Читать книгу ХХ ғасыр басындағы әдебиет. Электронды оқу құралы - Ө. Әбдиманұлы - Страница 2
ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ
ОглавлениеӘдеби ағым-бағыттар. Әдебиеттегі ағым – бағыттың айырмашылығын анықтау белгілі бір кезең әдебиетінің мәнін ашуда аса маңызды. Көркем шығармаларда қолданылатын шығармашылық әдіс-тәсілдермен тығыз байланысып жатқан осы бір мәселеге қатысты ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде қандай ағымдар мен бағыттар болғанына, оны сол тұстағы және кейінгі әдеби ой-пікір қалай танып білгеніне назар аудармасқа болмайды. Себебі ол белгілі дәуірдегі ақын-жазушылардың ізденістерін, көркемдік биіктерге жетуге деген ұмтылысын айқындайтын нақты құбылыс болып табылады.
Академик З.Қабдолов “Сөз өнері” монографиясында әдеби ағымды әдеби стильмен салыстыра келе, ағым әр жазушының әдеби бағыты екендігін атап өтеді. Сондықтан да біз ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиет өкілдерін идеялық ұстанымы, өмірдің өзекті мәселесін көркемдік шындық арқылы көрсете білуі, қоғамдық-әлеуметтік көзқарасы тұрғысынан үш бағытқа бөлдік. Осы “бағыт” ұғымы олардың ерекшелігін дәл айқындайтын секілді. Себебі ХХ ғасыр бас кезінде қазақ жазушыларында әдеби мектеп (литературная школа) қалыптаса қойған жоқ. Ал әдеби топтардың (литературная группа) болғаны анық. Олар көбіне идеялық көзқарас тұрғысынан бірігіп, нақты бағыт ұстанды.
Әрине, біз бөлген бұл әдеби бағыттардың арасын кесіп-пішіп, бөлшектеп тастауға әсте болмайды. Жалпы бір дәуірде өмір сүріп, белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік жағдайды басынан өткеріп отырған ақын-жазушылар шығармашылығында ұқсастық басым келеді. Бірақ сол қоғамды танып-білуде, оған өзгеріс әкелуге деген ұмтылыстарында, осыларды арқау еткен шығармаларында көздеген ой-идеясын жеткізудегі, тақырыпты ашудағы өзіндік бағыты айқын. Белгілі бір бағыттың эстетикалық танымы ерекшеленіп-ақ тұрады. Әдебиет теориясының білгірі академик З.Ахметовтың пікіріне сүйенсек, “бағыт”, ең алдымен тақырып таңдау, белгілі жанрлық түрлерді қолдану, адам бейнесін суреттеуден айқын танылады. Біздіңше, бұл – бағыт табиғатын тануға берілген нақты баға.
Көркем шығармалардың ХХ ғасырдың басында көптеп басылуы, Қазан, Ташкент, Уфа, Петербург қалаларында әдеби мұра үлгілерінің жариялануы және қазақ тілінде саяси-әдеби газет журналдардың шыға бастауы, мерзімді баспасөздің өркендеуі қазақ әдебиетінің өркен жаюына, сондай-ақ түрлі әдеби топтардың пайда болуына сол арқылы әртүрлі әдеби бағыттардың қалыптасуы мен айқындалуына алып келді.
ХХ ғасыр қазақ даласына да жаңа дәуірдің жаршысы болып келді. Абай дәстүрін дамытып, жалғастырған ізбасар ақындар Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжандар тарих сахнасына шықты. Осы кездегі Ресейдегі саяси-әлеуметтік өзгерістердің қазақ жеріне жаңғырып жетуі қоғамдық-әлеуметтік ойдың өрісін кеңейтті. Жоғарыдағы ақын-жазушылар бастаған қазақ ақын-жазушылары ұлттық сана-сезімді оятар бағыт-бағдар іздеді. Оны әрқайсысы өзінше тапты, өз пікірлестерін бір бағытқа түзеді.
ХХ ғасырдың басы – қазақ халқының тарихында ұлы өзгерістер мен үлкен асулар кезеңі, яғни, айбынды да айлалы саяси күрес, ащы ыза мен кекке толы көтерілістер дәуірі болды. Дәл осы тұста қазақ арасында оқу-ағарту жұмыстары өркен жайып, қазақ зиялылары алдыңғы қатарға шыға бастады. Қазақ тілінде кітап бастыру, газет-журнал шығару жолға қойылды. Халықтың сана-сезімі оянып, руханияттың басты қайнар көзіне айналды.
Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері аршылғалы ХХ ғасыр басындағы әдеби ағым-бағыттар айқындалып, сол ағым-бағыттардың көшбасшысы болған ақын-жазушылардың шығармашылықтары кең түрде зерттеліне бастады.
Абай негізін қалаған жазба әдебиеттің ең бір шырқау биікке көтерілген тұсы – ХХ ғасырдың бас кезі. Бұл тұста қазақ әдебиетіне бірі кеш, бірі ерте қос арнадан нәр алған, батыс пен шығысты тел емген, Абай туын биікке көтерген Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды әдебиет алыптары келді. Бірінің қанатын кеңге жайып, алыс-жақынды биіктен шала бастаған, екіншілерінің әдебиет биігіне енді қанат қаға бастаған тұсы – осы. Оларды біріктіретін де, ерекшелендіретін де бір ғана ұлы күш – ұлтын ояту атты ұлы арман. Осы асқаралы мақсатқа жету жолындағы сан тарау соқпақты әрқайсысы өз ой-өрісі межесінен таңдады, таңдағанын нақты сара жол деп таныды.
Жалпы, ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиетке тән басты ерекшелік – ұлт қамы қай бағыт ақын-жазушысының шығармашылығы болмасын ортақ тақырып ретінде көрініс табуы. Олар өз ұлтының өзге өркениетті елдердің қатарынан көрінуін аңсап, ел тілегінен шығып, әдебиеттің ұлттық рухын шырқау биікке көтерді. Қазақ халқының алдында тұрған асқарлы мақсаттарды әрқайсысы әлқадырынша, ой-өрісінің жеткен қырынан тани отырып, негізгі мәселе ретінде қоя білді.
Осы ірі тұлғалардың шығармашылығы арқылы жазба әдебиетіміз өркендеп, сан-салалы тақырыптарды қамтып тарамдала түсті. Қалыптасқан әлеуметтік-қоғамдық жағдайлар жазба әдебиетті бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріп, оның ой-сана оянуының басты құралына айналуына ықпал етті.
Ұлт зиялыларының отаршылдыққа қарсы күресте елдің басын біріктіріп, саяси-күреске ояту іс-әрекетіндегі көздеген мақсаттары әдебиетте айқын көрініс тауып отырды. Жалпы ХХ ғасыр басындағы әдебиетке тән тағы бір ерекшелік – әлеуметтік-саяси мәселелерді көп көтергендігі. Отаршылдық талқысы езіп-жаншып, жері талан-таражға түскен, халқының тоз-тозы шыққан, бірліктен кетіп, берекесінен айрылған елінің қара түнектегі жағдайы қай бағыт ақын-жазушыларының шығармашылығында болмасын ортақ тақырып ретінде көрініс тапты.
