Читать книгу Жалпы гидробиология - Б. Минсаринова - Страница 4
1-бөлім
ГИДРОСФЕРА – ТІРШІЛІК ОРТАСЫ ЖӘНЕ ОНЫ МЕКЕНДЕУШІЛЕР
2-тарау
СУҚОЙМАЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ МЕКЕНДЕУШІЛЕР
2.1. Әлемдік мұхит және оны мекендеушілер
ОглавлениеЖердің су қабатын Әлемдік мұхит, континенталды суқоймалары және жерасты суқоймалары құрайды. Әлемдік мұхит жер бетінің 70 %-ға жуығын алып жатыр. Күн сәулесі энергиясының әсерінен үздіксіз су айналымы жүреді. Әлемдік мұхиттың бетінен су буланады және атмосферада қозғалады, жерге түрлі жауын-шашын түрінде түседі.
Гидросфераны мекендеушілер түрлік саны бойынша құрлық жануарларынан біршама аз болады, өйткені құрлықта насекомдар фаунасы өте көп. Тек гидросферада тақталылар (Placozoa), ішекқуыстылар (Coelentereta), ескектілер (Ctenophora), тікентерілілер (Echinodermata), қылтанжақтылар (Chaetognata), погонофоралар (Pogonophora) типтерінің өкілдері мекендейді. Кейбір типтердің тек сулы ортада ғана мекендейтін класс өкілдері де бар. Мысалы, буынаяқтылар типіне (Arthropoda) жататын семсерқұйрықтылар (Xiphosura) класының өкілдері, моллюскалар типінің бақалшықтылар тип тармағына (Conchifera) жататын моноплакофоралар (Monoplacophora), тақтажелбезектілер (Lamellibranchia), күрекаяқтылар (Scaphopoda) және басаяқтылар (Chephalopoda) класының өкілдерін жатқызуға болады.
Су мекендеушілерінің өздеріне тән ерекшеліктері – зоомассаның фитомассадан біршама басым болуы, ал құрлықта бұған қарама-қарсы. Суда өсімдіктерден балдырлар көп болады, осыған орай құрлық макрофиттеріне қарағанда олар біршама өнімдірек.
Әлемдік мұхит және оны мекендеушілер. Әлемдік мұхит құрлықтар арқылы Тынық, Үнді, Атлант және Солтүстік мұзды мұхитқа бөлінеді. Әлемдік мұхиттың ауданы 361,26 млн. км2, көлемі 1,34 млрд. км3, орташа тереңдігі 3711 м, ең терең жері 11022 м (Мариан шұңғымасы). Теңіздер – құрлыққа қатысты орналасуына қарай ішкі (құрлық іші не материктік, мысалы, Қара, Қызыл, Каспий, Арал) және шеткі (мұхитпен байланысқан, мысалы, Баренц, Карск және т.т.) деп бөлінеді. Ішкі теңіздердің мұхиттармен байланыстары (тар бұғаздар болуы себепті) өте нашар. Сондықтан да олардың гидрологиялық режимі мұхиттың іргелес аудандарының гидрологиялық режимінен біршама ерекшеленеді. Ішкі теңіздер материктік теңіздер мен материктер арасында (мысалы, Жерорта теңізі), ал құрлықішілік теңіздер бір құрлықтың ішінде орналасады (мысалы, Ақ теңіз). Шеткі теңіздер мұхиттардан аралдар арқылы бөлінеді немесе құрлыққа сұғына кіріп орналасады және мұхитпен еркін байланыста болады, гидрологиялық режимі мұхиттың іргелес аудандарының гидрологиялық режимдеріне көп ұқсастығы бар (мысалы, Баренц теңізі).
Әлемдік мұхиттың вертикалды және горизонталды экологиялық аймақшалары теңіз түбі – бенталдың күрделі табиғи құрылысымен және пелагиалдың гидро-физикалық ерекшеліктерімен сипатталады. Әлемдік мұхиттың шеткі бөлімі – континенталды шельф – құрлық 200 м тереңдікке бірте-бірте төмендейді. Шельф түбінен ары қарай сутүбі 3000 мге дейін күрт төмендеп континенталды беткейді түзейді, ол материктік етекпен аяқталады. Ары қарай 6000 мге тереңдеп мұхит түбіне айналады. Мұхит түбі түрлі мұхиттық жоталармен, түптік биіктермен және тау тізбектерімен жекелеген қазан шұңқырларға бөлінеді. Мұхиттің ең терең бөлімдерін өте терең шұңғымалар алып жатады. Бірыңғай тау жүйесін ортаңғы мұхит жоталары құрайды, олардың орташа биіктігі шамамен 1500 м-дей болады.
Әрбір мұхитта мердиандық бағытта орналасқан суасты тау жоталары кездеседі. Бұл тау жоталарының оңтүстік ұштары Антарктида мен Оңтүстік Америка, Африка, Аустралия материктерінің арасында ендік бағытта орналасқан суасты тау жоталарымен жалғасады, сондықтан оны мұхит ортасы тау жоталарының жүйесі деп атайды. Әлемдік мұхиттың түбінде ең айқын көрініске ие тау жотасы – орталық Атлант жотасы, ол бұл мұхитты теңдей батыс және шығыс бөлімдеріне бөледі.
Мұхиттың шельф үстінде жатқан аймағы барлық акваторияның шамамен 7,6 %, континенттік беткейі – 15,3 % және табаны – 77,1 % бөліктерін құрайды. Шельф аймағында бенталь 3 аймаққа бөлінеді. Су көтерілу деңгейінен жоғары орналасқан бөлім – супралитораль (supra – жоғары, litus – жаға) – жайылатын және шашырайтын сумен дымқылданатын аймақ. Супралиторалдан төмен литораль (су көтерілу аймағы) жатады (1-сурет).
Бұл жағалау суының көтерілуі нәтижесінде оқтын-оқтын судың астында қалады, ал судың төмендеуінен судан босатылады. Одан төмен сублитораль жатады – бұл аймақ бентоста фотосинтездейтін өсімдіктердің таралуының төменгі шекарасына дейін созылады.
Материктік беткейді батиаль (bathus – терең), мұхит табанын абиссаль – (abyssos – түпсіз), бұдан 6-7 км тереңдікте ультраабисаль орналасады.
Теңіздің су қабатын вертикаль және горизонталь бойынша жеке аймақтарға бөлу қабылданған. Мұхиттың жоғарғы су қабатының 200 м (сублиторалдың төменгі шекарасы) тереңдікке дейінгі қабатын эпипелагиаль, одан терең жатқан (батиальдың төменгі шекарасына дейін) қабатын батипелагиаль деп атайды. одан әрі 6-7км-ге дейін абиссопелагиаль және одан төмен ультраабиссопелагиаль деп аталады.
