Читать книгу ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі. Электронды оқу құралы - Ө. Әбдиманұлы - Страница 2
І БӨЛІМ
ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ӘДЕБИЕТ
ОглавлениеХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті шартты түрде 1900-1920 жылдар аралығындағы мерзімді қамтиды. Бұл кезеңдегі әдебиетке тән өзіндік ерекшеліктер мол. Алдымен, ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиет жалпы қазақ әдебиеті тарихындағы ең бір жемісті де түрлі ізденістерге толы кезең болып табылады.
ХХ ғасырдың басы – қазақ халқы бүкіл қоғамдық ой-пікірдің жаңаша өрлеуіне бағыт алып, Ресей патшалығы тұмшалаған ой-сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Ендеше ұлттық сананың өркенді саласы әдебиеттің күрт алға басуы, қоғамдық ой-сананың көрсеткіші ретіндегі қазақ баспасөзінің осы кезеңде дүниеге келуі – дәуір талабы әкелген өзгеріс. Бұл тұста Абай дәстүрін жаңашылдықпен дамытқан Шәкәрім шығармашылығы өзіндік биігіне көтерілсе, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан т.б. тәрізді бірегей таланттар көркемдік деңгейі жоғары туындыларын жариялай бастады.
Қазақ кітаптарының даму тарихына арналған еңбектерде ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ кітаптарының сапалық жағынан да, сандық жағынан да күрт өсуі дәлелді айтылған. Мәселен, зерттеуші Ә. Жиреншин 400 кітап атауы мен 180 басылымды атаса, кітап шығару ісін тереңдей зерттеген С. Есова, У. Суханбердина, Д. Сейфуллиналар 480 кітап атауы мен 720 басылымды көрсетеді.
Абай, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Көпеев, Ғ. Қарашев, М. Қалтаев, т.б. кітаптарын қазақ жұрты қызыға да құмарта оқыды.
Қоғамдық өмірдің және әлеуметтік дамудың айнасы баспасөз десек, ХІХ ғасырдың аяқ шенінде шыға бастаған отаршыл әкімшіліктің «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты» секілді қазақ тілінде қосымшасы бар ресми газеттерімен бірге, ХІХ ғасырдың басында жаңа сипаттағы еркін басылымдар дүниеге келді. «Серке» (1907ж.), «Қазақстан» (1911-1913ж.ж.), «Ешім даласы» (1913ж.) газеттері, М.Сералин шығарған «Айқап» (1911-1915ж.ж.) журналы және А.Байтұрсынов шығарған жалпы ұлттық қоғамдық-саяси һәм көп тиражбен тараған «Қазақ» (1913-1918ж.ж.) газеті қазақ ұлтының саяси-әлеуметтік ой-санасына түрткі салып, мәдениет рухын септі.
ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласында оқудың екі түрі болды. Біріншісі мұсылмандық оқу деп аталады. Ол араб әліпбиімен оқытатын мектептер еді. Ғасыр басында ескі қадим әдісі жойылып, жаңа «жадид» атты пән негіздерін оқытатын әдіс белең алды. Қазақтың көп зиялылары, ақын- жазушылары әуелде осы мектептерден білім алды..