Міне, осы тұрғыдан алғанда, ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің басты белгісі – ең алдымен азаттыққа ұмтылу, соған “ояту” әдебиеті болғандығында деп тануымыз керек.
Бірақ “оятудың” жолын әрбір өнер иесі өз көзқарасы арқылы айқындады. Мәселен, бірі (ағартушы-демократтар) оны тек ағартушылықта, әлеуметтік теңсіздікті жоюда, екіншісі (ұлт-азатшылдар) ұлт болып азаттыққа, теңдікке, бостандыққа ұмтылуда, соған қол жеткізуде деп білсе, үшіншілері (діни-ағартушылар) адамгершілік тәрбиесінің негізі діни-рухани бостандыққа насихаттауда деп ұқты.
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі басты тақырыптар. Ең алдымен, мұсылмандық идеясын көтерген діни тақырып үлкен орын алды. Оның басты себебі – ХХ ғасырдағы Ресейдің отарлау саясаты крестьяндарды қазақ жеріне молынан қоныстандыру, сол арқылы билеп-төстеудің қуатын арттыру, рухани тонау, шоқындыру шараларын жандандыра жүргізумен сабақтастырыла іске асырылды.
Міне, осындай белгілі бағыттағы іс-әрекеттер күшейе түскенде, Ресейдегі өзге мұсылман жұртындағыдай қазақ даласында да “мұсылмандық қозғалысы” өріс алды. Бұл, әсіресе, діни-ағартушы бағыттағы ақын-жазушылар шығармашылығына ерекше әсер етті. Олардың осы тұстағы өлеңдерінде ой еркіндігі өзгеше тыныс ашқандай. Замана туралы толғаныстар діни ағымдағы өзекті оймен өріліп отырады.
Діни-ағартушылардың адамдық жақсы қасиеттерді қалыптастыруды тікелей дінмен байланыстыру өзге бағыттардан көзқарас алшақтығының нақты белгісі. Сондай-ақ, жастарды оқу-білімге шақыра отырып, жақсы мен жаманның, білімді мен білімсіздің парқын айырып, ізгі қасиеттерді тікелей діни ұғым-таныммен байланыстыра жырлауға ден қояды.
“Халықты ояту” идеясын діни бағыттағы ақын-жазушылар адамгершілікпен, имандылықпен, діни іліммен астастыра отырып, Абай салған сыншыл реализм жолына түсіп, ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиетте өзіндік деңгейде із қалдырды. Олар тек діни уағыз аясында қалып қоймай, қоғамдық өмірдегі, тұрмыс-тіршіліктегі келеңсіз жайларды сынай да білді. Діни имандылық, ізгілік идеялары тұрғысынан өз тұсындағы әлеуметтік теңсіздік көріністерін шама-шарқынша көрсетіп отырды.
Қазақ халқын, әсіресе жастарды оқу-білімге, өнер-ғылымға шақыру ХХ ғасырдың басындағы барлық бағытқа тән десек те, бұл саладағы ағартушы-демократтардың еңбегін ерекше айтуымыз керек.
Қазақ жастарының ел арасындағы арзымас іспен күні өтіп, “екі ауылдың арасында тентіреп жүргені” жандарына қатты батқан ақын-жазушылар, ағартушылық ұранды барынша көтерді.
Ағартушы-демократтар ұлтының орыс отаршылдарының езгісінде тапталып жатуының себебін, ең алдымен, білім-ғылым жоқтығынан деп білді. Сондықтан Абай өсиет еткен “Мақсатым тіл ұзартып, өнер шашпақты” берік ұстанды. Ал, өнер-білімге, оқуға үндеу ХХ ғасыр басындағы әдебиеттегі өрлеу мен ізденістің нәтижесінде дүниеге келіп, бар жанрға басты тақырып ретінде желі болып тартылды. Мәселен сол тұста кең етек жая бастаған проза жанрындағы “Жас ғұмырым яки жастық ғафлаты” (1907), “Садық әпенді” (1911), “Оқуға махаббат” (1914) т.б. ұсақ әңгімелерден “Қыз көрелік” (1912) тәрізді ұзақ әңгімелерге дейін осы надандық кесір-кесепатын ашып, оқу мен ғылымға үндеді. Кейде негізгі тақырып басқа болса да, білімді мен білімсізді салыстыра көрсету дәстүрі басым болды. Қазақтың алғашқы драмалық шығармаларының бірі “Надандық құрбанының” негізгі тақырыбы әйел теңсіздігі болса да, көбіне надандықты, білімсіздікті көрсету, оған сауаттылықты қарсы қою идеясы өзек етілген.
ХХ ғасырдың басында әйел теңдігі мәселесі қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздіктің нақты көрінісі ретінде көзге айқын шалынады. Оны шешу бір қадам болса да алға басқандық болып табылар еді. Сондықтан да ағартушы-демократтар бұл мәселені өз шығармашылықтарының алтын арқауы етті.
ХІХ ғасырда дана Абайдың жас сұлуы жартастан терең суға құлап мерт болса, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт кейіпкерлері де әйел теңсіздігін тудырып отырған ескілікті салт-сананың тегеурініне шыдай алмай, кейде қарсыласып, кейде бұйығы күйде өмірден өтеді. Сұлтанмахмұт тұрпайы салттың қасіретіне душар болған қазақ қызының жігерсіздігіне қынжылады. Әділетсіздікке жаны қас ақын қазақ қыздарын өз бақыты мен еркіндігі үшін күресуге шақырады. Мұратқа тек күрес арқылы жетуге болатындығына сендіруге тырысады.
Сұлтанмахмұт алға тартқан ой арнасы ағартушы-демократ ақын-жазушылардың бәріне тән десек, артық айтқандық емес. Бұл көзқарас тіптен сол кездегі барлық ақын-жазушыларға ортақ. Ағартушы-демократтар да, ұлт-азатшылдар да, діни-ағартушы бағыттағылар да ұлтымыздың ертеңі анаға байланысты екенін терең ұғынып, қыздарды шалға сату ұрпақ өркениетіне кесір екенін көрсетуге әрқайсы шама-шарқынша, өз ұғым-таным биігінен келді. Тәрбиелі, оқыған анадан өнегелі ұрпақтың өнетінін, надан, сауатсыз анадан тәрбиесіз ұрпақ туатынын санаткерлеріміз ұдайы тілге тиек етіп отырды.
Сонымен, ХХ ғасырдың басында әйел теңдігі кезек күттірмей, тез шешуді қажет ететін басты мәселеге айналды. Бұл сияқты үлкен тақырыпты дәуір тілегіне лайық суреттеу жолында шағын өлең формасы тарлық жасай бастады. Өмірдің, әдебиеттің алдында тұрған түбегейлі проблемаларды замана талабына сай бейнелеу үшін кесек те күрделі шығармалар жасау қажеттігі туды. Міне осы қажеттілік Мұхаметжанның “Гүлкашимасын”, Міржақыптың “Бақытсыз Жамалын”, Шәкәрімнің “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман-Мамырын” туғызды.
ХІХ ғасырда Абай қазақ қыздарының аяулы бейнесін өзінің лирикалық шығармаларында жасаса, ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қызы көркем шығарманың белсенді кейіпкері ретінде көрініп, заман сырын танытуда, жұртшылықты әділеттілікке, адамгершілікке шақыруда үлкен қызмет атқарды.
