Читать книгу Жалпы гидробиология - Б. Минсаринова - Страница 5

1-бөлім
ГИДРОСФЕРА – ТІРШІЛІК ОРТАСЫ ЖӘНЕ ОНЫ МЕКЕНДЕУШІЛЕР
2-тарау
СУҚОЙМАЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ МЕКЕНДЕУШІЛЕР
2.2. Континенталды суқоймалары және оларды мекендеушілер

Оглавление

Континенттік суқоймалары табиғи және жасанды болуы мүмкін. Табиғи суқоймалар – көлдер, өзендер, батпақтар, ал екіншілеріне жасанды суқоймалар – бөгендер мен тоғандар жатады. Континеттік суқоймалары тұщы сулы (тұздылығы 0,5‰) сирек – ащылау сулы (тұздылығы 0,5-30‰) және тұзды (ащы) көлдер – (тұздылығы 40‰) болып бөлінеді. Тұщысуларда өсімдіктерден көк жасыл, диатомды және жасыл балдырлар, сол сияқты макрофиттер өседі. Жануарлардың 63-65 класынан континеттік суқоймаларда 19-21 класының өкілдері кездеседі. Олар: қарапайымдылар, коловраткалар, азқылтанды буылтық құрттар, бұтақмұртты, онаяқты және ескекаяқты шаянтәрізділер, құрсақаяқты және тақтажелбезекті моллюскалар, насекомдардың дернәсілдері және балықтар.

Көлдер. Көл деп жер бетіндегі суға толған теңізбен тікелей байланысы жоқ, су алмасуы нашар болатын қазаншұңқырлар мен ойыстарды айтады. Бұл анықтамаға сүйенсек, Каспий, Арал теңіздерін де көлдер қатарына жатқызуға болады. Көлдердің пайда болуы шұңқырға келіп құйылған судың мөлшері (сіңуі және булану) көп болған жағдайда жүзеге асады. Шығу тегіне қарай көлдер мұздық, тектоникалық, реликті, карстылық немесе ойылған көлдер деп бөлінеді. Мұздық көлдер мұздықтардың эрозиялық әсерінен, әсіресе плейстоцен кезінде пайда болған. Мұздықтардың еруі кезінде көп мөлшерде тау жыныстары (саз, балшық, малта тас, құм) тасымалданған және морена түрінде шөгінділер қалып отырған. Тектоникалық көлдер (Байкал, Телец көлдері және басқалары) жер қабатының жылжуы және ойылуы немесе жер қыртысының опырынды ойыстарында зілзала және басқа да тектоникалық құрылыстар кезінде пайда болады. Әдетте, бұл көлдер терең, созылыңқы және ауданы үлкен болып келеді, мысалы, мұндай көлдер Солтүстік Даувага суалабында, Еділ – Онега су айрығында кездеседі. Реликті көлдерге – қалдық көлдер (мысалы, Каспий мен Азов көлдері кезінде болған Сармат көлінің қалдығы, кейіннен олар Қара теңізден құрлықтың көтерілуіне байланысты бөлінген), ал карстық көлдер тау жыныстарының, әсіресе известняктың, еруінен пайда болады. Бұл көлдердің қазаншұңқыры әдетте аса үлкен болмайды, кейде терең болады. Теңіз жағалауларында көл сияқты суқоймалары лагундар мен лимандар болады. Алғашқысы теңізден бөлінген шығанақтар, екіншілері теңізден жайылған судың құмды мүйіспен бөгелуі нәтижесінде пайда болатын көл.

Қазаншұңқырларының қалыптасу сипатына қарай көлдер бөгелген немесе тоғандалған, шұңқырлы және аралас көлдер болып бөлінеді. Бөгелген көлдер өзен аңғарларын тау көшкіндері, сырғымалар, мұздықтар, шөгінділер басып қалған жағдайда пайда болады. Мысалы, Іле Алатауындағы Көлсай өзеніндегі көлдер – Төменгі (Бірінші) Көлсай, Орта (Екінші) Көлсай, Жоғарғы (Үшінші) Көлсай, Есік өзеніндегі Есік көлі осыған мысал болып табылады. Аралас текті көлдер жер бетінде көптеген факторлардың әсерінен пайда болған. Мысалы, көптеген тектоникалық көлшұңқырлар кезінде мұздықтардың әсерінен айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Ладога, Онега және Телец көлдерінің тегі аралас болып келеді.

Көлдер қоректену сипатына қарай ақпа және тоспа (тұйық) деп екі топқа бөлінеді. Екі типтегі көлдердің суға толу көздері жауын-шашын, еріген қар, өзендер. Ақпа көлдер белгілі өзенге бастау болса, тұйық көлдерде ешқандай су көзі ағып шықпайды, су тек булануға ғана шығындалады.

Көл қазаншұңқырында суасты террассасы болады, ол құрлықтан баяу төменделуімен сипатталады. Одан кейін ол тік жарға жалғасып – құлама беткей болып келеді, ол бірте-бірте жайлап қазаншұңқырға ауысады, оны көлдің табаны немесе көл табақшасы деп те атайды. Көл табанында жаға, жағалау және тереңдік бөліктері болады. Жаға – көлді қоршай орналасқан беткей түріндегі құрлықтың бір бөлігі. Жағаның етегі толқын әрекетінің жоғары шегарасында орналасқан. Ол біртіндеп бұзылуының нәтижесінде құрлыққа қарай шегінуге мәжбүр болады. Жағалау – толқындар әрекетінің зонасы. Бұл зонаның тек күшті толқын кезінде ғана жағаға жететін құрғақ жағалау бөлігі болады. Су деңгейінің көтерілуіне қарай әлсін-әлсін су астында қалып отыратын бөлігін суасты жағалауы деп атайды (5-сурет).


5-сурет. Көлдердің бенталы мен пелагиалының экологиялық зоналары: А) Зернов бойынша,1949; Ә) Ruthner бойынша,1962 (А.С. Константиновтан алынған, 1986).


Көлдің бенталі жағалау және жағалаулық қайраңды қосып, жағаға жақын белдем немесе литораль деп атайды. Көлдің терең бөлігін профундаль дейді, ол көл табанының ең терең, толқын әсері жетпейтін бөлігінде орналасқан. Литораль мен профундаль арасындағы өтпелі аймақты, ол өсімдіктердің суда кездесетін шекарасына дейін, сублитораль деп атайды. Литоральда макрофиттер өте күшті дамыған, оттек мөлшері төмен, ал жаздың басы мен қыстағы стагнация кезінде оттек болмайды. Көлдің пелагиалы террасаның үстіндегі жағалау маңы және негізгі пелагиалға – құлама беткей мен қазаншұңқырдың үстіңгі бөлімі – болып бөлінеді.

Стагнация кезінде көлдегі су массасы тігінен – тік үш қабатқа бөлінеді: жоғарғы қабат – эпилимнион – бұл қабатта маусымдық және тәуліктік температураның кенеттен ауытқуын байқауға болады; төменгі қабат – гиполимнион, мұнда жыл бойына температура баяу өзгереді және аралық қабат – металимнион температуралық секіріс қабаты. Литораль көлде жақсы жетілген, онда макрофитер (қамыс, қоға) қаптап өседі. Гиполимнионның су массасы эпилимнионмен салыстырғанда шағын болады, оттек мөлшері төмен, жаздың басындағы және қыстағы стагнация кезінде оттек жойылып кетеді.

