Читать книгу Armanga bastar asular - Камшат Балтабаевна Бекежанова - Страница 2

Арманға бастар – асулар!

Оглавление

Бастау


Қара топырақтың шаңын шығарып, қара қазанға піскен сүттің қаспағын қырып жеп, сарқырап ағып жатқан өзенге балықша сүңгіп, ен далада еркін өскен қаншама қазақтың қара домалақ балаларының биік мақсатқа жетуіне жол ашқан, ұлы баспалдақ – ол арман баспалдағы. Адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап, еріксіз сананың қалауымен арманға жол тартады. Ең басты арманы аяулы анасының ыстық құшағына бөлену болса, ары қарай есін біліп өзін-өзі таныған сайын арманының да ұлғая түсуі айдан анық. Сол арманға жету жолында талай биік-белестерді бағындыруы таңсық емес. Адамзаттың қанына сіңген жангештілікпен пара-пар дүние. Жер бетіндегі алты құрлықтың ішінде, көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленіп, ұлан-байтақ дархан даланы мекендеген ата-бабаларымыздан қалған қасиет. Әуел бастан, халқымыздың ғылым-білімге деген құштарлығы, қиялындағы арманға жету жолында қадам басқан алғашқы баспалдағының бірі. Әлемді мойындатқан бабаларымыздың салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, ой-өрісінің ұшқырлығы болашағымыз үшін сарқылмас қазына іспеттес. Ұрпағына қалдырған теңдессіз ілім жауһары, әлі күнге дейін, бізге азық болып келеді. Абыз аталарымыздың шынында да, даналығына бүгінгі ғылымның өзі көз жеткізіп отыр. Егер, қазақтың тарихына қателеспей көз жүгіртер болсақ, әлі де талай шындықтың қаймақша қалқып тарих бетіне шығары сөзсіз.

Тас, мыс, қола дәуірлерінде өмір сүрген ата-бабаларымыз, әлемде алғаш болып жылқыны қолға үйреткен халық. Металлдың құпиясын меңгеріп, мысқа қалайыны қосып, қоланың жасалу жолын ойлап тапқан. Ең көне қала, Арқайым қала өркениетін қалыптастырып, әлемді мойындатқан. Осындай халықтың мінез-құлқын, өзінің өмір жолында кездескен көптеген кедергілерді жоя білген, буырқанып таудан аққан өзен суының дүлей ағысына теңеуге болады. Өмір сүру дағдысы да өзгеден ерекше, дана халқымыз пайдаланған, күнделікті жейтін жылқының етін, оның сүтін, ірімшікті, кілегейді, айранды отырықшы елдер тіпті білмеген деседі. Сонымен қатар, малдың жүнінен, терісінен қажетті киім-кешектер, бас киімдер, аяқ-киім, құрал-саймандар салатын қоржындар, ыдыстар, киіз үйлер, төсеніш киіздер, кілемдер жасаған. Орталық Қазақстан аумағында қола шығару үшін қажетті материалдық-техникалық база қалыптастырған. Әлемде сирек, тіпті мүлдем кездеспейтін кен байлықтардың қоры шоғырланған кең байтақ, ұлы мекенді иемденген. Сондай-ақ, дөңгелекті соғыс арбаларын, үзеңгіні, ауыздықты да дала халқы ойлап тапқаны тарихи зерттеулерден белгілі. Мыс, қалайы, күміс, алтын және т.б. металлдарды ұрып-соғып балқытып, сан алуан зергерлік бұйымдар жасап, сауда-саттық орталығына айналған. Қазақтардың ата-бабалары саналатын сақтар, үйсіндер, қаңлылар, ғұндар Еуропаның халықтарынан әлдеқайда ерте кезеңнен бастап, өздерінің мемлекеттерін құрғаны, басқару жүйесінің қалыптасқаны, мәдениеттілігінің көрсеткіші саналатын жазуының болуы археологиялық зерттеулер нәтижесінде дәлелденген.

