Читать книгу Меншікке қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық - Гүлзағира Атаханова - Страница 2

1 МЕНШІККЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ СИПАТТАМАСЫ
1.1 Меншікке қарсы қылмыстарды жіктеу

Оглавление

Мүлікті бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу ұғымы жоғарғы дәрежедегі абстракциялық әлеуметтік-құқықтық ұғым болып табылады. Қазақстандық қылмыстық құқықтық теориясында «хищения» ұғымына әркім өз білгендерінше түсінік беруге тырысқан. Мүлікті бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің нысандары туралы пікірталастардың сан алуандығы, авторлардың аталған мәселеге қатысты әртүрлі критерийлерді пайдалануымен түсіндіріледі. Мүліктің заңсыз айналымға түсу ұғымын талдау кезінде әртүрлі критерийлерді пайдалану, сондай –ақ қылмыстық істерді саралау барысында қателікке соқтырып, қарастырылып отырған мәселені түсінуді қиындатады.

Біздің қоғамымыздың әлеуметтік, саяси және экономикалық өмірінде орын алған өзгерістер қылмыстық құқықтың бірқатар заңи ұғымдары мен институттарын қайта қарау қажеттілігін талап етті.

1997 ж. 16 шілдеде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі қабылданды. Заң шығарушы алғаш рет Қылмыстық кодексте меншікке қарсы ұғымдарын бекітті. Яғни, аталған Қылмыстық кодексті қабылдау арқылы заң шығарушы меншікке қарсы қылмыстардың нысандарын анықтады. Дегенмен де, біздің ойымызша нысан туралы сұрақты дұрыс шешу үшін, бір айрықша белгіні қолданып, меншікке қарсы қылмыстарды нысанының барлық жиынынан тек соларға тән белгілерге ие топтарды бөліп шығару қажет.

Бұл ұғым қылмыстылықтың нысандарының мәнді белгілерін танудың нәтижесі.

Бұл жағдайлар қылмыстық-құқықтық нормаларда заңдық анықтамаға ие болған, жоғарғы абстракциядан төменірек әлеуметтік-құқықтық ұғымдарда бейнеленген, тек өздеріне ғана тән ерекшеліктермен сипатталынады.

Сәйкесінше, жоғарыдағы қылмыстар тобы жалпы сипаттағы ұғым ретінде, көптеген қылмыстық іс-әрекеттердің жекелеген көріну нысанын белгілеуде қызмет ететін, жалпылау дәрежесі төмен басқа да заңи ұғымдардың болуын пайымдайды. Сондықтан да, айтылған қылмыстар туралы сұрақты талдау оның нақты көріну нысандарын және сәйкес қылмыстық- құқықтық ұғымдарды зерттеуге міндеттейді.

Қылмыстық құқық теориясында айтылып отырған қылмыстар нысандары туралы сұрақ ең даулы мәселелердің бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасының қылмыстық құқық әдебиеттерінде бұл ұғымға кейбір авторлар мүлікті алудың немесе заңсыз иеленудің, ұрлықтың ҚР ҚК 175-бабындағы ескертумен сәйкестендіріп түсіндіруге тырысқан. Мұның өзі мүлікті алудың немесе заңсыз иеленудің ұғымын ашып зерттеуді талап етеді.

ҚК 175-бабының ескертуіне сәйкес келтірілген анықтамадан бұл топтағы әрекеттер пайдакүнемдік мақсатпен, заңға қайшы, өтеусіз алу және оны кінәлі немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз қайтарымсыз алып қою (немесе) айналдыру арқылы меншік иесіне зиян келтіру.

Осы белгілердің әрқайсысын толығырақ қарастырайық.

Мүлікті алудың қасақана сипаты кез-келген бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің тек тікелей ниетпен ғана жасалуы мүмкін екендігін білдіреді. Бұл жағдайда кінәлі мүлікті заңсыз алып отырғанын түсінеді, онымен иеленушіге немесе мүліктің иесіне мүліктік зиян келтірілетінін біледі және мақсаты пайдакүнемдік болғандықтан сол зиянды келтіргісі келеді.

Пайдакүнемдік мақсат деп мүлікті заңсыз қайтарымсыз алуға мүдделі болуды айтады. Пайдакүнемдіктің өзі пайданы, олжаны білдіреді. Дальдің сөздігінде пайдакүнемдікке: «тегін табысқа, олжаға құмарлық; ақшаға, байлыққа ашкөздік, тойымсыздық, алыпсатарлыққа үйірлік; пайда, олжа, түсім» деген анықтама берілген.

