Читать книгу Еуропa жəне Aмерикa елдерiнiң қaзiргi зaмaн тaрихы (семинaр сaбaқтaры бойыншa əдістемелік кеңестер) - Гүлжауһар Көкебaевa - Страница 2
I бөлім
ЕУРОПА ЖӘНЕ АМЕРИКА ЕЛДЕРІНІҢ 1918-1945 Ж. ДАМУЫ
1- семинар
Германиядағы 1918-1919 ж. революция
ОглавлениеТалдауға ұсынылатын мәселелер:
1. Соғыстың сонғы жылдарындағы Германия экономикасының күйзелісі.
2. Саяси күштердің арасалмағы. Социал-демократияның ықпалының өсуі.
3. Революцияның басталуы, оның мақсаттары, қозғаушы күштері және сипаты.
4. Халық Өкілдері Кеңесінің құрылуы және қызметі.
5. Құрылтай жиналысының шақырылуы.
6. ГКП құрылуы. 1919 жылғы Берлиндегі жұмысшы қозғалысы.
7. Бавария Кеңестік Республикасы.
8. Революцияның қорытындылары.
Деректер мен әдебиеттер:
1. Ватлин А.Ю. Германия в XX веке. – М., 2002.
2. Либкнехт К. Избранные речи и статьи. – М., 1961.
3. Ноябрьская революция в Германии: сборник статей и материалов. – М., 1960.
4. Хрестоматия по новейшей истории. 1917-1945. – М., 1987.
5. Драбкин Л.С. Ноябрьская революция в Германии. – М., 1967.
6. Драбкин Л.С. Становление Веймарской республики. – М., 1978.
7. История Германии / ред. Б. Бонвеча Ю.В. Галактионова: В 3-х т. Т. 2. – Кемерово, 2005.
8. История международных отношений в Европе (1918-1945 гг.) в документах и материалах. – Барнаул, 2004.
9. Көкебаева Г.К. Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы: оқулық. І б. – Алматы, 2008.
10. Көкебаева Г.К. Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы: хрестоматия. – Алматы: Қазақ университеті, 2014
11. Миллер С., Поттхофф Х. Краткая история СДПГ. 1848-1990. – М., 1999
12. Руге В. Германия в 1917-1933 г. – М., 1974.
13. Хаффнер С. Революция в Германии 1918-1919 г. Как это было в действительности. – М., 1983.
14. Язьков Е.Ф. История стран Европы и Америки в новейшее время (1918-1945). – М.: Инфра. – 2000.
Әдістемелік нұсқаулар:
Бірінші дүниежүзілік соғыс барлық әлеуметтік мәселелерді шиеленістіріп жіберді. Бір елдерде ол революцияларға әкелді, екінші елдерде билеуші топтар саяси және әлеуметтік реформаларға ден қойды. Ресей және Австро-Венгрия империяларының, Германияның жерінде революциялық дүмпулер басталды. Революциялардың негізгі қозғаушы күші бұқаралық жұмысшы партиялары болды. Аталған тақырыпты түсіндіру барысында Германиядағы және Ресейдегі революцияларды салыстыруға болады.
Германиядағы революцияның себептерін ашу үшін халықтың жағдайын айрықша төмендетіп, әлемнің бірқатар елдерінде (Ресей, Германия, Венгрия) революциялық үдерістің пісіп-жетілуінің объективтік негізі болған халықаралық қатынастардың шиеленісуіне мән беру қажет. Германиядағы революцияның ерекшеліктерін анықтауда Герман империясының саяси жүйесінде ХХ ғ. басында сақталып қалған ескі дүниенің қалдықтарын анықтау керек. Соғыстың барысында Германияда басталған жұмысшы қозғалысының мәнін ашып, осы қозғалысқа қатысқан негізгі саяси күштерді және олардың бағдарламаларын анықтау қажет.