ХХ ғасыр басындағы әдебиет және Абай дәстүрі. Қазақ ақын-жазушыларының бүкіл шығармашылығы Абай атты ұлы арнадан бастау алады. Сондықтан ХХ ғасыр басындағы әдебиетті сөз еткенде, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды ұлы тұлғалар поэзиядағы Абай салған дәстүрдің сан қырын ашып, жаңашылдықпен жалғастырғанын атап өту ләзім. Онсыз сол кездегі поэзияның даму барысын, көтерілген биігін аша алмаймыз.
Абай дәстүрін жалғастырушылар ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды біртуар дарындар еді. Бұлардың бәрі өз кезегінде Абай ұлылығын тануға ұмтылып, ақындығын бағалауға тырысқан болатын. Осы орайда Абай ақындығын бағалаудағы олардың ұлы ақынға берген атаулары да әрі қызық, әрі ой саларлық. Ең жақын шәкірті Шәкәрім “Ұлы ұстаз” тұтса, Ахмет “Қазақтың бас ақыны” деп біледі, Мағжан үшін “Ақындар хакімі” болса, Сұлтанмахмұт “Ақындар пайғамбары” көреді.
Абай ұлылығын тани біліп, ақындығына табынған осынау “оқушылар” ұлы ақын дәстүрінің әр қырын, әр бағытын өз шығармашылық мүмкіндігіне, ұстанған мақсатына орай дамытып, жаңғыртып әкетті.
Шәкәрім Абайдың қоғам туралы толғамын, адам болмысын танудағы ізденісін, адамның адам болып қалу жолындағы имандылықты, ар-ұяты, адамгершілікті уағыздау өнегесін, білім мен өнер шашпақ үлгісін, теңіздей терең ойшылдығын ұлы ұстаз дәстүрін сақтай отырып, жаңаша жаңғыртып, жасампаздықпен дамытты.
Ахмет бас ақынға қоғамның ең көкейкесті мәселелерін қозғаған ой-толғаныс, отарлық уысындағы ұлттың қамын ойлаған тұстан үндесіп, азаматтық ұстанымнан туындаған азаттық сарынды алға тартуымен жаңаша жол тапты.
Міржақып өлең өнерінің Абай таныған құдіретін мойындау арқылы оны ұлттың санасын азаттық күреске оятудың күшті құралы деп біліп, өз поэзиясына азатшылдықты арқау етуі негізінде Абаймен іштей үндесіп, өлең өлкесіне өзіндік өршіл рух септі.
Мағжан “ақынның ақыны” ретінде “Хакім Абайдың” сыр мен сезімге толы көңіл күй лирикасын, адамның ішкі болмысына терең бойлаған сыршылдығын, жан тебіренткен сезімнің терең иірімдерін жүрекке дөп жеткізер сезімшілдігін, жансызға жан бітірер суреткерлігін шебер игеріп, оны “европалық әшекеймен” үлбіретіп, өзіндік үлгі тауып, өзгеше өріспен ұштастырды.
Сұлтанмахмұт әлеуметтік өмірдегі теңсіздік көрінісін шыншылдықпен суреттей біліп, қоғамдық қайшылықтың негізін “көкірек көзімен” көріп, нақты танып-біліп, ащы шындықты ақындар пайғамбары санаған Абайша айта алып, шыншылдық пен сыршылдықтың өрісін кеңейтті.
Қарап отырсақ, ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушылар Абай ақындығынан үлгі өнеге ала отырып, ұлы тұлғаның сан қырлы, мол сырлы поэзиясының жандарына жақын, рухына үйлес, өз ой-пікірімен үндес келер тұсын үйіріп әкетіп, жаңғырта да жаңаша дамытқанын байқаймыз.
Жалпы Абайдың ақындық дәстүрін дамытушылар туралы 30-жылдардан бергі кезеңде әр түрлі сипатта болса да сөз болып келеді. М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Е.Ысмайловтың, Ы.Дүйсенбаевтың, А.Нұрқатовтың, Қ.Мұхаметхановтың, Ә.Жиреншиннің, З.Ахметовтің, З.Қабдоловтың, Т.Кәкішевтің, Р.Нұрғалиевтің, Ж.Ысмағұловтың, Б.Әбдіғазиевтің, К.Бейбітованың әр кезде шыққан зерттеу еңбектері осының айғағы. Осынау әдебиеттанудың алыптары мен әдебиет ғылымында азды-көпті еңбек етіп жүрген ғалымдардың барлығы да Абай творчествосының ХХ ғасыр басындағы әдебиет өкілдеріне тигізген игі әсері жайлы нақты мысалдар келтіріп, тұжырымды ойларын айтқан.
Абай дәстүрін шеберлікпен үйреніп, батыс пен шығыс классикалық әдебиетінен сусындаған Ахмет, Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Міржақып сынды сөз өнерінің щеберлері ХХ ғасырдың басында ұлттық поэзиямыздың әлемдік деңгейге көтеріліп, қоғамның шындығын шынайы ашып, оны эстетикалық қуатпен бейнелеудің көркемдік үлгісіне айналуы жолында аянбай еңбек етті.
ХХ ғасырдың басында көзі ашық, көңілі ояу қазақ азаматтарын ойландырған барлық мәселе – поэзияда айқын көрініс тауып отырды. Азаттықтың, тәуелсіздіктің биік идеясымен қатар қазақтың өз ішіндегі өзекті проблемалары – партиягершілік, әйел теңдігі, надандық, қара халықтың жағдайы поэзияның өзекті тақырыбына айналды. Қандай бағыт өкілі болмасын қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Сондықтан олардың шығармалары сарындас, желілес болып отырды.
ХХ ғасырда қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген біртуар ақындар дүниеге келіп, олардың әрқайсысы соны үнімен, тың тынысымен қазақ поэзиясы айдынында емін-еркін жүзді.
Поэзиясы аз да болса саздығымен, қазақ өлеңінің төл табиғатынан туған тазалығымен, бір естігенде-ақ көңілге қона кетіп, ойға ұялай қалатын әрі бейнелі, әрі мағыналы сөз үлгісімен ерекшеленетін Ахмет Байтұрсынов жеке басының, әлеуметтік топтың, немесе белгілі бір таптың мүддесі емес, үлт мұңы, ел зарын жырлаған Міржақып Дулатов, заманымыздың атақты жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай “жарқыраған әшекейімен, Европалығымен” тамсандырған жыры сұлу, сезімі сыршыл Мағжан, терең танымдық өлеңдерімен, асқақ романтикалық эпикасымен толғандырған Шәкәрім, қазақ ой-санасының аспанына жарық “күн” сәулесінің нұрын шашуды, өлең өнерінің “толған айы” болуды аңсап, ұлтының ұлы мұратын алға асыруға ұмтылып, поэзия көгінде жарық жұлдыздай жарқырап өткен Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетінің “алтын кезеңінде” өмір сүріп, туған әдебиетімізге қайталанбас туындылар сыйлады.
