Читать книгу Еуропа жəне Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1945-2009) - Бақыт Бөжеева - Страница 3

2-тарау
АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫ (1945-2009 ж.)

Оглавление

Екінші дүниежүзілік соғыста АҚШ аса зор зардапқа тап болған жоқ, дегенмен, 300 мыңға жуық адамы қаза болды. Сонымен қатар, соғыс америкалық экономиканың дамуына ықпал етті. Соғыс жылдарында АҚШ-тың өндірістік қуаттылығы екі есе күшейді, ал экспорты бес есеге өскен болатын.

Екінші дүниежүзілік соғыстан АҚШ мемлекеті өзінің экономикасы жағынан күшейіп шыға отырып, капиталистік әлемнің басты елдерінің біріне айналды. Капиталистік әлем экономикасындағы АҚШ өнеркәсібінің үлес салмағы 1938 жылы 40 пайызды құраса, ал 1948 жылы, яғни он жылдан кейін 55 пайызға жетті. Капиталистік әлем бойынша саны жағынан көп әрі мықты әскер осы АҚШ елінде болды. 1949 жылға дейін ол атомдық қаруға ие бірден-бір мемлекет еді. Елдің осындай экономикалық күшеюі, АҚШ мемлекетінің әлемдегі саяси үстемдігін нығайтуға ықпал етті.

Жалпы АҚШ-тың осы мақсаттағы іс-шараларын жүзеге асыруда екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өзінің әлемдік беделін күшейте алған Кеңестер Одағы тарапынан қарсылыққа ұшырады. АҚШ өзінің сыртқы саясатының ең басты міндеттерінің бірі ретінде КСРО-ға қатысты бағытты қойды.

Президент Рузвельт бастаған «жаңа бағыт» бағдарламасының экономикалық және әлеуметтік салаларындағы реформалары соғыстан кейінгі кезеңде де жалғасын тапты. 1944-1946 жылдарында демобилизацияға ұшыраған әскери қызметкерлердің жағдайын жеңілдету үшін бірнеше заңдар қабылданды: мәселен, «әскери билль» – соғысқа қатысушыларға жеңілдіктер жасалды, жұмысбастылық заңы, зейнетақы мен жәрдемақыны көтеру туралы актілер. Рузвельт 1945 жылы сәуірде қайтыс болған соң, оның орнына Г.Трумэн президент болды. Ол «әділ бағыт» саясатын жүргізді.

1947 жылы АҚШ мемлекеттік департамент қызметшісі Джордж Кеннан «тежеу» доктринасын ұсынды. Оның басты мазмұны: «АҚШ-тың Кеңестер Одағына қатысты саясатының басты мәні орыстың басқыншылық тенденцияларын ұзақ та, шыдамды да, берік және қырағы түрде тежеуде». Осы саяси бағыттың айқын көрінісі 1947 жылы 12 наурызындағы мәлімделінген Трумэн доктринасы болып табылады. Негізгі мәні: «коммунистік қауіпке қарсы» АҚШ Грекия мен Түркияға 400 млн доллар көлемінде қаржы бөлу жөнінде Конгрестің келісімін алады. Бұл осы елдерде өзінің ықпалын күшейту үшін жасалды. Осы жолдағы келесі қадам: АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джордж Маршалл 1947 жылдың 5 маусымында еуропалық демократияны нығайту үшін қаржылай және экономикалық көмек көрсету қажеттігі жөнінде мәлімдеме жасауы. 1948 жылы 6 сәуірде 15 мемлекет Маршалл жоспарына қол қояды. 1948-1952 жылдар аралығына, 17 млрд доллар бөлінуге тиіс болды.

АҚШ мемлекеті экономикалық көмек бағдарламаларын енді әскери-саяси одақтар құрумен толықтыруды көздеді. Осы мақсаттағы алғашқы қадамды 1947 жылдың қыркүйек айында өзара қауіпсіздік жөніндегі америкалық «Рио-де-Жанейро пактісіне» қол қояды, ондағы мақсаты Латын Америка елдеріндегі өзінің ықпалын нығайта, бекіте түсу еді.

Трумэн үкіметі өзінің бар күш-жігерін Құрама Штаттар ықпалындағы әскери-саяси блок құруға жұмсады. 1949 жылдың 4 сәуірінде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Дин Ачесон және бірқатар Батыс Еуропа елдерінің өкілдері Солтүстікатлантикалық одақ құру жөнінде келісімге қол қойды. Одаққа 12 мемлекет мүше болды және оның басты мақсаты «коммунистік басқыншылыққа» қарсы «еркін әлемнің біріккен қорғанысын» құру еді.

Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай. Елдің соғыстан кейінгі жылдардағы экономикалық жағдайы өте қолайлы болды. Соғыстан кейінгі кезеңдегі экономикадағы басты мақсат: соғыс кезіндегі мемлекет тарапынан экономиканы реттеу механизмін ендігі жерде бейбітшілік жолына бағыттау. Жалпы қалыптасып қалған жағдайды бұзу оңай емес еді, 1945 жылдың қыркүйек айында Г. Трумэн Конгреске кең көлемдегі либералды реформалар бағдарламаларын ұсынған болатын, кейін ол «әділетті бағыт» деген атқа ие болды. Бұл бағдарламаның мазмұны: жұмысбастылық жөнінде заң қабылдау, төменгі еңбекақыны көбейту, медициналық сақтандыруды енгізу жөнінде заң қабылдау, нәсілдік жікшілдікті жою, денсаулық, оқу-білім және арзан баспана салу жөніндегі бағдарламаларды жүзеге асыру. Бірақ бұл либералды реформа бағдарламалары елдегі республикалық және демократиялық партиялардағы бірқатар ірі капитал ұйымдары жағынан және оңшыл топтар тарапынан қарсылық көрді. Либералды демократтар азаматтардың әлеуметтік құқықтарын кеңейту жөніндегі бірқатар заң жобаларын Конгресс арқылы өткізуді көздеген болатын, бірақ консервативті күштер позициясының нығаюы салдарынан бұл іс-әрекеттері толығымен жүзеге аспай қалды.

Дегенмен, осы жылдары консерваторлардың едәуір бөлігі мемлекеттік реттеу идеясын жоққа шығармады. Олар тек федералды үкіметтің экономикаға араласу деңгейін шектеуді талап етті және келешектегі либералды реформалардан бас тартты. 1946 жылғы ақпан айында қабылданған жұмысбастылық жөніндегі заңынан саясаткерлердің едәуір бөлігінің неоконсерватизм позициясына өте бастағандығын көрсетті. Жұмысбастылықты толық жүзеге асыру жөніндегі либералдар идеясынан бас тартты. Сондай-ақ осы аталған заңда елдің экономикалық жағдайына мемлекет басшысының жауаптылығы мәлімделді, ал осы салада нақты ұсыныстар жасау үшін президент жанынан экономикалық кеңесші комитеті құрылды. Бұдан консерваторлардың келешекте либералды әлеуметтік реформаларды кеңейту және күшейту бағыттарына үзілді-кесілді қарсы шыққандарын көруге болдады.

Трумэн әкімшілігі милитаризация саясатына көп көңіл бөлді. 1947 жылы АҚШ-тың ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне байланысты мәселелер бойынша президент ұсыныс шығаратын жоғары жиналыс органы ретінде Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің құрылуы туралы акт қабылданды. Ұлттық әскери басқармасы, қорғаныс министрлігі қайта құрылды.

1947–1948 жылдарда жұмыссыздар саны 2,3 млн-ға жетті. Еңбекшілердің өмір сүру деңгейіне де өзіндік ықпал етті: зауыттар көбейді, бағалар көтерілді, пәтерлік төлемақы қымбаттады, ал жұмысшылардың жалақысы төмендеді.

АҚШ-та ереуілдік көтерілістер 1945 жылдың өзінде басталған еді. 1946 жылы ереуілге болат өндірушілер, электр өнеркәсібінің жұмысшылары, теміржолшылар және тағы басқа жұмысшылар шықты.

Үкіметтік органдар жұмысшылар мен кәсіпкерлердің арасындағы шиеленістерге жиі араласты, дегенмен, шын мәнінде, олар кәсіпкерлердің мүддесін жақтады. 1946 жылы теміржолшылар ереуілге шыққанда, Трумэн оларды федералды әскерді шақырумен қорқытқан болатын.

Ал 1947 жылдың маусым айында президенттік ветоны конгресс басым көпшілік дауыспен жойып, Тафта-Хартли заңын қабылдайды. Жаңа заң кәсіподақ қызметін шектеді, жұмысшылардың ереуіл өткізуіне, мемлекет қызметшілеріне ереуілдерге шығуға тыйым салды, жұмысшылар өздерінің ереуілдері жөнінде 60 күн бұрын алдын ала ескертуге міндетті болды, кәсіподақ жұмысына мемлекеттің қатаң бақылауы орнатылды.

1948 жылы сайлау компанияларының жұмысы барысында АҚШ-та республикалық партия президент қызметіне үміткер ретінде Нью-Йорк губернаторы Г. Дьюиді, ал демократиялық партия Трумэн кандидатурасын ұсынды. Сайлау нәтижесінде Т. Дьюи – 22 млн дауысқа, Г. Трумэн – 24,2 млн дауысқа ие болып, жеңіске жетеді.

1949 жылдың қаңтар айында Г. Трумэн конгреске жолдау ұсынады, онда «әділ бағыт» бағдарламасына сәйкес бірқатар либералды реформалар көрсетілген: Тафта-Хартли заңын жоюды, еңбекақыны көбейту, медициналық қамсыздандыруды енгізу, төмен кірісті жанұяларға арзан баспана салу және т.б. Осы ұсыныстардың бәрін либералдар Ф. Рузвельттің «жаңа бағыт» саясатын дамыту және жалғастыру ретінде қарастырды. 1949-1950 жылдардың өн бойында Трумэн үкіметі конгресс арқылы бірнеше маңызды реформаларды өткізе алды. Дегенмен, олардың біраз бөлігі ғана іске асты, атап айтқанда, кірісі төмен жанұяларға баспана салу, яғни 800 мың пәтер салу құрылысына қаржы бөлінді, төменгі еңбекақы сағаты 40-тан 75 центке өсті, зейнетақы өсті, әлеуметтік қамсыздандыру заңына сәйкес келеді деп танылған адамдар саны 10 млн адамға дейін жеткізілді. Бірақ «әділ бағыттың» қалған бағдарламалары конгресте республикалықтардың консервативті блогы мен оңтүстік демократтар тарапынан жүзеге аспай қалды. Республикалық партияда оңшыл республикашылар фракциясының позициясы едәуір күшейе түсті. 1948 жылдың күзінде басталған экономикалық дағдарыс елдегі жағдайды өте қиындатып жіберді. 1948 жылдың қыркүйегінен бастап, 1949 жылдың шілдесіне дейін жалпы өндірістік өнімнің жалпы көлемі 10,4 %-ға қысқарды. Шойын және болат өңдеу, мұнай және көмір шығару төмендеді. 1949 жылы жұмыссыздар саны 5 млн адамға, ал 1950 жылы ақпанда 6,6 млн адамға жетті.

Г. Трумэн экономикалық дағдарыстан шығу жолын «үшінші әлем» елдерінен іздеді. 1949 жылдың 20 қаңтарында Трумэн өзінің ұсынысында тәуелді елдерге техникалық-экономикалық көмек көрсетуді ұсынды, бірақ олар АҚШ-тың бағдарламаларына сай жүруі керек болды.

АҚШ монополистері әлемде үстемдік орнатуға бағыт алды. Бұған үлкен кедергіні Кеңестер Одағы жасаған болатын, сондықтан да АҚШ-тың сыртқы саясаты КСРО-ға қарсы негізделген еді.

АҚШ-тың жаңа сыртқы саяси бағыты «атом дипломатиясы» деп аталды. Жаңа бағыттың нақты көрінісі «Трумэн доктринасы» мен «Маршалл жоспарынан» да байқалды.