Заң әдебиеттерінде пайдакүнемдік міндетті түрде мүліктік пайданы келтіруі тиіс емес деген пайымдаулар кездеседі. Пайдакүнемдік мақсат жымқырып отырған тұлғаға пайда әкелуі тиіс. Мұндай пайда мүліктік те, басқа да мүддеде болуы мүмкін. Осының негізінде бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің міндетті белгілерінен «пайдакүнемдікті» шегеріп тастау туралы ұсыныстар енгізіледі. Алайда бүгінде мұндай пайымдаулар қажетсіз болып қалды. Олар заңға сәйкес емес. ҚК-тің алтыншы тарауының 175 бабында аталған ескертпесінде бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсуді – бұл бөтен мүлікті пайдакүнемдік мақсатпен заңсыз қайтарымсыз алып қою және айналдыру деп анық айтылған.

Дәл осы тұста тағы бір сауал туындайды: пайдакүнемдік мақсат деген не? И.О.Грунтов көрсеткендей, сот тәжірибесінде мына жағдайлар бар болған жағдайда мақсат пайдакүнемдік болып табылады: тұлға материалдық пайда алуға ұмтылады; бұл мақсат алынған мүлік есебінен қанағаттандырылады; тұлға жымқырылған мүлікті өз пайдасына немесе айыптының материалдық тәуелділігі бар тұлғалардың пайдасына айналдыру. Осындай пікірлер қолданыстағы қылмыстық заңға қайшы келеді. Қылмыстық құқыққа сәйкес пайдакүнемдік ниет дегеніміз «бұл- жасалған қылмыстан өзі немесе жақын адамдары үшін мүліктік сипатта пайда алуға ұмтылыспен немесе өзін не жақын адамдарын материалдық шығындардан сақтап қалу ниетімен сипатталатын уәждер». Демек, заң мүдделері шеңберінде бөтен мүлікті алып отырған тұлға әрекет етуі мүмкін тұлғалар шеңберін шектейді деген сөз. Бұл шеңбер айыптының және оның жақын адамдарының материалдық мүдделерімен шектеледі.

Кінәлінің заңмен тыйым салынған әрекеттерді жасауы, ешқандай құқығы жоқ болса да бөтен иеліктен мүлік алуы құқыққа қайшылық деп аталады.

Қылмыстық құқық доктринасында бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсуге мүлікті өтеусіз алу, яғни оның құнын ақшамен немесе басқа жолмен тепе-тең қайтарусыз деп анықтама берілген. Алайда мағынасы күмәнсіз болғанымен де, өтеусіздік белгісі тегіс қамти алатын белгі болып табылмайтындығын баса айту керек, себебі іс жүзінде иеленушіге оның еркіне қайшы баға эквивалентін беру арқылы бөтен мүлікті иелену жағдайларын қарастырмайды. Сол себептен өтеусіздікпен қатар иеленушінің немесе мүліктің басқа да иеленушісінің субъективті құқығының бұзылу белгісін де ескеру қажет.

Мүлікті өз пайдасына немесе өзгенің пайдасына алу және айналдыру – белгілері өзара тығыз байланысты және бір-бірін толықтырып отырады. «Мүлікті алу» және «айналдыру» түсініктерінің ұғым ретінде бір-бірінен мазмұны жағынан айырмашылықтары бар. Олар кінәлінің қалыптасқан әлеуметтік байланысты – меншік қатынастарын бұза отырып, басқа тұлғаның мүліктік аясынан материалдық құндылықтарды заңсыз алатынын және бөтен мүлік иелігін бұзып немесе иелігіндегі мүлікті өз меншігіне айналдыру.

Бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу заты ретінде бөтен мүлік ұрланған мүліктің өзге адамға тиесілі екендігін білдіреді. Ол ұрлаушы үшін бөтен болып табылады. Ұрлаушының ол мүлікті иеленуге шамаланған да, нақты да меншік құқығы немесе заңды иелену құқығы жоқ. Басқаша айтқанда, бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу заты болу үшін мүлік қастандық жасаған сәтте ұрлаушыдан басқа тұлғаның меншігінде немесе заңды иелігінде болуы тиіс. Әрекет жасалған сәтте ұрлық жасап отырған тұлғаның меншігінде немесе заңды иелігінде болған мүлік бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу заты болуы мүмкін емес. Оның үстіне, аталған тұлға ұрланған мүлікке меншік құқығы жоқ ескеріп немесе заңды иелену құқығы негізінде өзінікі еместігін біле тұра әрекет жасайды.