Аударма мектебі. ХХ ғасыр басында қазақ ақын-жазушылары томаға-тұйық күйде қалмай, жазба әдебиеті биікке көтерілген алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне көз салып, әдеби байланысқа түсе бастады. Әсіресе, орыс әдебиетінен үйрену кең етек жайғанын жоққа шығара алмаймыз. Оның ең бір жанды көрінісі аударма шығармалардың көптеп пайда бола бастауы болатын. Ендеше, белгілі бір кезең әдебиетін қарастырғанда, көркем аударманың өрісіне көз жібермей өту мүмкін емес. Өйткені, аударма – жазба әдебиеттің өскелеңдігінің белгісі. Ол әдебиеттің биік деңгейде дамуына әсер етіп, оған өзінің игі ықпалын тигізіп отырады. Аударма төл әдебиетпен қатар өседі, әрқашан да бірінің жетістігі мен кемшілігіне екіншісі ортақ, екеуінің тағдыры үнемі тығыз байланыста болып келеді.
ХХ ғасыр басында Ыбырай, Абай, Шәңгерей тәрізді алдыңғы толқынның осы бір тәржімашылық қырын дамытып, төл әдебиетіміздің туын жоғары ұстаған аудармашылар дүние жүзілік әдебиеттің мәңгі тот шалмас асыл қазыналарын, тамаша туындыларын туған халқына жеткізуге ұмтылды. Олар әлемдік әдебиет пен мәдениеттің озық үлгілерін қазақ сахарасына асқан шеберлікпен таратты. А.Пушкин “Әдебиеттің ең бір ауыры, ең бір жақсы атақ әпермейтін түрі” деп бағалаған аударма саласында Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов сынды шеберлер еселі еңбек етті. Бұл ретте осы сөз зергерлері тәржімалап шығарған “Қырық мысал” (1909), “Үлгілі тәржіме” (1910), “Үлгі бала” (1912), “Жиған-терген” (1914), “Дубровский әңгімесі”, “Боран”, сияқты кітаптар мен шығармалар әдебиетіміздің асыл қорына қосылған асыл інжу-маржандар екенін айтуға тиістіміз.
Шәкәрім, Ахмет, Бекет, Спандияр тәрізді озық ойлы әдебиетшілерді толғандырған заманының залалды мәселелері әлемдік әдебиет қайраткерлерінің де мұң-арманымен астасып жатты. Сондықтан да олар әлемдік әде-биеттегі озық үлгілі шығармаларға назар салып, өз көкейіндегі көп сұраққа жауапты сол шығармалардан тапты. Сол биік көркемдікпен, терең оймен, асқан шеберлікпен жазылған шығармалардағы азатшыл ойды, күрескерлік қабілетті, рухани жан тазалығын өз оқырманына жеткізу үшін қолына қалам алды. Сөйтіп әлемдік әдебиет пен қазақ әдебиетінің арасына алтын көпір салды.
ХХ ғасырдың басында “Оян, қазақ!” деп жар сала келген жазба әдебиетімізге өз мақсатын жүзеге асыру үшін жаңа түрлер, жанрлар қажет еді. Оларды бірден игеріп кету, әрине, қиын болатын. Сондықтан бұрыннан дәстүрі қалыптасқан биік межедегі өзге әдебиетке еліктеу қажеттілігі өзінен-өзі келіп туды. Бірақ бұл құрғақ еліктеу емес, үйрене отырып, өзіндік жол табуға ұмтылған ізденісті еліктеу еді. Өзге шығармаларды аудара отырып, әлемдік әдебиетте қалыптасқан көркемдік әдіс-тәсілдерді игерді, төл әдебиетімізді жаңа жанр, соны түрлермен молықтырды.
Абай, Ыбырай салып кеткен сара жолды жалғастыруда Абайдың шәкірт інісі Шәкәрімнің еңбегі өте зор. Ақын 1908-1909 жылдары орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің “Дубровский” мен “Боранын” аударды. А.С.Пушкиннің қара сөзді шығармаларын аудару тәжірибесі бізде бұрыннан бар болатын. Оның алғашқы талпынысы 1903 жылы жасалған-ды. Осы жылы фольклорист, этнограф, аудармашы Молданияз Бекімов А.С.Пушкиннің “Капитан қызы” повесін 1901 жылғы басылымнан аударып, Қазандағы Харитоновтар баспасынан шығарды. Автор өз аудармасына негізінен Петр Гринев пен Мария Миронова арасындағы махаббат хикаясын арқау етіп, оған Пугачев қозғалысын қосып ықшамдап аударған. Сөйтіп 48-беттік шағын шығарма етіп шығарған. Аудармашы бұл көрнекті туындыны әрі нақты, әрі түпнұсқаға жақын етіп беруге тырысқан. Повесть сол кездегі қазақ оқырманына түсінікті, қарапайым да көркем тілмен аударылған.
Шәкәрім аудармалары қазақ тәржімә тәжірибесіндегі өзгеше бір құбылыс болып саналады. Ол Пушкиннің қара сөзбен жазған шығармаларын өлеңмен аударып, төл туындыдағы сюжет пен оқиға құрылымына еш зиян келтірместен, қазақ тілінде өлеңмен әсерлі түрде өрнектеп берді.
Өлең сөзге жаны жақын, қисса-дастандарды ұйып тыңдайтын қазақ оқырманы қара сөзді шығармадан дастан жазып шыққан Шәкәрім шеберлігіне тәнті болмай тұра алмайды. Шығарма кейіпкерлері қазақы тілмен сөйлеп, қазақ оқырманымен еркін тілдеседі. Ақын аудармаларында қазақ ұғымына жақын, тұрмысына сай теңеулерді, тіркестерді қолдана отырып, тың тынысты, көркемдік бедері айқын шығармалар жасады. Сөйтіп әлемдік Пушкин аудармалары қорын қазақ елінен келіп қосылған жаңа тұрпатты аудармалармен байытты. Қара сөзді шығарма, өлең өрнегіне түсіп, жаңаша құлпырды.
Шәкәрімнің орыс ақын-жазушыларының ішінен Л.Н.Толстойды қадір тұтып, ұстаз санағаны белгілі. Ол әсіресе өмірінің соңғы жылдарында Толстойдың туындыларымен көбірек сырласып, рухани жақындық іздеген. Сондықтан да оның шығармашылығына қатты көңіл бөліп, ертегілерін, әңгімелерін аударды. Орыс әдебиетінен Шәкәрім жасаған тәржімалар ХХ ғасырдың басындағы ұлт әдебиеттерінің қарым-қатынасына, өзара әсер байланысына келіп қосылған жаңа арна болып табылады.
Атап айтар бір жағдай қазақ аудармашылары көбіне мысал жанрын аударуға ден қойды. Мысалды өлеңмен аударушылар да (А.Байтұрсынов, Б.Өтетілеуов т.б.), қара сөзбен баяндаушылар да (Ә.Бөкейханов, С.Көбеев, С.Дөнентаев) болған. Өлеңмен аударудың хас шебері – Ахмет Байтұрсынов. Ол И.А.Крыловтың мысалдарын аударып, 1909 жылы Петербургте “Қырық мысал” деген атпен бастырып шығарды.
