Читать книгу Құлагер - Ілияс Жансүгіров - Страница 1

ҚҰЛАГЕР

Оглавление

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ

(1984–1938)

Толғану

Тасқында, тау суындай көңіл жыры,

Қазақтың сусындасын ойы-қыры.

Бұрқырат кер бұланды кең далаңа,

Бастырмай шөпке-шарға тоқтап құры.

Далаңның той болғанда қиял құсы,

Жүйріктей бабындағы жүгір, міні;

Орай шап алдын, артын жиын жұрттың,

Жыр қыла бүгінгіні, бұрынғыны.

Шарықта шар тарапқа қиял құсы,

Көңілдің көп тұрғанда күнді алғысы.

Халқыңның қуанышын қанат қып қақ,

Қашанда қала берер ұяң кісі.

Қашаннан қазақ көшкен тарих көші,

Таланып жаудан, жұттан жеткені осы.

Көсемі көш алдында басшы болып,

Бақыттың жайлауына қонған тұсы.

Шат көңіл, шадыман жұрт ақынысың,

Жүйріктің жұрт қуантқан жақынысың,

Баласын бақытты елге, түс майданға,

Халқыңның қайратысың, ақылысың.

Тілісің, теңіз көңіл, батылысың,

Өткір ой, сазгер сезім батырысың.

Желіндей қуаныштың жеделдей соқ,

Өлеңнің өзені бір сапырылсын.

Күйіндей домбыраның құлдырасын,

Суындай Алатаудың сылдырасын,

Сөздердің асыл, көркем тасын қала,

Ұйқасы өлеңімнің сыңғырласын.

Тегінде кəр құлақсың, сұңғыласың,

Сондықтан сұлу сөзді жыр қыласың.

Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай,

Я көрсін, я көрмесін тұрғыласым.

Ұзаққа жүгіретін өрен жүйрік,

Секілді тыз етпеге қақпай күйбік,

Көсіліп өресі ұзақ поэмаға,

Жай тастап, кең құлаштап, желдей жүйткіп.

Десе де «Бұл ақынның сөзін сүйдік»,

Десе де «Ақынымыз кетті жидіп»;

Тастай бер ортасына өз сөзіңді,

Ұлы ұрпақ, осы күні көпте билік.

Халқымның қуанышты бұлбұлымын,

Жұртымның жүйрігінің дүлділімін.

Көтеріп көптің көңілін күнде шауып,

Жүлде алар жұма сайын туды күнім.


Шат елдің шешенімін, даңғылымын,

Шыным сол, правом бұл, заңды мұным.

Астанам Алатаудан саңқылдасам,

Жетпей ме, жер жүзіне жаңғырығым?


Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ,

Көңілі судай тасып, оттай маздап.

Ескі күн елім көрген енді ойласам,

Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ.


Соларды əдетім еді айту аздап,

Ескіге ендігі елдің кегін қозғап,

Ескі күн – елдің жылап өткен күні,

Ескі əн, күй сондықтан қалған боздап.


Ежелден ескеруші ем елдің сөзін,

Бұлақтың тазалауға тінтіп көзін.

Бар ма деп ашпаған сыр, айтпаған жыр

Құлақты қырға түріп жүрген кезім.


Ақтарып асыл сөздің алтын, жезін

Салатын дүкеніме бар мінезім.

Ақтарған Арқа астын инженермін,

Ал жұртым, керегіңе тұрса сөзім.


Өзгеге ұғындырмас өзі бұзбай,

Сыншыдан сақта Құдай сортаң тұздай.

Шатасқан шалдуардан жиіркенем,

Елімнің ескісінен сөз айтқызбай.


Сапырған сырлы сөзді cap қымыздай,

Заманның отырғам жоқ,салтын бұзбай,

Асылын арамынан аршып алдым,

Қашаннан қазынаға халқымыз бай.


Туған жер

Мен өзім тауда туып, тасында өстім,

Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім,

Асқарда Аршалыға қозы жайып,

Бұлттың аспандағы қасында өстім.

Жөңкенің жоғары ала басында өстім,

Ақ гауһар Ақтастының тасында өстім.