Соңғы белгісі – мүліктің меншігіне материалдық зиян келтіру. Мүліктің өтеусіз алынып отыруының өзі иеленушіге немесе басқа тұлғаға (мысалы, мүліктің иеленушісіне) мүліктік зиян келтіріліп отырғанын білдіреді. Қылмыстық-құқықтық ғылымда бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу кезінде «қылмыскер алған мүліктің құны», яғни нақты (оң) зиян материалдық зиян болып табылады деген пікір басым болып отыр. Бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу кезіндегі зиянның мазмұнына аңғарылмай қалған пайда кірмейді. Оның себебі, бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу кезінде мүлік иеленушінің немесе заңды иеленушінің қолма-қол қорларынан алынатынында. Иеленуші өзінің қолма-қол мүлкінің белгілі-бір үлесінен (сомасынан) айырылады, ал ұрлаушы сондай сомаға бөтен мүлікті заңсыз иеленеді.

Егер тұлға мүліктің бір бөлігін ғана заңсыз алып өз пайдасына айналдырса, онда ұрланған мүліктің мөлшерін анықтау кезінде сол бөлікті ғана ескеру қажет. Егер мүліктің заңсыз алынуы иеленушіге ішінара мүліктік эквивалент берумен байланысты болса, онда ұрланған мүліктің мөлшері алынған мүліктің құны мен оның орнына берілген мүліктің айырмасы ретінде анықталады.

Қылмыстық қастандық затына айналған мүліктің құнын анықтау кезінде қылмыс жасалған сәттегі мемлекеттік, бөлшек, нарықтық немесе комиссиялық бағаларға негізделу керек. Ұрланған мүліктің құнын анықтау кезінде ол мүліктің қылмыс жасалған кездегі бағасы ескеріледі.

Жоғарыда аталған бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу белгілерінің негізінде бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу құрамдарына әрқайсысының ҚК-тің нақты баптарында қарастырылған өзіндік белгілері бар болғанымен де, жалпы сипаттама беруге болады.

Пайдақорлық тобының кез-келген нысанының объектісі ұлттық құқық жүйесімен қорғалатын меншік қатынастары болып табылады. Бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің кейбір нысандарына байланысты қосымша объектілер ретінде адамның өмірі, оның жеке тұлғаның бостандығы қарастырылуы мүмкін.

Барлық меншікке қарсы қылмыс түрлерінің қастандық заты мүлік болып табылады. Бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің кейбір түрлері бойынша заң шығарушы қастандықтың затын кеңейтілген түрде енгізген, оған мүлікті иелену құқығы жатқызылған. Мүлікті қорқытып алу кезінде қылмыстық қастандықтың заты мүліктік сипаттағы әрекеттер болып табылады.

Бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің объективті жағы нәтижесінде иеленушіге немесе заңды иеленушіге материалдық зиян келтірілген бөтен мүлікті алудан және иеленуден құралады. Бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу кезінде тұлғаның бөтен мүлікті өзінің немесе өзге тұлғалардың пайдасына айналдыруы қылмыстық нәтиже болып саналады. Мүлік иеленушіден немесе өзге заңды иеленушіден айыптының заңсыз иелігіне көшеді. Сондықтан иеленуші жоғалтқан мүлікті немесе иелену құқығынан бас тартқан мүлікті өзінің немесе өзге тұлғалардың пайдасына айналдыру бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу болып табылмайды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы 2001 ж. 21 желтоқсанындағы № 15 қаулысының 3 тармағында көрсеткендей, жалпы ереже бойынша «қарақшылық пен қорқытып алушылықты қоспағанда, бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсуді мүлік алынған болса және айыптының оны өз еркі бойынша билік ету немесе пайдалану мүмкіндігі бар болса, яғни иеленушіге немесе заңды иесіне нақты материалдық зиянның келтірілуінен бастап аяқталған деп санауға болады». Тұлғаның ұрланған мүлікті өз еркімен билік ету немесе пайдалану мүмкіндігінің жоқтығы аяқталған қылмыстың нышандар құрамы жоқ дегенді білдіреді. Субъектінің мұндай мүмкіндігінің бар-жоғы туралы мәселенің шешуі жасалған бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің нақты жағдайлары мен шарттарына байланысты. Осылайша, бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу көпшілігі материалдық нышандар құрамдарымен сипатталады. Ал, қарақшылық (ҚК 179 б.) пен алаяқтық (177 б.) келте, формальды құрамды түрде қарастырылған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы көрсеткендей, қарақшылық мүлікті тікелей иелену мақсатымен күштеу қолданған сәттен немесе оны қолдануға қорқыту сәтінен бастап, ал қорқытып алушылық – ҚК 181 б. аталған әрекеттерді жасауға қорқыту арқылы мүлікті тапсыру туралы талап етілген сәттен бастап аяқталған болып табылады.