1-сурет. Әлемдік мұхиттың бенталы мен пелигиалының экологиялық зоналары (А.С.Константиновтан (1986) алынған)
Әлемдік мұхит көлденең бағытта материктік қайраңның үстінде жататын жағалық не неретикалық (neretis – жағалау) және батиаль мен абиссаль зоналардың үстінде жатқан мұхиттық деп бөлінеді.
Мекендеушілердің тіршілік жағдайлары. Әлемдік мұхитты мекендеушілерге әсер етуші көп абиотикалық факторлардың ішінде грунттың және су массасының ерекшеліктері – гидродинамика (су қозғалысы), температура, жарық, тұздылық, газ режимі өте маңызды болады.
Грунттар. Мұхит түбінің бедері күрделі, ол құрлыққа қарағанда өте анық байқалады. Мұхиттағы грунттар терригенді және пелагиалды болып бөлінеді. Біріншісі құрлықтан жауын-шашынмен, өзендер ағызып әкелген материалдардың ыдырауынан пайда болған. Суда өмір сүретін планктон организмдерінің өлген қалдықтарынан (қаңқалары, бақалшытары) пелагиалды шөгінділері пайда болады. Мұхиттарға жетісімен терригенді тасындылар су ағысының әсерімен ірілігіне қарай тұнады. Жағалауға жақын ең ірі фракциялар (құм, тозаң) және саз балшық (пелит) ағыстардың ықпалымен тереңдіктерге жеткізілуі мүмкін. Терригенді шөгінділер су түбінің барлық бетінің ¼ бөлігіне жуығын құрайды. Мұхит түбінің қалған бөлігін пелагиалды шөгінділер түзейді. Олардың арасында кең тарағаны глобигеринді лайша, бұл лай, негізінен, қарапайымдылардан, фораминофералардың (Globigerina) бақалшықтарынан түзіледі. Мұхит грунттарын түзуге диатомды балдырлар (поляр және қоңыржай ендіктерге тән) және экваторлық ендікке тән радиоляриялар (қарапайымдылар) маңызды рөл атқарады. Тереңсу грунттары органикалық заттарға кедей болады, ал біршама терең емес теңіздердегі шөгінділерде ол бай болып келеді. Пелагикалық грунттардан известняк, бор, жасыл құмдауыт және кейбір басқа да шөгінді жыныстар қалыптасады.
Су массасы және гидродинамика. Мұхит сулары вертикаль бойынша температурасы, тұздылығы және басқа сипаттамаларына қарай үстіңгі, аралық, тереңдік және сутүбі маңы деп бөлінеді. Бұл қабаттардың тереңдігі су айналымының ерекшелігіне тәуелді болады. Үстіңгі суқабаты судың өте жоғары араласуына байланысты біркелкі болады, маусымдық және географиялық ауданның ендігіне қарай бұл қабаттың қалыңдығы жыл бойы өзгеріп отырады. Әдетте судың үстіңгі қабатының төменгі шегарасындағы тереңдікте температураның жылдық өзгеруі байқалмайды. Бұл орташа есеппен 200-300 м тереңдікте орналасады және су массасының айналу аймағында 150-200 мге көтеріледі, не 300-400 мге дейін түседі. Үстіңгі су гидрологиялық құрылымы бойынша экваторлық, тропикалық, субполярлық және полярлық деп бөлінеді. Экваторлық үстіңгі су жоғары температурасымен, тұздылығы және тығыздығының төмендігімен, сол сияқты күрделі су айналымымен ерекшеленеді. Тропикалық суларда судың тұздылығы мен тығыздығы жоғары болады. Антициклондық айналымдардың орталық облыстарында бұл су экваторлы және субполярлы суларға қарай қозғалады. Субполярлы суларда бұл көрсеткіштер өте құбылмалы. Полярлы үстіңгі судың басқаларынан айырмашылығы температура нөлден төмен (-1,2-1,5 °C) болады, тұздылығы төмен (32,5-34,6‰) және арктикалық және антарктикалық зоналардан жоғары жерлерде қалыптасады.
Аралық сулар беткі қабаттың астында 1000-1200 м тереңдікке дейін жетеді. Бұл қабаттың максималды қалыңдығы полярлық аймақтарда және антициклондардың шыр айналу орталық аймақтарында болады. Ол жерлерде судың төмен түсуі жиі кездеседі. Экваторлық зонада циклондық шыр айналу ортасында су көтеріледі, аралық қабатының қалыңдығы 600-900 мге кемиді.
Тереңдік сулар, негізінен, ендіктерде қалыптасады. Үстіңгі және аралық қабаттарының араласу нәтижесінде, олар біркелкі болып 3-4 мың мге дейін созылады.
Сутүбі сулары аралықтық тереңдіктегі сулар сияқты жоғары ендіктерде үстіңгі қабаттардың төмен түсуіне байланысты. Әлемдік мұхитта ең көп таралған сутүбі сулары 20-40° солтүстік ендікке дейін кездеседі.
Мұхиттың су қабаты үздіксіз қозғалыста болады, су массасының жылжу процесі түрлі күштердің (гравитациялық, су мен ауаның үйкелісі, судың көтерілуі және қайтуы) әсерлерінен жүзеге асады. Судың қозғалысы ағыс, толқын, турбулентті араласу түрінде болады. Үдемелі қозғалыс циклондық және антициклондық құйындар, ылдилық, градиентті және желдік ағыс формаларында жүзеге асады.
Циклондар атмосфералық қысым төмен болатын облыстарда және солтүстік жарты шарда ортасында су айналымы минимум болуымен жүреді. Сонымен қатар Солтүстік жарты шарда желдің сағат тіліне қарсы, ал Оңтүстік жарты шарда сағат тілі бағытымен соғуы да су айналымына әсерін тигізеді.
Антициклондар қысымы жоғары болатын облыстарда қалыптасады және қарсы айналымды тудырады. Циклонды құйындардың ортасында терең суқабаты жоғары көтерілсе, антициклонды жерлерде үстіңгі суқабаты төменге түседі.
Жел немесе дрейф ағыстары судың жоғарғы қабатында қозғалыс тудырып, градиенттік ағыстың дамуына жол ашады. Теңіз ағысының бағытына Жердің айналу күші де (градиенттік күш) үлкен әсер етеді. Градиенттік күштің әсерінен Солтүстік жарты шарда ағыс оңға, ал Оңтүстік жарты шарда солға қарай қозғалады.
