Читать книгу Ел Шоңы. Бесінді. III кітап - Қанат Жойқынбектегі - Страница 8
Ояздың өлімі біреуге қуаныш, біреуге қайғы әкелді
ОглавлениеШоң Карбышевтің тапсырмасы бойынша казак-орыстарды шығарып салған соң Ақмолаға жақын жердегі оның әйелі Қалимашқа барып қайтқан. Оған күйеуінің Санкт-Петербургке кеткенін айтқан: «Ол сол жақтан біржола келмесе де ризамын». Шоң оның бұл сөзіне түсінбеді. Пәлен жыл бірге тұрған күйеуіне сондай ұшқары сөз айтқанына ренжіп қалды. Содан Шоң Қалимаштан сұраған еді: «Семен Иванович сенің пәлен жыл бірге тұрған күйеуің, бұл сөзді қалай айтасың».
– Екеумізді байластырып тұрған жалғыз бала еді. Ол жақында Балқан түбегінде болған бір соғыста қайтыс болыпты. Маған әйелі жазған хатты Герасимов әкеп берді.
Содан Шоң ештеңе айтпай қайтып кеткен. Жолай қаладағы Герасимовқа жолықты. Ол айтқан: «Енді ана әйел Карбышевті маңайына жуытпас. Семен Иванович оны қатты сүюші еді. Енді жағдайы қалай болады екен». Шоң Қалимаш аузынан әлгі сөзді естігенде ештеңе айтпастан аулына қайтып кеткен. Арада бір жарым ай өткенде Ақмоладан жолшы келді. Ол Герасимовтың шақырып жатқанын айтқан. Шоң хабарды алысымен Ақмолаға тартты. Герасимов Шоңға барлық жағдайды баяндады: «Қалимаш үйіне жуытпай, Карбышев қаладағы үйінде жатыр. Саған Карбышев хабар бер деген соң, ана татарды мен жібердім. Сенімен сөйлесетін сөзім бар дейді». Екеуі Карбышев үйіне келген. Ол төсекте жатыр екен. Жастығынан басын көтеріп, сөйлесуге шамасы келмеді. Осыдан-ақ Шоң оның қатты ауру екенін білді. Жатқан қалпында Карбышев неге шақырғанын айтып кетті.
– Анау Қалимаш мені шын сүймейді екен. Барған күні бір қондырмай үйден айдап шықты. Жалғыз баланың өлгенін менен көреді. Мен де баланың өлгенін естігенде өлі мен тірінің арасындағыдай күйде болдым. Қалимашқа үйленгенімнің қателігін енді білдім. Бәрі кеш болды. Менің өкпе ауруым қозып, Санкт-Петербург ауасы әсер етті ме, жүрегім ауыра бастады. Бұл тағдырдың мазағын қарашы. Тура осы сәтте ауырып қалғаным… Санкт-Петербургтен түк бітіре алмай қайттым.
