Читать книгу Еуропа жəне Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1945-2009) - Бақыт Бөжеева - Страница 4

3-тарау
ГЕРМАНИЯ ФЕДЕРАТИВТІК РЕСПУБЛИКАСЫ (1945 – 2009 ж.)

Оглавление

Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілген Германия жері Потсдам мәслихатының шешімі нәтижесінде АҚШ,Ұлыбритания, Франция және Кеңестер Одағының оккупациялық зоналарына бөлінген еді. Сондай-ақ 1946 жылдың 2 желтоқсанында ағылшын-америка зоналары бірігіп, Бизонияға айналған болатын. Осы оккупацияланған зоналарда неміс партиялары мен әкімшіліктері де құрыла бастаған еді. 1945 жылдың маусымында ағылшын зонасындағы Кельн қаласында ХДО (Христиандық-демократиялық одағы) құрылды, оның төрағасы болып Конрад Аденауэр сайланады. 1945 жылдың қазанында Баварияда – ХӘО (христиандық-әлеуметтік одағы) құрылып, кейіннен олар ХДО/ХӘО болып ынтымақтастық келісімге келеді. 1946 жылы ЕДП (Еркін демократиялық партиясы) батыс зонада құрыла бастайды. Оның төрағасы болып Теодор Хейс сайланған болатын. Ал Шығыс оккуппациялық зонада, яғни Кеңестер Одағының оккупациялық зонасында ГКП (Германияның Коммунистік партиясы) мен ГСДП (Германияның социал-демократиялық партиясы) бірігіп, ГСБП (Германияның социалистік бірыңғай партиясы) құрған болатын.

Батыс оккупациялық зоналардың бірігуіне байланысты, 1948 жылдың ақпанында Бизонияға француз зонасы қосылып, «Тризония» пайда болып, бірыңғай экономикалық аймаққа айналады. Жалпы батыс оккупациялық зонасының экономикалық даму деңгейіне «Маршалл жоспары» көлеміндегі көмек елеулі ықпал етті. Осы жоспар көлемінде Батыс Германия аймағы 1948 –1952 жылдар аралығында 1,4 млрд АҚШ долларымен көмек алды. Бұл өз кезегінде экономиканың қалыптаса бастауына өте қажет еді. Ал бұл кезеңде Кеңестік оккупациялық зонада өндірісті социализациялау кең қарқынмен жүзеге асырылып жатты. Батыс одақтастар өз зоналарындағы экономикалық дамуға жағдай жасау қажеттігіне орай 1948 жылдың 20 маусымында валюталық реформа енгізеді, яғни батыс зонада ендігі жерде жаңадан шығарылған неміс маркасы жүреді. Бұған жауап ретінде Кеңестер Одағы өз зонасында да жаңа ақша өлшемін енгізіп, оның бүкіл Берлин қаласында күшіне кіреді деп мәлімдейді. Ал 24 маусымда Кеңестер жағы Берлин қаласын толығымен қоршауға алып, батыс зонамен қатынасты тоқтатады. Сол кездегі Берлин қаласындағы кеңестік өкіл маршал Соколовский «Бұл қоршау Лондон, Вашингтон және Париж жағы батыс зонада жаңа мемлекет құру жоспарынан қайтпайынша, тоқтатылмайтындығын» мәлімдейді. Батыс одақтастар Батыс Берлин қаласына азық-түлікті ендігі жерде әуе жолы арқылы тасымалдауға мәжбүр болған еді. Берлин қаласын толығымен қоршау 1949 жылдың 12 мамырына дейін созылған болатын. 1949 жылдың 22 мамырынан 20 маусымына дейінгі аралықта Париж қаласында өткен төрт Сыртқы істер министрлерінің Кеңесінде Кеңестер Одағында Молотовтан кейінгі Сыртқы істер министрі болған Вышинский батыс зоналардың өзін-өзі билеу жөніндегі жобамен келіспейді. Яғни осы кезеңде батыс зоналарда жаңа мемлекеттің Негізгі заңын қабылдау талқыланып жатқан еді. Батыс зонада бұл заңды конституция деп атамай, оны Негізгі заң деп атауы, оның уақытша екендігін көрсетеді. Яғни Конституция тек Германия тұтас бір мемлекет болғанда қабылданатындығын жариялайды. Батыс зонада Негізгі заңды дайындау 1948 жылдың 1 шілдесіндегі Франкфуртте қаралған құжаттарда белгіленеді. 1948 жылдың 10-23 тамызында өткен конституцияға байланысты жиылыс және 1948 жылдың 1 қыркүйегінде ландтагтардан келген 65 өкіл қатысқан Бонн қаласында өткен Парламенттік кеңесте Негізгі заңның жобалары талқыланады. Негізгі заңның түп негізінде еркін демократиялық құрылыс Федералды конституциялық сот жағынан қорғалатындығы белгіленеді. Негізгі заңның 20.4-бабы бойынша демократиялық, әлеуметтік және федеративті тәртіпті жоюға тыйым салынады. Яғни бұл міндеттемелер ендігі жерде бұрынғы ұлттық-социалистік диктатура сияқты кезеңнің қайталанбауына тосқауыл еді. Негізгі заң неміс халқына «келешекте біртұтастыққа ұмтылуға» үндеу тастады. Сондай-ақ Негізгі заң бұрынғы Веймарлық кезеңдегі қателіктерді қайталамауға, яғни фашизмнің үкімет басына келуі, Веймарлық конституцияның жетілмегендігінің нәтижесі еді. Сонымен, осы Негізгі заң 1949 жылы 23 мамырда Конрад Аденауэрдің төрағалығымен өткен Парламенттік кеңесте халыққа жарияланады. Шын мәнінде, бұл заң неміс жерінде бұған дейін қабылданған заңдардың ішіндегі ең жетілгені және еркіндікті уағыздаған ең беделді конституция болды. Негізгі заң ең алдымен, адам құқына көңіл бөліп, діни бостандықты, өз ойын еркін білдіруді, сөз бостандығын, жеке меншікті қорғауға кепілдік береді. Мәдениеттің, ғылымның еркін дамуын, топтарға бірігу еркіндігі, хат алмасу, телефон арқылы байланыстың құпиялылығын сақтау, еріксіз жұмыс жасатудан қорғау парқы, еркіне қарай әскери қызметтен бас тарту құқымен қамтамасыз ету, жекеменшікке қол сұқпау және т.б. құқықтар сақталған. Сондай-ақ теңдік құқы да айқындалған. Яғни ешкімді де, оның жынысына, шыққан тегіне, тіліне, дініне, шыққан отанына, наным-сеніміне және саяси көзқарасына сай бөліп, жеңілдік жасамау, барлық адамдар заң алдында тең екендігі белгіленеді. Әйел теңдігін де атап өткен. Тек азаматтық құқыққа келетін болсақ, ол негізінен неміс ұлтына ғана бағытталған. Бұл – саяси өмірге қатысуға лайықты саяси құқықтар, одақтар мен қоғамдастық құру құқы, Германия Федеративтік Республикасына неміс ұлтының еркін кіруі, сайлау құқына ие болуы, неміс азаматтарын еріксіз қайтаруға тыйым салу. Ең соңында, Конституция барлық немістерге бірыңғай деңгейде ресми қызметке орналасуға мүмкіндік жасауға кепілдік береді.

Неміс конституциясы шетелдік саяси қудаланған азаматтарға саяси баспана беру құқын ең алғаш рет осы заңда белгіледі.

Негізгі заң бойынша мемлекеттік құрылыстың бес парқы айқындалған: Германия – республикалық және демократиялық, федералдық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет.

Мемлекеттің республикалық нысаны – оның атынан-ақ белгілі – «Германия Федеративтік Республикасы». Мемлекет басшысы – сайланбалы федералды президент.

Ал демократиялық мемлекеттік негізіне – халықтық егемендік қағидасы жатыр. Конституция бойынша билік халықта. Мемлекеттік билік халық жағынан қолдау тауып, мойындалуға тиіс. Сайлау кезеңінде халық тікелей қатысып, мемлекеттік билікке ықпал етсе, сайлаудан тыс кезеңде «арнайы органдар» арқылы, яғни заң шығару, атқару үкіметі мен әділ сот арқылы билік жасалады. Федерацияның аумақтық құрылымын өзгерту қажет болған жағдайда халық референдум арқылы немесе халықтық ұсыныс арқылы ықпал етуінің Негізгі заңда көрсетілуі, тікелей демократияның мәні. Сондай-ақ қандай да саяси партиялар демократиялық құрылымды өзгертуге талпынса, конституция негізінде Федералды сот бұған тыйым салу мүмкіндігіне ие.

Федералды мемлекеттің конституциялық қағидасы дегеніміз – мемлекеттікке тек федерация ғана емес, сондай-ақ әрбір федералды жерлерде ие. Олардың әрқайсысы кейбір салаларда шектеулікте болса да, өзіндік егеменді билікке, өз заң шығару, атқару үкіметімен қатар әділ сот жүйесіне ие.

Құқықтық мемлекет парқының негізі- Негізгі заңда белгіленгендей үкіметтік биліктің (заң шығару, атқару, әділ сот) бөлінуі. Құқықтық мемлекеттің екінші елеулі қағидасы мемлекет жағынан жасалынатын барлық іс- қимыл тек заң шеңберінде ғана болуы. Яғни атқарушы үкімет ешқандай құқықты бұзуға тиіс емес, ең алдымен, конституция мен заңдарды. Мемлекеттік биліктің іс-қимылы тәуелсіз соттар арқылы бақылауға алынып отырады (азаматтардың өтініші бойынша).

Мемлекет әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерге көмектесуге, қорғауға, қамқорлыққа алуға міндетті. Сондай-ақ мемлекет қарттарды, мүгедектерді, ауруларды және жұмыссыздарды әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандыруы тиіс. Мұқтаждық көргендерге пәтер ақысын төлеуге, балаларына көмек көрсетуге, еңбек құқығын қорғауға, жұмыс уақытын реттеуге әлеуметтік жағынан жәрдемдесуі керек.

Негізгі заңды қандай жағдайда өзгертуге, толықтауға болады? Яғни Негізгі заңды өзгерту үшін бундестагтың /парламент/ үштен екісі құптауға және бундесраттың / өлкелік палатасы/ үштен екісі қолдағанда ғана мүмкіндік туады. Кей жағдайда бундестагта немесе бундесратта қандай да партиялық топ көп дауысқа ие болса, Негізгі заңды өзгерту үшін кең көлемдегі келісім қажет. Сондай-ақ оппозицияның белгілі бір бөлігі келіскен жағдайда ғана өзгерту мүмкін болады. Ал Негізгі заңның кейбір баптары өзгертуге жатпайды. Ол –Федералды-мемлекеттік құрылыс, үкіметтік билікті бөлісу, мемлекеттің демократиялық, құқықтық және әлеуметтік парықтары және еркіндіктер мен теңдік құқықтары.

Конституция бойынша заң шығару қызметін Бундестаг пен бундесрат атқарады. Мемлекеттік қызмет, яғни атқару міндеттемелері федералды президент пен федералды канцлердің басшылығымен федералды үкіметке жүктеледі, әділ сот қызметін конституция деңгейінде Федералды конституциялық сот атқарады.

Германия Федеративтік Республикасының басшысы – федералды президент. Оны осы мақсатта шақырылған конституциялық орган федералды жиналыс сайлайды. Оған бундестаг депутаттары мен осынша көлемдегі өлкелік парламентте сайланған өкілдер енеді. Президент көпшілік дауыспен бес жылға сайланады және екі кезеңнен аспауға тиіс.