Өткен ғасырдың 20 жылдарында Тинеманн және Науманн ұсынған биологиялық класификациясы бойынша тұщы су көлдері эвтрофты, мезо-, олиго- және дистрофты деп бөлінеді.

Эвтрофты (қоректі) көлдерге терең емес (10 – 15 м), сулары қоректік заттарға бай жазықтық көлдер жатады. Бұларда жаз айларында фитопланктон жақсы дамиды, соған сәйкес бактериопланктон, зоопланктон, зообентос және балықтар мол болады. Органикалық қалдықтардың едәуір бөлігі су түбіне органикалық заттарға бай күшті лай қабатын түзей отырып, шөгеді. Сутүбі грунты лайлы, су мөлдірлігі нашар, түсі жасылдан қоңыр жасылға дейін болады. Литораль жақсы дамыған, макрофиттер өте күшті өседі. Гиполимнионның су массасы эпилимнионмен салыстырғанда аз, оттекке кедей, ал стагнацияның басында тіпті мүлдем болмайды десек те дұрыс. Бұл топқа, негізінен, шағын, су қабаты жазда түбіне дейін жақсы жылитын көлдер жатады.

Олиготрофты (аз қоректі) көлдерде биогендердің суға түсуі шамалы, сондықтан фитопланктон аз және соған сәйкес бактериопланктон, зоопланктон, зообентос және балықтардың да саны аз. Бұларға көпшілік жағдайда кристалдық тау жыныстарының ортасында орналасқан терең көлдер жатады. Гиполимнион эпилимнионнан асып түседі, оттекке бай. Терең көлдердің гиполимнион табанындағы шөгінділерде органикалық заттар өте аз, осыған орай олардың оттекке қанығуы 60-70 % – дан аспайды. Судың мөлдірлігі жоғары дәрежеде көк және жасыл түсті болады. Литораль шамалы дамыған, сутүбі шөгінділері органикаға кедей.

Мезотрофты көлдерге олиготрофты және эвтотрофты көлдердің аралықтарындағы орын алатын көлдер жатады.

Дистрофты (қорек жеткіліксіз) көлдерге көпшілігінде батпақтанған алаптардағы таяз, шалшықтанған грунттары шымтезектен түзілген, планктон, бентос өте нашар дамыған, балықтар мүлдем кездеспейтін көлдер жатады. Судың мөлдірлігі өте төмен: түсі сары, қошқыл немесе қоңыр болып келеді. Дистрофты көлдер, әдетте, уақыт өткен соң шымтезекке толып батпаққа айналады. Табиғаттағы көлдерді осындай топтарға бөлу өте қиын. Сондықтан мұндай көлдерді жіктеген кезде, негізінен, олардағы биоалуантүрліліктің сандық мөлшері және гидробионттардың даму жағдайы, суқоймаларының гидрологиялық және гидрохимиялық ерекшеліктері ескеріледі.

Тіршілік жағдайлары. Көлдегі негізгі абиотикалық факторларға – судың қозғалысы, температура, жарықтың дәрежесі, суда еріген заттар және грунттың ерекшелігі жатады. Судың қозғалысы ағыс, толқындау және иірім түрінде болады.

Көлдің температуралық режимі оның географиялық орна-ласуына және судың тік бағытта айналу ерекшеліктеріне байланысты. Сонымен қатар судың араласуына жел және толқындарда үлкен маңызға ие болады. Қоңыржай ендіктегі көптеген көлдерде жазда да, қыста да температуралық дихотомия байқалады және осыған сәйкес судың тығыздық стратификациясы болады. Нәтижесінде судың тік бағытта айналымы бұзылады және суқоймаларында тоқырау кезеңі немесе стагнация басталады. Көктемде судың суық жоғары қабаты +4ºС-қа дейін жылынады, оның тығыздығы артып, ол төмен түсе бастайды. Оның орнына төменнен біршама суық, бірақ тығыздығы төмен су қабаты көтеріледі. Су айналу нәтижесінде суқоймаларында судың барлық қабатында температурасы біркелкі + 4ºС болатын гомотермия басталады. Ары қарай судың үстінгі қабатында температураның артуымен байланысты оның тығыздығы кемігендіктен ол тереңге түспейді. Бірте-бірте жылына бастағаннан температуралық дихотомия күшейеді. Жылы және суық шекарасын термоклин деп атайды және бұл шекара бірте-бірте жайлап төмендей береді. Жаздық стагнация басталады. Күзде судың беткі қабаты суып, тығыздылығы артып ол термоклиннен төмен түседі, су араласып күзгі гомотермия басталады. Судың беткі қабаты +4ºС-тан төмендей бастағанда олардың тығыздығы кеміп, тереңге батпайтын болады, күзгі айналым аяқтала бастайды, суқоймаларында қайтадан температуралық дихотомия тұрақталады. Қыстық стагнация басталады.

1982 жылы Ф. Форель көлдерді температурасына байланысты үш типке бөлді: қоңыржай (көктемде, күзде гомотермия толық байқалады), тропикалық (судың айналуы қыста – судың жоғарғы қабатының температурасы 4ºС-тан жоғары ), полярлық (судың айналуы жазда – температура 4ºС-тан төмен).

Жарық біршама тереңдікке дейін тек олиготрофты көлдерде жетеді және судың мөлдірлігі 40 мге дейін болады. Әдетте көлдегі судың мөлдірлігінің 2-3 м-ден асуы өте сирек болады және жарық ең үстіңгі қабатта сіңіріледі. Бұндай құбылыс ағысы баяу болатын, өте күшті гумустелген дистрофты көлдерде байқалады.

Көлдердің басым көпшілігі тұщы суларға жатады, (S<0.05 ‰), бір бөлігі ащылау (S=0.5-16‰ ), тұзды (S=16-47‰,) және өте тұзды болатын (S>47‰) суларда кездеседі. Тұздардың құрамына байланысты хлоридті, күкіртті, сілтілі көлдер болады. Тұщысулы көлдерде еріген карбонаттар (60 %-дай), сульфаттар, хлоридтер, нитраттар, кремнийдің, темірдің, марганецтің қосылыстары болады. Тұздылығы көлденең бағытта (Балқаш көлі) және тік бағытта (Молалы көлі) күрт өзгеретін көлдер де кездеседі.

Олиготрофты көлдерде судың оттекпен қанығуы 1-2 мг/л шегінде, ал дистрофты көлдерде ол 60 мг/л-ге дейін көтерілуі де мүмкін. Сутек иондарының концентрациясы аз минералданған тұщысулы көлдерде әдетте бейтараптылыққа жақын, ал біршама минералданғандарда рН 8-9-ға дейін көтерілсе, дистрофты көлдерде бұл көрсеткіш бұдан төмен (рН 5,5-6).

Гидробионттар үшін газ режимі олиготрофты көлдерде қолайлы, өйткені бұл көлдерде оттектік режим судың барлық қабатында қалыптыға жақын және күкіртті сутек жоқ. Эвтотрофты көлдерде оттектік режим көктем мен күзде гомооксигения құбылысы бар кезде қолайлы болып табылады. Қыс пен жазда, стагнация кезінде, гиполимнионда оттектің мөлшері күрт азаяды, сутүбіне жақын жерде тіпті 0-ге дейін төмендейді. СО2-ның орналасуы қарама-қарсы сипатқа ие. Су бетінде ол аз, тереңге қарай оның мөлшері қалыптыдан бірнеше есе артуы мүмкін. Сутүбіне жақын жерлерде күкіртті сутек жиі кездеседі. Мезотрофты көлдерде газ режимі олиготрофтыларға біршама жақын, ал оттек су қабатында аз болады.

