Читать книгу Еуропa жəне Aмерикa елдерiнiң қaзiргi зaмaн тaрихы (семинaр сaбaқтaры бойыншa əдістемелік кеңестер) - Гүлжауһар Көкебaевa - Страница 3

I бөлім
ЕУРОПА ЖӘНЕ АМЕРИКА ЕЛДЕРІНІҢ 1918-1945 Ж. ДАМУЫ
2- семинар
Соғыстан кейінгі реттеу мәселелері.Версаль-Вашингтон жүйесі

Оглавление

Талдауға ұсынылатын мәселелер:

1. Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы. Компьен уақытша бітімі.

2. Париж бітім конференциясы. Соғыстан кейінгі реттеу жоспарлары.

3. Ұлттар Лигасының құрылуы. Мандаттық жүйе.

4. Германиямен бітімшартының жобасын талқылау.

5. Версаль бітімшарты.

6. Антанта мен Германияның одақтастары арасындағы бітімшарттары.

7. Вашингтон конференциясында қабылданған «Төрттік келісім» және «Бестік келісім».

8. Қытай мәселесі және «Тоғыз держава келісімі».

9. ХХ ғ. бірінші жартысындағы халықаралық қатынастардың дамуындағы Версаль-Вашингтон жүйесінің рөлі.

Деректер мен әдебиеттер:

1. Архив полковника Хауза. Т. 4. – М., 1944.

2. Аршинцева О.А. Обсуждение проблем Лиги Наций в правительстве Д. Ллойд Джорджа в 1916-1918 г. // Актуальные вопросы истории международных отношений. – Барнаул, 1996.

3. Виноградов К.Б. Дэвид Ллойд Джордж. – М., 1970.

4. Германская история в новое и новейшее время. Т. 2. – М., 1972.

5. Гершов З.М. Вудро Вильсон. – М., 1983.

6. Европа в международных отношениях. 1918-1939 г. – М., 1979.

7. Европа между миром и войной. 1918-1939 г. – М., 1992.

8. Илюхина Р.М. Лига Наций. – М., 1982.

9. Индукаева Н.С. От войны к миру. Политика США в германском вопросе в 1919-1921 г. – Томск, 1977.

10. История дипломатии. – Т.3. – М., 1965.

11. Көкебаева Г.К. Халықаралық қатынастар тарихы: хрестоматия. І б. – Алматы, 1997.

12. Көкебаева Г.К. Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы: оқулық. І б.Алматы, 2008.

13. Көкебаева Г.К. Томас Вудро Вильсон – ғалым, саясаткер, Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты // Қазақстан жолы – 2050 және тарих ғылымы: жетістіктері мен болашағы. – Алматы, 2014.

14. Көкебаева Г.К. Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы: хрестоматия. – Алматы: Қазақ университеті, 2014.

15. Көкебаева Г.К. Ұлттар Лигасы және түркі халықтарының тәуелсіздік жолындағы күресі // ҚазҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. – 2015. – № 3.

16. Лан В.И. США. От первой до второй мировой войны. – М., 1976.

17. Ллойд Джордж. Д. Правда о мирных договорах. – М., 1957. – Т.1. – С.69-71;

18. Мир между войнами: сб. док. – М., 1997.

19. Никольсон Г. Как делался мир в 1919 г. – М., 1945.

20. Прицкер Д.П. Жорж Клемансо. – М., 1983.

21. Советская внешняя политика. 1917-1945. Поиски новых подходов. – М., 1992.

22. Советская внешняя политика в ретроспективе. 1917-1991 г. – М., 1993.

23. Трухановский В.Г. Внешняя политика Англии: 1918-1939 г. – М., 1962.

24. Хрестоматия по новейшей истории. Т. 1. – М., 1961.

Әдістемелік нұсқаулар:

Қысқаша анықтама:

1914 жылы 1 тамызда басталған бірінші дүниежүзілік соғыс төрт жыл үш жарым айға созылды. Соғысқа 36 мемлекет қатысты, соғысушы елдердің 10 миллион адамы қаза тапты, 20 миллион адам мүгедек болып қалды. 1918 жылы 2 қарашада Компьен орманында Ретонд станциясында (Франция) Германия мен Антанта арасындағы уақытша бітімшартына қол қойылды. Бұл бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғандығын білдірген ресми акт болды. Енді жеңімпаз мемлекеттер соғыстың қорытындыларын бекітуге, соғыстан кейінгі дүние тәртібін белгілеуге тиісті болды. Осы мақсатпен 1919 жылы 18 қаңтарда Парижде бітім конференциясы шақырылды. Конференция барысында жеңімпаз елдер Германиямен, Австриямен, Болгариямен, Венгриямен және Түркиямен бітімшарттарын жасады. Осы бітімшарттары тұтастай алғанда Версаль бітім жүйесін құрайды.

Версаль бітім жүйесі ірі империалистік державалар арасындағы бұрыннан келе жатқан қайшылықтарды одан әрі тереңдетті және жаңа қайшылықтар туғызды. Екі дүниежүзілік соғыс аралығындағы халықаралық жағдайдың даму барысы осы қайшылықтардың дамуымен анықталды. Сондықтан Версаль бітім жүйесін неғұрлым кең талдап оқу студенттердің ХХ ғасырдың бірінші жартысында адамзат дүниесінің екі рет соғыс апатына ұшырау себептерін солғұрлым тереңірек түсінуіне мүмкіншілік береді.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяғына қарай халықаралық қатынастар жүйесінде елеулі өзерістер болды. Ең қуатты мемлекет – Германия талқандалды, оның есесіне халықаралық аренаға дүниежүзілік үстемдікке ие болу ниетімен АҚШ шықты. Соғысқа ресми түрде 1917 жылы 6 сәуірде кірген АҚШ соғыс қимылдарына тікелей 1918 жылдың мауысымынан бастап қана қатысты. Америка Құрама Штаттарының соғыстағы адам шығынынан Ұлыбританияның шығыны 10 есе көп, Франциянікі – 20 есе көп, ал Ресейдікі – 40 есе көп болды. Соғыс кезінде сыртқы нарыққа ағылшын, француз, неміс тауарларының ағылып келуі тоқтады да, оның есесіне американ тауарларына сұраныс көбейді. Сөйтіп, соғыс жылдарында американ экспорты 3 есе дерлік өсті. Дүниежүзі халқының 6 пайызын құрайтын халқы бар АҚШ 19181920 жылдарда дүниежүзілік темір рудасы өнімінің 55 пайызын, автомобильдердің 85 пайызын, тас көмірдің 52 пайызын, мұнайдың 66 пайызын, құрыштың 66 пайызын, алтынның 22 пайызын өндірді. Соғыс кезінде АҚШ Антанта елдеріне қарыз беріп, байып алды. АҚШ бұрын теңізде үстем болған, дүниежүзілік қаржы және сауда орталығы болған Ұлыбританиямен бәсекелесті. Соғысқа дейін ағылшындардың 20 миллиард доллар шетелдік инвестициясының 4 миллиарды Америка Құрама Штаттарында орналасқан болатын. Ал соғыс жылдарында Англия осы инвестициясынан айырылып қана қойған жоқ, оның үстіне АҚШ-қа 3,7 миллиард доллар қарыздар болып қалды. Антанта елдерінің қаржылық тәуелділігін АҚШ өзінің халықаралық аренадағы позицияларын нығайтуға пайдаланбақшы болды. Алайда бұл мақсатты іске асыруға бөгет болатын жағдайлар баршылық еді. Соғыста әжептәуір шығынға ұшырағанына қарамастан Англия өзінің дүниежүзілік аренадағы мықты позицияларын сақтап қалды. Орасан зор отарлық территория, шет елдерге орналастырылған капитал, ежелден қалыптасқан, бүкіл дүниежүзін қамтыған банктік және сауда жүйесі, ұсақ еуропалық елдермен (Дания, Голландия, Бельгия, Португалия, Испания, т.б.), Азия мен Латын Америкасы елдерімен бұрыннан қалыптасқан экономикалық және саяси байланыстар, халықаралық мәселелерге араласудағы ғасырлар бойы жиналған тәжірибе және дипломатиялық істегі шеберлік – осының бәрі Англияның болашақ бітім конференциясында ең басты қазылардың бірі болатындығының кепілдігі еді. Орасан зор континентальдық армиясы бар және кайзерлік Германияны талқандауда елеулі рөл атқардым деп есептейтін Францияның да еуропалық мәселелерді шешуде негізгі тұтқалардың бірі болудан дәмесі бар еді. Осындай жағдайда басталған Париж бітім конференциясының барысында дау-тартыс көп болды, ал жеңімпаз мемлекеттердің осындай өзара қайшылықтарына орай бүкіл Версаль бітім жүйесі ішкі қайшылықтарға толы, тұрақсыз сипатта болды. Сондықтан да Версаль бітім жүйесі жасалғаннан кейінгі бейбіт өмір ұзаққа созылған жоқ. Демек, студент Версаль жүйесінің ішкі қайшылықтарын айқын түсіне алса, онда дүниежүзілік соғыс аралығындағы халықаралық қатынастардың даму бағдарын дұрыс анықтауға мүмкіншілігі болады.

Қандай деректерді пайдалану қажет? Версаль бітім жүйесін талдап-оқуда пайдаланылатын деректерді екі топқа бөлуге болады: 1. Версаль, Сен-Жермен, Трианон, Нейи, Севр бітімшарттарының мәтіндері; 2. Париж бітім конференциясына қатысқан саяси қайраткерлердің естеліктері. Екінші топқа жататын деректерден орыс тіліне аударылғандары – А. Тардьенің, Г. Никольсонның, Э. Хауздың, Альдрованди-Марескоттидің, Лл. Джордждың, Р.С. Беккердің еңбектері. Бұл еңбектерде әрбір автордың өзіндік субъективтік пікірлері берілетінін ұмытпауымыз керек. Бұл, әсіресе, Париж конференциясында «орыс мәселесін» талқылауға қатысты жағдайда айқын көрінеді. Атап айтқанда, Ллойд Джордж «орыс мәселесіне» байланысты өзінің Париж конференциясы өтіп жатқан кездегі ұстаған принциптерін жұмсақтап, көмескілеп көрсетеді.

