Читать книгу Жылкелді руының тарихы (мақала) - Мұхтар Бақытұлы - Страница 3
І БӨЛІМ. ЖЫЛКЕЛДІ РУЫНЫҢ ТАРИХЫ
ОглавлениеАллаһ Адамды жаратты, кейін оның қабырғасынан Хауа ананы жаратты. Екеуін Жұмаққа орналастырып, талда өсіп тұрған жемісті «алма» деп атап, сенімсіздердің қатарынан көрінбеу үшін, оған таянуға тиым салды. Бірақ, сайтан келіп алманы алып жеуге азғырды. Сол үшін Адам Алланың ашуына тап болды.2 «Болашақ ұрпақтарың бір-біріне қас болып, Ақырет күніне дейін жер бетіне орналассын» – деп үкім етеді.
Сол күндерден бастап Аллаһ Адам мен Хауа үшін алты күнде, мамық болсын деп жеті қабатты жерді және ғимарат болсын деп жеті қабатты аспанды жаратты. Адам баласы көбейіп, бірі Аллаға сеніп, бірі сенбей әлі күнге дейін бір-бірімен қырқысып, жауласып келеді. Аллаһ жерге өз сөзін жеткізу үшін 120 мыңнан астам пайғамбар жіберді. Солардың бірі – Нұһ пайғамбардың кезінде, Аллаһ сенімсіздерді топан суға батырып, жерден аластап, Адам баласының тарихындағы жаңа кезеңге жол ашты.
Ол кезең туралы Әбілғазы баһадүр өзінің «Түрк шежіресінде» былай тарқатады: «…Кемеден жерге түскендердің бәрі ауырып қалады. Нұһ пайғамбар, оның үш ұлы мен үш келіні жазылып, қалғандары өледі. Содан кейін Нұһ үш баласын үш жаққа жібереді. Хам есімді баласын ол Хиндустанға, Самды – Иранға, ал Яфесті – теріскейге қарай аттандырады.»3
Яфес әкесінің жұртынан жолға шығып, Еділ мен Жайықтың жағасына жетіп, сол жерде 250 жыл өмір сүріп өледі. Одан сегіз ұл бала тарайды. Олардың есімдері: Түрк, Хазар, Сақлаб, Рус, Минг, Шын, Кемер, Тарық. Өлер алдында Яфес балаларына:
– Түркті өздеріңнің патшаларың деп санаңдар және оған бағыныңдар, – деп аманат етеді.
Әбілғазының жазуы бойынша Түркте төрт ұл болған екен: Түтек, Жекел (Жақал), Берсежар, Емлақ. «Өлер алдында Түрк патша қылып Түтекті таққа отырғызып кетеді. Түтек ақылды және кемеңгер патша болды. Ол Иран падишаһы Кеюмерстің замандасы еді. Бір күні аңға шығып, жабайы ешкіні атып алып, кебап пісіріп, оны жеп отырғанда, еттің бір бөлігі жерге түсіп кетеді. Жерге түскен етті көтеріп, аузына салса, ет өте дәмді болып сезіледі. Сөйтсе, ол жер тұзды екен. Сол кезден бастап Түтек етке тұз қосуды бұйырады.
Түтек өлер алдында таққа ұлын Абұлжа қанды отырғызып, «барса келмеске» кетеді. Абұлжа елді көп жыл басқарып, орнына Бақүй Діп қанды отырғызады. Бақүй әлсірегенде, таққа Алынша (Алаша) қанды қояды. Алынша қанның уалаяттары мен ел ұлыстары көбейіп көркейіп, күшті ел болады. Оның екі егіз ұлдары болады: біріншісі – Татар, екіншісі – Моғұл. Алынша қан қартайғанда өзінің жұртын екіге бөліп, екі ұлының еншісіне береді.
Моғұл қанда төрт ұл болады: үлкені – Қара қан, екіншісі – Гүр қан, үшіншісі – Қыр қан, төртіншісі – Ұр қан. Моғұл қан билік тізгінін Қара қанға беріп, өзі мәңгілікке аттанады. Қара қан Ортақ пен Кертақты жайлаған. Бүгін ол тауларды Ұлытау және Кішітау деп атайды. Қысты ол Сыр бойында, Қарақұмда және Борсықта өткізген».4 Кейін Қара қаннан Оғыз туады. Оғыз қанның кезінде Ұйғыр, Қанлы, Қыпшақ, Қарлық, Қалаш, т.б. тайпалар қалыптасады.
Әбілғазының жылнамасына сілтеме жасап отырсақ, Жылкелді бабамыздың шыққан тегі – Найман елі қайдан шыққаны туралы мәліметтерді біз таба алмаймыз. Наймандар Татардан тарады ма, Моғұлдан тарады ма – бемәлім.
