Читать книгу Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1918-1945) - Амангелді Әліпбаев - Страница 5

2-тарау
1918–1945 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ГЕРМАНИЯ
2.2. Германиядағы фашистік билік саясаты және екінші дүниежүзілік соғыс

Оглавление

1932 жылы 6 қарашада Германияда жаңа рейхстаг сайлауы өтті. Сайлауда басым дауысқа фашистік партия – 11,7 млн, социал-демократтар – 7,2 млн, коммунистер – 5,9 млн дауысқа ие болды. Сайлаудан кейін үкімет басына генерал Шлейхер келді. Ол Папен үкіметінің төтенше қаулыларының салдарын жеңілдетіп, бұқаралық қозғалыстың өршуін бәсеңдетуге талпынғанымен, еш нәтиже шығара алмады. Өнеркәсіп және қаржы алпауыттары елде қатаң биліктің үстем етуін талап етті. Өнеркәсіп және қаржылық алпауыттарының атынан Ялмар Шахт пен Курт фон Шредердің ұсынысымен президент фон Гинденбургке меморандум жолданды: «Жоғары мәртебелі … елде ең қуатты ұлттық күштен қолдау табатын кабинет құруыңызды сізден өтінуді өзіміздің ар-намысымыздың парызы деп есептейміз… ең ірі ұлтшыл ұйымның көсеміне президенттік кабинетке жетекшілік ету қызметін беру қазіргі сәтте шет қалған миллиондаған адамдардың ынтымақтасуына әкеледі…».

1933 жылы 30 қаңтарда Германияның президенті фон Гинденбург Адольф Гитлерді Германияның рейхсканцлері етіп тағайындады. Көптеген саясаткерлер мен көпшілік А. Гитлерді үкімет басына уақытша ғана жалдадық деп ойлаған еді. Алайда, Германиядағы бұл саяси қадам елде фашистік үстемдіктің орнауына мүмкіндік туғызды. Фашизмнің билікке келуіне тағы бір ықпал еткен жағдай ол – елдегі және шетелдік қаржы капиталы еді.

Фашистік үстемдік орнатыла салысымен, ГКП барлық жұмысшыларды, социал-демократиялық партиялар мен кәсіподақтарды фашизмге қарсы бірыңғай майдан құруға шақырды. Бірақ фашизмге қарсы бірыңғай майдан құру саяси партиялардың бірауыздығының жоқтығынан жүзеге аспады. Бұл фашистердің билік басында тұрақтануына және үстемдігінің нығаюына қолайлы жағдай жасады. Соның негізінде фашистік билік өз саяси қарсыластарына қарсы жазалау іс-әрекеттерін кеңейте түсті. 1933 жылы 28 ақпан түні рейхстаг ғимаратының белгісіз жағдайда өртенуін фашистік партия саяси қарсыластарына қарсы ұйымдастырылған науқанда кеңінен пайдаланып, негізгі құқықтар мен еркіндіктерді жойды, он мыңдаған адамды түрмеге жапты.

1933 жылғы көктемдегі рейхстаг сайлауында нацистік партия басым көпшілік дауысқа ие болмаса да, 23 наурыздағы «Үкіметке төтенше өкілеттілік беру жөніндегі заңды» барлық буржуазиялық партиялар қолдады. Канцлер рейхстагтың қолдауынсыз-ақ конституцияға сәйкес келмейтін заң шығару құқына ие болды. Барлық деңгейдегі парламенттік мекемелер қысқартылды немесе өкілеттіліктен айырылды. Шексіз өкілеттілікке ие болған Гитлер 1933 жылдың жазында ресми түрде компартия, социал-демократиялық партия, кәсіподақ және басқа да демократиялық ұйымдар құруға тыйым салды. Қысқа мерзім ішінде түрмеге қамалған антифашистердің саны 60-70 мың адамға жетті. Олардың арасында ГКП жетекшісі Э. Тельман да болды.