Теңіз ағыстарын шығу тегіне қарай теңіз бетіне желдің үйкелісінен пайда болатын (желдік ағыс) және су температура мен тұздылығының бірдей орналаспауынан туындайтын (тығыздық ағыс) деп бөледі.
Жылы және суық теңіз ағыстары су температурасымен анықталады, яғни қоршаған су температурасынан не төмен не жоғары болуымен сипатталады. Жылы ағыстар төменгі ендіктен жоғарғы ендікке қарай бағытталса (Гольфстрим ағысы), ал суық ағыстар керісінше жоғарғы ендіктен төменгі ендікке қарай бағытталады (Лабрадор). Температурасы қоршаған су температурасымен бірдей болатын ағысты бейтерап (нейтралды) ағыс деп атайды.
Көтерілу күшінің әсері су тасу және қайту ағысын тудырады. Су деңгейінің аса көтерілуі Жер, Ай және Күн бір түзудің бойына келгенде, яғни ай туғанда және толғанда жүзеге асса, ең төмен болуы Күн, Жер және Ай бір-біріне 90º бұрыш жасап орналасқан кезде болады.
Әлемдік Мұхитта терең ағыстар жүйесі де болады. Әлемдік мұхиттың тереңін толтыратын түпмаңы суы, негізінен, Антарктиданың шельфінде түзіледі. Бұл жерде мұздың пайда болуынан судың тұздылығы көтеріледі және ол терең батып солтүстікке қарай жылжиды. Жақсы желдетілген арктикалық сулар Атлант, Тынық, Үнді мұхиттардың терең қабатын оттекпен жабдықтайды және бұл жерлерде тіршіліктің дамуын қамтамасыз етеді.
Вертикаль бағытта судың орын алмасуы циклондардың және антициклондардың жүруінің әсерінен үстіңгі қабаттардағы судың тығыздығының өзгеруі нәтижесінде жүзеге асуы мүмкін. Әр су массасының төмендеуіне басқа жердегі судың тереңнен көтерілуіне сәйкес келеді. Судың беткі қабатының төмен түсу жерінде конвергенция ауданы, ал судың терең қабаттан жоғары көтерілген жерлерінде дивергенция ауданы қалыптасады. Конвергенция антициклондық айналымдардың орталық бөлімдеріндегі сутүбі рельефінің биік жерлерінде, желдің әсерінен су деңгейінің көтерілетін және судың төмен түсетін аймақтарына – даунвеллингке сай келетін дрейфтік ағыстар аймақтарында орналасса, ал дивергенция циклондық айналымдардың орталық бөлімдеріндегі сутүбі рельефінің сайлы жерлерінде, желдің әсерінен су деңгейінің көтерілетін аймақтарына – апвеллингке – сай келетін ағыстар аймақтарында орналасады.
Бұл жерлерде жағалау маңының жылыған беттік су қабатын пассат ашық мұхитқа қарай ығыстырады. Жағалаудағы су деңгейі төмендейді, сондықтан да тереңдегі су қабаты жоғары көтеріледі. Тереңнен көтерілген су, әрине, жоғары қабатқа қарағанда салқынырақ болады. Нәтижесінде тұрақты жел тұрып тұратын жағалауларға орналасқан ендіктерде сулар салыстырмалы түрде салқын болып келеді.
Мұхиттың гидродинамикасында, негізінде, желмен және судың көтерілуі күштерінің әрекетімен пайда болатын толқындардың маңызы зор болады және осыған орай су деңгейінің көтерілуін жарты тәуліктік, тәуліктік және аралас деп ажыратады.
Бірінші жағдай Күн, Жер, Айдың орналасу бұрышы 90 °C болғанда мұхит айдынында жарты тәуліктік судың көтерілуі байқалады. Екінші жағдайда толқын екпінімен су алға (толық су) және артқа (кіші су) қарай шегінеді, әрбір 24 сағат 50 минутта қайтадан қайталанады. Жер, Ай, Күн бір түзудің бойында орналасқанда судың жоғары көтерілуі байқалады. Олардың мөлшері жағалаудың түріне байланысты бірнеше сантиметрден 18,5 мге дейін жетеді.
Гидробионттардың түрлік алуандылығына, таралуына және сандық өсуіне Әлемдік мұхиттың беттік суының температурасының алатын орны өте зор және ол суқоймаларының орналасуының географиялық жағдайына, жыл маусымына, су ағысының сипатына және басқа да факторларға тәуелді.
Әлемдік мұхиттың беттік суының әртүрлі жылынуына байланысты 400-500 м тереңдікке дейін 5 температуралық белдеуді (зонаны) ажыратады: тропикалық, одан солтүстікке қарай орналасқан бореалдық, оңтүстікке қарай ноталдық және екі полярмаңы – арктикалық және антарктикалық.
Тропикалық аймақ 40° солтүстік және 40° оңтүстік ендікте орналасқан. Бұл зонада температура 26-27ºС-қа көтеріліп, 13-14ºС – қа төмендейді. Температураның маусымдық өзгерісі 3-4 °C-тан аспайды. Бореалды зонаның солтүстік шекарасы 60° солтүстік ендікте жатады, ол жазда судың беткі қабатында мұздардың болуымен анықталады. Температуралық ауытқу 8-12 °C. Ноталдық зонаның оңтүстік шекарасы 50-60° оңтүстік ендікте өтеді. Орташа температура бұл жерде 7-8 °C. Арктикалық, антарктикалық аймақтарда судың температурасы жыл бойы 0 °C жақын, маусымдық өзгеріс 2-3 °C-тан аспайды.
Бұл тербелістер судың беткі қабатынан төмендеген сайын бірте-бірте азая береді және 300-400 м тереңдікте мүлдем жойылады. Тереңде теңіз суының температурасы жыл бойы тұрақты және -1,7º-тан -2ºС-қа дейін ауытқиды.
Жарық. Мұхиттық судың жарықтылығы өте тез азаяды. Жоғарғы қабаттан 100-200 м тереңдікке төмендегенде жарық өсімдіктердің өмір сүруіне жеткілікті болмайды. Географиялық орналасуынан, жылдың маусымынан, күн жарығының суға өтуі судың мөлдірлігіне байланысты. Ол судағы қалқыма организмдер мен олардың өлі қалдықтарының санымен анықталады. Сол себепті мұхит суларының мөлдірлігі планктон аз дамыған жерлерде ең жоғары болады. Мысалы, Саргасс теңізіндегі судың мөлдірлігі 66,5 м, Жерорта теңізінде – 60, Баренц теңізінде – 45, Солтүстік теңізінде – 23, Азов теңізінде – 2,75 мге жетеді. Ал жазда балдырлар көптеп даму кезінде жарық тек 10 см-ге ғана жетеді. Эвотикалық зонаның шекарасы бірнеше ондаған метр тереңдікте орналасады. Мұхиттың ашық аймақтарында жағалау маңымен салыстырғанда мөлдірлілік жоғары. Ашық мұхитта жарық 1-1,6 мың метр тереңдікте күн жарығы көрінбейді.