Аспанда ақиығы шаңқылдаған

Құздардың құламалы астында өстім.


Сондықтан бір қазақпын тауды сүйген,

Тасы жоқ, таусыз жерді жерсінбеген.

Алматым Алатаудың бауырында

Аңқылдап жел соққандай əн мен күйден.


Жасымнан жырлап едім тауды талай,

Гималай, Кавказ, Жөңке, Алтай, Алай.

Ордасы ой, көңілімнің ала асқарлар

Жырлатпай жүрегімнен жатсын қалай?


Таудағы тасқындаған ағын судай,

Өлеңім басталады таудан ұдай.

Əсемін əңгіменің көп таратқан

Айтылмай қалған екен тау мынадай:


Көк орман, көркем тоғай маужыраған,

Сұлудың кезіндей көл жаудырған.

Малта тас, маржан, ахық, меруерт тас

Төгіліп көл жиекке саудыраған.


Көк кілем, балаусасы балбыраған,

Көк жібек жапырағы жалбыраған.

Ақ қант аспандағы сонда жауып,

Бал бұлақ таудан, тастан орғылаған.


Бұл тауды іздейміз бе біздер шеттен,

Талайы осы таудың бізге біткен.

Мақтауға, мақтануға тұратын жер

Айтамын Көкшетауды даңқы кеткен:


Оқжетпес оқшырайып өрлеп кеткен,

Кеудесін керіп көкке сермеп кеткен.

Қия құз, жақпар сарай, бура тастар

Тəртіппен көлді айнала сəндеп шөккен.


Кавказдай таласпайды аспан-көкпен,

Қаһарлы Хантəңірі емес қар бекіткен,

Алтайдай асу бермес асқар емес,

Жөңкедей жолсыз емес құж-құж біткен.


Көкшетау жер жаннаты жеке біткен

Бір сұлу кең далада бойын күткен.

Жомарт тау дастарқанды, момақан тау,

Шипа тау тазартатын барлық дерттен.


Көкшетау көп жердің бір көркем жері,

Қыз орман Бурабайдың мөлдірлері.

Жамылып жасыл барқыт асыл құндыз

Түрленген тотықұстай тау көркемі.


Сайраған бұлбұлындай əншілері,

Зулаған дүлдүліндей жүйріктері.

«Хан тұрып қазағыңа, ханды ант ұрған»,

Қонысы Абылайдың бір күндегі.


Қазақтың əсем жері Арқасында.

Арқаға жетер Арал, Балқашың ба?

Сырымбет, Зеренді, Иман, Айыртаулар

Арқаның тізілгендей алқасына.


Арқаның алқа қонған даласына,

Ауылдай таулар отыр жарасымда.

Алапқа бетегедей киіз төсеп,

Оранған орманды тау ағашына.


Бұлақтың тəттісі де, тазасы да,

Көлдердің кең мөлдірі тап осында.

Айдыны ала шұбар, құс қиқулар.

Ауыл, мал, масаты көл жағасында.


«Ауылы Сырымбеттің саласында.

Ақ сұңқар ғашық болып баласына».

Құмар боп жерден жүйрік, көктен құсқа,

Тұр таулар əн шырқалған арасында.


«Ол күнде осы тауда жалғыз жан жүр,

Дүниеден аулақтанған дабыр-дүбір.

Қара шал қайыңды отыр көлеңкелеп,

Бір қу бас шал үстінде ілулі тұр.


Неткен жан, əлде даңғыл, əлде мұңғыл?

Бұл өзі əн күңірентіп айтады жыр». –

Осылай ертегі қып кетуінде

Елдің де ескі ауызында жоқ па екен сыр?


Салғанда шалқып, шырқап əр түрлі əнге,

Осы шал ұқтырғандай көп əңгіме.

Жетісу, Ертіс, Арқа жүрген жаттап

Байбайлап салған əнін «Құлагерге».


Кетсе де шалдың өзі көптен көрге,

Жайылған əні, сөзі жалпақ елге.

Елімнің есігінен иттер қуған

Сорлының сүйреген ел басын терге.