Федералды президент-халықаралық құқық негізінде мемлекетті білдіреді. Федерация атынан шетелдік мемлекеттермен келісімшарттарға келеді. Елшілерді тағайындайды және қабылдайды. Федералды соттар мен шенеуліктерді, офицерлер мен унтер-офицерлерді тағайындайды және қызметінен босатады, қылмыстыға жеңілдік жасай алады. Заңдардың күшіне енуінің конституциялығын бақылайды, тек содан кейін ғана заңдар жарияланады.

Ол бундестагқа федералды канцлердің кандитаттығын ұсынады, кейін канцлердің ұсынысы бойынша федералды министрлерді тағайындайды және қызметінен босатады. Егер канцлердің өтініші бойынша оған деген сенім бундестаг жағынан қолдау таппаса, канцлердің ұсынысы бойынша президент бундестагты таратуды жариялайды (1972 және 1983 жылдары кезектен тыс сайлаулар өткен болатын). Федералды президент саяси қоғамның бірлестігінің бетпердесі.

Бундестаг – елдегі халық өкілеттігі. Ол халықтың сайлауымен 4 жылға сайланады. Ең маңызды міндеті – заң шығару, федералды канцлерді сайлау және үкіметті бақылау. Бундестагтың қызметі негізінен комиссиялар арқылы жүзеге асырылады (сыртқы істер комиссиясы, әлеуметтік мәселе жөніндегі комиссия, бюджет жөніндегі комиссия, петициялық комиссияға кім де болса өтініш жасай алады). 1949 жылдан 1990 жылға дейін бундестаг 6700 заң жобасын ұсынды және 5 мыңға таяуы (4400) қабылданды. Бундестагта заң жобасы үш оқылымнан өтуі міндетті, бір рет беделді комиссияға жіберіледі, үшінші оқылымда олар соңғы келісімге келеді. Заң көп дауысқа ие болғанда ғана қабылданады. Ал егер заң жобасы федералды жерлер ісіне қатысты болса, онда бундесраттың қолдауы міндетті түрде қажет. Бундестаг президенті ең күшті фракция мүшесінен сайланады.

Бундесрат -федералды өлкелердің өкілеттігі, заң шығаруға және федерацияны басқаруға қатысады. Оның АҚШ сенаттық жүйесінен айырмашылығы, ол халықтық өкілдерден құрылмайды. Бундесрат өлкелік үкіметтің мүшелерінен немесе олардың өкілдерінен құрылады. Адам санының өлшеміне сай жерлерге бөлінетін дауыста біркелкі емес. Заңның көпшілігі бундесраттың қолдауымен қабылданады, әсіресе өлкелердің финанстық немесе егемендік мәселелеріне қатысты болса. Конституцияға өзгеріс енгізуде бундесрат дауысының 2/3-і қажет. Сондай-ақ бундесрат басқа заңдарды қабылдауға келіспеуге құқы бар, тек оны бундестагтың көпшілік дауысымен қалыс қалдыруға болады. Егер бундестаг пен бундесрат келісімге келе алмаған жағдайда екі палата мүшелерінен «келісуші комиссия» құрылып, екі жақтың көкейінен шығатын шешімге келеді. Бундесратта партиялардың мүддесіне қарағанда өлкелер мүддесі жоғары тұрады. Бундесрат өз президентін кезекті түрде бір жылға сайлайды. Егер Федералды Президент өз қызметін атқара алмаған жағдайда, Бундесрат президенті атқарады.

Федералды үкімет – федералды канцлерден және 19 федералды министрден тұрады. Федералды канцлер елдің саяси даму бағытын айқындайды және осы үшін жауапты. Федералды үкімет ішінде тек федералды канцлер ғана парламентте сайланып, оған жауап беруге тиіс. Федералды конституциялық сот – Негізгі заңның іске асуына бақылау жасайды. Қабылданған заңдар, қаулылар, шешімдер негізгі заңға қайшы келе ме, жоқ па соны анықтайды. Үкімет жағынан жеке адамның құқы кемсітілсе, олда осы сотқа өтініш жасай алады. Федералды сот екі сенаттан, олардың әрқайсысы сегіз судьядан тұрады. Судьяның бір жартысы бундестагта сайланса, екінші жағы бундесратта сайланады. Олардың өкілеттігі он екі жыл және қайта сайлануға болмайды.

1949 жылдың 14 тамызында Бундестагқа сайлау өткізу нәтижесінде ХДО/ХӘО 7,4 млн дауысқа (141 мандат), ГСДП – 6,9 млн (132 мандат), ЕДП-2,8 млн (52 мандат), ГКП – 1,3 млн (15 мандат) дауысқа ие болды.

1949 жылдың 7 қыркүйегінде алғашқы сессиясына жиналған парламент жаңа неміс мемлекеті – Германия Федеративтік Республикасының құрылғандығын жариялады. Жаңа құрылған Германия Федеративтік Республикасының президенті болып 1949 жылдың 12 қыркүйек айынан ЕДП мүшесі Теодор Хейс 5 жылға сайланса, Федералды канцлер – ХДО мүшесі (төрағасы) Конрад Аденауэр 1949 жылдың 20 қыркүйек айынан 1963 жылға дейін сайланды. Жаңа өкімет ХДО/ХӘО, ЕДП және неміс партияларының өкілдерінен құрылды. АҚШ, Ұлыбритания және Францияның оккупациялық әскері Батыс Германия жерінде қала отырып, оның ГФР үкіметімен қатынасы «Оккупациялық статут» арқылы белгіленді (күшіне 1949 жылдың 21 қыркүйегінде енді). Яғни Батыс мемлекеттері қажет деп тапқан сәтте билікті өз қолдарына толығымен немесе қандай да бір бөлігін алуға құқылы болды. 1949 жылдың 15 желтоқсанында Маршалл жоспары көлеміндегі экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылады. Осыдан кейін Шығыс зонада шығысгермандық мемлекет қалыптаса бастады, 1949 жылдың 7 қазанында Герман Демократиялық Республикасы құрылады.

Германия күннен-күнге өзінің тәуелсіздігіне талпынып, дүниежүзілік саясатқа араласуды көздеді. 1951 жылдың шілдесінде Ұлыбритания, Франция және АҚШ Германиямен соғыс жағдайының тоқтатылғандығын жариялады. Ал Кеңестер Одағы мұндай мәлімдемені тек 1955 жылдың 25 қаңтарында жасады. Осы 1955 жылы екі неміс мемлекеті шектеулі егемендікке ие болады. Яғни басты жеңген мемлекеттер: АҚШ, Кеңестер Одағы, Ұлыбритания және Франция «Берлин қаласы мен жалпы Германияға» қатысты өзінің ерекше өкілеттілігін сақтап қалды. Олар Германияның бөлісуіне байланысты барлық құқыққа ие болып қала берді. Егемендігі шектеулі болса да, бұл Батыс Германияның 1955 жылы 9 мамырда НАТО-ға мүше болуына жол ашқан еді. Бұған дейін 1952 жылы көктемінде Сталин екі Германияны «бейтараптық» күйде қосу жөнінде ұсыныс жасаған болатын, бірақ бұл ұсыныс Батыс Германия басшылары жағынан да, «Одақтастар» жағынан да қолдау таппайды. Оның басты себебі – Канцлердің ойынша неміс жерінде АҚШ әскерінің болғаны қорғаныс үшін әлдеқайда пайдалы деп есептеуі. Тек Германияның келешек тағдырында Кеңестер Одағының қажеттілігінің басым болатындығын түсінген К. Аденауэр осы елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға атсалысады. Сол мақсатта 1955 жылдың қыркүйегінде Мәскеуге сапар шегіп, 10 мың неміс әскери тұтқындарын және 20 мың қарапайым азаматтарды босатуға қол жеткізеді.

Батыс Еуропа соғыстан кейінгі жылдары жаңа бірігу, кірігу жолын таңдайды. 50-жылдары Батыс Германия сондай-ақ өзінің ата жауы деп есептеп келген Француз мемлекетімен де қарым-қатынасын жақсарта бастайды. Олар Француз-батыс герман одағына ұмтылады. Осы жолда олар ЕКББ, кейін ЕЭҚ көлемінде ұйымдаса отырып, 1963 жылы екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың белгісі ретінде Елисей келісімшартына қол қояды.

60-жылдардың басында АҚШ-тың үкімет басына Джон Ф. Кеннеди келгеннен кейін де олар өзінің Батыс Германияға қатысты саясатын ұстанатындығын (1961 ж. 25 шілдеде), Батыс Берлин қауіпсіздігіне, батыс мемлекеттерінің осы елде қалатындығына кепілдік жасайтындығын мәлімдейді. Бірақ 1961 жылдың 13 тамызында Берлин қабырғасын тұрғызу кезінде, олардың қарсылығы дипломатиялық қарсылықтан аспады. Мәскеу Шығыс Германияны қоршауға алды, осы Берлин қабырғасы салынғанға дейін 1961 жылдың шілде айында ғана Шығыстан Батысқа 30000 адам мекенжайын ауыстыру мақсатында өтіп кеткен болатын.

Халықаралық қатынаста алға жылжу мақсатында 60-жылдардың ішінде Батыс Германия Шығыс Еуропа елдерімен де қатынасын жақсартуға талпынады. ГФР «Хальштейн доктринасынан» бас тартпай-ақ, экономикалық тұрғыдан Бухаресте және Будапеште сауда өкілдіктерін ашады. «Хальштейн доктринасы» – 1949-1969 жылдары Батыс Германияның Шығыс Германияны тәуелсіз ел ретінде мойындамауы жөніндегі саяси бағыты. 1958 жылға дейін В.Хальштейн ГФР СІМ мемлекеттік хатшысы қызметін атқарды. «Хальштейн доктринасының» негізі «бүкіл Германияның атынан» өзін көрсетуші және «герман халқының бірден-бір өкілі» рөлін атқарған ГФР үкіметінің талабымен үйлеседі.

1969 жылдың 5 наурызында – федералды президент Густав Хайнеман (СДПГ өкілі) болды, ол тіпті, Аденауэрдың тұсында Шығыс пен Батыстың өзара түсіністігін жақтаған болатын. Вилли Брандт (шын аты – Герберт Фрам). 1969 жылдан 1974 жылға дейін Федералды канцлер болды.Ол қоғамды дамытудың ең тиімді жолы ретінде әлеуметтік реформаларды қарастырады.

Жүргізілген сайлау реформасы бойынша 18 жасқа толған жастар сайлауға қатыса алатын болды. 1972 жылы өткен сайлауда жас сайлаушылардың 55 пайызы ГСДП-ға дауыс берген. Сонымен қатар, В.Брандт үкіметі жоғары білім жүйесін реформалауды да қолға ала бастады. Себебі үкімет ГФР-дің АҚШ, Жапония және тағы басқа елдердің жоғары оқу орындарының деңгейінен қалып қалмауын көздеді. 1969-1971 жылдары стипендиямен қамтамасыз ету, ақысыз білім алу, академиялық дәрежелерді қорғауға үлес қосу жөнінде Федералды заңдар қабылданған болатын. Нәтижесінде студенттер саны екі есеге өсті, 1972 жылы олардың саны 600 мың адамды құрады. Бірқатар жаңа университеттер ашылды, білім беру жүйесіне қаражат бөліне бастады. 1970 жылы білім беру жүйесіне шыққан шығын көлемі 30 млрд марканы құраған.