Санкт-Петербургте былықпай болып жатыр. ІІІ Александр қырық тоғызға қараған шағында белгісіз аурудан қайтыс болып, император орнына тұратын адам әлі белгісіз екен, оның орнына әйелін қоюуды либералдар мен еврейлер қолдан отырған көрінеді. Оларға патша маңайында жүрген ұлтшылдар қарсы шығып жатқан сияқты. Қай жағы жеңері белгісіз. Содан үлкен дау боп жатыр. Қазір еврейлр күшейіп алды ғой. Бар мәселеге солар араласып отырады екен. Пәлен жүз жыл билік құрған Романовтар әулеті басына қауіп төніп тұрғандай. ІІІ Александрдың әйелі Дат корольдігінің қызы ғой, әйелінің жаратылысы орыс болмағандықтан, патша маңайындағы орыс ұлтшылдары бұған қарсы екен, шетелдік әйел Ресейді қалай басқарады деген сөз шығып жатқан көрінеді. ІІІ Александрдың баласы ІІ Николай жаратылысында жуас адам дейді. Оның ел басқара алатынына күдік келтірушілер бар сияқты. Патша жағын қойшы, әйтеуір біреу тұрар. Баламның өлгенін естігенде барлық арман су түбіне кеткендей болды, содан түк бітіре алмай қайттым. Жолда губернатор Густав Христиановичке соқтым, ол да қатты ауру екен. Енді оның да жұмыс істей алатын түрі жоқ тәрізді. Сонда да үйіне әдейі барып, көңілін сұрап, менің орныма Ақмола уезіне інімді ояз етіп жіберуін сұрадым. Ол Санкт-Петербургтегі жағдай сәл реттелсін дегенді айтты. Ол кісінің де жасы жетіп, қартайып отырған адам ғой. Оның тілін жоғарыда отырғандар алса жақсы. Ол кісі менен аянбайды ғой. Илья маған қарағанда жуастау. Болса да Вадим жоқ. Сен, Шоң Телқозинович, болыстардан бастап, бәрі орнына өз адамдарын тықпалап жатыр. Солардікі дұрыс сияқты. Мен сенен неге жасырайын, Ақмолаға уезд бастығы етіп інімді қалдырғым келеді. Ақмола түбінде губерния орталығы болуы мүмкін. Егер Ильяның қолынан іскерлік келсе, Ақмола аймағын билеу Карбышевтер ұрпағында болады. Мен ініме сол туралы айтып кеттім. Сенен сұрайтыным, Илья ояз қызметін меңгеріп кеткенше қасында бол. Анау төрелер кедергі жасап бағады. Герасимов екеуің оған жол бермеңдер. Ал Қалимашқа айт, жылқының жартысын Ильяға берсін. Ол тұрған үйге таласпайды. Ал қаладағы мен тұрған мына үй інімдікі болады.
Шоң күн сайын барып, Карбышев жағдайын біліп тұрды. Екеуінің арасында біраз әңгіме болып жүрді. Бір күні барғанда Карбышев айтқан:
– Мен пәлен жыл Қалимаштың төсегінде бірге жаттым. Ол, байқадым, мені сатып отыр. Енді сол төсекті басқаға кимай жатырмын. Ол да өлуі керек…
Мына сөзді ояз аузынан естігенде Шоң қорқып кетті.
– Семен Иванович, тағдыр солай. Соның айтқанына көну керек. Қалимаш әлі жас, біраз жыл сізге жолдас болды. Сіз оған айтқаныңызды жасатпаңыз. Ол ешқандай адамгершілікке жатпайды. Оны силамасаңыз да, оған деген өз махаббатыңызды силаңыз. Тірі жүре берсін!
Карбышев аузына сөз түспегендей біраз үнсіз жатты да:
– Мен оны да біліп жатырмын. Өмір шіркін, маған ауыр тағдыр әзірлеп қойған екен. Пәлен жыл бірге тұрған әйелім маған сырт берді. Содан ызам келіп жатыр. – Содан кейін Карбышев жатып айтқан: – Сен, Шоң, маған ақылға салуға бір күн уақыт бер. Жаңағы айтқан жайды ойланып көрейін.
Шоң Карбышевтын сөзінен қорқып қалып, түн ішінде Ризаны Қалимаш аулына жіберіп, оған сенімді адамдарынан күзет қойсын деген. Басқа ештеңе айтпаған.
Содан Қалимаш Ризаға айтып жіберіпті: «Менің сүйген жігітімді Карбышев қайда құртып жіберді екен, соны біліп берсін» – депті.
Ертеңіне барғанда Шоң сөз бастап еді. Қалимаш емес, Қаниса сұрады деп бастады сөзін:
– Семен Иванович, Қаниса сізден сұра деп еді, Қалимаштың сүйген жігітін қайда жіберген екен, соны біл дейді маған.
– Ол кемпір оны қайтеді. Қалимашпен қайыра қосқысы кеп отыр ма? Мен оны жындыханаға салғанмын, баяғыда өліп қалған шығар.
– Өлсе өлсін. Бірақ шындықты айтып кетіңіз. Ол дүниеге жүк арқалап кетпеңіз.
– Олай болса, ана кемпірге айт. Қалимаш жылқының жартысын беремін деп қолхат берсін, – деді.