Сонымен қатар енді фашистік партияның өз ішінде де партия саясатына қарсы шығушылар бар деген желеумен Гитлер партия ішінде «қанды» тазалау жүргізуге кірісті. Шілденің 29-нан 30-на қараған түні Гитлер нұсқауы бойынша 1500 адам атылды; 1934 жылдың 1 тамызында президент фон Гинденбург қайтыс болғаннан кейін Гитлер өзін мәңгілік көсем («фюрер») және рейхсканцлермін деп жариялайды. Фашистік үстемдік экономикалық дағдарыстың бәсеңдеген кезінде орнады. Экономика енді әскери арнаға көше бастады. Фашистер барлық өндірістік және қаржы компанияларын, көлік, сауда, қолөнер кәсіпорындарын біріктірді. Зеңбірек, ұшақ, танк, суасты кемелерін шығару кең етек алды. Шикізат және өнімдер, ақша қоры әскерилердің қолына берілді. Темір және қалайы өндірісі және техника бөлшектерін шығару ісі жанданды. Көрші елдерде герман фирмалары ашылды. 1938 жылы Германия капиталистік мемлекеттер арасындағы темір, қалайы, өндіруден бірінші орынға шықты.

Фашистік партиялардың жетекшілері өндіріс және қаржы корпорацияларының ірі орындарына ие болды. Елдің саяси өмірі де қайта құрылды. Заң Германияда тек бір ұлттық социалистік партия болуына мүмкіндік берді. Жұмысшылар еріксіз «Герман еңбек майданына» бірікті. Қорқыту және қорлау аппараты ұйымдастырылды, Құпия мемлекеттік полиция (гестапо (Gestapo) – Geheimen Staatspolizei), қорғау бөлімшелері (SS – Schutzstaffel), шабуыл жасайтын бөлімшелері (SA – Sturmabteilung), қауіпсіздік қызметі (SD – Sicherheitsdienst) құрылды. Бүкіл ел әскери лагерьге айналды. Фашистік тәртіп кезінде жұмыс күні 12-14 сағатқа ұзартылды. Ауылды жерлерде фашизм саясаты шаруалардың жағдайының нашарлауына алып келді. Фашистік (нацистік) ілімнің ең басты құрамдас бөлігі – нәсілшілдік ілімі, ұлтшылдық, шовинизм болды. Немістер – «арийлік» нәсіл, олар барлық нәсілдерден жоғары тұрады делінді. Негізгі ілімі: Германияның құрлықтық Еуропадағы үстемдігі; Барлық неміс тілінде сөйлейтін халықтар мен ұлттарды Германия империясына шоғырландыру; Германияның ортақ иеліктерін кеңейту болды. Фашистік ілімді мектептер мен университеттерде насихаттауға көп көңіл бөлінді. Сонымен қатар фашистер герман халқының мәдени мұрасына қарсы әрекеттер бастады. Ұлы жазушылардың шығармалары өртелді. Мыңдаған ірі ғалымдар мен өнер иелері елден қуылды.

1933–1935 жылдары. фашистік үкімет бүкіл экономиканы бір орталықтан басқару жүйесіне біріктірді. Бұл бір ғана мақсатқа – елдің экономикасын соғысқа дайындау мақсатына бағытталды. 1936 жылы Нюрнбергте өткен фашистік партиясының съезінде Гитлер 4 жылдық жоспар қабылдады: «1. Герман әскері толық әскери дайындыққа келтірілуі керек. 2. Германия экономикасы соғысқа бағытталып қайта құрылуы қажет болды.

Сондықтан бұрын монополияларға қосылмаған жеке кәсіпорындарды біріктіруге мәжбүр етті. 1932–1939 жылдар аралығында Германия 15 698 мың тонна шикізат тауарын ішке тасымалдады.