Бітімшарттарының жобалары

Бұл тақырыпты түсіндіру Антантаға мүше ірі елдердің әрқайсысының мақсаттарын талдаудан басталады. Бұл жерде оқулықтың бесінші параграфын, сондай-ақ төменде берілген мәліметтерді пайдалана отырып, әрбір елдің мақсаттары мен позициясы көрсетілген сызба-кесте жасауға болады.

Францияның Париж бітім конференциясындағы мақсаты: Германияны барынша әлсірету; орасан зор мөлшерде репарациялар алу (500 млрд алтын марка); Үштік одақ елдерін отарлық иеліктерден айыру; Эльзас пен Лотарингияны қайтарып алу; Германияны бөлшектеу; Германияның әскери қуатын қалпына келтіруге бағытталған кез келген әрекетіне тосқауыл қоя алатын күшті әскер ұстап отыру; Францияның жетекшілігімен Шығыс Еуропа елдерінің одағын құруға тырысу.

Ұлыбританияның мақсаты: Үштік одақ елдерін отарлық иеліктерден айыру; Германияның әскери-теңіздік қуатын жою; Франциямен тең түсе алатын күш ретінде Германияның әскериэкономикалық қуатын сақтау; мемлекеттердің шекарасын этникалық шекаралармен сәйкес анықтау; өзінің әскери-теңіздік қуатының бірінші орында тұруын қамтамасыз ету; Еуропадағы күштердің арасалмағының теңдігін қалпына келтіру; жалпы қарусыздану.

АҚШ-тың мақсаты: жеңілгендердің басқыншылық пиғылдарына жол бермейтін бітімшарттарын жасау; шекараларды ұлттардың өзін өзі билеу және этникалық топтардың мүдделерін қорғау қағидаларына сәйкес белгілеу; басқыншы мемлекеттерге ұжымдық тосқауыл қою ісімен айналысатын халықаралық ұйым құру; жалпы қарусыздану, құпия дипломатиядан бас тарту.

Бітімшарттарының үш жобасы болды: ағылшын жобасы, американ жобасы, француз жобасы.

Американ жобасы «Вильсонньщ 14 пункті» деп аталатын құжатта берілді. Бұл – президенттің конгреске 1918 жылы 8 қаңтарда жіберілген хаты.

Ағылшын жобасы Ллойд Джордждың 1918 жыл 5 қаңтарда тред-юниондар делегаттарының конференциясында сөйлеген сөзінде және оның 1919 жылы 25 наурызда Клемансо мен Вильсонға жіберген «Бітімшарттарының түпкілікті жобасы жасалғанға дейінгі уақыттағы бітім конференциясына қатысты кейбір ескертулер» деп аталған хатында берілді (бұл құжат зерттеулерде «Фонтенблодан жіберілген меморандум» деп аталады).

Француз жобасының мазмұнын 1917 жылы ақпанда Ресей мен Францияарасында жасалған құпия келісімнен білеміз.

Бұл жобаларды талдауды студент мынадай тезиспен іске асыруына болады: а) аталған әрбір құжаттың жасалу жағдайлары; б) әрбір жобаның нақты жағдайларға байланысты орындалу мүмкіншіліктері, бітім мәселесіндегі үш мемлекет арасындағы қайшылықтар.

Жоғарыда аталған құжаттар ішінде ерекше талдауды қажет ететіні – «Вильсонның 14 пункті». АҚШ президенті осы бітім жобасын Кеңестік Ресей құпия келісімшарттарды жариялай бастаған кезде ұсынды. Сондықтан «14 пунктегі» «жария келісімдер», «қаруларды қысқарту», т.б. сөздер Кеңес үкіметінің Бітім туралы Декретіне қарсы қойылған, кеңестік Декреттің беделінің күшейіп, таралып кетуіне қарсы қолданылып отырған қару екенін ескеру қажет.

Полковник Хауз «14 пунктің» мынадай үш мақсаты болды деп көрсетеді: біріншіден, ол «большевиктердің соғыстың мақсаттарын түсіндіруге қатысты талаптарына жауап болды; екіншіден, ол американ үкіметі Гогенцоллерндер монархиясының орнын баса алатын және Германияда революциялық қозғалыстың дамуына жол бермейтін бірден-бір күш деп қарайтын неміс оңшыл социал-демократтарына жолданған үндеу болып табылады; үшіншіден, ол Антанта елдерінің соғыстағы мақсаттарын «либералдық рухта жөндеуді» және осы елдердің АҚШ-тың қатынасуынсыз жасаған құпия келісімдерін американ үкіметі жасаған және АҚШ империалистік топтарының мүдделеріне сай келетін бітіммен ауыстыруды ұсынады.

Ұлттар Лигасының құрылуы

Бұл мәселені талдауда студент басты назарды мынадай сұрақтарға аударуы қажет: халықаралық ұйым құру туралы идея қалай туды, бұл идеяның нақты жоспарға айналуы, Ұлттар лигасының жарғысын жасау, осы ұйымды құрудағы басты державалардың өзіндік мақсаттары қандай болды, жарғыны талқылау барысында қандай дау-айтыс болды. Ең соңында Уставтың мәтінін талдау қажет (Версаль шартының бірінші бөлімі).

«Дүниежүзіне үстемдік ету» құралы ретінде халықаралық ұйым құру туралы идея АҚШ монополистік топтары ойында Антанта мен Үштік одақ арасында қызу соғыс жүріп жатқан кезде-ақ туған еді. Бұл идеялардың жаршысы 1915 жылы құрылған «Бітімге мәжбүр ету лигасы» еді. Вильсонның «14 пунктіндегі» Ұлттар лигасын құру туралы ұсыныс осы идеялардан, осы қозғалыстан туып, пісіп жетілген болатын.

Ұлттар лигасының жарғысын дайындауда екі жоба болды: Филлимор жобасы (Англия) және Буржа жобасы (Франция). Осы екі жобаның мазмұнына талдау жасай келіп, конференцияда түпкілікті жарғы ретінде ағылшын-американ варианты алынғандығын ескеру керек. Версаль шартының бірінші бөлімінде берілген Жарғы мәтінін талдау барысында 22-бабында негізделген мандаттық жүйеге ерекше назар аудару керек. Бұл жүйе отаршылдықтың жаңа формасы болып табылады.

Ұлттар лигасы халықтар арасындағы ынтымақтастықты дамыту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мақсатымен құрылды. Лиганың құрамына кірген елдер өздерінің өкілдерін жыл сайын жиналатын ассамблеяға жіберіп отырады, ассамблея даулы халықаралық мәселелерді шешуде жоғары арбитр болып саналды. Осы міндетті үнемі, тұрақты түрде атқару үшін ассамблеямен қатар кеңес құрылды. Басты бес жеңімпаз мемлекеттердің – АҚШ, Англия, Франция, Италия, Жапонияның өкілдері кеңестің тұрақты мүшелері болды (АҚШ конгресі Версаль бітімшартын бекітпеді және АҚШ-тың Ұлттар лигасына мүше болуына да келісімін берген жоқ). Ұлттар лигасының кеңесі бүкіл шешімдерді бірауыздан қабылдауға тиісті болды. 1920 ж. 10-қаңтарда Ұлттар лигасының жарғысы күшіне енді. 16 қаңтарда Парижде Ұлттар лигасы кеңесінің бірінші отырысы болды, 15 қарашада Женевада ассамблеяның бірінші сессиясы өткізілді. Соғыста жеңілген елдер, сондай-ақ Кеңестік Ресей Ұлттар лигасының құрамына кірген жоқ.

Семинар сабағына дайындалу барысында Ұлттар лигасының басқыншы мемлекетті ауыздықтау мүмкіншілігі туралы мәселеге айрықша назар аудару қажет. Ұлттар лигасының жарғысы басқыншы мемлекетке қарсы ұжымдық санкциялар (дипломатиялық және экономикалық) қолдану мүмкіншілігін қарастырды. Алайда Ұлттар лигасы басқыншыны ауыздықтау үшін қажетті әскери санкция қолдану мүмкіншілігіне ие болған жоқ, өйткені осы ұйымға тікелей бағынатын арнаулы әскер бөлімдері болған жоқ. «Ұлттар лигасының өзі дүниеге тіссіз, қызылиек болып келді, – деп жазды ағылшын тарихшысы Н. Дэвис, – АҚШ соғыстан кейінгі Еуропаны реттеуге қатыспай қойды, Англия өз жайына кетті, Франция Еуропадағы полицей рөлін жалғыз өзі атқарудан жасқанды. Осылайша реттеуден жәбір көргендер Еуропаның соғыстан кейінгі құрылымына күдік білдіру ешқандай жазаға ұшырамайтынын жылдам түсінді».

Ресейдің конференцияға қатысу-қатыспауы туралы мәселе конференцияның ресми түрде ашылуынан үш ай бұрын қойылды. Бұл мәселені талқылау Англия мен Франция арасында ноталар алмасу және ауызша әңгіме түрінде жүргізілді. 1919 жылы 12 қаңтарда 10-дық Кеңес мәжілісінде «орыс мәселесін» талдау басталды. Кеңес Ресей конференцияға шақырылмайды деп шешті. Алайда 13 қаңтардағы мәжілісте бұл мәселе қайта қаралып, Ресейдің конференциядағы өкілдігі туралы мәселені Ресейге қатысты саясат мәселесімен бірге қайта қарау керек деп келісті. Осыдан кейін Париж бітім конференциясында «орыс мәселесін» жалпы талқылау басталды. Бітім конференциясында қандай «орыс мәселесі» талқыланғандығын түсіну үшін 1917 жылғы 23 желтоқсандағы ағылшын-француз келісімінің мазмұнымен, Вильсонның «14 пунктінің» 6-пунктіне берген полковник Хауздың түсініктемесінің мазмұнымен және 1919 жылы 16 қаңтарда 10-дық Кеңес мәжілісінде Ллойд Джордждың сөйлеген сөзімен танысу қажет.