Жоғарыда айтылғандай, бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің субъективті жағы тікелей қасақаналықпен және пайдакүнемдік мақсатпен сипатталады.

Бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің субъектісі заң белгілеген жасқа жеткен, жауап беруге қабілетті есі дұрыс тұлға болып табылады. Бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің кейбір түрлерінде бұл жас шамасы дифференциацияланады. ҚК 15 бабына сәйкес ұрлық, тонау, қарақшылық және қорқытып алушылық үшін 14 жасқа толғандар, ал бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің басқа түрлері үшін бөтеннің мүлкін иеленіп алу мен ысырап ету үшін (176 б.) 16 жасқа толған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Бөтеннің мүлкін талан-таражға салу сөзін қолданғандардың алғашқысы болып А.Н. Ағыбаев қылмыстық құқық іліміне енгізген болатын. Бірақ бұл көзқараспен келісу де қиындықты туғызады. Ал талан-тараж деген ұғымның өзі мүлікті иеленіп алу және ысырап ету деген меншікке қарсы қылмыстың бір түрі ретінде қарастырылған. Сонда қолданыстағы қылмыстық заңда әліге дейін ұрлау термині, талан- тараж нысандары ұғымдарын жинақтаушы ұғым ретінде қолданылып келеді. «Талан-тараж» және «ұрлау» ұғымдарын бір-бірінен ажыратып, талан-тараждың түрі ретінде ұрлауды қарастыру ұтымды емес. Талан-тараж бен ұрлау ұғымдары бір ойды білдіреді, мазмұны бойынша бірдей, сондықтан да біреуі екіншісіне бағынышты қатынаста бола алмайды.

«Хищение» терминін «мүлікті заңсыз өз меншігіне алу немесе айналымға түсу» деп аударған дұрыс деп жоғарыда атап кеттік. Меншікке алуан түрлі қастандық жасау болып табылады. Ол иеленуші мен айналадағылардан жасырын жасалуы, ашық күштеу нысаны түрінде, сырттай сыпайы түрде – қызмет бабын, қазіргі заманғы компьютерлік технологиялар мен құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылуы мүмкін. Бөтен мүлікті заңсыз алу әдісі әрбір нақты бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің қоғам үшін қауіптілік дәрежесіне едәуір әсер етеді.

Жауапкершілікті дифференциациялау қажеттігіне негізделіп, заң шығарушы бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің барлық болуы мүмкін жолдарын оларды жасағаны үшін Қылмыстық кодекс баптарындағы жауапкершілікті қарастыра отырып, әртүрлі формаларға бөледі. Теорияда мүлікті заңсыз алу әдісіне қарай бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсуді алты түрге бөледі: ұрлық (ҚК 175 б.); иеленіп алу мен ысырап ету (ҚК 176 б); алаяқтық (ҚК 177 б.); тонау (ҚК 178 б.); қарақшылық (ҚК 179 б.); ерекше құнды заттарды заңсыз айналымға түсіру (ҚК 180 б. ).

Аталған нысандардың барлығының құрамында жоғарыда айтылған ұқсас белгілер бар. Жоғарыда айтылғандай, олардың барлығы бір объектіге қастандық жасайды, бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу заты мүлік болып табылады. Олар пайдакүнемдік мақсатпен жасалады. Алайда бұлардың формалары, ең алдымен, қастандықтың объективті жағын сипаттайтын белгілері әртүрлі. Дегенмен де, меншікке қарсы қылмыстардың кейбір нысандарының нышандар құрамын анықтау кезінде заң шығарушы осы формаға тән басқа да белгілерді енгізеді (мысалы, (181 бап) қорқытып алушылық кезінде қылмыс заты болып: мүлік, мүлікке құқық немесе қорқытушының пайдасына жәбірленушінің мүліктік сипаттағы басқа да іс- әрекеттері жатады.).