– Семен Иванович, бұл тілегіңізді орындаймын. Тек сіз қай жындыханаға салғаныңызды айтыңыз.
– Сол Омбыдағы үлкен жындыхананың бірі. Қазір есімде жоқ. Ол тірі емес.
– Сіз оның өлі-тірілігіне жауап бермейсіз. Тек шындықты айтқаныңыз дұрыс болар.
– Шоң Телкозинович, мені қинай бермеші. Омбыдағы үлкен жындыхана деп отырмын ғой. – Осыны айтты да Карбышев көзін жұмып жатып қалды. Осыдан кейін Карбышев тіл катуды қойды. Тірі мен өлінің арасындағыдай бір күйде жатыр еді. Ақыры Шоң Қанисадан Қалимаштың жігіті туралы сұрады.
– Оны сұрап отырған кім?
– Қалимаштың өзі.
– Мен оны білмеймін. Шалым өліп қалды деп жүрген.
Таңертең ертелетіп Герасимовтың өзі келді де, түнде Карбышевтің қайтыс болғанын мәлім етті Шоңға…
– Ендеше, інісіне тезірек хабар бер, – деді Шоң оған.
Герасимов Омбыға жүретін поштаға хабарлауға кетті. Шоң Қалимаш үйіне тартты. Оған келіп айтқан:
– Карбышев қайтыс болды. Соны жерлеуге қатыспайсың ба?
– Мен енді оның өлі жүзін де көргім келмейді. Сен мен айтқанымды орындадың ба?
– Айтқан адамыңның өлі-тірі екені белгісіз. Жындыханада жатқан көрінеді. – Бірнеше жыл қасында жатқан адамды жерлеуге барғысы келмей тұрған Қалимашқа ренішті еді Шоң.
Содан Шоң қалаға қайтып кеткен. Герасимовпен ақылдасып, інісін тағы екі күн күтуге келіскен еді. Сол екі ортада Қалимаш Ақмолаға келген. Ашулы екен. Қанисамен екеуінің арасында сөз басталып кетті.
– Қаниса апа, Қайымды қайда жібергенді қазір маған айтыңыз!..
– Құдай біледі, білмеймін.
– Сіз білмесеңіздер, мен айтайын. Ол Омбының жындыханасында жатқан көрінеді.
Қаниса жаңа ғана естігендей болып:
– Оны қайдан естідің?
– Кеше өлер алдында Карбышев маған айтты. Мен соған бүгін жүремін, – деді Қалимаш.
Осы кезде Ыбырай келе қалды. Ол мыналардың сөзін естіп алып:
– Ол өліп қалған шығар. Жындыханаға түскендерді көп ұстамайды деп естігем, – деді.
– Өліп қалса да, жатқан жерін көремін.
– Сенің жалғыз баруың қиын болады. Мына Шоң екеуің бірге барыңдар, – деді Қаниса.
– Бүрсікүні Қарбышевті шығарып саламыз. Содан кейін барайық. Пәлен жыл бірге қызмет еттік, соңғы сапарға шығарып салу – менің міндетім.
– Мен оны күтіп отыра алмаймын, – деді Қалимаш.
– Екі-үш күнде тұрған ештеңе жоқ, көбіне шыдадың, енді азына да шыда. Мен пәлен жыл бірге істеген адамға топырақ салмай кетсем, ұят болады.
«Олай болса, мен барамын» дегенді айтып, Ыбырай белсенділік көрсетіп шыға келді. Оның мұнысын Қалимаш та мақұлдаған еді. Содан екеуі ертеңіне Омбыға жүріп кеткен.
Карбышевтің інісі кешікті. Күн ыстық болатын. Шіркеу адамдарымен келісіп, оны жерлеген еді. «Адамның айтқаны болмайды, Құдайдың дегені болады» рас екен, ақыры Карбышевке топырақ арман еткен әкесінің туған жерінен емес, ақыры Ақмола жерінен бұйырды. Әкесінің қасына жатты. Ағасын жерлеген соң екі күннен кейін Илья келді. Алайда, Карбышевтің ойлағаны болмады. Гасфорт Карбышев кеткеннен кейін біраздан соң қайтыс болыпты. Ильяның Ақмолаға уезд бастығының келуі шешілмей қалған еді. Ол ағасы өлді дегенді естіп, әлі ешқандай бекіту болмаса да, ояз бастығы екенін сезініп келген еді.
