп қалды.


Канада

Канадаға кетуім, әрі іссапар, әрі дамылдау болды. Статистиканы дамыту бойынша халықаралық конференцияны Канаданың Оттава қаласында орналасқан Статистикалық кеңсе ұйымдастырған еді. Агенттікте жасалған екі жарым жыл бойғы модернизациядан соң біздер сараптама жасау мен мәлімет тарату бойынша жаңа деңгейге шыққан едік. Сәуірде менің атыма Оттавадағы конференцияға шақырту келген еді. 2009-жылдың мамырының соңына таман арналған шақырту екен. Екі айдан бергі толассыз қысым мен тексерістен шаршап, ұшып кеттім. Тым құрығанда бір апта емін-еркін тыныстайын деген ой болды. Мені Канаданың Статистикалық ведомство басшылығы қуана қарсы алды. Құдды бір ескі таныстарын көргендей күй кешті. Статистикада жүрген екі жыл – шын мәнінде өте аз мерзім. Статистика – өте ұқыпты, ұзақмерзімді процесс. Бұл саладағы адамдар он жылдап, кейде өмірбақи жұмыс істеп жатады. Бірақ, мені елдің бәрі білетін. Мен халықаралық сессияларға жиі қатыстым, өзекті әрі даулы тақырыптарды талқылауға белсене атсалысатынмын, Агенттік қызметкерлерін оқытуға әртүрлі елден сарапшылар іздейтінмін.

Мені Канададағы Қазақстан елшісінің резиденциясын көруге шақырды. Кішігірім ағаш коттедж. Елші сабырлы, қарапайым кісі екен. «Қазақстаннан келген бірінші қонағымыз өзіңіз болдыңыз», – деп жымиды. Шығыстың тәттілерін ұсынып, шайға шақырды. Туған елдің жаңалықтарын сұрады. Бұл кісі жаңадан тағайындалған еді. Ол хаттама, дипломатиялық істермен шектелмей, Қазақстан-Канадаға қатысты ортақ жобаларды жасауға белсене кірісіп жатқаны байқалды. «Канаданың ірі компаниялары Қазақстанда өз жобаларын жүзеге асыруға дайын», – деді. Аз-кем үзілістен кейін былай деп қосып қойды:

– Жәкішевті тұтқындаған соң олардың жобалары нендей күй кешпек? Канадалық компаниялар алаңдаулы. Мұны Үкіметке айта барарсыз.

Мұхтар Жәкішев ол кезде елдегі «Қазатомпром» атом компаниясының басшысы еді. Мен бір апта Канадада жүргенімде оны тұтқындапты. Бұл мен үшін тосын жаңалық болды. Өткен айда ғана өзі жас, өзі білімді аталмыш компания президенті Үкімет алдында есеп беріп, жоспарымен бөліскен еді. Оны бәрі қолдап, мақтап, осы компанияның әлемдік нарықта көтерілуіне мол үлес қосқанын атап айтып еді. Сөйтеді де, кенеттен тұтқындайды. Сол жағдайдың бел ортасында жүрмеген соң: «Бәлкім, шынымен әлдене дұрыс жасамаған шығар?» – деп күдіктенесің.

– Әрине, айта барамын, – деп елшімен қоштастым. Сол сәтте «бұндай жағдайдың бел ортасында» өзім де қалатынымды сезбеген едім.

Қолым бос күні Көркем сурет музейіне бардым. Ашық аспан, жарқын күн, тыныштық. Сонда да көңілім алаң. Астанадағы Агенттік не боп жатыр екен?

Түн ішінде бірінші орынбасарым Біржаннан смс келді. «Баятовты тұтқындады» (Санақ бойынша орынбасар).

– Не үшін?

– Анықтауға тырысып жатырмыз.

Ұйқы қашты. Алда әлі екі күндік конференция бағдарламасының жиыны бар. Бірақ, ойым мыңдаған шақырымдарға шапты.

Келесі күні жаңа смс. «Босатыпты». Арқамнан ауыр жүк түскендей.

Жарты күндік сессия өтті. Тағы смс: «Қайтадан тұтқындапты».

Не істеуім керек? Жұмыстағы шешімталдығыма қарамастан, көп адам елге тым сенгішсің деп сынайтын. Тым сенгіш деген қалай сонда? Шындық, бұл – шындық. Өтірік, бұл – өтірік. Ал, әр адамның бойында бар құнар – адамгершілік. Елге қайту керек. Ел басшысына бару керек. Олар тексеріп, бәрін анықтайды. Жібереді деп ойладым.

Сессия бітті. Елшілік қызметкері мені әуежайға шығарып салды. Тіркеуден өттім, паспорттық бақылаудан өттім, ұшаққа отырғызатын есіктің алдында отырмын. Рейс шегерілді. Сосын Германияда ауыстырып мінетін екінші ұшаққа кешіктім. Астанадағы полиция қызметкерлері қалай уайымдады десеңізші.

Қаржы полициясының қызметкері таңғы алтыда Астана әуежайында багаж алып жатқан жерде қасыма келді. Тергеуге шақырту алдым. Қол қойдым.

– Әуежайға не үшін келдіңіз? – дедім. – Қабылдау бөлмесіне қалдырып кетсеңіз де болар еді ғой.

– Сіз келмей қала ма деп қорықтық.

– Орынбасарым тұтқындалыпты. Қалай келмейін?

Төрт айдан кейін қайда ұшатынымды, елге оралма деген пәрмен алатынымды сол сәт біліппін бе?

Әуежайда мені қызметтік көлік күтіп алды. Жүргізушімнің көңіл күйі жоқ.

– Агенттік қалай? – деп сұрадым.

– Баятовты тұтқындады, – деді жүргізуші бәсең дауыспен.

Оның жауабына мен ләм-мим деп жауап қатпадым – бұл мен үшін жаңалық емес. Менің жүргізушім – жасы келген өте қарапайым кісі. Мені Агенттіктегі жұмысым тоқтағанша тасыды. Артық сөзі жоқ. Тек жаны ашып, күрсіне беретін.

Адвокат

Кеше маған телефон арқылы бір адвокатты кеңес етті. Қазір сол кісіге бара жатырмын. Адвокаттар мен клиенттер бір-біріне дөп қосылатыны таң қалдырады. Аты – Ботагөз. Орта жастағы, денесі шымыр келіншек. Маған бір көргеннен ұнады. Не нәрсені де сараптап отыратыны, тез ойланатын алғырлығы, адам баласына деген құрметі, әзіл-қалжыңы, тіпті спортты жақсы көретіндігі де жаныма жақты. Мен бірдеңе түсінбей, ол таң қалғанда: «Кешіріңіз, мен өмірімде бірінші рет адвокат көріп отырмын ғой», – дейтінмін.

Тек бір мәселеде пікіріміз түйіспеді. Санақ бланктерін басуға, типографияға қағаз іздеуге өзімнің де атсалысқаныма қатысты шындықты айту.

Біздің елде мемлекеттік органның басшысы тауар жеткізетін, қызмет көрсететін компаниялармен тікелей байланыста болмауы тиіс деген жазылмаған заң бар. Бірақ, біздің жағдайда алдан шыққан түйткілді өзім шешуге мәжбүр болдым. Бұл қылмыс боп саналатыны үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Түйткіл шыққанда – өзім шештім. Басқа не істеуім керек еді? Санақты болдырмай тастау? Бірақ, түйткілді шешуім – қылмыс болып саналады екен.

Қызмет көрсетушілер және басшы араласпауы тиіс деген ереже – жазылмаған заң. Мен бизнеспен араласпадым. Мен көрші ел басшыларының кеңесшілеріне қағаз бен типография сұрап, өтініш жасадым. Типографиялармен байланыста болмадым. Олардың кім екенін де білмеймін. Алдыма қойылған міндетті орындаймын деп заң бұзбадым. Телефонмен сөйлескенде жасырынбадым. Нөмір ауыстырмадым. Қылмыс болып саналмайтын дүниені жасырып қайтем? Алайда, тергеу мен сот тәжірибесіне қанық адвокат Агенттікті модернизациялау мотивтерім мен түйткілді шешуге атсалысуымды Қаржы полициясы және солардың тәжірибесі тұрғысынан – жеке басымды байыту үшін қолданған әрекет деп санайтынын түсіндірді.

