Читать книгу Еуропа жəне Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1945-2009) - Бақыт Бөжеева - Страница 2

1-тарау
ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ БЕЙБІТ РЕТТЕУ МӘСЕЛЕСІ

Оглавление

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат баласының тарихындағы ең ауыр және қанды соғыс болды. Соғыс барысында 60 млн-ға таяу адам қаза болып, оның ішінде 27 млн-ға таяуы Кеңестер Одағының азаматтары және 6 млн адам Польша мемлекетінен еді. Ондаған миллион адамдар жараланды және мүгедек болды. І дүниежүзілік соғыспен салыстырғанда ІІ дүниежүзілік соғыстағы адам шығыны 6 есеге, ал материалдық шығын 12 есеге көп болды. Германия мемлекетіне қолға түскен 4,5 млн кеңестік әскери қызметкерлердің тек 1,8 млн ғана үйіне оралған болатын. Арнайы құрылған неміс лагерьлерінде 11 млн-нан астам адамдар өлтірілді, оның ішінде 6 млн еврей халқы бар.

Барлық мұхиттар мен құрлықтарды (Антарктикадан басқа), жер шарының 4/5 бөлігін қамтыған екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат баласының тарихындағы өте өзгерісті кезеңнің бірі. Екінші дүниежүзілік соғыстың ең маңызды қорытындысы – фашизмді жеңу болды. Фашистік және соғысқұмар басқыншы-мемлекеттер – Германия, Италия, Жапония және олардың одақтастары толығымен талқандалды.

Соғыс нәтижесінде Жапонияның тізе бүгуі және 1945-1949 жылдардағы азамат соғысының жеңісінен кейін Қытайда билік басына коммунистік жаңа жүйе келді. 1949 жылдың 1 қазан күні Қытай Халық Республикасы құрылды. Әлемде халықтық-демократиялық және социалистік елдер қауымдастығы пайда болды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың тағы бір маңызды нәтижесі – отарлық жүйенің жойылуының басталуы болды. Азаматтық мақсаттар және соғыстың антифашистік сипаты, фашистік басқыншылардың талқандалуы ұлт-азаттық қозғалыстардың өрлеуіне мүмкіндік жасады. Жапония басып алған Азия және Тынық мұхит елдері (Үндіқытай, Индонезия, Малайзия, Бирма, Филиппин) метрополия елінің қарамағынан, бақылауынан шықты. Жапонияның тізе бүгуінен кейін бұл елдер өз тәуелсіздігін жариялады. Ал басқа отар елдерде, әсіресе, Үндістан, Сирия, Ливан, Трансиордания, Палестинада соғыс халық бұқарасының саяси белсенділігін оятты, олар белсенді түрде тәуелсіздікті талап ете бастады. Отаршылар билігі шайқалды және отарлық жүйенің қайтымсыз күйреуі басталды.

ІІ дүниежүзілік соғыс салдарынан әлемдік алаңдағы күштер салмағы да тез өзгеріске түсті. Германия, Италия, Жапония соғысқа дейін ұлы державалар қатарында болса, жеңілгеннен кейін уақытша болса да тәуелді елдерге айналды. Олардың экономикасы соғыспен күйреген болатын және бірнеше жылдар бойы олар өздерінің бұрынғы бәсекелестерімен бәсекеге түсе алмады.

Франция Германия соққысынан кейін, уақытша өзінің ұлы держава ретіндегі жағдайын жоғалтты. Ұлыбритания үш жеңімпаз-державалардың бірі ретінде соғысты табысты аяқтады, бірақ оның саяси-экономикалық ұстанымдары әлсіреген болатын. Экономикалық және әскери жағынан ол АҚШ-тан әлдеқайда артта қалып қойды және америкалық көмекке тәуелді жағдайға түсті.