Брандт үкіметі әлеуметтік бюджеттік бағдарламаларды да кең көлемде кеңейтті. 1970 жылы балаларға жәрдемақыны, баспана алуға жағдайы жоқ адамдарға дотацияны көбейтетін заңдар, 1971 жылы балалар мен студенттерге міндетті сақтандыруды таратқан «әлеуметтік сақтандыру туралы заңы», 1972 жылы зейнетке шығу жасы 63 жасқа дейін төмендетілді, төменгі зейнетақы көлемі көбейтілді.

Брандт үкіметінің қызметінің алғашқы жылдарында-ақ сыртқы саясатқа көп көңіл бөліне бастады. «Реформалар канцлері» Германияның әлемнің басқа елдерімен қатынасын түпкілікті өзгерту керек деп ойлады. Брандт Еуропа халқының неміс халқы тарапынан туындайтын «тарихи үрейін» жоятын мәдени және гуманитарлық байланысты жандандыруға көп мән берді. Батыс германдық дипломатия Франция мен Бенилюкс елдерінің еуропалық интеграцияға байланысты, Еуропалық Қоғамдастық құрамын кеңейту, экономикалық және валюталық одақ жобасын («Вернер жоспары») дайындау жөніндегі жоспарларын мақұлдады.

Сонымен қатар Мәскеу мен Вашингтон стратегиялық қару-жарақты шектеу жөніндегі келіссөздерін бастаған болатын, НАТО екіжақты саналы түрде әскер санын азайту жөнінде келіссөздерді бастауды ұсынған еді. 1969 жылдың 28 қарашасында ГФР Ядролық қаруды таратпау келісіміне қосылады. Жаңа үкімет өзара түсіністіктегі өз саясатын жүргізе бастайды. В.Брандт үкіметтік мәлімдемесінде негізінен елдің ішкі мәселесімен айналысатынын жариялаған еді. Ал іс жүзінде ол сыртқы саясатта маңызды жұмыс атқарды десек болады.

В. Брандт үкіметінің сыртқы саясатының басты мақсаты Еуропаның шығысына «көпір салу» еді. Оның үкіметі «шығыс келісімшарттарымен» аяқталған КСРО, Польша, Чехославакия елдерімен келіссөздер жүргізеді.

КСРО мен ГФР арасында күш қолданбау және статус статус-кво (status quo) жөнінде Мәскеу келісіміне 1970 жылдың тамызында қол қойылады. 1970 жылдың 7 желтоқсанында Варшава келісіміне қол қойылды. Келісімде аумақтық тұтастық пен шекараның мызғымастығы, «Қызыл крест» арқылы неміс ұлтының өз туыстарымен қосылуы қарастырылады.

ГФР мен Чехословакия арасындағы келісімге 1973 жылдың 11 желтоқсанында қол қойылады. Бұл келісім негізінде 1938 жылғы Мюнхен келісімінің күші жойылады және келісімдердің мүшелері соғыстан кейінгі шекаралардың мызғымастығын мойындап, халықаралық қатынастарда күш қолданудан бас тартты.

1971 жылдың 3 қыркүйек айында төртжақты (АҚШ, КСРО, Франция және Ұлыбритания) Берлин келісімі жасалды. Бұл келісімде Берлин қаласының Германия Федеративтік Республикасының конституциялық бөлігі болып есептелінбейтіндігі бекітіледі. Дегенмен, келісімде Германия Федеративтік Республикасының тек Батыс Берлинге қатысты өкілеттілігі мойындалады.

Екі неміс мемлекеті арасындағы қарым-қатынастар жөніндегі келісімшартқа 1972 жылдың 21 желтоқсан айында қол қойылады. 1973 жылдың 18 қыркүйегінде екі неміс мемлекеті БҰҰ-ға мүшелікке қабылданады.

Бұл келісімдердің өзекті мәселесі, ол – соғыстан кейінгі шекараның мызғымастығы, ешқандай күш қолданбау. Бірақ бұл келісімдердің бундестагтағы бекітілуі өте шиеленісті жағдайда өтті десек те болады. Алғашқы Мәскеу және Варшава келісімдерін бундестагта бекіту шын мәнінде, В. Брандттың өте көп күш салуының нәтижесінде ғана мүмкін болды. Сөйтіп бұл екі келісім 1972 жылдың 17 мамырында бундестагта бекітіліп, күшіне енді.

Бундестагта ХДО/ХӘО және «кіші коалиция» арасындағы күштер қатынасының тепе-тең болмауы, кейінгі келісімдердің бундестагта бекітілу мүмкіндігін азайтты. Соған орай бундестагтың нәтижелі жұмыс жасауы мүмкін емес деп шешіп, таратылады. Жаңа сайлау 1972 жылдың 19 қарашасына белгіленеді. Шығыс саясатын халықтың көпшілігі құптады. Яғни мұны бундестаг сайлауындағы дауысқа байланысты, көз жеткізуге болады. ГСДП- сайлаушылардың 45,8 пайызын, ЕДП – 8,5 пайызын жинады, соның нәтижесінде енді «кіші коалиция» бундестагта көпшілікке ие болды.

1973–1975 жылдарда Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық жөніндегі Мәжіліс көлемінде мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткізіледі. Бұл жетістік негізінен осы шығыс саясатының нәтижесі еді. Сондай-ақ Шығыс саясаты ГФР-ның әлем алдындағы беделінің өсуіне өзіндік ықпалын тигізді.

В. Бранд қызметтен кеткен соң, 1974 жылдың 16 мамырында үкімет басына Гельмут Шмидт (1982 ж.) келді. Бұл кездегі Федералды президент 1974–1979 жылдар аралығында Вальтер Шель (ЕДП өкілі) болса, ал 1979-1984 жылдары Карл Карстенс (ХДО өкілі) болған еді.

70-жылдардың ортасында орын алған дағдарыс ГФР экономикасына едәуір соққы болды. 1974–1975 жылдардағы өнеркәсіп өндірісі 7,5 пайызға, ал кейбір салаларда тіпті 15-20 пайызға қысқарды. Экономикалық құлдыраудың алғашқы белгілері пайда болған кезде-ақ үкімет дағдарысқа қарсы бірқатар тиімді шаралар қабылдай бастады. Атап айтқанда, мемлекеттік және жеке инвестицияларға жағдайлар жасалды, капитал айналымына бақылау жеңілдетілді. Бірақ бұл шаралар үмітпен күткен нәтижелерге әкелмеді. Өндірістің құлдырауы инфляцияға ұласты, 1973 және 1974 жылдары 7 пайызға жетті және жұмыссыздықтың өсуіне әкелді, олардың саны 1,2 млн адамға жетті. Г. Шмидт үкіметі 1974 жылы дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдады. Жеке инвестицияларды қолдады, сонымен бірге салынған капитал көлеміне байланысты 7,5 пайыз сый тағайындады, түскен сома есебінен бірлескен салық қысқартылды. Бірақ дағдарыс жағдайында кәсіпкерлер өндірістерін кеңейтуден қауіптенді.

Үкіметте ГСДП мен ЕДП арасында қайшылықтар орын алды. Экономика министрі О. Ламбсдорф (ЕДП) әлеуметтік салаға бөлінген қаражатты қысқартуды талап етті. «Бюджет құрылымын жақсарту» жөніндегі Заңы 1976 жылы экономикаға 13 млрд марка, ал 1978 жылы – 33 млрд марка бөлуді ұйғарды. 1976 жылы бөлінген 13 млрд марканың 11 млрд маркасы әлеуметтік салаға берілді.

70-жылдарда бірқатар капиталистік елдермен салыстырғанда ГФР-да жаппай ереуілдік қозғалыстар көп бола қойған жоқ. Бұл негізінен елдегі әлеуметтік саясаттың жетістіктерімен түсіндірілді. 1970–1978 жылдары ГФР-да жылына орташа есеппен 200 мыңға таяу жұмысшылар мен қызметшілердің жұмысты тоқтатуы болды. 70-жылдардың аяғына қарай жұмысшыларға өздерінің нақты жалақысын сақтау күннен күнге қиындай түсті және де ГФР тарихында алғаш рет ол төмендей бастады. Мемлекеттің ереуілдерге, жұмыссыздарға қарсы тұруы да күшейе бастады. 1980 жылдың маусым айында шыққан заң кәсіп иелерінің кәсіпорындарын жауып, жұмысшыларды көптеп жұмыстан шығаруға рұқсат берді. 1982 жылдың көктемінде бос жұмыс орындарын толтыру үшін жаңа тәртіп енгізілді. Біліктілікті анықтаудың бес сатысы белгіленді және ол қатаң тексерілді. Талаптарға жауап бере алмағандар басқа жұмыстар іздей бастады. Егер білікті жұмысшы жарты жыл ішінде өз мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмаса, ол жалақысы төмен жұмысқа автоматты түрде жіберілді. Егер бас тартатын болса, жұмыссыздық жәрдемақысы едәуір төмендетілді. Жұмыссыздық деңгейі осы жылдары еңбекке жарамды халықтың (1 млн адам) 4-4,5 пайызын құрады. 1982 жылы Шмидт үкіметі «жанұя және жастар» заңы бойынша бөлінген әлеуметтік шығынды 10,3 пайызға қысқартты. 1981 жылдың сәуір айында 2,5 млн темір өндірушілер қатысқан ереуіл болды. Бұл ереуіл осы жылдардағы ірі көтерілістердің бірі еді.

Шмидт үкіметі сыртқы саяси бағытында француз президенті В. Жискар д' Эстенмен бірге еуропалық интеграциялық үрдістің дамуына көп үлес қосты. Олардың іс-әрекеттерінің нәтижесінде еуропалық қаржы жүйесі құрылды. Франциямен жақсы қатынаста бола отырып, Шмидт ЕЭҚ-тың ауылшаруашылық саясаты мен Қоғамдастық бюджетін қаржыландыру тәртібін өзгертуге деген Ұлыбритания ниетіне байланысты қатаң позиция ұстанды. Сонымен қатар, Шмидт Бенилюкс елдерінің Еуропалық одақ жобасын («Тиндеманс жоспары») жасауын да қолдады. 1975 жылы ГФР Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Кеңесі қабылдаған Хельсинки Қорытынды Актісіне қосылды. 1978 жылы Л. Брежнев Боннға ресми сапармен барып қайтса, 1980 жылы Мәскеуге ГФР үкіметі делегациясының келуі тарихтағы тұңғыш екі ел арасында ынтымақтастық туралы көпмерзімді келісімшарттың жасалуымен аяқталды. Сонымен қоса Шмидт үкіметі АҚШ-пен де жақсы қарым-қатынаста болуды көздеді.

Шмидт халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша келіссөздерді бастау үшін бітістіруші ретінде болғысы келді. Батысгермандық дипломатия 1981 жылы Женевадағы кеңес-америкалық келіссөздерінің бастамасын қолдады. Шмидт үкіметі 70-жылдардың ІІ жартысы бойына мемлекеттегі саяси тұрақтылықты сақтай алды. 1976 жылы және 1980 жылы өткен парламенттік сайлаулар социал-либерал коалициясының жеңісімен аяқталды. ГСДП ең танымал партия болып қала берді. Оның төрағалық қызметін бұрынғыша атқарып келген Вилли Брандт 1976 жылы Социалистік Интернационал президенті болды. ЕДП беделі одан әрі беки түсті. Еркін демократтар 1976 жылы сайлау кезінде 7,9 % дауыс жинап, 39 мандат алса, 1980 жылы сайлауда 10,3 % дауысқа ие болып, 52 мандат ЕДП еншісіне тиді. Бірақ партияның өз ішнде бөліну пайда болды. Оның сол қанаты ГСДП-пен одақтасуды қолдады.