Бұл адвокатты шынында да өмірімде бірінші рет көруім. Егер тағдыр тәлкегіне түспесем, білмей өтер ме едім? Әрине, адвокаттың бәрі өз ісіне берілген ұстанымы мықты болып кездесе бермейді. Ботагөз атқарған істің көптігіне қарасам, соның бәрі адвокатқа тиесілі ме екен деп ойланамын. Ол бүкіл құжаттарды мұқият оқыды. Жазғанымның бәрін көз майын тауысып зерттеді. Менің кінәсіздігіме дәлел іздеп, кездесші деген адамның бәрімен жолықты. Туыстарыма түрмеде қажет болар деген заттар тізімін жазсам, соны апарып беретін. Маған тамақ таситын. Керек болады деген тұрмыстық заттарды әкеп беретін. Толып жатқан істерге білек сыбана кірісетін.

Қаржы полициясындағы бір тергеуші адвокатым туралы маған ойын ашық айтты: «Адвокатыңыз өте жақсы. Бірақ, әділетті екен».

– Маған сондай адам керек, – дедім.

– Ол ымыраға кеп, келісе алмайды.

– Біз ешкіммен ымыраға келуге тиіс емеспіз. Мен – кәнісізбін. Соны дәлелдейміз.

Ол кезде шындыққа қатты сеніп ем. Алдан мың күндік түңілу күтіп тұрғанын қайдан білейін?

Ал, бүгін біз жай ғана таныстық. 10 минуттай сөйлестік.

– Тергеуге сағат қаншада барасыз? – деп сұрады адвокат.

– 09.00. Соған дейін Премьер-министрге кіріп шықсам деп ем.

Үкімет құрылымы ішіндегі тікелей басшым сол кісі еді.

– Ендеше асығу керек. Тергеуге кешігуге болмайды.

Үйге бара жатырмын. Қызым әлі ұйықтап жатыр. Шабаданды ашып тастадым. Тұра сала сыйлықтарды көрсін дегенім. Үкімет үйіне келе жатырмын. Таңғы 08.30. Қабылдау бөлмесінде күтіп отырмын. Адвокат қоңырау шалды. «Қайдасыз?»

– Қабылдау бөлмесінде отырмын.

– Жақсы. Мен сізді Қаржы полициясының жанында күтем.

Премьер-министрмен кездесу

Премьер-министрге кірдім. Бірнеше жыл қызметтес болғалы алғаш рет көмек сұрадым. Менің тек 5 минутым бар екенін ескерткен.

– Не боп қалды?

– Менің орынбасарымды тұтқындапты.

Таң қалған кейіп жасады:

– Рас па?

Көп жылдық тәжірибесі бар саясаткерлер өз эмоциясын көрсетпейді. Өз басым орталық мемлекеттік органның орынбасарын тұтқындауды Үкімет басшысына ескертпей жүзеге асыру мүмкін дегенге ешқашан сенбеймін.

– Ант етейін, біз ештеңе ұрламадық. Баятов санақты басқарды. Мен де, ол да, мердігерлердің қаржыны қолма-қол ақшаға ауыстырғанын білмедік.

– Жақсы. Мен бұл мәселені ескерейін.

– Ал, орынбасар ше?

– Сен орынбасарың үшін де сұрап тұрмысың?

– Әлбетте. Ол еш жамандық істемеді. Оның көзіне қалай қарамақпын?

Тергеуші

Тергеушілер әртүрлі болады. Олардың түсінік алуы тәсілдері де қилы-қилы. Қаржы полициясы ғимаратына 09.15 келдім. Кіргізетін қағазды рәсімдеуді күтіп отырмыз.

– Тергеуші кім? – деп сұрады адвокат.

Шақырту қағазына қарасам – Әміров Марат деп тұр екен.

– Марат – салыстырмалы түрде айтсақ, жақсы тергеуші, – дейді адвокат.

Менің түрім бұзылып кетсе керек. «Жақсы тергеуші бола ма?»

– Рас-рас, ол басқаларына қарағанда боқтап сөйлемейді, әдепті әңгімелеседі, – деп қосып қойды адвокат.

Адвокат сөзінің растығына тергеу барысында көзім анық жетті. Біздер қуықтай кабинетке кірдік. Компьютерде жап-жас, сымбатты жігіт отыр.

Тергеу басталды. Мен үндемей қалсам, адвокат мен үшін жауап береді.

Тергеуші:

– Анар Ертөлеуқызына сөз беріңіз.

Ол кезде маған әлі де әкемнің атын қосып айтатын. Себебі, әлі де Үкіметтің мүшесімін ғой.

Адвокат:

– Анар Ертөлеуқызы басында сәл қиналыңқырап отыр, – деді.

Тек басында ғана қиналмадым. Адвокат әркез не айту қажетін білді. Тергеуші көп сұрақ қойды. Тергеу біткенше сансырап қаласың. Адвокат мұндай істерде маған қарағанда тәжірибесі мол адам.

Мен, әйтеуір, басшы болып жаным қалған секілді. Қызметкерлер жұмыс істеу қиын боп кетті деп айтып жүрді. Себебі, Қаржы полициясы таңертеңге шақырады да, күні бойы сарылтып дәлізде күттіртіп қояды. Тергеуге кешке таман бір-ақ кіргізеді. Бірақ, менің қолымнан түк келмеді. Құқық қорғау органдары басқа органдардан бір саты жоғары тұрады. Егер олар елдің көзінше біреуді айыптаса, ары қарай тоқтамайды.

Тергеуші шын мәнінде әдепті екен. Өзін өте ұстамды ұстайды. Оны маған арнайы тағайындаған секілді. Тергеушілердің бейәдеп қылығына арызданбасын деген ғой.

Бір жолы ғана ашуыма қатты тиді. Кезекті тергеуде жас тергеуші дауыс көтеріп, пафосты сөздер айтты:

– Сізге Президент орталық мемлекеттік органды басқаруды тапсырды…

Шыдамай кеттім:

– Мені бағалайтын адам сіз емес, – дегенде дауысым жарықшақтанып шықты. Алайда, адвокат қандай жағдай болса да дауыс көтермеңіз деп ескерткен.

Төрт ай бойы сол тергеушінің тергеуіне барып жүрдім. Төрт жылдан кейін экстрадиция жасалған соң мені тағы да соның алдына әкелді.

2009-жылы тергеу жасағанда ол шындықты түсінуге, анықтауға тырысқан еді. Бірақ, барлық қатысушылардың әрекетін Қаржы полициясының тәжірибесіне сүйеніп қана бағалады. Ол мемлекеттік басқарушылардың арасында пара алмайтындары бар дегенге сенбеді.

Егер мемлекеттік тендер қаржысы жалған фирмалар арқылы қолма-қол ақшаға айналса, онда оларды тек сол мемлекеттік органның басшысы алды дегенге сенеді Қаржы полициясы. Ешкімнің ала жібін аттамайтын, бизнестің салық төлемеу үшін түрлі схемалар жасайтынын білмейтін адал мемлекеттік қызметкер бар дегенге Қаржы полициясы сенбейді.

Төрт жылдан кейін ол ештеңені анықтауға тырысқан жоқ. Менің орынбасарларыма қатысты сот үкімі кесілген. Менің қолыма «Статистер ісінің» 35 томын ұстатты.

Команда

Тергеуден кейін жұмысқа келдім. Агенттікте – өлі тыныштық. Ел сыбырласып сөйлесуге көшкен. Сол сәтте тыныштықтың қорқынышты болатынын сезіндім.

Соңғы екі жылда Агенттікте тыныштық деген мүлде болмаған. Тұтас Агенттік бір команда болып жұмыс істеді. Команда – жақсы сөз. Команда – бәрі бір идеяға жұмылып, бір-бірін қас-қабақтан, ыммен-ақ түсінісе жұмыс істеу.

Жұмысты әр қызметкер модернизацияға қатысатындай етіп ұйымдастырдық. 200 статистикалық форманың бәрін қарап шықтық. Алдымен форманы бас маман оңтайландырды. Сосын бөлім басшысы тексерді, сосын департамент директорының орынбасары, артынша департамент директоры қарады. Форма Ақпараттық-есептеу орталығына өтті. Сол жерден оны электронды түрге айналдырады. Қорытынды жұмысты бірінші орынбасарым қарайтын. Содан кейін бүкіл компания – әр форманы жасауға қатысқандар – бәрі бірге маған келетін.