Жеңімпаз мемлекеттердің ішінде АҚШ соғыстан едәуір күшейіп шықты. Өз аумағында соғыс іс-қимылдардың болмауы, соғыс нәтижесіндегі қиратулар мен тұрғындар шығындарына тап болмауы, олардың экономикалық және әскери жағынан барлық қалған елдермен салыстырғанда әлдеқайда қуатты елге айналуына қолайлы жағдай туғызды. Сол кезеңде тек Америка Құрама Штаттары ғана атом қаруын иеленді, олардың флоты мен әуе күштері әлемдегі ең қуаттысы болды, олардың өнеркәсіп өндірісінің деңгейі қалған барлық елдерді қосып алғаннан да артық болды. Қорыта айтқанда, АҚШ «ұлы державаға», әлемдік үстемдікке ұмтылушы капиталистік әлемнің жетекші еліне айналды.

Ал екінші «ұлы держава» Кеңестер Одағы болды. Ол капитализмге қарсы шыққан барлық қоғамдық күштерді шоғырландырды. Соның нәтижесінде шартты түрде Шығыс пен Батыс деп аталған екі негізгі бағыт-бағдар, екі идеологиялық және әскери-саяси блок құрылды.

Соғыстан кейінгі ұйымдастыру жоспарлары. Антифашистік коалицияның басты державалары соғыс барысында соғыстан кейінгі бейбіт реттеудің негізгі бағыттарын белгілеп қойған болатын. Тегеран, Ялта, Потсдам мәслихатында КСРО, АҚШ, Ұлыбритания басшылары, сондай-ақ Каирдегі мәслихатта АҚШ, Ұлыбритания және Қытай мемлекет басшылары аумақтық өзгертулер жөнінде, жеңіліс тапқан мемлекеттерге қатысты және әскери қылмыскерлерді жазалау жөніндегі мәселе, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдайтын халықаралық ұйым құру мәселесі жөнінде өзара келіскен болатын. Одақтас державалар фашизм мен милитаризмді түп-тамырымен құрту мақсатында Германия, Италия, Жапонияны басып алуды шешті. Олар басты әскери қылмыскерлерді Халықаралық трибунал сотына беруді шешті. Германия, Италия, Жапония және олардың одақтастарының 30-жылдары және ІІ дүниежүзілік соғыс барысында басып алған аумақтары жойылды. КСРО, АҚШ және Англия мемлекеттері Австрия мен Чехославакияның тәуелсіздігін қалпына келтіруді және Солтүстік Трансильванияны Францияға қайтару қажеттігін жариялады.

Одақтастар Германия мен Польша арасындағы шекараны Одер мен Нейс (Одра мен Нисса) өзендері бойынша белгіледі. Польшаның шығыс шекарасы Батыс Украина және Батыс Белоруссия шекарасы бойынша, Керзон шебінің бойымен өтетін болды. Кенигсберг қаласы және онымен жанасып жатқан аудандар Кеңестер Одағына берілді. Германия және оның одақтастары фашистік басқыншылық құрбаны болған елдерге репарация төлейтін болды.

Ұлыбритания, АҚШ және КСРО Жапонияның қол астынан «күштер көмегімен басып алған» барлық аумақты азат етуді және негізгі төрт аралда жапондық егемендікті шектеуді шешті. Кореяға тәуелсіздігін беруді уәде етті. Жапония басып алған Солтүстік-Шығыс Қытай (Маньчжурия), Тайвань (Формоза) және басқа қытай аралдарын Қытай мемлекетіне қайтарып беру ұйғарылды.

Кеңестер Одағына Оңтүстік Сахалин және 1855 жылға дейін Ресейге тиісті болған Куриль аралдары қайтарылып берілді. Қытай үкіметінің келісімімен КСРО Порт-Артур (Люйщунь) және Дальний (Далянь) аудандарындағы әскери-теңіз базасын жалға алуға келісті.

Ялта мәслихатында және де кейінгі өткен мәжілістерде КСРО, АҚШ және Англия Еуропада қатысушы кеңестік және ағылшын-америкалық әскерлері арасын бөлетін шеп жөнінде келісімге қол жеткізді. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай: Балтық теңізінен Германия мен Австрия арқылы, Югославияның Италиямен шектесетін шекарасының өн бойымен Адриат теңізіне дейін өтті. Бұл шептен шығысқа қарайғы аумақты (Грекиядан басқа) кеңестік әскер азат етті, ал одан батысқа қарай ағылшын-америкалық әскерлер азат еткен болатын.

