Читать книгу Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1918-1945) - Амангелді Әліпбаев - Страница 3

1-тарау
БІРІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР
1.2. ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы халықаралық қатынастардағы аса маңызды мәселелер

Оглавление

Соғыстан кейінгі халықаралық қатынастар жүйесінде әлі де бірқатар шешімін іздеген өзекті мәселелердің бірі орыс мәселесі еді. Жаңа саяси жүйеге ауысқан Кеңестік Ресей мен Батыс әлемі арасындағы болашақ қатынасты талқылау Генуэде өткен халықаралық мәслихаттың күн тәртібіндегі негізгі мәселе еді.

Генуэ халықаралық мәслихаты 1922 жылдың 10 сәуірінен 19 мамыр аралығында өтті, оған 29 мемлекеттен және Ұлыбританияның 5 жетегіндегі елден өкілдер, сондай-ақ Германиядан және АҚШ-тан бақылаушы қатысты. Мәслихаттың алғашқы мәжілісінде-ақ (1922 жылдың 10 сәуірі) Кеңестік Ресей тарапынан келген Сыртқы істер министрі Г.В.Чичерин барлық елдердің әскерлері мен қару-жарақтарын жалпы қысқарту жөнінде ұсыныс жасады. Кеңестік өкілдер сондай-ақ Кеңестік Ресейге қарсы интервенцияға қатысқан мемлекеттерден төлемақы өтеуді, бұл талаптың көлемі 39 млрд алтын рубльді құрайтындығын алға тартты. Кеңестік Ресей соғысқа дейінгі патшалық Ресейдің шетелдік қарызын жеткілікті қаржылай көмек көрсетілгенде ғана және 10-15 жылдан кейін ғана өтейтіндігін айтты.

Ал батыс мемлекеттерінің өкілдері Кеңестік Ресей ұсыныстарынан бас тартып, өз талаптарын қойған болатын. Олар Кеңестік Ресейдің экономикалық және коммерциялық саларында шетелдіктерге кең түрде құқықтар беруді талап етті. Мұның мәні Ресейді экономикалық жағынан тәуелді ету ниеті еді. Бірақ Кеңестік үкімет батыс елдерінің бұл талаптарымен келіспеді.

Кеңестік өкілдік топ Генуэ халықаралық мәслихаты кезінде, яғни 1922 жылдың 16 сәуірінде Генуэ маңындағы Рапаллода (Италия) Кеңестік Ресей мен Германия арасында келісімге қол қойды. Бұл келісім бойынша Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы мен Германия арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. Екі жақта соғыс шығындарын қайтарып беруден және әскери тұтқындарды қамтамасыз ететін шығындардан бас тартты. Сонымен бірге Германия Ресейден патшалық кезеңдегі қарыздарды талап етпеуге келісті.Рапалло келісімі әртүрлі қоғамдық-саяси жүйедегі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты реттеудегі оң іс болды, бірақ кеңестік өкілдік топ басқа мемлекеттермен нақтылы келісімдерге келе алмады. 1922 жылдың 19 мамырында Генуэ халықаралық мәслихаты өзінің жұмысын тоқтатты.

«Орыс мәселесін» талқылау Генуэде қатысқан елдердің қатысуымен (Германиядан басқасы) Гаагада 1922 жылдың 15 маусымынан 20 шілдеге дейін өткен халықаралық мәслихатта жалғасын тапты. Антанта елдерінің өкілдері бұрынғысынша өз талаптарын орындатуға тырысты. Кеңестік Ресейдің өкілдік тобы егер несиелер алған жағдайда пайызсыз соғысқа дейінгі қарыздарды өтейтіндіктерін қайталады. Бұл жолы да екі жақ «орыс мәселесінде» ортақ шешімге келе алмай, мәслихат жұмысы тұйыққа тірелді.

