Читать книгу Ел Шоңы. Бесінді. III кітап - Қанат Жойқынбектегі - Страница 4

Жүйрік ат дауы

Оглавление

Шоң елге келген соң Тоқаның барлық билер мен байларын шақырып алған еді. Көрші жатқан Алтайлардың бірнеше болыстарын шақырды. Бұлар ояздың өздерін ертпей, араларынан тек Шоңды ертіп әкеткеніне көре алмаушылық бар еді. Шонды артық санағанын көргендей болды. Олар Шоңның ояз алдында беделі зор екенін бұрыннан білетін. Мына сонау Алатауға ертіп кетуі соның айғағындай еді. Болыстар мен билер жиналған соң, Шоң Әйімкүлге жақсылап дастархан жасатқан еді. Колпаковский беріп жіберген алманы дастарханға төккізді. Сөз бастады, мынау генералдың сіздерге беріп жіберген сыйлығы деді. Бір болыс отырып айтқан:

– Осындай да сыйлық бола ма?

Оңтүстікте айтқан Қанжығалы болысының сөзін қайталап тұр еді.

– Сендер орыс келсе күміс ертоқымды жүйрік ат мінгізесіңдер. Ал олар сендерді далада өсіп тұрған алмамен сыйлайды. Бізге қалай қарайтынын осыдан-ақ біле беріңдер!

Осы арада Омар шыдай алмай, «Шоң, өзің де оязға талай жүйрік ат мінгіздің ғой» деді.

Шоң Омардың бұл арада әкесінің оязға берген аттарын айтып отырғанын білді. Мен берген жоқпын деп бас тартуға болмайды.

– Ол жағын есепке алсақ, бұл жөнінде сен баяғыда болыс болмай тұрып-ақ менен асып кеткенсің. Біз орыстан қорқамыз. Сондықтан солай жасаймыз. Өйтпесек, елдігімізді құртып жібереді. – Шоң содан кейін дастархан басында отырған бес казак-орысты көрсетті.

– Бұл орыстар осы отырған сіздерден жүз жүйрік ат алып кетпекші. Бұл патшанын нұскауы көрінеді. Дауласпайық, ренжіспейік, сол сұраған аттарын берейік. Оны жасамасаңдар күшпен алады, – деді Шоң.

Отырғандар үндемей қалды. Бәрінде де бір пікір көңілдерінде туындай қалған. Шоң мұны оязға, губернаторға жағымпазданып жасап отыр деп болжаған. Шоң бұлар айтпаса да біліп отыр еді. Елдің қандай көңіл-күйде отырғанын біліп, сезіп отырған. Содан кейін айтқан:

– Орыстар қазақтан сұрамайды, талап етеді. Ал бермесеңдер баяғыдай әскер шығарып, тартып алады ғой. Осында оны кейбіреулерің білесіңдер. Тартып алғаны дұрыс па, әлде өз қолыңмен берген дұрыс па? Соны ойлаңдар. Біз айқайлағанмен, түк жасай алмаймыз. Ал айтқанын жасасақ, қазаққа көзқарастары өзгереді. Заңдарын да жұмсарта береді. Біз үшін қайсы дұрыс, соны ойланып көріңіздер. Тартып алғаны дұрыс па, әлде өз еркімізбен бергеніміз жөн бе? Бәрібір алады, одан да өз қолымыздан берейік. Орыс бастықтардың тілін алмау бізге ешқандай пайда әкелмейді. Менімен бірге еріп барған болыстарға да осындай тапсырмалар берді. Сенбесеңдер мына көрші отырған Темештерден кісі жіберіп біліңдер, – деді. Сөзінің соңында: – Сіздер созып жібермей, осы жұманың ішінде мына орыс-казактарға әкеп тапсырыңдар. Нұра бойында отырған әрбір болыс қарауындағы Алтай, Қарпықтардың байлары жүйрік аттарын әкеп тапсыруы керек. Байлар тығып қалуды ойламасын. Мен қай байда қандай жүйрік барын білемін. Жүйрік болғанда, жүйріктің жүйрігін беріңіздер. Мен есептеп қойдым, болыстардағы әрбір байлар екеуден, үшеуден ғана келеді. Сарандық жасамаңдар. Оның арты жақсы болмайды. Соны естен шығармаңдар. – Шоң осымен сөзін аяқтаған еді.

Не болады, не болмайды деген жоқ, болыстар, билер үнсіз кеткен. Шоң олардың қандай көңіл-күйде кетіп бара жатқандарын біле қалды да, олардың үндемеуі Шоңға ұнамады, содан кейін айтқан:

– Мен сіздерге тағы да айтамын, бұл патшаның тапсырмасы. Бермесеңдер тартып алады. Ол жақсы емес, ең дұрыс жолы айқайласпай, дауласпай өз қолымыздан берейік, сонда жаманатты болмаймыз…

Омар болыс кетіп бала жатып айтқан:

– Сіз, Шоңке, қызық сөйлейсіз, ол аттар болыстардікі емес, байлардікі, оны сіз жақсы білесіз. Сонда солардан тартып әпереміз бе?

– Сені сол туысқандарың, билер болыс етіп сайлады. Оны ояз қолдады.

Айтқанды орындай алмасаң, неге болыс болып отырсың?

