Читать книгу Астана әңгімелері. Бәріне кінәлі жалғыз сен… - Махан Мақпал - Страница 2

Оглавление

БӘРІНЕ КІНӘЛІ ЖАЛҒЫЗ СЕН НЕМЕСЕ АСТАНА ӘҢГІМЕЛЕРІ

(ӨМІРДЕН АЛЫНҒАН)

***


Түн ортасы тақап қалды. Ал, Берікте ұйқы жоқ. Жұмыс қамы да емес, ой ұйықтатпайды. Бұл ой бір күндік емес, соңғы үш айдан бері ішінде жүр.

Аязды, желді, ызғарлы ерте келген қыстың түні еді. Беріктің киімі жылы. Үстінде жақында ғана Хан Шатырдан сатып алған қалың курткасы бойын қыздырып, тоңдырмайды. Берік екі қолын қалтасына салып, есік алдында тұрған көлігін айнала баяу басып, тынымсыз жүріске ауысқалы біраз болды. Кейде ақырын айтса да, қатаң, дірілдеген даусымен сүйіктісіне арнап айтатын әнін созып айтады:

Ақ гүлдер, көк гүлдер, бәрі де гүлденер,

Таңертең мазалап самал жел.

 Айлы түн астында, ақ гүлдер қасында,

Өзіңді сүйгіздің басқаға…


Әні де, сөзі де ыстық. Жас еркек жүрегін біресе өзіне қарай, біресе сүйіктісіне қарай жетелеген махаббат толқыны жаулап барады. Жүрегі жылап, сағыныш сезімі орала созылады… Ғашығына деген сағынышы… Ақмаралына деген сағынышы…

Көлігін жүз айналса да, ештеңе өзгерер емес. Сағыныш сезімі баяулау түгілі, керісінше оттай жанып, тұла бойын жандырып барады.

Беріктің ойында толқу бар. Соның бірі әйелінен қысылу, ұялу.

Білсе ренжи ме?… Бірақ, әйелімнің не жазығы бар? Әй, ренжиді-ау. Айрылыссам ба екен? Бірақ, кішкентай қызымның не жазығы бар? – деп уайымдайды, қобалжиды.

Берікті осындай ойларынан қалта телефонының шырылы алаң еткізді. Суық қолын қара шалбарының қалтасына салып жіберді. Осыдан бір жарым жыл бұрын сүйіктісі Ақмаралының сыйлаған айфонының экранына қарады. Қоңырау шалып жатқан әйелі еді. Беріктің қабағы күрт түсіп, «сүйгенім болып қалар» деген үміті су сепкендей сөнді де қалды.

Әй, осы қатынға не керек тағы? – деп мұрнының астынан күбірледі де, қоңырауға жауап берместен, телефонын өшіріп тастады.

«Қоңырауға жауап бергенім дұрыс болар ма еді? Жұлдыз бір нәрсені сезіктеніп жүрген шығар? Жо-жоқ, сезіктенетіндей ештеңе жасаған жоқпын ғой…» деген ойлары Берікті есеңгірете, басын айналдырды.

Жұлдыз – Беріктің әйелі. Екеуінің үйленісіп, табысқанына бір жылдан асты. Мектепті ғана бітіріп үлгерген Жұлдыз араға көп уақыт салмай, Берікке шекесі торсықтай қыз бала сыйлап үлгерген.

Шайтанның шашындай ұзарған бұл түн Берікті одан сайын қинай түсті. Желдің ызғары қатая түсті. Аспанға төнген қара бұлт Жаратушының қаһарын білдіріп тұрғандай. Айсыз, жұлдызсыз, суық бұл түн Беріктің сезімдерімен алаңсыз ойнап тұрғандай көрінді.

Әлгінде өзі айтып жүрген, үзіліп кеткен әні құлағына қайта естіліп, қайтадан сол бір ғажап сезімге бөлей кетті:

Бәріне кінәлі, бәріне кінәлі,

Бәріне кінәлі жалғыз сен.

Қоштасып тұрғанда, бозарып таң атты.

Бұл таңдар неліктен тез атты.

Қоштасқым келмейді, қоштасқым келмейді,

Қоштасқым келмейді өзіңмен.

Қоштасып тұрғанда, бозарып таң атты.

Бұл таңдар неліктен тез атты?!…


Осы әннің әуенімен, желдің самалымен Ақмаралдың иісі, шаштарының иісі мұрнына келеді. Иісімен бірге ілесе Ақмаралдың елесі келеді… Бірге болған бақытты шақтың елесі келеді…

Астана әңгімелері. Бәріне кінәлі жалғыз сен…

Подняться наверх