Ол көбіне мысалдың ішкі мағына-мәніне назар аударып, өз ұлтының тұрмыс-тіршілігіне жақын, ұлтының санасын оятудың өзекті мәселелерін көтеруге жарайтын мысалдарды іріктей отырып таңдады. Сондықтан ол тәржіма жасаған мысалдар төл туындыдай қабылданып, ел азаматтарының алдына салауатты сауалдар қойып, көкейдегі көп сұраққа жауап та берді. Ахмет үшін мысал күрескерлік жолындағы ең бір өтімді қару ретінде пайдаланылды. Өйткені ондағы айтылар ой, тұжырымдалған түйін қабылдауға жеңіл, әрі қызғылықты сюжет арқылы тез оқылып, есте ұзақ сақталады. Ахаң аудармасында Крылов жасаған түйіннен алшақтап кетіп отыратын, кейде Крыловта берілмеген тұжырымды өз жанынан қосып, өзгеше бір қорытынды жасайтын тұстар жетерлік. Мұның себебі қалайда ұлтын азатшылдыққа үндеген үнін жеткізуге деген ұмтылыс. М.О.Әуезов “Қырық мысалды” “қалың қазақ жұртшылығының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі”, – деп бағалаған. Ұлы жазушы Ахмет Байтұрсыновтың И.А.Крылов мысалдарын аударғанда азаттықты, бостандықты насихаттауды көздегенін және ол осы мақсат үдесінен шыға білгенін тап басып таныған.
Ахмет Байтұрсынов көбіне мазмұн қуып, көркемдік, эстетикалық мақсұттарды сырт қалдырды деуге болмайды. Ахаң мысалдың тілдік сапасына, өлең өрнегіне қатты көңіл бөліп, көркемдік бейнелегіш құралдарын әсте естен шығармаған. И.А.Крыловтан Спандияр Көбеев те, Бекет Өтетілеуов те аударма жасағаны белгілі. Әртүрлі деңгейде аударылған аттас мысалдар қазақ аудармашыларында кездесіп отырады. Мәселен: “Аққу, шортан һәм шаян”, “Ат пен есек”, “Қасқыр мен тырна”, “Қасқыр мен қозы”, “Шал мен ажал”, “Айна мен маймыл”, “Маймыл мен көзілдірік” мысалдарын Спандияр Көбеев те, Ахмет Байтұрсынов та аударған. Абай тәржімалаған “Ала қойлар”, “Есекпен бұлбұл”, “Қарға мен түлкі”, “Емен мен қамыс (шілік)”, “Бақа мен өгіз” мысалдарын Ахаң да аударған.
Бекет Өтетілеуов, Спандияр Көбеевтің мысал аудармалары жайлы арнайы зерттеулерде қаралып келсе, Ахмет Байтұрсыновтың аудармашылығы енді ғана әдебиеттану ғылымында сөз бола бастады.
“Қырық мысалды” аударғанда Ахмет күрескерлік, ағартушылық идеяларды алға тартуына байланысты көбіне еркіндеу кетіп отырса, Лермонтов, Надсон, Жадовскаядан жасаған аудармаларында ол көркемдік заңдылықтарға қайшы келмей, түпнұсқаға мейлінше жақын болуын қалайды. Бәлкім, Ахаң бұл тұста өзге халықтың көркемдік мұрасын насихаттап, өзінің туған әдебиетінің кәдесіне жарарлық үлгі-өнеге таратуды да көздеген болар.
Қазақ әдебиетіндегі қайталанбас көркем аудармалар Мағжан қаламынан да туған. М.Жұмабаев тәржімаларының ауқымы өте кең. Ол орыс ақындарын ғана емес, өзге жұрт ақындарын да аударған. “Орман патшасы” өлеңнің астына “Гете – Жуковскийден” деген қосымша атау келтірген. Аудармалар – ақынның творчестволық ізденістерінің айғағы. Гетеден аударған “Айрылдым, сенен жан сәулем” атты өлеңде Мағжан ұлы неміс ақынының ғашығына арналған монологындағы трагедиялық лиризмнің шетін сетінетпей жеткізген. Махабаттың мұңды әуезін Гейненің “Күннің батуы” өлеңінің аудармасынан да сезінеміз.
Лермонтовтың “Сарғайып келген егін толқынданса” деген өлеңін аударған Мағжан табиғат пен адам жарастығынан керемет үйлесімдік тауып, жеріне жеткізе жырлайды. Орыс ақынының өлеңіндегі жанды сурет қазақ ақынының тәржімасында түпнұсқадан кем түспестей бейнеленген.
М.Ю.Лермонтовтың “Тұтқын” өлеңінің аудармасы – Мағжанның орыс тілінің небір қыр-сырын, сан құбылған иірімдерін жетік білетін және сол тілдің қазақ тіліндегі баламаларын дәл тауып қолданатын шынайы шебер екендігінің нақты айғағы. Жуковский айтқан өлең аудармасындағы хас таланттардың дүлділ жарысын осы аудармадан тануға болады. Түпнұсқа авторының кескінді бейнелері, жанды суреттері Мағжан аудармаларында қазақ оқырманының көз алдына сол қалпы келе қалады.
А.Феттің “Шепот, робкое дыханье” деп басталатын атақты өлеңін М.Жұмабаев еркін аударма үлгісімен аударған. Аудармаға “Біраз Фетше” деп тақырып қойылуы осыны меңзесе керек. Еркін аударма болғандықтан да өлең көлемі түпнұсқадан екі есе ұлғайған. Алғашқы және соңғы шумақтар араластырыла аударылған.
Блок, Фет творчестволарымен таныса, тәржіма жасай отырып, солардың рухында өлең жазған Мағжан ақын қазақ поэзиясына соны сипат, европалық үлгімен астасқан өзгеше өрнек әкелді.
Жүсіпбек Аймауытов әйгілі “Мағжанның ақындығы туралы” мақаласында: “Мағжан еліктегіш ақын, еліктеу – ақынға мін емес, қандай көрнекті ақындар да алдыңғы ақындарға еліктемей жаза алмаған. Романтик Мағжан символистерге, кейде сентименталистерге, орыс ақындарына еліктеп жазса, бұл алданғандық, не адасқандық емес, іздену соқпағына өзін-өзі салып, сан түрлі сырлы саздарды қазақ поэзиясына әкелу әрекеттерінің басы еді. Орыс поэзиясындағы сол кездегі әр түрлі ағымдар бағытын Мағжан жақсы бағдарлап, қазақ поэзиясына енгізген…” деп жазады. Мағжан аудармалары өлеңмен ғана шектеліп қалмайды. Ол М.Горькийдің “Сұңқар жыры”, “Жұртын сүйген жүрек” (“Старуха изергиль”), “Ана”, “Темірді жұмсартқан ана”, “Хан мен ұлы” әңгімелерінде қазақша тәржімалады.
Мағжан романтизмінің түп төркіні Батыстағы Байрон, Гейне, А.Мицкевичтен, Ресейдегі Пушкин, Лермонтов, Баратынский, А.Блок, М.Горькийден келіп шығады деген Жүсіпбек пікірі шындыққа жанасымды екенін Мағжан шығармашылығы дәлелдеп отыр.
