Читать книгу Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1918-1945) - Амангелді Әліпбаев - Страница 2

1-тарау
БІРІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР
1.1. Версаль-Вашингтон жүйесінің құрылуы

Оглавление

ХХ ғасырдың басында әлемді дүр сілкіндірген бірінші дүниежүзілік соғыс 1914-1918 жылдары екі топ арасында, яғни герман-австриялық топ пен Антанта елдерінің саяси шиеленісінің нәтижесінде әлемдік бөліс үшін, отарларға ие болу мақсатында, саяси ықпал ету кеңістігін кеңейтуге бағытталған болатын.

Сол кезеңде қалыптасқан халықаралық қатынастар нәтижесі, француз-герман қатынастары арасында ежелден келе жатқан талас-тартыспен қоса, отар елдер төңірегіндегі жанталас, ғасыр басындағы дүниежүзілік соғысқа итермеледі. Бірінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы күндері-ақ Францияның Германияға қарсы тұруына тек Ұлыбритания ғана емес, Ресеймен де одақ құрғандығының маңыздылығы зор болды. Осы одақтың мүшесі болған Ұлыбритания да француз-герман қатынасында өзіндік орын алып келгендігі белгілі. Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан кәдімгі аралдық мемлекет Ұлыбритания, ежелден осы аймақта маңызды стратегиялық жағдайды қалыптастырған. Еуропалық құрлықта басқа мемлекеттердің үстемдігін болдырмауға ұмтылған Ұлыбритания тежеу саясатын қалап алған еді. Осыған орай, бірнеше ғасырлар бойы Германия мен Франция арасындағы қатынас тікелей немесе жанама түрде екі мемлекет қайшылығында төреші рөлін атқаруға ұмтылған Ұлыбританияға да байланысты болды.

Ұлыбританияның ежелден алға қойған мақсаты Еуропа құрылығында «күштердің тепе-теңдігін» құру болғанымен, тек ешбір мемлекеттің онда үстемдік жағдайында болуын қаламады. Атақты саяси қайраткер Гарольд Никольсонның айтуынша: «Британдық саясат қашанда сол сәт Еуропада күшті деп есептелінетін, қандай да болмасын бір елге қарсы топ ұйымдастыруға бағытталды; Егер Еуропадағы ағылшын саясатының мақсаты – күштердің тепе-теңдігі – Англияның тікелей қатысуынсыз іске асатын болса, онда олар «араласпау», «әдемі оқшаулану» саясатын ұстауға әзір. Ал егер олардың қатысуынсыз іс жүзеге аспайтын болса, олар еуропалық іске ашық түрде араласып, әрине, мүмкіндікке қарай, өздеріне аз міндеттемелер алып, «күштердің тепе-теңдігін» сақтауға тырысады».

Яғни Ұлыбританияның да жалпы сыртқы саясаты геосаясат тұрғысынан қаралған. Сондықтан да өзінің саяси мақсатына жету барысында Ұлыбритания француз-герман қатынасын тиімді пайдалануды көздеген болатын. ХХ ғасыр басындағы осы ағылшын-француз жақындастығы халықаралық қатынастар тарихында «Антанта» («келісім») деген атпен белгілі. Бұл Одаққа қосылған Ресейдің де Германияға қарсы соғыстағы рөлі ерекше, тек оның жағрапиялық орналасуына ғана тоқталатын болсақ, Францияға қарсы топталатын германиялық күшті енді Шығыс бағытына да бөлу қажет еді. Соған қарамастан, Германияның қолына қару алып Францияға ұмтылғандығы соншалықты, 1914 жылдың тамыз айының аяғында, яғни соғыстың басталғанына бір ай да болмай жатып, герман әскері Париж қақпасының алдында тұрды. Тек соғыс барысында Антанта мемлекеттерінің басымдылығы Германия мен оның одақтастарының күшінен артық екендігін айқындатты. 1914 ж. күзінде неміс канцлері Бетман-Гольвет соғыс мақсатын «герман империясының батысы мен шығысындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет, сол себепті де Францияны қуатты мемлекет бола алмайтындай қылып әлсірету керек, Ресейді герман шекарасынан мүмкіндігінше алыстату қажет», – деп түсіндіреді1.

