Читать книгу Музейлік электронды сөздік - Тәттігүл Картаева - Страница 2

МУЗЕЙЛІК СӨЗДІК

Оглавление

АБАЙДЫҢ ЖИДЕБАЙДАҒЫ МУЗЕЙ-ҮЙІ – Ұлы ақынның туғанына 100 жыл толуы қарсаңында 1945 ж. арнаулы мемл. комиссия шешімімен Жидебайдағы Абай қыстауынан ашылған, Абайдың өмірі мен шығармашылық жолынан толық мағлұмат беретін мәдени мекеме. Семей қ-нан 180 шақырым, аудан орталығы Қарауылдан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. 1970 ж. күрделі жөндеуден өткізілді. Музей-үйге орналастырылған заттар ұлы ақынның жақын-туыстарынан, достары мен замандастарынан алынған. Құрылымы, сыртқы пішіні Абай заманындағы көрініс-келбетін сақтаған. Ұзын дәліздің сол жағындағы бірінші есіктен ас үйге кіреді. Оған екі қазан орнатылған. Үлкенінде ет, кішісінде жеңіл тағамдар әзірленген. Қазан аспаның жанына екі самаурын, оң жақ босағада асадал мен күміс, мыс жалатылып сүйектен жасалған кішкене кебеже, үстіне оюлы поднос пен табақ қойылған. 1885 ж. Абай осы бұйымдарды Семейдің өлкетану музейіне өз қолымен өткізген. Көп заттардың ішінен қабырғадағы түс киіз ерекше назар аудартады. Ас үйдегі мұнан өзге тарихи мұрағаттардың бірі – фотосуреттер. Мұнда Абайдың үй шаруасында болған Қорамжанұлы Қатпа мен оның бәйбішесі Мақым әженің, Рысқали Исақызының фотобейнелері қойылған. Қонақ үйдің есігі дәлізден шығады. Қонақ үйде Абайдың орыс достары Е.П. Михаэлис, С.С. Гросс, Н.И. Долгополов пен П.Лобановскийлердің суреттері бар. Олардың Абай ауылында болғанын айғақтайтын құжаттармен қатар Абайдың Семейдегі өлкетану музейі коллекциясын қалыптастыруға қосқан үлесін айғақтайтын заттардың суреттері қойылған. Мұнда күміс құты, кесе, айбалта, шақша сияқты бұйымдар бар. Абай заманынан бізге жеткен ең құнды заттың бірі – 1885 ж. П.Лобановский қарындашпен салған Абай суреті. Бұл – Абайдың өзіне қарап отырып салынғандықтан және Абайдың өзі қолына ұстап көрген суреті болғандықтан аса қымбат бейне.

Абайдың Семейдегі музейге өткізген заттарының бірі – Шақар Жаманбалаұлы бақсының бүйірлі қобызы, М.Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша салынған Зере әже мен бала Абайға Байкөкше ақынның қисса айтып отырған сәті бейнеленген сурет те осында қойылған. Үйдің төргі бөлмесінде ақынның өзі отырған. Осында кітап оқып, жазу жазып, жұмыс істеген. Осы бөлмеге Ділдәнің сүйек төсегі қойылып, төсек тұсына Әбдірахман мен Мағауияның суреттері ілінген. Сүйек төсек алдында төрт қабаттап көрпе салынып, екі жастық қойылған. Оған Абайдың үш ішекті домбырасы сүйеулі тұр. Дөңгелек үстел үстіне қойылған шыны қорапшаның ішіндегі Абайдың күміс қалта сағаты, қолжазбаларының көшірмесі, құс қанатынан жасалған қаламсабы мен сиясауыты ақын өмір сүрген ортаны көзге елестетеді. Үстел үстіндегі тағы бір мұрағат – Абайға шақша жасап берген шебердің қолтаңбасы. Абайдың өзі ойнап, кейін Семейдегі өлкетану музейіне өткізілген тоғызқұмалақ, дойбы тақталары мен ақынның күмістелген белдігі де – бағалы қазыналар. Ақын ғұмырының соңғы күндеріне дейін рухани серігі болған араб, парсы, түрік және орыс тілдеріндегі кітаптар мен ескі басылымдар ұлы тұлғаның дүниетаным әлемінен сыр шертеді. Төргі бөлменің кіре берісінде, оң жақ қабырғада ілулі тұрған күміс белдік пен тақия Құнанбай қажынікі. Ауызғы бөлме ортасында дөңгелек үстел үстінде сыртында күмістен бедер салынған ошақ бұтындай үлкен ағаш тегене мен бұғы мүйізінен жасалған қымыз ожау, бірнеше тегене мен тостағандар тұр. Бұл – Абай үйінің мүліктері. Оң жақтағы сүйек төсек – Әйгерімдікі. Үлкен жез леген мен қаз мойынды жез шәйнек – Абайдың шешесі Ұлжан бәйбішенің дүниесі. Абайды нәресте кезінде анасының суға шомылдыратын ыдысы да осы болған. Оң жақ босағада Семейдің әскери бастығы Абайға сыйға тартқан үш ауызды және шиті мылтықтары ілулі тұр.

Дәліз бойымен ілгері жүргенде түкпірдегі бөлменің оң жағына Еркежанның сүйек төсегі қойылған. Оның үстінде тұтылған шымылдық пен төсекжапқыш Еркежанның келіні Камалиядан алынған. Еркежан мен Камалияның білезіктері, Камалияның киімдері, құндыз бөркі мен камзолы экспозицияланған. Камалия Абайдың туғанына жүз жыл толған мерекесіне қатысып, музей-үйдегі заттардың көбін өз қолымен табыс етіп, кейбір дүдәмал жайттарды анықтап беруге жәрдемдескен. Абайдың күміс ер-тоқымы тарихи құндылығымен қымбат. Музей-үйдің бірі шошала қабырғалары таспен қаланған. Айыр бұтақтары бар адалбақандарға бұрын ет ілінген. Шошаладағы тай қазан мен ағаш соқа, аң ұстайтын қақпан түрлері т.б. ақын заманының куәлары.

АБАЙДЫҢ СЕМЕЙДЕГІ ӘДЕБИ-МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЕЙІ (Әнияр үйі) – Абайдың әдеби мұрасын сақтап насихаттауға арналған тарихи-мәдени мекеме. Абай Тобықты ішінде Әнет баба әулетінен шыққан Әнияр Қожабайұлын (1850-1934) Семейде, Ташкентте оқытқан. Әнияр 1892 ж. Семейдегі Мемл. банкке қызметке тұрғанда өзі бас болып жақын ағайындарын жұмылдырып қаладан үй саттырып әперген. Сол үй құрылысы кеңейе келе, Абай, Шәкерім, Көкбай, Ақылбай, Әбдірахман, Тұрағұл, Мағауия, Кәкітай, т.б. елдің сыйлы қонақтары әркез түсетін қонақжайға айналды. Комиссар көшесіндегі 116 үйде кейін де ел зиялылары, алаш азаматтары әрдайым бас қосып, алқалы жиын өткізетін болған. Әнияр Молдабаевтың екі қабатты осы ағаш үйі 1940 ж. көкекте Абайдың туғанына 95 жыл толу мерекесі қарсаңында Қазақстан үкіметінің қаулысымен Абайдың әдеби-мемориалдық музейіне айналдырылды. 1940 жылғы 16-қазаннан жұмыс істей бастаған бұл музей еліміздің тарихындағы тұңғыш әдеби-мемор. музей болды.

Әнияр үйі музейге айналған кезінен бастап біршама жөндеуден өткенімен, үй құрылысының ғасыр басындағы тұрқы көп өзгермей, бастапқы сәулеттік сәнін сақтаған. Абай келіп-кетіп жүрген кезде Әнияр үйінде болған кітап жәшігі, жазу столы мен шарайна және қабырға сағаты Жидебайдағы Абай музей-үйіне берілді. Музей қорында 13 мыңға жуық (оның ішінде 7500-і негізгі қор саналады) зат бар. Музей Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында (1996) күрделі жөндеуден өткізілген. Музей экспозициясы Абай және оның дәуірі, Жайлау, Үш қайнар бұлақ, Абай шығармашылығы, Абайдың ақындық өнер айналасы, Абайтану, Қазақ халқы ақын атын ардақтайды деген тақырыптық тұрақты көрмелерден тұрады. Бұл бөлімдерде Абай өміріне байланысты архивтік құжаттар, қазақ халқының тұрмыстық-этногр. тыныс-тіршілігін бейнелейтін заттар, колөнері мен бейнелеу өнерінің Абай тақырыбымен өзектес ілкі туындылары, сирек кездесетін қолжазба мұралар, кітаптар, фотодеректер, т.б. құнды мұрағаттар қойылған. Абайдың өзі 1885 ж. Семейдегі тарихи-өлкетану музейі қорына тапсырған байырғы ұлттық бұйымдар, ақын шығармалары, алғашқы кітаптары, Абайдың дүние жүзі халықтары тілдеріне аударылған өлеңдері, Абайдың әдеби мектебінің аса ірі өкілдерінің шығармалары, сондай-ақ абайтанушы ғалым-зерттеушілердің бірегей еңбектері сақтаулы тұр.

АВСТРАЛИЯНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГАЛЕРЕЯСЫ – Австралияның Канберра қаласында орналасқан осы континенттегі ірі музей. Оның қорында әлемнің әр еліне тиесілі 100 000-нан аса экспонат бар. Галереядан автралиялық суретшілер туындыларын, аборогендер өнерін, азиялық өнер туындыларын, еуропалық, американдық көркемсурет туындыларын, қолданбалы өнер туындыларын, фотосуреттер мен мүсіндемелерді кездестіруге болады. Австралиялық қор жинағы көркемсурет, мүсіндеме, гравюра, сызба, кескіндеме, фотосурет, қолданбалы өнер туындыларынан тұрады. Онда белгілі австралиялық суретшілер Том Робертс, Фредерик Маккаббин, Артур Стритон, Сидни Нолан, Артур Бойда туындылары сақталған. Азиялық өнер туындылары қатарында қытай фарфорлары, үнді мүсіншелері мен миниатюралары, жапон гравюралары көз тартады. Еуропалық және американдық өнер туындыларынан 19-20 ғ. – лар жұмыстары қойылған. Олардың қатарында Виллем де Куннинга, Константин Бранкузи, Генри Мурра, Люсьен Фрейда, Дэвид Хокни еңбектері бар. Құнды экспонаттар қатарында 1973 жылы 1 милл. АҚШ долларына жуық қаражатқа сатып алынған Джексон Поллоктың «Көк бағаналар» (1952) атты туындысы бар.

АКАДЕМИЯ ГАЛЕРЕЯСЫ – Венецияда орналасқан. Италиядағы өнер туындыларын сақтап отырған ірі мекеме. 1807 жылдан бүгінгі күнге дейін Венецияның тарихи-мәдени ескерткіші, 1452 жылы архитектор Бартоломео Бонаның жобасымен салынған Санта Мария делла Карита шіркеуі ғимаратында орналасқан. Академия галереясы Венециан мектебінің ең бай жинағын сақтап экспозициялаған. Экспозицияда Венециан мектебі туындылары хронология бойынша қойылған. Экспозициядағы ерте өркендеу дәуірінен Паоло және Лоренцо Венециан, 15 ғ. көркемсуретінен Джоанни және Джентиле Беллини, Андреа Мантеньи жұмыстары, Виттор Карпаччоның «Әулие Урсул өмірінің көріністері», Джорджоненің «Найзағай» атты туындылары, 16 ғ. көркемсуретінен Тицианның жұмыстары, Якопо Тинтореттоның «Құлдың кереметі», Паоло Веронездің «Левия үйіндегі ойын-сауық» атты туындысы, Лоренцо Лотто туындылары, 17-18 ғ. – лардағы Франческо Нварди, Каналетто, Джованни Батиста Пьяцетт, Пьетро Лонги, Джованни Батиста Тьеполо жұмыстары құндылықтар қатарында.

АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ – 1923 ж. 1 мамырда құрылған мәдени-ағарту мекемесі. Музейдің алғашқы экспозициясы түрлі мекемелер сыйға тартқан жан-жануарлардың қаңқалары, қару-жарақ, сауыт-сайман т.б. бұйымдардан құралды. 1927 ж. музей өзінің алғашқы экспедициясын ұйымдастырып, өлкенің табиғаты, тарихы жөнінде құнды мәліметтер жинады. 1928 – 29 ж. музей қорында өлкенің өнеркәсібі, а.ш., Успен кен орны туралы материалдар мен этногр. бұйымдардан тұратын 1000-нан астам экспонат болды. 1970 – 95 ж. музей қоры палеолит, неолит, қола дәуіріндегі Вишневка, Жанбөбек-4, Ақ Қошқар, Батпақ, Мизар, Ангерсор т.б. жерлерден табылған археол. ескерткіштер, 20 ғ-дың басындағы қала тұрғындарының киім үлгілері мен Кеңес дәуірін қамтитын құнды материалдармен толықтырылды. 1998 ж. ҚР-ның орталығының Астана қ-на көшірілуіне байланысты музейде тарихи-этногр. жаңа экспозиция ашылды. Экспозицияда қазақтың дәстүрлі қолөнері, соның ішінде зергерлік бұйымдар, күмістен әшекейленген ер-тұрмандар, әйелдер мен ерлер киімінің көне үлгілері, респ-дағы басқа да ұлттардың этногр. бұйымдары көрсетілген. Музей экспозициясы «Қазақстан тарихындағы мемлекеттік рәміздер»; «Қала және жылдар»; «Көшпелілердің қару жарақтары және әскери ісі»; «Уақыт және ақша»; «Ескі ауланың олжалары»; «Шоқан Уалиханов»; «Облыс халықтарының тұрмысы және этнографиясы»; «Құстар – біздің досымыз»; «Жердеі тіршіліктің дамуы және пайда болуы» атты тақырыптық экспозицияларды құрайды.

АҚПАРАТТЫҚ БЮЛЛЕТЕНЬ – музей экспозициясы немесе көрменің, сондай-ақ музейде өтетін іс-шараның бұқаралық ақпарат құралдары үшін жасалған баспасөз баяны (пресс-релиз). Онда музейлік көрме немесе іс-шараның өтілу уақыты мен көрмеге қысқаша мазмұнынан баяндау беріледі, безендірілуі көрме мазмұнына сай жасалады.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ – мәдени-ағарту мекемесі. 1929 ж. құрылған. А. о. т. – ө. м-нде табиғат, археол., архит. және этногр. бөлімдері жұмыс істейді. Музей қорында 52000 аса экспонат бар. Жыл сайын музей экспозициямен 100 000-ға жуық адам танысады. Мұнда өлкенің пайдалы қазба кендері, жануарлар мен сирек кездесетін өсімдіктер дүниесі, археол. қазба кезінде табылған еңбек құрал-жабдықтары, қыштан жасалған бұйымдар, қазақ-қалмақ соғыстары туралы құнды мәліметтер, сол кездегі қару-жарақ үлгілері (Есет батырдың заттары, Арал батырдың сауыты), этногр. материалдар қойылған. Халық ауыз әдебиетіне арналған экспозицияда «Қобыланды», «Айман-Шолпан», «Қыз-Жібек» сияқты эпик. туындылар, Қорқыт, Асан Қайғы, Шернияз ақын жөнінде маңызды деректер кездеседі. «Алаш» ұлттық-демокр. қозғалысы, саяси-қуғын сүргін құрбандары, осы өлкедегі зиялы қауым өкілдері (дихан Ш.Берсиев, композитор Ғ.Жұбанова, ғарышкер В.И.Пацаев т.б.) жөнінде құжаттар жинақталған. Облыстық музейдің ең басты көрсеткіші мен мақтанышы, оның экспонаттары. Олар – минералогия, палеонтология, ботаника, археология, тұрмыс пен этнография, қолөнері мен зергерлік бұйымдар, нумизматика, сирек кітаптар, деректі құжаттар, фотоматериалдар коллекциялары. Музей көрмелері – ағаш үй, қазақтардың этнографиялық, тұрмыстық бұйымдары, қолөнер мұралары Москвада, Орынборда, Орскіде өткізілген.

АЛДЫН-АЛА ЕСЕПКЕ АЛУ ТIЗIМI – тарих және мәдениет ескерткiштерi мәртебесiн беру мақсатында анықталған тарихи-мәдени мұра объектiлерiнiң тiзiмi.

АЛЕКСАНДР СЕРГЕЕВИЧ ПУШКИН АТЫНДАҒЫ КӨРКЕМСУРЕТ МУЗЕЙІ – Мәскеу қаласындағы әлемдегі ірі өнер музейлерінің бірі. Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі өнер тарихын насихаттайды. Музей алғаш рет 1912 жылы Москва университеті жанынан өнер кабинеті ретінде ашылған. Экспонат саны 500 000 астам бірлікті құрайды. Музейде Ежелгі Египет орта және жаңа патшалық дәуірінің мүсіндері, саркофактары, фаюм портреттері, антикалық керамикалар, пластикалар, мүсіндер экспозицияланған. Картина галереясында византия мозайкалары, икондар, полотнолардың озық үлгілері, қайта өркендеу дәуірінің өнері, 17-18 ғ. – лардағы өнер туындылары қойылған. Графика қорында 400 000-нан аса жұмыс сақталған, олардың қатарында Альбрехт Дюрер, Питер Пауль Рубенс, Рембрандт, Пьер-Огюст Ренуар, Анри Матисс, Пабло Пикассо, Карл Брюллов, Александр Иванов, Владимир, Фаворский, Кацусик Хокусай жұмыстары бар.

Әдеб.: Музейное дело России/ Акад. переподгот. работников искусства, культуры и туризма, Рос. ин-т культурологии МК РФ; под общ. ред. М. Е. Каулен, И. М. Коссовой, А. А. Сундиевой. 3-е изд., испр. и доп. М.: ВК, 2010.

АМАНГЕЛДІ МУЗЕЙІ – 1916 жылғы Торғай даласындағы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі Амангелді Имановтың тұтынған бұйымдары мен ол туралы құжаттар жинақталған ғылыми-ағарту мекемесі. 1969 ж. Қостанай обл. Амангелді ауд., Амангелді а-нда ашылған. 1979 ж. музейдің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Онда 5 көрме залы, қор қоймасы, кино залы жұмыс істейді. Музей қорында Амангелді мен оның үзеңгілес серіктеріне қатысты 2 мыңнан астам материалдық деректер, қрсапар жинақталған. Сондай-ақ музейде ауданның экон. – мәдени даму жолын көрсететін, аудан топырағынан шыкқан еңбек және соғыс ардагерлерінің, көрнекті мәдениет қайраткерлерінің өмірімен және еңбектерімен таныстыратын жәдігерлер бар. 1964 ж. А. Имановтың туған ауылы Үрпекте жергілікті ұстаз З. Мұхамеджановтың ұйымдастыруымен ашылған шағын музей Амангелді музейіның бөлімшесіне айналды. Көтерілісшілердің алғаш бас қосып, Амангелді қолбасшы, Әбдіғапар хан сайланған Мұсамеджанның қызыл үйі, мүсінші К. Наурызбаев сомдаған батыр мүсіні тұтас бір экспозициялық кешенді құрайды.

АМБРОЗИАН ПИНАКОТЕКАСЫ – Милан қаласында орналасқан. Амброзиан Пинакотекасы 1618 жылы архиепископ Фредерик Борромей коллекциясы негізінде қаланған. 15-20 ғ. – лар итальян көркемсурет туындыларын жинақтаған. Музей залдарында Қайта өркендеу дәуірінен Сандро Боттичелли, Бартоломео Виварини, Леонардо да Винчи, Доменико Гирландойо, Брамантино, Якопо Тинторето, Паоло Веронез; фрескалардан Бернардино Луини, Рафаэль, т.б. жұмыстары қойылған, сондай-ақ Моретто да Брешиа, Гвидо Рени, Франческо Айец, Микеланджело да Караваджо, Ян Брейгел туындылары, мүсінші Антонио Канова, Альберт Торвальдсен жұмыстары қойылған.

АНСАМБЛЬДЕР – оқшауландырылған немесе бiрiктiрiлген ескерткiштердiң, фортификация, сарай, тұрғын үй, қоғам, әкiмшiлiк, сауда, өндiрiс, ғылым, оқу мақсатындағы құрылғылар мен құрылыстардың, сондай-ақ дiни мақсаттағы ескерткiштер мен құрылыстардың топтары, оның iшiнде тарихи қалыптасқан аумақтарда оқшауланған қоныстардың тарихи жоспарлануы мен құрылысының фрагменттерi.

АНТВЕРПЕН КОРОЛЬДЫҚ ӘСЕРЛІ ӨНЕР МУЗЕЙІ – Антверпен қаласында орналасқан 15-20 ғ. – лардың Батысеуропалық көркемсурет коллекциясын жинақтап отырған ірі музей. Музей тарихы 18 ғ. – дан басталады. Бұл музей Ерекше өнер Академиясымен бірге францискандықтар монастырында орналасқан кезінде оның коллекциясының негізгі бөлігін 1773 жылға дейін өмір сүрген Әулие Луки гильдиясының заттары құраған еді. 1841 жылы бұрынғы бургомистр Антверпен Флорент ван Эртборн музейге өз коллекциясын, 15-17 ғ. – ларға саятын 140 фламандық көркемсурет туындыларын сыйға тартқан. Оның бұл жинағы музейдің басты құндылықтары болып саналады. 1890 жылы музей қоры архитектор Ян Якоб Винтерс жобасымен салынған осы күнге дейін қызмет етіп отырған жаңа ғимаратқа көшірілген. Музей коллекциясының негізгі қорын 15-20 ғ. – лар аралығындағы фломандық, голландық, бельгиялық суретшілер жұмыстары құрайды. 15-16 ғ. – ларға саятын Ян Ван Эйк, Рогир Ван дер Вейден, Дирк Боутс, Ганс Мемлинг жұмыстары экспозицияланған. Сондай-ақ Антверпен көркемсурет мектебінің негізін қалаған Квентин Массейстің «Христосты жоқтау» атты белгілі триптихі, одан басқа 6 жұмысы сақтаулы. 17 ғ. – дың белгілі антверпендік шеберлері Рубенс, Йорданс, Ван Дейктың туындылары сақталған. Питер Пауль Рубенс туындыларынан 21 картина сақталған. Музей жаңа заман дәуіріндегі әртүрлі бағыттағы бельгиялық көркемсурет туындыларының коллекциясын жинақтаған. Олардың қатарында Джеймс Энсор, Рене Магрит, Поль Дельво туындыларын атауға болады.

АНТИКВАРИАТ – тарихи мәдениеттік көркемдік құндылықтарға ие көне зат. А. – тарды шет елге алып шығу үдерісі мемлекеттік бақылауға алынған. А. заттарының құрамына тарихи дәуірлерге тән коллекциялардың барлық сферасы енеді. А. – тың құны тұтынушының немесе иесінің, сондай-ақ өнертанушы сарапшылардың бағалауына, көркемдік және мемориалды құндылықтарына, антиквариатты заттардың беделіне байланысты. А. түсінігі коллекциялардың ажырамас бөлігі ретінде 18 ғ. – да қалыптасқан. Ол әлемдік тарихи мәдениеттік және ескерткіштердің құндылықтарын маркілеумен, көркемдік нарықтың қалыптасуымен тығыз байланысты. Антикварлы зат өзінің арналған қызметін ұмытып жаңа функцияға ие болды. 19 ғ-дың екінші жартысында аукциондардың маңызды бөлігін антиквариатты жүйелеу басталды.

Қазіргі таңда Қазақстанда антикварлық салондар негізінен Алматы қаласында шоғырланған. Мәскеуде Ресейлік Алғашқы мемлекеттік емес антикварлы ұйым «Акция ЛТ» антикварлы саудамен және антикварлы букинистикалық аукциондармен айналысты. Антикварлы нарық құрамына аукционды үйлердің біршамасы кірді. 2001 жылы «Орыс антиквариаты» компаниясы жұмысын бастаған. «Кростби» сайтында антиквариат және антиквариат нарығы жайлы мәліметтер берілген. 2002 жылы жаңа мамандырылған «Халықарлық аниквариаттар және арт дилерлер конфедерациясы» арт ұйымы құрылды. Шетел антикварлы салондарының ішінде ең танымалылары: «Chelsea Antiques Fair», «The International Fine Art Fair» – Нью Йоркта, «Toulouse Antiques Fair» – Францияда.

Әдеб.: Реставрация памятников истории и искусства в России в XIX – XX веках. История, проблемы: учеб. пособие / [А. Б. Алешин и др.]. М.: Акад. проект; Альма Матер, 2008.; Словарь актуальных музейных терминов. М. 2009.

АНСАМБЛЬДІК МУЗЕЙЛЕР – мәдениет және табиғат мұраларын музейлендіруге бағытталған музейлер жүйесі. А.м. бір жерге шоғырланған, немесе бір мазмұнды құрайтын музей үйлер, сарайлар, ғимараттар, ғибадатханалар жатады.

АРХЕОЛОГИЯ ЕСКЕРТКIШТЕРI – тұрақтар, қалашықтар, қорғандар, ежелгi қоныстардың, бекiнiстердiң, өндiрiстердiң, арналардың, жолдардың қалдықтары, ежелгi қорымдар, тас мүсiндер, жартастағы бейнелер мен жазбалар, ежелгi елдi мекендердiң тарихи мәдени қабатының учаскелерi және ежелгi адамның өмiрi мен қызметiнiң iздерi бар өзге де орындар.

АРХЕОЛОГИЯ МУЗЕЙІ – Қазақстандағы археологиялық қазбалардан табылған көне заман мұраларын сақтап, зерттейтін мәдени мекеме. Тарих, археология және этнография ин-тының жанынан 1973 ж. ашылды. Қазіргі таңда Ғылым ордасында орналасқан, ҚРБжҒМ Ғылым комитетіне қарайды. Музейдің негізгі мақсаты – Қазақстан жеріндегі адамзат қоғамының ежелгі дәуірінен бастап, кейінгі орта ғасырға дейінгі аралықтағы даму жолын заттай деректер арқылы көрсету. Музейде қазақ жерін мекендеген тайпалар мен халықтардың мәдени даму деңгейі, олардың бүкіләлемдік өркендеудің қазынасына қосқан үлесі туралы мағлұматтар беретін көптеген ескерткіштер сақталған.

Музей экспонаттары іштей өзара кезеңдер мен аудандарға жіктелетін үлкен төрт бөлімнен тұрады. Көрменің бірінші бөлімі «Алғашқы қауымдық қоғам мен оның ыдырауы» тақырыбына арналған. Мұнда қойылған тас экспонаттар Қазақстан жері адамзаттың алғаш қалыптасып, дамыған аймағына жататындығын көрсетеді. Көрмеде палеолит тұрақтары Бөріқазған, Тәңірқазған қоныстарынан табылған, кремниден жасалған тас құралдардан бастап, Қазақстанның түкпір-түкпірінде орналасқан тас дәуірі ескерткіштерінен жиналған тас шапқылар, қалақшалар, қырғыштар, нуклеустер қойылған. Қаратауда жүргізілген қазба кезінде табылған тас құралдар мен қарулар жинақталған. Олардың ішінде көптеген найзаның ұштары, қырғыш, қалақша, қол шапқылар бар. Неолит пен энеолит дәуірінің құралдарын Шығыс, Оңт. және Орт. Қазақстанда жүргізілген қазбалар кезінде және кездейсоқ табылған тас білезіктер мен балталар, найзаның ұштары құрайды.

Музейдің келесі бөлімі қола дәуірінің ескерткіштері – Андронов мәдениетіне, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне арналған. Қола құралдарды жасауға қажетті мыс пен қорғасын кен орындары Шығыс пен Орт. Қазақстаннан табылған. Қола дәуірінің қоныстары мен зираттарының осы өңірлерден көптеп табылуы тегін емес. Музей көрмесіне найзаның, жебенің ұштары, қола мен алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар қойылған. Таутары мен Қарақұдық зираттарынан табылған қыш ыдыстар, балталар, айбалталар, әшекей бұйымдары Андронов мәдениетінің айқын белгілерін және оның оңт. және оңт. шығыс ауд-ғы өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді.

Үшінші бөлім ерте темір ғасырына (б.з.б. 8 ғ. – б.з. 5 ғ.) арналған. Бөлімде Тасмола мәдениетінің ескерткіштеріне жүргізілген зерттеу кезінде жиналған қарулар, ат әбзелдері, қолданбалы өнер туындылары, сүйектен жасалған бұйымдар мен қоладан құйылған аңдардың денесі жинақталған. Жетісудағы Сақ мәдениетінің дамуын айқын көрсететін Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» қалпына келтірілген киімі ерекше көңіл аудартады. «Алтын адамның» үстіндегі киімі мен шошақ қалпағын айнытпай қайталайтын жаңа көшірме 1997 ж. музей төрінен орын алды. Оның түпнұсқасы арнайы алтын қазынажайда сақталып, кейін Астанады Мемлекеттік алтын музейіне берілген. Бас сүйектерінің негізінде М.М. Герасимовтың шеберханасында қалпына келтірілген сақтың, үйсіннің және сармат әйелінің қола мүсіндері Қазақстан жерін мекендеген тайпа өкілдерінің бет-бейнесін көз алдына елестетеді. Арнаулы бөлім қола дәуірінің қоныстарының мәдениетіне арналған. Қоныстардың жоспарлары, жерлеу рәсімдері мен жерлеу орындарының сипаты көркем материалдармен көрсетілген.

Музейдің төртінші бөлімі орта ғасыр ескерткіштеріне арналған. Мұнда орта ғасырдағы Тараз, Алмалы, Талғар, Ақтөбе, Баба Ата қ-ларында жүргізілген зерттеулер кезінде жиналған қыш ыдыстар, шыныдан, мыстан жасалған бұйымдар, қолданбалы өнер туындылары қойылған. Көп жылдардан бері зерттеу жұмыстары жүргізіліп келе жатқан Отырар қ-ның материалдарынан арнайы көрме жасалған. Қаланың әуеден түсірілген суретінен оның 16-18 ғ-дағы құрылысының іздері анық байқалады. Ортағасырлық құрылыс өнері мен архитектурасы жетістіктерін бейнелейтін бірқатар суреттер мен екі макет қойылған. Олар: Айша Бибі мен Қожа Ахмет Иасауи күмбездері. Тамғалы тастарындағы петроглифтер понорамада көрсетілген. Музей қоры жыл сайын жаңа материалдармен толықтырылып келеді. Музей қорындағы алтын артефактілер, Алтын адам реконструкциясы Астанадағы Ұлттық музейге жеберілген.

АТРИБУЦИЯ – тарих және мәдениет ескерткіші, құжаттар, көркем туындалар, т.б. музейлік маңызы бар заттардың авторын, жасалған уақытын, материалын анықтау. Музей затын атрибуциялауда зерттеуші заттың жасалу техникасын, стилін, материалын, мазмұнын, қолданыс аясын т.б. затқа тікелей қатысты дүниелерді анықтайды. Затқа тікелей және жанама қатысты мәліметтер мол болған сайын атрибуцияның ділдігі накқтылана түседі. Көркемөнер туындысында авторды анықтау, немесе туынды мазмұнындағы қандай-да бір белгіні анықтауға қатысты дау туғанда жасалатын сараптама атрибуция деп аталады. Зерттеу барысында заттың химиялық, физикалық құрамын анықтау, заттың тарихи дәуірлерде жасалу технологиясын, қолданыс аясын анықтау, әрі сол затты музей жағдайында сақтау (қордағы жылу, ылғалдылық, т.б.) деңгейін нақтылау үшін қажет.