Бұл мәселені мынадай тезистер бойынша талдап-оқу тиімді болады: а) Ресейдің Париж конференциясындағы өкілдігі туралы мәселе; б) «Орыс мәселесі» бойынша конференция барысындағы жалпы дискуссия; в) 10-дық Кеңестің 1919 жылғы 22 қаңтардағы «Орыс саяси топтарына Үндеуі», Принц аралдарына шақыру; г) Буллиттің Кеңестік Ресейге сапары; д) Кеңестік Ресейге интервенция жасау туралы мәселе; е) Экономикалық блокада ұйымдастыру туралы мәселе; ж) Ресей территориясындағы герман әскерлері туралы мәселе.

Париж конференциясында Герман мәселесін талқылау

Герман мәселесін талқылау 10-дық Кеңестің 1919 жылғы ақпанның басындағы мәжілістерінде басталды. Бұл – конференциядағы ең бір шиеленіскен күрес үстінде талқыланған даулы мәселе. Оның үстіне аталған мәселе Германиямен уақытша бітімді жаңа мерзімге ұзарту туралы мәселемен бірге қаралды да, бұл жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберді. Конференцияда басты үш держава – АҚШ, Англия, Францияның арасындағы қайшылықтар герман мәселесіне байланысты өте айқын көрінді. Ең алдымен студент аталған мемлекеттер герман мәселесіне байланысты ұсыныстарды қандай мақсаттардан туды, қандай перспективаларды көздеді деген сұрақты анықтап алуы керек. Америка Құрама Штаттарының мақсат-мүдделерін талдауды Е.И. Попованың (29-39 б.) және Н.С. Индукаеваның (56-114 б.) зерттеулерінен, ал Англия мен Францияның мақсаттары туралы Б.Е. Штейннің ағылшын зерттеушісі Б.М. Джорданның еңбегіне жазған алғы сөзінен табуға болады. Үш ірі державаның әрқайсысының өзіндік мақсаттарын талдау барысында осы мемлекеттердің барлығына ортақ мүдде де болғандығын ескеру керек. Атап айтқанда, олардың бәрі Еуропа елдеріндегі революциялық қозғалыстан қорықты, оны бірігіп басып-жаншуға тырысты. Бұған дәлел ретінде Ллойд Джордждың мына бір сөзін алуға болады: «Біз өзіміздің талап қойғыштығымызбен герман үкіметін құлатуға мүмкіндік береміз, онда бітім жасау туралы сөйлесетін ешкім де қалмайды».

Репарациялар туралы мәселені Версаль бітімшарты нақты шешкен жоқ, тек қана оның төлену принципін анықтады. Репарациялардың жалпы сомасы 132 млд алтын марка болатынын арнаулы комиссия 1921 жылы ғана бекітті. Бұл соманың 52 пайызын Франция, 22 пайызын Ұлыбритания, 0 пайызын Италия, 8 пайызын Бельгия алатын болды.

Герман мәселесі конференцияда қалай талқыланғандығын, ондағы әрбір елдің позицияларын дұрыс түсіну үшін мынадай қарапайым схема құруды ұсынуға болады:


Версаль бітімшарты

1919 жылы 28 маусымда Германия мен одақтастар арасында бітімшартына қол қойылды. Қол қою рәсімі Үлкен Версаль сарайында өткізілді, сондықтан бұл шарт тарихқа Версаль шарты деген атпен енді. Версаль шарты 440 статьядан құралды, олар 15 бөлімге топтастырылды. Версаль шартының мазмұнына талдау жасауды мынадай тезиспен іске асыру тиімді:

1. Территориялық мәселелер және Германияның шекараларын белгілеу.

2. Германияға қойылатын әскери шектеулілік талаптары.

3. Германиядан алынатын репарациялық төлемдер мәселесі.

4. Еуропада халықаралық пайдалануға берілетін өзендерді белгілеу.

Версаль шарты 1920 жылы қаңтарда күшіне енді. АҚШ сенаты Версаль шартын екі рет талқылап, ақыры қабылдамай тастады. 1921 жылы тамызда АҚШ пен Германия арасында сепараттық келісім жасалды.

Сен-Жермен, Трианон, Нейи және Севр шарттары

Париж конференциясында Австриямен, Венгриямен және Болгариямен бітімшарттарын жасау басты төрт держава арасындағы шиеленіскен күрес жағдайында жүрді. Оның үстіне бұрынғы Австро-Венгрия империясы ыдыраған соң пайда болған ұсақ мемлекеттердің арасындағы шекаралардың анық болмауы да үлкен айтыс туғызды. Соның нәтижесінде осы мемлекеттердің жоғарыда аталған бітімшарттарында белгіленген жасанды шекаралары кейіннен үнемі қақтығыстардың туып отыруына негіз болды.

Австриямен бітімшартына 1919 жылы 10 қыркүйекте Париж түбіндегі Сен-Жермен-ан-Лэ деген жерде, ал Болгариямен бітімшартына 1919 жылы 24 қарашада Нейи-сюр-Сенде қол қойылды.

Венгриямен бітімшартын жасау Венгрияда Советтік республика орнауына байланысты кейінге қалдырылды. Конференцияға қатысушылар ең алдымен Венгрия Советтік Республикасын тұншықтыру керек деп шешті. 1919 жылы 1 тамызда интервенттер мен ішкі контрреволюция бірігіп, Венгриядағы совет өкіметін құлатты. 1920 жылы 4 маусымда Үлкен Трианон залында Хорти үкіметі бітімшартына қол қойды.

Конференцияда бұрынғы Осман империясының иеліктерін бөлісу іске асырылды. Бұл мәселені негізінен «Үлкен үштік» (В. Вильсон, Лл. Джордж, Ж. Клемансо) іске асырды.

Италияның да бұл иеліктерге белгілі бір мүдделері болған еді, бірақ ірі державалар мүлде елемей қойды. 1920 жылы 10 тамызда Париж түбінде Севр деген жерде Түркиямен бітімшартына қол қойылды.

Версаль бітім жүйесінің сипаты және ішкі қайшылықтары

Жоғарыда аталған барлық бітімшарттары бірігіп, Версаль бітім жүйесін құрайды. Версаль бітім жүйесі бірінші дүниежүзілік соғыстың нәтижелерін қорытындылады, бірақ сол соғысты тудырған империалистік қайшылықтарды жойған жоқ, оның үстіне жаңа қайшылықтар туғызды. Париж конференциясы жүріп жатқан кезде-ақ жеңімпаз державалар арасында терең қайшылықтар бар екенін, олардың ортақ тіл табуы оңайға түспейтінін В.И. Ленин атап көрсеткен болатын. Версаль бітім жүйесі антисоветтік, антидемократиялық сипатта болды. Ол миллиондаған адамдарды отарлық құлдықта ұстау жүйесін заңдандырды. Версаль бітім жүйесі өзінің осындай ішкі қайшылықтарына орай тұрақсыз сипатта болды, мұның өзі көп ұзамай-ақ бітім жүйесінің бұзылуына әкелді.

Вашингтон конференциясы

Вашингтон конференциясы әскери-теңіз қаруларын шектеу және Қиыр Шығыспен Тынық мұхиты аймағындағы қатынастарды реттеу мақсатымен шақырылды. Конференция жұмысы үш негізгі келісімдерге қол қоюмен аяқталды. «Төрт мемлекет келісімі» (Англия, АҚШ, Франция, Жапония) оған қол қойған мемлекеттердің Тынық мұхиты аймағындағы аралдық иеліктерінің ешкімнің қол сұқпайтынына кепілдік берді. «Бес мемлекет келісімі» (Англия, АҚШ, Франция, Жапония, Италия) су сыйымдылығы 35 мың тоннадан асатын әскери кемелер жасауға тыйым салды және осы мемлекеттердің әскери-теңіз флотының (линкорлар бойынша) арасалмағын 5:5:3:1,75:1,75 ретімен белгіледі. Бұл американ дипломатиясының үлкен табысы болды. АҚШ американ теңіз қаруларының ең ірі кемелер категориясы бойынша «теңіз билеушісі» Англиямен теңесуіне қол жеткізді. Англия

АҚШ-тың теңдігін мойындауға мәжбүр болды, ал АҚШ үшін бұл ыңғайлы еді, өйткені Панама мойнағынан су сыйымдылығы 35 мың тоннадан асатын кемелер өте алмайтын-ды. «Тоғыз мемлекет келісімі» Вашингтон конференциясына қатысушы елдерді Қытайдың егемендігін, тәуелсіздігін және территориялық тұтастығына қол сұғылмайтындығын құрметтеуге шақырды. Келісім барлық ұлттарды Қытайдың жерінде сауда жасауда және өнеркәсіпті дамытуда «ашық есіктер» және «тең мүмкіндіктер» қағидаларын ұстауға міндеттеді. Бұл басты капиталистік елдердің Қытайды бұрынғысынша «ықпал аймақтарына» бөлуден бас тартқанын көрсетті. Алайда келісім ірі мемлекеттердің бұл елмен бұрынырақта жасаған тең емес келісімдерін жойған жоқ. АҚШ Жапонияның Шаньдун түбегін басып алудан бас тартуын және оны Қытайға қайтаруын талап етті, мұның өзі Версаль шартын қайта қарау болар еді.

ХХғ. бірінші жартысындағы халықаралық қатынастардың дамуындағы Версаль-Вашингтон жүйесінің маңызы

Версаль-Вашингтон жүйесі халықаралық қатынастардың көптеген мәселелерін шешкен жоқ. Шығыс және Орталық Еуропада барлық мемлекеттердің бір-біріне территориялық талаптары болды. Мемлекеттердің шекаралас аймақтарында бір этностың өкілдері тұрды, бұл ұлтшылдық пен реваншистік пиғылдарды күшейтті. Германия Версаль бітімшартының нұсқауларына көнуге мәжбүр болды. Жеңімпаз мемлекеттердің қатарындағы Италия мен Жапония да осы жүйедегі өздеріне белгіленген орынға риза болған жоқ, осылайша оларда да басқыншылық пиғылдар қалыптаса бастады. Версаль шартын бекітпеген АҚШ әлемде Ұлыбританияның беделінің күшейгенін ұната қойған жоқ. КСРО да Версаль жүйесіне қарсы болды. Осылайша Версаль-Вашингтон жүйесі тек қана Ұлыбритания, Франция және Еуропаның кіші елдерін қанағаттандырды.