Жақсының жақсылығын жан айтады,

Сондықтан «Құлагерді» бəрі айтады.

Егіліп əндеріне, сөзін тыңдап,

Ерінді ел қиялы дардайтады.


Қазақта Құлагерді көп айтады,

«Серінің серігі еді» деп айтады.

«Ат сыры иесіне мəлім» деп жұрт,

Тегінде мал көрмесе, неге айтады.


Заманда сонау сарсаң Ақан тұрған,

Ол заман – ерге тұсау, зорға думан.

Жалмап жеп айналасын аш кенедей,

Семірген жұрт қанына нелер жуан.


Хан қабан – халық құлағын бұрап тұрған,

Бүйі би – билеп-төстеп сұрап тұрған.

Қор қылып ақ алмасты отқа көсеп,

Жүз-жүз жар теңін таппай жылап тұрған.


Барымта – ел шулатып жылқы қуған,

Əупілдек батыр шыққан əр рудан.

Ел құнға жұма сайын бір жығылып,

Қара нар, қалы кілем бітім қылған.


Қанды кек ел арасын ушықтырған,

Қорқауды қол табылмай тұмсыққа ұрған.

Асыл ер, арманды жар опық жеген,

Албасты əлсіз жанды тұншықтырған.


Қырдағы қара сойыл бақандаған,

Қалада қара жүрек қаһарланған.

Тұсында сері болсын, пері болсын,

Ұнайды өмірімен Ақан маған.


Ол күнде қазақ мұндай жасармаған,

Құл мен күң қожасынан аса алмаған.

Жарлыға, жалғызға да дес берді ме,

Жыландай ысқырынған заһар заман.


Керексіз кісі болған ол заманға,

Қайткенмен бір жұмбақ сыр бар Ақанда.

Ез болмай, елге сыймай кім тұра алған,

Жалғыз боп жанаса алмай барлық жанға.


Түскен жан сондай күйге сұм жалғанда

Ескеріп енді ойлансақ тегін жан ба?

Қыңыр жан қырық кісімен қырпышақ боп,

Ел таппай өте берген неге арманда?


Ішінде өрті жанып басылмастай,

Шемеңдеп дерті кеткен ашылмастай.

Тентіреп тауда, таста неге жүрді,

Тасталып танылмаған асыл тастай?


Бай басып, батыр əлде жасқаған ба,

Би тауып, шерін шындап ашпаған ба?

Сұңқар құс сүймеген бір жұмыртқасын

Ұядан садағалап тастаған ба?


Таба алмай тыныштықты туған елде,

Кете алмай біржолата бөтен жерге,

Тартқанда жалғыздықтан жаны қорлық,

Төсеген талай ерлер оққа кеуде.


Жақсы боп елден өлім талай ерге,

Аз ба екен оққа ұшқандар дуэльдерде?

Өлімді жан қорлықтан жақсы көрген

He дейміз Лермонтов пен Пушкиндерге?


Өмірде бастырмастан көңілін өрге,

Кім еді ел талантын тыққан жерге?

Қыз емес, қара күш пен қаңқу сөздер

Ертерек ер жүрегін көмген көрге!


Өмірде солардайын қорлық тартқан,

Сұм заман өткір жанды қор қып баққан.

Жаралап ер жүрегін жау қанжары,

Ысқырып жылан өмір жанын шаққан.


Лермонтов болмағанмен біздің Ақан,

Кісі ме ед ақындықтан құралақан?

Ортасын олқы көрген бұл да дара,

Имеген иттерге бас сері, дарқан.


Еріксіз ерте туған ел еркесі,

Жетпестен қиылатын ер желкесі.

Лермонтов, Пушкин көктен атылған құс,

Түскен бе Көкшетауға көлеңкесі?


Қайт болып қара күштен меселдесі,

Халықтың қайғыда өткен нешен досы.

Жаныштап жұрттың жанын жерге тыққан

Қара күш, қаңқу сөздер – кеселді осы.


Тегінде тегін бе екен Ақан сері,

Бұл да бір емес пе екен елдің ері?

Өз ұлы, өз ерлерін ескермесе,

Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?


