Читать книгу Ел Шоңы. Бесінді. III кітап - Қанат Жойқынбектегі - Страница 7

Өрт

Оглавление

Шоңды көптен бері Ақмола жақтан ешкім де мазаламайтын. Карбышевтің сонау Санкт-Петербургте ата қонысы мәселесімен жүргеніне талай уақыт болған. Казак-орыстар алар жылқыларын алып кеткен соң, Шоң үйінде жатқан. Жазуға берілген, күндіз-түні жазу үстінде еді. Ешкім оны мазаламайтын.

Әйімкүлдің қасына бармай сол жазу бөлмесінде жатып қалуды әдетке айналдырған. Әйімкүл де бұрынғыдай келіп оятып, төсекке жат деп айтуды да қойған. Басы ауырып жүрген соң аяйды, мазаламайды. Қасына немерелерінің бірін алып жата кететіні бар. Шоңмен бірге тұратын Ахметжан әйелі-балаларымен бірге есік алдына құрылған киіз үйде жататын жаз айларында.

Жаңа үй салып алғаннан бері Шоң басқалардай жайлауға көше беруді біржола қойған. Әйімкүл осы қысқы қоныста отырғанды ұнатпайтын. Дегенмен сол қысқы қоныста жаз бойы отыра беретін. Бұл жағдай Шоңға да көшіп жүре беруді енді біржола ұмыттырғандай еді. Басқаша айтқанда, орыс тәртібіне Ақмола уезінде бірінші көшкен Шоң болатын.

Соңғы жылдары Шоң жазуге тіптен беріліп кеткен еді. Бүгін Шоң түннің біраз уақытына дейін жазу жазып, өзінің жазу бөлмесінде отырып қалған. Түн жарымына жақындап қалған кез. Кенет терезе қатты қағылды. Тура Шоңның өзі отырған бөлменің терезесі болатын. Ана жақтан: «Өрт, өрт!» деген дауыс бірнеше рет қайталап шықты. Ай жарық болатын. Шоң келіп терезеге үңілген. Өздерінің баяғыдан сиырларын сауып жүретін көрші әйелді бірден таныды. Жүгіріп тысқа шыққан.

Біраздан бері жауын болмаған. Кеуіп тұрған ағаш үй лапылдап жанып жатыр екен. Қонақ бөлмесі жағы жартылай өртеніп кетіпті. Жаз айларында ілуде-шалуда ғана болмаса үй ішіндегі қазандыққа от жағылмайтын. Жаз айларында тамақты есік алдындағы жерошақта дайындайтын. Ал мынау үйден шығып жатыр. Қонақ бөлмесінен басталған. Шоң не істерін білмей тұрып қалды. Біреудің әдейі жасағанын бірден білді. Ауылда бұлардан оқшаулау отырған оншақты жалшы үйінен басқа ешкім тұрмайтын. Үш ұйықтаса олар өртейді деген ойына келмеді. Әр рудан болғанымен, туысқандай болып кеткен адамдар. Әйімкүл көңілінен шыққан адамдарды үйге жақын жерге қоныстандырған болатын. Әлгі терезе қаққан әйел ссік алдына тұр екен. Шоң одан сұрады:

– Сен ешкімді көрмедің бе?

– Біздің үй жақтан екі адам өткен. Дәу де болса солар болар. – Әйел осыны айтты да кетіп қалды. Шоң оны мазалаған жоқ.

Бұл күні Ахметжан да ауылда жоқ еді. Шоң кайыра ішке кіріп, жазып жатқан қағаздарын жинап, Әйімкүлді оятып, далаға шығарды. Бұл кезде өрт үйдің бір жағын түгел қаптаған еді. Кеуіп тұрған ағаш қабырғалар сіріңкедей тұтанды. Шоң бар амалы таусылғандай, қарап тұрып қалған. Әйімкүл жүгіріп барып, айналадағы жалшыларды оятып әкелген болатын. Бұл кезде үйді түгел өрт шалған. Бұл маңайда жоқ, сәулетті үйдің таң ата орыны ғана қалған еді. Біреулердің әдейі өртегеніне сөз жоқ екенін білді. Өзіне өш, реті келсе аянбайтын адамдарын түгел ойдан өткізді. Біріне тоқтай алмаған. Көңілі айтады, көзің көрмей біреуді кінәлауың ғайбат болады дейді. Қасында тұрған Әйімкүл тура ойының үстінен түскендей етіп айтты:

– Шоңке, сізге ренішті адамдардың біреуінің шаруасы ғой бұл.