Тұздылық. Мұхит суындағы еріген тұздардың мөлшері өте тұрақты және 34-35‰ шегінде ауытқып тұрады. Тек беттік қабатта бұл көрсеткіш 2-3‰-ге ауытқиды. Бұл тұщы судың кірісі (өзен ағыны, жауын-шашын, мұздың еруі) мен шығысының (булану, мұз қалыптасу) арасындағы айырмашылыққа байланысты. Ішкі теңіздерде тұздылық мөлшері мұхит суының тұздылығы мөлшерінен өте күшті ерекшеленеді. Мұхит суындағы тұздардың құрамы тұрақты болады. Теңіз суының тұздық құрамы әртүрлі иондардың шоғырлануын көрсетеді, теңіз суында ең көп болатын хлоридтер (88,8 %), сульфаттар (10,8 %) және карбонаттар (0,4 %).
Оттек. Мұхиттың беткі қабатының сулары атмосферамен түйісуіне және өсімдіктердің фотосинтездік қызметі нәтижесін-де қарқынды түрде аэрацияланады. Кейде ішкі теңіздердің түпкі қабатында оттектің аздылығы байқалады не мүлдем болмайды. Өйткені судың вертикаль бағытта араласуы төмен болып бүкіл су қабатын қамтымайды (мысалы, Қара теңіз). Әлемдік мұхиттың поляр зоналарындағы жақсы аэрацияланған сулардың сутүбіне түсуіне қарай тереңдегі қабаттарда оттектің мөлшері әдетте жоғары болады (50-60 % және жоғары). 200-1000 м тереңдікте оттектің мөлшері, әсіресе тропикалық зонада, аздау болады. Бұл тереңдікте оттектің аздығы судың тоқырауымен (судың тереңдік ағыстарының басылуымен және термоклиннің болуымен) және организмдердің санының артуымен анықталады.
Әлемдік мұхит мекендеушілеріне жалпы сипаттама. Әлемдік мұхитта ерте замандағы флора мен фауна мекендейді, олардың саны 25 мың түрден асады. Теңіз флорасының негізгі өкілдеріне бірклеткалық балдырлар (диатомды, перидинді, кокколитофоридалар), жағалау маңында тіршілік ететін аздаған көпклеткалы балдырлар (жасыл, қоңыр, қызыл) және саңырауқұлақтар жатады. Судың барлық қабатында, судың түбіндегі шөгінділерде өте көп бактериялар, актиномицеттер кездеседі.
Әлемдік мұхитта омыртқасыз жануарлардан нағыз теңіз мекендеушілеріне ішекқуыстылардан Hydrozoa класс өкілдерін (4000-дей түр) атауға болады, бұлардың 20 түрі тұщы суларда ғана тіршілік етеді, ал теңіздерде тұщы су гидраларының бірнеше түрі және тұщысулық медуза Craspedacusta кездеспейді.
Әлемдік мұхитта мекендеушілердің ареалдары кең немесе тар, жалпылама не үзілмелі болуы мүмкін. Барлық мұхиттардың батиалдары мен абиссалдарында омыртқасыз жануарлардан ескектілер Beroa, басаяқты моллюскалар, жүзбеқанатты сегізаяқтар (Cirrata) тараған. Тікентерілілер теңіздер мен мұхиттарда су тасу және қайту аймақтарында, түптік шұңғымаларда (10000 м тереңдікте) мекендейді. Көптеген гидробионттардың ареалдары тар болады. Бірқатар гидробионттарға биполярлық таралу тән, олар екі қоңыржай зоналарда кездеседі, ал тропикада кездеспейді (шаянтәрізділер Balanus balanus, кальмар-оммострефидалар (Omma trephidae), олар Әлемдік мұхиттың қоңыржай (салқын) және жылы суларында шамамен солтүстік ендіктің 60º және оңтүстік ендіктің 60º аралығында тараған. Гидробионттардың таралуындағы тағы бір ерекшелік – олардың Атлант және Тынық мұхиттардың солтүстік аудандарында кездесуі, ал осы екі мұхиттың арасында жатқан Солтүстік Мұзды мұхитта болмауы. Мұндай амфибореалды таралу, мысалы, теңіз кірпісіне – Echinarachinus parma және теңіз жұлдызына – Salaster endeca тән.
Гидробионттардың ареалдарының мөлшері әдеттегідей популяциялық санымен байланысты болады: пелагобионттар бентонттармен салыстырғанда саны көп және кең таралады. Зообентостардың арасында үлкен таралу аймағы саны өте көп пелагикалық дернәсілдерге тән болады.
Пелагиалды мекендеушілер . Теңіз пелагиалында бактериялар және балдырлар басымырақ болады.
Бактериялар жоғары қабаттан су түбіне дейін кездеседі, бірақ негізгі массасы эвфотикалық қабатта шоғырланады, ол жерде барлық планктон биомассасының 90 %-н құрайды, тереңге қарай бактериялардың саны 2-5 есеге дейін азаяды.
Балдырлардың арасында диатомды (3 мыңға жуық түр), перидинеялар (15,5 мың түр), жасыл, көк жасыл (200-дей түр) балдырлар басым болып келеді. Диатомдылардың 300-дей түрі Арктика, Антарктида суларында, төменгі ендіктерде және тропиканың эвтрофты аудандарында көптеп кездеседі. Төменгі ендіктердің олиготрофты аудандарында суды қызыл түске бояйтын перидиниялды балдырлар өте көп өседі. Осы аудандарда көк жасыл балдырлар да көптеп кездеседі. Кейбір аудандарда биогендердің концентрациясына тәуелді балдырлардың саны өте күшті ауытқиды.
Теңіздердің фитопланктонының негізгі массасы 100-150 м тереңдікте эвфотикалық қабатта шоғырланады. Олардың басым бөлігі негізгі пикноклиннен жоғары орналасады. Бұл жерде жыл бойы тығыздық ауытқу қабаты байқалады. Әртүрлі аудандарда балдырлардың орташа саны 1 литрде 102-105 клетка болады, ал биомасса 0,5 мг/л-ден 1 г/л-ге дейін болады.
Қоңыржай және жоғары ендіктерде балдырлардың шоғырлануы ең жоғарғы қабатында, ал тропикалық зоналарда күн радиациясы жоғарырақ болғандықтан 10-15 м тереңдікте байқалады.