Шоңның мына «алмасаң несіне болыс болып отырсың» деген сөзінен кейін Омар да, басқа болыстар үндемей қалған. Бұл үндемеуде бір сыр бар екенің білді Шоң, бірақ әліптің артын күтіп, басқа сөз айтқан жоқ. Дегенмен, мұның арты үлкен дау болатынын іші сезіп отыр еді. Даудың бастамасы Омардың әлгі сөзі екенін сезді. Арада екі күн өткен соң Шоң Омарға адам жіберді, оған хатты қосып жазып жіберген еді. Онда жазған еді: «Омар, сен уақытында орындамасаң, екінші рет „тақыр Омар“ атанасың. Бұл орыннан шығарып тастайды. Ояз сенің қанша бергеніңе қарамай, осы тапсырманы орындамасаң түрмеге де отырасың. Оны басыңдағы шашыңдай көр!» Қанша дегенмен, «Бес береннің» ішіндегі ақылдысы да, мықтысы да осы Омар еді. Шоң сөзіне түсіне қалды да, туысқаны Сапақтың балаларынан бастап, бір күн өткенде аттарды әкеп берген. Алайда, көп болыстардағы байлар үнсіз жатыр еді. Енді бірге еріп келген казак-орыстар мазасыздана бастаған. Шоң оларға айтқан: «Сендер шыдаңдар, мен сендерге осында жүрерде айттым ғой, қазақтар жүйрік аттарын қасында жатқан әйелдерінен де жақсы көреді. Ойланып, толғанып алсын». – Келгелі олардың кұлақтарына осы сөзді Шон құйып отырған еді.

Орыс-казактар енді мына жайдың мәнін түсінген болуы керек, шыдады. Бірақ та Шоңнын өзі шыдай алмады. Әйімкүлдің төркін жұртына төрт күн өткен соң ат шаптырған еді. Олардын осы уақытқа дейін үндемей жатқанына ренжіп қалған. Губернатордың айтқаның орындамай, абыройымыз төгілейін деп отыр. Сол жағын ойлаңыз деген мәнмен хат жазған еді. Азна Шоңнын хатын оқып шығып, ағайындас үш болыстың басшыларына өзі барды. Жасы үлкен Азна Тәти бастаған үш болыстың, үш рудын билеріне жолығып айтқан еді: «Шоң Ақмоладан әскер шақыратынын айтып жіберіпті». Бұл Азнаның өзінше қулығы еді. Әлгі сөздің әсері мықты болды. Арада тағы екі күн өткенде Әйімкүлдің төркін жұрты мен оған ағайындас Кареке мен Мұраттар айтылған жылқыларын әкелген. Оны өзіне сөз келтірмеу үшін атасы ұйымдастырып отырғанын Шоң білді.

Орыс-казактар да ку екен, олардын шын жүйріктерін байқап көріп, нағыз жүйрігін алып, біразын кейін қайтарған. Шоң ат әкелген адамдарға реніш білдіріп, Азна атасына, Тәтиге, Байханға арнайы адам жіберген: «Берсе жүйріктерін берсін. Әйтпесе, бермей-ақ қойсын, босқа ұятқа қаламыз», – деген.

Шоң сәлемін естіп, Азна байларды қолға алған болуы керек, басқа жүйріктерін әкеп берген. Бірақ әлі де көп болыстар үн-түнсіз жатыр еді. Арада тағы бірнеше күн өтті. Енді келген казак-орыстар қайыра мазасыздық көрсете бастады. Шоң оларға тоқтау сөз айтқан:

– Сіздер шыдаңыздар, – дей келіп әуеліде айтқан сөзін қайталап айтқан, – мен сіздерге айттым ғой, киргиздар жүйрік аттарын әйелінен де жақсы көреді. – Шыдаңдар деп бірнеше рет қайталап айтқан. Шоңнын бұдан басқа айтар сөзі жоқ болатын. Казак-орыстар бұл сөзде шындық жатқанын түсінгендей, шыдап бақты. Бұлардың да қазақтардың аттарын әйелдерінен жақсы көретініне енді көздері біржола жете бастаған еді.

Бір күні казак-орыстың бастығы айтқан: «Бір-екі байды, билерді, болыстарды Ақмолаға айдап апарсақ қайтеді?» Олар да ат алуға басқа болыстарға кеткен казактармен хабарласып отырған еді. Олар қандай шара қолданып жатқандарын айтып келген. Ақмолаға апарып біразын екі-үш күн түрмеде ұстап еді, айтқандарын ойдағыдай орындағанын айтып келген. Басқа болыстарға барған казактар тиесілі аттарын осылай зорлап жинап алып жатқанын Шоң естіп отырған еді. Соны Шоң мақұлдаса, қолдарында қаруы бар бұлар қазір іске кірісетінін біліп отыр еді. Казактар Шоң аузынан тек бір сөз күтіп отырған.

– Оларың заңға қайшы болады, өз еркілеріңмен берсін деген жоқ па бастықтарың. Тартып алуға, күш көрсетуге болмайды, – деді Шоң.

– Ендеше мынау не, губернатор тапсырмасын орындамай отыр әлі?

– Орындайды, – деді Шоң. Оны жасаса бүкіл Тоқа руында реніш тудыратынын Шоң біліп отырған. Казактардың айтқанын көңілі қаламады.

Байларға айтқанын жасататын өзінің де бір әдісі болатын. Ол осы маңайдың ұрыларына пәленнің пәленше жүйрігін алып кел десе, оларға сездірмей-ақ алып келетінін біліп отырған. Бірақ Шоң оған да бармады. Ол туралы мына жерде айтпады. Сөзінің соңында айтқан:

– Сендердің күш көрсетулерің дұрыс емес. Ал губернатордың алдында мен өзім жауап беремін. Сендер тек шыдаңдар!

Орыс-казактардың бастығы мына сөзден кейін айтары таусылғандай, үндемей қалды. Бірақ олардың қатты ренжіп отырғанын білді Шоң.

Орыс мінезін жақсы білетін Шоң оларды көңілдендіру үшін Захар заемкасына Ахметжанды жіберіп, қолдан ашытқан арақ алғызып берді. Арақ ішіп алған орыс-казақтар жөн сөзге келіп, Шоңмен дұрыстап сөйлесе бастады.