Сондықтан да орысша білімі бар қазақ зиялылары сан жағынан алғанда, Орта Азияны мекендеген халықтар ішінде біршама жоғары тұрған болатын. Ал осы зиялылардың көпшілігі өздерінің ағартушылық, қоғамдық қызметтеріне қоса, қаламгерлікті серік етті. Олар әртүрлі аударма шығармалары, төл туындылары, публицистикалық еңбектері арқылы халыққа ой салып, қоғамдық- әлеуметтік өмір шындығын аша білді.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі жазба әдебиет (бағыттар) – ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің жалғасы ретінде дамуымен бірге, өзіндік өрнегін де тапқан әдебиет. Қоғам шындығын көркемдікпен суреттеудегі жазушы ерекшелігі түрлі бағыттардың қалыптасуына алып келді. 1905 жылдан кейінгі әдебиетте ұлт-азатшыл (А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М.Жұмабаев, т.б.), ағартушы-демократтық (М. Сералин, С. Дөнентаев, С.Торайғыров, т.б.) бағыттар белең алды. Бұрыннан әдебиетімізде бар діни- ағартушылық бағытты (М.Ж. Көпеев, М. Қалтаев, Н. Наушабаев, Ш.Жәңгіров, т.б.) қосқанда осы кезең әдебиетінде үш бағыт өркен жайды. Діни-ағартушы бағыттағы ақындарға тән бірнеше басты белгілер бар. Біріншіден, бұлар – діни мектептерде оқып, мұсылманша білім алған ақын-жазушылар. Олардың орыс оқуымен, орыс жазушыларының шығармаларымен атүсті ғана таныстығы болды. Екіншіден, бұлар – шығыс әдебиетін, оның түрлі әдеби мектептерін жетік біліп, озық үлгілі дәстүрінен үйреніп, шеберлік тәсілдерін өз шығармашылықтарында кеңінен пайдаланып, шығыс классиктері деңгейінде жазуға талпынғандар. Үшіншіден, бұлардың көпшілігі ірі медреселерде білім алып, Ташкент, Бұқара, Қазан, Стамбұл сияқты діни орталықтарда болып, ислами әдебиеттің классикалық үлгілерімен танысып, діни ілімнің қыр-сырын жетік меңгергендер болды.
Бұл бағыттағы ақын-жазушылардың кейбірі Шәді Жәңгіров, Ақылбек Сабалұлы, Жүсіпбек Шайхысламұлы, Шораяқтың Омары, Мәулекей Жұмашев, т.б. бірыңғай қисса-дастандар, шығыс үлгісіндегі поэмалар, шығыс әдебиетінде бар бір сюжетке бірнеше ақын жарыса шығарма жазатын нәзирашылдық деп аталатын дәстүрді дамытты.
Ағартушы-демократтық бағыттағы ақын-жазушылар ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Олар қазақ әдебиетін шын мәніндегі жазба әдебиет деңгейіне көтерді.
Олардың көбі орыс мектептерінде білім алған, орыс тілін жетік білетін, оқуын кейін түрлі оқу орындарында жалғастырған, орыс және батыс әдебиетін жақсы білетін жандар еді. Сондықтан да олар орыс, батыс әдебиеттеріне еліктеп, сол деңгейде шығарма жазуға талаптанды.
Ағартушы-демократтық бағыттағы ақын-жазушылар шығармашылығы шын мәніндегі сыншыл реалистік дәрежеге көтеріліп, дүние құбылысын кең, терең негізде ашты. Бұл бағыттың өкілдеріне таза әдеби шығармашылықпен айналысып, кәсіптік деңгейдегі жазушылық шеберлікке көтерілген С.Торайғыров, М. Сералин, С. Дөнентаев, т.б. ақын-жазушылармен бірге, шығармашылығы ағартушылық-ұстаздық қызметтерімен тығыз байланыста өрістеген С. Көбеев, Б. Өтетілеуов, Т. Жомартбаев сынды тікелей ағартушылық тақырыпта қалам тербеген ақын-жазушылар да жатады.