Көл грунттары автохтонды және аллохтонды деп бөлінеді. Алғашқысы көлдің өзінде бұзылған жағалаулардан түскен өнімдерінің және өлген организмдердің қалдықтарының жиналуы нәтижесінде түзіледі. Екіншілері өзендермен (лай, құм қиыршық тастар, майда тастар, қой тастар), желмен (құм, шаң) және басқа да жолдармен әкелінген түрде түзіледі. Аллохтонды грунттар көлдердің жағалау маңы аймағына тән болса, автохтондылар сублитораль және әсіресе профундалға тән болады. Көлдердің грунттарындағы органикалық заттардың мөлшері әдетте өзен қалдықтарына қарағанда жоғары болады. Органикалық заттар өте көп болатын көл грунттары оттектің қатысуынсыз кейде майларға, балауыз сияқты және азотты заттарға бай болатын супробель деп аталатын жұмсақ коллоидты массаға айналады.

Көлдерді мекендеушілер. Көлде мекендейтін организмдерді лимниобионттар дейді. Көлдерді мекендеушілерінің саны да, дамуы да олардың географиялық орналасу жағдайына, шығу тегіне, қазаншұңқыры мен гидрологиялық және гидрохимиялық факторларына байланысты өзгеріп отырады.

Фитопланктондардың ішінен жиі кездесетіні диатомды, ал жақсы жылынатындарда жасыл және көк жасыл балдырлар. Қыста фитопланктон нашар дамиды, таралуында стратификация байқалмайды. Көктемде диатомды балдырлар жаппай көбейе бастайды, сонан кейін олардың орнын жасыл балдырлар басады. Жаздың басында көк жасыл балдырлар жаппай көбейеді, күзге қарай олар өледі, осы кезде диатомды балдырлардың екінші көбеюі басталады. Олардың вегетативтік формалары сутүбінде қыстайды және көктемде қалқып шығып, судың «көктеуіне» алып келеді. Жасыл және көк жасыл балдырлар циста және спора фазасында қыстайды. Олардың вегетативтік формаға айналуына біршама уақыт қажет болады, осыған орай олар планктонда диатомды балдырлардан кейін дамиды.

Көлдердің зоопланктоны, негізінен, түссіз талшықтылардан, инфузориялардан, коловраткалардан, бұтақмұртты және ескекаяқты шаяндардан тұрады. Суықсулы көлдерде коловраткалар мен ескекаяқты шаяндар басым болса, бұтақмұрттылардың түрі де, саны да аз не мүлдем болмайды. Мұндай жағдайларды Есік көлі мен Көлсай көлдерінен байқауға болады. Зоопланктон жаздың ортасында балдырлар жаппай дамығанда ең көп болады. Коловраткалар, әдетте, шаянтәрізділермен салыстырғанда ерте пайда болады. Планктондардың саны мен биомассасы беткі қабатта мол болады. Десе де жыл маусымына қарай олардың тік бағытта орналасуы өзгеріп тұрады. Зоопланктонның тік бағыттағы стратификациясы жылдың жылы кезінде анық, ал қыста әлсіз білінеді.

Нейстон мен плейстон көлдерде басқа континенталды суқоймаларына қарағанда бай болып келеді. Судың үстіңгі тартылыс қабатының бетінде сусынаптар-кандалалар (Gerris, Hydrometra, Velialis), айналма қоңыздар (Gyrinus), шыбындар (Ephydra) жүгіріп жүреді. Осы қабаттың астыңғы бетінде Hudrophilidae қоңыздары мен Notonecta қандалалары жүгіріп жүрсе, Limnae, Cyclops моллюскалары мен Scapholeberis шаяндары ақырын жылжып қозғалады, Culex және Anopheles масаларының және басқа да көптеген насекомдар мен балықтардың дернәсілдері ілініп, салбырап тұрады (6-сурет).


6-сурет. Нейстон өкілдері:

1 – суаршын қандаласы – Hydrometra, 2 – су қандаласы – Notonecta, 3 – косқанаттылар – Stratiomylidae дернәсілі, 4 – суайналғыш қоңыз – Gyrinidae, 5 – сусүйгіш қандала – Hydrophilidae, 6 – Culex масасының дернәсілі, 7 – cу сүңгуір қоңызы Dytiscus дернәсілі, 8 – моллюска – Limnea (А.С. Константинов бойынша, 1986)


Көлдердің бентосы түрлік құрамы және саны жағынан литоралда жақсы дамиды. Сублитораль мен әсіресе профундалда ол аз кездеседі. Себебі түптік жасыл өсімдіктер көлдерде тек саяз жерлерде ғана өседі, яғни түптік аймақта гетеротрофты бентонттарға қажетті қорек заттары кедей болады. Жағалауда 1-2 м тереңдікте суүсті өсімдіктер – қамыс, құрақ, жебежапырақ, қоға және басқалары өседі. Ары қарай жапырақтары қалқымалы өсімдіктер (тұңғиықтар (ақ, сары), шыландар және басқалары) аймағы басталады. Олар 2-2,5 м тереңдікке дейін өседі. Одан ары тереңге қарай суда батып өсетін өсімдіктер (көптеген шыландар, су сарғалдақтар, т.т.) және тек гүлдегенде ғана гүлшоғырлары су бетіне қалқып шығатын өсімдіктер көптеп кездеседі. 40-50 м тереңдікке дейін балдырлар мен мүктер өседі.

Көлдердің зообентосы фитобентос сияқты литоралда өте бай, профундалда кедей болып келеді. Көлдердің толқын ұратын жағалау маңындағы үстін балдырлар жапқан тастарда литофилді насекомдардың дернәсілдері көптеп кездеседі.

Олардың арасында хирономидтер (Cricotopus, Psectrocladius және Trichocladius), жылғалықтар (Apatelia, Apatania және Leptocerus), біркүндіктер (Heptagenia) мен көктемдіктер (Perlodes), сол сияқты құрсақаяқты моллюскалар – Radix ovata, су кенелері және т.б. болады. Толқын ұратын құмды литоралда зообентос аз және біртекті, өйткені бұл жерде тіршілік жағдайы өсімдіктердің болмауына байланысты және грунттың қозғалғыштығына қарай өте қолайсыз. Бұл биотоп үшін псаммофилді формалар тән. Олардың қатарына олигохеттерден Propappus volki, Bezzia және Culicoides масаларының дернәсілдері, немтодтардың кейбір өкілдері тән. Толқын әлсіз жерлерде жоға-рыда көрсетілгендердің қатарына Stictochironomus масасының, Onychogomphus инеліктерінің, Molanna және Anabolina жылғалықтардың дернәсілдері, сол сияқты Anodonta қосжақтаулы моллюскалар қосылады. Толқын жоқ не мүлдем болмайтын жерлерде грунт тұрақталады, лай басу жүреді және зообентос біршама көп бола бастайды. Зообентоста лимнофилдер – Tubifex және Peloscolex олигохеттері, Chironomus, Glyptotendipes масаларының, Ehpemera біркүндіктердің дернәсілдері, Pisidium моллюскалары басым болады.

Нектон тек балықтардан тұрады. Көлдердің ихтиофаунасы, негізінен, тұрақты, көлдік-өзендік балықтардан құралған. Солтүстік және биік тау көлдері албырт балықтарына, оңтүстік аудандарда, әдетте, тұқытектестер мол болады. Түрлік құрамы бойынша, акклиматизанттарды есептемегенде, олиготрофты көлдердің балықтары сан алуан. Көлдердің жағалау маңы ихтиофаунасы суқоймаларының ашық айдындарына қарағанда бай болып келеді. Өйткені соңғысында қоректену жағдайы нашар, сонымен қатар жыртқыштардан жасырынатын жерлер жоқ.

