Читать книгу Еуропa жəне Aмерикa елдерiнiң қaзiргi зaмaн тaрихы (семинaр сaбaқтaры бойыншa əдістемелік кеңестер) - Гүлжауһар Көкебaевa - Страница 1

АЛҒЫ СӨЗ

Оглавление

Қазіргі заман тарихы адамзат тарихындағы аса бір күрделі және түбірлі өзгерістерге толы кезең екені белгілі. Қазіргі заман кезеңінде оқиғалардың тығыздығы күшейеді және уақыттың жылдамдығы артады, бұл кезеңде бір ғана ғасыр ішінде адамзат қоғамы түбірлі жаңаруды басынан кешіреді. Индустриалдық қоғамның адамы үнемі асығады, өйткені табысты ұлғайту оның қаншалықты жылдам шешім қабылдауына, жаңа жетістіктерді өндіріске дереу енгізуіне қатысты болады.

Қазіргі заман тарихының мазмұны мен негізгі белгілерін мынадай салалар бойынша сипаттау қажет: 1) рухани даму; 2) саяси даму; 3) экономикалық даму; 4) халықаралық қатынастар; 5) отарлық жүйенің дамуы. Адамзат қоғамы тарихының рухани дамудан басқа аталған салаларының барлығында болған өзгерістерді екі кезеңмен сипаттауға болады: бірінші кезең – ХХ ғ. басынан 1945 жылға дейін; екінші кезең – екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуынан бүгінгі күнге дейін. Ал адамзат қоғамының аталған кезеңдегі рухани дамуын талдау мәселесіне қатысты алғанда ХХ ғ. бірінші жартысы тұтастай алынады.

Қазіргі заман тарихы – бұл қазіргі заманғы өркениеттің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени-рухани негіздерінің қалыптасу дәуірі. Бұл кезеңде еуропалық индустриалдық өркениеттің дағдарысы және постиндустриалдық даму сатысына өту үдерісі іске асты. Бұл үдерістің іске асуы құрылымдық экономикалық дағдарыстар, мемлекеттік реттеу жүйесінің қалыптасуы, ғылыми-техникалық революция, жаңа саяси идеологиялардың (фашизм, большевизм) және дәстүрлі саяси ағымдардың жаңартылған нұсқаларының (неолиберализм, неоконсерватизм) шығуы сияқты факторлармен анықталады. Марксизмнің жіктелуі нәтижесінде пайда болған социал-демократия қазіргі заманда көптеген дамыған елдерде саяси ағым және идеология ретінде берік орнықты. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдік саяси кеңістікте түбірлі сапалы өзгерістер басталды, индустриалдық қоғамның саяси, экономикалық және рухани дамуында жаңа сипат пайда болды, либералдық демократияға альтернатива ретінде тоталитарлық қоғам негіздері қалыптасты. Индустриалдық өркениеттің дағдарысы тереңдеген кезде модернизациялау кеш басталған елдерде дамудың альтернативтік жолдарын іздеу процесі басталды, бұл социалистік қоғамның пайда болуына әкелді. Социалистік жүйе құрылды, алайда оның кеңестік үлгісінің өмірге бейімсіздігі және қоғамдық дамудың дербес үлгісі ретінде өмір сүруден қалып, ыдырауы. Батыстың озық елдерінің постиндустриалдық даму сатысына өтуімен қатар халықаралық қатынастар жүйесінде сапалы өзгерістер басталды: әлемнің екі полюсті жүйесінен көпполюсті жүйеге өту үдерісі іске асты.

* * *

Семинар сабақтары – оқу үдерісінің маңызды түрі, ол студенттердің белсенділігін арттырады және қазіргі заман тарихының күрделі мәселелерін тереңдетіп оқытуға мүмкіндік береді. Семинар пәннің айрықша кең талдауды қажет ететін іргелі де өзекті мәселелері бойынша өткізіледі. Ұсынылып отырған оқуәдістемелік құралда «Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы» пәні бойынша өтілетін семинар сабақтарына дайындалу, семинар тақырыптарының күрделі, өзекті мәселелерін бөліп алу және олардың мән-мағынасын түсінуге мүмкіндік беретін әдістемелік кеңестер, семинар жұмысының құрамын анықтайтын, керекті материалдарды табуға көмектесетін нұсқаулар берілген. Оқу-әдістемелік құралда берілген деректерден үзінділер студенттердің берілген мәселені құжаттар негізінде талдауға дағдыландырады, ал қосымша әдістемелік материалдар оларға тақырыптың маңызды мәселелері туралы алған білімдерін жинақтап, қорытуға көмектеседі.

Еуропa жəне Aмерикa елдерiнiң қaзiргi зaмaн тaрихы (семинaр сaбaқтaры бойыншa əдістемелік кеңестер)

Подняться наверх