Музейлік атрибуция – заттың музейлік маңызын нақтылауға қатысты сипаттаулар мен музейлік заттың қолданыс аясын, қалыптасуын, затқа қатысты зерттеулерді негізге ала отырып ғылыми негіздеу. Музей заттарын атрибуциялауда қойылатын басты талап – заттағы белгілерді анықтаудағы нақтылық. Музей затының атрибуциясында міндетті көрсетілетін деректер: 1. заттың атауы, 2. Инвентарлық номері, 3. Түсу көзі, уақыты, жасалған жері. 4. Түпнұсқалығы немесе көшірме. 5. Заттың аңызы (жасалу тарихы, кімнің тапқаны, кімде сақталғаны, кім өткізгені т.б.). 6. Затта таңбаның, мөрдің, геральдикалық белгілердің болуы (бірдей белгілердің басқа да заттарда болуы. 7 Жасалу материалы. 8 Жасалу техникасы, әдісі. 9. Көлемі (сантиметр, диаметр, ұзындығы, көлемі, тереңдігі, т.б.). 10. Құрылымы мен бейнесі (бірнеше материалдан тұрған жайғайда, құрамының көлемділігі). 11. Заттың қысқаша сипаттамасы. 12. Стилистикалық ерекшелігі. 13. Заттың қолданыс аясы. 14. Жасалу уақыты, жері (жасалу уақыты нақты болмаған жағдайды болжалды мерзімі). 15. Заттың иесі. 16. Заттың әлеуметтік ортадағы қолданысы. 17. Этникалық қолданысы. 18. Нақты тұлғаға қатысты қолданысы. 19. Сақталу деңгейі.

Музей затының атрибуциясын жаау үшін музей терминологиясын, зерттеліп отырған заттың түсу мәліметін, яғни экспедициядан, кездейсоқ табылымнан, жеке адамнан, сыйға тартылған, антикварлы дүкеннен сатып алынған, т.б. мәліметтерін нақты білу маңызды.

Заттың физикалық және химиялық құрамын анықтау арқылы нақтыланатын мәліметтер: заттың шикізаты: ағаш, мата, кенеп, киіз, тері, темір т.б.; заттың жасалу әдісі (қолдан немесе өрмек, т.б. арнайы қондырғыда жасалғандығы, құйма, қалыпта құю, бедер салу, жону, тесу, сызба түсіру, қыру, тоқу, т.б.; өнер туындыларында – кенеп, майлы бояу, теипера, сангина, грифельді қарындаш, гравюра, литография, акварельді бояу, ағашта бояу, т.б. Заттың түсі бояу арқылы берілген болса табиғи бояу немесе екі түсті бояудың қосындысынан алынған түс пе, ол түстердің алыну жолдары көрсетіледі.

Нумизматика, асыл тастар, бағалы металдан жасалған заттардың салмағы (1.2 гр, 3 гр., т.б.), атауы, құрамы (нумизаматикада – мыс монета, күміс монета, жез монета,т.б.; асыл тастарда – лағыл, зүбіржат, маржан, ақық, переза т.б.) көрсетіледі. Фабрика маркалары, геральдикалық белгілер, заттағы таңбаларды тіркеуге алу да өте маңызды. Атрибуция заттың авторлық туынды, ұжымдық, мемориалдық, этникалық, әлеуметтік қолданыста болғандығын да анықтайды. Атрибуция нәтижелері музейлік каталог, фотоальбом, экскурс, анықтамалық, т.б. музейлік басылымдардың жасалуына негіз болады.

АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ, 1938 ж. құрылған. Музей қорында оның обл. бөлімшелеріндегі (Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға, Индер аудандары орталықтары мен Сарайшық кентіндегі) тарихи-мәдени мұраны қосып есептегенде 30000-нан астам материалдық-рухани ескерткіш бар. Музей экспонаттары палеолит дәуірінен қазіргі заманға дейінгі Атырау өңірінің бай тарихын қамтиды. Олардың ішінде Алтын Орда заманындағы ірі мәдени және сауда орталығы болған Сарайшық қ-нан табылған теңгелер, қыш бұйымдар, монша, мешіт, шеберхана қалдықтары бар. 1996- 97 ж. ҚР ҒМ ҒА-ның Археол. ин-ты жүргізген зерттеулер (экспедиция жетекшісі З.Самашев) музей қорын Алтын Орданың саяси-экон., мәдени өмірі жайлы құнды деректермен толықтыра түсті. Музейде Исатай – Махамбет бастаған халық көтерілістеріне қатысты құжаттар, қару-жарақ, өнер туындылары жинақталған. Атырау обл-ның мәдени өміріне арналған бөлімдерде атақты күйші, композитор Құрманғазы Сағырбайұлы, оның ұстаздары мен шәкірттері жөнінде материалдар, халық қол өнерінің туындылары, күмістен жасалған зергерлік әшекей бұйымдар қойылған. «Қазақстан – 2050», «Атырау – 2050» деп аталатын тұрақты көрмелер «Қазақстанкаспийшельф», «Ембімұнайгеофизика» сияқты мұнай өндіретін мекемелер жөнінде материалдар Атырау өңірінің бүгінгі жағдайымен таныстырады.

АУДИОГИД – музей экспозициясы, көрме және қоршаған өлкемен жеке танысуға арналған фонограммалық құрылғы, яғни экскурсоводсыз саяхат жүргізуші немесе электронды жолсерік, музейлер мен көрме залдарында экскурсия жүргізудің жаңа түрі. А. жүйелерінің құрылғысы ақпараттардың өшірілмеу қаупін қадағалайтын қорғаныш функцияларынан тұрады. Антивандальды корпус құлаған сәтте соғылмайды, корпустың ішкі құрылысы механикалық жарақаттардан сақтауға беім етіп жасалынған. А. 12 сағат бойы үзіліссіз жұмыс жасайды. Жұмыс тоқтаған жағдайда оны тоқ көзіне қосу қажет. Түрлі функцияларды ажырата білу үшін аудиогид түрлі-түсті индикаторларға боялған және олар түрлі режимдегі жұмыстарды атқарады: қосу, тоқтату, қайта айналдыру. Бұл жүйе келесі комплектілерден тұрады: аудиогид, құлаққа тағатын құрылғы, тоқ көзі, аудиофайлдарды жазып алатын құрылғы; музей залдарына жолсілтегіш жоба-сызба. Негізінен аудиогид бірнеше аудио фрагменттерден тұрады. Фрагменттер номірленеді және сызбаға орналастырылады. Егер А. фрагметтер жайлы толық мәлімет берсе, онда оны аудиоэкскурсия деп атайды. Шетелде А. – тер кең таралған. А. музейлер және жеке өнертапқыштар жасайды. Ресейде А. енгізуден Мемлекеттік Эрмитаж музейі, Третьяков галереясы, А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттік көркемөнер музейі озық тәжірибе қалыптастырған. Музейлерде аудиогидтер арнайы қызмет ететін, цифрлі аудио құрылғы болып саналады. Қазіргі кезде жаңа шығарылымдағы аудиогидтер көптеп пайдаланылады. Ол компьютерлік бағдарламалар кешеніне негізделіп, тек есту ғана емес мәтін мен суретті көрсетеді. Сонымен қоса GPS және RFID технологиялары қондырылған аудиогидтердің болашағы зор, олар экспонаттың орналасқан жері және нысанды тез анықтайтын құрылғы болып саналады, аудиогид жолсерік қызметін атқарумен қатар, арнайы магнитті сезгіш белгілер арқылы экспозицияны қабылдайды да, келуші қай экспозицияда тұрса, сол тақырыпта экскурсия жүргізеді. Қазіргі таңда Лувр дәстүрлі аудиогидтердің орнына Nintendo және Air компанияларының 3DS портативті консолиін қолданысқа енгізген. Луврға келуші туристердің 70 % алғаш келушілер болғандықтан, олар Лувр залдары мен өтпелі дәліздерінде адасады, бұл қондырғы магнитті сезгіштер арқылы келушінің тұрған жерін анықтайды. Консолиге 700-ден астам әңгіме енгізілген, бұл келушілерге мәдени-тарихи құндылықты жайында жан-жақты ақпарат берумен қатар, оны әр қырынан, экспозициядағы түпнұсқасынан бөлек виртуалды және гарафикалық жаңғыртпаларын ұсына алады. Мысалы, Ника Самофракийская мүсінінің бастапқы қалпын, табылған орнын т.б. ғылыми-танымдық ақпарат береді. Бұл заманауи қондырғы алғаш Жапония музейлерінен тестілеуден өткен. Консолий аудиогидпен сенсорлы киосктер қызметін біріктіре атқарады. Алғашқы А. – тердің сиымдылығы мен пішіні қарапайым болса, қазіргі А. – тер неғұрлым жетілген, пішіні де инновацияланған және бірнеше халықаралық тілдегі нұсқаны қамтиды. Мысалы, Лувр консолиі ағылшын, француз, итальян, қытай, корей, испан, жапон тілдерінде бағдарланған.

Ірі музейлерде үлкен топтардың болуының әсерінен экскурсоводты тыңдау көп жағдайда ыңғайсыз болғандықтан, музейге келушілерге аудиогидтер таратылады. Теледидарға арналған дистанциондық пультті еске түсіретін кішкентай құрылғы экспонаттар туралы аудиофайлдардан тұрады.

А.тер 2 түрге бөлінеді: қолмен басқарылатын; автоматты.

Қолмен басқарылатын А. нөмірленген батырмалардан тұрады, оның көмегімен экспонат немесе стендтің нөмірін теруге болады. Музейге келушілер құрылғыдағы нөмерді теріп, экспонаттар туралы анықтамалық аудиофайлдарды тыңдайды. Құрылғыда сонымен қатар файлды артқа немесе алдыға жылжытатын батырма бар. Бұл ғылыми-техникалық прогрестің жаңалықтары сонымен қатар мәдениет пен өнерге де келіп жеткендігінің дәлелі. Мысалы, синхронды аудармалар үшін арналған техниканың кез келген экскурсияны қызықты лекциялық сабаққа айналдырарлық қасиеті бар.

Автоматты А. экспонаттың жанында тұрған батырманы басқанда жұмыс істейтін құрылғы. Музейге келушілер құрылғыны алып, стендке қарай бағыттайды, құрылғы автоматты түрде құлаққа тағатын моноқұрылғыға мәліметті жібереді. Бұл а. музейлер мен көрмелерді аралауға зор мүмкіндік береді. Берілген құрылғылардың көмегі арқылы көрмелердің ұзақтығы тәулік бойы созылады. Бұл жүйелер 32 тілге аударылған.

Электронды экскурсовод кез келген аймаққа бекітіле алынады. Аудиофайлдар картадағы орналасқан нүктесі мен қаланың назар аударарлық орындарын көру ұзақтығына байланысты жазылады.


Экскурсиялық мақсаттағы аудиогид-плеер. Тасымалдаушы аудиогид-плеер қарапайым басқаруымен ыңғайлы MP3 плеерден тұрады. Оның пішіні кредитті карточкадан да кішкентай және оның көпфункционалдылығы өмірдің түрлі салаларында қолданысқа ие. А. – плеер музыкалық кештерде, ойын-сауық және спорттық іс-шараларда жарнамалық мақсатта және ақпаратты таратуда қолданыла алынады. Плеердің қолжетімді бағасы аудиторияның санын қамтамасыз етеді. Әрбір музейге келуші адам өзінің қалаған уақытында плеерге жазылған файлды жарнамалық ақпаратты тыңдай алады. Миниатюрлі аудиогид плеері аудиофайлдарды қайта орап, қайта тоқтап, қайта қосып, тыңдай алады. Плеер А. 12 сағат бойы жұмыс істейді. Плеердің жиынтығына USB – өткізгіш кіреді. Сөйтіп плеерге аудиокітаптар, музыкалар, аудиоэкскурсияларды т.б. жазып алуға болады. Аудиоэкскурсияларды экскурсоводсыз-ақ өткізуге болады, қаланың немесе музейдің ішімен серуендей келе кез келген аялдаманы таңдап жүруге болады. Музейлік нысан немесе экспонат туралы мәліметті тыңдау үшін аудиофайлды қайта орап, тыңдауға болады. Дауыс реттеуіштің дауысты көтеру мен бәсеңдету тетігін дәлдеп қоюға болады.

Туристерге арналған аудиогид. Басқа қалаға келген туристер аудиогид құрылғыны пайдалана алады. Аудиогид круиздік саяхаттарда, автобустық серуендерде қолданылады. Бұл жабдықты жолға алып, турист көптеген мәліметтерді ала алады. А. – ті 2 түрлі жолмен таңдауға болады: алдын ала таңдап алынған маршруттік саяхат; арнайы компаниядағы экскурсияларын жеке таңдау. Саяхаттың маршрутын біле салысымен, турист компаниядан аудиогид құрылғысына тапсырыс жасайды. Құрылғы пішіні үлкен емес. Саяхаттаушы оны кез келген уақытта қоса алады. А. – терді әр түрлі тақырыптарға сай таңдауға болады. Мысалы, көркемдік музейлер мен сарайлар, қалалар мен сәулет ескерткіштері. Құрастырушылар әр объект пен экспонат үшін экскурсия картасын, аудиофайлын құрайды.

АУКЦИОН (лат., auctio, auctionis – көпшілік сауда арқылы сату) – адамның әлеуметтік-мәдени қызметінде маңызды орын алатын затты, өнер туындысы, антиквариаттар, раритеттерді көпшілік сатылымына шығарудың бір жолы, шетелдік музеологияда музей қорын, жеке коллекция қорын антикварианттармен, өнер мұраларымен, мемориалдық заттармен, тарихи-мәдени маңызы бар құжаттармен, т.б. толықтырудың бір бағыты. А. – ды ұйымдастырушы мекемелелер, заттың құндылығына алдын-ала сараптау жасайды. А. – ның өткізілуі алдын-ала ұйымдастырылған бұйымдар көрмесінен кейін қарастырылады. Көп ақша ұсынған адам сатып алушы болады.

Сауда формасы ретінде өнер туындыларының аукиондары антикалық уақытта пайда болған, белсенді түрде 18 ғ-да еуропалық көркемдік өнер нарығымен бірге пайда болды. 18 ғ. – дың екінші жартысында Еуропаның ең ірі орталықтарының бірінде аукционды үйлер пайда болды, қазірде жұмыс істеп отырған Sotheb`s (Лондон 1744 ж.), Christie`s (1766 ж.) А. – дарын атауға болады.

Ресейде алғашқы көркемдік аукциондар 1760 жылдардың аяқ жағында Петербургте өткен. 20 ғ. – да Петербургте А. – ды үйлердің саны артты. 1990 жылдардың басында Ресейде А. – ның қызметі арта бастады. Антиквариат ретінде қарастырылатын А-дар Мәскеуде жиі өткізіліп тұрды. А. – дық сауданың көшбасшылары «Альфа-Арт» және «Гелос» аукционды үйлері болып табылды. А. – дар Ресейдің барлық қалаларында жиі өткізіліп отырды. Барлық елдің музейлері мұндай А. – дарға белсене қатысты. Мәдениеттік құндылықтарды сатып алудың бұл әдісін Ресей музейлері де қолданды. Музейлерге белгілі бір қаржылай көмекті мемлекет көрсетіп отырды.

Қазіргі таңда ірі А.-ды үйлердің 90 % әлемдік антиквариат нарығы бақылап отыр. Күн сайын түрлі елдерде ондаған аукциондар өткізіледі. Ірі аукциионды үйлер бағыттар бойынша сауда жасайды, мысалы Sothebу`s аукционында көне этнография, азиаттық өнер, кітап және манускрипттер, ескерткіштік бұйымдардың жиынтығы бөлімдері бар. Орыс өнерін негізінен көбінесе Christie`s, Philips, Bukowski, «Орыс саудасы» ұсынады. Соңғы жылдары аукционды өткізудің жаңа формасы ғаламторлық аукциондар дамып келеді. А. – ды үйлер сайтында каталогтармен танысып онлайн саудаға қатыса алады. А. музей қорлары мен жеке коллекционерлер қорларын толықтырудың бір көзі.

АШМОЛА МУЗЕЙІ – Оксфордта орналасқан көпшілік үшін ашылған ең алғашқы музейлердің бірі. Музей саяхатшы Джон Трейдскаттың коллекциясы негізінде құрылған, ол өз коллекциясын 1969 жылы антиквар Элиас Ашмолаға өткізген. Ол 1675 жылы коллекцияны Оксфорд университетіне сыйға тартқан. 1683 жылы белгілі архитектор сэр Кристофен Реннің басшылығымен музейге арнайы ғимарат соғылған. Ал музейдің қазіргі ғимараты Бимон көшесінде орналасқан, 1845 жылы архитектор Чарлз Кокеелломның басшылығымен салынған. Музей қоры әр кезеңдегі өнер бағыттарының туындыларын қамтиды. Мұнда ежелгі өркениет ошақтарынан табылған тарихи ескерткіштер бар. Артур Эванстың басшылығымен жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан табылған грек және миной қыш ыдыстары, әйгілі Паросмор мраморы, Ежелгі Грек, Рим, Византия, ортағасырлық Еуропа, ислам елдері, Үндістан, Қытайда соғылған 30000-нан астам монеталар мен медальдар сақталған.

Батыс Еуропа өнері бөлімінде орта ғасырлардан бастап бүгінгі күнге дейінгі мүсін, көркемсурет, гравюра, қолданбалы өнер туындыларының бірегей ескерткіштері жинақталған. Экспозицияда қайта өркендеу дәуірі, 18 ғ. – дағы фламандық, голландық өнер, прерафаэлиттер туындылары кең қамтылған, сондай-ақ атақты шеберлер Альберхт Дюрер, Леонардо да Винчи, Рафаэль және Микеланджело Буонарротти, ағылшын суретшілері Уильям Тернер, Сэмоэл Палмер, Джон Рескин, Эдвард Берн-Джонс жұмыстары мен Камил Писсарро туындыларының коллекциясы қойылған.

www.britishmuseum.org

АШЫҚ ҚОР САҚТАУ – музей қорындағы бірегей, аса қымбат заттардың біріңғай бір залда экспозициялануы, музей қорыныңың жаңғыртылуының бір формасы, музей мұраларына деген келушілердің қолжетімділігін кеңейту. А. қ. с. орындары музей қорларының сақталуын қамсыздандыру мақсатында, арнайы қор сақтау орны ретінде сейфтің және cөрелердің қызметтерін қатар атқаратын экспозиция. Қорды таныстыру барысында жекелей экспозициялық әдістер пайдаланылады. Ашық қор экспозициясына аса сапалы қорғаныс шаралары, лазерлік, дыбыстық сезгіштер, брондалған әйнектер, камералық қондырғылар орнатылады. ҚРМОМ-да «Алтын залы» А. қ. с. түрінде жұмыс жасайды.

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ МУЗЕЙ-ҮЙІ – қоғам қайраткері, ақын, ғалым Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығарм. жолына арналған, мәдени-ғыл. мекен-жай. Музей Алматы қ-ндағы А.Байтұрсынов пен Жамбыл көшелерінің қиылысында орналасқан. Бұл үйде А.Байтұрсынов 1934 жылдары тұрған. Мемл. деңгейде құрылған арнаулы комиссия шешімімен музей-үй бұрынғы қалпына келтірілді. 1998 ж. А.Байтұрсыновтың туғанына 125 жыл толуына орай музей-үй күрделі жөндеуден өткізіліп, құрылымы, сәулеттік сыртқы пішіні, ауласы бұрынғы қалпына келтірілген. Музей-үйдің бөлмелерінде орналастырылған заттардың көбісі жақын-туыс жанашырларынан алынған. Онда А.Байтұрсынов өміріне байланысты архивтік материалдар, түрлі құжаттар, қолжазба мұралары, фотосуреттер, сирек кездесетін кітаптар қойылған. А.Байтұрсыновтың тұрмыс-тіршілігі мен шығарм-на байланысты жиһаз-бұйымдар мен құжаттардың бір тобы Торғайдағы музей-үйінде сақталған.

«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі – тарихи-архитектуралық кешен. Ақын, ислам дінінің көрнекті жаршысы, «Екінші әулие», «Түркістан пірі» атанған ғұлама Қожа Ахмет Иасауи (Әзірет Сұлтан) құрметіне арнап Әмір Темір салдырған кесененің (ханаканың) негізінде Оңт. Қазақстан обл. Түркістан қ-нда 1991 ж. ашылған. Бүкіл түркі жұртының, мұсылман қауымының қадір тұтатын киелі орны. Орталық Азияның ортағасырлық сәулет өнерінің аса көрнекті туындысы Қожа Ахмет Иасауи ханакасының құрылысы 14 ғ-дың ақырында салынған. 16 ғ-дың басында Әбу-л-Хайр Фаззлаллаһ ибн Рузбехан «Бұхара мейманының жазбаларында» Қожа Ахмет Иасауи ханакасын: «әлемде салынған ғажайып ғимараттар мен адамзат баласының керемет туындыларының бірі» деп бағалады. Кесененің тұрғызылғаннан бергі қиын тағдыры қазақ халқының тарихымен тұтасып кеткен. Әзірет Сұлтан ханакасының төңірегіне Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Қасым хан, Әмір Темірдің шөбересі Бабыр хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр т.б. белгілі адамдар жерленген. 1864 ж. маусымда Кенесары ханның батыр ұлы Сыздық сұлтан қорғап тұрған кесенені Ресей ген. Черняевтің (полк. Веревкин басқарған) әскерлері зеңбірекпен атқылады. Әзірет Сұлтан мешітін исламның Қазақстандағы басты орталығы ретіндегі діни қызметіне тосқауыл қоюға ұмтылған кеңестік тоталитаризмнің әрекеттері де діттеген мақсатына жете алмады. 1927 ж. сәуірде БК(б)ГТ Қазақ өлкелік к-ті «Сұлтан Хазірет мешітіне жыл сайын 8000-ға жуық мұсылман тәуеп етуге келеді» деп мойындаған еді (ҚР ПА, 141-қ., 1-т., 1541-іс, 37-п.). 1978 ж. қыркүйекте Қожа Ахмет Иасауи респ. музейі ашылды. 1989 ж. 28 тамызда Қазақ КСР-ы үкіметі жалпы келемі 90 га жерді алып жатқан Түркістан қ-ның көне ескерткіштер кешені негізінде Ә. С. қ. м-н ашу туралы шешім қабылдады. Қорық-музей Ахмет Иасауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (жер асты мешіті, 12 ғ.), Әулие Құмшық Ата кылуеті (12 ғ.), Сегіз қырлы кесене (14 – 16 ғ.), Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (15 ғ.), Шығыс моншасы (16 – 17 ғ.), Есім хан кесенесі (17 ғ.), т.б. археол., тарихи, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды. Қожа Ахмет Иасауи архит. кешені ЮНЕСКО-ның Қызыл кітабына енгізілді. Ұлы Жібек жолының Алматы – Тараз – Түркістан бөлігінің қайта жаңаруына сәйкес, ҚР мен Түркия Республикасы үкіметтерінің қамқорлығымен Әзірет Сұлтанның мәдени, материалдық және рухани мұралары қалпына келтірілуде.

Әдеб.: Массон М.Е., Мавзолей Ходжа Ахмеда Ясави, Ташкент, 1930; Басенов Т. Комплекс мавзолея Ахмеда Ясави, А. – А., 1982; Тұяқбаев М. Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар. Алматы, 2000.

ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВ АТЫНДАҒЫ ӨНЕР МЕМЛЕКЕТТІК МУЗЕЙІ – 1976 жылы Т.Г. Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясының (1935 жылы қаланған) және Ресубликалық қолданбалы өнер музейінің (1970 жылы қаланған) қоры негізінде қаланған. 1984 жылы қаңтарда музейге Қазақ ССР Халық суретшісі Ә. Қастеевтің есімі берілді. ЮНЕСКО-ның шешімімен 2004 жылы Ә. Қастеевтің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді. 2004 жылдың 15 қаңтарында Ә. Қастеевтің мерейтойлық көрмесінің салтанатты ашылуы болды. Көрме суретшінің шығармалары коллекциясын қамтиды. Атап айтар болсақ, 400-ден аса акварельдік және кескіндеме туындылары, фотоқұжаттар, суретшінің жеке заттары, кинохроника музейдің үлкен төрт залдарында қойылды. Сонымен қатар суретшінің көрмесі Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде және республиканың облыс орталықтарында өткізілді. Жаркентте Ә. Қастеев атындағы көркемсурет музейі ашылса, Чижин ауылында Ә. Қастеев атындағы саябақ ашылды. 2005 жылдың қаңтарында Ә. Қастеевке Алматы қаласының әкімі И.Н. Тасмағамбетовтың және қала басшылығының тікелей қаржылық қолдауымен ескерткіш ашылды. Бүгінде Ә. Қастеев атындағы МӨМ еліміздегі бейнелеу өнері саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту ісіндегі ірі көркемсурет музейі болып табылады. Музейде Қазақстанның бейнелеу өнері, Қазақстанның қолданбалы өнері, шетел классикалық өнері, жаңа дәуірдегі шетел өнері, қорлар, қайта қалыпқа келтіру, көрме және экспозиция, насихаттау және экскурсиялық қызмет көрсету, ақпарат және баспа ісі сынды 9 ғылыми орталық жұмыс атқарады. Қазіргі таңдағы музейдің қоры өзінің көркемдік деңгейінің жоғарылығымен көптеген әлемдік жинақтардан еш қалыспайды.

Қазақстанның, Ресейдің, Еуропаның, Американың, Шығыс елдері халықтарының қолданбалы өнерінің баға жетпес жұмыстары музейдің негізі қорындағы туындылар болып табылады. Камбиазо, Саверея, Дюге, Остаде, Коро, Добиньи, Гудона, Куазево сияқты атақты қылқалам шеберлерінің туындылары сақталған. Музей қоры 24000- бірліктен астам. Ә.Қастеев атындағы МӨМ әлемдік мәдени мұраларды сақтау, оларды зерттеу және танытуда маңызды іс шараларды орындайды. Музейдің тұрақты экспозициясы әрбір халықтың мәдени байлығы мен ерекшелігін көрсететін экспонаттар арқылы әлемдік өнердің негізгі даму сатыларын байқауға болатын тарихи хронология тәртібіне негізделген. Музейде зерттеу және білім беру ісі белсенді түрде жүргізіліп қана қоймай, сондай-ақ жыл сайын халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар өткізу үрдіске айналған. Музейде өткізілетін қазақстандық, шетелдік суретшілердің көрмелері өнер сүйер қауымның, Алматы қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырады. Музей өз тарапынан жинақтау, сақтау, көрме ұйымдастыру жұмыстарымен шектеліп қана қоймай, сонымен бірге музей қорын насихаттау және көркемсурет мәдениеті жайлы тұрғындарды кеңінен таныстыру мақсатында ағартушылық жұмыстарын, музей педагогикасын жүргізуді өз алдына мақсат етіп қойған. Музей түрлі жастағы және әлеуметтік топтағы келушілерді белсенді түрде тарту, музей қорының аса жоғары дәрежедегі көркемдік деңгейін көрсету мақсатында тақырыптық және шолу экскурсияларын жүргізу; аса бай иллюстриативтік материалдарды пайдалана отырып лекциялар өткізу жұмыстарын жүргізеді. Музей жанында Кіші өнер академиясы жұмыс істейді. Бейнелеу, сәндік-қолданбалы өнер тарихына арналған дәрістер 4-5 айға ойластырылған. Қазіргі таңда «Виртуалдық 3D галерея» инновациялық жобасы бойынша алғашқы туынды музей сайтында орналастырылған. Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.bmtv.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс. Виртуалдық 3D галереясы музей экспонаттарының көпшілігі қорда сақтаулы болғандықтан, келушілерге музейдің бірегей туындыларын көруге, барлық бөлмелерін аралап шығуға мүмкіндік береді.

ӘУЕЗОВ ҮЙІ, ғылыми-мәдени орталығы – ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығарм. мұрасын көпшілікке таныстыру, насихаттау, зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғыл. – мәдени мекеме. Алматы қ-нда жазушының өзі тұрған (1951 – 61) үйде (Төлебаев көшесі, 135-үй) орналасқан. Бұл үйді музейге айналдыру туралы Қазақстан үкіметінің қаулысы 1961 ж. 10 тамызда қабылданды. Жазушының әдеби мұрасы, өзі көзі тірісінде тұтынған заттары, үй жиһаздары, қолжазбалары жүйеге келтіріліп, тақырыптық көрмелер жасалып, 1963 ж. 28 қарашада музей ресми түрде ашылды. Қазақстан үкіметінің «М.О. Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы мерейтойына дайындық және оны өткізу туралы» 1993 ж. 19 шілдедегі қаулысына сәйкес, 1996 ж. 1 маусым күні музей «Әуезов үйі» ғыл. – мәдени орталығы болып қайта құрылды.

Орталық негізінен үш бағытта жұмыс жүргізеді: Бірінші бағыты – жазушының өмірі мен шығарм. мұрасын жинақтау, оны ғыл. жүйеге түсіріп саралау, жариялау және әуезовтану саласы бойынша жарық көрген еңбектерді жинау. Екінші бағыты – музейдегі қолжазбалар мен экспонаттарды, кино, фото, дыбыс қорларындағы мұраларды ғыл. жүйеге түсіру, көрме ұйымдастыру. Қолжазба қорында 72 мыңнан астам мұрағаттар, сирек кездесетін кітаптар, жазушының күнделіктері мен жолжазбалары, архивтерден жинаған құнды деректері, жеке басы құжаттары, т.б. бар. Үшінші бағыты – М. Әуезовтің азаматтық, шығарм. құқығын қорғау.

Орталық орналасқан музей үйі екі қабаттан тұрады, онда 8 бөлме бар. Бірінші қабаттағы кіреберіс дәліз қабырғаларының жоғ. жиектері ұлттық ою-өрнекпен безендірілген. Одан көне түркілердің сегіз бұрышты, көк түсті оюларын байқауға болады. Бұрышта киім ілгіш тұр. Сол жақтағы бірінші бөлме жазушының көзі тірісінде «демалыс бөлмесі» деп аталған. Онда күйсандық, теледидар, жұмсақ орынтақтар мен журнал үстелі қойылған. Төрде О. Таңсықбаевтың «Көктөбе», Б. Орманшының «Гүлдер», А. Черкасскийдің «Раушан» кескіндемелері ілінген. Музей үйіндегі ең үлкен бөлме – қонақ бөлмесі. Ортадағы үлкен үстел мен орындықтар, жиїаздар Ә-тің арнайы тапсырысы бойынша Мәскеуде жасалған. Еденге парсы кілемі төселген. Қабырғаларға А. Риттихтың «Дастарқандағы алма», Таңсықбаевтың «Бозқараған», Шығыс Түркістандағы қазақ жазушылары сыйлаған «Тау көрінісі» суреттері ілінген. Әйнекті абажа мен кебежелердің ішінде қымбат бағалы, күміспен зерленген ыдыс-аяқтар сақталған. Ұлы жазушы ғұмырының соңғы он жылындағы шығарм. қуанышы мен азабының куәсі болған – жұмыс бөлмесі. Бөлмедегі кітап сөрелері дөңгелене қаланған қабырғаға кіріктіріле орнатылған. Жазу үстелінің үстіндегі қолжазбалар, қаламсап пен қарындаштар, көзілдірік пен кітап, бүркіттің мүсіні сол күйі сақталған. Бұрышта – жазу мәшеңкесі. Жазушы кешке жақын ұзақ уақыт шам жақпай, алакеуім көлеңкеде, қолына домбырасын алып, терезе алдындағы диванда отырып күй тартуды өте ұнатқан. Музей үйінің бірінші қабатындағы төртінші бөлме – жазушының қарындасы Үміштің (Үмияның) бөлмесі. Бұл бөлме өзгелерден ерекше, қазақ халқының дәстүрлі тұрмысы үлгісінде жиїаздалған. Бұрышта – сандық. Терезе алдында жазушының ертеректе пайдаланған шағын үстелі тұр. Төрге ағайын-туыстарының суреті ілінген. Екінші қабаттағы үш бөлменің ең үлкені – ұйықтайтын бөлме. Жазушы бөлмедегі жиїаздарды Ригадан алдырған. Киім шкафында жазушы киген киімдер ілулі тұр. Жазушының қызы Ләйләнің бөлмесі шағын, қарапайым ғана жиїазбен жабдықталған. Төрде Орманшының сыйға тартқан суреті ілулі тұр. Жазушының ұлы Ернардың бөлмесіндегі ерекше құнды экспонат – ескі жазу үстелі. Бұл үстелді жазушы 1932 ж. сатып алған. 1951 жылға дейінгі шығармалары, соның ішінде «Абай жолының» алғашқы екі кітабы осы үстелде жазылған.