Үшінші бағыттың қалыптасуына ХХ ғасырдың басында жаңа әлеуметтік саяси күш – ұлтжанды зиялы топтың пайда болуы жан-жақты әсер етті. Олардың көбі шығармашылықпен айналысқандықтан да, өз шығармаларында бостандық, теңдік, азаттық идеяларын ту етіп көтерді. Ал өздерінің саяси көзқарастарында елдің жігін ажыратпай, біртұтас етіп біріктіруді көздеді. Сондықтан ең басты мәселе ретінде саяси тәуелсіздікті нысана етіп қоя білді. Ұлттың жан-жақты дамуы, өркендеуі ұлттық салт-дәстүрлерді сақтай отырып, өзге өркениетті елдерден үйренер еркіндік салтымен жетілуде деп білді. Оқу-ағартуды, өнер-білімді ел тәуелсіздігі жолындағы саяси күреске пайдалануға әрекеттенді. Әдеби шығармаларында ұлттық сананы оятуды, күрескерлік рухты көтеруді басты нысана етіп қоя білді. Сондықтан да олардың шығармашылығындағы көркемдік әдіс-тәсілдер азатшыл оймен ұштасып жатты. Ұлт-азатшыл әдебиет бағыты өкілдері қандай да бір әдеби шығарма болсын, оған ұлттық мұрат тұрғысынан талап қоя білді. Сөйтіп, қазақ әдебиетіндегі өзінен бұрынғы Дулат, Шортанбай, Мұрат, Махамбет дәстүрлерін жаңа арнада дамытты. Халықты саналы іс-әрекетке үндей отырып, таптық қайшылықты емес, ұлттық бірлікті жырлап, ұлт тұтастығын сақтауды көздеді. Бұл бағыттың ірі өкілдері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев шығармашылығында Ресей империясы отаршылдық езгісінің бүкіл сипаты толыққанды ашылды.
Жалпы, ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиетке тән басты ерекшелік – ұлт қамы қай бағыт ақын-жазушысының шығармашылығы болсын ортақ тақырып ретінде көрініс табуы. Олар өз ұлтының өзге өркениетті елдердің қатарынан көрінуінін аңсап, ел тілегінен шығып, әдебиеттің ұлттық рухын шырқау биікке көтерді. Қазақ халқының алдында тұрған биік мақсаттарды әрқайсысы әл-қадірінше, ой-өрісінің жеткен қырынан тани отырып, негізгі мәселе ретінде алға тартты.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі жанрлық ізденістер. Үлкен әлеуметтік тақырыптарды дәуір талабына лайық суреттеуде қазақ әдебиетінің алдында кесек те күрделі шығармалар жазу қажеттігі туды. Осыған орай қазақ ақын-жазушылары іргелі жанрға бет бұра бастады. Поэзия жанрында М.Сералиннің «Гүлкәшима», «Топ жарған», С.Торайғыровтың «Кедей», «Адасқан өмір», М.Жұмабаевтың «Қорқыт», «Оқжетпестің қиясында», «Батыр Баян», т.б. дүниеге келді. Олардың тақырыптары әртүрлі еді. Мәселен, «Гүлкәшимаға» әйел теңсіздігі арқау болса, «Топжарған», «Оқжетпестің қиясында» поэмаларында Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліс жырланды. С.Торайғыров поэмаларында әлеуметтік теңсіздік, адамның қоғамдағы орны мәселелері көтерілді.
Қазақ әдебиетінде прозаның күрделі жанры – роман ХХ ғасырдың басында пайда болды. Қазақ қаламгерлері дәуірдің аса күрделі мәселелерін басты тақырып етіп алып, оларды мейлінше терең ашып көрсетуге тырысты. М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», С. Көбеевтің «Қалың мал», С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» сияқты романдары – жас прозамыздың даму деңгейін белгілейтін шығармалар. Осы туындылардың басты кейіпкерлері: Жамал, Ғайша, Қамар бейнелері – сол кездегі қазақ қыздарының іс-әрекетін, мінез-құлқын, бүкіл болмысын тануға мүмкіндік беретін типтік образдар. Бұл романдарда біраз көркемдік жетістіктерге қол жеткізілді.
Ол кездегі прозамыздың үйрену, қалыптасу сатысында екенін еске алсақ, олардың ортақ жетістігі роман жанрының алғашқы қарлығаштары болуымен бірге замана шындығын ашып көрсетіп, кейінгі өскелең прозамыздың дамуына игі әсерін тигізуінде.