Ұрлық. ҚК-тің 175 бабының 1 бөлігіне сәйкес, ұрлық деп мүлікті жасырын алуды айтады. Бұл бірінші топтағы объективті жағы мүліктің жасырын, яғни иеленушіге (иесіне) және басқа да адамдарға байқатпай алынатынын білдіреді. Жасырындылығын анықтау кезінде субъективті те, объективті де критерийлерді ескеру қажет. Мына жағдайларда мүлік жасырын алынған болып саналады: біріншіден, жәбірленуші немесе өзге адамдар жоқ болған кезде және кінәлі осы жағдайды білген болса; екіншіден, аталған тұлғалар бар болғанымен, мүлік оларға байқатпай алынған болса; үшіншіден, мүлік айыптының әрекеттерінің құқыққа қайшы екендігін білетін жоғарыда аталған адамдардың көзінше алынса және айыпты әрекетті байқатпай жасап отырмын деп қателессе; төртіншіден, мүлік айыптыға қарсыласуға, оны әшкерелеуге ынтасы жоқ басқа адамдардың көзінше алынып, айыпты осыны түсініп отырған болса.

Ұрлық мүлікті иеленген оны билік ету мүмкіндігін алған сәттен бастап аяқталған қылмыс болып саналады.

Ұрлықтың субъектісі жасы 14-ке толған есі дұрыс тұлғаның меншігіне мүлікті алуы.

Сеніп тапсырылған мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету. ҚК 176 бабында мазмұны ұқсас екі форма үшін жауапкершілік белгіленген: иелену және ысырап ету.

Жоғарғы Сот Пленумы өзінің 2001 ж. 21 желтоқсанындағы Қаулысында көрсеткендей, иелену бұл айыптының өзіне сеніп тапсырылған мүлікті өз пайдасына немесе жақын адамдарының пайдасына айналдыруы. Бұл мүліктің айыптының құқыққа қайшы келмейтін иелігінде болып отырғанын білдіреді. Айыпты осы жағдайда пайдаланып оны қалған сеніп тапсырылған мүліктен бөліп алып ұстап қалады.

Жоғарғы Сот Пленумы жоғарыда аталған Қаулысында көрсеткендей, ысырап ету бұл айыптының өзіне сеніп тапсырылған мүлкін бөліп алуы немесе айыптының, я болмаса оның жақын адамының оны пайдалануы болып табылады.

Қарастырылып отырған формалар өзара тығыз байланысты. Көбінесе иелену ысырап етуден бұрын орын алатын кезең болып табылады. Алайда бұл иеленудің өз мағынасы жоқ деген сөз емес. Екі жағдайда да мүлікті айыпты алып, өз пайдасына немесе жақын адамдарының пайдасына айналдырады. Екі форманың да нышандар құрамы материалдық болып келеді. Олар сеніп тапсырылған мүліктің бір бөлігін оқшаулау немесе барлығын алу және иеленушіге (иеленушіге) нақты зиян келтіру сәтінен бастап аяқталған болып саналады.

ҚК-тің 177 бабының 1 бөлігіне сәйкес, алаяқтық алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы мүлікті иелену немесе мүлікке құқықты сатып алу болып табылады.

Бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің осы нысаны бойынша қылмыстық қастандықтың заты мүлік және мүлікке құқық болып саналады.

Объективті жағынан алаяқтық былай сипатталады: алданған иеленуші немесе мүліктің иесі қылмыс затын өз еркімен айыптыға береді.

Иеленушіні (иеленушіні) алдау әдісі ретінде алдаудың екі нысаны бар: белсенді форма, яғни айыптының берген жалған деректерінің әсерінен жәбірленуші мүлікті (мүлікке құқықты) айыптыға береді; пассивті форма, яғни айыпты белгілі-бір деректер мен жағдайларды әдейі жасырғандықтан, жәбірленуші мүлкін өз еркімен береді. Сенімін теріс пайдалану мүлікті алу әдістерінің бірі болып табылады және ол айыптының жәбірленушімен қалыптасқан сенімді қатынастарын пайдаланып, оның мүлікті немесе мүлікке құқығын беруіне итеретінін білдіреді.

Бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің басқа кез-келген нысаны сияқты, субъективті жағынан алаяқтық тікелей ниетпен және пайдакүнемдік мақсатпен сипатталады. Алайда бұл жағдайда мүлікті алғанға дейін айыптының мойнына алған міндеттемелерін орындауға ұмтылмай, оны иелену ниетінің болғанын анықтау қажет.