Өзендер деп белгілі бір дәрежеде айқын қалыптасқан тұрақты арнасы бар, өзінің су жинау алабына түсетін атмосфералық жауын-шашындар мен жерасты суымен толатын ағын суды айтады. Өзендер құрлықпен Әлемдік мұхиттың арасындағы су алмасу процесіне қатысушы буын болып табылады. Мұхиттан буланған су құрлыққа жауған жауын-шашын түрінде өзен арқылы қайтады. Өзендерде су массасы өзеннің бастауынан сағаға дейін ағып келеді, оған себеп олардың теңіз деңгейінен әртүрлі биіктікте орналасу айырмашылығы, яғни тарту күшінің әсері арқылы жүзеге асады.

Мұхиттарға, теңіздерге, көлдерге сулары құйылатын өзендерді – негізгі өзендер, ал суын бұларға құятын өзендерді өзен тармағы не салалары деп атайды. Негізгі өзенге суларын құятын барлық өзендер жиынтығы өзен жүйесін құрайды. Өзен жүйесі орналасқан құрлықтың бір бөлігі және басқа учаскелерден суайрықтар арқылы бөлінген учаскелер өзен суалабын (бассейнін) түзейді, ал ол су жинайтын жерлер сужинау ауданын құрайды.

Өзен деп бассейнінің ауданы 50 км2-ден 50 мың км2-ге жететін тұрақты әрі ірі су ағынын айтады. Ал мөлшері бұдан аз болатындар өзектер деп аталады. Су ағынының жағдайына қарай өзендер жазықтық, таубеткейлік және таулық деп бөлінеді.

Өзендердегі су режимінің негізгі сипаттамалары судың деңгейі мен оның шығыны болып табылады. Олардың өзгеруіне өзендердің сумен қоректенуі және сол жердің климат жағдайлары әсерін тигізеді. Жазықтарда көктемгі қар еру және жауын-шашын, таулы жерлердегі көктем мен жаздағы қар еру жылма-жыл белгілі бір кезде қайталанатын құбылыс су тасу деп аталады. Ол өзендердегі су деңгейін көтереді, су жағадан шығып жайылады. Күшті нөсер жаңбыр немесе қыстың жылымық күндерінде қардың еруі әдетте өзендерде тасқын тудырады, бұл дегеніміз – қарқынды, салыстырмалы түрде қысқа уақытта су деңгейінің көтерілуі.

Әр өзеннің бастауы болады, ол бастау жер астынан шығатын бұлақ, батпақ, көл, мұзарт немесе екі саланың қосылатын орны болуы мүмкін. Ағып өтетін жердің бедеріне байланысты өзендер екі топқа бөлінеді: жазық жер өзендері – биіктігі 300-500 метрлік ойпаттар мен жазықтарда ағады және тау өзендері – бедері 300-500 м-ден биік тау жоталары мен қыраттарды басып өтеді. Өзенді бастау көзінен сағаға дейінгі аралықты ағыс ыңғайымен үш бөлімге бөледі − жоғары, ортаңғы және төменгі ағыстар. Тау өзендерінің жоғарғы ағысында өзен арнасы тар, еңістігі біршама тік және ағысы жылдам болады. Жоғарғы ағыста өзен арнасын айтарлықтай жуып-шаю жүзеге асады және өзеннің түбі тасты болып келеді. Тек шамалы жерлерде негізгі грунттар тасымалданатын және тұнбаға түсетін материалдармен үстінен жабылады. Өзендердің бұл учаскелерінде сарқырамалар мен құламалар жиі кездеседі.

Өзеннің орта және төменгі ағыстарына ауысқан кезде арнаның еңкіштігі төмендейді, салаларынан су келіп қосылуының нәтижесінде су молаяды, суқозғалысының жылдамдығы төмендейді және құламалар мен өзен арнасының жалпақтау жері кезектесіп алмасып отырады. Десе де өзеннің орта ағысында оның арнасы кеңейеді, ағысы баяулайды, тік бұрылыстар мен иірімдер пайда болады. Өзен арнасы түзелген жағдайларда бөлініп қалған өзенмен байланысын үзген тік бұрылыстар ескі арнаға айналады. Ортаңғы ағыста өзеннің түбінің әр жерлерде негізгі грунт болады, негізінен, ол аллохтонды грунтпен төселінеді.

Өзеннің төменгі ағысында оның ені максимумге жетеді, ағыс жылдамдығы баяулайды, түбі тек аллохтонды грунтпен (құм, лай) төселінеді. Көптеген өзендер көлге немесе теңізге құяр алдында атырауға не сағаға (дельта) айналады. Бұл дегеніміз – көптеген қолтықтарға бөлінген және аралдары мен қайраңдары көп арна.

Өзен атырауы әдетте екі типке: сағаға және эстуарийге бөлінеді. Саға – тарамдалған, теңіздің тайыз бөлігіне келіп құятын өзеннің тасып әкелген шөгінділерінің нәтижесінде пайда болған атырау. Эстуарий – өзеннің теңіз жағына қарай кеңейе беретін шанақ тәріздес сағасы, ол теңіздің толысуы мен қайтуы болатын жағалауларға тән болады. Салалар әсеріне ұшырамаған эстуарийді лиман деп атайды.

Өзеннің атырау аймағы атырауалды, сағалық және теңіз кемері (сағалық емес) деп бөлінеді. Атырауалды учаскесі өзенге тән режимге ие, оның жоғары шекарасы болып өзеннің төменгі ағысындағы теңіз тасуының әсері жетпейтін жері саналады, төменгі шекарасы – негізгі арнаның салаларға бөлінетін жері, ал эстуарийлер – өзен суы мен теңіз суы араласатын белдем. Өзеннің сағалық учаскесі атырауалды учаскесінің төменгі шекарасынан теңіз етегіне дейін немесе эстуарийдің аралдық құрылымдарына дейінгі кеңістік. Теңіз кемері – шартты сызық, ол теңіз жақтан басталған дельтаның немесе суасты қайраңына орай жүргізіледі.

Өзен аңғары жер бетінде аса енді емес, әдетте ұзына бойы ирелеңдеп созылып жатқан ойыстау жер. Бірнеше аңғарлар бірімен бірі қосылып ірі аңғарлар құрайды, еш уақытта бір аңғар екінші аңғарды кесіп өтпейді. Өзен аңғары бірнеше бөлімнен тұрады – табан, тальвег (фарватер), арна, жайылма алқап. Табан өзен аңғарының тегіс келген еңістігі бар бөлігі, тальвег – аңғардың табанының ең терең нүктелерін қосатын сызық. Арна – өзен суы үнемі үздіксіз ағатын өзен аңғарының бір бөлігі. Жайылма алқап – өзен аңғарының тасқын немесе су тасуы кезінде су басатын бөлігі. Аңғардың беткейлері – өзен аңғарының екі жағалауын шектейтін еңістігіндегі өзен арнасына бағытталатын жерлер. Беткейлердің беті жыра, сай және басқа да жуып-шаю әрекеттерінен болған элементтерінен тұрады. Эрозиялық құрылымдар беткейлерді құрайтын топырақ құрамына, өсімдік жамылғысына және оның құламалығына қатысты өзгеріп отырады.

