Читать книгу Жалпы гидробиология - Б. Минсаринова - Страница 1

АЛҒЫ СӨЗ

Оглавление

Қазақстан Республикасы Еуразия аймағындағы континенталды (құрлықтағы) суқоймаларына біршама бай елдердің алдыңғы қатарынан орын алады. Бұл суқоймалары халқымызды ішкі нарықта балық өнімдерімен белгілі бір дәрежеде қамтамасыз ететіні белгілі. Соңғы жылдары табиғи су көздерімен қатар, жасанды суқоймаларында да балық шаруашылығын дамыту қолға алынуда. Суқоймаларын жан-жақты ойдағыдай пайдалану үшін оларда мекендейтін су жануарлары мен өсімдіктер қауымдастықтарының түрлік құрамын, олардың биологиялық өнімділігін, суқоймаларының ластану дәрежесін, гидробионттардың қорын тиімді пайдалану және оларды қорғау мәселелеріне үлкен көңіл бөлінуі керек.

Қазіргі таңда заман талабына сай жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде білім алатын студенттер мен магистрантар саны жылдан-жылға артуда. Оларды сапалы оқулықтар және оқу құралдарымен қамтамасыз ету кешіктірмей қолға алатын жұмыстардың негізгісі (бастысы) болып табылады. Еліміздің бірнеше (5-6) жоғары оқу орындарында Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау мамандығы бойынша студенттер мен магистранттар білім алуда. Бұларға осы мамандыққа сәйкес оқылатын негізгі әрі міндетті пәндердің бірі – Гидробиология пәні. Бұл пән Жалпы гидробиология, Арнаулы гидробиология және Санитарлық гидробиология деп оқытылады. Өкінішке орай, осы пәндер бойынша мемлекеттік тілдегі оқулықтар мен оқу құралдары өте аз. Мүлдем жоқ деп айта алмаймыз, өйткені аймақтық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мамандары жазған оқу құралдары болуы мүмкін, бірақ олар сол оқу орнынан ары қарай, сол аймақтан сыртқа шыға алмайтын болуы керек (қандай себебі бары бізге белгісіз). Осыған орай, осындай олқылықтың орнын толтыру үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары осы пәндерді оқытудағы көп жылғы тәжірибелеріне сүйене отырып, жоғарыда көрсетілген пәндердің біреуі бойынша (Жалпы гидробиология) жазылған оқу құралын ұсынып отыр.

Гидробиология – тұщы және мұхит суларындағы тіршіліктің барлық көріністерін зерттейтін ғылыми пән. Сонымен қатар ол қолданбалы мәселелермен де (биогигиена, сумен жабдықтау, суды биологиялық жолмен тазалау және т.т.) айналысады. Осыған орай, оқу құралын жазуда авторлар өздерінің жеке тәжірибелеріне ғана сүйеніп қоймай, гидробиология ғылымының жаңа жетістіктеріне және жақын әрі алыс шетелдерде жарық көрген түрлі әдебиеттерге де сүйенді. Оқу құралы тек теориялық қана емес, сонымен қатар практикалық мәселелерде, атап айтқанда осы пән бойынша тест сұрақтары, зертханалық сабақтарды орындауға нұсқаулар, өз бетінше дайындайтын тақырыптар да және т.т. қарастырылған. Бұлардың барлығы студенттің сапалы білім алуына әрі білікті маман болуына көмегін тигізетіні сөзсіз. Студент оқу құралымен жұмыс жасауы керек, сондықтан да ол білім алу үшін қызық болуы керек, оқылуы әрі меңгерілуі тиіс. Білім алушыға жолсерік болып, ол жатталмауы тиіс және дәрістер жиынтығы болмауы керек. Бұл қазіргі күн талабынан туатын қажеттілік және казіргі білім алу жүйесі студентке өз бетінше көп дайындалуды қажет етеді.

Оқу құралы балық шаруашылығы, биология, экология және ауылшаруашылығы салалары бойынша білім алатын студенттерге, магистранттарға және осы пәнге қызығушылық танытатын басқа да оқырмандарға арналған.

Оқу құралында пайдаланған түрлі схемалар мен суреттер оқулықтық соңында көрсетілген әдебиет көздерінен және интернет сайттарынан алынды.

Оқу құралы жайында пікір-тілектерін білдіреміз деген азаматтарға алдын ала үлкен рахметімізді айтамыз және мекен-жайымызды көрсетеміз: Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 71, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, биология және биотехнология факультеті, Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасы.

Электронды пошта – E-mail: b-eszhanov@mail.ru

Баян Минсаринова, Бірлікбай Есжанов

Жалпы гидробиология

Подняться наверх