Кореяны азат ету шебі 38 параллель сызығымен белгіленді. Солтүстік Кореяға КСРО әскерін енгізу қарастырылса, Оңтүстік Кореяны америкалық әскерлер азат етуге тиіс болды. Бастапқыда бұл бөлу сызықтары уақытша әскери шара деп шамаланса, бірақ кейін ол іс жүзіндегі кеңестік және ағылшын-америкалық ықпал ету өрісінің шекарасына айналды.

Соғыстан кейінгі жылдардағы халықаралық өмірдегі ең маңызды оқиғаның бірі Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) құрылуы, оның міндеттері халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, халықтар мен мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

БҰҰ Жарғысының аяқталған ең соңғы мәтіні 1945 жылы сәуірден маусым айлары аралығында өткен Сан-Франциско мәслихатында қабылданып, 1945 жылдың 26 маусымында 51 мемлекеттің өкілдері қол қойған болатын және өз күшіне 1945 жылдың 24 қазан күні енді. Осы күн БҰҰ күні деп аталып өтеді.

Ұйымның мақсаттары:

І. Бейбітшілікті, қауіпсіздікті сақтау; ол үшін әлемге төнген қауіпті тоқтату және жою, басқыншылық актілерін жою үшін тиімді ұжымдық шаралар қабылдау, сот әділдігі мен халықаралық құқық шеңберінде бейбіт жолмен шешу, әлемнің бұзылуына әкелетін әлемдік келіспеушілікті реттеу;

ІІ. Халықтардың өзін-өзі басқару және тең құқықтылығы қағидаты негізінде ұлттар арасында достық қатынастарды дамыту және жалпыға ортақ әлемді нығайту үшін басқа да шараларға қатысу;

ІІІ. Экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлы сипаттағы халықаралық мәселелерді шешуде көпжақты ынтымақтастықты жүзеге асыру және тілі, діні, нәсілі және діни наным-сенімдеріне қарамай адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтеуге атсалысу;

ІV. Осы ортақ мақсаттарға жетуде ұлттардың күш салу үшін орталық болу.

Қағидаттары:

І. БҰҰ барлық мүше мемлекеттерінің егеменді теңдігін негізге алады;

ІІ. Жарғыдағы міндеттемелердің адал орындалуын өзіне алады;

ІІІ. Халықаралық дау-дамайларды бейбіт жолмен шешу, барлық әлемдегі бейбітшілікті, қауіпсіздікті және әділдікті қатерге түсірмеу;

ІV. Халықаралық қатынастарда қауіпке қарсы немесе әрбір мемлекеттің аумақтық тұтастығына және саяси тәуелсіздігіне қарсы күш қолданбау;

V. Ұйым мүшелеріне Жарғыға сәйкес БҰҰ шеңберіндегі барлық әрекеттерде көмектің барлық түрін көрсету;

VІ. Ұйым оның мүше емес елдеріне де осы қағидаттар негізінде әрекет етуін қамтамасыз етуі тиіс, себебі олардың бұл қағидаттарды сақтауы әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін қажет;

VІІ. БҰҰ кез келген мемлекеттің ішкі құзыретіне араласпауы тиіс. БҰҰ-ның Жарғысы 111 баптан және 19 бөлімнен тұрады.

БҰҰ «негізін қалаушы-мүшелерден» (бұл мемлекеттер 1942 жылғы Вашингтон декларациясына қол қойған және 1945 жылғы Сан-Франциско қаласындағы Халықаралық ұйым жөніндегі Біріккен Ұлттар Мәслихатына қатысқан және де БҰҰ Жарғысын бекіткен), сондай-ақ Ұйым Жарғысына сәйкес кейін қабылданған мемлекеттерден тұрады.