Менің қатал бағалаушы екенімді білетін. Формаға статистер көзімен емес, қарапайым қолданушының көзімен қарайтынмын. Сондықтан қызметкерлер қатты алаңдайтын. Бірақ, ол алаң – қуаныштың алаңы еді. Әрбірі өзінің ортақ іске үлес қосқанын сезінетін.

Статистика агенттігінің Ақпараттық-есептеу орталығы Алматыда қалған. Сондықтан статистикалық көрсеткіштерді есептеуді ескі әдістермен жасайтын. Әр программистке бірнеше форма бекітіледі. Программист ауысқан кезде жаңа бағдарлама жазылатын. Соның кесірінен электронды ақпараттық базаны жасақтау оңайға түспеді. Агенттіктің сәйкеспейтін мәліметтерін ешкім түзегісі келмеді. Сондықтан Ресейде рейтинг бойынша үшінші боп тұрған IT-компанияны жалдадық. Олар РФ Орталық банкінің мәліметтер базасын жасап берген. Әртүрлі саладан алты түрлі статистикалық формалар таңдалды. Мәскеулік программистер, алматылық Ақпараттық-есептеу орталығы, сосын кейіннен оларға соңғы екі жылда құрылған астаналық Ақпараттық-есептеу орталығы қосылды. Бәрі бірге жұмыс істеді. Жаңадан алғашқы мәліметтерді жинап, өңдейтін IT-бағдарламалар жазылды. Ақырғы мақсатымыз барлық форманы электронды форматқа ауыстырып, Агенттік департаменттеріне қарасты қызметкерлерді статистикалық шығыс деректерді электронды есептеуге оқытқымыз келген.

Параллельді түрде құрғақ статистикалық цифрларды жинақ, буклет, Статистика агенттігі мен өңірлік кеңселер сайттарына көшіріп басып, ел көретіндей жасадық. Бұны шақыртылған финн сарапшысымен және Норвегияның Орталық статистика бюросымен бірлесе отырып жүзеге асырдық.

Лауазымына қарамастан Агенттіктің әр қызметкеріне жаңа идеясы бола қалса, маған келуге рұқсат болды. Төрт жылдан кейін сотыма келген Статистика агенттігінің бір департамент директоры сөз сөйлеп тұрып:

– Біздің идеяларымызды жүзеге асыруға жол ашты. Кімнің қандай бастамасы болса-дағы, бәріне карт-бланш берді. Меніңше, сол кез Статистика агенттігінің алтын кезеңі болды, – деп еді.

Шығармашылық еркіндік болды. Қызметкерлер жұмысқа қуана келетін. Мемлекеттік органдарда мұндай атмосфера жиі кездесе бермейтін.

Бірінші орынбасар

Мұндай атмосфераны жасап, әрдайым қолдау білдіретін – бірінші орынбасарым Біржан еді. Оның аты да өзінің рөліне сай еді. Біржан десе, Біржан еді. Біз қызметкерлердің тату болғанын қаладық, Агенттіктің жаны бір болсын дедік.

2007-жылы Агенттікке Президент әкімшілігінен бірге келгенімізде жұмыс деген бастан асатын. Мәселен, Агенттікті Алматыдан Астанаға көшіру керек, жаңа есептеу орталығын жасақтау, статистиканы электронды форматқа көшіру, жаңа маркетингтік стратегияны жасау, құрылғыларды жаңарту, қызметкерлер мен статистиканы қолданушыларды оқытатын орталық ашу. Агенттікті ішінен толықтай реформалау керек еді. Статистикалық қызметтердің жаңа имиджін қалыптастыру қажет болды. Қызметкерлердің тең жартысы жылы Алматыдан желі аңырап тұратын Астанаға көшкісі келмеді. Біржан күн сайын тізімдеп алған міндеттерін нақтылап алуға кіретін.

Менің мәскеулік ауқымды мәселелерді шешу тәжірибемнен кейін бәрі тез әрі тиімді шешілуі керек болатын. Жалпы екі күнде бітіруге болатын нәрсені не үшін екі аптаға созатындарды мүлде түсінбеймін. Жұмысымыздың нәтижесі БҰҰ Еуропалық Экономикалық Комитеттің Статистикалық департаментінің Жаһандық бағалауында көрсетілген. Қазақстанның Статистика агенттігі өзге елдер он жылға созатын реформаны небәрі 2,5 жыл ішінде жасады. «Бағаланды», әрине, сын да айтылды. Бірақ, мен сол бағалауды ашық түрде ЕЭК және біздің Агенттіктің веб-сайттарында жариялап қоюға рұқсат бердім. Посткеңестік аймақта мұндай есепті ашық жариялаған бірінші ел болдық. Осы ашықтық кейін өзге елдердің де осы тектес есептерді ашық жариялауына түрткі болды.

Міндет тым ауқымды болып кетсе, Біржан орнынан тұрып: «Мен өз-өзімді атуға кеттім», – деп шығып кететін. Бірақ, бір қызығы сол міндеттерді мен көрсеткен мерзімде бітіріп үлгеретін.

Ол менің барлық тапсырмамды бұлжытпай орындайтын. Өзінікін ойлап табатын. Өңірлерден перспективалы қызметкерлерді тауып алатын. Департаменттермен қызу жұмыс істейтін. «Электронды» деп басталатын мәселенің бәріне жауапты болды. Қызметкерлерге спорттық демалыстар ұйымдастыратын. Отбасының ұйытқысы еді. Келіншегі де өте белсенді болатын. Екі кішкентай ұлы болды. Әйелінің қолы бос болмай қалса, балаға өзі қарайтын. Кейде жұмысқа ертіп әкелетін. 2009-жылы мамырда дүниеге қызы келді. Бүкіл Агенттік қуанып, сүйінші сұрасқан.

Тұтқындау

Маусымда Біржанды қамады.

Тергеу Біржан менің көңілдесім болды деген сөзді шығарды. Ақылға қонымсыз. Қолдарында – бүкіл әңгімеміз тыңдалған, аңдылған мәліметтер бар. Мұндайды қалай ойлап тапқаны түсініксіз.

Егер қызметкерлер бір команда болып жұмыс істеп, бір-бірін қас-қабақтан түсінсе, қолдаса – ендеше мекеме тиімді жұмыс істейді деген сөз. Басқа түк те емес.

Біржанның келіншегі оны тұтқындаған соң қоғамдық қорғаушысы болып рәсімделді. Оны күнде көру үшін, қорғауды өзі ұйымдастыру үшін солай етті. Балаларына әкесі оқуға кетті деп айтты. Балаларына айтпай, өзі күйеуіне түрмеге қажетін тасыды, лагерьге де барып тұрды.

Мені Агенттікке тағайындаған соң Біржан екеуміз қызметкерлердің дені жұмыс істеп жатқан Алматыға бардық. Агенттік ғимараты сұп-сұр, суық еді. Қызметкерлерге жиналысты бірінші қабаттағы холлда жасауға мәжбүр болдық. Статистиканы дамыту үшін қандай стратегияны жүргізетінімізді айттық. Сосын барлық кабинетті араладық. Бір бөлмеде шаң басқан сөреде дискілер жатты.

– Бұл не?

– Статистика. Көп жылдан бері жиналған мәліметтер.

– Қалай статистика? Өрт шықса ше?

Үнсіздік.

Қайтар жолда деректерді бұлай сақтауға болмайды деп шештік. Келесі жылы Агенттікке IT-қауіпсіз бөлмесін сатып алдық. Оны жасақтаған соң төртінші қабатқа көруге шақырды. Қабырғалары, едені, төбесі бастан-аяқ герметикалық қорғаныш, вентиляциясы бар. Бұл бөлмеге өрт те, жер сілкінісі де қорқынышты емес. Соның ішінде қаз-қатар серверлер орналастырылды.

Бір жылдан кейін Санаққа байланысты сақтайтын деректер көбейді. Қорғаныш бөлмеге қосымша сервер кіргізу қиындық туғызды. Агенттік ақшасын үнемдеп, екінші IT-қауіпсіз бөлмені сатып алды. Құрылғылар уақтылы келді. Бірақ, сол құрылғыны құрып беруге тиіс испандық инженерге Қазақстанның Мадридтегі елшілігі виза бермей қойыпты.