Туғаны Арқадағы Арғын елі,

Өскені Көкшетаудың шалғын жері,

Ащы тіл, асау мінез қылығынан

Атанып кетпеді ме «Азғын», «Пері»?


Лақабы – əлде əулие, əлде пері,

Арқаның атақтысы Ақан сері.

Көкшеде сұлу сүйіп, өлең айтқан

Бұлаңдап тақымында Құлагері.


Көкшеге жаз көк жібек жапқандайын,

Көкшеге қыс ақ күміс шапқандайын.

Көкше қыз күзде киіп қырау ішік,

Көк айна – көлі қыста қатқандайын.


Жамылған қыста ақ үзік ақ қардайын,

Төселген жазда кілем мақпалдайын.

Қырдағы ел «Құлагердің» əнін тыңдап,

Былайша əңгімелер Ақан жайын:


Ақан

Бурабай бір таза жер «пері» жүрген…

Онда жоқ жын мен сайтан өріп жүрген.

Ағашқа атын байлап көлеңкелеп,

Ақан ғой анда-санда келіп жүрген.


Ақандай осы тауда сері жүрген,

Су ішіп, тауда шие теріп жүрген.

Қайыңдай мінсіз, таудай таза жігіт,

Көң-қоқыр, былапыттан жеріп жүрген.


Жасынан иеленген баласындай,

Талпынып Көкшетауға анасындай.

Көліне бетін жуып, ат суарған

Арқаның бір сиқырлы айнасындай.


Сұрша тал – сұлу қолдың саласындай,

Қып-қызыл қайың – қыздың баласындай.

Жамылған жанат ішік, мөлдір сұлу,

Көзінің Көкше көлі шарасындай.


Кісі емес Ақан төрде билік айтқан,

Ұры емес, ауыл торып, ел шулатқан.

Молда емес, мешіт салып, зекет алып,

Нəжісін дүниенің бойға жаққан.


Ол емес жəне өзінің малын баққан,

Жалшы емес жəне байдың отын жаққан.

Кісіні ит етінен жек көретін

Дау қуып, арыз айтып, биге шаққан.


Төренің тұсындағы қасына ерген,

Өзін ел кұрмет қылған көрген жерден.

Жерлерді тоқты сойған топыр қылып,

Сал сүрей, саңлақ мініп, сұлу сүйген.


Жүйрік ат, сонар саят, қыз-қырқынмен

Өмірді өткізген жан өз ырқымен.

Өмірдің ащы емес, тұщысында

Қызықтап жігіт ойын, қыз күлкімен.


Сандақ ед шыққан мыңнан, озған жүзден,

Көп сұлу көзін сүзген күнді өткізген.

Қызықтың айдынына құлаш ұрып,

Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген.


Солардан келе-келе жаны безген,

Өмірде əлсіздігін əбден сезген.

Сезгір жан, нəзік көңілін азап алып,

Жабырқап, жапан түзді жалғыз кезген.


Кісі емес көп қатынды үйірлеген,

Болған жоқ бір пендеге тию деген.

Текті құс тазалықты қолына ұстап,

Арманы-ақ сұлулықты сүю деген.


Адамнан, айналадан, күйіркеден,

Бой тартып ел ішінен жиіркенген,

Безінген біржолата тағы болып,

Аулақтап əсем тауда жүруменен.


Сұлулық жерден өніп, көктен жауған,

Тапқан ол тыныштықты таза таудан.

Шомылып мөлдір көлге, орманда ұйықтап,

Жақсы жер жұмбақ жанын аялаған.


Қарағай, қайың, талдар – қалың орман,

Тау мен тас жеке жанға болған қорған.

Қиқулап өлең айтып, күйлер тартып,

Сері үшін құс, көбелек қылған думан.


Таза тас сияқтанған күміс кесек,

Жапырақ секілденген таза төсек.

Жүрегін жуықтаса жаралаған

Кір өмір, тікен тұрмыс, улы өсек.


Ақанды сол күндегі сопы десек,

Əсем тау оған кұбыла, Меккеге есеп.

Əн – азан, əдемі сөз – намаз болып,

Кітап боп көңілін ашқан гүл-бəйшешек.