1933 жылы Америка әскери концерні Дюпон де Немурдің Германияға қару шығару туралы келісімге қол қоюы Версаль бейбіт келісімінің 170-бабын бұзғандық еді. Гитлершілдерге ағылшын алпауыттары да үлкен белсенді көмек көрсетті. Ағылшын-америкалық көмек пен соғысқа бағытталған экономиканың кейбір даму көрсеткіштері жағынан Германия Еуропаның капиталистік елдерін қуып жетіп қана қоймай, алға озып шықты. Мысалы, Германиядағы көмір шығару 1935 жылы 143 мың т. болса, Францияда 46 мың т. болды. Германия 16 096 мың т. қалайы өндірсе, Францияда бар жоғы – 6 277 мың т. құрады. Осындай мысалдар көп болды. Германияда1934 жылы 840 әскери және 1128 азаматтық ұшақтар болса, 1939 жылдары әскери ұшақтар саны 4733, азаматтық ұшақтар саны 3562 жетті.Ауыр индустрияның өсуімен қатар герман экспортының көлемі өсті. 1938 жылы Германия Англияны қуып жетті. Экспорттан түскен табысқа стратегиялық шикізат алуға жұмсалып, жыл сайынғы қару-жарақ экспорты ұлғайды. Олар өздерінің алдына сыртқы нарықта Англия, Франция, АҚШ, Жапония және Италия мемлекеттерімен тең бәсекеге түсетін дәрежеге жетуді мақсат етіп қойды. Егер 1932–1933 жылдары негізгі капиталға 2,78 пайыз қосылса, 1938–1939 жылдары 5,23 пайызға өскен. Аз уақыт ішінде концерн 177 зауытты, 69 тау-кен өндірісі мен металлургия кәсіпорындарын, 156 сауда-саттық компанияларын, 46 көлік кәсіпорындарын, 15 құрылыс фирмаларын біріктірді. Гитлер көптеген баспаларды үкіметтің бақылауына алды. Жұмысшылардың жағдайы нашарлай түсті. Оған еңбек жалақыларының төмендеуі, тұтынатын заттардың бағасының өсуі және салық мөлшерінің көбеюі әсер етті. 1939 жылы азық-түліктің бағасы 122,8 пайызға өсті. Осындай көптеген қымбатшылықтар белең алды. Дегенмен елдегі еңбек жүйесі мен машина өндірісінің көлемінің өсуі жұмысшылардың жұмыссыз қалмауын «қамтамасыз» етіп отырды.

Жыл сайын кәсіпорындардағы жұмысшылардың құқықтық жағдайы қиындай берді. Гестапо, қорғау бөлімшелері, зауыт полицейлері жұмысшылардың әр қадамын бақылап, фашизмге қарсыларды, кәсіпорындардағы тәртіпті сынағандарды аяусыз жазалап отырды. Жұмысшылардың жағдайы қандай болса, қолөнершілердің де, ұсақ буржуазияның да жағдайы солай болды. 1936–1937 жылдары қолөнер кәсіпорындары 90 мыңға қысқартылған. Гитлер ауыл шаруашылығында «мұрагерлік қожалықтар туралы» заң қабылдады. «Мұрагерлік жер» жанұяда әкеден үлкен ұлына қалып отырды, ол жерлерге салық төленбеді. Шаруалар тек фашистік мемлекет бекіткен өнім түрін еге алды, өз беттерінше малдарын соя алмады. Елге карточкалық жүйе енгізілді. Бұл шаруалардың онсыз да қиын жағдайын тереңдетті. Билік бекіткен тәртіпке қарсы шыққан шаруалар аяусыз жазаланды.

Осы кезеңдегі Германияның сыртқы саясаты басқыншылық саясатқа негізделді. 1933 жылы «Гитлерлік жастар» ұйымы құрылып, оны нацист Больфур фон Ширах басқарды. Оған фашистік тәртіпке сай жастарды тәрбиелеу шарты қойылған болатын. 1939 жылы он жастан асқан жастар саны 7,2 млн адамды қамтыды. Гитлердің мақсаты революциялық күштерді талқандау болды. 1933–1938 жылдар аралығында 150 мың коммунист тұтқындалып, көбі дарға асылған болатын. Өйткені фашистік билікке қарсы коммунистер, қатардағы социал-демократтар газеттер мен үндеухаттар таратты, көрнекті жерлерге плакаттар мен ұрандарды ілді, қызыл тулар тікті. «Роте Фане» («Қызыл ту») газетімен қатар басқа да заңсыз газеттер Бременде, Штутгартта, Мюнхенде шығып тұрды. Фашистерге қарсы күресте демократтық бағыттағы жеке тұлғалар, олардың ішінде көптеген өнер қайраткерлері де үлкен батылдық көрсетті және осы күресте өздерін құрбандыққа қиды. Елдегі ішкі саяси жағдайға бақылауды күшейту мақсатында Гитлерлік билік қарсыластарына қатысты қуғын-сүргінді күшейтті. Алайда фашистік билік тарапынан жасалынып жатқан жазалауларға қарамастан елде революциялық күрестер толастамады. 1935 жылдың өзінде 25 мың адам қатысқан қарсылық шерулері өтті, нәтижесінде белсенділік көрсеткендердің көпшілігі өлім жазасына кесілді.