1940–1950 жылдар аралығында Құрама Штаттарында маккартизм атауына ие болған реакциялық жағдай орын алды. Республикашыл-сенатор Джозеф Маккартидің ұсынысы бойынша, бүкіл федералды үкімет аппаратында коммунистер қызмет етуде, елде «коммунистік қауіппен» қорқыту жағдайы қалыптасты. Бірақ Маккарти және оның жолын қуғандар коммунистерге ғана соққы беріп қойған жоқ. Олар кәсіподақтарды талқандады, либералдардың беделін түсірді, кез келген жұмысшы құқықтарына қатысты реформалардан бас тартты.

1950 жылдың күзінде олар конгрес арқылы «ішкі қауіпсіздік туралы заңның» қабылдануына қол жеткізеді. Оның мәні: қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде коммунистік қызметке қарсы басқарма құру және АҚШ-та коммунистерді қудалау еді. Президент Трумэннің бас тартуынан кейін ультраконсерваторлар мен Трумэн үкіметі арасында келіспеушілік туындады, тіпті, ол сыртқы саясат саласында да байқалып жатты. 1950 жылдың маусым айында Корея соғысы басталады. 1951 жылдың көктемінде олар арасында өте шиеленісті қақтығыс болады. Оған себеп генерал Д. Макартур президент Трумэннен әскери қимылдар шеңберін кеңейтуді, тіпті, қытайлық шекараларды бомбалауды және атом қаруын қолдануды талап етеді.

1951 жылдың көктемінде президент Трумэн генерал Д. Макартурды Кореядағы АҚШ-тың қарулы күштерінің қолбасшысы қызметінен босатады. Ультраоңшылдар президент пен оның кабинет мүшелерін «коммунистерге сатылғандар» деп айыптап, оларды сотқа беруді талап етті. Ультраконсерваторлардың коммунистерге қарсы, КСРО-ға қатысты қатал ұстаным ұстау сияқты жүгенсіз дөрекі үндеулері республикалық партияға көмегін тигізді десек болады. 1952 жылғы сайлауда республикалық кандидат генерал Д. Эйзенхауэр жеңіске жетеді.

Республикалықтар билік басына келгеннен кейін маккартизм федералды үкіметтің саяси бағытына елеулі ықпал етуін жалғастыра бастады. Конгрестің тергеу комитеттерінде басты лауазымдарды иелене отырып, Маккарти және оның ізбасарлары барлық «сенімсіз элементтерді» түп-тамырымен жоюды көздеді. Президент Эйзенхауэр федералды мекеменің бірнеше мың қызметкерлерін ниеті түзу емес деген айып тағып, жұмыстан шығарды.

Елдегі маккартизм реакциясының іс-әрекеттеріне қарсы америкалық қоғамның солшыл тобы, коммунистер мен кәсіподақтардың солшыл тобы және жекелеген демократиялық және либералды топтар қарсы шықты. Бірақ елде маккартизмге қарсы жаппай саяси қозғалыс пайда болмады. 1954 жылы маккартистер Эйзенхауэр үкіметін «коммунистік қауіпке» немқұрайлы қарауда деп кінәлап, өздері мемлекеттің жоғары аппараттарынан коммунистерді тіміскілей бастады, бұл республикалық әкімшілік жетекшілеріне деген сенімсіздік туғызатын болды. Эйзенхауэр маккартистердің азаматтардың құқықтарын бұзғандығы жөнінде баса айта отырып, 1954 жылдың 2 желтоқсанында сенатта 22 дауысқа қарсы 67 дауыспен Маккарти тәртібін айыптаған шешім шығарды және сенатор Маккарти қызметіне сай емес деп танылды. 1954 жылдың аяғына қарай саяси ағым ретіндегі маккартизм жеңіліс тапты.

50-жылдардағы республикалықтардың әлеуметтік-экономикалық саясаты. 50-жылдың басындағы елдегі қолайлы экономикалық даму Эйзенхауэр үкіметінің ендігі жерде жеке экономикалық іске мемлекеттік бақылауын шектеуге жағдай туғызды. Яғни 1953 жылдың ақпан айында-ақ корейлік соғыс кезінде демократтардың енгізген еңбекақы мен бағаға деген мемлекеттік бақылауды Эйзенхауэр жойды. 50-жылдардағы жалпы өндірістік өнім жылына 2,5-3 пайызға өсті. Экономиканы дамыту мақсатында мемлекет жағынан бақылау да байқалып жатты. Мемлекет жағынан жеке пайда мен корпороцияларға салынатын салық көлемі төмендетілді, банктен несие алу жеңілдетілді. Баспана салу құрылысы, жол жөндеу, жаңа су жолын жасау кеңінен дамытылды. Әлеуметтік бағытта да біршама алға жылжулар байқалды. Әлеуметтік көмек көрсету мекемесі кеңейтіле түсті. 1953 жылы жаңа агенттік – денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік министрлігі ұйымдастырылды. Әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі тағы да 10 млн адамға көбейтілді. Бұған дейін болған әлеуметтік сақтандыруға енді мүгедектігіне байланысты сақтандыру қосылды. Ең төменгі еңбекақы сағатына 75 центтен 1 долларға дейін өсті. 1958 жылы экономикалық дағдарыс кезінде кейбір салалардағы жұмыссыздыққа уақытша көмек ақша төлеу уақыты созылды. Жалпы Эйзенхауэр үкіметі тұсында оның ішкі саясатына демократтар да өзіндік ықпалын тигізе алды, өйткені олар конгрестегі көпшілік дауысқа ие болған еді.

Ғылыми-техникалық революцияның америкалық қоғамға тигізген ықпалы өте зор болды. Оның маңызды жағы бұл өнеркәсіпті автоматты құрылғыларды өндіріске енгізу және электрондық есеп машиналарын кеңінен қолдану еді. 50-жылдың ішінде басталған бұл қадам 60-жылдары да жаппай кең етек алды. 1959 жылы АҚШ-та 2034 ЭЕМ жұмыс істесе, 1969 жылы олардың саны 56 мыңға жеткен. Өте жедел, қарқынды дамыған салаларға – радиоэлектроника, электроэнергетика, атом өнеркәсіптерін жатқызуға болады. Сондай-ақ ғылыми техникалық революция ауыл шаруашылығын, сауда және қаржы-несие салаларын да қамтыды. Ғылыми техникалық революция америкалық қоғамның әлеуметтік жүйесінде де кеңінен дамыды. Жалдамалы жұмысшылардың біліктілік деңгейін арттырды, білікті жұмысшылардың жаңа санатының, яғни оператор, бағдарлама жасаушылардың және т.б. қалыптасуына әкелді. 1950-1970 жылдар аралығында АҚШ-та жалдамалы жұмыс күші 58,9 млн адамнан 78,6 млн адамға көбейді. Инженерлік-техникалық топтың үлес салмағы да өсе түсті. Жұмысшы күшінің кәсіптік деңгейі де алға жылжыды. Жоғары маманды жұмысшы күші 1950–1970 жылдары 32,8-ден 36,7 пайызға өссе, мамандығы жоқ жұмысшы үлесі 15,2-ден 13,3 пайызға қысқарған. АҚШ-та қызмет көрсету саласының қарқынды дамуына байланысты халық санының көбеюі де байқалды. 1940 жылдан 1960 жылға дейін, 20 жыл ішінде халық саны 132 млн-нан 178 млн-ға дейін, яғни 35 пайызға өскен. 50-жылдардың өн бойында АҚШ халқының едәуір бөлігінің тұрмыстық жағдайы айрықша жақсарды. 1950–1960 жылдары орташа еңбекақы сағаты 1,4-тен 2,2 долларға дейін өсті. Өнеркәсіптің көптеген салаларында бес күндік жұмыс күні енгізілді. Ауыл шаруашылығын индустриализациялау нәтижесінде 50-жылдардың аяғында фермерлік қожалықтардың 80 пайызы электр жарығымен қамтамасыз етілген болатын. Автокөлік пен жаңа тұрмыстық техниканы иеленген жанұялар саны да артып жатты.

Бірақ Құрама Штаттарының 40–50-жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы кейбір қайшылықтармен де сипатталады. Америкалық қоғамның барлық әлеуметтік тобы өздерінің игілікті тұрмыс деңгейіне, әрине, қол жеткізе алған жоқ. Бұлардың қатарында біліктілігі жоқ жұмысшылар, ұсақ фермерлер және тағы басқа табысы аз тап өкілдері болды. Сондықтан да осы кезеңдегі АҚШ-тың бірінші кезектегі тұрған мәселесінің бірі болып кедейлікпен күрес еді.

Эйзенхауэр үкіметінің сыртқы саясаты. Эйзенхауэр сыртқы саясатында қарсыластық құбылыстар байқалды, бұл негізінен «қырғиқабақ соғысының» жақтастары мен оған қарсыластар арасындағы күрес болды. Корей соғысында жеңіске жету мүмкіндігінің жоқтығынан Эйзенхауэр әкімшілігі уақытша бітім жөніндегі келісімге қол қояды.

Президент Эйзенхауэр мен мемлекеттік хатшы Джон Фостер Даллес «кеңестік үстемдіктегі» халықты коммунизмнен «азат ету» бағдарламасын жарияласа да, іс жүзінде «коммунизмді тежеу» саясатымен шектелді. Францияның Үндіқытай халқына қарсы соғысында АҚШ Францияға көмек көрсетті. 1954 жылдың жазында АҚШ-тың көмегімен Гватемаледағы революция басылып тасталды. 1954 жылдың шілде айында Женевада КСРО, АҚШ, Англия мен Франция үкімет басшыларының мәжілісі өтеді, бірақ ол әлемдік саясаттың қандай да бір нақтылы мәселесін шешуге әкелмеді, бірақ «Женева рухы» халықаралық жағдайды қалпына келтіруде біраз да болса тұрақтандыратын әсер берді.

50-жылдардың екінші жартысында америкалық-кеңестік қарым-қатынастардың жақсаруы байқалды. 1959 жылдың қыркүйек айында Н. Хрущев АҚШ-қа ресми сапармен барып қайтады. 50-жылдардың аяғында ғылым, мәдениет және білім саласындағы алмасу жөніндегі кеңестік-америкалық келісімге қол қойылды.

Кеңестік-америкалық қарым-қатынастардың жақсаруына қарамастан америкалық әскери ұшақтарының КСРО аумағына бақылау жасау әрекеттері жалғаса берді. 1960 жылдың мамыр айында кеңестік зымыран олардың біреуін жойған болатын. Осы оқыс оқиғаның нәтижесінде Париждегі мәжіліс және Эйзенхауэрдің Кеңестер Одағына сапары бұзылды.

1960 жылғы сайлаудағы демократтардың жеңісі және олардың әлеуметтік-экономикалық саясаты. Эйзенхауэр тұсындағы экономикалық дағдарыс оның саясатының сыналуына жағдай туғызса, ал нәсілдік жікшілдікті жою жөнінде оның тиімді шараларды жүзеге асырмауы оның қоғамдағы беделінің түсуіне әкелді. Демократиялық партия сайлауда өзінің кандидатын ұсынды. Ол – Массачусетс штатының сенаторы Джон Кеннеди болды. Оның ұстанған саясаты республикалық әкімшіліктің сыртқы саяси бағытының «енжарлығын» тілге тиек ете отырып, АҚШ-тың әлемдегі жетекшілік рөлін күшейту және оның зымырандық-ядролық күш-қуатын тез арада арттыруға шақырды. Елдің экономикасының дамуына мемлекет тарапынан жүйелі жағдай туғызу халықтың әлеуметтік жағдайын түзетуге ықпал етеді деді.