Көптеген зерттеушілер наймандарды Алтайдан Орхон өзеніне дейін б. з. д. ІІІ ғ. – б. з. ІІІ ғ. уақыт аралығында көшіп жүрген күнділердің (ғұндардың) ұрпақтарына жатқызады. ІІІ-V ғасырлары Ұлы даланы шөл басып, күнділердің конфедерациясы екіге бөлінді. Бірі Қытайға, екіншілері батысқа аттанып, көптеген елдердің Ұлы көшін бастайды.
VI ғасырда Түрк қаһанаты орнығып жатқан кезде наймандардың бабалары Телес (Теглек) бірлестігінің құрамына енді. VII-Х ғасырлары бабаларымыз Сегіз оғуш (Сегіз байырқу) атты одақ құрып, Найман қандығының мемлекеттілік негізі қалана бастады.
Сегіз оғыз термині соңғы кезде тарихшылардың арасында кең талқыланып кетті. Қай еңбектерде екенін іздеп тізіп уақытымызды жоғалтпай-ақ, біз «сегіз оғыз» бен «найман» этнонимдері бір елді атайтынын нақты шегелеп қоюымыз қажет. Оның дәлелін Ғ. Айдаровтың «Арқон-Енісей және көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі» атты еңбегінен табамыз. Бұл кітапта көне түрк жазбасы толық сарапталып, тарихи оқиғалардың мағынасын ашатын сөздері қазақ тіліне аударылған. Соның ішінде «Секіз-сегіз», «Оғузғару-оғызға», «Оғушым-менің тайпам», «Оғуш-тайпа» терминдері келтіріледі. Соған қарағанда бүгінгі біз айтып, жазып жүрген Сегіз Оғызымыз «Секіз Оғуш», немесе қарақытайша «Найман» болып шыға келеді.
Секіз Оғуш тайпалар одағының Түрк қағанатындағы орнын С. Қаржаубай жасаған кестесінен5 көреміз:
ІХ-ХІІ ғасырлардан сақталған «Қидан деректері» (Ляушы) мен «Алтын патшалығының деректерінде» наймандар «жаңбақ» деп аталады. Найман деп қидандар Алтайдан аққан сегіз өзеннің бойын жайлаған «сегіз оғуш» тайпаларын атап, сол тайпалар туралы жан-жаққа хабарды Найман атымен таратқан. Кейін сол этноним «сегіз оғуштың» өзіне тән болып тарады.
Бірақ, бұл тұжырым бойынша оғыздардың наймандарға қатысы жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Өйткені, ғасырға ғасыр аққан сайын киіз туырлы тайпалар жер алшақтығына қарамастан санада өздерін бір ел болып сезінген. Қазіргі Монғолия мен Қазақ даласы орта ғасырларда бір-бірін ел жұртпен толтырып, құда-жегжаттық жасап, соғыс жылдары кезінде жеңілген жақтың билігі мен аристократиясын қуып жіберіп, елін бодан қылып өз құрамына қосып, тағы басқа алма-кезек жағдайларда тарихи және саяси процесстерде қайнап-пісіп өмірді жалғастырған.
Оғыздардың Найманға қатысы бар екенін Әлкей Марғұланның еңбектерінен табуға болады. 2011 жылы шыққан «Шығармаларында» Әлкей Хақанұлы Ұлытаудағы жергілікті халықтың айтып берген аңызын былай деп тұжырымдайды: «Домбауыл (Добұн – автор) атақты мерген, ақын және күйші болған. Ұлытаудың батыс жағында оның сарай-қорғаны сақталған (Домбағұл сарайы – автор). Ол Қият руының ел басшысы ретінде халықтың есінде сақталған. Қияттар – күнділердің (ғұндардың) ұрпақтары. Олар Қыпшақ, Қоңырат, Алшын, Арғын және тағы басқасы Алтайдағы қиын жетерлік Ерге-Қон деген жерде тұрақтаған. Кейін олар Орталық Қазақстанды жайлап алды. VI – VII ғасырлары Домбауыл жерленген жерде дың мавзолейі тұрғызылды»6.
Әлкей Марғұланның бұл сөздерінің дәлелін Қалибек Данияров келтіреді: «В эпосе „Огыз каган“, хранящемся в Париже в национальной библиотеке и переведенном К. Омиргалиевым, говорится о киятах. В эпосе род Кият берет свое начало от легендарного Домбаула»7
Осы екі пікірді тұжырымдай отырып, «Моңғолдың құпия шежіресінде» бейнеленген Шыңғыс қаһанның бабасы Добұн-мергенмен Домбауыл бір кісі болғанына сәйкес келетіндігін атап өткен жөн. Олай болса, қияттар VI -VIII ғасырлары пешенектердің, немесе VIII – XI ғасырлары оғыздардың құрамында, тіпті билік басында болғанына күмән жоқ.
