Читать книгу Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1918-1945) - Амангелді Әліпбаев - Страница 4

2-тарау
1918–1945 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ГЕРМАНИЯ
2.1. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Германиядағы саяси-әлеуметтік жағдай және Веймар Республикасының құрылуы

Оглавление

XX ғасырдың басында Германияның кайзері ІІ Вильгельм герман тарихындағы өз рөлін тым асыра бағалап, әлемдік үстемдікке ұмтылды. Германияның сыртқы саясаты саласындағы бірқатар стратегиялық қателіктер елдің екі майданда соғысуына әкеліп, ең соңында жеңіліспен аяқталуына соқтырды. Басты жіберілген қателік Ресеймен жасалған құпия келісімшартты ұзартпауы, бұл герман-ресей одақтастық қатынастардың үзілуіне әкелді. Неміс саясаткерлерінің пікірінше, герман-ресей келісімшарты герман-австрия келісіміне қарама-қайшы келетіндіктен, Германияны француздық басқыншылықтан қорғай алмайды деп есептеді. Германияның Ресейден алшақтауы орыс-француздық жақындасуға мүмкіндік туғызып, Антантаның құрылуына әкелді. Еуропада екі әскери-саяси топ құрылды: бір жағында Антанта, екінші жағында герман-австриялық-венгерлік одақ. Сол ретте, ІІ Вильгельм тұсында О.фон Бисмарк ұзақ уақыт бойы жанталасып құрған барлық тепе-теңдік жүйесі, бүкіл еуропалық одақтар жүйесі қирады.

Жалпы, Германияның жағрапиялық орналасуына көңіл бөлетін болсақ, неміс жерін жан-жақты қорғауда табиғи тосқауылдар өзіндік рөл атқарып келді. Сонымен қатар табиғи байлықтар қашанда көршілес мемлекеттерді қызықтырып, өзіне тартып та келді. Германияның батыс аймағындағы жер қойнауының байлығын айтпағанда, сол батыстағы Рейн өзенінің өзі солтүстік пен оңтүстікті жалғастырып жатқан елдегі ең ірі жолкөлік ағымы. Оңтүстік батысындағы Шварцвальд қалың орманы, Франция мен Германия мемлекетінің шектескен аймағындағы жер қойнауының байлығы екі елдің арасындағы ғасырларға созылған шиеленістің қайнар көзіне айналған еді.

1914 жылғы Сараеводағы австриялық мұрагердің қазасы бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себепші болды. Германия 1 тамызда әскер қатарына шақыруын тоқтатпаған Ресейге қарсы соғыс жариялады. 3 тамызда немістер Францияға қарсы соғыс жарияласа, 4 тамызда Германияға қарсы Англия соғыс жариялады. Германия екі майданда соғысуға мәжбүр болды. Германдық стратегиялық жоспар бойынша белгіленген («Шлиффен жоспары») Францияны тез арада талқандау жүзеге аспады. Алғашқы әскери табыстардан кейінгі қарсыластарының басымдылығы тым аумақты еді. Батыс майдандағы Германияның жағдайы қиындай түсті. 1917 жылы АҚШ-тың соғысқа араласуы соғыс нәтижесін түбегейлі айқындады.

Әскери жеңіліс саяси жеңіліспен қатар жүрді. Соғыс басталғандағы герман қоғамындағы «азаматтық бітім» партия, үкімет және жоғарғы әскери басшылықтың бытыраңқылығының ұлғая түсуіне себепші болды. Әлеуметтік шиеленісті аштық пен азық-түлікті бөлудің карточкалық жүйесін енгізуі күшейте түсті. Соғыс шығындарының ауыртпалығы, ең алдымен, қарапайым халықтың әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайының нашарлауына әкелді. Соғыстың нәтижесіндегі әлеуметтік қарсыластықтардың шиеленісуі герман жұмысшыларының өмір сүру деңгейінің төмендеп кетуімен байланысты еді.

Соғыс кезеңінде салық 5 есе өсіп, жұмыс күні 12-14 сағатты құраған. Тек қана жұмысшылардың ғана емес, шаруалардың да шаруа қожалықтары шығынға ұшырап, егіндік алқаптары жартылай қысқартылды. «Жалпыға бірдей еңбек салығы» енгізілгеннен кейін жұмысшылардың жағдайы тіпті, төмендеді. Германияның езілген халқы соғыстан жалығып, оның тезірек аяқталуын қалады. Осы жағдайлар бұқара халықтың басым бөлігінің соғысқа қарсы және революциялық қозғалыстарға қатысуына негіз болды. Революциялық көңіл-күйдің күшеюі, соғыстың басқыншылық сипатта болуының ашылуы – орыс-герман майданындағы жауынгерлердің соғысқа және оны бастаған күштерге қарсы шығуына түрткі болды. 1917 жылғы сәуірде Ресейдегі ақпан революциясының көрінісі ретінде Берлин және Лейпциг әскери зауыттарында ереуілдер болды. Шілде-тамыз айларында герман флотының теңізшілері көтеріліске шықты. Германияның Социал-демократиялық партиясының (ГСДП) өз ішіндегі дағдарысы күшейді. ГСДП-ның социал-шовинистерінің басшыларының жүргізген саясатынан күдер үзген көптеген партия мүшелері оның құрамынан шығып кетті.