Ресей мен Германияның бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі саяси дамуының ұқсастықтарына назар аудару қажет. Соғыстан кейінгі әлеуметтік және саяси күрестің шиеленісуі, биліктің өмір сүріп тұрған инстиуттарының дағдарысы жаңа саяси ағымның – фашизмнің пайда болуына әкелді. Бұл саяси идеяларды қолдаушылар да қоғамның одан әрі дамуының өзіндік жолдарын ұсынды, алайда олар демократияны толықтай жоюды және тоталитарлық жүйенің фашистік түрін орнатуды мақсат тұтты. Осылайша, бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін адамзат қоғамының алдында дамудың үш нұсқасы тұрды: либералдық демократияны жетілдіру; социализм (коммунизм) орнату; фашистік диктатура орнату. ХХ ғ. 20-30 жылдары осы үш бағыттың күресімен сипатталады. Қарастырылып отырған кезеңде еуропалық мемлекеттік жүйелер кейбір жағдайда соғыстан кейінгі алғашқы жылдардың революциялық оқиғаларының әсерімен қалыптасты немесе бұқараның әлеуметтену процесі мен солшыл либералдық пиғылдың таралуы нәтижесінде демократияландыруды тереңдетуге ұмтылды. Саяси жүйелердің көптүрлілігі бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әрбір елдің экономиканы модернизациялау, халықтың тұрмысын жақсарту және халықаралық аренада ұлттық мүдделерін қорғау мақсатымен жасаған өзіндік әрекеттерінен туды.
Революция қарсаңындағы саяси күштердің арасалмағын талдауда ГСДП, ГТСДП және соңғы партияның құрамында болған «Спартак» тобының иедологиялық бағыттарына, революциядағы мақсат-міндеттеріне айрықша назар аудару қажет. Бұл жерде осы аталған саяси күштердің саяси платформаларын Ресейдегі меньшевиктер мен большевиктердің идеяларымен салыстыра қарастырған тиімді болады.
Семинарға дайындық барысында студент кеңестік ғылыми әдебиетте Халық Өкілдері Кеңесінің қызметі біржақты талданғанына назар аударуға тиісті. Халық өкілдері Кеңесі мен оны ауыстырған Ф. Эберт үкіметінің әлеуметтік-экономикалық саясатына дұрыс баға беру үшін К. Каутский басқарған Әлеуметтендіру комиссиясының жобасын талдау қажет.
1919 жылдың қаңтар мен мамыры арасындағы оқиғаларды талдау барысында кеңес ғылыми әдебиетінде неміс социал-демократтарының қатты сынға ұшырағанын ескере отырып, бұл мәселені, негізінен, С. Хаффнердің еңбегі бойынша талдауды ұсынамыз.
Семинарда пайдаланылатын деректер:
Германия социал-демократиялық партиясының канцлер Макс фон Баденгеультиматумы
1918 жылдың 7 қарашасы
1. Жиналыстар өткізуге тыйым салуды дереу тоқтату.
2. Кайзер мен мұрагер ханзада жұма күні түс ауғанға дейінгі мерзімде тақтан бас тартсын (8.11.1918).
3. Үкіметте социал-демократтар күшейтілсін.
4. Пруссия үкіметі рейхстагтағы партиялық көпшілік негізінде қайта құрылсын.
Мұның барлығы жұма күні түс ауғанға дейінгі мерзімде орындалсын, болмаса, социал-демократтар үкімет құрамынан шығады.
История Германии. Документы и материалы. Т. 3. / под ред. Б. Бонвеча и Ю.В. Галактионова. – М., 2008. – С. 314.
Канцлер Макс фон Баденнің Германияның кайзері II Вильгельмге телефон арқылы айтқан сөзі
1918 жылдың 8 қарашасы
Германияда азамат соғысын болдырмау және сенің бейбіт кайзер ретіндегі өз міндетіңді орындауың үшін сенің тақтан бас тартуың қажет болып тұр. Қан төгілсе, оған сені жауапты қылады. Көпшілік сені бүгінгі оқиғаларға айыпты деп санайды. Бұл пікір дұрыс емес, алайда сондай көзқарас бар… .