БҰҰ Жарғысына сәйкес кез келген «бейбітсүйгіш» мемлекет Ұйымға мүше бола алады және де Жарғының барлық міндеттемелері мен қағидаттарын сақтауға дайын болған ел. Ұйымға кіру Қауіпсіздік кеңесі мақұлдағаннан кейін, Бас ассамблеяның шешімі бойынша қабылданады.

Бас ассамблея Қауіпсіздік кеңесінің ұсынысы бойынша БҰҰ-ның мүше-мемлекетін егер ол Жарғы қағидаттарын бірнеше рет бұзған жағдайда Ұйым құрамынан шығару құқына ие.

Әрбір мемлекет Бас ассамблеяда бір дауысқа ие. Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдері БҰҰ-ның ресми тілдері болып табылады.

БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес алты негізгі орган: Бас ассамблея, Қауіпсіздік кеңесі, Экономикалық және әлеуметтік кеңес, Қамқорлық жөніндегі кеңес, БҰҰ-ның Халықаралық соты және Хатшылық. Бас ассамблея, Қауіпсіздік кеңесі саяси және заң шығарушы орган рөлін атқарады, ал Экономикалық және әлеуметтік кеңес, Қамқорлық жөніндегі кеңес Бас ассамблеяға бағынышты. БҰҰ-ның Халықаралық соты тәуелсіз.

Бас ассамблеяға БҰҰ-ның барлық мүшелері кіреді. БҰҰ-ның жарғысына сәйкес ол мемлекеттердің ішкі ісіне араласа алмайды, БҰҰ барлық мүшелерін біріктіретін басты орган; жылдық, төтенше сессияларда қабылданатын қарарлар кеңес беруші сипатқа ие.

Қауіпсіздік кеңесі (бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, шиеленістердің алдын алу және шешуге жауапты тұрақты орган; шешімдері БҰҰ барлық мүшелеріне орындауға міндетті сипатқа ие; 15 мүшеден құралған – бесеуі тұрақты (Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция), 2 жылға аймақтық қағида бойынша сайланатын 10 тұрақсыз мүшеден (олар екінші мерзімге сайланбайды) тұрады. Қауіпсіздік кеңесі (ҚК) Ұйым жарғысына сәйкес БҰҰ мүше-мемлекеттері атынан әрекет етеді. БҰҰ мүшелері Жарғыға сәйкес Қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін мақұлдап және орындайды. ҚК дау-дамайды шешуге, араласуға құқы бар, мемлекеттің өтініші бойынша және егер ол әлемдік бейбітшілікке қауіп төнген жағдайда оны бейбіт жолмен шешуге тырысады. Ал ол мүмкін болмаған жағдайда құрлықтағы, теңіз және әуе әскери күштерін пайдалануы мүмкін. ҚК Бас ассамблеяға жыл сайын, тіпті, қажет болған жағдайда арнайы баяндамалар дайындап тұрады.

Экономикалық және Әлеуметтік Кеңес (ЭКОСОС) – 54 мүше, үштен бірі жыл сайын 3 жылдық кезеңге қайта сайланып отырады. Ассамблея алдында жауапты: а) өмір деңгейінің жақсаруына; толық жұмысбастылыққа, экономикалық және әлеуметтік даму жағдайын жақсартуға; ә) халықаралық экономикалық, әлеуметтік, санитарлық және аралас мәселелерді шешуге, мәдениет және білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға; б) нәсілі, жынысы, діни сеніміне қарамастан адам құқы мен негізгі бостандықтарының сақталуына атсалысуға.

Кеңес жылына екі рет шақырылады: сәуір айында Нью-Йоркте, ал шілде айында Женева қаласында. Шешім қарапайым түрде Кеңестің мүшелерінің көпшілігінің қатысуымен және Кеңес мүшелерінің дауыс беруімен қабылданады. Кеңес құрамына төрт тұрақты комитет, он бір тұрақты сараптамалық топ, әртүрлі функционалды комиссия және бес аймақтық комиссия, сондай-ақ әртүрлі қосымша және арнайы сараптамалық топтар кіреді.