1917 жылғы сәуір айында орталық ағым толығымен партия құрамынан шығып, өзінің жеке тәуелсіз социал-демократтар партиясын құрады (ТСДП). Партия басында орталық ағымның басшылары – К. Каутский, Г. Гаазе, Дитман тұрды. Олар тек сөз жүзінде ғана марксистік бағытты ұстанып, іс жүзінде бұрынғы оппортунистік саясатын жалғастырды. Шын мәніне келгенде ТСДП-нің құрылуы коммунистік партиялардың құрылмауына бағытталған болатын. Солшыл социал-демократтар (К. Либкнехт, Р. Люксембург, Ф. Меринг,т.б.), 1916 жылы «Интернационал» тобына бірігіп (кейін «Спартак» атанды), ТСДП қатарында қала берді. Революцияны, интернационалдық ағымды дамытуға көп үлес қосса да, «спартактықтар» әлі де идеясын, жеке коммунистік партия құру ілімін дұрыс түсінбеді. Бірақ бұл ілім олардың ақыл мен жүрегін барған сайын жаулады.1917 жылы Берлин жұмысшылары салтанатты шерулер өткізіп, өздерінің Кеңестік Ресейге қолдау беретінін және бейбітшілікті талап ететіндерін білдірді. 1918 жылы қаңтарда «спартактықтар» және басқа солшыл социалистер бастап, 1 млн жұмысшылары қатысқан, Кеңестік Ресеймен бейбіт келісімге келу және кайзерлік үкіметті жоюды талап еткен күшті саяси ереуіл өткізілді. Олар, яғни жұмысшылар саяси тұтқындарға рақымшылдық жариялауын, мемлекеттік биліктің демократизациялануын, тұрмыстық жағдайдың түзетілуін талап етті. 1918 жылы әскер қатарларында ірі соғысқа қарсы қозғалыстар күшейіп, әскерлер өздерінің Кеңестерін құра бастады.

Соғыстағы жеңілістер де билеуші топтардың үкіметтік деңгейде қайта құрулар жасауға мәжбүр етті. 1918 жылғы 5 қазанда принц Макс Баденский басқарған үкімет құрылды. Оның құрамына социал-демократтар Шейдеман мен Бауэр мүше болып кірді. Қамаудан Карл Либкнехт және басқа саяси тұтқындалғандар да шығарылды. Үкімет бірнеше мәнсіз реформалар жүргізудің негізінде революциялық төңкерістің алдын алуға талпынып, соғыстан тиімді келісімшарттар жасау арқылы шығуды ойлады. Бірақ Антанта мемлекеттері Германияның толық тізе бүгуін талап етті. Сол себепті енді осындай саяси жағдайда кайзерлік саяси тәртіпті толық сақтап қалу мүмкін емес еді.

1918 жылдың күзінде герман тобының соғыстағы жеңілісі айқын болып, елде революциялық жағдай үдей түсті. Осы кезде солшыл социал-демократтар билік етуші үкіметті құлатуға шақырып, ұйымдасқан түрде орталық ағыммен байланысты үзуді шешті. 1918 жылдың 7 қазанында «Спартак» тобының бремендік солшылдары қатысқан жалпыгермандық мәслихаты өтті. Мәслихатта қабылданған халық революциясының бағдарламасында: монархияны құлату, буржуазиялық-демократиялықтан социалистік революцияға өтуге жағдай жасау сияқты талаптар көтерілді.

Осы жылдың 3 қараша күні Киль теңізшілерінің көтерілісінен Германияда буржуазиялық-демократиялық революция басталды. Көтеріліске себеп 1918 жылдың 28 қазанындағы теңізшілерге берілген бұйрық бойынша олар ағылшын флотымен соғысқа кірісуі керек еді. Осы ешмәнсіз, ақылға сыймайтын бұйрық теңізшілерді көтеріліске алып келіп, ол революцияға ұласты. Теңізшілермен бір уақытта Киль жұмысшылары да ереуілге шықты. 1918 жылдың 9 қарашасында Германияда құрылған Халық депутаттарының Кеңесі мемлекеттік билікті қолға ала бастады. Революциялық қозғалыстар Гамбург, Бремен, Мюнхен және басқа елді орталықтағы қалаларын қамтыды. Революцияға жүздеген мың әскерлер мен жұмысшылар қатысып, олар герман астанасының стратегиялық маңызды мекенжайларын алды. Кайзер ІІ Вильгельм тақтан бас тартты және елден кетті, монархия құлатылды. Монархиялық Германияның соңғы рейхсканцлері принц Макс фон Баденский үкімет билігін ірі парламенттік партия – Германияның социал-демократиялық партиясының төрағасы Фридрих Эбертке өткізді. Оңшыл социал-демократтар жетекшісі Ф.Эберт Германияны «тәуелсіз неміс республикасы» деп жариялап, 10 қарашада уақытша үкімет – Халық өкілеттілігі Кеңесін құрды. Германия республика болды.

Солшыл социалистердің басшысы К. Либкнехт өзінің халық алдындағы сөзінде Германияны социалистік республика деп жариялады. «Қызыл ту» («Роте фане») атты газетінің алғашқы саны шықты. Қараша революциясының басты қозғаушы күші жұмысшылар болды. Олардың қолдауымен көптеген қалаларда жұмысшы және солдат Кеңестері құрылып, қолдарында нақты билік болды. Кеңестер басқаруға және кәсіпорындардағы өндіріске бақылаушылар орнатты. Жұмысшылар елдегі қалыптасқан әскери жағдайды жоюға, сөз бостандығына, еркін жиналыс жасауға, әйелдерге тең құқық беруге, 8 сағаттық жұмыс күнін енгізуге, еңбекті сақтау заңдарының кеңейтілінуіне қолдарын жеткізді.

Бірақ революциялық көтеріліс тәжірибесінің жетіспеушілігі, басқаратын жетекші партиясының болмауы, жұмысшы табының бытыраңқылығы социалистік революцияны жүзеге асыруға және жұмысшы билігін орнатуға мүмкіндік бермеді.

