Читать книгу Еуропадағы түркі әлемі: авар тарихы (VІ-VІІІ ғ.) - Қ. Жұмағұлов - Страница 2
І бөлім
АВАР ҚАҒАНАТЫ ҚҰРЫЛУЫНЫҢ АЛҒЫ ШАРТЫ
1-тақырып. Авар қағанатының тарихы жөнінде Еуропа жазба деректері
ОглавлениеVІ-VІІІ ғасырлардағы Авар қағанатының тарихы ортағасырлық Еуропа тарихымен, дәлірек айтқанда, Византия империясы, франк корольдігі мен славян және тағы да басқа тайпалық бірлестіктердің саяси тарихымен байланысты болғандықтан, жазба деректер қатары да осы мемлекеттердің тарихи шығармаларында көп кездеседі. Сондықтан авар тарихына қатысты негізгі дерек көздері жазба деректер болып есептелінеді. Авар мәселесіне қатысты жазба деректер мен жылнама жинақтарын әр елдің тарихынан жинастыратын болғандықтан, деректану пәнінің классификациясына сәйкес оны ішінара бірнеше топқа бөліп қарстырған жөн.
Жазба деректердің бірінші тобын антика авторлары шығармаларынан бастағанымыз жөн.
Бұл жерде Гай Плиний Старшийдің, Публий Корнелий Тациттің, Дион Кассидің, Птоломейдің, А.Э. Авиттің, тағы басқаларының деректерін атауға болады. Жалпы айтқанда, жоғарыда келтірілген антика дәуірі авторларының мәліметтері Авар қағанатының тарихын қарастыру барысында славян тайпаларына қатысты мәселелерді зерттеуде біршама құнды хабар береді.
Оқу құралын жазуға және осы тақырыпты зерттеуде дерек ретінде пайдаланылған еңбектерді нақтырақ айтатын болсақ:
1) б.з. І ғасырдың авторы Плиний Старший антикалық жазушылардың бірі болды. Ол өзінің «Естественная история» («Historia Naturalis») атты еңбегінде алғаш славяндарды венедтер деп атайды. Айталық Плиний Старшийдің еңбегінің бірінші үзіндісінде славяндардың қоныстануы жайында: «Вистула (Висла) өзеніне дейінгі аймақта сарматтар, венедтер, скифтер, гиррлер қоныстанған» дейді.
Бұдан кейін де Тацит Птоламей мен Иордан славяндарды венедтер деп атайды.
Тацит «Германия» атты еңбегінде славяндар жайлы мәлімет айтып, венедтердің қоныстанғанын дәл Плиний сияқты көрсетіп, екінші үзіндіде: «Осы жерден свевтердің елі аяқталады, ал певкин, венет және фин тайпаларын герман тайпаларына немесе сарматтарға жатқызарымды білмеймін… Венеттердің көбінесе ырымдары мен салттары сарматтарға ұқсас болып келеді», – деп айтып кетеді.
Птоломейдің «География» атты дерегінде дәл Плиний мен Тацит сияқты славяндарды венедтер деп атап, оның «географиясының» үшінші үзіндісінде: «Сарматия жеріне өте үлкен тайпа венедтер қоныстанып, венедтік бұғазына дейінгі аумақты қамтиды» деген сияқты славяндардың қоныстануына қатысты мәліметтерді хабарлайды.
Антикалық авторлардың ішінде славяндарды алғаш өз атымен атаған Альцих Экдиций Авит болды. Экдиций Авит шығу тегі жағынан сенатрлық. Ол б.з. 460 жылы туған, 525 жылы қайтыс болған. 499 жылы епископтық кафедраны ашып, әдебиетпен, ағартушылықпен айналысқан. Біздің заманымызға Авиттың хаттары мен өлең жолдары жеткен. Авиттың өлеңдерін орыс тіліне А.И. Маляйнаның аудармасынан, атақты В.В. Латышеваның «Известия древних писателей о Скифий и Кавказе» шығармасынан алуға болады.
Халықтардың Ұлы қоныс аудару қозғалысы кезеңіндегі тарих, оқу құралын жазу жұмысы барысында сол уақытта өмір сүрген жылнамашылардың жазған шығармаларындағы мәліметтер басшылыққа алынды.