1960 жылғы президенттік сайлауда республикалық партиядан үміткер болып вице-президент Р. Никсон қатысты. Сайлауда республикалық ұстанымдардың әлсіз болуы «У-2» ұшағының тыңшылық ұшуынан туындаған жанжалы, 1960 жылдың жазында АҚШ-тағы жаңа экономикалық төмендеуге байланысты болды. Осындай жағдайлардың барлығы демократтарға оқиға барысын өздерінің пайдасы үшін тиімді пайдалануына мүмкіндік жасады. 1960 жылы 8 қарашадағы сайлау нәтижесінде президент болып, демократиялық партия өкілі Дж. Кеннеди сайланды. Ол әлеуметтік салада маңызды қадам жасау мақсатында мемлекеттік реттеу механизмін жиі пайдаланып отырды. Кәсіпкерлерге жеңілдіктер берілді. Өндірістік саланы кеңейту үшін салықтық несиелер пайдаланылды. 1963 жылдан бастап Кеннеди салықтарды қысқартуға ұсыныс жасайды, бұл негізінен кірістері жоғары халық топтарына бағытталды. Елдегі төменгі еңбекақы көлемі сағаты 1 доллардан 1,25 долларға өсті және үкімет жалақыны жылына 3,2 %-ға көтерді. Баспана салу құрылысына да көп көңіл бөлінді. 1962 жылғы заң бойынша мемлекет жұмысшыларды жаңа мамандықтарға қайта даярлау міндетін алға қойды. Бағаны қалпында ұстау көп жағдайда көптеген болат өндіру компанияларына ұнамады, соның нәтижесінде үкіметпен келіспеушілік те туып жатты. Дж. Кеннеди бұл салада қатаң саясат ұстанды. Демократтар әкімшілігі жаңа әлеуметтік өзгерістер енгізумен қатар, жеке капитал жұмсауды қолдау мақсатында ірі капиталға маңызды салықтық жеңілдіктер жасаған болатын. Кәсіпкерлерге де жеңілдіктер жасалынды. Конгресте салықтық реформа жөніндегі билль қабылданды, онда кіріс салығының мөлшері және корпорация кірісінің салығы да едәуір төмендетілді.

Дж. Кеннеди әлеуметтік мақсаттарды жүзеге асыру үшін қаражат бөлу саясатын жалғастыру қажет деп есептеді. 1963 жылы үкімет либералдардың қолдауымен конгресс арқылы жоғары білім беру және кәсіптік-техникалық оқыту үшін қаражат бөлу жөніндегі заңға қол жеткізді. Бірақ әлеуметтік саладағы басқа барлық қалған бағдарламалар жүзеге аспай қалды. Кеннедидің әлеуметтік-экономикалық саясатының бағытына қарсы консервативті оппозиция күшейе түсті.

Кеннеди үкіметінің 60-жылдардың басында етек ала бастаған негрлік қозғалыстың жаңа толқынын құптауы да өте қиян-кескі қарсылыққа тап болды. Сонымен қатар консервативті топ өкілдері 1963 жылы Дж. Кеннеди үкіметінің жүргізген сыртқы саясатының бағыттарына да наразылығын білдірді. Бірақ АҚШ-тың бұл кездегі сыртқы саясаты бұрынғысынша қалған болатын. АҚШ бар күш-жігерін бұрынғысынша Кеңестер Одағына қарсы тұруға бағыттаған болатын. Осындай қарсы тұрудың, тайталастың басты алаңы Куба болды. 1961 жылдың сәуірінде Куба аумағына америкалық кемелермен, авиациямен әскер түсірілді. 1962 жылдың қыркүйек айында КСРО Кубада орта қашықтағы ядролық зымырандарын орналастыра бастады. Кеннеди үкіметі бұған жауап ретінде Кубаның әскери-теңіздік қоршауын жариялады. Бірнеше күн бойы шынайы әлемдік ядролық соғыс қаупі туындады. Тек осындай қауіпті жағдайда екі ұлы держава жетекшілерінің өзара байсалдылығы ымыраға келуге әкелді. Кеңестер Одағы Кубадан ядролық зымырандарын шығаратындығын, ал Құрама Штаттары Кубаға басып кіру әрекеттерінен бас тартатындығын мәлімдеді.

Кеннеди үкіметінің Латын Америка елдеріне қатысты сыртқы саясаты 1961 жылы жарияланған «Өрлеу, ілгерілеу жөніндегі одақтасу» бағдарламасы шеңберінде осы елдерге көмектесу бағытын ұстанды. Америкалық үкіметтің КСРО-ға қатысты ұстанымы да біраз өзгерді. Әсіресе, бұл 1963 жылдың 10 маусымында президент Кеннедидің Вашингтонда Америкалық университетте сөйлеген сөзінен байқалды, онда ол маңызды халықаралық мәселені әскери жолмен емес, бейбіт жолдар арқылы шешуге болатындығын және Құрама Штаттары «әлемдегі кез келген жүйемен бейбіт жарысқа» түсе алатындығын мәлімдеген болатын. 1963 жылдың 5 тамызында КСРО, АҚШ және Ұлыбритания арасында ауада, ғарыштық кеңістікте және су астында ядролық қару сынағына тыйым салу жөніндегі келісімге қол қойылды.

Кеннеди әкімшілігінің осындай сыртқы саясатындағы жағымды өзгерістерін ел халқының басым бөлігінің қолдауын тапса да, жоғарғы әскери басқарушылар мен консервативті топтар өкілдерінің едәуір бөлігі үкіметтің жаңа сыртқы саяси ұсыныстарын кінәлап, қарсылық білдірді. 1963 жылдың екінші жартысында Кеннеди үкіметі америкалық қоғамның өте консервативті топтары тарапынан келісімге келмейтін оппозицияға тап болды. Ал сайлау науқанының қарсаңында Кеннеди 1963 жылы 22 қарашада Техасқа бара жатқан сапарында Далласта қастандық әрекет барысында қаза болады. Бұл лаңкестік әрекет Америка және әлем халқын дүр сілкіндірді. Әрине, Кеннеди үкіметінің әлеуметтік-экономикалық салаларында қабылдаған заңдары мен жүзеге асырған іс-шаралары американ экономикасының өрлеуіне өз үлестерін қосқан болатын.

Дж. Кеннеди қайтыс болғаннан кейін де демократтардың бұл әлеуметтік-экономикалық саясатын Л. Джонсон жалғастырады. 1960–1961 жылдардағы өнеркәсіптік өрлеудің басталуы, жаңа әлеуметтік реформалар үшін қолайлы жағдай туғызды. Осындай жағдайды пайдаланған Джонсон үкіметі әлеуметтік реформалар бағдарламасын даярлай бастады. Ол өзінің бағдарламасын «ұлы қоғам» деп атады. Оның мәнісі «кедейшілікті жою» және елде «ұлы қоғам» құру. Бұл неолиберализмнің белсенділік танытқан кезеңі. Президенттік сайлауға республикалық партиядан үміткер ретінде Аризон штатынан сенатор Барри Голдуотер қатысты. 1964 жылы өткен сайлауда республикалықтар жеңіліс тауып, сайлаушылардың көпшілігі Джонсонның либералды-реформистік бағытын қолдады. Сайлау нәтижесінде Барри Голдуотер – 27 млн дауысқа, ал Джонсон – 43 млн дауысқа ие болды.

Билік басына келген Джонсон үкіметі елдің әлеуметтік саясатында елеулі өрлеуге қол жеткізді. 1964 жылы тамыз айында экономикалық мүмкіндіктер жөнінде қабылданған заңы халықтың кірісі төмен тобына қатысты бірқатар көмек шараларын қарастырды. Әсіресе, көмекке мұқтаж топтарға арналған екі бағдарлама, атап айтқанда, азық-түлік талоны бағдарламасы, 60-жылдардың аяғында олардың саны 8 млн адамға жеткен, ал жас балалары бар кедей жанұяларға көмек бағдарламасына сәйкес халық саны 10 млн адамға жетті. 1965 жылы конгресс әлеуметтік сақтандыру туралы заңға қосымша толықтырулар жасады, ол бойынша зейнеткерлерді медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді (Медикейр бағдарламасы), ең төмен еңбекақы алатындарға мемлекеттік медициналық көмек көрсету жеңілдігі жасалынды. Төменгі еңбекақы сағаты 1,25 доллардан 1,6 долларға дейін өсті. 1967 жылы орта апталық жалақы 102 долларды құрады. Фермерлерге берілетін жәрдем ақша мен несиелер көбейтілді. Джонсон үкіметі экономиканы жақсарту үшін салықтық тәсілді пайдалануды жалғастырды. 1962 жылы конгреске енгізілген салық реформасы туралы заңына сүйенді, бірақ бұл заң тек президент Кеннедидің қайғылы қазасынан кейін ғана 1964 жылдың ақпанында қабылданған болатын.

60-жылдардың ортасында тағы да бір маңызды мәселені шешуде үлкен қадам жасалды. Нәсілдік бөлектеуге, жатсынуға (сегрегация) қатысты шектеуліктер қойған шаралар қабылданды. 1964 жылдың шілде айында азаматтық құқықтар туралы заң өз күшіне енді, онда америкалықтарға қоғамдық орындарда, жұмысқа алу және жұмыстан босату кезінде қара нәсілділерді кемсітуге тыйым салды. 1965 жылдың тамыз айында президент негрлердің сайлау құқын қорғау туралы заңды бекітті. Ал 1968 жылы баспана сату және жалға беру барысында нәсілдік кемсітушілікке тыйым салу туралы заңға да қол қойылды. Бір сөзбен айтқанда, нәсілдік жікшілдікті шектеу қолға алынды.

Әлеуметтік реформалардың жүзеге асуына көп қаражат қажет болды, бұл 60-жылдардың аяғында федералдық бюджеттің 38-39 пайызын алды. Тек Джонсонның «ұлы қоғам» атты бағдарламасы ойлағандай іске аспады, оған басты кеселін тигізген бұл АҚШ-тың Вьетнамдағы соғысы деп айтуға болады. Соғыс нәтижесінде салықты көбейту қайта басталды. Бұл халықтың көңілінен шықпады, сондықтан да демократтардың беделі төмендей түсті. Джонсон үкіметі өзінің Вьетнамдағы соғысын бастады. 1965 жылдың ақпан айында президент Солтүстік Вьетнамды жаппай бомбалауға бұйрық берді, ал Оңтүстік Вьетнамға америкалық әскери күш енгізілді. Екі-үш жыл ішінде Вьетнамдағы соғыс қимылдарына 550 мың америкалық әскер қатысты.

Вьетнам соғысының ушығуы әлеуметтік реформалар жоспарларының іске асырылуына өзіндік кедергі жасады. Сондықтан «ұлы қоғам», «кедейшілікпен күрес» бағдарламалары толыққанды жүзеге асқан жоқ. АҚШ-тың әскери шығындарының көбеюі бюджеттің шамадан тыс қысқаруына, ал ол инфляция мен бағалардың жоғарылауына, әлеуметтік қажеттіліктерге шығындардың қысқаруына, салықтардың өсуіне алып келді.

Жалпы 60-жылдардың аяғында демократтардың халық алдындағы беделінің төмендеуі 1968 жылғы сайлауда республикалық Р. Никсонның жеңісіне әкелді.

1968 жылғы сайлау және республикалық үкімет билігі. 1968 жылы 5 қарашада өткен президент сайлауының нәтижесінде республикалық партия өкілі Ричард Никсон жеңіске жетті. АҚШ-тың жаңа президенті қызметіне келгенде, оны төмен экономикалық жағдай, яғни валюталық, америкалық доллардың төмендеуі және ішкі саяси жағдайдың шиеленісуі күтіп тұрды. 1969–1971 жылдары елді экономикалық дағдарыс қамтыды. Өнеркәсіптік өндіріс деңгейі төмендеді, жұмыссыздық өсті, инфляция күшейді, ал бұның барлығы жұмысшылардың жағдайын қиындатты.

1971 жылы экономиканы қалпына келтіру үшін Никсон «жаңа экономикалық саясат» туралы жариялады. Ол бағдарламаны 1973 жылға дейін 4-кезеңде өткізуді жобалады. Бұл шаралар жалақыны тұрақтандырғанымен бағалардың өсуін тоқтатпады. 1972 жылы АҚШ үкіметі долларға қатысты ақшалай реформа жүргізуге мәжбүр болды. Ал 1974 жылы сәуірде республикалық әкімшілік бағалар мен жалақыны тұрақтандыруға, болмағанда оларға қатал бақылау қоюға бағытталған шаралардың жүзеге асырылуына күш салды. Бұдан басқа кәсіпкерлерге жаңа салықтық жеңілдіктер берілді, ал АҚШ-тың әлемдік экономикалық ұстанымын сақтау үшін елге шет мемлекеттен әкелінген тауарлардан алынатын баж салығының мөлшері 10-пайыз деп белгіленді.