Бұл өзі ауылында аз оқыған,

Алғыр ой, ақын, əнші – көп тоқыған.

Елді улап, өлім тілеп жалмаң қаққан

Бұл емес, бөлек еді көп сопыдан.


Көрмеген ілімді артық көк тоқтыдан

He тапсын білгенімен көр соқырдан.

Тəңірісі табынатын табиғат боп,

Мешіт қып мекен алған көк шоқыдан.


Жасынан туып, өсіп мекен қылған

Жерінен патша қуған, қала отырған.

Ел інін суға алдырған суырдай боп,

Жойқын жұт – сұрапылда малын қырған.


Арманды ел ақ патшаға арыз қылған,

Арыздан борыш басып, қарыз қуған.

Жер мұңын, елдің шерін өлең қылып,

Ақан да жанның бірі жаны ауырған.


Жəне де жақынынан жарды сүйген,

Сол үшін ауыл-аймақ, безген үйден.

«Алам» деп Ақмарқаны алас ұрып,

Ала алмай ақырында жаны күйген.


Сол үшін тау пəлені басына үйген,

Тартқан ол тауқыметті болыс, биден.

Соқпадым онысына осы арада,

Бар ма деп жолдастарым жазып жүрген.


Күйдіріп осындайлар жанын жеген,

Кеңесіп келісе алмай қалың елмен.

Тілімен жырды жаттап, жерді жоқтап,

Ол өзін жазалаған алдыменен…


Сұрама оның бəрін бүгін менен,

Тіршілік болса тағы айтып берем.

Ақанның ең аяулы əңгімесі –

Тек бүгін тарқасалық «Құлагермен».


Арқада Ақанды айтқан əңгіме көп,

Қылады оны əулие əлде не деп.

Əулие болмаса да безеген жан,

Неліктен? Тарихшылар табар себеп.


Мен өзім сері Ақанды көргенім жоқ,

Сөздерін, əнін жаттап, тергенім жоқ.

Ақанның өзін көрген, сөзін терген

Адамдар айтпас мұны өтірік деп.


Серінің сүйген жары – Ақмарқасы,

Көліндей Көкшетаудың жан қалқасы,

Сол ма екен елден айдап əн салдырған,

Жүрегін күнде шауып қыз балтасы.


Асыққа азап болып қызға айқасы,

Қайғымен өртеді ме қыз-қалқасы?

Жұрттан ба, жарынан ба жанын қинап,

Серіні сыйғызбаған ел ортасы?


Əйтеуір Құлагерді мініп баптап,

Жалғыз жан жапан-түзге кеткен ақтап.

Ақ көңіл, асқар жанын алып қашқан

Арамнан, айналадан, кірден сақтап.


Сондықтан əн шырқаған жырды мақтап,

«Асылым, Ақмарқам» деп атын жаттап.

«Сендерге сүйгеніммен келмедім» деп,

Орманға, құсқа, тасқа қызды мақтап.


Жете алмай арманыңа болып қапы,

Күңірентіп əніменен кең аймақты,

Түлкі үшін тасқа түскен қыран құстай

Болған соң кетті ме екен жаны запы?


Жатталып Ақмарқаның аузында аты,

Телміріп таста отырып жазған хаты.

Жары да, жолдасы да тек біреу-ақ –

Онысы астындағы жалғыз аты.


Меншіктеп таза бұлақ, таудың тасын,

Мекендеп жүрген дейді көлдің қасын,

Айтады осылайша айтушылар,

Кім білсін, əлде өтірік, əлде расын…


Тамсантқан əніменен кəрі, жасын,

Демейміз елге Ақанды сөз қылмасын.

Əңгіме Ақан емес, Құлагер ғой,

Осынан бастамақшы ек сөздің басын.


Ендеше көлденең сөз былай қалсын,

Қызықсыз қысыр сөзге кім айналсын.

Көңілін көркем таудың жайлауына

Шығарып, сері салтаң кете барсын.


Асық боп Ақан жоқтап Ақмарқасын,

Деп біраз жалын шығып, шер тарқасын.