Деректердің екінші тобын ерте орта ғасырлар авторлары ішінде авар тарихына қатысты төмендегі жылнамашылардың еңбектері басты назарға алынды. Приск Панийский, А. Марциллин, Григорий Турский, Аврелий Кассиодор, Иордан, Павел Диякон, Исидор Севильский, Прокопий Кесарийский, Иоан Эфесский және тағы басқалар. Атап айтқанда А. Марцеллин 31 кітаптан тұратын «Тарих» атты еңбегін жазған. Бұл шығарманың 18-кітабында 353-378 жылдарға дейінгі оқиғалар мәлімденген. А. Марцеллин 330-400 жылдары өмір сүрген танымал Рим тарихшысы, шыққан тегі грек [1, с.22].
Приск Панийский – V ғасырдың жазушысы, византиялық дипломат. Ол византиялық императорлардың тапсырмаларын орындаушы болған. «Византия тарихы және Аттиланың әрекеттері» атты 5 кітаптан тұратын шығарманың авторы. Присктің этнографиялық мәліметтері өте бағалы және халықтардың ұлы қоныс аударуы жылдарындағы варварлық халықтардың, соның ішінде аварлардың ішкі өмірі тұрғысындағы сирек бақылаулардың бірі болып табылады. Приск еңбегінде тарихи деректердің алды болып алғаш рет аварлар туралы мәлімет айтылады: «Шығыс римдіктерге аварлар қуғындаған сабирлердің шабуылы барысында туған жерінен ығысқан тайпалар – сарагур, угор, оногурларға елші жібереді, өз кезегінде бұларды мұхит жағалауында өмір сүрген халықтар ығыстырған еді».
Бұл жылнамашылардың ішінде Григорий Турскийді айрықша атауымыз қажет. Ол 540-594 жылдар аралығында өмір сүрген франк жазушысы, белгілі галл-рим отбасында дүниеге келген. 573 жылы Тур қаласының эпископы дәрежесіне жетті, бұл қала сол кездегі Галлияның діни орталығына айналған. Григорий Турский Сигиберт, Хильдеберт сияқты карольдердің алдында беделді болған. Сонымен бірге ол саяси жиналыстарда да маңызды орын алды. Оның «Франктер тарихы» («Historia Francorum») 10 кітаптан тұрады. Бұл деректе ғұн, славян тайпаларының және де аварлардың франктермен болған қатынасы жайында құнды мәліметтер береді. Бұл деректің құндылығы сонда, аварларды Шығыстан келушілер екендігін дәл көрсетеді.
Жоғарыда келтірілген жылнамашылардың қатарындағы А. Кассиадорды айтатын болсақ, ол – 487-578 жылдар аралығында өмір сүрген, өз заманының белгілі қайраткері. 526-534 жылдары Теодорих королінің сұрауы бойынша, «Готтардың тарихын» (De rebus gestis gothorum) жазды. Оқу құралы барысында бұл деректен аварларға бағынған гепид тайпалары және олардың Византиямен қарым-қатынастары жайында мәліметтері құнды дерек болып табылады.
Ерте византиялық кезеңнің жазушысы, гот тарихшысы Иорданның қолжазбалары – халықтардың Ұлы қоныс аударуы кезіндегі ғұн тайпалары, славян, авар тағы басқа тайпалық бірлестіктер жайында құнды мәліметтердің жиынтығы. Готтық епископ VІ ғасырда өмір сүріп, осы ғасырдың екінші жартысында өзінің «Гетика» (De rebus Gethicis) және «Краткая хроника» атты мұрасын жазады. Иорданның маңызды еңбектерінің бірі – «Гот тарихы» біздің заманымызға толық жеткен.