Көптеген Кеңестерді басқару оңшыл социал-демократтардың қолында болды. Жаңа үкімет халықты елдегі тәртіпті сақтауға шақырды. Берлин жұмысшылар Кеңесі мен солдат депутаттарының мәжілісінде көпшілік орынды социал-демократтар мен орталықтағылар алды. Революция жағдайындағы топтар жаңа үкіметтің құрамына К. Либкнехті енгізуін талап етті. Бірақ Либкнехт өзінің 3 шартын қойды: Германияны Кеңестік республика деп жариялау, бар билікті кеңестердің қолына беру, үкімет құрамынан буржуазия өкілдерін шығару. Көп дауысты иеленіп отырған социал-демократтар бұл шартты қабылдамады, Либкнехт үкіметке кіруден бас тартты. Социал-демократтардың үкіметті жеке біршама буржуазиялық-демократиялық іс-әрекеттер жасаумен шектеліп, негізгі жер иеленушілер мен ірі буржуазияның үстемдігін жоймады. Ескі мемлекет аппараттары сақталды. Көптеген бұрынғы шенеуніктер мен әскери басшылық өз орындарында қала берді.

Халықаралық аренада Ф.Эберт үкіметі Германияның соғыста жеңілу фактісін мойындауға мәжбүр болды. 11 қарашада герман өкілдері Компьенде Антанта мемлекеттерімен уақытша бітімге қол қойды. Германия толық жеңіліске ұшырады.

Революцияның алғашқы күндерінде Берлин, Жоғарғы Силезия, Рейн-Вестфаль аумақтарындағы кәсіпорындарда ереуілдер бұрқ ете қалды. Саяси жағдайдың шиеленісе түсуіне байланысты 1918 жылғы 15 қарашада кәсіпкерлермен жасалған келісімге байланысты кәсіподақтар заңды күшіне ие болды, фабрика-зауыт комитеттері құрылды, 8 сағаттық жұмыс күні енгізілді. Осы уақытта «социализациялау» комиссиясы пайда болды. Комиссия мүшесі Вильбрант айтқандай, бұл бірнеше жеңілдіктер жасап «тағы топты тыныштандыру» еді.

Герман буржуазиясы мен юнкерлігі оңшыл социал-демократтардың бұрынғы тәртіпті сақтауға бағытталғандығын жақтады.1918 жылдың аяғында буржуазиялық партияның қайта құрылу үрдісі басталды. Нәтижесінде неміс алпауыттары мен жер иеленушілерінің мүддесін қорғаған неміс ұлттық халық партиясы, сонымен қатар Германия демократтық партиясы, неміс халық партиясы, христиан-демократиялық халық партиясы пайда болды. Олардың барлығы да Кеңестердің ыдырауын қалады.

Веймарлық республика. Веймарлық республика тарихын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезең республиканың шығу сәтінен бастап 1923 жылдың аяғына дейін созылды. 1918 жылдың 16-20 желтоқсан аралығында өткен жұмысшылар мен солдаттар кеңесінің мәслихаты Ұлттық жиналысқа сайлау өткізіп, елде республикандық билік ету түрін енгізуді қабылдады. Содан кейінгі кең етек алған солшыл радикалды ұйымдардың, кейін Германия коммунистік партиясының (ГКП) ереуілдер жасауға және елдің кейбір аудандарында (оның ішінде Бременде, Брауншвейгеде және Баварияда) кеңестер билігін жариялауға талпынуы рейхсвер мен ерікті бөлімшелердің көмегімен қатаң басылып жанышталды.

1919 жылдың 19 қаңтарында Ұлттық жиналысқа сайлау өткізіліп, басым дауысқа Германияның социал-демократиялық партиясы ие болды. Сайлау барысында 30 млн дауыс ішінен 11,5 млн дауыс оң социал-демократтарға, тәуелсіз социал-демократтарға – 2 млн, демократиялық партияға – 5,6 млн, орталық партиясына – 6 млн, неміс халық партиясына – 1,3 млн аса дауыс берілген.

1919 жылдың 11 ақпанында Ұлттық жиналыс ГСДП төрағасы Фридрих Эбертті жаңа республиканың бірінші президенті етіп тағайындады. 13 ақпанда Филипп Шейдеманн басқарған жаңа үкімет құрылды. Веймарлық республиканың құрамына 15 өңір және 3 «еркін қала» кірді.

Баварияда Гофман басқарған жаңа үкімет құрылып, оның құрамына социал-демократтар мен «тәуелсіздер» кірді. Гофман үкіметі революциялық бұқараның талаптарын қанағаттандыра алмады. 7 сәуірде оңшыл социал-демократтар мен тәуелсіздер Кеңестік Республиканы жариялады. Бавариядағы жағдай қиын болып қала берді. Осыны пайдаланып, реакция Баварияның астанасы Мюнхенде революцияға қарсы көтеріліс ұйымдастырмақшы болды. Бірақ Мюнхен жұмысшылары бұл жоспарларын бұзды. 13 сәуір мен 1 мамыр аралығында Баварияда Кеңестік республика жарияланып, оны коммунист Евгений Левин басқарды.

Бавария Кеңестік үкіметі бірден бірнеше маңызды революциялық іс-шаралар жасауға кірісті. Олар кәсіпорындарға жұмысшы бақылауын енгізді, өнеркәсіптер мен банктерді ұлттандыруға бет алды, тамақ және басқа қажетті заттарды бөлуге тәртіп орнатты, буржуазияны қарусыздандырып, Қызыл Әскерді құрды. Осы шаралар буржуазияның өктемдік жүргізуін шектеді. Бірақ Кеңестік үкімет не жер иеленушілердің жерін тәркілеуді, не кедейлерге бөлу жөніндегі шаруалар мәселесін шешпеді.