Елшіге хабарластым.

– Сәлеметсіз бе?! Статистика агенттігінің төрайымы – Мешімбаева Анар.

– Сәлеметсіз бе?! Өте қуаныштымын.

– Қазір Халық санағын жүргізіп жатқанымыздан хабарыңыз бар ғой?

– Әрине. Өте маңызды шара. Елшілікте де санақ уческесі болады.

– Санақ деректерін сақтайтын сервер сатып алып едік. Соны IT-қауіпсіз бөлмеге орналастыру қажет. «Бөлме» келді. Ал, соны құратын инженерге сіздер виза бермей қойыпсыздар.

– Неге ертерек хабарласпадыңыз?

– Сіздердің виза бермей қоятындарыңызды білмедім ғой.

– Тағы бір рет өтініш берсін. Міндетті түрде виза береміз.

Жоспарланған уақыт өтіп кеткен соң, инженердің басқа шаруасы шығып қалды. Ол Қазақстанға кешігіп келді. Сол уақытта ҰҚК әлдекімдердің түртпектеуімен бөлмеге сүргі қойып кетті. Енді бөлмені құрау мүмкін емес боп қалды. Ақырында бұл маған қатысты қылмыстық істің екінші «эпизодына» айналды.

Мен құрылғыны қабылдау актісіне, оны қолданбай тұрып қол қойғанмын. Елдегі бюджет желтоқсанның соңында жабылады. Актіге қол қоюым қажет болды. «Бөлмені» құру мәселесі созылып кетті. Бірақ, мәселе шешілді, мен одан еш проблема көрмедім. Алайда, «бөлмені» сүргілеп кету, оны құруды мүмкін емес етті. Сол бөлменің құрылмағаны маған қарсы айыптаудың бір бөлігіне айналды. Ақылға қонымсыз. Саналы адам үшін бұл қисынсыз нәрсе. Ал, құқық қорғау органдары үшін бұл – қылмыс.

Бюджеттік реформа басталып, ақырына жетпеді. ПӘ істеп жүргенімде бюджеттік жоспарлауды реформалау тәжірибелерін зерттеу тобымен бірге бюджеттік жүйесі тиянақты елдерге барып көргенмін. Сол елдердің тәжірибесі бойынша бізде де үш жылдық жылжымалы бюджет қалыптасуы тиіс еді. Яғни, бір жыл бойы жүргізілген іс-шара келесі жылға автоматты түрде (бұл қылмыс болып саналмайды) көше береді. Бір бағдарламаның ішінде қаржы қайта бөлініп (бұл да қылмыс емес) қарастырылады. Біздің елде үш жылдық бюджетті бекітті. Сонымен реформа бітті.

Актілерге желтоқсанда қол қойғаным да қылмыс болып шықты. Біздің бюджеттік жүйе заң бұзушылықты жасау үшін арнайы ұйымдастырылған сияқты. Неге өнім кешігіп жатса, актілерге қол қоюды келесі жылға заң жүзінде жылжытуға болмайды? Не сен жұмыс істейсің, не нұсқаулық бойынша қарап отырасың. Бюрократиялық жүйе адам амалсыз заң бұзатындай етіп жасалған.

Біржанның Агенттіктегі басты міндеті – ақпараттық технологиялар еді. «Халық санағы мен тұрғынүй қоры» іс-шарасында Біржан деректердің тек электронды өңдеуіне ғана жауапты еді. Санақ департаментінің дайындық жұмыстары созылып кеткендіктен, осы департаментпен жауапты хатшының нашар коммуникациясынан соң, Біржанға Санақты «құтқаршы» деп мен өзіне қатысы жоқ уческені басқаруын өтінген едім. Өзім де санақтың сауалдары мен санақ жүргізушілердің нұсқаулығын реттеуге қатыстым.

Ол санақ бланктеріне тапсырыс беретін тендердің техникалық тапсырмасын даярлаған. Оны сол үшін тұтқындап, соттады. Екі жарым жыл қарқынды жұмыс істеп кеп, марапатына – бес жыл түрмеге отырды.

Менің Канададан келгеніме бір апта өткен.

Дүйсенбі күні түстен кейін ол кезекті тергеуге кеткен. Сол жерден смс жазды: «Қаржы полициясы Баятовты тұтқындағаны туралы ақпаратты БАҚ-қа жариялапты».

Бұл өте жаман хабар еді. Санақты өңдеу әлі жүргізіліп жатқан. Қорытынды нәтиже әлі жарияланған жоқ. Мұндай хабар ел ішін дүрліктіріп, санақтың қорытындысына күдік тудыруы мүмкін.

Ақырында солай болды.

Кешкі жетіде смс жаздым: «Өзің тәуірсің бе?».

Жауап: «Иә».

Келесі күні таңертең сегізінші қабаттағы жеделсатының маңында оның жүргізушісі мені күтіп тұр екен. Бір нәрсе болғанын түсіндім. Жүргізуші жаныма жақын кеп: «Біржанды тұтқындады» деп сыбырлады.

– Қалайша?

– Кешке таман тергеуден кейін босатқан. Түнгі 22.00 қайта шақырып алды. Содан босатпады.

Енді менің екі орынбасарым да тұтқындалды.

Президентке жазған бірінші хатым

Екінші орынбасарымды тұтқындаған соң жағдай мүшкіл бола бастады. Қызметкерлер дәлізге шықпауға тырысатын. Бәрі өз кабинеттерінде отырады. Агенттіктің ұзын дәлізінде өлі тыныштық орнады. Ең көңілшектері арасында жылап алады.

Күн сайын Агенттікті аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. Өңірлік кеңселердің басшыларына ішкі пошта арқылы хат жаздым. Қызметкерлердің көңіл күйін қадағалаңдар, қолдаңдар, санақтың қорытындысын бітіру керек дедім.

Осы уақытқа дейін Премьер-министрге кіріп шыққанымнан бірдеңе өзгереді деп күттім. Тергеу бәрін дұрыс тергеп, мәселе шешілер деп үміттендім. Бірақ, ештеңе де өзгермеді. Сондықтан енді Президенттен көмек сұрайын деп шештім.

Хат жаздым – өте қысқа, бір беттік. Президентке қысқа да нұсқа, анық жазу керек. Көлемді хатты оқып отыратын уақыты жоқ.

«Құрметті Президент. Ант етейін, мен де, менің екі орынбасарым да санақ қаржысын ұрламадық, қаржыны қолма-қол ақшаға ауыстыру схемалары жөнінде ештеңе білмейміз».

Тағы бірнеше жол қостым. Хатты алып Премьер-министрге бардым. Хатты беріп жіберудің басқа амалы жоқ. Әзірге елдегі екінші басшының алдына бара алатын мүмкіндігім болды. Бұлай жалғаса берсе, одан да айырылатын түрім бар…

– Мен апарып беремін, – деді Премьер-министр.

Әйтеуір, маған сенетін шығар деп үміттенем.

Бір аптадан кейін маған Президент әкімшілігінің бір қызметкері келіп: «Президент жиналыс өткізді. Статистер кінәлі емес, бизнесмендердің сазайын беріңдер», – дегенді сыбырлап айтып кетті. Мұндай сәттерде елдің бәрі сыбырлап сөйлесуге көшіп кетеді. Немесе мүлде сөйлеспейді.

Сәл де болса, жеңілдеп қалдым. Осымен біткен болар деп ойлаппын. Қаржы полициясы бәрін анықтап, менің орынбасарларымды босатады деп күттім.

Бір ай өтті. Бәрі баз баяғыша. Жүйкем жүн болды. Президентке көлемді екінші хат жазуға оқталдым.

Бір бетке толық түсініктеме бердім. Санаққа дейін жарты жыл ғана қалғанын, елде қажетті көлемде қағаз болмағанын, басатын қуатты типографияның табылмағанын жаздым. Осы проблемаларды шешуге білек сыбана кіріскенімді, санақты орта жолда тоқтатып қоюға болмайтынын айттым.

Тағы да Премьер-министрге бардым. Ол хатты оқыды. Үстел үстіне қойды. «Егер сені тұтқындаса, мен осы хатпен Президентке кірем».

2009-жылы бұл хат адресатқа жетпеді. Мені тұтқындаған 2013-жылы да жетпеген.

