Читать книгу Жылкелді руының тарихы (мақала) - Мұхтар Бақытұлы - Страница 2
ЖЫЛКЕЛДІ РУЫНЫҢ ТАРИХЫ
ОглавлениеАса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын
«Осы кітапты оқып, білмегенін
ұққан мұсылман біздің атымызды
атап Фатиханы оқысын…»
Әбілғазы Баһадүр «Түрк шежіресі»
КІРІСПЕ
Жүрегі қазақ деп соғатын Адам баласы қашанда өзінің шыққан тегін іздеп, өзін қайдан тарағанын біліп, танып, білгенін атадан балаға жеткізгені, өткен заманнан келген рухани және материалды-мәдени құндылықты сақтап қалуға мүмкіндік берді. Қолыңызға тиіп отырған кітапта біз Ұлытау өңірін мекендеген Бағаналы Найманның бір баласы Жылкелдінің шыққан тегін, тараған ұрпағын суреттеп, сіздің назарынызға ұсынып отырмыз.
Алланың адамзатқа жіберген соңғы жолдауы, қасиетті Құран Кәрімде былай деп жазылған: «13. Ей, адамдар! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауа) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар және рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шексіз Аллаһ толық білуші, әр нәрседен хабар алушы.» (49 Сүре. Хужурат). Құдыретті Жаратқан осы сүрені жіберіп, өз шыққан тегіңді, руыңды, еліңді біл деп бұйырған. Яғни, шежіре жазу, шыққан руыңның тарихын зерттеу, кейбіреулердің түсінігіндей, трайбализм, немесе елді жік-жікке бөлу емес.
Тіпті әруақтарды мазалай бермеңдер дегендерде шығады. Жоқ, шежіре жазу әруақтарды мазалау емес, керісінше, кітапта марқұмдардың аты аталған сайын дұға болып қабылдансын деген ниетпен жазылады. Шежірені қалыптастырып, қағаз басылымына еңгізу және оны жылдар өткен сайын жаңартып тұру нағыз мұсылманның міндеттерінің бірі. Ал, Қазақ елінде бұл жұмыс ру-тайпалық сапты бір тәртіпке келтіру деп таныған жөн.
Қазақ шежіресін зерттеу – байырғы заманнан келе жатқан ұлт дәстүрі. Атадан балаға тіл әдебиетімен жететін жешіре, әсіресе, түрктілдес елдерде, мәдениеттің төрінен орын алған. Сол сөзбе-сөз айтылып жүретін шежірелерді бір сатыға қойып жазып, бір-бірінен көшіріліп алынған жылнамалар сол рухани құндылықты бүгінгі біздерге жеткізді.
Ол жылнамалар маңызды ақпарат арқылы біздің жұмысымызға керекті тарихи логиканы құрастыруға көп үлес қосады. Қасиетті Құран Кәрім Адам баласының пайда болуынан Алланың соңғы елшісі, пайғамбарымыз Мұһаммедке дейін, ортағасырлық жылнамашылары, Нұһ пайғамбардан түрк тайпаларының шыққан тегі мен Оғыз заманына дейінгі тарихи оқиғаларды таратып береді.
Біздің жұмысымыз үшін құнды дереккөздердің бірі болған «Моңғолдың құпия шежіресі» Шыңғыс қаһан мен Найман елінің арасындағы қарама-қатынас, Жошы үлесіндегі Найман Кетбұқаның рөлі туралы ақпарат береді.
ХІХ ғасырдағы Қазақ, оның ішіндегі Бағаналы елі туралы нақты да жан-жақты мәліметтерді орыс зерттеушілері қалдырып кеткен. Ол деректерді біз Ресей империясының Генштабында қызмет еткен подполковник Красовский әзірлеген «Материалы для географии и статистики» атты еңбектің 16 томынның І, ІІ және ІІІ-ші бөлімдерінен, 1897 жылы Ресей империясында жүргізілген тұңғыш санағы бойынша жазылған «Материалы по киргизскому землепользованию» атты көптомдығының ІІ томынан, тағы басқа шығармалар мен жинақтамалардан табамыз.
