Читать книгу Еуропадағы түркі әлемі: авар тарихы (VІ-VІІІ ғ.) - Қ. Жұмағұлов - Страница 3

І бөлім
АВАР ҚАҒАНАТЫ ҚҰРЫЛУЫНЫҢ АЛҒЫ ШАРТЫ
2-тақырып. Аварлардың этногенезі мен атауының қалыптасу мәселелері

Оглавление

Халықтардың Ұлы қоныс аударуының әсерінен, шамамен екі жүз елу жылдай уақыт бойы аварлар Карпат өңірінде (қазіргі Орталық Венгрия, Трансильвания) территориясында қоныстанып, мықты саяси билікті иемденген. Бірақ сонда да алып территорияны жаулап алған аварларды қазіргі таңда жоғалып кеткен халықтардың қатарына жатқызуға болады. Сондықтан оларға байланысты көптеген мәселелер құпия болып келді.

Аварлар Шығыс Еуропа даласында, біздің жыл санауымыздың VІ ғасырларында қалыптасып, авар атты қағандық құрып, үлкен саяси одаққа айналды. Авар қағанатын құрушылар Еуропа мемлекеттерінің тарихына өзінше ықпал етіп, әсер қалдырушылар болды. Ақырында, қағандық ыдырап жергілікті халықтармен ассимиляцияға ұшыраудың нәтижесінде ІХ ғасырда тарих сахнасынан кетеді. Авар тайпаларының ежелгі қоныстанған территориясын және оның күнделікті өмірі жайындағы мәліметті Византия, латын жазба деректері мен археологиялық ескерткіштер береді.

Авар атауының шығуы, жалпы аварлардың қайдан шыққаны жөнінде тарихта үш түрлі болжам бар. 1) аварлар – көшпелі жуан-жуан империясының ұрпақтары; 2) аварлар – Орта Азиядан шыққандар және вархониттер, олардың ата-бабалары; 3) аварлар – Венгрия территориясының кейбір қоныс атауларының түбірі «варконь» деген сөз тіркесімен аяқталғандықтан, жергілікті халық болуы мүмкін. Жазба деректерге сүйенетін болсақ, мысалы, Менандр Протектордың хабарлауынша, «568 ж. император Юстиннің билігіне төрт жыл болғанда, Византияға ертеде сақтар деп аталған Түрік қағанатынан елшілік келген, елшілікті Маниах бастап келген» [10, с. 223]. Ол өз елінен императорға хат әкелген, оны император аудармашы арқылы оқығаннан кейін елшіге: «бізге айтыңызшы, қанша аварлар түрік билігін бұзды және де сіздерде аварлар қалды ма?» деген сұрақ қойған.

VI ғасырдың бірінші жартысында көптеген тайпалардың ішінде авар тайпа ұйымы ерекшелене түседі. Аварлар түркі тілдес тайпа болғандықтан, біз ежелгі түркілердің этникалық тарихына тоқтауымыз қажет. Бұл мәселе тарихнамада күні бүгінге дейін толық шешімін таппаған.

1968 ж. Моңғолияда түркі тарихына байланысты жазба ескерткіш табылып, түрік тарихын зерттеуге үлкен жол ашып береді. Бұл жазбаның жоғарғы бөлігінде қасқыр мен оның астында қолы мен аяқтары кесілген адамның бейнесі бейнеленген.

VI ғасырда қытай тарихшылары жазып қалдырған, түрік аңызы бойынша үлкен саз балшықтың шеткі аймақтарын мекендеушілер, көрші тайпаның басқыншылығына ұшыраған. Осылардың ішінде қолы мен аяғы шабылған баланы қасқыр асырап алып, кейін әйелі болып, он ұл туған екен. Осы қасқырдың балалары Турфан қыздарына үйленеді. Оның немерелерінің бірі –Ашина, тайпа көсемі болып, оған өз атын берді. Кейінірек Ашина руының көсемдері Алтайға шығып басқа тайпаларды басшылыққа алып, түрік атауын қабылдайды.

Аңыз бойынша, түркілердің шығуын Шығыс Тянь-Шаньмен байланыстырады. Осы мәселе Қытай деректанушыларының мәліметтерінде орын алған, айталық, VI ғасырда Тянь-Шаньнан солтүстікке қоныстанушыларды Турфан маңына ығыстырады. 460 жылы бұл өңірді мекендеуші түркі тайпаларына монғол тілдес жуан-жуандар (аварлар) басқыншылық жасап, бағынышты ғұн тайпаларын Алтайға қоныстандырған. Осы қоныстандырушылар қатарында Ашинаның ұрпақтары да болды.

Тарихта түрік аңызы (екі үлгісімен танымал) Қытай мәліметі бойынша, ашиналықтар Шығыс Түркістанда өмір сүру барысында, құрамына жаңа этникалық топтарды қабылдаған-жергілікті тұрғындармен араласқа түседі. III ғасырдан бастап 460 жылға дейін ирандық (соғдылық) және тохарлық (үнді еуропалық) тұрғындармен араласты да, Ашина дәстүрінде, тілінде көріністер тапты. Дәл осы кезден бастап, түрік-соғды байланыстары басталып, бүкіл түркі мәдениетіне және ежелгі мемлекетіне зор ықпал етті.

Алтайдағы ашиналық түріктер, аварларға (жужандарға) салық ретінде темірді төлеп, 545 жылы ірі тайпалық бірлестік құрып, солтүстік Қытай мемлекеттерінің біреуімен дипломатиялық қатынас орнатқан. Ашина түріктері бірнеше оғыз тайпаларын бағындырып, олардың арқасында күшейіп жуан-жуандарға қарсы шығады. Ғұндар Рим империясымен жаугершілік соғыстар, жүргізіп жатқанда, жень-женьдер қытайлықтармен соғысты. Жень-женьдар Маньчжурия шөлінен Түркістан даласына дейінгі жерді жаулап алып, ауқымды мемлекетті құрып үлгерген. Тіпті, Қытайдың шекара аймақтарын да жаулап алған. Жоғарыда айтқандай, жень-жень жаулап алған тайпалар ішінде түріктер де болған, түркі тайпалары Алтай таулы аймағын мекендеген. 522 ж. жеңілген жужан ордасының бір бөлігі түркілерге бағынады, бір бөлігі Қытай жеріне қоныс теуіп, онда қытай шекарасын күзетуші қызметін атқарған. Ал енді қалған бөлігі түркі, моңғол, тіпті манчжурлармен араласып, батысқа бет алады. Жужан тайпасының дәл осы тармағы, батыста авар атымен белгілі болады. Осыған байланысты болар зерттеу еңбектерінде авар-вархониттер де Орталық Азиядан келгендер және олар моңғолдар деген пікірлер бар. Осы пікірді жақтаушылардың бірі Х. Хоурс болды, ол аварларды моңғолдар деп тұжырымдаған.