Зоопланктон. Әлемдік мұхиттың зоопланктонында қарапайым радиоляриялар (7-8 мың түр), фораминифоралар (1000-дай түр) басым болып келеді (2-сурет). Пелагиалда аздаған санды талшықтылар-коноцтар, кейбір инфузориялар тіршілік етеді. Қарапайымдылардан кейін түрлік саны жағынан көбі – ішекқуыстылар. Ішекқуыстылардың медузоидты ұрпағы гидрозооның 4000-ға жуық түрі белгілі болса, сцифозоолардың 200-дей түрі кездеседі. Төменгі көпклеткалылардың арасынан ескектілерді (120 түр) атауға болады. Теңіз зоопланктонында көпсанды шаянтәрізділер ескекаяқтылар, эвфаузиялар, бақалшықтылар және мұртаяқтылардың дернәсілдері бар. Теңіздік планктонды шаянтәрізділердің 1200 түрінен ескекаяқтыларға 800-ден астам, амфиподаларға 300-ден аса, эуфаузидиялардың 80-нен артық түрі жатады. Сандық қатынасы жағынан шаянтәрізділердің арасында ескекаяқтылар маңызды, бұлардың үлесіне барлық зоопланктон биомассасының 70-90 %-ы тиесілі. Олардың арасында, әсіресе Calanus туысының өкілдері көп. Әлемдік мұхиттың әртүрлі аудандарында зоопланктонның орташа биомассасы өте кең көлемде ауытқиды. Судың жоғарғы 100 м қабатында апвелингтарда 500 г/м3 жетеді.
2-сурет. Әртүрлі радиаляриялар (Жизнь животных. Т. 1. – М., 1987)
Экваторда судың қарқынды араласатын жерлерінде зоопланктонның биомассасы салыстырмалы түрде жоғары (100-200 мг/м3). Орталық және оңтүстік аудандарда (25 мг/м3-ден аз) және солтүстік субтропикалық айналымдары бар суларда (25-50 мг/м3) зоопланктон біршама кедей.
Нектон. Негізінен, басаяқты моллюскалар, жоғары сатыдағы шаянтәрізділер (Malacostraca), балықтар мен сүтқоректілер жатады. Нектонды моллюскалардан 180-ге жуық түр, негізінен, қанатаяқтылардың өкілдері кездеседі. Басаяқты моллюскалардан нектонда ашық теңіз айдындарында нағыз кальмарлар (Oegopsida) мекендейді. Ең кең тарағандары – оммасеефидтер (Ommasteridae) тұқымдасына жататын кальмарлар. Бұл кальмарлар мұхит пелагиалының беттік горизонттарын мекендейді. Олар Әлемдік мұхиттың қоңыржай (салқын) және жылы сулардың шамамен солтүстік ендіктің 60º және оңтүстік ендіктің 60º аралығындағы суларда кездеседі. Нектонды шаянтәрізділердің арасында біршама маңызға креветкалар ие.
Нектонды теңіз балықтарының арасынан кәсіптік жолмен ауланатын анчоустар, майшабақтар, трескалар, сардиналар, камбалатәрізділер (камбалалар, пальтустар), албырттар және тунецтер жатады. Нектонда сүтқоректілердің арасында маңызы зор – киттер. Бореалды және ноталды зоналарда мұртты киттер кездеседі, ал дельфиндер мен косаткалар біршама төменгі ендіктерде тараған.
Теңіздерде, олардың ішінде Тынық мұхитта, құлақты тюленьдер өте көп, ал солтүстік және оңтүстік жарты шарлардың арктикалық суларында нағыз теңіз тюленьдері мекендейді.
Нейстон салыстырмалы түрде аз, олар судың үстіңгі қабатында (эпинейстон) мекендейді және осы қабаттың үстіңгі бетінде (гипнейстон) біршама көп. Эпинейстонға ұшу қабілеттілігі толықтай жойылған жартылай қаттықанаттылардың Halobatea, Hermatobates және Halobeia туыстарының өкілдері тән. Бұлар судың үстіңгі қабатының бетімен жылдам қозғалады, тек жағалау маңында ғана емес ашық айдындарда да үлкен тобыр құрады. Гипонейстонға шоғыр құрып тіршілік ететін біршама радиоляриялар, ескекаяқты шаяндар жатады. Судың үстіңгі қабатының маңында көпқылтанды құрттардың жұмыртқалары, әртүрлі ескекаяқтылардың науплиялары мен копеподиттері, балықтардың уылдырықтары, шабақтары шоғырланады (3-сурет).
Плейстон негізінде ішекқуыстылар-сифонофоралар (Physalia) және хордрофоралардан (Velella), бұларды желкеншілер деп те атауға болады, құралады. Судың үстіңгі қабатының бетінде мекендейтін физалияларда ауа көпіршігі көтеріліп тұрады. Шоғырдың қалған басқа особьтары пневматофораның астыңғы жағында орналасады және суға батып тұрады. Ашық мұхитта тіршілік ететін велелалардың дискісінің жоғарғы жағында ішіне ауасы бар өсінді-желкені болады. Физалия мен велелла судың бетімен ауа көпіршігіне және ауа дискісіне жел тигенде қозғалады. Физалиялар мен велеллалар су бетінде өте үлкен үйірлі топ құрайды.
Бенталды мекендеушілер. Сутүбі флорасы, негізінен, бактериялардан, саңырауқұлақтардан, балдырлардан және бірнеше гүлді өсімдіктерден тұрады. Жануарлардан қарапайымдылар, құрттар, жоғары сатыдағы шаянтәрізділер, құрсақаяқты және қосжақтаулы моллюскалар, тікентерілер басым болады (4-сурет).
3-сурет. Теңіз плейстон биоценозы
Желкеншілер – Vellela туысы Hydrozoa: 1 – желкеншінің үстінде отырған краб-планес Planes (желкеншінің жұмсақ ұлпаларын жеп отырған); 2 – желкеншінің төменгі жағында отырған моллюска янтина (Janthina); 3 – желкенші ұшарбалықтың уылдырықтарымен; 4 – желкеншінің қаңқасында отырған теңіз үйрекшесі (мұртаяқты шаянәрізділер) жас дарақтарымен; 5 – өзінің қалтқысына бекініп жүзіп жүретін янтина; 6 – янтина қалдырған қалтқының үстіндегі краб планес; 7 – қандала-суаршын (Halobates). (Жизнь животных. Т.1. – М., 1987)
Бактериобентос барлық тереңдікте кездеседі. Түптік шөгінділердің беткі қабатында бактериялардың саны шельфтегі 1 мл дымқыл грунтта 1-9 млрд-қа жетеді, бірақ түптік шөгінділердің астына қарай олардың саны күрт азаяды.