1997 ж. құрылысы біткен жаңа көрме ғимаратының негізгі бөлігі бұрынғы музей үйінің еңсесін баспас үшін жерге сіңіріле салынған. Көрмеге баспалдақпен түседі. Бұл – Әуезовтің көркемдік әлеміне тізеңді бүгіп, тағзым етіп кіру рәсімі үшін әдейі жасалған сәулеттік шешім. Көрменің іші – жалпы түркі әлеміне ортақ көк түспен көмкерілген. Көрменің негізгі мақсаты – ұлы тұлға ғұмырына қатысты заттар, құжаттар, суреттер арқылы жазушының тағдырын, шығарм. мұратын терең де әсерлі ұғынуға жәрдемдесу. Онда қойылған экспонаттар М. Әуезовтің туған, өскен ортасы, жазушылық жолы, қоғамдық қызметі, «Алаш» қозғалысы, кеңестік жазалау саясаты тұсындағы көрсетілген қысымдар мен 1930-32 ж. түрмедегі өмірі, шет ел сапарлары туралы жан-жақты мағлұмат береді. Салтанат ғимаратында жазушының өзі туралы деректі фильмдермен қоса, оның шығармалары бойынша түсірілген «Абай әндері», «Райхан», «Асудағы атыс», «Көксерек» көркемсуретті фильмдері, замандастарының жазушы туралы айтқан естеліктерінің бейнетаспалары көрсетіледі. Жазушының өзінің дауысы жазылған таспалар мен күйтабақтар бар. Алматы қалалық халық ун-тінің дәстүрлі сабағы да айына екі рет, жұма күндері осында өткізіліп тұрады. Орталықта мекемелер мен жоғары оқу орындарына, мектептерге апарып таныстыруға арналған тақырыптық көшпелі көрме жұмыс істейді. Қайта қалпына келтіру шеберханасы мен ғыл. жұмыспен айналысушыларға қызмет көрсететін компьютерлік бөлім бар.

БАЛАЛАР МУЗЕЙІ – балалар аудиториясына арналған, балалардың сұраныс талабына сай, олардың жас ерекшелігіне сай интерактивті экспозицияда құрылған, білім-тәрбие беру функциясын атқаратын, балалардың қоршаған ортаға бейімделу үдерісін, эстетикалық талғамын қамтамасыз ететін, балалардың шығармашылық қабілетін арттыратын, ойлау қабілетін шыңдайтын үйірме, клубтар, курстар, шығармашылық шеберханалар жұмыс жасайтын, балалардың ептілігін қалыптастыратын ойын алаңдарымен жабдықталған музейлер жүйесі. Б. м. – нің міндеті балалар шығармашылығын дамыту ғана емес, балалар шығармашылығының қалыптасуын жан-жақты зерттеу. Б.м. жеке музей ретінде де, «музей ішіндегі музей» түрінде ашылған филиал, бөлім ретінде де жұмыс жасайды. Балалар музейі идеясы мен термині 19 ғ-дың аяғында қалыптасқан. Балалар музейінің отаны Лондон болып табылады. 1872 жылы принц Уэльцтің бастамасымен Балалар музейі Оңтүстік-Кенсингтон музейінің бөлімі рет інде ашылып, әр елдің балалар ойындарына қатысты ойыншықтарын, балалар костюмдерін жинақтауға бағытталған. 1920 жылдан бастап бабалар және мұғалімдер тақырыбындағы кәсіби маманданған музей ретінде жұмыс жасайды. Қазіргі таңда бұл музей тек балалар тақырыбымен қоса 18-19 ғ-лар аралығындағы тарихи оқиғалар тақырыбын да қамтиды. Виктория және Альберт музейімен бірігіп жұмыс жасайды. 1899-1925 жылдар аралығында АҚШ-та бірнеше Балалар музейі ашылып, олар балалардың өмірге әлеуметтік бейімделуі, қоршаған ортамен байланысы, балардың тілінің, ойлау қабылетінің дамуы, мектеп алды дайындық бағыттарын қамтиды. Сондықтан да көптеген музейтанушы лар Балалар музейінің отаны деп АҚШ-ты таниды. Олардың қатарында Нью-Йорктегі Бруклин Б. м. (1899), Смитсон институтының балалар бөлмесі, Бостон, Детройт, Индианаполис Б. м. – лерін атауға болады. 1920 жылы Москва қаласында Ойыншықтар музейі, Харковте Б. м. ашылған.

Әдеб.: Макарова Н.Г. Детские музеи Америки: история и современность. М., 1997.; Школьный музей на рубеже веков: Методические рекомендации. М., ДЮЦТТ., «Медведково», 2001; Столяров Б. А. Музейная педагогика: история, теория, практика. М.: Высшая школа, 2004.; Некрасова-Каратеева О.Л. Детское творчество в музее: Учебное пособие. М. 2005.

БАЛТИМОР ӨНЕР МУЗЕЙІ – Солтүстік Америкадағы өте қызықты музейлердің бірі. Музей негізі апалы сіңілілі Кларибел және Эттой Коунның 20 ғ. – дың басында жинаған коллекциясы негізінде қалыптасқан. Олар коллекцияларын Балтимордағы өз үйлерінде көпшілікке көрсетіп отырған. 1914 жылы коллекция жинағын музей заттары ретінде архитектор Джон Рассел Поуптың жобасымен салынған неоклассикалық стильдегі ғимаратқа көшірген, музей сәндік-қолданбалы өнер туындыларын, көркемсурет, картина, гравюра, мүсіндер, француз жиһаздарын, фарфорлар, табакеркілерді экспозициялайды. Экспозициядан Антонис Ван Дейк, Франс Хальц, Рембрандт, Жан Батист Симеон Шарден, Элизабет Виже-Лебрен, Анри Матисс, Пабло Пикассо, Поль Сезан, Эдуард Мане, Эдгар Дега, Поль Гоген, Винсент Ван Гог, Пьер-Огюст Ренуар, Альбрехт Дюрер, Сандро Боттичелли, Франсиско де Гойи, Эдуард Мане атақты шеберлердің озық туындаларын көруге болады. Картиналар 19 ғ. француз мүсіншілері Огюст Роден, Антуан Луи Бари, т.б. жұмыстарымен сәйкестендіріле экспозицияланған.

Әдеб.: Мануэль Галич. История доколумбовых цивилизаций. М.: Мысль, 1990.

БАРБЕР ӘСЕРЛІ ӨНЕР ИНСТИТУТЫ – Бирмингемде орналасқан Барбер әсерлі өнер музейі – Ұлыбританияның көркемөнер коллекциясын жинақтаған мекеме. Оның негізін 1932 жылы ірі кәсіпкер Генри Барбер қалаған. Музей орналасқан 2 қабатты ғимарат 1939 жылы архитектор Роберт Аткинсонның басшылығымен ар-деко стилінде салынған. Онда батысеуропалық туындылар да жинақталған. Онда әлемге танылған көне шеберлер Симон Мартин, Джованни Беллини, Сандро Боттичелли, Паоло Веронез, Кіші Ганс Гольбейн, Питер Пауль Рубенс, Антонис Ван Дейк, Франс Хальц, Рембрандт, Никола Пуссен, Бартолом Эстебан Мурильо; француз импресионистері мен постимпрессионистері Эдгар Дега, Клод Моне, Пьер-Огюст Ренуар, Эдуард Мане, Винсент Ван Гог, Поль Гоген; 20 ғ. суретшілері Пабло Пикассо, Анри Матисс, Рене Магритт, Эгон Шиле, Андре Дерен, Фернан Леже; ағылшын өнері тарихын көрсететін Джошуа Рейнольдс, Томас Гейнсборо, Уильям Тернер, Данте Габриэл Россетти, Обри Бердслей, Гвен Джон туындылары бар.

БАРИ ПИНАКОТЕКАСЫ – Бари қаласында 11-19 ғ. – дағы батысеуропалық өнердің озық үлгілерін жинақтаған. 1928 жылы негізі қаланған. Музей қоры Италия шіркеулері, монастырлары, Неопол және Рим галереясынан алынған заттар, сондай-ақ Ескі Пинакотеканың қосылуы нәтижесінде толыққан. Музей экспозициясында антикалық мүсіндер коллекциясы, ортағасырлық дәуір заттары, Қайта өркендеу дәуірінің итальяндық шеберлерінің полотнолары қойылған. Музей құндылықтарының қатарында Антонио және Бартоломео Виваринидің, Парис Бордоненің, Якопо Тинтореттоның жұмыстары бар.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ – Орал қ-ндағы 1832 ж. негізі қаланған тарихи-мәдени мекеме. 1920 ж. қалалық реалды уч-ще мен казак-орыс әскерлері музейлерінің негізінде қайта құрылды. Музей залындағы археол. қазбалар кезінде табылған қыш құмыралар, ыдыстар, қола мен темірден соғылған жебе ұштары, еңбек құрал-жабдықтары өлкенің көне замандағы тарихы мен мәдениетінен мағлұмат берсе, 19 ғ. мен 20 ғ-дың бас кезінде қолданылған әшекей бұйымдар, үй жиһаздары, тұрмыстық заттар, ер-тұрмандар Бат. Қазақстан төңірегінде ғұмыр кешкен қазақ қолөнер шеберлерінің шеберліктерін танытады. Сондай-ақ, музейде 19 ғ-дың соңы – 20 ғ-дың бас кезіндегі Орал қ-ндағы саяси, әлеуметтік оқиғалар, тарихи тұлғалар өмірі жайында баяндайтын құнды фотосуреттер, құжаттар, заттық деректер қойылған. Музей қорындағы а. ш. өнімдерінің түрлері, шикізат өнімдері, еңбек ерлері жайындағы мәліметтер облыстың өндірістік және шаруашылық дамуының тарихын көрсетеді. Музейдің дербес бөлімдері болып табылатын Мәншүк Мәметованың музейінде оның ерлігінен хабар беретін материалдар мен заттық деректер, Е.Пугачев музейінде орыс көтерілісшісі Е.А. Пугачевтің Оралда болуын баяндайтын маңызды құжаттар, соғыс қарулары, Табиғат және экология музейінде өлкенің геогр. жер жағдайының кескіндеме-карталары, кен байлықтарының үлгілері, өлкеде кездесетін өсімдіктер және жан-жануарлардың қатырылған бейнелері қойылған. Сондай-ақ, қалада тарихи-өлкетану музейінің дербес бөлімдері ретінде суретші С. Ғұмаров және орыс жазушысы М. Шолохов музейлері жұмыс істейді. Музейде жалпы саны 21930 экспонат сақтаулы. Тұрақты және көшпелі көрмелер, обл. теледидар және радиодан арнаулы хабарлар ұйымдастырылып тұрады.

БЕРЛИН МЕМЛЕКЕТТІК МУЗЕЙІ – әлемдегі ірі музей кешендерінің бірі. 1830 жылы Пруссия королы және бранденбургтық курфюрстер коллекциясы негізінде құрылған. Музейдің негізгі бөлігі шығыс Берлиндегі «музей аралында» орналасқан. Музейдің ең алғашқы ғимараты 1823-1830 жылдары архитектор, классицизм шебері Карл Фридрих Шинкель басшылығымен салынған. 1876 жылы Ескі Ұлттық галерея ашылып, онда 19 ғ. – дағы көркемсурет пен мүсіндер, Петер фон Корнелиус, Адольф фон Менцель, Ханс Том, Ансельм Файербах, Арнольд Беклин, Ханс фон Маре, Вильгельм Лейбль, Вильгельм Трюбнер, Макс Либермен, Ловис Коринт, Эдуарт Мане, Клод Моне, Пьер-Огюст Ренуар, Эдгард Дега, Поль Сезанн, Огюст Роден жұмыстары топтастырылған.

Пергамон музейі – аралдағы ең танымал музей. Құндылықтар қатарында Ежелгі Рим, Грекия, Вавилон, Ассирия, Египет, Шығыс Азия, ерте ислам, ерте христиан өнері туындылары, эллинизм дәуірінің туындысы Пергам алтары, сондай-ақ Иштар қақпасы, Нефертити бюсті бар. Жаңа музей және Бордо музейі – көркемсурет, гравюра, монеталар коллекциясы музейлері. Музейлер аралы 1999 жылы әлемдік мәдени мұралар ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілді.

Берлиннің мемлекеттік музейі кешеніне Берлин-Далем музейі де енеді. 1957 жылы негізі қаланған, құрамында Египет, Антика, Ислам, Индия, Қиыр шығыс өнері, Неміс халық өнері, Этнография, Қолданбалы өнер, Алғашқы қауым және ежелгі дүние музейлері, Картиналар галереясы, Жаңа ұлттық галерея бар. Жаңа ұлттық галерея 20 ғ. көркемсуреті мен мүсіндерін, Эдвард Мунка, Эрнст Людвиг Кирхнер, Пабло Пикассо, Паул Кле, Лайконел Фейнинджер, Отто Дикс, Оскар Кокошки жұмыстарын қамтыған. Далемнің картина галереясы көне шеберлер жұмыстарын сақтап отырған Еуропадағы ірі қор. 72 залдан тұратын галереядан Ян ван Эйк, Үлкен Питер Брейгель, Альбрехт Дюрер, Рафаэль, Тициан, Микеланджело да Караваджо, Ян Вермеер, Кондрад Витц, Ганс Бальбунг Грин, Үлкен Лукас Кранах, Кіші Ганс Гольбейн, Каналетто, Антуан Ватто, Томас Гейнсборо жұмыстарын көруге болады. Рембрандттың 16 жұмысы, Рафаэльдің 5 мазмұндағы Мадоннасы арнайы залдарда қойылған.

БИРМИНГЕМ МУЗЕЙІ ЖӘНЕ КАРТИНАЛАР ГАЛЕРЕЯСЫ –Ұлыбританиядағы ерекше музей. Оның негізі 1885 жылы қаланған, қала ортасындағы 1911-1919 жылдары салынған тарихи ғимаратта орналасқан. Музей көркемсурет, мүсін, қолданбалы өнер туындылары, азиялық экспонаттар қорын, тарих, археология, этнография экспозициясын жинақтаған. Мұнда көне шеберлер Джованни Беллини, Антонио Каналетто, Томас Гейнсборо полотнолары бар. Ағылшын элитасының туындылары қатарында сэр Эдвард Берн-Джонс коллекциясы сақталған, оның құрамында «Вифлеем жұлдызы», «Король Марк және керемет Изольда», «Пигмалион және образ» атты квадриптих сияқты шедеврлер бар. Музейдегі гравюра мен сызба-суреттер коллекциясының саны 27000-нан астам, соның ішінде британ суретшілері Томас Гейнсборо, Уильям Блейк, Уильям Тернердің 400-дей жұмысы сақталған.

БОЙМАНС-ВАН-БЕНИНГ МУЗЕЙІ – Роттердамда орналасқан мецанат Бойманс-ван-Бенинг негізін қалаған бұл музей Нидерландыдағы өнер коллекциясын экспозициялайтын ерекше музейлердің бірі. Музей ғимараты 1935 жылы Ван дер Стер жобасымен салынған. Музей экспозициясының негізгі қорын Солтүстік Қайта өркендеу шеберлерінің жұмыстары құрайды. Музей залдарынан Ян Ван Эйктің «Мироносиц әйелдері», Үлкен Питер Брейгельдің «Вавилон мұнарасы», Иеронимус Босхтың «Канадағы неке», «Бала ұстаған әулие Христофор», Рембрандттың «Титус», Винсент Ван Гогтың «Гүлбаршын мен қалампыр салынған құты», «Еменді бульвар» атты жұмыстарын көруге болады. Музейде Рубенстің жиырмадан астам эскиздері сақталған. Музейде Клод Моне, Эдгар Дега, Винсент Ван Гог, Кес ван Донген, Пит Мондриан, Анри Матисс, Рауль Дюфи, Оскар Кокошки, Эдвард Мунка, Рика Ваутерс, Констан Пермек, Пабло Пикассо сияқты импрессионистер мен модернистердің жұмыстары экспозицияланған. Қазіргі заман суретшілері қатарынан Энри Уорхолл, Клас Ольденбург, Дональд Джадда, Йозеф Бойс, т.б. жұмыстары бар. Музей паркіне қазіргі заманғы мүсіншілер туындылары қойылған.

БОРГЕЗЕ ГАЛЕРЕЯСЫ – Рим қаласында орналасқан. Италиядағы ірі өнер коллекциясын экспозициялап отырған музей. 17 ғ. – дың бас кезінде жинақталған бай әулеттен шыққан Сципион Боргезе коллекциясы негізінде құрылған, коллекцияны толықтыруды кейін ұрпақтары жүзеге асырған, көпшілік үшін 1902 жылы ашылған. Музей 1613-1615 жылдары архитектор Вазанцио жобасымен салынған Боргезе вилласында орналасқан. Галереяда 560-тан астам полотно қойылған. Экспозиция Қайта өркендеу дәуірі ескерткіштерінен басталады, онда Пьер ди Козимо, Перуджино, Лоренцо ди Креди, Сандро Боттичелли, Рафаэль, Корреджо, Джованни Беллини, Джорджоне, Паоло Веронез, Тициан, Микеланджело да Караваджо, Лоренцо Бернини туындылары, Антонио Канова мүсіндері қойылған.

БОРДО ӘСЕРЛІ ӨНЕР МУЗЕЙІ – 1801 жылы Напалеон Бонопарттың бұйрығымен құрылған, қазіргі таңдағы Франциядағы ірі өнер коллекциясы музейі. Оның негізін Францияның Орталық музейінен әкелінген экспонаттар құраған. 1805 жылы музей коллекциясында 44 жұмыс болған. Музей тарихындағы ерекше оқиға 1829 жылы маркиза Лаказаның 280 итальян, неміс, голланд, фломанд суретшілерінің полотноларынан тұратын керемет коллекциясын иелену болды. 1870 жылы музейде өрт болып коллекцияның бір бөлігі өртенген, солардың қатарында Филипп де Шампен, Питер Пауль Рубенс жұмыстары да болған. 1881 жылы қала басшылығының бұйрығымен архитектор Шарль Бурженің жобасымен музейдің қазіргі жаңа ғимараты тұрғызылды. Ғимараттың оңтүстік бөлігі 16-18 ғ. – лар шеберлері жұмыстарына арналған. Олардың қатарында Пьетро Перуджино, Тициан, Якопо Бассано, Гверчино, Якопо Тинторетто, Паоло Веронез сияқты итальяндық қайта өркендеу дәуірі суретшілерінің, Питер Пауль Рубенс, Антонис Ван Дейк сияқты фламандық қылқалам шеберлерінің жұмыстары бар. Ғимараттың солтүстік бөлігінде 19-20 ғ. – лар өнер туындылары, негізінен француз суретшілерінің туындылары қойылған. Музей экспозициясынан Камиль Коро, Шарль Франсуа Добиньи, Одилон Редон, Пьер-Огюст Ренуар, Анри Матисс, Альбер Марке, Андре Лот, Пьер Боннар жұмыстарын көруге болады.

БОСТОН ӘСЕРЛІ ӨНЕР МУЗЕЙІ – 1870 жылы Бостон көркемсурет галереясы экспонаттары негізінде құрылған. 1909 жылы музей архитектор Гай Лоуэлл жобасымен салынған Хантинг-авенюдегі жаңа ғимаратқа көшірілген. Коллекцияның толығуына байланысты музей өзінің экспозициялық кешенін кеңейтіп отырған, қазіргі таңда музей бас ғимаратынан басқа, бірнеше корпустар және мүсіндер бағын иеленген. Музей қорының саны 70000-нан асады. Музей археологиялық заттарды, антикалық, Ежелгі Египеттік мүсіндер мен түрлі бұйымдарды, қыш-құмыраларды, ортағасырлық мүсіндерді, Азия елдерінің, соның ішінде жапон, үнді, корей халықтарының, Африка елдері, Автралия және мұхит аралдары елдерінің бай өнер туындыларын, еуропалық сәндік-қолданбалы өнер туындыларын, ағылшын күмістері мен фарфорларын, әртүрлі стильдегі жиһаздарды экспозициялайды. Көркемсурет галереясында голланд, француз, ағылшын, испан, итальян шеберлерінің, атап айтқанда Тициан, Альбрехт Дюрер, Рембрандт, Жан-Франсуа Милле, Винсент Ван Гог, Поль Гоген, Пьер Огюст Ренуар, т.б. туындыларын, американ шеберлерінен Джон Сингер Сарджент, Мэри Кэссет, Уинслоу Хомер жұмыстарын тамашалауға болады. Клод Моненің коллекциясы музей мақтанышы болып табылады.

БРЕДИУС МУЗЕЙІ – Гаагада орнааласқан. Музей белгілі коллекционер, өнер тарихшысы, 17 ғ. – дағы голланд өнерін зерттеуші, Маурицхейс музейінде көп жылдар директор қызметін атқарған Абрахам Бредиустың коллекциясын экспозициялайды. Бредиус өлгеннен кейін 1946 жылы оның коллекциясы Гаага муниципалитетіне өтеді де, көпшілік қауым үшін ашылған. 1985 жылы музей жабылып, 1990 жылы Ланге Вайвербергтегі жаңа ғимаратқа көшіріліп, қайта ашылды. Музей коллекциясы негізінен нидерланды және фломандық көркемөнер туындыларынан тұрады. Экспозицияға Антонис Ван Дейк, Франс Хальц, Вилдлем Клас Хед, Томас де Кейсер, Рембрандт, Саломон Ван Рейсдаль, Ян Стен, Кіші Давид Ренирс, Эсайас Ван де Вельде, Корнелис де Вос жұмыстары қойылған. Шетелдік көркемөнер мектептерінен Якопо Амигони, Джузеппе Рекко, Лоренс Альма-Тадем т.б. шеберлер жұмыстары қойылған. Сәндік-қолданбалы өнер коллекциясын неміс майда пластикалары, жапон және қытай ыдыстары, атақты мейсендік фабрика фарфорлары, т.б. заттар өте қызықты заттар құрайды.

БРЕМЕН КУНСТКАЛЕСІ – Германиядағы ірі музей, қалалық өнерсүйгіштер коллекциясы негізінде қалыптасып, 1849 жылы ашылған. Жаңа ғимараты архитектор Эдуард Гильдемейстер жобасымен салынып, 1902 жылы пайдалануға берілген. Кунскале коллекциясының негізін 19-20 ғ. – ларға саятын көркемсурет, гравюра, мүсін шеберлерінің туындылары құрайды. Музейде Вильгельм Лембрук, Эрнаст Барлах сияқты мүсіншілердің, Клод Моне, Эдуард Мане, Камиль Писсарро, Пьер-Огюст Ренуар, Эдгар Дега, Анри де Тулуэ-Лотрек, Поль Сезанн сияқты әлемге белгілі импроссионистердің, Оскар Кокошки, Эдвард Мунк, Макс Пехштейн сияқты экспроссионистердің, Ловис Коринт, Макс Либерман, Макс Слефогт, Каспар Давид Фридрик, Макс Клиптер, Адольф фон Менцел, Эрик Хекел, Вильгельм Трюбнер сияқты неміс суретшілерінің туындылары бар.

БРЕР ПИНАКОТЕКАСЫ – Миланда орналасқан. Брер Пинакотекасы Өнер Академиясы студенттеріне көрнекі оқу материалы ретінде құрылып, 1882 жылы өз алдына жеке мекеме болған. Музей қорында 400 ден астам полотно сақталған. Музей экспозициясында Андреа Мантеньи, Донатто Браманте, Пьер делла Франчеса, Рафаэль, Джованни Беллини, Паоло Веронез, Микеланджело да Караваджо, Якопо Тинторетто, Франческо Айец, Амедео Модильяни, Рембрандт, Питер Пауль Рубенс, Антонис ван Дейк жұмыстары қойылған.

БРИТАН МУЗЕЙІ – Лондонда орналасқан әлемдегі көне әрі ірі музей. Ол 1753 жылы парламент жарлығымен құрылған. Алғашқы жылдары музейге кіру қарапайым адамдар үшін тиым салынған, жалпы халық үшін тек 19 ғ. – да ғана ашылған. Музей экспонаттарының алғашқы негізін әкімшілік дәрігері, натуралист Хэнс Слоус жинаған 80000 экспонаттан тұратын коллекциясы құраған. Музей алғашында Лондонның Блумсбери ауданындағы Монтегю-Хаус ғимаратында орналасты, сосын қазіргі тұрған 1823-1847 жылдары архитектор Роберт Смерктің басшылығымен салынған ғимаратқа көшірілген. Бұл ғимарат әлемдегі классикалық үлгіде салынған ғимараттардың ең көріктісі болып саналады. Британ музейінен әлемдік мәдениеттің барлық бағыттарының ескерткішін табуға болады. Бұл жерде Ежелгі дүние өнерінен Парфенон мраморы, Ниневиядағы Ассирия патшалары тұрған сарай барельефтерін, Галикарнас кесенесінің мүсіндері, Басстағы Аполлон храмы, Эгей алтын қоймасы бұйымдары, Фидия мүсіндері, соның ішінде белгілі Перикл мүсіні бар. Құндылықтар қатарында египет иероглифі Жан Франсуа Шампальон кілтін ашқан Розет сына жазуы бар. Музейде ортағасырлық еуропалық өнер туындылары, ертехристиандық мүсіндер, күміс бұйымдар, «Эксвилин кеніші» англосаксон тас крестері, Фаюм портреттері сақталған. Тек графикалық туындылардан 2 млн. экспонат бар. Леонардо да Винчи, Рафаэль, Микеланджело Буонарроти, Альберхт Дюрер, Рембрандт, Кіші Ганс Гольбейн, Клод Лорен туындылары сақталған.

Музей қорларын алғашқы қауым өнер ескерткіштері, Ежелгі Египет, Месопатамия, Ежелгі Грекия, Ежелгі Рим, Еуропа, Азия, Африка елдерінің тарихи-мәдени мұралары деп топтауға болады. Металл ақша мен медальдардың да бай қоры сақталған. Британ музейінің кітапханасында 7 млн-нан аса кітаптар, 105000-нан аса қолжазба, соның ішінде Ежелгі Египет папирустары сақталған.

Әдеб.: Британский музей. Лондон. М., 1980.

БРУКЛИН МУЗЕЙІ – Нью-Йоркта 19 ортасында қалыптасқан, алғашында маркиза де Лафайеттің үйінде орналасқан музей. Музейдің қазіргі ғимараты 1897 жылы архитекторлар Макким, Уайт және Мидтің біріккен жобалары негізінде салынған. Музей қорында 500 000-нан аса тарихи-мәдени мұралар сақталған. Ежелгі Египет коллекциясында жазу ескерткіштері, папирустар, Карнак қаласы археологиялық мұралары, Африка, Азия, Теңіз жағалауы аралдары, Колумбқа дейінгі Америка ескерткіштерін экспозициялайды. Америкалық көркемсурет коллекциясында Гильберт Стюарт, Томас Икин, Джон Сингер Сарджент, Чарлз Уилсон Пит, Альберт Бирштад, Фредерик Черча, Томас Коул, Уинслоу Хомер, Джорж Иннесс, Уильям Меррит Чейз, Макс Вебер, Марсден Хартли, Джорджии О`Киффи, Чарльз Шилер, Стюарт Дейвис жұмыстары, сондай-ақ мүсіндер, акварельдер, пастельдер бар. 20 ғ. өнері бөлімінде Луиза Буржуа, Джозеф Корнел, Виллем де Кунин, Эда Рейнхардт, Дэвид Смит жұмыстары экспозицияланған.

БРЮССЕЛЬ ӘСЕРЛІ ӨНЕР КОРОЛЬДЫҚ МУЗЕЙЛЕРІ – Брюссель қаласындағы Бельгияның өнер тарихынан сыр шертетін туындылар және корольдар коллекциясының қорларын жинақтаған ірі музейлер жүйесі. Оның құрамында Көне өнер музейі, Қазіргі заман өнер музейі, Виртц музейі, Менье музейі бар. Музей 1801 жылы Наполеон Бонапарт бұйрығымен Брюссель музейі ретінде құрылып, онда француз революционерлерінен тәркіленген өнер заттары сақталған. Коллекциялар базасы сыйға тартқан, сатып алынған бұйымдармен толықтырылып отырған. Көне өнер музейінде 15-18 ғ. – лардың өнер туындылары жинақталған. Құндылықтар қатарында Рогир Ван дер Вейден, Петрус Кристус, Дирк Боутс, Ганс Мемлинг, Иеронимус Боск, Үлкен Питер Брейгель, Питер Пауль Рубенс, Якоб Иорданс, Антонис Ван Дейк еңбектері бар. Қазіргі заман музейінде 19-20 ғ. – лардың өнер туындылары қойылған. 6 қабаттан тұратын бұл музейде батысеуропалық суретшілер, мүсіншілер еңбектері сақталған, олардың қатарында Пьер-Огюст Ренуар, Альфред Сислей, Жорж Сера, Поль Синьяк, Эдуард Мане, Поль Гоген, Пьер Бонкара, Джеймс Энсор, Рика Ваутерс, Рене Магрит, Поль Дельво, т.б. шеберлер туындылары бар. Антуан Виртц және Константен Менье музейлері суретшілердің өздері тұрған үйлерінде орналасқан. Олар 19 ғ. – дағы Бельгия өнерінің басты тұлғалары болып табылады.

ВАЛЬРАФ-РИХАРТС МУЗЕЙІ – Кельнде орналасқан. Музей 1861 жылы Вальраф пен Рихартстың сыйға тартқан коллекциясы негізінде ашылған, музей ғимараты Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қирап, 1957 ғимарат қайта салынған. Музей қорында Кельндік ортағасырлық 290 полотно, әр кезеңде салынған 75000-нан аса гравюра сақталған. Қайта өркендеу және барокко дәуірінің (Альбрехт Дюрер, Иороним Боск, Франс Хальц, Рембрандт, Питер Пауль Рубенс, т.б.), импрессионистердің (Пьер Огюст Ренуар, Клод Моне, Винсент Ван Гог, т.б.), 19-20 ғ. – лардағы неміс суретшілері (Вильгельм Лейбль, Макс Эрнест, Пауль Клее, Эрнест Людвиг Кирхнер, т.б.) туындылары сақталған.

ВАТИКАН МУЗЕЙІ – Рим қаласында орналасқан музейлер кешені. Құрамына Антикалық музей, Этруск өнері музейі, Египет музейі, Пинакотека, Гобелендер галереясы, Географиялық карталар галереясы, Кітапхана, Тарихи апартаменттер енеді. Ватикан пинакотекасы ғимараты 15 ғ. – да салынған. Музей ғимаратын салуға және оны көркемдеуге белгілі итальян суретшілері Пьетро Перуджино, Лоренцо Лотто, Джованни Содомо, Бальдассаре Перудци, т.б. қатысып, өз қолтаңбаларын қалдырған. 16 ғ. – дың басында Юлии ІІ папа Ватиканға жұмыс жасауға Донато Браманте, Микеланджело Буонарроти, Рафаэль Сантиді шақыртқан, олар Ватикан қабырғасын фрескамен өрнектеген. 1517-1524 жылдары Ватикан қабырғасын өрнектеуді сол атақты шеберлердің шәкірттері жалғастырған. Ватикан қабырғалары мен күмбездерінің өзі музей экспозициясын қамтамасыз етеді. Ватикан пинакотекасында діни тақырыптардағы картиналар топтастырылып, 15 залға экспозицияланған. 15-зал портреттерге арналған.

ВАРШАВА ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ – Польшадағы ірі өнер коллекциясы музейі, 1862 жылы негізі қаланған қолданбалы өнер музейі жинағы және басқа Варшава музейлерін біріктіру негізінде 1916 жылы ашылған. Музей қорында 800000-дай экспонат сақталған. Музейде Ежелгі өнер, Ортағасырлық өнер, Фарас галереясы, Шетел көркемөнері, Польша көркемөнері, Шығыс өнері, 20 ғ. – дағы Польша өнері, Польша қолданбалы өнері, Еуропа қолданбалы өнері бөлімдері жұмыс жасайды. Ежелгі өркениет өнері бөлімінде археологиялық экспедициядан алынған египет саркофагы, тас және ағаш мүсіндер, грек амфоры, Месопотамия қыш тақталары, т.б. заттар қойылған. Фарас галереясында Судан археологиялық экспедициясынан алынған Нубии құндылықтары, Фарас шіркеуінен алынған 60 фреска қойылған. Шетел көркемөнері экспозициясы 16-19 ғ. – лардағы батысеуропалық шеберлер туындыларын насихаттайды, олардың қатарында Мартен Ван Хемскерк, Адриан Врис, Питер Артсен, Карел Фабрициус, Питер Пауль Рубенс, Якоб Йорданс, Хендрик Тербрюгген, Питер Санредам, Виллем Клас Хеда, Ян Стен, Кіші Герард Терборх, т.б. жұмыстары бар.

