Читать книгу Тоғыз ауыл - Нұрым Шыршығұлұлы - Страница 1

ТОҒЫЗ АУЫЛ

Оглавление

НҰРЫМ ШЫРШЫҒҰЛҰЛЫ

(1831–1908)

Сөз базарын бастайын,

Əуелі, Алла – Бірімнен,

Өзіңнің берген деміңнен.

Қателік кетсе, ғафу ет,

Сүйексіз жазық тілімнен.

Жад етсең Жаппар Алланы,

Арыларсың көңіл кіріңнен.

Аластама бізді, бір Алла,

Мақшардың таңы болғанда

Сəулелі жəннат күніңнен.

Бұрынғы өткен шайқылар,

Адастыра көрме ізіңнен.

Адыра қалған атамнан,

Опасыз пəни – сұм заман,

Қорқамын жаман түріңнен –

Бір жəрдем бізге болмаса

Жасаған Ие, пірімнен?!


Пірлер мен шайқы көп өтті,

Бұл пəни, сенің жүзіңнен.

Қабаты қалың қара жер,

Кіргендер шықпас түбіңнен.

Неше күн жолдас болармыз,

Жалғаншы дүние, сізіңмен?

Өлгеннен соң не пайда

Сайраған қызыл тіліңнен?

Алжастың басы сол екен –

Абылды Қабыл өлтіріп,

Қас болды кəпір бізіңмен…

Хан Аюке қалмаққа

Уса-Серен бас болып,

Дұшпанымен қас болып,

Қытайдың қалың шəрінен

Қалмақтың жұрты бүлінген.

Одан бергі заманда

Ағыны қатты ақ дария –

Емініп аққан Еділде,

Жағасы биік Жайықта,

Ойыл, Қыйыл, Самарда,

Аңқаты мен Қыйғышта

Қарға бойлы Қазтуған

Ердің даңқы білінген.

Қания деген қалмаққа,

Сол қалмаққа бармаққа,

Қызын қатын қылмаққа

Орақтың ұлы Қарасай

Ауыр антқа ілінген.


Қарабау мен Тайсойған,

Ол – Қайғы-Асанның жұрты екен,

Кəпірменен қас болып,

Мұсылманмен дос болып,

Əммеге дəрпі паш болып,

Қарауыл салмай қонған жер

Қорғанша деген күдірден.

Сондай жұрттың жері екен

Көлденең жатқан ұзын Жем.

Көргенім жоқ көзіммен,

Ескірмейтін есті сөз –

Айтамын сондай ызыңмен.


Тағы бір сөз айталы,

Ескі сөздің сағасы,

Жұмалы қарттың баласы

Өзі туған қарт ноғай

Жеті жылдай сүрінген.

Ескі сөздің мағынасы

Ноғайлының ішінде

Көзей қарттан білінген…

Бұл күндері болғанда,

Алладан қуат болмаса,

Не шығар артық тілімнен?!

Пайда тапқан жан бар ма

Бүгінде ділмар білімнен?!


…Бетегесі белден шық,

Жегендерін желдентіп,

Сəуір сала – Сарыарқа –

Біздің байлар баса қонған тербентіп.

Айрақты мен Алатау –

Кім тұрушы ед ол маңда

Адай-ата көшкен күн

Салтанатпен сəндентіп?!


Жазғытұрым болғанда,

Күн заузаға толғанда

Көшуші еді қарыштап,

Шайқылар қонған қара жұрт –

Маңғыстауды күңірентіп.

Көгорай балқаш солғанда,

Күн ақырапқа толғанда

Қайтушы ед елім қоныстап,

Қараша қаздай қыйқулап,

Қанаттарын серментіп.


Ойыл, Қыйыл, Жем, Қайнар –

Көлденең өтіп ел жайлар.

Арқаның алпыс саласы,

Алатау мен Сарыарқа

Біздің Адай тең жайлар.

Елеуретіп ерлерім

Екі жүйрік тең байлар.

Жаз нəубеті жетіле

Қозғалушы ед шарықтап,

Маңғыстаудың қара ойын

Қыя алмай шыққан не байлар.

Алғыйдың құба дөңінде

Бұйқыт жатқан еліңе

Қауырт тисе көп дұшпан,

Сонда шыны сор қайнар!

Күні бүгін болғанда

Адыра қалып барасың,

Қайран Шоқыбоз бен Бегайдар!


Шоқыбоз бен Бегайдар,

Бесқопа мен Бесқақтан

Ноғайлының елдері

Ерте тұрып, кеш жатқан.

Алғыйдың құба дөңінде

Қарға бойлы Қазтуған

Қауырт көшкен жер екен,

Қапыда дұшпан көп шапқан.