70-жылдардың басында республикалық әкімшіліктің әлеуметтік саясатында елеулі өзгерістер болды. Никсон үкіметі жасына байланысты зейнетақы мөлшерін көбейтті, жұмыссыздық жөніндегі сақтандыру жүйесіне де өзгерістер енгізді және мемлекеттің кедейлерге көмектесу шараларын ұсынған болатын. Тіпті, бұл шараны Никсон 1969 жылы конгреске «жанұяларға көмек жоспары» деп енгізген болатын, онда көмекке мұқтаж барлық жанұяларға жылына ең аз дегенде 1600 доллар көлемінде жәрдемақы беру қарастырылған болатын. Бірақ та үкіметтің мұндай жоспарлары демократиялық және консервативті топтар тарапынан қарсылыққа ұшырап, нәтижесінде «жанұяларға көмек жоспары» конгресте бірнеше жылдар бойы талқыланып, қабылданбай қалды. Никсон үкіметі сонда да бұрынғы қалыптасқан бағдарламалар негізінде кедейлерге көмек көрсету шараларын жалғастыра берді. Азық-түлік талоны бағдарламасы негізінде 1974 жылы 13,5 млн-ға таяу адамға, жас балалары бар кірісі төмен отбасыларына көмек көрсетілді. 70-жылдардың бірінші жартысында республикалық әкімшілік ішкі саясатта алға қарай маңызды қадамдар жасады.

Р. Никсон үкіметінің сыртқы саясаты. 70-жылдардың бірінші жартысында АҚШ-тың сыртқы саясатында маңызды алға жылжулар болды. Республикалық үкімет өзінің қызметінің бірінші күнінен бастап басты міндеттердің бірі ретінде халықтың наразылығын туғызған Вьетнамдағы соғыс туралы мәселені қарастырды.

Никсон сыртқы саясатында келіссөздер жүргізуге көп көңіл бөлді. Дегенмен Никсон үкіметі басқыншылық бағыттан бірден бас тарта алмады. 1970–1971 жылдары ол Үндіқытайдағы соғыс көлемін кеңейтті. АҚШ Боливия, Чили, Перу, Панама, Аргентина үкіметтеріне қарсы іс-әрекеттер ұйымдастырды, Пәкістанның реакциялық күштерін жақтады, Бенгалиядағы азаттық күреске қарсы болды және бенгал халқына көмек көрсеткен Үндістанға қарсы болды. Таяу Шығыста Құрама Штаттар бұрынғыдай Израильге көмек көрсетіп, Араб мемлекеттеріне қарсы басқыншылық қозғалыстарына қолдау көрсетіп отырды.

Алайда америкалық халық пен бейбітсүйгіш күштер АҚШ-тың басқыншылық қозғалыстарының тоқтатылуын талап етті. Осыған байланысты Никсон 1972 жылы Үндіқытайдағы әскер санын 100 мың адамға дейін қысқартуға мәжбүр болды. 1973 жылдың 27 қаңтарында Никсон үкіметі Вьетнамдағы соғысты тоқтату жөнінде келісімге қол қойды, ал 1975 жылдың сәуір айында америкалық әскер Вьетнам аумағынан шығарылатын болды. 1973–1974 жылдар КСРО мен АҚШ арасындағы келіссөздер нәтижесінде жаңа маңызды құжаттарға қол қойылды.

Құрама Штаттарының Кеңестер Одағына қатысты сыртқы саясатында да жаңа бетбұрыстар болып жатты. 1972 жылдың мамыр айында президент Никсон Мәскеуге ресми сапармен келді. Сапар барысында маңызды келісімшарттарға қол қойылды. КСРО мен АҚШ-тың өзара қарым-қатынастарының негізі жөніндегі келісімінде екіжақты ынтымақтастықтың бейбіт қатар өмір сүру қағидатына негізделетіндігін ресми түрде мәлімдеді. Сонымен қатар ракетаға қарсы қорғаныс жүйесін шектеу туралы келісіміне және стратегиялық шабуыл қаруларын шектеу шаралары жөніндегі уақытша келісімге қол қойған болатын. Ал 1973-1974 жылдары ядролық соғысты тоқтату жөніндегі келісіміне және су астында ядролық қару сынақтарын шектеу туралы шартқа қол қойылды. Халықаралық шиеленісті бәсеңдету бағыты мен КСРО мен АҚШ арасындағы әскери қарсыласудың жақсаруы екі держава арасында сауда-экономикалық қатынастардың және ғылыми-мәдени байланыстардың қалыптасуына әкелді.

1974 жылы 9 тамызда Р. Никсон «Уотергейт жанжалы» үшін президенттік қызметінен кетуге мәжбүр болды. Республикалық партияның өкілі, вице-президент Джеральд Форд президент болып сайланды. Жаңа президент мемлекеттік реттеуді шектеу бағытын ұстанатындығын және әлеуметтік мақсаттарға жұмсалатын федералды шығындарды қысқарту есебінен тез арада бюджетке баланс жасауды, инфляция қарқынын қысқартуды мәлімдейді. Бірақ та жұмыссыздыққа, бағаның өсуіне қарсы жаппай наразылықтың өршуінен, сондай-ақ 1974 жылы конгресте өздерінің ықпалын күшейтіп алған демократтардың қысымымен Форд үкіметі өздерінің тез арада инфляциядан шығу, әлеуметтік саладағы бірқатар шараларынан бас тартты. 1975 жылдың басында конгресс жұмыссыздарға төтенше көмек көрсету туралы заң қабылдады.

Дж. Фордтың сыртқы саясаты қарсыластық бағыттармен сипатталды. Құрама штаттар реакциялы Сайгон тәртібіне, Израильдің басқыншылық саясатына қолдаушылық көрсетті. Латын Америка және Араб елдерінің ішкі саясатына араласты. 1974 жылы Дж. Фордтың Владивостокқа барған сапарында КСРО-мен бағдарламалық шабуыл қаруларын шектеу туралы жаңа келісімді бекітті. Сондай-ақ екі ел арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың нәтижелі көрінісі – 1975 жылғы «Союз» және «Аполлон» ғарыш кемелерінің бірігіп ұшырылуы. 1975 жылы Хельсинкидегі Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық жөніндегі Кеңестің табысты өтуіне кеңестік-америкалық қарым-қатынастардың жақсаруы да өз ықпалын тигізді. Нәтижесінде Хельсинки Қорытынды Актісіне қол жеткізілді.

Джеймс Картер үкіметі (1976-1980 ж.). 1976 жылы қараша айында өткен президенттік сайлау барысында демократиялық партияның өкілі – Джеймс Картер жеңіске жетті. Дж. Картер – 41 млн дауысқа ие болса, Дж. Форд – 39 млн дауысқа ие болды. Картер әкімшілігі елдің экономикалық жағдайының жақсаруына көп күш жұмсады, сондай-ақ жұмыссыздық деңгейін төмендетуді көздеді. Ол ұсынған бағдарламада корпорациялар мен жеке кірістерге салынатын салықтар төмендетілді, жұмыс орнының көбеюіне қаржы бөлінді. 1977 жылдың қараша айында конгресс кейінгі төрт жыл бойына жыл сайын кезеңмен ең төменгі еңбекақыны сағатына 2,30-дан 3,35 долларға көбейту жөнінде шешім қабылдады. Картер әкімшілігі әлеуметтік сақтандыру жүйесін жалғастырды және дамытты. 70-жылдардың соңына қарай оның мүшелерінің саны 35 млн адамға жетті. Сонымен қатар үкімет мемлекеттік көмек көрсету жүйесін де жалғастырды. Картер үкіметі тағы да 6 млн америкалықтарды азық-түлік талонымен қамтамасыз етті.

Энергетикалық мәселелердің шиеленісуіне байланысты Картер 1977 жылы сәуірде конгреске өз бағдарламасын ұсынды, онда энергоресурстарды үнемдеу, мұнай мен мұнай өнімдерінің қорларын құру, көмір өндірісін кеңейту, ядролық энергетиканы дамыту, күн энергиясын пайдалану туралы мәселелер қарастырылды. Ел ішінде жанармай мен мұнай өнімдеріне бағаларды көтеру жобаланды. Инфляцияға қарсы күрес жүргізілді. 1978 жылы қазанда және 1980 жылы наурызда Картер инфляцияға қарсы бағытталған бағдарламалар ұсынды, онда мемлекеттік шығындарды қысқарту, бірқатар несиелік шектеуліктер қарастырылды, 30 млрд доллар шамасындағы шетел валютасының қоры құрылды. Алайда, үкімет қабылдаған іс-шаралар елдің экономикалық жағдайына айтарлықтай үлес қоспады. 1980 жылы АҚШ-ты кезекті экономикалық дағдарыс қамтыды.

Картердің үкіметінің сыртқы саясаты. 1977 жылдың қыркүйек айында Панама каналының жаңа мәртебесі жөніндегі шартқа қол қойылды, онда 2000 жылы панамалық үкіметтің бақылауына өтетіндігі қарастырылған. 1978 жылдың қыркүйек айында президент Картердің делдал болуымен Мысыр мен Израиль арасында бейбіт келісімшартқа қол қойылды. 1979 жылы Венада КСРО мен АҚШ арасында стратегиялық шабуыл қаруларын шектеу туралы екінші келісімге қол қойылды. Дегенмен, 70-жылдардың аяғында Ауғанстан аумағына кеңестік әскердің кіргізілуі америкалық-кеңестік қатынастарды шиеленістірді. Сол кездері қарусыздандыру мәселелері бойынша кеңес-америкалық келіссөздер тоқтатылды.

1980 жылы «Картер доктринасы» ұсынылды, онда «шектеулі ядролық соғыстың» енгізілуі және әлемнің әртүрлі аудандарында америкалық әскери күшінің орналасуы қарастырылды. 1978 – 1979 жылдарда Ирандағы оқиғаларға байланысты Парсы Шығанағы мен Үнді мұхитында әскери-теңіз тірегін күшейтті.

Президент Р. Рейганның әкімшілігі (1980-1988 ж.). 1980 жылы 4 қарашада өткен президенттік сайлау нәтижесінде АҚШ президенті болып, республикалық партияның өкілі Р. Рейган сайланды. Демократтар сенат пен өкілдер палатасында көп депутаттық орындардан айырылып қалды.

Рейган үкіметі инфляция мен жұмыссыздық мәселесін мемлекеттік реттеу саясатынан бөлу арқылы және мемлекеттік бюрократияны қысқарту жолымен шешуге уәде берді. Рейганның әлеуметтік-экономикалық бағдарламасы «рейганомика» атымен белгілі болды. Рейган әкімшілігінің негізгі мақсаты инфляцияны жою, АҚШ-тың ғылыми-техникалық мүмкіндігін көтеру, құрылымдық экономиканы қайта құру, әлем нарығындағы бәсекелестік жағдайын күшейту болды. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін: мемлекеттің экономика мен нарықтық бағдарламаларды реттеуге араласуына шектеу қою; инфляция қарқынын баяулату; инвестицияларды реттеу; халықтың жинақ қорын көбейту; федералды үкіметтің шығындарын шектеу сияқты бірнеше ұсыныстар жасалды. Мұнда алдымен әлеуметтік шығындарды, яғни жұмыссыздық пен мүгедектерге, медициналық көмекке жәрдемақыны шектеу; федералды бюджет тапшылығын азайту.

Рейган экономикалық дағдарыстан шыға алды. Сонымен қатар инфляция мен жұмыссыздықты қысқартты, кіріс салығын төмендетті, экономикалық даму қарқынын жеделдетті, ереуілдерді тоқтатты. Осының барлығы оның 1984 жылы өткен президенттік сайлауда екінші рет жеңіп шығуына мүмкіндік жасады.

