Читать книгу Гүлмінездің гүлдері - Кеңес Оразбекұлы - Страница 10
ГҮЛМІНЕЗДІҢ ГҮЛДЕРІ
(әңгімелер мен этюдтер, санамақтар жинағы)
ГҮЛМІНЕЗДІҢ ГҮЛДЕРІ
ЖАЙЛАУ ТАҢЫ ЖЫР ТӨГЕР
ОглавлениеГүлмінезді мамырдың саумал желі оятты. Көрпесі ашылып кеткен. Киіз үйдің іргесінен уілдеп тұр екен. Сырттан қой мен қозылардың жамырай маңыраған, атасының қой қайырған даусы естілді. Боз-торғайдың мың құбылған үні тіпті әсерлі.
Денесі сергіп қалыпты. Салмақсыз шардай, орнынан жеңіл тұрды. Киіз үйдің қос жармалы есігін айқара ашып, сыртқа елегізген күймен шықты.
Күткеніндей-ақ алдынан керемет көрініс ақ жарылып қоя берді. Төңірегі бел-белес жасыл әлем. Оларды көкпеңбек, кіршіксіз аспан күмбезі бауырына алыпты. Сонау, көлбей сұлаған жотаны қиялап қой-лар өріп барады. Енелерінің соңындағы жас төлдер – бейні ақ мар-жандай көз қуантады. Ал сай табанындағы құла биенің мүсінді құлынын, қозы – маржандармен салыстырғанда, ақ жұмыртқа дерсің.
Өркештенген көкжиектен жалт етіп көрінген алау-от Гүлмінезді айрықша баурап алды. Күн бейне бір сахнаға көтерілген табиғат ор-кестрінің дерижеріне ұқсайды. Айнала-төңірек кенеттен құлпырып, көңілді, салтанатты ырғаққа толып кеткендей. Оның алтын сәуле-таяқшасынан тараған нұр – қыздың жан қалтарысын себездеп қана қытықтап өтті. Бойындағы болмашы ғана діріл бүкіл денесіне тарады. Күлімсіреген күйі сезімге бөленіп, отты дирижер – күнге қарап көзі ұялды. Жанары мөлтілдеген шаттыққа кенелді.
– Шырағым-ау! Ерте тұрғансың ба? – деген дауыс оның ойын ке-неттен бөліп жіберді. Гүлмінез жалт бұрылса, жанында әжесі тұр. Оның әжімді, момақан жүзі өте сүйкімді көрінді. Бұрынғы бұйығы, қара-пайымдылығынан түйір дақ қалмағандай.
– Әже, – деді ол, әжесінің тарамыстай қолын алақанымен айма-лай сипап. – Жайлау таңы қандай әсем. Неткен ғажайып күй ырғақ-тарына толы…
Оның танауына жаңа сауған сүттің иісі келді. Әжесінің бал тамған саусақтарына сіңген сүт қой бұл. Ол осы қамқор саусақтарды сығым-дай ұстап, жүзіне жақындатты.
– Иә, жаным, – деді әжесі. – Жайлау таңын көрген де арманда, көрмеген де арманда. Бар берекенің басы осы сылқым таңмен еріп келеді. Ерте тұрып әдеттенген адамға ырысын үйіп береді. Сен де сондай сергек жандардың бірінен бол, қарағым, – деп шешілді.
– Айтқаныңыз келсін! – деді Гүлмінез ересек адамдарша. Артынша:
– Ой, әже, – деді ойына бір нәрсе түскендей ырши секіріп. – Менің қағаз-қаламдарым қайда? – деп жүгірген күйі үйге сүңгіп кетті. Үйге қалай кірсе, солай жылдам шықты. Қолтығына қағазын, уысына қаламдарын қысқан күйі, үй артындағы биік дөңге тұра жүгірді. Мөлдіреген шық тамшыларын да елемей, көк шалғынға апыл-ғұпыл тізе бүкті. Содан, алаулаған күнге бетін бұрып, тапжылмастан көп отырды.
Қария қойларын өргізіп жіберіп, сәресісін ішуге қайтып келген. Немересінің бос төсегін көріп:
– Гүлмінез қайда? – деп сұрап еді, кемпірі иегімен дөң жақты нұс-қады. Қария үй сыртын көлегейлеген биік жонды тасадан шығып барып қарады. Немересінің қағазға шұқшиып отырғанын көріп, көңілі орнына түсті.
Бұл кезде кемпірі үй алдындағы ошаққа от жағып, түтін түтетті. Сүт пісіріп, шай қамдауға кірісті.
Үй ортасындағы жайдақ үстелге дастарқан жайып, шалы екеуі енді жайғаса бергенде, Гүлмінез де кіріп келді. Жүзі бал-бұл жанып, қария-лараға жайнаңдай қарады.
– Ата, әже! – деді, қунақ та ынтық үнмен. – Сүйікті немерелеріңіз алдарыңызға сый-сияпатымен келіп тұр. Ал, кәне, құлақ қойыңыздар! Төбелеріңізден жыр-шашу шашамын!
Ол қағаздағы маржандай тізілген жазуды әуезді сәби үнімен мың құбылта оқи жөнелді:
– Шуағыңмен
Әлемді
Аймалайсың, Алтын Күн,
Аралайсың бар елді,
Қалін біліп халқыңның.
Ел-жұрт сені көрмесе,
Сағынысып қалады.
Айтшы, Алтын Күн,
ендеше,
Қай жер саған бағалы?
– Орман, тоғай, күллі
жер —
Бәрі бірдей мен үшін.
Болсын деймін мұңсыз ел,
Көркейтемін өрісін.
Қажеттігің сезілсе,
Аралаудан шаршар кім?
Ал, балақай, өзің ше,
Айтшы не деп ән салдың?
– Неткен ғажап, тау елі,
Аймағың! – деп ән салдым.
Бәрінен де әдемі
Жайлауың! – деп ән салдым.
Ата-әжемсіз әдемі
Болар ме ең? – деп ән салдым.
Ата-әжемсіз
Бұл жерге
Жолар ма ем? – деп ән салдым.
– Жақсы бала – жарқыным,
Сендер үшін нұрланам.
Бар екен, – деп – ақылың,
Ырза болды Күн маған.
Қос қария қорғасындай балқып, ыдыс ернеуіндегі сұйықтай тынып қалыпты. Гүлмінез де өз даусының жаңғырығын тыңдағандай ұмсына түсіп, селт етпейді.
Бірінші болып әжесіне тіл бітті:
– О, ақынжанды жүрегіңнен айналайын, сенің!.. – деп келді де. – Тфә-тфә! Тіл-аузым —тасқа, – деп бітірді.
Сұңғыла атасы да қарап қалған жоқ.
– Ойы – нәр, тілі – бал немерем ғой менің. Талабың таудай бол-сын! Кәне, ақ маңдайыңнан иіскейінші, – деп орнынан тұрып жатты…