Аңғарлардың табаны мен беткейлерін құрайтын тау жыныстарының ерекшеліктеріне байланысты олардың ұзына бойы, көлденең кескіндері өзгеріп отырады. Таулы өзендердің аңғарларының негізгі типтері: шатқал – (тальвег) терең әрі тар аңғар, беткейлері әдетте тіп-тік, каньон – өте құлама беткейлі терең аңғар, әдетте табаны тар, таудан шыға берісте немесе тауларда кездеседі. Өзеннің көлденең ағыстарындағы жағалау бөлімі – рипаль, ортаңғы бөлімін – медиаль, ең үлкен ағысты жылдамдығы жоғары бөлігін – тұңғиық деп атайды.

Сонымен, өзендер құрлықпен Әлемдік мұхит арасындағы су алмасу процесінің байланыстырушы буыны болып табылады. Бұлар арқылы одан буланған су құрлыққа жауын-шашын түрінде түседі. Су ағынымен бірге әртүрлі қатты компоненттер – қатты заттар, сонымен қатар еріген заттар, түрлі организмдер әкелінеді.

Тіршілік жағдайлары. Өзендерде мекендейтін жануарларға әсер ететін абиотикалық факторлардың арасында ең маңыздылары бір деңгейлік және тасу режимдері, су ағысының жылдамдығы, су тұздылығы, мөлдірлігі, су температурасы, грунттың түрі болып табылады.

Бір деңгейлік режим судың түсуі мен шығынының қатынасымен анықталады. Өзеннің суға толуы жаңбырдың жаууы, қардың, мұздың еруі, жерасты сулар арқылы жүзеге асуы мүмкін. Көп жағдайда өзеннің қоректенуі аралас және оның жеке формаларының арақатынасы әртүрлі жерлер және жылдың әртүрлі маусымында түрліше болады. Өзеннің жаңбыр суымен толуы климаты теңіздік жерлерде басым. Қардың суымен толуы ауа-райы континенттік жерлерде, мұздық сумен толуы биік таулы аудандарда, жерасты суларымен толуы – құрғақщылық уақытта және қыста, өзендерді мұз басып тұрғанда, басқа судың болмау кезінде басым болады. Өзен суының деңгейінің көтерілуі жауын-шашындармен, қар не мұз сулармен қоректенетін жағдайларда жүзеге асады және 10-15 мге көтерілуі де мүмкін.

Су ағысының жылдамдығы ең алдымен өзен табанының еңісіне, су деңгейінің өзгеруіне және өзеннің көлденең қимасына байланысты болады. Ол өзеннің бастауынан сағаға жақындаған сайын бәсеңдейді. Көлденең қимасында су ағысының жылдамдығы медиалда жоғары, жағалауларында, әсіресе жайпақ жағалауларда, төмендеу. Судың түбінде ағыс ортаңғы және үстіңгі қабатына қарағанда әлсіз болады. Жазықтық өзендерде жылдамдық бір м/стан аспаса, су тасу кезінде ол 1,5-2 м/с-ке дейін көтеріледі. Таулық өзендерде су ағынының жылдамдығы 5-6 м/с-ке жетеді.

Өзен суының температурасы суға толу ерекшелігіне, өзеннің ағып өтетін ауданының климатына және әртүрлі гидрологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Ендік бағытта ағатын үлкен өзендер жылы суларды жоғарғы ендікке, ал суық суды төменгі ендікке жеткізеді. Өзендегі судың араласуына байланысты судың температурасы әр түрлі аймақтарда біркелкі. Өзендегі су температурасының маусымдық өзгерісі 0-30ºС болады. Өзеннің таулы бастауында оның тәуліктің ауытқуы 8-10ºС, жазықтық өзендерде 1,0-1,2ºС-дан аспайды.

Таулы өзендердегі судың химиялық құрамы еріген оттектің мөлшері, судың температурасы, оның араласуына байланысты беткі қабатынан түбіне дейін біркелкі болады. Өзен суында жекелеген иондардан карбонатты иондар басым болса, сульфаттар, нитраттар, фосфор, кальций, темір, марганец, кремний және т.б. иондары аздау.

О.А. Алекиннің (1966) классификациясы бойынша өзен сулары гидрокарбонантты, сульфатты және хлоридты деп бөлінеді. Кластарды C,S,Cl белгілерімен белгілейді. Көп өзендер гидрокарбонатты класқа жатады, сирек сульфатты, өте сирек хлоридты (мысалы, Торғай өзені) класқа жатады. Мұз баспаған өзендердің газ режимі тіршілік үшін қолайлы. Судың бетін мұз басқаннан кейін судағы оттек концентрациясы біртіндеп азаяды және ең төмен көрсеткіш мұз түсер алдында байқалады. Қыста өзендерде газ режимі нашарлайды және жиі тұншығу процесі жүреді. Өзен суында көмірқышқыл газының мөлшері жазда аз, қыста оның концентрациясы біршама көтеріледі. Кү-кіртті сутек мөлшері өзен суында жоқтың қасы. Гидрокарбонантты өзендер суының тұздылығы төмен (0,2‰), хлоридті өзендерде тұздылығы 19‰-ға жетеді. Судың минерализациясы жыл маусымына байланысты өзгеріп отырады, су тасқыны кезінде ол төмендейді.

Өзен суында жарық өте тез сіңіріледі және түбіне дейін жетеді, тау өзендерінде судың мөлдірлігі түбіне дейін байқалады. Жазықтық өзендерде мөлдірлік тасу кезеңі мен қалыпты кезеңінің аралығында өте күшті өзгеріп тұрады.

Өзендерді мекендеушілер. Өзенді мекендеушілер алуантүрлілігімен ерекшеленеді. Олардың құрамында планктон, бентос, нектон жақсы дамыған, перифитон шамалы, ал судың ағысы қатты болғандықтан нейстон мен плейстон мүлдем кездеспейді деуге де болады. Әдетте өзенді мекендеушілерді реобионттар (rheos – ағыс, бионт – мекендеуші) деп атайды.

Планктон. Жазықтық өзендердің планктоны немесе реопланктоны шығу тегі жағынан гетерогенді, өйткені ол автохтонды және аллохтонды элементтерден тұрады. Аллохтонды планктон ағынсыз сулардан өзендерге шыққанда, жаңа ортаға түсіп өзінің бейнесін өзгертеді. Кейбір өкілдері өзенге түскеннен кейін тез жойылып кетеді, екіншілерінде көптеген бейімделушіліктер пайда болады. Реопланктонда бактерия-лардың маңызы өте үлкен, өйткені олардың саны судың мөлшеріне байланысты. Өзендердің жазықты учаскілерінде олардың саны бірнеше жүзден, мыңнан бірнеше миллионға дейін жетеді.

Жазықтық өзендерде балдырлардың арасындағы диатомды және жасыл балдырлар басым болады. Зоопланктон арасында инфузориялардың алуантүрлігі басым және сандық көрсеткіші мол түссіз талшықтылар кең тараған. Су қабатында коловраткалардың арасында басым болатын Keratella, Asplancha, шаянтәрізділердің арасында Daphnia, Bosmina, Ceriodaphnia және ескекаяқтылардан жиі кездесетін Ciclops, Daptomus, Mesocyclops.

Өзеннің бастауынан ағыс бойымен жылжығанда жануарлардың да алуантүрлігі өзгеріп отырады. Су ағысының жылдамдығының төмендеуі және көтерілуімен байланысты жазықтық өзендерде фитопланктонның саны да көбейе бастайды. Жануарлардың арасында коловраткаларға қарағанда шаянтәрізділер басым болады. Грунттың органикалық заттары детритофагтарға қолайлы қорек жағдайын жасайды.