Герман контрреволюциясы Бавариядағы Кеңестік билікті басу үшін үлкен күш дайындады. Қызыл Әскер бөлімшелері күш жағынан әлдеқайда мықты контрреволюциялық әскерлерге қарсы 2 аптадай қарсы күрес жүргізді. Бірақ күштер тең емес еді, 1 мамырда контрреволюционерлер Мюнхенді басып алып, бавариялық көтерілісшілерді аяусыз жазалады.

Бавария Кеңестік республикасының жеңілуінің нәтижесінде Германияда толығымен революциялық қозғалыстар әлсіреді. Осы сәтті пайдаланып, буржуазия өз билігін нығайтып, тұрақтандырды.

1919 жылғы 31 шілдеде Германия Ұлттық жиналысы Веймарлық конституцияны бекітті. Конституцияны құрастырушылар тобына жетекшілік еткен Хуго Пройс еді. Конституция халықтық егемендік қағидасына негізделді: «Бүкіл билік халықтан шығады». Парламентті – рейхстагты үйлесімділік өкілеттілік қағидасына негізделген жалпыға бірдей, құпия дауыс беруге сәйкес тең төтенше сайлау құқығы негізінде 4 жылда 1 рет 20 жасқа жеткен әйелдер мен еркектер сайлай алды. Соған орай, саяси партияларға шешуші рөл берілді. Рейхстагтің ең маңызды міндеті – заң шығару және парламенттік басым дауыспен үкіметті тағайындау. Рейхстагтың жұмысына отар істері, салық мәселелері, көшіп-қону еркіндігі, иммиграция және эмиграция, тұтқындарды босату, қорғаныс мәселелері, ақша істері, шекара, пошта, телеграф, телефон, азаматтық және қылмыскерлік құқық, баспа, одақтар, жиналыстар, сауда, банктер, өнеркәсіп, теңізде жүзу, теміржол мәселелері кірді. Конституция жеке меншікке қолсұқпаушылыққа, азаматтық еркіндіктерге кепілдік берді.

Рейхсрат – герман өңірлері үкіметінің өкілдерінің органы – заң шығару саласында мардымсыз құқыққа ие болып, негізінен кеңесші рөлін атқарды. Мемлекет басшысы болып президент сайланды. Ол халықтық сайлау нәтижесінде 7 жылға сайланды және қайта сайлануына шектеулік қойылмады. Президент кең көлемдегі құқыққа ие болды. Халықаралық алаңға президент мемлекет атынан шығады, елшілерді қабылдайды және тағайындайды, басқа елдермен келісімдерге келеді. Ол канцлер мен министрлерді тағайындайды және қызметінен босатады. Рақымшылдық жасау құқына ие, рейхсвердің бас қолбасшысы, рейхстагты тарата алады. Оның қолында заң құрастыру және жариялау құқы болды. Жалпы шексіз құқыққа ие болуы президенттік қызметке «эрзац-монарх» сипатын береді.

Веймарлық конституцияның 48-бабында рейхспрезиденттің төтенше өкілеттілігі берілген. Осы бапқа сәйкес қажетті сәтте президент уақытша диктаторлық сипатқа да ие бола алды. (1930 жылы парламенттік үкіметтен президенттік үкіметке өту үшін осы бапты пайдаланған болатын, яғни парламенттік көпшілікке емес, президенттің қалауына қарай).

Конституцияда жеке өңірдің билігі есебінен орталық үкіметтің билігін кеңейту бекітілген. Азаматтардың негізгі құқықтарын сақтауға конституция кепілдік береді. Әрине, егер ол заңға қайшы келмеген жағдайда ғана. Өйткені, Веймарлық конституция бойынша негізгі құқықтар төтенше қаулы қабылдау негізінде жойылуыда мүмкін еді.

Алғашқы жылдарда жас та тұрақсыз республиканың өмір сүруі күмәнді еді. Қоғамда және парламентте жас демократиялық мемлекетке сенімсіздікпен қараушы күштерде болды. Веймарлық республика «республикандықтарсыз республика» болды. 1919 жылғы маусымдағы Версаль бітімшарты Германия үшін ауыр соққы еді. Нәтижесінде ішкі саяси тұрақсыздық тез күшейді. Соғыстан кейінгі кезеңдегі тұнжырау өз шегіне жеткен болатын. Ақшаның құнсыздануы, Рур өңірін басып алуы, Каппа бүлігі (1920 ж.) және Мюнхендегі «сыра бүлігі», коммунистік төңкеріс әрекеттері бір-біріне қабаттасып кетті.

1919 жылдың маусымында Версаль қаласында Антанта мемлекеттері мен Германия арасында бейбіт келісімшартқа қол қойылды. Келісім бойынша Германияның аумағының 13 пайызы, халқының 11 пайызы жеңген мемлекеттер қарамағына кіріп кетті. Герман әскерінің саны шектелді. Елге көп мөлшерде төлемақы төлеуге тура келді.

Отарлар мен флот жеңген мемлекеттерге бөлінді. Соғыстан кейінгі саяси қиын жағдайлар герман қаржы олигархиясын жоя алмады. Басқа мемлекеттер үлесіне кеткен аумақтардағы кәсіпорындары үшін кәсіпкерлер елеулі төлемақысын алып отырды. Олар тек Эльзас пен Лотарингия аумағындағы кәсіпорындардың құны ретінде 720 млн алтын маркісі көлемінде Франциядан төлемақы алды. Осы жағдай Германия аумағында жаңа немесе ескі кәсіпорындарды кеңейтуге мүмкіндік берді. Веймар республикасының саяси мекемелерін де өз қолдарына алды. Бұдан басқа герман алпауыттары Швеция, Швейцария, Голландия мемлекеттерінде қару шығаратын кәсіпорындар ашты.