ХДО-ХӘО блогы парламенттегі ең көлемді партиялық фракцияны құрады. 1976 жылғы жеңілістен кейін (ХДО -38 % дауыс, 190 мандат, ХӘО – 10,6 % дауыс, 53 мандат) коалиция өз тарихындағы ең қиын дағдарысты бастан кешірді. 1973 жылы қарашада Гамбургтегі съезде сайланған ХДО жаңа төрағасы Гельмут Коль партияның идеологиялық платформасын жетілдіруді бастады.

Саяси жағдай социал-либералды коалицияның сақталуына жағдай жасады. Бірақ 1980–1982 жылдары үкімет жағдайы кенеттен қиындай түсті. Жұмыссыздық көбейіп, бюджет дефициті екі есеге өсті. Соғыстан кейінгі кезеңде Батыс Германияда алғаш рет өнеркәсіп және қаржы компанияларының дағдарысқа ұшырауы етек алды. Үкіметтің дағдарысқа қарсы қатаң шараларды орындауға тырысуы ЕДП, коалиция қатарының бөлшектенуіне әкелді.

1982 жылдың 17 қыркүйек күні НДП социал-демократтармен коалицияны таратуды жариялап, 1 қазан күні Шмидтке сенімсіздік білдіруді қолдап шықты. Жаңа канцлер Гельмут Коль болды.

Г. Коль парламенттегі позицияларын бекіту мақсатында Бундестагты таратып, кезектен тыс сайлау өткізді. 1983 жылдың 6 наурыз күні өткен бұл сайлау жаңа билеуші коалицияға жеңіс әкелді. ХДО 32,2 % дауыс, 192 мандат алса, ХӘО 10,6 % дауыс пен 52 мандатқа ие болды. ЕДП 7 % дауыс алып, 34 мандат иеленді. ГСДП сайлаушылардың 38,2 % дауысына ие болып, 193 депутаттан тұратын ең үлкен партиялық фракция құрды.

Жаңаланған христиан-демократиялық қозғалысының басымдылығы барлық онжылдық бойында айқын көрінді. 1984 жылы ГФР президенті болып ХДО басшысы Рихард фон Вайцзеккер сайланды. 1987 жылы парламенттік сайлауда ХДО/ХӘО блогының беделі төмендеп кетті. ХДО 34,5 % дауыс жинаса, ХӘО 9,8 % дауыс алды. Бірақ коалицияның үстемдігіне ЕДП жинаған 9,1 % дауыс көмектесті. 37 % дауыс жинаған ГСДП фракциясы 186 депутатқа дейін азайды. Социалистердің бір бөлігі осы сайлауда «жасылдар» партиясына қолдау көрсетті (8,3 % дауыс, 42 мандат).

Әлеуметтік-экономикалық саясат саласында Коль үкіметіне өзгерістер енгізу оншалықты керек емес еді. Себебі мамандарды қайта даярлау мен білім беру жүйесінен басқа барлық әлеуметтік бағдарламаларға шығындарды азайту, яғни қатаң бюджетті үнемдеу бағыты сақталды. Бұл шара бюджет тапшылығын тез арада төмендетуге мүмкіндік берді. 1983 жылдың өзінде оның деңгейі 30 млрд маркаға дейін қысқарды. Шмидт үкіметі бастаған еңбек қатынастары жүйесінің құқықтың реформасы жалғастырылды. Билеуші коалиция еңбекақы жүйесін саралау, еңбек келісімшарттарына отыруда жұмыс берушілер құзыретін кеңейту, кәсіподақ құқықтарын шектеу сияқты мәселелерге арналған заңдарға парламент арқылы 250-ден астам түзетулер енгізді. Бұл шаралар жалдамалы еңбек өнімділігін арттыру мен өнімнің өз бағасын кемітуге бағытталған еді. Сайлауға дейінгі берген уәделеріне қарамастан, жұмыссыздықпен күреске мемлекеттік қаржы көбейтілген жоқ.

Құрылымды саясаттың жаңа құрамдас бөлігі ретінде жекешелендіру бағдарламаларын жүзеге асыру болды. Батыстың жетекші елдерімен салыстырғанда неміс консерваторлары бұл құрамды тиімді деп қарастырмады.

Жекешелендіруді жүзеге асырудың алғашқы онжылдығында (1982-1992 ж.) Г. Коль үкіметінің бюджеті тек 10 млрд марка болды. Әдетте, халық шаруашылығының кешенді қызметінде маңызды рөл атқармаған кішігірім кәсіпорындар жекешелендірілді. Кіші және орта кәсіпкерлікке қатысты саясаттың жалғастырылуы өте маңызды еді. Бұл саясаттың негізгі тәсілі корпоративті капиталға (теңдессіз) жеңілдіктер беретін салық-қаржы реформасы еді. Орта кәсіпкерлік буындарға да көп көңіл бөлінді, жеке тұлғаларға салық көбейтілді. Ауылшаруашылық өндірісінде ірі өндірушілерге көп қолдау көрсетілді. Коль үкіметі ауылшаруашылығындағы жұмысбастыларды қысқартып (80 жылдар аяғында ол халықтың экономикалық белсенді бөлігінің 4,5 %-ға дейін азайды), жер меншігін шоғырландырды. Ауылшаруашылығында пайдаланылатын жер көлемі азайды. ГФР аграрлы секторының деңгейі Франция, Грекия, Испания, Португалия елдерінен қалып қойса да, алып-сатуда мемлекет қажеттілігінің 75 %-ын қамтамасыз етті.

Шектен тыс өндіру дағдарысынан шығу 1983 жылы басталып, кейінгі 8 жыл ішінде өндіріс көлемі ұлғайды. Көтерілу шыңы 1990 жылға сәйкес болды. ІЖӨ сол кезде 4,5 %-ға жетті. Машина жасау, химия, электронды-техникалық салалар жақсы дамыды. Ғылыми зерттеулерде көп қажет ететін тауарлардың әлемдік нарығында ГФР Жапонияны озып, ІІ орынға шықты (2 %). Экспорттық операциялардың үрдісі бойынша да ГФР АҚШ-тан кейінгі ІІ орынды иеленді. Өнеркәсіп өндірісінің дамуына байланысты экспорттың тез өсуі сыртқы сауда да көп пайда келтірді. 1990 жылы сыртқы сауда көлемі 148,5 млрд маркаға жетті (2 жыл бұрын 128 млрд марка болатын). Ақырында жұмыссыздық мәселесі де шешіліп жатты. Оның деңгейі тез болмаса да, төмендей берді. 1990 жылы 10 жыл ішінде алғаш рет ол 2 млн адамнан аз болды (халықтың экономикалық белсенді бөлігінің 7 %-ы). Даму жылдарында ГФР қаржы жүйесі тұрақты болды.

Сыртқы саясат басымдылықтарын Г.Коль канцлер атағын алу күресінің басында-ақ көрсетті. Ол ГФР рөлін әлемдік қауымдастық мүшесі ретінде бекіткісі келді. Яғни халықаралық-құқықтық жүйемен демократия үшін күрескен, атлантикалық ынтымақтастық ұстанымын ұстанды.

Биліктің алғашқы жылдарында Г. Коль НАТО стратегиялық серіктестерімен қатынастарды нығайтуға бағыт алды. Антисоғыстық қозғалыстың кең қанат жаюына қарамастан Коль үкіметі ГФР аумағында зымырандарды орналастыру жөніндегі келісімділікті қатаң сақтады. Батысгермандық дипломатия Ұлыбританияның Фолкленд (Мальвин) аралдарына қатысты қақтығысқа қатысуын қолдады. Коль үкіметі 1986 жылы Рейкьявиктегі кеңес басшылығымен келіссөзде Рейганның қатаң позициясын жақтады. Сонымен қатар Коль одақтастармен қатынаста толық теңқұқылық орнатты. 1984 жылы әскери өндіріс пен 1954 жылы Париж келісімдерінде бекітілген әскери күштерді дамыту саласындағы соңғы шектеулер алынып тасталды.

Сыртқы істер министрі Геншердің қолдауымен Г. Коль еуропалық интеграция үрдісінің жаңа кезеңінің қалыптасуына өз үлесін қосты. «Геншер-Коломбо» жоспары шеңберінде Г. Коль 1983 жылы Еуропалық қоғамдастық көшбасшыларының Штутгарт кездесуіне қатысып, «Еуропалық одақ туралы салтанатты декларацияға» қосылды. 1984 жылы франко-батысгермандық байланыстар күшейе түсті. Франко-батысгермандық қатынас 1986 жылы қабылданған «Бірыңғай еуропалық актінің» жасалуының маңызды факторы болды.

80-жылдардың ортасында халықаралық қатынастар сипатының өзгеруіне байланысты ГФР-дың сыртқы саясаты да басқа арнаға құя бастады. Г. Коль жоғары деңгейдегі кеңес-америкалық пікір алмасуды құптаған болатын. Ол орта және кіші қашықтықтағы зымырандар мәселесін сындарлы шешуге септігін тигізді. 1988 жылдың қазан айында Г. Кольдің Мәскеуге келуі және М. Горбачевтің Боннға жауап сапары (1999 ж. VІ) екі елдің қарым-қатынастарын нығайта түсті. Кеңес-батысгермандық қатынастың ең маңызды аясының бірі КСРО-да тұратын неміс ұлтының және тарихи атамекеніне ораламын деушілерге жол ашықтығын заңдастыру мен қамтамасыз ету болды. Бұл сындарлы қатынас батысгермандық дипломатияның маңызды мақсаты – Германияның бірігу мәселесінің шешімін едәуір жеңілдетті.

Германияның бірігуі. 80-жылдары екі неміс мемлекетінің арасындағы қарым-қатынастар жаңа сипатқа ие бола бастады. ГФР-дың ресми үгіттеуінде жалпыгермандық негіз сарыны байқалды. «Ортақ мәдени мұра» туралы тезис жиі қолданылды. Хоннекер ГФР-дағы «демократиялық күштің» жеңісінен кейін Германияның бірігу мүмкіндігін мәлімдеді. 1981 жылы Хонеккер мен Шмидт кездесуінде Еуропалық құрлықта қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ГФР мен ГДР-дің «ортақ жауапкершілік» формуласы жасалды.

Бонн шығысгермандық басшылықтың жаңа бағытын түсіне білді. Г. Коль ГДР-ға экономикалық қолдау көрсетуді жүзеге асырғысы келді. 1983–1984 жылдары 1,9 млрд маркаға тең несие беру жөнінде келісім жасалды. Екі елдің зиялы қауымдары мен жоғары оқу орындары арасында тікелей байланыс орнатылды. 1987 жылы алғаш рет тарихта ГДР басшысының Боннға сапары болды. Бұл сапардың «саяси сипатына» қарамастан, ГФР үкіметі шетел басшылары сапарларының салтанатты рәсімдерінің барлық рәміздерін сақтауға тырысты. 1989 жылдың 9 қарашасында ГДР-да Германия тарихында орын алған елеулі оқиға – 1961 жылдан бері Германияны ғана емес, бүкіл Еуропаны екіге бөлген Берлин қабырғасы құлатылды. 1990 жылдың 18 наурызында тұңғыш рет 40 жыл ішінде ГДР тарихында еркін сайлау өткен болатын. Сайлау барысында шығысгермандық ХДО төрағасы Л. Де Мезьер жеңіске жетті. 1990 жылдың шілде айында М. С. Горбачев пен Г.Коль арасындағы келіссөздерден кейін Германияның бірігу мүмкіндігі туды.