Германия да өзінің сыртқы саясатын геосаясат негізінде қарастырып, Еуропалық құрлықта үстемдікке жету үшін, сондай-ақ отар елдердегі ықпалын күшейту мақсатында, осыған орай мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ең алдымен, жағрапиялық факторды тиянақтауды қолға алады. Осы мақсатқа жету барысында Германия соғыста жеңген жағдайда өзінің саяси-экономикалық құдіреттілігін де қамтамасыз ететіндігіне сенімді болды. Бірақ қай мемлекет болмасын әлем алдында соғыс өртінің тұтануына өзінің кінәлі болғандығын мойындағысы келмейді. Осы орайда, 1915 жылдың 31 шілдесінде Вильгельм ІІ герман халқына бағытталған жолдауында: «Герман халқын қолына қару алуға шақыруға мәжбүр болғаныма бір жыл өтті. Еуропаға және бүкіл әлемге адам естімес қантөгіс зардабы төнді. Құдірет пен тарих алдында менің арым таза. Мен соғысты қалаған емеспін!..» – дейді2. Осы мәлімдеме жөнінде бельгиялық король Альберт: «Кім өзін ақтай бастаса, сол өзін-өзі қаралағаны», – деген болатын. Бұл соғыстың басталуына француздар да, жалпы Антанта жағы да өздерін кінәліміз демейді. Шын мәнінде, бұл соғыстың басталуына кінәлі, осы қатысушы мемлекеттер арасындағы сол баяғы саяси, экономикалық бақталастық еді.

Ал өз кезегінде Францияның билеуші топтары Еуропада өз үстемдіктерін орнатып, 1871 жылғы соғыс салдарынан Германияға өткен Эльзас пен Лотарингия аймағын Францияға қайтарып алып, мүмкіндігінше Германияны қайта бас көтере алмайтындай қылып жазалауды көздеген. Осы француз-герман арасындағы бақталастықтың, бір-біріне деген қас дұшпандықтың күйін түсіну үшін, екі мемлекет арасында жатқан Верден қаласының тарихына көз жүгіртсе де жеткілікті. Маас өзенінің жағасында орналасқан Верден қаласы ғасырлар бойы әрқашанда шығысындағы германдықтардан қауіп-қатерге тап болып отырды. Өзінің қарқынды тарихында Верден біресе Францияның шығыс бөлігін құрады, біресе тәуелсіз болып келді, біресе Германияның ықпалына түсті. Верден – өте маңызды экономикалық орталыққа айналған қала. Германдық кезеңде Верден Лотарингиямен бірге Қасиетті Рим империясының бөлігі болып есептелді. Тек 985 жылдың өзінде ғана Верден қаласы үш рет қолдан қолға өткені белгілі. ХІ ғасырдың басында Верден Лотарингияға қайтарылады. ХІІ ғасырда Верден Метц, Туль сияқты қалалық республика күйін кешкен болатын. Ал Вестфаль келісімшарты бұл үш епископтықты Францияға қосылғандығын бекітеді. 18 ғасырдан бастап Верден қаласы Францияның шығысындағы алғы шеп қызметін атқарады. 1793 жылғы Верден қаласын германдықтар тізе бүктірсе, 1870 жылы Верден қайтадан немістердің басып алуына тап болады. Енді міне, бірінші дүниежүзілік соғыс барысында Раймонд Пуанкаренің сөзімен айтқанда, «империялық Германияның соңғы үміттері Верден қабырғасына соғылып, быт-шыт болды… Германдық арманның күлі көкке ұшты»3. Шын мәнінде де, германдықтар үшін Верденді алу француздардың рухын таба қылып, неміс шартын қабылдатуға жағдай туғызар еді. Тек тарих бұл мәселені керісінше шешті. Өзінің одақтастарымен қосыла отырып, Франция германдықтарды өз аумағынан қуып қана қоймай, одан зорына мүдделі еді. Сондықтан Германиядағы Рейн өзенінің сол жақ жағалауын, тіпті, ыңғайы келіп жатса, оң жақ жағалауынан да бөліп алып, герман өнеркәсібін француз капиталы үшін жұмыс жасату қажет деп санады.

1914–1918 жылдары герман-австриялық топ пен Антанта елдерінің арасындағы қарулы қақтығыс әлемдік бөліс үшін, екі топ тұрғысынан да басқыншылық сипаттағы соғыс болды. Соғыс барысында оған 38 мемлекет пен оның отарлары қатысқан болатын.

Бұл соғыс 1918 жылдың күзінде Германия, Австрия-Венгрия, Түркия, Болгария сияқты елдерден құрылған Төрттік Одақтың жеңілісімен аяқталды. Соғыс барысында Ресей аумағында саяси төңкерістің нәтижесінде құрылған жаңа саяси жүйедегі Кеңес өкіметі соғыстан шығу мақсатында 1917 жылғы 26 қазанда (8 қараша) бейбітшілік туралы қаулы қабылдады. Онда барлық соғысушы елдерді және олардың үкіметтерін соғысты тоқтату жөнінде келіссөздер жүргізуге және ешқандай да аннексиясыз және төлемақысыз бейбіт бітім жасасуға шақырды. Алайда, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және басқа елдер бұл ұсынысты қабылдаудан бас тартты, себебі олар көздеген мақсаттарына қол жеткізбейінше соғысты тоқтатқысы келмеді.