Қақпанға түсу

Телефон тыңдалады, электронды пошта оқылады. Менің көлігімді органдардың көлігі аңдиды. Жаяу жүрсем, айналамда бірнеше адам мені бақылап жүреді. Олар көзге көрінбеуі тиіс. Бірақ, мен оларды көремін. Пәтерде отыра беру мүмкін емес. Сыртта қыдыру – үнемі бақылауда болу деген сөз.

Таңертең – Агенттікке жұмысқа келу. Күндіз – Үкіметте жиналыстар, санақ қорытындысы бойынша Ақпараттық-есептеу орталықтарымен жұмыс істеу, тұрақты түрде – Қаржы полициясына тергеуге бару. Сыртымнан бағып тұратын жұрттың көзқарасын байқаймын. Қызығып, абайлап, таңғалып, қорқып, аяп, сенбей, жаны ашып қарайды. Өзімді күтіп, бағып, жақсы жүріп-тұруым керек. Байсалды болуым қажет. Менің қазіргі ұсқыныма Агенттіктің бүкіл жұмысы тәуелді. Менің саспай, сабырлы жүргенім түрмедегі екі орынбасарыма жетеді деп ойладым – олардың да жүректері орнына түссін.

Жылауға болмайды. Көзім ісіп кетеді. Ұйқы қашты. Тамақ іше алмаймын. Пәтерде де тыңдайтын құрылғы болуы мүмкін.

«Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын» деген мақалға көзім әбден жетті.


Менің достарым

Менің жүз досым жоқ. Одан аз. Бірақ, олар адал дос.

Екі орынбасарым тұтқындалған соң апайым қасыма өзінің қызын жіберді. Немерелес сіңілім. Университетті енді ғана бітірген жас қыз. Аяқ астынан мен күтпеген батылдық әрі қайсар мінез танытты. Оның жастығы, қолдауы, достарының көмегі 2009-жылдың жазын өткеруіме көп септесті.

Жақын құрбым: «Біздікіне көшіп кел», – деді. Тату-тәтті отбасының ортасына барып үрей мен күдікті сепкім келмеді. Олар күнде кешке таман маған келіп, тамақ ішкізіп кететін. Бүкіл отбасын ертіп келіп, мені серуендеуге шығаратын. Кішкентай қыздары тәтті қылықтарымен күлдіретін, сондайда қиындығымды бір сәтке ұмытып кетуші ем.

Достарым келіп тұрды. Бәрі де тәулік бойғы бақылаудың бар екенін білді. Дәмханаларға апарып түстендіретін, көңілімді аулайтын. Батыл жандар ештеңеден үрікпейді. Солардың тең жартысы – түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер. Бірақ, олар «біз туралы не ойлайды» деп шошымады. Адалдықтары үшін алғысым шексіз.

Шын бақыттың дәмі қандай?

2009-жылдың жазын орталап қалған кез. Таңертең қызметтік көлікпен жұмысқа бара жатқанмын. Бағдаршамда кішігірім жүк көлігінің қасына кеп тоқтадық. Күн шығып, керемет боп тұрған. Жүк көлігінің жүргізушісі жас жігіт терезеден басын шығарып отыр. Бетіне қарадым. Бақытты жүзін көрдім. Осы жігіттің орнында болғым кеп кетті. Ескі жүк көлігін жүргізетін жас жігіт – мемлекеттік қызметтің ауыр жауапкершілігін сезінбейтін еркіндік. Бақыт деген – жанның тыныштығы.

Кешке таман сол жігіт туралы сіңліме айттым: «Ойында дым жоқ, бақытты боп отыр еді…». 2009-жылдың жазында сәт сайынғы мемлекеттік-құқық қорғаушылар қысымынан кейін мұндай алаңсыздықты көру ғажайып болып еді.

– Әркімнің өз өмірі бар, көңіл күйі жақсы болған шығар, – деді менің кішкентай ақылды сіңілім.

Тұтқындау, тергеу, тың тыңдаулардан кейін сондай бақытты адамды көру жарық күнді көргенмен тең еді. Алғаш Астанаға келгенде жасыл жапырақты жаздың ортасында бір-ақ байқағам. Сол секілді. Ол кезде күні-түні жұмыс істей беретінбіз. Көктем қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппын. Негізі алты ай қыстан соң табиғаттың дүр сілкініп, оянатын кезін тамашалауды жақсы көремін…

Уақыт қызық өтеді. Өмірдің әр кезеңінде әртүрлі құбылыстарды байқаймыз. Оларды әртүрлі бағалаймыз. Адам жаны бір құбылысты әр кезеңде әртүрлі қабылдайды…

Қыркүйек

.

2009

–жыл

Санақ бланктерін өңдеу өңірлерде үлкен өндірістік сканерлерде жүргізілді. Мен өңірлерді асықтырдым. Егер санақтың қорытындысын тезірек берсек, бұл орынбасарларымды босатуды жылдамдатады деп ойладым.

2009-жылы бірінші қыркүйекте Президент Парламент сессиясының ашылуында санақтың қорытындысын жариялады.

Бір аптадан соң мені Премьер-министр шақыртты.

– Президент айтты – саған уақытша елден кету керек.

– Мен кете алмаймын. Егер мен кетсем, бәрі мені кінәлі деп ойлап қалады. Мұны Президентке айта барыңызшы.

Ол айтып барамын деп уәде берді. Екі аптадан соң нығырлап қайталады: бір-бір жарым жылға кете тұруың керек, бәрі реттелген соң қайтып келесің.

– Кетпеймін десемші?

– Сені тұтқындауы мүмкін. Сонда мен сенің көзіңе қалай қараймын?

– Ал, сіз менің көзіме қарамаңыз.

Адам ойланбай сөйлегенде шындықты айтады. Ол зілсіз қалжыңға мұңая күлді. Не істерімді білмедім. Егер мен кетіп қалсам, кінәлі деп айтары сөзсіз. Адвокатқа келдім. Мен де сыбырлап сөйледім:

– Маған кетіп қал деп жатыр.

Адвокат менің кетуіме үзілді-кесілді қарсы болды. Маған преюдицияны түсіндіріп әлек – істі қарайтын барлық соттың міндеті бір, басқа іс бойынша сот үкімі күшіне енсе, фактілерді дәлелін тексермей қабылдайды, тіпті сол адамдар қатысып жатса да.

– Егер сіз кетіп қалсаңыз, орынбасарларыңызды соттайды, қылмыс жасалмады дегенді дәлелдей алмай қаламыз.

– Маған орынбасарларым сотталмайды деп уәде берді.

Қолын көкке көтеріп:

– Біз не істей аламыз? Егер бұл бірінші адамның пәрмені болса.

Кімге сенерімді білмеймін. Сондықтан Түркияға барып оншақты күндей күткім келді. Бәлкім, басшылық менің кетісім туралы шешімін өзгертер деген аңғал ойға бекідім.

Ең ірі деген туристік агенттіктерді араладым. Түркияға турлар ең арзаны. Бірақ, бәрі жабылып қапты. Ақырында сол жаққа ғана баратын чартер рейс табылды. Қайтатын рейс – тұрақты түрде. Екі жаққа да билет алдым. Басшылық мені қайтарып алар деген дәмем бар.

Кешке таман қызым екеуміз заттарымызды жинадық. Екеуміздің де орташа шабаданымыз бар. Ешбір күдік тудырмауымыз керек. Ішімде әлдене азынап тұрғандай. Ел басшыларының айтуымен кетіп бара жатырмын, бірақ тек ауызша пәрмен. Алайда, бәрібір жасырынып кетіп барам.

Сол пәрменді сол күйі түсінбедім. Мені елден қуып шығып, бар кінәні маған жаппақшы ма? Әлде мені қуып шығып, бәрін ұмыта сала ма? Басшылық шын мәнінде құқық қорғау органдары тексеріп, анығына көз жеткізеді дегенге сенгім келеді. Сосын мен елге тып-тыныш оралармын.

Қалсам ба? Кетсем бе? 2009-жылдың күзінде бұл сұрақтарға басымды көп қатырмадым. Мен Президентке қатты сендім. Егер ол пәрмен берсе, ендеше тексеріп, анықтайды.

Есесіне кейін көп ойландым. Тексерудің орнына бәрін соттай салды.