Германияның экономикасының осы жылдардағы дамуына тән сипат – өндіріс пен капиталдың шоғырлануының күшеюі болды. Акционерлік қоғамдардың, картель, концерндердің саны жылдам өсті. Үш мыңға жуық кәсіпорындарды біріктірген Стиннестің концерні осы жылдарда құрылды. Демек, неміс қоғамында бір топтардың байып-күшеюі екінші бір топтардың кедейленуі, күйзелуімен қатар жүріп жатты. Бұл, бір жағынан, тарығу, қиналу сезімін туғызса, екінші жағынан, осы ауыртпашылыққа қарсы күресуге ұмтылушылыққа итермеледі.

Герман буржуазиясы өз билігін бекітіп, жұмысшы табы мен демократиялық топтарды қысымшылдыққа ала бастады. Елде инфляция күшейіп, тамақ пен өндіріс тауарларының бағасы өсті. 1920 жылы Рейхстаг фабрика-зауыт комитеттерінің жұмысшы мүддесін қорғау құқықтарын шектеді. Жұмысшылар қарсылық білдіріп шеруге шыққанда, полицейлер оларға оқ жаудырып, нәтижесінде 42 адам өліп, жүзден аса адам жараланған. Осындай шиеленіскен жағдайда елде фашистік партиялар пайда болды.

«Фашизм» деген түсінік Италияда қалыптасты. Мұндағы алғашқы ұйымдар «жауынгер одақтар» («фаши ди комбаттименто») деп аталды, осыдан барып «фашизм» деген термин қалыптасты. Германияда бұл қозғалысқа «нацизм» деген атау берілді. Фашизм алғаш пайда болған кезде, негізінен, соғыстағы жеңілістен, одан кейінгі революция мен экономикалық дағдарыстан әжептәуір қиналып қалған ұсақ буржуазияның өкілдерінен, әртүрлі азғындаған топтардан қолдау тапты. Алғашқы фашистік ұйым Германияда 1919 жылы Мюнхен қаласында құрылды. Ол «неміс жұмысшы партиясы» (DAP – Deutsche Arbeiter-Partei) деп аталды. Осы партияны Германиядағы реакцияның ұясы болған рейхсвер неміс халқын шовинистік рухта тәрбиелеу мақсатына пайдаланбақшы болды. Осы ниетпен партияға әскери үгіт-насихат бөлімінің құпия агенті Адольф Гитлер жіберілді. Гитлерге осы партияны бұқараға ықпал жасай алатын ұйымға айналдыруға тапсырма берілді. Гитлер партия қатарына кірді және жетекшілерінің біріне айналды. Осыдан кейін партияның бағдарламасы жасалды және аты өзгертілді, енді ол «Неміс ұлттық-социалистік жұмысшы партиясы» (NCDAP – Nationalsozialistische Deutsche Arbeiterpartei) деп аталатын болды. Партияның бағдарламасында мынадай талаптар болды: Версаль бітімін жою; барлық немістерді біріктіру, орталықтанған, қуатты мемлекет құру; монополиялық бірлестіктерді ұлттандыру; жерді сатуға тыйым салу; сатқындарды, алыпсатарларды және өсімқорларды қатаң жазалау; еңбексіз табысқа тыйым салу; еврейлерді қызметке алмау; еврейлердің Германия азаматтығын алуына жол бермеу; жоғарғы (арийлік) нәсілдің жеңісі үшін күресу. Фашистік партияларға Германияның қаржы алпауыттары үлкен қаржылық көмек көрсетті.

1919–1920 жылдары Герман үкіметін социал-демократ Густав Бауэр басқарды, ол да жұмысшы табын езу саясатын жалғастырды. 1920 жылғы наурызда реакцияшыл күштер мемлекеттік төңкеріс жасағысы келді. 12-13 наурызда рейхсвер әскерлері Берлинді алып, социал-демократтарды таратып, билік басына кертартпа үкімет келіп, оны ірі жер иеленуші Капп басқарды.

Төңкеріс туралы естіп, неміс жұмысшылары күреске шықты. Коммунистер, социал-демократтар, «тәуелсіздер», «христиан» жұмысшылары, кәсіподақ мүшелері, еш партияға кірмейтіндер ортақ майдан болып, қарсы тұрды. Елді бірнеше күн дүниеден бөлген көтеріліске 12 млн жұмысшылар мен қызметкерлер қатысты. Жергілікті жерлерде революциялық әскер бөлімшелері құрылды. 1920 жылы Берлиндегі коммунистердің біріккен съезінде Герман Біріккен коммунистік партиясын құру туралы шешім қабылдады. Компартия құрамына 300 мың адам мүше болды.

1920 жылы шетелдік несиенің көмегімен өнеркәсіп өндірісінің көлемін ұлғайтты. Бірақ Германия жұмысшыларының жағдайы қиын күйде болды. Кең қолданыстағы азық-түлікке баға өсіп, салық көбейтілді, жұмысшылар жұмыссыз қала берді. Жұмысшылардың мүддесін қорғау күресінде коммунистер барлық жұмысшы табының біріккен қимылдар жасауына қолдары жетті. Германия Компартиясы бірыңғай жұмысшы майданын құрды. 1921 жылы көктемде Германияда таптық күрес қайта күшейді.

Германия репарация төлемдерін төлеулерін 1921 жылы бастады. Бұл бірден оның қаржылық жағдайын күрт төмендетті. Германия Антанта мемлекеттерінен төлемді азайтуды өтініп, оған несие ақша беруді ұсынғанымен, жағымды жауап ала алмады. Осы кезде Вирт үкіметі Кеңестік Ресеймен экономикалық және саяси қатынастарды қалыптастыруға кірісті, осы Кеңестік-германдық байланыстың көмегі арқылы елдің қаржылық және экономикалық жағдайын жақсартпақшы болды. Нәтижесінде 1922 жылы сәуірде герман-кеңестік Рапалло келісіміне қол қойылды. Германияда төлемақы төлеу жөнінде күшті қарама-қайшылықтар басталды. Бірақ Германияның Сыртқы істер министрі Версаль келісімін орындау керектігін ескертті.

