Читать книгу Меншікке қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық - Гүлзағира Атаханова - Страница 1

АЛҒЫ СӨЗ

Оглавление

Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың басты құқықтарының бірі меншігінде мүліктің болуы, оны иелену, пайдалану және билік ету деп айтылған. Мемлекет азаматтарға құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кепілдік береді. Сонымен қатар, меншік қатынастары экономиканың қалыпты қызмет істеуін қамтамасыз ететін іргелі негіздердің бірі.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау әдістерінің бірі олардың қылмыстық-құқықтық қорғалуы болып табылады.

Сот тәжірибесінің материалдары көрсеткендей, меншікке қарсы қылмыстар Қазақстан Республикасында тіркелетін қылмыстардың басым көпшілігін құрайды. Пайдакүнемдік қылмыстылық көбейген қазіргі жағдайда меншіктің құқықтық қорғалуы ерекше мағынаға ие болып отыр. Меншікке қарсы шағын қылмыстар көп таралған, олар жиі жасалады және көптеген тұлғалардың мүдделеріне шек қояды. Сонымен қатар, сирек жасалғанымен де, адамдардың жеке басына ғана емес, сондай-ақ денсаулығына, дербес құқықтылығына, қоғамдық қауіпсіздікке қастандық келтіретін ең қауіпті қылмыстар қоғамға ең көп зиян келтіреді.

Социалистік меншік мемлекеттің экономикасының негізі ретінде қорғауға бағытталған Кеңестік қылмыстық заңнамасында меншік түріне қарай мүліктік қылмыстар үшін әр жақтары жауапкершілік белгіленгеннен бері көп уақыт өткен жоқ.

Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттік меншік пен жеке меншіктің тең құқықтылығы және теңдей қорғалатындығы туралы айтылған. Конституция талабына лайық Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі қандай меншік түрлерінің теңдей қылмыстық-құқықтық қорғауға алынатынын және барлық меншік түрлеріне қол сұғушылық үшін теңдей қылмыстық жауапкершілікті белгілейді.

Қазіргі кезеңде елімізде құқықтық саясатты жүзеге асырудың жаңа тұжырымдамасы қабылданған болатын. Осыған дейін Қазақстан Республикасы Президентінің № 949 2002 жылғы 20 қыркүйекте 2002 және 2010 жылдар аралығына арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы жұмыс істеп келгендігі белгілі. “2002 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы елдің 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық жүйесі дамуының негізгі бағыттарын айқындады. Өткен жылдары мемлекеттік және қоғамдық институттардың қарыштап дамуына ықпал ететін, Қазақстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін бірқатар аса маңызды заңнамалық актілер қабылданды. Тұжырымдаманы іске асырудың басты қорытындылары ұлттық заңнаманың негізгі салаларының (конституциялық, әкімшілік, азаматтық, банктік, салық, қаржы, кеден, экологиялық, қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық заңнама) айтарлықтай жаңаруы болды”.

Құқықтық саясат ішінде қылмыстылықпен күресу саясатының маңызы зор, өйткені ол құқық бұзушылықтардың, әсіресе меншікке қарсы қылмыстылығымен күресу қызметімен тікелей байланысты. Қылмыстық саясатты жүзеге асыру барысында меншікке қарсы қылмыстылығымен күресуді тиімді ұйымдастыру, оның ішіндегі бұзылған мүліктік құқықты қамтамасыз ету мәселелері қазіргі Қазақстанның ең маңызды деген стратегиялық бағытын құрайды. Өйткені, меншік бүгінгі таңдағы әлеуметтік дамуды анықтайтын негізгі фактор болып табылады.

Қылмыстылықтан сақтандыруды ұйымдастыру жүйесінде елімізде біршама түбегейлі оң өзгерістер байқалады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев бастаған құқық қорғау органдарының жүйесін реформалау, қылмыстық құқық саласын ізгілендіру, қылмыстылықпен күресуде мүліктік құқықты жоғары дәрежеде қорғау алдыңғы орынға қойылды .

Құқық қорғау органдарының күнделікті қызметінде криминологиялық мониторингті талдай білу де қылмыстылықтан сақтандыру жүйесінің жұмысының тиімді қызмет етуіне оң әсері сөзсіз.

Меншікке қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық

Подняться наверх