Романтизм демекші, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде сыншыл реализммен қабаттаса осы әдісте өзіндік деңгейде көрініс тапты. Кейінгі кезде біз бұл әдісті тек Мағжан шығармашылығына қатысты сөз қылып жүргенімізбен, ол көптеген творчесвтолық тұлғалардың шығармашылығынан берік орын тепті. Мәселен Шәкәрімнің кең құлашты “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман-Мамыр” эпикалары, Сұлтанмахмұттың “Кеш”, “Жазғы қайғы”, “Түсімде”, “Жас жүрек” өлеңдері асқақ романтизмнің озық үлгілері болып табылады.
ХХ ғасыр басындағы әдебиетіміздің дүниежүзілік әдебиетпен байланысын айтқанда, Мағжан поэзиясындағы сентиментализм, символизм сарындарының сол байланыс арқылы енгенін атауымыз қажет. Аударма жасау барысында Мағжан орыс символистерінен өзіне жаңа өрнек, үлгі іздеген. Жаңашылдыққа, әсемдікке жаны құмар ақын өзі аударған шығармалардан қазақ құлағына тосын естілетін жаңа тараптарды, сөз тіркестерін, ішкі мағынаны іздеп табады. Оны әрлеп, жаңғыртып, жандандырып оқырманына жатсынбастай етіп ұсынады.
Жүсіпбек Аймауытов бағалағандай, Мағжанның төл шығармалары, аудармалары қазақта бұрыннан бар әдістер мен тәсілдерге символизм, сентиментализм ағымдарының элементтерін енгізіп, европалық әшекейімен безендіре түсті.
Сонымен, тәржімалар арқылы әдебиетшілеріміз орыс және әлем әдебиетінің озық үлгілерімен қазақ оқырманын таныстыра отырып, қазақ тілінің мол мүмкіндіктерін де ашуға тырысты. ХХ ғасыр басында жасалған тәржімалар әдебиетті кең өріске шығарып, өз бетімен ізденуге жол ашты. Прозадағы сан-салалық тереңдік, суреткерлікке баса мән беріліп, өлеңдегі әуезділік, ырғақ, ұйқас, айшықтау, құбылту, бейнелеу тәрізді поэзияның көркемдік құралдары жетілдіріліп, поэзия құдіретін айқындайтын әдіс-тәсілдердің әлем әдебиеті жеткен өресіне бағыт ұстау қазақ әдебиетін жаңа бір белеске шығарғандай еді.
Жаңа жанрлардың өркен жая бастауы. ХІХ ғасырдағы Абай қара сөздерінің, Ыбырай әңгімелерінің ізімен ХХ ғасырдың басында қазақ ұлтының болмысын қара сөзді шығармалар арқылы суреттеуді мақсат тұтқан Міржақыптың, Спандиярдың, Сұлтанмахмұттың ұмтылыстары өз нәтижесін бермей қалған жоқ. Қазақ прозасының қанатын кеңге жая бастағанының куәсіндей роман жанры дүниеге келді.
Міржақып Дулатов жазған қазақ әдебиетіндегі алғашқы роман – “Бақытсыз Жамал” 1910 жылы дүниеге келді. Оған қанаттаса өздері роман деп атаған Т.Жомартбаевтың “Қыз көрелік” (1912), М.Кәшімовтің “Мұңлы Мәриям” атты ұзақ әңгімелері, С.Көбеевтің “Қалың мал” (1913), С.Торайғыровтың “Қамар сұлу” (1914) романдары жарыққа шықты. Бұл ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі роман жанрының тууы мен ол жолдағы көркемдік ізденістер көрінісі еді. Бұлардың ішінде “Бақытсыз Жамал”, “Қалың мал”, “Қамар сұлу” сияқты романдар – жас прозамыздың даму деңгейін белгілейтін, көркемдік деңгейі жанр талабына жауап беруге біршама жарарлық шығармалар.
Бұл туындылардың басты кейіпкерлері Жамал, Ғайша, Қамар бейнелері – сол тұстағы қазақ қыздарының іс-әрекетін, мінез-құлқын, толымды бейнесін тануға мүмкіндік беретін типтік образдар. Осынау сара жолды таңдауда сан қилы кереғар пікірлер туындап, арыстарымызды сан қиырға салған адасулар да болды. Ендеше бұл кезеңнің әдебиеті – қоғамдық ой-санадан туындаған қарама-қайшылықты көзқарастар жемісі.
Әрине, ХХ ғасырдың басында жазылған шығармалардың көркемдік деңгейлері әркелкі екені белгілі. Ақынның не жазушының білімі мен біліктілігіне, таным өрісіне, шығармашылық шеберлігіне сай түрлі деңгейде жазылуы заңды да. Өйткені ол кезде прозамыз үйрену, қалыптасу сатысында еді. Ал олардың ортақ жетістігі бұл шығармалардың роман жанрының алғашқы қарлығаштары болуымен бірге, замана шындығын ашып көрсетуде ілкі қадам жасап, прогресшіл ой-пікірді дәл уақытында айта біліп, ұлттық сөз өнерінің қажетіне жарап, кейінгі өскелең прозамыздың дамуына игі әсерін тигізуінде.
Жаңа ғасыр басындағы өзекті мәселелерді көркем өнерде бейнелеуге әдебиетіміздегі тың да тосын жанрлардың бірі драматургия қосылды. Қазақ драматургиясының тырнақ алды туындылары жазылған сәттен-ақ қолданысқа түсіп, далалық сипаттағы шағын сахналарда қойыла бастады. Әрине, олардың жанр талабына сай болуы мен режиссуралық қойылымының жүйелілігі өз алдына басқа әңгіме.
Әйтсе де қай ұлттың болмасын қазіргі кемелденген драматургиясы бүгінгі күйінде өмірге келе қоймағаны белгілі. Қазақ драматургиясы да бүгінгі жеткен биігіне сан қилы шырғалаң шиырлар арқылы келді. Мүнда, ең алдымен, Б.Серкебаев аты ауызға ілінері сөзсіз. Оның қолжазба күйіндегі пьесалары – “Жер дауы” (1912), “Қызыл бұзау” (1913), “Бақсы” (1914), “Әйел теңдігі” (1915), “Ғазиза” (1915) белгілі болған. Бірақ бұлар баспа бетін көрмеген. Олардың тақырыбы – әйел теңдігі, елдегі дүмше молда, бақсы-баргерлердің халықты алдауы, надандық торына түскен қарапайым халық тағдыры. “Бақсы” пьесасына – жас баланы емдемек болып, дәрі орнына тотияын беріп соқыр еткен бақсы надандығы арқау болса, “Ғазизада” – қыз тағдырының қиындығы сөз болып, Ғазиза атты кейіпкердің замана қасіретінің құрбанына айналуы көрсетілген. “Жер дауы” пьесасы қазақтың ең бір дертті мәселесі – жер дауына арналған. Онда Жұман деген байдың кедей жатақтарға көрсеткен зорлығы, оардың еш әділет таппауы. Екі жақты езгідегі қиын тағдыры көрсетілген. Бұл пьесада ағартушы-демократтар қолдаған отырықшылдық идеясы көтеріледі.
