Читать книгу Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - Кеңес Оразбекұлы - Страница 4

Ә

Оглавление

ӘДЕТ ӘДЕТ ЕМЕС, ЖӨН – ӘДЕТ


«Көнеден келе жатқан жөн-жоба, әдет (заң) бойынша Керей ханнан кейін хандық биліктің тізгіні аға баласы ретінде Мұрындыққа тиесілі болған. Солай деп Мырза Мұхаммед Хайдар да жазады. (Мұхаммед Хайдар Дулати „Тарих-и Рашиди“ – Алматы, 2003, 306 бет). Алайда Қазақ хандығының шаңырағын көтерісіп, туын қадасқан тұтқа ретінде жол Жәнібекке берілген. Мұрындық даланың жазылмаған заңы – жөн-жобаға тоқтаған. „Әдет, әдет емес, жөн – әдет“ дейтін мақал сөз осындай қисында айтылған. Қазақтың қария сөздері, шежіре деректері осылай дейді». (А. Сейдімбек, 93. 326-б.).

Бүгінде ежелден қалыптасқан әдет, дәстүрді кейбір адамдар жағдайына қарай өзінше құбылтып, бұзып-бұрмалап, кейде барлығын, байлығын танытып әспеттеп жіберетіні жасырын емес. Сондай жағдайларда жөн білетін адам оларды осы мәтел арқылы жол-жобаға салады.


ӘЗ БОЛМАЙ, МӘЗ БОЛМАЙДЫ


«Халқымыздың таным-наным болжамы бойынша күн мен түн тепе-теңдікке жеткен кезде әуеде ғажайып бір діріл мен гуіл естіледі, сол үнді „әз“ дейді. Әз өткенде бүкіл жан-жануар, күллі өсімдік дүниесінде, жалпы тіршілік әлемінің бойына қан жүгіріп, қайта түлеп жаңарады, ескінің ауырлығы кетеді. Әздің жүргені әдетте байқала бермейді, оның өткенін қой алдымен сезеді екен. Қой аспанға қарап жамырай маңырап, тұрып қалатын көрінеді. Соны көрген малшы „жаз хабары келді“ деп қуаныпты. „Әз болмай, мәз болмайды“ немесе „Әз болмай жаз болмайды“ дейтін нақыл сөз содан шығыпты». (З. Ахметова, 16. 326-б.)

«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (1-том, 583—584б. «Ғылым» баспасы, 1974ж.) «әз» деген сөздің екі түрлі мағынасын беріпті. Бірінші мағынасы – соқыр, көр, екінші мағынасы – ғазиз, ардақты, жақсы. Ал, жоғарыдағы мәтелдегі «әз» сөзінде осы екі түрлі мағынаның арасындағы бір құпия белгі бар сияқты көрінеді. Ол қандай белгі, қасиет-қуатына тереңдей бойлау, түсіну қиын.

Әздің 22-наурызға дейін өтетіні күн мен түннің теңелген сәтін байқатса керек. Содан кейін күн бірте-бірте ұзарып, ауа райы жылына бастайды. Ендеше, мәтелдің мағынасы күн мен түн теңелмей, ауа райы жылынбайды, мәз болмайды дегенді аңғартса керек.


ӘЗ ТӘУКЕНІҢ «ЖЕТІ ЖАРҒЫСЫ»


«…Аталған екі заң („Қасым ханның қасқа жолы“, „Есім ханның ескі жолы“) ұлы хан әз Тәуке тұсында (XVIIғ. аяғы мен XVIIIғ. басы) одан әрі жетілдіріледі, жаңа құқық тараулары енгізіледі. Ол бүкіл қазақ жұртына белгілі әділетті заң ретінде „Жеті жарғы“ деген атпен танылды. Әз Тәуке Хан кеңесі мен Билер кеңесін құрды. Жыл сайын Құрылтай өткізіледі. Осындай мемлекеттік, құқықтық, азаматтық ережелер негізін жасауға атақты үйсін Төле би, арғын Қаздауысты Қазыбек би, алшын Әйтеке би, Әнет бабалар қатынасты. Бұрынғы бес тараудан тұратын Ережеге жесір дауы мен құн дауы қосылады. Аталған заң қағазға түскен, түспегені әлі белгісіз. Бірақ мұны елдің батыр, билері, ақсақалдары, шешендері құрандай жаттап, кейінгі ұрпаққа жткізді». (С. Кенжеахметұлы, 43.8-10-б.).