Германияның экономикалық қиыншылықтарға байланысты төлемақыны уақытында төлей алмауы 1923 жылдың 11 қаңтарында Франция мен Бельгияның Рур бассейіне және Рейн өңіріне өз әскерлерін енгізуіне әкелді. Бұл Веймар республикасының жағдайын қиындатып жіберді. Инфляцияның тез өсуі жұмысшылардың жалақысын құнсыздандырып отырды. Он мыңдаған жұмысшылар жұмыссыз қалуы, жартыкүндік жұмыс қана болуы, жұмыссыздардың бүліктері мен шерулерінің басталуына түрткі болды. ГКП біріккен жұмысшы майданын нығайтуға талпынды; жұмысшы үкіметін құру үшін күреске, неміс және француз жұмысшыларының күшін біріктіріп, революцияны дағдарыстан алып шығуға шақырды. Бірақ оңшыл социал-демократияның басшылары ГКП ұсынысын қабылдамай, Куно үкіметін қолдауға үгіттеді. 1923 жылдың көктемінен бастап компартия Куно үкіметінің саясатына қарсы халық көтерілісін ұйымдастырды. 1923 жылдың күзінде Германияда революциялық жағдай қалыптасты. Неміс халықтық партиясының негізін қалаушы Густав Штреземанның жаңа үкіметі оңшыл социал-демократтармен бірге жұмысшы табына қарсы қуғын-сүргінді күшейтті. Германиядағы революциялық дағдарыстың ең жоғарғы шегі 1923 ж. Гамбург жұмысшыларының қаруланған көтерілісі болды. Оны Э. Тельман басқарған коммунистер ұйымдастырған еді. Көтеріліс 22 қазанда басталып, 3 күнге созылды. Жұмысшы бөлімшелері полициялық мекемелерді басып алды, жергілікті жерлердегі полицейлерді қарусыздандырды, көшелерде тосқауылдар құрып, әскерлермен қаруланған күрестер жүргізді. Жағдайдың өршуі, сырттан қосымша көмектің болмауы салдарынан көтерілісті доғаруға тура келді. Осылайша, революциялық дағдарыс жұмысшылардың жеңілуімен аяқталды. Сонымен қатар елдегі дағдарыс жылдарында фашистік қозғалыстар да жанданады. 1923 жылдың күзінде Мюнхенде фашистік топ бүлік ұйымдастырды. Бұл оқиға сыраханада басталғандықтан, «сыра бүлігі» деп аталды. Алайда фашистерді қолдаушылар аз болды, үкімет полицияның күшімен бүлікшілерді талқандады, А.Гитлерді және басқа да фашистік жетекшілерді қамауға алды.

Жалпы, Германиядағы революциялық ахуал жұмысшы табының өз үкіметін орнатуға әлі ұйымдаса алмағандығын айқындады.

Француз-бельгиялық үкіметтің Рур өңірін басып алуы Германияның өндірістік дамуына аса зор кедергісін тигізді. Елдің қаржылық жағдайы күрт кемиді. 1913 жылмен салыстырғанда елдің сыртқы саудасы 50 пайызға төмендеді. Ұсақ кәсіпорындар күйзеліске ұшырады. Орталықтанған өндіріс орындары күшейді. Көмір, темір, темір өңдеу, қалайы өңдеу, машина құрылысы салаларында үлкен біріккен алпауыттар пайда болды. Жұмысшылардың жағдайы одан әрі нашарлай берді. Осы жағдайлар экономикалық және саяси дағдарыстан шығуды қиындатты.

Веймарлық республиканың тарихындағы екінші кезең 1923 жылдың аяғында басталып, 1929 жылдың аяғына дейін созылды. Бұл кезең экономикалық тұрақтанумен және ішкі-сыртқы саясаттағы саяси бірігумен сипатталады. Бұл кезеңді сондай-ақ «Штреземанның дәуірі» деп те атайды. Густав Штреземан 1923 жылы канцлерліктен кеткенмен, 1923 жылдан 1929 жылы қайтыс болғанға дейін Германияның Сыртқы істер министрі болды. Осы кезеңдегі қызметінде Германияның Франциямен өзара түсіністігінің орнауына, Локарно келісімдеріне келуге (Германияның батыс шекарасының мызғымастығы мен Рейн өңірінің демилитаризациялануын сақтауға), 1926 жылы Ұлттар Лигасына Германияны қабылдауға, Бриан-Келлог пактісіне қол қоюға (ұлттық саясаттың құралы ретінде соғыстан бас тарту жөніндегі 1928 жылғы келісімшарт) көп еңбек сіңірді.

Германия Локарно мәслихатынан кейін алғаш рет Франциямен тең дәрежеге қол жеткізді. Германия Ұлттар Лигасына мүше болған кезден бастап Локарно мәслихатының шешімдері өз күшіне енді. Германия Англия мен Франциядан Лига Жарғысының 16-бабына сәйкес КСРО-ға қарсы әскери қимылдарға қосылмауына рұқсат алды. Алайда, ол егер қаласа осындай қимылдарға баратынын жариялады. Америкалық профессор Генри Бреттон «Штреземанның дипломатиялық стратегиясы үш жағдайға негізделген деп жазды: 1) одақтастар арасындағы келіспеушіліктердің барлық мүмкіндігін пайдалану; 2) Батыс пен Шығыс арасындағы барлық қайшылықтарды пайдалану; 3) Германияның экономикалық қуатын пайдалану»10.