Лозанн халықаралық мәслихаты. Антанта елдері – Ұлыбритания, Италия Франция және кейінірек қосылған Грекия 20 жылдардың басындағы Түркия мен Грекия арасындағы таяушығыстық дағдарысқа қарай Севр келісімшартын қайта қарастыруды көздеді. 1922 жылдың 11 қазанында түріктік Мұдани кемежайында Антанта жағы Түркияның әскери өкілдерімен уақытша бітімге келді. Мұдани уақытша бітімі бойынша Түркия мен Грекия арасындағы әскери іс-қимылдың тоқтатылуын; гректік әскердің Шығыс Фракиядан шығарылып, оның Марицы өзенінің сол жақ жағалауына дейін әкетілуін; Марицы өзенінің оң жақ жағалауын Антанта әскерлерінің басып алуын; бүкіл Фракия аумағындағы азаматтық билікті түріктік өкілдерге 30 күн ішінде өткізуін; ешқандай тараптың өз әскер санын көбейтпеуін, бекіністерді салмау және әскери жұмыстар жүргізбеуін; бітімшарт бекітілгенге дейін Түркияның Шығыс Фракияға әскер кіргізбеуі жөнінде міндеттемені қарастырды.

Грекияның кемалдық Түркиямен болған әскери қақтығыстағы жеңілісі Ұлыбританиядағы үкіметтік дағдарысқа әсер етті. 1922 жылдың 19 қазанында Ллойд Джордж биліктен кетуге мәжбүр болды. Бонар Лоу бастаған жаңа консервативтік үкімет билік басына келді. Жаңа үкіметте лорд Джордж Керзон Сыртқы істер министрі болды. Лорд Керзон ағылшын сыртқы саясатында өз бағдарын жүргізуге мүмкіндік алды. Түркиямен бітімшартқа келу мақсатындағы халықаралық мәслихатты шақыруға белсенді дайындықты бастады.

1922 жылдың 20 қарашасынан 1923 жылдың 24 шілдесіне дейін кейбір үзілістермен (ақпан – сәуір айларындағы) Лозанн қаласында (Швейцария) халықаралық мәслихат өтті. Халықаралық мәслихатқа Англия, Франция және Италиядан басқа, сондай-ақ Грекия, Румыния, Сербтер, хорваттар және словендер корольдігі, Жапония мен Түркия, ал бұғазға қатысты мәселеде – Кеңестік Ресей мен Болгария өкілдері қатысты. АҚШ тарапынан қатысқан бақылаушылар ешқандай құжатқа қосылмады. Мәслихатта Түркиямен болатын жаңа бітімшарт пен Қаратеңіздік бұғаздарға қатысты белгіленетін тәртіп мәселесі талқыланды.

Лозанн келісімшарты Түркия мен Антанта елдері арасындағы бітімді жариялап, Шығыс Фракияны, Измирді және басқа да аудандарды сақтап қалған Түркияның жаңа шекарасын белгіледі. Түркия мен Ирак арасындағы шекара мәселесі ашық қалды. Келісім бойынша Дарданелла мен Босфор бұғаздары арқылы бейбіт және соғыс жағдайында да әскери және сауда кемелерінің еркін өтуі және бұғаздардың жағалауын демилитаризациялау бекітілді. Бітімшарт Түркиядағы капитуляциялық тәртіпті және халықаралық шетелдік капитал тарапынан қаржылай бақылау тәртібін жойды, Түркияны оттамандық қарыздың бір бөлігін өтеуге міндеттеді.

1923 жылдың 24 шілдесінде бітімшартқа қол қойылғаннан кейін, Лозанн халықаралық мәслихаты өз жұмысын аяқтады. Бұл бітімшарт Кеңестік Ресейдің көздеген мүддесіне қайшы келуіне байланысты бұл елде келісімді бекітуден бас тартқан болатын.

Бірақ осы Лозанн мәслихатында кеңестік дипломатияның қызметі оның мемлекетаралық қатынасының дами түсуіне үлкен ықпал етті. 1924 жылдың 2 ақпанында Ұлыбритания тарапынан Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын мойындайтындығы жөнінде нота жіберді.

1920 жылдың ортасында кеңес-итальян қатынастары да жақсы дами бастады. 1924 жылдың 7 ақпанында Италия мен КСРО арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылып, екі ел арасындағы сауда келісіміне де қол қойылды.

1924 жылдың 28 қазанында Францияда үкімет басына келген солшыл блок басшысы Эррио да Кеңестер Одағымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға әзір екендіктері жөнінде жеделхат жолдайды, бірақ бұл екі ел арасында сауда қатынасы орнатылмады.