Германия мен оның одақтастары соғыс ауыртпалығын аз да болса жеңілдетуге үміттене отырып, кеңестік ұсынысты қолдаған болатын. 1917 жылдың 2 (15) желтоқсанында Кеңестік Ресей мен германдық топ арасында 28 күн мерзімге созылған бейбіт бітім туралы декретке қол қойылды. 1917 жылдың 9 (22) желтоқсанында Брест-Литовскіде Кеңестік Ресей мен Германия және оның одақтастары (Австрия-Венгрия, Түркия, Болгария) арасында бейбіт келіссөздер жүргізілді. Кеңестік өкілдер Польша, Литва, Курляндия және де Ресейдің басып алынған аудандарынан шетелдік әскердің шығарылуын талап етті және де бұл аумақтардың халқына өз тағдырларын өздері шешу үшін өзін-өзі басқару құқын беруді ұсынды. Бірақ герман тарапынан келіссөзге қатысқан өкілдері Германияның басып алған аумағынан өздерінің әскерін шығармайтындығын жариялады. Брест-Литовскідегі келіссөздер нәтижесінде тараптар нақтылы шешімге келе алмады. Германия және оның одақтастары Ресей бағытындағы басымдылығына сүйене отырып, келіссөздерді қайтадан бастауды ұсынады. Кеңес өкіметі қойылған аумақтық-экономикалық талаптарға келісуге мәжбүр болды, сөйтіп 1918 жылдың 3 наурызында Брест бейбіт бітіміне қол қойылды. Бұл бітім бойынша Германия Польша, Латвия, Литва, Эстонияның жерлерін өзіне қосып алып, Украинаны өзіне тәуелді етті. Кеңестік мемлекет Германияға едәуір көлемде төлемақы (6 млрд алтын марка) төлеуге келіскен болатын.

Еуропа құрлығында кең етек алған бұл дүниежүзілік соғысты аяқтаудың жолдарын іздеген мемлекеттердің тағы бірі АҚШ болды. 1918 жылдың 8 қаңтарында АҚШ президенті В.Вильсонның «14 тармақтан тұратын соғыстан кейінгі бейбіт реттеу ұсынысы» жасалды. Бұл құжатта құпиялы дипломатиядан бас тарту, әлемдік еркін сауда, қару-жарақты қысқарту, әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында Ұлттар Лигасын құру, езгіге түскен халықтардың мүддесін ескере отырып, отарлық мәселені шешу, Ресей, Франция, Италия, Австрия-Венгрия, Түркия және т.б. қатысты шекаралық мәселені әділ реттеуді жариялады. Тек әлемдік үстемдікке ұмтылған мемлекеттердің сөздері мен істері қашанда үйлеспейді. «Вильсонның мәлімдемесінің» негізгі мақсаты да АҚШ-тың саяси мүддесін бүркемелеу еді.

1918 жылдың 11 қарашасында Франциядағы Компьен орманында Ретонд станциясына таяу аумақта орналасқан француздың әскери қолбасшысы маршал Фердинанд Фоштың теміржол вагонында бір жағынан Антанта мемлекеттері және АҚШ, екінші жағынан 1914-1918 жылғы соғыс барысында жеңілген Германия арасында 36 күнге белгіленген уақытша бітімге қол қойылған болатын. Компьен уақытша бітімінің мерзімі келіссөздер барысында бірнеше рет қаралып, 1919 жылғы Версаль бейбіт бітім шартына қол қойылатын уақытқа дейін ұзартылды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде жеңіске жеткен Антанта елдері тарапынан 1919 жылдың 18 қаңтарында Париж қаласының Версаль сарайына жеңімпаз мемлекеттердің халықаралық мәслихаты шақырылды. Германияның жеңілуіне қатысты халықаралық мәслихаттың басталу күнін 18 қаңтарға белгілеу Франция жағынан өткен тарихи оқиғаға жауап ретінде еді. Өйткені француз-прусс соғысы нәтижесінде 1871 жылы 18 қаңтарда жеңілген Францияның жүрек тұсы, Версаль сарайында Герман империясының біріккені жарияланған болатын. Еуропа құрылығында өрістеген оқиғалардың басым көпшілігіне қатысқан Германия өзінікімен қатар өзге монархтардың талан-таражына түскен құрбаны болғандай. Мұның барлығы бос кетпей, ұлттық санада кемсітушілік сезімін, қорланған намысты ұзаққа қалдырды. Соның салдарынан бұл ұлт басқа, яғни француз ұлтының намысын да жермен-жексен ету мақсатында Берлинде емес Версаль сарайында германдық бірігуді бүкіл әлемге жария еткені мәлім.

Жалпы мемлекетаралық қатынас көп жағдайда сол елдердің билік басындағыларының түсінігіне орай ұстанатын саясатының жемісі. 1915 жылы 5 тамызда Францияның премьер-министрі Раймонд Пуанкаре: «Республика тек Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, еркін өмір сүруді сезінетін, еліміздің тұтастығын сақтайтын, қиралған дүниенің төлемақысын қайтаратын, герман басқыншылығының қайталанбауын қамтамасыз ете алатын бітім шартқа ғана келіседі», – деп мәлімдеген болатын4.

