Читать книгу Инвестициялық жобаларды басқарудың теориясы мен əдістемесі - Қарлығаш Мұхтарова - Страница 2

1- тақырып
КІРІСПЕ БӨЛІМ ЖӘНЕ ТАҚЫРЫПҚА ҚАТЫСТЫ АНЫҚТАМАЛАР

Оглавление

Жоба – бұл шектеулі ресурстарды тиімді және нәтижелі пайдалану мәселесін шешетін қызмет түрі.

Жоба – бұл уақыты бойынша шектеулі, нәтижесінің сапасы мен құнына қойылған талаптар жүйесінің кезеңдік өзгерісі.

Жоба түсінігінің тар мағынадағы ұғымы – ресурстарды пайдаланудан белгілі бір пайда табуға бағытталған адам қызметінің кез келген түрі немесе жұмыстардың жиынтығын білдіреді.

Жоба ұғымының кең мағынадагы ұғымы қоғамның өмір сүру жағдайын жақсартатын және ұлттық экономиканың қарқынды дамуына әкелетін кез келген шараны білдіреді.

Жобаның мақсатына жету біздің мінез-құлқымыздың ұтымдылығы мен ресурстарды пайдаланудың альтернативті тәсілдерін іздестірумен байланысты.

Мақсат нақты, өлшемді, жетімді, уақыты бойынша шектеулі болуы керек.

Жобаны басқару (ЖБ) – бұл қойылған мақсатқа жету жолында жоспарлау, жұмыс кестесін құру және жұмыстардың іске асырылуын қадағалау.

Жобаның басты мақсаттары – жобаның өнімділігі (нәтижелілігі), құндылығы, уақыт шеңбері.

Жоба инициаторы дегеніміз – бұл жоба идеясының жобаның іске асырылуы мақсатында оның алғашқы негіздемелерін және ұсыныстарын келтірген тұлға.

Жобаға тапсырыс беруші дегеніміз – жобаның іске асырылуы мен оның нәтижесіне жетуге негізгі мүдделі тұлға.

Жоба ресурстары материалдық, қаржылық, табиғи және ақпараттық болып бөлінеді.

Жобаның бизнес жоспары дегеніміз – бұл жобаны негіздеу және іске асыруға бағытталған коммерциялық құжат.

Жобаның ұзақтылығы дегініміз – бұл жоба жұмыстарының іске асырылуына жұмсалатын уақыт кезеңі.

Жобаны басқарудағы инвестициялар деп жеке немесе мемлекеттік капиталды, меншіктік немесе интеллектуалдық ресурстарды салуды айтамыз.

Жобаны басқару аппараты – бұл жобаны басқару функциясын атқаратын персонал (менеджерлер, мамандар, техникалық жұмыстарды атқарушылар).

Жобаның аяқталуы – бұл жобаны жабу кезеңі.

Жобалық келісімшарт – бұл екі немесе одан да көп тараптардың азаматтық құқықтары мен міндеттерінің белгіленген уақыт кезеңінде тоқтатылуы, өзгеруі немесе құрылуына келісілуімен байланысты заңдық құжат.

Жобаны басқарудағы тендер – бұл конкурстық нысанда жүргізілген мердігерлік сауда-саттық, үміткерлер ұсынған ұсыныстардың тендерлік құжаттар талабына сәйкестілігі шеңберінде жарысуы.

Жобаның нәтижелілігі – бұл қаржылық шығындардың табысты қамтамасыз ететін нәтижеге қатынасы.

Жобаның материалдық тиімділігі құндық бағалау жүргізуге болатын, жобаны іске асырудың нәтижесінде пайданы көбейтуді, компанияның пайдасын асыруды, шығындарды азайтып, өндіріс масштабын кеңейтуді, бәсекелесуге қабілетті өнімнің (қызметтің) көлемін көбейтуді мақсат тұтады.

Жобаның материалдық емес тиімділігі тұрғылықты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды (қоғамдық қажеттіліктердің өндіру жобалары, экологиялық жобалар, т.б.), қоғамдағы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуді, ақпараттық қызмет көрсетуді жақсартуды, жаңа технологияларды құруды, ғылымдағы жаңашылдықты қамтамасыз етуді, т.б. қарастырады.

Жобалардың идентификациялануын төмендегідей түрлерге бөлуге болады.

Өмірде жобалардың көптеген түрлері кездеседі. Оларды инвестициялық және сауда-саттық мацсатындагы деп бөлуге болады. Олардың айырмашылығы неде?

Инвестициялық жоба ресурстардың негізгі қорларының көлемін арттыруға, олардың техникалық жаңаруына бағытталған. Рәсімдеу негізінде жобаны іске асыру барысында қоғамдық табысты пайдаланудың мақсатқа сәйкестігін дәлелдеуге қажетті қаржы-экономикалық, инженерлік-техникалық құжаттарды зерттеу мен талдау жатады. Көбінесе, инвестициялық жобалар ұзақ мерзімді болады.

Коммерциялық жоба – бұл қоғам ресурстары тауар (қызмет) сауда-саттығы арқылы пайда (үстеме табыс) табуға бағытталған жобалар. Коммерциялық жобалар, көбінесе, қысқа мерзімді болады.