Жуан-жуандардың соңғы қағаны Анахуань болды. 551 жылы Түркі тайпаларының көсемі Бумын қаған атағын қабылдайды. 552 жылы Бумын қаған қайтыс болып, оның мұрагерлері Қара қаған (552-553 ж.) және Муған-қағандар (553-572 ж.) жуан-жуандарды күйретуді жалғастырады.

Авар қағанаты Анахуань (Анағұй) қалыптаса бастаған Түрік қағанатының күшін бағалай алмады, ал түріктер тарапынан мұның өзі осылай болуға тиіс деп дұрыс ойластырылған әдіс қана болатын. Енді бұрынғы вассалдардың билеушілеріне қарсы соғыс ашуға дәлелі табылады. 552 жылы көктемде түріктер аварлардың ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңгені соншалық, Анахуань өзін-өзі өлтіреді. Осы кезден бастап түрік билеп-төстеушілері қағандар атағын алады.

Таққа Қара-Еске, Бумынның інісі отырғаннан кейін оның бастауымен түріктер Орхонның жоғары жағында бір жердегі Букрат (Мула) тауларында жужандарды екінші рет жеңеді. Қара-Ескенің мұрагері деп шежіреші оның інісі Иркинді (Ицзинь) атайды, ол қағандық тағына Мұқан қаған (Мугань) деген атпен отырады, оның лақап аты – Ианту. Мұның бәрі 552-554 жылдардың арасында болған. Бұл уақыттың ішінде түріктер шығыста қайлар (татабтар), қидандар және отыз-татарлар тайпаларын, солтүстікте Енисей қырғыздарын өздеріне қаратып алады. Бұл жылдары түркілердің батыста жасаған соғыс жорықтары күшті бола түседі. Оларды Бумынның басқа бір інісі Істеми бастайды, кейін оны батыс түріктерінің түпкі атасы және Батыс түрік қағанатының негізін салушы деп атайды. 552-553 жылдары батысқа жасаған жорықтардың бірінде Иштеми Бумынмен бірге болып «он ұлы жетекшіні (немесе қауым бастығын) басқарды, он түмен әскері болды; ху елін (соғдылықтарды) жуасытуға аттанды және «Он тайлақ» деп атап өзін қағанмын (Шисин було қаған) деп жариялайды. Бұл – өте назар аударарлық хабар. Мұны шежіре дәстүрінің өзі де ескермеген, бұл дәстүр бойынша тайпалық әскери ұйымның шығуы Жетісу түріктерінде 651 жылы ғана болады, сол жылы Ашбара – Териш қаған (Шаболо Дилиши) өзінің мемлекетін күтпеген жерден он ұлысқа бөледі. Әрбір ұлыс оны басқарушы бір адамның қарамағында болады. Оны шэ (шад) деп атаған. Әрбір шадқа бір жебеден сыйлық береді, осыдан келіп «он жебе» деген ат шығады. Тайпалық әскери сандық ондық дәстүр тілді тайпаларында VІ ғасырдың орта кезінде-ақ болған және Батыс түрік қағанатының этникалық-саяси құрылымында айқын бейнеленді.

Жуан-жуандардың бір бөлігі түріктерден жеңілгеннен кейін солтүстік Қытайға және Кореяға қашады, ал қалғандары батысқа қоныс аударып авар атымен танымал болады. Батыс Еуропаға ығысқан аварлар (558-568 ж.) Еділ аймағы, Азов маңы мен солтүстік Кавказдағы көптеген ғұн тайпаларын құрамына енгізіп, Византия шекара аймағына ұмтылады. Дунай жазығында өз мемлекеттерін құрып, бірнеше рет Орталық Еуропа елдерін тонаушылыққа ұшыратады.

Аттила бастаған ғұн империясы құлағаннан кейін, Еуропа даласында бірнеше көшпелі тайпалар өмір сүреді. Олар: акацир, барсил, сарагур, угор, савир, авар, утургур, оногур, кутургур, болғар, т.б. Осы бірнеше көшпелі тайпалардың ортасынан VІ ғасырда аварлар бөлініп шығады.

Аттила ұрпағының, яғни авар ордасының тарихы Ирнах пен Денгизих атты деректер бойынша, ғұн империясы құлағаннан кейінгі түркі тілдес тайпалардың қайта бірігуі деп жазған.

Авар атауы, жалпы аварлардың қайдан шыққаны жөнінде түрлі мәліметтер бар. Айталық Византия тарихшысы Присктің мәліметі бойынша, авар тарихы 461 ж. басталды дейді. Батыс пен Армян деректері бойынша V ғасырдың аяғында ғұндар Шығысқа басқа атпен оралды делінеді. Прокопий Кесарийский және Моисей Хоренский шамалап «ақ ғұндар» деп атаған, олар «Кушанавар» деген қолбасшыларымен Перозаны талқандаған деп келтіреді. Бұл қолбасшының аты екі сөйлемнен тұрады: Кушан армян тарихында көшпелі деген мағынаны білдірген немесе Кушан атауы Орта Азияда бар және Аваз-авар – бұл атау Шығыс Еуропадағы ғұндардың ұрпақтарының аты. 567 ж. Эфталит қоғамы түркілерден жеңілгеннен кейін, Ирнах пен Денгизих деректерінде ақ ғұндар Византиядан бастап Орта Азияға дейін аралықта мекендеген, көшпелі өмір сүретін ғұн тайпаларының қалдықтарымен араласты, ассимиляцияға ұшырады деп жобалайды. Яғни жоғарыда келтіргендей, Кушанавар атты бастаушы адамның аты дәлел болады. Бәлкім бұл атау екі тайпалардың бірігуінің аты негізінде қалыптасса керек: Кушан +авар.

Ежелгі авторлардың жобалаулары бойынша, Эфталан атты патша болған, сонан соң оның аты халқына берілген. Бұл жерде авар атауы да дәл солай көсемнің аты болған, кейін тайпа атына берілсе керек. Осы екі көсем аттарын тайпа аттары және бұл екеуінің аты біріктірілген деп жобалауға болады.

Эфталиттердің аварлармен араласқанын қытай деректері де келтіреді. Мысалы: Еда (эфталит) мықты мемлекет деп есептеледі және олар жужандармен құдаласып туысқан болған (жужандар – яғни аварлармен деген сөз) дейді. Сонымен, Византия және армян деректеріндегі Кушанавар терминіне анализімізді қытай деректері де дәлелдей түседі. Эфталиттік кушан қоғамында ғұн тайпасының ұрпақтары өздерінің өмір сүруін жалғастыра берді деп жобалауға болады. Бірақ, ең алдымен, аварлардың кушандармен бірігуі, олардың тайпа атауларына қол таңбаларын қайырғанын, бірінші ескеріп айту керек.