Фашистік Германияның сыртқы саясаты

А. Гитлер Германияның сыртқы саясатын жүргізуге аса үлкен мән берді. Сыртқы сасат істерімен фашистік партияның сыртқы саясат бөлімі, Сыртқы істер министрлігі шұғылданды. Сыртқы саясат мәселелерін құра отырып, өзінің «Майн Кампф» кітабында Гитлер: «Германия әлемдік держава болады»,–деп жазған еді. Германия тек КСРО-ға қарсы соғысқа дайындалған жоқ, олар барлық әлемге қарсы күреске дайындалды. Ең алдымен, гитлершілер неміс қаны тамған Австрия, Саар, Лотарингия, Люксенбург, Бельгия, Голландияны алуға тырысты.

Батыс державалардың қолдауын пайдалана отырып, 1933 жылы 14 қазанда фашистік Германия Ұлттар Лигасынан шықты. 1934 жылы 26 қаңтарда Польшамен шабуыл жасаспау туралы келісімге қол қойды. 1934 жылы Венгриямен жарысып келіссөздер жүргізуді бастады. Экспорт және импорт алмасу мәселелері қарастырылды. Батыс мемлекеттері фашистердің басқыншылық әрекеттеріне барлық жағынан әсер етті. 1933 жылы Римде «күш қолданбау пактісіне» Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия қол қойды. Бұл «аншлюс» сол кезде-ақ Австрияға қауіп төндірді. 1935 жылы фашистер Германия үшін әскери және экономикалық маңызды Саарды басып алды. Саарды жаулап алғаннан кейін-ақ кек қайтаруды күшейтті, Германияның көршілеріне, әсіресе, Франция, Польша мен Чехославакияға бағытталды.

1935 жылы 16 наурызда Гитлер жалпы әскери бағыныштылықты енгізді. Саны 500-600 мың адам тұрақты әскер құрып, 1500 ұшақтан тұратын әуе флотын және күшті әскери-теңіз флотын құрды. Олар жаңа құрылған әскер тек қорғаныс мақсатында ғана қызмет атқаратындығына сендірді. Германиядағы милитаризацияның аяқталуы тек шығыс мемлекеттеріне ғана емес, сонымен қатар басқа елдерге де қауіп төндіретініне қарамастан, батыс мемлекеттерінің үкіметі фашистік үкіметтің саясатын барынша қолдады. Тағы да Англияның алдағы саясаты дұрыс бағытталмауы ағылшын-германдық теңіз келісімін жасауы болды. Келісім бойынша 35 пайыз көлемінде суүсті флотын, 45 пайыз суасты флотын ұстауға рұқсат алды. 1936 жылы наурызда Германия Рейн кепілдік пактісін жойып, Версаль бітімшартын және 1925 жылы қабылданған Локарно келісімін бұзып, оның әскерін деммилитаризацияланған өңіріне кіргізеді. 1931 жылы сәуірде Испания мемлекет болып жарияланғаннан кейін, Германия мен Италия Испания Республикасына қарсы қаруланған басқыншылығын бастайды. Батыс державалардың көмегін пайдалана отырып, яғни олардың қару және соғыс заттарын жеткізіп тұруының нәтижесінде Герман және Итальян фашистері ішкі реакция күшімен Испан халқын жеңіп, фашистік франко тәртібін орнатты. Испанияда реакциондық тәртіп орната отырып, олар Францияға қарсы жаңа топ құрмақшы болды. 1936 жылғы 25 қазандағы «Берлин-Рим белдеуі» келісіміне қол қою Герман фашистік үкіметінің соғысқа дайындығының негізгі кезеңі болды. «Берлин-Рим белдеуі» келісімінің жалғасы болып, 1936 жылдың 25 қарашасында қабылданған Германия мен Жапония арасындағы антикоминтеріндік пакт болды. Батыс державалар фашистік Германияны КСРО-ға айдап салып, өз бастарына төнген қауіпті елеместен пактіні қолдады.