ХХ ғасырда жазылған шежірелерді Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхаметжан Тынышбаев, тағы басқа зерттеушілердің еңбектерінен кездестіруге болады. Жылкелді ұрпақтарының тарауы 1991 және 2002 жылдары шыққан Жылкелді шежірелерінің беттеріне сүйене отырып, цифрлық ақпарат құралдары арқылы ағайынмен байланысып толықтырылды.
Мүмкіндігінше нәтижелі жұмыс орындауға «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы жазып шығарған «Қазақ ру-тайпалары тарихы» атты көптомдық еңбек өз үлесін қосты. Бұл зерттеудің оныншы томының І, ІІ, ІІІ кітаптары «Найман» деп аталып, ерте ғасырлардан ХХ ғасырдың басына дейінгі замандағы Найман тайпасының тарихын баяндайды.
Бірақ, сол еңбектердің баршылығына қарамастан, қаншама мол деректер болса, соншама қарама-қайшылық пен әр-түрлі пікірлер кездеседі. Ол – ол ма? Тевкелев, Левшин, Красовский секілді орыс зерттеушілері, Сібір «қырғыздары» туралы мәліметтер жинаған кезде, биліктегі бақандай қандар мен сұлтандардың өздерінің ата-бабалары туралы деректерін сұрап алалмаған. Өйткені олардың бәрі елдің қысқа тарихи санасының кесірінен ұмытылған, жазылмаған.
Сондықтан, біз Жылкелді руының тарихын жазғанда Адам баласынан Жылкелді бабамыздың заманына дейіңгі оқиғаларды хронологиялық тұрғыдан баяндап, тарихта белгілі тұлғаларды атап өтіп, шежіре тіркесін жалпылама әңгімелеп шықтық. Өйткені, кітаптың басты мақсаты тарихи диссертация немесе монография жазу емес, тек Жылкелді руының шыққан тегі мен тарихын әңгімелеп отыра, бүгінгі ағайынды түгендеп, келесі ұрпаққа ақпарат қалдыру болды.
Жылкелді руының шежіресі басқа да рулар секілді, тек XVIII ғасырдан бастап нақтылай айтқанда қазақтың жоңғарға қарсы жүргізген Отан соғысынан бастап, азды-көпті болсада, туралау мәліметке ие болып, ата-бабаларымыздың есімдері мен олардың өмірбаяны туралы деректер көптеу кездеседі. Ал, XVIII ғасырға дейіңгі мәліметтер бір-бірімен сәйкестенбей, әртартпалы пікірлер арқылы тарқатылу көп орын алады. Тұлғалардың көбісі ұмытылып, шежірелерге тек белгілі, есте қалған кісілер ғана кірген.
Оның үстінен соңғы 30 жыл шамасындағы шежіре тарқатушылардың көбісі кәсіби тарихшы болмағандықтан, тарихи оқиғалардың логикасы, хронологиялық заңдылықты білмегендіктен, көптеген шатыс, ойдан шығарылған фактілер мен байырғы тұлғаларды тек мифология тұрғыдан мадақтау бағытта келтірілген мәліметтер де кездесіп жатады. Ал, XVIII ғасырдан бері қарай ел аузындағы аңыздар мен тарихи дереккөздердегі мәліметтер бір-біріне сәйкес келіп, бір сапыға тіркесіп келеді.
Сондықтан, бұл кітаптың басты тақырыбы Жылкелді руының шежіресі болғандықтан біз теруімізді бірнеше бөлімге бөлуді жөн көрдік. Бірінші бөлім – Жылкелді руының тарихы; екінші бөлім – Жылкелді руының шежіресі; үшінші бөлім – Жылкелді бабаның белгілі ұрпақтары туралы; төртінші бөлім – Мақалалар. Естеліктер. Құжаттар.