Жалпы осы кезеңдегі еңбектері үшінде Г.Штреземан 1926 жылы әлемдік Нобель сыйлығына ие болды.

Густав Штреземан канцлерліктен кеткенде, 1923 жылы желтоқсанда Германияда таза буржуазиялық үкімет құрылып, оны Вильгельм Марк басқарды. Жаңа үкімет 8 сағаттық жұмыс күнін жойды, мүгедектер мен қарттарға жәрдемақы төлеуден бас тартты, жұмыссыздарды мәжбүрлеп, қиын жұмыстарға жіберді. Дәл осы уақытта үкімет өндірісті тиімді пайдалану шараларын қабылдады. Ірі өндірісшілер 715 млн маркі есебінде өтемақы алды. Германиядағы капитализмнің тұрақтануы шетел, әсіресе, америкалық капиталдың көмегімен жүзеге асты. Германияның репарация төлеу қабілеттілігін тексеру үшін америкалық генерал Дауэс басқарған комиссия құрылды. Дауэс жоспары бойынша, Германия өз жағдайын шетелдерден қарыз алу арқылы және КСРО-мен сауда жасау жолымен қалпына келтірілуі мүмкін делінді. Германия 1924 – 1925 жылдары жеңген мемлекеттерге 1 млрд марка алтын көлемінде репарация төлеуі керек, ал келесі жылдары төлем мөлшері 2,5 млрд маркаға дейін өсуі керек болатын. 1924–29 жылдары АҚШ және басқа да батыстық мемлекеттер Германияға 21 млрд көлемінде несие және қарыз берді. Шетел капиталын пайдалана отырып, герман алпауыттары өндірістік және әскери салаларда бірнеше қайта құрулар жасады. Бір жағынан, Германияның экономикасының өсуі жұмысшыларды езу арқылы жүзеге асты. Жұмысшылар 8 сағаттың орнына 9-12 сағаттан жұмыс істеді, олар басқа да өздерінің әлеуметтік құқықтарынан айырылды.

«Дауэс жоспары» Германияның экономикалық дағдарыстан шығуына түрткі болды. Елдің шаруашылық өмірі жанданды. Тұрақты қаржы бағамын қалыптастыру шаралары жүргізілді. 1927 жылы Германияның тауарды сыртқа шығаруы өсті.

1924 жылы елде рейхстагқа сайлау өткізілді. Буржуазиялық партиялар көп дауысты иеленді (18 мың); социал-демократтарға 8 млн. адам дауыс берген болатын. Сайлау нәтижесі бойынша 1925 жылы 15 қаңтарда ірі кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын буржуазиялық Лютер үкіметі құрылады. Жаңа үкіметтің жүргізген бірқатар реформалары керісінше, жұмысшылардың жағдайын одан да қиындатады. Ал Германияның сыртқы саясатында белсенділік байқалды. Билік жүргізуші топтар халықаралық қатынастарда Германияны тең құқықты мемлекет деп тануын талап етеді. Сыртқы саясат аймағында 2 үрдістің күресі жүрді: антикеңестік топқа қарсы Антанта мемлекеттерімен бірігу және КСРО-мен қарым-қатынасты жақсарту. Сондықтан Германия бір жағынан, антикеңестік бағыт алған Лондон мәслихатына қатысты; екінші жағынан – КСРО-мен экономикалық және саяси қатынастарын жалғастыра берді.

1925 жылы Германияның тұңғыш рейхспрезиденті социал-демократ Ф.Эберттің қайтыс болуына байланысты көктемде өткен президенттік сайлауы өте қатал сипатта өтті. Күрес оңшыл партияларының өкілі Пауль фон Гинденбург пен Веймар коалициясының өкілі Вильгельм Марк арасында болды. 1925 жылы 26 сәуірде бұрынғы фельдмаршал Пауль фон Гинденбург Германияның рейхспрезиденті болып жарияланды. Үкіметтің саясаты негізінде рейхсвер саны көбейтілді (350 мыңға дейін), әскериленген одақтар құрылды. Германияның билеуші топтары герман әскерін қайта қаруландыру және әскери-теңіз флотын салу бағдарламасын жасады.

Бірақ таптық көтерілістер мен ереуілдерді буржуазия толығымен баса алмады. Жұмысшылар 8 сағаттық күні үшін, еңбек жағдайының жақсаруы үшін үкіметке қарсы талаптар қойды. Тұрақтану кезеңінде буржуазияға қарсы ГКП жұмысшы табының бірігуіне көп күш салды.

1928 жылы өткен рейхстаг сайлауы, Германияның өте қиын саяси жағдайда тұрғандығын көрсетті. Нәтижесінде социал-демократтар 9,1 млн дауысты жинап, басым түсті. Социал-демократ Герман Мюллер басқарған коалициялық үкімет құрылды. Веймарлық республиканың бұл кезеңі 1929 жылдың қазан айының аяғында басталған әлемдік экономикалық дағдарыспен аяқталады.Веймарлық республиканың соңғы кезеңі елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауымен, жұмыссыздықтың кең етек алуымен және демократиялық негіздің күйреуімен сипатталады.

Веймарлық республиканың күйреуі де 1929 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыстан басталды. 1929 – 1933 жылдары әлемдік экономикалық дағдарыс герман экономикасының әлсіреуіне алып келді. Бұл алдымен оның шетел капиталына тәуелділігімен түсіндіріледі. Дағдарыс салдарынан машина құрылысы, тау-кен өндірісі, құрылыс материалдарын жасау, кеме құрылысы, көмір өндіру қысқарып кетті. Сыртқы сауда 60 пайызға қысқарды. Валюта қайта құнсызданды; бірнеше банктер бос қалды. Жұмысшылардың жағдайы күрт төмендеді: 1932 жылы елде 8 млн жұмыссыздар болды; жұмысшылардың жалақысы 42 пайызға қысқарды; жүздеген мың шаруа қожалықтары өз жұмыстарын тоқтатты; мыңдаған қолөнершілер мен саудагерлердің жағдайы да осы іспеттес еді.