Тарихи логика бойынша III – IV ғасырлары орын алған Ұлы шөл дала елдерін дүрліктіріп, Ұлы көш жүрді. Жетісуды ептеп еңгеріп алған күнділер батысқа қарай жылжып, жолдағы елдерді бірін құрамына қосып, бірін қоныстанған жерлерінен қуып, қалғанын қырғынға ұшыратқан. Орталық Қазақстанда, оның ішінде Ұлытау өңірінде күнділерден қалған археологиялық ескерткіштер жоқ десек қателеспейміз. Өйткені екі ғасыр бойы тұрған Ұлы шөлдің кесірінен далада өмір сүру мүмкін емес еді: жауын-шашын қыста да, жазда да сирек түсіп, жер құрғап, бұлақтар жойылып, өзеңдер тартылып, оған қоса қыста құрғақ аяз тұрып, жазда ыстық шөл басып, дала өмірі тоқтады.
V ғасырдан бастап табиғи жағдай қалпына келе бастап, Ұлы дала құлпырып, Сібір тоғайларында, Алтай-Тарбағатай тауларында жан сақтаған ел-жұрт қайтадан қоныстарын жайлап, мал санын көбейтті. Мал көбейген сайын, ұрпақ өсті. Ру-тайпалар іріленіп, жер мәселесі ушыға берді. Сол кезде 552 жылы Бумын бастаған Түрк елі бір тудың астына бірігіп Түрк қаһандығын құрды. Жаңа ірі киіз туырлы мемлекеттің құрамында Алтай тілді тайпалармен қоса батысқа кеткен күнділерден қалып қойған тайпалар кірген. Олардың ішінде қияттар да бар.
555 жылы түрк әскері батысқа қарай жылжыды. Сол ғасырдың 70-ші жылдары Түрк қаһанаты Қара теңіздің солтүстік жағалауына дейін созылып, сауда жүретін керуен жолдарын толық өз бақылауына алды. Осы жорықтар кезінде бүгінгі қазақ жерінде Орталық Азиялық тайпаларының ірі миграциясы орын алып, Түрк мәдениеті өз орнын нығайтып, тамырын терең жайды. Батыс қаһандық «он оқ бүтін» болып бірікті. Осы уақыттан XIII ғасырға дейін Түрк қаһанаттарының заманы орын алды. Шамамен, сол бірлікке қайлар (қиялар, қияттар) да кірген және Ұлытау әңірін билеген.
X ғасырда келесі Ұлы шөл өз еңшесіне енді. Бүгінгі Қазақ даласында VIII ғасырдан бастап алпауытты мемлекет орнықтырған оғыздардың дәулетті ғұмыры өзінің шегіне жетті. Табиғи қолайсыздық күллі тайпаларды өз қоныстарынан қозғап, жан-жаққа бытыратып көшуге мәжбүр етті. Тайпалар конфедерециясының билік басында отырған Қай (Қия) руы оғыздарды үшке бөліп, бірі батыстағы қаңғар-пешенек одағының құрамына, екіншілері бүгінгі Түркменстан мен Иранға, кейін ары қарай Кіші Азияға, үшіншілері Алтай асып, бүгінгі Моңғолияның солтүстігіндегі тоғайларға тығылып, жан сақтайды. ХІІ ғасырда сол қиялар (қияттар) күшейіп, одақ құрып, арасынан тарихи сахнаға Есүкей батырдың Темүжіні шығады.
Х-ХІ ғасырлар кезінде Алтай таулары күрестің орталығына айналды. Ол күресте Найман, Керей және Жалайыр тайпалары жеңіп, сол мекенде біріккен қаһандық құрды. Л. Гумилев, Рашид ад-Дин, т.б. айтулары бойынша Найман мен Керей елдері 1007 жылы несториандық ағымдағы христиан дінін қабылдады. Наймандардың жайлаулары Орқон өзенінің жоғары жағынан Қара Ертіске дейін созылған.
Тарихтың сол кезеңінде Найман қаһандығының үстемдігі туралы хабарлар Европа елдеріне дейін жеткенін ортағасырлық жылнамалардан байқауға болады. Сол деректерді сараптай отырып Лев Гумилев өзінің «Қиял патшалығын іздеу» атты кітабында, европалықтардың шығыстағы «Иоанн патшалығына» жоспарланып отырған крест жорықтарында үлкен үміт артықанын жазады.
