Читать книгу ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі. Электронды оқу құралы - Ө. Әбдиманұлы - Страница 6

І БӨЛІМ
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ

Оглавление

( 1872– 1938)

Шығармашылық өмір жолы. ХХ ғасырдың бас кезіндегі саяси-әлеуметтік қозғалыс өріс алып, кеңге қанат жая бастауының басты себебі, қоғамдық өмірдің өрінде жаңа тұлғалар көзге түсіп, ұлттық сананы жаңа өріске бағыттауға ұмтылуында еді. Солардың ішіндегі көрнектісі ұлттың ұлы ұстазына, рухани көсеміне айналған дара тұлға Ахмет Байтұрсынов болатын. Ол ХХ ғасыр басындағы қазақ сөз өнеріндегі ұлттың биік рухынан нәр алған жаңа сарын – ұлт-азатшылдық бағыттың негізін қалап, азаттықтың ақ жолын ұсынды.

Ахмет Байтұрсынов 1872 жылы 5-қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы Ә.Жангелдин ауданының Торғай атырабындағы Ақкөл жағасында дүниеге келген.

1917 жылғы ақпан революциясынан кейін елде ұлт-азаттық саяси күрес күрт белең алады. Халыққа шынайы бостандық іздеген қазақ интеллигенциясының өкілдері әртүрлі партиялар мен ұйымдар құра бастады. А.Байтұрсыновтың осынау замана ағымындағы істерден тыс қалуы мүмкін емес еді. Сол тұста ұлттық теңдікті аңсаған Ахмет өз пікірлестерімен бірге «Алаш» атты партия құрып, 1917 жылдың жазынан Алашорда жетекшілерінің біріне айналады. Осы партияның бірінші және екінші съезінде ұйымдастырушылық қызмет атқарып, ол авторларының бірі болып саналатын «Алаш» партиясын құрудың жобасы алғаш «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қарашадағы санында жарияланады.

1937 жылғы 8 қазанда Алматыда ұсталып, 1938 жылы желтоқсанның 8 күні жазықсыздан жазықсыз ату жазасына бұйырылып, атылады.

Міне, өз ұлтының рухани ой-санасын өрістетуді, отаршылдық езгіден азат етуді мақсат тұтып, бар білімін, қайрат жігерін соған арнаған ұлы тұлға осылайша 64 жасында еліне теңдік әпереді деп ұққан Кеңес өкіметінің қаһарлы үкімінен қаза тапты. Бірақ А.Байтұрсынов кейінгі ұрпағына мың жыл азық боларлық рухани мұра қалдырып кетті.

А.Байтұрсынов әдебиеттану саласында да ұланғайыр еңбек етті. 1923 жылы «Ер Сайын» жырын, 1926 жылы «23 жоқтау» атты жинақты Мәскеуден шығарып, алғы сөз жазып, түсініктемелер берді.

Ал әдебиетке қатысты келелі ой-пікірлерінің бастау көзі – 1913 жылғы «Қазақ» газетінде жарияланған «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласы болып табылады. Бұл ұлы Абай шығармашылығы туралы жазылған алғашқы ғылыми мақала еді.

А.Байтұрсыновтың қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан аса зор үлесі – 1926 жылы басылып шыққан «Әдебиеттанытқыш» атты әйгілі еңбегі. Ахметтің осы кітапта тұңғыш рет қазақ тілінде түзген анықтамалар мен терминдері уақыт өтсе де өз құнын жойған емес.

Ахмет Байтұрсыновты үлкен ақын ретінде танытатын екі жинағы бар. Оның бірі – 1909 жылы Петербургте жарық көрген «Қырық мысал» – мысал аудармалары. Екіншісі – 1911 жылы Орынборда жарық көрген «Маса» атты өлеңдер жинағы.

Мысал аудармалары. Ахмет Байтұрсынов шығармаларының үлкен саласының бірі – поэзия. Бұл – негізінен замана талабы, уақыт сұранымынан туындаған шығармашылық ізденіс жемісі. Орыстың атақты мысалшысы И.А.Крылов шығармашылығына айрықша назар аударған ақын, оның көптеген шығармаларынан өз қажеттілігін тауып, «Қырық мысал» деген атпен аудармаларын 1909 жылы Петерборда бастырып шығарды.

Осы тұрғыдан алғанда, «Қырық мысал» жинағындағы аудармалардың «Аққу, Шортан һәм Шаян» мысалымен ашылуы Ахмет үшін белгілі бір мақсаткерлікті танытардай. Ол осы мысал арқылы сол кездегі қазақ өміріндегі ең бір келеңсіз жайды – ел бірлігінің жоқ екендігін аса бір күрделі мәселе ретінде көтерген.