Тонау. ҚК-тің 178 бабының 1 бөлігінде тонау мүлікті ашық түрде өз меншігіне деп анықталған. Ашық түрде тонау айыптының мүлікті жәбірленушіден немесе өзге адамдардан жасырмай иеленуін білдіреді. Қылмыстың ашықтығын анықтау кезінде субъективті де, объективті де критерийлерді ескеру қажет. Мына жағдайлар тонау болып табылады: біріншіден, мүлік айыптының әрекеттерінің құқыққа қайшы екендігін білетін жоғарыда аталған адамдардың көзінше ұрланса, және айыпты осы жағдайды біліп отырса; екіншіден, ұрлық айыптының әрекеттерінің құқыққа қайшы екендігін білмей отырған иеленушінің немесе өзге адамдардың көзінше жасалып отырса, бірақ айыпты мүлікті ашық түрде алып отырмын деп қателессе; үшіншіден, мүлік айыптыға қарсыласуға, оны әшкерелеуге ниеті жоқ өзге адамдардың көзінше алынып отырса, бірақ айыпты көріп отырған адамдардың мүлікті алуына кедергі болғысы келмей отырғанын білмесе. Тонау кінәлінің билік етуге мүмкіндігі бар болған жағдайда оны иелену сәтінен бастап аяқталған болып табылады.

Ұрлық ретінде басталған әрекет кейіннен мүлік ашық түрде алынып немесе ұсталып отырса, тонауға айналып кетуі мүмкін.

ҚК-тің 178 бабының 1 бөлігінде тонау кейде күштеусіз жасалады. Алайда ҚК-тің 178 бабының 2 бөлігіндегі қылмыстық заң жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолданумен немесе осындай күштеуді қолдану туралы қорқыту арқылы тонау жауапкершілікті қарастырған. Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күштеу деп салдары денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе еңбекке қабілеттіліктен аз уақытқа айырылуына алып келген ұрып-соғуды, басқа күштеу түрлерін қолдануды немесе денесіне жарақат тигізуді айтады.

Қарақшылық. ҚК-тің 179 бабының 1 бөлігінде тонауға мүлікті тікелей иелену мақсатымен жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті күштеуді қолдану немесе осындай күштеуді қаупінің төнуі деген анықтама берілген. Осы анықтама бойынша, объективті жағынан қарақшылық мүлікті тікелей жәбірленушінің еркіне қарсы алуға бағытталған күштеудің қолданылуын немесе осындай күштеу қорқыту қаупінің білдіреді. Құрылымы бойынша қарақшылықтың құрамы ықшамдалған (формалды) болып табылады. Физикалық немесе психикалық күштеу тікелей жәбірленуші тарапынан мүліктің алынуына болуы ықтимал қарсыласуын басуға бағытталған жағдайда, күштеу қолданылған немесе күштеу мен қорқыту сәттен бастап қарақшылық құрамы аяқталған болып саналады.

Кінәлі шын мәнінде күштеуді қолданған немесе жәбірленушінің өміріне я денсаулығына қауіпті күштеуді қолдану туралы қорқытқан жағдайда қарақшылық құрамы орындалған болып табылады. Осындай күштеу қатарына мыналар жатады: салдары денсаулықтың қысқа уақытқа бұзылуына немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылуына алып келген жеңіл жарақаттан бастап ауыр жарақатқа немесе өлімге әкеп соққан болса. 179 баптың 3-тармағы бойынша күштеу немесе қорқыту иеленушіге (иесіне) қолданылған жағдайда да, олар мүліктің алынуына немесе ұсталуына қарсыласа алатын кез-келген тұлғаға қолданылған жағдайда да қарақшылық орын алған болып табылады.

Қарақшылық екі объектілі күрделі қос объектілі қылмыстар қатарына жатады. Онда бөтен меншікке ғана емес, жәбірленушінің өз басына қастандық жасалады. Шабуылға ұшыраған адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті күш қолданылады.

«Шабуыл» термині жәбірленушіге кенеттен, ойламаған жерден физикалық қысым жасаумен байланысты. Шабуыл кенеттен болғандықтан жәбірленуші өз мүмкіндігінше тойтарыс беру қабілетін жоғалтады немесе үшінші адамның көмегіне жүгіне алмайды, себебі күш көрсету әрекеті табан асты туындайды. Қарақшылықта зорлық пен мүлікті иемдену бір уақытта жүзеге асырылады. Күш қолданусыз шабуыл жасау мүмкін емес.