Бірінші дүниежүзілік соғыс тоқталғаннан кейін, жеңген мемлекеттер қатарында болған Француз үкіметі 1919 жылы 18 қаңтарында басталған Париж мәслихатына осындай талаптармен келген болатын.

Париж бейбіт мәслихатының мақсаты Германия және оның одақтастарымен бейбіт келісімге келу мәселесін талқылау болды. Мәслихат жұмысының тәртібін ұлы мемлекеттердің өкілдері айқындады, яғни негізінен басқа елдердің мүдделері ескерілмеді. Маңызды мәселелердің шешімі негізінен «ондық кеңестің» мәжілістерінде айқындалды. Бұл кеңес АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия және Жапония елдерінің екі өкілдерінен тұрды. Кеңестің жұмысы өте құпия, жабық түрде өтетін. Кейіннен мәслихатта АҚШ президенті В. Вильсон, Францияның премьер-министрі Ж. Б. Клемансо, Ұлыбританияның премьер-министрі Д. Ллойд-Джордж және Италияның премьер-министрі В. Э. Орландо, яғни «төрттік кеңес» жетекшілік рөлге ие болды. Дегенмен, бейбіт мәслихат үш адамның шешіміне тікелей тәуелді болды, олар: Жорж Клемансо, Дэвид Ллойд-Джордж және Вудро Вильсон. Мәслихат жұмысына 27 елден 1 мыңнан астам өкілдер қатысты.

Париж бейбіт мәслихатындағы ең маңызды мәселе соғыстан кейінгі әлемдік құрылымды қандай жолмен қамтамасыз ету болатын. Осыған орай бірқатар:

– соғыстан кейінгі халықаралық қатынастар жүйесінің өздеріне лайықты жаңа қағидаларын ойластыру;

– бірінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысына сай ірі мемлекеттердің ықпал ету аясын қайта бөлісуді жүзеге асыру;

– соғыстан кейінгі әлемді қайта бөлісуде негізгі нысаналардың – Германия отарлары мен Арабтық Шығыстағы Түрік иеліктерінің тағдырын шешу сияқты маңызды міндеттерді шешу қажет болды.

Әрине, бұл мәселелер бұған дейінгі де ірі халықаралық мәслихаттарда халықаралық қатынастар жүйесін түбегейлі алға өрбіту жөнінде мәселелерді шешу кезінде де шыққанымен, Париж бейбіт мәслихатында тіпті, жаңа қырынан көрінді. Өйткені әлемдік саяси жағдайда жаңа дәуірдің басталғаны айқын болды. Әлемде барлық дәстүрлі капитализм құрылымының дағдарысы кең етек алса, көпшілік бұқараның капитализмге демократиялық өзгеріс енгізу ұмтылысы белең алды, ал кейде тіпті, оның социалистік ауысуына әкелді. Бірқатар елдерде революциялық дағдарыс басталса, отар және тәуелді елдерде ұлт-азаттық қозғалыстар өсе түсті, ұлттық қозғалыстар Еуропа елдерінде де бой көтере бастады. Сол ретте, Париж бейбіт мәслихатына жетекшілік еткен ел басшылары жаңа саяси жүйені таңдаған Кеңестік Ресейді қатыстыруды қаламады.

Мәслихат жұмысы барысында АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия және Жапония арасында әлемдік бөліс үшін қайшылық ушыға түсті. АҚШ едәуір белсенділік көрсетті, өйткені ол соғыс жылдарында экономикалық, қаржы, әскери және саяси тұрғыдан нығайып алған болатын, соның негізінде капиталистік әлемде жетекшілік рөл атқаруға ұмтылды. Германия және Түркиядан тартып алынған аумақтарды Ұлыбритания, Франция және басқа қуатты мемлекеттердің басып алуына АҚШ қарсы бола отырып, ол жерлердің Ұлттар Лигасының бақылауына өткізу туралы ойды ұсынды, ондағы мақсаты америкалықтар оны өздерінің ықпалында ұстаймыз деп үміттенді. Америкалықтардың «теңіз еркіндігі», «сауда еркіндігі», «отар мәселесін реттеу» сияқты ұсыныстарының астарында Ұлыбритания, Франция және Жапония сияқты елдердің күшеюіне, отарлық иеліктерге ие болуға жол бермеу еді. Сонымен қатар АҚШ Кеңестік Ресеймен күресу үшін және Англия мен Францияға қарама-қарсы салмақ үшін Германияның күшін сақтау бағытын да жүргізді.

Франция болса, бұл мәслихатта Германияны бірнеше ұсақ мемлекеттерге бөлшектеуге, Еуропада өзінің шекарасын кеңейтуге ұмтылды және де герман және түрік отарларының едәуір бөлігін басып алуға үміттеніп, өздерінің Еуропадағы үстемдігін орнатуға да тырысып бақты. Сондай-ақ француз дипломаттары Францияға Германиядан жалпы төлемақы көлемінің 50 пайызынан астамын беруді талап етті.