– Шоң Телқозинович, не жасасаңыз да өзіңіз біліңіз. Біз күтуге дайынбыз, – деді төрт казактың бастығы, біраз арақ ішіп алған соң. Олардың ашуы басылды. Шоң Захардың арағын беріп осыны жасады да отырды.

Қазақ айтқандай, тамағы тоқ, көйлектері көк, жата берді олар да. Күнінде төрт-бес мезгіл тамағын Әйімкүлге дайындатып тұрды. Олар да Шоңнын мұндай қызметіне риза еді. Енді басы артық сөз айтпайтын болды. Жата берді.

Орыс-казактардың емес, енді Шоңның өзінің шыдамы бітті. Бұл жолы іргелес отырған Жыланды болысының билері мен болысы Қалмағанбетті шақырды. Бірде-бір жүйрік әкелмей жатқан осы Жыланды болысы еді. Бұл жолы да өткен жолғыдай қайыра дастархан жасалып, әңгіме басталды. Шоң бұл жолы да ешкімде де жекелеп тиіскен жоқ. Бәріне арнап сөйледі:

– Сіздер өткен сайлауда мына Қалмағанбетті жақтап сөйледіңдер. Өз алдына болыс болдыңдар. Мен енді сендермен бұдан былай сөйлеспеймін. Жүйріктер жайында келесі жолы ояздың алдына барып, өздерің жауап бересіңдер. Бұл менің сіздермен соңғы сөзім, әкелетін жүйріктеріңді әкелесіңдер ме, әлде әкелмейсіңдер ме, соны білгелі шақырдым. Бұдан кейін сендермен әңгіме бітеді. Келесі жолы анау ояз алдына барып айтасыңдар. Тағы да ескертетінім, бұл губернатордың тапсырмасы. Ояз сендерді аямайды. Менің бұл сөзіме сенбесеңдер, казір екі-үшеуің мына орыс-казактармен бірге Ақмолаға барасындар!

Мына сөз бәрінен бұрын Қалмағанбетке ауыр тиген болуы керек, ол отырып:

– Шоңке, мен бәріне айттым, бірі тілімді алмайды.

Шоң болыстың аузынан мына сөзді естіп ашуланып қалды да, билерге арнағандай етіп:

– Өткен екі сайлауда да осы Қалмағанбетті қолдадыңдар. Енді мыналарың не? Осындай қиын жағдайда неге қолдамайсыңдар. Қарауларыңдағы ана ағайын байларды шақырып алып айтпайсыңдар ма? Қалмағанбет жас. Ал сендердің ел алдында беделдерің бар, – деді.

Аққошқардың бір биі:

– Шоңке, байлардың кеуделі екенін білесіз. Солар Қалмағанбетті жас дей ме, кейде біздің тілімізді де алмай кетеді. Сөзімізді тыңдамай отыр.

– Олай болса қазір солардың есімдерін маған айтыңдар. Болыс пен билерге бағынбаған ол қандай байлар? Сіздердің тілдеріңізді алмаса Ақмолада алғызады. Сібірге айдатса, жан қымбат па, мал кымбат ба, сонда біледі.

Карбышев кетерінде орнына Ыбырайды емес, Герасимовты қойып кеткен. Онымен Риза арқылы хабарласып отыр еді. Ол өткен жолы айтыпты: «Шоң Телқозин, қай би, қай болыс тілін алмай отыр, маған хабарлассын. Мен мұнда әскер жіберіп, шақырып алып, өзім сөйлесемін».

Туыс адамдарға ондайды жасауды Шоң лайықсыз көрді. Олардың неден қорқатынын біліп алған. Сібір десе зәрелері ұшатынын білетін. Қай жерде болмасын қорқытуға келгенде осылай сөйлейтін. Әйтпесе, бастарына басқа сөз қонбайтынын Шоң біліп алған.

Әлгі сөз дәл нысанаға тигендей болды. «Олай болса, ояз алдында жауап бересіңдер». Бұл сөздің мәнін билер де түсініп отыр еді. Ұсталған байлардың туыстары өздеріне маза бермейтінін сезетін. Билер екі оттың арасында қалғандай қысылып отыр еді. Үй арасындағы жанжал күшейіп кететінін білді. Қалмағанбет сол арада өзінің пысықтығына салып:

– Пәленше, түгенше, сіз ана туысыңызға айтыңыз, жүйріктерін әкелсін деп неге айтпайсыз?

Бұл Қалмағанбет тарапынан шыққан ұтымды сөз еді, байларға да, билерге де тиіп жатқан сөз еді.

– Ал оны жасамасаңыздар, Шоңкеңнің айтқаны болады. Ақмолаға барып, ояз алдында жауап бересіздер. Мен бұдан кейін сіздерге сөз айтпаймын, – деп бітірді сөз аяғын ол.

Шоң Қалмағанбеттің ақылы шамалы болғанымен қулығы мол екенін білетін. Қазір сонысына салып отырғанын бірден түсінді. Билерге өздеріне жақын туысқандарын қолға алуды жүктеп, билерді ұстаудың бір жолы екенін болыс да түсіне қалғанға ұқсайды. Билердің біразы қартайған адамдар еді. Қалмағанбеттің айтқанын жасамаса ұятқа қалатынын кәрі билер түсініп отыр еді. Шоң отырып айтқан:

– Сен Қалмағанбет мына билерден бұрын асықпа! Ал сіздер жүйрікті бермеймін деген туыстарды осында алып келіңіздер. Мен әуелі олармен өзім сөйлесіп көрейін. Ал егер көнбесе, мына орыс-казактармен Ақмолаға айдайық. – Сөзінің күшін молайту үшін Шоң айтқан: – сіздердің тілдеріңізді алмайтын олар қандай туысқан адамдар? Олардан аттарды күшпен аламыз да, ал сіздер биліктен кетесіздер.