Европалық католиктерге келген хабар бойынша шығыста Иоанн патшалығы бар, олар христиан дінін қабылдаған, сондықтан олар шығыстан, ал европалықтар батыстан мұсылмандарға соққы берсе, Иерусәлімдегі «Құдай табытын» мұсылмандардан азат ететін едік деген мәлімеге келеді. Сондағы Иоанн патшалығы – Алтайдағы Инаншы қаһан басқарып отырған Найман қаһандығы екен. Сол жолы наймандар мен католиктердің бірікпеуіне Аллаһ нәсіп етіп, келесі Кетбұқа мен Құлағу ұйымдастырған жорықтарда да екі жақтың одақтасуына сәті түспеді.
Найман елі туралы тарихи деректер Шыңғыс қаһан құрған мемлекетінің тарихы айласында көп кездеседі. Ең алғашқыларының бірі 1240 жылы жазылған «Моңғол құпия шежіресі» болып табылады. Бұл кітапта біз Найман еліне қатысты құнды мәліметтер кездестіреміз.
XII ғасырдың екінші жартысында, қазіргі Монғолияны жайлаған көшпенді8 тайпалар бытыраңқы болып, бір-бірімен жер үшін қырқысып жүргенде, Найман қаһандығы Алтай аумағындағы ең беделді, ірі және қуатты мемлекет болды. Қаһандықтың астанасы Балық қаласында орналасқан. Қаһанның ордасында ұйғыр жазуы қолданылып, мемлекеттік істер қағазға түсіріліп отырғаны туралы Қытай деректері мен «Моңғол құпия шежіресі» айтады.
«Таян қан елінің бір адамы тұра қашады. Қасар оны «тірі ұстап әкел» деген соң, Баты қуып жетіп, тірідей ұстап әкеледі. Байқаса, қойынында мөр (таңба) бар екен. «Сендердің тайпаларыңның бәрі (әскерлеріңнің барлығы) бізге қарағанда, сен мынаны қойныңа тығып алып қайда бармақсың?» – дейді. Сонда ол: «Мен шыбын жаным шыққанша бұйрықты орындауға тиіспін. Мына мөрді бұрынғы иесіне табыс етейін деп едім. Бақытсыздықтан ұсталдым», – дегенде, Қасар: «Өзің қай русың? Қандай мансабың бар еді? "– деп сұрайды. Сонда ол:" Менің ататегім ұйғыр еді. Есімім – Тататұңға. Менің қожайыным бұл мөрді маған өткеріп, азық – түлік жинау және оны жұмсау ісін маған міндеттеген-ді» – дейді. Қасар тағы да: «Бұл мөрді неменеге керектенуші еді? "– деп сұрағанда, ол: «Абзал адамды сайлап, жарлық шығару тәрізді әр түрлі іске пайдаланады», – дейді. Оның жауабына разы болған Қасар» нағыз адал адам екен» деп Темүжінге таныстырып, нендей бір хат-қағаз жүргізгенде қолдану үшін әлгі мөрді қайтадан Тататұңғаға береді. Қасар Тататұңғаны ұстаз тұтып, хат-қалам, заң-ереже, әскери саясат қатарлы сабақ үйреткізіп, көп кешікпей өзі біліп алады.»9
Найман қаһандығының шығыс жағында сол кезде айтарлықтай қозғалыстар орын алды. Есүкей баһадүрдің Темүжіні айналасына Барулас, Маңғыт, Арулат, Ұранқай, Бесуыт, Сүлдіс, Жалайыр, Олқұноуыт, Торлыс, Дүрбөт, Икіріс, Найықын, Ораңар, Бәрін, т.б. тайпаларының нойондарын біріктіріп, қарақорым ел жасақтай бастады. Сол кезден-ақ Найман елінің болашақ қарсыласы айқындалды.
Мұхаметжан Тынышбаевтың жазуы бойынша, 1190 жылы Найманның Білге қаны қайтыс болған соң, одан қалған өгей шешелері үшін таласқан Бұйрық және Бәйбек деген балалары ұрысып, қандықты екіге қақ айырады. Найман елінде орын алған саяси күйзеліс кезінде Бұйрық қанның Жамұқаның тобына қосылғаны туралы «Моңғолдың құпия шежіресі» былай деп жазады: «141. Бұдан кейін, тауық жылы (1201 жыл) Қатаған-салжуыт қостаған, Бақу-шорық бастаған қатағандар, Шіркітай батыр бастаған салжуыттыр, төрт татармен достасқан Қашуын бек бастаған дөрбіндер, Алшы Жали бұқа бастаған татарлар, Түгемақы бастаған екірістер, Қоныраттың Теркік, Емел алхұйлері, Ақ Шойық бастаған горлыстар, Найманның Гүшіті мен Бұйрық қаны, Меркіттің Тоқта бегі, тайшуыттардың Тарғұдай қырылдағы, Қодун оршаны, Аушу батырлары және басқа тайшуыттар Алқұй бұлақ деген жерге жиналып, Жажірадай әулетінің Жамұқасын қан қоюды сөйлесіп, айғыр-биелер сойып, ант етіп, Ергіне өзеніне қарай көшіп, Ергіне құятын Қан дариясының қабағында Жамұқаны гүр қан болғызып, ұлық тұтады. Жамұқаны қан етіп, Шыңғыс қаһан мен Уаң қанға соғысқа аттанайық деседі.»10
Сол кезде шығыстан Темүжін мен Уан қан (Тоғырыл) екеуі Найман еліне соғыс жариялап, екі жақ Күйтін деген жерде соғысады. Сол шайқаста Бұйрық қан өзі білетін жай түсіру әдісін қолданады. Бірақ, оның шақырған мол жауын өздерінің қимылдауына кедергі жасап, «бізге Тәңір қаһарын төкті» деп, жан-жаққа қашады.