Прокопий Кесарийский Иордан сияқты император Юстинианның дәуірінде өмір сүрген, ол бірнеше тарихи шығармалар жазған. Оның ең үлкен жазбасы «О войнах Юстиниана» 68 кітаптан тұрады, автордың соңғы төрт кітабы (V-VІІІ ғ.) «Готтармен соғыс» («О войнах с готами»), «Құрылыстар» («О постройках») және «Құпия тари» («Тайная история»). Жалпы славянтанушылардың айтуынша, бұл автор славяндар жайында толық мәліметтерді және славяндарды өз атымен атап, олардың Шығыс Еуропаға, Шығыс Рим империясы жеріне жасаған жорықтары, аварлардың осы өңірге келуі, олардың славян және тағы басқа тайпаларға тигізген әсері жайында мол, жан-жақты мәліметтерді береді. Айталық «Готтар тарихында» славян ант тайпаларының өмір сүруі жайында хабарлап, оларды бір адам басқармайды, бірақ теңдікте, бірлікте өмір сүрген дейді. Сонымен бірге славян, ант тайпаларының дүние танымдық көзқарастары, діни наным сенімдері жайлы мағлұматтар береді. Олардың өмір сүруі өте дөрекі массагеттерге тән, бойы ұзын, күштері көп деп мәліметтер келтіреді. Ал «Құпия тарихында» ғұн, славян және анттар Рим жеріне ұдайы шапқыншылық жасады дейді, яғни ғұн деп отырғаны аварларды айтып отырса керек, себебі Юстинианның билігі тұсында көпшілік жаугершілік соғыстарды аварлар жасап отырған. Олардың әр жорығында, рим жерінен шамамен 200000 адам құлдыққа әкетіліп, енді бұл империя жері скифтік елге айналғандай деп, адамсыз бос, иен қалған византия елін скиф даласымен салыстырады. П. Кесарийскийдің осы сияқты құнды мәліметтерін біз оқу құралын жазу барысында басшылыққа алдық [29,496 с.].
Авар тарихын толық жинастыру мақсатында сириялық авторлардың мәліметтері біз қарастырып отырған мәселенің қырларын жан-жақты ашу үшін тиімді. Айталық сириялық жылнамашы Иоанн Эфесскийдің славяндар, аварлар және т.б. тайпалар жөнінде құнды мәліметтері топтастырылып басқа жазба деректермен салыстырылды. Иоанн Эфесский 506-585 жылдары өмір сүрген. Иоанн Эфесский (506-585/586) – монофизиттік епископ, көптеген тарихи шығармалардың авторы. Ұлы император Юстинианның тұсындағы саяси тарихты паш етеді. Шығу тегі жағынан сириялық, Месопотамиядағы Амид қала маңында туып өскен. Иоанн Эфесский «Шіркеу тарихы» (“Церковная история”) атты ауқымды еңбек жазып қалдырған. Бұл кітап үш бөлімнен тұрады. Біздің тақырыбымыз үшін бұл кітаптың екінші бөлімі «Тарих» (439-570 ж.) атты еңбегі маңызды, автор бұл бөлімді 571 жылы жазып бітірген. Иоанн еңбегі «Шіркеу тарихы» деп аталғанымен онда көбінесе азаматтық тарихқа көңіл бөлінді. Иоанн еңбегінің екінші және үшінші бөлімінің кейбір тараулары мен соңғы алтыншы бөлімі толығымен сақталмаған. Дегенмен бұл деректің авар тарихы үшін құндылығы – иран-византия арасындағы соғыс қимылдарын сипаттай отырып, авар-византиялық мәдениет және өркениеттік алмасудың дипломатиялық сәттерін баяндауы.
Иоанн Эфесскийдің «Тарихының» екінші бөлімінің мәліметтерін Псевдо-Дионсий мен Михаил Сирийский мәліметтерінен алуға болады. Аталмыш авторлар 540 ж. ғұн мен славяндардың империя астанасына жасаған шабуылы жайында хабарларын сақтап, біздің заманымызға жеткізген. Псевдо-Дионсий 540 жылы Константинопольге жорықты варвар тайпалары шабуыл жасады, олар бір жыл емес үш жыл қатарынан империя жерін тонаушылыққа ұшыратты деп хабарласа, ал Михаил Сирийский 540 ж. ғұн әскері мен славяндар келіп, патша қаласын қоршауға алады деп, тайпаларды жалпы варварлар демей, оларды өз атымен атайды. Сонымен жоғарыда аталған сириялық авторлар авар және славян тарихын, қарым-қатынастарын, олардың империя жеріне бірлесіп жасаған тонаушылық соғыстары жайында айта келіп, Авар қағанаты Баянның Сирми мен Сингидун қалаларын алу үшін 581 ж. Сав өзеніне көпір салдырып, императордың құрылысшыларды көмекке бергені жайында хабарлайды. Иоанн Эфесский аварлардың түрлері, мінездері жайында: «Бұл жексұрын халық аварлар деп аталады, олар шаштарын өріп қоятындар, Юстиниан патшалық жүргізген кезден бастап империя жерінде пайда болғандар» деп сипаттаған.