Мына сөздің әсері күшті болды да, билер қозғалақтап, орындарына отыра алмай кетті. Шоң олардың бұл күйін түсіне қалды да айтарын терендете, болысқа күш бергендей етіп айтқан:

– Әуеліде Қалмағанбетті өздерің сайладыңдар, енді оны неге қолдамайсыңдар. Билер қолдамаса, болыста қандай билік болады? Сен, Қалмағанбет, ұялма, бұдан былай қай би тілді алмайды маған келіп айт. Баяғы қазақ заманы емес, оязға айтамыз да, биліктен шығарып жібереміз.

Бір би отырып:

– Шоңке болыстың жұмысына араласпайық деп біз қойған едік…

Бұл сөзді қулықпен айтып отырғанын Шоң біле қалды да:

– Олай болмайды, мына жұмыс бидікі, анау болыстікі деп бөлуге болмайды. Бәріне де ортақ шаруа. Мен сіздерге өткен жолы да айтқанмын, бұл шаруаны тапсырып отырған анау губернатор екенін ескерткенмін. Қазір де айтып отырмын. Қалай сөзге түсінбейтін адамсыздар. Онда қандай күш бар екенін білесіңдер. Ерегіссе жүйріктерді ғана емес, өздерінді де айдап әкетеді. Анау надан туыстарыңызға дұрыстап айтасыздар ма? Кенесарыға көмектескендерге не жасағанын білдіңдер ғой. Одан зорғысын жасайды.

Отырған билер Кенесарыға көмектескен адамдарға не жасағанын жақсы білетін. Бұлардын арасында сонау Кенесары заманындағы жағдайды жақсы білетін билер де бар еді. Кәрі адамдар керемет, қорқақ болады екен. Олардың тіптен қорқып кеткенін Шоң да байқап отырған.

– Олай болса осыдан барысымен байлардың бәрін сен, Қалмағанбет, шақырып ал. Оның ішінде мына билер де болсын. Көп болып қолға алыңдар.

Осы арада болыста бір жігер пайда болып кеткен еді.

– Шоңкеңнің сөзін естіп отырсыздар ма? Егер өткен жолғыдай болса ана туыстарыңмен бірге ояз алдына өздеріңіз барасызар.

– Қалмағанбет, сенің айтып отырғаның не? Анықтап айтсайшы.

Содан кейін Қалмағанбет өткен жолы байларды үйіне шақырып алып айтқанда осы отырған билердің кейбіреулерінің келмей қалғанын, ал келгендері үндемей кеткенін ашық жайып салды. Бұл арада Калмағанбеттің салмақты билерге салып отырғанын білді Шоң. Содан кейін ол:

– Олай болса сол билердің атын аташы, – деді.

Қазір Калмағанбет өзінің де атын атап қояды деп қорқып кетті де, бір би орнынан тұрып айтқан:

– Шоңке, үй ішіндегі әңгімені қайтесіз. Оны естімей-ақ қойыңыз!

– Мен оны естігім келіп отырған жоқ. Ешкім де сіздерге кезінде Қалмағанбетті сайландар деп айтқан жоқ. Өздерің сайладыңдар. Енді келіп мына жасап отырғандарың не? – Шоң отырып тағы да айтқан, – Қалмағанбет, турасын айтшы. Келмей қалған кімдер?

Енді алғашқыдай емес, Қалмағанбет де, қысылып, қымтырылған жоқ. Шоң айт деп талап етіп отыр, бұл арада жасырудың жөні жоқ екенін білді де, сол арада бірнеше билердің атып атап шыққан.

Шоң отырып сол билердің біреуінен сұрады:

– Бәленше, сіз неге келмедіңіз?

– Бұл өтірік айтып отыр. Маған ешқандай хабар берген жоқ.

– Мен, міне, Шоңкеннің алдында айтып отырмын. Ертеңгі күні ана туысқандардың біреуі айтқан жылқыларын әкелмесе Шоңкең алдында өздеріңіз жауап бересіңіздер! Ар жағын Шоңкеңнің өзі біледі.

Мына Калмағанбет сөзінің ар жағында қандай мән жатқанын Шоң біле қалды. «Сендерді ояз алдына апарып, биліктен шығарады» деген сияқты мән жатқанын болыс ашық айтпаса да түсініп отыр еді олар. Тағы да Шоң өзі сөйлеп кетті, бұл жолы Калмағанбетке арнап сөйледі.

– Сені елдің атынан осы билер сайлап отыр. Сондықтан байлар да, билер де сенің айтқаныңды жасауы керек. Оны жасата алмасаң, ояз алдында мен емес, бұлармен бірге барып жауап бересің.

Шоңнын мына сөзінде қандай мағына жатқанын болыс та, билер де түсіне қалды. Басқа басы артық сөздің қажеті жоқ екенін түсінді. Тоқтап, тоқырап қалғандай болды. Бұл әңгіменің әсері күші болған тәрізді. Арада екі-үш күн өткенде Қалмағанбет болысында тұратын байлар жүйріктерін әкеле бастады.

Шоңның Калмағанбет болыспен бірге билерді де шақырып алып сөйлескені туралы басқа рулардың да билерінің құлағына жеткен еді. Әңгіменің неден басталып, қалай аяқталғанын біліп отырған олар да. Шоң өздеріне де соны жасайтынын білді. Көңілі жақын билер, үйлеріндегі анау бес орысты қосып, солармен Ақмолаға жіберетін ойы бар екенін айтқан біріне бірі. Бұл қоспа сөздін әсері күшті болды. Олар өздеріне жақын байларды шақырып алып, Шоңның жасап жатқан шаруасын жеткізген. Дегенмен, қанша би болса да олардың сөздерін тыңдамайтын байлардың арасында кисықтары бар еді. Солар аталған жылқыларын әкелмей жатқан әлі де. Бірақ та бәріне Калмағанбет руларының билеріне колданған әдісті колдана беруге болмайды. Бір болыста бидің туысқаны әкеп, бірі әкелмей отырған еді. Ондай байлардың туысқандарына би болып отырған билермен Шоң өзі шақырып алып сөйлескен еді.