– Оны өзім де біліп тұрмын. Сонда кім деп ойлайсың?

Әйімкүл бес-алты адамның атын атап еді, біреуі де Шоң ойынан шықпады. Есік алдындағы киіз үй ішінде немерелері мен Ахметжанның әйелі жатқан. Ұйқысы шала болған Әйімкүл солардың қасына барып жатып қалды.

Шоң ойға беріліп, есік алдында біраз отырды. Ол ақыры бір қорытындыға келген еді: мынау әнеукүнгі казак-орыстарға аттарын берген адамдардың шаруасы деп болжаған. «Мал ашуы – жан ашуы» дегендей, мұны жасап жүрген солар. Бірақ ешқандай дәлелі жоқ, кімді кінәлайды. Шоң әдетінше үй маңында біраз жүріп, өртті көрген әйелдің үйіне келді. Ол есік алдында отыр екен. Шоң одан сұрады:

– Сен өртті қалай көрдің?

– Шоңке, менің ентікпем бар ғой. Сол ұстап есік алдында отырғам, ай жарық қой. Кенет біздін үйдің қасынан екі адам жүріп өтті. Оған мән берген жоқпын. Жанымды қинаған ауруыммен азаптанып отырғанмын. Артынша сіздің үйдің арт жақ іргесінен от көрінді. Сонда барып өзіме өзім келіп орнымнан тұрдым. Мен жеткенше өрт ұлғайа берді. Ар жағын өзіңіз білесіз.

Шоң өз ойымен өзі болып, әйел қасынан кетіп қалды. Жүйрік бергендер келсе, неге жаяу келеді. Олар бұл маңайдан алыстау тұрады ғой. Олар атпен келуі керек қой. Содан кейін қайтып келіп, әйелден қайталап сұрады.

– Анық көрдің бе, аттылы адам ба, әлде жаяу ма?

– Шоңке, менің көзім жақсы көреді, екеуі де жаяу адамдар.

– Басқа не көрдің?

– Екі адамның біреуі ақсақ тәрізді көрінді маған.

– Ақсақтығын қалай байқадың?

– Жүрісінен, сүлбесінен байқадым, ақсақ екендігінде дау жоқ. Бір жағына қарай қисайып басып бара жаты.

Шоң бұдан кейін әйелді мазалаған жоқ. Өзімен өзі ойға беріліп, үйге келді. Аяғынын кемшілігі бар бір адамды да ойға түсіре алмады. Ақыры осы маңайда ақсақ адам бар ма деп үйге келген соң Әйімкүлден сұрады.

– Шоңке, Қабденнен басқа кім бар?

Қабден деген жігіт анау жылы қалың Тамалармен ренжісіп, мына іргедегі ауылға көшіп келген болатын. Елдің айтуына қарағанда, нағашыларын қорғалап келген Оны Шоң сырт білетін, бірақ онша таныстығы жоқ еді. Осыдан бес-алты жыл бұрын осы маңайдағы ауылдан бір қызды алып қашып кетіп, дауласып алдына келген де еді. Содан кейін жүздескен адам емес. Көрші ауылда тұратын. Әйімкүл айтқан адамды көз алдынан өткізді. Сонда қыз мәселесіне байланысты алдына шақырып алған, сөзі аз, аузы ауыр адам тәрізді көрінген. Мына үйді сол өртеді дегенге көңілі бармай отыр. Сол жолы қазылық айтқанда да, оған біраз ұрысып тастаған. Бірақ дауды соның пайдасына шешкен еді. «Қыз сендік екен, әке-шешесімен келісіп алмайсың ба, осы жасап жүргенің не?» деп реніш білдіре сөйлеген. Адамдар жаратылысы әртүрлі ғой, біреулер ренішті үйден шыға беріп ұмытып кетеді, енді бірі өлгенше ұмытпай жүреді. Сонда бұл жігітке қатты ұрысқан еді. Екі ру арасында жанжал шығарып жүргеніне қатысты біраз ауыр сөздер айтқан еді. Бұл да соны ұмытпай, еске сақтап жүр ме деп ойлады бір жағынан. Одан бері біраз жылдар өтті. Бірақ ол үшін үй өртеу мүмкін бе, бұл сұраққа жауап бере алмады өзіне өзі. Ұмытпай жүргені қалай? Одан ешқандай күдігі болмаса да ақыры сол жігітпен сөйлесуді жөн көрді. Әйімкүлге айтқан: «Сол Қабденді шақыршы, сөйлесіп көрелік» деген.