Шығыстанушы ғалым А.Н. Бернштам эфталиттердің шығу тегіне сипаттама бере отырып, мына төмендегі сөздерді келтіреді: Эфталиттер –кушан (юечжи) тайпасының бір бөлігі дейді [3, с. 255]. Археолог, тарихшы С.П. Толстовтың көрсетуі бойынша, олар Орта Азиядағы ғұн тайпалары мен массагет – алан одағымен байланысқа түскендер дейді. Эфталиттердің саяси дамуына Каспийдің арғы бетіндегі Ирнахтың көшпелі ғұн тайпасы үлкен әсер еткен. Ғұн одағына жужан одағының шашырандыларының келіп қосылуы, көшпелілерге ғұн атының орнына жаңа этникалық – «авар» атауын береді. Ғұндық-аварлық тайпа одағының кушан одағының қалдықтарымен бірігіп Орта Азияда көшпелілердің саяси коалициясын құрады. Яғни бұл коалиция әлеуметтік-экономикалық өмірге үлкен өзгерістер алып келді, ең алдымен, ежелгі көшпелі өмірдің орнына отырықшылықты алмастырды. Бұл мәселеде С.П. Толстовтың тұжырымдары жемісті шешімдер береді. Сырдария мен Арал өңіріндегі «саз қалашықтар» ғұн – эфталиттердің қоныстары, ізінше қалалары мен гуздары дейді. Археологиялық қазба материалдарына қарап С.П. Толстов оларда шығыстық элементтердің, соның ішінде моңғолдық тіл қорларының болғандығын жоққа шығармайды [26, с.184-214].

Бірақ моңғолдық белгілер V-VІ ғ. болған деп көрсетілген. А.Н. Бернштамның тұжырымдауы бойынша, жужан атының авар атауына ауысуы және олардың ежелгі аты – вархуни, кермхиондар сияқты өзгеруі дәл осы Сырдария мен Арал өңірінің даласында болуы мүмкін дейді. Осы жерде мүмкін шығыс жужандық этникалық элементтері «ғұн қоныстарына» отырықшы ғұндар, яғни жужандар өздерінің жалған аттарын қабылдаса керек. Яғни жоғарыда келтірілген дәлелдерді тұжырымдап қорытатын болсақ, Авар қағанаты сөзсіз Орта Азия мен Шығыс Еуропаның этникалық массаларының араласуының нәтижесінде пайда болған. Оны авар одағының күрделі әлеуметтік құрылымы дәлелдейді.

Авар атауының шығуына келетін болсақ, Авар (avaris, avares) қағанатын құрушылар мен олардың құрамына енген тайпалар одақтың тарихы жайында ешқандай мемуар немесе жазба ескерткіштер, құжаттар т.б. сияқты мәліметтерді қалдырмаған. Сондықтан тақырыптың мазмұнын ашу барысында жазба деректер мен археологиялық мәліметтерге жүгінеміз. Авар термині грекше авар деп айтылады. Орыс жылнамасында “обро” деп атайды. Араб жазушысы Ибн-Хордадбех (хазарлармен бірге) абарлар немесе аварларды келтірген.

Деректерді талдайтын болсақ, Иордан өз еңбегінде авар атауына байланысты Днепр өзенін Ғұнновар (Hunnivar) деген терминмен атаған, яғни екі атау біріктірілген ғұн + авар. Авеста-эфталиттік термин бойынша «вар» қала, қоныс деген мағынаны білдіруі мүмкін. Осыған байланысты авархуни – «ғұн қонысы», «қоныстанған ғұндар» деген этимология шығады. Авар мен ғұндардың қысқартылған түрі вархонит тайпа атауында сақталған, яғни сөйлем уар+хуни деп өзгертілген. Бұл атау жазба деректерде VІ ғасырдың екінші жартысында пайда бола бастаған (шамамен 557 ж.). Иорданның шығармаларында Хуннугуры (Hunnuguri) деген атау кездеседі [6, с. 434]. Жалпы, византиялық тарихшылар аварларды екіге бөледі: 1) еуропалық авар «псевдоавар»; 2) ортаазиялық аварлар. Менандр Протектор еуропалық аварларды «вархонит» деп атаған. Феофилакт Симокатта VІІ кітабының сегізінші тарауында бұл атаудың аздап өзгерген түрі – «obar nai Xouvvi» еуропалық авар болып есептелетін «псевдоаварларды» келтірді.

Бізге жеткен жазба және археологиялық деректерді талдай отырып, мынадай тұжырымдарға келдік. VІ ғасырдың бірінші жартысында көптеген көшпелі тайпа ұйымдарының ішінде аварлардың одағы байқалады. Біздің ойымызша, Еуропаға келген аварлар, көп жағдайда жуан-жуан қағанаты ыдырағаннан кейінгі бөлініп кеткен топ болып табылады. Сөйтіп, Шығыс Еуропаның жазықты жерлеріне көшіп келген аварлар, бастапқыда, бұл аймақтарда ғұндармен тектес савирлар, утигурлар және кутригурлармен қақтығысқа тап болады. Император Юстиниан тұсында белгілі болған Прокопий Кесарийский Византия империясының тарихына байланысты құнды еңбектерін жазған. Варварлар тайпаларына тоқтала кетіп, автор савирлар (Saviri) туралы жазды. Біздің ойымызша, сол кездің жылнамалары савирлар мен хунугурларды бір халық деп есептеген сияқты. Прокопийдің мәліметінше савирлар Кавказ тауларының маңында мекендеген. Ол былай деп жазған: …бұл жерде әртүрлі тайпалар өмір сүреді, соның ішінде аландар және авасгилер, олар шаруалар, ежелден римдіктермен достық қатынаста болған және де зихтар, ал олардан кейін савир деп аталатын ғұндар тұрған дейді.

Көшпелілер туралы мәліметтерді Агафий Миринейскийден кездестірдік [1, с. 221]. Автордың жазбалары, негізінен, VI ғасырдың орта шенін қамтиды да, Юстиниан тұсындағы Византия тарихын бейнелейді. Савирлар, оның айтуынша, империяның жалдамалы әскер қатарын құраған. Сонымен бірге мына атаулар да беріледі: котригурлар, утигурлар, ултидзурлар.