Бұйрық қан одақтастарынан бөлініп, «Алтайдың күнгей бетіндегі Ұлықтақ (Ұлытау) деген жерге қарай беттейді». Қытай деректерінде Тай-Ванга есіммен белгілі Байбек Қанғай тауының бауырында 1204 жылы соғыста қаза болады. Оның ұлы Күшлік Алтай асып кеткен Бұйрық ағасына келіп қосылады. 1206 жылы Тарбағатайдың шығыс жағында орын алған шешуші шайқаста Бұйрық қан қаза болып, Күшлік Ертіске қашады.
Қызылбас көлінің жағасында Бұйрық қанды жеңіп қайтып келе жатқан кезде, Темүжіннің әскері Найманның Көксеу Сабырық батырына тап болады. Ол Бәйдірік өзенінің бойында әскерін сапқа тұрғызып соғыспақ болып дайын тұр екен. Күн кеш болып қалғанның салдарынан екі жақ шайқасты таң атқанда бастамақ болып келіседі. Сол түні Темүжінге еріп жүрген одақтасы Керейдің Уаң қаны «түскен жеріне көп от жағып қойып, Қарасуіл өзенін ерлеп кетіп қалыпты».
Темүжін Сабырық батырға қарсы шығуға бата алмай Адыр Алтайдың құйғанынан өтіп, Сарыгер деген жерге барып түседі. Ал, Сабырық Уаң қанның артынан қуып отырып, Телетінің ауызы деген жерде соғысып, халқы мен мал-мүлкісінің жартысын тартып алады.
Көксеу Сабырық батыр Таян қанның ордасындағы беделді кісілердің бірі болғанын «Моңғолдың құпия шежіресінен» білуге болады. Таян қан мен Гүрбесі өгей шешесі Уаң қанның басын алдыртып «сыйынып, бас иіп жүргенде, әлгі бас «күлді» деп Таян қан ыза болып, аяққа басқызып, быт-шыт етеді». Сол кезде Сабырық батыр: «Өлген қанның басын кесіп әкеліп, быт-шыт қып тастауға бола ма? Біздің итіміз жаман ұлып үретін болды. Ертеде Инаншы Білге қан:
Әйелім жас кезінде,
Әбден кәрі шағымда,
Таян туып, ұл сүйдім,
Тәңір берген бағында.
Тал шыбықтай денелі,
Өңшең мына тобырға,
Өткізер ме екен бұйрығын, —
деп отырушы еді. Енді міне:
Қара ит арсылдап үретін болды,
Қара кемпір Гүрбесү билейтін болды.
Тақта отырған Таян-ау,
Тұрлаусыз ісің аян-ау!
Аң аулаудан басқаны сүймейсің,
Ғылымнан хабар да білмейсің».
Сабырықтың сол өткір сөздері Таян қанның намысына тиіп, өзінің беделін көрсетпек болып, «күншығыстағы аз моңғол қыр көрсететінді шығарды, енді соларды иеленіп алайқ» деп Темүжінге соғыс жария етеді. Оның үстіне Гүрбесу шешей «сасық моңғолды қайтесін? Оданда тек сұлу қыз-қатындарын әкеліп, қол-аяғыңды жуғызып, қой мен сиыр сауғызсақ болар» деп қоздырып жібереді. Сол кезде, моңғолдардың күштілігін көрген Сабырық батыр: «Сіздер тым астам сөйлеп тұрсыздар» деп бәйек болса да Таян қан оны тындамай, оңқұт аймағының Алақұсқа елші аттандырып, «моңғолдарға бірге шабайық» дейді. Бірақ, әлгі «мен сенің оң қолың бола алмаймын» деп, Темүжінге соғыс туралы хабар жібереді.