1924 жылы КСРО Норвегия, Австрия, Швеция, Грекия, Дания мемлекеттерімен де дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан болатын. Сөйтіп Еуропа елдері КСРО-ны дипломатиялық жағынан мойындай бастады. 1924 жылдың 31 мамырында Пекин үкіметімен де дипломатиялық және консулдық қатынастар орнатылды. 1925 жылдың қаңтарында кеңес-жапон конвенциясына қол қойылды. 1924 жылдың 4 тамызында Мексика КСРО-мен дипломатиялық қатынас орнату жөнінде шешім қабылдаған болатын, ал 1926 жылдың 21-22 тамызында КСРО мен Уругвай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату жөнінде жеделхатпен алмасады. Аргентина, Бразилия, Чили, Венесуэла, Сальвадор, Колумбия, Боливия елдері де КСРО-мен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқысы келгенімен, АҚШ-тың қарсы әрекеттерінің салдарынан бұл қатынастарға жол берілмеді және АҚШ үкіметі бұрынғысынша КСРО-ны мойындамады.

Дауэс жоспары. Экономиканың тұрақтану жылдарында (1924-1928) Германияның экономикалық жағдайы өте ауыр болды. Германия репарация төлеуден бас тарта бастады. 1923 жылғы 9 қаңтардағы төлемақы төлеу жөніндегі комиссияның Германия жағынан төлемақы төлемеу әдейі істеліп отырғандығын дәлелдеген шешімі 1923 жылдың 11 қаңтарында француз және бельгиялық әскерлердің Рур аймағына басып кіруіне негіз болды. Осы бірінші дүниежүзілік соғыста жеңімпаз мемлекеттердің қатарына ілінген Франция, ендігі жерде Германияға қатысты өзінің барлық тілек-талаптарын орындатуға тырысты. Мұндай қолайлы сәт тарихта енді қашан туар деген француз үкіметі, немістерді мүмкіндігінше талан-таражға түсіруге асыққандай. Герман үкіметі амалсыздан ендігі жерде төлемақы төлеуге дайын екендігін білдіріп, кейбір мәселелерді талқылау қажеттігі жөнінде ұсыныс жасайды. АҚШ пен Англия мемлекеттері Францияның Еуропада күшейіп кетуіне жол бергісі келмеді, сондықтан да олар Францияны төлемақы мәселесінде біраз жеңілдіктер жасауға мәжбүр етті.

Осы мәселеге қатысты 1924 жылдың тамызында өткен Лондон мәслихаты америкалық өкіл Дауэстің басшылығымен сараптама комиссиясының баяндамасын құптады. Екі ел арасындағы төлемақы төлеу мәселесіндегі қайшылық 1924 жылы 30 тамызда «Дауэс жоспары» атты төлемақы төлеу жөніндегі құжаттың күшіне енуіне байланысты шешілгендей болып, 1925 жылдың тамызында өзінің үстемдігін көрсеткен француз және бельгиялық әскерлер Рур аймағын босатады6.

Германия жыл сайын төлемақының белгілі бір мөлшерін (біртіндеп оны көбейте отырып, мысалы, 1924–1925 жылдары 1 млрд марка болса, 1928–1929 жж. 2,5 млрд маркаға дейін) төлейтін болды. Жоспар бойынша Германияға ірі халықаралық несие беруді де қарастырды. Мысалы, АҚШ 800 млн марка беретін болды. Сөйтіп, Германияның экономикасы шетелдік, әсіресе, америкалық капиталға тәуелді болды.

Локарно халықаралық мәслихаты. 1925 жылдың 5-16 қазанында Локарнода (Швейцария) халықаралық мәслихат өтті. Оған Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Бельгия, Польша және Чехословакия елдері қатысты. Локарно келісімінің негізін құраған Рейндік кепілдік пактісі келісіліп, 1925 жылы 1 желтоқсанда Лондонда қол қойылады.