Қабден түс ауа келді. Ол келгенде Шоң немерелерімен бірге үй алдына тігілген киіз үйде тамақ ішіп отырған. Шоң оны дастарханға шақырды. Ол келіп отырған еді. Аман-сулықтан кейін Шоң сөз бастаған.

– Кабден осы сенің аяғыңа не болған?

– Шоңке, алдыңғы жылы аттан құладым ғой, содан бері осылай болып қалды. Бір тамыры созылып кеткен бе, жүргенде ауырады. Ал отырғанда түк білінбейді.

– Сен әлі жассың, аяғыңды емдеу керек қой.

– Талай емшілерге көріндім, бірақ нәтижесі болмай тұр әзірге..

– Сен қалаға бар. Сонда арнайы оқу бітірген мамандар бар, соларға көрін. Ел арасындағы емшілердің көбі ештеңе білмейді. Қайта өзінді шатастырады. Ең дұрысы, қаладағы емшілерге барып көрінген. Бұлай жүре беруге болмайды. Сенің өмірің әлі алда. Жассың ғой, – деп оның көңілінен шығатындай біраз жылы сөздер айтқан еді.

Мынадай сөздерден соң оның да көңілінде бір жарасымдылық орнағандай болды да:

– Шоңке, қол қысқа, оларға бара аламын да? Ақмолаға бару үшін де бір қойдың құны керек.

– Сені мен қалаға барғанда ала кетемін. Дәрігерге көрінуге де көмектесемін.

Жігіт куанып кеткендей ыңғай таныта отырып сөйледі:

– Шоңке, олай болса барамын…

Қылмыс жасаған адамнын өңінен, сөзінен білініп тұратын. Шоң оны пәлен жыл елге билік айтқанда байқап жүретін. Жауап алғанда ондай адамдардың көзі де, сөзі де өзгеріп кететін. Мынаның сөзінен, жүзінен ештеңе байқай алмады. «Анау әйел қателескен болар, оның үстіне бұған деген реніші бар бұрыннан». Өйткені, мына жігіттің алып қашқан қызына ана әйелдің баласы да сөйлесіп жүргенін естіген. Содан кейін өшін алу үшін айтып отыр ма деп те ойлады. Шоң енді өз ойынан өзі айныды. «Кімге кім ұқсамай жатыр. Ақсақтар аз ба, менің мұным қателік болар». Дегенмен, көңілде тұрған сұрақты қойды.

– Көріп отырсың, Қабден, біздің үйді біреу өртеп кетті. Кім деп ойлайсың?

– Шоңке, кім білген? Сіздің достарыңыз да, дұшпандарыңыз да көп қой.

– Ол рас. Сонда бұл маңайда маған жамандық жасауы мүмкін кім деп ойлайсың? – Бұл сұрақты әдейі қойған еді. Өйткені, бір ауыздан бір ауызға жететін сөздер болады. Мына жігіт сондай сөздің бірін естіген шығар деп, әдейі білу үшін сұраған.

– Кім білген? – деп қысқа ғана сөзбен жауап берген еді. Жігіттің күмілжіп қалғанын байқады Шоң. Сол сәтте Қабденнің жүзі өзгеріп кеткендей болды. Шоң мұны байқап қалды. Сонда да бұған Шоң мән берген жоқ. Өзінше, мұндай сөз естіп отырған соң ұялудың белгісі шығар деген пікірге тоқтаған.

Өткен жолы Әлпейіс бай келіп, біраз реніш білдіріп кеткен. «Шоңке, сіз оязда жақсы атанғыңыз келіп, біздің барлық жүйріктерімізді бергіздіңіз. Ал мына Темештерден, жүйрігіне қарамай, бергенін алыпты».

«Бұл ояздың нұсқауы емес, ана губернатордың тапсырмасы. Оның арты жақсы болмайды. Арты үлкен сөз болып кету мүмкін. Басы артық сөзді тудырудың қажеті қанша?! Бәрібір орыстар біліп қалса, арты кейін үлкен сөз болады».