ВАШИНГТОН ҰЛТТЫҚ КАРТИНА ГАЛЕРЕЯСЫ – АҚШ финанс министрі болған Эндрю коллекциясы, басқа да жеке коллекциялар негізінде қалыптасқан, көпшілік үшін 1941 жылы ашылған әлемдегі ірі өнер жинақтарын сақтаған музей, 1937 жылы архитектор Джон Расселдің жобасымен салынған ғимаратта орналасқан. Музей қорында 110000-нан аса көркемсурет, гравюра, графика, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, ортағасырлық гобелендер, итальян майоликасы, француз корольдық жиһаздары бар. Итальяндық коллекцияның әлем бойынша ең көп жинағы осы жерде, мұнда Дуччо ди Буонинсеньи, Карло Кривелли, Джорджоне, Джованни Беллини, Сандро Боттичелли, Паоло Веронез, Пьетро Перуджино, Леонардо да Винчи, Рафаэль, Тициан, Микеланджело да Караваджо, Понтормо, Якопо Тинторетто, Доменико Фетти, Каналетто, Бернандо Беллотто, Франческо Гварди, Джованни Паннини, Джованни Батиста Тьеполо жұмыстары қойылған. Рафаэльдің «Альба Мадоннасы» туындысын 1 млн. долларға Эрмитаждан сатып алған. Батысеуропалық басқа мектептерден Эль Греко, Рембрандт, Ян Вермеер, Питер Пауль Рубенс, Томас Гейнсборо, Эдуард Мане, Эдгар Дега, Поль Сезанн, Пабло Пикассо, американдық мектептен Томас Икинс, Джаспер Джон, Джеймс Уистлер, Эдуард Хоппер, Джордж Уэсли Беллоуз, Джексон Поллок, Аршил Горки, Марк Потко жұмыстары экспозицияланған. Музей коллекциясына Огюст Ренуар мүсіндерін, Джозеф Вайднер мүсіндер мен сәндік қолданбалы өнер туындыларын, Лессинг Розенвальд гравюралар мен суреттер коллекциясын сыйға тартқан. Шедеврлер қатарында Андрея Мантеньи, Альбрехт Дюрер, Үлкен Питер Брейгель, Питер Пауль Рубенс, Рембрандт, Каналетто, Оноре Домье жұмыстары бар.

ВЕНА ӨНЕР ТАРИХЫ МУЗЕЙІ – Венадағы Өнер тарихы музейі Еуропадағы классикалық өнер туындылыраның орталығы. Ол Габсбургтер династиясы, яғни император Рудольф І және эрцгерцог Леопольд Вильгельм коллекциялары негізінде қалыптасқан, келушілер үшін 1891 жылы ашылған, музейдің негізгі ғимараты Мария-Тереза алаңында орналасқан. Музейдің Бас ғимаратында ежелгі Шығыс Египет жинағы, Антикалық жинақ, Кунсткамера, Нумизматикалық жинақ, қолданбалы өнер коллекциялары, картиналар галереясы, нумизматика кабинеті бар. Музейдің бірнеше филиалы жұмыс жасайды: Қазыналар қоймасы, Костюмдер мен экипаждар музейі, Палацо Харрах, Липицанер музейі, Амбрас сарайы, Австрия Театр музейі, 19 ғ. өнер галереясы, Neue Burg – Нойбург музейі. Neue Burg – Нойбургтың өзі бірнеше музейлерді біріктіретін тарихи-мәдени кешен, оның құрамында Эфесос музейі, Аңшылар сарайы мен Қарулар палатасы, Көне музыкалық аспаптар музейі, Этнография музейі жұмыс жасайды. Хофбург сарайында Қасиетті Рим империясының императоры Оттон I-нің тәжі, қылышы, асатаяғы сақтаулы. Мұнда билік аристократтарының бұйымдары қойылады. Картина галереясында батысеуропалық өнер туындыларының бай коллекциясы сақталған. Әсіресе, Ренессанс дәуірінің итальяндық суретшілерінің, соның қатарында Антонелло да Мессины, Джованни Беллини, Корреджо, Паоло Веронез, Джорджоне, Микеланджело де Караваджо, Якопо Тинторетто, Якопо Бассано, Лоренцо Лотто, Андреа Мантеньи, Тициан және Рафаэль туындылары бар. Музейде нидерландылық көркемсурет туындыларының мол коллекциясы сақталған. Үлкен Питер Брейгел жұмыстарының ең ірі коллекциясы осы музейде, соның ішінде «Қардағы аңшылар» деген атпен белгілі «Қыс», «Балаларды жазалау» атты туындылары сақталған. Сондай-ақ Ян Ван Эйк, Рогир Ван дер Вейден, Иеронимус Боск, Рембрандт, Питер Пауль Рубенс туындылары, Ян Вермеердің «Көркемсурет өнері» туындысы сақталған. Басқа мемлекет суретшілерінен Альбрехт Дюрер, Кіші Ганс Гольбейн, Альбрехт Альтдорфер, Лукас Кранах, Диего Веласкес еңбектері бар. Мүсіншелер, қолданбалы өнер туындыларын сақтаудан да Еуропадағы ірі қор болып саналады. Эрцгерцог Фердинанд Тирольскийдің «Кунсткамерасында» орта ғасырлардан бастап 18 ғ. – дың аяқ кезіне дейінгі Еуропадағы ірі өнер мектептері мен өнер бағыттарының туындылары сақталған. Оның коллекциясында шпалер, сүйек бұйымдар, астрономиялық және өлшеуіш қондырғылар жинақталған.

Әдеб.: Калугина Т.П. Художественный музей как феномен культуры. СПб., 2008.

ВЕНЕЦИЯНЫҢ 18 ҒАСЫР МУЗЕЙІ – 1745 жылы архитектор Джорджо Массари жобасымен салынған Үлкен канал бойындағы Паллаццо Реццонко ғимаратында орналасқан. 1935 жылы сарайды қала әкімшілігі сатып алып, оны 18 ғ. – дағы Венециан аристократтарының интеръері қойылған музейге айналдырған, 1936 жылы 25 сәуірде ресми ашылған. Қолданбалы өнер туындыларының озық үлгілері, инкрустацияланған жиһаздар, 17 ғ. фламан гобелендері, Мурано аралы шеберлері жасаған венециан шынылары, фрескалар, Розальба Карер, Джованни Батиста Пьяццетта, Ян Лисса, Джозеппе Цайса, Франческо Гварди жұмыстары экспозицияланған. 18 ғ. шебері Джованни Баттиста Тьеполо, Пьетро Лонги жұмыстарына арнайы зал бөлінген. Сондай-ақ аптекар дүңгіршігі, Марионеткалар театры, 18 ғ. Венециан қуыршақтары, тұрмыстық заттар экспозицияланған.

Әдеб.: Основы музееведения: учеб. пособие / М-во культуры РФ, Рос. ин-т культурологии; отв. ред. Э. А. Шулепова. Изд. 2-е, испр. М.: ЛИБРОКОМ, 2010.

ВЕНГРИЯ КӨРКЕМӨНЕР МУЗЕЙІ – Будапештте орналасқан Орталық Еуропаның өнер мектептерінің ескерткіштерінің мол қорын жинақтаған мекеме. Музей 1802 жылы жеке коллекционердің жинаған заттарынан және 1871 жылы алынған княз әулетінен шыққан бай Эстерхазидің жеке коллекциясы негізінде қаланған. Музей коллекциясы көпшілік үшін 1896 жылдан бастап ашылған. Музейдің қазіргі ғимараты 1900-1906 жылдары архитекторлар А.Шикеданц пен Ф.Ф.Херцогтың басшылығымен салынып, Батырлар алаңында орналасқан. Музейде 8 бөлім жұмыс істейді: Египет өнері, Антикалық өнер, Барокко дәуірі мүсіндері, Көне шеберлер жұмыстары, Суреттер мен гравюралар, 19 ғ. өнері, 20 ғ. өнері, Қазіргі заман мүсіні. Қайта өркендеу дәуірі мен жаңа заман дәуірінің туындыларының итальян өнерінен Рафаэль, Тициан, Якопо Тинторетто, Паоло Веронез, Джованни Батиста Тьепело, испан өнерінен Эль Греко, Франсиско де Сурбарана, Бартолом Эстебан Мурильо, Франсиско де Гойя, Диего Веласкес, нидерланд және фламанд өнерінен Үлкен Питер Брейгел, Ганс Мемлинг, Йакоб Йорданс, Франс Хальц, Рембрандт, Питер Пауль Рубенс жұмыстары, сондай-ақ суреттер мен гравюра бөлімінде 100000 аса экспонат, соның ішінде Леонардо да Винчи, Рафаэль Санти, Никола Пуссен, Винсент ван Гог, Пабло Пикассо, Альбрехт Дюрер, Кіші Ганс Гольбейн, Үлкен Лукас Кранах, Клод Лоррен, Шарл Дестье, Константин Менье жұмыстары қамтылған.

ВИКТОРИЯ МЕН АЛЬБЕРТ МУЗЕЙІ – Лондонда орналасқан Ағылшын королы мен оның жұбайы атындағы музей. 1852 жылы Оңтүстік Кенсингтонде негізі қаланған, музей ғимараты викториан стилінде салынған. Музей итальян мүсіншілері Лоренцо Бернини мен Антонио Канов туындыларын, әлемдегі қолданбалы өнер туындыларының әртүрлі бағыттарын кеңінен насихаттайды, онда керамика, шіркеу заттары, тоқыма бұйымдар, музыкалық аспаптар, жиһаздар, т.б., барлығы 4 млн. астам экспонат бар. Әсіресе, шыны галереясы, 19 ғ. фотосуреттері галереясы өте танымал. Ал, Микеланджело Буанарроти, Донателло, Андреа Верроккио еңбектерінің көшірмелері сақталған.

ВИКТОРИЯ ҰЛТТЫҚ ГАЛЕРЕЯСЫ – Мельбурн қаласында орналасқан Виктория ұлттық галереясы Австралиядағы ірі әрі көне өнер музейі болып саналады. 1861 жылы негізі қаланған, қала орталығының ортасында орналасқан. Галереяда әлемнің әр түкпірінен жинаған өнер туындылары қойылған. Еуропалық өнер туындыларын көрсететін көне полотнолар қатарынан Паоло Учелло, Паоло Веронез, Питер Пауль Рубенс, Антонис Ван Дейк., Рембрандт, Джовани Батиста Тьеполо еңбектерін көруге болады. 19-20 ғ. – лар көркемсурет туындыларынан Уильям Тернер, Пьер-Огюст Ренуар, Клод Моне, Пабло Пикассо, Винсент ван Гог еңбектерін атауға болады. 2003 жылы музейдің негізгі ғимараты жанынан Иан Поттер орталығы ашылды. Қазіргі таңда бұл орталық коллекциясында автралиялық өнер туындыларын көрсететін экспонаттар саны 20000 бірліктен асады. Олардың қатарында Сидни Нолан, Альберт Такер, Артур Бойда, т.б. суретшілер туындылары бар. Коллекциялық құндылықтар қатарында Фредерик Маккаббиннің «Пионер» полотносы сақталған. Қолданбалы өнер туындылары қатарында грек вазалары, қыш-құмыралары, тоқыма бұйымдар, т.б. қойылған.

ВИРТУАЛЬДЫ МУЗЕЙЛЕР – 1) Виртуальды кеңістікте орналасқан, компьютерлік технологиялар көмегімен жүзеге асырылған музейлер моделі. 2) Қалыптасқан музейдің электронды кеңістіктегі филиалы немесе музейдің интернет жүйесіндегі сайт орны. В. м. жетістігі музейлердің орналасқан мемлекетіне бармай-ақ, үйде, мекемеде отырып, музей экспозициясына ғаламтор жүйесі, аудиотехникалар, мультимедиалық қондырғылар, интерактивті қондырғылар көмегімен саяхатқа шыға аласың. Мұнда музей заттары «виртуальды экспозицияда» орналасады. В. м. – ге саяхатты электронды жасалған аудиогидтер жүргізеді. В. м. жасау ісі 20 ғ. – дың екінші жартысынан бастап қолға алынып, қазіргі таңда кең қолданысқа ие болған. В. м. – ге саяхатқа шығу арқылы виртиуальды турист бола аласың (http://tours.pilot.ua). Әлемнің бәсекеге қабілетті, дамыған елдерінің басым бағыттардың бірі инновациялық нанотехнологияларды қоғамның барлық саласында қолданысқа енгізуден көрінеді. Мемлекеттің қарқынды дамуында музейлер мен туризмді қатар дамытудың шешуші рөл атқаратыны сөзсіз. Бұл 21 ғ. музейлері жолға қойып отырған инновациялық қадам. Қазақстандық www.kettik.kz сайты арқылы да Қазақстан өзінің халықаралық туризм инфрақұрылымын дамтытуға байланыс орнатқан Египет, Біріккен Араб Эмираты, Үндістан, Италия, Франция, т.б. елдердің тарихи-мәдени туризм нысанындағы музейлері мен тарихи музей-қалаларына, музей-сайттарына виртуальды турист болуға болады. Қазіргі таңдағы ауқымды виртуалды экскурсты жүзеге асырып отырған ақпараттық кеңістіктегі ірі музейлердің бірі – Канада виртуальды музейі Канада құндылықтары департаменті жанындағы Канада құндылықтарының ақпараттық жүйесі (Canadian Heritage Information Network) агентігі құрған. Канада виртуальды музейі 2500-ден аса Канада музейлері қорларына презентация жасайды. Музей әртүрлі қалалар мен Канада қоғамдарының дамуы туралы ірі коллекцияны, 600000-ға жуық экспонат бейнесін, виртуальды ойындар, білім беру материалдарын біріктірген, ресурстары ағылшын және француз тілдерінде жасалған (www.liveinternet.ru).

2001 жылдың 5 сәуірінде ғаламтор жүйесінде АҚШ, Канада және Мексика елдерінің біріккен бағдарламасы аясында аталған елдердің суретшілерінің музей қорларында сақталған 300-ден аса картиналарын насихаттайтын музей-сайт ашылған (net.compulenta.ru).

Ресей және Канада мемлекеттерінің біріккен жобасы аясында, екі елдің 14 өнер музейіне экскурсия жасай алатын «Горизонттар. Орыс және канадалық пейзаждар (1860-1940)» атты виртуальды көрме де ғаламтор жүйесінде жұмыс жасап келеді. Көрме экспозициясында Ресей тұтынушылары үшін арнайы орыс тілінде аудиогид жұмыс жасайды (http://horizons.shm.ru).

В. м. – дің электронды саяхатында 3D форматында көрініс енгізу ісі де кең қанат алып отыр. Мысалы, Ақ үй В. музейінің (http://whitehousemuseum.org) Дөңес кабинетін осы форматта аралауға болады. В. музейге саяхатқа шығуға өз уақытыңа қарай тапсырыс беруге болады, мысалы, Британ виртуальды музейінің 1 немесе 3 сағаттық (www.britishmuseum.org) саяхат-турлары ұйымдастырылған. Египет, Жапония, Латын Америкасы, Азия және Еуропа залдарына саяхат-турлары осы уақытқа қарай қысқа метражды, ұзақ метражды етіп 2 түрлі мазмұнда жасалған.

Санкт-Петербургтегі «Мемориал» ғылыми-ақпараттық орталығы Гулаг виртуальды музейін айналымға ендірген, музей екі компоненттен тұрады, 1) «Гулаг іздері» – ландшафтық және антропогендік ортадағы ерте заман іздері; 2) «Террор некрополі» – террордан зардап шеккендер мен зардап шеккен жерлер, нысандар туралы. Жоба виртуальды картотека, уақытша және тұрақты көрме, анықтамалық ақпарат, тақырыптық рубрикалар, музей құжаттары бөлімдерін қамтиды, мультимедиялы музей экспонаттары бұрынғы КСРО елдері музейлеріндегі репрессия тарихынан сыр шертетін экспонаттар, фотосуреттер мен құжаттарды қамтиды (http://gulagmuseum.org) .

Мәскеудегі 2001 жылдың басында құрылған «Радио және телевидение» виртуальды музейі – Ресейдің мәдениет және БАҚ тарихынан мәлімет береді (http://www.tvmuseum.ru). Жоба концепциясы ЮНЕСКО қолдауына ие болған.

Әлемдік тәжірибеде виртуальды музейге саяхат аудиогид көмегімен бірге жүргізіледі. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінің музейлері өз музейлерінің В. м. ретіндегі көшірмесін жасауды жүйелі жолға қойып келеді. Солардың бірқатары: www.lovre.fr – Лувр; vm.kemsu.ru – Алғашқы қауым виртуальды музейі; www.skd-dresden.de – Дрезден галереясы; www.nasuonalgallery.org.uk – Лондон Ұлттық галереясы; www.thebbritishmuseum.ac.uk – Британ музейі; www.museoprado.es – Прадо музейі; www.polomusaele.firenze.it/uffizi – Уффици галереясы; www.metmuseum.org – Метрополитен; www.hernitagenuseun.org – Эрмитаж; www. museum.ru/gmii – А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік көркемсурет өнері музейі; www.tretyakov.ru – Третьяков галереясы; www.rusmuseum.ru- Мемлекеттік орыс музейі; Sai.msu./cjackson/ – Көркемсурет виртуальды музейі; Museum.defa.ru/about/ – Экономикалық келісім кеңесі бренттер музейі; www.md.spb.ru – Ф.М.Достаевский мемориалдық музейі; Lomonosov.pomorsu.ru – М.В.Ломоносов мемориалдық музейі; Museum.odessa.net/museum_pushkin – Одессадағы А.С.Пушкин мемориалдық музейі; www.pushkin.pskov.ru – «Михайловск» А.С.Пушкин музей-қорығы; www.museum.ru/kosmonav – Космонавтика мемориалдық музейі; www.planettarium.ru – Планетарий; Pavlovskart.spb.ru – «Павловск» музей-қорығы, Еуропадағы ірі сарай-парк архитектурасы ескерткіштері; www.darwin.museum.ru – Дарвин музейі; www.bam.ac.uk – Лондон балалар музейі; www.civilzation.ca – Канада пошта музейі; www.museikino.ru – Москва кино музейі;http://openkremlin.ru – Кремль виртуальды музейі; http://whitehousemuseum.org – Ақ үй виртуальды музейі.

Google Art Projeсt В. м. (http://www.globmuseum.info/novyj-proekt-google-art-project/) 17000 картина, 600000 графика, 300000 авторлық бұйымдар, 700000 археологиялық, 1000000 нумизматикалық құндылықтарды электронды экспозициялайды. Музей өзінде әлем елдерінің қорларымен таныстыратын каталог, әлемдегі музей жаңалықтары, атақты әлемдік шеберлер өмірі және шығармашылығымен таныстыратын бөлімдер орналастырған. Музейде Стритвью талабы бойынша саяхат жасап, әрбір экспонатты 7000 мегапикселге дейін үлкен өлшемде көруге болады. Art Projeсt әлемнің келесідей 47 ірі музейіне аудио-гид виртуальды саяхат-тур жасатады. Олардың қатарында: Көне ұлттық галерея, Берлин – Германия; Фрир өнер галереясы, Смитсон институты, Вашингтон, Колумбия –АҚШ; Фрир коллекциясы, Нью-Йорк – АҚШ; Берлин картина галереясы, Берлин – Германия; Метрополитен музейі, Нью-Йорк – АҚШ; Қазіргі заман өнері музейі, Нью-Йорк – АҚШ; Королева София музейі, Мадрид – Испания; Тиссен-Борнемис музейі, Мадрид – Испания; Кампа музейі, Прага – Чехия; Ұлттық галерея, Лондон – Ұлыбритания; Версаль сарайы – Франция; Мемлекеттік музей, Амстердам – Нидерланды; Мемлекеттік Эрмитаж, Санкт-Петербург – Ресей; Мемлекеттік Третьяков галереясы, Москва – Ресей; Тейт галереясы, Лондон – Ұлыбритания; Уффици галереясы, Флоренция – Италия; Ван Гог музейі, Амстердам – Нидерланды, т.б. Google Art Projeсt в.м. әлем елдері музейлерінің құндылықтарынаың жоғары сапалы көрсетіліміне қол жеткізетін интернет платформа.

Украитна мемлекетінің ЭЛАУ: виртуалды музейі – Presentasion Transcript (www.elau.org) бағдарламасы қазіргі таңда Украина және оған көршілес мемлекеттер арасында музей құндылықтарының коллекциясын цифрлау нәтижесінде электронды есеп тіркеу кітабын, музейлердің тапсырыс, сұранысына орай музей коллекцияларының PDF, DjVu, SWF, doc, mobi, т.б. форматтардағы электронды кітаптарды, 6400 – 12600 DPI технология арқылы көне фотонегативтерді сканерлеп веб-сайттарға орналастыруды виртуалды айналымға ендірді. Виртуалды турлар мен виртуалды музейлердің айналымға енуі әлем музейлері арасындағы халықаралық байланыстарды жаңа бағытта жолға қоюмен қатар, бір-бірімен тез арада тәжірибе алмасып отыруды іске асырады. Музей жергілікті мұрағат мекемелерімен бірлестікте жұмыс жасап, тарихи маңызы бар құжаттардың электронды факсимильесін экспозициялайды.

Гугунь, Император сарайы музейі В. м. жасаудың озық тәжірибесін қалыптастырған. Бүкіл дүниежүзілік компьютер желісіне қосылу қызметін қамтамасыз ету мақсатында Гугун Император сарайы музейінің Ақпараттық орталығы өзінің озық тәжірибесін әлемдік музейлер кеңістігіне шығарып отыр. Музей қытай өнерінің керемет коллекцияларына ие болғандықтан, Ақпараттық орталық өздерінің алдарына ең үздік халықаралық музейлік веб-сайт дайындауды мақсат етіп қойған. Жұмыс нәтижесінде материалдың сапасы мен саны ұлғайып, мәтін жеті тілге аударылды: жеңілдетілген қытай, ағылшын, жапон, неміс, француз, испан және орыс тілдері. Сайтта музей коллекциясы көрсетіліп, онда озық мультимедиялық технологиялар қолданылады. Арнайы, тұрақты және ұйымдастырылатын көрмелер бөлімдерінің музейлік мазмұны кәсіпқой кураторлар дайындаған материал бойынша жазылған. Стилі ғылыми, бірақ түсінуге оңай: бұл беттер – барлық ізденушілердің асыл қазынасы сияқты. Музей сайты бірнеше бөлімді құрап, тақырыптары музейлік басылымдарға, музей кітапханасына және оның қызметіне, қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарына, білім беру бағдарламаларына, мәліметтерді таратуға және т.б. арналған. Озық ақпараттық технологияларды енгізу нәтижесінде музейге виртуалды көру арқылы әлемнің әр түпкіріндегі адамдар музейдің ішінде бола алады. Мысалы, ежелгі қытай көркем өнеріне үш өлшемді виртуалды тур жасау ұйымдастырылған. Интерактивтік ойындар жас пайдаланушылардың қытай мәдениетіне деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында құрылған. Бұл ойындардың материалы ретінде атақты көркемсуреттер, археологиялық қазбалар мен мұрағаттық мәліметтер пайдаланылады; осындай ойындардың көмегімен балалар бірегей тәжірибе жинап, уақытын жақсы өткізеді.

Музейдің веб-сайты үнемі заманауи технологиялармен жаңғыртылып отырады. Мысалы, соңғы жылдары суреттерді, заттарды тұтынушыға немесе келерменге жақындататын функция қосылған. Сондай-ақ, жаңа әсерлі ойындар жасалып, үнемі жаңартылған нұсқасы енгізіліп отырылады. Мысалы, пайдаланушы кішкентай коллекция жинаушыға айнала алатын, суреттердің көшірмесі мен түпнұсқасын, жасанды түрін тауып үйренетін ойындар ойластырылған.

Музей сайтындағы «Директор почтасы», «Ұсыныстар мен ескертулер» және «Қашықтықтан оқыту» сияқты бөлімдер жұмысы музей мен бұқара арасындағы байланысты орнатуға арналған. Музей шетелдік пайдаланушылар үшін Қытай миграциялық комитетімен бірлесіп Азия, Европа мен Солтүстік Америка желісінде сайттар ашты.

2000 жылы қаңтарда Гугун музейі сайтында «Виртуалды музей» деп аталатын керемет графикасымен, танымдық және түсіндірмелік мәтіндері бар жоба іске қосылды, онда мәдени жәдігерлерді көрсетуге арналған көптеген тақырыптардың мазмұны ашылады. Қазіргі уақытқа дейін келесідей бағдарламалар жетілдірілген: «Цин және миндік безендірілген фарфор», «Сун династиясының атақты альбомдар парағы» және «Будда қағидасындағы суреттерге толық баяндама». «Виртуалды музей» барлық жастағы көрермендерге бағытталған. Виртуалды шынайылық арқылы олар коллекциялардың ортасында болып, шарлауына немесе ойнауына мүмкіндік береді. Сайтқа кірушілер өнерге қатысты қажетті мәліметтер алып ой өрістерін кеңейтеді.

Жылдан жылға өнер туындылары ескіріп өзінің айқындығын жоғалта бастады. Табиғи апаттар мен соғыстар экспонаттарға қауір қатер келтіреді. Сондықтан коллекцияларды виртуалдандыру және музей қорын цифрлы форматқа аудару музей ісіндегі негізгі міндеттердің біріне айналған, экспонаттарды суретке түсіру және көрсетілім кезінде музей қызметкерлері ең бірінші шеберлер жасаған туындылардың сақталуын қамтамасыз етеді. Гугун музейінде музей коллекцияларын виртуалдандыру жобасы 2001 жылдан басталған. Оның алдында бұл әдістің болашағы мен мүмкіндіктеріне анализ жасалды. Тайвандық компаниялар арқылы, музейге заманауи құрал-жабдықтар беріліп, музей заттары суреттерін өңдеуге арналған параметрлер алынды. Синик Академиясының мамандары әдістің халықаралық стандартқа сәйкес келетініне көз жеткізу мақсатында сараптамалар жасады.

Коллекциялардың виртуалдандырылуы, оларды сақтау режимінің бұзылмауын қамсыздандыруды және бұйымның алуан түрлерінің игерілуін жеңілдетеді. Суретті файлдардар мультимедиялық презентацияға шығарылғанда, компакт-дискке жазғанда, каталокқа енгізгенде жоғары сапада көрінеді. Осылайша коллекциялар электронды түрде жарияланып, көпшілікке тез таралады, әрі қолжетімді болады.

«Император сарайы» музейінде мультимедиялық презентацияға негізделген мультимедиялық галерея ашылған. Бағдарламаның өзегіне «Император сарайындағы Қытайлық кескіндеменің шебер туындылары» атты фильм желісі алынған. Үлкен экрандарда көрсетілгендей, көрушілер көптеген бағалы жұмыстармен танысады, жабық қордағы коллекцияларды мультимедиялық галереяда көре алады.

Музей қолданып отырған HD DVD компьютерлік бағдарламаларының жоғарылығында, экспонатты экранда 150 дюймге дейін көруге рұқсат етілген. «Император сарайы музейлеріндегі әйгілі полотнолар ерекшелігі» атты жоба жұмысында диктор дауысының ашықтығы көрушілердің композияцияға, тушь, техникалық түсіне, гравировкасы мен поэзиясына, эмблемасы мен таңбасына назарын аудартады.

Интерактивті компьютерлі бағдарламалар негізінде жасалған «Бағалы кескіндеме және каллиграфия», «Кескіндеме мен каллиграфия жәннаты» атты 2 мультимедиялық презентация да назар аудартады. Презентация мәтінінде музей коллекциясындағы керемет туындылар туралы айтылады. Сонымен қатар, музейдің ақпараттық орталығы «Император сарайындағы музей», «Император сарайындағы қытай каллиграфиясы мен кескіндеме туындылары» және «Фарфордан жасалынған бұйымдар» сияқты электронды жариялымдарды бірнеше тілдерге аудару жұмысына қатысқан. Техникалық жаңартулар мен мәдениеттің дамуы байланыса отырып, Император сарайының музейі жаңа баспалдаққа көтерілген, әлемнің барлық адамдары қытай өнерінің туындыларын өзара бағалай алуына қол жеткізген.

20 ғ-дың соңғы ширегіндегі дәстүрлі музейлердегі демократизация және жаңғыру бағытындағы ізденістер олардың сапалы түрде жаңа бағытқа трансформациялануын қамтамасыз етті. Музей қорындағы құндылықтарды көпшілікке ұсынатын, қолжетімді етудің жаңа жолдары қалыптасты, олар электронды цифрлау, электронды каталогтау, музейлердің мәдени-ағартушылық бағытында инновациялық бағдарламалар арқылы жүзеге асырылды. Музей құндылықтарын көпшілікке қолжетімді ету қазіргі таңда В.м. жүйесі негізінде іске асуда. Қазіргі заман музейлерінің озық тәжірибесіне музей экспозициясының мазмұнын ашатын 3D, 5D, 7D форматтағы киноқондырғыларды, виртуальды тур, виртуальды музейдегі 3D форматтағы экспозиция мен экспонаттарды атауға болады. 3D-модельдеу технологиясы жарты ғасыр бұрын интерактивтілігімен және виртуалдандыруымен жоғарғы деңгейге қол жеткізді. Оны қолдану аясы айтарлықтай кеңірек (құрылыс ісі, өнеркәсіптегі жобалау мен дизайндау, кинематографиядағы визуалды әсерлер, компьютер ойындарының өндірісі және т.б.). Мемлекет тарапынан мәдени мұраны сақтауға деген қызығушылық технологияларды пайдалануға рұқсат берді. Сондай-ақ қазіргі таңдағы музей коммуникациясында музейге келушілілердің әртүрлі категориялары, мысалы, мүмкіндігі шектеулі адамдармен, балалармен жұмыс жүргізудің жаңа әдіс-тәсілдері осы В.м. көмегімен де жүзеге асуда.

Әдеб.: Сокровища музея императорского дворца. Гугун. Москва: Издательство «Наталис» Рипол Классик, 2007. С.42-44.

ВОЛОНТЕРЛІК (француз, volontaire – ерікті) – қайырымдылық, әлеуметтік және де өзге қоғамдық пайдалы мақсаттары бар еңбек қатынасының жүйесі. Волонтерлердің еңбегін материалдық, қаржылық өтеусіз негізде пайдалану, музейдің жанама қаржыландыруының бір түрі. Волонтерлерді жұмысқа тартудағы музейдің мақсаты – адамның жеке тұлға ретінде дамуына және оны қоғамның қабылдануына жағдай жасау.

ГАЛЕРЕЯ (француз – galerie, итальян – galleria) – өнер туындаларын жинауға, насихаттауға, зерттеуге бағытталған, өнер коллекцияларын хронологиялық, тақырыптық, жанрлық т.б. бойынша экспозициялауға мамандандырылған музей, немесе өнер музейінің бір бөлігі. Г. қызмет аясы 20 ғ. – да кеңейе түскен. Г. құрамында өнер салондары, аукциондар, арт білім беру мекемелері, үйірмелер жұмыс жасайды. Г. өз қорына материалдық мәдениет мұраларының кез-келген түрін насихаттай алады.

Әдеб.: Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Сәулет және құрылыс / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын – Павлодар: "ЭКО" ҒӨФ, 2006.; Өнердің ықшам тарихы – Антик өнері – Алматы, «Өнер» баспасы, 1988.