«Қасқа жол» мен «Ескі жол» заңдары 17-ғасырдың аяқ кезі мен 18-ғасырдың басында қайта толықтырылып, елеулі өзгерістер енгізіліп, дамытылды. Тәуке хан (1680—1718) тұсында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» өткізіліп, «Қасқа жолдың» бұрынғы бес тарауына тағы да екі тарау қосылып, «жеті жарғы» («жеті заң») деп аталды. Бұл жаңадан қосылған екі тарау: жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң еді. Тәуке хан тұсында Қазақ хандығының шығыс жағындағы жайылымдарды ойрат-жоңғар фоедалдарының басып алуына байланысты жердің таралуы, мал жайылымдарына таласқан жанжалдардан адам өлімінің жиі болуы себепті жер дауын мүлік заңынан бөліп алып, жеке-жеке тарау енгізуге тура келді.

«Орыс департаментінде» бұл заңдар «Тәуке ханның заңдары» деп аталды». (М. Қани, 55.319-б.).

Ел арасында бұл «жарғы» «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген атпен танымал.

Бұл бүгінгі біздің Ата заңымыз сияқты хандық дәуірдегі мемлекет құрушы басты заң қағидаларының бірінен саналған.


ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАДЫ,

ШЕШЕ КӨРГЕН ТОН ПІШЕДІ


«Қазақта: «Әке көрген оқ жонады, шеше көрген тон пішеді» деген өте орынды сөз бар. Бұл сөз мынадан шыққан: қазақ тарихы жаугершілікке толы. Сондықтан қазақ ұл дүниеге келген күні «бір сарбаз қосылды, жасақ молайды, жауды жайратады бұл» деп қуанған. Сондықтан да ұлдан күтетін алғашқы үміті – ел мен жерді жаудан қорғайтын бір батыр қазақтың маңдайына бітсе екен деу. Өйткені, оның әкесі, әкесінің әкесі арғы бабасы да оқ жонып, сайысып өткен. Ең негізгі мақсат отаншылдық рухқа тәрбиелеу болғандықтан, оқ пен сойылға, садақ пен бос мойын шоқпарға балаларын баулыған.

Енді «тон пішеді» -ге келсек – ертедегі қазақта мата тоқитын, киім тігетін өндіріс орны дегендер болмаған. Өрмек құрып, шекпенді тоқыған да, теріні илеп, тон мен ішікті тіккен де, киізді басып, баспананы жасаған да, жабағыны жіпселеп, көктеп, күпіні тіккен де —әйел. Былайша айтқанда, бұрынғы қазақтың үсті-басын бүтіндеген, сәндеген де —сол. «Ана көрген тон пішедіні» қазақ осыған бола айтқан». (А. Жүнісұлы. 9.).

Ер бала – әкесіне, қыз бала – шешесіне ұқсап, тартады, солардан көріп-тоқығанын істейді, меңгереді деген ұғымды береді.


ӘКЕСІ ҚҰРДАСТЫҢ БАЛАСЫ ҚҰРДАС


«Жездесі мен балдызының, жеңгесі мен қайнысының, бажалардың, құрдастардың арасындағы қалжың ерсі емес. Кейбір жігіттер әкесінің құрдастарымен де реті келген жерде үлкен адамның жасын сыйлауды ұмытпай зілсіз, жеңіл қалжыңдасып жүреді», «Әкесі құрдастың баласы құрдас» дегеніміз – осы». (М. Ниязбеков, 105.31).

«Құрдастардың әйелдері де құрдас болып есептеледі. „Әкесі құрдастың баласы құрдас“ деп, олардың балалары да әзілге араласып отырады. Құрдастық қалжыңдар басқа түркі халықтарының арасында кездесе бермейді». (С. Кенжеахметұлы, 43.217-218-б.).

Әзіл-қалжыңға жуық жүретін халқымыз соған ілік іздегенде, осы мақалға жүгінеді. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» мақалы да содан туған.


ӘКЕСІНЕ БАЛАСЫ КЕРУІШ ҮЙРЕТІПТІ


Бұл – әкесіне баласы ақыл үйретіпті дегенге саяды.

«Керуіш – музыка аспабы (оның пошымы садаққа ұқсайды, астында жастық ағашы, екі басын шалқасынан кере тартып тұратын бұрау ағашы бар. Оның шегі кәдімгі шуда жіп болған. Керуішті „адырна“ деп те атаған. „Әкесіне баласы керуіш үйретіпті“ деген мақал содан қалған. Керуішпен шабуылға шақыратын, жауға шапқанда да соны азынатып, айқай-қиқуға басатын». (Б. Қыдырбекұлы, 69.).