Ал Англияның басты мақсаты іс жүзінде өзінің иеленген иеліктерін осы мәслихатта келісімшарттар негізінде ресми түрде бекітіп алу еді. Өйткені Германияның Африкадағы отарларының едәуір бөлігін және түріктердің көптеген иеліктерін британ қарулы күштері басып алған болатын. Германияның өзіне бақталас бола алмайтындығын түсінген Англия герман мемлекетінің сақталуына мүдделі болды, өйткені оны Еуропадағы «күштер тепе-теңдігі» үшін және Кеңестік Ресеймен күрес үшін пайдалануға тырысты.

Итальян өкілдері мәслихатта Балқандағы австро-венгерлердің бірқатар аумағын өздеріне бекітіп алды.

Жапония Шаньдун мен Тынық мұхитындағы герман отарларын беруді талап етті. Англия бұл ұсынысты қолдады, өйткені ол АҚШ-пен бақталастықта жапондықтарға арқа сүйеуге ұмтылды. Париж бейбіт мәслихатының жарты жылдық жұмысы жеңімпаз-мемлекеттер арасында бейбіт келісімнің негізгі шарттарын қарастыруда жалпы келісушілікке әкелді. Соның негізінде 1919 жылдың 28 маусымында Версальда басты одақтас елдер АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония, сондай-ақ Бельгия, Боливия, Бразилия, Куба, Эквадор, Грекия, Гватемала, Гаити, Хиджаз, Гондурас, Либерия, Никарагуа, Панама, Перу, Польша, Португалия, Румыния, Сербтер, хорваттар және словендер Корольдігі, Сиама, Чехословакия және Уругвай бір жағынан, ал, екінші жағынан, жеңілген Германия арасында бейбіт келісімге қол қойылды. Дегенмен, кейбір қытайлық аумақтың тағдыры дұрыс шешілмеуіне байланысты келіспеушілігін білдірген Қытай келісімшартқа қол қоюдан бас тартса, Хиджаз пен Эквадор Версаль бітім шартына қол қойғанымен, оны ратификацияламады, АҚШ сенаты да АҚШ-тың Ұлттар Лигасына мүше болғысы келмейтіндігін сылтауратып, келісімшартты ратификациялаудан бас тартты. Өйткені Ұлттар Лигасының Жарғысы Версаль бітімшартының құрамдас бөлігі болатын. Алайда, АҚШ 1921 жылы Германиямен Версаль келісімшартының мәтініне ұқсас, тек Ұлттар Лигасы жөніндегі баптары жоқ америкалық-герман келісімшартына қол қояды.

Версаль бітімшарты басты төрт одақтас елдер (Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония) және Германия тарапынан ратификацияланғаннан соң 1920 жылдың 10 қаңтарында күшіне енеді. Келісімшартта Ұлттар Лигасының Жарғысы, Германияның Бельгиямен, Люксембургпен, Франциямен, Даниямен, Швейцариямен, Австриямен, Польша және Чехословакиямен шекарасы қарастырылған, сонымен бірге Еуропаның саяси құрылғысына қатысты мәселелер реттелген.

Версаль бітімшарты бойынша Германия және оның одақтастары соғыстың шығуына кінәлі деп айыпталды. Версаль бітімшарты Германияда жалпыға бірдей әскери міндеттілікке тыйым салды, оған суасты, әскери және теңіз әуе күшін иеленуге рұқсат етпеді. Әскерінің саны 100 мың адамнан аспауы тиіс болды.

Версаль бітімшартының қаулысы бойынша, Франция ендігі жерде өзінің заң жүзінде жете алмаған мақсаттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. Яғни Франция мемлекеті үш негізгі тетікке ие болды: Германия өзінің басқыншылығы нәтижесінде қасіретке әкелген елдерге, оның ішінде Францияға төлемақы төлеуге міндетті болды; Саар көмір шахтасы Францияның меншігіне өтті және Саар аймағы Ұлттар Лигасының қарауына уақытша бөлінді. Төлемақы көлемі кейін 1921 жылы өткен Лондон мәслихатында 132 млрд алтын марка деп белгіленді. Одан Франция – 52 пайыз, Англия – 22 пайыз, Италия – жалпы соманың 10 пайызын алатын болды. Төлемақы мәселесі өте маңызды еді. 1919 жылғы 25 сәуірдегі министрлер кеңесінің мәжілісінде белгіленген уақыт ішінде одақтастардың әскерінің басып алынған аймақтардан кету мәселесіне байланысты француз үкіметінің басшысы Ж. Клемансо «Германия жағынан төлемақы уақтылы төленбеген жағдайда, бұл аймақтарды біздің қайта басып алуға немесе ұзартуға құқымыз болады. Менің пайымдауымша, Германия борышқа батып төлемақыны төлей алмайды да, біз басып алған аймақтарымызда қала отырып, Ұлыбритания мен АҚШ арасындағы одақтастығымызды сақтап қаламыз» деп мәлімдеген болатын5. Осыған орай, Германияның уақытында және толық көлемде төлемақы төлеуі үшін Франция Рейннің сол жақ жағалауындағы аумақты одақтастардың әскерімен біріге отырып, кепілдік ретінде уақытша басып алу құқына ие болды. Мұның өзі сол баяғыдан келе жатқан француздардың шығыс шекарасын кеңейту дәмесі еді. Келісілген құжат бойынша егер төлемақы төлеу жағынан ешқандай кідірту болмаған жағдайда басып алынған аймақты одақтастардың босатуы, үш кезеңге бөлінген болатын: бірінші кезектегі аймақты (Кельн және Ахен ауданы) 1925 жылы, яғни Версаль бітімшарты күшіне енгеннен кейін 5 жылдан соң босатады; екінші аймақты (Кобленц ауданы) 1930 жылы, яғни 10 жылдан соң босатады; үшінші аймақты (Майнцтен француз және Люксембург шекарасына дейін) 1935 жылы, яғни 15 жылдан соң босатылады. Ал Германия жағынан Рейннің сол жақ жағалауы және 50 километрлік ендіктегі оң жақ өңірі тұрақты түрде демилитаризациялануға тиіс болды.