– Пәленше, сенің ана туысқаның сенімен үш атадан қосылады. Сенің сөзіңді ол тыңдайды. Сен неге айтпайсың? – деген сөзден бастап біраз қатты-қатты сөздерді айтып жіберген. – Болмаса, түрмеге оның орнына өзің барып отыр, болмаса ана бай туысқаныңды жібер! – Бұл ауыр сөз еді. Ондай сөзді кейбір айрықша намыской билерге сенің анау түгеншеден билігің кем бе деп, біраз қайрау үшін айтатын. Ал анау би қайда болмасын одан қалысқысы келмейтін. Ол келіп туысқандарын қорқытып, мен сені Ақмолаға апарып түрмеге жабамын деген. Ақыры, аулында жанжал болып амалы таусылған бай жүйрігін алып келген.

Қазақтардың қулығына түсініп алған орыс-казактар әр атты шауып көріп, жүйріктерін ғана алып жатты.

Енді қазақтардың жағдайын біліп алған казак-орыстар қулыққа көшті. Жүйрік аттардың орнына ортан қол аттарды алып келсе, оның үстіне ақша алған еді. Шоң мұны сезіп қалған, арты жақсы болмайтынын білген. Ертеңгі күні бұл жағдай генерал Колпаковскийдін құлағына тисе, ол губернаторға жеткізіп, оның арты үлкен жанжал болатынын сезді. Оны осында өзімен бірге еріп келген казактардың өздері, біріне бірі ерегісіп жеткізетінін де сезіп отыр еді. Шоң оңаша отырғанда өздері келіп айтатын, анау Михаил, жүйрік емес, бір атты алды, ақысына үстіне ақша алды дейтін. Мынаның үлесі кетіп бара жатқан соң осылай деп отырғанын Шоң түсінген еді. Казак-орыстардың мінезін білетін, біреу артық бірдеңе алып қалса, екіншісі жоғарыда отырған бастықтарына жеткізетін мінездері бар екенін баяғыдан біліп жүрген. Және олардың айтқаны ақтан тиетін. Казактардың жіберген арызына ояздан бастап губернаторға дейін екі етпей орындайтын. Егер соны жасаса, анау Колпаковскийдің алдымен өзін кінәлайтынын Шоң білді. Содан кейін өз болысына келген орыс-казактардың төрт көзі түгел отырғанда айтқан:

– Сендер мына қылықтарыңмен генерал алдында масқара боласыңдар!

– Біз таңдап алған жылқыда ол кісінің не шаруасы бар?

– Сендер апарған жылқыларды басқа казактарға береді. Олар әкелген аттарыңның нашар екенін генералға жеткізеді. Мұның арты үлкен дау болатынын түсініңіздер! Сендер бұл қылықтарыңды қоймасаңдар, жоғары жаққа өзім жеткіземін.

Мына сөз қатты әсер еткен тәрізді. Енді жүйрік деп әкелген бірнеше аттарды қайтарып жіберді. Дегенмен, казактарға мол беріп, ақшаны кейбір байлар нашар аттарын өткізгісі келетін. Шоң оны біліп алған. Мұның арты бір қиын шаруаға апаратынын Шоңның іші сезетін. Казактарға ескертуін тыңдамаған соң сөзі таусылғандай болып жүрген. Ендігі әкелген жылқыларды өз адамдарына шаптырып көретін. Оларға айтып қойған, егер жүйрік емес атты жүйрік десеңдер, зан алдында жауап бересіңдер дейтін. Шоңның заңды аузына алса жайдан жай сөйлемейтінін, занды жақсы білетінін жерлестері де білген. Сондықтан Шоңның айтқанын екі етпей орындап жүрді.

Шоң мұнымен шаруаны аяқтап қойған жоқ, бара жатқанда казак-орыстардың өздерінен алған жылқыны біреулерге сатып, болмаса айырбастап апарғанын білетін. Казактардың ондай жылпостығын түсініп алған Шоң. Содан кейін казактардың қабылдап алған жылқыларының әрқайсысының түсін, неше жаста екенін қағаз бетіне түсіріп еді. Содан кейін казактарға айтқан, осы қағазды пошта арқылы генерал атына өзім жібертемін деді.

– Егер мұны ана жақтағы казактар білсе, генерал құлағына жетсе, сендермен қалай сөйлесетінін өздерің де білесіңдер, – Шоңның мұнысы өзінің де, билердің де беделін орыстар алдында сақтау болатын. Сондықтан осылай жасап отырған. Ол жалпы қазақ билеріне беделінің әсер ететінін сезген. Шоң билердің орыстар алдында беделінің төмендегенін көңілі қаламайтын. Сонау ерте заманнан келе жатқан бір елдіктің белгісі, орыстар келгелі қалғаны осы би ғана болатын. Қазақ арасында қазақ билігін сақтап қалу үшін орыс алдында олардың абыройын жоғалтпау керек екенін Шоң жақсы түсінетін. Сондықтан би билігіне сөз келтірмеуге тырысатын. Осыдан кейін-ақ байлар өз жүйріктерін әкеп жатты. Түс кезі болатын. Жабағылар ауылынан Түсіп бидің, қасында Алдаберген дейтін бай бар, екі ат алып келіпті. Олар келгенде Шоң сыртта жүрген. Бірінен бірі аумайтын екі көк ат екен. Шоң аттарды көріп, Алдабергеннен сұрады:

– Қоңырқара тұқымы қайда?