ӘЛЕМНІҢ ЖЕТІ КЕРЕМЕТІ


«Қазақ халқы ғана емес, әлем халықтары да жеті санын қастерлеген. Біздің жыл санауымыздан үш ғасыр бұрын ұлы қолбасшы патша Александр Македонский (Ескендір Зұлқарнайын) Кіші және Орта Азияны, Египетті, Оңтүстік Индияны, т.б. елдерді жаулап алып, сол өңірлерде өзі көріп тамашалаған ерекше сәулет өнер үлгілеріне аса жоғары баға берген. Кейінгі заманда олар „Әлемнің жеті кереметі“ атанған». (Ж. Кейкін, 42.).

Сол уақыттары «Әлемнің жеті кереметі» дегенде, мынандай сәулет өнер үлгілері ауызға ілігетін:1.Мысыр пирамидасы. 2.Вавилон-ның аспалы бағы.3. Ертедегі Артемида храмы.4.Олимпиадағы Зевстің мүсіні.5.Галикарнастағы Мавсол патшаның табытханасы.6.Жерорта теңізі аралындағы Гелиостың (Күн Құдайы) қоладан жасалған мүсіні. 7. Александрия манары.

Бүгінде бір таңғажайып құрылысқа баға бергенде, «Әлемнің жеті кереметінің бірі» деп таңдай қағатынымыз содан қалған.


ӘЛЕМНІҢ СЕГІЗІНШІ КЕРЕМЕТІ


«Әлемнің жеті кереметі» деген ұғымды біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырда Жерорта теңізі жағалауындағы халықтар қалыптастырған екен (Қара – «Әлемнің жеті кереметі»). Қасиетті де тылсым жеті санымен байланыстырылып, ежелгі дүниенің ауқымымен өлшен-генімен, бұл ұғым күні бүгінге дейін өзгеріссіз жетіп отыр.

Әйткенімен, жеті кереметтің қатарына әлемнің басқа бөлігіндегі, яғни, Азия, Еуропа, Америка, Африка құрлықтарындағы көптеген ғажайып, ауқымды құрылыстар кірмей қалған. Америкадағы инктердің пирамидаларын, Ұлы Қытай қорғанын, Үндістандағы Тәж – Махалды, Александрия кітапханасын, Ұлықбек овсерваториясын, Пальмира, Петербург, Венеция ескерткіштерін және тағы басқаларды да кереметтердің қатарына жатқызуға болар еді. Ал өзіміздегі аңызға айналған Отырар кітапханасы, Қожа Ахмет Иассауи мавзолейі де сондай ғажайыптардың қатарында емес пе.

Сол себептен де әрбір елдің жергілікті тұрғындары өздеріндегі таңғажайып ескерткіштерді үлгі ретінде бағалағысы келгенде, оларды жоғарыдағы жеті кереметтің қатарына қойып дәріптейтін болған. Содан барып «Әлемнің сегізінші кереметі» деген тұрақты тіркес өмірге келген екен.


ӘЛ – МИСАҚТАН БЕРІ МҰСЫЛМАНМЫН


Бұл сөз тіркесі «Әлімсақтан бері…» деп те айтылады. Дүние жаратылғаннан, баяғыдан бері немесе дүние есігін ашқаннан, туғаннан бері… дегенді білдіреді.

«Бұл оқиға адамдар әлі фәниге келмей тұрғанда Алла күллі адам рухтарын жинап алып, «Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе? – деген сәтте олар: «Иә, әлбетте» деген. (Сонда Алла) қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ демеңдер», – дейді (Ағраф, 9/172). Яғни, сол кезде барлық рухтар перде болар тәндері болмағандықтан, Алланы айдан анық көріп мойынсұнған. Қазақта «Әл-мисақтан бері мұсылман-мын» деген сөз осыдан қалған». (99.).


ӘЛІПТІҢ АРТЫН БАҚ


Бір іс-шараның нәтижесін күт, асықпа, сабырлы бол дегенді ұғындырады.

«Араб алфавитінде «а» орнына қолданатын бас әріп «алиф» аталады. Біз оны қазақшалап «әліп» дейміз. Қыпшақтардың «әліп» аталатын рулық таңбасы осы араб әлібі десек (солай деушілер бар да), онда Қыпшақ руы Орта Азияға арабтардың, олармен бірге ислам дінінің келуінен әлдеқайда бұрын құралған ел болып шығады. Олай болса, қыпшақ «әлібін» арабтан алынды деудің қисыны жоқ. Ендеше, Қыпшақтікі қай «әліп»?

Көне түркілерде «әліп», «дақ», «жеке» мағынасында да айтылған. Мысалы, бал ашатын құмалақтың саны 41 болады. Сонда, қырқын жұпқа, біреуін даққа санайды. Балды (болжауды) «жұп» емес, «дақ» шешеді. Құмалақшы 41құмалақты үшке бөледі де, төрт-төрттен бөлшектеп, соңғы бөлшектен «маңдай» аталатын үстіңгі қатарын, ортасынан «белдеу» аталатын орта қатарын, төменнен «аяқ» аталатын соңғы қатарын шығарады. Солай бөлшектегенде «әліп» қай қатарда тұрса, құмалақшы балды соған қарап айтады. Қазақтың «әр істің ақырын күт» деудің орнына «әліптің артын бақ» деуі осыдан. Қыпшақтардың әлібі осы болуы мүмкін». (С. Мұқанов, 77.).