Жаңғыртып Сырымбеттің күллі алабын,

Серіңіз серпіп көкке əн шырқасын.


Бұлбұлдар көмейлерін бүлкілдетсін,

Көделер ақ үкісін үлпілдетсін.

Суырып көк жібектің суыртпағын,

Құлагер көк шалғынды күртілдетсін.


Суықта паналасын ну тоғайға,

Ыстықта көлеңкелеп сая жайға.

Жауында үңгір тасқа ықтап, ұйықтап,

Шомылып жүре берсін Бурабайға.


Бата қып батқан күнге, туған айға,

Бейшара жүре берсін Бурабайда.

Серіні «пері» деген қалың қауым

Нағылсын, бір мақсымды қудалай ма?


Ac

Басталды əңгіменің былай басы,

Болды оған жетпіс, сексен жыл шамасы.

Арқада Ерейменді мекен еткен

Керейде Сағынайдың болыпты асы.


Қаудырап аппақ қудай сақал, шашы,

Қалтырап жынданғандай қолы, басы.

Сағынай сапты аяққа сиіп өлді,

Тоқпақтай тоқсан төртке жетіп жасы.


Білмеймін кім екенін Сағынайдың,

Кім білсін, қай жыл өтті, өлді қай күн?

Малы мол, малайы көп, қатыны көп,

Əйтеуір болуы анық бірі байдың.


Жоқ болмас, бірі ғана құры байдың,

Өзі – нəн болса керек, руы – айдын.

Осы астың біз айтпай-ақ өзі айтады

Болғанын əлдеқандай сұмырайдың.


Іріңдеп, сығырайып екі көзі,

Болыпты Керейдің бір бұлдысы өзі.

Алдынан дау, аузынан сөз кетпепті,

Айтқанда Керейлерше «Дəудің өзі».


Оларша – жердің белі, таудың құзы,

Ата ұлы, арыстандай кер ауызды.

Біздерше – хат білмейтін бір қатты шал,

Жуан ит сүйек бермес, жалмауызы.


Қар кетті, көк жетілді, ағаш мүлги,

Жетіпті Сағынайдың жылы жылжи.

Қар жұқа, қысы жақсы, жер соны боп,

Сол жылы Арқа елінде болып ед күй.


Қатарлап қаладайын үйлерді ылғи.

Көше боп көк майсаға тігілген үй.

Айтылған қыстай сауын, ұлы дүбір,

Хат алған неше дуан, болыс пен би.


Əр елдер тұрғы-тұрғы, алыс, жақын

Жаратып келіп жатқан дəмелі атын.

Бас қосқан неше дуан ақтарылды ас,

Жалпақ, жұрт түгел естіп жатты даңқын.


Əйтеуір əудім жерге шаба алатын

Бұл астан қалдырған жоқ қазақ атын.

Қалмастан қаладағы биржевойлар,

Саудагер қалдырған жоқ тағалы атын.


Керейдің ас болған соң осы шалы

Ағылды алуан жүйрік қосылғалы.

Қаптасты кұмырсқадай қырға қазақ,

Ac емес, шегірткенің жосылғаны.


Қараөткел келіп жатыр, Қарқаралы,

Кереку, Баян, Семей, Торғай – бəрі.

Жетісу осында кеп құйып жатыр,

Арқаға аунап шөкті Қаратауы.


Əр жақтың қошқарлары, марқалары,

Əр жерде ауыр қотан, алқалады.

Жиылды Сағынайдың сорпасына,

Асын жеп, атын шауып тарқағалы.

Əр елдің бұқалары, өгіздері,

Қызыл көз, саба құрсақ – семіздері,

Жерлерден жарты ай жүріп келгендер бар,

Келіпті пəленше де дегізгелі.


Дейміз бе осыларды нені іздеді?

Жын қуды астың етін жегізгелі.

Арқаға аударылды ас дегенге

Лақылдап Балқаш, Арал теңіздері.


Жан-жақтан ағытылды сабаны артып,

Түсіріп, дүрілдеп жүр табақ тартып.

Кісіге шыпылдады ақ ордалар,

Қалың ат ер-тұрманы етіп жалт-жұлт.