Бентос. Өзендер бентосы көпшілік жағдайда омыртқасыздардан тұрады. Олар тасты (литореофилді), құмды (псаммореофилді) және лайлы (пелореофилді) грунттарда мекендейтіндер деп бөлінеді.

Литореофилдерге, негізінен, кірпікшелі құрттар, олигохеттер, сүліктер және насекомдардың дернәсілдері жатады. Псаммореофилдер, әдетте, қарапайымдылардың, коловраткалардың, нематодалардың, олигохеттердің майда формалары, хиронимидтердің дернәсілдері, кейбір моллюскалар жатады. Пелореофилдерге қарапайымдылар, олигохеттер, хирономидтердің дернәсілдері, көптеген қосжақтаулы және құрсақаяқты моллюскалар жатады.

Жазықтық өзендердің лайлы грунттарында пелореофилді түрлер басым болады. Судың ағысы баяу жерлердің жағалауында гидробионттар жақсы дамиды. Жануарлардың алуантүрлілігі және сандық көрсеткіші де жоғары болады. Аз қылтанды құрттар (олигохеттер), насекомдардың дернәсілдері, моллюскалар өте көп дамиды. Бұл биоценозда оттекті аса көп талап етпейтін жануарлар басым болып келеді.

Өзендерде бентостың орналасуы оның түрлік құрамы және биомассасының бастаудан сағаға дейін өзгеру заңдылықтарымен ерекшеленеді. Таулы өзендердің жоғарғы ағысында, су ағысының жылдамдығы жоғары болатын, грунттар ірі тастардан тұрады және бұнда реофилді организмдер басым болады. Таулы өзендерде тіршілік ететін реобионтты организмдердің өзіндік бейімделушіліктері бар. Олар: денесі майда, бекініп немесе баяу қозғалып тіршілік етеді. Дернәсілдерінің денесі дорсо-вентралды бағытта жалпақ, яғни судың ағысына қарсы тұра алады (Ephmeroptera, Plecoptera). Сол сияқты реобионтты формалар тырнақтармен (Trichoptera), сорғыштармен Dyphlobotridae қосқанаттылардың дернәсілдері субстратқа жабысып тұрады әрі баяу қозғалады. Шыбындар мен жылғалықтар қуыршақтары қозғалмайтындай болып бекінеді.

Біркүндіктер (Ephemeroptera отряды) таулы өзендердің мекендеушілері, олар тасты грунта тіршілік етуге өте жақсы бейімделген. Iron туысына жататын реобионттар өкілдерінің дернәсілдері мен нимфаларының денесі жалпақ, оның үстіңгі беті тегіс, өте сусымалы болып келеді. Бас қалқаны өте жалпақ, алдыңғы шетімен тасқа мықты жабысады. Кеңірдекті желбезектерінің сыртқы шеті жіңішкерген, алдыңғы және артқы жұп жапырақшалары ішке қарай оралған және бірін-бірі шамалап жапқан, дернәсілдері тас бетінде тұра алатындай жалған сорғышқа айналған. Ephmerella туысының өкілдерінің дернәсілдерінің денесі жалпақ емес, желбезек жапырақшалары өте күшті редукцияға ұшыраған және арқа жағына қарай жылжыған, бас қалқаны жалпақ емес. Бірақ олардың күшті ағыста мекендеуіне өте мықты аяқтары, әсіресе алдыңғы, бейімделген, олар күшті тұяқтармен жабдықталған.

Көктемдіктердің (Plecoptera отряды) дернәсілдерінің денесінің жалпақтануы шамалы. Көктемдіктердің нимфаларына тән бейімделушіліктері сол олардың күшті, талтайып басатын аяқтары мықты тұяқтармен жабдықталған (7-сурет) және барлық денесімен тасқа жабыса алады.


7-сурет. А. Көктемдіктердің – Plecoptera; Ә. Біркүндіктердің – Ephemerella дернәсілдері (Федоров бойынша, 2006)


Таулы өзендердің ағынында мекендейтін жылғалықтар (Trichoptera отряды) аз қозғалады және субстратқа бекініп тіршілік етеді. Көптеген жылғалықтардың дернәсілдері үйшіктерде мекендейді. Олардың дене мөлшері 10 мм-дей. Сілемей бездерінен бөлінген шырыштың көмегімен майда заттарды (құм өсімдіктердің қалдықтары, талшықтар) жинап, үйшіктерін құрастырады. Егер айналасы тыныш болса, дернәсілдер өздерімен бірге үйшігін алып жүреді. Жүру барысында дернәсіл басын, кеудесін және 3 жұп жүргіш аяғын алға шығарып, қозғалады. Қауіп төнген жағдайда үйшігінің ішіне толықтай кіріп кетеді (8-сурет).


8-сурет. 1 – Жылғалықтардың дернәсілдері мен үйшіктері. 1, 2 – стенофиланың (Stenophylax) дернәсілі мен үйшігі, 3 – Фриганеланың (Phryganea striata), 4,5,6 – әртүрлі жылғалықтардың үйшіктері (Федоров бойынша, 2006)


Блефароцеридалар (Blepharoceridae тұқымдасы) мен дейтерофлибидалардың (Deuterophlebiidae тұқымдасы), қосқанаттылардың дернәсілдері тек таулы өзендердің су ағысы өте күшті аймақтарында тіршілік етеді. Насекомдардың арасында тек осы дернәсілдерде ғана нағыз сорғыштар болады. Блефароцеридалардың әр сегменттерінде құрсақ жағында 6 сорғыштары болады, ал дейтерофлибидалардың құрсақ бүйірлерінде 6 жұп құрылымы күрделі сорғыштары болады (9-сурет). Осы сорғыштарының көмегімен дернәсілдер күшті ағыста тасқа жабысып баяу жылжиды.

Хирономидтер тұқымдасынан (Diptera, Chironomidae тұқымдасы) ағысы қатты тау суларында ортокладеиндерге (Orthochadiinae тұқымдас тармағы) біршама тән. Ортокладеиндердің дернәсілдері мен қуыршақтарының осындай ортада мекендеуіне бейімделушілігі көптеген әртүрлі морфологиялық түзінділер – мөлшері майда, өрмек салатын бездерінің болуы және бекіну үшін өрмек жіпшелерін пайдалану, итерушілері өте күшті қысқарған және сорғыш түзейтін жүйелері – болады. Ортаңғы арнаға қарай жазықтық ағыста бентосты организмдердің биомассасы әдетте азаяды, бірақ олардың саны жиі артады. Бұл жағалау маңы грунттардың органикалық заттарға бай болуымен, ағыстың баяулығымен және ірі денелі жануарлардың салыстырмалы түрде басым болуымен байланысты


9-сурет. Қосқанаттылардың (Diptera) дернәсілдері: А – блефароцерида- Blepharoceridaе, Ә – дейтерофлибида – Deuterophlebiidae Б – хирономидтер Chironomidae (Orthochadiinae) (Бродский бойынша, 1976)


Перифитон, негізінен, мүктерде және макрофиттерде мекендейтін қарапайымдылардан, насекомдардың дернәсілдерінен, әсіресе хирономидтер мен симулиидтерден, губкалар мен мшанкалардан, кейбір азқылтанды құрттардан (олигохеттерден) тұрады. Нектонды, негізінен, балықтар түзейді. Эстуарийлерде, өзендік жағдайлар теңіздік жағдайлармен қабаттасып жатқан жерде, мекендеушілердің өзіндік ерекшеліктері болады. Сағадан алыстау учаскелерде эвригалинді түрлер, оған жақын жерлерде тұздылау сулы және эвригалинді теңіздік формалар басым болады. Биомассасы бойынша эстуарийді мекендеушілер өте көп болуымен ерекшеленеді. Олар бірқатар себептермен түсіндіріледі. Судың тасуы мен қайтуы қоректік заттардың қарқынды түрде араласуын қамтамасыз етеді. Эстуарийлер үшін өсімдіктер мен жануарлар арасындағы кеңістіктік байланыс тым жақын, ол заттардың айналымын жеңілдетеді. Суда бір мезгілде барлық фотосинтездеуші өсімдіктердің тіршілік формаларының – фитопланктонның, микрофитобентостың және макрофитобентостың – болуы эстуарийді мекендеуші жануарларды алғашқы қорекпен қамтамасыз етеді, ал бұның өзі оның санының артуына себепші болады.