Осы орайда, біздің заманымызға дейін білім алу дағдысы болмаған, қазақ халқы тек мал бағып, оны көбейтумен ғана айналысқан деген сан алуан пікірдің қалыптасуына нүкте қоюға болатын секілді. Тамаша мәдениетті қалыптастырып, ұлы ғұламалардың әлемдік революцияға айналған тың жаңалықтар ашуына жол ашқан, бабаларымыздың тектілігін бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Менің осы уақытқа дейінгі бір байқағаным, өсіп келе жатқан қаракөздеріміз тарихтың тереңіне үңіліп, қызықпайды. Олардың көз алдында теледидардан көрсетілетін ашаршылық кезеңіндегі түсірілген, халқымыздың үдере көшкен, жан түршігерлік аянышты бейнесі ғана қалып қойған сыңайлы. Ал, сәні мен салтанаты жарасқан хан ордалары мен тамаша көне қалалар туралы көріністер кемде-кем.

Осы орайда, болашақтың білуі тиіс мәліметтерді атап өткім келеді. Қазақстан астаналарының тарихы да өте бай болған. Үш мемлекеттің: Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағандықтарының астанасы Суяб қаласының іргесі негізізнен бесінші ғасырда қаланған. Орталық Азиядағы аса ірі қалалардың бірі Баласағұн (Ақтөбе) – Батыс Түрік қағандығының, Қарахан және Қарақидан мемлекетінің бас қаласы болған. Ең көне астаналардың бірі – Тараздың атағы V – VII ғасырлардың өзінде-ақ, Қытайдан Византияға дейін тараған. Тараз грек ғұламасы Птолемейдің картасына түсірілген. X-шы ғасырдан бастап Тараз Қарахан әулеті өкілдерінің астанасы, көп уақыт бойы экономикалық орталық, Ұлы жібек жолындағы жетекші сауда орны болған. Жазба деректерде «Бірінші қала» атанған даңқты Испиджаб (Сайрам) VII-ші ғасырдан белгілі. Күлтегін, Білге қаған тас ескерткішінде Тарбанд деген атпен жазылған Отырарды қалай ұмыт қалдыруға болады? IX– XI ғасырларда Сыр өңіріндегі Жанкент (Янгикент) Оғыздар мемлекетінің, ал Ертіс бойындағы Имақия қаласы Қимақ мемлекетінің өркендеген астанасы атанған. Дешті Қыпшақтың астаналары Орда Базар мен Женд, Ақ Орданың бас қалалары Сауран мен Сығанақ әлденеше рет қиратылып, қайта жанданған. Рузбехан жазбаларында (XVI- ғасыр) Сығанақ саудасы өркендеген, бау-бақшасы жайқалған, қазақтың бай қаласы ретінде аталған. Қазақ хандары Тұрсынның, Жолбарыстың, Рүстемнің, Абдолланың, Әбілғазының астаналары Ташкент қаласы болған. Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласының тарихи орны да ерекше мекен. Түркістан Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке (Тәукеұлы), Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай хан тұсында қазақтардың айбынды астанасына айналған. Шаһар жалпы түркілік мәнге ие еді. Қожа Ахмет Иасауидің есімі мен кесенесі оны Орталық Азияның діни астанасы – екінші Мекке мәртебесіне дейін жеткізгені мәлім. Бүгінде, сол қасиетті мекеніміз қайта жанданып, тамаша туристік орынға айналуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен бастау алған үлкен құрылыс жобасы жүзеге асырылып, болашақта жан-жақты дамыған туристік орталық болары сөзсіз.