Кезінде жарық көрген бірді-екілі пьесалар да бар. Бұлар – Көлбай Тоғысовтың “Надандық құрбаны” (1915), Алматы уезінің начальнигі А.И.Лихановтың “Манап” драмасы (1913). К.Тоғысов пьесаны жазуға негіз болған жағдай туралы “Қайғы” деген атпен “Айқап” журналына шағын мақала жариялаған. Мұнда автор сол уақыттағы қазақ арасындағы әдет-ғұрыптың зиянды жақтарын, бақсы-балгерлердің жалған ем-домынан көрген ел азабын, ауыл өмірінің сорақы көріністерін әшкерелеп пьеса жазғанын айтады. Өз ойын қорыта келіп, пьесаны жазудағы көздеген негізгі мақсатымен таныстырады.
“Надандық құрбаны” пьесасы өмірдегі шындық оқиғадан туған. Автор әл-қадырынша осы шындық оқиғаны өз шығармасына арқау етіп, көркемдік шындыққа айналдыруға ұмтылған. “Бұл драманың бірнеше қаһармандары осы күнде де тірі” деген Көлбай алғысөзі – бұған дәлел. Пьесса авторы өз кейіпкерлері жас бала Жақыптың шешектен, Майсараның босана алмай, бақсы таяғынан өлуін қазақ надандығының дәлелі ретінде береді. Пьессаның бір желісі – әйел тағдырымен ұштасады. Байжан байдың үш әйел үстіне 16 жасар Хадишаны айттыруы, Хадиша мен Аспандиярдың тағдырының қосылмауы – әйел теңсіздігін көрсету деген талпыныс.
Жалпы, Көлбай Тоғысовтың “Надандық құрбаны” пьессасы – тасқа басылып, жарыққа шыққан қазақ драматургиясындағы тұңғыш тәжірибе. Оның надандық негізін әлеуметтік теңсіздіктен іздей білген, қат-қабат әлеуметтік мәселелерді осы жанр жүгіне айналдырған бұл саладағы алғашқы шығарма екендігі даусыз.
“Надандық құрбанымен” тұстас баспасөз бетінде жарияланған А.Н.Лихановтың “Манап” драмасы. Бұл драма “Айқап” журналының 1913 жылғы 14-21 сандарында Мұхамедғали Есенгельдиннің аудармасымен басылды. “Манап” драмасы қазақ тақырыбына жазылған өзге ұлт авторының шығармасы болғандықтан да “Айқап” осыны насихаттап, жариялаған. Дегенмен Лихановтың бұл дүниесі орта қолды ғана дүние еді. Өмір шындығын тану тұрғысынан, эстетикалық, көркемдік сапа тұрғысынан тіптен әлсіз шығарма болатын. Қазақ тұрмысынан алынғанмен, қазақ салт-дәстүрі бұрмаланған, қазақ ұғымында ұят-ерсі болып көрінетін қылықтарды шындық ретінде көрсетіп, ұлттың намысына тиген бұл пьеса өз кезінде-ақ қазақ зиялыларының өткір сынына ұшырағанды. Сондықтан да бұл драмаға тоқталып жатудың қажеті шамалы.
Жалпы алғанда, ХХ ғасыр басында әдеби ізденістердің бір көрінісі осы жанрлық тұрғыдан баю болып табылады. Мұнда әсіресе проза жанрының дамуы айрықша көзге шалынады. Алғашқы қадамдар, жаңа талпыныстар кейінгі ұлы үрдісті дамуға алып келді.
Әдеби сынның өркендеуі. ХХ ғасырдың бас кезіндегі жазба әдебиетіміз күрт алға дамып, жанрлық жағынан да, көркемдік тұрғыдан да жетіле түскен тұста әдебиетке деген талғам мен танымның жаңа бір белеске көтерілгені талассыз шындық. Өскелең елдердің өркениетті әдебиетінің өкшесін басып, өзіндік бетін айқындай бастаған әдебиетіміздегі жетістіктерді бағалап, кемшін тұстарын көрсету мерзімі өзінен-өзі келіп туындаған-ды. Мұнда қазақ баспасөзінің орны ерекше болғанын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Онда жарияланған әдебиетке қатысты дүниелер насихаттық қалыпта қалып қоймай, әдебиетімізге қатысты күрделі мәселелерді көтерген көлемді мақалалар түрінде де көрініс тауып, әдеби танымның маңызын арттырып, жанрлық жақтан салалана түсті.
Жазба әдеби сынымыздың қалыптасып, дамуы “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетіне тығыз байланысты. Бұған дәлел ретінде “Айқап” бетінде 1912-1914 жылдардың аралығында отызға тарта өлең жинақтары мен оқу құралдарына шағын рецензиялар, әдебиеттің түрлі мәселелерін арқау еткен мақалалар, “Қазақтың” бетінде көрнекті сыни мақалалар көптеп жарияланғанын атап айтсақ та жеткілікті. “Айқап” мен “Қазақ” бетінде жарық көрген әдеби мақалалардың ішіндегі ең көлемді де көрнектілеріне тоқтала отырып, сол тұстағы әдеби сын мен әдеби танымның орнын бағалауға болады.
“Айқаптағы” қазақ әдебиетінің хал-жағдайын, дәстүрлі әдебиетіміз бен жазба әдебиетіміздегі дәстүр мен жаңашылдық туралы ой қозғап, ақындарымызға өткір талап қоя білген көрнекті әдеби мақала Сұлтанмахмұттың қаламына тиесілі. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың аса бағалы мақаласы – 1913 жылғы “Айқаптың” 19, 20, 22, 23 санында жарияланған “Қазақ тіліндегі өлең кітаптарының жайынан”. Осында жаңа сипатты әдебиеттің оқырман ойына ой салып, көкірек көзін аша бастағанына нақты дәлел табамыз. Жаңа жинақтардың оқырманды жаңа ойға бастаған міндетін әдебиетші-ақын тап басып таниды. Қазақ ұлтының “оянып”, алға қарай ұмтылып келе жатқаны, жаңалық исін сезіне бастағаны ақын-сыншыны қуаныш сезіміне бөлейтіндігін байқау қиын емес. Ол кейбір жинақтардың көркемдік қуатын құрғақ ойбай басып кеткендігін ашық айтып, замана өзгерісін ақындық жүрекпен сезініп, жан тербейтін өрелі ойлармен өрілген өлең тудыру керектігін түйіндейді. Өлеңнің басты шарты көркемдік, сондықтан да сыртқы түр мен ішкі мазмұнының құйылып түсуі қажет екендігін Сұлтанмахмұт басты талап ретінде қояды. Оның пікірінше, шығарманың көркемділігіне орай айтар ойы, көтерер проблемасы терең де нақты болуы керек. Сонда ғана ақын өлеңі діттеген жеріне жетпек. Мақаладағы өлеңге қойылар талаптар поэзия тілімен мөлдірете жеткізген Абайдың өлең туралы толғамымен ұштасып жатқанын аңғару қиын емес.
Осы мақаласында Сұлтанмахмұт пікір айқындылығына қоса тіл тазалығы үшін де күреседі. “Мен тілімізге шата тілдердің шалмасуынан бегірек тілдің ағыны теріс бейімделіп, өріс алып бара жатуынан қорқамын”, – деп қазақ тілі үшін дәл бүгін де өзекті болып отырған мәселенің ұшығын шығарады. Қазақ поэзиясының сол кездегі дамуы жайында сөз қозғай отырып, әрбір туындының соны әуен, тың идеямен көрінуі шарт екенін айтады. Қазақ қаламгерлеріне Абай поэзиясын үлгі етіп ұсынады.