Бұрынғы өткен заманда

Манжұрдың ұлы Ер Шуақ

Атасы қалмақ демесең,

Ол-дағы əділдікті пір тұтқан.

Заманнан заман озғанда,

Күйкеннен бергі бауырда

Қателікті бір тапқан

Мусаның ұлы Орақтан.

Адыра қалған жер еді

Арғымақтың бауырынан тері аққан,

Алғаулы судың бойында

Азаматы өкінішпен дəм татқан.

Қарға бойлы Қазтуған

Қапы қалып, сол арада жау шапқан.

Манашыдай мырзаны

Қазалап қалмақ ант атқан.

Бұлықсыған ерлерім

Тарығып талай сан соққан.

Ол күндері оларға

Өштескен дұшпан көп екен

Кеудесіне кек қатқан.


Ноғайлының елінде

Ормамбет ханның – Азауыл1


Салмаған екен қарауыл.

Ойланбай қылған іс – ойран,

Пəрменмен болған жаза – ауыр.

Таршылық басқа түскенде

Бір Тəңіріні пана қыл.

Тар-қамашау қоныста

Жортуыл ердің жатқаны,

Қəперсіз асын татқаны –

Алладан келген қаза-дүр…


Қызарып күн батқанда,

Сарғайып таң атқанда,

Менменсіген ерлерім

Қателікпен алдырды –

Қауіпсіз, қамсыз жатқанда

Қапыда түсті қақпанға.

Елдің алды асқанда,

Көлденең-Шыңға басқанда;

Айтулы ердің тұқымы

Айла таппай сасқанда;

Қыз-келіншек, жас бала

Тұс-тұсына қашқанда –

Екі жүз елу шамасы

Жəуміт келіп ұрынған

Екінті мен ақшамда.


Жəуміт-жау келіп ұрынған,

Ұлды сүйреп тұлымнан,

Қызды сүйреп бұрымнан

Бар жаулығын қылынған.

Амал таппай дұшпанға,

Күйкеннен бергі мұрыннан

Көштің алды бұрылған.

Адыра қалған жер еді –

Ноғайлының, біз түгіл,

Жаңбыршының ұлы Телағыс,

Кешегі «Қырық таңбалы Қырымнан».

Төремұрат батырдың

Өлген жері сол екен –

Қарғыс оғы құрылған.

Тек шипалы жер екен,

Ойлап тұрсам бұл қоныс

Құтсыз екен бұрыннан…


Борқұдықтың қасында,

Байкүшіктің басында

Көтерді дұшпан іргені.

Көкалалы көп жылқы –

Ен жылқыны, елді алып,

Жидырды ноқта-сіргені,

Елдің алдын іздеді.

Көшіп еді ұмтылып

Елден бөлек ілгері,

Əнтек болды бұл жері –

Тоғыз ауыл ішінде

Кенжесары кеңпейіл,

Сүгірəлі атанған

Құрман-Таған бірге еді.

Ту ұстап, тұлпар мінбеді,

Ту, тұлпардан не пайда –

Күні бұрын болжалдап

Жау келерін білмеді,

Хабар ерте тимеді.


Болжамады ертеден,

Жетімді алды желкеден.

Ен жылқыны, кенді алды,

Қатарлап жиған теңді алды.

Ақ орданы аударып,

Аруларды алды теңсеген.

Əулием Бекет болғалы

Бұл секілді шулатып

Алған жоқ ед дұшпан еңседен.


Бедеулерін құр-құрлап,

Жатқан жерден тұр-тұрлап;

Тал шыбықтай белі бұралып,

Мақпал мен жібекке оранып;

Алтын үзбе сырғасы

Құлағында сыңғырлап,

Қыздары кетті байлардың

Оң жақта отау тұлдырлап.

Бұл хабарды естісе,

Маңғыстау толған əулие –

Тəмам шайқы қынжылмақ.

Əулиелер қарғаса,

Елге тиген дұшпанның

Ақ киіктей орттырып,

Алдынан жебе құрдырмақ.

Екі жүз елу жəумітті

Табан серіппей қырдырмақ.

Бұл сөзімді сынасаң,

Жалған-ау деп, жамиғат,

Шабылған жерін сұрасаң –

Ортатөрткүл-Қызылқақ.

Байбоз-Жамбоз – екі ауыл

Ілгері көшті қырындап,

Адайдан бұрын зырылдап.

Тəңірім қайтып алмаса,

Қайтқан жоқ еді бұрын бақ.

Зеңбірегі қардай бораған,

Түрікпен түгіл, орысты

Алушы еді бізің жақ.

Қарсыласқан көп дұшпан

Қалушы еді ызыңдап.


1

Азауыл – Азау қаласы.

Тоғыз ауыл

Подняться наверх