Тақырыбымызға байланысты деректердің үшінші тобын құрайтын орыс жылнамалары. Әсіресе бұл деректердің ішінен «Бағзы заман жылнамасы» («Повесть временных лет») орыс тарихының сонау славян тайпалары, кейінгі Киев Русінің құрылуына негіз болғаны жайында құнды мәліметтер береді, ал тақырыбымыз бойынша құндылығы сонда, авар (обры) атауы және славян тайпаларын аварлар қалай езгіге салып, құл ретінде пайдаланғаны жайында, жалпы аварлардың қоғамдық қатынасына қатысты деректерді мәлімдейді [30, с.404].
Аварлардың Византия империясымен болған дипломатиялық байланыстары жайында деректердің төртінші тобына жататын өте маңызды мәліметтерді Византия тарихшысы Менандр Протектордың (Протиктор) қолжазбаларынан оқи аламыз.
Жалпы, Византия империясы қалыптасқаннан бастап Шығыс Еуропадағы саяси жағдайларды бақылаушы, тіпті оны жүргізуші болды. Сондықтан Шығыс Рим империясы «варварлар» деп атаған түрлі көршілерін қатаң бақылап отырған. Империялық көпестер, миссионерлер, елшілер көршілес орналасқан тайпалық бірлестіктердің мінезін, салт-дәстүрін, демографиясын, қоныстануы мен өзара күрестерін және қоғамдық қатынастары туралы ақпараттар жинақтаған. Мұқият жинақталған барлық деректердің негізінде «варварларды» басқару жөнінде өзіндік ғылым пайда болды.
Іскер көшбасшылар мен мықты әскери тайпаларды императордың қарамағына тиімді пайдаланып отырған. Оларға атақты отбасылардың қыздарын үйлендіріп, ұлдарын империялық патриот рухында тәрбиелеген. Ол үшін балаларды ата-анасынан түрлі сылтаумен ажыратып, астанада оқытқан. «Бөліп ал да, билей бер» қағидасының басты мақсаты тайпалардың күшеюіне жол бермеу, бір-біріне айдап салу, кеңесші рөлін ойнай отырып, өзара келіспеушілікті пайдаланып, әлсірету болды.
Константинопольде тайпалар арасындағы ұрыс пен жанжалды мұқият бақылап отырды. Билікке ұмтылған жолы болмағандарды қорғап, оларды билеп отырған билікті алмастыруға үміткер ретінде оларды бопсалау үшін пайдаланды. «Варварларға» қатысты ресми доктринаны атап өту қажет. Оған христиан империясының болуы, идеясы тән. Византияның саяси көзқарасы Рим империясынан мемлекеттік біртұтастықтың концепциясын мұра етіп қалдырды. Шығыс Еуропа әлемі нақты екі бөлікке бөлінді – «тұрғылықты» (өркениетті кеңістік) және «варварлар жері». Империялықтар варварларды ерекше атаулармен атаған. Мысалы, ғұндар мен аварларды дәстүрлі түрде «қатыгез» халық деген. Византиялық саясаткерлердің орталық назарында солтүстіктегі үш аймақ болды: Кавказ, Солтүстік Қаратеңіз жағалауы және Дунай маңы. Дунай өзені бойы аварлардың алғаш қоныстанған аймағы еді. Сонымен, аварлардың Дунай маңындаға саяси қимылдары жөнінде толыққанды мәліметті Менандр Протектор береді. Менандрдың өмірі, туған жылы жайында мәліметтер жоқтың қасы. Менандр өзі жайында көп айтпайды, оның замандасы византия тарихшыларының бірі Феофилакт Симокатта Менандр жайында бір-екі ауыз сөздер ғана келтіреді. Менандр «История» («Тарих») атты еңбегін 558 жылы Агафий әңгімелерінің біткен жерінен әрі қарай жалғастырады. Яғни 558 жылы Фракия (Өракія) жеріне ғұн кутургурларының келген