АҚШ сыртқы саясатында зымырандық-ядролық қару жағынан КСРО-дан артта қалғанын танып, КСРО-ны «зұлымдық империясы» деп жариялап, оны экономикалық жағынан әлсіретіп, қару-жарақ жағынан озып кетуді көздеді.

Рейган билік басында болғанда, кеңес-америкалық қатынастар шиеленісе түсті, қару-жарақты жаппай шығару бақталастығы күшейді. Әскери шығындар 291 млрд долларға дейін өсті. «Стратегиялық қорғаныс бастамасы» атты зерттеу бағдарламасы кеңейе түсті. Онда зымырандық қорғанысқа қарсы кең көлемді жүйе қарастырылды. Алайда, бұл бағдарламаның кейбір бөлімдерінің толық еместігінен толыққанды жүзеге аспады.

Рейган басқаруының екінші мерзімі сыртқы саяси бағытты өзгертті, Кеңес Одағымен қатынастар жақсара түсті. Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жақсаруына бірнеше себептер әсер етті, олардың ішіндегі ең маңыздысы 1985 жылы КСРО-ның билік басына М. С. Горбачевтың келуі, оның АҚШ-пен қатынастарды жақсартуды жариялауы болды.

1986 жылы Кеңестер Одағы мен АҚШ басшылары Рейкьявикте кеңес-америкалық қатынастарды орнату, жақсарту мақсатында кездесті. Екі ел арасындағы қайшылықтарға қарамастан, барлық маңызды мәселелер бойынша екіжақты келісімдер жасалды. Алайда, бұл негізгі келісімдер жүзеге аспағанымен, Рейкьявиктегі кездесу қарулану күресін әлсіретіп, жаңа тиімді жағдай қалыптасты. Соның негізінде 1987 жылы желтоқсан айында М. Горбачевтің АҚШ-қа ресми сапармен баруы америка-кеңес қатынастарын нығайта түсті. Сапар барысында орта және төмен қашықтықтағы зымырандарды жою туралы екіжақты келісімге қол қойды.

1988 жылы президенттік сайлау өтті. Р. Рейганның беделі халық арасында жоғары болғандықтан, оның сайлаудан жеңіп шығуға мүмкіндігі бар еді, бірақ конституциялық ережелер оның үшінші рет сайлауға қатысуына шек қойды. Дегенмен, республикалық партия сайлауда жеңіске жетіп, оның өкілі Джордж Буш президент болып сайланды. Буштың президент ретінде Ақ үйге келуі «қырғиқабақ соғысының» аяқталуымен, ядролық шиеленіс қаупінің төмендеуімен, Кеңес Одағы мен социалистік жүйенің күйреуімен, Германияның бірігуімен, Израиль мен Араб елдерінің арасындағы келіссөздердің басталуымен, әлем картасында геосаяси өзгерістердің пайда болуымен қатар жүрді. Саяси алаңда ең қуатты әскери-саяси бақталас – Кеңестер Одағының жойылуы, АҚШ басшыларына әлемде басты орынды ұстап, әлем жетекшісіне айналуға мүмкіндік ашты.

Дж. Буш әкімшілігінің ішкі саясатында мемлекеттік несиелеу саласында дағдарыс байқалды. 1989 жылы қабылданған қаржылық институттар реформасы туралы заң сәтсіздікпен аяқталып, федералды депозиттерді сақтандыру қажеттілігіне байланысты бюджеттік шығындардың күрт өсуіне алып келді. 1991 жылы экономикалық әлсіреушілік бюджет тапшылығының өсуінде байқалды, соған байланысты Дж. Буш сайлау алдында берген Рейганның консервативті қаржылық бағдарламасымен жүру уәдесінен бас тартты. Дж. Буш әкімшілігі салықтарды көтере бастады, сондай-ақ әлеуметтік қажеттіліктер мен әскери шығындарға қысқартулар енгізді. Салықтық саясат нәтижесінде жоғары табысты тұлғаларға салық салу шектелді. Ұсақ кәсіпорындарды қолдау мен сауда еркіндігін қамтамасыз ету бағдарламасы жасалды. Алайда, президент бұл бағдарламаны жүзеге асыра алмады. Мемлекеттік шығындарға жаңа бапты енгізе алмаған, қиын жағдайға тап болған президент қайырымдылық қорын кеңейту мен реттеу науқанын кең көлемде пайдалана бастады.

Республикашылардың сыртқы саясаты да сәтті болып, Буштың әкімшілік қызметі АҚШ-тан қолдау тапты. 1989 жылы Құрама Штаттар әскері Панамаға түсірілді, оның мақсаты ондағы генерал М. А. Норьемдің тәртібін жойып, сайланған үкімет билігін орнату болды. Батыс жарты шарының Экономикалық ынтымақтастығы кеңейді. 1990 жылы «Жалпы америкалық инициатива» атты іс-шара өз күшіне енді, ол сауданы кеңейтіп, америкалық мемлекеттерге инвестиция салуды жоспарлады. Еркін сауда жөнінде Солтүстік Атлант келісімін жасасу туралы АҚШ, Канада, Мексика арасында келіссөздер сәттілікпен өтті (НАФТА). 90-жылдардың басында Дж. Буш әкімшілігі «жаңа әлемдік тәртіп» орнату туралы міндетті жариялады. 1990 жылы АҚШ үкіметі Иракқа қарсы батыс елдерінің коалициясын ұйымдастырып, тез арада жеңіске жеткен болатын. Парсы шығанағында соғыстың аяқталуымен, Құрама Штаттарында терең экономикалық әлсіреушілік басталды және оны тоқтатуға 1992 жылы ғана қол жеткізілді.

Президент Б. Клинтонның бірінші мерзімі (1992-1996 ж.). 1992 жылғы сайлауда Демократиялық партия өкілі Билл Клинтон жеңіске жетті. Сонымен қатар, демократтар Конгрестің екі палатасына да өз ықпалын сақтап қалды. Бұл әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруға жақсы жағдай болды. Сайлау кезінде тәуелсіз үміткер Росс Пероның өз кандидатурасын ұсынуы нағыз жаңалық болды. Техастан шыққан миллиардер АҚШ-тың дәстүрлі қос партиялы жүйесіне қарсы тұрды. Алайда, ол мардымды дауыс жинай алмады.

Б. Клинтонның жеңісін көптеген себептермен түсіндіруге болады, бірақ ең бастысы – жақсы ойластырылған және анық көрсетілген демократтардың экономикалық жоспары болды. Бұл бағдарламаны әдеттегідей үміткердің өзі емес, қаржы саясаты жағынан танымал маман, Пристон университетінің экономика профессоры Алан Блиндер халыққа жария етті. Бағдарлама үш бөлімге бөлінді; біріншісі елдегі экономиканың төмендеуіне қарсы шаралар, екіншісі мемлекеттік қор жинауды ұлғайту және елдің техникалық жаңартуын тездетуге бағытталған шаралар жиынтығы, ал үшіншісі мемлекеттік дефицитті азайту және америкалық экономикаға кредит беруге қолайлы жағдай жасауға бағытталды.

Клинтонның әлеуметтік бағдарламасы да көңілге қонымды болды. Ол өзіне балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсету, жастарға мамандық беру орталықтарының жүйесін кеңейту, мектепке дейінгі мекемелерге қаржылай көмекті ұлғайту, бүкіл мемлекет бойынша балаларға міндетті вакцина салу, шағын кәсіпкерлікке салықтық жеңілдіктер жасау, жоғары білім беру мен денсаулық сақтау саласында реформа жүргізу, жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақының мерзімін ұлғайтуды енгізді. Жалпы алғанда экономиканы тұрақтандыруға жылына 6 млрд доллар керек болды. Клинтон әкімшілігі алғашқы төрт жылда 500 мың жаңа жұмыс орындарын ашады деп жоспарланды.

Жаңа әкімшіліктің сайлау алдындағы уәделерінің жартысын болсын орындауға деген талпыныстарына қарамастан елдегі әлеуметтік- экономикалық жағдай нашар болды. Клинтонның атағы елде төмендеп, 1995 жылы тек 10-15 % құрады. Бұл демократтардың 1996 жылғы сайлауда жеңуі мүмкін емес екенін көрсетті. Бұл жағдайда президент Клинтон өз бағдарламасын қайтадан қарастырды. Басқаша айтқанда, Клинтон жеке капиталды арттырып, әлеуметтік шығындарды азайтуға кірісті. Көп ұзамай бұл шаралар халықтың көпшілігіне жағымды өзгерістер алып келді, ал елдің экономикалық жағдайы жақсара бастады. Бұған, әрине, әлемдік нарықтағы қолайлы жағдайлар да әсер етті.

90-жылдардардың ортасында президент Клинтон алдағы сайлауда жеңіске жету мақсатында көптеген шараларды жүзеге асыруды қолға алды. Мысалы, мамандармен ақылдаса отырып, президент Р.Рейган тұсында қабылданған Стратегиялық қорғаныс бастамасы (СҚБ) бағдарламасынан бас тартатындығын жариялап, осы бағдарламаға бөлінген қаржыларды ғылым, білім және кедей америкалықтарға әлеуметтік көмек көрсету салаларына жұмсауға уәде берді. Сонымен қатар ол соңғы жылдары нашарлап кеткен әлеуметтік әділдік ұстанымын жандандыруға тырысты. Б.Клинтонның осы атқарған барлық шаралары оған сайлаушылардын сенімін қалпына келтіруге және жаңа президент сайлауына дайындалуға мүмкіндік берді.

Президент Б.Клинтонның екінші мерзімі (1996-2000ж.). 1996 жылғы президенттік сайлау науқаны екі басты үміткер – демократ Б. Клинтон мен республикалық партия өкілі Р. Доулдың қиян-кескі күресі мен дау-дамайына тап болды. Сол жылдың қазан айында Әділет министрі Д. Рино АҚШ-тың қоғамдық ұйымдарының атынан екі үміткердің ірі көлемдегі қаржыны мөлшерден тыс пайдаланды деген шағымдарын қарастыратынын жариялады. Ол екі партия да сайлау алдындағы мерзімде белгіленген шығын шектелімін асырғаны үлкен заң бұзушылыққа жататындығын дәйектеді.

Көп кешікпей америкалықтар екі үміткердің кәсіподақтар мен жеке корпорациялардан ақша алып, оны өздерінің сайлау алдындағы жарнамасына ұстағанын білді. Бұндай іс-қимылға заң бойынша қатаң тыйым салынған болатын. Кез келген қаражат белгілі бір үміткерді қолдауға емес, партияның керегіне жұмсалуы керек еді. Америкалық БАҚ келесідей мәліметтер көрсетті: Б. Клинтонның жақтастары өз үміткерлерін халыққа танымал ету шараларына 22 млн доллар жұмсаса, ал олардың қарсыластары – 9 млн доллар.

Республикалықтар Билл Клинтонның әкімшілігіне Иммиграция қызметі орталығына шетелден келген қоныс аударушыларға Америка азаматтығын беру үшін қысым көрсетті деп жала жапты. Расында да 1995 жылы Ақ үй басшылары «АҚШ азматтығы» атты бағдарлама жасап шығарған болатын. Ол бойынша елге жақында келген эмиграттардан 1,3 млн адам азаматтық алу керек болатын. Әрине, олардың барлығы алдағы сайлауда әрекет етуші әкімшілікті жақтады.

Көптеген жазғыру, дауларға қарамастан 1996 жылы сайлау науқанының басты мәселелері болып, салық, білім беру мен әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін реформалау, жұмысқа орналасардағы тең құқықтылық және т.б. қала берді. Тележарыссөз кезінде Б. Клинтон сенімділік таныта отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы соңғы жылдардағы жетістіктерінде өз үлесінің бар екендігін де жасырмады. Шындығында бұндай жетістіктер елде өте көп болатын. 1992 жылдан бері 10,5 млн жаңа жұмыс орындары ашылды, қаржы дефициті 60 % төмендеді, халықтан алынатын салық көлемі азайтылды, соңғы жылдардағы инфляция көлемі ең төменгі деңгейде болды (жылына 3-4%). Сонымен қатар Клинтон әкімшілігі қылмыспен күресте үлкен шаралар атқарды: полиция қызметкерлерінің саны 100 мың адамға көбейтілді.