Бірінші бөлімде Жаратушы Адамды жаратқаннан бастап, түрк бабаларымыздың тарихына үңіліп, Бағаналы елінің жылнамасын тарқата отырып, Жылкелді бабамыздың ұрпақтарының тұрмыс-тіршілігіне ой салдық. Мұнда біз жалпы Қазақ тарихына көз салып, болған оқиғаларды Жылкелді руы шыққан Бағаналы елінің орнын айқындауға тырыстық. Басты мақсат – болашақ ұрпақ өзінің бай тарихын біліп, тектілігін сезіп жүрсін деген ниет.
Екінші бөлімде ағайындардың ұйымдасуымен жиналған әр жылкелділіктің есімдері кірген Жылкелді руының шежіресін тарқаттық. Бұл бөлімде тарихнамада орын алған Найманнан Бағаналыға дейіңгі шежірешілердің арасындағы пікір-таласқа қатыспай, шежіре кестесін 2002 жылы шыққан шежіреге сүйеніп келтірдік. Өйткені, шежірешілер Бағаналы руы қайдан пайда болғанын нақты айтпайды. Көбісі Бағаналының тегі Найман деп, ешқандай күмән туғызбай жазса, кейбір зерттеушілер оны дербес тайпаға жатқызады. Біреуі Бағаналыны Төлекатайдан тарқатса, Екіншісі Белгібайдан бірақ шығарады. Сондықтан, нақты дерек қашаннан ұмытылып, әр шежіреші өз ұстанымына берік болып, өз пікірін қорғауға құқығы бар болғандықтан, біз полемикаға бой алдырмай ескі шежіреміздегі кестеге сүйене отырып, өз ойымызды осы екінші бөлімге кіргіздік.
Үшінші бөлім тегіс Жылкелді ұрпақтарының белгілі тұлғаларының өмірбаянын мүмкіндігінше қысқаша сипаттауға арналады. Аллаға шүкір, мың өліп мың тірілген елімізден, қиын-қыстаулары мен соғыстарға толы, жұт пен аштық жиі серік болған замандарға қарамастан, текті бабамыздан текті ұрпақ өрбіді. Сол ұрпақ туралы, кеудені керіп тұрып мақтанатын тарихи тұлғаларымыз туралы, еті тірі, өз ісіне берік те адал да болған ағайындар туралы ақпарат пен мәліметтерді, естеліктер мен омірбаяндарын осы бөлімде мүмкіндігінше толық көрсетуге тырыстық.
Төртінші бөлімде Жылкелді ұрпақтары туралы кітаптарда, мерзімді басылымдарда жазылған естеліктер, мақалалар және құжаттар келтірілді.
Біздің бүгінгі Бағаналы-Балталы елін, оның ішінде Жылкелді руын өлкетанулық тұрғыда зерттеудегі мақсатымыз Найман елінен бөліп алу емес, қайта әр қазақтың ру-тайпаларының тарихын жазу процесіне өзіміздің кішігірім үлесімізді қосу деп түсінген жөн. Әр тайпа, әр ру қазақтың қырықтан астам ру-тайпаларының шежіресін, одан әрі тарихын жазып шығарса, күллі қазақтың тарихы дерекке байып, пікір-таластың қарама-қайшылықтары бір тұжырымға келіп, мәдени және рухани мұрамыз бай да, үлкен көлемді де болып, болашақ ұрпаққа аманат болары сөзсіз. Кейін сол ру-тайпалардың қаныққанды тарихын, біз өшірілуге сәл қалған тарихымызды қайтадан жандандыруға мол мүмкіндік аламыз. Сонымен, Қазақ елі ұзағынан өз мәдени рухын асқақтатады.
Күллі ағайын, әсіресе жастар, оқып таныссын деген ниетпен жазылған бұл кітап, Қазақ елі руларының бірі, Бағаналы Найманның баласы, Жылкелді бабамыздың ұрпақтарын біріктіріп, бір-біріне деген бауырмаушылығын артар деген ойдамыз.