Халықаралық сот (барлық елдерге, оның ішінде БҰҰ-ға мүше емес мемлекеттерге де ашық басты заң органы) Гаага қаласында орналасқан. Сот он бес жоғары білікті соттардан тұрады, оны тоғыз жылға Қауіпсіздік кеңесі мен Бас ассамблея тағайындайды. Әрбір үш жыл сайын бес судья өзінен өкілеттілікті алады (қайта сайланбайды), екі судья бір елдің азаматтары бола алмайды. Соттың ресми тілдері француз және ағылшын тілдері. Сот кез келген елдің өтініші бойынша оған басқа тілді пайдалануға рұқсат етуге міндетті. Сот ісін жүргізу екі бөлімнен тұрады: жазбаша және ауызша. Барлық мәселелер қатысушы судьялардың көпшілік дауысымен шешіледі, егер тең болған жағдайда төрағаның дауысының басымдылығымен шешіледі. Сот шешімі үзілді-кесілді, ақтық және шағым, арызға жатпайды. Бірақ егер сот кейінірек жаңа жағдайларға байланысты апелляцияға беруге рұқсат етеді.

Бас хатшы және Хатшылық БҰҰ Жарғысына сәйкес Бас хатшы БА, ҚК, ЭКОСОС және Қамқорлық жөніндегі кеңестің барлық мәжілістеріне басты әкімшілік лауазымды тұлға ретінде әрекет етеді. Бас хатшы БА Ұйым жұмысы жөнінде жылдық баяндама жасайды, қандай да бір қауіпті жағдай туындаған жағдайға ҚК назарын аударады, ҚК ұсынысымен БА Бас хатшыны бес жылдық мерзімге тағайындайды.

БҰҰ-ның бас хатшылары және олардың елі мен өкілеттілігінің басталған-аяқталған уақыты: Глэдвин Уэбб, Ұлыбритания, 24 қазан 1945 – 1 ақпан 1946 жылдар; Трюгве Хальвдан Ли, Норвегия, 2 ақпан 1946-10 қараша 1952 жылдар; Даг Хаммаршельд, Швеция, 10 сәуір 1953- 18 қыркүйек 1961 жылдар; У Тан, Бирма, 30 қараша 1961-1 қаңтар 1972 жылдар; Курт-Вальдхайм, Австрия, 1 қаңтар 1972-1 қаңтар 1982 жылдар; Хавьер Перес де Куэльяр, Перу, 1 қаңтар 1982 – 1 қаңтар 1992 жылдар; Бутрос Бутрос-Гали, Мысыр, 1 қаңтар 1992 – 1 қаңтар 1997 жылдар, Кофи Аннан, Гана, 1 қаңтар 1997 – 1 қаңтар 2007 жылдар; Пан Ги Мун, Оңтүстік Корея, 2007 жылдың1 қаңтарынан басталды.

Биполярлы жүйе кезіндегі екі державаның саяси, әскери және идеологиялық қарсыласуы БҰҰ құрылымы мен институттарының негізгі қызметіне сөзсіз әсерін тигізді. Соған қарамастан ұйым біртіндеп бейбітшілікті сақтау, ядролық соғысты болдырмау ісінде, отаршылдыққа қарсы күресте, адам құқын қорғау мәселесінде елеулі үлеске ие, беделді халықаралық ұйым бола алды.

Қырғиқабақ соғыс аяқталғаннан кейін де БҰҰ белсендік танытуда. Әсіресе, БҰҰ бейбітшілікті қолдау жөнінде күш сала бастады. БҰҰ 80-жылдарға дейін тек бақылаушы түріндегі 14 әртүрлі миссиялар мен операциялар жүргізсе, 1988 жылы 33 бітімгершілік шараларын жүзеге асырды. 1995 жылы БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне 70 мың адам (31 мың әскери қызметкерлерді қосқанда) 70-тен аса елден тартылған. БҰҰ тарапынан алдын алу дипломатиясы (фактілерді анықтау жөніндегі миссия, бітімгершілік және т.б.), тараптардың уақытша бітімге келуін бақылауды ұйымдастыру, гуманитарлы көмек (босқындар мен қақтығыс құрбандарына көмек көрсету), қақтығыстан кейін ақтауға көмектесу сияқты шаралар ұйым тарапынан көрсетіле бастады.