Егер мен кетпесем, істің насырға шабуына кедергі бола алар ма едім? Бірақ, қалсам, мені де соттап, бәрімізді лагерьлерге тоғытар еді. Бір ғана айырмашалық болды. Орынбасарларымның балалары аналарымен, олардың әйелдерімен қалды. Менің күйеуім жоқ, қызымның қасында қалатын әкесі болмады. Біз екеуміз ғана болдық. Отбасымыз кішкентай болғанмен, өте тату едік. Қызымның жасы ол кезде небәрі 14-те еді. Жасөспірім кезі.

Менің ата-анам Өскеменде тұрады.

Ала жаздай әкеме Астанаға келуге рұқсат етпедім. Оның да соңына тыңшыларды қояды деп қорықтым. Тура біз ұшып кететін түні әке-шешем туыстардың тойына келіпті. Аз уақытқа болса да кездестік. Бірақ, оларға ұзақ мерзімге кетіп барамыз деп айтпадым. Қоштастық. Демалып келуге рұқсат берді дедім. Екі аптадан соң ораламыз дедім.

Бұл сынақ бүкіл отбасыма ауыр тиді. Әселдің күйі қандай болғанын ол өзі айтып берсін.


Әсел: Өзгеріс

Жаңа оқу жылы басталып жатқан. Сегізінші сынып еді. Көңіл күйім күрт өзгере салатын боп кетті. Бұл жасөспірімдерге тән құбылыс шығар. Мектепке мүлде барғым келмейтін. Осы тілек дүниежүзі бойынша қаншама көп баланы біріктіретінін білсеңіз, таң қаласыз. Қоғамдағы механизм оқу құрылымын қызықты әрі жақсы жағына өзгертуге келгенде сондай жайбасар, сондай күрделі болатыны несі екен? Сабақты ойласам, фәни дүниенің күллі қайғысы мен мұңын арқалап жүргендей сезімде бола берем. Мектеп бағдарламасы маған түк қызық емес еді. Бұл жылы өтетін сабақтарды ойлағанда, уайым кешіп кететінмін. Маған ұнайтын бір ғана дүние – жаздық демалыста үйден оқыңдар деген әдеби кітаптар еді. Кітапты мектептегі оқусыз-ақ оқи алатынымды түсінетінмін. Сонда мектеп маған не үшін керек деп бас қатырам. Ала жаздай атам мен апамның үйіндегі демалыстан оралған соң күндіз-түні мектепке бармай қалсам екен деп тілек тілеп, дұға жасадым.

Қыркүйектің бас жағында бір күні анам жұмыстан оралды да, Түркияға демалуға кетеміз дегенде таң қалдым! Қуанышымда шек болмады! Сол сәтте өзімді ғаламды уысында ұстайтын әміршідей сезіндім. Оқу жылының басында кетіп қалу – тосын жайт. Әсіресе, оқу өте маңызды деп, себепсіз мектептен қалуға рұқсат бермейтін анам айтып тұрса, мұнда бір гәп бар. Анамның көңіл күйі де бір түрлі еді. Ол өте байсалды болды. Екі апта бұрын ең қажетті заттарды жинап, шабаданды қамдау бұйырылды. Ешкімге ештеңе айтпа деді. Мен айналама не болып жатқанын айтып үйреніп қалғанмын. Сондықтан үндемей кетіп қалу мен үшін ауыр сынақ болды. Бірақ, бұл құпия басқанікі ғой, айтпаймын деп уәде бергендіктен – оны орындау оңай. Енді өзгенің алдындағы парыз деген дүние оянды. Екі апта үнсіз жүрдім. Ешкімге қуанышымды да, алаңымды да айтпадым.

Біз түн ішінде жолға шықтық. Бұл маған ұнады. Аспанда қаптаған жұлдыз, әдемі. Бізді апарып салған достар көлігінің соңынан басқа көлік ерді. Ересектер мұны бірден байқады. Ауада беймазалық сезілді. Мен тек өзіме қатысты дүниелерге мән беріп, айналама мүлде бейжай болғаныма таң қаламын. Менің жаңалық оқымайтын әдетім бар. Соның да кесірі тиген болу керек. Анамның ісі туралы түк білмедім. Анам менен ештеңе жасырмауға тырысатын. Бірақ, істің барысын да айтып тәптіштемейтін. Мені мазасызданбасын деп, оның үстіне достарыма айтып, бөліспесін деп ештеңе айтпаған-ау. Анам сырт әлемнің жағымсыз жақтарынан мені барынша сақтауға тырысатын. Содан да болар ғарыштан түскен аңғал қыз болып қалғаным.

Бірде Астанада серуендеп жүргенде, жасым тоғызда болатын, дәу қара ит мысыққа тап беріп, арс еткенде, анам қолымен көзімді жаба қойды. Иттің мысықты талағанын көрмей қалдым. Санамда сол қорқынышты образ қалмады. Анам жылдамдатып мені жетектеп әкетіп бара жатқанда асфальттағы қан-жоса болған жүнді көрдім. Сол нәрсе жадыма жазылды. Біздің өміріміздегі көп жағдай солай өрбіді. Анамның ісіне қатысты мен де дым білмедім. Анам жанымда жүргенде қандай жағдай болып жатқанын онша түсінбеуші ем. Ол менің көзімді қолымен көлегейлеп жүрді. Бірақ, соңында салдарын сезіндім.

2

–бөлім.

Қуғын-сүргін

Түркия

Содан, міне, таңғы бесте Астананың халықаралық әуежайында, шекаралық паспорт бақылауында, шекарашы офицердің телефонмен әлдекіммен сөйлесіп болуын күтіп тұрмыз. Ұзақ күттік. Жарты сағаттай өтті. Шамасы, оларға құқық қорғау органдарының басшыларын оятуға тура келді ғой деймін. Мені өткізді.

Ұшақ әуеге көтерілді. Арқадан ауыр жүк түскендей. Тыныстау жеңілдей салды. Төрт айлық тозақтан аулаққа ұшып кеттім.

Бірақ, ол кезде бұл тек бастамасы екенін білмедім…

Алғашқы күндері дым бітірмей ертеден кешке дейін құмда жата беретінмін. Бойыма жиналып қалған мазасыздық құмға сіңіп жатқандай.

Қызым теңізден гөрі бассейнді жақсы көретін. Сондықтан оқулықтарын алып шезлонгте жататын. Шомылу киіміндегі қызымның оқулық ұстағанын көрген туристер жаны ашып жымиятын. Тура мектептегідей оқы деуші ем. Тек өз бетіңмен ізденесің.

Ұялы телефон әрқашан жанымда болатын. Маған қоңырау шалып, кері қайт дейтіндей.

Түркиядағы соңғы туристік маусым – қазанда. Кішкентай бала көп. Билеп жүрген бөбектерге қарасам, жылағым келеді. Біржанның қызы мамырда дүниеге келді, ал оны маусымда түрмеге отырғызды. Көз жасым өз-өзінен төгіле берді…

Бір аптадан соң ешкім қоңырау шалмайтынын түсіндім. Мәскеудегі достарыма хабарластым. Ештеңе түсіндірместен Мәскеуге белгісіз мерзімге келуге мәжбүр екенімді айттым. Тұратын жер керек деп сұрадым. Бағымызға орай, достарымның қаланың шыға берісінде пәтері бос боп шықты. Бірнеше апта сонда аялдай тұруға тура келді.

Туроператорға билетті Мәскеуге ауыстырып беруді өтіндім.

Әсел: Түркиядағы күн шуақ пен оқулықтар

Астанадан Түркияға қалай жеткенім есімде жоқ. Бірақ, Түркияда уақытты қалай өткізгенім есімде. Мен өте бақытты болдым. Күн жылы, су, қонақүйдің жанында шоколад қосылған тәтті құймақтар жасайтын. Қонақүйге жапсарлас салынған демалыс орындары, өрілген кресло, гамак, пальма. Бәрі әдемі. Тек оқулық онша емес. Анам мені мектеп бағдарламасынан қап кетпесін деп әдейілеп сатып алған. Мектеп деген бәле ізімнен қалмай қудалап жүргендей. Анам соның бәрін ақ ниетпен жасаса да, мен үшін оқулық деген таза тозақ еді. Химия мен физиканың заңдылықтарын жаттау, геометрияның теоремаларын білу, алгебраның есептерін шешу, орыс тілінің грамматикасын жаттау, түрлі афоризм мен эпитеттерді келтіруден миым атала болатын. Күн астында миым ашып жүретінмін. Мектептің елесі мәңгілік екенін түсіндім. Мектептің оқулығын мектептен тыс жерде оқу тіпті сұмдық. Мектепте тым құрымағанда жақсы мұғалімдер кездеседі. Оқулықтағы иероглифтерді түсіндіріп беруші еді.