Шығыс Еуропа даласына алғашқы аварлардың келуіне байланысты бірнеше мәліметтер бар. Бір мәліметтер бойынша, Юстиниан патшалық құрып тұрған кезде уар және хунни тайпаларының бір бөлігі қашып келе жатқанын көріп, қорыққандарынан қоныстандырып, оларды аварлар деп атап кеткен. Уар хундарға жергілікті тайпалардан елші келіп уар хундарды авар деп атайды. Сөйтіп, бұл тайпалар авар деп аталып, көсемдерін құрметтеп қаған деп атаған делінеді.

Мәліметтер бойынша, «скиф халықтарының» ішінде басқа тайпаларға қарағанда аварлар ақылды, іскер, ықпалды болған. Феофилакт Симокатта бұл тайпаларды псевдоавар деп атаған дұрысырақ еді, себебі тайпалар арасында беделге ие болып, олардың кейбіреуі бұрынғысынша уар деп аталса, ал басқалары хун деп аталды деп жазады.

Е. Шаван нағыз аварды кермхионнан көруге болады дейді. Керм (Червь) – құрт, хион – жуан-жуандардың атауы, кей деректерде жень-жень, жужан деп те кездеседі. Яғни жужан атауының мағынасы құрт, жәндік дегенді білдірген. Жужандар мокула тайпасымен араласқан, қытайлықтар мокула тайпасына жиіркенішпен қараған, осы кемсітілген атау батыста Иран формасында керм+хион деп сақталған. Шаванның пікірінше, «жуан-жуандар» деген – қытайлардың кемсітіп қойған бұралқы сөзі, ол тайпаның шын аты – «мұқылы». Сәнби ұлысы Тан-ши-хуайдың әскерін құрғандар –«мукиндер», ал оның билігі тұсында ыдырағандардың бірі «мұқылы» болса, яғни осы мокула, мукри, мұқылы атауларындағы ұқсастықтың өзі бұл үшеуі бір тайпа емес пе екен деген сұрақ туғызады. Приск Панийский мен Феофилакт Симокатта еңбектерінде «нағыз аварларды» келтірген, Еуропа ғылымында осы аталған деректердегі «нағыз аварлар» жужандар емес пе деген пікір көп таралған. Бір қызығы, батыстық деректерде VІ ғасырда Еуропаға келген аварлар мен «нағыз аварлар» арасында ешқандай байланыс жоқ деп дәлелдеуге тырысқан. Бірақ осындай болжамдарға қарамастан Еуропалық аварлар мен жужандар арасында байланыс бар сияқты.

Кей деректерде аварларды хиониттер, вархиониттер деп атап, олар ғұн дәуірінде Сырдария өзенінің төменгі ағысында өмір сүрген көк көзді, сары адамдар болған деген мәліметтер бар. Ф. Симокатта аварларға өте денелі, мерген жауынгерлер деп баға берген.

581 жылдан бастап Түрік қағанаты, Істеми батысқа жорығын бастайды. VІ ғасырдың ортасында Арал теңізінің теріскей бетінде түрік қағаны хуни (хиониттер), уар мен огорлар тайпаларының қарсылығына ұшырайды. Тек 558 ж. ғана бұл тайпалар талқандалады да, түріктер түркілердің бағынғысы келмегендерін, алдына салып айдап, Еділден бірақ шығады. Олар уар мен хунни тайпаларының бір бөлігі – не бары 20 мыңдай адам еді, кейін олар бір халық – авар болған.

VІ ғасырдың ортасында аварлар түрік қағанына бағынғаннан кейін, Менандрдың хабарлауынша, олардың бір бөлігі 20 мың адам батысқа Кавказдың шеткі аймақтарына қашып келіп, Византиямен қатынас жасайды дейді. Жылнамашының көне славян тіліндегі аудармасынан мәліметті сөзбе-сөз келтірейік: … «Авары после долгого скитанія пришли к Аланамь, и просили ихь вождя Саросія, чтобъ онъ познокомиль ихъ съ Римлянами. Саросіи известиль о томъ Юстина, сына Гермонова, который въ то время начальствоваль надь войскомь, находившимся въ Лазикъ. Юстинъ днесь опросьбе Аваров царю Юстиніану, который велель полководцу отправить посольство Аваровь въ Византію. Первым посланикомь этого народа быль избран нъкто по имени Кандихъ» (Яғни аварлар ұзақ уақыт бойы басқыншылықтан кейін, Алан көсемі Саросияға келіп, оларды римдіктермен таныстыруын сұрайды. Саросия осы жағдайға байланысты Лазикада тұрған әскер басшысы Германның баласы Юстинге хабардар етеді. Юстин аварлардың өтінішін Юстиниан патшаға жеткізеді, император қолбасшыға авар елшісін Византияға жіберуіне рұқсат береді. Бұл халықтың алғашқы елшісі болып Кандих сайланып келеді).

VІ ғасырдың 50-жылдарында түріктерден жеңілген жужандар батысқа келіп, авар одағын құрады және олар псевдоаварлардан «Кермихион» деген атымен ерекшеленді. С.П. Толстов болса, басқаша көзқарасын білдіріп, яғни «керм» терминінен – «қала», «қоныс» білдіреді. Олай болса «авархуни» және «кермихион» шын мәнісінде екеуі бір мағына білдіреді – ғұн қонысы, яғни отырықшылар.