Версаль-Вашингтон жүйесінің тарихи маңызын, жағымдыжағымсыз жақтарын түсіну үшін Париж және Вашингтон конференцияларының халықтардың өзін-өзі билеу құқығын бекітуі, қақтығыстарды шешудің құралы ретінде соғысты қолданудан бас тарту, бірқатар еуропалық халықтардың тәуелсіздігінің мойындалуы сияқты шешімдерге айрықша назар аудару қажет.

Семинарда пайдаланылатын деректер:

АҚШ президенті В. Вильсонның бітімшарттары туралы «он төрт тармағы»

1918 жылдың 8 қаңтары

Біздің бағдарламамыз баршаға ортақ бейбітшілік бағдарламасы болып табылады. Бұл бағдарлама, жалғыз ғана мүмкін бағдарлама, мынадай:

1. Ашық талқыланған, жария бітімшарттары, олардан кейін қандай түрде де құпия халықаралық келісімдер болмайды, ал дипломатия үнемі ешбір қалтқысыз және барлығының көз алдында әрекет жасайтын болады.

2. Халықаралық келісімдерді орындау үшін кейбір теңіздердің бір бөлігі немесе түгелдей халықаралық ретпен жабылған жағдайдан басқа, бейбіт уақытта да, соғыс кезінде де территориялық сулардан тысқары теңіздерде кеме қатынасының шексіз еркіндігі.

3. Барлық экономикалық кедергілерді мүмкіндігінше жою, бейбітшілікті қолдайтын және сол үшін өз күштерін біріктіретін барлық ұлттардың саудасы үшін бірдей тең жағдайлар жасау.

4. Ұлттық қару-жарақтың мемлекеттік қауіпсіздікке сай келетін ең төменгі шекке дейін қысқартылатындығына әділетті кепілдіктер.

5. Барлық отарлық дауларды еркін, шын жүректен және мүлде алаламай шешу, ал егемендікке қатысты барлық мәселелерді шешуде халықтың мүдделі құқығы анықталуға тиісті, ол сол үкіметтің әділетті талаптарымен салыстырғанда бірдей салмаққа ие болуға тиісті деген қағидаға негізделеді.

6. Орыс территорияларын босату және Ресейге қатысты барлық мәселелерді оған өзіндік саяси даму мен ұлттық саясатына қатысты тәуелсіз шешім қабылдауға толық және бөгетсіз мүмкіндік алу ісінде басқа ұлттардың тарапынан толық және еркін қолдауға және оның өзі таңдаған басқару бейнесімен еркін ұлттар қауымдастығына жарқын жүзбен қабылдауды қамтамасыз етуге кепілдік беретін түрде шешу. Қабылдаудан басқа, ол не нәрсені қажетсінеді, нені қалайды, соның бәрін мейлінше қолдау. Ресейге ұлттар, оның бауырлары тарапынан алдағы уақыттағы қатынас олардың ізгі сезімдерінің, оның мұқтаждықтарын түсінуінің және оларды өз мүдделерінен бөле білуі нің, сондай-ақ олардың даналығының және ілтипатының риясыздығының берік іргетасы болады.

7. Бельгия оның басқа барлық еркін ұлттармен тең түрде пайдаланатын егемендігін шектеуге талаптану әрекетінсіз босатылуға және қалпына келтірілуге тиісті. Басқа ешқандай әрекет халықтардың арасында олардың өздері белгілеген және өзара қатынастарының жетекшілігі ретінде анықталған заңдарға деген сенімін қалпына келтіруге бұдан артық қызмет жасай алмайды. Осы сауықтырушы әрекетсіз халықаралық құқықтың жасалуы мен бүкіл әрекеті мүлде жеңіліске ұшырайды.

8. Бүкіл француз территориясы босатылуға және басып алынған бөліктері қайтарылуға тиісті, ал Пруссияның ЭльзасЛотарингияға қатысты Францияға 1871 жылы жасаған, баршаға ортақ бейбітшілікті 50 жыл бойына бұзып келген зұлымдығы бейбіт қатынастарды баршаның мүддесіне орай қайта қалпына келтіру үшін түзетілуге тиісті.

9. Италияның шекараларын түзету айырмашылығы айқын көрінетін ұлттық шекаралар негізінде жүргізілуге тиісті.

10. Ұлттар лигасындағы орны сақталғанын және қамтамасыз етілгенін көргіміз келетін Австро-Венгрияның халықтары автономиялық дамудың барынша кең мүмкіндіктерін алуға тиісті.

11. Румыния, Сербия және Черногория босатылуға және басып алынған территориялар қайтарылуға тиісті. Сербияға теңізге еркін және сенімді шығу жолы ашылуға тиісті.

Әртүрлі Балкан мемлекеттерінің өзара қатынастары достық жолмен тарихи белгіленген ұлттық және тарихи қатыстылық қағидасына сәйкес анықталуға тиісті. Әртүрлі Балкан мемлекеттерінің территориялық тұтастығы мен экономикалық тәуелсіздігіне халықаралық кепілдіктер белгіленуге тиісті.

12. Оттоман империясының түріктік бөліктері, оның қазіргі құрамында қамтамасыз етілген берік егемендік алуға тиісті, бірақ қазір түріктердің билігінде отырған басқа ұлттар өмір сүрудің нақты кепілдіктерін және автономиялық дамудың мүлде бұзылмайтын шарттарын алуға тиісті. Дарданелл барлық ұлттардың саудасына және кемелердің халықаралық кепілдіктермен еркін өтуіне үнемі ашық болуға тиісті.

13. Тәуелсіз Польша мемлекеті құрылуға тиісті, оған күмәнсіз поляк халқы тұратын территориялардың барлығы кіруге тиісті, оған теңізге еркін және сенімді шығу жолы қамтамасыз етілуге тиісті, ал оның саяси және экономикалық тәуелсіздігіне, сондай-ақ территориялық тұтастығына халықаралық келісіммен кепілдік берілуге тиісті.

14. Ірі және ұсақ мемлекеттердің саяси тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына өзара кепілдемелер жасау мақсатымен айрықша статустар негізінде ұлттардың жалпы бірлестігі құрылуға тиісті.

Международная политика новейшего времени в договорах, нотах и декларациях. Ч. 2. – М., 1926. – С. 108-110.

Германияның Америка Құрама Штаттарына бейбіт келіссөздерді бастау туралы ұсыныс жасаған нотасы

1918 жылдың 3 қазаны

Германия үкіметі Америка Құрама Штаттарының президентінен бейбітшілік орнатуды өз қолына алуды, осы өтініш туралы барлық соғысушы мемлекеттерге хабарлауды және оларды келіссөздер бастау мақсатымен өкілдер жіберуге шақыруды өтінеді. Ол Америка Құрама Штаттарының президенті 1918 жылдың 8 қаңтарында конгреске жіберген жолдамасында және кейінгі мәлімдемелерінде көрсетілген бағдарламаны бейбіт келіссөздердің негізі ретінде қабылдайды. Алдағы уақытта қантөгісті болдырмау үшін герман үкіметі жедел түрде құрғақта, суда және әуеде жалпыға бірдей уақытша бітім жасауды өтінеді.

Международная политика новейшего времени в договорах, нотах и декларациях. Ч. 2. – М., 1926. – С. 178.

Одақтастар мен Германияның арасындағы Компьенде жасалған уақытша бітімшарты

1918 жылдың 11 қарашасы

1- бап. Уақытша бітім жасалғаннан кейін 6 сағат ішінде құрғақта және әуеде соғыс қимылдарын тоқтату.

2- бап. Басып алынған елдерді – Бельгияны, Францияны, Люксембургты, сонымен қатар Эльзас-Лотарингияны 15 күннің ішінде дереу босату… .

3- бап. Жоғарыда көрсетілген облыстардың барлық тұрғындарын, сонымен қоса аманатқа алынғандарды қайтару.

4- бап. Герман әскерінен мынадай әскери жабдықтар алынады: Уступка Герман әскерінің 5 мың зеңбірек, 25 мың пулемет, 3 мың миномет және 1700 ұшақтар сияқты әскери құралжабдықтарды беруі… .

5- бап. Рейннің сол жағалауындағы жерлерден герман әскерлерінің әкетілуі… .

Құрама Штаттар бұл жерлерге Рейндегі басты өткелдерді (Майнц, Кобленц и Кельн) көпір жанындағы бекіністерімен қоса оң жағалаудағы 30 шақырым мөлшеріндегі ауданды алып тұрған әскерлерді орналастырады… .

7- бап. Көлік, байланыс және су жолы құрал-жабдықтарын бүлдіруге тыйым салу. Одақтастарға 5 мың паровоз, 150 мың вагон және 5 мың жүк машинасын беру… .

10-бап. Одақтастар мен Құрама Штаттардың әскерлеріне жататын барлық соғыс тұтқындарын айыпталғандар мен тексеруде отырғандарды қоса өзара міндеттемесіз дереу қайтару… .

12-бап. Соғысқа дейін Австро-Венгрияның, Румынияның және Түркияның бір бөлігі болған жерлерде тұрған барлық герман әскерлері дереу Германияның жеріне қайтуға тиісті.

Сондай-ақ соғысқа дейін Ресейдің иелігі болған жерлерде тұрған барлық герман әскерлері осы жерлердің ішкі жағдайын ескере отырып, одақтастар уақыты келді деп есептеген кезде дереу Германияның жеріне қайтуға тиісті.

22-бап. Бүгінгі күні әрекет етуші барлық сүңгуір қайықтар (крейсерлер мен мина тасығыштарды қоса) өздерінің қаруларымен және жабдықтарымен тұтастай одақтастар мен Құрама Штаттардың көрсеткен порттарында оларға берілуге тиісті… .