уақытынан бастап, Византия императоры Тиберидің өлуімен аяқтайды. Ол Протектор немесе Протиктор деп аталады, себебі 558 жылдан бастап Менандр сарай қызметкері – protektor қызметін атқарған. Содан бастап оны көптеген деректерде Менандр Протектор деп атап кеткен. Оның көзқарастары Византия императорының сыртқы саяси доктринасын толық сипаттайды, өйткені жоғарыда келтіргендей, ол Юстиниан императоры кезінде дипломат болған, сондай-ақ империяда ірі мемлекеттік лауазымды қызметтерді атқарған. Менандрдың этносаяси көзқарасына басқа тайпаларға қатысты сабырлық және византиялық үшін сирек кездесетін ортодоксальді көзқарас тән. Мысалы, «Тарих» еңбегінде түркілер «варварлар» деп аталмай, ол басқа тайпаның басшысы византия императорының «ағасы» ретінде қызмет ете алады (яғни әлеуметтік деңгейі бірдей). Ерте ортағасырлық византияның жауларына мұндай көзқарас VІ ғасырдың аяғында византиялық сыртқы саяси доктринаның жаңа бағыты пайда болғанын көрсетеді. Енді византиялық дипломатияда көршілерін саяси мәселелерде тиімді пайдалану тәсілі орын алды. Менандрдың қолжазбаларынан Византия сарайының парсы патшаларымен және түркі ордаларымен болған қатынас сияқты мәліметтерді келтіреді. Өкінішке орай, оның жазбаларының үзінділері ғана сақталған. Дегенмен автор империямен Еуразия халықтарының арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән бергендіктен, оның үзінді жазбалары авар тарихы үшін құнды дерек болып табылады. Менандр «варвар» халықтарына дұшпандықпен қараса да, оның еңбектерінен бұл халықтарды баяндауда объективті болуға тырысқанын байқаймыз. Ол варварларды былай деп сипаттаған: меншіл, мақтаншақ және қатыгез, ал славян тайпаларын тәуелсіз және өркөкірек деген. Сонымен қатар автор VІ ғ. Алтай маңында өмір сүрген түркі тайпаларының өмірі мен мәдениеті және Зимарх бастаған елшілігі жайында өте құнды деректерді береді.
Сонымен, Менандр Византия бюрократиясының идеологі, император Юстинианның мұрагерлерінің билігін мойындаған және халықаралық істермен байланысты болып, Маврикийдің қамқорлығын пайдаланған. Менандр әлеуметтік жағдайына байланысты Прокопийден төмен тұрды, бірақ онымен теңдес Агафиден білімі жоғары еді. Менандр еңбегінің құндылығы – тарихи материалдарды жинақтап шынайы ойын білдіреді. Сондықтан М. Протектор VІ ғ. Византия тарихшыларының ішінен көрнекті орын алады. Менандр Протектордың «Тарих» атты еңбегін грек тілінен 1860 жылы С. Дестунис орыс тіліне аударды. Жоғарыда айтып кеткендей, Менандрдың еңбегінің мына көрсетілген үзінділерінде 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 14, 18, 19, 22, 23, 24, 25, 26, 27, 28, 29, 31, 33, 34, 35, 50, 65, 66, 67, 68, 69, 70, 71, 72, 73, 75, 76, 77 аварлардың Византия империясымен қатынасы, славян, гепид, лангобордтармен жаугершіліктері, Византия мен Түрік қағанаты арасындағы елшілік байланыстарының тарихы баяндалады [10, с.404].
Империяның көшпелі тайпалармен қарым-қатынасын сипаттайтын, Византия тарихшыларының арасында ерекше орын алатын деректердің бірі Псевдо-Маврикийдің «Стратегикон» еңбегі болып табылады.