Егер сенің биліктен бас тартуың азамат соғысын болдырмауға септігін тигізсе, онда қандай жамандық болса да, сенің атың тарихта жақсы аталатын болады… Бұл жерде тыныштық жоқ… Кёльнде билік жұмысшы және жауынгер Кеңесінің қолына көшті. Брауншвейгте сарай үстінде қызыл жалау желбіреп тұр. Мюнхенде республика жарияланды. Барлық жерлердегі әскер сенімсіз… .
Тақтан бас тарту туралы ойды тек социал-демократтар ғана көтеріп отырған жоқ, олар тек жетекшіліктен айырылып қалмау үшін істі өз қолына алып отыр. Егер тақтан бас тарту туралы бүгін хабарланбаса, мен бұдан былай ынтымақтастықтан айырыламын.
История Германии: документы и материалы. Т.3. / под ред. Б. Бонвеча и Ю.В. Галактионова. – М., 2008. – С.314.
Социал-демократ Ф. Шейдеманныңрейхстаг жанына жиналған халықтың алдында сөйлеген сөзі
1918 жылдың 9 қарашасы
Жұмысшылар мен жауынгерлер!
Неміс халқы барлық майданда жеңді. Милитаризм күйреді! Гогенцоллерндер тақтан бас тартты! Герман республикасы жасасын! Депутат Эберт рейхсканцлер болып тағайындалды. Осылайша Эбертке жаңа үкімет құру тапсырылды. Бұл үкіметке барлық социалистік партиялар кіреді. Енді біздің міндетіміз – неміс халқының осы жарқын жеңісіне кір келтірмеу, сондықтан сіздерден өтінемін: тәртіпсіздікке жол бермеңіздер. Тыныштық, тәртіп және сенімділік – қазір бізге ең қажеттісі осылар!
История Германии: документы и материалы. Т.3. / под ред. Б. Бонвеча и Ю.В. Галактионова. – М., 2008. – С. 315.
Герман империясының конституциясы
1919 жылдың 11 тамызы
Бірінші бөлім. Имперііяның құрылысы және міндеттері
Бірінші тармақ. Империя және облыстар
1- бап. Герман империясы – республика. Мемлекеттік биліктің негізі – халық.
2- бап. Мемлекеттің территориясы герман облыстарының территориясынан құралады… .
Екінші тармақ. Рейхстаг
20-бап. Рейхстаг герман халқының депутаттарынан құралады.
22-бап. Депутаттар 20 жасқа толған әйелдер мен ерлердің жалпыға бірдей, тең, төте және жасырын дауыс беруімен тепетең өкілдік негізінде сайланады. …
Үшінші тармақ. Империя президенті және империялық үкімет
41-бап. Президентті бүкіл герман халқы сайлайды. 35 жасқа толған әрбір неміс сайлануы мүмкін… .
48-бап. Егер қандай да бір облыс өзінің конституцияда немесе империялық заңда белгіленген міндеттерін орындамайтын болса, президент қарулы күштердің көмегімен оны орындауға мәжбүр ете алады.
56-бап. Рейхсканцлер саясаттың жетекші бағыттарын белгілейді және ол үшін рейхстагтың алдында жауапты болады… .
59-бап. Рейхстагтың Герман империясының мемлекеттік соты алдында империяның президенті, рейхсканцлер мен империялық министрлердің конституцияны немесе империялық заңды қылмыспен бұзғаны туралы айып тағуға құқығы бар… .
Төртінші тармақ. Рейхсрат
60-бап. Герман облыстарының заң шығарудағы және империяны басқарудағы өкілдігін қамтамасыз ету үшін рейхсрат құрылады.
Екінші бөлім. Немістердің негізгі құқықтары мен бостандықтары
Бірінші тармақ. Жеке тұлга
109-бап. Барлық немістердің заң алдындағы құқығы тең. Ер адамдар мен әйелдердің, негізінен алғанда, азаматтық құқықтары мен атқаратын міндеттері бірдей… .