Сұлтанмахмұт екінші мақаласы “Өлең мен айтушылар” да алғашқы мақаласын толықтыра, әдебиет пен өнер жайлы пікірлерін бекіте түседі. Ол көркемөнердің мәдениетке, үлгі-өнегеге баулудың ғылым-білім сияқты маңызды құралы екенін айтады. Өнер мен өнерпаздың қоғам өмірінде алар орнын белгілеп береді.
Сұлтанмахмұттың “Жаңа кітап” атты үшінші бір мақаласы 1913 “Айқаптың” 17санында жарияланады. Онда ақын-сыншы М.Дулатовтың “Азамат” жинағына сын жазып, ендігі әдебиетті сын тезіне сап түзетудің, талғап-талдаудың бағыт-бағдарын ұсынады. Сұлтанмахмұт мақалалары – сол кездің өзінде бүгінгі күнге дейін өзекті болып отырған мәселелерді өткір қоюымен, насихаттаған идеясын дәлелдеуімен бағалы да құнды.
“Айқап” журналында қарақыпшақ Қобыланды жырына рецензия, М.Ғ. деген автордың “Тіл әдебиет”, Ғ.Мәмековтің “Өлең жырларымыз” Ж.Әубәкірдің “Тіл уә әдебиетімізді сақтарға керек”, Ж.Тілеулиннің “Баспасөз”, Е.Қасболатовтың “Баспасөзге қарсы”, М.Тұяқовтың “Кітаптар жайынан”, “Роман жарысы туралы” тағы басқа мақалалар жарық көрді. Бұлар жаңа да өскелең әдебиетімізге қатысты көп мәселелерді әр қырынан қарастырып, кейбірі өрелі ойларымен, салихалы пікірлерімен өзекті мәселелерді көтерсе, кейбірі биік межеден көріне алмады.
“Айқап” журналымен қатар ”Қазақ” газеті де әдеби танымның қалыптасуына зор үлес қосты. “Қазақ” газеті – шыққан күнінен бастап, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жанашыры ретінде үлкен эстетикалық өреге көтеріле білген бірден бір басылым. Ондағы қазақ әдебиеті жайынан жарияланған мақалалардың авторлары – Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов т.б. ірі тұлғалар. “Қазақтағы” әдебиет жайлы мақалалардың басты жетістігі – әдебиеттің күрделі мәселелерін көтерумен бірге сол әдебиетті қалыптастырған басты тарихи тұлғалар жөнінде де кейінгі ұрпаққа құнды мәліметтер қалдыруы. Осы ретте Ахмет Байтұрсыновтың ұлы Абай жайлы жазған “Қазақтың бас ақыны” атты мақаласы (“Қазақ”, 1913, N39, 40, 43) әдеби ой-пікірдің ең озығы ретінде көзге түсетіндігін атап өткен жөн.
Бұл – қазақ сөз өнерінің ұлы тұлғасы Абай арқылы қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні жайлы сөз қозғап, өлең сөздің қадір-қасиеті жайлы толғаулы ой қозғаған алғашқы мақала. Онда Абай шығармашылығына көркемдік-эстетикалық баға беріліп, қазақ әдебиетіндегі болашақ Абайтанушыларға бағыт-бағдар, жөн-жосық көрсетіледі.
Әрине, Ахметке дейін де баспасөз бетінде, кейбір жинақтарда Абай туралы пікірлер жарияланып тұрды. 1909 жылы Абайдың Петербургте шыққан өлеңдер жинағына Кәкітай Ысқақов “Абай (Ибраһим) Құнанбай ұлының өмірі” атты алғысөз жазды. Бұл Абайды қазақ оқырманына алғаш кеңінен таныстырған сөз еді. Ал ұлы ақын орыс зиялыларына бұдан сәл ертерек танылды. Абай өмірі мен шығармашылығының білгірі Қайым Мұхамедханов “Абайдың көзі тірісінде оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов” екенін ерекше атап өтеді. Себебі “Россия. Полное географическое описание нашего отчество” атты көп томдық кітаптың 1903 жылы “Киргизский край” деген 18-томы жарық көреді. Оның авторларының бірі – Әлихан Бөкейханов қазақ әдебиеті мен өнері жайлы жазғанда “Абайға ерекше тоқтап, қазақ жазба әдебиетінің көшбасшысы” атаған. 1905 жылы “Семипалатинский листок” газетінде, 1907 жылы басылып шыққан “Записи Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического общества” деп аталатын кітапта Абай өмірбаяны басылып шыққан, авторы – Бөкейханов. Абай туралы және бір мақала 1908 жылы татар тіліндегі “Уақыт” газетінің 393 санында жарияланғанды. Мақала авторы Міржақып Дулатов болатын.
Жоғарыдағы мақалалардың қай-қайсы да өз кезеңінде Абайдың ақындық жасампаздығын тануда біршама қызмет атқарғаны талассыз.
Абай творчествосын тану мен танытуда өзіндік орны бар мақаланың бірі – Міржақыптың “Абай” атты мақаласы (“Қазақ”, 1914, N67). Ұлы Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толғанына орай жазылған бұл мақаланың мынадай басты құндылықтары бар. Бірінші – Абай ақындығын, Абай мұрасын, Абайдың ұлылығын ұғынудың алғашқы соқпағын салушылардың еңбегін көрсетіп, зерттеушілер есімін нақты атауымен бағалы. Екінші – Абайдың қазақ әдебиетіндегі төрден алар орнын көрсетудегі өзіндік пайымдауларымен бағалы.
Қашанда әділдік жақтаушысы, өзгенің еңбегін бағалауда тура жолдан таймайтын Міржақып, осы мақаласында Абайды алғаш елге танытушы Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов екенін баса айтып, олардың Абайтанудағы тұңғыштық орынын нақтылай кетеді.
Қазақ жазба әдебиетіндегі көркем шығарманы бағалауға ұмтылып, творчество адамының жетістігін танып, кемшін тұсын байқап, оқушыға жөн-жоба сілтеуді мақсат тұтқан мақаланың бірі – “Сын” (“Қазақ”, 1915, N121). Шәкәрім Құдайбердиевтің “Қалқаман-Мамыр” поэмасын жан-жақты талдауға бағытталған Әлихан мақаласы – Шәкәрім творчествосын танудағы бір белес. Бұл – сын жанрының тууы көбінесе құнды көркем шығармалардың дүниеге келуімен сабақтас болатындығының бір көрінісі. Мақалада “Қалқаман-Мамырды” негізге ала отырып, ақындық творчество туралы, Абайдың ақындық ерекшелігі жайлы орайлас ой да қозғалады. Автор Шәкәрімнің ірі ақын, Абайдың орнын басар үмітті шәкірті екенін сөз арасында білдіре кетеді. Әлихан Бөкейханов, ең алдымен, Шәкәрім ақындығына жоғары баға бере отырып, шығармадағы тарихи шындық пен көркемдік шындықтың жанасымдылығына біраз сын айтады.