Темүжін кеңес құрып ақылдасқанда, Белгітей ноян:
Тірлік бізге не керек,
Тәуекелден айнысақ?
Тірі жүріп не керек,
Туған жерден айрылсақ?
Қорамсақты жастанып,
Қан ғып ұстап садақты,
Қу толағай бастанып,
Құмға батсақ – сол жақсы.
Кешегі кекті наймандар,
«Кең де байтақ жерім бар,
Құжынаған жылқым бар,
Барып ойран салам» деп,
Батыл айтқан сөзі бар.
Қапелімде қамдансақ,
Қаптап барсақ тездетіп,
Қиын емес қармансақ,
Қапыда басып телімдеу.
Естідік сұмдық хабарды,
Егеудей тиген намысқа,
Шыдап қайтіп тұрайық,
Шығайық тұтас соғысқа, – дейді.»11
Осы мәліметтерге сүйене отырып, біз Найман елінің тарихында Сабырық батырдың орны ерекше екенін көреміз.
Наймандармен көршілес тұрған Керей елінің Тұғырыл (Уан) қаны бүгінгі Моңғолияны жайлаған тайпаларының бірігуіне, олардың күшеюіне зор ықпал етті. Кезінде Есүкей баһадүр Меркіттің Шіледуінен Темүжіннің шешесі Уәлінді тартып алып кеткен еді. Сол кекті қайтару үшін Меркіттің Удуит, Убас, Қады рулары Темүжіннің ауылына шабуыл жасап, қалындығы Бөрте-үжінді алып кетеді. Темүжіннің өзі ағайындыларымен Бұрхан Қалдұн тауына қашып кетеді де, кейін әкесінің досы Тұғырылға барып көмек сұрайды. Соңғысы оның бетін қайтармайды. Тіпті өзінің одақтасы Жалайырдың қаны Жамұқаға адам жіберіп, меркіттермен бірге соғысуға келісім жасасады. Осылай Темүжіннің саяси биіктікке өрлеу басталады.
Тайпаларды біріктіріп, өзінің кешегі одақтастары Тұғырыл мен Жамұқа қандарды жойып, олардың елдерін өз қарамағына алған Темүжін, басты қарсыласы Найман қандығымен соғысуға бел буады. Оған себеп болғаны Жамұқа мен Темүжін соғысып жүргенде Найманның Бұйрық қаны Жамұқамен одақтас болған еді.
Сол тышқан жылы (1204 ж.) екі жақ соғысып, Таян қан ауыр жарақат алып өледі. Темүжін Найман еліне Алтай алқабында ойран соққы беріп, оларды тұтас бодан етеді. Таянның ұлы Күшлік қан қашып құтылып, Бұйрық ағасына барып қосылады.
1208 жылы Шыңғыс қаһан Найман мен Меркіт одақтасты әскерін жеңіп, қалған Найман елін бодан қылады. Елін тастап Алтайдан асқан Күшлік шамалы наймандар мен меркіттерді бастап Ертістен өткенде, «мұз ойылып, көбі суға кетіп өледі. Найман мен меркіттердің шағын адамы Ертістен өтіп, безіп кетеді. Найманның Күшлік қаны Ұйғырдың Қарлұғын басып, Сартауыл жерінің Шүй өзеніндегі қара қытайдың Гүр қанына барып паналайды».12
Жетісуға қашқан Күшлік Қарақытайдың Гүр қанын паналап, кейін төңкеріс ұйымдастырып, Жетісудағы билікті өз тізгініне алады. Бірақ, бұл оқиғаны төңкеріс деп айтуға да келмейді, өйткені Гүр қан билікті өзі беруге мәжбүр болды. Хорезмның шахы Мұхаммет 1210 жылы Талас өзенінің жағасында Гүр қанның әскерін тас-талқан етіп, қарақытайлар шығысқа қарай қашады. Жолай өз елін тонап, олар бүлік шығарған Баласағұнды алуға бел буады. Ал қала тұрғындары есігін жауып алып, тонаушыларды кіргізбей қояды. Сол кезді пайдаланып Күшлік Қарақытай мемлекетінің қазынасын өз қолына алып, Баласағұнға келгенде, Гүр қан оның билігін мойындайды. Күшлік өз астанасын Қашқар қаласына орналастырады.
Шыңғыс қаһан, Күшліктің қол астындағы наймандардың күшейгені өз еліне қосылған наймандарға саяси әсерін тигізер деп, Күшлікке қарсы Жебе ноянды жібереді. Оның жорығы сәтті аяқталып, Күшлік Алай тауларының маңындағы Сары Көл деген жерде өлтіріліп, қалған наймандар Алтайға қайтарылады. Алайда, қалған Күшліктің сенімді адамдары Қырғыз еліне сіңіп кетеді.