ГАМБУРГ ӨНЕР МУЗЕЙІ – Германиядағы ірі музейлердің бірі, 1869 жылы Гамбургтік Өнер қоғамының бастамасымен құрылған, архитектор Георг Теодор Ширмахердің басшылығымен салынған ғимаратқа орналасқан. Музей қорында көне шеберлер, 19 ғ., классикалық модернизм, қазіргі заманғы өнер туындылары жинақталған. Көне шеберлер галереясында солтүстік герман суретшілері, 17 ғ. голланд өнері, қайта өркендеу дәуірі, 16-18 ғ. – лардағы француз суретшілері Үлкен Ганс Гольбейн, Үлкен Ганс Бургкмайр, Ян Максейс, Питер Янс Сандредам, Эммануэл де Вит, Рембрандт, Якоб Ван Рейсдал, Питер Пауль Рубенс; гамбургтік суретшілер Франк, Георг Хинц, Бальгазар Деннер; ал 19 ғ-дағы неміс көркемсуреті тарихы экспозициясында Филипп Отто Рунег, Иозеф Антон Кол, Юлиус Шнорр фон Каролсфелд, Каспар Давид Фридрих, Ансельм Фейербах, Ханс фон Маре, Адольф фон Хильдебранд, Адольф Менцел, Вильгельм Лейбл туындылары; 19 ғ. – дағы француз суретшілерінен Гюстав Курбе, Камил Коро, Онор Домье, Эдгар Дега, Анри де Тулуэ-Лотрек, Поль Гоген, Пьер-Огюст Ренуар, Эдуард Мане, Клод Моне, Альфред Сислей, Поль Сезан; барбизиондық мектептен Теодор Руссо, Шарл Франсуа Добиньи, Констан Труайон туындылары; сондай-ақ 20 ғ. – дағы Германия өнері тарихын қамтитын экспонаттар қойылған.

ГЕРЦОГ АНТОН УЛЬРИХ МУЗЕЙІ – Брауншвейгтегі Герцог Антон Ульрих музейі – Германиядағы ірі өнер музейлерінің бірі, 1754 жылы Антон Ульрих коллекциясы қоры негізінде құрылған. Қазіргі ғимараты 1887 жылы архитектор Оскар Зоммердің жобасымен салынған. 15-18 ғ. – лар өнер туындыларынан Лукас Кранах, Кіші Ганс Гольбейн, Ганс фон Ахен, Ганс Роттенкаммер, Адам Эльскаймер, Иоганн Шенфельд, Иоганн Генрих Тишбейн, Якоб Филипп Хакер; итальян өнерінің қайта өркендеу және барокко дәуірінің Джорджоне, Пальма Веккио, Паоло Веронез, Якопо Тинторетто, Орацио Джентилески, Бернандо Кавалино, Маттиа Прети; фламандық өнерден Якоб Йорданс, Питер Пауль Рубенс, Антонис ван Дейк; нидерланды көркемөнері залында Солтүстік қайта өркендеу және «Алтын ғасыр» суретшілері Лукас Ван Лейден, Корнелис Ван Харлем, Питер Ластман, Рембрандт, Ян Ван Гойен, Якоб Ван Рейнсдаль, Ян Стен, Ян Вермеер; француз суретшілерінен Симон Вуэ, Гиацинт Риго, Никола де Ларжильер, Франсуа Буше, Жан Батист Грез туындылары сақталған. Музейде 100000-нан астам гравюра, 10000-нан астам суреттер және қолданбалы өнер туындылары бар.

ГОЛОГРАММА – жарық көздері арқылы алдын ала жарықтық сезімтал пластина немесе пленкаға жазылып алынған заттардың көлемді бейнесін көрсету. Г. – бұл нақты заттың көлемді оптикалық көшірмесі, ол заттың суретін жарық сезгіш тілімшемен немесе лазер техникасының көмегімен таспаға жазу жолымен жасалады. Экспозицияға заттардың жеке топтар арасындағы мағыналы байланыстар көрнекілігін орнату үшін карталар, сызбалар, диаграммалар, кестелер және басқа да ғылыми-көмекші материалдар енгізіледі. Алайда, оларды дұрыс қолданбау музей заттарынан келушілердің көңілдерін алаң еткізіп, сонымен қоймай экспозицияның ерекшелігін бұзуы мүмкін. Экспонат-түпнұсқаларды өзінің керексіз айқындылығымен немесе безендіру әсерімен «ерекшелеу, әсірелеу» керек емес. Сондықтан да Г. қолдану тәжірибені және талғамды қажет етеді.

ГРАВЮРА (франц. gravur – бедер сурет) – графика өнерінің бір түрі; тақтаға бедерлеп салған суреттің қағазға түсірілген көшірмесі (эстамп) Г. деп аталады. Өңдеу әдісіне байланысты Г. бедерленіп жасалатын және ойылып жасалатын нұсқа болып екіге бөлінеді: бедерлі нұсқада бояу сурет бетіне жағылады (ксилография, линогравюра). Ойма нұсқада бояу ойылған сурет сызықтарына толтырылады (офорт, акватинта, меццо-тинто, лавис, т.б.). Г-ның жасалу барысы бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен қағазға салынған эскиз тақтаның бетіне көшіріледі. Содан соң арнаулы металл аспаптармен (штихель, қашау, гравирлейтін инелер, арнаулы пышақтар) немесе хим. әдістермен (қышқылмен күйдіру, т.б.) бұл сурет тақтаның бетіне ойылып немесе бедерленіп түсіріледі. Одан кейін тақтаның бетіне бояу жағылып, қолмен немесе арнаулы станокпен қағазға басылады. Г-лар бедерлену әдісіне қарай бірнеше түрге бөлінеді: мысқа ойылып жасалатын Г., ағаштағы Г. – ксилография, линолеумдегі Г. – линогравюра, офорт, меццо-тинто, т.б. Г. жасалатын негізгі заттар: металл (мыс, мырыш, болат), ағаш (шамшат, пальма, алмұрт ағашы), линолеум, т.б. Г., көбінесе, ақ-қара түсті болып келеді. Алайда әрқайсысына әр түсті бояу жағылған бірнеше тақтадан басылатын түрлі түсті Г. да жиі кездеседі. Г. графикалық өнерге тән сан түрлі бейнелеу құралдарын пайдаланады: контурлы сызық, штрих, дақ, бояу, т.б. Қаттылығы әр түрлі нәрселерден жасалуына орай қалыптасқан стильдік өзгешелігі, авторлық бір нұсқаның көп данасын өзгеріссіз, айнытпай шығаруға болатындығы – Г-ның ерекшелігі. Қондырғылы Г-мен (эстамптар) қатар кітап Г-сы да кең тараған. Алғашқы Г. 6 – 7 ғ-ларда Қытайда пайда болғаны айтылады, ең ертеден жеткен Г-ның жасалған уақыты 868 ж. деп көрсеті – ксилография Жапонияда дамыды. Ресейде 16 ғ-дан белгілі. 18 – 19 ғ-ларда Г. кең таралды. Қазақстанның бейнелеу өнерінде Г. өнердің өркендеген түрлерінің біріне айналды. Республиканың жетекші графикашылары В.И. Антощенко-Оленев, К.Я. Баранов, Е.С. Бейсембинова, Н.С. Гаев, А.А. Гурьев, А.А. Дячкин, И.Н. Исабаев, Ш.Б. Кенжебаев, Б.П. Пак, А.С. Рахманов, Е.М. Сидоркин, Ә.Смағұлов, т.б. Қазақстан Г-сына зор үлес қосты.

ГРАФФИТИ (итальян, graffіtі – тырналған) – үйлердің қабырғаларына, металл бұйымдар мен ыдыстарға жазылған арнаулардың ғылыми атауы. Олар кейде магиялық мағынада жазылған. Г. – лер көбінесе, ежелгі және орта ғасырлық қала орындарына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған. Қазақстаннан табылған граффитилер жазулары ерте кездерді қамтиды. Мысалы, Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы жазулар. Іле ауданындағы түркі заманының ескерткішін қазу барысында табылған қола жүзіктегі «алдыма тізерле, сужүрек» жазуы түріктердің ежелгі дүниетанымынан мәлімет береді. Жүзіктегі жазуды жаудың мысын басу үшін магиялық сипатта қолданған болса керек. Г. – лер көне тайпалардың сөйлеген тілі, тұрмысы жайлы құнды мәліметтер береді және палеографияның құрамдас бөлігі болып табылады. Музей экспозициясында металл бұйымдар мен ыдыстар граффитилері ғылыми-көмекші материалдармен (карта, сызба, т.б.), ал, қабырға граффитилері диорама, понорама ретінде беріледі.

ГУГГЕНХЕЙМ МУЗЕЙІ – Нью-Йоркта орналасқан, негізін америкалық өнеркәсіп иесі, коллекционер Соломон Роберт Гуггенхейм қалаған. 1937 жылы өнерді дамыту мақсатында «Гуггенхейм қоры» қаражатына ашылған. 1943 жылы архитектор Фрэнк Лойд Райттың жобасымен музей ғимаратын салу басталады. Музей көпшілік үшін 1959 жылы ашылған. Музей жинағы 6 ірі коллекцияны құрайды: Соломон Гуггенхеймнің абстракция өнері коллекциясы; Пегти Гуггенхеймнің сюрреалистер мен астрокционистердің картиналары мен мүсіндері коллекциясы; Джастин Тэнхаузердің импрессионистер, постимпрессионистер, ерте модернистер коллекциясы; Карл Нирендорфтың неміс экспрессионистер коллекциясы; Кэтрин Дрейердің авангард мүсіндер мен суреттер коллекциясы; Джозеппе Панца ди Бьюмоның минимализм, постминимализм коллекциясы. Шедеврлер қатарында Эдуард Маненің «Айна алдында», Анри де Тулуз-Лотректің «Қонақ үйде», Робер Делонның «Бірдей терезе», Василий Кандинскийдің «Көгілдір тау», Константин Бранкузидің «Ит балық», Пит Мондрианның «Композиция 2», Пабло Пикассоның «Үтіктеуші» жұмыстары бар.

Әдеб.: Основы музееведения: учеб. пособие / Отв. ред. Э. А. Шулепова. М.: Едиториал УРСС, 2005.

ГУГУН МУЗЕЙІ – 1918 жылы Қытай мемлекеттік музейі негізінде Пекинде құрылған, 1925 жылы Қытай үкіметі оны Г. м. етіп қайта құрып, көпшілік үшін ашқан. Музей ғимараты ортағасырлық қытай сәулет өнерінің бірегей ескерткіші, ал 1420 жылы Пекин қаласындағы Тянаньмэнь алаңының солтүстік жағына салынған Мин және Цин әулеті императорларының сарайы болған. Аумағы 723 600 м², айналасы биіктігі 10 метрлік дуалмен қоршалған. 1912 жылы Қытайда патшалық билік жойылып, республика жарияланған соң сарайдың бір бөлігінде ескі тарихи-мәдени мұралар көрмеге қойыла бастады. Музей қорындағы экспонаттардың жалпы саны 1100000-нан асады. Музейде сирек кездесетін тарихи, әдеби, діни қолжазбалар мен ксилографиялық кітаптардың 500000-нан астам данасы сақтаулы. Олардың ішінде қытай жазуынан басқа шүршіт (маньчжур), моңғол, тибет, ұйғыр, түрік-шағатай жазуындағы кітаптар мен қолжазбалар да мол. 1948 жылы Гоминьдан үкіметі Г. м. – нен әртүрлі мұралар мен сирек кездесетін қолжазба кітаптардың 230000-нан астам данасын Тайваньға көшірген, соның негізінде 1965 жылы Тайвань – Гугун музейі ашылған.

Әдеб.: Сокровища музея императорского дворца. Гугун. Москва: Издательство «Наталис» Рипол Классик, 2007.

ҒИБАДАТХАНА – Құдайға құлшылық етілетін, діни рәсімдер мен парыздар атқарылатын ғимараттардың жалпы атауы. Әрбір дінде бірнеше түрлі Ғ-лар бола береді және түрліше аталады: исламда – мешіт, христиан дінінде – шіркеу, собор, монастырь, костел, кирха; иуда дінінде – синагога; ал будда дінінде олардың ортақ атауы жоқ, әр елде әр түрлі аталады (мыс., Жапонияда тэра, Шри-Ланкада вихара, Моңғолияда хурэ, Бурятияда дацан, т.б.). Ғ-лар, негізінен, іргелі, еңселі, биік мұнаралы, көп күмбезді, бірнеше текшелі, әлденеше бөлмелі сәнді де күрделі ғимарат болып келеді. Ғимараттың ішінде алтарь, мінбар, михраб сияқты дұға бағыштайтын арнаулы орындар болады. Ғ. іші хұсни хаттармен, періштелер мен әулиелердің бейнелерімен, ою-өрнектер және әсем жазулармен безендіріледі. Ғ-лар архитектурасы адамның Құдайға құлшылық етіп, онымен байланысқа түсетін орны ретінде әр дінде әр түрлі діни тұспал-нышандармен, сондай-ақ ұлттық ерекшеліктерімен өзгешеленеді. Мыс., мешіт күмбезінің ұшар басында міндетті түрде исламның белгісі – жарты ай бейнесі, ал шіркеуде айқыш (крест) орнатылады. Көптеген Ғ-лар өзінің ғажайып көркімен әлемдік сәулет өнерінің жауһар мұралары қатарынан орын алады. Ғибадатханалардағы діни мұралар діни кітаптар, фрескалар, икондар т.б. музей экспозициясы қызметін атқарады.

ДАЛЬВИЧ КАРТИНА ГАЛЕРЕЯСЫ – Лондондағы қызықты өнер музейі. Музей ғимараты 1811 жылдан архитектор Джон Соан басшылығымен Фрэнсис Буржуа мен Ноэл Дезанфан қаражаттарына салынып, 1817 жылы ашылған. Музейде батысеуропалық көне шеберлердің туындылары сақталған. Онда итальян, испан, француз, ағылшын, фламан, голланд, неміс өнер туындылары бар16-18 ғ. – лар өнер туындыларынан Никола Пуссен, Питер Пауль Рубенс, Бартолом Эстебан Мурильо, Антонис Ван Дейк, Рембрандт, Антуан Ватто, Томас Гейнсборо еңбектері бар.

ДАНИЯ МЕМЛЕКЕТТІК ӨНЕР МУЗЕЙІ – Копенгаген қаласындағы бұл ірі музей дат корольдарының коллекциялары негізінде құрылып, ғимараты 1889-1896 жылдары архитекторлар Далеруг пен Меллердің жобасымен салынған. 16 ғ. – да дат королы Кристиан I Альбрехт Дюрерден оның графикалық жұмыстарының коллекциясын сыйға алған. Музей қорында 16-20 ғ. – лар аралығындағы дат гравюрасы, 9000 картина мен мүсін, 300000-нан аса графикалық жұмыстар жинақталған. Экспозицияда итальян қайта өркендеу дәуірі (Андреа Мантеньи, Тициан, Якопо Тинторетто, т.б.), нидерландық, голландық, фламандық мектептер (Үлкен Питер Брейгел, Рембрандт, Франс Хальц, Питер Пауль Рубенс, т.б.); 19 ғ. шеберлері (Кристофер Вильгельм Экерсберг, Кристен Кобке, т.б.) туындылары қойылған.

ДЖОРДЖОНЕ, шын аты-жөні Джорджо Барбарелли да Кастельфранко (1477 – 1510) – италиялық суретші, кескіндемеші. Қайта өрлеу дәуірі өнерінің негізін салушылардың бірі, венециялық мектептің өкілі. Джованни Беллиниден тәлім алған. Әнші әрі музыкант ретінде де аты шыққан. Діни композициялармен қатар («Бақташылардың тәжім етуі», Ұлттық өнер галереясы, Вашингтон), зайырлық сюжеттерге де картиналар жазды («Юдифь», Эрмитаж, Санкт-Петербург; «Үш философ», Өнер тарихы музейі, Вена; «Найзағай», Академия галереясы, Венеция; «Ұйқыдағы Венера», Картиналар галереясы, Дрезден). Д. шығармалары өмірді, табиғатты нәзік поэтикалық сезінумен, адамның және табиғи ортаның жарасымды, кемел үйлесімімен, рухани сезімнің нәзіктігімен ерекшеленеді. Д. денелер мен контурлардың ерте Қайта өрлеу дәуіріне тән айқындығын, мәнерлілігін сақтай отырып, жарық пен көлеңкенің астасуын пайдалану арқылы адам тұлғасының пейзажбен тұтасуын көзге көрсетіп кескіндеуге қол жеткізді. Ол өз кезеңіндегі натурфилософиялық идеяларды мансұқ етіп, Қайта өрлеуге тән адам сұлулығы мен өмірдің әсемдігін басты орынға қойды. Д. бірқатар лирикалық портреттер де («Бозбаланың портреті», Картиналар галереясы, Берлин-Далем) жазды. Д-нің суреткерлік жаңашылдықтары еур. майлы бояулы кескіндеме өнерінің дамуында маңызды рөл атқарды. Д-нің шығарм. ізденістерін оның шәкірті Тициан жалғастырды.

ДИОРАМА (грек, dia – зат арқылы, horama – түр, көрініс) – ерекше экспозициялық өнер туындысына негізделген кескіндемелік артқы фон және алдыңғы қатардағы түпнұсқа заттармен немесе макеттік заттармен үйлесімділік таба отырып келушілерге әсер беру үшін құрылған экспозициялық кешен. Д. – лар көбіне тарихи тақырыптарға құрылады. Мысалы: ҚР МОМ-дегі «Алғашқы адамдар»; «Берел» қорымы; «Отырардың күйреуі»; «Қазақ отбасы»; «Ұлы Отан соғысы»; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Археология оқу музейіндегі «Алғашқы адамдар»; «Этнография» оқу музейіндегі «Жайлау», «Қыстау», «Егістік қос», «Ұста шеберханасы» диорамалары.

ДИСКУРС (лат., discere – адасу, франц., discours, discourse, ағылш. – пайым сөз, аттану) – мәтінде өзге факторлармен байланыстағы сөздің негізгі ұғымдарынының бірі. Д. термині мағынаның ұғымын білдіріп, оның ішінде лингвистикалық емес факторларды түсінуге мүмкіндік береді. Д. термині музейтануда музейлік және музеологиялық деп ажыратылады. 1) Музейлік Д. – музей ісінің әртүрлі бағыттарына автордың өз ойлары мен мемлекеттің мәдени саясатына және музей саясатына қатысты ұстанымдары тән. Музейлік Д. сараптауы музейдің коммуникативті өзгешелігін айқындауға мүмкіндік береді. 2) Музеологиялық Д. музей қызметіне қатысты сөздік қызметті, соның ішінде теориялық ойлаудың, суреттеу мен музеологиялық дискурсты сараптау барысындағы тілді түсіндіреді, музей бағытына байланысты ғылыми, тарихи, техникалық, мифологиялық, т.б. көптеген контекстердегі сипаттауға, саралауға қатысты метатілдерді қолданады.

Д`ОРСЭ – Париж қаласында орналасқан. 1986 жылы бұрынғы Орлеан вокзалы ғимаратынан Луврдың импрессионизм бағытындағы жинақтары негізінде ашылған жас музей болса да, 4000-нан аса қор заты бар, қазіргі таңда әлемге танымал өнер музейі. Музей 19 ғ. – дың екінші жартысы – 20 ғ. өнерін экспозициялайды, олардың қатарында Доминик Энгр, Эжен Делакру, Александр Кабанел, Пьер Пюви де Шаванна, Гюстав Моро, Камиль Коро, Гюстав Курбе, Джеймс Тиссо, Анри Фантен-Латур жұмыстары бар. Әлемдік шедеврлер қатарында Эдуард Маненің «Көгалдағы таңғы ас», «Олимпия», Эдгард Деганың «Үтіктеуші», Пьер Огюст Ренуардың «Мулен де ла Галеттегі бал», «Ауылдағы би», Клод Моненің «Әсер. Күннің атуы», «Руан соборы», «Мактар», Альфред Сислейдің «Пор-Марлидегі су тасқыны», т.б. жұмыстары бар. Постимпрессионистер – Винсент Ван Гог, Поль Сезанн, Поль Гоген, Анри де Тулуз-Лотрек, «Наби» тобына енетін – Пьер Боннар, Эдуард Вюйяр, Керра Ксавье Руссел, сондай-ақ фовистер мен Понт-Авен мектебі суретшілері жұмыстары қойылған. Музей мүсіндер коллекциясына да бай, онда Франсуа Рюд, Жан Батист Карпо, Онор Домью, Огюст Роден, Эмиль Антуан Бурдель, Аристед Майоль мүсіндері қойылған. Сәндік-қолданбалы өнер туындыларынан жиһаздар, вазалар, әшекейлер, т.б. экспозицияланған.

ДРЕЗДЕН СУРЕТ ГАЛЕРЕЯСЫ – Германияның Дрезден қаласындағы әлем суретшілерінің таңдаулы туындылары жинақталған сурет көрмесі, негізі 1722 жылы қаланған. Дрезден сурет галереясы 16 ғ. – да саксондық курфюрсттер Кунсткамерасының (сирек кездесетін заттарды жинайтын орын) бір бөлімі ретінде құрылған. 18 ғ. – да кеңейтіліп, 19 ғ. – дың ортасында музейге айналды. Ғимарат құрылысын 1847 жылы архитектор Г.Земпер бастап, 1855 жылы архитектор Крюгер аяқтаған ғимарат Цвингер саксондық курфюрстер резиденциясына кіреді. Коллекция жинау ісі саксондық курфюрст Фридрих ІІІ (1486-1525) билігі тұсында басталған, ол әртүрлі раритеттерді сатып алған, Лукас Кранах, Альбрехт Дюрер сияқты атақты суретшілерге тапсырыс берген. 1560 жылы Август І Кунсткамера құрып, онда табиғат ескерткіштерін, ескі монеталар, ыдыстар, картиналар, механикалық аппараттар, зерттеу құрал-жабдықтарын жинаған. Саксония билеушілері жинаған құндылықтарды Виттенберг сарайында сақтаған. 15 ғ. – дың аяғында Дрезден астана болғанда коллекция Кунсткамераға көшірілген. Коллекция жинау 17 ғ. – да жоғары қарқын алған, осы кезеңде Я. Ван Рейсдаль, Питер Пауль Рубенс, Паоло Веронез жұмыстары сатып алынған. Август ІІ билігі тұсында (1670-1733) коллекция құндылықтарының қатары одан әрі көбейген, ол Никола Пуссеннің «Флора патшалығы», Джорджоненің «Ұйқыдағы Венера», т.б. атты шедеврлерді сатып алған. Август ІІ 1722 жылы Цвингер ансамблі құрылысын салу кезінде көркемсурет туындыларын, басқа коллекциядан бөлген. Сол кезеде Гравюра кабинеті, Фарфор музейі, ғылыми-жаратылыстану музейі, Мүсіндер мен картиналар галереясы құрылды. Галерея алғашында Неміс және Француз павильоннының жоғарғы қабатында орналасып, онда 1855 жылға дейін жұмыс жасаған. Бұл кезде галерея қоры 1995 бірлікті құраған. Ал Август ІІІ билігі тұсында оның агенттері Париж, Рим, Амстердам, Прага аукциондарын ең үздік деген жұмыстарды сатып алған, 1745 жылы Италиядан герцог Моден д`Эсте коллекциясынан 100 картинаны иеленген. Август ІІІ тек 1742 жылы 700 картина иеленген. Дрезден галереясында 15-18 ғ. – лардағы италиялық (Рафаэль, Джорджоне, Тициан, Веронез, Корреджо, т.б.), 17 ғ. – дағы голланд және фламан (Рембрандт, Ян Вермеер, Питер Пауль Рубенс, т.б.), испан (Диего Веласкес, Хусеп Рибер, т.б.), 17-18 ғ. – лардағы француз (Никола Пуссен, Антуан Ватто, т.б.), 16 ғ. – дағы неміс (Альбрехт Дюрер, Ганс Гольбейн, т.б.) суретшілерінің картиналары қойылған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістер галереяны қала сыртындағы үңгірге көшіріп, тығып тастаған. Соғыс біткен соң 1945 жылы галерея КСРО-ға көшіріліп, ал 1955 жылдың жазында ГДР-ге қайтарылады. 1956 жылдың маусым айында Дрезденде қайтадан ашылды.

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨРМЕЛЕР – әртүрлі мазмұнды қамтитын әлемнің бірнеше елдері қатысатын көрмелер. 19 ғ. – да Англия, Германия, Францияда өнеркәсіптің қаулап, қарқынды дамуы алғаш рет кең көлемді көрменің ашылуына ықпал етті. 1851 жылы 1 мамырда Лондонда осы шараға арнайы салынған Хрусталь сарайында Дүниежүзілік алғашқы көрме болды. Ашылу салтанатына 25 мың адам қатысқан, көрмеге 13937 экспонат қойылған, соның 7381-ін ағылшын фирмаларының өнімдері құраған. Көрме жұмысы 5 айға созылған. 5000-дай экспонатқа арнайы марапат берілген. Көрмені 6 млн. адам келіп көрген. 186 мың фунт-стерлинг қаржы түскен. Дүниежүзілік көрмені ұйымдастырудың басты мақсаты – тауарлардың ішкі және сыртқы нарыққа кеңінен шығуына жол ашу, тауарларды көпшілікке жарнамалау, мемлекет пен халықтардың өзара бейбіт ынтымақтастығын нығайту.

1889 жылдың Дүниежүзілік көрмесі Париж қаласында 6 мамыр мен 31 қазан күндері аралығында өткен. Трокадеродағы экспозиция аймағына кіре беріс аркасы ретінде, инженер Гюстав Эйфелге әйгілі Эйфел мұнарасына тапсырыс берілді. Мұнараны көрмеден кейін бұзуды ұсынған. Дүниежізілік көрмелер: 1851 (Лондон), 1855 (Париж), 1862 (Лондон), 1867 (Париж), 1873 (Вена), 1876 (Филадельфия), 1878 (Париж), 1886 (Мельбурн), 1888 (Барселона), 1889 (Париж), 1893 (Чикаго), 1897 (Брюссель), 1900 (Париж), 1904 (Сент-Луис), 1905 (Льеж), 1906 (Милан), 1909 (Сиэтл), 1910 (Брюссель), 1913 (Гент), 1915 (Сан-Франциско), 1925 (Париж), 1929 (Барселона), 1933 (Чикаго), 1935 (Брюссель), 1937 (Париж), 1939 (Нью-Йорк), 1958 (Брюссель), 1962 (Сиэтл), 1964 (Нью-Йорк), 1967 (Монреаль), 1968 (Сан-Антонио), 1970 (Осака), 1974 (Спокан), 1975 (Окинава), 1982 (Ноксвиль), 1984 (Жаңа Орлеан), 1985 (Цукуба), 1986 (Ванкувер), 1988 (Брисбен), 1992 (Севилья), 1992 (Генуя), 1993 (Тэджон), 1998 (Лиссабон), 2000 (Ганновер), 2005 (Нагакуте), 2008 (Сарагоса), 2010 (Шанхай), 2012 (Йосу), 2015 (Милан), 2017 (Астана).

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨРМЕЛЕР БЮРОСЫ (ДКБ) – 1928 жылы 22 қараша айында Дүниежүзілік көрмелерге қатысты конвенция өтінімдерін қамту және бақылау негізінде Париж қаласында құрылып, штаб-пәтері де осы қалада орналасты. Бюроның құрамына Бас Ассамблея, Президент, Атқарушы комитет, Мамандандырылған комитеттер кіреді. Қазіргі таңда Дүниежүзілік көрмелер бюросы ұйымына 157 ел мүше, Қазақстан бұл ұйымға 1997 жылы қабылданды. EXPO көрмелері екі түрде өткізіледі: Дүниежүзілік тіркелген көрме (әмбебап), ұйымдастыру жиілігі – бес жылда бір рет; ұзақтығы – ең көбі 6 ай; алаңы – шектелмеген; тақырыбы – барлық қатысушыларға ортақ. Мысалы, 2017 жылы Астана қаласында өтетін дүниежүзілік көрмеге «Болашақтың энергиясы» тақырыбы таңдалып отыр. Дүниежүзілік танылған көрме (мамандандырылған), ұйымдастыру жиілігі – екі Дүниежүзілік тіркелген көрме аралығында өткізіледі; ұзақтығы – ең көбі үш ай; алаңы – ең көбі 25 га; тақырыбы – мамандандырылған. Көрме өтетін мемлекетке таңдау Дүниежүзілік көрмелер бюросына мүше елдердің дауыс беруі арқылы шешіледі.

КАИР МУЗЕЙІ – Ежелгі Египет жеріндегі ежелгі өркениеттің үшмыңжылдық тарихын қамтитын, 120 000 бірліктен асатын қор коллекциясын сақтап отырған ірі музей. Музей ғимараты қала орталығындағы Тахрир алаңында орналасқан, 1900 жылы неоклассикалық үлгіде француз архитекторы Марсельь Дюнонның жобасымен салынған. Музей көпшілік үшін 1902 жылы ашылған. 1835 жылы Египет үкіметі тарихи-мәдени құндылықтарды тонауға қарсы құрған «Ежелгі Египет қызметі» атты мекеме құрған, аталмыш мекеме қызметі Каир музейінің қалыптасуына негіз болған. Кезінде Египет құндылықтарының көбі қолды болған, әсіресе 19 ғ. – да жергілікті тұрғындар антиквар лавкаларына тоналған ежелгі бұйымдарды жиі шығарған, Музей тарихы сондай-ақ француз египтологы Лувр музейінің Египет департаментіні қызметкері Огюсть Мариэт (1821-1881) есімімен тығыз байланысты. Ол 1850 жылы Каирге Лувр музейіне бірнеше папирустар алып кетуге келеді. Сол кезден бастап Египет құндалықтарын өз жерінде сақтайтын мекеме ашуға бар күшін салған. Мариэттің өзі зерттеу жұмысына қатысып сфинкстар аллеясын немесе Саккардағы Сарапеумді тапқан. Ғалымның денесі осы жердегі гранит саркофак астында жатыр. Музей алдында ғалымға ескерткіш орнатылған.

Музей экспозициясы Аменхотеп ІІІ мен оның әйелі Тидің, Хеопс пен Микериннен (б.э.д. 26 ғ. басы) Птоломейге (б.э.д. 4 ғ.) дейінгі фараондар мүсіндерінен басталады.

1922 жылы Луксор қаласы маңындағы Патшалар жазығынан табылған Тутанхамон фараонның қабірінің қазыналары 20 ғ. – дың археологиялық жаңалығы болды. Тутанхамон қазынасының молдығы сонша оны Египет музейіне алып келуге 5 жыл уақыт кеткен. Қабірханадағы өнер туындыларының саны 3500 бірліктен асады, оның 1700-і экспозицияға шығарылған. Экспозициядағы үш алтын саркофагтың бірінің салмағы 110 кг. Тутанхамонның о дүниелік маскасы оның 18 жастағы бет бейнесінің айқын көрінісі. Тутанхамон отырған алтын жалатылған, асыл тастармен әшекейленген, арыстанның басы бейнеленген тақ та теңдесі жоқ экспонаттың бірі.

Патша мумиялары залында 11 фараон мумиясы қойылған, олардың қатарында Рамсес ІІ, Тутмос ІІ, Сети І бар, мумия витринасы Патшалар жазығындағы қабірханалар түрінде берілген.

Музейдегі Амарн дәуірінің (б.э.д. 14 ғ.) өнер туындылары – Тутанхамонның әкесі Аменхотеп ІV билігімен тығыз байланысты. Ол ата-баларының көп құдайға табынуынан бас тартып, еліне бір құдайға табынуды күн құдайы Атон культін енгізген, сол себепті жаңа Эхнатон атына ие болған. Оның жоғары эстетикалық талғамы жаңа «амарн» өнер стилін алып келген.

19 ғ. – дың аяғында Рим некрополі Фаюм оазисінде жүргізілген археологиялық қазба жұмысынан табылған портреттер экспозициясы ерекше көз тартады. Олар адамдардың тірі кезінде ағаш тақтаға балауызбен салынып, қабырғаға ілінген, өлген соң мумия бетіне қойылған. Сондай-ақ музей келесідей құндылықтарды экспозициялайды: Аахотеп патшайым, Та ІІ Секененр фараонның жұбайы, Камос және Яхмос І фараондардың анасы әшекейлері; Та ІІ Секененр, Яхмос І, Аменхотеп І, Тутмос І, Тутмос ІІ, Тутмос ІІІ, Сети І, Рамсес ІІ, Рамсес ІІІ, Аменхотеп ІІ, Тутмос ІV, Аменхотеп ІІІ, Мернептах, Сети ІІ, Рамсес ІV, Рамсес V, Рамсес VІ фараондардың мумиялары; Амон абыздарының мумиясы мен саркофактары; Тутмос ІІІ, Тутмос ІV, Аменхотеп ІІІ және Хоремхеб қабірханалары қазыналары; Хеопстың анасы Хетепхерес І пашайымның заттары; Ахетатон сарайынан табылған Эхнатон билігі дәуірінің заттары; Танаистен табылған 21, 22 династияларға тиесілі заттар, соның ішінде Псусеннес І фараонның о дүниелік маскасы; Гиза, Саккар, Бубаст, Гелиополь, Асуан және Нубиядан табылған археологиялық бұйымдар.