Локарно халықаралық мәслихатында 9 құжаттың жобасы: Германия, Бельгия, Франция, Ұлыбритания және Италия арасындағы Пакт (1925 жылғы Рейндік кепілдік пактісі); Германия мен Франция, Германия мен Бельгия арасындағы төрелік келісімі; Германия мен Польша, Германия мен Чехословакия арасындағы төрелік келісімшарты; Франция мен Польша, Франция мен Чехословакия арасындағы кепілдік жөніндегі келісімшарт; қорытынды хаттама және Ұлттар Лигасы Жарғысының 16-бабына қатысты Германияның ұжымдық хат жобасы бекітілген болатын.

Пактіге сәйкес оған қатысушылар герман-француздық және герман-бельгиялық шекараларға қолсұқпауға кепілдік міндеттемесін берді. Осыған орай, тараптар бір-біріне қарсы ешқандай соғыс өртін тұтатпау жөнінде өзара міндеттеме алды. Қарапайым дипломатиялық жолмен шешімін таппаған даулы мәселелерді төрелік келісімдерге сәйкес реттеу көзделді. Егер тараптардың бірі қабылданған міндеттемені сақтамаған жағдайда Пактіге қатысушы басқалары басқыншылық бағытталған елге көмек көрсетуге міндетті болды.

Локарно мәслихатында Германия мен Чехословакия және Польша арасындағы шекара кепілдігі шешілмеді. Осы мәслихатта Германия Ұлттар Лигасына кіруге шақыру алды. Локарно келісімі болашақта Франция саяси ұстанымының әлсірейтіндігін көрсетті.

Бейтараптық және шабуыл жасаспау жөніндегі КСРО келісімдері. Кеңестік үкімет Локарно мәслихатының антикеңестік бағытын бейтараптандыру мақсатында енді дипломатиялық қадамдар жасады. 1925 жылдың 12 қазанында, тіпті, мәслихат өтіп жатқан кездің өзінде-ақ КСРО мен Германия сауда келісіміне қол қойған болатын.

Ал 1926 жылдың 24 сәуірінде екі мемлекет арасында бейтараптық жөнінде келісімге қол қойылды. Осы келісімнің 3-бабында: Егерде келісуші жақтардың бірі үшінші бір елге шабуыл жасаса, келісуші екінші жақ бейтарап болады. Сондай-ақ Кеңестер Одағы мен Германия экономикалық және қаржылай бір-бірін қақпайлауға қатыспайтындықтарын айтты.

Кеңестер Одағы көрші елдермен бейтараптық және шабуыл жасаспау келісімдеріне ерекше мән бере отырып, 1925 жылдың қаңтарында Польшаға ұсыныс жасады. Бірақ Польша және Ұлыбритания жағынан қолдау таппағандықтан, пактіге қол жеткізілмеді. Тек 1926 жылдың 28 қыркүйегінде КСРО мен Литва арасында бейтараптық жөнінде келісімге қол қойылды. 1925 жылдың 17 желтоқсанында КСРО мен Түркия арасында бейтараптық және шабуыл жасаспау жөнінде келісімге қол қойылды. 1926 жылдың 31 тамызында КСРО мен Ауғанстан, 1927 жылдың 1 қазанында КСРО мен Иран арасында бейтараптық және шабуыл жасаспау жөнінде келісімге қол қойылды. Иранмен сауда және экономикалық келісімдерге қол қойылған болатын.

Юнг жоспары. 1929 жылы капиталистік елдерде басталған экономикалық дағдарыс АҚШ пен Англия, АҚШ пен Жапония, Франция мен Италия, Англия мен Франция арасында, сондай-ақ Германия мен бірінші дүниежүзілік соғыстағы жеңімпаз елдер арасындағы шиеленісті күшейте түсті.