Гитлердің басты міндеті – қауіп тудыру, қорқыту жолдары арқылы Версаль бітімшартын қайта қарауды талап ету. Сол мақсаттағы келесі қадамы Австрия бағыты еді. Гитлерлік басқыншылықтың алғашқы құрбаны Австрия болды. Гитлер 1936 жылы шілде айында Австриямен келісімшарт жасасты.Бұл келісім бойынша, Австрия қағаз жүзінде ғана дербес мемлекет болғанымен, негізінде Германияның бір бөлігі деп қарастырылды. 1938 жылы 11 наурызда Гитлер Австрияны жаулап алу туралы нұсқауға қол қойса, 12 наурызда Германия Австрияны өзіне қосып алды. Австрия жері 7 өңірге бөлініп, Германияның «шығыс марка жері» деп аталды.

1938 жылдан бастап Германия өз әскерлерін Чехословакия шекараларына жақындатты. 1938 жылдың күзінде Италия, Англия және Францияның қолдауымен Мюнхен келісімінің негізінде Германия өзіне Чехословакияның Судет өңірін қосып алды. 1938 жылғы 20 қарашадағы ақтық шарт бойынша Чехословакия Германияға 2,8 миллион судеттік неміс және 800 мың чех тұратын 11 мың мильдік аумақты беруге тиіс болды. Бұл аумақта сол кездегі Еуропадағы ең қуатты қорғаныс шептерінің бірі – маңызды чехтік бекіністер орналасқан еді. Сондай-ақ Чехословакияның теміржол және тас төселген жолдар торабы, телефондық байланыс жүйесі үзілді. Неміс мәліметтерін негізге алсақ, Чехословакия осы аумағына тиесілі көмір өндірудің 60 пайызын химиялық өнеркәсіптің 86 пайызын, цемент өндірудің 80 пайызын, шойын мен болат өндірудің 70 пайызын, электр қуатын өндірудің 70 пайызын және ағаш өңдеу өнеркәсібінің 40 пайызын жоғалтқан. Чехословакияны енді мемлекет ретінде жоқ десе де болады. 1939 жылдың 15 наурыз күні германдық әскер Чехословакияны толығымен жаулап алды. Ұлы державалар бұл жолы да Германияның бұл ісіне қарсылық білдірген жоқ. Чехословакияны жаулаудың нәтижесінде Германияның өндіріс өнімдері тез өсті. Олар көмір, графит, марганец рудасын, күкірт колчеданын алды. Әлемдік нарықта Германия алдыңғы орынға ие болды.

Англия және Францияның билеуші топтары фашистік Германияның басқыншылық жоспарларының жүзеге асуына қарсылық жасай алмады.

1939 жылы неміс әскері Чехословакияны басып алғаннан кейін үш күн өткен соң КСРО тарапынан Бухаресте алты мемлекеттің – Франция, Ұлыбритания, Польша, Кеңестер Одағы, Румыния және Түркия арасында Гитлерді тоқтату мақсатында «бейбіт майдан» құру жөнінде мәслихатқа жиналуға ұсыныс жасалды. Бұл ұсыныс ағылшын-француз тарапынан қолдау таппады. Англия мен Франция 15 сәуірде Мәскеуге өздерінің алғашқы ұсыныстарын жасап, КСРО тарапынан Польша мен Румынияға көмек беруге дайын екендігін мәлімдеуін өтінеді. Ұжымдық қауіпсіздікті ұйымдастыру мақсатында 1939 жылдың көктем-жаз айларында Англия мен Франция Германияның саясатына қарсы екендігін білдіріп, КСРО-мен келісімге келуге талпынғанымен, бұл шаралар нәтижесіз аяқталды.

1939 жылдың 22 мамырында Италия мен Германия арасында ашық әскери одақ жөніндегі келісімге қол қойылады («Болаттай берік пактісі»). Шарт бойынша екі елдің біреуі үшінші елмен соғыс жағдайына килігетін болса, онда бір-біріне барлық әскери күшпен көмектесуге тиіс болды.