1990 жылы 12 қыркүйекте Мәскеу қаласында «екі қосу төрт» келісіміне қол қойылды. Бұл құжатқа сәйкес бірігу «2+4», яғни 2 герман мемлекеті мен екінші дүниежүзілік соғыста жеңімпаз атанған 4 ірі мемлекет – КСРО, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, формуласы бойынша жүзеге асуы тиіс еді. Британдық және француз басшылығының ұстамды позициясына қарамастан, оның мүшелері неміс халқының өзін-өзі басқару құқығын мойындады. КСРО президенті М. Горбачевтың ГДР-дан кеңес әскерін шығаруды тездету жөнінде шешім қабылдауы өте маңызды рөл атқарды.

1990 жылы 12 қарашада келіссөзге қатысушылар «2+4» формуласымен соғыстан кейінгі Германияның құқықтық мәртебесін айқындаған «Германияға қатысты соңғы реттеу туралы келісімшартқа» қол қойылды. Германияның соғыстан кейінгі аумақтарының мызғымастығы, ГФР-дың жаппай қырып-жою қаруын иелену мен шығаруға тыйым салу жөнінде айтылды. Келісімшартқа сәйкес Германия өз әскери күштерін келісілген талапқа дейін қысқарту және барлық талаптарды орындауы керек болды. 1994 жылға дейін Шығыс Германия аумағындағы кеңес әскерінің қалуы мен оларды шығару тәртібі де реттелді.

Екі неміс мемлекетінің бірігуінің халықаралық мәселелерін реттеуге дейін-ақ екі елдің интеграциялық үрдісі басталып кетті. 1990 жылдың мамыр айында ГДР мен ГФР үкіметтері экономикалық, валюталық және әлеуметтік одақтастық туралы келісімшартты бекітіп, ол 1 шілдеде өз күшіне енді. 22 тамызда ГДР Халық палатасы ГФР сайлау құқығының негізінде жалпы германдық сайлауды өткізу жөніндегі заңды қабылдады. 31 тамызда ГФР-дің негізгі заңының 23-бабына сәйкес 1990 жылдың 3 қазанында Германияны біріктіру жөнінде келісімге қол қойылды. Яғни бұл ГДР-дің мемлекеттік құрылымының жойылуын, оның құрамындағы өлкелердің ГФР-ға қосылуы, оның аумағында Батыс Германия заңдары күшінің таралуын білдірді. 1990 жылдың 3 қазан күні ГДР атты мемлекет атауы өмір сүруін тоқтатты.

Қазан айының ортасында Шығыс Германияның әкімшілік жүйесі батысгермандық жүйемен бірікті және өлке ландтагтарына сайлау 14 қазанда болды. Бранденбургте социал-демократтар жеңіске жетсе, қалған 4 өлкеде христандық демократтар жеңіске жетті. 2 желтоқсанда Германияның барлық аумағында Бундестагқа сайлау болып өтті. ХДО 36,7 % дауыс пен 268 мандат алды, ХӘО 7,1 % дауыс пен 51 мандат, НДП 11 % дауыс пен 79 мандат алды. Ал ГСДП 33,5 % дауыс пен 239 мандатқа ие болды. СПД-ны 2,4 % сайлаушы қолдады, бірақ парламент құрамына олардың 17 депутаты кірді. 8 депутаттық фракцияны «жасылдар» 1,2 % дауыспен сақтап қалды. 1990 жылдың 20 желтоқсанында Бундестагтың Құрылтай жиналысында канцлер Г. Коль басқарған жалпыгермандық алғашқы үкімет құрылды.

Біріккен Германияның саяси, әлеуметтік экономикалық дамуы. Германияның бірігуі елдің халықаралық жағдайын бекітті. Бірақ әлемдік саясат жүйесіндегі жаңа рөл Германияға тек артықшылықтар ғана беріп қоймай, сонымен бірге ұлы державаның саяси, қаржылық жүгі артты. 1990 жылдың қаңтарында Г. Коль ГФР-де халықаралық мәселелер, қақтығыстарды реттеу мен шешуден тыс қалу мүмкіндігі жоқ екендігін мәлімдеді. Шын мәнінде, ГФР әскери доктринасын түбірімен өзгерту қажеттілігі туындаған болатын. Әскери күштер қайта құрылды. Бундесвер құрамында 54 мың адамға жететін «дағдарыс жағдайларына жауап беруші күштер» пайда болды. Жаңа жағдайдағы бундесвердің алғашқы сынағы Босния мен Герцеговина бейбіт іс-қимылдарына қатысу болды.

ГФР-дың НАТО-дағы саяси мәртебесінің өзгеруін оның одақтастары қолдады. АҚШ президенті Дж. Буш үлкені ГФР-ды солтүстік-атлантикалық альянстың жетекші құрамына қатыстыруды аңғартқан және «тең құқылы көшбасшылық» идеясын ұсынған болатын. Бірақ Г.Коль Ресеймен тығыз қатынасты да сақтап қалғысы келді.

Ресейлік әскердің Германиядан шығарылуы 1994 жылдың 31 тамызында аяқталды. Нәтижесінде Г. Коль мен Б. Ельцин арасындағы қарым-қатынастар өзара достық сипатта болды. 90-жылдардың ортасында ресейлік-германдық пікір алмасу 80-жылдардың ІІ жартысындағы кеңес-америкалық байланыс тәрізді халықаралық қатынастарда үлкен маңызға ие болды.

Г. Кольдің сыртқы саясаты батысеуропалық интеграцияға бағытталды. Үлкен экономикалық қиындықтарға қарамастан ГФР Маастрихт келісімі шеңберіндегі интеграцияны тереңдетуге өз үлесін қосуға тырысты. 1995-1996 жылдары Францияның жаңа президенті Жак Ширак бұл мәселеде ұстамды позиция ұстанса, Г. Коль еуропалық интеграциялық үрдістің лидері рөлінде көріне бастады. 1996 жылы Париж бен Бонн Маастрихте жазылған Еуропалық Қоғамдастық Құжаттары мен интеграциялық бағдарламалар ережелерінің бірқатарын өзгертуді талап етті. Бұл валюталық одаққа өту және кеңейту мәселесін шешуге қатысты болды. ХХІ ғасырдағы Еуропалық Одақтың даму стратегиясын даярлауға Г. Коль бір кісідей атсалысты. 1997 жылы Амстердам келісімшартының дайындығына және осы барлық мәселелерді талқылау кезінде басты рөл атқарды.

Германияның бірігуінің ішкі салдары өте ауыр болды. Әртүрлі қоғамдық жүйедегі өмір, ондаған жылдар бойы жүргізілген үгіт-насихат салдарлары екі мемлекетті бір-біріне дұшпандық күйге түсірген болатын және де тарихи қалыптасқан психологиялық ерекшеліктер жинақтала келіп, нағыз неміс ұлтының бірлігін жасауды қиындатты. Бірігу үдерісі кезінде батысгермандық кәсіпкерлер тарапынан шығыс немістерін сырттай кемсітушілік, бірін-бірі аңдысу және т.б. әрекеттер жасау орын алды. Германияның бірігуінен күтілген экономикалық даму, өрлеу нәтижесіз болды. Әлеуметтік-экономикалық жүйелердің интеграциясы стратегиялық жоспарсыз қателіктер мен байқап көрулер мен тәжірибелер арқылы жүзеге асырылды. Бұрынғы өндірістік, сауда инфрақұрылымының жойылуы, құрылымдық қайта құрудың басталуы «жаңа жерлердегі» өндірістің құлдырауына әкелді. Жұмыс орнының 50 %-ы жойылды, жұмыссыздық деңгейі 30 % болды. ГДР аумағында батысгермандық марка енгізілді, жалақы, стипендия, зейнетақы, пәтерлік және жалдамалы төлемдер бұрынғы деңгейде қалды. Шығыс Германияның тауар нарығы құлдырап, халықтың өмір сүру деңгейі төмендеді.

1990 жылдың тамыз айында ГДР мен ГФР арасындағы жасалған келісімшарт 1945-1949 жылдары ГКӘӘ кәмпескелеген меншікті бұрынғы иелеріне беруді растады. Шығысгермандық экономиканы реформалаудың негізгі амалы кәдімгі коммерциялық негіздегі жекешелендіру бағдарламаларын жүзеге асыру мен нарықтық менеджментті енгізу болды. Жекешелендіруді жүргізу үшін Берлиндік Қамқорлық басқармасы құрылып, оған бұрынғы ГДР-дың 14 мың мемлекеттік өнеркәсібі берілді. 1 жыл ішінде басқарма 1 мың күшті өнеркәсіпті жекешелендірсе де, бюджетке тек 4 млрд марка пайда түсті.

Шығысгермандық өндірісті қайта құруға талпыну да нәтижесіз еді. ГФР үкіметі шығыс өлкелерді жаңғыртудың федералды бағдарламаларының уақытын ұзартуға мәжбүр болды. Гүлденіп жатқан экономика үшін де бұл ауыр жүк еді.

90-жылдардың басында Батыстың жетекші елдерінің барлығында экономикалық даму тежелісі байқалды. Германия экономикасының жағдайы одан да қиын болды. Дағдарыстың шарықтау шегі 1993 жылға келді, сол кезде ІЖӨ 1,1 пайызға төмендеді. Машина жасаудың маңызды салаларында өндірістің төмендеуі 20-25 % болды. Елдегі жұмыссыздық деңгейі 1991 жылы 5,5 %-ға, ал 1993 жылы 8,9 %-ға жетті. Экономикалық құлдыраудың негізгі себептері бірігу мәселелерімен байланысты еді. Шығысгерман экономикасын жетілдіру, жаңғырту бағдарламаларын жүзеге асыру бірнеше онжылдықтар бойы батысгермандық экономика тұрақтылығының негізі болған қаржы жүйесін әлсіретті. Үкімет банк салымдарына пайыздық мөлшерлер мен салықты көбейтуге мәжбүр болды. Қаржы шығындарын өтейтін бұл шаралар өндірістің тоқырауына әкелді. Коль үкіметі салықты көбейтумен және шығыс өлкелерді қолдауға мемлекеттік шығынды азайтумен болды. Денсаулық сақтау мен зейнетақыға қаржы бөлу азайтылды.

90-жылдардың І жартысында Германиядағы саяси жағдай бірқалыпты болды. Мемлекеттің бірігуі Христиандық демократтардың қарым-қатынасын нығайтуға септігін тигізді.

1994 жылы қазанда ГФР-де кезекті парламенттік сайлаулар өтті. Онда еркін демократтармен бірге ХДО/ХӘО басқарушы коалициясы жеңіске жетті. Консервативті альянс дауыстың бір бөлігінен айырылғанымен, жаңа министрлер кабинетін құру құқығын сақтап қалды. Жалпы алғанда, басқарушы коалиция бундестагта сөзсіз көпшілікті қамтамасыз ететіндей 341 мандатты иеленді. Оппозициялық ГСДП бұрын құрылған оңшыл күштер коалициясын ығыстыра алмады.