Григорий Турский «История Франков» атты еңбегінде Франк королі Хлотарь өлгеннен кейін ғұндар Галлияға басып кіреді дейді [35, с. 276]. Бұл мәселе жөнінде Р. Латуштың мәлімдеуінше, мұнда ғұн емес аварлар жайында айтылуда дейді және аварлар Орал-Алтайдан шыққандар, олар төменгі Дунайда орналасып, Дунайдан Тюрингияға дейінгі территорияны басып алады. Қытай деректерінде Хунну деп аталатындарды Ресей тарихшыларының хабарлауы бойынша ғұндар дейді. Оған ешқандай дәлелдің қажеті жоқ, аттарының ұқсастығының өзі айтып тұр дейді. Айталық, Патер Гобиль: «бұл Хуннулар даусыз, сол Еуропа тарихшылары келтіретін ғұндар деп атайтындар» деп бұл мәселе төңірегінде басқа ештеңе айтпайды. Осы ғалымның тұжырымдарын және Қытай жылнамаларын6 т.б. деректерді ХVІІІ ғасырда француз ғалымы Дегинь (Deguignes) пайдаланды. Ол шығыстан батысқа, Азиядан Еуропаға халықтардың жылжу тарихын зерттеген. Нәтижесінде төрт томдық «Histoire de Huns, des Turcs, des Mongols et des auters Tartares occidentaux» атты еңбегі (1756-1758 ж.) жарық көреді. Оның ең басты еңбегі батыс деректері мен Қытай деректерін салыстыруда болды. Дегинь халықтардың Ұлы қоныс аударуы кезеңіндегі тайпалық бірлестіктердің атауларын қытай деректерімен салыстыра отырып, дұрыс тұжырым жасаған. Дегинь Орта Азия халықтарының классификациясын негізгі этнографиялық топқа байланысты емес, саяси жағдайына байланысты бөледі. Сондықтан ол түркілер мен моңғолдарды бөліп қарастырмайды. Дегинь Азияның осы бір бөлігін мекендейтін халықтардың бәрін татарлар (les tartars) деп атап, оларды шығыстық және батыстық деп екіге бөледі. Дегинь бойынша шығыс татарлары дегеніміз қазір бізше тунгуз және корей тайпалары деп аталатын: То-ба (То-ва, Сянь-би (sien-pi), т.б. Одан кейін батыс татарларына ерекше мән береді. Дегиннің айтуы бойынша, Рим тарихшылары хуннуларды (батыс татарларды) ғұн атымен білген. Татария Хун-ну деп аталынып, үлкен мемлекет құрып, оларды қытайлықтар күйреткен. Содан олар шашырап бір бөлігі батысқа барып, Рим империясымен қарым-қатынасқа түскен. Аттиланың басқыншылық соғыстары соның дәлелі. Хун-нулардың қалғаны Қытайдың шекара аймағында қалып, жу-жень татарларының шапқыншылығына ұшыраған.

V ғасырдың аяғынан VІІІ ғасырдың аяғына дейін Шығыс Еуропа даласында Авар қағанаты өмір сүреді. Аварлар құрған тайпалық одақта негізгі рөлді түркі тілдес тайпалар атқарды, сондықтан негізгі тілі де түрік тілі болды. Аварлар алғашқы еуразиялық болған, ғұн державасы құлағаннан кейін бірнеше түркі тілдес тайпалар ішінен аварлар бөлініп шығады және де оларға шығыстан жужандар келіп қосылып, VІ ғасырдың 60-жылдарында Авар қағанатын құрады. Бұл тайпалық одақтың қағаны Баян болады. Ұлы Қоныс аудару дәуірінде ғұн державасы Еуропа тағдырына, Еуразия тарихында жаңа кезеңге, яғни орта ғасыр өркениетіне өтуге бірден-бір ықпал етсе, ал аварлар осы ғұн дәстүрін, яғни шығыс дәстүрін жалғастырушылар болды. VІ ғасырдың ортасында аварлар ауқымды территорияны жүріп өтіп, Карпат жеріне келеді, олар өздерімен қоса басқа да этникалық топтарды, айталық, Еділ өзені бойынан герандықтарды, оңтүстік орыс даласынан кутригурларды, т.б. ала келеді. Осындай жағдайлардан кейін аварлардың өздері, басынан-ақ таза аварлар болмады, олар этникалық жағынан аралас халық болды.

Түркі халықтарының дәстүріндегідей, аварларда ірі қорғандар тұрғызбаған. Археологиялық материалдарды пайдалансақ, қоныс орындарында шұңқыр, молалардан жылқы малының сүйегі, адамдікінен жеке көмілген, яғни аварлар арасында моңғолойдтық этникалық топтардың болғандығын дәлелдейді. Ал кейбір зираттардан жылқының кейбір мүшелері (тек аяғы мен бас сүйегі) табылған бұл дегеніміз – ирандықтардың жерлеу дәстүрінің белгісі. Молалардан табылған адам бассүйегін қайта қалпына келтіру барысында олардың моңғолойдтық рассаға жақын екені дәлелденген. Сол заманның басқа молаларынан бұл түрлері сирек кездеседі, тіпті, жоқтың қасы, оның орнына таза еуропалықтар (солтүстік еуропалық, Жерорта теңізі және Шығыс Балтық типіндегілер) жерленген. Яғни аварлардың жергілікті халықтармен ассимиляцияға түскенін дәлелдейді.

Ежелгі Орталық Венгрияның тұрғындарының арасында сарматтар да болды, олар ертеректе Рим аймақтарына келіп тұрақталып, аварлар келгенше өмір сүрді, осылардың бәрімен аварлар некелік қатынасқа түскен. Егер осының бәріне славян ықпалын қосатын болсақ, онда VI-IX ғ. Карпат өңірінде этникалық жағынан аралас жұртшылық мекендеп, өздерін авар немесе обор деп аталғандармен біріккен.

Енді авар ордасының Шығыс Еуропа даласына келмей тұрып, Орта Азия, Алтай өңірін мекендеген түркі тайпалармен қарым-қатынасына және жужан атауына тереңірек тоқталуды жөн көрдік. Алып түркі Ту-кю державасы Еуразия құрлығының көшпелі және кейбір отырықшы аймақ тұрғындарын қамтып, жаугершілік соғыстардың арқасында ұзақ өмір сүрмеген империя өкілдерінің бірі болды. Көшпелі мал шаруашылығының қалыптасуына байланысты ыдырап, күйреп жатқандардың орнына, келесі империялар пайда болып жатты, бірақ солардың бірде-біреуі Алтай тайпаларының бірі Ту-кюлер сияқты аз уақыт ішінде сондай үлкен, ауқымды империя құра алмады.

Әрине, түркі тілдес халықтар ертеден бастап өмір сүрді. Олар «хунну», «гаогюй», «теле», т.б. аттармен аталды, өкінішке орай, бұл атаулар барлық түркі тілде сөйлейтіндерді, бір империя астына біріктіре алмады. Алып Түрік қағанатының қалыптасуы, барлық түркі тілдес тайпаларды қамти алмаса да, көпшілік түркі тілдес жұртшылықты «түрік» деп аталатын терминнің астына біріктіріп, этникалық кең мағынаны иемденді. Бастапқыда, бұл атау Алтайдағы моңғол көшпелілерінің бірі жужандардың қол астына бағынушы, жеке тайпа аты ғана болған. Бұл тайпаның ерекшелігі темір өндірісін жақсы біліп, онымен жужан ордасын қамтамасыз етіп отырған.

Бұл тайпаның әулеттерінің басшысы Ашина (Қасқыр) руынан болған. Қытайдың Суй-шу жылнамасының мәліметтері бойынша, Ашина руы, Пхин-лянның (Шэньсидің батыс) аймағындағы көшпелі әртүрлі тайпалардан құралған дейді. 439 жылы Ашина 500 отбасымен жужандарға қашып барып, Алтай тауының оң жағына мекендеп, оларға темір өндірген. Түркі тілдес ортада қалыптасқан бір топ моңғолдар тез үйреніп, мәдениетінің жоғары болуы мен ұйымшылдығының арқасында жергілікті тайпа арасында беделдері артып, билікке иемденеді де, тайпа басшысы болып Ту-кю (түркіт) деп аталынады. Сонымен, түрік, жужандарын осылайша атаған.

