Читать книгу Еуропа жəне Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1945-2009) - Бақыт Бөжеева - Страница 1
КІРІСПЕ
ОглавлениеНазарға ұсынылып отырған оқулық құралында Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы кезеңіне, яғни 1945–2009 жылдардағы Еуропаның жетекші елдеріндегі және АҚШ мемлекетіндегі аса маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жан-жақты сараптама жасау мақсаты қойылған.
Оқу құралында ХХ ғасырдың басында қуатты елдер қатарында болған Германия, Франция, Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары және Италия сияқты елдердің ішкі саяси дамуын, экономикалық жағдайын, әлеуметтік саладағы жетістіктері мен кемшіліктерін, сыртқы саясаттағы бағыт-бағдарын, осы елдердің өзара қарым-қатынастарында жалпыға бірдей болған үрдістер мен мәселелерді айқындауда көптеген тарихи зерттеулер мен құжаттарға, ғылыми әдебиеттерге сүйендік.
Еуропа мен Америка елдерінің саяси-экономикалық дамуының қазіргі заман тарихындағы екінші бөлігінің өзін саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты төрт кезең шеңберінде қарастырамыз.
Бірінші кезең барысында (1945–1950 жылдардың аяғы) ғылыми-техникалық революцияның алғашқы қадамдарын, капиталистік елдердегі мемлекеттік реттеу жүйесінің қалыптасуы, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы халықтық-демократиялық революциялар және Кеңестер Одағының басшылығымен әлемдік социалистік жүйенің қалыптасуы, отарлық жүйенің ыдырауының басталуы және ірі екі держава АҚШ пен КСРО арасындағы «қырғи-қабақ соғысының» тұтануы жаңа халықаралық қатынастар жүйесінде «қосполярлы әлемді» құрды.
Екінші кезеңінде (50-жылдардың аяғы – 70-жылдардың ортасы) капиталистік елдерде индустриалды қоғамның қалыптасуы, интеграциялық үрдістердің өрістеуі, отарлық жүйенің күйреуі және әлемдік саясатқа бұрынғы отарлық «шет аймақтардағы» жас тәуелсіз мемлекеттердің араласа бастауы көрініс тапты.
Үшінші кезең (70-жылдардың ортасы – 80-жылдардың аяғы) әлемдік капиталистік шаруашылықтың құрылымдық дағдарысымен сипатталса, социалистік елдер үшін ҒТР-дің жаңа кезеңіне бейімделе алмағандықтан, бұл кезең тоқырау мен дағдарыс үрдісінің шиеленісуіне әкелді, ақыр аяғында Еуропадағы, оның ішінде КСРО-дағы социалистік жүйе құлады, бұл «қырғиқабақ» соғысының аяқталуына және халықаралық қатынастардағы «қосполярлы әлемнің» жойылуына әкелді.
Төртінші кезең (ХХ ғасырдың 90-жылдары) ақпараттық және технологиялық революция ретінде ҒТР-дің одан әрі дамуымен сипатталады, жетекші капиталистік елдерде ақпараттық қоғамның қалыптасуымен, ал Орталық және Шығыс Еуропаның бұрынғы социалистік елдері мен КСРО аумағында пайда болған жаңа тәуелсіз елдер үшін нарықтық экономикаға, демократиялық тәртіпке өтуімен сипатталады.
Әлем елдерінің қазіргі заман тарихының екінші бөлігін оқып білу ХХ ғасырдың ортасынан бүгінгі күнге дейін Жер шарында қандай ұлы өзгерістердің болғанын түсінуге, саяси жүйелердің ауыспалы екендігін ұғынуға мүмкіндік туғызады.
Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы кезеңін қарастыру барысында адамзаттың тарихи даму заңдылығы бір орында тұрмайтындығына, жаңа өзгерістерге толы екендігіне көз жеткіземіз.