Қиын-қыстау кезеңде ГДР-дің басқарушы партиясы болып табылған бұрынғы Германияның Социалистік бірыңғай партиясы (ГСБП) орнына құрылған Демократиялық социализм партиясы (ДСП) 30 мандатты иеленіп, елдің саяси өмірінде елеулі рөл атқаруға үміттенді. Алайда, бұл – сәттіліктің сыртқы бейнесі ғана еді. Шын мәнісінде, ДСП жағдайы ауыр болды. 10 жыл ішінде мүшелерінің саны 285 мыңнан 90 мыңға дейін азайды, ал Батыста қолдау көрсеткен адам саны 5 мың ғана болды. Сонымен қатар, ДСП қартаю қаупін бастан кешіруде, өйткені оның мүшелерінің 60 пайыздан астамын 60 жастан асқан азаматтар құрайды, ал партияға жастардың ағылуы тоқтап қалды десе де болады. 2000 жылдың қазан айында ДСП съезінде жаңа басшылық сайланып, ГСДП-мен ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған партияның жаңартылған бағдарламасы қабылданды.

Консерваторлардың кезекті жеңісі оларға көбірек сенім ұялатып, соғыстан кейінгі сыртқы саяси доктринаны қайтадан түбегейлі түрде қайта қарастыруға ынталандырды (доктринаға сәйкес, ГФР өзінің қарулы күштерін ел аумағынан тыс жерде орналастыра алмады). 1994 жылы германдық бундестаг егер бұндай акцияға қажеттілік ел мүдделерінен немесе гуманитарлық тұрғыдан туындаса, оның заңды түрде мүмкін болуы туралы шешім қабылданды. Көп кешікпей бұндай жағдай да туындап қалды. Балқан дағдарысы мен Югославияға НАТО басқыншылығы ГФР-ге өзінің қарулы күштерін елінен тыс жерде сынап көруіне мүмкіндік берді.

1998 жылғы парламенттік сайлау. 1998 жылы парламенттік сайлауда зор саяси тәжірибе мен елді біріктіру ісіндегі жетістіктерге қарамастан, ХДО/ХӘО-ЕДП ойсырата жеңіліс тапты, ал билік басына Г. Шредер басшылығындағы социал-демократтар келді. Осылайша оңшыл күштердің 16 жылдық басқаруы аяқталды. 40 %-дан астам дауыс жинап, ГСДП бірпартиялық үкімет құра алмай, сайлауда 6,7 % дауыс жинаған «Одақ-90» атты блогымен бірлесті. Олардың жетекшісі Йошка Фишер жаңа үкіметте Сыртқы істер министрі лауазымын иеленді.

ДСП да өзінің позицияларын сақтап қалды. Ол ГФР-дың шығыс жерлерінде 22 %, ал Германия бойынша 5,1 % дауыс жинап, бундестагта елеулі фракция құруға мүмкіндік алды. Шамамен осындай дауыс көлемін (6,2 %) еркін демократтар да жинады.

Жаңа канцлер Г. Шредердің алғашқы ішкі саяси қадамдары сәтті бола қоймады. Жалақыны көбейту, салық реформасын жүргізу, зейнетақы жүйесін қайта ұйымдастыру, денсаулық сақтау ұлттық жүйесін қайта құру, иммигранттар үшін қос азаматтық енгізу, т.б. сияқты күрделі мәселелерге жаңа үкіметтің тез арада кірісуі, халықтың түрлі топтары тарапынан сынға ұшырады. Сайлаушылар реформалардың әрдайым жалпы халықтың көңіл-күйін ескере бермейтінін, ал ең бастысы – 4 млн-ға жеткен жұмыссыздық деген басты әлеуметтік-экономикалық мәселенің шешілуіне әкелмейтінін кенеттен ұғынды.

Осылайша, ел тұрғындарының көпшілігі ГСДП-ге қатысты мынадай қорытындыға келді: социал-демократтар ескі мәселелерді шеше алмағанымен қоса, үкіметтің күші де, уақыты да, қаржылық мүмкіндігі де жоқ жаңа мәселелерді туындатты. Үкіметпен ұсынылған реформалардың бірқатары ГСДП төрағасы, қызметтен кеткен Қаржы министрі Оскар Лафонтен атымен байланысты болды, бұл ГФР қаржы-өнеркәсіп топтары тарапынан үкіметтік бағдарламаға деген сын тудырды.

Басқарушы партияның жалпы танылған, беделді қайраткері Лафонтеннің кетуінің өзі дау-жанжалға толы болғандықтан да, ГСДП беделіне үлкен зияны тиді және Г.Шредер басшылығындағы «жаңғыртушылар» тобына қарсы наразылықты көрсетті.

Югославиядағы оқиғалар уақытша Г.Шредердің реформаторлық жоспарларының жүзеге асырылуын тоқтатты, бірақ бұл қақтығыс аяқтала салысымен оның үкіметі «Германияның жаңаруы» сайлауалды бағдарламасының аса маңызды тармақтарына қайта оралды. Онсыз да аз емес балалар жәрдемақысы көбейтілді, 16 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеген отбасылардың салықтары төмендетілді, инфляция деңгейін ескере отырып, жәрдемақыға қосымша үстеме енгізілді және т.б.

Аталған шаралар «реформалардың жаңа пакеті» деген атауға ие болды, оның негізін Шредер үкіметінің үнемдеу бағдарламасы мен мемлекеттік шығындарды қысқарту туралы шешімі құрады. 2000 жылы Германияда үнемдеудің жалпы сомасы бұрын-соңды болып көрмеген 30 млрд марканы құрады. Мемлекеттік шығындардың қысқаруы барлық министрлік пен ведомстволарды қамтыды.

Шығындарды қысқарту әскерилерге де әсер етпей қоймады. Қорғаныс министрлігі өз бюджетін 3 млрд маркаға жеткізе алмады. 2000 жылы 14 млрд марка ала алмай қалған Еңбек министрлігі мемлекеттік шығындарды қысқартудың басты құрбанына айналды. Дәл осы министрліктен зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, жалғыз басты аналар мен иммигранттар көптеген жәрдемақылар алды. Әлбетте, бұл шаралар халықтың кейбір топтарының наразылығын тудырды.

Социал-демократтар үкіметінің әлеуметтік реформалары 4 млн шамасындағы жұмыссыздар мәселесін мүлдем қарастырмады, яғни жарым-жартылай сипатқа ие болды. Үкімет сайлау алдында берген уәделерінің жүзеге асыру ісін кейінге жылжытып, олардың орындалуына күдік туғызды. 1999 жылы жергілікті сайлауларда жеңіліске ұшырап, жетекшілікті ХДО/ХӘО үміткерлеріне берді деген ГСДП үшін өкінішті жайт осыменен түсіндіріледі.

Жаңа үкіметтің маңызды міндеттерінің бірі – ГДР құрамында болған жаңа 6 өлкенің әлеуметтік-экономикалық интеграциялануын жеделдету болды. Елдің шығыс бөлігі экономикасындағы жетістіктер дау тудырмады. Жүздеген жаңа өнеркәсіп кәсіпорындары, банктер, сақтандыру компаниялары пайда болды, өнеркәсіп өндірісінің қайта ұйымдастырылуы жүргізілді, ғимараттар, жолдар, көпірлер жаңартылды, жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақысы көбейтілді.

Дегенмен, мұнда әлі де болса өзекті мәселелер аз емес еді және бұл аймақтың дербес экономикалық дамуы жөнінде айту әлі ертееді. 10 жыл ішінде елдің шығыс бөлігінің экономикасын жаңарту үшін батыс жерлерінен орасан зор қаражат әкелінген болатын. Шығыс өлкелерге салынған тікелей инвестициялар біріккен Германия ЖІӨ-нің шамамен 45 %-ын құрайтын 1,7 трлн марка сомасын құрады. Басқаша айтқанда, ел бірігуі үдерісінің шығындарын өтеу үшін әрбір неміс бес жарым ай тегін жұмыс істеуі керек еді. Тікелей шығындардан бөлек жанама шығындардың болуын да ескеру қажет, олардың бәрі біріккен Германия ЖІӨ-нің өсу қарқынының күрт төмендеуіне алып келді. Бірігуге дейін ГФР-дың экономикалық өсу қарқыны 3-4% құраса, 90 жылдардың басында бұл көрсеткіш 1-1,5 %-ға дейін азайды.

Германия бірігуінің 10 жылдығына арналған салтанатты мерейтойы қарсаңында «бірдей салықсыз» елдің бұл бөлігінің экономикасының қалпына келмейтіндігі жөнінде айтылды. Осыған байланысты Германияның көптеген саяси қайраткерлері елде әлі де болса бір-бірін жөнді білмеген, бір-біріне көңіл қоймайтын, қызықпайтын екі герман қоғамы өмір сүріп келе жатқандығын ескертті. Г. Шредердің өзі шығыс өлкелеріне жасаған сапарынан кейін елдің бұл бөлігін қайта қалпына келтіру ісінің жартысының ғана жүзеге асқандығын баса айтты. Кейбір парасатты зерттеушілер елдің толығымен бірыңғай ықпалдасуы үшін талмай еңбек ететін 20 жылдық мерзім қажет деп айтуы бекер емес.

1999 жылы мамырда ГФР-да билік басына сегізінші жаңа президент социал-демократ Йоханнес Рау келді, ол бұл қызметте консерватор Роман Хрецогты алмастырған болатын. Өзінің басты міндеті етіп, ол адам құқықтары мен конституциялық негіздерді қорғау деп жариялады. 16 әкімшілік өлкенің күллі тұрғындары барлығына ортақ заңдар мен дәстүрлерге сәйкес тең өмір сүру құқықтарына ие болуы керек. Сонымен қатар, жаңа президент ұлтшылдықтың кез келген көріністерін айыптап, елдің жаңа азаматтарының құқықтарын қорғайтындығына сендірді.

2000 жылдың сәуір айында Эссен қаласында ХДО-ның төтенше съезі өтті. Партия төрағасы болып консерваторлардың жетекшісі лауазымындағы алғашқы әйел адам және ГДР-дың бұрынғы азаматы Ангела Меркель сайланды. ХДС жаңа басшылығы алдында тұрған мәселе партияны ұзаққа созылып кеткен дағдарыстан шығару және осыған байланысты сайлаушылардың сенімсіздігін азайту еді. Қазірде бұл партияға сайлаушылардың 23 %-ы ғана сенім білдіретіндігі анықталды. Ал бұл бір кездері қуатты болған оңшыл партияның қалыпты түрде саяси өмір сүруіне жеткіліксіз болып табылады.

Дағдарыс жағдайында тек консерваторлар ғана емес, басқа да саяси партиялар болғандығын ескере кету қажет. 1990 жылдан бастап бундестагтағы барлық саяси ұйымдар өздерінің жақтастарының шамамен төрттен бірінен айырылды. Аса зор шығынды 1998 жылдан бастап билік етіп келген ГСДП сезінді, оның мүшелерінің саны 1990 жылы 937 мың адамнан 2001 жылы 734 мың адамға дейін, яғни 21,7 % азайды. Ал Демократиялық социализм партиясы 68,5 % мүшелерінен айырылып, күйреу қаупіне ұшырады. Қатарында 88 мыңдай ғана мүшесі бар ДСП елде елеулі саяси салмаққа үміт артпаса да болады. Мұндай жағдай Еркін демократтар либералды партиясында да қалыптасты. Еркін демократтар өз мүшелерінің 65 %-нан айрылып, 2000 жылы мүшелердің саны 62 мың адамды ғана құрады.