Адамның дене құрылысына және физиологиялық жағдайына тіптен әсер етпейтін немесе шамалы ғана әсер ететін қалыпты қызметін бұзбайтын әсері күшті және есеңгірететін заттарды ағзаға еңгізу, ол заттардың денсаулыққа және өмірге қаншалықты қауіпті екендігіне байланысты, тонау немесе қарақшылық ретінде сараланады.

Қарақшылық кезіндегі шабуылды кең мағынада түсіну керек. Ол жәбірленушінің жеке басына кез келген нысанда күш көрсетіп әсер етумен сипатталады, нәтижесінде оның өміріне немесе денсаулығына қауіп туады.

Зорлықтың жалпы мазмұны қайсыбір адамға заңға қарсы қандай да бір күш қолдануда жатыр. Дене бітіміне зорлық дегеніміз – жәбірленушінің ағзасына, сыртқы және ішкі органдарына, оның еркімен санаспай, механикалық құралдармен, сондай-ақ химиялық және электр құралдарымен де жасалған әртүрлі қоғамға қауіпті заңсыз әсер. Зорлық өмірге қауіпті ме, жоқ па анықтау үшін сот істің барлық мән-жайын ескеруге тиіс: қылмыс жасау құралын, көрсетілген зорлықтың сипатын, жәбірленушінің жанды жерінің жарақаттаған, алған жарақатына жәбіленушінің психикалық көзқарасын, сот-медициналық сараптаудың қорытындысын және тағы басқаларды. Бұл аталған мән-жайларды сот зорлықшының өмірге қауіптігін анықтау кезінде де ескеруге тиіс.

1988 жылғы 1 шілдедегі Денсаулыққа зиянның ауырлығын сот-медициналық тұрғыдан бағалаудың Ережесіне сәйкес салған кезде тікелей өмірге қауіп төндіретін дене жарақаты да, патологиялық жағдай да өмір үшін қауіпті деп танылады. Оған мидың, жүректің жарақат алуы, ірі қантамырларының көп қан кетуі, тағы басқа жатады. Өмір үшін қауіпті деп, сонымен қатар, өмір және денсаулық үшін маңызды болып табылатын органдар мен орталықтардың бүлінуі де саналады, атап айтқанда, бас сүйекке, төске және қарынға, жұлынға өткен жарақаттар, жеңіл болса да ішкі органдардың бүлінуі, өмірге қауіп төнетін жағдайға әкеп соғатын жарақаттар (клиникалық естен тану, коллаж, қан жоғалту, май эмболиясы). Жарақаттың қауіптілігін бағалағанда адамның емделгеннен кейінгі жағдайы емес, жарақат алған кездегі жағдайы ескеріледі.

Қарақшылық кезінде, көп жағдайда, денсаулыққа нақты қауіптілік төнеді. Бұл мән-жай едәуір мөлшерде зорлықтың жасалуы тәсілімен анықталады. Мүлікті қылмыскердің иеленген-иеленбегендігіне қарамастан, жәбірленушінің өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті зорлыққа ұласқан шабуыл жасаған кезеңнен бастап қылмыс аяқталған болып саналады.

Ерекше құнды заттарды заңсыз айналымға түсіру. ҚК 180 бабы ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени жағынан құнды заттар мен құжаттарды заңсыз айналымға түсіру, заңсыз айналымға түсу тәсіліне қарамастан қылмыс құрамын құрайды. Аталған қылмыстың объективтік жағын ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени жағынан құнды заттар мен құжаттарды заңсыз айналымға түсуі, заңсыз айналымға түсудің тәсіліне (ашық, күш қолдану арқылы, алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы) қарамастан құрайды, субъективтік жағын тікелей қасақаналық және пайдакүнемдік мақсат құрайды. Бұл қылмыстың субъектісі, егер осы қылмыс құрамын ұрлық, тонау немесе қарақшылық арқылы жасаған болса, 14-ке толған, ал мүлікті заңсыз айналымға түсудің басқа нысандарымен жасалса, 16 жасқа толған азаматтар танылады.

Ұрлықтың ауырлататын белгілері ретінде заң мыналарды таниды:

а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;

б) бірнеше рет;

в) тұрғын, қызметтік, өндірістік үй-жайға, не қоймаға заңсыз кіруді.