114-бап. Жеке адам еркіндігіне нұқсан келтірілмейді. Жария өкіметтің еркіндікті шектеуі және одан айыруы тек заңдар негізінде ғана жасалады. …
117- бап. Хат-хабар құпиясы, сондай-ақ пошта, телеграф және телефон қатынастарының құпиясы бұзылмауға тиісті… .
118- бап. Әрбір неміс жалпы заңдар шегінде өз пікірлерін ауызша, жазбаша, баспасөзде, бейнелеу әдісімен немесе басқаша жолмен еркін түрде білдіре алады. Оның бұл құқығын жұмыстағы немесе қызметтегі ешқандай қарым-қатынастар тарылтуға тиісті емес және осы құқығын пайдаланғаны үшін ешкімнің оған зиян келтіруге қақысы жоқ. Цензураға жол берілмейді…
Хрестоматия по всеобщей истории государства и права: учебное пособие. – М., 1996. – С. 348-365.
Қосымша әдістемелік материалдар:
Германиядағы 1918-1919 жылдардағы революция
Себептері: Демократиялық бостандықтар мен құқықтардың шектеулігі.
Соғыстың ұзаққа созылып, халықтың жағдайының төмендеуі.
Императорлық билік беделінің төмендеуі.
Германияның майдандағы жеңілістері.
Әлеуметтік мәселелердеің шиеленісуі.
Соғысқа қарсы қозғалыстың күшеюі.
Түрткі (сылтау) Герман әскерлері қолбасшылығының тиімді бітім жасауға мүмкіншілік алу мақсатымен әбден әлсіреген флотты жаңа шабуылға шығару туралы бұйрық беруі.
Революцияның барысы 1918 жылдың 3 қарашасы – моряктардың Кильдегі көтерілісі.
1918 жылдың 9 қарашасы – кайзердің тақтан бас тартуы, Германияның республика болып жариялануы.
1918 жылдың 10 қарашасы – Уақытша үкіметтің (Халық Өкілдері Кеңесінің) құрылуы.
1919 жылдың 8-12 қаңтары – Германия Коммунистік партиясының («Спартак» тобының негізінде 1918 жылдың 30 желтоқсаны – 1919 жылдың 1 қаңтарында құрылған) өкімет билігін басып алу әрекетінің сәтсіздікке ұшырауы.
1919 жылдың 19 қаңтары – Құрылтай жиналысына сайлау.
1919 жылдың 6 ақпаны – 31 шілдесі – Веймарда Құрылтай жиналысының отырыстарын өткізу
1919 жылдың 31 шілдесі – Германияның конституциясын қабылдау. Веймар республикасының құрылуы.
1-семинар тақырыбы бойынша тестік сұрақтар:
1. Германияда революция қашан және қай жерде басталды?
A) 1918 ж. 9-қарашада Берлинде;
B) 1918 ж. 3-қарашада Кильде;
C) 1918 ж. 3-қарашада Гамбургте;
D) 1918 ж. 10-қарашада Берлинде;
Е) 1918 ж. 3-қарашада Берлинде.
2. 1918-1919 жж. Герман революциясының алдына қойылған міндеттер:
A) социалистік міндеттер;
B) ұлт-азаттық міндеттер;
C) монархияны жойып, республика орнату міндеттері;
D) антиимпериалистік міндеттер;
Е) пролетариат диктатурасын орнату міндеті.
3. Германияда Қараша революциясы жеңгеннен кейін билік басына келген алғашқы үкімет қалай аталды?
A) Конвент;
B) Халық комиссарларының кеңесі;
C) Халық өкілеттілерінің кеңесі;
D) Жоғарғы кеңес;
Е) Жұмысшы депутаттарының кеңесі.
4. Қараша революциясы кезінде қандай неміс мемлекетінде банктер национализацияланды?
A) Баварияда;
B) Вюртембергте;
C) Пруссияда;
D) Саксонияда;
Е) Тюрингияда.
5. Веймар решубликасының президенті болған социал-демократты атаңыз:
А) Ф. Шейдеман;
в) Г. Носке;
С) Г. Бауэр;
D) Ф. эберт;
Е) Г. Гаазе.