545 жылы түркіттер (Батыс Вей) қытайлықтардың көңілін өздеріне аударып, олар Тумын атты (Бумын) көсемімен дипломатиялық қатынас жасайды. Келесі жылы (546 ж.) түркіттер жужандардың сенімді одақтастарының біріне айналып, жужандарға қарсы көтеріліске шыққан телестерді жаулап алады. Басқыншылық соғыстардың арқасында күшейген Тумын (Бумын) Батыс Вей патшалығымен келісімшарт жасасып, некелік қатынаспен нығайтыла түседі. Қытайдың патшайымына арта түсіп, үлкен беделге ие болады. Осыдан кейін енді Тумын (Бумын) жужандарға бағынудың қажеті жоқ деп, оларға қарсы көтеріліске шығады. 552 жылы жужандарға күйрете соққы беріп, Тумын ел-қаған деген титулды қабылдайды. Жужандар жеңілсе де күрестерін тоқтатпады, бірақ қайта-қайта жеңіліске ұшырап отырған, соңында 555 жылы қытайлықтар мен түркіттер оларды ойратып, жоқ қылады.

Сонымен, Ту-кю мемлекеті жан-жағынан кеңейіп, ұлғайа береді. Батыстағы түркіттердің әскери күшін Істеми билік етеді. 555 жылы түркіттер (тюркюты) өз биліктерін Батыстағы теңізге дейін таратады да, сол жерде эфталиттермен қақтығысады. Эфталиттер – шамамен 558 ж. Орта Азияның билеушілері.

Түркіттер эфталиттерді өздеріне бағындырып, Еділ аңғарларына жетеді.

Егер аварлардың шығу тегіне байланысты мысалы: Азиядан савирлерді шамамен жүз жыл ішінде қудалаушылыққа ұшыратқандар жайындағы сұрақ әлі болса да, тарихта жанжал туғызса, ал Еуропада VІ ғасырдың 50- жылдарында белгілі бола бастаған аварлар жайында анық мәліметтер бар. Түрік қағанаты Істеми 598 ж. император Маврикийге жазған хаты Феофилакт Симокаттаның дерегінде мәлімденеді. Істеми (Стемвис) қаған дерек бойынша: «Сильно возгордившись этой победой и сделав Стемвискагана свойм союзником, он поработил племя аваров. Пусть никто не думает, что я рассказываю, будучи мало осведомлен, и не считает, что речь идет о тех аварах которые, как варвары жили в Европе и в Паннонии (они прибыли в эти места много раньше времен императора Маврикия). Живущие по Истру варвары ложно присвоили себе наименование аваров… Совершил каган и другое предприятие и подчинил себе людей племен огор. Это одно из самых сильных племен в силу своей многочисленности и благодаря военным упражнениям в полном вооружении. Они живут на востоке, там, где течет река Тиль, которую обыкновенно называют Черной. Древнейшими вождями этого племени были уар и хуни. Поэтому, некоторые из этих племен получили название уар и хуни» (бұл жерден білетініміз, Абдел тайпасын күйреткеннен кейін (мен эфталиттер деп аталатындарды айтып отырмын), бұл қаған оларды жеңіп, олардың биліктерін өзіне қосып алады. Бұл жеңістен қатты өркөкіректеніп және Стемби қағанды (Істеми) өзінің одақтасы жасап, авар тайпасын жеңеді. Ф. Симокатта сөзін жалғастыра келіп, төмендегі варварлар сияқты өмір сүргендерді айтып отырған жоқпын (олар бұл жерлерге император Маврикийдің уақытынан бұрынырақ келгендер) дейді. Истр өзенін мекендеген варварлар жолдан авар деген атауды қойып алады). Олардың шыққан жерін де әзірше айтпаймын дейді Ф. Симокатта. Дәл қазір мәселе аварлар жайында (а-ба) болып отыр, олар V ғасырдың 60- жылдары Савир тайпаларын Батыс Сібірден Еуропаға Еділден әрі қарай қуған және 556 жылы түркілерге тәуелді болған тайпа аварлар жайында деп әңгімесін жалғастырады.

Қаған басқа тайпаларды, соның ішінде огор тайпасының адамдарын өзіне бағындырды. Огорлар ең мықты күші көп тайпалар, олар әскери жағынан толық қаруланғандар. Олар Шығыста Тиль өзені ағатын жерде тұрады, бұл өзенді түркілер жай «қара» деп атаған. Бұл тайпаның ежелгі көсемдерінің бірі – уар және хун. Сондықтан бұл тайпаның кейбіреулері уар және хунни деп аталып кеткен.

Византияда Юстиниан патша тағына отырған кезде уар және хунни тайпасының кейбір бөлігі қашып Еуропаға келіп қоныстанған. Олар өздерін авар деп атап, көсемдерін құрметтеп қаған деген атақ берген. Бұл жерде не себепті олар өз аттарын өзгертті деген сұрақ туады. Сұраққа жауап былай болады: Барселт, унугур, савир, т.б. ғұн тайпалары уар және хундардың қашып келе жатқан бір бөлігін көріп олардың орталарына келгендерді қорыққандарынан а-балар деп ойлап, авар деп атап кеткен. Сондықтан қашқындарға мол сыйлықтар беріп, өздерінің қауіпсіздіктерін қамтамасыз етеміз деп ойлайды. Уар және хуннулықтар тиімді жағдайдың болып жатқандығын көргенде жергілікті тайпалар елші жіберіп, оларды авар деп қате атағанын пайдаланып, өздерін де аварлармыз деп атай бастайды.

Сонымен, Еуропаға келген аварлардың жужандармен және нағыз аварлармен (а-ба) байланыстары болмады. Ал аварлар – Түрік қағанатынан қашқан огор-угрлар тайпасының құрамындағы уар және хуннилер. Түркілер оларды «вархониттер» деп атаған. Н.А. Аристов пен Г.Е. Грум-Гржимайло оларды түркеш тайпасының бір бөлігі деп атайды. Ол дұрыс емес, түркештердің арғы атасы «нағыз аварлар» – а-ба болды. Бір жағынан нағыз аварлардың жужандар болуы да мүмкін емес. Олардың аттары грекше (abapoz) деп жазылып, ол оқылғанда «абар» деп оқылса, қытайшада соңғы – р әріпі түсіп қалып, тек аба болады. VІ-VІІ ғ. «аба» тайпасы шын мәнінде Тянь-Шань тау қыраттарының сол жақ жағалауын мекендеген. Олар 552 ж. Бумын қағанның жерлеу рәсіміне жеке мемлекеттің өкілдері ретінде қатысқан. Яғни бұлар жужандар болуы мүмкін емес, себебі олар түркілермен жаугершілік қатынаста болды. 555-556 ж. абалар түркіттерден жеңіліп, Іле өзені бойын мекендеген, Сәнби тайпасының мукри деп аталатынына жартысы қашқан, ал қалғаны Тауғастқа Батыс империясы Вейиге бет алған.