«Қырық мысалдың» үлкен тобы адамдардың бойындағы көре алмаушылық, іштарлық, күншілдік туралы мәселелерге арналған. Бұларды зер сала отырып оқығанда, өз халқын осынау жаман қасиеттерден арылтуды арман етіп, мақсат тұтқан азаматтың жан толғанысын, үздіксіз ұмтылысын айқын сезінеміз. Мұндай мысалдарға «Жүргіншілер мен иттер», «Маймыл», «Үлес», «Ағаш», «Өгіз бен Бақа», т.б. жатады. «Жүргіншілер мен иттер» мысалында күншілердің сөзіне, іс-әрекетіне бола кібіртектемей, ілгері басуды уағыздайды. Ахаң бұл мысалды сол түпнұсқадан ауытқытпай аударған. Мысалдағы оқиға мазмұны түгелдей сақталып, ғибратты тұжырымы да Крыловпен ұштасып жатады.

Ахмет қазақ өміріне қатысты ділгір де дертті мәселелерге келгенде өзіндік ой ұстанып, негізгі сюжеттік желіні дамытып немесе жаңғыртып, өз заманына сай мысалдың өткірлігін арттыра түсуді мақсат ететінін аңғару қиын емес. Ал жеке адамдар арасындағы әртүрлі жағдайларға, адам бойындағы жаман әдеттерді көрсетіп, одан арылуға уағыздауда ұлы мысалшы салған даңғыл жолдан ауытқымайды. Өйткені ол жаман әдеттер адамның ұлтына, қоғамдық қатынастарға тәуелді емес.

В.Г.Белинский Крылов мысалдарын көркемдік қуаты мен саяси- идеялық салмағына қарай басты-басты үш топқа бөледі. Оның айтуы бойынша бірінші топтағы мысалдарда мысалшы оқиғаны баяндап қана шығып, ақыл айтумен шектеліп отырады. Екінші топтағы мысалдарда ақыл айтуды поэзия жеңе бастайды. Ал үшінші топтағы мысалдары – нағыз сатиралық, поэзиялық шығармалар. А.Байтұрсынов Белинский шартты түрде жіктеген осы үш топтан да мысалдар тәржімалаған. Ахметтің сол кезде алдына қойған екі мақсаты болды. Біріншісі – әлі де болса, қараңғылықтың «қалың ұйқысында» мүлгіген өз халқына ой тастап, білімге ұмтылдыруды, артта қалу себебін ашып, оның басты кесапаттарын көрсетуді мақсат етеді. Сондықтан ол қазақтың ұғымына, тыныс – тіршілігіне сай көркемдігі басым, ғибраты мол мысал үлгілерін таңдады.

Ахмет Байтұрсыновтың алдына қойған екінші мақсаты – халықты қоғамдық-әлеуметтік көкейтесті мәселерді танып білуге үндей отырып, азаттықтың ақ жолын аңғарту, бостандыққа ұмтылуға жөн сілтеу.

«Қырық мысал» жинағы үш рет басылып жарық көрді. Алғаш 1909 жылы Петербург қаласында, 1913 жылы Орынборда, 1922 жылы Қазанда басылып шықты. «Қырық мысалдағы» шығармаларды тақырыбы жағынан үлкен екі топқа бөлуге болады. Олардың бір тобы оқу-білімге, адамдық-адалдыққа үндеу, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, адамдық, азаматтық қасиеттерді сақтау, елді ынтымақ-бірлікке шақыруға негізделсе, келесі тобы елдің елдігін сақтау, езгіде қалған елді азаттыққа, бостандық жолында күресуге үндеу болып келеді.

Ел бостандығын аңсаған, оған қол жеткізудің жолын іздеген Ахмет үшін Крылов мысалдарын аудару таптырмас тәсіл еді. Отаршылдық саясаттың озбырлығын сезе тұра, патшалық әкімдердің қанаушылық қаныпезерлігін көре отырып, үндемей қалуды жөн көрмей, өзегіне запыран болып жиналған ащы шындықты қалайда сыртқа шығаруға тырысқан Ахмет Крыловтан өзі екшеген «40 мысалға» жүгінді.

Ахметтің мысалшы ретіндегі ерекшелігінің ең басты қасиеті – төл туынды жасай білгендігінде. А. Байтұрсынов Крылов мысалындағы сюжеттік желіні өз уақытына үйлестіріп, қазақ халқының тағдырындағы ділгір мәселені көтеруге пайдаланып, "негізгі түпнұсқаға ойластырып, көркем ойға ой қосып, суретке сурет қосып, пікірді ұштап" (Р.Нұрғалиев) таза қазақи төл туынды жасаған.

Ақын поэзиясындағы азатшыл рух. Отаршылдық кұрсауындағы ұлтының бостандық алу жолына поэзиясын қару еткен ақын – Ахмет Байтұрсынов. Ол XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінде ұлт-азатшыл бағытты бастаған поэзиясында аударма арқылы насихаттаған ойларын айқындай түсті. Өршіл де төңкерісшіл сарындағы жалынды жырлар туғызды. Сөйтіп, қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттың бастауы іспетті "Маса" жинағы 1911 жылы дүниеге келді. Ол – Ахметтің ақындық атағын кеңінен жайып, өз тұсындағы қазақ ақындарының алдыңғы қатарына шығарған туынды.