Сеніп тапсырылған мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, алаяқтық, тонау, қарақшылықтың, ерекше құнды заттарды заңсыз айналымға түсірудің ауырлататын белгілері ретінде:

1) ұйымдасқан топ жасаған болса (175 б. 3 б., 176 б. 3 б., 177 б. 3 б., 178 б.3б., 179б.3б., 180 б.2б.);

2) ірі мөлшерде (175 б. 3 б., 176 б. 3 б., 177 б. 3 б., 178 б.3б., 179б.3б.);

3) қызмет бабын пайдаланған әрекеттер (176 б.2б.в.т., 177 б. 3 б. 2б.в.т.);

4) мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адам, не оған теңестірілген адам жасаған, егер оларды өзінің қызмет бабын пайдаланумен қатар жасаса (176 б. 3 б. г.т., 177 б. 3 б.г.т.).

Осы тарауда бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсумен байланысты мәселелерге жасалған талдау белгілі-бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Кез-келген формадағы бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу бөтен мүлікті заңсыз, өтеусіз алуды және оны айыптының немесе оның жақын адамдарының пайдасына айналдыруды білдіретін пайдақорлық қылмыс болып табылады.

Қолданыстағы заңнамада бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу тек қана пайдакүнемдік мақсатпен жасалуы мүмкін деп шешілген. Сондықтан заң әдебиеттерінде кездесетін пайдакүнемдік мақсат бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің міндетті белгісі емес деген пайымдаулар пайдасыз болып табылады. Қылмыстық құқыққа сәйкес, пайдакүнемдік мақсат – бұл айыптының өзі немесе жақын адамдары үшін материалдық пайда табуға ұмтылуы. Сондықтан заң әдебиеттерінде кездесетін мүлік кез-келген өзге адамдардың пайдасына ұрлануы мүмкін деген пайымдаулар заңға қайшы болып келеді.

2008 жылы қабылданған заңдар бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу үшін қылмыстық жауапкершілік аясын ықшамдады. Қазақстан Республикасының 2008 ж. 17 шілдесіндегі Заңы мүлікті қайтадан ұсақ бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсуді қылмыстар қатарынан шегеріп тастады. Ұсақ бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу үшін жауапкершілік әкімшілік құқықтың әрекет ету аясына толықтай және бүтіндей жатқызылған. Сонымен бірге, заң шығарушылар бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің формаларын ғана емес, бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу ұсақ болып танылмайтын мүлікті алудың ерекше әдістерін де белгілеп, ұсақ бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсудің критерийлерін анық көрсеткен.

Қылмыстық құқық теориясы тұрғысынан заң шығарушылардың қорқытып алушылықты бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу нысандарына жатқызу туралы шешімі дау туғызбауы мүмкін емес. Өз мазмұны бойынша ол көпшілік мақұлдаған бөтеннің мүлкін заңсыз айналымға түсу ұғымынан өзгеше, сондықтан да оны меншікке қарсы пайдакүнемдік қылмыстарға жатқызған жөн.

Бақылау сұрақтары

1.Ұрлықтың қылмыстық құрамын талдаңыз?

2. Тонаудың құрамында ұрлықтан қандай айырмашылық бар?

3. Алаяқтықтың объективтік белгілерін атаңыз?

4. Қарақшылықтың субъективтік белгісінің ерекшелігін атаңыз?

5. Ерекше құнды заттарды ұрлаудың құрамын талдаңыз?

Әдебиеттер:

1. Жижиленко А.А. Имущественные преступления. – Л., 1925. – 12 с.

2. Уголовное право. Особенная часть. М., 1939. – 2573 с.

3. Матышевский П.С. Ответственность за преступления против социалистической собственности. – Киев, 1983. – 20 с.

4. Пинаев А.А. Уголовно-правовая борьба с хищениями. – Харьков, 1975. – 13 с.

5. Курс уголовного права под редакцией Г.Н. Борзенкова и В.С. Комиссарова. – М., 2002. – Т.3. – 388-389 с.

6. Қазақстан Республикасының Жоғары Сотының “Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірбиесі туралы” 2001 жылғы 21 желтоқсандағы шілдедегі № 15 нормативтік Қаулысы.

7. Ағыбаев А.Н. Қылмыстық құқық. Ерекше бөлім: Оқулық. Алматы: Жеті жарғы, 2003. – 560 б.

Меншікке қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық

Подняться наверх