ӘЛІПТІ ТАЯҚ ДЕП БІЛМЕЙДІ


«…Ол кездегі қазақ алфавиті арабша еді ғой, оның алғашқы «а» әрпін «әліп (алиф) деп атайтынбыз, «әліп» – жоғарыдан төмен қарай тік тартқан сызық та (қазақтың оқымаған адамды «Әліпті таяқ деп білмейді» деуі содан…» (С. Мұқанов, 78. 99-б.).

Сауатсыз деген мағынаны береді.


ӘР БАЛАНЫҢ ҚОЛЫНДА БІР ШАҚЫЛДАҚ


«Шақылдақ – екі асық жіліктен жасалған ойыншық. «Әр баланың қолында бір шақылдақ». (Б. Қыдырбекұлы, 69. 95-б.).

Бұл мәтел балалар ойыншыққа қарық болыпты ғой деген ойды аңғартады.


ӘРБІР БАЛА АНАСЫНЫҢ БІР ТІСІН АЛАДЫ


«Толғақ қысқанда, әйелдің бір мүшесін ерекше ауырта келеді. Мәселен, оның тісі ауруы мүмкін. Тіліміздегі «Әрбір бала анасының бір тісін алады» деген мақал осыдан туған. Бұл – «тіс толғақ» деп аталады. Осылайша анасының тізесі ауырып белгі берсе, «тізе толғақ, желкесі ауырса, «желке толғақ, т.с.с. ұшырасады». (Б. Әлімқұлов, 21.).

Әрбір бала анасына бейнет те әкеледі деген мағынада ұғынылады.


ӘР ХАННЫҢ ТҰСЫНДА БІР СҰРҚЫЛТАЙ


«Жетісуда Шыңғыс әулетінен төрелік еткен Тезек төре ақындыққа, өнерге бой ұрған адамның бірі болған. Оның Сүйінбаймен айтысында:

Тұсында Абылайдың Бұқар жырау,

Хан Әбілдің кезінде Түбек тұр-ау.

«Әр заманның бар дейді сұрқылтайы»,

Сұрқылтайым менің де екен мынау, —

дейді.

Қазақта «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» деген мәтел бар. Халқымыздың қолданған «сұрқылтай» сөзінің мағынасы «ханның кеңесшісі, ақылшысы, сөзін сөйлейтін ділмар, ақыны» дегенді білдіреді. Бұқар жырау – Абылай ханның ақылшы-кеңесшісі, сұрқылтайы болса, Тезек төренің айтуына қарағанда, Әділ ханның сұрқылтайы Түбек жырау болған. Мән-мағынасы мүлдем күңгірт тартып кеткендіктен, казіргі жазушылардың бірқатары мұны жағымсыз адамды сипаттайтын сөз ретінде қолданғандары байқалады. Тіпті бұл сөзді сын есім (оны да жағымсыз сипатты білдіретін) ретінде қолданушылық та бар». (Р. Жарылқасынов, 51.).

Бүгінде бұл сөз тіркесі әрбір елбасшы, әкім, бастықтың тұсында бірен-саран халыққа жағымсыз, нашар, атақ-дәрежесіне лайықсыз әкімсымақтар болатынын меңзеп, кері мағынасында айтылып жүр.


ӘСЕМПАЗ БОЛМА ӘР НЕГЕ,

ӨНЕРПАЗ БОЛСАҢ АРҚАЛАН.

СЕН ДЕ БІР КІРПІШ ДҮНИЕГЕ,

КЕТІГІН ТАП ТА, БАР ҚАЛАН!


«Дүние бір алып құрылыс, оған әрбір адам өз үлесін қосу керек деп тұжырымдайды: „Әсемпаз болма әр неге, өнерпаз болсаң арқалан, Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!“ дейді. Абай ақыл-парасатты дәріптеп, ғылым мен ағарту иделарын насихаттайды. Абайдың философилық ой-пікірінің әлеуметтік маңызы мен алға басарлық мәні, міне, осында». (М. Қани, 55.348-349-б.)

Ал, біздің жұрт бүгінде әр кімге бір еліктеп, әсемпаз болуға тырысатын сияқты. Бұл түрімізбен қайда барып, не оңдырмақпыз?

Қанатты сөз – қазына. 2-кітап

Подняться наверх