– Шоңке, олар баяғыда біткен ғой.

– Сен Алдаберген өтірік айтпа! Былтыр ғана мына Қаражастардың тойына салып, бірінші орын алып едің ғой.

Ол жылап жіберді.

– Ол атымды алғанша үйдегі балаларды алсын да!..

– Алдаберген, генарал-губернатордың бұйрығына қарсы келе алмаймыз. Қажет болса балаларды да алады. Жүйрік кетсе оның орнына жүйрік туады. Ертеңгі күні өзіңді Сібірге айдап жіберсе, онда не болады?! Сен қасарыспай, Қонырқараның тұқымынан да алып кел…

Алдаберген сөз таусылғандай болып кеткен. Шоң қасында тұрып қалған Түсіпті қолға алған.

– Сені Жабағылардың тәуірі деп ел би сайлап отыр. Алдабергеннің әлгіндей жасауына неге жол бересің?

– Шоңке, оның орыс-казактар осындай жылқыларды алып жатыр дегеніне сеніп қалып едік. Кешірім сұраймын, – деді.

– Әкең Қожамжар дұрыс адам еді. Сен кімге тартып осындай болғансың? – Түсіпті біраз жерге апарып қатты ұрысқан.

Осылайша жүйріктер мәселесі біртіндеп шешіліп жатты.

Шоңға мінез көрсетіп жатқанның бірі Елгелділер болатын. Бұлардың арасындағы Ерназармен, Жанкелді тұқымдарымен алакөздік, араздық сонау Корысбай асынан басталған еді. Кейін Шоң Ақмоладан бір жылдық оқу бітіріп келгендегі ат жарысындағы жанжал. Телқозының Елгелділер туралы айтып жүрген сөздері. Оған Жойқынбектің өлімі қосылды. Содан бұл екі ауыл біржола араздасып кеткен еді. Бұрынғыдай жөнге салып отыратын Таубай жоқ. Туыстықтан да кете бастаған. Соңғы жылдары біріне бірі қатынаспайтын болған. Шоң да бұрынғыдай емес, «Балықтыкөлге» қаршыға салып барып жүргенде оларға соқпайтын. Бұл да Елгелділердің сырттан айтқан сөздеріне ренішті еді. Шоң жүйрік ат сұрап, Елгелділерді әуре етпей-ақ қоямын деп отырған еді. Бірақ сыртта көз көп. Ертеңгі күні Шоң ана Сатыпалдының бір баласы Елгелділерден жүйрік ат алмады дейді. Соны ойлаған ол қазіргі Елгелдінің үлкені Ақсарыны екі рет шақыртқан. Ол келмеді. Сол екі ортада әкесі ме, әлде басқа біреулер ме, мына көрші жатқан Елгелділерде жүйрік ат барын жеткізіпті орыс-казак бастығына. Мұның арты ертеңгі күні ұмытылмайтын бір әңгімеге айналып кететінін біліп, Шоң ертеңіне орыс-казактардың екеуін ертіп алып Балықтыкөлге тартты. Тура Айсарының үйіне келген. Бұл кезде ол қайтыс болған. Ол өлгенде Елгелділер Шоңға оның қайтыс болғаны туралы хабар бермеген. Шоң кейін Елгелділер хабарламағанына қатты ренжіп жүретін. Олар үшін аруаққа ренжуге болмайды. Сондықтан бірінші Айсарының үйіне келді. Үйден оның баласы Құтпан шықты. Шоң оны бұрын көрмеген еді.

– Сен кімнің баласысың? – деді Шоң.

– Мен Айсарының баласымын.

Шоң оған түк айтқан жоқ, атының тізгінін берді де ішке кіріп кетті. Үйде Айсарының екінші әйелі отыр екен. Кедейліктен бе, Елгелділер екі әйел алмайтын. Олардың арасында екі әйел алған Таубайдан кейін осы баласы ғана еді. Шоң онымен амандаспастан, отыра қалып құран оқи бастады. Шоңның ешқандай амандық жоқ, бірден құран оқи бастағанына түсінбей отыр ол. Шоң құранды оқып бітіре бергенде үйге Ақсары кірді. Таубай түқымымының казіргі үлкені Ақсары еді. Бұл жас жағынан Шоңнан үлкен болатын. Шоңның бір әдеті, үйде отырғанда қандай үлкен адам болмасын, бірінші орнынан тұрып сәлем бермейтін. Көптен бері есіктерін ашпай жүрген Шоңның мына келісіне таң қалып қалған ол да. Оның үстіне жасын сыйламай, сәлем бермей отыр. Ол Шоңның өзінен сөз күтіп отыра берді.

Шоң Ақсарыға ызалы еді. Ағасының өлгенін хабарлап, шақырмағанына ренішті еді. Өткен жолы жүйріктер туралы шақырғанда келмеді. Шоң оны көп күттірген жоқ, сәлден соң сөз бастаған:

– Сен, Ақсары, мен шақырғанда неге келмейсің? – Даусы қатты шықты.

– Мен сенің аулына неге барамын? – Бұл да қырсық жауап еді.

Шоң қасында отырған екі орысты көрсетті.

– Мен шақырып отырғам жоқ, мына екі орыс шақырған сені.

– Менің орыстарда ешқандай шаруам жоқ. Олардың менде не ақысы бар?

– Ақсары, есіңде болсын, сен де, мен де осы орыстарға тәуелдіміз. Сондықтан олардың айтқанын жасау біздің міндетіміз. Бұлар Кербестінің тұқымынан екі жылқы сұрап отыр. Соны бересің.