Байланған қыс бордақы домалантып,

Сойылды талай мертік, талай шартық.

Соларға бір сұғынды Сұрпақбайлар,

Мал сойып, табақ тартып, сорпа қалқып.


Арқаның жазы жібек, жері сая;

Қоңыр жаз самал соққан күн жылмая.

Қазақты асқа келген Арқа күтті,

Су беріп бал бұлақтан, кілем жая.


Тəтті жал, қазы, қарта мая-мая,

Дамылсыз дастарқанды жүрген жая

Жігіттер тынымы жоқ, табақ тасып,

Болғансып терлеп-тепшіп, бая-шая.


Шалдар да былыш-былыш қақырынған.

Сары қымыз салқын үйде сапырылған.

Қалың топ, қара құрық, қамыс кісі

Толықсып, желді күндей жапырылған.


Ақсақал ат əкелген ата ұлынан.

Əр елдің дəріптеген батырынан,

Біреуді білмесе де нəн деседі –

Шіреніп насыбайды атуынан.


Бір үйде тұздықтаған тəтті табақ,

Бір үйде ет тартылмай қаққан жалақ.

Бір жерде табақ теуіп, етке өкпелеп,

Боқтасып бір үй жатыр жерді сабап.


«Шорманның Оқасы!» деп шапты анталап,

Бір үйді қырғыз алды – Шабдан манап,

Оязы Қараөткелдің Измаилов

Бір үйде лəйліп отыр ішіп арақ.


Жиынға ояз мінген бір арғымақ

Тыншымай мамағашта тұр қарғылап.

Тұқымы, тобылғыдай тор қасқаның,

Алынған француздан аңғарылып.


Бүгіліп бауырынан, жүйрік жарап,

Жан-жақтан келіп жатыр не желді аяқ.

Көл асқа қыр қазағы құстай қаптап,

Топырлап қонып жатыр үйге тарап.


Бір үйде бəйбішелер бауырсақтай,

Ауызы еттен, майдан дамыл таппай,

Сүртініп сорпа терін жеңіменен,

Ұзын күн істеп отыр қарнын қаптай.


Келіншек – жас жауқазын, сарымсақтай,

Қыздар да пісіп отыр, қауыншақтай,

Ақ тамақ, алма бетті арулар жүр,

Қыдыржан бақалшылар сабыншықтай.


Бір үйде қобыз даусы шымыраған,

Күңіреніп кейде, бірде ыңылдаған.

Бір кезде бебеу қағып, күшіктей боп

Қыңсылап, сыңсығандай күй жылаған.


Бір үйде домбыра да ыңыранған,

Қыр күйі құлдыраған, бұлдыраған,

Қос ішек «Қосбасарды» сылқылдатып,

Жүректі жұлып жеуге күй жынданған.


Ет асып, пышақ қайрап, малды қырған,

Кедейге сонда ырза емес бай антұрған.

Жалғыз-ақ бұл жиында малдылар жоқ,

Аңсаған ас етіне қойшы қырдан.


Албасты Арқадағы абы жылан –

Молда отыр ысқырынып оқып құран;

Атты арбап, атан жұтып жатыр молда,

Құранмен жем түсіріп жуан-жуан.

Түлкісін санап қыстай пұшпақтаған,

Бір үйде бір дарақы құс мақтаған.

Саудагер мата сатқан сөз қатып тұр.

Қылжақтап бір тоқалға тұштақтаған.


Бір үйде өлеңші отыр жұрт мақтаған,

Сөз сатып, тиын тілеп елді ақтаған.

Толтырып сүйек-саяқ дорбасына

Бір қора қайыршылар жүр қаптаған.


Кəрі ақын кіжінеді өңмең қағып,

Бала ақын cap масадай жатыр шағып,

Екі жақ ереуілдеп көрісіп тұр,

Даттасып бірін-бірі атып, қағып.


Қолына я бөрік, я тұмақты алып,

Ақтаған ат үстінен сияқтанып,

Жаршылар жағы сембей зар қағып жүр,

Жұрт жатыр əр хабардан құлақтанып.