Әдеб.: Островский А.В. История цивилизации. Спб., 2000.; www.all-world.com.ua; muzei-mira.com/muzei_egipta/117-kairskiy-muzey.html

«ЕЖЕЛГІ ТАРАЗ ЕСКЕРТКІШТЕРІ» МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ, 1979 ж. 25 желтоқсанда ұйымдастырылған. Оның құрамына Ежелгі Тараз қ-ның жұрты, Айша бибі, Қарахан, Бабажы қатын, Дәуітбек (Шамансұр) кесене ғимараттары, Қали Жүніс моншасы, Әбдіқадыр мешіті, сақтардың Үштөбе қорғаны, Тектұрмас кесенесінің қалдығы, Төңкеріс, Төрткүл кесенелері, Ақыртас құрылысы, Төменгі Барсхан, Атлах, Адахкет, Хамукет, Жікіл қ-ларының жұрты, Талас өз-нен өтетін ескі көпір қалдығы сияқты 19 тарих және мәдениет ескерткіштері біріктірілді. Музей экспонаттары сан алуан көне түркі жазулары мен таңбалар түсірілген балбал тастардан бастап, әдемі қыш құмыра-керсендер, құбырлар, көзе бұйымдары, алтын-күміс әшекейлерді, сондай-ақ, медресе, мешіт, көпір, керуен сарай, мұнара, мазар, күмбез, кесене сияқты үлкен құрылыстарға дейін қамтиды. Ондағы сәулет өнерінің бірегей үлгілеріне Айша бибі, Бабажы қатын, Қарахан, Тектұрмас, Шамансұр, т.б. күмбездер жатады. Әбдіқадыр мешіті Әбдіқадыр медресесі деп те аталады. Ежелгі Тараздың ортаазиялық қалалар секілді шахристаны, рабаты болған. Шахристанның аум. 7,5 га. Оның ішінен 10 – 12 ғ-ларға жататын шығыс моншасының қалдығы табылды. Моншаны 1940 ж. А.Н. Бернштам зерттеді. Монша жобасы төртбұрышты, ауд. 13,60-12,40 м, күйдірілген сапалы кірпіштен қаланған, 5 бөлмеден, 2 алаңқайдан тұрады. 3 бөлмесінің қабырғасына ою-өрнек салынған, сылақтың қызыл, сары, көк, қара, қоңыр түсті бояуларының қалдығы сақталған. 3 бөлме мен бір алаңқай ерлер, қалған 2 бөлмесі мен алаңқай әйелдер бөлігі болып табылады. Әр бөліктің шешінетін, суға түсетін, қыздырынатын бөлмелері бар. Ыстық өткізетін саңылаулары бар жылыту жүйесі шығыс моншалары үлгісінде жасалған. Моншаға су қыш құбырлар арқылы келген. Моншаның табылуы ежелгі Тараз халқының мәдениеті жоғары деңгейде болғанын дәлелдейді. Шамамен 10 – 12 ғ-ларда Талас өз-не салынып, Тараздың шығысын батысымен жалғастырып тұрған Таскөпір – көне сәулет өнері ескерткіштерінің тағы да бірі. Көпір үлкен тас блоктардан қаланған. Оның ізін Талас өз-нің оң жағалауындағы Тектұрмас кесенесінің маңынан байқауға болады. Өзен суы тартылып, азайған кезде тас тіреулер мен жалпақ тастардың қалдығы көрініп қалады. Таскөпір туралы алғашқы дерек 10 ғ-дағы араб саяхатшысы Макдисидің жазбаларында кездеседі. 13 ғ-да Таразда болған монах Чань-Чунь хабарламасында да Таластың үстінде тастан салынған үлкен көпір болғаны айтылады. Оның қалдығын 19 ғ-да В.А. Каллаур зерттеді. Келесі елеулі ескерткіш – Ақыртас құрылысы шамамен 7 – 8 ғ-ларда салынған. Қазіргі Тараз қ-ның шығысынан 40 км жерде орналасқан. Төртбұрышты жобамен соғылған. Ауд. 200-200 м. Құрылысқа қалыңд. 1 мге жететін гранит тастар қолданылған. Тастар әр түрлі геом. өрнектермен әшекейленген. Ақыртас қабырғалары көтеріліп үлгермеген сияқты, биікт. 1 – 1,5 м шамасында. Қандай құрылыс екені белгісіз. Ресей шығыстанушысы П.И.Лерх оны салынып бітпеген будда ғибадатханасы десе, В.В.Бартольд несториан ғибадатханасы деген болжам айтады. Музейдеғы ескерткіштер мемлекет тарапынан қорғауға алынған.

ЕСКІ ПИНАКОТЕКА – Мюнхен қаласында орналасқан, негізін 1528 жылы герцог Вильгельм ІV фон Виттельбах қалаған, ол өз ризиденциясын көркемдеу мақсатында Германияның сол кездегі атақты шеберлерін жинап тапсырыс берген. Музейдің қазіргі ғимараты архитектор Лео фон Кленцтің басшылығымен 1826-1836 жылдар аралығында салынған. Музей қорында 14-18 ғ. – ларға саятын бірнеше мыңдаған өнер туындылары бар, қордағы экспонаттарды қоспағанда тек экспозицияға 900-ден аса полотно қойылған. Герман көркемөнері (Стефан Люхнер, Үлкен Ганс Гольбейн, Үлкен Лукас Кранах, т.б.); Нидерланды, фламан көркемөнері (Рогир Ван дер Вейден, Ганс Мемлинг, Үлкен Питер Брейгел, Антонис Ван Дейк, Рембрандт, Франс Хальц, Пауль Рубенс т.б.); Қайта өркендеу дәуірі (Джотто,Фра Анджелико, Филиппо Липпи, Сандро Боттичелли, Леонардо да Винчи, Рафаэль, Тициан, Джаванни Батиста Тьеполо, т.б.); француз, испан көркемөнері (Никола Пуссен, Клод Лорен, Жан Оноре Фрагонар, Франсуа Буше, Барталом Эстебан Мурильо, Диего Веласкес т.б.) туындылары бар.

ЖАМБЫЛ МУЗЕЙІ – Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында орналасқан, тарихи және мәдени мекеме. Музей Қазақстан үкіметінің шешімімен қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаев тұрған үйде 1946 ж. ұйымдастырылды. Ж. м. Алатаудың Майтөбе биігіне таяу жатқан жазықта, Жамбыл бабамыз көз жұмған ауылда орналасқан. Музейдің іргесінде ұлы ақынның көзі тірісінде егілген ағаштар, сол қалың баудың түкпіріне таман алма мен алмұрт бағының арасында 1946 ж. салынған кесене тұр. Кесене 1970 және 1996 ж. қайта жөнделіп, ақ мәрмәрмен қапталған. Кесененің дәл ортасына ұлы жыршыға құлпытас қойылған. Ақын денесі осында жерленген. Кесененің дәл іргесінде, сол жақ босағасына ақынның киесі – қызыл шұбар жолбарыс мүсіні орнатылған (1996). Жамбыл өмір сүрген үй – музейдегі бөлмелер сол күйінде сақталған. Ондағы он екі бөлменің әрқайсысы тарихи жәдігерлерге толы, әрбір зат – ақын өмірінің тікелей куәгері. 1996 ж. музей-үйге жанамалай конференц зал салынып іске қосылды. Бұл конференц залдың алғашқы іргетасын Қазақстан Президенті Н.Назарбаев қалады. Алғашқы бөлме Жамбылдың ұлы ұстазы ақын Сүйінбайға арналған. 1916 жылғы көтеріліс тарихын, Жамбыл шығарм-н баяндайтын бөлімде Х.Наурызбаевтың «Амангелді Иманов» атты мүсіні және 1913 ж. Жамбылдың ақындар арасында түскен тарихи суреті тұр. 1919 ж. мамыр – маусымда өткен ақындар мен күйшілердің слеті жөніндегі материалдардың фотокөшірмелері, Верныйдағы сол слет өткізілген үйдің суреті, ақынның жаңа өмір серпінінен туған шығарм-мен таныстыратын материалдар қойылған. 1934 ж. маусым айында қазақтың ұлттық өнер шеберлерінің тұңғыш респ. слеті өтті. 1936 ж. сәуір айында айтыскер ақындардың 2-слеті болды. Музейде Жамбылдың суырып салма ақындығы оқшау көрінген осы слеттерге қатысты материалдар да қойылған. Ж. м. ауқымды бөлімдердің бірі Жамбылдың Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігіне қатысуына арналған. Музейдегі Мәскеу онкүндігіне арналған экспозицияда Жамбылдың С.Мұқановпен, К.Байсейітовамен, Т.Жароковпен және колхозшылармен, мемлекет қайраткерлерімен кездесулерінен фотосуреттер қойылған. Жамбылдың Қазақ КСР-інің 1-шақырылған Жоғ. Кеңесінің депутаты, Кеңестердің бүкілқазақстандық төтенше 10-съезінің делегаты болғандығына толтырылған мандаттар, ақынның ең алғашқы наградасы – Еңбек Қызыл Ту ордені, М.Соловьевтің «М.И. Калинин Жамбылға орден тапсырып тұр» деген картинасы да осында тұр. Мәскеудегі онкүндікке қатысушылармен бірге Жамбылды бүкіл ел қошаметпен қарсы алды. 1936 ж. мамырдың 17-нен 23-не дейінгі аралықта өткен онкүндікте Жамбылдың қолма-қол төгіп шығарған толғаулары елге күнбе-күн тарап жатты.

1937 ж. желтоқсанда Жамбыл әуелі Мәскеуге, сол жақтан Тбилисиге, Шота Руставелидің жұртқа белгілі «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдығын тойлауға арналған КСРО Жазушылар одағы басқармасының пленумына барған сапары топ-топ жыр болып, “Кавказға саяхат” деген кітабына кірді. Ақын 1938 ж. Қазақ КСР Жоғ. Кеңесінің депутаты болып сайланып, мемлекет тарихында тұңғыш рет парламент мәжілісі өлеңмен ашылды. Оны ашқан да «20 ғасырдың Гомері» Жамбыл Жабаев еді. Музейдегі Жамбылдың шығарм. қызметінің 75 жылдық мерекесін тойлау жөніндегі бөлімде елдің түкпір-түкпірінен және көптеген шет елдерден «халық поэзиясының ақсақалына» жіберілген құттықтау жеделхаттар мен хаттардың фотокөшірмелері, сондай-ақ, КСРО Жоғ. Кеңесі Президиумы оны Ленин орденімен наградтағаны туралы 1938 ж. 19 маусымдағы Жарлығы, той иесіне тапсырылған адресаттар, фотоальбомдар, сый-сияпаттар қойылған. Көркем әдебиетті дамытудағы аса көрнекті табыстары мен жетістіктері үшін марапатталған 52 ақын-жазушының ішінде Жамбылдың «Құрмет Белгісі» орденімен наградталғаны туралы 1939 ж. 31 қаңтардағы жарлықтың фотокөшірмесі де, 1941 жылдың наурызында берілген Мемл. сыйлық лауреатының дипломы да осы тұсқа қойылған. Музейдің Отанды қорғауға арналған бөлімінде «Ленинградтық өренім» өлеңі, оның отты жылдардағы жеңіске жұмылдырған поэтикалық қуаты, плакаттар, бұған қоса қарт Жамбылға алғыс сезіміне тола жазылған майданда жүрген жауынгерлердің сарғайған хаттары да тұр. Ақын есіміне деген сый-құрметтің белгісі ретінде Ленинградтың 250 жылдығына арналған медаль да осында қойылған. Бұл медаль 1959 ж. Жамбыл музейіне жіберілген. 1942 ж. 1 маусымда «Правда» газеті: «Рахмет, қымбатты ақын, бізді қуантқаныңыз үшін сізге жауынгерлік қызылармиялық рахметімізді айтамыз. Бәріміз де сіздің жырларыңызды жатқа білеміз» деп жазды. Жамбылдың ұлы – Алғадай 1943 ж. 22 ақпанда Синельников қ. түбінде ерлікпен қаза тапты. Жамбыл бұл қазаға қатты қайғырды. Ақынның шері «Алғадай туралы ой» деген жоқтау жырға айналды. Жамбылдың өлы Отан соғысы кезінде шығарған жырлары – қазақтың ұлттық патриотизмінің тамаша тарихи ескерткіштері. Олардың өзі «Соғыс жырлары» деген тұтас бір жинаққа айналды. Ол қазір музейде сақтаулы. 1945 ж. 22 маусым, сағат 7-ден 55 минут өткенде ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың жүрегі тоқтады. Музейдеғы бір экспозиция Жамбылмен қоштасу сәтін бейнелейді. Халық поэзиясы алыбының қазасына дүние жүзіндегі көптеген елдердің өкілдері қайғырып көңіл айтты. Оны жерлеу Қазақстан үшін – бүкілхалықтық, бүкілмемлекеттік сипат алды. Келесі бөлмеге Жамбыл мұрасын зерттеуші, жамбылтанушылардың шығармалары қойылған. М.Әуезов, Мұқанов, С.Садырбаев бұл салада үлкен еңбек сіңірді. Музейде Жамбылдың ізбасарларынан К.Әзірбаевтың, Ү.Кәрібаевтің, Н.Байғаниннің, И.Байзақовтың, Жамбылдың немересі – ақын Әлімқұл Жамбыловтың және басқа да көптеген белгілі көркем сөз шеберлерінің бейнелері тұр. Үйдің ортасындағы ас үй – кезінде қазақ қонақжайлылығының куәгері болғаны анық. А.Толстой, Л.Соболев, Әуезов, П.Тычина, Байсейітова, Б.Келлер, С.Эйзенштейн, Ә.Қастеев және т.б. қайраткерлер әр жылдары, әр кезде осында болып, ұлы ақынмен тілдесіп, әңгімелескен. Үйдің сол жақ қанатындағы бұрышта – ақынның өз бөлмесі. Бұл шағын ғана бөлме, үстел, кресло, радиоқабылдағыш, орыс, қазақ тілдерінен жиналған шағын кітапхана, 7 сағат 55 минутты көрсетіп, тоқтап қалған қабырға сағаты. Бұған жапсарлас, терезелері теріскейге қараған бөлме – ақынның ұйықтайтын бөлмесі. Бұл бөлме Жамбыл дүниеден қайтқан сәттен ешбір өзгермеген. Есіктің оң жағында киім ілінген шкаф тұр. Бұрышта – ағаштан қиып жасалған шифонер. Терезе аралығында алдында күнделікті тұрмысқа керекті заттар қойылған айна тұр. Қымыз құятын торсық, ақынның асатаяғы, күлсауыт және оның өмірлік серігі болған көне домбыра. өлы Жамбылдың туғанына 150 жыл толар қарсаңында өзінің тарихи тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасының, оның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың нұсқауымен, Республика үкіметінің шешімімен толық жаңғыртылып, қайта салынған тарихи музей еліміздегі ірі тарихи ескерткіш-мекенге айналды. Жаңа салынған конференц залда Жамбылдың 150 жылдық мерейтойын тойлау рәсімдеріне байланысты музейге ескерткіш – сыйға берілген құжат, тарту-таралғылар, сурет, т.б. көрмесі қойылған. Ж. м-ның бағының ішінде, Жамбыл кесенесінің жанында қазақтың біртуар композиторы, дирижері, ұлы ақынның інісі Нұрғиса Тілендиевтің бейіті мен ескерткіш-құлпытасы бар. Бір ғасыр өмір кешкен ұлы таланттың туып-өскен мекені – қазақстандықтардың зиярат ететін қасиетті орындарының бірі.

ЖАҢА МУЗЕОЛОГИЯ – Шетелдік музеологияда 1980 жылдарында дәстүрлі музейлерді дамыту бағытындағы ізденіс нәтижесінде қалыптасқан жаңа бағыттағы музейлерді құру, жасау және дамыту. Қазіргі заманғы музейлер қызметі қоғамдық институт ретінде әлеуметтік қоғамдық-экономикалық жағдайға сай жүргізілуде. Қазіргі заманғы музейлердің құрылымы, ұйымдастырылуы және қызметі негізінен сол қор жинағының бағыты мен мазмұнына сай қалыптасады. Музейлердің ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі міндеті – коллекцияларды жүйелеу және зерттеу болып табылады. Оның нәтижесі музей қорындағы шығармалардың толық каталогында, ғылыми мақалаларда, музей жолсеріктерінде, буклеттерінде, арнайы ғылыми-көпшілік кітаптарда көрініс табады. Музейлер қазіргі таңда ғылыми-зерттеу бағыттарының тақырыптары аясында симпозиумдар, семинарлар, конференциялар өткізуді жүйелі жолға қойған. Музейлер тәжірибесінде мемлекеттер арасында мәдениет ісіндегі тәжірибе алмасу аясында мәдени диалог ретінде музей қорындағы коллекциялар көрмесін ұйымдастыру ісі қалыптасқан. Қазіргі таңдағы музейлердің ағартушылық ісі экскурсиялар, экскурстар, лекторилер жүргізуден көрінеді. Музейлер ғимараты арнайы жабдықталған кешенді орындармен, ғылыми-көмекші бөлімдермен, экспозициялық залдармен, қор сақтау орындарымен, көрме залдарымен, реставрациялық шеберханалармен, ғылыми кітапханамен, т.б. жабдықталады. Әлемдегі және еліміздегі музейлер жүйесін қазіргі өскелең заман талабына сай жетілдіру мен өркендетудің бірден бір жолы оның ғылыми-зерттеу негізін нығайтудан да көрінеді.

Музейлерді жаңа бағытта дамытуға деген ізденіс ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан басталды. Латын Америкасында «интеграцияланған музей» тұжырымдамасы жасалып, оның негізгі ережелері 1972 жылы Сантьяго (Чили) қаласында ЮНЕСКО ұйымдастырған «дөңгелек үстел» кезінде қабылданды. «Интеграцияланған музейлердің» негізгі бағыты адамдардың өздерін қоршаған табиғат пен әлеуметтік ортаны танып білуін жүзеге асыру болып табылады. Концепция авторлары Латын Америкасы үшін тек мәдени құндылықтарды сақтап, насихаттайтын музейлердің болуы өздерін қағаттандырмайтындығын жеткізе отырып, дәстүрлі музейлермен қатар адам дамуы индексіне әсер ететін, таным көкжиегін кеңейтетін музейлерді қоса қабат дамыту керектігін дәлелдеді. Француз музеологтары Ж.А.Ривьер мен Ю.Де Варин бастаған «интеграцияланған музей» идеясы «экомузейлер» деген жалпы атаумен сипат алды. Музейдің бұл жаңа бағытының озық тәжірибесі Венесуэла қаласының Баркисименто музейінен, сондай-ақ Рио-де-Жанейро қаласының (Бразилия) Санта Тереза және Сао-Кристовао деген екі ауданынан көрініс тапты. Идея авторлары осы экомузейлерді құрудың нәтижесінде, тұрғындардың табиғи-мәдени ортамен тікелей байланыстын дамыта отырып, дәстүрлі мәдениет құндылықтарын сақтап, насихаттауды әрі тұрғындарды музей ісіне тартуды жүзеге асыруды мақсат етті. 1983 жылы Лондон қаласында өткен ІСОМ-ның Бас конференциясында музей ісінің осы бағытын ресми ұйымдастыру бастама алды. 1984 жылы Квебек қаласында мамандар «Экомузей және жаңа музеология» атты I халықаралық семинар ұйымдастырды. Квебек декларациясының авторлары «Қазіргі заманда өзінің дамуында жаңа көзқарастарды жүзеге асыру жолына түскен музейлер дәстүрлі идентификация, консервация және ағартушылық міндеттері мен мақсаттары көлемінен шығып, қоғам мен қоршаған орта өміріне қызу араласып, өз аясын кешенді бағдарламаларды жүзеге асырумен кеңейту керек», – деген. 1985 жылы Лиссабон қаласында өткен ІІ халықаралық семинарға қатысушы мамандар музей ісі саласындағы жаңа идеяларды қолдайтын «Халықаралық федерация» құрды. «Жаңа музеология», «Жалпыға қолжетімді музеология» атты білім жетілдіру курстары, «Жаңа музеология және әлеуметтік тәжірибе» атты бірлестік және «Квебек экомузейлер Ассоциациясы» құрылды. «Жаңа музеология» идеясы одан әрі Латын Америкасы, Азия, Африка елдерінде дамыды. «Жаңа музеология» жүйесінде экомузейлермен қатар, виртуальды музейлер, сайт-музейлер, тірі музейлер, тірі экспозиция, парамузейлер, музей-қалалар дамыды.

«Тірі музей» идеясын америкалық музеолог Д.К.Дан қалыптастырған. Бұл ұғым «жаңа музеология» ұғымына ұласты. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы «Тірі өсімдіктер» тірі музейі 120 жылдан бері танымал. Нью-Йорк қаласындағы Квинс штатындағы Кридмур психиатриялық клиника жанынан ашылған «The Living Museum» тірі музейі әрі арт-студия ретінде жұмыс жасайды. Музейді сюррализм табынушылары, Колумбия университетінің түлегі Болек Гресзинский мен дәрігер Янос Мартон қалыптастырып, 30 жыл бойына табысты жұмыс жасап келеді. Сондай-ақ АҚШ-тың Джеймстаун және Вильямсбургтегі Американы отарлау кезеңінің тірі музейлері, Сан-Уотчтегі үнділер қонысы, Ұлыбританиядағы Қара ел тірі музейі, Норвегия халық музейлерін атауға болады. РФ-да «тірі музейлердің» озық тәжірибесі Красноярск өлкесінде «Экодом», Бородино шайқасы алаңында құрылған «Боронино» музей-қорығынан көрінеді. 2010 жылы Түрікменстанда Ашхабад қаласының маңындағы Гекдере атты елді мекен «тірі музей» ретінде құрылды.

ЖАҢА ОҢТҮСТІК УЭЛЬС ӨНЕР ГАЛЕРЕЯСЫ – Сидней қаласында орналасқан. Жаңа оңтүстік Уэльс өнер галереясы – Австралияның қоры мол ірі музейі. Оның негізі 1874 жылы қаланған. Мельбурндағы Виктория өнер галереясымен бәсекелесу тұрғысында Сиднейдің бай тұрғындары осы музейдің өркендеуіне өз үлестерін қосып, жеке қаражаттарын бөлген. Галерея ғимараты 19 ғ. – дың аяғында архитектор Уолтер Вернон жобасы бойынша салынған. Қордың негізгі бөлігін австралиялық шеберлер туындылары құрайды. 19 ғ. өнер туындылары қатарында Артур Стритон, Том Робертс, Фредерик Маккабин еңбектері, 20 ғ. өнер туындылары қатарында Уильям Добелл, Сидни Нолан, Рассел Драйсдейл, Артур Бойда, Фредерик Уильямс еңбектері бар. 16 ғ. – ға саятын нидерландық және итальяндық көркемсурет, сондай-ақ Викторикан дәуіріне саятын ағылшын өнер туындылары сақталған. Еуропалық модернистер жұмыстарының, азиялық өнер, графика және фотосуреттер коллекциялары бар.

ЖАҢА ПИНАКОТЕКА – Мюнхенде орналасқан. 1853 жылы король Людвиг I Баварскийдің басшылығымен ашылып, архитектор Александр фон Бранктың басшылығымен салынған ғимаратқа орналасқан. Классицизмнен модернге дейінгі 3000 полотно; ағылшын көркемөнері (Томас Гейнсборо, Джон Констебл, Джошуа Рейнольдс, Давид Уилки, Томас Лоренс, т.б.); неміс көркемөнері (Фридрих Овербах, Вильгельм фон Шадов, Каспар Давид Фридрих, Вильгельм Лейбл, Макс Либерман, Ловис Коринт, т.б.); импрессионистер мен постимпрессионистер (Пьер Огюст Ренуар, Эдуард Моне, Винсент Ван Гог, Альфред Сислей т.б.); 19-20 ғ. – лар өнері (Джованни Сегантини, Густав Климт, Джеймс Энсор, т.б.) сақталған.

ИЕРОГЛИФ (грек. hіeros – қасиетті, gluphe – қиылып алынған) – идеографиялық жазудың таңбасы. И. терминдін бірінші рет Климент Александрийский 200 ж. Мысыр жазуына қатысты қолданған. Ең көне Мысыр иероглифі б.з.б. 4-мыңжылдықта пайда болған. И. тек көне Мысыр жазуы деген мәнде ғана емес, басқа жазулар жүйесіне (қытай, крит, т.б.) қатысты да қолданылады. И. деп лотографиялық (бір сөз) мәндегі, аз да болса сурет сипатын сақтаған жазу таңбалары аталады. Ол пиктографияға (сурет жазуына) да, дыбыстық жазуға да жатпайды, бірақ ол нағыз сурет бейнесін сақтамағанымен, алғашқы суретке ұқсастығы аңғарылады. И. жазуының әр таңбасы жеке тұрады, таңбалар бір-бірімен қосылмайды. И. жазуы жоғарыдан төмен, кейін оңнан солға, кейде керісінше ойылып жазылған. Жазудың бағытын таңбадағы адамның, жануардың беті мен аяғы көрсететін болған. Адамның, жануардың беті қарап тұрған жақтан бастап оқу керек екені байқатылған. И. жазуының екі түрі болған: 1) иератик (гиератик) жазу – папирусқа жазудан пайда болған жазу үлгісі, бұл кейін тек діни жазуға айналған; 2) демотик жазу – иератиктен дамыған тез жазу, мұнымен іс қағаздары, көркем шығармалар жазылған, ертеде шыққан кітаптар көшірілген, сондықтан да ол халықтық жазу деп аталған.

ИКОМ – Халықаралық музейлер кеңесі, (ағл.: International Council of Museums, ICOM) – мемлекеттік, үкіметтік емес 1946 жылы құрылған әлем музейлерінің қызметкерлерін біріктіретін кәсіби халықаралық ұйым ИКОМ БҰҰ ЮНЕСКО жанындағы Экономикалық және әлеуметтік кеңес жоғары «А» категориялық конституциялық статусын иеленген. ИКОМ – әлем елдеріндегі өткен және бүгінгі дәуірдегі материалдық және материалдық емес құндылықтарды, табиғат ескерткіштерін, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтап, музей мен оның қоғаммен байланысын арттыратын, музейлер және музей қызметкерлерінің халықаралық ұйымы. ИКОМ өз мүшелерінің жарнасы арқылы қаржыландырылады және ЮНЕСКО-ның қолдауына ие. ЮНЕСКО-ның музейлерге қатысты бағдарламаларының тікелей іске асуына қызмет етеді. ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде ИКОМ секретариаты орналасқан. ИКОМ-ға қазіргі таңда 165 елден 30000 жекеменшік ұжымдар, 27 халықаралық ассоциация мүше, ұйымның ресми сайты http://www.icom.org.ru. ИКОМ жарғысына сәйкес оның міндеттері мен мақсаттары: әлемнің барлық елдерінде музей ісінің дамуына үлес қосу; құндылықтарды сақтау, құндылықтарды заңсыз сатумен күрес жүргізу; музей қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында білімдерін жетілдіру; музейлер мен музей қызметкерлеріне кәсіби көмек көрсету; әлем музейлері арасында бір-бірімен кәсіби қарым-қатынас орнату, тәжірибе алмасуын жүзеге асыру.

Әдеб.: Коссова И.М. Международный совет музеев (ІСОМ) и его роль в укреплении взаимодействия: Сборник трудов творческой лаборатории «Музейная педагогика» кафедры музейного дела Академии переподготовки работников искусства, культуры и туризма МКРФ. М., 2001.

ИМИТАЦИЯ (лат. imitatio – ұқсау, еліктеу) – музей ісінде материалдық емес мәдениетті, ұлттық салт-дәстүрлерді, қолөнер шеберлерінің әдіс-тәсілдерін адамдар көмегімен көрсету. Мысалы, қолөнер жәрмеңкесін, шебер-сыныптарын, ұлттық киімдер сән шеруін, т.б. ұйымдастыру. Сондай-ақ музей экспозциясы тақырыбын, көрме мазмұнын ашу үшін құстар, жан-жануарлардың тірі дауыстарын, табиғат құбылыстары, яғни теңіз шуылын, боран соғудағы, найзағай ойнағандағы дауыстарды пайдалану. И. – ны музей ісі саласында «тірі экспозиция» деп те атау қалыптасқан. Этнографиялық және этнографиялық бөлімі бар тарихи музейлер бағытына сәйкес келеді. Мыс., ҚРМОМ-де мерекелік күндерге орай ұйымдастырылатын «Орта Азия қолөнер шеберлері» жәрмеңкесі аясында қолөнер шебер-сыныптары мен ұлттық киімдер сән шерулері өтеді.

ИНКРУСТАЦИЯ (лат. іncrustatіo – қабыршақпен көмкерем) –бұйымдар мен ғимараттардың қабырғаларын безендірудің бір түрі, И. заттың бетіне басқа түсті сол заттың өзінен немесе өзге нәрседен кесілген қималарды жымдастырып жапсыру арқылы әсемдеу. Ағаш пен ағаш арқылы жасау (интарсия), металл мен металл арқылы жасау (дәнекерлеу), сондай-ақ, таспен, т.б. материалмен өрнектеу де жиі кездеседі. Металл, ағаш, керамика бұйымдарына асыл тастар, минералдар мен түрлі түсті шыны бөлшектерін орнату кең тараған. Ежелгі дәуір ескерткіштерінде мүсіндердің көздерін осы тәсілмен жасаған. И. күнделікті тұтыну бұйымдарында (орындық, ыдыс-аяқ, қару-жарақ, т.б.) және ежелгі дәуірлерде патша тағы (Тутанхамон), саркофак, түрлі маскаларды (Астектер маскасы) безендіруде қолданылған. И. Еуразия көшпелі халықтарының өнерінде ерекше орын алды. Далалық өлкелердің бақташы тайпалары арасындағы зергерлер сәндік бұйымдарды, қару-жарақ пен ат әбзелдерін асыл тастармен, түрлі түсті шынылармен, т.б. безендіруді кеңінен қолданған. Мұндай ерекше мәдени дәстүр дала өркениетінде сақтардан бастау алады. И. тәсілі қолданылған аң стиліндегі бұйымдар Кострома обасында (б.з.б. 6 ғ.), Қазақстандағы Шілікті (б.з.б. 7 ғ.), Есік (б.з.б. 5 – 4 ғ.) обаларында, т.б. ескерткіштерде табылған. Б.з.б. 1-мыңжылдық басынан бастап, әсіресе, оның ортасына қарай асыл тастармен безендірілген алтын, күміс бұйымдары күрт көбейеді. И. ғұн дәуірінің атақты полихромды стилінің басты ерекшеліктерінің біріне айналды. Осы дәуір ескерткіштері үлгілері Қазақстандағы Бурабай, Қанаттас, Қарағаш, Көктал, Батыр, Ақтасты, Көкмардан обаларынан, сондай-ақ, Сібірден, Оралдан, Еділ бойынан, одан батысқа қарай жатқан өлкелерден көптеп табылды. Кейінгі дәуірде И. қару-жарақты, әйел әшекейлерін сәндеудегі қазақ зергерлері қолданған негізгі тәсіл ретінде өркендеді. И-ланған кебеже, асадал, кереует, т.б. заттар, сонымен қатар алтын, күміспен апталған ер-тұрман, ыдыс-аяқ күнделікті өмірде көп қолданылған.

Әдеб.: Акишев К.А., Курган Иссык, М., 1978; Засецкая И.П., Культура кочевников южнорусских степей в гуннскую эпоху (ҚV – V вв.), СПб., 1994.