23-бап. Одақтастар мен Құрама Штаттар көрсеткен барлық герман кемелері дереу қарусыздандырылады… .

34-бап. Уақытша бітімнің ұзақтығы ұзарту құқығымен 36 күнге белгіленеді. Осы мерзім ішінде оның шарттары орындалмаса, келісуші жақтардың бірі 48 сағат бұрын хабарлай отырып, келісімнің күшін жоюы мүмкін… .

Международная политика новейшего времени в договорах, нотах и декларациях. Ч. 2. – М., 1926. – С. 194-197.

Версаль бітімшарты (үзінді)

1919 жыпдың 28 маусымы

1- бөлім

Ұлттар лигасының статусы

1- бап. Барлық мемлекеттер, доминиондар немесе отарлар, егер жиналыстың үштен екісі оларды қабылдауды қолдаса, онда лигаға мүше бола алады, өйткені олар халықаралық міндеттемелерін бұлжытпауға шын ниетпен дайындығына кепілдеме береді және олардың әскери, теңіз және әуе күштері мен қару-жарағына қатысты лига белгілеген қағидаларды қабылдайды.

Лиганың кез келген мүшесі алдын ала екі жыл бұрын ескерту жасағаннан кейін, егер бұл кезде өзінің барлық халықаралық міндеттемелерін, соның ішінде осы статус бойынша міндеттемелерін де орындаған болса, онда лигадан шыға алады.

2- бап. Осы статуста белгіленгендей лиганың қызметін Жиналыс пен Кеңес іске асырады, олардың жанында тұрақты Хатшылық болады.

3- бап. Жиналыс Лига мүшелерінің өкілдерінен құралады.

Ол белгіленген уақытта және жағдайлар талап еткен кез кел-

ген басқа сәтте лиганың тұрағында немесе белгіленуі мүмкін осындай басқа жерде шақырылады.

Жиналыс лига қызметі шегіне кіретін немесе баршаға ортақ бейбітшілікке қатысты барлық мәселелерді қарайды.

Лиганың әрбір мүшесінің жиналыстағы өкілдер саны үштен аспауы керек, ал дауысы біреу ғана болады.

4- бап. Кеңес Басты Одақтас және Бірлескен мемлекеттердің Өкілдерінен, сонымен қатар лиганың басқа төрт мүшесінің өкілдерінен құралады. Лиганың осы төрт мүшесін жиналыс өзі қалаған мерзімге тағайындайды… .

5- бап. Анық қарама-қарсы қарарлар болмағандықтан, осы статусты немесе осы шарттың қағидаларын, жиналыс пен кеңестің шешімдерін жиналысқа қатысып отырған лига мүшелері бірауыздан қабылдайды… .

7- бап. Лиганың тұрағы ретінде Женева белгіленеді.

Кеңес кез келген сәтте оны басқа жерде белгілей алады… .

8- бап. Лига мүшелері бейбітшілікті сақтау ұлттық қаружарақты ұлттық қауіпсіздікке және бірлескен әрекет қоятын халықаралық міндеттемелерді орындауға сәйкес мейлінше аз мөлшерге дейін шектеуді талап ететінін мойындайды… .

9- бап. 1, 8-баптардың қаулыларының орындалуы туралы және жалпы түрде, әскери, теңіз бен әуе мәселелері туралы өзінің қорытындыларын кеңеске беріп тұру үшін тұрқты комиссия құрылатын болады.

10- бап. Лига мүшелері лиганың барлық мүшелерінің территориясының біртұтастығын және қалыптасқан саяси тәуелсіздігін кұрметтеуге және кез келген сыртқы шабуылдан қорғауға міндеттенеді… .

11- бап. Кез келген соғыс немесе соғыс қаупі ол лиганың мүшелерінің біреуіне тікелей қатысы бар әлде жоқ екендігіне қарамастан, бүкіл лиганың назарын аударады және ұлттар әлемін нақты қорғай алатын шаралар қабылдауға міндетті деп айқын түрде жарияланады. Мұндай жағдайда Бас хатшы лиганың кез келген мүшесінің талабымен дереу кеңесті шақырады… .

12- бап. Лиганың барлық мүшелері, егер олардың арасында араздыққа апаратын дау шыға қалса, онда оны дауласушы жақтар сайлаған соттың талқылауына немесе кеңестің қарауына беруге келіседі. Олар ешқандай жағдайда дауласқан жақтар сайлаған соттың шешімінен немесе кеңестің баяндамасынан кейін үш айлық мерзім өткенше соғыс ашпауға келіседі… .

14- бап. Кеңеске халықаралық соттың тұрақты палатасынның жобасын жасау және лига мүшелерін онымен таныстыру тапсырылады. Бұл палата оған жақтар берген барлық халықаралық сипаттағы даулармен айналысатын болады.

15- бап. Егер лига мүшелері арасында айырылысуға әкелу мүмкін дау шықса және осы дау 13-бапта қарастырылған дауласушы жақтар құрған сот талдауына салынбайтын болса, онда лига мүшелері оны кеңеске таныстыруға келіседі. Бұл үшін, олардың біреуі Бас хатшыға осы дауды нұсқаса жеткілікті, ал ол толық тексеру мен қарастыру үшін барлық шараларды қабылдайды… .

16- бап. Егер лига мүшесі 12, 13 немесе 15-баптарда қабылданған міндеттемелерге қарамай, соғысқа жүгінетін болса, онда ол ірзо Іасіо лиганың бүкіл басқа мүшелеріне қарсы соғыс ашты деп қарастырылады. Соңғылар онымен барлық сауда және финанстық қатынастарын дереу үзуге және өз азаматтары мен статусты бұзған мемлекеттің азаматтары арасындағы барлық қатынастарға тыйым салуға және де осы мемлекеттің азаматтары мен басқа кез келген мемлекеттің, лига мүшесі ме, жоқ па бәрібір, азаматтарының арасындағы финанстық, саудалық және жеке қатынастарды тоқтатуға міндеттеледі… .

Статустан шығатын міндеттемелердің біреуін бұзып айыпты болған кез келген мүше лигадан шығарылып тасталуы мүмкін. Шығаруды лиганың кеңеске кірген басқа барлық мүшелерінің дауысы шешеді.

17- бап. Біреуі ғана лига мүшесі болатын немесе екеуінің бірі де оған кірмейтін екі мемлекеттің арасында дау шыққан жағдайда, лигадан тысқары мемлекет немесе мемлекеттер дауды реттеу мақсатымен оның мүшелеріне қойылатын міндеттемелерге кеңес әділетті деп таныған шарттармен бағынуға шақырылады… .

Егер шақырылған мемлекет дауды реттеу мақсатында өзіне лига мүшесінің міндеттемесін қабылдаудан бас тартып, лига мүшесіне қарсы соғысқа жүгінсе, онда оған 6-баптың қаулылары қолданылады.

Егер шақырылған жақтардың екеуі де дауды реттеу мақсатында өзіне лига мүшесінің міндеттерін қабылдаудан бас тартса, онда кеңес жаулық әрекеттерді болдырмайтын және қақтығысты шешуге әкелетін барлық шараларды қолдана алады және әртүрлі ұсыныстар жасай алады.

18- бап. Лига мүшелері болашақта жасайтын барлық халықаралық келісімшарттарды немесе халықаралық міндеттемелерді хатшылық дереу тіркеуге және мүмкіндігінше жылдам жариялауға тиісті. Бұл халықаралық келісімшарттардың немесе міндеттемелердің ешқайсысы, тіркелмей тұрғанда, сөзсіз міндетті болмайды.

20-бап. …Егер өзі лигаға кіргенге дейін мүше өзіне Статустың шарттарымен сыйыспайтын міндеттемелер алған болса, онда ол өзін осы міндеттемелерден босатуға шұғыл шаралар қабылдауға тиісті.

22-бап. Бұрын билеп келген мемлекеттердің егеменді билігінен соғыс нәтижесінде шығып кеткен және қазіргі дүниенің қиын жағдайында өзін-өзі билей алмайтын халықтар тұратын жерлер мен отарларға қатысты алғанда мынадай қағидалар қолданылады. Бұл халықтардың игілігі мен дамуы өркениеттің қасиетті борышын құрайды, демек, бұл борыштың орындалу кепілдіктерін осы статусқа кіргізу қажет.

Бұл қағиданы іс жүзіне асырудың ең жақсы әдісі – бұл халықтарға қамқорлық жасауда өзінің тәжірибесі және географиялық орналасуы жағынан басқаларға қарағанда өзіне осы жауапкершілікті алуға мүмкіншілігі бар және оны алуға келісіп отырған алдыңғы қатарлы ұлттарға сенім білдіру; олар бұл қамқорлықты Мандатарийлер ретінде және лига атынан іске асырар еді. Мандаттың сипаты халықтың даму дәрежесіне, территорияның географиялық жағдайына, оның экономикалық жағдайлары мен басқа әртүрлі осыған ұқсас жағдайларға орай өзгешеленуге тиісті…

25-бап. Лига мүшелері лайықты рұқсатын алған, денсаулықты жақ-сарту, аурулармен алдын ала күресу және өмірдегі қасіреттерді жеңілдету міндетін иеленген Қызыл Крестің ерікті ұлттық ұйымдарының құрылуын және ынтымақтасуын көтермелеуге және жеңілдетуге міндеттенеді.

2- бөлім

Германияның шекаралары

27-бап. Германияның шекаралары мынадай түрде анықталатын болды:

1° Бельгиямен:

Үш шекараның – Бельгияның, Нидерландияның және Германияның ортақ пунктінен және оңтүстікке қарай:

Бейтарап Морэнэнің бұрынғы территориясының солтүстік шығыс шекарасы, одан кейін Эйпен аймағының шығыс шекарасы одан кейін Бельгия мен Монжуа аймағының арасындағы шекара, одан кейін Мальмеди аймағының солтүстік шығыс және шығыс шекарасы оның Люксембургпен қиылысқан пунктіне дейін:

2° Люксембургпен:

1914 жылдың 3 тамызына қарайы шекара және оның Францияның 1870 жылғы 18-шілдеге қарайғы шекарасымен қиылысуына дейін.