– Мен бұл орыстарға ешқандай жылқы бермеймін. Күш көрсетіп тартып әкететін болсаң, өзің білесің. Мен өз қолымнан жылқы бермеймін!

Шоңның сол арада айтатын сөзі болмай қалды. Бұл үйге бұл шаруамен келмеу керек еді деп ойлады. Мұнысы ағасы Айсары өліміне келмегеніне қазақи өкпесі екенін білді. Шоңның әлі де айтар сөзі көп еді. Бірақ айтпады. Әңгіменің ұзаққа созылып кететінін біліп:

– Менің сенімен қазір дауласатын уақытым жоқ. Менімен дауласқыларың келсе, кейін арнайы келемін, – деді де, Шоң орынан тұрып кетті.

Сол бойы Шоң кайтып кеткен. Артынан еріп келген екі орыс та шықты. Шоң кермеде байлаулы тұрған атына мініп жүріп кетті. Былай шыққан соң түкке түсінбеген орыс-казактардың бастығы сөз бастады:

– Ана кісі жүйрік аттарын бермей отыр ма?

Қазір бермейді десе күш көрсететінін сезіп, мұның арты төбелеске айналып кететінін сезіп Шоң:

– Оларда жүйрік ат жоқ көрінеді.

Шоң ауылына келген еді. Телқозы Шоңның кұр қол келгенінен қорқып, Елгелділер дау шығарып жүйрік ат бермегенін сезді. Бірақ ләм деген жоқ.

Көрші болыстардан жүйріктерін әкеліп жатты. Тіленнің бір байы да бір жүйрігін әкелмей қойды. Өзін шақыртып еді, ауырып жатырмын дегенді айтып, өзі де келмеді. Ақыры, Әлсенді жіберген, оған айтқан: «егер ана туысқаның айтқан жүйрікті әкелмесе тиісті жазасын оған да, саған да қолданамын» деген. Әлсен бұл сөзді сол қалпында жеткізген еді. Мына сөзді естігенде бай қорқып кетті. Шоңның ойдағы жоқ жазаны колдана білетінін сезетін еді. Өзі сайлатқан би, мына Әлсенге де бірнеше күн Түсіптің жылқысын бақылатып қойғанын, ақыры екі жүйрігін Алдаберген алып келгенін естіген.

Шоң Елгелділерге Әлсенді жіберуді бір ойлады. Оның әкелетініне сенімді еді. Шоңның өзінен көріп, екі ру арасынданы дауды өршітіп алатынын біліп, содан кейін жібермеген.

Жүйріктердің негізі жиналып калған. Казак-орыстар ертең қайтамыз деп отырған. Шоң Телқозыға айтқан:

– Мыналарға беретін жүйрік аттарды әкел, – деген.

– Бұлар менен жүйрік ат алмайды. Онда шаруаң болмасын. Бұл орыстармен келіскенмін…

Шоң жақсы сезіп, біліп тұр еді. Егер өзі бермесе арты үлкен дауға айналатын.

– Телқозы, есіңде болсын, басқаларға үлгі көрсетіп, алдымен менің беруім керек…

– Сен ылғи басқаларға шамаң келмесе де, маған күш көрсетесің де отырасың. Ана Елгелділерден болыстығыңды көрсетіп, неге алмадың? Сені қалай түсінуге болады? – Телқозы ашумен біраз жерге барған. Шоң шыдай алмай:

– Телқозы, бос сөзды қой! Елгелділерде шаруаң болмасын. Олар кейін жауабын береді. Екі ру арасындағы жанжалды одан әрі ушықтырғың келіп отыр ма? Одан да мына орыстарға жүйрік аттарды бер. Ертең сөз болмасын десең, айналаңда неше түрлі адамдар отыр. Ертең оязға жеткізеді. Екі-үш жылқы үшін мен ұятты болып қалмайын.

Телқозы бұдан кейін ештеңе демей шығып бара жатыр еді, оны Шоң тоқтатып:

– Телқозы, айтып отырмын ғой, мына орыстарға беретін жылқыларды алып кел. Екі жүйрік емес, төртеуін әкел. Екеуі ана Кербестінің тұқымынан болсын!

Телқозы Шоңның не ойлап тұрғанын біле қалды. Шоңның мұндайдағы ойы Елгелділерден алмаған екі жүйріктің орнын өз жылқысымен жабу болатынын сезді. Шоңның мына сөзіне Телқозы қатты ашуланды.

– Сен сөзге түсінбейтін қандай адамсың?! Мен бұл орыстармен келістім деп айтып тұрмын ғой. Бұлар айтқан, сізден жылқы алмаймыз деген. Сен бос сөзді қой. Екі жылқы беремін. Сол жетеді!

Қасында отырған казак даудың жылқыға байланысты болып жатқанын сезе қалды да:

– Шоң Телқозинович, сіздің бізге сіңірген еңбегіңіз үшін біз жылқыңызды алмаймыз, – деді.

– Олай болса, елден жинаған аттарыңның бәрін қайтып беріңдер!

Шоңның мына түсініксіз сөзіне казак таң калды.

– Сонда Колпаковский алдында біз не айтамыз?

– Сендер ештеңе айтпайсыңдар, генерал алдында да, ояз алдында да мен жауап беремін!

– Шоң Телқозинович, бұл болмайтын шаруа.

Шоң бұлардың елді сауғалап, жылқы орнына ақша алғанына ренішті еді.

– Мен оларға айтар сөзімді білемін. Өзің не айтарыңды анықтап ал… Қазір жүйрік аттардың бәрін тастап кетіңдер!

Орыс-казактардың бастығы Шоңның мына сөзінің астарында не жатқанын біле қалды. Жүйріктерінің орнына елден пара алғанын жазып, өздерін ұятқа қалдыратынын біліп отыр еді.