Саңырауқұлақтардан көбінесе фикомицеттер болады. Олардың саны 1 г грунтта бірнеше оншақты мыңға жетеді.
4-сурет. Тікентерілілердің алуантүрлілігі:
1. Asteroidea класы – (теңіз жұлдыздары) Asterina; 2. Кәдімгі теңіз жұлдызы; 3. Crinoidea класы – Solaster; 4. Теңіз лилиясы; 5. Echinoidea класы – теңіз кірпілері Echinarachnius; 6. Strongilocentrotus; 7. Holothuroidea класы – теңіз қияры; 8. Ophiuroidea класы – Офиура Ophipholis; 9. Бұтақты офиура (Жизнь животных. Т.1. – М., 1987).
Фитобентос, негізінен, қоңыр, қызыл, жасыл балдырлардан және біршама гүлді өсімдіктерден тұрады. Қоңыр балдырлар жағалау маңында өседі, олар арнайы тамыртәрізді өсінділермен теңіз түбіне, мысалы, ламинария (Laminaria), бекініп тұрады. Бұлардың 900-дей түрі бар. Қызыл балдырлардың 2500-ден артық түрі анықталған. Жасыл балдырлардың түрлік алуандылығы төмен, ал гүлді өсімдіктер зостера, теңіз зығыры және басқаларынан тұрады.
Сандық мөлшері жағынан фитобентоста қоңыр балдырлар (Fucus,Ascophyllum, Laminaria және басқалары) басым, содан соң қызыл балдырлар (Phyllophora, Polysophonia және басқалары), ал үшінші орынды жасыл балдырлар (Ulva, Cladophora) алады.
Зообентос. Жануарлардың алуантүрлілігі және сандық көрсеткіштері біршама абиотикалық факторларға Әлемдік мұхиттың гидродинамикасына, жарыққа, тереңдікке және сутүбі грунтының типіне тәуелді. Әлемдік мұхиттың жағалау маңы – судың тасу және қайту зонасында тіршілік ететін организмдердің су деңгейінің және температураның тәуліктік өзгеруіне тұра алатын бейімделушіліктері пайда болған. Олар – белгілі бір уақытта қозғалуы, тақта желбезекті моллюскалардың бақалшықтарының ашылып-жабылуы, грунтқа көмілу. Тақта желбезекті моллюскалар – Mytilus edulis су қайту кезінде қақпақтарын мықтап жауып, мантия қуысында қалған суды қанағат етеді. Егер қажет болған жағдайда тіршілік қабілетін жоғалтпай құрлықта бір айға дейін шыдайды. Онаяқты шаянтәрізділер арасында су қайту кезінде сумен бірге қайтатын, ал су көтерілгенде қайта келетін түрлері де (кейбір крабтар) кездеседі. Еліктіргіш краб су деңгейі көтерілген кезде грунтқа көміледі, ал су қайтқанда белсенділігі артып қорегін іздеуге шығады.
Кейбір мұртаяқты шаянтәрізділер – теңіз жаңғақтары – Balanus және теңіз үйрекшелері – Lepas, жартастарда өмір сүруге және су тасу-қайту зоналарында тіршілік етуге өте жақсы бейімделген. Олар тек су көтерілген кезде ғана белсенді, ал су қайтқан кезде үйшіктерінің қақпақтарын тығыз жауып анабиозға ұқсас күйге түседі. Әлемдік мұхиттың тасты грунттарының зообентосы, негізінен, губкалардан, маржан полиптерінен тұрады. Сол сияқты қатты субстраттарда кейбір шаянтәрізділер мен тақта желбезекті моллюскалар да мекендейді. Губкалар жағалау маңы зонадан мұхиттың ең терең жерлеріне дейін мекендейді. Бұлар тропикалық және субтропикалық зоналардың шельфтерінде алуантүрлі және көп санды. Маржан полиптерінің (Anthozoa) арасында ең көп кездесетін топ мадрепоралар (Madreporia). Олардың 2100-дей түрі бар. Барлығы дерлік теңіз жануарлары және бекініп тіршілік етеді. Атлант, Үнді және Тынық мұхиттардың тропикалық бөлімдерінде рифтүзуші маржандар тараған. Олардың вертикаль бағытта таралуы шектелген, 50 м тереңдікке дейін түсе алады. Маржан рифтері көптеген теңіз организмдерінің мекендейтін әрі дамитын орны болып табылады. Бұл жерлерде балдырлар, моллюскалар, құрттар, шаянтәрізділер, тікентерілілер көптеп кездеседі. Маржан рифтерінің шіліктерінде көптеген маржан балықтары мекендейді. Қосжақтаулы моллюскалардан кейбір мидиялардың өкілдері кездеседі, олар жартастарға бекініп тіршілік етеді.
Әлемдік мұхиттың құмды-лайлы және лайлы грунттарында алуантүрлі жануарлар – көпқылтанды құрттар, шаянтәрізділер, моллюскалар, тікентерілілер және басаяқты моллюскалар кездеседі. Грунттың қабатында мекендейтін түптік жануарлар – интерстициалдылар, негізінен, көпқылтанды құрттардың Nereidae тұқымдасының өкілдерінен тұрады. Интерстициалдар – грунттың қабатында мекендеушілер, жерқазғыш интрабионттар, бұлар гидравликалық жолмен, мысалы, құмдауықтың (пескожил) денесінің ішкі сұйықтығы өз еркінше дененің алдыңғы бөлімінен артқы жағына қарай және керісінше қозғалу арқылы грунтқа көміле алады.
Эпибионттар – сутүбі қабатының үстінде мекендеушілер, бұлардың басқаларынан ерекшелігі жоғарғы таксондарға (тип, класс) жататын жануарлар көптеп кездеседі. Олардың арасында көпқылтанды құрттар, шаянтәрізділер, моллюскалар, тікентерілілер және басқалары көптеп кездеседі. Аз қозғалатын, сутүбінде жорғалап тіршілік ететін крабтар, омарлар, лангустар, сегізаяқтар, теңіз жұлдызшалары да баршылық.
Әлемдік мұхиттың нектобентосының құрамында мизидалар, креветкалар, кейбір балықтар кіреді. Басаяқты молюскалар сутүбіне жақын жүреді, шамалы қауіп төнсе сутүбіне түседі.