Елдің ең ірі саяси күші бұрынғысынша ХДО/ХӘО консервативті блогы болды, оның мүшелерінің саны 6-7% ғана азайған және 800 мың адамды құрады. Тек «жасылдар» ғана өз қатарының қысқаруынан аман қалып қана қоймай, тіпті, оны кеңейте түсті. «Жасылдар» мүшелерінің саны 50 мың адамды құрады.

2000 жылдың аяғында Батыс Еуропаның көптеген басқа мемлекеттері сияқты ГФР-де де импортталатын мұнайға бағаның күрт өсуімен байланысты энергетикалық дағдарыс етек алды. Елде дағдарыстан шығу және мұнай өнімдерінің дағдарысқа дейінгі бағаларын қайта қалпына келтіру жөнінде қабылданған шұғыл шаралар талаптарына жаппай наразылық шерулері өтті. ХДО/ХӘО оппозициялық партия өкілдері күшті үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, федералды үкіметтен экологияға төленетін салықты төмендетіп, халықты энергетикалық апаттан сақтап қалуды талап етті.

2002 жылдың жазында жетекші саяси партиялар арасындағы кикілжің сол жылдың қыркүйегінде белгіленген парламенттік сайлауларға байланысты күшейе түсті. Социал-демократтар жетекшілері сайлаушыларға ішкі және сыртқы саясаттағы өздерінің жетістіктері туралы үнемі ескертіп отырды және халықтың кедей бөлігіне мемлекеттік шығындарды елеулі дәрежеде ұлғайту уәделерін берді.

ХДО/ХӘО оңшыл консервативті лагері канцлер қызметіне үміткер ретінде ГФР-дың белгілі саяси қайраткері және Баварияның премьер-министрі Эдмунд Штойберді ұсынды. Өзінің сайлау алдында сөйлеген сөздерінде ол сайлаушыларға ГФР-дың экономикалық жағдайының нашарлап бара жатқанын, елдің бірігуі көп зардап әкелгендігін, ал социал-демократтардың жұмыссыздық деңгейін 3,5 млн адамға дейін азайту уәдесінің сол қалпы орындалмағандығын үнемі ескертіп отырды. 2002 жылдың бірінші ширегінде экономиканың өсуі шынымен 0,25 % ғана құрады.

2002 жылғы парламенттік сайлау. Сайлау барысында 2002 жылдың 22 қыркүйегінде жеңіп шыққан Г. Шредер басшылығындағы ГФР-дың жаңа үкіметінің басты міндеті жұмыссыздықты қысқартуға, әлеуметтік бағдарламаларды кеңейтуге, жұмысшылар мен қызметкерлер жалақысын көтеру және тағы басқа, яғни бір сөзбен айтқанда, сайлау алдында берген уәделерін орындау болды. Сонымен қатар Г. Шредер сайлаушыларға салықтарды көбейтпеу жөнінде де уәде берді.

2002 жылдың қараша айында ГФР бундестагы үкімет ұсынған мемлекеттік шығындарды қысқарту және елді терең экономикалық дағдарыстан алып шығу жөніндегі шаралардың бір бөлігін құптады. Мәселен, «экологиялық реформа» шеңберінде отын табиғи газына салық енгізілді және ұсақ өндірісшілердің, тіпті, шаруа мен фермерлердің төлейтін салықтары көбейтілді. Жылдың соңына қарай реформалардың екінші қоржынын қабылдау белгіленген, оның нәтижесінде денсаулық сақтау мен зейнеткерлік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік шығындарды қысқарту қарастырылды.

Консерваторлар болса, социал-демократтардың экономикалық саясатын сынады және жақындағы сайлауларда көрген жеңілістен туындаған ішкі партиялық дағдарыстан шығуға тырысты. ХДО төрағасы А. Меркель барлық сәтсіздіктер үшін Бавариялық премьер Штойберді айыптады, оны жастар, әйелдер, шығыс өлке тұрғындарының көңіл-күйлерін ескермеді деп жазғырды. А. Меркель өзінің жақтастарын консервативті құндылықтарды жаңартуға, келешекке бағдар алған саясатты жасап шығаруға шақырды. ХДО жетекшісі А. Меркельдің позициясы дәстүрлі консервативті құндылықтарды бар күшімен сақтап қалуға тырысқан партияның оңшыл қанатының қарсылығын тудырды. Нәтижесінде А. Меркель өзінің бундестагта ХДО/ХӘО фракциясын басқару ниетін білдірді, ал Э. Штойбер екінші қатарға ығыстырылып, Бавариясына қайтып оралуға мәжбүр болды. Осылайша, бундестагтағы оппозиция жетекшісі А. Меркель болды.

Жалпы алғанда, соңғы жылдары елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы бірқалыпты болды, дегенмен, қазірдің өзінде екі негізгі мәселе шешімін таппауда – біріншісі жаппай жұмыссыздық, ол 2002 жылы 4 млн адамнан асқан болатын және елде иммигранттардың көптеп келуі салдарынан олардың саны артуда, мұның өзі ұлтаралық қатынастар саласында қиындықтар туғызатындығы сөзсіз. Бұл мәселелерді шешу ГСДП-ның «жаңартылған Германия» атты бағдарламасында маңызды орын алды.

2003 жылы ГФР-дың бірқатар жерлерінде жергілікті басқару органдарына сайлау барсында жеңіліс тапқан социал-демократтар үкіметі шұғыл түрде созылып кеткен әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан шығару жолдарының жаңа тәсілдерін іздестіруге кірісті. Елдегі жұмыссыздық деңгейі 5 млн адамға жақындау қаупін туғызды, ал жоғарғы салықтар ұлттық экономиканың дамуын ынталандыра алмады. 2003 жылы жазда Г.Шредер үкіметі салық реформасын жүргізу ұсынысын білдірді. 2003 жылдың қазан айында Г.Шредер үкіметі бундестаг депутаттарының қарауына елдегі еңбек нарығын түбегейлі өзгертуге, тиімді өндіріс үшін материалдық ынтаны арттыруға, әлеуметтік көмек алатындарды тыныштандыруға бағытталған «Кезектегі мәселе-2010» атты реформалар қоржынын ұсынды. Осы реформаларды жүргізу арқылы Шредер ХДО/ХӘО коалициясындағы бәсекелестерінің жеңіске деген үмітінен айырмақшы болды. ГФР тұрғындары өмір сүру деңгейінің жоғары болуына, кепілденген әлеуметтік қорғауға дағдыланып қалды, ал үкіметтің оларды бұл дәулеттен айырудың кез келген амалдары әділетті наразылық тудырды.

2003 жылы 18 қарашада Рур аймағының ірі өнеркәсіп орталығының бірі Бохумда социал-демократтардың көпжылдық басқаруын қорытындылауға және келешек реформалардың болашағын белгілеуге тиісті ГСДП партиясының үш күндік съезі ашылды. Съезд делегаттарының алдында есеп баяндамасымен сөз сөйлеген федералды канцлер Г. Шредер өзінің әріптестерін реформаторлар жолында пайда болатын қауіп-қатерлерге бірлесіп жауап беруге шақырды. Социал-демократтар «Болашаққа бағыт» атты бағдарламалық құжат қабылдап, Шредер үкіметінің ішкі және сыртқы саясатын жалпы алғанда құптады. Сонымен қатар съезге қатысушылар оның партия құрамында қызмет еткеніне 40 жыл толуын салтанатты түрде атап өтіп, саяси қызметінде одан әрі жетістіктерге жете беруіне тілек білдірді.

Дегенмен, партияның жағдайы ауыр болды. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, «Бағдарлама-2010» бойынша әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүзеге асырылуы халықтың кедей бөлігінің ғана емес, ауқатты азаматтардың да наразылығын туғызды. Басқарушы партия беделін арттыруға ұмтылған Г. Шредер реформалардың жағымсыз салдарларына көңіл толмаушылығын жиі білдіріп отырған солшыл қанат өкілдеріне, жас социалистерге, кәсіподақтар жетекшілеріне жеңілдіктер жасауға мәжбүр болды. Алайда, бұл уәделердің барлығы кеңес беру сипатына ие болды.

Ал жалпы алғанда, басқарушы партияның кезекті съезі жемісті аяқталды деп айтуға болады. Үкімет саясатына қатысты айтылған сындарға қарамастан, делегаттар Г. Шредерді қайтадан партия жетекшісі (81,1 % дауыс) етіп сайлады.

Сыртқы саясаты. Г.Коль үкіметі сыртқы саясат саласында ГФР-дың жетекші еуропалық держава және атлантикалық қауымдастықтың белсенді мүшесі ретіндегі рөлін нығайтуға көңіл бөлді. ЕО шеңберінде еуропалық интеграцияны одан әрі тереңдету ГФР-дың тағы бір маңызды міндетіне айналды. Осының негізінде Франциямен тату көршілік қатынастар орнатылды. Г. Коль Германияны біріктіруді естен шығармады және ГДР-ге қатысты дұрыс саясат жүргізді.

Г. Коль басқарған жылдардағы ГФР дипломатиясы ойластырылып, ақылға салып қарастырылған және сақтықпен жүргізілуі бойынша ерекшеленеді. Бастапқыда елдің бірігуі мәселесіне көп назар аударылса, кейін бұл ГФР-дың КСРО-мен жақындасуға итермеледі. 1990 жылы екі ел арасында қол қойылған тату көршілік, әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісімі олардың өзара қарым-қатынастарының негізін қалады. Герман дипломаттары Шығыс Еуропа елдерімен өзара қарым-қатынастарында туындаған көптеген мәселелерді жемісті шеше алды, канцлер Г. Коль кеңестік президент М. Горбачевтың, кейіннен ресейлік президент Б. Ельциннің де «ең жақын досына» айналды.

Германия банктері Ресейге қуана-қуана несиелер ұсынды, ал неміс кәсіпкерлері Ресей экономикасына орасан зор қаражат салып, өз әріптесінің нарығын жемісті түрде игерді. Мәселен, 90-жылдардың басынан бастап Германия Ресейге жалпы сомасы 120 млрд марканы құрайтын «реформалар үшін» несие берді. Әрине, бұл несиелер Германияның бірыңғай герман мемлекетін құру мәселесі бойынша КСРО-ның ұстанған позициясы үшін өзіндік төлемақы болды.

Социал-демократтар үкіметінің құрылуынан кейін Ресей-Германия қарым-қатынастардағы «балдай тәтті кез» аяқталды. Г. Шредер енді Ресеймен қарым-қатынастардың ұстамдылық пен өзара тиімділік негізінде жүргізілетіндігін және осыдан бастап Ресейге «достық» жеңілдіктер жасауға бармайтынын мәлімдеді. Мұндай ұстаным, әсіресе, 1998 жылғы Ресейдегі қаржы-экономикалық дағдарыс кезінде байқалды, дағдарыс нәтижесінде көптеген неміс кәсіпкерлері орасан зор қаржылық шығындарға ұшырады.