3° Франциямен:

ІІІ бөлімнің IV бөлімшесінің 48-бабының (Саар Аңғары) қаулыларын сақтай отырып, 1870 жылдың 14 шілдесіне қарайғы шекара Люксембургтан Швейцарияға дейін.

4° Швейцариямен:

Қалыптасқан шекара.

5° Австриямен:

Төменде анықталған 1914 жылдың 3 тамызына қарайғы шекара Швейцариядан Чехословакияға дейін.

6° Чехословакиямен:

Германия мен Австрия арасындағы 1914 жылдың 3 тамызына қарайғы шекара, оның Богемияны Жоғарғы Австрия провинциясынан бөлетін бұрынғы өкімшілік шекарамен қиылысқан жерінен бастап, бұрынғы Австриялық Силезия провинциясының Нейштадтан шығысқа қарай шамамен 8 километр жердегі мүйісінің сол жақ шетіне дейін…

3- бөлім

Еуропаға қатысты саяси ережелер

І бөлімше

32-бап. Германия даулы Морэнэ (бейтарап Морэнэ деп аталатын) территориясына тұтастай алғанда Бельгияның егемендігін мойындайды.

34-бап. Германия бұдан басқа тағы да Бельгияның пайдасына Эйпен және Мальмеди аудандарын толық қамтитын территориядағы барлық құқықтары мен құқық негіздерінен бас тартады.

Осы шарт күшіне енгеннен кейінгі алты ай шінде Эйпенде және Мальмедиде Бельгия өкіметі жазбаларды тіркеу жұмысын бастайды, сөйтіп, осы аталған территориялардың тұрғындары осы территорияларды тұтастай немесе бөлшектелген түрде Германия егемендігі қоластында қалдыру туралы өздерінің тілегін жазбаша түрде білдіре алады.

II бөлімше

ЛЮКСЕМБУРГ

40-бап. … Ұлы Люксембург Герцогтағы 1919 жылдың 1-қаңтарынан бастап Герман кедендік одағының құрамынан шыққандығын Германия мойындайды, теміржол дарды пайдалану құқы атаулының бәрінен бас тартады, Ұлы Герцогтықтың бейтараптылық тәртібін жоюға қосылады, одақтас және бірлескен мемлекеттердің Ұлы Герцогтыққа қатысты жасалған халықаралық келісімдері атаулыны түгелдей алдын ала қабылдайды.

III бөлімше

РЕЙННІҢ СОЛ ЖАҒАЛАУЫ

42- бап. Германияға Рейннің сол жағалауында және оң жағалауында осы өзеннің шығысындағы 50 шақырым қашықтықта белгіленген сызықтан батысқа қарай бекіністер ұстауға және жасауға тыйым салынады.

43- бап. Сонымен қатар 42-бапта белгіленген аймақта тұрақты да, уақытша да қарулы күштер ұстауға және шоғырландыруға, сондай-ақ қандай түрде болса да кез келген әскери маневр атаулыға, мобилизация үшін кез келген материалдық құралжабдықтар сақтауға тыйым салынады.

44- бап. Германия 42 және 43-баптардың қаулыларын қандай түрде бол-са да бұзған жағдайда, ол осы шартқа қол қойған мемлекеттерге қатысты алғанда дұшпандық әрекет жасады деп, баршаға ортақ бейбітшілікті бұзуға тырысты деп қаралаған болар еді.

IV бөлімше

СААР АҢҒАРЫ

45- бап. Францияның солтүстігіндегі көмір кендерін қиратқаны үшін төлем ретінде Германиядан алынуға тиісті репарациялар сомасы есебінен Германия Саар Аңғарында орналасқан, барлық қарыздар мен міндеткерліктерден босатылған көмір кендерін… еркін пайдалану құқығымен Францияның толық және шексіз меншігіне береді.

V бөлімше

ЭЛЬЗАС-ЛОТАРИНГИЯ

Құрметті Келісуші Жақтар, 1871 жылы Францияның құқына да, өз отанынан бөлініп алынған Эльзас-Лотарингия халқының еркіне де, оның өкілдерінің Бордодағы жиналыстағы салтанатты наразылығына да қарамастан Германияның жасаған әділетсіздігін жөндеуді адамшылық міндет деп мойындай отырып, төменде көрсетілген баптарға келісті:

51-бап. 1871 жылдың 26-ақпанында Версальда қол қойылған Прелиминарлық бітім және 1871 жылғы 10-мамырдағы Франкфурт шарты бойынша Германияға берілген территориялар (Эльзас-Лотарингия) 1918 жылғы 11-қарашадағы Уақытша бітім күнінен бастап француз егемендігінің қоластына беріледі.

1871 жылға дейінгі шекараның кескінін белгілеген шарттардың қаулылары қайтадан күшіне енеді.

73-бап. … Эльзас-Лотарингияға қатысты осы бөлімшемен де және оған қосымшамен де, осы шарттың жалпы қаулыларымен де реттелмей қалуы мүмкін басқа әртүрлі мәселелер Франция мен Германия арасындағы кейінгі келісімдердің тақырыбын құрайды.

VI бөлімше

АВСТРИЯ

80- бап. Германия Австрияның тәуелсіздігін осы мемлекет пен басты одақтас және бірлескен мемлекеттер арасында жасалатын шарт бойынша белгіленетін шекаралар шегінде мойындайды және қатаң түрде құрметтейді; ол осы тәуелсіздік Ұлттар лигасы кеңесінің келісімінсіз бұзылмайтындығын мойындайды.

VII бөлімше

ЧЕХО-СЛОВАК МЕМЛЕКЕТІ

81- бап. Құрамына Карпаттан оңтүстікке қарай жатқан Русин автономиялық территориясы кіретін Чехо-Словак мемлекетінің толық тәуелсіздігін одақтас және бірлескен мемлекеттер мойындағаны сияқты Германия да мойындайды. Ол осы мемлекеттің басты одақтас және бірлескен мемлекеттер анықтаған шекараларына келісетіндігін мәлімдейді.

82- бап. Германия мен Чехо-Словак мемлекетінің арасындағы шекара Австро-Венгрия мен Германия арасындағы 1914 жылдың 3-тамызына дейін болған бұрынғы шекарамен анықталатын болады.

83- бап. Германия Силезия территориясының бір бөлігіне қатысты өзі-нің барлық құқықтары мен құқық негіздерінен Чехо-Словак мемлекетінің пайдасына бас тартады…

VIII бөлімше

ПОЛЬША

87-бап. Польшаның тәуелсіздігін одақтас және бірлескен мемлекеттер мойындағаны сияқты Германия да мойындайды және Балтық теңізімен, Германияның шығыс шекарасымен шектелген, осы шарттың 27-бабының II бөлімінде (Германия шекаралары) айтылғандай Лорцендорфтың шығысына қарай 2 километрге жуық орналасқан пунктке дейін белгіленген, одан әрі Жоғары Силезияның солтүстік шекарасы құрайтын Зимменаудан солтүстік батысқа қарай 3 километрге жуық сүйір бұрышқа дейін созылатын сызықпен белгіленген, одан кейін Жоғарғы Силезия шекарасымен, оның Германия мен Ресей арасындағы бұрынғы шекарамен ұштасқанға дейінгі бөлігімен белгіленетін, одан кейін осы шекараның бойымен оның Неманның ағысын кесіп өтетін жеріне дейін, одан әрі 28-баптың жоғарыда аталған II бөлімінде белгіленген Шығыс Пруссияның солтүстік шекарасымен өтетін территорияға қатысты барлық құқықтары мен құқық негіздерінен Польшаның пайдасына бас тартады.

XI бөлімше

ЕРКШ ҚАЛА ДАНЦИГ

102-бап. Басты Одақтас және Бірлескен мемлекеттер Данциг қаласын …ерікті қала жасауға міндеттенеді. Ол Ұлттар лигасының қорғауында болады.

104-бап. Мазмұнын басты одақтас және бірлескен мемлекеттер істеп шығаруға міндеттенетін және Данциг Ерікті қаласы құрылған бойда күшіне енетін Конвенция Польша үкіметі мен аталған Ерікті қала арасында жасалады, мақсаты:

1° Ерікті қала Данцигті Польшаның кедендік шекарасы шектеріне енгізу және портта еркін белдеу жасауға шаралар қолдану… .

6° Польша үкіметі арқылы Ерікті қала Данцигтің сыртқы қатынастарын жүргізуді, сондай-ақ оның азаматтарын бөтен елдерде қорғауды қамтамасыз ету.

XIV бөлімше

РЕСЕЙ ЖӘНЕ ОРЫС МЕМЛЕКЕТТЕРІ

116-бап. Германия 1914 жылдың 1 тамызына дейін бұрынғы Ресей империясының құрамына кірген барлық территориялардың тұрақты және ажыратылмайтын тәуелсіздігін мойындайды және құрметтеуге міндеттенеді. … Германия Брест-Литовск бітімшартының, сондай-ақ оның Ресейдегі Максималистік Үкіметпен жасаған басқа да әртүрлі шарттарының, келісімдерінің немесе конвенцияларының күші жойылғандығын түпкілікті мойындайды… .

IV бөлім

Германиядан тыс жерлердегі германияның мүдделері мен құқықтары

І бөлімше

ГЕРМАН ОТАРЛАРЫ

119- бап. Германия өзінің мұхиттың арғы жағындағы иеліктеріне қатысты барлық құқықтары мен құқық негіздерінен Басты Одақтас және Бірлескен мемлекеттердің пайдасына бас тартады… .

VIII бөлімше

ШАНДУНЬ

156- бап. Германия 1898 жылдың 6 наурызында Қытаймен жасаған келісіміне орай ие болған барлық құқықтарынан, құқық негіздерінен және Цзяочжоу территориясына қатысты артықшылықтарынан, теміржол дардан, кеніштерден, су астындағы сымдарынан және Шандунь аймағына қатысты барлық басқа келісімдерінен Жапонияның пайдасына бас тартады.