Батпақтар. Бұл үстін толықтай не жартылай өсімдік басқан аса терең емес судың жиналуы. Батпақтың өзіне тән белгісі – мүк және басқа да гидрофилді өсімдіктердің өлуінен шымтезектің пайда болуы. Сумен толуына, пайда болу орнына және өсімдіктер құрамына байланысты батпақтар сайлық немесе эвтрофты, қырлық немес олиготрофты және өтпелі немесе мезотрофты деп бөлінеді. Сайлық батпақтар ойлы-сайлы рельефті жерлерде орналасады, оның беті ойыс немесе тегіс, қоректену, негізінен, грунттық сумен, өзен жайылмаларымен, жерүсті суларымен және жауын-шашынмен қамтамасыз етіледі. Қырлық батпақтар биік жерлерде орналасады, беті дөңестеу болады, атмосфералық жауын-шашын суларымен толады. Өтпелі батпақтар жоғарыда айтылған көрсеткіштер бойынша аралық жағдайға ие болады.

Батпақты мекендеушілер түрлік құрамы және сандық құрамы жағынан да кедей. Бұлардың жағымсыз жағы суында гумин заттарының көп болуы, оттек концентрациясының төмен, қышқылдығының жоғары, әсіресе қырлық батпақтарда болуы (рН-5). Көпшілік жағдайларда батпақтар биогендерге, ең алдымен қырлық, кедей, өйткені оларды қоректендіретін атмосфералық жауын-шашында тұздар жоқтың қасы. Су қабатына грунттан биогендердің түсуіне астындағы торф қабаты жол бермейді.

Сайлық батпақтарда оксилофит өсімдіктерден жасыл мүктер, өлеңшөптер, қырықбуындар, айырауықтар, қамыстар өседі. Қырлық батпақтарға сфагнум мүктері, ұлпабастар, мүкжидектер тән. Көктемде балдырлардан талшықтылар кездеседі, олар жазда фитопланктон құрамынан шығып қалады. Қырлық батпақтарда зоопланктон өкілдерінен коловраткалар (Poyarthra, Platuptera, Keratella және Monostula virga), бұтақмұрттылар (Сeriodaphnia, Chydorus және Polyphemus), ескекаяқтылар (Acanthocyclopus) өкілдері кездеседі. Сайлық батпақтарда Culex және Anopheles масалардың дернәсілдері басым болады.

Батпақты суқоймаларында зообентос кедей, ол ең алдымен сутүбі қабатындағы газ режимінің қолайсыздығына (оттек концентрациясы төмен, метанның бөлінуі және басқа улы газдардың бөлінуі) байланысты. Су қышқылдығының жоғары болуына қарай бұл жерлерде известі қаңқасы бар жануарлар кездеспейді.

Жерасты сулары және оны мекендеушілер. Бос су тау жыныстарындағы ірі капиллярлар және басқа да қуыстарды толтырады және осылайша әртүрлі тереңдікте сусақтағыш горизонттар қалыптасады. Жерасты суларының ішінде гидробионттардың биотопы үшін маңыздылары үңгірлік және аралық (интерстициалдық) сулар болып табылады. Жерасты суларын мекендеушілер троглобионттар деп аталады.

Үңгірлік сулар. Известняктардың, гипстің, доломиттердің және басқа да кейбір жыныстардың еруі нәтижесінде жер қабатында қуыстар,үңгірлер пайда болады. Олар жиі сумен толады. Кейде үңгірдің түбінде шалшық немесе тұтастай көл түзіледі. Басқа жағдайда тасқындар: жерасты өзектері мен өзендер пайда болады. Бұлардың қоректенуі басқа грунттық судың немесе атмосфералық жауын-шашын есебінен жүреді. Үңгірлік судың абиотикалық жағдайларының ерекше болуы оны мекендеушілеріне де әсерін тигізеді. Үңгірлік судың өзіне тән ерекшелігі – жарықтың түспеуі және салыстырмалы түрде температураның тұрақты болуы. Жерасты суларының тұздылық құрамы кальций ионының концентрациясының жоғары болуымен, яғни кермектілігімен сипатталады. Газ режимінде оттектің аз болуымен сипатталады, өйткені фитосинтездік аэрация болмайды, ал газдың атмосферадан түсуі өте әлсіз. Үңгірлік суды мекендеушілердің құрамы, ең алдымен, оның жарық түсу дәрежесіне тәуелді болады. Эвфотикалық аймақта кездейсоқ қоныстанушылар – троглоксендер басым болады. Негізгі қорек көзі – өсімдіктер және олардың қалдықтары. Олигофоттық аймақта троглофилдер басым, көк жасыл балдырлар мен бактериялар дамиды. Афотикалық аймақты мекендеушілер – нағыз троглобионттар, оларға стенотермділік және эврифагия тән. Бұлардың құрамында бактериялар, қарапайымдылар, шаянтәрізділер кейбір моллюскалар мен амфибиялар кіреді. Фауна тек алғашқы сулық жануарлардан тұрады. Олардың арасында эндемик түрлер басым болады. Түрлік құрамы жағынан ескекаяқты шаяндар (120-дан аса түр), бүйіржүзгіштер (100-ден аса түр) және креветкалар басым. Моллюскалар шамалы, коловраткалар, архианнелидалар, сүліктер бірлі-жарым.

Үңгірлік жануарлардың саны мен биомассасы шамалы, өйткені қорек өте аз, тек бактериялар ғана мол. Үңгірлік судың температурасы тұрақты болғандықтан, оларды мекендеушілердің маусымдық тіршілік кезеңдері болмайды. Олар жыл бойы көбейеді, қарқынды түрде өседі, мысалы, бақалшықты моллюскаларда жылдық сақина болмайды. Жарықтың болмауынан үңгірлік жануарларда анық (ашық) рең кездеспейді. Түстері ақшыл немесе сарғыш. Троглобионттардың көпшілігінде көздері редукцияға ұшыраған, керісінше түйсіну және иіс-сезу органдары жақсы дамыған.