Республикалық партия өкілі Р. Доулдің президент Клинтонға шын мәнінде қарсы тұру мүмкіндігі болмады. Ол Клинтон әкімшілігін әлсіз сынға алып, америка халқына жақсы өмір сүруге барлық жағдай жасауға уәде бергенімен, оның мәнін түсіндіре алған жоқ.

Сөйтіп, Б. Клинтон Рузвельттен кейінгі екінші мерзімге сайланған демократ болды. Ол сайлаушылардың 49 % даусына ие болды, ал Р.Доулды халықтың 41 %-ы жақтады. Тәуелсіз үміткер Росс Перо 8 % дауыс жинап, саяси күрестен тыс қалды.

Сайлау нәтижесінде Б. Клинтон өз жақтастарының санын көбейтті, оның ішінде әйелдер, имигранттар, қара нәсілді америкалықтар, жастар және католиктер болды. Жалпы алғанда, Америка халқы өз өміріне риза болды және Р. Доул ұсынған өзгерістерді қаламады. Президенттікке үміткерді әдемі сөйлеу ырғағына қарап емес, іскерлік қабілеті мен істеген істерімен бағалағандықтан, америкалық халық Б. Клинтонның барлық қателіктерін кешірді.

Президент Б. Клинтонның басқаруының екінші мерзімі Конгрестегі демократтар мен республикалықтардың үнемі күресулерімен ерекшеленді. Республика партиясы Конгресте Сенат пен Өкілдер палатасына сайлау барысында барлық негізгі қызмет орындарын иеленген болатын және де осы қарсы тұрулар АҚШ-тың кейінгі ішкі саяси өмірін анықтап берді.

90-жылдардың екінші жартысы Америкада бірнеше жыл болмаған ерекше және ұзақ мерзімді экономикалық шумен басталды. Кейбір мамандар болып көрмеген экономикалық даму алыпсатарлық сипатта болып, кейін қаржылық құлдырауға әкелуі мүмкін, сондықтан да одан сақтануымыз қажет деген ойларын да білдірген болатын. Америкалық экономист Дж. Сакстың айтуы бойынша, америка экономикасы бұл кезеңде екі бастаушы күшке – нарықтық жүйенің икемділігіне және жаңа технологияларды дамытудағы үлкен табыстарға негізделді. Ал бұл өз кезегінде ақпараттық технологияларға мемлекеттік және жеке инвестициялар санын көбейтті.

Сонымен қатар жаңаша технология негізінде пайда болған АҚШ-тың «жаңа экономикасы» өңдіріс деңгейінің жоғарғы қарқынын көрсетті. Соның негізінде жалақы көбейтіліп, жұмыссыздық күрт төмендеді. Тіпті, ғылым саласында жұмыс күші жетіспей шетел мамандарын шақыруға тура келді. АҚШ-тың экономикасының толық жұмыс атқаруына басты екі нәрсе керек екені анықталды. Бұл – үнемі маманданған еңбек ресурстарын толықтырып отыру және импорт көлемін арттыру. 90-жылдары бұл екі шарттың болуы америка экономикасының бұрын-соңды болмаған дамуына алып келді. Осы онжылдықтың соңында жүргізілген сауалнама барысында америкалықтардың 80 %-дан астамы өмір сүру жағдайларының жақсарғанын айтты.

Жаңа жүз жылдықтың басында америкалықтар үшін өз экономикасы бұрын-соңды болмаған деңгейге ие болды. Соңғы онжылдықтың ішінде 20 млн астам жаңа жұмыс орындары ашылды және де мемлекеттік қордың дефициті жойылды. Ал мемлекеттік кіріс шығыстан 5 трлн долларға жетті. Америкалықтардың сағаттық еңбекақысы 5,5 долларға көтеріліп, халықтың 55 %-ы құнды қағаз иегері атанды. ЖІӨ көлемі 90-жылдардың ортасынан бері 3 % деңгейде болса, ал 1997 жылдан кейін 4 %-дан асты. Осы жылдары интернет жүйесін пайдаланушылардың саны көбейіп, Солтүстік Америкада 140 млн адамға жетті және де бұл көрсеткіш Еуропа мемлекеттерінің бәрін бірге алғандағы көрсеткіштен де көп (83 млн) еді.

Ақпараттық революция нәтижесінде 90-жылдардың аяғында 40 млн-нан астам америкалықтар өз мамандығының міндеттерін үйлерінен шықпай-ақ бүкіләлемдік тор арқылы жүзеге асыратын болды. Бұл атақты америкалық саясаттанушы Э. Тоффлердің миллиондаған халықтың «электронды коттедж» атты жұмыс түріне көшеді деген болжауын растады. Сонымен қатар жеке тұрғын үйге ие болу арманына халықтың 66 %-ы қол жеткізді.

90-жылдардың аяғында әлеуметтік қатынастар саласы да өзгеріске ұшырады. Президент Б. Клинтон 2001 жылы бюджеттегі мемлекеттік кіріс көлемін 2 трлн доллар көлемінде бекітті. Осыған орай оның әкімшілігі көптеген әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру мүмкіншілігіне ие болды. АҚШ-тың қазіргі әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесінің негізі халықтың жұмысын, жұмыс істеу қабілетін немесе отбасындағы асыраушысын жоғалтқан жағдайда көмек көрсететін «сақтандыру жүйесі» құрайды. 80 млн-нан астам америкалықтар (бүкіл халықтың үштен бірі) көлемі 1 трлн доллардан асатын мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру бағдарламасы бойынша тұрақты көмек алып тұрады.

АҚШ-тағы әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін жақсартудың келесі маңызды факторы – бұл демократтардың ұлттық экономиканы басқару саласындағы реформалары. 2000 жылы Клинтон әкімшілігі ұлттық экономика, ұлттық қауіпсіздік, әлеуметтік денсаулық сақтау және азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Ақпараттық жүйені қорғаудың ұлттық жоспарын» ұсынды. Оны жүзеге асырмайынша алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру мүмкін емес еді.

1999 жылдың күзінде Президенттің жариялаған «Жаңа жүзжылдыққа арналған АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясы» атты жолдауында да осы міндеттемелерді шешу көрініс тапты. Онда: «Біз қақтығыстардың алдын алуға, демократияны дамытуға, ашаршылық пен аурудың таралуына қарсы күреске жұмсаған әрбір доллар бізге қауіпсіздік және байлық түрінде қайтып келеді» деп жазылған.

90-жылдардағы АҚШ-тың ішкі саяси өмірі феминистік қозғалыстар санының көбеюімен ерекшеленді. Әйелдер жоғары білім алушылардың 60 %-ын , ұлттық кәсіпкерліктің үштен бір бөлігін және жұмыс берушілердің төрттен бір бөлігін құрады. Президент Б. Клинтон саясатының арқасында әйелдерге тең құқық беру жөнінен АҚШ әлемде көшбасшы болды. Көп жылдар бойы Әйелдер мәселесі бойынша президенттік мекемеаралық кеңес жұмыс атқарады (1995 жылы құрылған). Оның төрайымы президенттің жұбайы Хиллари Клинтон болды.

Клинтон кезінде парақорлықпен күрес шаралары үлкен табысқа жетті. Президенттің арқасында парақорлық америка қоғамына үлкен қауіп, қазіргі қоғамды бұзатын фактор ретінде түсіндіріле бастады. Осы мақсатта америкалық мамандар парақорлықтың бес түрін: сот органдарындағы парақорлық, заң шығару органдарындағы парақорлық, атқарушы органдағы парақорлық, құқық қорғау органдарындағы парақорлық және экономиканың жеке секторындағы парақорлық деп бөліп көрсетті.

Парақорлықпен күрестің жемісті нәтижесін Чикагода өткен «Грей-лорд» іс-шаларынан көруге болады. Оның негізінде 15 сот және штаттың 49 заңгері сотталды, 103 адам тәртіп жөніндегі жазаға тартылды, кейбіреулері лицензиясынан айырылды, ал енді кейбіреулері жұмыс орнынан айырылды. Клинтон әкімшілігі барлық деңгейдегі шенеунікті тексеру және федералды, жергілікті билік органдарындағы парақорлықтың алдын алу үшін арнайы жоспар даярлады. Б. Клинтонның ұсынысымен өткен «Шейх» операциясы барысында 200-ден астам шенеунік мемлекеттік қызметінен айырылды.

Клинтон әкімшілігі ауыр қылмыспен күресуде де едәуір жетістіктерге жетті. 90-жылдары олардың саны 2 есеге азайды. Президенттің табандылығының арқасында ауыр қылмыскерлерге, соның ішінде есірткі саудасы үшін жазалау түрі бұрынғыға қарағанда қатаң болды.

Жалпы алғанда, қарастырылып отырған кезеңде президент Клинтонның жетістіктеріне мынадай қорытынды жасауға болады:

Біріншіден, Клинтон экономикалық саясатта дұрыс шешім қабылдай білді, соның арқасында еркін сауда дамып, мемлекеттік бюджет дефициті азайтылды.

Екіншіден, АҚШ үкіметі ғылымды қолдауды күшейтті, оны қаржыландыру жылына 85 млрд-қа жетті. Бұл шаралар АҚШ-қа ақпараттық технология және биотехнология саласында ғылыми-зерттеу бағдарламаларын дамытуда басқарушы орынға жетуге көмектесті.

Үшіншіден, Клинтон әкімшілігі экономикалық өсудің негізі ретінде интернеттің дамуына барынша қолдау көрсетті. Электронды коммерциямен айналысатын компанияларға салық көлемін азайтты. Үкімет басшылығымен барлық жалпы білім беретін мектептер, кітапханалар және жоғары оқу орындары интернетке қосылды.

Төртіншіден, Клинтон әкімшілігі жоғары оқу орнында реформа жүргізді, нәтижесінде мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскен студенттер саны 67 %-ғаөсті және де бұл көрсеткіш 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда 10 %-ға көп еді.

АҚШ-тың жаңа технология саласындағы жетістіктері арқасында Б. Клинтон әкімшілігі тек өз елінің емес, сондай-ақ бүкіл Батыстың ірі қаржы ресурстарын пайдалануға мүмкіндік берді. Алғашқы мерзімде жіберген қателіктерін жөндеу арқылы оның әкімшілігі АҚШ-тың экономикасын нығайтуға және оның жаһандану жағдайына бейімделу үшін маңызды шаралар қабылдады.

Кіші-Дж. Буш әкімшілігі. 2000 жылғы сайлау АҚШ-тың қазіргі заман тарихындағы ең даулы болды. Ол сайлау жүйесінің беделін азайтып, биліктің саяси институттарының тұрақтылығына күмән келтірді. Демократиялық партиядан үміткер А. Гор алдыңғы әкімшіліктің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағытын жалғастыратын бағдарлама ұсынды. 90-жылдардың аяғындағы барлық жетістіктер оның еншісінде болды, атап айтсақ, жылына инфляция деңгейі 2-3%, жұмыссыздық 4 %-ға жуық, кедейшілік деңгейі 12,7 %-ға төмендеді, ЖІӨ алғашқы рет 9 трлн доллардан асып кетті, 20 млн-нан астам жаңа жұмыс орындары ашылды және т.б. Осы жетістіктер негізінде А. Гор «Үшінші жол» тұжырымдамасының артықшылығын көрсетіп, оны президент ретінде жалғастыруды көздеді.

Демократтардың басты қарсыласы – АҚШ-тың 41-президентінің ұлы, Техас губернаторы кіші-Дж. Буш болды. Ол Клинтон әкімшілігін сынға ала отырып, сайлау науқанын өте белсенді, батыл жүргізді.

2000 жылғы сайлау науқанында қалжыратқан президенттік таластың әрі қарай жүру барысын анықтап берген екі маңызды оқиға болды. 27 қарашада президенттік жарыстың көшбасшысын анықтау қиынға соққанда АҚШ тарихында алғашқы рет сайлаудың қорытындылары аймақтық сотта, кейін Флориданың Жоғарғы сотында және АҚШ-тың Жоғарғы сотында қайтадан қаралды. Екі үміткер де әділеттікті тілеп, сот жүйесіне сенім білдірді.