Циндаодан Цзинаньфуға дейінгі теміржолға, оның тармақтары мен вокзалдар, қоймалар, материалдық бөлігі мен қозғалмалы құрам сияқты әртүрлі жабдықтарына, кендер, мекемелер, кендерді пайдалануға қажетті материалдарға германдық иелік құқығының барлығы онымен байланысты басқа құқықтар мен артықшылықтарды қоса Жапонияға беріледі және оның иелігінде қала береді.

Герман мемлекетінің Циндаодан Шанхайға және Циндаодан Чифуға дейінгі су асты өткізгіштері олармен байланысты барлық құқықтарымен, артықшылықтарымен және меншігімен тап осылайша Жапонияға беріледі және олар міндеткерліктерден босатылады.

157- бап. Цзяочжоу жеріндегі Герман мемлекетінің иелігіндегі қозғалмалы және қозғалмайтын меншікке құқықтары, сондай-ақ осы жердегі жақсарту жұмыстарына қатысты тікелей немесе жанама шығындарына орай оның алуға талаптанатын құқықтары Жапонияға беріледі және оның иелігінде қала береді, олар міндеткерліктерден босатылады.

158- бап. Германия осы келісім күшіне енген соң үш ай мерзім ішінде Цзяочжоу жерінің азаматтық, әскери, қаржылық, соттық және басқа басқармасына қатысты барлық мұрағаттарды, реестрлерді, жоспарларды, құқық негіздерін және құжаттарды, олар қай жерде болса да, Жапонияға беруге тиісті.

V бөлім

ӘСКЕРИ, ТЕҢІЗДІК ЖӘНЕ ӘУЕ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Барлық ұлттардың қарулануын жалпы шектеуге дайындықты мүмкін ету мақсатымен Германия төменде белгіленген әскери, теңіз және әуе ережелерін қатаң сақтауға міндеттенеді.

І бөлімше

ӘСКЕРИ ЕРЕЖЕЛЕР

160-бап. 1920 жылдың 31 наурызынан кешікпей герман әскері жеті жаяу әскер дивизиясынан және үш атты әскер дивизионынан артпауға тиісті.

Осы сәттен бастап Германияны құрайтын мемлекеттер әскерінің жалпы адам саны офицерлер мен сапта жоқ құрамды қосқанда жүз мың адамнан аспауға тиісті, ол тек қана ел ішіндегі тәртіпті сақтау үшін және шекаралық полиция үшін ғана пайд аланылады.

Офицерлердің жалпы адам саны қандай құрам екендігіне қарамастан штаб қызметкерлерін қосқанда төрт мыңнан аспауға тиісті… .

Германияның Үлкен Бас Штабы және осы сияқты басқа құрамалары таратылады және қандай тұрпатта болса да қайта қалпына келтірілуге тиісті емес.

173-бап. Германияда жалпыға бірдей міндетті әскери қызмет атаулының барлығы жойылады.

Германия әскері ерікті жалдау жолымен ғана құрылады және толықтырылады.

180-бап. Рейннен шығысқа қарай 50 километр қашықтықта белгіленген сызықтың батысындағы Германия территориясында орналасқан барлық құрлықтық бекіністер, қамалдар және бекінген орындар түгелдей қарусыздандырылады және жермен-жексен етіледі…

Германияның оңтүстік және шығыс шекараларындағы бекіністер жүйесі сол қалпында сақталады.

II бөлімше

ТЕҢІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕР

183-бап. Осы Шарт күшіне енгеннен кейін екі айдан соң Германияның соғыс флотына қатысы бар және флоттың экипажына, жағалаулар қорғанысына, семафорлық қызметке, жағалау әкімшілігіне, жағалау қызметіне жататын құрамдағы адам саны офицерлер мен басқа барлық шендерді қосқанда он бес мың адамнан аспауға тиісті… .

191-бап. Германияның сүңгуір кемелерін, әуелі сауда кемелерін де, жасауына немесе сатып алуына тыйым салынады.

III бөлімше

ӘСКЕРИ ЖӘНЕ ТЕҢІЗДІК ӘУЕДЕ ҰШУҒА ҚАТЫСТЫ ЕРЕЖЕЛЕР

198-бап. Германия қаулы күштерінде әскери немесе теңіз авиациясы болмауға тиісті…

IV бөлімше

ОДАҚАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯЛАРЫ

203-бап. Осы Шартта мазмұндалған және орындалу мерзімдері белгіленген әскери, теңіздік және әуеде ұшу туралы барлық қағидаларды Германия Басты Одақтас және Бірлескен мемлекеттер арнайы тағайындаған Одақаралық комиссияның бақылауымен орындайтын болады.

VIII бөлім

РЕПАРАЦИЯЛАР

І бөлімше

ЖАЛПЫ ҚАУЛЫЛАР

231-бап. Одақтас және Бірлескен Үкіметтер Германия мен оның одақтастары Одақтас және Бірлескен Үкіметтердің және олардың азаматтарының соғыс салдарынан шыққан барлық шығындары үшін жауапты екендігін Германия мойындайды деп мәлімдейді.

233-бап. Германия өтеуге тиісті аталған шығындар мөлшерін Репарациялық комиссия деп аталатын, төменде көрсетілген құқықтармен және осыған П^П қосымшаларда белгіленген түрде құрылатын Одақаралық комиссия белгілейді.

Осы комиссияның жоғарыда анықталған шығындар мөлшеріне қатысты шешімдері 1921 жылдың 1-мамырына дейін жасалады және Германияға оның міндеттемелерінің жиынтығы ретінде хабарланады.

Комиссия сонымен қатар Германияның 1921 жылдың 1 мамырынан бастап 30 жыл бойына төлейтін барлық қарызының төлену мерзімдері мен түрін көрсететін төлем үлгісін белгілейді… .

235-бап. … Германия 1919 бен 1920 жылдар бойына және 1921 жылдың алғашқы төрт айында Репарациялық комиссия белгілейтін тұрпатта (алтынмен, тауарлармен, кемелермен, құнды қағаздармен немесе басқаша) парапарлығы 20.000.000.000 (20 миллиард) алтын маркаға тең төлем төлеу керек… .

XIV бөлім

ОРЫНДАУ КЕПІЛДІКТЕРІ

Батыс Еуропа

428-бап. Германияның осы Шарты орындауының кепілдігі ретінде Рейннің батысындағы герман территорияларын көпір алдындағы бекіністерімен қоса Одақтас және Бірлескен мемлекеттер осы Шарттың күшіне енген күннен бастап 15 жылға басып алады.

431-бап. Егер он бес жылдық мерзім біткенге дейін Германия осы Шартта көрсетілген өзіне қойылған барлық міндеттемелерді қанағаттандыратын болса, онда басып алушы әскерлер шұғыл шығарылады.

Шығыс Еуропа

433-бап. Осы келісімнің шарттары бойынша Германия БрестЛитовск келісімін және оның Ресейдегі Максималистік Үкіметпен жасаған барлық шарттарды, конвенцияларды және келісімдерді жойғандығын түпкілікті мойындауының кепілдігі ретінде, сондай-ақ Балтық провинциялары мен Литвада бейбітшілікті және қолайлы басқару жүйесін қалпына келтіру мақсатымен аталған жерлерде тұрған герман әскерлері Басты Одақтас және Біріккен мемлекеттер осы жерлердің ішкі жағдайына сәйкес анықтаған уақытында Германияың өз жеріне қайтарылады…

Версальский мирный договор / под ред. Ю.В. Ключникова и А. Сабанина. – М., 1925. – С. 3-169.

Сен-Жермен бітімшарты (үзінді)

1919 жылдың 10 қыркүйегі

27-бап. Австрия шекаралары мынадай түрде белгіленеді: 1) Швейцариямен жене Люксембургпен: бұрыннан қалыптасқан шекара… 2) Германиямен: 1914 жылдың 3 тамызындағы шекара.

59-бап. Австрия бұрынғы Буковина герцогтығының бір бөлігіне қатысты барлық құқықтарынан және құқық негіздерінен Румынияның пайдасына бастартады… .

88-бап. Австрияның тәуелсіздігі Ұлттар лигасы Кеңесінің келісімінсіз бұзылуы мүмкін емес. Сондықтан Австрия қандай жолмен болса да айрықша, оны Ұлттар лигасына қабылдағанға дейін басқа бір мемлекеттің істеріне қатысу жолымен өзінің тәуелсіздігін тура немесе жанама түрде бұзуға апаратын әрекет атаулыдан аулақ болуға міндеттенеді… .

120- бап. Австрия әскеріндегі қарулы күштердің жалпы саны офицерлер мен сапта жоқ бөлімдерді қосқанда 30 000 адамнан аспауға тиісті. Австрия әскері тек қана Австрия территориясындағы тәртіпті сақтау үшін және шекара полициясы үшін пайд аланылады.

Сен-Жерменский мирный договор / под ред. Ю.В. Ключникова, А. Сабанина. – М., 1925. – С.15-112.

Нейя бітімшарты (үзінді)

1919 жылдың 27 қарашасы

66-бап. Болгар әскеріндегі қарулы күштердің жалпы саны 207 000 адамнан аспауға тиіс…

121- бап. Болгария екі миллиард екі жүз елу миллион (2.250.000.000) алтын франк қаржы төлеуге міндеттенеді, бұл Болгария көтере алуы мүмкін ауыртпашылыққа сәйкес репарациялар болып табылады…

128-бап. Болгария Серб-Хорват-Словен мемлекетіне осы Шарт күшіне енген күннен бастап, бес жыл бойына 50 000 тонна көмір беріп отыруға міндеттенеді…

Мир в Нейи / под ред. Ю.В. Ключникова, А. Сабанина. – М., 1926. – С. 5-121.

Трианон бітімшарты (үзінді)

1920 жылдың 4 маусымы

36-бап. Венгрия 1919 жылы қыркүйекте Одақтас және Бірлескен мемлекеттер мен Австрия арасында жасалған бітімшартының І бөлімінің 36-бабы бойынша бұрынғы Австро-Венгрия монархиясы территориясының Италия құрамына кіреді деп белгіленген жеріне қатысты барлық құқықтары мен құқық негіздерінен Италияның пайдасына бас тартады.