Кешке жақын Шоң мен Герасимов, ояз судьясы, шіркеу қызметкерлері бар, Ильяны әкесі мен ағасының бейітіне алып барған еді. Әкелі-балалы екеуі қатар жатқан. Бұлардың таң қалғаны – екеуінің денесі жоқ, жерлеген орны бос жатыр…
Герасимов айтқан: «Бұл Ыбырай Жайықбаевтың шаруасы» деді. Шоң да оның бұл айтқанын шыңға балап тұрған. Бірақ ауыз ашып ештеңе айтпады. Ояз судьясы айтты:
– Оны қалай дәлелейсің? Семен Ивановичті жерлеместен бұрын ол Омбыға кеткен. Маған кіріп айтып кеткен, – деді.
– Ол өзі қатыспағанымен, оның айтуымен төрелер жасады. Осында Семен Иванович Санкт-Петербургке кетіп бара жатқанда мені орнына қалдырғанын естіп шу шығарған. Мен орынбасарымын, неге мен тұрмаймын дегенді айтқан. Ол сонда қатты ашуланған. Бұл шаруа соның қолынан келді.
– Ол дәлел бола алмайды. Бұл сөзіңмен Жайықбаевты жауапқа тарта алмаймыз, – деді судья. Шоң оның бұлай неге сөйлеп тұрғанын білді. Жайықбаев пен судьяның көңілдері әуелден жақсы болатын.
– Сен, Шоң Телқозинович, не айтасың бұған? – деді Герасимов. Оның ондағы ойы Шоңды тартса, әлгі айтқан сөзі мықты болатынын Герасимов біліп тұр еді. Шоңның төрелерді жақтырмайтынын білетін.
Шоң өзіне үлкен жауапкершілікті Герасимов мына сөзімен жүктеп отырғанын білді де:
– Мен Карбышев аузынан Ыбырайды да, сені де қойып кеткенін естігем жоқ. Ол кезде елде болдым ғой, қалай айтамын? – деді. – Осипович, мен жалған айта алмаймын.
Герасимов Шоңның бұл сөзіне риза болмады. Алайда, қарсы сөз айтқан жоқ.
– Рас, Телқозин ол кезде қалада болған жоқ қой. – Судья бұған қарсылық білдірді.
Герасимов судьяның Ыбырайды жақтап тұрғанын білді. Өйткені, олардың қандай істе болмасын, бірінің бірі тілін тауып жүргенін сезетін. Ол мына сөзімен Ыбырайды қорғап қалғандай болды. Шоңның әлгі сөзінен кейін Герасимов та, Карбышевтің інісі де қарсы сөз айта алмады. Екеуі бұдан кейін ешкіммен ақылдасқан жоқ, жандарм бастығына бірнеше төрелерді тұтқындатқан еді. Олардың туыстары Омбыға шапқан. Бұл екі арада бірнеше күн өтіп кетті.
Сөйтіп отырғанда Омбыдан жаңа ояз келді. Қасында екі полковнигі бар. Гасфорт орнына Санкт-Петербургтен келген генерал-губернатор ояздыққа жаңа адамды жіберіпті. Екі полковник кеңсе қызметкерлерін жинап, жаңа оязды таныстырды.
Карбышев пен оның інісінің арман-мақсаты далада қалды. Жиналыс аяқтала бергенде бір топ төрелер мен қамауға алынған адамдардың әкелері келді. Арасында Қаниса да бар. Олар ешқандай кінәсі жоқ төрелерді жауып қойғанына арыз айтуға келіпті. Сөз басталып кетті. Омбыдан келген полков- никтің біреуі тұрып:
– Ешқандай дәлелсіз ешкімді жабуға болмайды, – деген еді. Герасимов отырып айтқан:
– Көрде жатқан адамды табытымен ендеше кім қазып әкетті? – деді.