1871 жылы Германияның басып алған француздық аудандары Эльзас пен Лотарингия Францияға қайтарылып берілді. Бельгия Эйпен мен Мальмеди өңірін иеленді. Данияға Шлезвигтің солтүстік бөлігі өтті. Польша Познань, Померания ауданын, Батыс және Шығыс Пруссияны, сондай-ақ Силезияның жоғары бөлігін алды. Гданьск Ұлттар Лигасының басқаруындағы «еркін қала» болды.

Германия отары Того мен Камерун Англия мен Францияға берілді. Англия – Танганьиканы (бұрынғы германдық Шығыс Африка), Бельгия – Руанда мен Урундиді, Оңтүстік Африкандық Одақ – германдық Оңтүстік-Батыс Африканы иеленді. Жапония – Тынық мұхитындағы Маршалл, Мариан, Каролин аралдарын, қытайлық аумақ Цзяо-Чжоуды (Киаочао) және Шаньдунде концессиясын (жалға беру келісімі) алды. Отарлық мәселеде АҚШ жеңіліс тапты, тіпті оның «отарлардағы тепе-теңдік» талабы ескерілмеді де.

Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Германияның одақтастарымен де жекелеген бейбіт келісімдерге қол қойылды. 1919 жылдың 10 қыркүйегінде Австриямен Сен-Жермен келісіміне қол қойылған болатын, енді Австрия-Венгрия монархиясы өзінің өмір сүруін тоқтатты. Оңтүстік Тирольдің бір бөлігі Италияға өтті. Чехия мен Моравия жаңа Чехословакия мемлекетінің бір бөлігі болды. 1918 жылдың 3 қарашасындағы халықтық жиналысқа қарамастан Буковина Румынияға берілді. Австрияға 30 мыңдық әскер ұстауға рұқсат етілді. Оның теңіз күші одақтастарға берілді. Келісім Австрияның Германиямен бірігуіне тыйым салды.

1919 жылдың 27 қарашасында Болгариямен Нейи бітімшартына қол қойылған болатын. Келісім бойынша оның аумағы Югославия және Румынияға өткен болатын. Болгар әскер саны 20 мың адаммен шектелді.

1920 жылдың 4 маусымында Версальда Венгриямен Трианон бітімшартына қол қойылды. Ол бойынша Югославияға – Хорватия, Бачка, Банатаның батыс бөлігі берілді, Румынияға – Трансильвания және Банатаның шығыс бөлігі, Чехословакияға – Словакия және Закарпаттық Украина берілді. Венгрия әскерінің саны 35 мың адаммен шектеле отырып, Германияның барлық одақтастары сияқты Венгрия да жеңуші мемлекеттерге төлемақы төледі.

1920 жылдың 10 тамызында жеңімпаз мемлекеттер Түркиямен Севр келісімін бекітті. Түркия өз иелігінің (Палестина, Трансиордания, Ирак, Сирия, Ливан, және басқа аумақтары) 80 пайызынан айырылуға тиіс болды. Қара теңіздік бұғаздарда Антанта елдерінің (әсіресе, Англияның) халықаралық бақылауы орнатылуы белгіленді. Бұғаздар қарусыздандырылуға, ал барлық қаратеңіздік емес елдер ешқандай тосқауылсыз одан өз әскери кемелерін өткізу құқына ие болды.

Сондай-ақ Париж мәслихатында халықаралық үкіметаралық ұйым – Ұлттар Лигасы құрылған болатын. Оның Жарғысына бейбіт келісімдер мәтіні енгізіліп, оның құрылтайшысы Германияға қарсы соғысқан елдер, сондай-ақ қайта құрылған Польша, Хиджаз, Чехословакия болды. Ұлттар Лигасын құру жөніндегі Жарғыға 44 ел қол қойды, оның ішінде 31 мемлекет Антанта жағында соғысқа қатысқандар немесе оған қосылғандар. Ұлттар Лигасын құрушы мемлекеттердің мақсаттары халықаралық ынтымақтастықты дамыту және бейбітшілік пен қауіпсіздікке кепілдік ету, шын мәнінде, Ұлттар Лигасы халықаралық қатынастардағы версальдік жүйені қолдауға шақырды.

