Читать книгу Гүлмінездің гүлдері - Кеңес Оразбекұлы - Страница 8

ГҮЛМІНЕЗДІҢ ГҮЛДЕРІ
(әңгімелер мен этюдтер, санамақтар жинағы)
ГҮЛМІНЕЗДІҢ ГҮЛДЕРІ
ҮЗІЛГЕН ГҮЛ

Оглавление

Жамал апай балаларға табиғат туралы, оның адамзат үшін маңы-зы жөнінде сабақ түсіндіріп болды да, сөзін былай түйіндеді:

– …Сондықтан да, балалар, табиғатты көздің қарашығындай қорғау керек, аялай білу керек, түсіндіңдер ме?

Осы кезде алдыңғы партада отырған Марат:

– Апай, біздің ауыл да табиғат па? – деп сұрады.

– Иә, ауыл да – табиғат. Сонау көз ұшындағы көсіліп жатқан дала, жайқалып тұрған шөптер де, мына ұшып жүрген құстар, ормандар мен аңдар, теңіз-көлдер мен балықтар – бәрі-бәрі табиғатқа жатады.

Жамал апайының сөзін бар зейінімен тыңдаған Гүлмінез есіне бір нәрсе түскендей қабағын кіржитті. Кенет мойнын алға созып, ұмсына қолын көтерді. Апайы оған назар аударды:

– Иә, не сұрамақшы едің, Гүлмінез?

– Жамал апай, бәйшешек те табиғатқа кіреді ме? – деді ол.

– Әлбетте, бәйшешектен бастап гүлдердің бәрі табиғаттың бөл-шегі…

Ал Гүлмінез болса ойланып қалды.

Ол сабақтан келе салысымен, асханадан пышақ пен шыны ыдыс алып, үй сыртындағы жасыл қыратқа шығып кетті.

Біраздан кейін, жүзі гүл-гүл жайнап қайтып оралды. Қолындағы шыны ыдысқа қырдың ақ гүлдерін толтырып жинаған еді. Оларды бақша ішіндегі гүл егетін алаңға апарып, шұқырша қазып, отырғыза бастады.

Осы кезде үйден шешесі шықты. Ол жұмысынан түстікке келген болатын. Сол бойы Гүлмінезді іздеп таба алмаған. Оны бақша ішінен көрді де, жанына келді:

– Апыр-ай, сені іздемеген жерім қалмады! Сумкаң үйде тұр да, өзің жоқсың. Қайда жүрдің осы уақытқа дейін, құлыным-ау, не істеп жатырсың?!

Қызы оған көңілді жауап берді:

– Қарашы, анашым. Мына әдемі бәйшешектерді адырдан қазып алдым. Біздің Жамал апай айтты: «Табиғатты қорғау керек» деп.

– Сен оларды қорғаудың орнына, өсіп тұрған жерінен үзіп әкелдің ғой…

– Иә, міне қарасайшы, тамырлары бар. Қайтадан отырғызып жатырмын. Мен бұларға су құйып, күтетін болам. Әйтпесе, далада оларға ешкім қарамайды. Сосын ғой, жазға жетпей қурап қалады.

Шешесі мырс етіп күліп жіберді де, іле салмақты күйге ауысып:

– Сен дұрыс жасамадың, Гүлмінез, – деді. – Табиғатта не нәрсе-нің болсын өз орны, өз заңдылығы бар. Бұлар – бәйшешектер, көк-темнің хабаршысы. Ерте гүлдейтіні де содан. Бұлар қурағанмен, орнын басқа гүлдер басады. Сонысымен де қымбат. Мына гүлдер қай жерде гүлдесе, сол жерде ұрық шашып, ендігі жылы тағы өніп шығар еді. Ал, сен, оларды бұл гүлзарға білместікпен зорлап әкелдің. Егер Жамал апайыңнан «табиғатты қалай қорғаймыз?» деп сұрап алғаныңда, бұл іс болмас еді.

Гүлмінездің жүзі қызарып, төмен қарады. Шешесі қызының шашы-нан сипап:

– Бұларды енді осы орнынан қозғамай-ақ қой. Екінші рет қателік жасамауға тырысасың. Жүр үйге, тамақ суып қалады, – деді.

Ол ілбіп басып, шешесінің соңынан ерді. Сөйтсе де оның сана-сында «табиғатты қалай қорғаймыз?» деген сырлы сауал жаңғырықтай тағы қайталанды. Осыны келесі сабақта апайынан сұрап алуға бекінді.


Гүлмінездің гүлдері

Подняться наверх