Сонда Әлпейіс қатты ашуланып кеткен. Сөзінің арасында көреміз сөзін айтып қалған. Шоң оған мән бермеген сонда. Реніштен туған сөз шығар деп болжаған еді. Қазіргі сәтте Әлпейістің сол сөзін еске алуында сыр бар еді. Мына жігіт қызды алып қашқанда Әлпейіс бұған ара түсіп келіп сөйлеген. Сонда Шоң оған да мән бермеген. Бұл жігіт адал болған соң соны жасап отыр ғой деген қортындыға келген. Қазір сол ойына түсті де, айтар сөзі өзгеріп кеткендей болған. Сол жұмсап, мынау соның айтқанын орындап жүр ме деген ой келді басына. Бірақ сонда да ол пікірге тоқтай алмады. Ол туралы айтып мына жігітті ренжітіп аламын да деп ойлаған еді. Бірақ көңілінің ар жағынан бір сұрақ туындап, сол маза бермей, содан кейін сұраған еді.

– Осы Әлпейістің саған қандай жақындығы бар?

– Ол менің нағашымның інісі ғой.

– Сол нағашыңның інісі біздің үйге өрт салуы мүмкін бе?

– Шоңке, оны мен қайдан білемін…

– Естіген шығарсың, өткен жолы мен оның үш жүйрігін орыстарға алып беріп едім. Соған ерегісіп жасап жүрген жоқ па?

– Ол жағын білмедім. – Жігіттің жүзі тағы да өзгеріңкіреп кеткен. Шоң бағанадан бері жігіт жүзіне қарап отырған. Шоңның біреуді тексергенде жүзін байқап отыратын әдеті болатын. Кей қулар сыр бермейтін. Жүздерінде ешқандай өзгеріс болмайтын. Ал адал адамдар қызарып, болмаса жүзі ағарып кететін. Қазір мына жігіттің жүзі ағарып кетті.

– Ана Әлпейістің маған аттарын орыстарға алып бергеніме өшігуі мүмкін бе? – деп, Шоң алдында берген сұрағын тағы қойды. Ондағы ойы – жүзі тағы да өзгере ме екен – байқау болатын.

Жігіт сәл ойланып барып, үзіліс жасап жауап берді.

– Ол да ғажап емес…

Шоң мынаның бірден жауап бермей, ойланып қалғанына да мән беріп отыр еді. Тағы бір ғажабы, дұрыс сөйлеп отырған жігіт кенет кекештеніп қалды. Шоң оны байқап қалып, тағы сұрақ койды:

– Қабден, сенің осы кекештігің бар ма?

– Сасып, асығыс сөйлегенде ондайым бар.

– Мен сені асықтырып отырмын ба?

– Жоқ, сіз мына сұрақтарыңызбен мені кінәлайтындай тәріздісіз…

– Қабден, оның себебі бар, біздің үйге от салған адам ақсақ дейді. Содан кейін айтып отырмын. Бірақ сен оны көңіліңе алма! Ақсақ адамдар толып жатыр ғой.

– Шоңке, ақсақ адам екенін кім айтты?

Әйелдің атын айтса, бір үлкен жанжалдың туындайтынын білді де:

– Мен мына өз көзіммен көрдім. Сол кезде жазу жазып, шамды сөндіріп, денемнің құрысқанын жазу үшін терезеден қарап едім, ай жарық екен, екі адам біздің үй жақтан өтіп барады. Біреуінің аяғы ақсақ тәрізді көрінді маған.

– Шоңке, сіз қателескен боларсыз…

– Сонда ол адамның аяғы ақсақ емес деймісің? Мен көзіммен көрдім ғой.

– Қайдан білейін? – Мына сөзді айтқанда жігіттің жүзі тіптен өзгеріп кетті. Шоң бәрін байқап отырған еді. Алдында Малай айтқан, Әлпейіс Қабденге мініп жүр деп бір жылқы беріпті. Әңгіме арасында туындаған ол сөзге Шоң кезінде онша мән бермеген. Ұмытып та кеткен тәрізді еді. Әлгінде мына жігітпен әңгіме болғанда, сол інісінің айтқан сөзі ойламаған жерден басына орала кетті. Әлпейістің сараңдығын білетін, ол жайдан жай бермеген болуы керек. Енді мына жігіттің өртегеніне күдігі күшейе түсті.

– Саған Әлпейіс неше жылқы берді? – деп сұрақты төтеден қойды Шоң.