Әртүрлі ендіктердің мекендеушілері. Гидробионттардың ендік бойынша зоналдық таралуы судың жоғарғы қабатында және континенталды шельфте айтарлықтай болады. Бұған, негізінен, температураның меридиандық бағытта өзгеру заңдылығының, сол сияқты әртүрлі ендіктердегі судың айналуының ерекшелігі себепші болады.
Организмдердің түрлік алуандылығы және сандық дамуына байланысты поляр, қоңыржай және тропикалық зоналарды ажыратады.
Поляр маңы зоналарда фитопланктон кедей, олардың вегетациялық кезеңі өте қысқа, кейде бір жылда бірнеше аптаға созылады, өнімділігі үлкен емес, соған байланысты гетеротрофтылардың да саны аз болады. Судың жақсы араласуы қоңыржай зоналарда терең қабаттағы биогенді заттардың жоғары қарай көтерілуіне себепші болады, осыған орай бұл жерлер фитопланктонның ең көп болуымен ерекшеленеді. Тропикалық сулардың аймақтарында су аса көп араласпайды, сондықтан биогендер аз, фитопланктонның биомассасы қоңыржай ендіктерге қарағанда өте төмен болады. Фитопланктонның санының төмендеуі бұл жерлерде өмір сүретін жануарлардың саны мен биомассасының азаюына алып келеді.
Мекендеушілердің сандық көрсеткіштері азайғанымен оған қарсы түрлік байлығы қоңыржайдан төменгі ендіктерге қарай арта түседі. Тропикалық суларда фауна мен флораның көп болуы ең алдымен температура режиміне байланысты. Жылысулылық және температураның тұрақтылығының жоғары болуы түр түзілу процестеріне қолайлы болады. Қолайлы температура жағдайынан басқа тропикалық зонада фауна мен флораның бай болуына су акваториясының үлкендігі және жағалау маңы бойының біршама көп болуы да себепші. Бұл өз кезегінде алуантүрлі биотоптардың пайда болуын қамтамасыз етеді, ал бұл түрлік алуандылықтың көп болуына ықпал етеді.
Жоғарғы ендіктерден төменгі ендіктерге қарай жылжығанда жалпы заңдылыққа сәйкес зообентостың түрлік құрамы артады. Бұл эпифауна үшін заңды құбылыс, ал инфауна үшін қолданылмайды, өйткені температура ауытқуының өзгеруі грунт қабатында оның үстіне қарағанда аз байқалады.
Экваторға қарай қозғалғанда балдырлардың кейбір топтарының сандық қатынасы заңды түрде өзгереді. Төменгі ендіктерде диатомды балдырлардың саны азаяды, ал перидиниялардың саны артады. Барлық ендіктерге тән түптік балдырлардың 3 типінен салыстырмалы суық суларда қоңыр балдырлар басым (40-43 %), ал жасыл балдырлар аз (12-13 %) болады. Жылы суларда қоңыр балдырлар аз (18 %), ал жасыл балдырлар көптеу (24 %). Қызыл балдырлардың үлесі суық және жылы суларда шамалы ғана ауытқиды (46-55 %). Ламинариялар және фукус балдырлары тек салқын (қоңыржай) және суық суларда кездессе, ал Саргастар тұқымдасына жататын балдырлар керісінше тек жылы суларда ғана кездеседі.
Омыртқасыздардан тек тропикаларда 20 °C төмен температурада өмір сүре алмайтын күрекаяқты моллюскалар Scaphopoda және маржан полиптері мекендейді. Осы аймақтарда планктонды тамыраяқтылар, сифонофоралар, Geryonidae және басқа медузалар, планктонды Alcyopidae көпқылтандылар, планктонды құрсақаяқты моллюскалар, антинидалар (Janthina), сальпалар мен сагитталар тіршілік етеді. Тропикаға мангрлы тоғайлар да тән болады.
Бергман заңы бойынша гидробионттардың мөлшері жоғары ендіктерден төменгі ендіктерге қарай майдаланады. Мысалы, Nassa clousa моллюскаларының (Gastropoda) дене мөлшері Балтық теңізі мен Солтүстік теңізді байланыстыратын Скачеррак бұғазында 12,7 мм-ге жетеді, ал Исландияның жағасында – 19 мм болады. Anonyx шаяндарының дене мөлшері Англия мен Шпицберген жағалауларында сәйкесінше 18 және 50 мм болса, Норвегия суларында 12-16 мм, ал Гренландияға жақынырақ суларда 25-30 мм-ге жетеді.
Әдетте жоғары ендіктерге жақындаған сайын жануарлардың семізділігі артады. Биологиялық көзқарас бойынша тіршілігінде маусымдық өзгерістер болмайтын тропикалық организмдерге май жинау жоғары ендіктегі формалар сияқты бейімделушілік емес. Жоғары ендіктегі жануарлардың қоректенуі көп уақытқа дейін болмауы мүмкін, сондықтан қорланатын қоректік заттардың қажеттілігі жоғары болады.
Төменгі ендіктерге жылжыған сайын жыртқыштарға байланысты биотикалық қатынастардың салыстырмалы маңызы артады, осыған орай гидробионттардың қосымша «қарулануы» (тікенектері және басқа қорғаныш құрылымдары дамиды) күшейеді, улы түрлердің саны өседі. Мысалы, Тынық мұхиттың Калифорния аймағындағы жағалауында, губкалардың литоралдық түрлерінің балықтарға деген уыттылығы 20 %-ында болады, ал Мексиканың оңтүстік шекарасында 75 %-ға дейін өседі. Ендіктерден экваторға жылжыған сайын бентостағы жануарлардың пелагиалды дернәсілдері бар түрлерінің арасында ұзақ жасайтындардың үлесі артады. Бірте-бірте ұзақ өмір сүретін өсімдікқоректі балықтардың саны көбейеді. Төменгі ендіктерде, негізінен, даму циклы қысқа және өсімталдылығы жоғары жануарлар басым болады, өйткені биотикалық қатынастар күрделене түседі.
Әртүрлі тереңдікті мекендеушілер. Гидробионттардың тіршілік жағдайы су түбіне қарай өзгереді. Жарық өте мол болатын үстіңгі қабатта фитопланктон аз болуы мүмкін, бірақ 5-10 м тереңдікте оның саны максимумға жетеді. Фитопланктон негізгі пикноклиннің төменгі шекарасына дейін (80 мге дейін) кездеседі. Оның астында жоғары қабаттарға қарағанда балдырлардың саны 50-100 рет төмен болады.
Су түбіне қарай мезозоопланктон және макрозоопланктонның алуантүрлілігінің өзгеру сипаты да әртүрлі болады. Мезопланктон тереңдікке қарай бір қалыпты азайып отырады, ал макрозоопланктон судың жоғарғы бетіне жақын қабатында әдетте өте аз болады, 500-100 м тереңдікте ең көп, одан ары оның саны ақырындап кемиді.