А. Байтұрсынов өз өлеңдерінде өнер-білімнің құдіретіне табынуға, олардын қадір-қасиетін атақ пен шен, мансап пен байлық көзіне айналдырмауға үндеп, Абай тағылымын әрі қарай жалғастырды. Абай дәстүрін ұстанған Ахмет өз өлеңдерінде қараңғылық құшағында мүлгіген халқына: "Аш көзінді оянып" деп қозғау салып, ұран көтереді.

А. Байтұрсынов өлеңдеріндегі ағартушылық сипаттың өзіне дейінгі ақындардан өзгешелігі бар. Ол өнер-білімді халықтың санасын оятып, өзгенің езгісіндегі тұрмысының себеп-салдарына көз салдырар бостандыққа ұмтылудың нұрлы сәулесі деп санайды. Бостандық ұғымы бұрынғы поэзияда басты ой нысанасы болып көрінбесе, Ахмет өлеңдерінде ол негізгі тақырып, өлеңге өзек болар ойдың "темір қазығы" іспеттес. Абай, Ыбырай туған халқының тағдырына күйзеліп, өркениетте озық кеткен өзге халықтармен иық тірестіруді, "тіл ұстартып, өнер шашпақтан" іздесе, Ахмет оны бостандық үшін күреспен байланыстырады. Оның өзіне дейінгі саңлақ ақындардан бір қадам ілгері басқандығы да, поэзиясының салмақтылығы мен құдіреті де осында. Ахаңның "Досыма хат", "Жиған-терген", "Анама хат", "Жауға түскен жан сөзі", "Жауап хаттан", т.б. өлендерінің тегеурінді қуаты осы бір ұқтырар ой аңғарында жатыр.

"Маса" жинағына енген өлеңдерден, әсіресе, кейінгі басылымдарына енген өлеңдерінен төңкерісшіл рух, 1905-1907 жылдардағы толқулардан қанаттанған тасқын күштің серпілісі ұшқын шашады.

Ақынның азаматтық поэзиясынан оның өмірлік өзгерістерге белсенді қатынасы көрініс беріп, қоғамдық қайраткерлігін айқындай түседі. Поэзияның саяси-әлеуметтік мәнін арттыра түсуге, жетілдіре түсуге тырысуы содан. Әсіресе, "Қа…қаласына", "Жұртыма", "Ақын ініме", ''Жауап хаттан" тәрізді өлеңдері оның коғамдық қайраткерлік бағдарламасын мейлінше аша түседі. Оларда жеке басқа қатысты күйініш-сүйініштен, қасірет-қайғыдан гөрі, халық қамын жеген азаматтық поэзиясының халықтық сипаты басым жатыр.

Ұлы Абайдан тәлім алып, өлең құдіреті арқылы халыққа ой салып, саналы іс-әрекетке, күреске үндеу – Ахмет поэзиясы әкелген жаңа арна. Сондықтан да қазақ поэзиясында Ахаң салған жаңа бағыт – ұлттық бірлік пен ұлттық азат-тықты жырлау, бостандықтың биігіне алып шығар жолды көрсетіп, жөн сілтеу

Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсынов шығармашылығы XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің даму тарихындағы биік белес болып қала бермек. Ол қазақ әдебиетіндегі нағыз ұлт-азатшыл поэзияның негізін қалап, қазақ поэзиясына азаттыққа ұмтылған азаматтық жыр үлгісін алып келді.

Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:

1. А. Байтұрсыновтың шығармашылық ғұмырнамасы

2. «Қазақ» газетінің қазақ әдебиетін дамытудағы атқарған қызметі.

3. "Қырық мысал" жинағындағы аудармалардың төл туындылық сипаты.

4. Ахмет Байтұрсыновтың "Маса" жинағындағы идеялық-көркемдік ізденістер.

5. Ахмет Байтұрсыновтың қазақ руханиятындағы орны.

Реферат тақырыптары:

1. А. Байтұрсынов және қазақ әдебиетіндегі ұлт-азатшыл бағыт.

2. А.Байтұрсыновтың тәржімашылдық қызметі.

3. А.Байтұрсыновтың ақындық ерекшелігі.

4. А.Байтұрсынов – әдебиет зерттеушісі.

5. А. Байтұрсынов шығармашылығының зерттелуі

СӨЖ тақырыптары:

1. А. Байтұрсынов шығармашылығының басты тақырыптары.

2. Ақын өлеңдеріндегі идеялық-көркемдік ізденістер.

3. Ақын аудармасындағы азаматтық сарын.

4. «Әдебиеттанытқыш» – әдебиеттанудың негізін қалаған кітап.

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі. Электронды оқу құралы

Подняться наверх