Ұлттар Лигасының Негізгі басқару құрылымдары Ұйымның барлық мүше ел өкілдерінің Жиналысы (Ассамблея) мен төрт тұрақты мүшеден (Ұлыбритания, Франция, Италия және Жапония) және жыл сайын ауысатын төрт уақытша мүшеден тұратын Ұлттар Лигасының Кеңесі, сондай-ақ бас хатшы жетекшілік еткен тұрақты Хатшылық болып табылды.

Нақтылы іс жүзінде әр қуатты ел өз мүддесін көздей келе бейбітсүйгіштік қағидаларды бүркемелей отырып, соғыс аяқталғаннан кейін өздері құрған әлемдік тәртіпті сақтауға аса тырыспады. Ыңғайы келген сәтте басқыншылық саясат жүргізуден де тартынбады. АҚШ Ұлттар Лигасында басты ықпалға ие болатынына үміттеніп келгендерімен, Франция мен Англияның басым түсуіне байланысты көздеген мақсаттары жүзеге аспады. Соның негізінде АҚШ сенаты Версаль бейбіт бітімшартын бекітуден бас тартты. 1921 жылдың тамызында Уоррен Гардинг үкіметі Германиямен жеке-дара бейбіт бітімшартына келді, бұл келісім Версаль келісімін толығымен қайталады, тек Ұлттар Лигасы туралы баптары ғана болған жоқ.

Жалпы, осы Версаль бітімшартын ағылшынның саяси қайраткері, дипломаты Г.Никольсон тым қатал келісім деп тауып, Еуропаның басына төнген соры деп есептеді. Шын мәнінде, бұлай айтудың басты себебі бұл келісімшарт жеңімпаз мемлекеттер мен жеңілген мемлекеттердің жалпы бір мәмілеге әкелетіндей шешім қабылдамауында, яғни келешек тартыс-талас туғызатын шешімді жеңілген мемлекетке міндеттеуінен еді. Бұл өз кезегінде келесі әлемдік қақтығысқа итермеледі.

Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Еуропадағы халықаралық күштердің орналасуын айқындаған және де капиталистік әлемде ағылшын-француз-америкалықтардың артықшылығын көрсеткен Версаль келісімдер жүйесі құрылды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Тынық мұхиты және Қиыр Шығыс аудандарында ықпал ету аумағын айқындау өз шешімін іздеген даулы мәселелердің бірі еді. Ресейдің осы аудандардағы саяси ұстанымының әлсіреуіне, тыйылуына байланысты АҚШ және Жапония өздерінің үстемдік ету өрісін кеңейтіп және күшейтуді көздеді. Жапония болса Кеңестік Ресейдің әлсіздігін және Германияның жеңілуін, сондай-ақ ағылшын-америкалық қайшылықтарын өз мүддесі үшін тиімді пайдалана отырып, Тынық мұхиты аймағында, әсіресе, Қытайда өзінің ықпал ету өрісін ұлғайтуды көздеді. Әрине, Жапонияның осындай ниеті америкалық билікке ұнамады. Өйткені АҚШ Жапония мен Англиядан теңіздік қару-жарағы бойынша артта қалды. Сондықтан да америкалықтар Тынық мұхит пен Азияда өздерінің мүддесі үшін «ашық есік» және «тең мүмкіндіктер» ұсыныстарын жасай бастады. Ондағы мақсаты осы аймақтарда өзінің ықпал ету өрісін кеңейту ниетін қару-жарақты шектеу идеясымен үйлестіру болатын.

Осы міндетерді жүзеге асыру үшін АҚШ жаңа халықаралық мәслихат шақыруға ірі мемлекеттердің келісіміне қол жеткізді. 1921 жылғы 11 қарашада Вашингтон мәслихатының ресми ашылуы Компьен орманындағы Германиямен жасалынған уақытша бітімнің үш жылдығына сәйкес келді. Мәслихат жұмысы 1921 жылдың 12 қарашасынан 1922 жылдың 6 ақпанына дейін созылды. Онда 9 елдің – АҚШ, Ұлыбритания мен оның жетегіндегі елдер, Жапония, Франция, Италия, Бельгия, Нидерланды, Португалия және Қытай мемлекеттерінің өкілдері қатысты. Мәслихатта қиыршығыстық мәселелер және теңіз қару-жарақтарын қысқарту мәселелері қаралды. Мәслихат жұмысы барысында бірқатар келісімшарттарға қол қойылды.