13 желтоқсанда, яғни сайлау басталғанына 36 күн болғанда АҚШ-тың Жоғарғы соты «Буш Горға қарсы» атты істі қарастырып, Флориданың Жоғарғы сотының даулы бюллетеньдерді қайтадан санау туралы шешімін қате және конституцияға қарсы деп жариялады. Алайда Жоғарғы сот бүкіл ел тәрізді екіге бөлінді: Дж. Бушты президент етіп сайлау туралы тарихи шешім тек бір дауыс айырмашылығымен қабылданды (5-ке қарсы 4).

Қоғамда өткізілген сауалнама бойынша америкалықтардың 60 %-ы Жоғарғы соттың шешіміне сенді және Джордж Буш жеңіске жетті деп есептеді. Көп ұзамай А. Гор соттың шешімімен толық келіспейтінін, алайда, онсыз да бөлініп кеткен қоғамдағы жағдайды шиеленістірмеу үшін сот шешімімен келісетінін жариялады. Бес апталық көптеген даулар мен сот үрдістерінен кейін Америка өзінің жаңа 43-президентінің есімін білді. Кіші-Дж. Буш АҚШ тарихында әкесі президент болған (Адамстан кейінгі) екінші президент болып сайланды.

Президент болып сайланғаннан кейін кіші-Дж. Буш Техаста құрылған «Жаңа жұлдыз» атты пресветериандық ұйым үлгісіндегі халықтың кедей бөлігіне уақтылы және маңызды әлеуметтік көмек көрсете алатын қайырымдылық және діни ұйымдардың қызметі жайлы ұлттық бағдарлама қабылдады. Сонымен қатар ірі капиталға салық көлемі азайтылды және жеке кәсіпкерлікті қолдау шаралары жасалды. Р. Рейганның үлгісі бойынша кіші-Дж. Буш жұмысшыларының жалақысын көтеруді талап еткен кәсіподақтарға қарсы күрес жүргізді.

2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі лаңкестік әрекет нәтижесінде 3,5 мың адам қаза тауып, әкімшілік ғимараттардың 34 млн шаршы фут алаңы бұзылды, 100 мыңнан астам адам жұмыссыз қалды, салық жетіспеушілігі 1,6 млрд долларды құрады, жалпы зардап 50 млрд долларға тең болды. Америка үлкен зардап шекті. АҚШ-тың бүкіл тарихында америкалық халық өз аумағында толық қауіпсіздікті сезіне алмайтынын түсінді.

Кіші-Буш президенттігінің алғашқы күнінен басталған экономикалық тұралау (2001 жылдың наурызынан) аяқасты ірі америкалық корпорациялардың есеп беруіне байланысты қаржы-экономикалық дауды шиеленістірді. Алғашында Буштың сайлау алдындағы науқанын қаржыландырған АҚШ-тың ірі энергетикалық «Энрон» компаниясының қаржылық қиянатын білгенде америкалықтар қатты күйзелген болатын. Ізінше «Уорлдком» және «Ксерокс» корпорацияларында қаржылық айла-шарғысына қатысты да жанжалдар туындаған болатын. Осыған ұқсас миллиардтаған шығындарды тек акционерлерден ғана емес, сонымен қатар мемлекеттен жасырған басқа ірі корпорацияларда да даулар болды.

Қаржылық бұзушылықтың өріс алуынан қорыққан президент барлық жауапкершілікті өзінің алдындағы Б. Клинтонға жапты, яғни 90-жылдардың ортасынан бастап тіркеле басталған деп ақталуға тырысты. Сонымен қатар ол елдегі барлық ірі фирмаларды мұқият бухгалтерлік тексерістен өткізу туралы шешім қабылдады. Алайда, бұл шаралар америкалық кәсіпорындарға деген сенімнің жоғалуын тоқтата алмады. Қор биржаларында акция курсының төмендеуі, кәсіпорындардың өндіріс көлемін қысқартуы, үлкен әскери шығындар бір сөзбен айтқанда, үкіметтің экономикалық жағдайды тұрақтандыру үмітін ақтамады.

2002 жылдың жазында Буш Техас штатында ұлттық экономикалық форум өткізді. Президент америкалықтарды елде ешқандай экономикалық дағдарыс болмайды деп тыныштандыруға тырысты. Буш әкімшілігі америкалық экономикаға деген сенімді қайтару және доллардың түсуін тоқтату үшін «Әділ бизнес туралы билль», ал Конгресс қаржы-экономикалық қылмыс үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде бірқатар заңдар қабылдады.

Буш әкімшілігінің ішкі саясатының екінші маңызды мәселесі ұлттық қауіпсіздікті нығайту болды. 11 қыркүйектегі лаңкестік әрекеттен кейін АҚШ үкіметі ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасын түбегейлі өзгертуді бастады. Осыған орай 2002 жылдың қазан айынан бастап АҚШ-тың қарулы күштерінің мемлекет ішіндегі және сыртқы мақсаттары мен жауапкершілігін анықтайтын «Біріккен басқару жоспары» қабылданып, күшіне енді. Буш әкімшілігі бұл жоспардың екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі америкалық басқарудағы ең маңызды реформа екенін жасырмады. Сонымен бірге, Конгрестің екі палатасы да лаңкестікпен және ұйымдастырылған қылмысқа қарсы барлық күш ведомстволары мен федералды қызмет органдарын басқаратын басты орталығы болатын ішкі қауіпсіздік Департаментінің құрылуын мақұлдады. Бір уақытта мемлекет ішінде тәртіпті нығайту үшін күрес және лаңкестік қауіптің өсуін төмендететін бақылау қызметі мен қауіпсіздік органдарын күшейту шаралары басталды. Осы мақсатпен 2002 жылдың қараша айында 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі қайғылы оқиғаға жол берген қауіпсіздік қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты тәуелсіз зерттеу жұмыстарын жүргізетін арнайы комиссия құрылды. Буш әкімшілігінің қолдауымен емес, лаңкестік әрекеттердің құрбандары мен олардың туысқандарының қолдауымен құрылған бұл комиссияны әйгілі дипломат Г. Киссинджер басқарды.

Президент Буш саясатындағы ұлттық қауіпсіздікті нығайту мен халықаралық лаңкестікке қарсы күрес бағдарламалары американ сайлаушыларына қаржылық жанжалдарға және болып жатқан американ экономикасының дағдарысына қарағанда үлкен әсер қалдырды. 2002 жылдың қарашасындағы аралық сайлауда республикалықтар Конгрестің екі палатасында да көп орынға ие болды және президент Бушқа әлеуметтік- экономикалық және қоғамдық саяси реформаларды жүргізуде парламенттің қолдауына ие болуына көмектесті. Сонымен қатар аралық сайлаудағы республикалықтардың жеңісі Буштың сыртқы саясатындағы доктринасын сайлаушылардың қолдайтынын көрсетті.

Сыртқы саясат. 1998 жылдың күзінде халықаралық лаңкестік пен қылмыскерлікке, қоршаған ортаның ластануына байланысты қолданылатын мақсаттар мен мүдделерді айқындаған жаңа ғасырға арналған «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясы» жарық көрді. 1999 жылдың 1 қазанында президент Клинтон Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Түрікменстан және Тәжікстан аумақтарында АҚШ-тың біріккен басқаруындағы әскери күшінің таралатындығы туралы жарлыққа қол қойды, әрине, бұл тікелей бұрынғы кеңестік кеңістіктегі Ресейдің мүддесіне әсер еткені сөзсіз. Тіпті, 2000 жылдың маусымында АҚШ пен Ресей президенттерінің Біріккен мәлімдемесі де екіжақты қарым-қатынастардың кикілжіңін жеңілдете алмады, бірақ екі елдің де достық және өзара сенімді қарым-қатынасын дамытуға ерекше көңіл бөлінетіндігін білдірді.

Президент кіші-Дж. Буштың республикалық әкімшілігі АҚШ-тың қазіргі әлемдегі орны мен рөлі жөніндегі жаңа көзқарасты қалыптастырды.

2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі лаңкестік іс-әрекет американдық сыртқы саясаттың басымдылығын түбегейлі өзгертті.

2001 жылдың желтоқсан айында АҚШ лаңкестікке қарсы коалициядағы жақтастарымен бірігіп, Ауғанстандағы талибтер жүйесіне қарсы кең көлемдегі әскери әрекеттерін бастады. Талибтердің негізгі күштері талқандалған болатын, бірақ та ұйымдастырушылары, халықаралық лаңкестікке дем берушілер мен Усама бен Ладен табылмады. Осыдан кейін Буш әкімшілігі лаңкестікке қарсы іс-әрекеттің екінші кезеңін дайындауға кірісті, мұндағы басты мақсаты ретінде Ирактағы Саддам Хусейн тәртібін талқандауды көрді. Бірақ осы жолы АҚШ үкіметі БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің қолдауын алуға тырысты. 2002 жылдың қыркүйегінде АҚШ президентінің БҰҰ-да сөйлеген сөзінде Иракқа қарсы коалицияны кеңейтуге шақырды және Иракқа әскери басқыншылық әрекетіне қарсы елдерді, атап айтқанда, Ресей, Германия, Франция, Қытай және тағы басқа елдерді көндіре алмады. Ұзақ әрі күрделі келіссөздерден кейін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі № 1441-мәмілеге келу жөнінде қарар қабылдады. Бұл қарарға сәйкес Ирак өз жеріне жаппай қырып жоятын қару түрлерін өндіру барысын дәйектейтін фактілерді анықтау үшін халықаралық бақылаушыларды кіргізуге міндетті болды.

Шындығында, Иракқа қарсы әуе соғысы 1998 жылдың желтоқсан айында басталған болатын. 2002 жылдың ортасында Ұлыбритания мен АҚШ авиациясы Ирак шекарасына 300 әуе шабуылын жасады, мұндағы басты мақсат Саддам Хусейн тәртібін талқандау болатын.

2002 жылдың кыркүйегінде Вашингтонда жаңа «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясы» басылып шықты, онда Дж. Буш әкімшілігінің сыртқы саясатының негізгі бағыттары көрсетілген.

«Алдын ала әрекеттер доктринасы» атты құжатында АҚШ-тың бірден-бір үстем етуші держава мәртебесіне қарамастан, өзін қауіпсіздік жағдайында сезіне алмағандықтан, халықаралық лаңкестік ұйымдармен ұзақ және шиеленісті күрестерге дайын болуы тиіс делінген.

Халықаралық лаңкестіктің әлемге тез таралуындағы басты себеп ретінде Дж. Буш әкімшілігі «үшінші әлем» елдерінің экономикалық артта қалуынан, миллиондаған адамдарды аштық пен кедейшілікке әкеп соқтырған олардың әлеуметтік саясатының тиімсіздігінен, сонымен қатар ең қарапайым және қол жетерлік биліктің демократиялық институттарының жоқтығынан болды деп түсінді. Осындай жағдайлардан шығу үшін АҚШ және Батыстың басқа да елдері баяу дамыған елдерге қаржы-экономикалық көмекті кеңейту, олардың экономикасына қатаң бақылау орнатып, саяси бостандықтың және адам құқығының таралуына көмектесу және әлемнің басқа аудандарында еркін сауда мен нарық көмегімен тез экономикалық дамуды қамтамасыз етуі қажет болды. Бір сөзбен айтқанда, Буштың әкімшілігі халықаралық лаңкестікке қарсы күрестің ең тиімді тәсілі ретінде жаһандану үдерісін тездетуді көрді. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің және НАТО-дағы өзінің көптеген басқа да одақтас мүшелерінің де қолдауын ала алмаған Буш әкімшілігі өзіндік әрекеттерге барды. Саддам Хусейн тәртібіне берілген үзілді-кесілді талап мерзімі аяқталғаннан кейін 2003 жылдың 20 наурызында нақтылы іс-қимылдар басталды. Сол күні халқына арналған жолдауында Дж. Буш антиирактық коалицияның (35 мемлекет) әскерлері Иракты қарусыздандыру әрекетіне кірісті деп мәлімдеді. АҚШ басқарған әскери коалицияның күштілігі сонша – алғашқы екі аптадағы әскери қимылдар нәтижесінде Ирактың әскери күштері талқандалды, ал сәуірдің басында Бағдад құлады, Ирактың барлық қалалары мен елді мекендері америкалық әскерлердің бақылауында болды. Ал 1 мамыр күні президент Буш соғыстың жеңіспен аяқталғанын салтанатты түрде хабарлады.

