Читать книгу Топтың бес ақаулығы: Басшылық туралы мысал - Патрик Ленсиони - Страница 4
КІРІСПЕ
ОглавлениеҚаржы емес. Стратегия емес. Технология да емес. Топтық жұмыс өте күшті болғандықтан, әрі сирек кездесетіндіктен, басты бәсекелестік – артықшылық болып қала береді.
Менің досым, ірі табысты компанияның негізін қалаушы, бір кездері маған: «Егер ұйымның барлық қызметкерлерін бір бағытқа сала алсаңыз, кез келген салада, кез келген нарықта, кез келген бәсекелестікке қарсы, кез келген уақытта үстемдік ете аласыз», – деген еді.
Мен бұл сөздерді басшылар тобына қашан айтсам да, олар бірден бастарын изейді, бірақ мен олардың жүздерінен үмітсіздікті байқаймын. Олар сол сөздерімнің ақиқатын түсіне отырып, сонымен бірге оны жүзеге асырудың мүмкін еместігімен келіскендей болады.
Топтық жұмыстың сирек кездесетіні сол кезде анық болады. Өйткені көптеген жылдар бойы ғалымдардың, жаттықтырушылардың, оқытушылардың және бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударғанына қарамастан, көптеген ұйымдарда кездесетіндей топтық жұмысқа қол жеткізу қиын. Топтардағы адамдардың мінсіз болуы мүмкін емес болғандықтан, топтар да ақаулықты болуға бейім болып қала береді.
Бірақ бұл сәтті топтық жұмыс мүлдем болмайды дегенді білдірмейді. Шын мәнінде, жақсы топ құру – мүмкін нәрсе, әрі таңғаларлықтай оңай. Бірақ бұл расымен де өте қиын.
Дәл солай. Өмірдің көптеген басқа да салалары сияқты топтық жұмыс та теориялық тұрғыдан қарапайым болып келеді. Алайда оны іс жүзінде қолдану күрделі мінез-құлықтар жиынтығын игеруге байланысты болады. Топтарды бұзатын және олардың арасында іріткі тууына себеп болатын адами мінез-құлықты жеңе алатын топтар ғана табысқа қол жеткізеді.
Бұл қағидалар тек топтық жұмысқа ғана қатысты емес екен. Шындығына келсек, мен көшбасшылық теориясына қатысты ізденіс барысында олармен кездейсоқ ұшырастым.
Бірнеше жыл бұрын мен басшыларды мазалайтын мінез-құлық тұзақтары туралы «The Five Temptations of a CEO» (Бас директорды азғыратын бес нәрсе) атты алғашқы кітабымды жаздым. Клиенттеріммен жұмыс істеу барысында мен олардың кейбіреулері менің теорияларымды топтарының жұмысын бағалау және жақсарту үшін «дұрыс пайдаланбайтынын» байқай бастадым, дегенмен олар сәттілікке жетіп жатты!
Міне, маған бес азғырудың тек жеке басшыларға ғана емес, кейбір өзгерістермен топтарға да қатысты екендігі айқын болды. Тек корпорациялардың ішінде ғана емес, сонымен қатар діни қызметкерлер, жаттықтырушылар, мұғалімдер және басқалар да бұл қағидаларды өз әлемінде тең дәрежеде қолданатыны анықталды. Бұл кітап осылайша пайда болды.
Менің басқа кітаптарым сияқты, «Топтың бес ақаулығы» шынайы көрінетін, бірақ ойдан шығарылған ұйым контекстінде жазылған оқиғадан басталады. Бұл оқырмандарға оқиғаны толығымен қарастырып, кейіпкерлердің сезімдерін түсіну арқылы тиімдірек үйренуге мүмкіндік беретінін білдім. Сондай-ақ, олар бұл қағидаларды теориялық тұрғыдан емес, нақты ортада қалай қолдануға болатынын түсіне алады, ал ондай орталарда әдетте жұмыс қарқыны мен күнделікті алаңдаушылық тіпті ең қарапайым тапсырмаларды орындауды да қиындатады.
Кітапта берілген материалды өз ұйымыңызда қолдануға көмектесу үшін оқиға желісінен кейінгі қысқаша бөлімде бес ақаулық егжей-тегжейлі сипатталған. Сонымен бірге, аталған бөлімде топты бағалау мен сіздің тобыңызды алаңдатуы мүмкін қиындықтарды жеңу үшін ұсынылған тәсілдер де бар.
Ақыр соңында, бұл кітап менің бас директорлармен және олардың атқарушы топтарымен жасалған жұмысыма негізделгенімен, кітапта баяндалған теориялар топтық жұмысқа қызығушылық танытқандардың барлығына: шіркеуді, мектепті, ұйымдағы шағын бөлімді басқарсаңыз да, тіпті кейбір жақсартуларды қажет ететін топтың мүшесі болсаңыз да пайдалы болады. Қалай болғанда да, бұл сіздің тобыңызға оның ерекше кемшіліктерін жеңіп, сол арқылы ойлағаннан да үлкен жетістікке қол жеткізуге көмектеседі деп үміттенемін. Өйткені топтық жұмыстың нақты күші сонда жатыр.