585 ж. аварлар түркілерге қарсы шығып, Далобян ханының қонысын күйретеді, 603 жылы теле тайпасымен аварлар қосылып, Дяньғу Бұға-ханына қарсы шығып, көтеріліске қатысқан, одан кейін олардың іздері жоғалып, олардың көшіп-қонған жеріне түргештер пайда болды. Түргеш қағанатының ішкі қатынастарына анализ жасау барысында аварлар түргештердің компоненттері болған. Этникалық жағынан аварлар теле тобына да, Шу тайпасы хундардың тұқымдарына да жатпайды. Бірақ олар эникалық қабат болған дейді. Қытай географы Бичурин еңбегінде («Собрание сведений… ІІІ кітабында) аварлардың әлеуметтік тарихы жөнінде мәліметтермен шектеледі. Мәселен, V ғасырда Жоңғарияда олар гаогюлердің қысымымен одан бұрынырақ Жетісудың батысын қоныстанған. 461-465 ж. оңтүстік Сібір тайпаларына үрей туғызған, олардың жаулары мұхит маңайында өмір сүрген. Шамасы эфталиттер болуы мүмкін, себебі V ғ. Бактриядан солтүстікке басқыншылықтарын бастап 470 ж. Тянь-Шаньға, 496 ж. Балхашқа дейін жеткен. Олар жайында алғаш дерек Аммиан Марцеллинде кездеседі. 356-357 ж. ІІ Шапур (309-379 ж.) Иранның шекарасын әрең ұстап тұрған. Ал 539 ж. Хиониттердің патшасы Грумбат енді амидтік Иран шахының одақтасы ретінде жорыққа шығады, сол кезде Аммиан Марцеллиннің көзінше оның баласы қаза тапқандығы жайында деректе келтіріледі. Қытай деректерінде «Хундар» – Судэ – Соғды еліндегі хиониттер жайында хабарлап, қытайлықтар оларды билеген дейді. Кейінірек хиониттер деп парсылар қытайға бағынған түркілерді айтып, оларды «кермихион» (черви-хиониттері) атаған. Византиялық Феофонның хабарлауынша, 563 ж. Константинопольге аварлар арасында мұхиттың маңайын мекендейтін, кирмахиондардың елшілігі келген дейді. Бұл жерде мәселе аварлар жерінде Арал – Каспий жазығындағы түркіттер жайында болып отыр дейді М.И. Артамонов [2, с. 515]. Мұхит деп Каспий теңізінің Арал теңізімен бұғаздар арқылы орналасқандығы айтылса керек.

Аварлардың айқындалған дәстүрлі тарихы бар, оның бір бөлігі – хундар немесе хиониттер бірнеше уақыт бойы соғдыларды билеп, Иранмен тығыз байланыста болған. Ф. Симокатта угорларды былайша суреттейді: олар көп халық, олардың біраз ғана бөлігі уар (вар) және хундар (хиониттер) түркілерге бағынғылары келмегендіктен, батысқа Еділ өзенінің арғы жағына көшіп кетеді де, өздерінің аварлар, яғни еуропалық аттарын иемденеді деп жазады.

Түркілер эфталиттермен соғысып жатқандықтан, аварлардың ізіне түспеді, бұл мәселе жайында Менандр былай дейді: «түрік билеушісі Силзивул аварлардың қашып кеткенін естіп, варварларға тән қатыгездікпен сөйлеген. Олар естерін жинап жан-жағына қарап алсын дей келе: «Аварлар құс емес, аспанда ұшып жүріп, түркілердің қылышынан қашатын; олар балық та емес, теңіз түбіне сүңгіп жоқ болатын; олар – жер бетінде адасып жүрген халық. Эфталиттерді жеңгеннен кейін аварларға шабуыл жасаймын, олар менің күшіммен қашып кете алмайды»».

Азов пен Каспий теңіздерінің жазығында пайда болған аварлар туыс этникалық топтың ортасына тап болады, себебі алдында ғұндар, угорлардың бір бөлігін өздерімен ілестіріп алып барған болатын. Соған орай, аварлар жаңа жердің жағдайына тез үйреніп, тіпті солтүстік кавказдықтар арасынан аландармен одақтасып та үлгереді. Алан көсемі Сарози арқылы Лазикада орналасқан Византияның әскерімен қатынас жасайды да, императордың келісімін алып, 558 жылы алғаш өздерінің елшісін Константинопольге жібереді.

Аварлар амалсыздан өздерінің жаңа көршілерін тонап, соғысып өмір сүруге тиіс болды, сонымен қатар таза әскери ұйым ретінде жергілікті тайпалар үшін қауіпті дұшпан саналды, бірақ қатты жауласса да, аварлармен одақтасудың амалын іздеді де, олардың күші арқылы өздерінің қауіпсіздігін нығайтып отырды. Аварлар Шығыс Еуропа тайпаларымен жалғыз күресуден түк шықпайтынын білді, сондықтан бастапқыда аландармен, сонан соң кутригурлармен одақтасты. Шамасы император түркі елшісінен қанша авар қашты деп сұрағанда, олар екі тумын деп жауап беруі мүмкін. Әр тумын шамамен 10 мың әскери жауынгерді қамтыды. Жалпы авар ордасы мүшелерінің саны, қарттар, әйелдер мен балаларды санағанда шамамен 100 мың адамнан асқан болар. Кутригурлар аварлардың келгенін пайдаланып, оларды 559 ж. Византияны тонағаннан түскен бүкіл олжаны айырып алған утигур тайпасына айдап салады. Кутригур мен авар арасындағы достық қатынасы жайында Менандр кутригур мен авар көсемінің арасындағы туыстық байланыстарын мәлімдейді. Дәл осы одақтың арқасында кутригурлар аварларды Солтүстік Кавказ даласынан әрі қарай батысқа – Қара теңіз жазығына шақырып, ол жақта оларды қуанышпен қарсы алады.