104-бап. Венгрия әскеріндегі қарулы күштердің жалпы саны офицерлер мен сапта жоқ бөлімдерді қосқанда 35 000 адамнан аспауға тиісті… .

275-бап. Дунай Ульмадан бастап, бір ғана емес, көптеген мемлекеттерге теңізге шығудың табиғи жолы болып келген осы өзен жүйесінің барлық кеме жүзуге жарамды бөліктерімен бірге халықаралық болып жарияланады… .

Трианонский мирный договор / под ред. Ю.В. Ключникова, А. Сабанина. – М., 1926. – С. 5-386.

Америка Құрама Штаттары, Британ империясы, Франция және Жапония арасындағы олардың Тынық мұхитындағы аралдық иеліктері мен аралдық жерлеріне қатысты трактат (үзінді)

1921 жыпдың 13 желтоқсаны

I

Жоғары Келісуші Жақтар өзара қатынастарында олардың әрқайсысының Тынық мұхит ауданындағы аралдық иеліктері мен аралдық жерлеріне құқығын құрметтеуге келіседі… .

II

Егер жоғарыда көрсетілген құқықтар бөтен бір мемлекеттің шабуылдық әрекеттерінің салдарынан қауіпке ұшыраса, Жоғары Келісуші Жақтар осы жағдайдың талаптарына байланысты әрқайсысы жеке немесе барлығы бірігіп қолдануға тиісті неғұрлым жарамды шаралар туралы келісімге жету үшін өзара толық және ашық пікір алмасуға кіріседі.

III

Осы трактат күшіне енген күннен бастап он жыл бойы күшінде қалады және көрсетілген мерзім біткен соң да ол күшін сақтайды, алайда сонымен қатар Жоғары Келісуші Жақтардың әрқайсысының алдын ала он екі ай бұрын ескерту арқылы оның күшін жою құқығы сақталады.

Вашингтонская конференция по ограничению вооружений и Тихоокеанским и Дальневосточным вопросам 1921-1922 г. – М., 1924. – С. 45-47.

Америка Құрама Штаттары, Британ империясы, Франция, Италия және Жапония арасындагы теңіз қару-жарақтарын шектеу туралы трактат (үзінді)

1922 жылдың 6 ақпаны

1- бап. Келісуші мемлекеттер өздерінің теңіздегі қару-жарақтарын осы трактаттағы шарттарға сәйкес шектеуге уәделеседі.

4- бап. Ауыстыруға тиісті ірі әскери кемелердің жалпы тоннажы Америка Құрама Штаттары үшін – 525 000 тоннадан… Британ империясы үшін – 525 000 тоннадан… Франция үшін – 175 000 тоннадан… Италия үшін – 175 000 тоннадан… Жапония үшін – 315 000 тоннадан… аспайтын болады.

5- бап. Келісуші жақтардың бір де біреуі өз жерінің шегінде су ығыстырулығы 35 000 тоннадан асатын тізбектік кемелерге ие болмайды немесе жасамайды, жасауға тапсырма бермейді және рұқсат етпейді.

6- бап. Келісуші Жақтардың қандайының болса да тізбектік кемелерінің бір де біреуі калибрі 16 дюймнен (406 милиметрден) асатын қарумен жарақтандырылмайды.

12-бап. Келісуші Мемлекеттердің тізбектік кемелерін басқа төменде ескертілген бір де бір әскери кемесінің калибрі 8 дюймнен (203 милиметрден) асатын қаруы болмайды.

14-бап. Құрама Штаттар, Британ империясы және Жапония төменде аталған иеліктер мен территорияларда трактатқа қол қою сәтіндегі бекіністер мен теңіз базаларына қатысты 8іа1из дио сақталатындығына келіседі:

1. а) Алеут аралдарын қоспай, Құрама Штаттардың жағалауына, Аляскаға және Панама каналы белдеуіне жанама отарлық иеліктерден және в) Гавай аралдарынан басқа Құрама Штаттардың Тынық мұхиттағы қазіргі кезде бар және болашақта иемденетін аралдық иеліктері және Гонконг;

2. а) Канада жағалауына жанама аралдық иеліктерден, в) Австралия мен оның территориясынан және с) Жаңа Зеландиядан басқа Британ империясының Тынық мұхиттағы қазіргі кезде бар және болашақта иемденетін аралдық иеліктері және Гонконг;

3. Жапонияның Тынық мұхиттағы мынадай аралдық территориялары мен иеліктері: Куриль аралдары, Вонин, АмамиОшима аралдары, Лушу, Формоза және Пескадор аралдары, сондай-ақ Жапония болашақта иемденетін Тынық мұхиттағы аралдық территориялар мен иеліктер…

Вашингтонская конференция по ограничению вооружений и Тихоокеанским и Дальневосточным вопросам 1921-1922 г. – М., 1924. – С. 49-73.

Америка Құрама Штаттары, Бельгия, Британ империясы, Қытай, Франция, Италия, Жапония, Нидерланды және Португалия арасындағы Қытайға қатысты саясаттың қағидалары туралы трактат (үзінді)

1922 жылдың 6 ақпаны

1- бап. Қытайдан басқа Келісуші мемлекеттер:

1. Қытайдың егемендігін, тәуелсіздігін, территориялық және әкімшілік жағынан тұтастығының бұзылмайтындығын құрметтеуге;

2. Қытайға дамуға және өзінің өміршең де берік үкіметін қолдауға толық және ешнәрсемен шектелмеген мүмкіндік беруге;

3. Қытай жерінде барлық ұлттардың саудасы мен кәсібі үшін тең мүмкіндіктер беру қағидасын қолдау және айқын бекіту мақсатында өзінің барлық ықпалын пайдалануға;

4. Достас мемлекеттердің бодандары мен азаматтарының құқықтарына нұқсан келтіруі мүмкін арнаулы құқықтар мен артықшылықтар алу немесе осындай мемлекеттердің қауіпсіздігіне жаулық әрекеттерді қолдау мақсатында Қытайдағы қазіргі кездегі қалыптасқан жағдайды пайдаланудан бас тартуға келіседі.

2- бап. Келісуші мемлекеттер өзара, әрқайсысы жеке немесе бәрі бірігіп бөтен мемлекетпен әлде бөтен мемлекеттермен 1-бапта белгіленген қағидаларды бұзуы немесе қауіпке ұшыратуы мүмкін трактаттар, конвенциялар, келісімдер немесе шарттар жасамауға келіседі.

3- бап. Ашық есіктер қағидасын, яғни барлық ұлттардың саудасы мен өнеркәсібіне Қытайда ашылып отырған мүмкіндіктердің тең болуын неғұрлым жарамды қолдану үшін келісуші мемлекеттер: а) олардың пайдасына әлдебір ауданында саудаға және экономикалық дамуға қатысты белгілі бір жалпы басымдық беруге жәрдемдесетін келісімдерді; в) әлдебір басқа мемлекеттің азаматтарын Қытайда заңды саудамен немесе кәсіппен айналысу құқынан әлде қытайлық үкіметпен немесе әлдебір жергілікті өкіметтермен әртүрлі қоғамдық кәсіпшілікке немесе өзінің міндеттеріне, ұзақтығына әлде географиялық созылыңқылығына орай тең мүмкіндіктер қағидасын қолданудың практикалық мүмкіндіктерін жансыздандыруға есептелген кәсіпшілікке қатысу мүмкіндігінен айыра алатын артықшылықтар мен монополияларды іздеуін қолдамаймыз деп уәделеседі.

Осы баптың ізашар қаулылары меншікке немесе айрықша түрдегі коммерциялық, өнеркәсіптік әлде финанстық кәсіпшілік жүргізуге немесе зерттеулер мен ізденістерді көтермелеуге қажетті құқықтарға ие болуға тыйым салу мағынасында түсінілмеуге тиісті деп белгіленеді.

Барлық шетелдік мемлекеттердің үкіметтері мен азаматтарының тарапынан экономикалық құқық пен артықшылық алуға жасалған өтініштерін қараған кезде Қытай, олар осы трактатқа қатысушылар ма әлде жоқ па дегенге қарамастан, осы баптың жоғарыда баяндалған қаулыларында белгіленген қағидаларды басшылыққа алуға міндеттенеді.

4- бап. Келісуші мемлекеттер өз азаматтарының ықпал аймақтарын құру немесе қытайлық территорияның белгілі бір бөліктерінде басым болуға өзара айрықша мүмкіндіктер беру мақсатында бір-бірімен жасалған келісімдерін қолдамауға келіседі.

5- бап. Қытайдың бүкіл теміржол дар торабында құқықтарды әдейі кемітудің қандайын болса да істемеуге және жол бермеуге Қытай келіседі… Қытайдан басқа келісуші мемлекеттер олар немесе олардың азаматтары әлдебір концессиялар, арнаулы келісімдер немесе басқаша жолдармен бақылап отырған жоғарыда көрсетілген теміржол дардың кез келгеніне қатысты тап осындай міндеттеме алады.

6- бап. Қытайдан басқа Келісуші мемлекеттер соғыс бола қалған жағдайда, оған Қытай қатыспағанда, Қытайдың бейтарап мемлекет ретіндегі құқықтарын толық құрметтеуге келіседі; Қытай өз тарапынан, өзінің бейтараптылық жағдайындағы міндеттерін орындайтындығын мәлімдейді.

8-бап. Осы келісімге қол қоймаған мемлекеттер, егер олардың қол қойған мемлекеттер мойындаған үкіметтері және Қытаймен келісімдік қатынастары бар болса, осы келісімге қосылуға шақырылады… .

Вашингтонская конференция по ограничению вооружений и Тихоокеанским и Дальневосточным вопросам 1921-1922 г. – М., 1924. – С. 76-81.

Еуропa жəне Aмерикa елдерiнiң қaзiргi зaмaн тaрихы (семинaр сaбaқтaры бойыншa əдістемелік кеңестер)

Подняться наверх