Казактардың бастығы айтқан:

– Шоң Телқозинович, қайсысы жүйрік емес екенін айтыңыз. Соларды түгел қайтарамыз, – деді казак.

Ерназарлардың арасында Дәулен деген кісі бар болатын. Сол Тоқалардағы жүйріктердің бәрін білетін. Соны шақыртып алып айтқан болатын: «Дәуке, сіз маған мына жылқылардың ішінен қайсы жүйрік еместігін анықтап беріңізші» – деді. Ол аралап көріп, он шақты жылқылардың нашар екенін анықтап берген еді. Шоң казактардың бастығына айтқан: «Қазір сен барып мына аттарды қай жерден алдың, орнына жүйріктерін алып кел. Әйтпесе, бір жылқы да алмайсың» – деді.

Ол кеткен. Әлгі пара алған байларды қорқытып, ыңғай жүйріктерін алып келген еді.

Олар дау шығара алмады. Жүйріктерін берген. Шоңнан, бір жағынан мына казак-орыстан қорықты. Оған қоса әкесінен не үшін жүйрік алмай отырғанын білді казак. Осында келгелі Шоңның адал адам екеніне көзі әбден жеткен болатын. Мына сөзді содан кейін айтып отырғанын түсінді.

– Сіздің әкеңіздің көңіліне қарап едік. Олай болса сіздерден де аламыз…

Шоң тыста жүрген әкесіне:

– Ана орыстар сенен де аламын деп отыр. Барып Таланкөктен, Көкбоздан және Кербестінің тұқымынан төрт ат әкел!

Бұл аттар Телкозы мен Шоңның арасындағы әр жерден алған жүйрік аттар еді. Мына сөзді естігенде Телқозының іші өртеніп кеткендей болды.

– Әй, Шоң, сен бастығыңа жақсы көріну үшін осы сөзді айтып тұрсың ғой. Елдің бәрі екі жүйріктен беріп жатыр. Мен де екеуден артық бермеймін!

– Мен өз алдым бір үймін. Екі үйден төрт жылқы беруге тиістіміз!

– Біздің еншімізді әлі ешкім бөлген жоқ. Сенің айтып тұрған мынау сөзің не?

– Жағдай солай болып тұр. Телқозы, басы артық сөз айтпа! Менің айтқанымды жаса! Сен бұлай ойлағаныңмен, ел басқаша ойлайды. Ел ертеңгі күні сөз тудыру үшін басқаша сөйлейді.

Телқозы Шоңның бұл сөзіне қарсы ештеңе айта алмады. Ақыры айтқан жылқыларын алып келуге Мұхамеджанды жіберген еді.

Мұхамеджан алып келгенде, жетегінде Кербестінің екі тұқымы бар, Байсары келді. Шоң оған айтты:

– Бізге Елгелдіден ешқандай жылқы керегі жоқ. Аттарды алып кет. Қажет болса ояз шақырып алып сөйлеседі. Соның алдында бересіндер!

– Шоңке, елдің бәрі беріп жатқан көрінеді. Ұят болады ғой, – деді Байсары.

– Сендер ұятты енді біліп тұрсыңдар ба? Бар, алып кетіңдер. Олай болса, ана Ақмоладағы оязға апарып беріңдер! – деп, Шоң үйіне кіріп кетті.

Казактар Шоңнын айтқанын тыңдап тұрған еді. Қазақша ептеп білетін біреуі Телқозыдан сұраған:

– Бұл жылқыларды әкелген алдыңғы біз барған ауылдың адамы ма?

– Солар әкеліп тұр. Мен бұл аттарды жақсы білемін. Бұл маңайда бұлардан артық жылқы жоқ.

Ақыры Байсарыдан екі жүйрікті алып қалған. Енді казактар қайтуға жиналып тұрған еді. Шоң оларды шығарып салуға сыртқа шықты. Жылқылардың ішінен әлгі Байсары әкелген Кербестінің екі тұқымын көрген. Шоң тұрып айтқан казактар бастығына:

– Ана екі атты тастап кетіңдер, – деді. Ол сөзге түсінбей:

– Неге? – деді.

– Мен генералға жүз жылқы беремін дегенмін. Жүз екі жылқы беремін деген жоқпын.

Аз уақыт бірге болғанда казактар Шоң мінезін түсініп қалған. Ештеңе айтпады, тастап кеткен болатын. Олар кеткен соң Шоң айтты әкесіне:

– Сіз анау Елгелділерге анау жүйрігін апарып беріңіз!

– Неге апарамын? Мен ана орыстарға төрт жылқы бердім.

– Телқозы, екі ауылдың арасында жанжалды тағы қоздырғалы отырмысың? Апарып бер деген соң, апарып бер!

Телқозы Шоңның бұл сөзін түсінді де апарып берген. Ақсары Мұхамеджан екі жүйрікті алып келгенде Байсары қорқып кеткен. Не істерін білмей қалды. Шоңның қандай істі болсын аяқсыз қалдырмайтынын білетін. Сөйтіп жүргенде інісі Еркесары қайтыс болды. Ақсары білетін, соңғы даудың бәрі ағасы қайтыс болғаннан туындап жүргенін. Шоң аулына хабарлауға інісі Байсарыны жіберген еді. Ерназарларға хабар келді. Телқозы барғысы келмеп еді. Шоң айтқан:

– Таубай аруағы үшін барып қайтайық.

Телқозы Шоңның бұл сөзінде бір жөн барын сезіп, барған еді. Бұл келіс екі ру арасын не жақындатқан, не алыстатқан жоқ. Бір түсініксіз жағдайда қалған еді. Екі жақ та үндемей жүре берді. Бірақ іштерінде бір-біріне деген ашу бар еді.

Ел Шоңы. Бесінді. III кітап

Подняться наверх