Таң атса шаң бермейді астың үйін,

Күн батса жан бермейді тіреп иін.

Сылтауы ас, Сарыарқаны қазақ басты,

Қыл сақал, қымыз сасып, қолпаң киім.


Осындай болып жатты ұлы жиын,

Жиынның мыңнан бірін айту қиын.

Еті тау, қымызы көл деуге болар

Айтқанда тартыңқырап астың сыйын.


Жүз-жүздеп жүрген жігіт даяшыға,

Ақ көбік мінген аттың жаясында.

Екі айдай Ерейменді ет сасытпай,

Жұрт малын жылулаған аясын ба.


Сан сойыс Сағынайдың бұл асына

Мал қайдан жетіп жатыр, расында?

Жан-жақтан топ-тобымен төгілген мал,

Көтерген малын Керей үй басына.


Мал айдап жан-жақтан жұрт оннан, бестен,

Көп саба келіп жатыр елдей көшкен.

«Жоғалған тоқтым бар» деп бай жүгінсе,

Қойшыға билер отыр кесік кескен.


Шығының, шаңырақ ақың мұнша дескен

Бір үйде старшиндар құлақ кескен.

Жасауыл анау жерде ат аударып,

Мынау жер жесір дауы дүрілдескен.


Жиылған көп күшіген əрбір тұстан,

Қалмастан қарға құзғын түгел ұшқан.

Тояттап қазы, қарта, түйе кекірік,

Қып-қызыл билер жатыр қымыз құсқан.


Қап қарын үйелмендер тісі шыққан,

Ішіне ет пен майды істеп тыққан.

Желпініп алды-артынан жел соқтырып,

Тер сасып, қарнын қасып, битін сыққан.


Сопылар тəсбі тартып, құман ап жүр,

Əр үйге «Аллай хақ» деп дуана жүр.

Кемпірі Сағынайдың опыраңдап,

«Кет-кет!» деп дуананы қуалап жүр.


Қарғалар қызыл көрген анталап жүр,

Май шайнап жамбастарды жаңқалап жүр.

Итініп ет үйлерге ит пен жетім

«Қай жерден қағамыз» деп байқап-ақ жүр.


Мырзалар күміс тұрман шалқалап жүр,

Кедейлер отын шауып арқалап жүр.

Күңірентіп Сағынайдың кəр моласын,

Осындай ас боп жатты Арқада бір.


Құлагер

Қайырып қыстай баптап Құлагерді,

Осы астың дақпыртына Ақан келді.

Мінгізіп бəйге бала, жайтаңдатып,

Ауылына ас бергеннің тақау келді.


Араға алты қонып, алыс жерді

Алып ед жайлап жүріп Ақан сері.

Хабары Құлагердің осы жаққа

Келуші ед еміс-еміс көптен бері.


Көз тігіп, тұрған күтіп Көкшетауға

Даяшы шапты алдынан қарсылауға.

«Қош келдің, Сері!» деген сəлемменен

Түсірді Ақанды əкеп ақ отауға.


Дегендей: шешен – дауға, батыр – жауға,

Жүйрікті – бəйгеге, – деп бағалауда.

«Дүлділі Көкшетаудың келді» десті, –

Toп жарған, талай елге салған сауға.


Кермеге қойды байлап Құлагерді,

«Маңайдан жан жүрмесін» деді сері.

Көзінен неге таса қылсын Ақан,

Іргені ат жақтағы түргіздірді.


Дегенге «Көкшетаудан Құла келді»,

Көруге ынтызар боп ел жүгірді.

«Біреудің тіл мен көзі тимесін» деп

Дұға оқып, Ақан жерге түкірінді.


Дыбысы бұрын жеткен Керқұланың,

Дегенге «келді» – түрді ел құлағын.

Ac тегіс алды-артына қалды үймелеп,

Көруге Көкшетаудың Кер пырағын.


Жиылған Арғын, Керей жан-жағына,

Көрмеде қалғып тұрды арда Құла.

He сыншы, не қырағы – жиылған жан

Көздерін қалды сүзіп саңлағыңа.


Құлагер

Подняться наверх