– Оны жасаған төрелер екенін дәлелдеу керек, – деді Омбыдан келген полковник.
– Төрелерден басқа кім енді? – Герасимов болмады.
– Сендер әуелі дәлелдеңдер, содан кейін жабу керек. – Полковникке ешкім қарсы келе алмады. Содан екі полковник жаңа оязды тағайындап, қайтып кеткен еді. Карбышевтің інісі әкесі мен ағасының көрін талқандап кеткен кісілерді іздеуді жүргізіп жатты. Осы кезде Омбыдан Ыбырай келген еді. Карбышевтің інісі:
– Менің әкем мен ағамның көрін талқандауға сен ат салыстың. – Бұл сөзді Герасимовтың нұсқауымен айтып тұрғанын Шоң түсінді. Алайда, өз пікірін айтпай, бейтарап тұра берді. Герасимов болмады.
– Шоң Телқозинович, сен пікіріңді неге айтпайсың?
– Мен не айтамын? Омбыдан келген полковник айтып кетті ғой, полиция тексеретінін. Бұл іске араласпай, біз сырттау тұра тұрайық.
Осы кезде сөзге Ыбырай араласып:
– Саған Шоң айтып тұр ғой, полиция тексереді деп, әліптің артын күтпей, сенің осың не?
– Жайықбаев, бұл шаруа сенің қатынасуыңсыз болған жоқ, – деді Герасимов.
Ыбырай қысылған да, қиналған да жоқ:
– Олай болса соны дәлелде. Мен Омбыда болғам онда. Сенің ағаңның төрелерге ғана емес, қара қазаққа да істемегені жоқ. Қалимаштың аламын деп жүрген жігітін жындыханаға салып қойған. Соның тірі-өлі екенін білуге бардым. Тірі екен, соны тексеріп жатырмыз. Амандық болса, таяуда келеді. Ағаң ояз болып келген соң ойына келгенін жасады ғой. Оның мойнында талай төрелердің көз жасы бар. Оны қарғыс атқан, содан кейін осындай күйге ұшырап отыр. Сол ағаңның өлі денесін ұрлаған адамды тап, менен аулақ жүр.
Карбышевтердің қабірлерін талқандаған төрелер екеніне Герасимов пен оның інісінің көзі жеткенімен, бірақ дәлелі жоқ еді. Герасимов Илья екеуі ұйқы көрмей, күні-түні іздеді. Әкесі мен ағасының денесін жоқ еткен төрелер екенін дәлелдемекші болды. Бірақ ешқандай дәлел таба алады. Екеуінің төрелерге күдігі күшті болғанымен, алайда дәлелі жоқ. Енді Ыбырай жанжал шығарды. Жаңа оязға барып айтқан: «Сіз мыналарға қойғызы- ңыз, мына Карбышевтің інісін қуып, Герасимовты орнынан шығарыңыз. Әйтпесе, бұл қалада тыныштық болмайды».
Жаңа ояз Герасимовты шақыртып алып айтқан: «Сіздер қалада шу шығаруларыңызды қойыңыздар. Істі полицияға тапсырыңыздар, солар істі тексерсін, кім жасағанын тапсын». Аналар бұған қарсы келе алмады, амалсыз айтқанын жасаған еді.
Бұдан кейін жаңа ояздың оларда жұмысы болған жоқ, уезге қарайтын барлық болыстарды шақырып, жинап алып танысу жиналысын өткізген еді. Солардың ішінен орысшаға жетік Шоңды байқап, оған айтқан:
– Сіз уездегі жағдайды көріп отырсыз. Байқаймын, осында істейтін адамдардың бәрін де, орыс тілін де, жағдайды жақсы білетін тәріздісіз. Сіз менімен бірге біраз жұмыс істесеңіз. – Шоң жаңа келген оязға қарсы келе алмады. Келіскен. Жаңа ояз айтқан: «Жұмыстан біраз адамды қуамын. Омбыдан басқа адамдар шақырамын. Әзірге сіз уезд кеңсесінде істейсіз».