Аралық немесе интерстициалдық сутек суқоймаларына жақын грунттарда ғана емес, олардан алыс жерлерде де кездеседі. Жекелеген құм түйіршіктерінің арасы тұзды не тұщысумен толуы мүмкін. Бірінші жағдай теңіз жағажайларындағы құмдарға және теңіздің түптік қабаттарына тән болса, екіншілері тұщы суқоймаларының жағалау маңына және арна астындағы құмдарға тән. Құмның үстіңгі қабатындағы грунттық судың температурасы тәулікте және жыл маусымында біршама өзгеріп тұрады. Құмнан өткен атмосфералық жауын-шашын интерстициалды суға белгілі мөлдірлік береді, оның тұздық және газ режиміне әсер етеді. Құмның үстіңгі қабатынан бірнеше сантиметр тереңдікке күн сәулесі өтеді, ол фотосинтездеуші өсімдіктердің өсуіне жағдай жасайды. Тереңдегі интерстициалды суға жоғары термотұрақтылық, төменгі температура, жарықтың болмауы және жиі жоғары минералдану тән. Бұлардың арасынан сапасы жағынан ерекше биотоп – гипоареалды атауға болады. Бұл өзендер мен өзектердің арнасының астында жатқан құм қабаты. Бұл қабатқа су өтеді, оттек мол, су ағыны жоғары және қоректенуге қолайлы жағдайлар тән. Аралық суда мекендеушілерінің тіршілік ету жағдайына қолайлы факторлардың бірі құм құрамының түйіршікті болуы. Құм өте майда болатын жерлерде ірі организмдердің тіршілігіне жағдайлар жоқ. Құм түйіршіктерінің ірі болуына орай олардың арасында босорындар кеңейеді, жануарлардың құм түйіршіктерінің арасында мекендеуіне және қозғалуына мүмкіндік туады. Терең қабаттағы интерстициалды суда мекендеушілердің қатарына бұтақмұртты, ескекаяқты және бақалшықты шаяндар, олигохеттер, нематодалар мен инфузориялар, ал теңіз арнасының түбінде көптеген инфузориялар, нематодалар мен шаянтәрізділер, асцидиялар мен голотурийлер жатады. Интерстициалды фаунаның өкілдерінің дене мөлшері майда, саны көп, көбеюі жылдам және өмірі өте қысқа болады.

Жасанды суқоймалары. Адамның қолымен жасалған суқоймаларының ішінде жасанды суқоймаларының алатын орны үлкен. Көпшілік жағдайда жасанды суқоймалары шаруашылықтың әртүрлі салаларында (элекр энергиясын өндіру, жер суландыру, сумен жабдықтау, балық шаруашылығын дамыту және т.т.) су ресурстарын кешенді пайдалануға арналған.

Сумен толтыру және су шығынының сипатына қарай жасанды суқоймалары жылдық, маусымдық, апталық және тәуліктік реттелетін суқоймалары болып бөлінеді. Суқойманың барлық көлемі пайдалы, су жіберуге болатын және пайдасыз, су жіберу мүмкіндігі жоқ деп ажыратылады.

Морфометриясына тәуелді болуына қарай суқоймалары, арналы (алқаптық), өзендердің аңғарларының шегінде орналасқан және созылған формалы, көлдік-өзендік (қалақтық не дөңгелек) суқоймалары деп жіктеледі. Соңғысының ауданы оған құйылған өзендер мен басқа суқоймаларынан бірнеше есе артық болады. Өзінің гидрологиялық сипаттамасы бойынша жасанды суқоймалары өзендер мен көлдердің белгілеріне ие. Ені, әсіресе бөгетке жақын жерде, оны көлге жақындатса, ағысы, әсіресе жоғарғы учаскесінде, өзенге жақындатады. Жасанды суқоймаларының табиғи суқоймаларынан ерекшелігі – су шығынын реттеуге болуында. Жасанды суқоймаларында әдетте 3 табиғи аймақты не учаскені ажыратады. Гидроморфологиялық белгілері бойынша ол тереңсулы бөгетмаңы учаскесі, режимі бойынша көлге жақындайды, тереңдігі орташа аралық учаске және саязсулы жоғарғы учаске деп бөлінеді.

Арналық типті суқоймаларының жоғарғы учаскесі өзендік жағдайларды және өзендік мекендеушілерді сақтайды, ол учаскедегі флора мен фауна аралық сипатқа ие, бөгетмаңы аймақта көлдік белгі байқалады. Қалақтық не дөңгелек типті суқоймаларын мекендеушілер өзендіктен жақсы ерекшеленеді және құрамы бойынша көлдікке жақындайды. Жасанды суқоймаларының алғашқы сатыларында ондағы мекендеушілер бұрынғы суқоймаларының мекендеушілеріне жақын болады. Үлкен жазықтық өзендердегі жасанды суқоймаларында фаунаның қалыптасуы 3 сатыдан өтеді. Бірінші сатыда су толтыруға дейін тіршілік еткен реофилді, фитофилді және басқа биоценоздар бұзылады және су басқан құрлықта, су қабатында экологиялық біртекті мекендеушілермен толығады. Екінші сатыда уақытша топтардың қалыптасуы: бентоста бірінші жаздың өзінде-ақ суқоймасының барлық түбі хирономидтер дернәсілдерімен жаппай қоныстануы; зоопланктонда бірінші жазда шаяндар мен коловраткалардың жаппай дамуы жүзеге асады. Үшінші сатыда бентостың қалыптасуы гомотопты фаунаның су басқан құрлық бойынша таралуы аяқталған кезде басталады. Бұл, негізінен, су толтырылғаннан кейінгі 3-4 жылда жүзеге асады және бентостың биомассасының өте күшті төмендеуі байқалады. Зоопланктон үшін қалыптасудың үшінші сатысы түрлік алуандылықтың азаюымен сипатталады, өйткені фитофилді, ацидофилді және кейбір басқа да экологиялық топтар оның құрамынан шығып қалады. Зоопланктонның қалыптасуы, негізінен, 2-3 жыл өткен соң аяқталады. Жасанды суқоймаларының зоопланктонын коловраткалар, бұтақмұртты және ескекаяқты шаяндар құрайды. Суқоймаларының жоғарғы ағысында, өзендік режим күшті байқалатын учаскеде, коловраткалар басым, бөгетке жақындаған сайын шаянтәрізділер басым бола бастайды.

Аздаған лайлы өзендерде пайда болған суқоймаларында зообентос бай болады және минералды қоспалардың түсуінің нәтижесінде сутүбі тұнбамен көмілген жағдайларда толықтай болмауы да мүмкін. Грунттардың тұрақсыздығынан бентостың дамуы нашарлайды, үлкен ауданды алып жатқан майда суқоймаларында желдің әсерінен түптік қалдықтар лайланып, қолайсыз жағдайлар туғызады. Зообентос алуантүрлілігімен сипатталады және саны жағынан гетеротоптылар басым болады. Бұлар, негізінен, насекомдардың-хирономидтердің дернәсілдерінен тұрады. Алғашқы сулық жануарларының арасынан пелофилдер-Tubificidae тұқымдасының олигохеттері, Anodonta, Unio және Viviparus моллюскалары жақсы дамиды.

Нектон балықтардан ғана тұрады, олардың жергіліктерінің маңызы зор. Бұлардың арасынан су ағынын реттегеннен соң реофилді формалар жойылады, лимнофилділер көптеп кездесетін болады. Әсіресе лимнофилді балықтар үшін суқоймаларын толтыратын бірінші жылда қолайлы жағдайлар қалыптасады, өйткені су басқан өсімдіктер қосымша уылдырық шашатын орын болып табылады. Келесі жылдары құрлық өсімдіктері су басудан өлгеннен кейін фитофилді балықтар үшін уылдырық шашу жағдайлары нашарлайды, нәтижесінде олардың саны азаяды. Балықтар санының азаюына жасанды суқоймасы пайда болғаннан кейінгі 2-3 жылда олардың қорек базасының кедейленуі де әсерін тигізеді.

Жалпы гидробиология

Подняться наверх