Авар қағанатының асқан әскери шеберлігі, тактикалары жайында құнды мәліметтерді «Стратегиконнан» алуға болады. Псевдо-Маврикийдің «Стратегикон» еңбегінің үлкен тарихи құндылығы – Византияның әскери тактикаларынан басқа көршілес варвар халықтары: парсы, авар, түрік, франк, лангобордтармен салыстырмалы түрде сипаттауы. Бұл деректен тайпалардың әскери ісінің дамуын және соғыс өнерінің айырмашылығын көруге болады.
Псевдо-Маврикий тек әскери тактика жөнінде ғана айтып қоймай, сонымен бірге жалпылама саяси құрылымының әртүрлілігіне, салт-дәстүрлеріне байланысты құнды мәліметтерді де береді. Оның айтуынша: «ең бірінші, ол өмір сүрген кездегі империяға өте көп қауіп төндірмейтін халықтардың соғыс жүргізу тәсілдерін, дәстүрін жазу керек» дейді. «Политическое кредо автора трактата сводится к тому, что для достижения цели на войне можно использовать любые средство». Яғни трактатта автор соғыста барлық мүмкіншілікті пайдалану керек деген нақылмен саяси түйін жасайды. Осы нақыл сөз қазіргі күннің өзінде көп қолданыс табуда.
Иоанн Бикларский – шамамен 540-621 жылдары өмір сүрген жылнамашы. Оның 567-590 жылдардағы Виктор Тунненский жылнамасының (Chronic continuans Victorem Tunnunensem) жалғасы болып табылады. Иоанн Бикларский өз жұмысында аварлардың материалдық мәдениетін, кейінірек византиялықтар қабылдаған әскери-техникалық жабдықталуын баяндаған.
Келесі бір дерек – авар тарихын топтастыруға көмек болған Феофилакт Симокаттаның «Тарих» атты еңбегі. Ф. Симокаттаның шығармасында славян тайпаларының Балқан жарты аралына таралуы (VІ-VІІ ғ.) жайында тарихтың көмескі қырларын толтырады. Сонымен қатар Оңтүстік Шығыс Еуропаға басқа да тайпалардың қоныстануы жайлы, соның ішінде Авар қағанаты жайында мәліметтер, әсіресе авар атауының Еуропада дәуірлеуіне байланысты қағандықтың ішкі жағдайлары, Баян қаған тұлғасына, жалпы олардың бет-бейнесі жайында көптеген деректерді береді. Ф. Симокатта –шығу тегі жағынан египеттік. Симокатта шын мәнісінде риторлар мен заңгерлерге ғана тән шен – «схоластик пен апоэарх» атағын иеленген, бірақ оның қандай қызметте болғандығы белгісіз. Шамамен 641 ж. қайтыс болған. Симокатта алғашында жеңіл әдеби жұмыстармен шұғылданып, кейіннен сегіз томдық «император Маврикидің билік ету тарихы» атты маңызды еңбекті жазуға көшеді. «Тарих» атты еңбегінде парсылар жағында соғысқа қатысқан аварлар (602-628 ж.) Византияның Персиямен соғысын атап өтуіне қарағанда шамамен 630 ж. жазылса керек.