БҰҰ қақтығысты аймақтарда – Сомали, Мозамбик, Камбоджа, Ауғанстан, Орталық Америка, Гаити, бұрынғы Югославия, Таяу және Орта Шығыстағы, Руандадағы, Батыс Сахара, Тәжікстан, Грузиядағы қақтығыстарды реттеуге қатысты. Қауіпсіздік кеңесі санкция түрлерін, атап айтқанда, экономикалық, дипломатиялық, саяси, қаржы санкцияларын пайдаланды, қарулы күш қолданбай күштеу шараларын қолданды.

Бірақ қырғиқабақ соғысының аяқталуы БҰҰ-ға жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, сондай-ақ оның кемшілікті жақтарын көрсете бастады. Оның бірі ұйымның әлі де болса бюрократтық аппараттарының болуы, шешім қабылдауына кедергі келтіруде. Екінші жағынан БҰҰ халықаралық-саяси өзгерістерге қарай бейімделуі қажет.

БҰҰ реформалау мәселесі ұйым мүшелері арасында келіспеушіліктер тудыруда. Соған қарамастан бірнеше негізгі мәселесін көрсетуге болады:

– халықаралық қауіпсіздік мәселесінде, дағдарысты реттеуде және бітімгершілік әрекеттерін жүзеге асыруда БҰҰ-ның едәуір тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету;

– саяси тұрақсыздыққа байланысты, адам құқы бұзылған жағдайда, экологиялық апаттарға байланысты болған жағдайда елдің ішкі ісіне БҰҰ-ны қатыстыру мүмкіндігін кеңейту;

– «дәстүрлі емес» салалардағы (экология, көші-қон, ақпараттық толқындарды реттеу) БҰҰ рөлін күшейту;

– БҰҰ қызметін қаржыландыру тәртібін және оның қаржы ресурстарын пайдалану қағидаларын өзгерту;

– БА рөлін жетілдіру, оның пәрменді шешім қабылдау үшін мүмкіндік жасау;

– Бас Хатшының мәртебесін нақты анықтау және БҰҰ Хатшылығының жұмысын қайта құру;

– БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің қызметі мен рөлін айқындау, олардың қызметін үйлестіру, Халықаралық Соттың өкілеттілігін кеңейту;

– ҚК жұмысының тиімділігін арттыру және оның құрамын өзгерту.

Соғыстан кейін әскери қылмыскерлерді жазалау. Соғыс кезіндегі келісімдерге сәйкес КСРО, АҚШ, Англия және Франция басты әскери қылмыскерлер үшін әскери трибунал құрды. Сот мәжілісі 1945 жылдың 20 қарашасында Нюрнберг қаласында өтті, бұрын бұл жерде фашистік партия съездері өтетін. Сотқа тірі қалған 24 басты нацистік әскери қылмыскерлер, оның ішінде Гитлердің орынбасарлары Геринг пен Гесс, адмирал Дениц, бұрынғы канцлер Папен, Сыртқы істер министрі Риббентроп, әскери басқару басшылары Кейтель мен Йодль және банкир Шахт тартылды. 1946 жылдың 1 қазан күні 12 айыпталушы дарға асу арқылы өлім жазасына кесілді, ал қалғандары әртүрлі мерзімге абақтыға қамалды.

Басты жапон әскери қылмыскерлері де Халықаралық әскери трибуналға берілді, 1946 жылдың 3 мамырынан 1948 жылдың 12 қарашасына дейін Жапония астанасы – Токио қаласында Соттық мәжілістер өтті. Жапонияның бұрынғы басшы қайраткерлері, олардың ішінде бұрынғы 4 премьер-министр, армия мен флотқа басшылық еткен 11 министр болды. 7 айыпталушы, оның ішінде бұрынғы премьер-министр Тодзио мен Хирота дарға асылды, ал қалғандары әртүрлі мерзімге абақтыға қамалды.