ИРЛАНДИЯ ҰЛТТЫҚ ГАЛЕРЕЯСЫ – Дублин қаласында орналасқан. Ирландияның Ұлттық галереясының негізі 1854 жылы қаланып, көпшілік үшін 1864 жылдан ашылған. Ғимараты архитектор Френсис Фоуктің жобасымен салынған, Меррион алаңында орналасқан. Музей қорында 14000 өнер туындысы, соның ішінде мүсіндер, қолданбалы өнер туындылары, 2500 майлы бояу жинақталған. Экспонаттардың көбін тұрғындар сыйға тартқан. Экспозицияда қайта өркендеу дәуірі (Фра Анжелико, Андреа Мантреньи, Тициан, т.б.), 14 ғ. – дағы итальян, (Микеланджело да Караваджо, Гвидо Рени, Доменикино, Гверчино, т.б.), фламандт, голландт (Кіші Питер Брейгел, Питер Пауль Рубенс, Якоб Иорданс, Антонис Ван Дейк, Рембрандт, Ян Вермеер, т.б.), британ (Томас Гейнсборо, Джошуа Рейнольдс, т.б.), француз (Никола Пуссен, Жан Оноре Фрагонар, Клод Моне, Камил Писсаро, т.б.) көркемөнері қойылған.

ИСЛАМ АРХИТЕКТУРАСЫ, ислам сәулет өнері – әлемдік сәулет өнері қазынасына енетін ислам діні ықпалымен салынып-қалыптасқан ерекше үлгідегі ғимарат кешендерінің жүйесі. Ислам дінінің нығайып, қанат жаюымен бірге, мұсылмандықтың әсемдік хақындағы ұғымдары мен салт-дәстүрлеріне үйлесетін жаңа құрылыстар (мешіт, медресе, кесене, т.б.) жаппай салына бастады. И. а-ның ең бір ғажайып туындысы Меккедегі үлкен мешіт (їарам әл-Мәсжид). Ол – ашық алаң ортасына Қағба орналасқан, төрт жағынан бірнеше қабат ашық галереялармен қоршалған, оған тарихи Сафа, Маруа төбелерін галереямен жалғастырып қосқан үлкен кешен. И. а-ның бір ерекшелігі – әлемнің басқа жерлеріндегі сәулетшілік тәжірибесінде кездеспейтін мұнаралы тұрғын үйлер тұрғызу. Олардың кейбіреулерінің биікт. 11 қабатты үйдің биіктігіне тең. Алғашында олар тастан қаланған іргетастарға отырғызылып, шикі кірпіштерден тұрғызылды. Дамаск (Шам) Араб халифатының орталығына айналып, билікке Омейя әулеті келген кезде Сирия мен оның төңірегіндегі елді мекендерде аса ірі қамалдар тұрғызылып, көптеген мешіттер мен сарайлар салынды (мыс., Каср әл-Хаир әл-Ғарби, Уалид Кусейр-Амра, т.б.). Аббас әулеті билеген тұста Халиф Мансұр 762 ж. Бағдад қ-н салып, астананы сонда көшірді. Осыған байланысты Месопотамияда (Қосөзен аралығы) И. а. жедел өркендеді. 9 ғ-да Египет Бағдат халифатынан бөлініп шығып, билікке арғы тегі түркілерден тарайтын Тулун әулеті келді. Осы кезде аса ірі ибн Тулун мешіті салынды (879). Египеттегі билік Фатима әулетіне (969 – 1171) ауысқан тұста И. а. одан әрі өркендеп, ел астанасы Каир қ-на көшірілді. Кейінгі билеуші әулеттер – аби әулеті (1171 – 1250) мен мәмлүктер (1250 – 1517) тұсында да Мысыр И. а-ның негізгі орталығына айналып, аса ірі мешіттер мен сарайлар тұрғызылды (Самарра, Фустат, Султан Хасан мешіттері). Арабтар 711 ж. Пиреней түбегін жаулап алып, кейін Кордова халифаты құрылған кезде осы өлкеде де ғажайып И. а. ескерткіштері тұрғызылды. Атап айтқанда, Кордовадағы үлкен мешіт, Гранада әмірлерінің сарайы, т.б. 10 – 13 ғ-ларда ислам діні қанатын кеңге жайып, Орталық Азияға, Үндістанға, Кавказға тарала бастады. Ислам дінімен қатар, аталған елдерде И. а. да өркендеді. Мыс., 13 ғ-да Делиде салынған әйгілі Кутб-Минар мұнарасының биікт. 70 мге, табанының диам. 16 мге жетті. Бұл мұнараның өнбойы ою өрнекті 24 шығыңқы кернеумен безендірілген. Бұған қоса Делиде мешіт ауласында тұрғызылған Темір мұнарасы 30 м-лік алаңды бар. Ахмадабақтағы 1427 ж. салынған Джамми-Мадджид мешіті 70 алып, онда 260 бағана 15 күмбезді ұстап тұр. Ұлы моғолдар билігі тұсында Үндістанда атақты Тәж-Маһал (1630 – 52) салынды. Оның сырты әлемде теңдесі жоқ ою-өрнектермен, алтын-күміс мозаикалармен көмкерілген, жақтаулары құран мәтіндерімен нақышталған. 10 – 12 ғ-ларда Иран, Ауғанстан, Орта Азия мен Қазақстанда да көптеген И. а. ескерткіштері салынды. Атап айтқанда: Тараздағы Айша бибі, Үргеніштегі Фахриддин Рази, Мервтегі Сұлтан Санжар, Нахичеваньдағы Момине хатун, Исфаһандағы жұма мешіті, т.б. кесенелер. Бұл өлкелерде 14 – 15 ғ-ларда И. а. одан әрі өркендеп, Самарқанда Гөр Әмір, Шахи-зинда, Түркістанда Қожа Ахмет Иасауи кесенелері, Бакуде Ширваншахтар сарайы, т.б. салынды. 16 – 18 ғ-ларда салынған Бұхарадағы Мір-Араб, Қос медресе, Ляби-хауз, Самарқандағы Регистан, Аградағы Тәж-Маһал (Үндістан) кешендері, Стамбұлдағы Сулеймание және Андрианопольдегі Селиме (Түркия) мешіттері, Турфандағы Сулейман мұнарасы (Қытай), Нұхтағы Шекі хандарының сарайы; 19 – 20 ғ-лардағы ескерткіштер – Бұхара маңындағы Ситораи Мохи Хоса, Хиуадағы Шырғызы хан, Аллақұли хан, Мұхаммед Амин хан медреселері, Бат. Қазақстандағы Бекет ата, Шақпақ ата жер асты медреселері, Айтман, Ерғали, Тәжике және Омар-Тұр кесенелері И. а-ның озық үлгілеріне жатады.

КАПИТОЛИЯ МУЗЕЙІ – Рим қаласында орналасқан итальяндық ерекше көне өнер туындыларын сақталған кешенді мекеме. Музей Капитолия алаңында орналасқан, Микеланджело Буонаротти жобасымен салынған Палаццо нуово, Палаццо консерватория, Палаццо каффарелли деп аталатын ансамбльдік ғимараттарда орналасқан. Музей кешенінің тарихы папа Сикст ІV-ге 1471 жылы қала тұрғындары сыйға тартқан археологиялық коллекциядан басталады. Палаццо нуовода археологиялық заттар, Палаццо консерваторияда көркемсурет туындылары экспозицияланған, Палаццо каффарелли көрмелерді насихаттайды. Капитолия музейі антикалық туындыларға өте бай, мұнан ежелгі гректік, ежелгі римдік шеберлердің атақты «Спинарио», «Геркулес», «Өліп бара жатқан галл», «Капитолия қасқыры» жұмыстарын, антикалық философтар мен ақындардың бюсттарын көруге болады. «Капитолия Венерасы» атты антикалық мүсін әлемдік шедеврлер қатарында. Көркемсурет коллекциясы қатарында Тицианның «Христостың табынуы», Гвидо Ренидің «Әулие Себастьян», Гверчиноның «Петронилді өлтіру», Питер Пауль Рубенстің «Ромул және Рем» полотнолары қойылған. Капитолия алаңында орналасқан Санта-Мария-ин-Арачели шіркеуінің қабырғалары Бернардино Пинтуриккьо, Беноццо Гоццоли, Пьетро Каваллини фрескаларымен өрнектелген. Музейде 1880 жылы герцог Чини сыйға тартқан фарфорлар коллекциясы экспозицияланған.

Әдеб.: Словарь античности. М.: Прогресс, 1989.

КАПОДИМОНТЕ МУЗЕЙІ – Неапольда орналасқан. Фарнезе әулеті коллекциясы негізінде 1738 жылы архитектор Джованни Антонио Медрано жобасымен салынған король Обейх Сицилидің жаздық резиденциясында құрылған, көпшілік үшін 1787 жылы ашылған. Музейде Геркуланум және Помпей қаласында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан табылған заттар, 18 ғ. қолданбалы өнер туындылары, гобелендер, қола, алтын бұйымдар, қарулар, фарфорлар, Каподимонте фабрикасынан шыққан мойоликалар, көне тарихи бұйымдар экспозицияланған. Сондай-ақ Тицианның 9 полотносы, Симон Мартини, Микеланджело да Караваджо, испандық Хусеп Рибер жұмыстары құндылықтар қатарында.

КАРЛСРУЭДЕГІ КУНСКАЛЕ – 1846 жылы Баден графтарының коллекциясы негізінде құрылған ең көне өнер галереясының бірі. Ғимараты архитектор Генрих Хобша жобасымен салынған. Музейде 14-20 ғ. – лар аралығында салынған 800-ден астам туынды бар, олардың қатарында солтүстік қайта өркендеу (Ганс Балдунг Грин, Ганс Леонард Шейфелейн, т.б.), барокко дәуірінің фламан шеберлері (Якоб Иорданс, т.б.), неміс романтиктері (Юлиус Шнорр фон Карольсфельд, Фридрих Овербек, Мориц фон Швинд, т.б.) туындылары бар. Көп жылдар осы Кунскаленің директоры қызметін атқарған Ганс Томның, сондай-ақ 20 ғ. неміс өнері туындылары сақталған. Музей қорындағы мыс гравюралар саны 80000 данадан асады.

КАРРАР АКАДЕМИЯСЫ – Бергамо қаласында орналасқан. Каррар академиясы Италиядағы өнер туындыларының бай коллекциясын экспозициялап отырған ірі музейлердің бірі. Галерея 1793 жылы граф Джакомо Каррардың коллекциясы негізінде ашылған. 1810 жылы Симон Элидің жобасымен арнайы галерея үшін неоклассикалық үлгідегі ғимарат салынған. Музей жанынан арнайы бөлек ғимаратта ашылған өнер мектебі 1988 жылы Академия болып қайта құрылған. Музей қоры ашылған күннен бастап сатып алу мен сыйға тарту нәтижесінде толығып келеді. Қазіргі таңда музей қорында 1800 көркемсурет полотносы, мүсін, гравюра, сурет, жиһаз, қола бұйымдар, медальдар коллекциясы бар. Көркемсуреттердің негізгі дені 15-19 ғ. – ларға саятын итальян шеберлерінің туындылары, атап айтқанда, Лоренцо Лотто, Эваристо Баскенис, Джованни Морини, Каналетто, Антонио Пизанелло, Сандро Боттичелли, Андреа Матиньи, Рафаэль, Джованни Баттиста Тьеполо жұмыстары бар. 1991 жылы Каррар академиясына Қазіргі заман галереясы қосылған, ғимараты қарама-қарсы орналасқан. Бұл галерея экспозициясы 10 залдан тұрады, онда 20 ғ. – дағы итальян және шетел шеберлерінің жұмыстары қойылған, олардың қатарында Умберто Боччони, Джакомо Балла, Джорджо Моранди, Василий Кандинский, Джакомо Манцу жұмыстары бар.

КАСТЕЛЛО СФОРЧЕСКО – Миланда орналасқан. Кастелло Сфорческоның 15 ғ. – да арнайы тапсырыспен салдырған ғимаратында орналасқан бұл музейде өнер туындыларының бай коллекциясы сақталған. Музей экспозициясын жасауға Донатто Браманте, Микеланджело Буанарроти сияқты атақты суретшілер қатысқан. Бүгінде Кастелло Сфорческо 4 музейден тұрады. Д`арте Аттика, Музыка аспаптары, Археологиялық қазбалар табылымдары және Пинакотека. Монеталар, жиһаздар, қолданбалы өнер туындыларының мол қоры сақталған, көркемсурет шеберлерінен Андреа Мантеньи, Чезар да Сесто, Джованни Беллотто, Каналетто, т.б. жұмыстары экспозицияланған. Микеоланджелло Буанароттидің «Пьетта Ронданини» атты аяқталмаған мүсіні әлемдік құндылықтар қатарында.

КАТАЛОНИЯ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР МУЗЕЙІ – Барселона қаласында орналасқан. Каталония Ұлттық өнер музейінің негізі 1934 жылы қаланған, қаладағы мәдениет орталығы болып саналады. Музей қоры қала аристократтарының коллекциясы негізінде құрылған. Музейге 1990 жылы Қазіргі заман өнері музейі қосылған. Экспозицияда 15-18 ғ. – ларға саятын қайта өркендеу, жаңа заман дәуірі туындылары, Каталония, Испания, Фландрия тарихына қатысты айғақтар, 19-20 ғ. – лар өнерінің озық үлгілері қойылған. Фрескалар коллекциясының ерекше түрлері сақталған. Музейде көркемсурет, нумизматика, фотоқұжаттар, кітапхана бөлімдері жұмыс істейді.

Әдеб.: Александро Беттанью, Кристофер Браун, Франсиско Кальво Серральер, Франсис Хэскелл, Альфонсо Э., Перес Санчес. Прадо. М.: Слово, 2000.

КВЕРИНИ СТАМПАЛЬ ГАЛЕРЕЯСЫ – Венециядағы ерекше музейдің бірі. 1869 жылы Кверини Стампаль коллекциясы негізінде құрылған, Үлкен Канал өзенінің сол жақ жағасында орналасқан. 20 залдан тұратын музей экспозициясында 14-18 ғ. – дағы итальян шеберлерінің туындылары қойылған, солардың қатарында Пальма Веккьюдің «Қасиетті пікір алысу», Андре Скьявонның «Әулие Павелдің бейнесі», Лоренцо ди Кридидің «Мадоннаға табыну», Пальма Джованның «Автопортрет» және «Адам және Ева», Джованни Батистаның «Дж.Кверини портреті», Пьетро Лонгидің «Жазықтағы аңшылық», Бернардо Строццидің «Балалы Мадонна», Джованни Беллинидің «Храмға алып келу» атты туындылары бар. Сондай-ақ Рафаэль, Тициан, Якопо Тинторетто, Паоло Веронез, Джованни Беллини туындылары әлемдік құндылықтар қатарында.

КЕРУЕН САРАЙ – Азия құрлығында, Оңт. Еуропада, Қазақстан мен Кавказ елдерінде қалалар мен керуен жолдарының бойында ежелгі дәуір мен орта ғасырларда, ішінара жаңа дәуірде салынған аялдама, дамылдау орны. К. с. тұрғызу ерте заманнан белгілі. Үлкен керуен жолдарының бойында («Ұлы жібек жолы», т.б.) көптеп тұрғызылған. К. с-лар, әсіресе, 7 ғ. мен 19 ғ. – дың аралығында халықар. байланыс пен сауда-саттықтың дамуы әсерінен маңызды орын алды. К. с-дың екі түрі: төбесі жабық тұйық аулалы және төбесі ашығы бар. Жабық түрі Кавказда (Арменияда) жиі кездеседі. К. с-дың ортасында мал суаты, айналасында жолаушылар жайғасатын қонақ бөлмелер болған. Екінші түрінде көлікті ортадағы тұйық алаңға жайғастырып, бір кейде бірнеше қабатты шағын бөлмелерге жолаушылар орналасатын болған. Кейбір жерлерде К. с. кешенді түрде (дамылдау, қонақ үйі, мешіт, асхана, т.б.) салынған. К. с-лар көп жағдайда қамал-қорғандармен қоршалып, немесе рабаттар мен ханакаларға жалғастырыла салынған. Ірі К. с-лар Қазақстандағы ежелгі Отырар, Тараз, Түркістан, Сауран, т.б. қ-ларында болған. Сондай К. с-ға әрі қорған-сарайға Жамбыл қ. жанындағы Ақыртас ескерткішін (арх. Т.К. Бәсенов зерттеген) жатқызуға болады.

КЕСКІНДЕМЕ, живопись – бейнелеу өнерінің бір саласы, белгілі бір заттың бетіне (кенеп, ағаш, қағаз, т.б.) бояу арқылы салынатын көркем шығармалар атауы. К. заттың сыр-сипатын, нәрсе мен кеңістіктің қарым-қатынасын, сәуле мен көлеңкенің құлпырымын үндестіре бейнелейтін көркемдік және танымдық қуатымен ерекшеленеді. Ол көрерменнің сезіміне, ойына әсер ету арқылы эстет. ләззат береді. К. туындылары жеке бір тұлғаны, дара көріністі бейнелеп қана қоймай, күрделі сюжетке, оқиғаларға құрылған шытырман соқтығыстарды да бейнелеп, олардың мәнін ашады. К. – тақырып аясы кең, көп жанрлы (тұрмыс-салт көріністері, соғыс жанры, хайуанаттар тақырыбы, т.б.) өнер саласы. Арналуына, орындалу сипатына, бейнелеріне қарай К. бірнеше топқа бөлінеді. Олар: 1) монументті-сәндік К. (қабырға бетіне, үйдің ішкі төбесіне (плафондар), қабырғасына (панно) салынатын суреттер); 2) қондырғылы К. – суреттер, яғни картиналар; 3) сәндік суреттер (театр, кино көріністерін, ондағы киім үлгілерін әсемдейтін суреттер, икона салу, миниатюра, т. б.). Диорама, панорама да К. түрлеріне жатады. Суреттің өңін келтіретін бояулардың түрлері мен оны салу әдістеріне қарай да К. туындылары жіктеледі. Мыс., майлы бояулы К., фреска (кеппеген сылаққа сулы бояумен салынады), асекко (кепкен сылаққа сулы бояумен салынады), темпера, желімді бояумен, балауызбен, сырлы бояумен салынатын суреттер. К-нің керамикалық бояумен (тез балқитын әйнек-сырды күйдіріп жапсыратын), силикаттық бояумен (еритін әйнек) салынатын, т.б. түрлері бар. Мозаика мен витраж да К-мен ұштасып жатады. К. туындыларын жасауда акварель, гуашь, пастель, тушь та молынан қолданылады. Кескіндемелік шығармалар ұзыншалай жатығынан бейнелеу, көлем-кеңістігін келтіре бейнелеу болып шартты түрде екі топқа бөлінеді. К. шығармалары негізге (кенепке, ағашқа, қағазға, мұқабаға, тасқа, шыныға, әйнекке, металға, т.б. заттарға) салынады. Әдетте олардың беттері жақпа қабатпен сыланып, оның үстіне сырлы қабат түсіріледі. К-нің баурау, еліктіру мүмкіншілігі жұмсалатын бояуға, оны қолдану тәсілдеріне, пайдаланған құралына (қыл қалам, мастихин), бояу еріткіштеріне, сурет салынатын заттың беті қаншалық бұдырлы немесе тегістігіне, оның бояуды қаншалық сіңіретіндігіне, т.б. байланысты. Қатты заттың бетіне салынған сурет пен жұмсақ заттың, жылтыр немесе бұдырлы заттың бетіне салынған суреттер өздеріне лайықты бояу реңдерін тілейді. Суреттің салыну стиліне қарай, оны қоятын жақтаудың түрі мен формасы да сәйкестендіріледі. Картиналар, көбіне, төртбұрышты болады, ал кейде дөңгелек пішінге де келтіріледі.

К-нің ежелгі үлгілері палеолит дәуіріне (б.з.б. 40 – 8-мыңжылдық) саяды (мыс., Оңт. Франциядағы Фон-де-Гэм, Солт. Испаниядағы Альтамир үңгірлерінде жартастың бетіне салынған суреттер). Ежелгі дәуір К-сінде жерден шығатын сары, қызыл, қошқыл бояулармен қатар минералдық көк, жасыл бояулар да қолданылған. Ежелгі Шығыс елдері мен Америкада күрделі К. өнері (құлпытастарды, үйлерді өрнектеу) өркендеді. Көне дүние К-сі архитектура мен мүсінді өзара үндестіре қолданды. Бояу реңдері барған сайын ажарланып, мифол. сюжеттермен қатар тұрмыс-салт тақырыптары, тарихи оқиғалар, табиғат көркі бейнеленді, портрет, натюрморттар жасалды. Ғибадатханаларды, үйлерді, қабырғаларды, ұстындарды әшекейлеуге қолданылған монументті-сәндік К. (Помпей, Геркуланум, Пестум, Қазанлық қ-ларында, Қара т-дің солт. жағалауында сақталған) архит. кеңістігі мен формасы жағынан бірте-бірте өзгеріп отырған. Ежелгі дәуір фрескаларының беті жылтыр (мәрмәр ұнтағын араластырған) болып келеді. Ежелгі Грекияда қондырғылы К. (тақтаға кейде кенепке салынған) пайда болды.

Орта ғасырлардағы Бат. Еуропа, Византия, Русь, Кавказ, Балқан К-сінде рухани, асқақтыққа құрылған діни тақуалық тақырыптар көбірек кездеседі. Бұл дәуірдің К-сі белгілі бір тақырыптың (діни тақырыптар) төңірегінде болғанымен, онда ұлттық діл мен нақты тұрмыс көріністері де бейнеленді (мыс., Русьте Феофан Гректің, Андрей Рублевтің иконалары мен фрескаларында). Ол кезде К-нің негізгі түрі фреска (құрғақ, кейде ылғал сылақтың бұдырлы бетіне салынатын К.) болды. Иконалар мен миниатюралар салуда бейнелеу, құрастыру, бояу, т.б. әдістердің қатаң тәртібі сақталған. Қол өнеріне тән мұқияттылықпен жасалған иконалар, қабырға бетіндегі оймыш-әшекейлер, мозайкалар мен витраждар шіркеу сәулетінің біртұтас ансамблін құрады. Б.з. 1-мыңжылдығында Алдыңғы және Орт. Азия елдерінде (Үндістан, Қытай, Цейлон) монументтік К. дамыды. Месопотамия, Иран, Үндістан, Орт. Азия мен Әзербайжан, Түркияда сәндік миниатюра өнері өркендеді. Адам мен табиғаттың келбет, көріністерін соншалық нәзік те терең суреттейтін ашық реңді, қанық бояулы Қиыр Шығыс К-сі (Қытай, Корея, Жапония) дамыды.

Қайта өрлеу дәуірінде Бат. Еуропада өмірге жанасымды гуманистік өнер үрдістері қалыптасты. Болмысты шынайы бейнелеуге ден қойған К-нің маңызы артты. 14 ғ-да италиялық суретші Джоттоның К-лері Қайта өрлеу дәуіріндегі біраз өнер үлгілерінен асып түсті. Майлы бояумен салудың жетілген техникасын пайдалану Я. ван Эйктің (Нидерланды) К. табиғатындағы бар мүмкіншіліктерді аша түсуіне себепші болды. Әсіресе, фреска жанры дамыды, қондырғылы картиналар да сан-салалы тақырыптармен байыды. Дүниенің жарасымын сезіну, өмірдің жеке бір жарқын көріністерін бейнелеу, айрықша тұлғаларды даралау, рухани күштілікті әспеттеу, тән сұлулығымен қатар жан сұлулығын да асқақтата бейнелеу К-нің негізгі мақсатына айналды. Қайта өрлеу дәуірінің ең ірі суретшілері: Мазаччо, Боттичелли, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, Джорджони, Тициан, Паоло Веронезе, Якопо Тинторетто (Италияда), Я ван Эйк, П.Брейгель (Нидерландыда), А.Дюрер, Х.Хольбейн (кішісі; Германияда).

17 – 18 ғ-ларда Еуропада К-нің дамуы одан әрі жалғасты. Франция (Н.Пуссен, А.Ватто, Ж.Б. Шарден, Ж.Л. Давид), Италия (М.Караваджо, Дж. Б.Тьеополло), Испания (Эль Греко, Д.Веласкес, Ф.Сурбаран, Ф.Гойя). Фландрия (П.П. Рубенс, Я.Йорданс, А. ван Дейк), Голландия (Рембрандт, Я.Вермер), Англия (Г.Гейнсборо, У.Хогорт) пен Ресейде (Ф.С. Рокотов, Д.Г. Левицкий, В.Л. Боровиковский) К-нің ұлттық мектептері пайда болды. К-де жаңа идеялар көтерілді, нақтылы өмірді алуан түрлі қырымен, адамды қоршаған ортамен шынайы бейнелеу мақсаты көзделді. Психол. мәнде бейнелеу тереңдеді, жеке адам мен дүние қатысын көрсету дамыды. 17 ғ-да жанрлар жүйесі ұлғайып, қалыптаса түсті. 17 – 18 ғ-ларда монументтік-сәндік К. (әсіресе, барокко стилінде) өркендеді. Тақырып ауқымының кеңеюі, алдына қойған міндеттерінің артуы, дүниені сезінудегі әлеум. жіктелу – осының бәрі К-де жаңа бағыттар туғызды (барокко, классицизм, рококо, т.б.). 19 ғ-да Еуропа (Балқан елдерінде) мен Америкада К-нің жаңа ұлттық мектептері қалыптасты. Еуропа мен басқа елдер (Үндістан, Қытай, Жапония, т.б.) К-сінің байланысы ұлғайып, бір-бірінің дамуына әсері тиді. Түрлі ағымдар мен бағыттар арасындағы шығармашылық тартыс нәтижесінде жаңа стильдік жүйелер өмірге келді. Осы кезеңде академизм айрықша дамыды. К-нің нәзіктік ерекшелігін, сезімталдық дербестігін жоққа шығаратын натуралистік үрдіс те бой көтерді. Солармен шығармашылық тартыс барысында романтизм туды. Бұл бағыт өмірдің жарқын, жағымды жақтарын көбірек алып, көтере, асқақтата суреттеді. Оның көрнекті өкілдері: Т.Жерико, Э.Делакруа, Г.Курбе, Ж.Ф. Милле, О.Домье, К.Коро (Францияда); Дж.Констебл (Англияда); А.Менцель, В.Лейбль (Германияда), К.П. Брюллов, А.А. Иванов, А.Г. Венецианов, П.А. Федотов (Ресейде), т.б. Қоғамдағы әлеум. өзгерістерге өткір сыншылдық тұрғыдан келіп, бейнелеген суреткерлер В.Г. Перов, И.П. Крамской, И.В. Репин, В.И. Суриков, В.В. Верещагин, И.И. Левитанның, т.б. туындылары К-де жаңа бағыт туғызды.

Қоршаған дүниені табиғи қалпында, өзгеріп, түрленіп отыратын жанды күйінде айнытпай бейнелеуде 1870 жылдардың бас кезіндегі импрессионизм (К.Моне, О.Ренуар, К.Писсарро, А.Сислей, Э.Мане, Э.Дега, т.б.) ерекше табысқа жетті. 19 ғ-да Еуропада майлы бояумен салынған қондырғылы К. кең өріс алды. Майлы бояулы К-нің техникасы еркін, автордың даралық стиліне байланысты болды. Бояу палитрасы ұлғайды, бұрынғы қоңыр түсті жақпа қабаттың орнына ақ түсті жақпалар қолданылды. К-нің әр алуан түрлерін сән және қосалқы өнермен және архитектурамен үндестіру (негізінен, «модерн» өнерінде) көрініс тапты. Монументтік-сәндік К-нің тех. құралдары жаңарды. Силикаттық К. техникасы жасала бастады.

19 ғ-дың аяғында және 20 ғ-да дүние жүзі бойынша К. өнерінің дамуы зор қайшылықтарға тап болды. Реалистік және модернистік ағымдар күрес үстінде қатар өмір сүрді. Азия, Африка, Австралия, Лат. Америкасы елдерінде К-нің жаңа мектептері туды. Постимпрессионизм К-сінің өзінде-ақ (П.Сезанн, В. Ван Гог, П.Гоген, А.Тулуз-Лотерек), ішінара «модерн» К-сінде де 20 ғ-ға тән кейбір ағымдардың ерекшеліктері айқындала бастады.

20 ғ-дың бас кезінде көптеген модернистік ағымдардың (кубшылдық, футуризм, сюрреализм) туындыларында көрініп тұрған дүниенің оп-оңай аңғарылатын элементтері ретсіз сызықтармен суреттелді, кейде ойда жоқ абстракт формаларға айналады. Мұндай ағымдардың көбі бара-бара өзіндік бағытқа (қ. Абстракты өнер) айналды. 1960 жылдардың орта шенінен Бат. Еуропа мен Америка К-сі «топ-арттың» бір саласының бөлігін құрады. 20 ғ-да монументтік-сәндік К-нің рөлі артқанымен, қондырғылы К. бұрынғыша күрделі орында тұрды; К. техникасында жаңалық іздеу үрдісі күшейді. Балауыз бен темпераны пайдалану жиіледі. Монументтік К-де жаңа бояулар – Мексикада пироксилиндік, бұрынғы КСРО-да кремний-органик. бояулар табылды. Сонда да, майлы бояу басым қолданылды.

Қазақ халқының бейнелеу өнері, оның ішіндегі К. жанрының ежелгі ескерткіштері палеолит және неолит дәуіріне саяды. Олар үңгірлерге салынған бейнелер ретінде кезігеді (Қаратау, Хантау, Жасыбай, Зараутсай үңгірлері, т.б.). Сонымен қатар Таңбалы тас шатқалында (Жамбыл обл.), Бұғытас қорымында (Шығ. Қазақстан обл.) жануарлар, адам кескіні түрінде кезігеді. Зараутсай үңгірлеріндегі К-ден сол кездегі суретшілердің бірнеше түсті бояумен сүйкей жағу, ретті бояу әдістерін қатар қолдану арқылы жан-жануарлар мен адамның әрқилы пішінін бейнелегенін көруге болады. Сол сияқты қола дәуіріндегі тасқа оймыштап (шекіліп) қына және жосамен әрленген аңшылық, жаугершілік көріністер бар К-ні айтуға болады. Есік қазынасы (б.з.б. 5 – 3 ғ-лар), Шелек қорғанынан (б.з.б. 7 – 6 ғ-лар) қазылып алынған байырғы сақ, ғұн, үйсін өнеріне жататын мұралар айтылмыш кезде тұтыну заттарында (киіз үй сүйегі, үй жиїаздарындағы сырлы өрнектер) бояу қолданылғандығын айғақтады. К. өнері, әсіресе, орта ғасырларда қыш ыдыстарда, қару-жарақ, ат әбзелдерінде, күнделікті тұтыну заттарында (төсек, асаяқ, шкаф, т.б.) көптеп кездеседі. Осы кезеңдегі бірнеше К. шығармаларын айтуға болады. Олар: Тараз қ-нан табылған арыстан бейнесі бар табақ (10 – 12 ғ-лар) және Сарайшық қ-нан шыққан тоты құс бейнесі (11 – 15 ғ-лар). Тоты құстың түрлі түсті бояумен салынған кейпі, шиыршық атқан қозғалысы өте әдемі бейнеленген. Бұл сол кезеңдегі кескіндемешінің шеберлігін паш етеді. Сонымен қатар ірі сәулеттік кешен, кесенелерде (мыс., Қожа Ахмет Иасауи кесенесі, Айша Бибі кесенесі) ою-өрнектің пейзаждық үлгілері, жүкаяқ, кебеже, жағылан сияқты үй бұйымдарындағы сырлы әлеміш нұсқалары заманындағы халық өнері өкілдерінің асқан шебер болғанын көрсетеді. Халық арасында көптеген кескіндемеші шеберлер болған, бірақ солардың көбінің аты бізге беймәлім. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіби кескіндемеші – Ш.Уәлиханов. Оның акварель бояуымен салған портреттік, пейзаждық жұмыстары: «Сырымбет» (1850), «Сартайдың портреті» (1856), «Шақырым бағандары» (1950) нағыз шыншыл суреткер болғанын дәлелдейді. 19 ғ-да қазақ халқының өмірін өздерінің шығармаларына өзек еткен суретшілер: В.Штернберг («Түйе», «Киіз үй тұсындағы көрініс»), А.Горнович («Ақмешітті алу»), А.Чернышев («Қазақтардың көші», «Қонып жатқан қазақтар», т.б.) В.Верещагин қазақ табиғатын, қазақ халқын өте шеберлікпен жазып («Аңшы қырғыз (қазақ)», «Лепсі даласындағы таулар», т.б.) басқаларға таныта білді. 1847 – 57 ж. Т.Г. Шевченко қазақ даласында қуғында жүргенде жергілікті халықтың өміріне байланысты «Байғұстар», «Киіз үйде», «Мемлекет жұдырығы» деген суреттер салды. Қазақтың бейнелеу өнерінің негізін қалауда Н.Хлудовтың еңбегі зор болды. Ол 1877 ж. қазақ даласына келіп өмірінің ақырына дейін осында болып, қазақ халқы өмірінен көп суреттер салды. Оның алғашқы шәкірттері: Қазақстанның халық суретшісі Ә.Қастеев, белгілі кескіндемешісі С.Чуйков. Қазақ халқының кәсіби К. өнерінің тарихы 20 ғ-дың 20-жылдарынан басталады. Ол дамудың қиын жолдарынан өтті. Алғашқы қазақ К. мектебінің негізін салушы Қастеев өзінің шығармаларында кең дала сұлулығын, тарихи кезеңдерді, тұлғалы адамдар портретін (Абай, Шоқан, Амангелді, т.б.) жазып көрсете білді. Қастеевтен кейін қазақ К. өнерінің тарихы бір топ дарынды суретшілер Ә.Ысмайлов, ағайынды Қожахмет пен Құлахмет Қожықовтар, Б.Сәрсенбаев, О.Таңсықбаев есімдерімен толықты. 1960 – 70 ж. қазақ К. өнерінің даңқын шығарған суретшілер М.Кенбаев, Қ.Телжанов, Г.Ысмайлова, В.Антощенко-Оленев, К.Баранов, А.Ғалымбаева, Л.Леонтьев, Н.Нұрмұханбетов, С.Мәмбеев, Ү.Әжиев, С.Романов, Ж.Шәрденов, т.б. есімдері көпшілікке танылды. Олар қазақстандықтардың жеткен жетістіктерін, тіл жетпес табиғат сұлулығын паш етті. 1970 – 90 жылдары қазақ К-де жаңа леп, жаңа көзқарастағы суретшілер тобы (Е.Сидоркин, Ш.Сариев, С.Айтбаев, Б.Садыханов, К.Муллашов, А.Ақанаев, М.Аманжолов, Е.Төлепбаев, Б.Түлкиев, З.Түсіпова, т.б.). К. өнерін жаңа биікке көтерді. Осы кезеңде бұрын жабық тақырып болып келген 20 ғ-дың 30-жылдарындағы зұлмат кезең (Төлепбаев пен Түлкиев), атом полигоны зардаптары (Ақанаев пен Аманжолов) және Арал қасіреті (Ә.Төлебиев пен А.Рубашев) ашық жазылды. Өнердің жаңа ағымдарына бой ұру (мыс., Садыханов, Түлкиев, т.б.) байқалды. Төлепбаев бұрын қазақ суретшілері жетпеген дәрежеге көтеріліп, қазақ К-сін әлемге таныта білді.