Тереңдікке байланысты нектонның алуантүрлілігі және саны төмендейді, жекеленген балықтар кейде 7-8 км терендікте де кездеседі. Олардың арасында алғашқы реттік және екінші реттік тереңдікте мекендеуге бейімделгендер бар. Алғашқы реттік тереңдікте мекендеушілерге отрядтарының, туыстарының барлық түрлері әртүрлі тереңдіктерде тіршілік ететін және географиялық таралуы өте кең болатын балықтар (қармақшылар, жарқырауық анчоустар, дәуауыздар және басқалары) жатады. Екінші реттік тереңдіктерде мекендеушілер ірі таксондар түзбейді және ареалдары аса кең болмайды. Бұларға көбінесе кейбір алабұғатәрізділер жатады.
Фитобентос және зообентос құрамы да тереңдікке қарай өзгеріп отырады. Супралиторалда фитобентос аз дамиды, негізінен, маусымдық формалардан (майда балдырлар және қыналар) тұрады. Жоғары литоралда фитобентос арасында сусыздануға ұзақ уақыт шыдайтын (порифелалар) түрлер басым болады. Орта литоралда фитопланктонның биомассасы артады. Литоралдың төменгі жағында фитобентостың дамуы ең жоғары болады, бұл жерлерде ламинариялар басым.
Сублиторалдың жоғарғы қабатында балдырлар өте көп, әсіресе жасыл және қоңыр балдырлар болады. Төменірек қызыл балдырлар басым, олардың қызыл пигменттері күн жарығын пайдалануын жоғалтады. Сублиторалдың төменгі шекарасы тропикалық зоналарда 150 м, қоңыржай салқын суларда 50-80 м, ал полярға жақын аймақтарда 20-40 м болады.
Батиалда еркін тіршілік ететін теңіздік көпклеткалы омыртқасыздардың 40-тан аса кластарының өкілдерінен абиссалда 36 түрі мекендейді, 6-7 км тереңдікте – 32, 10 км тереңдікте тек 8 кластарының өкілдері (кораллдар, көпқылтандылар, теңаяқты шаяндар және амфиподалар, құрсақаяқты моллюскалар және т.б.) кездеседі. Зоопланктонның алуантүрлілігі 3-4 км-ден бастап кедейленеді, жыртқыштар толығымен жойылады. Тереңдікке жылжыған сайын әртүрлі доминантты формалардың су қабаттарына ауысып отыруы байқалады, бұл бір түрлердің екінші түрлерге деген бәсекелестігін жоюға байланысты.
Фаунаның алуантүрлілігінің және санының жоғарғы қабатынан төмен қарай азаюының негізгі себебі – трофикалық жағдайларының нашарлауымен байланысты. Тереңдегі жануарлардың негізгі қорек көзі жоғары қабаттан түсетін дайын органикалық заттар – өлген организмдер, олардың қалдықтары – болады. Тәулік сайын жоғарғы қабаттағы мекендеушілер 300-400 м түседі, сонан кейін олар төмендеп келесі тереңдіктегі жануарларға қорек болады. Судың қабатында «қорек сатысы» пайда болады, судың жоғарғы қабатында түзілген органикалық заттар ең терең жерге дейін түседі.
Қорек ресурстары жеткіліксіздіктен тереңдіктегі жануарлардың энергияны үнемдеуге бірқатар бейімделуі болады. Бұл, біріншіден, бейтарапты (нейтральды) жүзгіштік (бұнда энергия гравитацияны жеңуге жұмсалмайды), сүйек қаңқасының шеміршекпен алмасуы, тері қабатының асты борпылдақ мезенхимамен толуы, ұлпалары мол суланады, белоктың мөлшері 2-4 есе төмендейді, майдың қорлануы пайда болады. Энергияны үнемдеудің екінші түрі – қозғалғыштықтың кемуі. Жыртқыштар жемтігін іздеп және қуып жүрмейді, тек аңдып отырады, соған байланысты олардың жемтігін тасадан бас салатын мінез-құлқы дамыған.
Тереңдікке түскен сайын майда формалар ірілерге жиі ауысып отырады. Мысалы, 1 және 3, сол сияқты 7 км тереңдікте мекендейтін Amblyops magna мизидиялардың дене мөлшері сәйкесінше 18,30 және 40 см болады. Осыған ұқсас жағдай креветкалардың эвфаузидия арасында да байқалады. Десе де тереңдіктегі мекендеушілердің арасында майда жануарларда басым болады және олар тіршілік процестерінің төменгі қарқындылығымен сипатталады.
Ең аса тереңдіктерде судың карбонаттармен қанығуына байланысты организмдердің қаңқалары нашар дамиды не болмайды.
Фораминефоралардың бақалшығы органикалық заттан қалыптасады, губкалардың қаңқасы кремнеземнен пайда болады. Жануарлардың қараңғыда мекендеуіне байланысты көру мүшелері жойылады, бірақ сезім рецепторларының дамуы күшейеді. Тереңдікте мекендейтін жануарлардың түсі әдетте қара-қоңыр, мүлдем түссіз болады, еш уақытта шұбар, жолақ не басқа түрлі түстер болмайды.
Тереңдіктегі мекендеушілердің тіршілік жағдайында қоректік нысандар шектелген, бірақ температура мен күн сәулесінің әсері қолайлы болады. Температураның тұрақтылығы жануарларға ерекше гомойотермиялықты не жалған гомойотермиялықты қамтамасыз етеді. Жарықтың жоқтылығы қосымша қоздырғыштардың және рецепторлардың болуынан реттеуші механизмдермен реттеледі.
Тұщыланған теңіздердің мекендеушілері. Көптеген шеткі және ішкі теңіздердің тұздылығы төмен болады, соған байланысты олар мекендеушілердің алуантүрлілігімен ерекшеленеді. Тұзды сулардың мекендеушілерінің арасында теңіздің эвригалинді және тұщысулық түрлері болады. Судың тұздылығы теңіздік және тұщысулық формаларға өте қиындық туғызады және ол тұздылық 7-5‰-ге дейін төмендегенде жақсы байқалады. Теңіздік формалар аса тұщыланған тұщы суларда мекендеуге шыдамайды.
Тұщы суларға өткенде тіршілік жағдайларының нашарлауына байланысты гидробионттардың өсімталдылығы төмендейді. Мысалы, Palaemon varians креветкасы Неаполь аймағындағы тұщы суларда мекендесе 20-25, ал теңізде (Франция жағалауларында) мекендесе 100-450 жұмыртқа салады.