Жаңа ғасыр бас кезіндегі өзекті мәселелерді көркем өнерде бейнелеуге әдебиетіміздегі тың да тосын жанрлардың бірі драматургия қосылды. Қазақ драматургиясының тырнақалды туындылары жазылған сәттен-ақ қолданысқа түсіп, далалық сипаттағы шағын сахналарда қойыла бастады.
Қай ұлттың болсын, қазіргі кемелденген драматургиясы бүгінгі күйінде өмірге келе қоймағаны белгілі. Қазақ драматургиясы да бүгінгі жеткен биігіне сан қилы қиындықтар арқылы келді. Мұнда, ең алдымен, ауызға ілінері – Б. Серкебаевтың«Жер дауы» (1912), «Қызыл бұзау» (1913), «Бақсы» ( 1914), «Әйел теңдігі» (1915), «Ғазиза» (1915),Көлбай Тоғысовтың «Надандық құрбаны» (1915), Алматы уезінің начальнигі А.И. Лихановтың «Манап» драмасы (1913).
«Надандық құрбаны» қазақтың ескілікті надандық заңының ішкі сыр- сипатын әшкерелеп, халықты өнер-білімге шақыру міндетін – ислам дінінің кертартпалық қырын ашу, халықтың озық ойына өре салып, сана-сезімін улап келген дүмше дін иелерінің ұнамсыз іс-әрекетін сынау, әшкерелеуді басты проблема етіп қойған ағартушылық бағыттағы шығарма болды.
ХХ ғасыр басында әдебиеттің құлашын кеңге жайып, өркендеуіне қазақ баспасөзінің дамуы ең басты қозғаушы күш болғанын атап өтуіміз керек. «Айқап», «Қазақ», «Қазақстан», «Ешім даласы» сияқты баспасөз беттерінде әдебиетіміздің ірілі-ұсақты өкілдері өз шығармаларын жариялап отырды. Бұл басылымдар өз кезегінде жаңа шығармаларға сын айтып, бағыт берді.
А.Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны», «Әдебиетімізге көз салу», «Роман не нәрсе?», «Білім жарысы», Ә.Бөкейхановтың «Сын», «Қара Қыпшақ Қобыланды», «Қалқаман – Мамыр», М.Дулатовтың «Абай», «Манап драмасы», «Надандық құрбаны», С.Торайғыровтың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Өлең мен айтушылар», Р.Марсековтың «Әдебиет жайынан» тәрізді әдеби-танымдық мақалалары мен сын-рецензиялары осы басылымдарда жарық көрді.
Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ жазба әдебиеті мейлінше өркен жайып, биік жетістіктерге қол жеткізді. Осы кезеңде идеялық-көркемдік ізденістер кеңінен дамып, қазақ әдебиеті жанрлық тұрғыдан байи түсті.
Студентерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
1. ХХ ғасыр бас кезіндегі Қазақ даласындағы тарихи және қоғамдық-әлеуметтік жағдай сипаты.
2. Қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси күрестерінің көріністері.
3. ХХ ғасыр басындағы басылымдар және олардың әдеби-көркем шығармашылықпен байланысы.
4. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде әдеби бағыттардың басты ерекшеліктері.
5. ХХ ғасыр басындағы жазба әдебиет өркендеуінің негізгі сипаттары.
Реферат тақырыптары:
1. ХХ ғасыр басындағы қоғам және әдебиет
2. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі негізгі ағымдар-бағыттар.
3. Шығармашылық тұлғалар ұстанымдары мен ізденістерінің басты ерекшеліктері.
4. ХХ ғасыр басындағы қазақ басылымдарындағы әдебиет мәселелері.
5. ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы.
СӨЖ тақырыптары:
1. XX ғ.б. қоғамдық-әлеуметтік жағдай және әдебиет.
2. XX ғ.б. қазақ зиялыларының саяси көзқарасы.
3. XX ғ.б. оку-ағарту ісінің өркендеуі.
4. XX ғ.б. қазақ баспасөзі.
5. XX ғ.б. қазақ әдебиетінің зерттелуі.