Бейбітшілік пен адамзат баласына қарсы басқыншылық соғысын және басқа қылмысты ұйымдастырушыларды жазалаған Нюрнберг және Токио процестері сот үрдісі тарихында алғаш рет болды.

Италия, Румыния, Венгрия, Болгария, Финляндиямен бейбіт келісімдердің бекітілуі. Соғыстан кейінгі бейбіт реттеуде шұғыл істердің бірі бейбіт келісімдерге қол қою болды. Жеңімпаз мемлекеттер ең алдымен, Германияның еуропалық одақтастары – Италия, Румыния, Венгрия, Болгария және Финляндиямен бейбіт келісімдерге қол қоюды шешті.

Осы келіссөздердің жобасын КСРО, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Қытай мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері даярлаған болатын және 1946 жылдың жазы мен күзінде Парижде өткен мәслихатта талқылауға ұсынылды. Әрине, келіссөздерді даярлауда және оны Париж мәслихаты барысында талқылауда КСРО, АҚШ және Ұлыбритания мемлекеттері арасында қайшылықтар орын алды. Кеңестер Одағы өзінің араласуымен Румыния, Венгрия, Болгария үкіметін құруды қолдады, ал АҚШ пен Англия олардың қайтадан құруды талап етті. Сондай-ақ КСРО-ның Югославияға қатысты, яғни бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Италия құрамына кірген Триест қаласының маңындағы славяндық жерлерді оған қосу ұсынысына да АҚШ пен Англия қарсы шықты.

1947 жылдың 10 ақпанында Париж қаласында Италия, Румыния, Венгрия, Болгария және Финляндиямен бейбіт келісімдерге қол қойылды. Келісімдер негізінде Италия Албания мен Эфиопияның егемендігін мойындады. Италияның басып алған Додекан аралы Грекияға қайтарылды. Славян жерлері Триестен басқасы Югославияға берілді. Триест өзімен шектелген аумағымен «еркін аумақ» деп жарияланды (бірақ 1954 жылғы Италия мен Югославия арасындағы келісім бойынша «еркін аумақтың» батыс бөлігі Триест қаласымен бірге Италияға өтті, ал шығыс бөлігі Югославияға берілді). Италия өзінің Африкадағы отарлары – Ливия, Эритреи және итальяндық Сомалиден айырылды. Румыния және Венгриямен жасалынған бейбіт бітім негізінде Трансильванияның бір бөлігінің Румынияға қайтарылуын бекітті.

Финляндия КСРО-ға Петсамо облысын қайтарды және Фин шығанағының солтүстік жағалауындағы (Хельсинкиден алыс емес) Порккала-Удд аумағын 50 жылға жалға берді, онда кеңестік әскери-теңіз тірегі құрылатын болды.

Бейбіт келісімдердің саяси қаулысы Италия, Румыния, Венгрия, Болгария және Финляндия елдеріне барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету міндеттеді, фашистік ұйымдар қызметінің қайтадан жандануына тыйым салынды және бұл елдерге өзінің қорғанысы үшін шектеулі қарулы күш қолдануға рұқсат етілді, бірақ атом және жаппай қырып жоятын қару түрлерін жасауға тыйым салынды.

Келісімдердің экономикалық тараулары агрессия құрбандарына: Кеңестер Одағына, Албания, Грекия, Югославия, Чехословакия және Эфиопияға репарация төлеуді қарастырды.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі халықаралық аренадағы саяси күштердің өзгеруі.

2. Тегеран халықаралық мәслихатындағы қарастырылған мәселелерді атаңыз.

3. Ялта халықаралық мәслихатының шешімдеріне сараптама жасаңыз.

4. Потсдам халықаралық мәслихатындағы герман мәселесі.

5. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі отар мәселесінің шешілуі.

Еуропа жəне Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1945-2009)

Подняться наверх