Билік басына келгеннен кейін көп кешікпей Г.Шредер Мәскеуге сапар шегіп, Ресей президентімен кездесті және екіжақты қарым-қатынастарды жақсартуға, Ресеймен сауда-экономикалық байланыстарын қалпына келтіруге тырысты. Көп ұзамай В. Путин де Берлинге сапар шекті, онда 1998 жылғы қаржы дағдарысымен, 1999 жылғы Балқан дағдарысымен бұзылған екі ел арасындағы қарым-қатынастарды қалпына келтіру жөніндегі өзара кеңес берулермен алмасты. 2000 жылдың басына қарай ГФР-дың саяси элитасының және іскерлік топтар өкілдері Ресеймен өзара тиімді қарым-қатынастар мүмкіндіктерін жоғалтқысы келмейтіндігін білдірді.

2003 жылдың қазан айында Екатеринбургте жоғары деңгейдегі кеңес берулер өткізілді, оның барысында екіжақты қарым-қатынастардың келешегі қарастырылды, халықаралық өмірдің маңызды мәселелері бойынша ұстанымдармен келісілді. Оның ішінде, Ресей азаматтарының кейбір категорияларына Германияға кіру үшін визалық тәртіпті жеңілдету туралы шешім қабылданды және экономика саласындағы 15 ірі келісімшартты жүзеге асыру жөнінде келісімшарт жасалды.

90-жылдары неміс-француз қарым-қатынастары әжептәуір қарқынды дамыды. 2000 жылдың жазында Майнц қаласында Франция президенті Ж. Ширак пен ГФР канцлері Г. Шредер арасында жоғары деңгейдегі кезекті консультативті кеңес өтті. Елбасылар ғарышты бірлесіп игеру жоспарларын талқылады және ЕО құрылымдары мен институттарын реформалау жобаларын қарастырды. Франция президенті Ж. Ширак 1963 жылғы әйгілі Елисей келісімін алмастыруға тиісті франко-германдық қарым-қатынастардың негіздері туралы жаңа келісім жасауды ұсынды.

2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі оқиға Германияның сыртқы саясатына елеулі өзгерістер енгізді. ГФР үкіметі, жалпы алғанда, АҚШ-тың лаңкестікке қарсы коалиция құру жөніндегі ісіне қолдау білдірді, тіпті, өз әскерлерін ауған талибтерімен күресуге де жіберді. 2002 жылдың ақпанында Г. Шредердің АҚШ-қа ресми сапары барысында неміс тарапы америкалық саясатпен толық келісетінін тағы да ескертті, ал президент Дж. Буш канцлерге Германияның халықаралық лаңкестікпен күресте орасан зор үлес қосқаны үшін алғыс білдірді.

Алайда, кейінгі оқиғалар ГФР мен АҚШ арасында елеулі қайшылықтардың туындауына және бұрын-соңды болып көрмеген екіжақты қарым-қатынастардың салқындауына алып келді. Бұған Дж. Буш әкімшілігінің Иракқа әскери басып кіру әрекетін жүзеге асыруы және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкиясынсыз Саддам Хусейннің диктаторлық жүйесінің құлауына күшпен қол жеткізу жоспарлары түрткі болды. Канцлер Г.Шредер Таяу Шығыстағы әскери қимылдардың шоғырлануына табанды түрде қарсы шығып, Ирак мәселесінің күшпен шешуге тырысу амалын айыптады.

Тіпті, 2002 жылы 12 қыркүйекте АҚШ президентінің БҰҰ-да сөйлеген сөзінен, оның жетекші елдер басшыларына Иракқа қарулы басып кіру әрекетіне қолдау көрсету өтінішін білдіргеннен кейін де Г. Шредер ГФР-дың бұл шараларға қатысуы жөнінде күмән білдірді. Ол Вашингтонның дайындап жатқан әскери басқыншылық жоспарлары туралы өз одақтастарын хабардар етпей, Пентагонға сөзсіз бағынуды талап еткеніне зығырданы қайнады. Істің шын мәнісінде, герман канцлері АҚШ-ты Ирак дағдарысын арандатты және Иракқа қысым көрсету үшін қолдануға болатын саяси және дипломатиялық құралдарды пайдаланудан бас тартты деп айыптады.

2002 жылы қыркүйекте ГФР-дегі сайлау науқаны кезінде де Буш әкімшілігі тағы да сынға алынды. Сайлаудан кейін және ГФР жаңа үкіметінің құрылуынан кейін канцлер Г. Шредер Вашингтон қаласына шиеленісті бәсеңдету мен екі ел арасындағы қатынастарды қайта қалпына келтіру үшін Сыртқы істер министрі Й. Фишерді жіберді. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К. Пауэллмен жүргізген келіссөздері кезінде Й. Фишер Германияның Америкамен «шексіз ынтымақтастығының» сақтап қалуын баса айтып, дегенмен, ГФР үкіметінің БҰҰ санкциясы болса да, Иракқа әскери басып кіру амалын қолдамайтынын тағы да ескертті.

Осылайша, екі тараптың өзара достық ілтипаттылығына қарамастан, ГФР мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастар жасанды сипатта қала берді.

Әрине, Берлин мен Вашингтонның Ирак мәселесі бойынша келіспеушіліктері екі ел арасындағы көптеген екіжақты және көпжақты келісімдермен бекітілген қарым-қатынастардың толықтай үзілуіне әкелген жоқ. 2003 жылдың қыркүйек айында Нью-Йорктегі кездесуінде АҚШ президенті Дж. Буш пен Германияның федералды канцлері маңызды халықаралық мәселелерге қатысты ортақ тіл табысып, екі ел арасында болған қайшылықтарды шешті. «Келіспеушіліктер артта қалды, біз болашаққа бірге қадам басамыз», – деп мәлімдеді Г. Шредер. Сонымен қатар ГФР канцлері әлемдік қауымдастықты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі құрамын кеңейтуге шақырып, әлем тағдыры үшін жауапкершілігі едәуір жоғары шешімдерді өз мойнына алатындығын білдірді.

Соңғы жылдары ГФР Латын Америкасы елдеріне асқан қызығушылық танытуда. 2002 жылдың ақпанында Г.Шредер Экономика министрі, елдің ірі кәсіпкерлерімен бірге Мексика, Бразилия, Аргентинаға сапар шекті. Онда неміс басшылығы өзінің экономикалық мүдделерін жүзеге асыруға, латынамерикалық елдермен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға күш-жігерін жұмсады. Германия канцлерінің белсенді сыртқы саясатының арқасында ГФР-дың осы елдерге салынған тікелей инвестициялары 90-жылдардың ішінде 7 млрд-тан 22 млрд евроға дейін артты.

Герман дипломатиясы Азия мен Африка елдеріне де көп көңіл бөлді. 2000 жылдың соңында канцлер Г. Шредер Мысырға, Ливанға, Сирияға, Иорданияға, Израильға ресми сапар шекті. Онда Таяу Шығыс қақтығысын реттеу жөнінде келіссөздердің бірқатары өткізілді. Ал осыдан сәл ертерек Берлинде ГФР мемлекеттік қайраткерлерінің Иран президенті Хатамимен кездесуі өтті.

2003 жылдың соңы ГФР үкіметінің жаңа дипломатиялық жетістіктерімен ерекшеленді. Федералды канцлер АҚШ пен Ұлыбританияға сапар шегіп, онда Иракқа әскери басып кіруден туындаған соңғы жылдардағы түсініспеушілікті толығымен жойды. Сонымен қатар, Қытай мен Қазақстанға да ресми сапар шегіп, қару-жарақты, жоғары технологиялық құрал-жабдықты, коммуникация құралдарын сату жөніндегі келісімшарттарды энерготасымалдаушылар мен кең қолданыс тауарларына алмастырды. Бұндай белсенділік нәтижесінде Германия Қытайдың ғана емес, Орталық Азия елдерінің де ірі инвесторы мен сауда әріптесіне айналуы мүмкін.

ГФР-дың халықаралық қауымдастыққа қызығушылық танытуы бұл елдің әлемдік істерде өз рөлінің артуына және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелігіне өтуіне қол жеткізу ниетін тағы да дәлелдеді.

Германия Федеративтік Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы қатынастар. 1991 жылғы 31 желтоқсан – Германия Федеративтік Республикасы Қазақстан Республикасының егемендігін таныды. 1992 жылғы 19 ақпанда екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды. Екіжақты қатынастар түрлі деңгейдегі байланыстардың жоғары қарқынымен айқындалады, олар достық пен өзара сенімге негізделген. Екі мемлекет арасында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және білім беру саласында, сондай-ақ халықаралық лаңкестікке және есірткімен саудаға қарсы, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын белгілейтін түрлі құжаттарға қол қойылған болатын.

ГФР мен Қазақстан арасындағы мәдени және гуманитарлық саладағы ынтымақтастық 1994 жылғы 16 желтоқсанда қол қойылған ГФР мен Қазақстан Үкіметі арасындағы «Мәдени ынтымақтастық туралы» Келісімінің негізінде іске асырылуда. Осы саладағы өзекті мәселелер Қазақ-Герман Үкіметаралық жұмыс комиссияның отырыстарында қаралады.

Екі ел арасында білім және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық та пәрменді дамып келеді. 1999 жылдан бері мамандарды неміс үлгісі бойынша дайындайтын Алматыда Қазақ-Неміс университеті жұмыс істейді. ГФР мен Қазақстан Үкіметтері арасындағы Қазақ-Неміс университетін дамыту мақсатындағы ынтымақтастық туралы келісімнің аясында аталған жоғары оқу орнында қосымша жаңа мамандықтар ашу, оқу ғимаратын жаңармалы қуат көздерін пайдаланудың үлгісі ретінде қайтадан салу жұмыстары қолға алынды. Қазақстанда 1994 жылдан бері Гете институты, 1989 жылдан Герман академиялық алмасу қызметі (ДААД), Герман педагогикалық алмасу қызметі, түрлі саяси қорлар жұмыс істейді.

Германия Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық әріптестерінің қатарына кіреді. Қазақстанның Индустрия және сауда министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, 2008 жылдың нәтижелері бойынша екіжақты сыртқы сауда көлемінің көрсеткіші 2004 жылмен салыстырғанда, 2,6 есе өсіп, 3,2 млрд АҚШ долларын құраған.

Германияның статистика мекемелерінің мәліметтері бойынша 2008 жылы ҚР мен ГФР арасындағы сауда айналымының көрсеткіші 6,2 млрд евроға жеткен, ал 2007 жылы бұл көрсеткіш 5,6 млрд евро болған.

Ғаламдық қаржы және экономикалық дағдарыстың салдарынан 2009 жылғы ГФР-дың мәліметтері бойынша екіжақты сауданың нақты төмендеуі байқалуда. Сандық салыстырмада осы саладағы көрсеткіш 2009 жылдың маусым айында неміс тарапының ақпараты бойынша 1 млрд 613 млн евро (2008 жылғы маусым айында – 3 млрд 29 млн евро), ал қазақстандық мәліметтер бойынша 2009 жылдың қаңтар-тамыз айларында – 1,64 млрд долларды құрады.

Германияның дәстүрлі жетекші экспорттық бағыттарына машиналар, құрал-жабдықтар, электротауарлар, автокөліктер, дәрі-дәрмектер жатады. Қазақстан Германияға көмірсутектер (жалпы мөлшері – 88,2 %), металдар, химиялық шикізаттар мен ферроқорытпалар шығарады.

Қазақстан экономикасына ГФР инвестицияларының көлемі 3,3 млрд доллардан асты. Өз кезегінде, жалпы көлемі 95 млрд долларды құрайтын шетелдегі қазақстандық инвестициялар ішінде Германияның экономикасына 3,2 млрд доллар қаржы инвестиция құйылды.

Еуропа жəне Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1945-2009)

Подняться наверх