Түркиядағы уақыт зымырып өтті. Тек сабақ оқыған сәттер болмаса. Сосын біз Мәскеуге ұштық. Міне, саған, рахат өмір! Мәскеуде анаммен бірнеше рет болғанмын. Көбіне ары-бері өтіп жүріп, тоқтайтынбыз. Мен үшін Мәскеу әдемі, жақсы, көркем қала болған еді. Жоспардың аяқ астынан өзгере бергеніне қуансам да, аздап үрейлендім. Неге үйге қайтпай жатқанымызды түсінбедім. Мәскеуде қала тұрамыз дегеннен тіпті қорықтым. Ары-бері өту бір бөлек, ал тұрақтап қалу бір бөлек. Адамы көп, үздіксіз қозғалысы бір толастамайтын үлкен қалада өмір сүру қандай? Өте күрделі. Әсіресе, кең даладай, тып-тыныш Астанадан кейін қиындау. Астанада бәрі түсінікті, бәрі қарапайым.


Қуғын-сүргін

Мәскеудегі екінші күн. Таң. Қоңырау шалынды. Сережа мен Оля келіпті. Кіруге уақыт жоқ, төменге түсші дейді. Жылы ақ курткамды киіп, сыртқа шықтым. Екеуі де сұр-қара киімде. Мәскеуде қыс түссе, елдің бәрі қара түсті киімдер киеді. Үнемі. Мәскеудің экологиясы нашар. Қыста оған мұз қатырмайтын зат қосылады. Бұл көшелерге тонналап себетін тұз кристалдары. Қармен араласып, соған сіңеді де, жолдың бәрі қара қошқыл лай боп жатады. Жусаң, әрең кетеді. Аяқкиімдегі, көліктегі, ағаштағы, ғимараттағы, әрине, киімдегі дақтарын кетіру өте қиын. Суық жел соғып тұр. Достарым суықтан дірдектеп тұр. Түрлері де мәскеуліктерге тән сұп-сұр. Ал, мен күнге күйіп келгем. Бір-бірімізді көріп күлеміз. Қайсымыздың басымызға күн туғаны белгісіз. Мені құшақтап, қолыма конверт ұстатты. «Шамамыз келгенше. Мықты болыңдар».

Мемлекеттік қызмет бар уақытыңды сарп етеді. Астанада қызыма түк қарамаған екенмін. Есесіне енді қызыма күнде таңғы ас, түстік, кешкі асты қалауы бойынша пісірем. Бірге серуендеп, театрға баруға қол тиді. Бірге жапондық аниме көріп, асүйде әңгімелесетін болдық. Менің мәжбүрлі айдауда жүргенімнің бір жақсылығы сол еді. Біз баланы тәрбиелейміз дейміз, олар да бізге көп нәрсені үйретеді.

Күн сайын ғаламтордан қазақстандық жаңалықтарды қараймын. «Статистер ісінің» аяқталуын күтемін. Күн сайын бүгін біздің қуғында жүргеніміз аяқталар деген үмітпен оянатынмын. Бір күні қарашада менің үстімнен ашылған қылмыстық іс пен Интерпол арқылы іздеу салған жаңалықты оқыдым.

Енді амал жоқ Мәскеуде қалатындықтан, қанша уақытқа тұрақтайтынымды білмегендіктен, қалай өмір сүрем деп ойландым. Білетін, бұрынғы әріптестермен кездесе бастадым. Жұмыс керек. Бәрі жағдайды түсінді. Менің резюмеммен жұмыс табу оңай. Министрлікте, ірі компанияларға баруыма болады. Бірақ, іздеуде екенімді білген соң бірден бас тартады. «Бұл алдымен өзіңіз үшін қауіпті», – дейді.

Ресми түрде жұмыс табылмады. Ағылшыннан орыс тіліне аударма жасадым. Экономикалық сараптамалар жасадым. Достарым көп көмектесті. Қызымды мектепке жіберіп, аптасына екі рет Юля мен Филға қонаққа барам. Жолға екі сағат шығындаймын. Мәскеу үлкен қала, кейде жолға жарты күнің кетеді. Сондықтан жолда көбісі кітап оқиды, не телефон шұқылайды. Келгенше шаршап қалам. Фил Ресей азаматтығын алмаған, сондықтан үйден онлайн жұмыс істейтін. Соның кесірінен белі ауырып, үшеуміз солардың бір бөлмелі пәтерінде цигун жаттығуларын орындауға көштік. Күлкілі әрі көңілді еді. Олардың кішкентай қызы Соня «отырып жасайтын жаттығу» кезінде біресе әкесінің, біресе шешесінің арқасына мініп алатын. Мен оларға жарты жыл бойы барып жүрдім. Сосын олар Англияға көшті.

Күтумен кешкен ғұмыр. Күту ұзаққа созылды. Күндер, айлар, жылдар. Ғажайыпты күттім. Қазақстанның құқық қорғау органдары бәрін анықтар деген ғажайыпты. Соны жариялаған күні қызым екеуміз елге кетеміз деп күтуші ем.

Әсел: Бірінші сұмдық

Менің аз өмірімде өлгім келген екі жағдай болды. Мәскеудегі алғашқы екі ай – сондай ауыр кезең болды. Мектепке барғым келмейді деген жетінші сыныптан басталған қиғылығым сол күзде әншейін ойыншық боп қалды.

Қорқынышты түс көргенде денеңді зіл-батпан басып, бастырылып қала беретін, тұйық кеңістікте қап кететін сәттер болады ғой. Мәскеудегі алғашқы екі ай сондай ауыр болып өтті. Сол қорқынышты түстерді еске алатын адам түсінер. Әрине, көп адам бұдан да ауыр қиындықты бастан кешеді. Бірақ, менің өмірлік тәжірибемде сол күндер – ең ауыр күндер болған екен. Әзірге, мен көрген ең ауыр қиындық тек сол күндер болғанына шүкір.

Біз аядай пәтерге қоныстандық. Хрущевка болғандықтан асүйі тіпті тар. Екі адам зорға сияды. Залда созылатын диван. Диванды жазғанда төрде тұрған жазу үстеліне бір адам әрең өтетін. Себебі, қарсы қабарғада шифоньер тұратын.

Көшеге көп шығуға рұқсат жоқ еді. Анама іздеу салған. Орталыққа бармайтынбыз. Мен үшін ең күшті демалыс іргелес жатқан Макдональдсқа бару еді. Бағыма қарай, өзімнің үлкен Asus ноутбугымды ала шыққанмын. Интернетке шыға алатынбыз. Анам жаңалық аңдитын. Мен әлеуметтік желіде отыратынмын. Шын мәнінде анам онда отыруға тыйым салатын. Неге тыйым салатыны түсінікті. Менің ВК-дағы парақшам арқылы, сонда хат жазысқан достарым арқылы бізді тауып алуы мүмкін еді. Бірақ, мен ол кезде шын қауіпті түсінбеппін. Анам асүйде, не ұйықтап жатқанда ВК-ға кіріп тұратынмын.

Көп уақытым сабаққа кететін. Қазақша оқулықтарды өртеп тастағым келді. Анам бір тараудан соң екіншісін оқуға көмектесетін. Тар пәтердің тымырсық ауасында миым бұрынғыдан да нашар істейтін. Оқудың еш пайдасын көрмедім. Оқуға деген ниеттің болмауы, мені тоқырата берді. Терезенің сыртында сұп-сұр әлем. Түк білмеген кездерімде анам ашуланатын. Анамның ашуынан қатты қорқатынмын. Әдетте мейірімді болатын анаңның ашуынан жаман ештеңе жоқ. Мен өксіп-өксіп жылайтынмын.