Сонда да берілгісі келмей, Қабден:

– Шоңке, сіз қызық адам екенсіз… Менің үй өртеуге ешқандай қатысым жоқ.

Шоң да мына жігіттің «қызық адам екенсіз» дегеніне ренжіп қалды. Бірақ ол күйін сездірген жоқ.

– Мен сені үйді өртеді деп кінәлап отырғам жоқ. Жай сұрап отырмын. Саған Әлпейіс бір жылқы беріпті ғой. Не үшін берді?

– Шоңке, туысқандық жолмен маған мал берсе, онда тұрған не бар? Ол үшін оны кінәлаудың жөні жоқ…

– Мен сені де, оны да кінәлап отырғаным жоқ. Сенің әкеңнің жақсы адам екенін, анада қыз дауында бір адам айтып еді, сен кімге тартып өтірікші болғансың?

– Шоңке, мен үй өртеді деп кім айтып отыр сізге? – Бұл сұрақты екінші рет қайталады ол.

– Қасыңдағы жігіттің есімі аузыма түспей отыр. Ол кім еді?

Қабден сол айтып қойған екен ғой деп ойлады. Енді кейін шегінудің ретін таба алмады:

– Ол – Айдар…

– Жарайды, бара бер, сені кінәлап отырған ешкім жоқ. – Қабден түкке түсінбей шығып кеткен еді.

Артынша Шоң Әлпейісті шақыртып алған болатын. Ол барайын ба, бармайын ба деп, ойға беріліп, «болыс шақырып отыр, бару керек» дегенге тоқтап, келген еді. Шоң тілін алмаған адамға өшігіп алатынын, қаһарына іліккен адамды оңдырмайтынын және білетін. Бармаса Ақмоладан стражник шақыртып, апарып қаматып қоятынын сезіп, амалсыз қорыққанынан келген. Бармағанымен бәрібір, Шоңнан құтыла алмайтынын білді. Ақыры келген. Тамақ істетіп қойған екен. Ет желінді, қымыз ішілді. Әлпейіс көңіліне Шоңның мына қылығы бір сенім кіргізді. Ол әлі Қабденмен кездескен жоқ болатын. Жай бір шаруамен шақыртып отыр деген ойға тоқтаған. Әуеліде қысыла-қымтырыла сөйлегенімен, кейін еркіндікке кетті. Ашығына көшкен.

– Шоңке, осы сіз мені неге шақырдыңыз?

– Мен сенен үйімді неге өртегеніңді білгім келеді. – Сөзді турасынан ашық қойған.

– Шоңке, оны сізге кім айтты?

– Мен өз көзіммен көрдім.

– Тап сол уақытта ұстамай, енді жала жауып отырсыз!

– Сен өртеген жоқсың, бірақ өртеткен сенсің!

– Шоңке, мынауыңыз көрмей, білмей, жала ғой.

– Әлпейіс, сені мен босқа кінәлап отырған жоқпын. Сенің жүйріктеріңді алған мен емес, губернатор, мықты болсаң өкпеңді айтып, соған жаз. Ана менімен бірге оңтүстікке барған болыстарға не істегенін естідің ғой. Мен соны күн ілгері білдім. Екі-үш болысты Герасимов шақыртып алып, жауып қойғанын естіген шығарсың. Мен ондайға ұрынғым келмейді. Содан кейін сендерді қыстым. Менде не шаруаң бар? Соны менен көріп, үйімді неге өртейсің?

– Шоңке, сізді кінәлап отырған ешкім жоқ, сіз де мені орынсыз кінәламаңыз…

– Сен өртеген жоқсың, бірақ ана жігіттерді жұмсап, өртеткен сенсің ғой. Есіңде болсын, Әлпейіс, онымен есең қайтпайды.

Әлпейіс аузына сөз түспей отырып қалды. Сәлден соң Шоң:

– Олай болса, ояз сотының алдына барып сөйлесейік.

Мына сөзді естігенде Әлпейістің зәресі кетті. Сонау Кенесары заманынан бері талай адамдар Сібірге айдалып, көбісі із-түссіз кеткен.

Шоң айтса, оның сөзін анау отырған ояз өтірікке шығармайтынын біліп отыр еді. Ояз қиналмайды, Сібірге айдайды да жібереді. Көз алдына өзі көрмесе де, ел айтып жүретін Сібір елестеп кетті. Шоңның айтқанын ояздың екі сөзге келмей орындайтынына күмән жоқ. Қазір мына сөзді сонсоң айтып отыр деп бағалаған Әлпейіс.