Ол – оқиғаларды өз көзімен көрмеген, тек естігенін жазған византиялық тарихшы. Византиялық жылнамашылардың арасынан деректік құндылығы жағынан Менандрдың мәліметі ме, әлде Симокаттаның жазбалары шындыққа жанаса ма деген де Менандрдың мәліметтері Ф. Симмокаттаның деректеріне қарағанда құндылау. Феофилакт ғұндар мен түріктер туралы (VІ ғ. аяғы) жазады. Аварлардың Шығыс Рим империясы шекарасындағы ғұндардың түркітілдес ұрпақтары болғандығына орай, бұл еңбектің де маңызы зор. Ол түріктердің дінін сипаттай келіп: «Түріктер бәрінен бұрын отты құрметтейді, ауа мен суды оқиды, жерге ұран салады, жер мен көкті жаратушы деп құрметтейді, табынады және оны құдай деп атайды. Оған арнап жылқы, өгіз, ұсақ малдарды құрбандыққа шалып, өздерінің пірі етіп, болашақ туралы болжай білетіндерді қояды», – дейді. Феофилакт анағұрлым кең мәліметті славяндар туралы бере отырып, олардың тұрмысы мен батырларының есімдері туралы атап өтеді. Бұл өте маңызды, себебі аварлықтар Византияны үнемі өзінің басыбайлысы есебінде көргісі келген Симокаттаның славяндарды скифтік немесе германдық деп шатастыруы сол кездегі тарихшылардың VІ-VІІ ғ. аталмыш халық антивизантиялық коалицияны және әлеуметтік-экономикалық дамудың бір деңгейін көрсететіндей. Сонымен қатар автор Түрік қағанаты мен Византия империясы арасындағы елшілік қатынастары жайында баяндай келіп, әсіресе түрік қағанының императорға жазған хатын бүгінгі күнге дейін сөзбе-сөз жеткізген құнды дерек [12, с.223].
«Қасиетті Дмитрий Солунскийдің ғажайыптары» – қасиетті Дмитрий туралы алғашқы ірі және жүйелі аңыздар жинағы. Алты бірдей қолжазбаның авторы – Иоанн Фессалоникий. Бұл автор VІ ғасырдың аяғы мен VІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген, ал оның композициясы Ираклийдің билік еткен кезеңімен (610-641 ж.) тұспа-тұс келеді. Дерек «Жинақ» деп аталатын бөлімдерге бөлінген. І жинақ 15 «ғажайып» деп аталатын бөлімдерден тұрады. Осыған орай, 12 бөлім жеке сюжеттен тұрады, ал 13-15 бөлімдер ғажайыптарға сәйкес бірнеше бөлімдерге мәліметтердің молдығына байланысты бөлінген. Жинақтағы «ғажайыптар» хронологиялық ретсіз жазылғандықтан, әрбір бөлімде бір-бірімен тығыз байланысты жағдайлар баяндалып отырған. Мәселен, 3-бөлімде авар-славян қақтығысына дейінгі оба індеті туралы да жазған. 13-15 бөлімдерінде осы қақтығыстардың өзі туралы жазып, 8-бөлімінде қақтығыстан соң орын алған ашаршылық туралы мәлімдейді. Славяндар мен аварлардың Фессалоникаға қарсы шабуылын егжей-тегжей сипаттай келіп, 3,8,9,12-15 бөлімдерден жалпы авар тарихына қатысты тарихи материалдарды хабарлайды. І жинақта баяндалған хронологиялық жағдайлар үш бірдей онжылдықты қамтып, Маврики мен Фоки билеген (582-610 ж.) тарихи кезеңді қамтиды.
Бұл агиографиялық шығарма өркениеттік қадамдарды пайдаланудан бас тартудың және корифеялықтардың византистика және тюркология жұмыстары барысындағы рухани мәдениетті оқытудың әсерінің салдарынан ғылыми айналымға енбей қалған.
Жоғарыда келтірген жазба деректерді археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлермен салыстыру негізінде аварлардың Ұлы қоныс аудару кезеңіндегі, сонымен бірге VІ-VІІІ ғасырлардағы Авар қағанатының тарихын ашып көрсетуге тырыстық. Осыған орай, қазіргі уақытта тек жазба деректердің негізінде VІ-VІІІ ғасырлардағы тарихи үрдістерді жан-жақты ашып жазу мүмкін емес. Сондықтан оқу құралында археологиялық, этнологиялық, лингвистикалық, сонымен қатар пәнаралық ізденістер мен мәліметтер де басшылыққа алынды.
Бақылау сұрақтары:
1. Авар қағанатының тарихына қатысты Батыс жазба деректерінің құндылығын сипаттаңыз.
2. Аварлар мен Византия империясы арасындағы елшілік қатынасты баяндайтын деректі атаңыз.
3. Көшпелі халықтардың әскери өнері мен тактикасын салыстырмалы түрде сипаттаған еңбекті атап, құндылығын дәлелдеңіз.