Читать книгу Armanga bastar asular - Камшат Балтабаевна Бекежанова - Страница 1
Кіріспе
ОглавлениеЕң алғаш рет айтулы мектеп жайлы кітап жазуды қандай тақырыптан бастағаным жөн болар екен?-деп ойландым. Бұл кітап барлық оқырманға түсінікті, болашақ ұрпаққа қандай да бір пайдасы тиетіндей болғанын шын жүрегіммен қалағаным рас. Егер адам баласы өзінің болмысы мен шыққан тегінен бейхабар болса, онда оның болашағы да бұлыңғыр болары сөзсіз.
Құрметті оқырман, бұл кітаптың кіріспе бөлімінде біздің ата-бабаларымыздың қандай дана да, ғұлама болғаны, ата-тегіміздің ілім-білімге деген ізденісі туралы сөз қозғалады. Ұлы ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің барлық саладағы біздерге қалдырған сарқылмас қазынасы мен өмір сурудегі мән берілу керек басты формулулаларымен таныс боласыздар. Бұрын оқыған болсаңыздар тіптен жақсы. Сонымен қатар, қазақ жерінде тұңғыш ашылған физика-математикалық бағытта білім беретін алғашқы мектептің ғұмыр тарихы жайында естелік жазуды жөн көрдім.
«Адам-елеусіз тозаң сияқты із-түзсіз құрып кету үшін тумайды. Адам артынан із қалдыру үшін, болашақ ұрпағына, жер бетінде басқа да адамдардың ақыл-ой дүниесінде, жүрегінде ұмытылмастай іс қалдыру үшін туады»,– деген екен бір ғұлама. Осы сөздің мәнін де, мағынасын да өз ісімен дәлелдей білген аяулы ұстаздар мен мектеп іргетасын қалаған жандардың жасаған жақсылықтарын айтпау, елемеу мүмкін емес!