Шоңның көңілі қаламай тұрса да, қарсы келе алмады. Айтқанын жасаған еді. Шоң күн ұзын кеңседе болып, кешкісін Қаниса үйіне келіп жатып жүрді. Бір күні келгенде үйде ақбас бір адам отыр екен. Шоң байқады, шашы ағарғанымен, онша қартая қойған адам емес сияқты.
Қаниса Шоңды оңаша алып сөз бастаған:
– Қалимаш Ыбыраймен барып таба алмай келді ғой. Бұл кісіні Омбы қаласында емес, сол мандағы бір жындыханаға Семен өткізіп жіберіпті. Ол қу еді ғой. Қалимаш өлді деп келген. Бекәлі іздестіріп, ақыры тауыпты. Міне, көріп отырсың, әбден қартайып, жүдеген. Қалимаш көріп, сырт айналып кете ме деп қорқамын. Енді Қалимашқа қалай көрсететінімді білмей отырмын. Байқап отырған шығарсың, әбден біткен адам тәрізді.
– Қаниса тәте, оған қиналмаңыз, бір кезде шын сүйсе, Қалимаш қабылдайды бұл кісіні.
– Кезінде бұл екеуінің махаббаты ғажап болатын. Енді қалай болатынын білмеймін…
– Өзіңіз айтқандай, Құдай да, адам да риза болады, Бекәлінің бұл ісіне. Ең дүрысы, Қалимашты өзі іздеп келгендей жасаңыз, – деді Шоң.
Содан сол түні екеуі әлгі адамды пәуескеге салып алып, Қалимаш үйіне алып барған.
Терезеден шам көрінеді. Бұлар келгенде Қалимаш жатып қалған екен. Есік қаққанда әуелі күтуші ашты. Шоң Қанисаға айтқан, Қалимаш тани ма екен, әуелі жігітті жіберейік деді.
Әлгі адамның аты Қамиді еді. Екеуі кіргізіп жіберіп, өздері сыртта тұрып қалған. Ана жақтан Қалимаштың даусы естілді:
– Сені де көретін күн болады екен-ау!
– Мен де сені бір көруді өмір бойы армандап жүрдім. Ақыры оным орындалды.
Бұлар ішке кіргенде екеуі бірін-бірі құшақтап жылап тұр екен. Қаниса айтқан:
– Қалимаш, жылама, Жаратушы тілегіңді орындады…
Енді Қалимаш Қанисаға бас салды.
– Мынаны қараңызшы өлуге сәл қалыпты.
– Ертең өлсем де ризамын. Мен үшін басты қуаныш сенімен кездескенім, – деді Қами.
– Семен маған Қамиді Сібірге айдап жіберді деген еді…
Қами тұрып айтқан:
– Мені Сібірге айдатып жіберсе, баяғыда қашып келетін едім. Мені апарып, Омбыдан бөлектеу бір қаладағы жындыханаға салып қойды. Талай рет қашуға қам жасадым. Бірақ шыға алмадым.
Шоң айтқан:
– Осында Семеннің інісі әкесі мен ағасының табытын алып кеткендерді іздеп жүр. Қамиды кінәлап, жауып қояр. Әзірге ешкімге көрінбесін, – деді.
Содан екеуі қайтып кеткен. Қайтып келе жатқанда Қаниса Шоңға:
– Бұл әділдік деген әр уақытта жеңіп шығады екен, пәлен жылдан кейін мына екеуінің қосылғанын қарашы!
– Қаниса тәте, дұрыс айтасыз, қандай жағдайда болмасын әділдік жеңіп шығады.
Ертеңіне Шоң кеңсеге барған еді. Жаңа ояз сөз бастады:
– Карбышевтің інісі анау ағасының үйін менен алмақшы. Оған әлгі Герасимов – ояздың досы көмектесіп жүр. Бұл үйді Карбышев өз қаражатына салдырған дейді. Ол Ресейден алып келген жоқ шығар. Шоң Телқозинович, осыған сіз қалай қарайсыз? Ана Герасимов пен Карбышевтің інісі екеуі маған қарсы жұмыс істеп жүрген сияқты. Бұларға не істеуге болады? Герасимовты қызметтен шығарып жіберсем деймін.