Оқулықтарды үнемі жауын жауып тұратын аулаға терезеден лақтырып жібермегеніме таң қалам. Анамнан қатты қорыққанмын ғой. Бір айдан кейін көзімнің жасын бұлап, анама мені мектепке беруін өтіндім. Сынақ деген осы екен. Өз еркіммен сұрандым! Мені мектепке берші дедім! Ха! Нағыз тағдыр тәлкегі. Біздің достарымыз мені мектепке орналастырып берді. Біраз уақыттан соң мектептің жанында екі бөлмелі, терезесі үлкен пәтерге көштік. Мектептен үйге дейін бес минуттық жер. Таза ауа жұтқандай болдық. Әрине, жаңа пәтер Астанамыздағы өзіміздің пәтерімізбен салыстыруға еш келмейтін. Біздің үйді анам өз қолымен үйлестіріп толтырған. Әр елден әкелген әдемі кәдесыйларымызбен безендіретінбіз. Біздің бүкіл дүниеміз, менің ойыншық пен компакт-дискілерім толып тұратын жарқын бөлмем. Соның бәрі жоққа тән. Екі ай тозақтан соң жаңа өмір сонша қорқынышты еместей көрінді.

Таяу және қиыр шетелдегі достар

Мәсеуге келген алғашқы аптада ата-анаммен сөйлеспедік. Бірақ, олар бізді уайымдап отыр деген ой маза бермеді. Олар күн сайын қоңырау шалатынын білдім. Бәрі жақсы болады деп шамам жеткенше түсіндіруге тырысып, жуырда Қазақстанға ораламыз деп сендіріп, телефон ауыстыруыма тура келді. Төрт жыл бойы қызының қайда жүргенінен бейхабар болу, қызы мен жиенінің қуғын көруінің азабын тек бастан кешкен адам ғана түсінеді деп ойлаймын.

Кейін Алматы маңындағы лагерьге түскенімде, ата-анам келіп кетіп жүргенде, қаншалықты қиналғандарын айтып берді. Өскемендегі үйлеріне тергеушілер келіп, менің қайда жүргенімді сұраған. Менің қайсар анам олардың өзіне тарпа бас салып, қызы мен жиенін тауып беріңдер деген. Барша туыстары, достары, әріптестері ата-анама қолдау білдірген. Бейтаныс жандар әртүрлі мінез көрсеткен – біреу аяушылық білдіреді, біреу білдірмейді дегендей… Таң қалған, аяушылық білдірген, қорыққан, сұғанақ көзқарастарды екі орынбасарымды отырғызған кезде төрт ай бойы сезінгенмін. Ал, ата-анам біздің қуғында жүрген төрт жылда соған төзген.

Маған іздеу салған алғашқы ай мен күндерде сыртқа шығуға қорқатынмын. Астанадағы төрт ай бойы тыңшылар мен бақылаудан кейін айналамның бәрі мені аңдып жүргендей көрінетін. Мені қаншалықты індетіп іздеп жатқанын білмедім. Жағдайдың түсініксіздігі үрейді үдете береді екен.

2010-жылы бізді еуропалық достарым іздеп келді. Театрға бардық. Ұзақ уақыттан бері ел алдына шығуым сол болды. Бәрі жақсы өтті. Қызым бірінші рет опера көрді. Мен үшін бірнеше сағат еркіндік болды. Екінші күні тарихи орындарды араладық. Үшінші күні костелға (поляктың католик храмы) барып, классикалық музыка тыңдап қайттық. Жаңа жыл қарсаңы еді. Рождество. Дінімізге қарамастан бізге де сыйлық бұйырды.

Менің телефонымды Қазақстанда бір ғана жақын досым білді. Оған нөмірді бір ғана мақсатпен бердім – мені естеріне түсіріп, іздесе, қандай да бір шара қолдануым керек боп жатса, хабарлас деп. Біздің көшіп келгенімізден соң екі жылдан кейін, 2011-жылы ол маған қонақүйдің телефонынан хабарласты. Мен барлаушы сияқты бірден: «Қандай телефоннан хабарласып тұрсың?» – дедім.

– Қонақүйден.

– Қандай қонақүйден?

– Елшіліктегі…

Мен бірден тұтқаны қоя салдым. Қазақстанның Мәскеудегі елшілігіндегі қонақүйден хабарласу – Астанадағы Үкімет үйінен хабарласқанмен пара пар.

Ол сырттан қайта хабарласты. Жаңалық жоқ. Кездескім келмеді. Оның ізін аңдыған тыңшылар бар болар деп қорықтым.

2012-жылдың жазында ол тағы да Мәскеуден өтіп бара жатып хабарласты. Кездесейік деп қоймады. Кездесуіміз детективке айналды. Кешкі 20.30-да саябақтардың біріндегі үлкен монумент жанында жолықпақ болдық. Монумент барлық жағынан бірдей көрінгенмен, шын мәнінде әртүрлі боп шықты. Бір-бірімізді іздеп жарты сағаттай жүрдік… Бір-бірімізді тапқанда, күн батып бара жатты… Оның жарты сағаты ғана қалды. Отыз минутта не сөйлесуге болады? Ол біздің қалай өмір сүріп жатқанымызды сұрады. Елде не жаңалық, не өзгеріс деп мен сұрадым.

Қазақстаннан тағы бірнеше достарым хабарласуға тырысты. Бірақ, мен өзімді де, оларды да орға итермелегім келмеді.

2010-жылдың маусымы. Интернетті аштым. Соттың үкімі – Біржанға бес жыл. Санақ бойынша орынбасарым – Нұрланға алты жыл кесіпті. Алғашқы ойым – дереу Астанаға ұшу. Бәрін реттейміз, анықтаймыз деп еді ғой…

Достарым: «Сен барғанмен түк шешілмейді», – деді. Барсам, солармен бірге бірден отырғызады. Қал деп көндірді.

Тағы да күту. Орынбасарларымды кінәсіз отырғызғандар – менің кінәсіз екеніме сенетіндей аңғалдық.

«Әмірлік»

2012-жылдың сәуірі. Интернетте мен туралы жаңалық. Не деген бассыздық – мені Араб Әмірліктерінен тауыпты!

Араб Әмірліктерінде өмірімде бір рет қана болдым, онда да транзитпен өтіп бара жатып. 2005-жылы.

Неге дәл Араб Әмірліктері? Елдің бәрі Араб Әмірліктерін әдемі, сәнді өмір деп қабылдайтын шығар?

Қазақстанда жемқорлықпен күрес жарияланған. Барлық телеарналардан тұтқындаулар көрсетіліп жатыр.

Егер мемлекет мақсатты түрде бір шараны өткізіп жатса, параллельді түрде бүкіл БАҚ соны насихаттайды. Бұл – барлық елдің тәжірибесінде бар жағдай.

Біздің жағдайда – алдымен ақпарат таратты. Сосын соған сай жағдай тудырды. Жаңалықтарда бізді қылмыскер деп атады. Жемқорлықпен күрес үгіт-насихаты менің үстімнен қозғалған істі тығырыққа тіреді: айыпталды, енді соттау керек.

Алдымен Қаржы полициясы Статистика агенттігі төрайымының Санақ бойынша орынбасарын «санақ қаржысын жымқырды» деп тұтқындады. Бұл – 2009-жылдың маусымында болған жағдай. Ол кезде істі әлі тексеріп болмаған еді. Бірақ, жариялап қойды! Яғни, Қаржы полициясы «жымқырды» деген желеумен істі аяғына жеткізуі тиіс!

Сосын бірінші орынбасарды тұтқындады. Тағы да БАҚ-та негатив ақпарат таратты.

Соның салдарынан санақ нәтижесі мен жалпы статистикаға сенімсіздік тудырды. Ел санақтың қорытындысына күмәнмен қарай бастады. Санаққа әрбірі қатысты, санақ бланкісін барлығы толтырса да солай болды.

Қазақстан журналистері маған дұрыс қарайтын. Мен ел алдында жүргенді ұнатпаймын. Алайда, санаққа дайындық кезінде, санақ өткеннен кейін теледидар мен газетке көп сұқбат бердім. Содан соң санақтан тыс тақырыптарға да сұқбат сұрайтын болды.

Жедел ақпарат – журналистің наны. Құқық қорғау органдары ресми хабарлап жатса, олар не істемек? Оның үстіне Парламентте мені Араб Әмірліктерінде деп айтса, сол себепті Қазақстан Әмірліктермен қылмыскер алмасу бойынша келісімді талқылап жатыр десе, сол ақпаратты жапа-тармағай жарияламағанда, олар қайтпек?

Өмір – сынақ

Подняться наверх