Еліміз сан ғасырлар бойы арман еткен, тәуелсіздікке қол жеткізіп, дербес мемлекетке айналған соң, 1994 ж. соңғы екі ғасыр тарихында қазақ халқы тұңғыш рет өз мемлекетінің астанасы туралы батыл шешім қабылдады. 1997 ж. 20-шы қазанда ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақмола қаласының (1998 жылдың 6 мамырынан – Астана қаласы) Қазақстан Республикасының жаңа бас қаласы болғанын жариялады. Бұл шешім мемлекетіміздің жаңа бағытта, әлемдік деңгейде дамып, өркендеуінің ұлы бастамасы болғаны даусыз. Бүгінде ел астанасы білім мен мәдениеттің, бірлік пен таулықтың символы іспеттес әсем де, заманауи мекенге айналған. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған жұртың жер кіндігінде орналасқан «Арман қаланы» көруге деген қызығушылығы жыл санап өсіп келеді. Кітап тақырыбының да «Арманға бастар асулар» атанауының себебі , дәл осы шаһармен тікелей байланысты.

Егер, адам баласы өсіріп жатқан жемісін тек қураған жапырақтарынан ғана тазартып отыратын болса, өсімдіктің күтімі дұрыс болар ма екен?-деген сұрақ мені де мазалап, қолыма қалам алған сәттен бастап, әрбір тіршілік иесінің тамырынан қоректеніп қана жайқалып өсеріне, тегіне қарап бой түзейтініне баса назар аудару қажет екенін тілге тиек етемін. Болашақ ұрпағымыз өзі шыққан тегін мақтан тұтып, түп-тарихымыздан нәр алып, ұлы елдің ұрпағы екенін мәңгі есте сақтауы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан, қазақтың тарихи мәні бар, өркениеті мен мәдениеті дамыған көне қалалары жайында жас жеткіншек хабардар болуы тиіс деп, арнайы тоқтала кетуді жөн санадым.

Көне қалалардың бірі-Отырар. Отырар қаласы VIII-ші ғасырдың басында әлемге Тарбанд деген атауымен белгілі болған. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналған көне түркі жазбаларында кездеседі. Араб тарихшысы Табаридің зерттеулеріне көз жүгіртсек, Отырар IX- ғасырдың өзінде –ақ ірі қала болған! Оның айтуынша, бас қала аймақ есімімен Фараб аталған.

X-ғасырдан кейін Кедер тарихи және географиялық жазбаларында ірі астаналар осы аймақта – Фараб делінген. Отырар V-XV ғасырларда Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Монғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы үлкен қала болды. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, қалада сол кезде әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-медреселер болған. Отырар қалаларының үйлері ерте кезеңнен-ақ кварталдық жүйемен тұрғызылған. Әдетте 4-6 үй бір кварталды құрайды. Тағы да құнды ерекшеліктерінің біріне қыш ыдыстарға салынған 100-ге тарта таңба белгілері жатады. Белгілердің негізгі тобы ру-тайпалық таңбалар. Бір ерекшелігі, мұнда қазақтың үш жүзіне де кіретін ру-тайпалардың таңбалары бар. Жергілікті мекен еткен халық мал шаруашылығы мен бірге жоғары дамыған егіншілік бағытын да ұстанған. Ұсталық, зергерлік қолөнер де жақсы дамыған.

Жоғарыда атап өткен Отырар медресесі жайында бірер дәлел келтіре кетуге болады. Отырар медресесі – Отырар қаласында болған ортағасырлық діни оқу орны. VIII- ғасырдың аяғында құрылып, монғол шапқыншылығына дейін жұмыс істеген. Медреседе жан-жақтан білім іздеп келген шәкірттер 10-жыл бойы тәрбиеленді. Білім алушы шәкірттерге түске дейін сабақ берілсе, түстен кейін медресе жұмысына атсалысқан (аула сыпыру, ас пісіру, бау-бақша суару, т.б.). Жұмыстары аяқталған соң шәкірттер сабақ барысында берілген тапсырмаларын орындаған. Отырар медресесінде алғашқы 5-жылда сол заманғы әлемдік үш тіл: түркі-қыпшақ, парсы, араб тілдері оқытылды. 5-жылдан кейін шәкірттерге діни сабақтармен қатар астрономия, геометрия, музыка, т.б. ілімдер бойынша жан-жақты білім берілген. Отырар медресесінде ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби оқыған.




Armanga bastar asular

Подняться наверх