1921 жылдың 13 желтоқсанында АҚШ, Жапония, Ұлыбритания және Францияның өкілдері қол қойған «Төрт мемлекеттің трактаты» мәслихаттағы бірінші келісімшарт болып табылады. Бұл келісімшартта Тынық мұхит аумағындағы өз иеліктерінің қауіпсіздігіне қатысты оның мүшелерінің кепілдігі қарастырылды. Қандай да даулы мәселе дипломатиялық жолмен шешу мүмкін болмаса, онда тараптарға халықаралық мәслихатта шешу міндеттелді. Келісімшарттың мерзімі 10 жылға белгіленді. Бұл келісімшартқа қол қойылған күннен бастап 1902–1921 жылдар аралығындағы ағылшын-жапон одағы жөніндегі келісімнің күші жойылды. Кезінде бұл келісім АҚШ-қа қарсы бағытталған болатын, сондықтан бұл келісімді тоқтату америкалық дипломатияның жеңісі болды.

Вашингтон мәслихатының нәтижесінде 1922 жылдың 6 ақпанында АҚШ, Бельгия, Жапония, Италия, Қытай Нидерланды, Португалия, Ұлыбритания және Франция елдерінің өкілдері «Тоғыз мемлекеттік келісімшартқа» қол қойған болатын. Келісімшарттың негізгі мәні: көрер көзге ғана Қытайдың егемендігін, аумақтық тұтастығы мен әкімшілдік қол сұқпаушылық қағидасын құрметтеу болды.

Америкалық өкілдер осы келісімде Қытайда «ашық есік» және «тең мүмкіндіктер» қағидасын кіргізуге қол жеткізді. Мұндағы америкалықтардың мақсаты біртіндеп Қытайдан бәсекелестерін шығара отырып, осы елді өзінің отарына айналдыру еді.

Мәслихатқа қатысушылардың ішінде АҚШ, Жапония, Италия, Ұлыбритания және Франция 6 ақпанда теңіз қару-жарағы жөніндегі «бестік келісімшартқа» қол қойды. Бұл келісім бойынша су ығыстырғыштығы 35 мың тоннадан артық болатын линкор кемелерін (қару-жарақпен жабдықталған үлкен соғыс кемесі) және әуе ұшағын таситын кемелерді салуға тыйым салынды. Әрине, бұл АҚШ үшін тиімді болды, өйткені ол осындай кемелер салуда әлі де болса артта қалып отырды және кеменің осындай түрі Панам каналы арқылы өте алмайтын еді. Вашингтонда өткен халықаралық мәслихаты Англия, АҚШ, Жапония, Франция және Италияға қатысты линкор кемелері үшін мынандай қатынасты белгіледі: 5: 5: 3: 1,75: 1,75.

Теңіз кемелерінің басқа түрлеріне, оның ішінде суасты кемелеріне де шектеулік қойылмады. Жалпы, Вашингтон халықаралық мәслихатының нәтижелері Тынық мұхиттағы үстемдік үшін болған Жапония және Англиямен бәсекелестікте АҚШ-ты үлкен жеңіске жеткізді.

Вашингтон халықаралық мәслихатының шешімі 1919 жылғы Версаль бітімшартын толықтыра түсті. Соның негізінде І дүниежүзілік соғыстан кейінгі бейбіт реттеу барысында құрылған біртұтас келісімшарттар топтамасы халықаралық қатынастар тарихында Версаль-Вашингтон жүйесі деген атпен белгілі болды.

Версаль-Вашингтон жүйесі соғыс жағдайынан бейбіт өмірге өту кезеңінде соғыстан кейінгі бейбіт реттеу үрдісін аяқтап мемлекетаралық қатынастарда уақытша тұрақтану мүмкіндігін туғызды.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. Бірінші дүниежүзілік соғыс алдындағы Ұлыбританияның саяси ұстанымы қандай болған?

2. Германияның соғыстағы мақсаты қандай еді?

3. Соғыс барысындағы Францияның көздеген мақсатын сипаттаңыз.

4. Кеңестік Ресей бірінші дүниежүзілік соғыста қандай саясат ұстанды?

5. Брест бейбіт бітімінің мәнін сипаттаңыз.

6. В.Вильсонның соғысты тоқтатуға арналған ұсынысының мәні қандай?

7. Париж бейбіт мәслихатының сипатын айқындаңыз.

8. Версаль бейбіт бітімшарты бойынша әлемдік бөлісті сипаттаңыз.

9. Вашингтон халықаралық мәслихатының мәні неде?

1

Симычев М. К. Соседи по Рейну: вчера и сегодня. – М., -1988. – С.18.

2

Пуанкаре Р. На службе Франции. Воспоминания. – М., -1936. – С.409.

3

Пуанкаре Р. На службе Франции. Воспоминания. – М., -1936. – С.409.

4

Пуанкаре Р. На службе Франции. Воспоминания. – М., -1936. – С.12.

5

Симычев М. К. Соседи по Рейну: вчера и сегодня. – М., -1988. – С.21.

Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1918-1945)

Подняться наверх