Халықаралық қайшылықтың бір құбылысы бұл төлемақы мәселесі болатын. 1929 жылдың тамызында және 1930 жылдың қаңтарында АҚШ өкілі Юнгтың басшылығымен сарапшылар Комитеті төлемақы мәселесі бойынша жаңа ұсыныстар жасаған болатын. Төлемақы төлеу мәселесінде 1930 жылы «Дауэс жоспарын» жаңа «Юнг жоспары» ауыстырып, бұл Германияға көп жеңілдік әкелген еді. Бұл жоспар бойынша жыл сайынғы төлемақы төлемі 20 пайызға төмендетілді, тіпті, осы төлемақы мәселесінде жауапкершілікті оның өзіне берді, яғни егер қиын жағдай болатын болса, төлемақы төлеуді тіпті, кейінге немесе мерзімін созатын болды. Бірақ әлемдік экономикалық дағдарыс басталған жағдайда Германия төлемақы төлеуге мүмкіндігі жоқ еді. Сондықтан да «Юнг жоспары» қабылданғаннан соң Германия мүшелік жарнаманы тоқтату жөнінде мәселе көтерген болатын. АҚШ президенті Г.Гувер төлемақы төлеу мерзімін ұзарту жөнінде ұсынысын жасады. Яғни 1931 жылғы маусымдағы «Гувер шектеуі» іс жүзінде төлемақы төлеудің тоқтатылғанының белгісі болды. Бұған ең соңғы нүкте қойған 1932 жылғы маусымдағы Лозанн халықаралық мәслихаты еді. Бұл Версаль келісімінің ең маңызды шарттарының бірінің бұзылғандығын көрсетті. Германия жағынан төлемақы төлеу міндеттерінің жойылуына байланысты, ендігі жерде Франция жағынан кепілдік ретінде неміс аумағын басып алу ешқандай негізге үйлеспеді. Сол себепті «Юнг жоспарының» қабылдануына байланысты мерзімінен бұрын 1930 жылдың 30 маусымына дейін екінші және үшінші кезектегі неміс аймақтары одақтастар әскерінен босатылуға тиіс болды. Сондай-ақ төлемақы төлеуге байланысты құрылған комиссиялар да қысқартылды. Әрине, бұл жағдайлар француздардың көңілінен шықты деп айтуға болмас. Тарихшы В.М. Турок бұл жөнінде: «Француздар үшін шығынын толтыру Германия жағынан Эльзас пен Лотарингияны қайтарып алу мәселесін көтермеу міндеті және Локарно келісіміне сәйкес Рейн аймағында қарусыздандыруды сақтау. Аймақты қарусыздандыру қаулысын бұзған жағдайдан басқа уақытта Германия мен Франция әскери күшті пайдаланбауға міндетті болды. Алайда, Францияның қауіпсіздігіне сәйкес нақтылы ешқандай кепілдік ескерілмеді»7,–деп жазады.

ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы саяси ахуал. Бірінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде қалыптасқан қайшылықтарға қарамастан, 20 жылдардың аяғында, яғни 1929 жылдың 11 маусымындағы Ұлттар Лигасы Кеңесінің Мадридтік мәжілісі кезіндегі ресми емес сұхбат барысында Германия мемлекетінің сол кезеңдегі Сыртқы істер министрі Г. Штреземан мен Франция тарапынан – А. Бриан алғаш рет «біріккен Еуропа» жобасының ережелерін талқылайды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі күштер арақатынасын іріктеуге және соғыстың қалдықтарын жоюға Еуропаның бірігуі өзіндік әсер ететіндігіне Штреземан сенімді еді. Тек бұл жобалар идея күйінде қалып, еуропалық алаңдағы шиеленістік Германияның билігіне фашистік топтардың келуіне байланысты тіпті өрши түсті.

Кең етек алған экономикалық дағдарыс жағдайында капиталистік елдерде фашизм қаупі күшейді. 30-жылдардың ортасында Еуропаның 26 елінің 16-да бұржуазиялық-демократиялық бостандықтар жойылып, оның орнына фашистік тәртіптің түрлері қалыптаса бастады. Солардың ішінде халықаралық жағдай үшін ауыр зардаптар әкелген 1933 жылдың қаңтарында Германияда билік басына фашистердің келуі еді. 1933 жылдың қаңтарында Германия Ұлттар Лигасынан шықты. 1935 жылдың 13 наурызында фашистік Германия Версаль бітімшартының баптарынан бас тартты.

Ал 1934 жылдың 18 қыркүйегінде КСРО Ұлттар Лигасына құрамына кірген болатын. Жаңа халықаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттер арасындағы қайшылықтар келбеті айқындала түсіп, 1935 жылғы 2 мамырдағы Францияның Кеңестер одағымен жасасқан өзаракөмек жөніндегі келісімшарты, гитлерлік Германия үшін 1936 жылы Рейн алқабын ремилитаризациялауға сылтау болды. 1936 жылдың 7 наурызында А.Гитлер: «Германияның тұрақты түрде достық пен бейбітшілікті уағыздауына Франция Еуропа есігін большевизмге ашумен және сондай-ақ Рейн аймағы жөніндегі келісімшартты бұзумен тең, тікелей Германияға қарсы бағытталған КСРО-мен одақ құруы арқылы жауап берді»,–деп мәлімдейді8.