Найман еліне, оның ішінде Бағаналы-Балталы қауымына қатысты тарихи тұлғалардың бірі – Кетбұқа. Жаужүректі қолбасшы, Шыңғыс қаһанның сенімді мыңқол13 нояндарының бірі, Жошы қанның тірегі, оның балаларының аталығы болған бабамыз әлі де толық зерттеліп болмаған тарихи тұлға. Бабамыз туралы біз айқындалған, тарихнамада белгілі мәлімет тұстарын осы кітапқа келтіргенді жөн көрдік.
Бүгінгі күні анықталып отырған деректерге қарасақ Кеті есімді тарихи тұлға ең бірінші рет «Моңғолдың құпия шежіресінде» кездеседі. Темүжін Найман елін бодан қылып, 1206 жылы оларды өз әскер құрамына еңгізгеннен кейін, жасақты жүздік-мыңдық тәртіппен ру-тайпалық сапты бұзбай 95 мыңдық әскерін құрайды. Сол 95 мыңқол нояндардың 51-шісі болып Кеті көрсетілген. «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» Кеті біздің Кетбұқа бабамыз екеніне күмән жоқ. Оның дәлелін төменде келтіреміз.
Кетбұқа шамамен 1180-жылдары Найман қандығында дүниеге келген болу керек. Тарихи деректерде бабамыз жырау, күйші, аңыз кейіпкер, Шыңғыс қаһанның әскери мыңдық нояны болып көрсетілген. Кейбір шығармаларға қарасақ, бабамызды көне дәуірдегі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы деп те жазып жатады.
Кетбұқа туралы тарихи жазбалар «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын шежіре», Рашит ад-Диннің «Жылнама жинағы» секілді еңбектерде кездеседі. ХХ ғасырдағы тарихнамада өз еңбектерінде тарихтағы Кетбұқаның рөліне көп көңіл бөлген жарықтық евразист-түрктанушы, пассионарлық теориясының түп атасы, тарихи георафия пәнінің негізін қалаушы Лев Гумилев.
Халық арасында кең тараған шежіре-аңыздарда да бабамыздың аты жырланады. Мәселен, ХV-ХVӀ ғасырлар шегінде өмір сүрген Доспамбет жырау бір толғауында: «Кетбұқадай билерден, кеңес сұрар күн қайда?!» – деп жырлайды. Солай ол кісі оның сөздерімен таныс екендігін білдіреді.
Халық Кетбұқаны «Ұлы жыршы» деп те атаған. Орта жүз құрамындағы Найман тайпасының Бағаналы тармағынан шыққанын да шежірелер шегелеп тұрып айтады. Халық аңыздары мен өлеңдерінде ол халық қамқоршысы мен даланың дана биі бейнесінде сипатталған. Кетбұқа жырау туралы аңыздар қырғыз фольклорында да кездеседі.
Жоғарыда атап өтілген тарихи деректер Кетбұканы жыршы ретінде ғана емес, ең бастысы қолбасшы ретінде сипаттаған. Ортағасырлық деректерде Шыңғыс қаһан, оның үлкен ұлы Жошы қан және Кеті үшеуі бірге аталады. Бұл тарихи тұлғалардың тағдырлары тығыз байланысты екені мәлім. Шыңғыс қаһанға Жошы қайтыс болғаны туралы қара хабарды жеткізу Кетіге міндеттелді. Оның себебін біз «Моңғолдың құпия шежіресі» атты тарихи көзінен табамыз.
1204 жылы Найман қандығы Темүжін әскерінен жеңіліп, бір бөлігі Күшлік қанмен Жетісуға қашып, бір бөлігі Темүжіннің әскерінің құрамына енеді. Далада шашылып жүрген тайпаларды бір тоғыз сирақты ту астына жиып, барыс (1206) жылы Темүжінді Шыңғыс қаһан қылып сайлаған Құрылтайда әскерді жасақтау кезінде мыңдық нояндар тағайындалды. Сол құрылтайда Шыңғыс қаһан жұртшылықтың алдында: «Ел-жұртты ұйымдастырысқан ежелгі ер достарды мыңдық нояны болғызып, уәлі сөзімді айтайын» – деп, әскерін 95 мыңдықтан жасақтап, 95 мыңқол нойондарға басқартты. Сол жиында Жалайырдың Мұқылайына ғо уаң атағын беріп, әскерге басшылық еткізді.
Барлығы 95 кісі болған нояндардың 51-шісі болып Найман елінің бір бөлік руларын басқарған Кеті (Хэтэ) көрсетіледі. Өкінішке орай біз ноянның жасы нешеде екенін нақты белгілей алмаймыз, демек ол Темүжіннің емес Жошының замандасы болуы әбден мүмкін.