Әдеб.: Веймарн Б.В., Современное изобразительное искусство Казахстана и республик Средней Азии, М., 1963; Всеобщая история искусств, 1 – 6, М., 1956 – 66; Виппер Б.Р., Статьи об искусстве, М., 1970; Живопись Казахской ССР. (Альбом, предисл. Н.Б. Нурмухаммедова), М., 1970; Нурмухаммедов Н.Б., Искусство Казахстана, М., 1970; Любимов Л., Батыс Европа өнері, А., 1982; Советтік Қазақстанның бейнелеу өнері, Альбом, А., 1990; Калугина Т. П. Художественный музей как феномен культуры. СПб.: Петрополис, 2001.

КИОТО ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ – Жапонияда 1897 жылы ашылған. Музей ғимаратын салу 1889 жылы Токио императорлық музейі (қазіргі Токио ұлттық музейі), Нара империторлық музейі (Нара ұлттық музейі) ғимараттарын салумен қатар жүрген. Музей жанында Бас көрме залы, Жаңа көрме залы жұмыс жасайды. Музей қорында 12000-нан асатын бірлік бар. Көптеген экспонаттар императорлық сарайлардан, көне ғибадатханалардан келіп түскен. Фотосуреттердің, өнер мен мәдениет құндылықтардың бай коллекциясы сақталған. 1969 жылы музей ғимараты мемлекеттің маңызды тарихи-мәдени нысаны ретінде танылған.

Әдеб.:www.kyohaku.go.jp – Киото. Ұлттық музейі.

КИТЦБЮЭЛЬ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ – Картиналар галереясы, Аспалы жолдар музейі, Тау ісі зауыты, Альпі бағы музейлер кешенін қамтитын, әрі бұл музейлерді туризм орталықтарында орналастырған, туризм коммуникациясын қоса дамытып отырған мекеме. Қала тұрғындарының тарихи дәуірлердегі мәдениетін, қолөнерін, ауылшаруашылығы құралдарын, киімдер тарихын, тұрмыстық бұйымдарды насихаттауға бағытталған. Картиналар галереясы Тау шаңғысы курортында орналасқан, экспозициядан атақты австриялық суретші-модернист Альфонс Вальде жұмыстарын тамашалауға болады. Аспалы жолдар музейі Китцбюэль қаласының тау-кен ісі мен тау шаңғысын дамыту жолындағы тарихын экспозициялайды. Тау ісі зауыты Китцбюэльдің құнды тарихи мұрасының бірі, зауыт 1447 жылдан 1926 жылға дейін жұмыс жасаған, Альпі тауының етегіндегі ірі кен өндіру орны болған, 1990 жылы музей ретінде қайта қалпына келтірілген. Альпі бағы – теңіз бетінен 1800 м. биіктікте орналасқан, ланшафттық дизайндағы Альпі тауында өсетін 120 гүлді қамтитын «тірі табиғат галереясы».

Әдеб.: Калугина Т.П. Художественный музей как феномен культуры. СПб., 2008.

КЛАССИКАЛЫҚ ӨНЕР, тар мағынада – ежелгі дәуір өнері, яғни Ежелгі Грекия мен Ежелгі Римде өркендеген мәдениет туындылары; кең мағынада – әр түрлі елдердің мәдени гүлдену кезеңдеріндегі мұралары. К. ө. туындылары ұзақ (мыңдаған жылдар бойы) уақыт бойы өз құндылығын сақтайды, басқа мәдениеттің туындап өркен жаюына үлкен ықпал етеді. Сонымен бірге К. ө. бүкіл адамзат өркениетінің асыл мұрағаты. Кейінгі дәуірлерде пайда болған көптеген өнер мұралары, ағымдары өздерінің тамырын осы К. ө-ден алады. Мыс., Ежелгі Мысыр (б.з.б. 7 – 3-мыңжылдық) К. ө-і кейінгі дәуірде (б.з.б. 1-мыңжылдық – б.з. 1 ғ.) Ежелгі Грекия, Ежелгі Рим К. ө-інің пайда болуына, Ежелгі шумер өнері Оңт. Батыс, Орта Азия елдерінің К. ө-інің қалыптасуына игі әсерін тигізді. Қазақ халқының К. ө-і өзінің тамырын көне шумер, сақ мәдениетінен алады (мыс., алтын, күміс, қоладан құйып жасалған домалақ мүсіндер, «аң бейнелі» стиль, т.б.).

КОЛЛЕКЦИЯ – тарихтың және мәдениеттің түрлі ескерткіштерін мақсатты түрде жинау үдерісінің нәтижесі, музейдің бір типтегі заттар жиынтығы. Жинауға қарағанда жиналған ғылыми жүйелі материалдарды айқындалған мақсатпен және оған қол жеткізумен сипатталады. К. объектілерінің санына барлық әлемдік тарих аралығында адаммен және табиғатпен жасалынған материалдық мәдениет бойынша (нумизматика, филателия және т.б.) тақырыбы бойынша (мысалы, екінші дүниежүзілік соғыс куәгерлері), мақсат қою бойынша (ғылыми, және т.б) кіреді.

К. кейбір ғалымдардың ойынша адамның негізгі рефлекстерінің бірі және адам қоғамының дамуының маңызды сипаты болып саналады. Қоршаған әлемді жүйелеу үдерісі ерте Шығыс, ерте Греция және Рим мемлекеттерінде айқындала бастады. Ал Ресейде 10-11 ғ. – ларда белгілі болды. Бұл ең алдымен шіркеулерде және монастырларда кітап және қолжазбаларды, сакральды және мемориалды ескерткіштерді түрлілігімен, қару-жарақтарды жинады. Ортағасырларда жинақтау қызметінің арқасында ұлы княздық және хандық қазыналарды қалыптастыру басталды. 16-17 ғ. – ларда өсімдіктердің К. – сын бақшаларда жинау өзінің бастауын алды. Жануарлар әлеміне деген қызығушылық жануарлардың және құстардың К. – сын жинауда да пайда болды.

К. – ның дамуы 18 ғ. – да Ресейде Еуропа мәдениетінің формасын меңгеруге бағыт алғанда басталды. Көптеген әмбебап және арнайы жеке және мемлекеттік К. – лардан (Петербург кунсткамерасы, Көркем академия музейі, Ғылым академиясының жиынтығы) ғылымның және мәдениеттің дамуындағы эстетикалық артықшылығы көрінеді. 18 ғ. – ларда К. – лау сәнді ойыннан, шындап кірісуге дейін жетіп, К. жинаушының ғылыми қызығушылығымен байланысты болды (Г.А. Демидов, Н.Б. Юсупов, Н.П. Румянцев). Мысалы, «Румянцев үйірмесі» сияқты, алғашқы К. жинаушылар ұйымы құрылды, ол К. жинауға қызығушыларды және кітап жинаушыларды біріктірді. 19 ғ. – дың басында К. – ның тақырыбы, әлеуметтік құрамы кеңейді: байлардан басқа бұл жолға саудагерлерде тартылды. 19 ғ. – да К. елдің мәдениеттік өмірінің белгілі факторы болды, көптеген К. – лар музейлердің негізін қалады. Университеттерде, гимназияларда К. жинау ісі оқыту, білім беру мақсатында қолданылды. К. жинау ғылыми бағыттағы музейлермен байланысты болды, бұл бағыттағы музейлер өз қорын толтыру мақсатында белсенді жұмыс атқарды. Мұнда, К. – лардың ғылыми объектілері жүйелі түрде жасалынды.

20 ғ. – ларда К. жинау белсенді түрде дамыды, оның түрі мен тематикасы кеңейді. Музей К. – ларының жаңа обектілерінің ішінде – артефактардың материалдық емес қорын қалыптастыру жасалынды. Жеке К. – ларды демократиялық және элитарлық бағыттар деп бөлді. Демократиялық К. – ға филателия, филократия, филумения жатады. Ең танымалысы кітап коллекциясы болып табылды. К. жинау талаптарын өнер, ғылым және мәдениет базалары қанағаттандырды, оның құрылымына аукциондар, салондар, антикварлы сауда қатарлары, арнайы баспалар кірді.

Археологиялық коллекциялар – археология құралдарын жүйелі жинау болып табылады. Археологиялық К. музейлерде немесе тарихи бағыттағы музейлердің құрамдық бөлігін құрудың негізі болып табылды. Археологиялық К. – ларды қалыптастыру кездейсоқ кездескен табылымнан және арнайы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табалған заттардан құралады. Археологиялық экспедициялар мен қазба жұмыстары арнайы рұқсатпен жүргізіледі. Музей ісінде археологиялық К. – ларды тек музей және жеке жинаушылардың құрамында ғана емес, қозғалмайтын археологиялық объектілердің және комплекстерді тарихи ландшафта сақтау мәселелері маңызды болып табылады.

Ресейде археологиялық К. жинау 18 ғ. – да пайда болды. Бұйрық бойынша 1718 жылы жерде немесе суда табылған «тот басқан және барлық ерекше заттар», «көне бұйымдар» сыйақы үшін тапсырылды. 1719 ж. Сібірге Д.Г. Мессершмид жетекшілік еткен алғашқы ғылыми экспедиция көне заттарды тауып және жинауға, қорғандарды қазуға жіберілді. І Петр Сібірдің көне бұйымдарына деген қызығушылығының арқасында археологиялық ескерткіштерді қорғау жайлы қаулы шығарды. Осы жылдары Ресейде алғашқы археологиялық К. І Петр Сібір жиынтығы қалыптасты.

1725 жылдан басталған Ғылым Академиясымен (Г.Ф.Миллер және И.Г. Гмелина, И.Г. Георгий және т.б) жүргізілген ғылыми экспедициялар археологияның мәлімет көздерін және материалдық базасын кеңейтті, экспедиция барысында құжаттық фиксация және ескерткіштерді тіркеу, сипаттау жүргізілді. Көне артефактілерге қызығушылық нәтижесінде Кунсткамера, Эрмитаж, т.б. ірі музейлер К. – лары қалыптасты.

Ресейде 19 ғ. – дың екінші жартысынан бастап қазба жұмыстарымен және археологиялық материалдарды жинақтаумен айналысқан И.Д. Черкаский, В.В. Докучаев, К.С. Мережковский, А.А. Иностранцев және т.б зерттеушілердің тақырыптық бағыттары кеңейе түсті (славяндық, шығыстық, алғашқы ескерткіштер). Археологиялық К. – лардың қалыптасуы 19 ғ. – дың екінші жартысында ғылыми зерттеу қоғамдарының құрылуымен жүзеге асты, соның ішінде алғашқысы, Ғылым академиясы, Петербургтағы археологиялық комиссия және Одессия қоғамы бар. Әр түрлі археологиялық табылымдар Орыс археологиялық қоғамына әкелініп, нәтижесінде музейлік археологиялық К. – лар қалыптасты (1840 ж.). Археологиялық ескерткіштерді жинау археологиялық съездердің өткізілу кезінде жүргізілген көрмелердің арқасында да дамыды. Ғылыми қоғамның және архивтік комиссия ғалымдардың қатысуы бойынша археологиялық ескерткіштер, К. – лық музейлер қатары пайда болды. Археологиялық К. – лар тарихи музейлердің маңызды бөліміне айналды.

19 ғ. – дың екінші жартысында археология ескерткіштері көптеген жеке К. – лардың маңызды құрамдық бөлімі болып табылды (И.К. Айвазовский, Д.Г. Бурылин, И.А. Шляков, В.Д. Поленова, Д.Я. Самоквасов және т.б.). Жеке археологиялық К. – лар қатары Тюменде, Тулада, Красноярскіде, Екатеринославта музейлердің құрылуына негіз болды.

Қазіргі кезде археологиялық К. – лар негізінен арнайы ғылыми зерттеулер нәтижесінде қалыптасады, камералық өңдеуден соң музейге келіп түседі, ғылыми атрибуциясы музейге дейін, не болмаса музейге келгеннен кейін де жасалады. Ең ірі және бағалы археологиялық К. – ларды Түркияда Стамбул Археологиялық музейінен, Қытайда Гугунь Патша сарайынан, Ресейде Эрмитаж, Мәскеудегі тарихи музейлер, Қазақстанда ҚРОММ, ҚР Ұлттық музейінен, өңірлік тарихи-өлкетану музейлер қорынан көруге болады. Жергілікті тарихи-өлкетану музейлеріндегі археологиялық К. – лар жергілікті тарихты сипаттайды. Ғылыми зерттеулер және археологиялық жаңалықтардың ашылуы, музейлер қорында жаңа археологиялық К. – лардың толығуын тездетті. Мысалы, Ресейде палеолит дәуірінің жиынтығы «Кижи» музей – қорықтары жасалынды.

Көркемсурет коллекциясы – сурет өнерінің (суреттер, графиктер, мүсіндер), сәндік-қолданбалы және халықтық өнердің құралдарын жинау. Барлық уақытта эстетикалық талаптарды қанағаттандыру үшін эстетикалық көзқарастарын және өнер ғылымдары жайлы эстетикалық дамуға қызмет етеді. Көркемсурет К. – сы түрі болып көне грекиялық Мусейондар музейінің шіркеулер К. – лары, Көне Рим шіркеулерінде және термаларының К. – лары болып саналады. Шіркеулердің, монастырдың, ортағасырлық Еуропаның патшалар қазынасының, әмбебап көне К. – лардың, Кунсткамералардың құрамдық бөлігі болып табылды. Көркемсурет туындыларын мақсатты түрде К. – лау Италиядағы Қайта өрлеу дәуірінен басталды. Бұл үдеріс Ресейде 18 ғ. – ларға тура келді, мұнда жаңа көркемдік көрмелер және бағалы көркемдік К. – лар ғимараттарда және жеке жайлардан басталды. Көркемдік К. – ларды қою үшін арнайы ғимараттар салынды. 19 ғ. – дың басында алғаш рет көркемдік К. – ларда жаңа замандағы орыс көркем суретшілерінің туындылары пайда болды. Осылайша жеке музейлер жанында Павел Свиньиннің «Русский музейум» және т.б. пайда болды. 19 ғ. – дың екінші жартысында жеке көркемдеу К. – ларының негізінде көркемдік музейлер құрылды: Третьяковская көрмесі, Цветковская көрмесі және т.б. Өзінің талғамына және сән үлгісіне мән беретін К. жинаушылар енді өнертану аумағын зерттей бастады. Көркемдік К. 19 ғ. – дың соңында мамандандырылды. Онда көркемдік өнердің жеке аумағы ретінде иконаларды жинақтау (И.С. Остроуховтың К. – лары), сәндік-қолданбалы өнер заттарынан (М.К. Тенишевотың, Г.А. Брокараның К. – лары) бөлініп шығады. 20 ғ. – ларда көркемдік К. жинаушылар мемлекеттік жинақтық қорды біртіндеп толтыратын жеке К. – ның маңызды бөлігі болып қаланды.

Этнографиялық коллекция – белгілі бір айқындалған этностың немесе этникалық топтың мәдениетін көрсететін заттарды жинауға жүйелендірілді. Тұрмыстық ортадан алынған заттар К. – лық жинақтау шегінде бола алады және музей экспонаты этномәдениеттік ақпараттарды сақтағанда ғана бола алады. Этнографикалық К. – лар этностардың материалдық мәдениетін (тұрмыстық, шаруашылық, өндірістік, діни) ғана емес, материалдық емес мәдениет мұраларын (дәстүрлер, сенімдер, фольклор) да көрсетеді. Этнографикалық К. – лардың артефактілері өзіндік сипаттармен қатар, олардың дайындалған ортасының мәдени сипаттамасына ие (мәдениетте, түрде, тұрмыстық жағдайындағы және т.б. функционалдық қолданыстарда). Ресейде этнографикалық К. – лардың қалыптасуы 18 ғ. – да басталды. Алғашқы этнографикалық К. – лар Петербург Кунсткамерасының құрамында пайда болды. 19 ғ. – да этнографикалық К. – лар музейлерде және жеке К. – лық жинау түрінде болды. 1848 жылы Петербургте Орыс Географиялық ұйымының Этнографикалық музейінің негізі қаланды, 1867 жылы Румянцев музейінің бөлімшесі ретінде Дашковский этнографиялық музейінің негізі қаланды. Көптеген этнографикалық К. – лар бұл аралықта Иркутскіде, Тифлисте, Минусинскіде, Тюменде, Владивостокта, Читада, Рязаньда, Архангельскіде және т.б. университет, ғылыми ұйымдарда және статистикалық комитеттердің музейлерінде қалыптасты. 1924-1948 жылдары Мәскеуде көпшілік музейі жұмыс істеді, онда Ресейдің көп халықтылығын сипаттайтын этнографиялық К. – ларының қайталанбас түрлерін көрсетті. 20 ғ. – дың екінші жартысында этнографиялық К. – лар жоғары мамандырылды, олар географиялық, этникалық, заттық принциппен ерекшеленді. Қазіргі кезде ең ірі этнографиялық К. – лар Петербургте Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейінде, Ресей этнографиялық музейінде, Сібір және Қиыр Шығыс және т.б. халықтардың тарихи және мәдени музейлерінде бар. Этнографиялық К. – лар тарихи, этнографиялық, сәндік-қолданбалы және халықтық өнер музейлеріндің құрамында қалыптасты.

Кітаптар коллекциясы - тарихи, библиографиялық, көркемдік маңызы бар қолжазбалар, көне баспалық және жаңа заман баспаларының кітаптар тратиттерінің жинақталуы болып табылады. Ерте заманда да К. – лар нысанының бірі – кітап болып табылатын. Александрия кітапханасы 3 ғ. б.з.д. Ассириядағы Ашшурбанипал сарайындағы клиножазбалар К. – сы – көне Египет және Алдыңғы Азия елдерінің сарайларындағы кітап қоймаларының болғаны белгілі. Ұзақ уақыт бойы кітаптар ақпарат көзі ретінде қарастырылды. Соңынан мәдениеттің құбылысы ретінде кітаптар: кітап баспасы және көркем өнер ретінде сақталуда. Орта ғасырларда көптеген кітап қоймалары Ресейде Ұлы Новград, Киевск София, Кирило Белозерском соборларында қалыптастырылды. 15 ғ. – да Еуропада және 17 ғ. – да Ресейде жеке кітап К. – лары қалыптаса бастады.

18 ғ. – да кітап К. – сын қалыптастыру мемлекеттік жұмысқа айналды, нәтижесінде Петербургтағы «Императорлық ғылым академиясының кітапханасы», «Мәскеу университетінің кітапханасы» сияқты үлкен кітап қоймалары пайда болды.

19 ғ. – да кітап К. – ларының бір бөлігі ірі мемлекеттік кітапханаларға түрленді, басқа бөлігі музейлық жинақтардың маңызды бөлігі болып табылды (Румянцев кітапханасы, Синодальная кітапханасы, Эрмитаж кітапханасы). Қазіргі кезде кітап К. – лары қайталанбас және раритетті баспалармен Музейлік жинақтардың маңызды бөлігі болып табылады. Еуропада 19 ғ. – дың екінші жартысында, ал 20 ғ. – да Ресейде пайда болған: Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасының музейі, Санкт Петербургтегі Рессей ұлттық кітапханасы, «Кітап» баспасының миниатюрлі кітаптар музейі және Мәскеудегі «Балалар әдебиеті» музейі, сондай-ақ жеке кітап К. – лары интенсиві дамып келеді.

Жаратылыстану саласы заттарын ғылыми жинақтау «табиғаттың объектілерін жинақтауды жүйелендіру» болып табылады, ол «ғылыми дәйектердің дәлдігінің, құжаттандырудың куәгері болып табылды». Табиғаттың тірі және өлі табиғатына арнайы өңделген және заңды бейнелері (жануарлардың бейнесі, анотомиялық преапараттар және т.б.) жатады. Ғылыми зерттеулерге, табиғи үдерістерге мониторинг жүргізу қолданылады.

Жаратылыстанулық ғылыми жинақтаудың құрамына мыналар кіреді: ботаникалық (бақтар, оранжереялар, дендрарилер, гербарилер), зоологиялық, антропологиялық, геологиялық, палеонтологиялық, медициналық. Жаратылыстанудың ғылыми жинақтарын құру жаратылыс ғылымдарының дамуымен тығыз байланысты. Антикалық уақытта қалыптасқан К. – лар зерттеулік мақсаттарда қолданылған. Жаратылысты ғылыми жинақтардың көптеген бөлігі «табиғаттың үш хандығы» сирек кездесетін – өсімдіктік, жануарлар, минералды, еуропалық кунсткамерамен 16-18 ғ. – ларда жиналған заттар, кең таралуға тағыда анатомиялық теарлар, ботаникалық бақтар, жануарлар ие болды. Ресейде 16 ғ. – да алғашқы жануарлар жиналды, 17 ғ. – да ботаникалық бақтар, 18 ғ. – да Петербург кунсткамерасы, яғни, әмбебап К. – лар, оған анатомиялық, зоологиялық, ботаникалық К. – лар кірді.

18 ғ. – дың ішінде алғашқы жеке жаратылысты ғылыми К. – лар пайда болды: А.С.Строганова, П.Г. және Н.А. Демидовтардың, Г.А. Демидов, А.К. Разумовсктың жеке ботаникалық бағы. 18 ғ. – да ғылыми К. – лардың музейларда бөлінуі басталды, ал 19 ғ. – да оларды жинақтау басталды (1830 жылы Петербург кунсткамерасының жинақтарынан зоологиялық, ботаникалық, геологиялық және т.б.). Табиғаттың түрлі сан алуандығында жүйелендірілген К. – лар қатары құрылды. Жаратылыстанулық ғылыми жинақтар жергілікті елдің және оқыту мекемелерінің музейларының белгілі бір бөлігі болып табылды.

Феноматериалдардың және фото құжаттардың коллекциялары – түрлі тарихи жағдайларды, ғылыми фактілерді, мәдениетті және өнерді көрсететін әр түрлі дыбыстық процестерді және визуалды бейнелердің айқындалған әдістердің К. – лық жүйелендірілуі болып табылды. Мұндай К. – лар 19 ғ. – дың соңына қарай техникалық қондырғылардың дамуымен қалыптаса бастады. Мысалы, жеке жинаушыларда, музей жинағында, дыбыстық және бейне қабылдағыштарды өндіруші фирмаларда болды. Ең алдымен оқиғалардың құжаттық куәгері ретінде бағалы болды, нәтижесінде «техниканың сынамасы» деген мәнге ие болды. Жеке К. – лардың араларында грамафонды пластиналар, ескі фотоапараттар, дагерротиптік К. – лар кеңінен таралды. Музейде бағалы заттар тек ақпарат тасымалдаушы ғана емес, кейін қолданылмайтын, бірақ олармен оқиғалар жасалынған заттар болып табылды. Ресейдегі ірі грамматикалық жазба студиясының К. – сы, музыкалық мәдениет музейі М.Н. Глинка атындағы, СПб музыкалық және театралдық өнер музейі, Санкт-Петербург кинофонофото құжаттар архиві, А.В. Щусев атындағы сәулет музейі, Красногорскіде кино-фото құжаттарының орталықтандырылған мұрағатының К. – лары болып табылды.

КОНТЕКСТ (лат., contextus – мәтін, байланыс) – лингвистикада жазбаша немесе ауызша мәтіннің мағыналық фрагменті болып табылатын бұл ұғым музей iсiнде жалпы мәдениеттi, ғылыми, коллекциялық, экспозициялық тетiктерiн түсiну үшiн немесе музей нысандарының құндылығы үшін қажет таным. Музей мәтінінің нақтылығы музей нысандарын түсіндіруде маңызды рөл атқарады. Мәтiн мен контекстінің қарым-қатынасы музей интерпретациясының негізі болып саналады.

КОНСЕРВАЦИЯ – өнер туындыларын, археологиялық жәдігерлер мен кітап және архив құжаттарын ұзақ мерзімде сақтау. Консервациялау температураны бірқалыпты ұстау, ауаның дымқылдығын, желдеткіш пен жарықты дұрыс пайдалану, шаң-тозаңнан, шыбын-шіркейден таза ұстауды қамтамасыз ету, т.б. шараларды қамтиды, оған әртүрлі сақтық жабулар мен заттың төзімділігін күшейтетін арнаулы қосындылармен қанықтырылған жапқыштар пайдаланылады. Қазақстанда Арыстан баб, Бабажы қатын күмбездері , т.б. ескерткіштер консервацияланды.

Ірі музейлерде тоқыма, мақта-мата бұйымдарды консервациялау, реставрациялау ісі арнайы бөлім ретінде жұмыс жасайды, мұндай бөлімдер маталардың құрлымын сараптамадан өткізу, сондай-ақ маталарға сараптама және консервация жұмысын қамтамассыз етеді. Қағаз, жібек және басқа да материалдармен жұмыс жүргізілген кезеңде сапаның жоғарылығы үлкен роль ойнайды. Мысалы, жібек мата, тоқыма әдістер, оюларды бейнелеудегі техника. Қағаздарға су тиген жағдайда олармен дұрыс айналысу қажет. Бүлінген қағаздар мен құжаттарды кептіру үшін жоғары және төмен температуралық кептіру әдістері зерттелінеді. Гугунь Патша сарайы музейінде Консервация бөлімінің іс-тәжірибесі музей ісінде танымал. Гугуннің Консервация бөлімі 1969 жылы қаланған болатын, бұл бөлімнің тарих, өнертану, жер туралы ғылым, физика, химиялық технология, зоология, ботаника, биохимия және информатика деген салаларға бөлінуі музейдің музей заттарының консервациясына ерекше назар аударатындығын көрсетеді.

Керамикалық, нефриттен жасалған бұйымдар және металдардан жасалған бұйымдарға қарағанда матадан жасалған бұйымдардың бұзылу қатерлігі жоғары болып саналады. Егер өнер туындысы бұзылып жатса онда оны алғашқы кейпіне келтіру қиынға соғады. Ғасырлар мен уақытты өткере отырып, барлық өнер туындылары ескіріп отырады, оған себепші адам немесе табиғат болуы мүмкін. Егер олар қауіпсіз атмосферада сақталмаса, бұзылу қаупі одан сайын артады. Бұйым адам сияқты, тек дұрыс сақталған жағдайда ғана оның ескіру процесі баяуланады. Алдын ала консервациялау идеясының негізі емнен қарағанда профилактика жүргізу тиімдірек. Климаттық факторларды бақылау арқасында ұзақ сақтау мерзіміне зиян келтіретін шығынды болдырмауға жол береді. Мысалы, ауа райының құрғақтығы жоғары, ыстық субтропикалық аймақта жәндіктер мен бактериялар көбейіп тез таралады. Осындай аймақта орналасқан музейлер заттарын алдын ала сақтандыру шараларын үнемі бақылауда ұстайды. Музей заттарын алдын ала сақтау жұмысының негізгі мәселесі музей ішіндегі шыбын шіркей және химиялық эксперементермен алмастыру, сондай-ақ формокологиялық емес төмен температуралық және оттегі әдістерді қолдана отырып музей жәдігерлерін сақтау болып табылады.

Өнер туындысын сақтауда қауіп тудыратын ол – жер сілкінісі, сонымен қатар көліктердің көптігі мен халық санының көптігі де қоршаған ортаның ластануына әкеледі. Музей ғимаратының көлік көп жүретін аймақта орналасуы не болмаса ғимарат маңына көліктің көп келуі галерея ішіндегі ауаны бұзады. Аталмыш факторларды еске ала отырып, музейлерде экологиялық жағдайды жақсарту шараларын ұйымдастыру керек. Бұндай мәселелерді шешуде келесідей іс-шаралар жасалады: температура мен ылғалдылықты бақылау; жарық түсуін бақылау; музейдегі ауаның ластануын бақылау.

Температура мен ылғалдылықты бақылау коллекциялардың сақтау мерзімін ұзартуға және жәдігерлердің ескірмеуіне жол береді. Галереялар мен қорларды сақтау бөлмелерінде температура мен ылғалдылықты бақылайтын арнайы қондырғылар орнатылады.

Өнер туындысы тұрақты және уақытша көрме кезінде жарықтың әсерінде болады, сондықтан олардың түстері оңа бастайды. Жарық әсерінен туындайтын зиянды азайту үшін, көрмені ұйымдастыру алдында, жарық деңгейі мұқият өлшеніп, жәдігерлер қауіпсіз қашықтықта орнатылады.

Музей, галерея, қорларды сақтау бөлмелерінде және оларға қарасты территория аймақтарында ауа сапасы өлшенеді, өйткені диоксид қышқылы, формальдегид, нитроксид және суттегі иондарының концентрациясының деңгейі сақтау стандарттарына сай келу керек. Музей кондиционерлерінде шаң мен зиян газдарды жойып отыратын сүзбелеу жүйесі іске қосылып тұрады.

Жер сілкінісіне қарсы шаралар. Жер сілкінісі жиі болып тұратын аймақтарда музей мұраларының музейлер мен сақтау қорларында орналасуы жиі талданып отырады. Экспонаттарды қабырғаға қадауда, витрина қабырғасына қоюда арнайы воск, леска қолданылады, ал ыдыстыр құламас үшін, сырғанамас үшін ыдыс түбіне салмақ түсіретін зат немесе құмға толы қап салады.


Конец ознакомительного фрагмента. Купить книгу
Музейлік электронды сөздік

Подняться наверх