1939 жылдың 23 тамызында КСРО мен Германия басшылығы екіжақты тиімді келіссөздердің нәтижесінде шабуыл жасаспау туралы келісімшартқа қол қойды. «Келісімшарттың «Құпия қосымша хаттамасы» бойынша Шығыс Еуропа аумағы екі елдің ықпал ету аймағына бөлінді. Аймақтық-саяси қайта құру жағдайында Финляндия, Эстония, Латвия және Литва өңірлері Германия мен КСРО-ның бірдей мүдделік шекара аумағы болып табылады. Ал Польша мемлекетінің өңірін аймақтық-саяси қайта құру жағдайында Германия мен КСРО-ның мүдделік шекара аумағы Нарева, Висла және Сана өзенінің бойымен өтуі мүмкін деп белгіленді. Яғни құпия келісім бойынша Батыс Украина, Батыс Белоруссия, Финляндия, Латвия және Бессарабия КСРО-ға, Литва Германияға өтетін болды.

Германия 30-жылдардың аяғындағы өзінің сыртқы саяси басқыншылығының нәтижесінде экономикалық қуатын нығайта түсті. Германдық капитал іс жүзінде Империялық несиелік қоғамның нұсқауларын жүзеге асыра бастады. Фашистік Германияның Австриялық металлургиялық өнеркәсіпті қосып алуы арқылы круптық зауыттардың үлес салмағы өсе түсті, ал Германияның аумағы 17 пайызға, халық саны 10 пайызға ұлғайды.

Чехословактық экономикалық қуатты жаулап алуы және оны игеруі белгіленген жоспар бойынша өте мұқият жүргізілді. Яғни 1939 жылдың 15 наурызында Германия өте қуатты металлургиялық тірекке ие болған еді. Ал оның әскери өнімі де шетелдерде тым әйгілі болатын. Бұл өз кезегінде Германияның экономикасына тікелей әсер етті. Соғыс қарсаңындағы алты жылдық мерзімде әлемдік өндірістік өнеркәсіптегі Германияның үлес салмағы 1932 жылғы 8,3 пайыздан 1939 жылы 13,3 пайызға өседі. 1941 жылдың жазына таяу неміс әскери өнеркәсібі 1939 жылға қарағанда 75 пайызға артық өнім өндіре бастады. 1939 жылдың 19 тамызындағы Германия мен КСРО арасындағы 2 жылға белгіленген сауда-несие келісімі, 1940 жылғы 11 ақпандағы шаруашылық келісімі Германияның экономикасының нығаюына қызмет етті. 1941 жылдың 22 маусым қарсаңындағы Германияның экономикалық қуаты Кеңестер Одағынан бірнеше есеге артық болды. Бұл Германияның екінші дүниежүзілік соғысқа жан-жақты қамдануының нәтижесі еді.

Екінші дүниежүзілік соғысы кезіндегі Германия. ІІ дүниежүзілік соғыс басталған кезінде Германияда, неміс фашистік әскерінің құрамында 103 дивизия, 6 танкі дивизиясы, шамамен, 2600 мың адам болды. 1939 ж. 4405 әскери және тасымалдаушы ұшақ, 2000 бомба тастайтын және 800 жойғыш ұшақтар болған. Теңіз күштері 2 қатарлық кемені құрды. Осындай күштің негізінде 1939 жылғы 1 қыркүйек күні фашистік Германияның Польшаға баса-көктеп кіруімен Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Польшаны алу фашистердің дүниежүзін жаулау жоспарының тек бір бөлігі еді. Польшаға қарсы 62 неміс дивизиясы және 2 бригадасы, 2500 аса танкі, 2000-ға жуық ұшақ жіберілді. Польшаның әскері тек 33 дивизиядан тұратын. Бір аптаның ішінде-ақ фашистер Польшаның стратегиялық маңызды экономикалық және өндіріс аудандарын басып алды. Жеңіс нәтижесінде Польша фашистік Германияның генерал-губернаторлығына айналды. Норвегия, Данияға қатысты «бейбіт саясатты» ұстана отырып, Германия оларға қарсы үлкен күреске дайындалды. 1940 жылғы 9 сәуірде Гитлерлік әскерлер Норвегия мен Данияға басып кірді. 1940 жылғы мамырда еш ескертусіз, ешқандай соғыс жарияламастан Бельгия, Голландия, Люксембург, Францияға басып кірді. Германияның соғыс күші нығая түсті.

Германия Францияны жаулап алғаннан кейін Ұлыбританияны басып алу мақсатында 1940 жылдың 16 шілдесінде «Теңіз арыстаны» атты соғыс жоспарына қол қояды. Бұл жоспар бойынша Англияны әлсірету мақсатында теңіздегі соғыс қимылдарымен қоса әуе шабуылын күшейту негізінде Англияға үрей туғызу еді. Англияға қарсы соғыста көздеген мақсатына жете алмаған Гитлер енді КСРО-ға қарсы дайындықты бастайды.