– Шоңке, мен айттым ғой, өртке ешқандай қатынасым жоқ. Сіз сенбей отырсыз ба?

– Менің әбден көзім жетіп, содан кейін сені шақырып айтып отырмын саған.

Әлпейіс сөз таусылғандай отырып қалды.

– Сен неге үндемейсің?

Әлпейіс мына Шоң бәрін біліп алып, мені шақырып отыр екен ғой деп ойлады. Сөзі бітіп қалғандай болды. Содан кейін айтқан:

– Амалым жоқ, сіздің айтқаныңызды орындауға тура келеді. Сіз болыссыз, менен күштісіз. Кез-келген жерде ояз сіздің дегеніңізді жасайды.

Шоң мынаның ақталу үшін, бір далбаспен айтып отырғанын білді.

– Үйімді маған ренжіп өртегеніңді біліп отырмын. Сен өзің сөзді көбейтіп жібердің ғой. Олай болса, сен кінәлі емес екеніңді сот алдында дәлелде. Кінәсіз болсаң, ешбір адам саған күйе жаға алмайды.

– Шоңке, сіз мықтысыз, мен әлсізбін. Сондықтан сіздікі әр уақытта дұрыс болып шығады.

– Сен, Әлпейіс, бос сөз сөйлемей отыр. Сенің кінәң жоқ болса ешкім саған кінә қоя алмайды. Жазығыңның жоқ екенін сот алдында дәлелдеп шық деп айтып отырмын ғой…

– Шоңке, сіз айтып отырғанда менікін олар дұрыс демейді. Олай болса, қазақшылық жолмен шешейік.

Мынасы әбден мойындамау екенін түсінді Шоң.

– Сонда билердің алдына барайық дейсің бе?

– Билердің маған көзқарасын білесіз…

– Енді маған не істе дейсің?

Әлпейістің мойындап қалғанын Шоң енді біржола сезді. Содан кейін айтқан:

– Менің қояр талабым – үйдің құнын төле!

Болыстың соңынан қалмайтынын түсінген ол, содан кейін отырып:

– Біз туыс адамдармыз. Сіздің басыңызға түскен бір ауыртпалықты көтеріп, бір үйді қайыра салып берейін. Тек сіздің көңіліңізде күдік қалмасын. Ояз судьясына сізбен бару маған да, сізге де ұят болар. Елге де сездірмей-ақ қояйық, – деді Әлпейіс.

– Сен мына істі мойындап емес, менен қорыққаннан жасап отырған адамға ұқсайсың. Мен анық-қанығына жеткен соң, сені шақырып айтып отырмын. Тағы да айтамын, сен оған түсін. Сен өзің келіп, әдейі өртеген жоқсың. Бірақ сен жұмсаған адамдар жасады. Дұрыс айтасың, екеуміздің сот алдына барғанымызды естіген жұрттан ұят. Сені мен дұрыс түсініп отырсың. Мен сені сот, билер алдына апарып әуре етпейін. Сені де, мені де ел ертеңгі күні мазақ етеді. Оған бармай-ақ қояйын. Сен мына өртеніп кеткен үйді қалпына келтіріп бер, күз түскенше.

Әлпейіс әлде де анық-канығына жеткісі келіп:

– Шоңке, тура мені мойындатқандай етіп сөйлеп отырсыз. Мен әлгі сөзді ұялғаннан айтып отырмын. Олай болса, алдымен мен жұмсаған адамды әкеп көрсетіңізші.

– Сен одан түк ұтпайсың. Қажет болса уақытында ол да болады. Оны қажет етсең, мен оларды тура сот алдына шақырамын. Қазір ел алдында көрсетіп оларды әшкерелегім келмейді. Жұрт алдында оларды ұялтқым келмей отыр.

– Шоңке, сонда да құрып кеткенде атын айтыңызшы…

– Оның аты неге керек саған? Кім екенін өзің білесің, – Шон қазір барып соны кінәлағалы отырғанын білді. – Сен оған барып тиіссең, шаруа басқаша бет алады. Біліп отырсың ба? Ең дұрысы, жабулы қазан жабулы қалсын істегім келеді. Мен ешкімге айтпаймын. Үн-түнсіз үйді қайыра салып бер.