1936 жылы Германия мен Италия арасында келісімге қол қойылды, ол «Берлин-Рим» белдеуінің құрылуына әкелді. 1936 жылдың 25 қарашасында Жапония мен Германия арасында антикомминтерндік пактіге қол қойылды, кейінірек Италия қосылды. Агрессиялық фашистік мемлекеттердің – Германия, Жапония, Италия елдерінің Үштік одағы құрылды. Әлем жаңа дүниежүзілік соғысқа жақындады.

1938 жылдың 29-30 қыркүйегінде өткен Мюнхен мәслихаты Судет облысына қатысты болды. Еуропадағы әскери-саяси жағдайды күрт өзгерткен Рейн алқабын ремилитаризациялауға Франция мен Ұлыбритания ауызша қарсылық көрсетумен ғана тынды. Осындай келісушілікпен екі мемлекет 1938 жылы фашистердің Чехословакияны ешбір шығынсыз бөліске түсіруіне өз қолдарымен көмек бергені белгілі. 1938 жылдың 6 желтоқсанында француз-герман арасында шабуыл жасаспау жөніндегі декларация жарияланған еді. Бұл өз кезегінде Францияның Кеңестер Одағымен қатынасын шиеленістірген болатын9.

15 наурыз 1939 жылы Германия Чехословакияға баса көктеп кіріп, оны жаулап алды. Германия өзінің басқыншылық саясатын жүргізе отырып, 1939 жылы 22 наурызда Литвадан Клайпеданы басып алды. Польшаға өз талаптарын қоя бастады, Данциг қаласын беруді талап етті, Англия мен Франциядан бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін алынған отарларын қайтарып беруді талап етті. Германияның ізінше Италия да басқыншылық іс-қимылдарын бастады. 1939 жылдың 7 сәуірінде Италия Албанияға қарсы басқыншылық жасады. Сөйтіп фашизм ағылшын-француз-америкалық мүдделерге қауіп туғызды.

1939 жылдың 21 наурызында ағылшын-француз-кеңестік келіссөздер жүргізілді. Кеңестер Одағы басқыншылыққа қарсы үшжақты өзара көмек көрсету келісімінің жобасын ұсынғанымен, нәтижесінде тараптар ешқандай келісімге келе алмады.

Германия еуропалық саяси жағдайды өз мүддесіне шешу мақсатында 1939 жылдың 23 тамызында Кеңестер Одағымен өзара шабуыл жасаспау пактісіне қол қояды. Бұл пакті Германия мен Кеңестер Одағының Польшаны екіге бөлісу мақсатындағы соғыс қимылдарымен жалғасты.

Германияның 1939 жылғы 1 қыркүйектегі Польша мемлекетіне қарсы басталған басқыншылық іс-әрекеті екінші дүниежүзілік соғыстың басталғандығының белгісі болды.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. Генуэде «орыс мәселесі» қалай шешілді?

2. Түркия мен Антанта елдері арасындағы бітімшарт нақтылы қай халықаралық мәслихатта, қалай аяқталғанын сипаттаңыз.

3. Германияның жеңімпаз елдерге төлемақы төлеу мәселесі қалай шешілді?

4. Локарно халықаралық мәслихаты қандай мәселе бойынша шақырылды және қандай шешім қабылдады?

5. Рур мәселесі мен Дауэс жоспарының байланысы қандай?

6

Schulze Hagen. Weіmar Deutschland. 1917-1933. – Berlіn,1982. – s.275.

7

Турок В. М. Локарно. – М. – Л., – С.187-191.

8

Верт Н. История Советского государства. 1900-1991. – М., -1992. – с.256.

9

Фляйшхауэр Ингеборг. Пакт. Гитлер, Сталин и инициатива германской дипломатии. 1938-1939. – М., -1991. – с.56.

Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1918-1945)

Подняться наверх