Гитлер 1940 жылғы 18 желтоқсанда Кеңес Одағын қысқа мерзімде басып алуға негізделген «Барбаросса жоспарын» аяқтайды. Бұл стратегиялық жоспар бойынша – Мәскеу, Ленинград, Украина, Кавказ, Астрахань-Архангельскіні жаулап алу еді. 1941 жылдың көктемінде неміс әскері Югославия мен Грекияға қарсы және Солтүстік Африка елдеріне қарсы соғыс қимылдарын бастады. 1941 жылғы 22 маусымда Германия Кеңестер Одағына басып кіреді. Неміс әскерлері 1941 жылдың аяғында Мәскеу қаласына таяп келгенімен, әрі қарай өте алмады. 1942 жыл көлемінде неміс әскерлері Атлантикада, Кавказда және Солтүстік Африкада кейбір табыстарға жетті. 1943 жылғы Сталинград түбіндегі және Курск маңындағы шайқастағы жеңілісі соғыстың бет-әлпетін түбегейлі өзгертті. Жеңілмейтін германдық әскер жөніндегі аңыздың күл-талқаны шықты. Осы кезде ірі фашистік топтары талқандалып, елде 3 күндік аза жарияланады. Сталинград апаты, оған жалғасқан Кеңес әскерінің шабуылы герман халқының әскери-саяси жағдайын қиындатты. 1943 жылы Германия шикізат жетіспеушілігін сезінді. Елде мұнайдың жетіспеушілігі басталды. Бензинмен жүретін көліктердің тоқтатылуы талап етілді. Қағаз жетіспегендіктен, құжаттар тек 5-10 жылға дейін сақталынды.Жаңа шектеулер шаруаларға да енгізілді. Олардың жағдайы нашарлады. Осылай халықты тонап, шектеу арқылы ғана гитлерлік билік соғысқа қажет шикізатпен қамтамассыз етті.

Курск және Белгороцтағы жеңілістен кейін, неміс әскерлері шабуыл әрекеттерін қорғану қимылдарына ауыстырады. Бұл неміс әскерлерінің жеңілісін білдірді. Курск түбіндегі фашистік әскерлердің жеңілісі елдегі ішкі жағдайды өршітті. Герман экономикасы қатты құлдырады. Шетел жұмысшылары, әскери тұтқындар, лагерьдегі адамдар қарсылық білдіре бастады. Гитлершілер басып алынған аймақтағы кеңестік адамдарға қарсы айуандық іс шараларын жасады. Жұмысшы күні 14-16 сағат, ал ауылшаруашылығында 19 сағатты құрады. Кеңестік адамдарды ең қиын жұмыстарды істеуге мәжбүрледі. Соғыс қаншалықты тереңдесе, фашистік бассыздық соншалықты күшейді. Гитлерлік тәртіптің қаталдығын барлық басып алынған Еуропа елдері бастарынан өткізді. 1944 жылы Кеңес халқының шешуші жеңісінің нәтижесінде басқыншы неміс-фашистері қуылып, ол бүкіл орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропалық елдерінің азаттық алуымен аяқталды.

КСРО-ның гитлершілдерге қарсы топтағы одақтастары 1944 жылдың маусымында Нормандияда екінші майданды ашуға мәжбүр болды. Халықты жаппай соғысқа шақыру мен әскери жеңілістер елдегі Гитлерге қарсы шығушыларды да топтастыра түсті. Үш батыс мемлекеттері және Кеңес одағының мүдделері неміс жерінде түйісіп жатты. Әр ел жеңілген мемлекетте өзіне тиімді саяси жүйені орнатуға ұмтылды. Сол себепті де осы жерде Батыс пен Шығыс арасында қорқыныш пен жаулыққа негізделген сенімсіздік нығая түсті. Әр жақ екінші жағына өз ойын-тәртібін жүктеуге ұмтылды. Ең соңында тиімсіз жағдайда неміс халқы қалды. Халықаралық қатынастар тарихы бетінде тағы да «герман мәселесі» көрініс тапты.

Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1918-1945)

Подняться наверх