Түркілер Еділді кесіп өтпеген, Жайық өңіріндегі даланы қаратумен шектеліп қалған. Осымен Істемидің батысқа жорығы аяқталады. Төрт жылда қол жеткен жетістіктері қағанат алдына бірқатар жаңа саяси міндеттер қояды. Жоғарыда айтылған аварларды бірқатар батыстық авторлар, айталық, Шаван, Грум – Грижимайло, т.б. жужандармен теңестіреді. Жужандар ІV ғасырдың аяғы мен V ғасырдың ортасында үлкен Хинганнан шығыста Балхаш көліне дейінгі кең Азия даласының бір бөлігін алып жатты. Бірақ Феофилакт Симокаттаның мәліметі бойынша, түркілерден жеңілген жужандар 552-555 ж. Бэй-Ци патшалығына (солтүстік-шығыс Қытайға) қашады, олар аварлар болуы мүмкін емес, себебі аварлар түркілерден жеңіліп қашқандар, бір бөлігі Тауғаст, Санбилік Тобаларға, олар ол кезде Солтүстік-Батыс Қытайды иемденген, ал қалғандары Мукри Оңтүстік Жоңғарияға, Мохе деп аталатындармен қосылып, түргеш халқын құрады.

Сонымен савирлерді қуғынға ұшыратқан “нағыз аварлар” (кейіннен пайда болған псевдо-авардан (лақап-авар) айырмашылығы әлі күнге шейін шешілмеген сұрақтардың бірі болып қалуда.

558 ж. түркілер Еділге шыққанда, аварлар – абарлар бұл кезде күйреген болатын. Аварлардың құлауы түркілердің эфталиттерді жеңуіне себепкер болды. Жоғарыда көрсетілген уақыт дұрыс болмауы мүмкін, толығымен жеңбеген немесе ол тек 569 жылы аяқталған. Қытай деректері негізінде 555 ж. эфталиттер түркілерден жеңілді. Ф. Симокаттаның мәлімдеуінше, абарлар (а-ба) аварлармен тең түсінікте болған, оны VІ-VІІ ғ. Қытай жазбалары дәлелдейді. Жоңғарияда тұрған 585 ж. Түрік қағанатында ұлы тұрақсыздық кезінде а-балар Түрік қағанатының Далобянның тұрағына шапқыншылық жасаған, ал 603 ж. теле тайпаларымен бірігіп Дяньгу Бугяханға қарсы көтерілісіне қатысқан. Манчжур әулетінің ресми географиялық мәліметі бойынша, VІІ ғ. Түркеш жерін Қытай басшылары У-а-ла яғни, авар өлкесі деп атаған, Н.А. Аристов және Грум-Гржимайло аварлар түргештер болғандар дейді. Бұл екі авторда псевда-авар (жалған аварларды) айтып отыр, төмендегіде көрсетілетіндей, бұл жағдаймен келісуге болмайды, бірақ-та олар нағыз аварлардың түркештерден шындыққа сай келетіндей байланыстырады. Жаңа территорияда тұрақталғаннан кейін, аварлар жаңа мемлекеттік одақ – Авар қағанатын құрады. Олардың алғашқы басшылары Баян қаған болды. Баянның қоластына көптеген Еуропа тайпалары бағынды, соның ішінде славяндар және германдықтар да болды. Шамамен жүз жылға жуық уақыт көлемінде, көшпелілер мекендеген Оңтүстік Ресей жазығының бір бөлігіне қағанның билігі таралып жүрді. Сонымен қоса VІ ғасырдың аяғында Авар қағанатына кутригур, тарниах және забендерлер келіп қосылады.

Бұл кезде Византия шығыс жағындағы парсылармен соғыс жүргізіп жатқан болатын. Осы жағдайлардың бәрі аварлар үшін өте тиімді болды. VІ ғ. 70-80 жылдары славяндармен бірігіп, Византия иелігіне жататын, Дунайдың төменгі ағысында орналасқан жұртшылыққа тонаушылық шапқыншылықтарын жүргізді. Византия 591 ж. парсыларды жеңгеннен кейін біршама уақытқа болса да Балқан территориясынан аварларды ығыстырады.

Аварлардың шығу тегін жандандыра отырып, біз олардың құрамына кірген тайпаларға да тоқталғанды жөн көрдік. V-VІ ғасырларда византиялық авторлардың хабарлауынша авар одағының құрамында Акацир, барсил, сарагур, угор, савир, уртугур, оногур, кутургур, славян т.б. болған.

Акацир тайпалары («gens Acatzirorum») Иордан бұл тайпаларды «ең мықты», «ең күшті» («gens fortisima») және жер өңдеумен емес, аңшылықпен, мал шаруашылығымен айналысады деп хабарлайды. Иордан бойынша акацирлар үлкен территорияны алып жатты. Балтық теңізіндегі янтарь жағалауында және болғарлармен Понт теңізінің жағалауындағы кеңістікті алып жатты дейді. Иорданнан жүз жыл бұрын жазған Присктің хабарлауынша, акацирлер – скифтік, яғни ғұн тайпасы. Аттила акацирлерді өзіне бағындырған және өзінің үлкен ұлын соларды басқаруға жіберген; олар (акацирлер) V ғасырдың бірінші жартысында Понт маңайындағы облыстарда және Каспий қақпасы арқылы Кавказ тауларына өтіп, парсылармен соғысқан. ІІ Феодосий акацир князына үнемі «сыйлықтар» жіберіп отырған. Акацирлер мықты тайпа болды, империя үшін бұл қатынас тиімді еді. Прокопий өзінің шығармаларында акацир тайпаларының аты кездеспейді, бірақ Мэотия жазығында «киммерийлік» ғұндар өмір сүрді, оның уақытында бұл тайпаларды утигурлар деп атаған.

Савир (Saviri) – ғұн тайпасы, бастапқыда, Иордан барлығын ғұн тайпалары десе, енді біреулерін альцигар, басқаларын савирлер деп атай бастайды. Альцигарлар Херсон маңайын паналаған, Иордан савирлердің мекендеген жерін көрсетпейді, кунугурлар жайында хабарлайды да, савирлерге тоқталмайды. Мүмкін савирлердің қосымша аты хунугур шығар? Прокопий Кесарийский савирлердің қоныстанғаны жайында мәліметтер келтіреді, оның айтуынша, олар Кавказ тауларының солтүстік жағалауында дейді. Бір айта кететін жай, савирлер римдіктерге жалдамалы болды, көбінесе савирлер римдіктерге парсылармен соғыста көмектесті. Савирлердің византиялықтармен өшпенділік жағын Менандр көрсетеді. Олар V ғасырда Присктің жазбаларында кездескеніне қарағанда осы ғасырларда белгілі болған.

Еуропадағы түркі әлемі: авар тарихы (VІ-VІІІ ғ.)

Подняться наверх