Әлпейіс Шоңның бәрін біліп отырғанын білді. Бұдан кейін үндеген жоқ, орнынан тұрып үйден шығып кетті. Шоң оны тоқтатқан жоқ. Түк демей қалды. Қабденге барып мені саттың деп айтса, мұның арты тіптен шиеленісіп кететінін білді Әлпейіс. Қабден үйіне барған жоқ. Одан түк шықпайтынын білді. Шоң оны да мойындатып, барлық шындықты біліп отырғанын сезді. Айдап отырып Телқозыға барды. Онымен оңашалап отырып сөйлескен еді.

– Мына болыс балаң маған үй өртеді деп жала жауып отыр. Не істеймін?

– Шоң олай десе оның дәлелі бар шығар. Мен оған не айтамын?

Телқозының мына сөзінен кейін Әлпейістің айтары бітіп қалды да:

– Иә, болыстікі әр уақытта дұрыс. Телеке, сіздің балаңыздың қолында үлкен күш бар. Сондықтан да оның айтқандары қай жерде болмасын шын дейді. Ал менікі кисық болып шығады. Сондықтан да, мен осы шаруаны қоздырмай, сіздерге елу жылқы берейін. Сонымен жылы жауып қояйық.

Телқозы мынаның әбден мойындап келіп отырғанын білді. Қайтсе де үй құнын төлейтінін сезді. Соған орай айтқан болатын өз ойын:

– Шоңға ол үй оңайлықпен түскен жоқ. Жүзден артық жылқы кетті базарға. Егер келісімге келсең, жүз жылқы бер. Содан кейін онымен өзім сөйлесейін.

Әлпейіс амалсыз көнген еді. Сол күні Телқозы Шоң үйіне келді. Үйдің түгі қалмай өртеніп кеткенін алдында келіп көрген еді. Іші ауырған. Енді өртеуші ұсталды. Аямай құнын төлету керек екенін ойлап келген баласына. Телқозынын көмейі кең еді. Енді тұрып өкінді. Алдында Әлпейістен екі жүз жылқы сұрамаған екенмін деп ойлады. Соған өкінгендей болып келген Шоң үйіне. Сөз бастаған.

– Әлгінде маған Әлпейіс келді. Үй құнына жүз жылқы беремін дейді. Мен оған келіскім келмей отыр. Екі жүз жылқы сұрасақ қайтеді?

– Телқозы, екі жүз жылқы көптеу болады. Сол жүз жылқысын ала бер. Мен келесі жылы ол жылқыларды базарға сатқызып үйді қайыра салғызамын. Сол дұрыс. Әйтпесе, жұрт құлағына тиіп, Шоң Әлпейістен өртенген үйі үшін екі жүз жылқы алыпты дейді. Ондай сөзді естігім келмейді. Ол да соны ойлап отырған болуы керек.

Шоң мына істі қалың елге Әлпейіс үй өртеді деген сөз жайылып кетпесін деп әдейі жасап отырғанын білді Телқозы. Онысы дұрыс деп ойлаған. Болысқа ерегісіп үйін өртеп кетті деген сөз жаман екенін ол да сезіп отыр еді.

Ертеңіне Шоң да, Телқозы да үй балалардың тастаған шырпысынан өртеніп кетті деп жүрді. Ел бұған сенді. Содан ба, болыс үйінің өртенгеніне айтар сөзі жоқ ел онша мән бермеген еді. Әлпейіс ешкімге сездірмей Телқозыға жүз жылқыны айдап әкеп берген. Бұл туралы үшеуінен басқа тірі жан білген жоқ. Шоң үлкен күлкіден, Әлпейіс соттан арашаланып қалды. Телқозы жылқылары тағы жүз жылқыға көбейді. Жүз емес, тағы біраз жылқы қосылды. Ағайындық көмегіміз деп ел тағы да біраз жылқы әкеп берді Телқозыға. Ол Шоңға сездірмей, оларды ала берді.

Шоң үй өртенген Жартоғайды сәтсіз жер деп есептеп, өзінің ежелгі қонысы Қызылағашқа көшіп келген еді. Енді келер жылы үй салуды басқа жерден бастаймын деп жүргенде бас ауруы күшейіп, кейінге сырғыта берді. Сөйтіп, жаңа үй салынбай қалды. Шоңның қалған өмірі Қызылағашта өтті.

Ел Шоңы. Бесінді. III кітап

Подняться наверх