Осы жерде туындайтын тағы бір сұрақ – Кеті екі жылдың ішінде қалай сенімді мыңқол болып шыға келді? Әлде жас ноян қияттардың арасынан шығып, Жошының үзеңгілес жауынгері болды ма? Бұл сұрақтарға біз төменде, Бағаналының таңбалары туралы жазғанда өз ойымызды келтірдік.
Кеті ноян бұқа лауазымын қашан алғанын да біз кесіп айта алмаймыз. Құлағу қанның Таяу Шығысқа ұйымдастырған жорығы кезінде Кеті бұқа лауазымын алып, Кетбұқа есіммен тарихнамада қалғаны белгілі. Ал, «Моңғолдың құпия шежіресінде» бабамыз Кеті, немесе «Алтын шежіреде» Кете, моңғол тілінде Хэтэ есіммен аталған.
1
Бес ғасыр жырлайды. Алматы, 1989, 82-бет.
2
Бұқара сүресі, 33 (35) аят.
3
Абу-л-Гази. Родословная туркмен. АН СССР, М. 1958.
4
Абу-л-Гази. Родословная туркмен. АН СССР, М. 1958.
5
Қазақ ру-тайпаларының тарихы. «Алаш» ТЗО, 2008. 216-бет.
6
Марғұлан Ә. Шығармалар жинағы. 8-том, 2011.
7
К. Данияров. Альтернативная история Казахстана. Алматы: «Жибек жолы», 1998. 153-бет.
8
Көшпенділік – ерте темір дәуірінде б. з. д. VIII – III ғғ. жердің шөлейт аймақтарында (Аридная зона) пайда болған мал шаруашылығына байланысты дамыған адамдардың шашыраңқы тұрмыс-тіршілігінің түрі. Көшпенділер Моңғолия, Қазақстан, Иран, Аравия, Солтүстік Африка және Орталық Американы мекендеген. К. жыл мерзіміне байланысты мекен-жайларды қоныстанған, ру-тайпалық одақтардан құралған. Қазақ жерінде к.-ің үш түрі дамыған: біріншісі-Батыс Қазақстандағы меридианалды және көлденең бағыттағы 500—600 км-ге созылатын көшу маршруттары. Қыста Маңқыстауда қыстап, жазда меридиан бағыты Орал тауларының оңтүстік-шығысына дейін жетіп қайтадан оралса, көлденең бағыты саяси жағдайға байланысты Еділдің оң жағалауын жайлаған; екіншісі – Орталық Қазақстандағы меридиан бағыттағы 800—1000 км-ге дейін созылатын маршрут. Қыстақтары Сырдария, Талас және Шу өзендерінің аралығындағы Қарақұм, Мойынқұм, Бетпақдала шөлейіт, қар мөлшері аз аймақтарында орналасқан. Жазда Сарысу өзенінің бойымен жүре отыра, Ұлытаудан Бұғылыға дейін созылған Сарыарқа жерін жайлап, Батыс Сібірге дейін жеткен; үшіншісі – Жетісудағы 150—200 км-ге созылатын жартылай көшпелі түрі. Оның ерекшелігі – жазда тау басындағы жайлауларға көтеріліп, қыста Балқашқа дейін созылған шөл даласын мекен еткен. Қазақ даласында өмір сүрген көшпенділердің өсірген малдың басым түрі-жылқы мен қой. Көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі, әдеп-ғұрпы және материалды құндылықтары мал шаруашығымен тікелей байланысты болды.
9
Моңғолдың құпия шежіресі. 2009. 126-бет.
10
М.Қ.Ш., 2009. 73-бет.
11
М.Қ.Ш. 117-бет.
12
МҚШ, 128-бет.
13
Мыңқол, мыңбасы, мыңбегі – ертедегі түрк-моңғол әскерлерінің бір мың жауынгерлік бөлімінің қолбасшысы. Мағынасы түркше – бек, моңғолша – ноян, арабша – әмір лауазымдары беріліп, әскери билікпен бірге уәлаяттар мен үлестердегі әкімшілік билікке тағайындалған. Мыңдық әскер қолын бір немесе одан да көп туыстас рулардың сарбаздары құраған. Әскери тәртіп қатан жазалау тәжірибесімен нығайтылған. Мысалы, Шыңғыс қаһанның «Жасағында» әскерге қатысты айтылған баптары бойынша шайқас кезінде бір адам қашатын болса, оның онын, оны қашқанда – жүзін, ал жүзі қашса түгел мыңқолды жазалау тәртібі орнатылған. Он мыңқол бір түменді, яғни 10000 жауынгерді құраған.