Бірақ Саддам Хусейн тәртібі құлатылғаннан кейін де Иракта астыртын соғыс тоқталмады, алғашқы 6 ай ішінде 300-ден астам АҚШ және оның одақтастарының әскери қызметкерлері қаза құрбан болды.

АҚШ-тың Иракқа әскери басып кіруі Батыс елдерінің бірлігін жойды, алауыздық тудырды және америкалық әкімшіліктің әлемдік тәртіптің әділ қағидаттарын ұстанатындығына күмән туғызды. Әскери шапқыншылыққа қарсы шыққан елдер қатарында Франция, Германия, Ресей, Қытай, Үндістан және тағы басқа да мемлекеттер болды. Америкалық басқыншы өкімет Ирак аумағынан жаппай қырып жоятын қару түрін таба алмады және қоршалған аумақта тәртіпті сақтап қала алмады. 2003 жылдың желтоқсанында Саддам Хусейн қамауға алынса да, Ирактағы дүрбелең бәсеңдемеді.

АҚШ-тың Ирактағы соғысы 48 млрд долларға түссе де, мемлекеттегі тәртіпті қалпына келтіру үшін бұл қаражат жеткіліксіз болды. 2003 жылдың күзінде президент Буш Конгреске Ирактағы саяси жоспарды жүзеге асыру үшін тағы 87 млрд доллар бөлуді талап етті. Ал АҚШ-тың 2004 жылғы әскери бюджеті 368 млрд долларды құрады және бұл жағдай мемлекеттегі қаржылық тұрақсыздыққа алып келді және 2003 жылы 400 млрд долларға өскен мемлекеттік бюджеттің жетіспеушілігіне әкеп соқты.

Ирактағы соғыс операциясы аяқталғаннан кейін Буш әкімшілігі осы елдегі жағдайды реттеу барысында өзінен жауапкершіліктің бір бөлігін алып тастауға тырысып, біраз күш салды. 2003 жылдың қазанында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Иракта БҰҰ-ның басқаруымен көпұлтық күштердің құрылуы туралы шешім қабылдады және де Ирактағы негізгі қаржы ауырпалығы мен саяси жауапкершілікке америкалық билік жауапты болды. Осы мақсатпен ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Кондолиза Райс басқарған «Иракты тұрақтандыру тобы» құрылды.

2003 жылдың аяғында президент Дж. Буш халықаралық алаңдағы АҚШ-тың беделінің түсуіне байланысты оның мәртебесін қайтадан нығайту мақсатында маңызды дипломатиялық қадамдар жасады. 18 желтоқсан күні ол мемлекеттік іссапармен Ұлыбританияға келді. Мемлекеттің саяси элитасы, үкіметі жағынан жылы шырай танытылғанымен, Лондон көшелерінде, үкімет кабинеттері және Букингем сарайындағыдай емес, оны салқын қарсы алды. Маңызды қонақтың қауіпсіздігін президенттің барған жерлерін бетон блоктармен және арнайы металл қамаумен қоршалған 14 мыңнан астам британ полицейлері мен 700 арнайы америкалық қызметкерлері қамтамасыз етті. Әлеуметтік сұхбат бойынша Ұлыбритания тұрғындарының 36 %-ы Дж. Бушты өздерінің астанасында көргісі келмеді, ал одан да көп ағылшындықтар оны Ирактағы көңілге қонбайтын және өте қауіпті соғысты бастады деп кінәлады. Алайда, көптеген Англия азаматтары ең басты одақтасына мейірбандылық танытты. Бұл кездесу екі мемлекет арасындағы одақтастықтың мықты екенін тағы бір рет дәлелдеді.

АҚШ тарихында болып көрмеген жағдай америкалық президенттің екінші дипломатиялық сапары болды. АҚШ халқының Ирактағы әскери операцияны қолдаушылар санының 71 %-дан 52 %-ға төмендесе, ал бұл соғыстағы америкалық құрбандардың саны 300 адамнан асып кеткеніне қарамастан президент Буш 27 қараша күні батыл қадам жасап, Бағдадқа құпия сапармен барады. Буш әскери қызметкерлермен кездесіп, оларға өзінің алғысын, ризашылығын білдіріп, АҚШ Иракта көп жылдар бойы қалмайтындығына және Ирак халқының өзін-өзі басқара алатындығына сендірді.

11 қыркүйектегі лаңкестік әрекет Ресей-Америка қарым-қатынастарына түбегейлі өзгеріс әкелді. Ресей Федерациясының президенті В.Путин америкалықтардың қайғы-қасіретіне ортақтасып, президент Бушқа Ресей халықаралық лаңкестікке қарсы күресте көмек көрсететіндігін мәлімдейді. Содан бері екі мемлекет арасында өзара сенімділік қалыптасты. Дегенмен, екі мемлекет арасында кейбір мәселелерге қатысты қайшылықтар да туындауда. Атап айтсақ, АҚШ-тың Зымыранға қарсы қорғаныс шартынан шығуы, НАТО-ның Шығысқа кеңеюі, АҚШ пен НАТО-ның Орталық Азия және Кавказ елдеріне белсеңді түрде енуі және БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің түпкілікті келісімін алмай жатып, Саддам Хусейн жүйесін құлату сияқты мәселелер аясында келіспеушіліктер сақталды.

Бүгінгі таңда ең қуатты әскери-саяси және экономикалық әлеуетке ие болып отырған Құрама Штаттар әлемдегі және оның түрлі өңірлеріндегі, соның ішінде Орталық Азиядағы да стратегиялық тұрақтылықтың жай-күйіне көп ретте шешуші ықпал етіп келеді. АҚШ-тың Орталық Азиядағы елдермен сан қырлы ынтымақтастығы өңірді экономикалық дамытудың, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы болып табылады. Вашингтонның Орталық Азиядағы саясаты мүдделердің үш тобын: қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты, экономикалық және саяси реформалар жүргізуге жәрдемдесуді, сондай-ақ сауда-экономикалық, ең алдымен, энергетикалық саладағы ынтымақтастықты көздейді.

Бұл тұрғыда таза прагматикалық және өзара тиімді стратегиялық әріптестік мысалын Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас көрсетіп отыр.

АҚШ Қазақстан Республикасын егеменді ел ретінде 1991 жылдың 25 желтоқсанында ресми түрде таныды. Келесі күні екі ел арасында елші деңгейіндегі толыққанды дипломатиялық қатынастар орнаған болатын. Сол кездегі АҚШ-тың басым назар аударған мәселесі ең алдымен, Қазақстан аумағындағы ең жетілген 104 дана SS-18 құрлықаралық баллистикалық зымырандардың және 1040 ядролық оқтұмсықтардың болуы еді. АҚШ жаңа ядролық мемлекеттің туындауына жол бермеу мақсатында және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жаңа тәуелсіз елдердің ядролық қарудан бастартуына қатысты саясатты жүргізуге талпынды. Соның негізінде Қазақстан жалпы ядролық қарусыздану ұстанымын ұстанған мемлекет ретінде 1992 жылдың 22 мамырында Лиссабон хаттамасына қол қойып, ядросыз мемлекет болатындығы жөнінде өзіне міндеттеме алды. Екіжақты қатынаста АҚШ-тың назары ядролық астарға бағытталған болса, Қазақстан алғашқы сәттен бастап елдің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайтудың кепілі ретінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесін алға қойды. 1992 жылғы мамыр айында Қазақстан президентінің АҚШ-қа келген ресми сапары барысында екіжақты көпқырлы ынтымақтастықтың негізі қаланған болатын. Сапар барысында Сауда қатынастары туралы келісімге, Капитал салуды қолдау және өзара қорғау туралы шартқа, АҚШ және Қазақстан Республикасы Үкіметтері арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылып, Қос салық салуды болдырмау жөніндегі конвенция туралы Бірлескен Мәлімдеме жасалды. Осындай бастама алған екіжақты қатынастардың нәтижесінде Қазақстан мен АҚШ арасында кең ауқымды және терең әрекеттесумен сипатталатын стратегиялық әріптестік орнатылды.

Вашингтон Қазақстанға Орталық Азиядағы жетекші елдердің бірі ретінде және АҚШ-тың ең сенімді де, болашағы зор әріптесі ретінде қарады. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы К. Райс 2005 жылғы қазандағы Астанаға сапары кезінде Қазақстанның «Орталық Азияда көрші елдерге экономикалық тұрғыда әлдеқайда ашық, саяси тұрғыда әлдеқайда тұрақты болуға көмектесе отырып, шешуші рөл атқаруға» барлық қажетті мүмкіндіктері бар екенін атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде АҚШ-тың маңызды әріптесі деп мәлімдейді.

2003 жылғы қыркүйекте Қазақстан мен АҚШ-тың қорғаныс ведомстволары арасындағы ынтымақтастықтың бес жылдық жоспары жасалған болатын. Вашингтон Орталық Азия мемлекетімен алғаш рет қол қойған бұл құжат халықаралық лаңкестікке қарсы күрес, бітімгершілік күштерді дамыту, әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлік қабілетін, әскери-теңіз күштерін дамытуды қоса алғанда Каспий өңірінің әскери инфрақұрылымын дамыту және Тіл дайындығы әскери институтын құру және сол сияқты ынтымақтастық салаларын қамтиды.

Қазақстан мен АҚШ-тың ядролық қаруды таратпау саласындағы өзара ықпалдастығын бағаламау мүмкін емес. Мәселен, жоғарғы байытылған үш тонна уранды ядролық реакторлар отынына өңдеу жөніндегі Қазақстан-Америка бірлескен жобасы ойдағыдай аяқталған болатын. 2008 жылдың 14 қарашасында америкалық тараптың бастамасымен Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев АҚШ-тың жаңа сайланған Президенті Б. Обамамен телефон арқылы сөйлесті. Сұхбаттасу кезінде мемлекет басшылары екіжақты стратегиялық ынтымақтастықтың жағдайы мен болашақ белестерін талқылады.

2009 жылдың 7 сәуіріндегі ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қ. Тоқаев Ыстамбұл қаласында өткен Өркениеттер Альянсының II форумы шеңберінде АҚШ Президенті Б. Обамамен кездесті. Кездесу барысында Қ. Тоқаев Халықаралық атомдық энергетика агенттігінің бақылауындағы ядролық отын банкін Қазақстан аумағына орналастыруға дайындығы жөніндегі Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың мәлімдемесін жеткізді.

2009 жылдың 3-5 мамыр аралығында Қазақстанның Сыртқы істер министрі М. Тәжиннің АҚШ-қа іссапары болды. Іссапар шеңберінде М. Тәжин АҚШ Мемлекет Хатшысы Х. Клинтонмен, АҚШ Президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөнінде кеңесшісі Дж. Джонспен және АҚШ Энергетика министрі С. Чу мырзамен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты және аймақтық мәселелері жөніндегі ынтымақтастығының белестерін, соның ішінде жаппай қырып-жою қаруын таратпау, Ауғанстандағы саяси ахуал, экономика және энергетика салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі АҚШ сыртқы саясатының мәні қандай еді?

2. Әлемдік экономикалық дағдарыс жылдарындағы АҚШ-тың ішкі жағдайы қалай болды?

3. АҚШ экономикасына қор нарығының күйреуі қалай әсер етті?

4. Ф. Рузвельттің әлемдік экономикалық дағдарыстан шығуға байланысты ұсынған бағдарламасының мәні неде?

5. Г. Гувер үкіметінің ел экономикасын дағдарыстан шығару жолында қандай шаралар жасады?

Еуропа жəне Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1945-2009)

Подняться наверх