Бұл жұмыс жобаны басқару саласындағы мамандарға, жаңадан бастап жүрген кеңесшілерге, басқарудың жоғарғы және орта буындарының жетекшілеріне, бәсекелесуге қабілетті өнімге (қызметке) бағытталған, қоғамның жаңа сапалы дамуын басқарудағы жобалық технологиялармен байланысты банктер, компаниялар мен кәсіпорындар жетекшілеріне арналған.

Бүгінгі таңда жобаларды басқару – бүкіл әлем мойындаған жобалық бағыттау қызметінің әдістемесі. Соңғы 40 жыл бойы дамыған елдерде жобаларды басқару өздігінен жеке бір пән және нарықтық экономика жағдайындағы қызметтің мамандандырылған ерекше саласы болып қалыптасқан.

Жобаларды басқару әдістері мен тәсілдерін қолдану тек талапқа сай сапалы нәтижеге жеткізіп қана қоймай, ақшаны, уақытты, ресурстарды үнемдеуге, тәуекелділікті төмендетіп, дәйектілікті арттырады. Жобаларды басқару нарықтық экономика жағдайында нәтижелі түрде іске асып, өзін сала ретінде тиімді жағынан көрсетті, өйткені ол құндылық факторлар шешуші рөл атқаратын басқарудың экономикалық әдістеріне жатады.

Біздің мемлекет (бұрынғы КСРО құрамында) көптеген жылдар бойы «жобаларды басқару әлемінен» тыс болғанына қарамастан, ол көптеген ірі жобалар мен бағдарламаларды іске асырды. Сондықтан біздің республикада жобаларды басқарудың өз тәжірибесі мен жетістіктері қалыптасты.

Сонымен, жобалық басқару – дамудағы нақты сапалы қарқынды қадам. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Ұйымның жоғарғы буыны мен ұйымдастырушылар арасындағы өкілеттілікті нақтылап бөлу керек; бизнес процестерді жеке жобаларға бөлу, жаңа жобаларды құру; стратегиялық жоспарлау қажет. Жобаны ұйымдастыру жұмыстары қызметкерлердің жаңа мүмкіндіктері мен таланттарын ашады, оларға жауапкершілігін, ынтасы мен өзіндік бастамасын, жобаны басқаруда жетекшілік қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік береді. Одан басқа жобаларды ұйымдастыру әдістемесіндегі танымдар тек корпоративті ғана емес, жеке жобаларды басқару дағдыларын тануға да жағдай туғызады.

Нарықтық экономика жағдайында біз нарықтық категориялармен ойлана бастаймыз, басқару мәселесін зерттеп тану мақсатын қоямыз, қолда бар шектеулі ресурстарды қалайша нәтижелі және тиімді пайдаланып, үстеме табысты табуға болады деген сұрақтарға жауап іздейміз. Бұл мақсат біздің мінез-құлықтарымызды ұтымдылыққа баулып, ресурстарды пайдаланудың алътернативті тәсілдерін іздестіруге итермелейді. Мұндай тәсіл нақтылы бір жобалардың іске асырылуымен байланысты.

Жоба ұғымдары мен мақсаттары. Тәсілдер сандық өлшемге тиісті болған жағдайда ғана альтернативті тәсілдерді салыстыру мүмкіндігі туады. Сонда да сандық өлшемге жатпайтын адам қызметінің әр алуан түрлері бар. Демек, біз оларды жобаларға жатқыза алмаймыз.

Жоба сөзінің тар магынадагы ұгымы ресурстарды пайдаланудан белгілі бір пайда табуға бағытталған адам қызметінің кез келген түрі немесе жұмыстардың кешені деп түсіндіріледі. Жобаларға адамдардың банктерде еркін қаржысын орналастыру әрекетін, жаңа объектілердің құрылысы мен істегі объектілердің реконструкциясы, құнды қағаздарды сатып алу, сауда-делдалдық қызметті жатқызуға болады.

Жоба ұғымының кең шеңбердегі мағынасы да бар. Жоғарыда келтірілген анықтамада (жоба сөзінің тар шеңбердегі мағынасында – автор) оны іске асырудағы мақсаттар анық белгіленбеген. Қоғам мүшелері қолда бар шектеулі ресурстарды максималды тиімді қолдануға мүдделі екендігін ескеруі тиіс.

Осылайша, жоба ұгымының кең шеңбердегі талқылануына ұлттық экономиканың қарқынды дамуына септігін тигізетін және қоғамның әлеуметтік жағдайының жақсаруының жоғарғы деңгейде қарқындататын кез келген шара жатады.

Практикалық тапсырмалар:

Осы тақырып бойынша өткен материалдарды қайталап, төмендегі анықтамаларға сәйкес келетін терминдерді 1-кестеге толтырыңыз.


1- кесте

Жобаларды басқару анықтамалары бойынша терминдерді анықтау тапсырмасы


Бақылау сұрақтары:

1. Жоба дегеніміз не? Оның мазмұнын, мақсатын және міндеттерін атаңыз.

2. Жоба сөзінің тар және кең шеңберіндегі мағынасында жоба ұғымына сипаттама беріңіз.

3. Жобаның материалды және материалды емес тиімділіктерінің айырмашылығы неде?

4. Жоба ресурстары дегеніміз не?

5. Жобаға тапсырыс беруші мен инициатор дегеніміз кім?

6. Нарықтық қатынастар жағдайында қандай критерийлер жобаның мәніне сипат бере алады?

7. «Жобаны басқару» ұғымына анықтама беріңіз.

Инвестициялық жобаларды басқарудың теориясы мен əдістемесі

Подняться наверх