Дағдарыс кезеңінде жеңімпаз мемлекеттер Германияның репарация төлеуінің жаңа «Юнг жоспарын» жасаған болатын.

Бірінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде қалыптасқан қайшылықтарға қарамастан, 20-жылдардың аяғында, яғни 1929 жылдың 11 маусымындағы Ұлттар Лигасы Кеңесінің Мадридтік мәжілісі кезіндегі бейресми сұхбат барысында Германия мемлекетінің Сыртқы істер министрі Г. Штреземан мен Франция тарапынан А. Бриан алғаш рет «біріккен Еуропа» жобасының ережелерін талқылайды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі күштер арақатынасын іріктеуге және соғыстың қалдықтарын жоюға Еуропаның бірігуі өзіндік әсер ететіндігіне Штреземан сенімді еді. Тек, бұл жобалар идея күйінде қалып, еуропалық алаңдағы шиеленіс Германияның билігіне фашистік топтардың келуіне байланысты тіпті, өрши түсті.

«Юнг жоспарымен» Мюллер үкіметі де толығымен келісті. Бірақ дағдарыс барлық жағдайды өзгертті. 1930 жылы 30 сәуірінде Мюллер үкіметі өз қызметін тоқтатты. Жаңа үкіметті католиктік орталықтың жетекшісі, қаржылық сарапшы Хайнрих Брюннинг басқарды. Осы сәттен бастап Германияда іс жүзінде билік тікелей президенттік басқаруға көшті, канцлерді қашан, кімді тағайындаймын десе де, парламентті тарату қажет пе жоқ па, барлығын өзі шеше бастады. Кейінгі жылдары бұл парламенттік жүйенің жойылып, авторитарлы президенттік билеудің қалыптасуына әкелді. Мемлекет тағдыры толығымен президенттің қолына көшті. Ал тағайындаған канцлердің қолында нақтылы саяси билік болмады.

Брюннинг үкіметі дағдарыстан жұмысшыларды қанау арқылы шығуға болатын жоспарын жасады. Жұмысшылар мен шенеуніктердің еңбек жалақысы 10 пайызға дейін қысқартылды. Ал жұмысшылардың төлейтін салығы 2 млрд марканы құрады. Дағдарыс салдарынан болған таптық қарама-қайшылық ірі таптық қақтығыстарға алып келді. Дағдарыс жылдарында Германияда екі мыңға жуық қақтығыс болды. Көтеріліске шыққандар билік басындағылардан дағдарыстан шығу жолын тауып, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуды талап етті. Осы жылдары елдегі саяси күштер түп-тамырымен өзгерді. Жұмысшы топтары билік жүргізуші партиялардың саясатына көңілдері толмай, жарты бөлігі Коммунистік партияларды қолдады. 1930 жылы рейхстагқа сайлау өтіп, көп дауысты фашистік партия алды. Сайлау нәтижесі, фашистердің билікке келуі тез арада болатынын көрсетті. Ірі қаржы алпауыттары өздерінің өктемдігін буржуазиялық-демократиялық партия арқылы сақтап қала алмайтындықтарын түсініп, фашистік үстемдіктің орнауын қалады. Стинес, Тиссен, Рурдық көмір иелері фашистік партияларды мол қаржымен қамтамасыз етті. Фашистер өз партияларын қайта құрып, күзет бөлімшелерін жасақтады.

Фашистік қозғалыстың нығая түсуінен қауіптенген коммунистік партиялар фашистік қозғалысқа қарсы майданға біріге бастады. 1930 жылы ГКП «Неміс халқының әлеуметтік және ұлттық азаттығы» бағдарламасын жариялауының мақсаты ондағы неміс халқының өмірін түп-тамырымен өзгерту еді. Компартия фашизмге қарсы күреске шаруаларды да тартуға тырысты. 1931 жылы ГКП «Шаруаларға көмек беру» бағдарламасын қабылдап, онда ірі жер иелерінен жерді шаруаларға бөліп беру қажеттілігін мәлімдеді. Бұл құжаттар жұмысшы табының және демократиялық күштердің бірігуіне негіз болды. Оңшыл социал-демократтық партиясының жетекшілері бейтараптық саясат ұстанды. Президент сайлауы нәтижесінде елдің президенті болып, фельдмаршал фон Гинденбург сайланды. Сайлаудан кейін Пауль фон Гинденбург Франц фон Папенге үкімет құруды тапсырды. Папен үкіметінің әлеуметтік саладағы басты шараларының бірі салықты ұлғайту, әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін азайту, айлық еңбек жалақысын 50 пайызға төмендету болды. 1932 жылы жұмысшылар Папен үкіметінің осы бағыттағы аса маңызды деректеріне қарсы шықты.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. Бірінші дүниежүзілік соғыс Германия халқының әлеуметтік жағдайына қалай әсер етті?

2. Веймар Республикасының құрылу үрдісі қалай жүзеге асты?

3. Веймар конституциясының маңыздылығы қандай?

4. Версаль бейбіт бітімінің Германияның саяси-экономикалық жағдайына тигізген әсері қандай болды?

5. Фашистік қозғалыстың пайда болуының себебін айқындаңыз.

10

Внешняя политика Великобритании в новое и новейшее время. – М., 1988. – С.89.

Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1918-1945)

Подняться наверх